ХХ ғасыр лингвистикасында тілді қарым-қатынас пен таным құралы ретінде ғана емес, ұлттық мəдени код есебінде қарастыру қарқынды дамып келеді. Қазақ тіл білімінде соңғы жылдары когнитивтік лингвистика мəселелеріне ерекше көңіл бөлінуде. Р.Сыздық, Ə.Қайдар, Ж.Манкеева, Э.Оразалиева, Г.Смағұлова, Б.Момынова сияқты зерттеушілер бұл мəселені тіл білімінің əр түрлі салалары тұрғысынан алып қарастыруда. Когнитивтік лингвистикада концептуалдық кеңістікті ұйымдастырып, оны жіктеудің негізгі бастаушысы концепт болып саналады. Қоршаған ортаны сезіну, түсіну, ұғыну үдерістері таным формасының жоғарғы түйсігі деп қабылданады. Ойлау мен сананың нəтижесінде адамда дүние туралы əр түрлі ақпарат жинақталады. Бұл ақпараттар жиынтығы концепт жүйесін құрайды.
Тілдегі əлемнің ұлттық бейнесі туралы айтқанда, ғалымдар «концепт» ұғымымен байланыстырып қарастырып жүр. Өйткені тіл табиғатын толық түсіну үшін тілдің өзіндік заңдылықтарын білумен қатар сол тілде сөйлеуші этностың тарихы мен мəдениетін, салт-дəстүрін, тұрмыс-тіршілігін жете меңгеру қажет екені сөзсіз. Сонымен, концептілер — ұлттық танымның бір көрінісі, сондықтан да ғаламның лингвокогнитивтік моделі болып есептеледі.
Концепт — қандайда бір ауқымды идеяның сан алуан күрделі ұғым түсініктердің суретті сипаттамалары. Оның мазмұндық құрылымы тіл мен бейнелі ойлау заңдылықтарының сабақтастығынан туындайды.
Қазіргі танымдық тіл біліміндегі концепт туралы анықтамалар мен пікірлерге тоқтала келіп, Б.И.Нұрдəулетова: «...концепт — индивидтің, тілдік ұжымның дүние, жаратылыс, оның түрліше заттары мен құбылыстары туралы өмір тəжірибесі, білімдік аясы (көзқарасы, танымы) негізінде, өзі өмір сүретін əлеуметтік ортаның мəдениетінен қабылдап, қалыптастырған танымдық, білімдік жүйесі» деген қорытынды пікір ұсынады [1].
Зерттеушілер когнитивтік модельді бірнеше сатыларға бөліп жіктейді: «Когнитивтік модель үш түрлі сатыдан тұрады: біріншісі — ойлау дəрежесі. Онда сана əрекетінің дəрежесі көрініс табады. Екіншісі — алдын ала ойлау дəрежесі. Мұнда логикалық ойлаудың бастапқы үлгілерін білдіретін сана əрекетінің дəрежесі көрініс табады. Үшіншісі — ойлаудың төменгі дəрежесі. Онда сезім арқылы бейне қалыптастыру əрекетінің дəрежесі көрініс табады» [2].
Г.Гиздатовтың тұжырымдауынша, когнитивтік модель объективтендіруші жəне субъектив- тендіруші рефлексиядан құралады. Сонда когнитивтік лингвистика мен дəстүрлі құрылымдық- семантикалық тіл білімі — өзара тілдік ақиқатты танудың екі түрлі бағыты. Санада тіл көмегімен қалыптасқан концептуалдық құрылымдар жеке тұлғаның, əлеуметтік топ өкілінің өмірлік тəжірибесінің негізінде өзіне тəн танымы арқылы түзіледі.
«Адам — Қоғам — Табиғат» триадасының құрамдас бөлігі «Адам» макрожүйесінің гендерлік сипаттамасын жасайтын «еркек» жəне «əйел» концептілері күрделі концептілік құрылымға жатады. Оларды когнитивтік лингвистика ғылыми негіздеп, сипаттайды. Сөздің мағынасы когнитивтік қызметті толық анықтай алмайды, оның деңгейінің тар ұғымнан алшақ екені, когнитивтік ұғымдарға тең емес екендігі белгілі.
