Қандай да болмасын халықтың ұлттық рухын сақтауда ұлы тұлғалары қорған болып келген жəне де бола бермек. Халықымызды отарлаудан кейінгі ұлтсыздандыру саясаты, ұлттық əдебиеттің тамырына балта шабу арқылы да көрініс тапты. Қылышынан қан тамған қызыл өкіметтің абсурдтық идеялары, бабалар мұрасы мен заңды мұрагерлерінің табысуына өз кесірін тигізбей қоймады. Алаштың маңдайалды марқасқа ұлдары, қанқұйлы өкіметтің қасабына ұшырамағанда, тек ұлттық əдебиеттану ғылымы ғана емес, барша қазақ ғылым-білімі ертерек қолға алынып ерекше екшелері сөзсіз еді.
Алаш арыстарының пешенесіне жазылмаған миссияны олардың рухтас ізбасарлары бастады.
Сеңнің қозғалуына «жылымық жылдарының» əсері мол болғаны белгілі.
ХХ ғасырдың 60-жылдарында отандық ғалымдардың алдында жауапкершілігі мол үлкен міндет тұрды. Ол — ұлы ғұлама ғалым Əбунасыр əл-Фарабидің өмір тарихын, ғылымның сан-саласына арнаған баға жетпес еңбектерін тауып, зерттеп, жан-жақты саралап, насихаттап сол арқылы ұлттық əдебиеттануда үлкен бетбұрыс жасау болатын.
Тоталитарлық жүйе қысымындағы қазақ əдебиеттануының ғылыми-зерттеушілік өрісінің маркстік-лениндік əдіснама күштеп таңған қалыпты шеңбер аясынан шығып, тың бағытқа бет бұруындағы күрделі белес — жылымық кезең деп аталған 1956–1967 жылдар аралығы [1, 9]. Осы тұсқа дейін қыспақ пен қиянат атаулының бəрін басынан кешірген ұлттық əдебиеттану ғылымы жылымық кезеңінде жіті қимылдап, ұлттық құндылықтарды ұлықтау ісіне бел шеше кірісті.
Адамзат өркениетіндегі қазақ руханиятының биік тұғырын айқындау мен бекітудегі 1960 жылдар басындағы фарабитануда жасалған игі қадам жаңа өреге көтеріле түсті [1, 155].
Ұлттық əдебиеттану ғылымындағы фарабитану ілімінің негізін қалаушылардың көшбасында ғұлама ғалым Ақжан Машанидың тұрары даусыз. Ұлы ұстаздың өмірі мен шығармашылығын зерттеуде Ақжан Машани табандылық танытып, осы ұлағатты іске қырық жыл ғұмырын арнады. А.Машани əл-Фараби есімін алғаш рет 1943 жылы Чехия Ғылым академиясының президенті, соғыс жылдары Алматыға ығысып келген Шығыс ғылыми мұрасын зерттеуші, білікті ғалым Э.Кольманнан естиді. Ол «Орта ғасыр ғылымы туралы» баяндамасында, Еуропа ғылымы Орта ғасырдағы шығыс, араб елдерінен бастау алғанын айта келіп, əл-Бируни, əл-Хорезми, Насыреддин-Туси, Ұлықбектерді ауызға алғанда, олардан бұрынғы осынау ұлылар ұстаз тұтатын əл-Фараби есімін ерекше атаған-ды.
Бұл жағдай Ақжан Машаниді елең еткізді. Орта Азия ғұламалары қатарында кезіктірмеген соны есім ғой бұл. Рас, бұл есімді естігені бар-ды. Мағжанның «Түркістан» поэмасында:
Түркінің кім білмейді мол мұрасын,
Фараби тоғыз шекті домбрасын, — деп келетін сиқырлы жолдары бар-тын. «Фараб — Отырар шаһарының ежелгі атауы. Демек Əбу Насыр əл-Фарабидің қазақ халқының перзенті болуы əбден мүмкін. Осы ой А.Машаниді ұлы жаңалықтарға жетеледі. Əл-Фараби еңбектерін алыс-жақын шетелдерден іздеп ғұламаның көптеген мұраларына қол жеткізді.
