Мемлекеттік тіл саясаты — көп ұлтты Қазақстандағы тілдік ахуалды, тіл құрылысын қалыптастыру мен дамытудың негізгі факторы жəне ұлтаралық қарым-қатынаспен қоғамдық мүдде салауаттылығы мен қоғамдық келісімді реттеудің бір тетігі.
Тілдің қолдану аясын кеңейту жөніндегі белгіленген іс-шараларда жүзеге асыру, ең алдымен, мемлекеттік тілде сабақ беретін оқытушылардың тілді үйрету біліктілігінің жоғары болуын талап ету жəне сол оқытушылардың білім беру жүйесіндегі материалдық-əлеуметтік жағдайының жасалуын басты нысанға алып отырған жөн. Ең бастысы, мемлекеттік тілді əр түрлі деңгейде оқыту үрдісін қалыптастырып, оның оқу-əдістемелік, анықтамалық əдебиеттер жəне техникалық оқыту құралдарымен қамтамасыз етілуі қажет. Орыс тілді ортада оқитын қазақ ұлттық балалары үшін ана тілін тереңдетіп оқыту бағдарламасын енгізіп, олардың рухани болмысы мен намыс-жігерін тəрбиелейтін ұлттық орта жағдайын жасауды тез арада орнықтырумыз тиіс.
Қоғам дамуының жаңа кезеңіндегі білім мəнінің өзгеруі оқушыға ұсынылатын білім мазмұнының да түбегейлі жаңартылуын қажет етуде. Дəстүрлі білім беру жүйесінде басымдылық беріліп келген ғылыми танымның орнын ендігі жерде сол білімді жалаң қор сипатынан арылтып, оқушының өмірлік дағдыларының базасына айналдыру ұстанымы алмастыруда. Сол себепті ана тілі ретінде оқытылатын қазақ тілі пəнінің білім беру жүйесіндегі жетекші қызметіне сəйкес оның тіл туралы лингвистикалық дүниетаным қалыптастыратын жəне сөйлеу əрекетін жетілдіретін жеке пəндік қызметі мен барлық білімді меңгертудің құралы ретінде дұрыс ойлауға, сол ойын жүйелі əрі түсінікті етіп жеткізуге дағдыландыратын жалпыпəндік міндетін бірлікте қарастырудың маңызы зор. Бұл орайда ана тілінің діл қалыптастырушылық, тұлға дамытушылық, ұлттық даралықты айқындаушылық сипаттарына да ерекше мəн беру көзделеді.
Елдің елдігін, жердің тұтастығын, рухани-мəдениет өміріміздің бірлігін сақтауда қазақ тілінің мемлекеттік тіл деңгейінде атқарып келген биік тұғыры туралы өрісі кең танымдық жұмыс жүргізілсе, қолдану қажеттілігін тұғызса ғана оның өмір сүру тынысы кеңейетін болады.
Мемлекеттік тілді оқып-үйренуді биік деңгейге көтеру үшін болашақ ұрпақты, қазақи ортаны қазақ тілінде оқытып дайындауда білім департаменттерінің, мектептердің жəне жоғары оқу орындарының бірігіп жүргізген жұмыстары ғана жақсы нəтиже бере алады.
Қазіргі кезде дүниежүзілік ғылыми-техникалық үрдістің заңды жаңалықтарының əсерінен оқыту əдісінің мазмұны да кең түрде дамып, тіл үйрету технологияларының мазмұны тереңдей түсуде. Осы тұста ұлттық мектепте оқыту үрдісін ұйымдастыру жолы негізінен екі бағытта қарастырылуы керек деп санаймыз.
- Бүкілəлемдік деңгейдегі білім беру үрдісінен қалмау.
- Ұлтымыздың оқыту, таным, үйрету дидактикасының ерекшеліктері ескеріліп, оқыту үрдісінің негізгі нысанасы болуы қажет.
Аталған екі бағыттағы басты өзекті күш ана тілде оқыту, ана тілінде басқа ғылым көздерінің мəселелерін иегеру болып табылады [1].
Тіл сөйлеген сайын жетіледі, жазған сайын қалыптасады. Тіл мəдениетінің алтын діңгегі ұлттық идеологияда жатыр. Егер де егемендіктің мəні қазақ халқының тағдыры мемлекеттік тіл қызметін өтуге тиісті қазақ тілінің тағдырымен қосақталуы қажет.
Тіл мəдениеті мемлекеттік мүдде мен ұлттық болмысты жетілдіру, ұлттық идеологияны жандандыру үшін қызмет етуі керек. Қазақтың қанына сіңген асыл қасиеттер ұрпақтар санасына асыл сөздің қасиеттер ұрпақтар санасына асыл сөздің құдіретімен сіңетін болса, сол ұлы тіл құдіреттілігінің негізін оқытып, танымын жасайтын тіл маманы. Сондықтан қазақ тілі мамандары мемлекеттік тілді оқыту мен үйретудің ғылыми негізін терең меңгеруі қажет.
