Қазіргі линвистикалық парадигмаға «гендер» ұғымы басқа гуманитарлық ғылымдарға қарағанда кейінірек, атап айтқанда, өткен ғасырдың аяғына таман енді. Бұл салаға қатысты еңбектер Батыс тіл білімінде пайда болып, əйел мен ер адамның тілдеріндегі ерекшеліктер туралы алғашқы жүйелі зерттеулер роман-герман тобындағы тілдерде жүргізілді. Ал орыс тіл білімінде осы тақырып бойынша тұңғыш зерттеулер тек өткен ғасырдың 80-жылдарының аяғы мен 90-жылдарының басында қолға алынып, 90-жылдардың ортасына таман іргелі ғылыми жұмыстар жазылып жарық көре бастады. Біздің республикамыздың отандық тіл білімінде де гендерлік қатынасқа байланысты зерттеу жұмыстары ХХ ғасырдың аяғы мен ХХІ ғасырдың басында басталып, қазіргі уақытта жаңа бағыттағы жүйелі зерттеулер жалғасуда. Бүгінгі күні бұл бағыттағы үдеріс басталып, өз жалғасын тауып жатқандығын нық сеніммен айта аламыз. Осылайша, отандық тіл білімінде де жаңа бір бағыттың — лингвистикалық гендерологияның (немесе гендерлік лингвистиканың) пайда болғандығын айтуға болады.
ХХІ ғасыр тіл біліміне тілді құрылымдық, жүйелік парадигмамен сабақтастықта, жалғастықта жəне тілді ұлттық рухани-мəдени білімдердің жинақталған коды ретінде қарастыратын антропоцентрлік бағыт тəн болып табылады. Оның іргетасы В.Гумбольдт, И.Гердер, Г.Штейнталь, А.Потебня сияқты ғалымдардың теориялық еңбектері арқылы қаланғаны белгілі. Олардың еңбектеріне сəйкес адам өзінің парасаттылық, рухани, əлеуметтік талаптарын қанағаттандыратын ұғымдар (концепт) əлемін жасау үшін ақпараттарды тілдік арна арқылы ғана алады. Сол себептен де кез келген ұлт тілінің табиғатында сол ұлттың қанша ғасырлық терең сырға толы қазынасы, ділі, мəдениетінің қайнар көзі жатады. Бірақ тіл жалпы шындықты емес, адамдардың белгілі бір ұжымы өмір сүретін ортаның шындығын жай көрсетіп емес, суреттеп береді жəне бұл арада тіл дүниені тікелей, тура суреттемейтінін атап өткен маңызды. Тілде адамның дүниені қалай қабылдайтыны, түсінетіні көрініс табады. Сондықтан да В.фон Гумбольдт: «Разные языки — это отнюдь не различ- ные обозначение одной и той же вещи, а различные видения ее», — деп тұжырымдайды [1]. Тіл — ойды туғызушы тетік, сондықтан сөз — заттың тура таңбасы емес, оның біздің санамызда тілдік шығармашылық үдеріс нəтижесінде туған бейнесі. Сол себепті жаңа ғылыми парадигмаға сəйкес тілді зерттеуде негізгі назар тілдік тұлғаға аударылды, сонымен байланысты тілді зерттеудің жаңа мақсаттары, маңызды ұғымдар мен тəсілдер, метатілдік теориялық негіздер қалыптаса бастады. Яғни антропоцентрлік парадигма бірінші орынға адамды (тілдік тұлғаны) шығарады да, ал тіл адам таны- мын құрастырушы сипатта қарастырылады. В.фон Гумбольдт, А.А.Потебня, М.Хайдеггер тілді рухпен, шығармашылық қызметпен байланыстырады. Сол себепті жаңа ғылыми парадигмаға сəйкес тілді зерттеуде негізгі назар тілдік тұлғаға аударылды, сонымен байланысты тілді зерттеудің жаңа мақсаттары, маңызды ұғымдар мен тəсілдер, метатілдік теориялық негіздер қалыптаса бастады. Атап айтқанда, антропоцентрлік парадигма бірінші орынға адамды шығарады да, ал тіл адам танымын құрастырушы сипатта қарастырылады (Л.Леви-Брюль, Б.Малиновский, К.Леви-Стросс, Ю.Н.Караулов, В.Н.Телия, Г.В.Колшанский, Ю.Д.Апресян, тағы басқалар).