Философтардың, əлеуметтанушылардың тұжырымдауынша, əлеуметтік прогрестің дамуы жыныстық теңсіздікке əкелді. Еркек — əйел оппозициясы туралы батыс, орыс, қазақ ойшылдарының пікірлері əр түрлі.
Еркек жəне əйел концептілері барлық мəдениетте кездеседі, оларға əдет-ғұрып, фольклор, мифтік санада, «дүниенің қарапайым ой суретінде» айтарлықтай орын берілген. Алайда гендердің стереотиптік жəне аксиологиялық бағасы түрлі мəдениетте бірдей емес.
Ер адамның қоғамдық-əлеуметтік статусын əйел адамның қоғамдағы отбасылық рөлінен жоғары қойып, əйел затын жаратылысынан ер адамнан төмен тұратын екіншілік орындағы тұлға ретінде бағалап келген қазақы түсінік жəне сол бағаға сəйкес этнос санасында қалыптасқан стереотиптік образдар əйел затына қарата қолданылатынын бəріміз де білеміз. Əйелдер мен ерлердің əлеуметтік ролі бір-бірінен ажыратылатынын мына төмендегі мысалдардан көруге болады: «Əйел ерге, ер жерге қарайды» деп арагідік құр алақан оралғанында кінəлі адамдай күмілжисің (Д.И. «Жетім қыран»//
«Беласқан», 1-к., 416-б.). Əйеліне осы сауалды айтқысы келіп отырып, тілінің ұшына ілінгенде қайта айныды. «Əйелдің шашы ұзын, ақылы қысқа» («Үкім», // «Беласқан», 3-к., 117-б.).
Əлем əдебиетінде, соның ішінде сонау ерте замандардан бастау алған қазақ əдебиетіндегі əйел– еркек концептілерінің атрибуты тəрізді сөздердің мол қоры бар. Өйткені жер бетінде Адам ата мен Хауа ананың пайда болған кезінен бастап, дүниедегі өзге тіршілік иесінің бəрі де осы ажырамас екі ұғымның, екі адамның, яғни əйел мен еркектің, төңірегіне топтасады десек, қателеспейтін болармыз.
Адамдардың жыныстық ерекшелігі олардың қоғамда алатын əлеуметтік статусымен, атқаратын қызметімен тығыз байланысты. Демек, тілдегі адам бейнесі əйел–еркек семантикалық оппозициясының лингвогендерлік жəне лингвомəдениеттанымдық негізі тұрғысынан сипатталады. Осы орайда туындайтын маңызды мəселе — ер адам мен əйел затының халық дүиетанымында алатын орнының тілде көрініс табуы [3].
Гендерлік зерттеулердің нақты назарға алатын мəселелері — қоғамдағы ерлер мен əйелдерге деген қарым-қатынасты айқындайтын мəдени жəне əлеуметтік факторларды анықтау, белгілі бір жынысқа жатуына байланысты мінез-құлық ерекшеліктерін олардың еркекке жəне əйелге тəн негізгі қасиеттерінің стереотиптік сипаттарын ашу.
Қазақ əйелін сипаттайтын ерекше этноөзектік концептілерге оның дүниетанымы, ойлау қабілеті, зейін мен зерде ерекшелігі, парасат-пайым деңгейінің, мінезінің, еңбекқорлық, төзімділік, махаббат, сұлулық, тағы басқа қасиеттерінің тілдік көрінісі жатқызылады [4; 5].
А.Сейдімбековтің «Аққыз» повесінде еркек жəне əйел концептісі ұлттық таным тұрғысынан анық көрсетілген. Қаламгерлердің шығармаларындағы «еркек» жəне «əйел» концептілері «жігіттер, азамат, жігіт-желең, батыр», «жат жұрттық», «төмен етекті», «жалғыз тұяқ» сияқты көріктеуіш- бейнелеуіш тəсілдер арқылы түрлі жағдайларда əр түрлі ұғымдарда қолданылады:
Бұ келе жатқан жолаушылардың өздері де сайдың тасындай сақа жігіттер болатын.
– Е, бұл Аққыздың отауы ғой. Байекеңнің жалғызы. Ұлы да, қызы да сол, — деді күтуші жігіт (Аққыз, 82-б.).