Əдеби тіл — бүкіл қазақ халқының мəдени мұрасы. Əдеби тілді жасауға бүкіл қазақ халқы, оның алдыңғы қатарлы мəдениет қайраткерлері көптен бері атсалысты. Өйткені əдеби тіл бүкіл қазақ халқын біріктіруші, ұйымдастырушы, іске, еңбекке, ерлікке жұмылдырушы, ілгері бастаушы ең өткір, ең жанды құралдың бірі болады.
Нақтылы əдеби тіл дегеніміз — көркем əдебиеттің тілі ғана емес, ғылымның барлық саласын қамтитын, халыққа өнер-білім беретін, тəлім-тəрбие үйрететін баспасөздің тілі. Көркем əдебиеттің тілі — сол кең мағынадағы əдеби тілдің саласы ғана. Ал əдеби тілдің негізі, базасы (қоры) болатын нəрсе — халық тілі — (фольклор тілі) екенінде дау жоқ.
Əдеби тіл жасалуынан бұрын, сөз жоқ, көптеген ру, ел-тайпа тілдері болып, содан кейін халық тілі жасалған. Халық тілі дегеніміз — диалектілерден (жергілікті ру-тайпа одақтарының тілдерінен) құралған, бірақ əдеби тіл сатысына жетпеген тіл.
Тіл тарихы əрбір ұлт тілінің тарихын тексереді. Диалектология — бір ұлт тіліндегі сөздердің, сөйлемдердің, дыбыстардың өзгешелігін тексеретін ғылым. Семасиология — сөздің мағынасын, оның қалай жасалатындығын тексеретін ғылым. Лексикология əр ұлт тілінің сөздік байлығын, олардың өсу заңдылығын тексереді. Грамматика тілдің фонетикасын (дыбыс жүйесін), морфологиясын (тұлғалық жағын), синтаксисін (сөз жатықтығын) тексереді.
Ана тілі. Əр ұлттың өз ана тілі бар.
Қазақ тілі дегеніміз — кең мағыналы сөз. Қазақтың əдеби тілі деген бар. Ол қазақ халқына ортақ ұлт тілі.
Лексикология мəселелеріне келетін болсақ, лексика дегеніміз — əр тілдің сөз байлығы. Тілдің байлығын тексеретін ғылымды лексикология дейді. Лексикологияның терминдерді тексеріп, жүйелейтін тарауын терминология дейді.
Семасиологияның мəселелері. Семантика дегеніміз — сөздің мағынасы. Жалпы сөз мағынасын, оның ескі, жаңа түрінің мағыналық жақтан өзгеру жолдарын тексеретін ғылымды семасиология дейді.
Жаңа дəуірге көшкен тіл ғылымы жəне қазақ тілінің кейбір мəселелері.
Адам қоғамында пайда болған зор табыстың, ғылыми жетістіктің бірі — грамматика.
Грамматика — грек сөзі, сөзбе-сөз мағынасы — оқу, жазу техникасы.
Лексика да грек сөзі, мағынасы — бір тілдің сөз байлығы, сөздік құрамы.
Қайбір тілдің болмасын, негізгі сөздік қоры бір ұғымнан бірнеше ұғым тудырарлық жаңа сөз жасауға база болады. Мысалы: «ат» деген сөзден туатын сөздердің өзін алсақ, мынандай: атшы, аттан, атақ, атой, атбегі, атпаз, атқосшы. «Ақ» деген сөзден туатын сөздер мынадай: аппақ, ағар, ақта, ағарту, ағартушы, ағарт, ақшыл, ақжарқын. «Бір» деген сөзден туатын сөздер мынадай: бірлік, бірден, бірме-бір, бірсыпыра, бірнеше, біртүрлі, біраз, бірақ, бірауыз, бірыңғай. «Мен» деген сөзден туатын сөздер: мендік, меніңше, менменсу, менмендік, меншік, меншіктеу, менсіну, менсінбеу.
«Кел» деген сөзден туатын сөздер мыналар: келін, келімсек, келешек, келгіш, келтір, келген, келім- кетім, келсе. «Кеш» деген сөзден туатын сөздер мыналар: кеше, кешегі, кешқұрым, кешке, кешік, кешігу, кешіктір, кешіктіру, кешкілік. «Бері» деген сөзден туатын сөздер мыналар: бергі, бергісі, берісі, бермен, бері қарай, бері таман.