Жалпы адам баласына тəн бұл əмбебеп танымдық үлгілер (модельдер) — тілдің «терең құрылымындарында» туатын тілдің күрделі когнитивтік қызметінің жемісі. Бұл арада когнитивтік модельдер адамның ойы мен санасының арасындағы аралық бейнені көрсетеді. Яғни қабылданатын ақпарат когнитивтік модельдерде «кодталады».
Қазіргі заманғы Ресей тіл білімінде гендерлік лингвистикаға қатысты көптеген ғылыми еңбектер жазылып, жарық көре бастады. Солардың ішінде А.В.Кирилинаның «Гендер: лингвистические аспекты» (М., 1999) атты ғылыми жұмысын ерекше атап өтуге болады. Автор өз еңбегінде ер мен əйелдің тіліндегі ерекшеліктерді сипаттап, гендердің теориялық үлгісін көрсетеді, сонымен бірге тіл біліміндегі гендер мəселесіне қатысты зерттеулерге жүйелі методологиялық талдау жасайды. Гендерлік лингвистиканы зерттеудің əдістемесін əзірлеуге байланысты мəселелер қазіргі тіл біліміндегі өзекті мəселелердің бірі болып отыр.
Батыс тіл біліміндегі гендерлік зерттеулердің жай-күйіне назар аударсақ, олар аталмыш мəселеге үш түрлі көзқараста қарайды [2; 4].
Бірінші көзқарас бойынша əйел мен ер адамның тіліндегі ерекшелікке əлеуметтік тұрғыда қарап, оны қоғамдағы əлеуметтік биліктің бөліну ерекшеліктерімен түсіндіреді. Мұнда «ер адамның тілі» мен «əйелдің тілі» əлеуметтік иерархияның түрлі сатыларында қолданылатын, негізгі тілден қызметі жағынан ерекшеленетін тіл деп анықталады.
Екінші көзқарас бойынша əлеуметтік психолингвистикалық тұрғыда «ер адамның тілі» мен «əйелдің тілі» олардың жыныстық ерекшелігіне байланысты деген ғылыми түсінік қалыптасқан. Осы бағытта зерттеу жүргізуші ғалымдардың статистикалық көрсеткіштері бойынша немесе екі жыныс өкілдерінің сөйлеу тіліндегі параметрлерді анықтаулары бойынша ер мен əйелдің тіл мəдениетіне психолингвистикалық теория тұрғысынан келудің мəні зор.
Үшінші бағыттың өкілдері ер мен əйелдің тілдік ерекшеліктеріне когнитивтік аспектіде қарап, өз теорияларын дəлелдеуге тырысады. Олар үшін тілдік категориялардың когнитивтік негіздегі біртұтас лингвистикалық үлгісін жасау аса маңызды болып отыр.
Қазіргі заманғы ғылыми парадигмада аталған барлық үш бағыт та бір-бірін өзара толықтырушы деп есептеліп, гендерлік лингвистиканың тұтас бір қаңқасын құрастыруға үлес қосады деген пікірлерге қосылуға болады.
А.В.Кирилина лингвистикалық гендерологияның өзекті мəселелеріне жүйелі де нақты талдау жасай келе, аталған бағыттың ұстанымы мен методологиясы тұрғысынан концептуалды бөліністегі төмендегідей негізгі алты бағытты атап көрсетеді:
- Əлеуметтік гендерлік зерттеулер.
- Феминистік лингвистика.
- Екі жыныс өкілдерінің тілдік ерекшеліктерін зерттеуші нағыз гендерлік зерттеулер.
- Маскулиндік зерттеулер (ХХ ғасырдың аяғында пайда болған ең жас бағыт).
- Психолингвистикалық зерттеулер. (Бұл бағыттың шеңберінде нейролингвистика саласында зерттеулер жүргізілуде, сонымен бірге онтогенездің тілін зерттеу, атап айтқанда, əйел мен ердің тілдеріндегі ерекшеліктер мен айырмашылықтар туралы зерттейтін биодетерминистік бағыт).
- Гендерлік субмəдени жорамалды қарастыратын лингвомəдени зерттеулер.