«Ташкенттен ештеңе таппаған ғалым Азия жəне Мұсылман қауымдастығының бас мүфтиі, араб тіліне жетік Зиалиддин Бабаханның айтуымен Уфа, Қазан медресе-мешіттерінен баба еңбектерін іздейді. Ғалия медресесінен əл-Фарабидің үш кітабын бірден табады», — дейді профессор Ш.Əбдіраман.
Сөйтіп, Машанидің қолында 1958–1961 жылдары əл-Фарабидің оншақты шығармасы жəне оның еңбегін зерттеушілердің дүниелері болып еді. Осы орайда Ақжан Машанидің сол кездегі Қазақ ССР Ғылым академиясының президенті, академик Қ.Сəтбаевқа жазған анықтама-өтініші де əл-Фараби мұрасын зерттеу кезеңінен мағлұмат беретін қызықты тарихи құнды құжат. Хат мазмұны мынадай:
«Отырар — Фараб (Түркістан мен Арыс) қаласында руы қыпшақ түркі отбасында дүниеге келген ұлы ғалым əл-Фарабидің қазақ тумасы екені өзіңізге мəлім.
Əл Фарабидің математика, астрономия, география, геология, философия, медицина, музыка тəрізді ғылым мен өнер салаларына арнаған еңбектері жүзден асады.
Бірақ, өкінішке қарай, КСРО-дан оның бірде-бір еңбегін таба алмадық. Көптен бергі ізденістеріміздің барысында біз жуырда кітапханааралық абоненті бойынша Лейденнен (Голландия) үш кітап алдық. Оның ішіндегі екеуі араб тіліндегі əл-Фарабидің өз еңбегі:
- )«Рисала фисус аль-Хаким» («Ғылым маржаны»);
- )«Рисала... аль-Мадина... аль Фабила» («Қала үлгісі»).
Осы кітаптар (1890–1895) профессор Джетерецтің неміс тіліндегі алғы сөзімен шыққан.
Ал үшіншісі — профессор Брунеллдің неміс тіліндегі екі жүз беттік «Əл-Фараби бойынша мемлекетті басқару» (1904) кітабы. Осы үш кітаптың да ғылыми мəні өте жоғары. Сондықтан оларды фотосуретке жəне микрофильмге түсірдік жəне оларды қазақ, орыс тіліне аудару қажет. Сізден осы жұмысты кітапхана арқылы қаржыландыруға нұсқау беруіңізді өтінеміз.
ҚазССР ҒА корр. мүшесі А.Ж.Машанов
ҚазССР ҒА ОҒК директоры Н.Б.Ахметова
15 ХI. 1961 ж.» [2, 21].
Айта кетерлігі, Қ.И.Сəтбаев өтініш түскен күні «Келісемін, жүзеге асырылсын!» деп бұрыштама соғап берген екен. Сонымен қатар Қазақстанда фарабитанудың өркендеп-өрістеуіне ұлт көсемі Д.А.Қонаев пен академик Б.Г.Ғафуров оң ықпал етіп, үлкен қамқорлық танытты.
1961 жылғы Ұлттық ғылым академиясының хабаршысы № 5 санындағы мəліметіне сүйенсек, аталмыш уақытта əл-Фараби хақында ауыз толтырып айтарлық дүниелердің əлі жарыққа шыға қоймағандығына көз жеткіземіз.
«Фарабидің ізімен іс қылған Əбу Əли Сина, əл-Бируни сияқты ғалымдардың еңбегі көптеген том болып шығып отыр. Олар туралы өзбек, тəжік ғалымдары көптеген еңбектер жазды. Фараби жөнінде ондай ешнəрсе жоқ.
Екінші жағынан, Фарабидің туған жері Отырар қаласы Шыңғыстың жорығында қиратылған болса, əлі сол қалпында жатыр. Үстіміздегі жылдан бастап қазба жұмыстарын жүргізу, ескі мұраны зерттеу істері басталмақ. Үшіншіден, дүние жүзіне аты əйгілі ғалым Фарабидің мұрасын зерттеу біздің зор міндетіміз. Енді бірнеше жылдан кейін ұлы ұстаздың туғанына 1100 жыл толады. Соған қарсы осы істер жедел қолға алынғаны жөн» [2, 25].