Наймантай, Аққыздар бір топ жігіт-желеңмен құс салып, серуен құру үшін ауылдан түс қайта шықты («Аққыз», 89-б.) [6].
Бағаналы жағының сөз түйіні тірелер адамы Аламан деген жас батыр еді («Аққыз», 96-б).
– Жоқ сауғам!... Не төмен етектіден жеңіп мал əкетесің, не тастап кетесің!... «Рас десеңдер, ат жолын тартар еркегі қонақтап кеткен ауылдың жылқысын қуып кету қатынның да қолынан келеді («Аққыз», 78-б).
Шығармада «əйел, еркек» концептілерінің сипаты көркемдеуіш-бейнелеуіш құралдар арқылы бейнелі түрде көрінеді. Көріктеуіш тəсілдердің ішінде эпитеттің алатын орны ерекше. Беріліп отырған мысалдарда эпитеттер суреттеліп отырған жайдың мəнін аша түсу үшін пайдаланылған. Эпитеттер кейіпкердің портретін, негізгі элементтер жасаудағы қызметі айрықша көрінеді. М.Мағауин, Ж.Молдағалиев, Б.Нұржекеев прозалық шығармаларында кейіпкердің бет-пішінін, сыртқы көрінісін, мəнерлегіштік-көркемдік бояуы айшықты келетін эпитеттер портрет жасауда ұтымды қолданылған. Қыста — үлкен кісі, ал жазда, ол егінге не шөпке жегілген соң, пошташы міндеті жүктелетін ересек, есті балалардың бірі мінеді («Жыланды жаз», 9-б.) [7].
Шындығында, аудан көлемінде велосипет бір-ақ бала — сотанақ Жəдігерде ғана бар («Жыланды жаз», 13-б.).
- Балтабаев жолдастың өзіне кір, — деді төменгі бөлмеде отырған қағілез жас жігіт.
- Өзің бір зердесіз бала екенсің, — деді бастық («Жыланды жаз», 13-б.).
- Байқап жүрмеймісің қу бала екенсің, — деді бастық («Жыланды жаз», 16-б.).
Ал екіншісі — аяқ-қолы ұзын, бет-аузы бір-ақ қабат, көн терімен қапталған, құраған, имек мұрны үстіңгі ерніне төне біткен, жасыл көздері сықсиған қара торы («Жыланды жаз», 18-б.).
Өзінің жиырмаға келсе де ақылы кірмеген боз өкпе ұлы деп ойлайды ғой («Жыланды жаз», 21-б.).
Алаулаған балғын еріндері дымдана қызарады («Жыланды жаз», 39-б.). Болмашы қиғаш біткен мойыл көздері күлім қағады (Сонда, 39-б.). Сырым құрысың! Мына қара көзді көргенде — қой көзді Қарлығашың қай қырдың астында қалар екен! («Тыңдағы ауыл», 83-б.) [8].
Гендерлік ерекшелік адам мінез–құлығының белгілі бір гендерге қатысты көрінетін ролдерге, мəртебеге, таптауырындарға, нормалар мен құндылықтарға сəйкес болуын білдіреді. Ер адам қай кезде, қай жерде болмасын ер. Ол адам өмірінің əр кезеңінде əр түрлі тұлғада кездеседі. Ол кезеңдерді балалық балғын шақ, жігіттік жастық шақ, ел ағасы атанар кез жəне қартайған қарттық кез деп бөлсек, түсінікті болар.
Бір-екі рет Наймантайдың осы жүрісін анасы Көрік уайым етіп: – Шырағым, «Қарамаса қатын, бақпаса мал кетеді» демеп пе еді бұрынғылар. Əкеңнің азу тісін ақситып жүріп жинаған аз дəулетін тиянақтай білмесең, ертең-ақ шолтаң етіп, түбі көрініп қалмай ма, — деп емеурін білдірген.
Шешесін қатты сыйлап, алдынан шықпайтын Наймантай болса, осынау көңіл ауаны қанағат тапқан тірлігіне ден қойған шыраймен уəдеден аулақ жауап қайырып еді.