Дегенмен де, зерттеуші А.В.Кирилина жоғарыдағы жіктелімдердің барлығы да шартты деуге болатындығын, аталған бағыттардың барлығы да өзара бір-бірімен тығыз байланысты екендігін, себебі санамаланған топтардың өз ішінде ұқсас мəселелері де, зерттеу нысандары да ортақ деп санайды [2; 6].
Біріншіден, ер мен əйелдің адами тұрғыдан да бір-біріне жақын, ал олардың тілдерінің де байланысты екендігін зерттеу нысанынан білеміз, яғни тілдегі номинация, лексика, грамматика сияқты салалардың барлығын да екі жыныс өкілдерінің қолданатындығы белгілі. Мұндай зерттеулердің негізгі нысаны тілдегі ер мен əйелдің тілі деген бөліністің қалай пайда болатындығы, олардың қоршаған дүниені бағалауы, бағалауыштық мəннің қай салада көбірек таралғандығы болып табылады.
Екіншіден, лингвистикадағы гендерлік зерттеулердің мақсаты əйел мен ер адамның мінез- құлқына байланысты болуы мүмкін. Мұндай зерттеулер əлеуметтік детерминизм немесе биодетерминизм шеңберінде болады.
Үшіншіден, тіл біліміндегі гендерлік зерттеулер пəнаралық салғастырмалы сипатта өте жиі жүргізілетіндігін атап өтуге болады.
Төртіншіден, лингвистиканың кез келген саласы гендерлік сипатта қарастырылуы мүмкін. Бесіншіден, тіл біліміндегі гендер мəселесі қолданбалы сипатта екендігін де атап өту керек,
сондықтан да осы саладағы зерттеу парадигмалары айтарлықтай табысқа жетіп, тілді зерттеудің жаңа қырларын көрсете білді.
Сонымен бірге орыс тіл білімінде лингвистикалық гендерологияның даму үрдісінде постмодернизм теориясы шеңберінде жазылып жатқан еңбектерді айта кету керек. Осы салада зерттеуші-ғалымдар əйел мен ер адамның тілдік ерекшеліктерін «билік», «бағыныштылық» жəне «құдайшылық» тұрғысынан қарастырып, феминизм идеологиясы негізінде зерттейді.
Феминистік лингвистика, немесе тілдегі феминистік сын, тіл білімінде өткен ғасырдың 60– 70-ші жылдары пайда болды. Оған болуына экстралингвистикалық та, интралинвистикалық та себептер əсер етті. Экстралингвистикалық себептің пайда болуына көптеген оқиғаларды, атап айтқанда, АҚШ пен Еуропадағы «Əйелдердің жаңа қозғалысын», Батыстағы феминизм идеясының кең қанат жаюын, соның ішінде «когнитивтік эволюция» деп аталған постмодернистік философияның дамуын жатқызуға болады. Тілдегі феминистік ағымның пайда болуына мыналар да түрткі болды. Біріншіден, өткен ғасырдың 50–60-шы жылдарында лингвистикада психолингвистика, квантитативті əлеуметтік лингвистика, прагматика, қатысым теориясы сияқты бағыттардың пайда болуы себеп болса, екіншіден, лингвистика тарихында адам факторын тіл арқылы зерттеу жəне адамзат тілі мен оның биоəлеуметтік сипаты, соның ішінде оның жынысы алдыңғы қатарға шықты. Үшіншіден, ғылымдағы парадигмалардың орын ауыстыруы (құрылымдық зерттеуден прагматикаға көшу) жəне əлеуметтік ғылымдарда гендерлік зерттеулердің дамуы үшін ғылыми база мен методологияның пайда болуы да əсер етті [3].
Бұл бағыттың пайда болу тарихы отыз жылға жуықтайды. 1970 жылы Мэри Рич Кей Калифорния университетінде ер адамның тілі мен əйелдің тіліне арналған семинар ұйымдастырса, содан кейінгі 1975 жылы өткізілген семинардың материалдары бойынша «Ер мен əйел тілі» («Мужской/женский язык») атты кітап шығарды. Тілдегі феминистік сын бойынша негізгі жұмыстардың бірі ретінде 1975 жылы Робин Лакоффтың «Əйелдің тілі мен орны» («Язык и место женщины») атты ағылшын тіліндегі зерттеуін, Луиза Пуштың «Неміс тіліндегі ер адамның тілі» атты монографиясын жəне Сента Тремель-Плетцтің «Женский язык — язык перемен» атты еңбегін атап өту керек [4–6].