Бұл кезеңде шығыс философтары «Ал муаллим ас-сани» — екінші ұстаз деп атаған Əбу Насыр əл-Фараби сынды ғұламаның жүріп өткен жолдары мен соңына қалдырған мол мұрасы қызу зерттелу үстінде болатын.
Қазақстанда фарабитанудың өркендеп өрістеуіне ұлт көсемі Д.А.Қонаев пен академик Б.Г.Ғафуров оң ықпал етіп, үлкен қамқорлық танытты.
Бұл тұса түркі дүниесінің құндылықтарын меншіктеп, иеленіп алудан алдына жан салмайтын өзбек ағайындар, Фарабиге келгенде де үнсіз қалмады. Ол əңгімені Машани əл-Бирунидің 1000 жылдық мерейтойы кезінде естиді. «Ақжан-ака, əл-Фараби заманында қазақ-өзбек еншісі бөлінбеген ел еді ғой, енді оны қазақ тумасы деп бөле тартпай-ақ, өзбек халқына да ортақтастыра бермейміз бе?» — дегендерге Машанов: «Түркі тумаларын бөліп жару қазақтан басталған жоқ-тын. Науаи, əл- Бируни, əл-Хорезми туған кездерде де қазақ-өзбек еншісі ортақ емес пе еді? Қазақ жері Отырарда туған əл-Фарабиді ортақ еткілеріңіз келсе, онда өздеріңіз жеріне қарай еншілеп алған өзге даналарды да ортақтастырайық», — деп сұңғылалық танытады.
Қазақ КСР Ғылым академиясының жанынан 1968 жылы құрылған фарабитану тобы атқарған кемел істер арнасы ұлы ғалымның 1100 жылдығының қарсаңында мейлінше өрістеді. Қазақ ғалымдары ұлы ойшылдың мұрасын насихаттау, зерттеу ісінде мейлінше қажыр-қайрат, парасат танытты. Мəселен, 1969 жылы Сирия-Ливан сапарын жасаған А.Машанов Дамаскідегі Баб ас-Сағир зиратында жерленген ұлы ғұламаның зиратын тауып, сан ұрпақтың өтелмеген парызын орындап қайтты [3].
А.Көбесовтың «Біздің ұлы жерлесіміз — Əбу Насыр əл-Фараби», «Орта ғасырдағы қазақ ғалымдары» мақалаларында, Б.Ысқақовтың құрастыруындағы «Орта Азия мен Қазақстанның ұлы ғалымдары (ІХ–ХІХ ғасырлар)» (1964) жинаққа енген зерттеулерде де көне түркі рухани жəдігерліктеріне қазақ əдебиетінің тікелей сабақтастығы зерделенді. Мəселен, аталған жинақтағы ғылыми-танымдық мақалаларда Орта Азия мен Қазақстанның ІХ–ХІХ ғасырлардағы əлемдік деңгейдегі ғұламаларының адамзат ғылым-білімін жаңа биікке көтерудегі тарихи қызметі қарастырылды. Атап айтқанда, жоғарыда келтірілген əл-Фарабиге қатысты А.Машановтың, сонымен қатар Мұхаммед Хайдар Дулати туралы Ə.Марғұланның, Қадырғали Жалайыри жайлы Қ.Жүнісбаевтың құнды деректерге толы мақалалары ұлтымыздың рухани əлемінде өшпес із қалдырған тарихи тұлғаларға қатысты жаңа беттерді ашты.
Қазақ ғалымдары ұлы ойшылдың мұрасын насихаттау, зерттеу ісінде мейлінше қажыр-қайрат, парасат танытты. Мəселен, А.Көбесов «Фарабидің қазақ жерінде туып, өмір сүрген ғалым екенін қатты ескеруге тиістіміз. Оның ғылым мен өнерде көтерілген биігі, асқан ойшылдығы, қазақ халқының ертедегі рухани күші мен қабілетінің жалт еткен көрінісі деп орынды мақтаныш етеміз» деген сындарлы пікір білдірген еді.