– Апа, жаз артында күз бен қыстың барын мен де ойлаймын. Атым барда желіп жүріп жер танып, асым барда беріп жүріп ел тануды ниет еттім. Уақытша құрған сейіл-серуенімді уайым етпей- ақ қойыңыз. Бұ тіршіліктің темір қамыты қашанғы бұлғақтар дейсің, — деген («Аққыз», 71-б.).
Əкесі Сүтемген осыдан үш жыл бұрын дүние салғанда дөңгелек дəулеттің иелігі соңынан ерген
жалғыз тұяғы осы Наймантайға тиген («Аққыз», 64-б.).
Ал əйел адамдардың бұл дүниедегі орны ерекше, жөні бөлек. Оларды гүлге де, күнге де, айға да, жұлдызға да теңейді. Əйел баласына қатысты айтылатын əдеттегі бірқатар сөздер бар.
Қазақ мəдениетіндегі қазақ əйеліне қатысты ұлттық сананың кілтін тұрақты теңеулер, фразеологизмдер, метафоралар ашады. Теңеудің семантикасы дүниенің ұлттық бейнесін танытады.
«Теңеудің стильдік қызметі əр алуан. Бір ыңғайда, негізінен, аз сөзге көп мағына сыйғызуды мақсат етсе, тағы бір жағдайда автордың астарлап сөйлеуіне мүмкіндік береді» [5; 271].
Қазақ халқында сұлу əйелге қатысты қарға аунаған түлкідей, балға ашытқан қымыздай, қысыр емген тайдай, ақ бөкеннің құралайындай, оттай ойнақшыған, сұқсырдай сыланған, үлбіреген қырдың қызғалдағына ұқсап, аршыған жұмыртқадай, қамыстай əдемі тұлғасы, ай мен күндей əлемге бірдей, ақ маралдай керілген, шомылып көлге шыққан қудай, аққудың көгілдіріндей т.б. теңеулер кездеседі. Демек ұлттық мазмұнға, құрметке ие болған əлеуметтік таным жүйесі тілдің ұлттық жүйесінде таңбалық көрініс табады жəне дүниенің тілдік бейнесін құруға қатысады. Мұның нақты дəйегін жоғарыда қазақ əйелі концептісін нақты талдау барысында байқауға болады.
А.Сейдімбеков, Д.Исабеков, Б.Нұржекеев, Р.Сейсенбаев, М.Мағауиндер теңеудің стильдік мүмкіндіктерін, бейнелілік қасиеттерін көркемдік-эстетикалық сапасы жоғары шығармалар жазуда шебер пайдаланғанын көреміз.
Ерте кезде еңбектің жынысқа қарай бөлінісі еркектің асыраушы ретінде тұрмыста үстемдікке ие болуына, абсолютті тұлға ретінде орнығуына жағдай жасады. Ерлер табиғатпен бірге əйелді де бағындырды. Ерлер əйелдерді өздерінің жартысы ретінде танып, оны өздерін толықтыратын екінші
«мені» ретінде ғана мойындады. Төмендегі мысалдардан əйел затының орнының ер адамнан бір саты төмендігі, бағыныштылығы көрініп тұрады:
Киеван еңкейген кеудесін кейін тартып қолындағы кенеп дорбасын төрдегі көрпешеге лақтырып жіберді. Кенет дорба саудыр ете түсті.
– Шай қой.
Кенет дорбаның саудыр етуі мен шалының «шай қой» деуінен кемпірі бұл жолы оның құр қол еместігін аңғарып, шай қамымен лып ете дəлізге шықты.
Киеван кебісі мен шапанын шешті де, төрге барып сұлық жатты.
Киеван төрде қалғып жатып, «Тездет!» деп айқайлап қойды («Тіршілік», 316-б.).
Сонымен қатар жазушылардың шығармаларында əйел затының тек мүшкіл халы ғана емес, сұлулығы, Ананың бала алдындағы беделі, əкесінің қызын сыйлап, аялауы да бейнелі де əсерлі берілген. Себебі əйел үй шаруасындағы адам болса, халық психологиясында «қыз — қонақ» деп қалыптасқан ұғым бар:
Қызына ата дəстүрімен «жат жұрттық» деп қарамай, «Соңымнан ерген тұяғым, артымда түтер түтінім», — деп, өзін-өзі жұбатты («Аққыз», 67-б.).