1976 жылы ағылшын тілінде «Əйелдер мен тіл» атты арнайы журнал шығырылады. Онда тілдегі феминистік сын бойынша халықаралық жəне пəнаралық зерттеулер туралы ақпараттар басылады. Феминистік лингвистика өкілдерінің басты мақсаты патриархатты сынап, əйелдің қоғамдағы орнын көтеру болып табылады. Осы мақсатта тілге де реформа жасап, əйел бейнесінің төмен екендігін қатты сынға алады.
Феминистік сынның теориялық негізі ретінде В.Гумбольдтың жəне оның ізін жалғастырушылардың кейбір көзқарастары мен сынға арналған негізгі тұжырымдарын атауға болады. Сонымен бірге Сепир-Уорфтың «тілдік салыстырмалылық теориясына» арналған атақты жорамалын да айтып кету керек [7].
«Лингвистикалық салыстырмалылық» жорамалы тұжырым ретінде АҚШ-та ХХ ғасырдың 30-шы жылдарында пайда болды. Осы жорамалға сəйкес тіл тек қоғамның өнімі ғана емес, сонымен бірге менталдық пен қоғамдағы пікірлердің құралы болып табылады. Тіл адамдардың ойы мен көзқарасын білдіреді, бұл сыртқы əлемді тану тəсілі болып табылады.
Қазіргі уақытта феминистік сынның екі бағытын атап өтуге болады. Біріншісі əлемнің тілдік бейнесіндегі əйелдер бейнесіне кемсітушілікпен қарау немесе «əйелдерге қарсы бағыттағы тілдік жүйедегі асимметрия» болып табылады. Оның өкілдері əлемге ер адамдардың көзімен қарап бағалауды ұсынады. Бұдан шығатын қорытынды патриархатты қоғамдағы тілдердің барлығы да «ер адамның» тілі болып табылады. Ал əйелдердің тілі жағымсыз коннотациялармен жəне жағымсыз мінездемемен беріледі.
Аталған бағыттағы зерттеудің негізгі нысаны болып тілдің лексикалық қоры алынды, себебі онда əйелге қатысты жағымсыз бірліктер нақты беріледі. Осы бағыттағы зерттеулер мынадай қорытындыға алып келеді: сөз таптарын зерттейтін грамматикалық категориялардың тұлғалары бойынша синтаксистік деңгейге сəйкес «адам» жəне «еркек» ұғымдары еуропа тілдерінде бір-бірін алмастырушы ретінде қаралады, ал əйелге қатысты тұлғалар ер адамға қатысты тұлғалардан туындаған деген көзқарас қалыптасқан. Мысалы, (Lehrer — Lehrererin (учитель — учительница (нем.)), Student — Studentin (студент — студентка (нем.)).
Көптеген еуропа тілдерінде (тек оларда ғана емес) əйел бейнесіне қатысты жағымсыз сапалық қасиеттер орын алған. Əсіресе мұндай қасиеттер əйел мен ер адамды қарсы қойып сипаттайтын тілдің фразеологиялық қорында жақсы сақталған.
Мысалы, ағылшын тіліндегі Men are the stronger sex, Men should be bosses and women should work for them, A woman's place is in the home, It's a man's world деген оралымдар былайша аударылады: «Еркек — бұл күшті жыныс иесі, еркектер қожайын болып, əйелдер оларға бағынулары тиіс. Əйелдің орны — үйде, еркектің орны — түзде».