Міне, бұған қарағанда, əрбір түбірлі, негізгі сөздеріміз белгілі жұрнақ арқылы немесе белгілі бір қосымша, көмекші сөздер бірігу, қосарлану жəне қысқару арқылы толып жатқан жаңа сөздер тудыратынын көреміз.
Қазақ халқының өзі ежелден бір тілмен ғана сөйлеп келе жатыр деп түсінуге, ойлауға болмайды. Қазақ халқы, қазақ мəтелімен айтсақ, «қырық рудан құрылған», «қырық ру» дегеніміз əрқайсысының өз алдына тілі болған, өз алдына бір уақыттарда жеке хандық құрған, жеке ел болған рулар одағы, я рулар, еді.
Қазақтың басты елінің бірі — арғындар. Арғындардың тілі туралы ХІ ғасырдағы ұйғыр оқымыстысы Махмұд Қашғари деген кісі өзінің 3 томдық «Диван лұғат ат-түрік» деген еңбегінде толық мəлімет береді. Ол кісі арғындардың тілін қыпшықтардың тілімен, ұйғырлардың тілімен жəне басқа толып жатқан тілдермен салыстырып келіп, нақты қазақ жеріндегі қыпшақтардың қимақ аталғанын да ескертеді. Онан əрі ғалым қазақ тілі, басқа тілдер сияқты, толып жатқан тілдердің қосындысынан, яғни толып жатқан ру-тайпа тілдерінің қосындысынан, туған дейді.
Тіл маманы əр уақытта мемлекеттік тілді деңгейлеп оқытудың сабақтастығын дұрыс игеріп, мамандыққа қатысты коммуникативтік-танымдық бағытта оқытудың түрлі əдістерімен жұмыс істеуі арқылы үйрету нəтижесіне жетері сөзсіз.
Тілді үйрету саласында ең бастысы, қоршаған ортаның қазақи тілде болуы жəне оның əр уақытта тіл үйренушіге қызмет жасауын басты нысанаға алынуы тиіс.
Тілдік ортаның қайнар көзі отбасыдан басталып, білім беру, тəрбие жүйесі, мəдени орта жəне бұқаралық ақпарат құралдары екені сөзсіз. Əуезді сөйлеу, тұжырымды ой, нақты тіл айшығы барлығы қарапайым ана тілінде сөйлеу психологиясынан бастау алады. Сөздік қорымыздағы əр алуан сөздер, айшықты оралымдар, мақал-мəтелдер, тұрақты тіркестер жиынтығы өз орнын тауып, сөйлеу қолданысына түсіріп, тілдегі варваризмнен сақтандыруы қажет.
Тіл байлығын халықтың байырғы, байсалды, берекелі, тамырлы, нəрлі сөзін барынша қолдану арқылы жүзеге асыруымыз қажет. Қазақ тілінің сөздік қорының молдығы сонша, тіл мамандарының есебі бойынша, тілдік қорымызда 100 мыңнан аса сөз қоры бар екен. Бұл саннан асып кетуі де ғажап емес!
Тіл — дамымалы құбылыс. Қазіргі таңда тіл мамандарының басты мақсаты таза орыс тілді аудиторияда коммуникативтік қатынастағы тіл ортасын қалыптасудан ресми сөйлеу тіл деңгейіне дейін жеткізу жұмысы жүргізілуі керек. Ал ең бастысы — «шала қазақтар», яғни тілді ұғып, сөйлей алмайтындар үшін, қазақи тіл ортасының қызметінің аясын тереңдетіп, ұлттық рухани менталитеттің өзекті күшінің болуына мұрындық болу.
Тіл үйренуші мен тіл үйренушінің арасындағы психологиялық аспектінің ең күрделі компоненті — іс-əрекет. Өйткені ол — орындалатын шаруа, істелетін жұмыс, атқарылатын қызмет. Сондықтан да оны өз алдында үлкен үрдіс ретінде жауапкершілікпен қарап, лайықты орнын таба білуіміз керек.
Тіл мен қоғамның өзара тығыз байланысы — екіжақты байланыс. Біріншіден, тілсіз ешбір қоғам өмір сүре алмайды. Тіл жоқ жерде адамдардың қоғамда бірлесіп еңбек етуі, қоғамдық өндірісті ұйымдастыруы, оны дамытуы мүмкін емес. Демек, қоғамның өмір сүруі, адамдардың бірлесіп еңбек етуі үшін қатынас құралы пікір алысудың құралы тіл қажет. Тіл — адам баласы қоғамның өмір сүруінің жəне дамуының қажетті шарты. Екіншіден, тіл қоғам бар жерде ғана өмір сүреді. Қоғам — тілдің өмір сүруінің шарты, қоғамнан тыс, адамдардың коллективінен тыс тіл жоқ. Қоғамның өмір сүруі үшін адамдардың бірлесіп еңбек етуі үшін тіл жоқ. Қоғамның өмір сүруі үшін, адамдардың бірлесіп еңбек етуі үшін тіл қаншалықты қажет болса, тілдің өмір сүруі үшін қоғам да соншалықты қажет.