Фарабитанудағы күрделі еңбектерде ғалымның сан алуан тақырыптардағы мұрасы кеңінен қамтылып, қазақ руханиятымен тығыз бірлікте зерделенеді. Мəселен, А.Машановтың тарихи деректі еңбегінде ғұлама мұрасы, өміріне қатысты тың деректер берілсе, А.Көбесов зерттеуінде даңқты бабамыздың сан-салалы ғылыми ілімі Пифагор, Аристотель, Эвклид, Птоломей, əл-Кинди, Бэкон, өзге де ұлы тұлғалардың еңбектерімен байланыста талданып, əлемдік деңгейдегі маңызы қарастырылды.
Қазақ руханиятының адамзат өркениетіндегі өзіндік тұғырын танытатын фарабитану А.Көбесовтың «Фараби жəне фарабитану жайлы сөз» («Қ.Ə». — 1968. — 25 мамыр), «Фарабидің энциклопедиясы» («Білім жəне еңбек». — 1969. — № 5), «Фараби — көрнекті педагог» («Қазақстан мектебі». — 1970. — № 11), «Фараби мұраларының көздері» («Қ.Ə». — 1972. — 7 сəуір), «Фараби- Диуани-Абай», («Қ.Ə». — 1973. — 6 шілде) Ə.Қоңыратбаевтың «Əбу Насыр əл-Фараби» («Ленин жолы». — 1970. — 16 маус.), «Фараби философиясы туралы бірер сөз» («Лениншіл жас». — 1970. — 23 қырқ.), «Фараби жəне Орта Азия мəдениеті» («Ленин жолы». — 1973. — 22 ақп.), Н.Өсеровтің «Ұлы ғалым мұрасы хақында» («Қ.Ə». — 1970. — 18 қырқ., М.Жұмахановтың «Əл-Фарабидің қолжазбасы» («Қ.Ə». — 1971. — 20 тамыз), Қ.Аманкелдиевтің «Мол мұра» («Қ.Ə». — 1971. — 19 қырқ.), Н.Төреқұловтың «Мол мұраны игерсек» («Қ.Ə». — 1972. — 4 тамыз), «Ғұлама поэтикасы» («Жұлдыз». — 1975. — № 9), А.Машановтың «Екінші Аристотель» («Жұлдыз». — 1973. — № 9), М.Мырзахметовтың «Ғасырлардан ғасырларға даңқы ұласқан ақыл-ой алыптары» («Қ.Ə». — 1973. — 7 қырқ.), Қ.Жарықбаевтың «Əл-Фараби — шығыс психологиясының негізін салушы» («Жұлдыз». — 1973. — № 9), Ə.Жиреншиннің «Фараб ғұламалары» («Қ.Ə». —1974. — 2 тамыз), Р.Бердібаевтың «Ұлы ойшыл туған жерде» («Қ.Ə». — 1975. — 5 қырқ.), А.Нүсіпбековтің «Ғұламаның туған жерге оралуы» мақалаларымен іргесін бекіте түссе, оған Одақ ғалымдарынан Б.Ғафуров «Қымбат мұра», И.Брагинский «Əл-Фарабидің əлеуметтік утопиясы» мақалаларымен ат салысты. Ал қазақтың тұңғыш Ұлттық энциклопедиясының I-томында (1971) ғұлама өмірі, сан салалы ғылыми мұрасы алғаш жүйелі қамтылса, əл-Фарабидің «Музыканың ұлы кітабы» А.Көбесов («Лениншіл жас». — 1970. — № 147–151), 1944 жылы Бейрутта шыққан араб əдебиетшісі, ғалымы Махмуд Аббастың еңбегінде келтірілген Фараби өлеңдері тұңғыш рет ана тілімізде А.Нысаналин аудармасымен берілді («Қ.Ə». — 1971. — 7 мамыр). Баба мұрасы қазақ тілінде былай сөйлейді:
Қашықтасың туған жер-қалың елім,
Небір жүйрік болдырып жарау деген,
Шаршадым мен, қанатым талды менің,
Шаңғыт жолға сарылып қарауменен.
Кері оралмай жылдарым жатыр ағып,
Қасіреттің жасына көз жуынар.