Ағылшын тілінде man, fellow, brother (адам, жігіт, аға) сөздерінен туындаған сөздер өте көп. Жоғарыда аталған man, fellow, brother сөздері жалпылауыш қызмет атқарады, бірақ та тілдегі феминистік сын «олардың тілде қолданылуы адамдардың арасындағы субординацияны білдіреді» деп есептейді. Осы мəселе бойынша А.П.Нильсен, мысалы, ағылшын тіліндегі ер адамның тегіне байланысты сөздер (слова мужского рода) үлкен мəртебеге ие жəне айтарлықтай жеткілікті дəрежеде деп санайды. Сондықтан да олардың көпшілігі mankind, brotherhood, Irishman, Frenchman, Scotsman, spokesman, bachelor's&master's degrees, fraternity, fellowship (ағылшын тілінен аударғанда бұл сөздер мынадай мағыналарды береді: адамгершілік, туысқандық, ирландық, шотландық, француз, шешен, бакалавр жəне магистрлік дəреже, ынтымақтастық жəне т.б.) күрделі сөздер мен сөз тіркестерінің жасалуына негіз болған. Бұл сөздердің қолданыста болуы ұзақ уақыттар бойы əйелдердің когнитивтік қызметін шектеп, олардың саясатпен, спортпен, білім жəне басқа да салаларда жұмыс істеуіне кедергі келтірді. Мысалы, АҚШ-тың бұрынғы мемлекеттік хатшысы Мадлен Олбрайтты шетелге шыққан кезекті бір сапарында «Фаиненшеэл Тайме» газеті оның гардеробын мұқият сипаттаудан əрі аспап еді. Ал «Нъюсвик» журналы Мадлен Олбрайттың жаңа лауазымын таныстыра отырып, оны ажырасқан ана деп жазды. Содан кейін ажырасу барысын егжей-тегжейлі сипаттап еді [8].
Феминистік лингвистика өкілдерінің ойынша, тіл қазіргі қоғамдағы гендерлік бөліністің көнерген бір көрінісі болып табылады. Олардың пікірінше, əйелдердің орны — отбасы, ошақ қасы, бала тəрбиесі, көршілермен өсек айту [9].
Адам өмірінде отбасының алатын орны ерекше, себебі ол шағын мемлекет іспетті. Осы шағын мемлекетте əйелге артылар жүк те, жауапкершілік те айтарлықтай. Қазақтың құтты босағасында ер адам — отағасы, үйдің қожайыны, алайда үй ішінің бүкіл тауқыметі, тұрмыс-тіршілігі, бала тəрбиесі, əдеп пен əдет, рухани қарым-қатынас т.б. барлығы əйел адамның құзыретінде. Ағылшын жəне қазақ тілінің паремиологиялық қорындағы əйелдердің жеке басына қатысты мақал-мəтелдерден əйелдердің қоғамдағы, отбасындағы мəдени-əлеуметтік орнын айқын аңғаруға болады. Солардың бірнешеуіне тоқтала кетейік:
A good wife makes a good husband (сөзбе-сөз аудармасы (с.с.а.): Жақсы əйел жақсы күйеу жасайды). Қазақ тілінде тəрбиелік мəні зор осы тіркеске мағыналас келетін бірқатар мақал-мəтелдер бар:
Жақсы əйел жаман еркекті би етеді.
Жақсы əйел жаман еркекті адам етеді.
Салғастыра қарағанда халықтар менталитетіндегі ортақ көзқарас, өзара сəйкес ұғым-түсінік, біркелкі ұстаным байқалады.
Жақсы əйел жаман еркектің көрдегі басын төрге сүйрейді,
Жаман əйел жақсы еркектің төрдегі басын көрге сүйрейді.
Жоғарыдағы «Алған əйелің жақсы болса, елге сыйлы етер» деген ұғымды білдіретін қазақ мақалында айтылар ой төр мен көрді салыстыру арқылы жеткізілген. Қазақ халқының когнитивтік санасында «төр» — тек қазақ үшін ең қастерлі, сыйлы орын.
Зерттеу барысында ағылшын жəне қазақ қоғамдастығында əйелдер дəрежесін ер адамдардан сəл төмендетіп көрсететін стеореотиптердің, пайымдаудың орын алғандығын білдіретін мақал- мəтелдердің жиі кездесетіндігі байқалды. Мысалы, ағылшын тілінде The death of wives and the life of sheep make her husband rich (с.с.а.: Əйелінің өмірі мен қойдың өмірі ер адамды бай етеді); Women have no souls (с.с.а.: Əйелдердің жаны жоқ), қазақ тіліндегі «Байтал жүйрік парқы жоқ, қатын шешен нарқы жоқ», «Əйелдің шашы ұзын, ақылы қысқа» мақал-мəтелдері белгілі бір заман кезеңіндегі əйел адам дəрежесінің көрсеткіші іспеттес. Көне заманнан қалыптасқан қазақтың ата дəстүріндей Англияда да орта ғасырларда балаларының үйлену, тұрмыс құру тəрізді мəселелерін ата-анасы шешетін, себебі текті жердің қызына үйлену, ұлына тұрмысқа шығу арқылы материалдық жағдайын түзеп, қоғамдағы алатын орнын жақсартуға мүмкіндіктер туындайтын. Жоғарыдағы The death of wives and the life of sheep make her husband rich мақалы өз заманындағы материалдық, рухани дүниенің тілдік бейнесі болып табылады, яғни көне дəстүрдің тілдегі көрінісін көрсетеді.