Тіл — тек қатынас құралы ғана емес, сонымен бірге ойлаудың, ойдың жарыққа шығуының да құралы. Адамның ойы тіл арқылы, тілдегі сөздер мен сөйлемдер арқылы айтылып, белгілі бола алады. Ой жəне оның мазмұны тіл арқылы көрініп, сол арқылы ұғынады. Демек, ойлау мен тіл бірімен өз ара тығыз байланысты болады. Осылай болғандықтан, тілдің табиғатын айқындауда оның қатынас құралы, ойдың материалдық формасы екендігі де ескерілуі қажет.
Тілді қоғамдық құбылыстардың қатарына жатқызуға негіз болатын басты белгісі — оның қоғамға қызмет етуі екені сөзсіз. Тілден басқа қоғамдық құбылыстар, қоғамға белгілі бір салаға қызмет етеді. Ал тілдің басқа қоғамдық құбылыстардан айырмасын көрсететін айрықша ерекшелігі мынада: тіл қоғамға қызмет еткенде адамдардың қатынас құралы, пікір алысу құралы, бірін-бірі түсіну құралы ретінде адамдардың ісі мен əрекетінің барлық саласында: өндіріс пен экономикалық қатынастар саласында да, саясат пен мəдениет саласында да, қоғамдық өмір мен күнделікті тұрмыста да бірлесіп жұмыс істеуге мүмкіндік беретін құрал ретінде қызмет етеді. Демек, тіл адамның ісі мен əрекетінің барлық саласын қамтиды, осыған орай оның қимыл өрісі кең жəне əр жақты болады. Тілдің бұл ерекшелігі оның ең басты қызметі — қатынас құралы болуынан келіп туады.
Тіл үйренушінің мүмкіндік аясын анықтау амалы негізінен төменгі тұрғыда, атап айтқанда, сөйлеу тілінің сапасы, оның қолданудағы мүмкіндік аясы, ойлау қабілеті, психологиялық бейімділігінде дұрыс бағыт-бағдар болса, əрбір тіл үйренуші талап ниетінің негізгі құрылымы жасалады. Осы орайда қазақ тілінің тілдік құнарын жеткізуде мынадай шарттар орындалғаны лəзім: біріншіден, бағалауға асықпай, тіл үйренуші мүмкіндігін бақылау; екіншіден, тіл үйренушінің ықыласын оятып, тілді меңгерту ісіне бейімдеу, соған сендіру, үшіншіден, тілі меңгерту ісіне бейімдеу, соған сендіру; төртіншіден, кемшілік көргіш болмай, ықыласын емес, жеңісін іздеу керек, бесіншіден, тіл үйрену үрдісіндегі оның тілді үйрену əдісіне қамқорлық жасау. Міне, осы қарым- қатынас арқылы тілді меңгерту ісінде біліктілік күші орнайды, білімділік ортасы кеңейе түседі.
ХХІ ғасырда жақсы маман болу үшін мемлекеттік тілді ғылым мен өндіріске, тұрмыс пен мəдениетке сай білу керек. Мемлекеттік тілді оқып-үйренудің қиын да күрделі міндеттері осы тұрғыда шешілуі қажет.
Елбасы Н.Назарбаев: «Қазіргі заманда жастарға ақпараттық технологиямен байланысты əлемдік стандартқа сай мүдделі жаңа білім беру өте-мөте қажет», — деп көрсеткендей, оқытудың жаңа əдіс- тəсілдерін нақты жəне жан-жақты творчестволықпен тіл маманының пайдалана білуі — бүгінгі таңда білім сапасын арттырумен жетілдірудің ерекше жолы [2].
Жаһандану əлемінде əр халықтың, əр ұлттың өзіндік өмір салтын қазіргі өркениет талаптарына сай жетілдіре отырып, өзіндік ұлттың ұлағатын сақтап қалу — ең басты міндеттің бірі.
Жастардың өз болашақтарын тек ағылшын тілін білумен шектеліп, не соған барынша ұмтылса, өз ана тілінде ойлау, сөйлеу, өмір сүру қабілетінен айрылып қалары сөзсіз. Сөз жоқ, олардың бойында ана тіліне, мемлекеттік тілге, ел тарихына деген немқұрайлық пен жауапкершіліксіздікті тудырады. Ойымыз дəлелді болу үшін сан жылдар бойы орыс тілінде ойлап, сөйлеп, өмір сүрген ұрпақ психологиясы əлі күнге дейін сол тілде ойлауынан арыла алмай жүр. Бұдан біз орыс тіліне не ағылшын тіліне деген қатынасымызды, құрметімізді шеттетейін деп отырғанымыз жоқ, керісінше, ұлт тілін жетік білу арқылы бүгінгі таңда талап етіліп отырған үш тілдік білімді меңгеру əрекетіне қамтамасыз ету жолын шешер едік.
