Сөз белгiлi бiр затты не құбылысты атап қана қоймайды, сонымен бiрге тiлiмiздегi басқа сөздермен байланысқа түсiп, ерекше образ жасап та қолданылып жатады. Кез келген қаламгер өзi өмiр сүрiп отырған қоғамдағы шындықты оқырманына жеткiзу үшiн бейнелi сөз орамдарын сомдап, белгiлi бiр жанрды, тəсiлдi қолданып, жалпыхалықтық тiлден өзiнiң ой-жүйесiне сай сөздердi таңдап алады жəне оларды тиiмдi, жүйелi түрде жұмсайтыны сөзсiз. Демек, суреткер өз ойын, көзқарасын, əлемдi түйсiнуiн басқаға дəл, нақты, əсерлi, бейнелi жеткiзуде тiлдiң экспрессивтi құралдарын өз қажетiне уəждi қолдануға тырысады. Мұндайда тiлдiң синонимия, антонимия, омонимия, полисемия, фразеология жəне экспрессивтi-эмоционалды потенциалы мол құралдары сезiмге, санаға əсер етеді жəне олардың стильдiк қызметi ерекше ескерiледi.
Мұқағали Мақатаев лирикасының лексикалық қат-қабаттары əр алуан болып келедi. Көп мағыналы сөздер, синоним, антонимдер өте шебер қолданылып, өлеңнiң көркемдiгiн арттырып, стильдiк бояуын айқындай түседi.
Ə.Болғанбайұлы сөздің көп мағыналығы турасында: «Сөздердің сапа жағынан дамығандығын көрсететін бірден бір белгі — сөздің көп мағыналылығы. Бұл негізінде сөздік қордағы сөздерге тəн қасиет. Олар ұзақ жылдар бойы тілімізде жаңа сөз, тың мағыналар жасауға ұйтқы болып келе жатқан байырғы тума сөздер. Соның нəтижесінде сөздік қордағы сөздер сан жағынан да, сапа жағынан да қарыштап дамып, тұрақтанып əбден қалыптасқан. Сондықтан да бұлар көп мағыналы болып кездеседі», — деп тұжырымдай отырып, олардың сөздік құрамымызды байытатын жəне синоним- дердің молайуына септігін тигізетінін нақтылай түседі [1].
Көп мағыналы сөздер — тiлiмiздiң байлығының көрсеткiшi. Сыртқы формасы жағынан көп мағыналы сөз омонимге ұқсайтындықтан, оларды бiр-бiрiнен ажыратуда кей жағдайда қиындық та туындап жатады. Көп мағыналы сөзде мағыналылық бiрлiк болса, ал омоним сыртқы формасымен ғана ұқсас болып келедi. Көркем шығармада көп мағыналы сөз өте көп қолданыста жүредi. Суреткер көркемдiк үшiн ойын айқын жеткiзуде стильдiк бояуы бар көп мағыналы сөздердi қолданып, контекст iшiнде бiр сөздiң бiрнеше мағынасын ашып бередi. Ақын өлеңдерiнен сөздiң негiзгi мағынасынан басқа үстеме мағынасында жұмсалған коннотативтiк қызметiн /қосымша мағыналық реңктердi/ айқын көруiмiзге болады. Полисемия — барлық тiлдерде қолданылатын құбылыс.
Қоғам дамуымен қатар тiл де дамып отыратын категория. Ақын, жазушыларымыздың тiлi сөздiк құрамымызды молайтып, лексикамызға жаңа сөз қосып отырады. Сөздiң бойындағы əр түрлi мағыналардың табиғаты бiркелкi емес. Сөздiң негiзгi мағынасы, туынды мағына, поэтикалық мағына, фразеологиялық байлаулы мағына, синтаксистiк шартты мағына — осылардың бəрi сөздi жан- жағынан көрсетіп, мағынасын аша түседі. Бiр сөзге бiрнеше мағына беру арқылы берiлген сөздер ақын лирикасында кең орын алады. Көп мағыналы сөз тек тiлдiк қолданыс қана емес, көркем мəтіндегі бейне сырын ашудың көрсеткiшi. Ақын тiлiндегi көп мағыналы сөздер өлеңнiң көркемдiгiне, мазмұнына, мəнерiне, əсерiне қызмет етiп, айқындала түскен.