Сондай-ақ 1918 жылдан бастап жасы отыздан асқан əйелдердің кейбіріне сайлауда дауыс беруге құқық берілді жəне ағылшын əйелдерінің басым көпшілігі үй шаруасымен айналысты немесе жұмысшы, қатардағы қызметкер болды. Жоғары лауазымды қызметкер əйелдердің саусақпен санарлықтай болуы жəне оның биік дəрежеге көтерілуінің қисынсыз өрескел болып танылуы «Women in state affairs are like monkeys in glass shops (с.с.а.: Үкімет басындағы əйелдер айна сататын дүкендегі маймылдарға ұқсайды) бейнелі оралымнан айқын көрінеді [10].
Байырғы ағылшын қоғамдастығында қалыптасқан əдептілік дағдысы бойынша тұрмысқа шыққан əйел ерін өзінің қожайыны ретінде қабылдауы тиіс болатын. Бұған бой ұсынбаған əйел соққыға жығылатын. 1891 жылға дейін ерлерінің «ер адамның бас бармағынан жіңішке таяқпен» əйелдерін ұруларына, егер қаласа, бөлмеге құлыптап қоюларына заңды құқықтары болған. A woman, a spaniel, and a walnut-tree, The more you beat them the better they be (с.с.а.: Əйел, спаниель (иттің бір түрі) жəне жаңғақ ағашы ұрған сайын жақсарады), A woman an asse and a walnut-tree Bring the more fruit the more beaten they be (с.с.а.: Əйел мен есекті жəне жаңғақ ағашын ұрған сайын жемісті молырақ береді) тəрізді тұрақты тіркестер жоғарыда айтылған келеңсіз оқиғалардың орын алғандығы жөнінде бұлжытпас дəлел болып табылады. Қазақ арасында да мұндай жəбірлеулердің болғаны, əлі күнге дейін сирек те болса кездесетіні жəне оның əдеттегі отбасында болып тұратын елеусіз оқиға ретінде танылатыны мəлім.
Адамзат тілі бір немесе бірнеше жүйенің жиынтығындағы категорияларды көрсетуге қабілетті. Барлығы сол бейнеленген категориялардың сипатына байланысты. Номинативті деңгейде бұл тілдің лексикалық жəне фразеологиялық жүйесінің өзара əсерінен көрінеді. Екі жүйенің де номинативті мүмкіндіктерінде белгілі бір шектеулер бар, бұл олардың арасындағы қарым-қатынастың ерекше қағидасының, соның ішінде толықтыру қағидасының қалыптасуына алып келеді. Бұдан шығатын қорытынды, тілдің лексикалық қорының семантикалық, функционалды-номинативтік қызметін фразеология толықтырады, сондықтан да лексика немесе фразеология сияқты бір жүйенің номинативті-семантикалық, номинативті-функционалдық, категориялық сипаттарын бір-бірімен тығыз байланыста қарастыру керек.
Ағылшын тілінің фразеологиялық жүйесіндегі əйелдердің мынадай типтері бар екендігін байқауға болады:
- егде жастағы əйел немесе кейуананың концептісі;
- тұрмысқа шықпаған əйел;
- жеңіл мінезді əйел;
- əйел жəне отбасы;
- əйел жəне қоғам (əйелдің қоғамдық жəне кəсіби мəртебесі);
- əйелдің сыртқы келбеті;
- əйелдің мінез-құлқы;
- əйел жəне оның қасиеті, моральдық бағасы, адамгершілігі;
- тарихи тұлғалар;
- əдеби кейіпкерлер.
Кейуана мен кексе əйелдің концептісі фразеологиялық қордан кең орын алған. Мысалы:
Мысық — an old cat, кəрі мысық (с.с.а.), фразеологиялық мағынасы — ашушаң кемпір; əйел, қыз old girl — ауызша еркелету «кемпір»; қозы, саулық — mutton dressed (up) as lamb — өзін-өзі күтіп қалған кемпір; гейзер — old geezer — ауызекі сөйлеуде қартаю.