Əр халықтың рухани құндылықтарының ақпараттар ағымына төтеп беруі мен жан-жақтан толассыз түсіп жатқан жат түсініктер тасқынына ілесіп кетпеуі үшін жас ұрпақтың білімінің берік, білігінің бекем болуы, ұлылылығының ұлы болуы өте мəнді де, маңызды болып саналады. Ал бұл, əрине, білім беру жүйесінің барлық деңгейлеріндегі оқу, тəрбие, ғылым жүйесінің ұйымдастырылуына байланысты.
Білім мазмұны, оқыту үрдісі мен оның түрлері, оқытудың əдіс-тəсілдері, білім нəтижелері рухани мəдениеттің тұтастығымен дамытылса, үздіксіз білім беру жүйесінде мемлекеттік тілді үйрету мен оқытудың біршама мəселелері өз шешімін табады.
Мемлекеттік тіл пəнін меңгертудің мазмұндық жүйесін саралауда сананы дамытуға əдістемелік сипатын жетілдіруде, оқу үрдісіндегі білім-біліктерді тіл үйренушінің ішкі жан дүниесімен, көзқарасымен үйлестіруге басымдылық беру қажеттігін танытады.
Оқыту үрдісінде тіл үйрету құбылысы грамматикадан басталмау қажет. Тəжірибемізге сүйенсек, тіл үйренушінің тілді меңгеру қабілетіне баратын ой-зейінің, ынтасын жойып алмау жолын ойласақ, сөйлеу əрекетінінің барлық компоненттерінен басталу қажет. Тек осы бағыт арқылы пəнді оқытудың өзектілігін меңгеріп, сауатты жазылым жəне сауатты сөйлесім əрекетіне жетеміз. Бүгінгі күнде тіл меңгерудегі сəтсіздіктің бірі — үздіксіз білім беру жүйесіндегі мемлекеттік тілді үйретудің біртұтастық пен өзара сабақтастыққа негізделген білім мазмұнының əлі күнге дейін нақтыланбауы. Ойымызды айқындайық: жалпы білім беретін мектептің бастауыш сатысындағы «Танысу»,«Сəлемдесу», «Менің мектебім», «Жыл мезгілдері», «Менің досым» сияқты лексикалық тақырыптар минимумы айнымай тағы да сол қалпында колледж, институт, университеттің бастауыш топқа арналған «Қазақ тілінің» типтік оқу бағдарламаларында айнымай қайталанып отырады. Осы қайталаушылық жастардың мемлекеттік тілді меңгеруге деген құлығын тоқтатып, «біз бұны білеміз» деген бірізді ойда қалып, ой дамыту зейіні жетілмейді. Осы ретте үздіксіз білім беру жүйесінің барлық деңгейлерінде оқытылатын мемлекеттік тілдің оқу пəні ретіндегі бір тұтастыққа негізделген нормативтік, əдістемелік жүйесі мен деңгейін бүгінгі күннің ең көкейкесті мəселенің бірі деп қарауымыз қажет.
Мемлекеттік тілдің функционалдық қызметін дамыту жастардың қажетінен туындайтын əлеуметтік факторларға негізделген жүйеге бағындырылуы тиіс. Тек осындай сəтте ғана оқулықтарымызда қайталана беретін танымдық оқу материалдары бір ізге түсіп, білім мазмұнында өзіне лайық орнында болар еді.
Екінші, мемлекеттік тілді оқытудың кеңістігі мен уақыт өлшемінің дұрыс болмауы. Шетел аудиториясында ағылшын, француз, қытай, неміс тілдерін үйрету үшін əр күннің төрт сағатын арнайды екен. Соның өзінде сөйлесім, тілдік қатынас аудиториясының тынымсыз əрекеті арқылы сол тілде еркін сөйлеу, еркін ойлау дəрежесіне жеткізу амалдарының тиімді əдістерін қолданады екен. Ал біздің тілдік үйрету кеңістігімізде мектепке аптасына екі рет, колледж, институт, университетте бар жоғы 90 сағат, І-курстың бірінші семестрінде мемлекеттік тілді — «оқытып, үйретіп тастаймыз», жəне оған бұқаралық ақпарат құралдарындағы орыс тілінде жүретін хабар, бағдарламаны қосыңыз, қоғамдық ортаны алыңыз, міне, қаншалықты біздің ана тілімізде сөйлеу өреміздің дəрежесінің қандай екеніне көзіңіз жетеді. Əрине, сөз жоқ, өзіңіз байқағандай, оқытуға аз сағат, үйретуге аз ауқыт бөлінген!