Мұқағали лирикасындағы өте кең жəне актив түрiнде қолданылған сөздердiң бiрi — қара. Бұл сөздi автор бірнеше мағынада жұмсап тура жəне ауыспалы мағыналы сөздердiң сырын ашады. Қара — ақ сөзiнiң антонимi. Көбiнде сындық мағынада қолданылып, зат есiмдi анықтайды.
Жалпы, тiлiмiзде қара сөзi өмiрдегi кереғар құбылыстарды көрсетiп, адамның алуан түрлi көңiл- күйiн беруде жəне табиғат құбылыстарын суреттеуде өте жиi ұшырасатын сөз: қолаң қара шаш, қара қыз, қара құлып, қара бояу, қара көз, қара бұлт, қара шəлi, қара тас, қара жер, қара түн, қара су, қара нөсер, қара орман, қара қарға, қара жорға, қара тау, қара аспан, қара жол, қара тамшы, қара бала, қара жауын, қара жұлдыз, қара бақ, қара орда, қара қой, қара моншақ, қара емен, қара қорған, қара жал, қара дақ, қара күз, қара шаруа, қара шаңырақ, қара шалғын, қара халық, қара бас, қара кебiн, қара жау, қара бала, қара түнек, қара қайғы, қара кеш, қара уайым, қара күш, қара мұрт, қара нар, қара қазақ, қара кiсi, қара өлең, қара жаяу, қара көңiл, қара күн, қаралы сұлу.
Келтiрiлген сөз тiркестерiнен қара сөзiнiң 54 сөзбен еркiн тiркескенiн байқаймыз. Бұл сөз тiркестерi — тура жəне ауыспалы мағынада берiлiп, өлеңнiң эмоциялық-экспрессивтiк əсерiн күшейтiп тұрған мағыналы, образды сөз тiркестерi.
Қара сөзi — зат есiмдi айқындап, сөзге үстеме мағыналық реңк жамап, поэтикалық тiлдiң əрiн жандандырып тұрған полисемиялы сөз.
Қара — сын есiм, тура мағынада, сындық қызметте жұмсалған.
Қап-қара көздi бiр қыз бар,
Қашпаңдар қара бояудан.
Аспанда жарық жұлдыздар,
Қап-қара түнде оянған.
Немесе
Жарыңның шашы қап-қара,
Көзi де қара шамасы.
Сондықтан жүзi аққала,
Сондықтан əсем қарашы.
Ақын қара сөзiн бiрнеше рет қайталап өлеңге айрықша мағына берiп, стильдiк бояуын нақтылайды. Бұл шумақтағы қара көз, қара бояу, қара шаш тура мағынада берiлген. Алғашқы жəне соңғы шумақтағы күшейтпелi шыраймен жасалған қара өлеңнiң салмағын мығымдай түседi.
Қара бұлт қаралы ару түнередi,
Қарағай қара аспанға тiреледi.
Қаптай кеп қарбаласта қара қарға,
Қарайды қара тауға түнегелi.
Қара бұлт, қара аспан, қара тау табиғат құбылысын суреттей отырып, адам өмiрiмен байланы- стырып көңiлсiздiктi, жабырқаулықты, жайсыздықты суреттейдi. Өлең аллитерацияға құрылып, ерекше эмоциялық əсерге ие болып тұр. Өлеңнiң бiрыңғай дауыссыз қатаң Қ дыбысынан басталуы да сондай мəнерлi. Табиғат пен адам арасындағы байланысты тереңдете отырып, ақын адамның басындағы күнделiктi өмiр ағынында өтiп жатқан көрiнiстi қара сөзiмен суреттейдi. Қаралы ару — туынды сын есiмнен жасалған тiркес. Ақын лирикасынан өте шебер берiлген осындай мағыналық байланысты жиi кездестiремiз.
Қара жаумен iргелес, ел едiңдер, қарағым,
Ойран болып сендер де бұзылды ма қамалың.
Не болмаса
Қаусаттың-ау, iргемдi, қара жауым,
Қан боп ақсын басыңа қара жауын.
Қара сөзі адамның ниетiне байланысты айтылып, пейiлiнiң тарлығын сездiредi, елдi қырғынға ұшыратып отырған жаудың əрекетi айқын берiлген. Əдетте салмақты сөздер өлеңнiң соңында тұрып, ұйқасы жағынан да, дыбыстық үйлесiм жағынан да анық көрiнедi.
Ұлылардың ұрпағын да, өзiн де,
Қара күштiң қабiрiнде ұстады.