Ағылшын тілінің фразеологиялық жүйесінде жалғызбасты, тұрмыс құрмаған əйелдерді суреттейтін тұрақты сөз тіркестері молынан ұшырасады. Мысалы: An unappropriated blessing — қажетсінбейтін қазына, тұрмысқа шықпаған əйел, кəрі қыз; Bachelor girl — жеке тұратын жалғызбасты қыз, «бойдақ» қыз; Hell has no fury like a woman cored — «тозақтағы фурия тастанды əйелден қорқынышты емес»; Be an the shelt — 1) (of smb) мұрағатқа жіберілген, істен шеттетілген;тұрмысқа шықпай, кəрі қыз болып қалу.
Ағылшын əйелдерінің мүддесі, қызығушылығы, отбасылық, əлеуметтік, қоғамдық мəртебесін де номинацияның фразеологиялық тəсілі арқылы беруге болады. Мысалы: Girl Friday — сенімді қызметкер, бастықтың «оң қолы», көмекші (əсіресе хатшы қызға байланысты айтылады); G.Y.Jane — американдық əскери сөйлеу тілі, əскери қызметкер əйел (қатардағы жауынгер); A meter maid — американдық əйел — автотұрақтағы автокөліктердің ережесін бақылайтын полиция қызметкері.
Ағылшын тілінің фразеологиялық жүйесінде əйелдердің жас ерекшеліктерін сипаттайтын жəне некеге қатысты тұрақты сөз тіркестері де көптеп кездеседі. Мысалы: Please one’s age and plague on’s heart — есеппен күйеуге шығу; Marry money — бай адамға күйеуге шығу; The age of consent — əйелдің некеге тұрар жасы.
Ағылшын тілінің фразеологиялық жүйесінде əйелдердің жағымды жəне жағымсыз мінездерін сипаттайтын фразеологизмдер де аз кездеспейді. Олар əйелдердің сыртқы келбетін, əлеуметтік мəртебесін, адамгершілік, зияткерлік, мəдени қасиеттерін, олардың қабілет-қарымын бейнелейді. Мысалы: Aunt Tabby — американдық жаргон, «Тэбби тəте» (əйелдер теңдігіне қарсы, консервативті əйел); A peroxide blonde — шашы боялған əйел, (блондинка).
A high kicker — жеңіл ойлы қыз, ұшқалақ; A slick chick — американдық жаргон, сұлу қыз, сүйкімді қыз; A glamour girl — ауызекі сөйлеу тілі, сұлу қыз.
Қорыта айтқанда, гендерлік лингвистика қазіргі ғылымдар тоғысында пайда болған тіл білімінің жаңа бір саласы болып табылады. Гендерлік лингвистика табиғи тілді сана əрекетінің көрінісі, ойдың шындығы ретінде зерттей отырып, əр тілдің, əрбір жеке тұлғаның, əрбір ұлттың танымдық сана болмысын тіл арқылы анықтауды мақсат етеді. Гендерлік лингвистикада тіл тек ақпарат беріп қана қоймайды, образдар арқылы əлемнің тілдік бейнесін сипаттайтын танымдық қыры тұрғысынан танылады.
Əдебиеттер тізімі
- Гумбольдт В.фон. Избранные труды по языкознанию. — М.: Прогресс, 1984. — С.
- Кирилина А.В. Гендер: лингвистические аспекты. — М.,
- Колосова О.А. Когнитивные основания языковых категорий. — М., 1996. — С.
- Key M.R. Male / Female Language. — New-Jersey: Metuchen, Scarecrow Press,
- Lakoff R. Language and Woman’s Place. — New York: Harper,
- Pusch L. Das Deutsche als Mannersprache. — Frankfurt/Main: Suhrkamp,
- Сепир-Уорф. Язык. Введение в изучение речи // Избранные труды по языкознанию. — М., 1993. — 261 с.
- Nilseu А.Р. Sexism and Language. — Urbana, 111: National Council of Teachers of English, 1977. — Р. 40.
- Кирилина А.В. Категория gender в языкознании. — М., 1999. — С. 15–20.
- Ислам А. Ұлттық мəдениет контексіндегі дүниенің тілдік суреті: Докт. дис. ... автореф. — Алматы, 2004. — 11-б.