Тəрбиелік қуаты берік білім халықтың өз болашақ даму бағытын өзі айқындауына жол ашады. Білім беруді қоғамның сұранымына сəйкестендіріп жасасақ, қазақ тілінің оқытылу сапасы əлдеқайда жоғары болар еді.
Тіл білімінің мақсаты — жалаң ережелерді, жетпеген тілдік дағдыларды меңгеру емес, тілдің өмірлік тынысының басымдылығын ұйымдастыру арқылы жас буынның мемлекеттік тілде сөйлеуге деген мүдделігін ояту, оның ішкі сөйлеу тілінің пайда болуына алғы шарт жасау.
Тіл сабақтарында оқушылардың өз ойын, өз пікірін еркін айту деңгейіне жету үшін оқытушы тарапынан іскерлікті дамытып отыру қажеттілігі туындайды. Оны, біздің ойымызша, мына өлшемдермен беру керек сияқты.
Үздіксіз білім беру жүйесінде қазақ тілі міндетті түрде жетекші пəн ретінде оқытылып, қай деңгейде оқытылмасын, одан мемлекеттік емтихан тапсыру керек.
Қазақ тілін оқытудың ғылыми-əдістемелік негізін терең зерттеп, оны оқытудың стратегиясын жасау.
Тіл мəдениеті арқылы қоғам мүшесін ұлттық рухта тəрбиелеп, мемлекеттік тіл пəрменділігін күшейту керек.
Тілді үйрету деңгейінің сатылай дамып отыратын жағдайын қамтамасыз етіп, өзара сабақтастыққа құрылған біртұтас кешенді білім мазмұнын жасау.
Мемлекеттік тілдің қоғам өміріндегі қызметін сауатты, жауапты тұғырда ұстап, оның нормативтік, құқықтық, əлеуметтік ұлттың сипатын сақтау.
Қазақ тілі — ұлы Қазақ елінің тəуелсіздігінің биік тұғыры. Ұлтымыздың рухани байлығын ұлттың тағылымы мен тарихын, мəдениеті мен болмасын, əлемге танытып жеткізетін осы Қазақ тілі.
Əрбір ұстаз осы міндетті шешу үшін жас ұрпақтың сана-сезіміне қазақ тілінің қаншалықты əдемі де зерлі, бай да парасатты тіл екенін айтып үйретуден жалықпауы керек. Ең бастысы, жас буын ұлы Қазақ рухымен өсіп, оның бай тілімен сөйлеу психологиясына тəрбиелеу қажет!
Адам санасы кеңістіктегі болып жатқан оқиғалар тынысымен қаруланады, оның зейіні, жан дүниесі қоғамдық қарым-қатынас принциптеріне қарай қызмет жасайды. Осы ретте, қазақ тілі кеңістігінің кең болып, еркін өмір сүруіне зор мүмкіндік жасалыну қажет. Бұл мүмкіндік адам > қоғам > əлем; білім > қоғам > орта; қызмет > білім > орта алгоритмінде жүзеге асырылу керек.
Қазіргі таңда кезек күттірмейтін мына мəселелер шешілу қажет.
- Қазақ тілі — мемлекеттік тіл ретінде қоғамның, барлық ұлт өкілдерінің қажеттілігін өтейтін дəрежеге жеткізу.
- Ғалымдар, əдіскер, мектеп, мұғалімі, болашақта əдістемелік қызметін тұтастығы мен əр деңгейдегі «Қазақ тілі» оқулығы қайта жазылып, білім стандартына сəйкестендірілу керек.
- Қоғамдық-тарихи, гуманитарлық, ұлттық төл оқулықтарымыз қайта өңдеуден өтіп, мазмұны мен келбеті заман талабына сай жарық көру керек.
- Ұлттық тілде білім беретін жəне тікелей қазақ тілі мен əдебиеті мұғалімдерінің біліктілігі мен білімділігін тез ара жан-жақты дайындап, білім беру міндетін айқындау қажет.
- Орыс тілді аудиторияда қазақ тілі мен əдебиеті мамандарын даярлау ісінде біліктілік институтының білім беру қызметін кешенді түрде ұйымдастырып, бақылауға алу.
Мақсат: білімді тереңдетуде оқушының өзіндік танымы арқылы қол жеткізу, яғни білім мазмұны оқушы біліктілігінің базасы болатындай. Оқушының өзіндік ізденістеріне негіздей отырып, білім алуына жəне біліктерді меңгеруіне қажетті жағдайларға молырақ мүмкіндік беру. Оқушы өздік, шығармашылық жұмыстарды орындауы тиіс. Яғни білім мен білік оқушының өздігінен ізденуіне, түрлі тілдік жағдаяттарды тіл жұмсауға төселуіне жəне оның лингвистикалық дүниетанымының кеңеюіне жол ашатындай тілді əр қырынан өздік əрекеті арқылы тану жолымен меңгерту.