Қара — озбырлық, зұлымдық мағынасында жұмсалып, өлеңге ерекше мағыналық реңк үстеп тұр. Тұтастай бiр ұрпаққа еркiндiк, теңдiк, бостандық бермей күш көрсетуiн қара күштiң қабiрi соны метафоралы тiркеспен нақты берген.
Қарымта қайтара алмай қарсы дауға
Қабақтан қара тамшы тамшылауда,
Жебiр ой жiгерiңдi жаншығанда.
Қара тамшы — адамның көңiлiндегi тарығу, зерiгу мағынасында жұмсалып, дыбыстық аллитерацияға құрылған мағыналы сөз.
Қара емендей қатып қалған əжеңдi,
Кейiнгi ұрпақ, батыр емес деп көргiн.
Қара емендей — мықтылық, төзiмдiлiк, шыдамдылық мағынасында қолданылған.
Аулақ, аулақ,
Аулақ менiң жанымнан!
Қара уайым қара шəлi жамылған.
Қара уайым қара шəлі — бұл жерде мұң-зарды көрсету мағынасында жұмсалып тұр. Бұралаң- бұралаң жолы бар өмiр соқпағында адам басынан небiр қиындықтар өтiп жатады. Мұқағалидың жеке басында сондай сəттер басымдау болды, сондықтан өмiр шындығы өлеңде айқын суреттеледi.
Қара түнек қара түндi шарпыған,
Ойлар, ойлар, ойлар кеттi соқтығып.
Қара түнек қара түн адам жанының жабырқаған сəтiн, көңiлiнiң жадаулығын көрсетедi.
Енжарлық, көңiлсiздiк езiлемiн,
Қалғандай қара жаяу сезiнемiн.
Қара жаяу ақынның жалғыздығы, өмiрден тарығуын, зарығуын, қиналған бiр сəтiн көрсетедi.
Жалған-ай, тынысымның тарылғаны-ай!
Бақытсыз басым қара жамылғаны-ай...
Қара жамылды — басына қайғы орнады деген мағынада жұмсалып тұрған фразеологиялық тiркес.
Ақын лирикасында қара сөзiнiң мағынасы əр түрлі мағынада жұмсалып, өте актив қолданылған. Көп мағыналы сөз де түрлi реңкте жұмсалып өлеңнiң қуатын арттырып, əрлендiре түседi. Мəтiндегi ой тереңдiгi, тiл ұтқырлығы, сөз мəнерлiгi осы көп мағыналы сөзден айқын көрiнедi. Қара сөзі Мұқағали лирикасында жамандықты, жауыздықты, арамдықты, зымияндықты, адамның басындағы сан алуан қасиеттердi жəне қоғамдағы кереғар құбылыстарды суреттеуде қолданылатын бейнелi сөз. Ақын тiлiнде өте көп ұшырасып, образдардың қыр-сырын ашуда жұмсалған. Қара сөзi табиғат құбылыс атауларының бəрiмен тiркесiп, ауыспалы мағынада қолданылып тұр. Адам мен табиғат тұтастықта жырланып, сиқырлы сөздердi ұтымды қолданудағы тапқырлығы десек те болады. Қара аспан, қара нөсер, қара тас, қара жер, қара бұлт, қара су, қара жел, қара тау, қара күн, қара түн, қара жауын жəне тағы басқа тiркесiмдер бiрнеше рет қайталанады.
Мəтiн iшiнде қара сөзiн құбылтып, түрлендiре отырып, бiр ойды əр басқа мағынамен берiп, сырлы да сиқырлы сөздер тiзбегiн тiзiп, қазақтың қара өлеңiнiң құдiретiн биiктете түседi. Жоғарыда келтiрiлген өлең шумақтарында қара сөзiн үш-төрт реттен қолданған тұстары да бар. Ойды өрбiту негiзiнде үстемелетiп, одан сайын асырмалатып суреттеу басым. Бiздiң байқағанымыз, дəуiр шындығын, адам өмiрiн суреттеуде қара сөзiнiң салмағы өте күштi, əрбiр жұмыр басты пенденiң басындағы iс-əрекеттердi дəл, нақты үйлестiрiп жазған.
Iлгерiде айтқанымыздай, қара сөзiн еркiн құбылтып пайдалану нəтижесiнде ақынның творчестволық потенциалы да арта түседi.
Ендi ақын тiлiндегi көп мағыналы сөздердiң бiрi — күн. Түсiндiрме сөздiкте күн сөзiнiң бiрнеше мағынасы көрсетiлген.