О, жаратқан, көп неткен ақымағың,
Құм сықылды тез ысып, тез суынар.
Зиялы аз бір тұтам тіршілікте,
Əкімдікке күллісі жүгіреді.
Көкірекпен сезініп, күрсініп көп,
Жаным менің түршігіп, түңіледі.
.Ə.Дербісəлі фарабитанушылар тарапынан жоғалған деп жорамалданған ғұламаның «Өлең өнерінің қағидалары туралы трактатын» жариялады («Лениншіл жас». — 1973. — 20 маус.).
Алматыда Қазақ КСР Ғылым академиясы ғалымдары мен Азия-Африка елдері жазушыларының V конференциясына қатысушылардың мəжілісі (1973. — 9 қырк.) əл-Фарабиді еске түсіруге арналды. Онда академик Б.Ғафуров «Əл-Фараби дəуіріндегі Қазақстан мен Орта Азия халықтары» тақырыбындағы баяндамасында философтың көптеген шығармалары тұңғыш рет Қазақстанда аударылып, қазіргі уақытта Алматы Фарабитанудың басты орталығына айналғанын айрықша атап («Қ.Ə». — 1973. — 14 қырқ.), қазақ ғалымдарының фарабитанудағы еңбектерін жоғары бағалады. Шындығында əл-Фарабидің қазақ, орыс тілдерінде «Математические трактаты», «Философские трактаты», «Логические трактаты», «Əлеуметтік-этникалық трактаттары» (1972–1975) жарық көруі ұлы ойшыл мұрасын барынша рухани өмірге сіңірудегі тың серпін берсе, 1975 жылы 11–13 қыркүйек аралығында Алматыда ЮНЕСКО көлемінде «Əл-Фараби жəне Шығыс елдері ғылымы мен мəдениетінің дамуы» тақырыбында ғылыми конференция өткізілді. Соның барысында дүние жүзі ғалымдары «əл-Фарабидің мұрагері шын мағынасында қазақ халқы екенін білді» (А.Машани).
Ұлы тұлғаның адамзат өркениеті мен ұлт руханиятында алатын орны А.Машановтың «Əл- Фараби» (1970), А.Көбесовтың «Əл-Фараби» (1971), Х.Сүйіншəлиевтің «Əл-Фараби — əдебиетші» (1975), Н.Төреқұловтың «Əл-Фарабидің əдеби мұрасы» (1975), М.Бурабаевтың «Аль-Фараби и разные науки и культуры стран Востока» (1975), А.Қасымжановтың Б.Ғафуровпен бірігіп жазған«Аль-Фараби в истории культуры» (1975), С.Сатыбекованың «Гуманизм Аль-Фараби» (1975),А.Таукелееев, Ғ.Сапарғалиевтің «Государственно-правовые взгляды Аль-Фараби» (1976),Қ.Жарықбаевтың «Əл-Фараби. Библиографиялық көрсеткіш» (1977), Ə.Дербісəлінің «Əл-Фарабидің эстетикасы» (1980), А.Қасымжановтың «Абу Насыр аль-Фараби» (1982) еңбектері арқылы терең зерттеліп, Қазақстандағы соны ілімнің ғылыми негізін бекітті. Ж.Əбділдиннің редакциясымен «Əл- Фарабидің əлеуметтік, этикалық жəне эстетикалық көзқарасы» (1984) атты зерттеулер жинағы шықты.
Қ.Жарықбаевтың отандық фарабитанудағы тұңғыш библиографиялық еңбегінде ғұлама ғалым туралы 1885–1977 жылдар аралығында КСРО, яғни Қазақстанда, жарияланған жеті жүзге жуық, соның ішінде қазақ тіліндегі үш жүзден астам еңбек қамтылды. Ə.Дербісəлінің «Шыңырау бұлақтар» атты еңбегінде араб, парсы жəне түркі əдебиеттерінің көне дəстүрлі əдеби байланысының рухани, мəдени арналары тың деректер негізінде алғаш рет жүйелі зерттеу нысанына айналды. «Бұл кітап өзінің тақырыбы, көтерген мəселелері, көрсеткен деректерімен де ерекшеленетін туған əдебиетіміз бен мəдениетіміздің тарихында мүлде жаңа өріс, жаңа бағыт ашқан еңбек» деп бағалаған Ə.Марғұлан пікірі тұрғысынан келгенде, еңбектің жаңашылдық қыры айқын танылады. Бұл ретте араб əдебиетінің қайнар бастауы іспеттес бəдəуилер поэзиясымен қазақ шайырларының кейбір ортақ сипатының шығармашылық жаңғырықтарын қарастыру осы тақырыптарды барлау десек, əл-Фараби өміріне қатысты дерек көздері де соны ғылыми тұжырымдарымен құнды.