Ата-анасының жалғызы болғандықтан, оларды ата дəстүрімен жат жұрттық, төмен етекті деп кемсітпей, оларды қазақ халқының «жалғыз тұяқ», «түтін түтетер» деп еркелете де білетінін жазушы көріктеуіш құралдарды бейнелі де əсерлі қолдану арқылы көрсете алған.
Қыжымкүлдің жасы он алтыға толған соң-ақ Меккеге ағылған мұсылмандардай айттырып келушілер қыз əкесінің миын сасытты. Ақыл десең ақылы, көрік десең көркі бар, əрі Дəулетбай сияқты ордалы байдың қызына кім қызықпайды, кім құда болғысы келмейді. Тəшкен мен Түркістан аралығындағы атақты байлардың шырт киініп шіреген ұлдары қастарына ақылшы-кеңесшілерін алып бірінен соң бірі ағылып жатты. «Он бесінде отау иесі» дегенді қанына бек сіңіріп басқа уəжге құлақ аспай үйренген кеудесіне нан пісетін шырт етпе қазақтар Дəулетбайдың: «Қызым əлі жас, он сегізге толмай күйеуге бере алмаймын», — деген жауабын қорлады деп түсінді («Тіршілік», 320-б.).
Шығармада əкенің ескішілдікке қарсы күресі, ескішілдіктің жаңашылдыққа бой бермеуі берілген. Соңынан ескішілдік жеңіп, көре алмаушылар қызды ұрлатқызып, зорлап кеткені, Қыжымкүлдің қайғылы жағдайға ұшырағаны, қалған өмірінің мəнсіз де сəнсіз өткені əсерлі суреттеледі.
«Еркек» концептісін сипаттайтын макрофреймдік еркек бейнесін алсақ, этникалық санада қалыптасқан «еркектік белгілермен» кескінделеді:
Тек найза бойы озық келе жатқан жауырынды, қапсағай жігіттің тақымында ғана сұйық жал шұбар («Аққыз», 66-б.).
Наймантай бастаған жігіттер дүйім жұртты сəн-салтанатымен де, өнерімен де, бəсеке- белдесуімен де аузына қаратқан. Сол сапар аяқ жетер жерден асқа жиналған небір дуалы ауыздар Ақадыр, Қызылтау елінің бетке ұстар азаматы деп Наймантайды танып қайтты («Аққыз», 65-б.).
Бұл əзіл сөзсіз ауыз ашпайтын, қылжақпас Тұрсын деген жігіт еді. Өзі Наймантаймен құрдас болатын («Аққыз», 67-б.).
Қисыны келмеді деп, құйрығын шабына басқан түз тағысындай жағалау ерге лайық іс емес(«Аққыз», 80-б.).
Бағаналы жағының сөз түйіні тірелер адамы Аламан деген жас батыр еді («Аққыз», 96-б.).
Сонымен қатар «еркек» концептісін адамдардың бір-біріне туыстық, достық, қастық т.б. қатынастардағы сөздердің тобы құрайды.
Асқаралы таудай боп төрінде отырған əке жоқ, арқа сүйер алдында аға, тірек етер артында
іні жоқ, өзінше бұ да бір қысастығы болар» деп ойлады («Аққыз», 64-б.).
Салт жүрген жолаушының өзі араға екі қонып əзер жететін жырақтағы елдің сыры бұларға жұмбақ еді («Аққыз», 65-б.). Онда нағашы жұртың бола ма, құдаларың бола ма, оны өзің білесің («Аққыз», 67-б.). Бірлі-жарым малшы-жалшы «əуп» десіп өкшеге түскендей болса, көре жатар əуселесін («Аққыз», 72-б.).
«Бұл шаппа-шап айқасқа жай оғындай жылдам, сойылды қапысыз сілтейтін сырмінез серігі еді (Аққыз, 74-б). «Бұл қасиетін үзеңгі достары сүйсіне сөз етіп, «Шіркін-ай, осы сенің тақымың шаттауық пе, немене?!» деп қызыға қараушы еді («Аққыз»,74-б.).