Қандай бақыт! Жарқырап күн тұрғаны,
Күн астында дүние құлпырғаны.
Күннiң нұрын құшақтап, үлестiрiп,
Бiр ұрпаққа бiр ұрпақ ұмтылғаны.
Күн — қызу, жарық беретiн планета ұғымында. Күннiң нұры — сəуле шашып тұрған күн, яғни бүкiл тiршiлiктi қыздырып, жарқырап тұрған планета. Осы шағын шумақта жарқыраған күн, күн асты, күннiң нұры секiлдi үш тiркесiмдi байланыстыра бере отырып, күн сөзi тура мағынада қолданылғанын байқаймыз.
Миымда iшкi өлеңiм,
Қайнатып келiп күн ұзын.
Əдетте тiлiмiзде ұзақ күн, ұзын күн қолданысы бар, бiрақ Мұқағалида күн ұзын деп берiлген. Күн— «уақыт», «кез» ұғымын да күнi бойы деген мағынаны бередi.
Қалт-құлт етiп, мейлi мен күн кешейiн,
Күн кешейiн, елiммен бiрге өсейiн.
Күн кештi — өмiр сүрдi, тiршiлiк еттi мағынасында жұмсалып, екi жолда да қайталанып өлеңнiң əсерiн күшейтiп тұр.
Өмiр — азап, ауыр күн,
Сен де өзiңдi сенделтесiң, қинайсың.
Күн — өмiр, тiршiлiк, қиын күн-көрiс мағынасында жұмсалып, соңғы жолда келiп айрықша мағына үстейдi.
Қош ендi, қош боп, күрең күн!
Күрең мұң саған жiбердiм.
Күн — адамның өмiрiнiң бiр кезеңiндегi жайсыздық, көңiлсiздiк мағынасында келтiрiлiп, ақынның сондай мазасыз күнмен қоштасуын сеземiз.
Қайдан бiлсiн, келе алмай күйiм бүгiн,
Сансыратып кеткенiн құйын-күнiм.
Күн — бұл жерде адамның көңiлiндегi мазасыздықты бiлдiрiп, құбылмалы, дауыл соққандай өтiп жатқан адам өмiрiн суреттейдi.
Боз ала ауыл жастары,
Бозбала күнiн тастады.
Күн — өтiп кеткен жастық шақ, қайтып келмейтiн адам өмiрiнiң бiр кезеңi деген мағынада жұмсалған. Тiлiмiзде бозбала сөзi жiгiт сөзiмен тiркесiп, «жас жiгiт» ұғымын беретiн болса, бұнда күн сөзiмен тiркесу арқылы жаңа бiр мағына туындап тұр.
Бiр ботаның сондағы боздауын-ай,
Не басына күн туды, боздағым-ай.
Күн — қиын-қыстау кез, өмiрiнiң шырқы бұзылды, басына қиыншылық орнады деген мағынаны берiп тұр.
Күмiс жалды күн дейтiн көлiкпенен,
Көрiп келем өмiрдi, көрiп келем.
Ақын күн сөзiн соны эпитет тiркеспен жұмсап, айтар ойының нəрiн мəнерлей түседi. Күмiс жал- ды күн — өзiндiк идиостилiн танытатын бейнелi, жаңа тiркес. Жал сөзi əдетте атқа байланысты айты- латынын ескерсек, бұнда күн сөзiмен тiркесiп əдемi үйлесiм тапқан.
Беу, менiң есiл күндерiм,
Бiлмедiм есiм кiргенiн...
Қош ендi, ескi күндерiм!
Келе ғой, естi күндерiм!!!
Осы шағын шумақта күн сөзiн үстемелетiп жұмсап, мағыналық сырын аша түседi. Күн — уақыт, мезгiл мағынасындағы көп мағыналы сөз. Есiл, ескi, естi сын есiмдерi арқылы күн сөзiнiң қызметi айқын көрiнген. Есiл күн — мəнсiз-мағынасыз өтiп жатқан уақыт, ескi күн — өмiрдiң бiр кезеңi, өткен мезгiл, естi күн — келер күннен үмiт, жақсылық күту мағынасында жұмсалған сөз тiркестерi.