Фарабитанудағы күрделі еңбектерде ұлы ғалымның сан-салалы мұрасы қамтылып, қазақ руханиятымен тығыз бірлікте зерделенді. Мəселен, А.Машановтың тарихи деректі еңбегінде ұлы ғалым мұрасы, өміріне қатысты тың деректер берілсе, А.Көбесов зерттеуінде даңқты бабамыздың сан-салалы ғылыми ілімі Пифагор, Аристотель, Евклид, Птолемей, əл-Кинди, Бэкон өзге де ұлы тұлғалардың еңбектерімен байланыста алынып, əлемдік деңгейдегі маңызы қарастырылды. Ұлы ғұламаның педагогикалық жетістіктері, идеялары кейінгі ғасырларда Шығыс пен Батыстың көптеген көрнекті оқымысты педагогтары мен халық педагогикасы өкілдеріне аса зор игілікті ықпал жасағаны анықталып отыр. Олардың ішінде əл-Бируни, Ибн Сина, Омар Хайям, Насыреддин Туси, Ұлықбек, Əлішер Науаи, Əбдірахман Жами, Роджер Бэкон, Моисей Маймони Ибн Рошд, Жалалиддин Диуани, Абай, тағы басқа ғалым-ағартушылар бар [4].
Фарабидың ұстаздары, Фарабиге дейінгі араб ғылымы, ғұлама мұрасы, ғылым жасау əдісі, энциклопедиясы, Фараби жəне музыка, Фараби шəкірттері, Фараби жəне еуропа ғылымы сынды күрделі тақырыптар кеңінен талданған еңбекте Отырар шаһарынан Ғаббас Жауһари, Ысқақ Фараби, Ысмаил Жауһари, Ахмет Фараби сынды көптеген ғалымдар шыққаны анықталды.
Фарабитанудағы жемісті қадамдар қазақ халқына ортақ көне əдебиет нұсқаларын, ежелгі жəдігерлерді де түркітану мəселелерімен тығыз сабақтастықта зерттеу бағытындағы ізденістердің ғылыми жəне əдіснамалық негізіне айналып, барынша ұштала түсті [1; 157].
Қорыта айтқанда, бүгіндері отандық ғылымның іргелі іліміне айналған фарабитану күрделі белестерден өтті. Ұлы ғұламаның тікелей мұрагері қазақ халқы болып табылатынын дəлелдеуде шешуші қадамдар ХХ ғасырдың 60–80-жылдары жасалған, фарабитануды кейіндері жаңа биікке шығаруда əдебиетші-ғалымдар айрықша үлес қосты. Қазақ жерінің ұлы перзенттерінің бірі Əбу Насыр əл-Фараби бабамыздың асыл мұралары, ұлтымыздың бай рухани əлемін одан əрі асқақтата түсті.
Фарабитану ілімі отандық ғылымның қандай да болмасын саласының басты өзегі болуы керек деп білеміз.
Əдебиеттер тізімі
- Жұмағұлов С. ХХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ əдебиеттану ғылымы (1956–1991 жж.): Моногр. — Қарағанды: «Гласир» ЖШС, 2008.
- Ақжан əл-Машани. Əл-Фараби көпірі. — Алматы: «Алатау» баспасы,
- Машанов А. Тоғыз жолдың торабында. — 2-т. Фараби зираты // Қазақ əдебиеті. — 1969. — 18 қаңт. — 2-б.
- Көбесов А. Əл-Фарабидің ашылмаған əлемі. — Алматы: Санат, 2002. — 165-б.