Сонымен, студенттер мен магистранттарға арналған қазақ тілінің тереңдетілген оқу материалдары төмендегідей дидактикалық, əдістемелік ұстанымдарға негізделеді:
- теория мен практиканың бірлігін кеңейту, яғни тілдік бірлік пен коммуникативтілік біліктің қатар қалыптасуына жол ашуды көздей отырып оқыту;
- қазақ тіл білімі салаларының бір-бірімен ұштастырыла берілуін қамтамасыз ету;
- оқушының жас жəне психологиялық ерекшеліктерін ескеру, яғни, тіл туралы білімнің оқушының жеке бас қасиеттері мен қабілеттерін дамытуына мүмкіндігін барынша дұрыс пайдалана отырып оқыту;
- тілдік білімде сөйлеу əдебі, сөз мəдениеті талаптарына ерекше мəн бере отырып оқыту [3].
Сөйтіп, оқушыларға стилистиканың міндеті мен мақсаты, тілдік құралдардың стилистикалық сипаттамасы, грамматикалық стилистика туралы, яғни лексика, фразеология тарауларының негізгі стилистикалық қызметтері жайлы талдай отырып, практикалық жолмен меңгерту.
Стилистиканы тереңдетудегі мақсат:
Стильдің түрлерін оқытқанда олардың ортақ белгілері мен əрқайсысының өзіне тəн ерекшеліктерін ашу міндеттелінеді. Сондықтан стильдің түрлері мынадай төрт белгісіне қарай нақты ажыратылып игертілуі шарт: бірінші, əр стильдің қолданылатын орны; екінші, əрқайсысының жеке мақсаты; үшінші, əрбірінің стильдік сипаты; төртінші, əр стильде жиі қолданылатын тілдік құралдар. Осы бірізділікті сақтай отырып түсіндіру оқушыны стиль туралы білімі мен білігінің сапасын арттыруға оң ықпал етері сөзсіз.
Мəселен, мынадай тұрғыда қарастырсақ: Барлығы — 102 сағат, аптасына 3 сағаттан.
Базалық бағдарлама — 34 сағат, аптасына 1 сағаттан. Үстеме — 68 сағат, аптасына 2 сағаттан.
Жалпылама бақылау жұмысы — 9. Тереңдетілген бақылау жұмысы — 5. Қазақ тілінің қоғамдық мəні (1 сағат).
Қазақ тілі — қазақ халқының ұлттық əдеби тілі. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі.
Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі қызметі, қолданылатын орындары.
Қазақ тілі — қазақ халқының ұлттық тілі (2 сағат).
Қазақ тілінің тарихи бастауы көне тілі екендігі. Көне түркі тілінен тараған түбі бір түркі тілдері қазақ, қарақалпақ, ноғай, башқұрт тілдері. Ұйғыр, өзбек тілдері. Түркі халықтарына ортақ ескерткіштер мен əдеби мұралар жайында түсінік.
Стилистика жəне тіл мəдениеті (15 сағат +68 сағат).
Сөздердің стильдік қызметіне байланысты түрлері (3 сағат+17 сағат).
Сөйлеу тілінің лексикасы, оның түрлері. Лексиканы еске түсіру, бейтарап (стильаралық) лексика, сөйлеу тілінің лексикасы. Стильаралық бейтарап лексика. Табу. Қарапайым сөздер, кəсіби сөздер, диалектизмдер. Кітаби лексика. Қазіргі кітаби лексика туралы түсінік. Көнерген сөздер мен неологизмдердің қолданылуын табу. Сөздің экспрессивтік, эмоционалдық бояуы. Экспрессивтік- эмоционалды лексика. Сөз жəне оның мағынасын ашу. Метафораны мəтіндерден табу. Метонимияны көркем əдебиеттен, сөздің көп мағыналылығы (полисемия) жəне омонимдерді ажырата білуге жаттығу. Омоним, сөздікпен жұмыс. Синоним, сөздікпен жұмыс. Антонимдерге жаттығу, сөздікпен жұмыс істей білу.
Қазақ əдеби тілінің стильдері (12 сағат + 51 сағат).
«Стиль» ұғымының сөйлеу жəне оның формаларымен байланысты қаралатындығы, стильдердің негізгі арқауы сөйлеудің ауызша жəне жазбаша формалары екендігі.