Жəне де кез келген тілдегі сияқты қазақ тілінде туыстық қатынастарға байланысты қолданылатын əйел затының түрлі ұғымдары бар.
Қайын сіңлісі, Жаңылдың өзі алма кезек күн басқанша бірнеше келді («Кінəлі махаббат», 301-б.).
Тағы да «кімнің қызысың?» деген сөз көкірегінде қосарлана айтысып, сайрап тұрды («Басында Үшқараның», 191-б.).
Туыстық атаулардың өздері де бірнеше синонимдік қатарлардан тұрады. Əр синонимнің қолданылатын өзіндік орны болады. Ол сөздер жағдайға байланысты өз жөнімен жұмсалады.
Қыз балаларға, əйел адамдарға əдепті түрде «қарындас, бойжеткен, бикеш, сұлу келіншек» деп айтса, дөрекі түрде «қатын», тіпті одан да сорақы, дөрекілеу сөздерді қолдануы мүмкін.
– Қатын деген киізге ұқсас кіршең келеді, ауық-ауық қағып алмаса, шаң басып кетеді», — деп жатушы еді қариялар («Кінəлі махаббат», 284-б.).
О, Зерендінің қызғаншақ қатындары... Қош келсең жолың болғыр, қара көзім («Тыңдағы ауыл», 83-б.). Зерендінің салбөксе, өсекші əйелдері одан сақтану жайына ауысқан еді («Тыңдағы ауыл», 84- б.). – Қу, салдақы-ай, ə... («Жыланды жаз», 18-б.). Сен көк ми соны да білмейсің, ол сайқал сенімен Сері жігітке əнін салып отыр («Кінəлі махаббат», 282-б.), бұндай қолданыстарға əлдебір түсінік берудің қиын екендігін, қалай болғанда да оқырман басын шайқайтынын айта келіп, М.Серғалиев:
«...əдеби шығарманың көшеде айтылып жататын былапыт сөздердің стенограммасы емес екенін ғана еске сала кетуге тура келеді.
Шығарманың көркемдігін арттырып тұратын жайлар молшылық. Əділінде, көркем əдебиет болғандықтан, оның тілінің де көркем болғаны абзал», — деген əділ тұжырым жасайды [5; 224].
Негізінен, əйел затына құрметпен қарап, сыйлайтындай жағдайда болса, жағымды бейнелі сөздер көп қолданылады. Мысалы:
Сіздей əдемі бикештің қажетіне жарасам, өзімді бақыттымын деп санауыма болатын шығар?! («Ескі достар», 124-б.).
Сұлудың ақылы сыңар дегенге сенуші ем, — қызғанған, күйінген айтады екен ғой («Кінəлі махаббат», 287-б.).
- Айналайын, сен не ойлап келе жатырсың? («Басында Үшқараның», 182-б.).
- Қарындас, егер, Нурик керек болса — менмін, ал Юрик жоқ («Ескі достар», 124-б.) [9].
- Хош, көз нұрым, қуанышым! — деп жаулығымды жұлып ап лақтырып ем, Нұржан іліп алып көз ұшына дейін бұлғап барды («Кінəлі махаббат», 314-б.).
- Тобылғы талға біткен майысады, Қабырғам сені ойласам, қайысады. Өзіңнен айрылған соң, қайран сəулем,
Жылаумен жарық күнін, айқай, сəулем-ай, тауысады-ай... («Кінəлі махаббат», 331-б.) [10].
– Жаным, жазғырмашы! Сенің бір ауыз сөзіңді естімей, еш жүрегім дауалар емес («Кінəлі махаббат», 332-б.).
Жоғарыдағы мысалдардан басқа, «айым, гүлім, күнім, сəулем, жұлдызым» деген ұғымдарды білдіретін жағымды энергиялық қуаты бар тілдік бірліктерді жиі кездестіруге болады.
Бір ғана «ана» деген сөз түрлі нұсқада беріледі.
Көктемге салым шешем: «Азық бітті, базардан біраз ұн əкел», — деген соң, Көкталға бардым(«Кінəлі махаббат», 338-б.).
Анасы қайтыс болардың алдындағы қыс болатын («Басында Үшқараның», 197-б.) [11].