Мұқағали өзiнiң лирикасында бiр сөздi бiрнеше рет қолдану арқылы өлеңнiң эстетикалық- эмоциялық мəнерiн, экспрессивтiк бояуын əрлендiредi. Жоғарыда айтқанымыздай, қара сөзi де сон- дай мақсатта ұшырасып, өлеңге қосымша мағыналық реңк үстеген.
Күн көп мағыналы сөзi ауызекi сөйлеу тiлiнде жəне көркем əдебиетте көп қолданылатынына көз жеткiзуге болады. Мұқағалида күн сөзі əр қырынан көрінеді. «Образ — кровь поэзии. Поэтический образ визуален, как и действительное изображение, написанное красками, но для поэтического образа единственным материалом служит слово, и от силы, меткости, выразительности, красоты употреб- ленных слов зависит все», — деп Ян Парандовский айтқандай, сөздiң бейне жасаудағы күшi қашан да көрiнiп отырады. Сол сөз мəтiн iшiнде сан түрлi мағынаға ие болады [2].
Күн полисемиялы есiм сөзiне талдау жасау барысында ақынның өлеңдi сөйлемдерiнде бiрнеше мағынада жұмсалғанын байқадық. Күн сөзi арқылы жасалған жаңа, соны тiркесiмдер де бар.
Бiрiншiден, күн — планета ретiнде, күннiң нұры, күннiң жылуы, күннiң қызуы, күннiң шапағаты, күннiң сəулесi секiлдi жалпы тiлдiк қолданыстағы тiркестер көп.
Екiншiден, күн — мезгiл, уақыт, кез, адамның қарбалас өмiрiнiң өлшемiн көрсетедi. Сол уақыт аралығында өтiп жатқан сан-қилы оқиға, қилы-қилы тағдыр, ақынның жеке өз басына байланысты жас күн, өткен күн, қайран күн, сайран күн, есiл күн, естi күн, ескi күн жəне тағы басқа ақын басынан өтiп жатқан толассыз, тоқтаусыз, қызық та қуанышты, кейде мұңды, азапты, қайғылы күндер.
Үшiншiден, күн — өмiр сүру, тiршiлiк ету мағынасында қолданылып, зымырап өтiп жатқан уақыттың көрiнiсi.
Төртiншiден, күн — ауыр тұрмыс, адамның өмiрiндегi қиын сəттердi көрсетедi. Бесiншiден, күн — жастық шақ, жас дəурен мағынасындағы мағыналы сөз.
Алтыншыдан, күн — бейқам, алаңсыз, тыныштық мағынасында қолданылады.
Шуақ күн, алыс күн, ауыр күн, күрең күн, құйын күн, керемет күн, күрес күн, жомарт күн, қиын күн, мəңгiлiк күн, қаhарлы күн, қатыгез күн, жарық күн, сұлу күн, самала күн, зырлауық күн, шоқтанған күн, тымырсық күн, еңбексiз күн, бозбала күн, жиелi күн, өртенген күн, өткен күн, санаулы күн, ескi күн, есiл күн, естi күн, жас күн, бекер күн, кiшкентай күн, сайран күн, қайран күн, күмiс жалды күн [3] жəне тағы басқа осылай тiзе берсек, күн сөзінің қолданысын анық байқап, көп мағыналы сөздiң образ ашудағы мəнiн бейнелi, астарлы сөздiң құпиясынан анық көремiз.
Сөйтiп, ақында күн сөзiнiң неше алуан стильдiк астары бар. Сөздi осылай əр қырынан алып, əр түрлi мəнде пайдаланып, көп мағыналы сөздер лирикалық шығармада ерекше жұмсалып, ақын талантының биiктiгiн байқатады.
Күн сөзi белгiлi бiр ұғымды беретiн астарлы көп мағыналы сөз ретінде қолданылған, көбiнде жаңа сөз жасалып қана қоймай түрленiп отырады. Ақынның күнге құштарлығы анық байқалады. Бүкiл əлемдi жылытып, дүниенi тiрiлтетiн нұрлы, сəулелi алып планетадан жылылық, мейiрiмдiлiк, тазалық күтедi.
Суреткер тiлiндегi көп мағыналы сөздер — əдеби тiлiмiздiң дамуының бiрден-бiр көрсеткiшi.
Əдебиеттер тізімі
- Қалиев Ғ., Болғанбаев Ə. Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы. — Алматы, 2003. — 95-б.
- Парандовский Я. Алхимия слова. — М., 1990. — C.
- Мақатаев М. Жырлайды жүрек. — Алматы, 1989. — 494-б.