Сөйлеу стилі (2 сағат). Ауызекі сөйлеу стилінің тікелей қатынас жасауда көрінетіндігі. Оның ауызша жəне жазбаша түрлері. Сөйлеу стилінің қолданылатын орны, диалог лексикасы. Ауызекі сөйлеу стилінің қолданылатын формалары: жарыссөз, лекция, консультация, баяндама, əңгімелесу. Сөйлеу стилінің ерекшеліктері.
Көркем əдебиет стилі (2 сағат). Көркем əдебиет стилі сөз арқылы өрнектелетіні. Мұнда сөздердің, сөз тіркестерінің, сөйлемнің бейнелі қолданылатындығы. Тілдің эстетикалық қызметі көркем əдебиет стилінде ерекше көрінетіндігі. Көркем əдебиет стиліне көп мағыналылық, бейнелілік сипаттардың тəн болатындығы. Мақал-мəтелдер мен фразеологизмдердің кеңінен қолданылатындығы. Көркем əдебиет стилінің басқа да ерекшеліктері.
Ресми іс-қағаздар стилі. (Кеңсе стилі) (2 сағат + 15 сағат).
Өтініш, сенімхат, арыз, қатынас қағаз, мінездеме, хабарландыру, мəжілісхат, өмірбаян, мəлімдеме (рапорт) жəне ресми құжаттар, заң ережелері, өкімет қаулылары, халықаралық шарт т.б. ресми іс-қағаздарының айрықша қарым-қатынас жасау құралы болып саналатындығы. Іс-қағаздар стилінің ерешеліктері, лексикасы, практикада меңгерту. Орыс тілі арқылы енген фразеологизмдердің қолданылуы.
Публицистикалық стиль (2 сағат). Публицистикалық стильде қоғамдық-саяси мəселелердің көрінетіндігі. Қоғамдық-саяси фразеологизмдерді еске түсіру, білімдерін кеңейту, стилистикалық қызметіне шолу. Фразеологиялық синонимдерге жаттығу. Фразеологиялық единицалардың экспрессивтік, эмоционалдық бояуы. Фразеологизмдердің экспрессивтік қызметіне қарай топтыстырылуы. Бейтарап қолданылатын фразеологизмдер. Сөйлеу тілінің фразеологиясы. Кітаби сипаттағы фразеологизмдер. Көнерген тұрақты сөз тіркестері. Фразеологизмдерді қолданудың стилистикалық тəсілдері. Фразеологизмдердің жалпыхалықтық формада қолданылуы. Фразеологизмдердің өзгертіліп, авторлық өңдеумен қолданылуын мəселелердің бұл стильде ауызша жəне жазбаша түрде қалыптасатындығы. Публицистикалық стильдің жұмсалу формалары (əдістері): газет-журнал, радио, теледидар. Публицистикалық стильде шешендік өнердің қажеттігі. Публицистикалық стильдің ерекшелігі: ресми стильге жəне көркем əдебиет стильдеріне жақындығы. Сөз саптаудың баспасөз айдарына байланыстылығы.
Осы ретте оқытылатын білім жүйесі студенттер мен магистранттарға білім мазмұнын іріктеуге мүмкіндік туғызады. Ол үшін мынадай ұстанымдарды жүзеге асыру қажет.
Білім беру саласында тіл үйрету мен аударма ісінің арасын айшықтап, оның басты қызметіндей сапалық жүйесін қадағалау.
Мамандық ерекшелігіне қарай қазақ тілін оқытудың салалық оқу бағдарламасын, түсіндірме сөздігін, терминдік сөздіктерін, оқулықтарын бір жүйеге келтіріп, оның бастауыш жəне тереңдетіп оқыту үрдісін тез арада ұйымдастыру.
Тіл меңгеру — ұзақ та, қиындық келтіретін, əрбір тұлғаның жеке басының келбетіне сай жүргізілетін үрдіс. Сондықтан оқытушы өз үйренушілерін осы үрдіске тарту арқылы олардың тіл үйрену қабілеттері бар екеніне сенімін оятып, үнемі түсініктеме мен кеңестер беріп отыруы қажет. Қайсыбіреуі тілді бірден меңгеріп кетеді, бірақ ондайлар өте аз. Ал тілді баяу, ұзақ меңгеретіндер үшін, оқытушы, ең болмағанда, қазақ тілін үйренудің көп пайдасы бар екенін, оның кəсіби, рухани өсуіне жол ашатынын түсіндіру арқылы тіл үйренуден қашпауын қамтамасыз етуі қажет.
Əдебиеттер тізімі
- Қоянбаев Ж.Б. Педагогика. — Алматы,
- 2001–2010 жылдарға арналған тілдердің қалыптасуы мен дамуының мемлекеттік бағдарламасы // Егеменді Қазақстан.— 2001. — 17 ақп.
- Хасанов Б.Х. Қазақстан Республикасында қазақ тілі қызметінің социолингвистикалық мəселелері. — Алматы,