Ол келгенше тарқамайтын ашу апама бітіп көрген емес («Кінəлі махаббат», 308-б.).
Қазақ халқының еркек-əйелге қатысты ұғым-түсініктері, қалыптасқан көзқарасы ғасырлар бойғы өмір тəжірибесінде жинақталып, елеп-екшеуден, сұрыпталудан өткен халық даналығы мен философиялық толғанысының, мəдениетінің бұлағы мақал-мəтелдерде сақталған. Қазақ паремиологиясындағы «əйел» жəне «еркек» концептері «əке–шеше», «ата–ана», «қыз–жігіт»,«қалыңдық–күйеу жігіт», «қатын–бай», «ер азамат», «сері», «келіншек» т.б əлеуметтік-статустық байланыстарын бейнелейтін əлеуметтік-тұрмыстық, əлеуметтік-салт-дəстүрлік мазмұндағы көпдеңгейлі макрофреймдік тармақ түрінде көрсетіледі.
Мысалы:
Ұлға отыз үйден тыю,
Қызға қырық үйден тыю («Аққыз», 43-б.).
Қызды асырай алмаған, Күң етеді,
Ұлды асырай алмаған
Құл етеді («Аққыз», 44-б.).
Жаман ерден жайдағым жақсы,
Жаман қатыннан бойдағым жақсы («Аққыз», 35-б.).
Қарамаса қатын, бақпаса мал кетеді («Аққыз», 71-б.).
Қазақтың паремиологиялық дүние суретінің гендерлік негізі адамның əйел–еркек болып бөлінісін адам жаратылысы жайындағы таныммен түсіндіре отырып, жыныстық бөліністі еңбек бөлінісімен, оны əйел жəне ер адамның қоғамдық, əлеуметтік статусымен ұштастыра келіп, паремиологиялық дүние суретіне этнопедагогикалық, этнопсихологиялық, этномəдени сипат дарытады.
Сонымен, өткен ғасырдың 60–80-жылдарында жазылған прозалық шығармалардағы «əйел»,«еркек» концептілерінің тілдік көрінісі арқылы жазушылардың концептіні беру əдіс-тəсілдерін, когнитивтік модель құру жолдарын, дүние бейнесін стереотиптік емес ситуациялармен бейнелеу шеберліктерін байқауға болады.
Қорыта айтқанда, «еркек», «əйел» концептісі сұлулық, жастық, күйбең тіршілік, кəрілік, ата-ана, махаббат сипатында ұлттық таным тұрғысынан тілдік көрініс таба алғандығы біз талдаған мысалдардан айқын байқалады.
Əдебиеттер тізімі
- Нұрдəулетова Б.И. Жыраулар поэтикасындағы дүниенің концептуалдық бейнесі: Докт. дис. автореф. — Алматы,— 16-б.
- Гиздатов Г. Когнитивные модели в речевой деятельности. — Алматы: Ғылым, 1997. — С.
- Мажитаева Ш.М., Тажикеева А. Тілдегі гендерлік мəселе жөнінде: Халықарал. ғыл.-практ. конф. материалдары. —Қарағанды: Болашақ Баспа, 2009. — 313-б.
- Байғұтова А.М. «Қазақ əйелі» концептісінің этномəдени сипаты: Канд. дис .автореф. — Алматы, 2008. — 26 б.
- Серғалиев М. Көркем əдебиет тілі. — Астана: Еуразия ҰУ баспасы, 2006. — 368 б.
- Сейдімбеков А. Аққыз. Повестер мен əңгімелер. — Алматы, 2002. — 288 б.
- Мағауин М. Жыланды жаз // Беласқан. — 2-к. — Алматы, 1981. — 428 б.
- Исабеков Д. Екі томдық таңдамалы шығармалар. — Алматы, 1993. — 544 б.
- Мұқанбетқалиев Қ. Ескі достар // Беласқан. — 2-к. — Алматы,1981. — 428 б.
- Нұржекеев Б. Кінəлі махаббат // Беласқан. — 2-к. — Алматы,1981. — 428 б.
- Мұратбеков С. Басында Үшқараның // Беласқан. — 2-к. — Алматы,1981. — 428 б.