Қазіргі таңда кез келген қарым-қатынасқа негізделген оқулық жасау магистранттың коммуникативтік қажеттілігін белгілеуден басталады. Егер олардың жиынтығы белгіленсе, оқытудың коммуникативтік, яғни қазіргі заманға сай, прогрессивті түрі қамтамасыз етіледі деп есептеледі.
Қазақ тілін оқыту сапасын арттыруға бағытталған жұмыс түрлерін ұйымдастыру жолдарын іздестіру оларды мамандыққа байланысты мəтіндер арқылы жүзеге асыруға болатындығын дəлелдеді. Мамандыққа байланысты əдебиеттерден алынған мəтіндерді беру арқылы қазақ тілін оқуға магистрантты ынталандырып, оның тілді оқуға қызығушылығын арттыруға болады. Магистрант өз мамандығына байланысты мəтінді қызыға жəне ғылыми іздене отырып оқиды. Мамандығына байланысты мəтін арқылы магистранттың келешек мамандығы бойынша өте қажетті, пайдалы мағлұмат беріледі. Ол магистрант білімін, танымын толықтырады.
Курстың бастапқы сатысында магистрант сөйлеу дағдыларының 4 түрін білуге міндетті: сөйлеу, тыңдау, оқу жəне жазу.
Оқу: оқудың негізгі ережелерін білу, дауыс ырғағын дұрыс келтіру, сөздікпен жəне сөздіксіз оқу; қажетті ақпаратты табу, оқылған мəтіннің мазмұнын түсіну.
Жазу: емленің негізгі ережесін білу, жазбаша жұмыстарды орындай білу.
Тыңдау: лексикалық минимум көлемінде монологтік жəне диалогтік сөйлеуді меңгеру.
Сөйлеу: өз ойын, пікірін қазақ тілінде жеткізу, сұрақтар қоя білу жəне оларға жауап қайтара білу, полилогке қатысу.
Əлеуметтік-қоғамдық пəндердің ішінде жалпы білім беру пəндерінің бірі болып саналатын қазақ тілі пəні осы факультетте жүргізілетін барлық пəндерге қажет.
Əлеуметтік-қоғамдық пəндердің ішінде жалпы білім беру пəндерінің бірі болып саналатын қазақ тілін оқытудың мақсаты: магистранттардың кəсіби жəне қарым-қатынас құзыретін қалыптастыру; лингвистикалық, дискурстық жəне əлеуметтік-мəдени компетенциясын интегративтік негізде қалыптастыру.
Белгілі бағдарлама көлемінде оқытылатын тілдің фонологиялық, грамматикалық, лексикалық құбылыстарын білу жəне оларды қарым-қатынас жəне кəсіби əрекеттерінде пайдалануы лингвистикалық құзырет мазмұнына кіреді.
Магистранттардың тіл нормаларын, тіл құралдарын білуі, дағдылануы жəне оларды сөйлеу түрлеріне (баяндау, сипаттау, монолог жəне диалог) сəйкес қарым-қатынас жəне кəсіби əрекеттерінде, мəтіндер мен өз ой-пікірлерін құрастыруда пайдалануы дискурстық компонентке жатады.
Магистранттардың ұлттық тіл құбылыстарының ерекшеліктерін оқытылып отырған тіл құбылыстары мен сол елдерге тəн ерекшеліктермен салыстыру əлеуметтік-мəдени компонентті құрайды.
Курс міндеттері сөйлеу əрекетінің: сөйлеу, тыңдау, оқу жəне жазу сияқты барлық түрлері дискурсты қабылдау мен тудыру (диалогтық қарым-қатынас), медиацияға (арнайы мəтіндерді аудару) байланысты талаптармен анықталады.
Пəн бойынша қазақ тіліндегі тəжірибелік курс бағдарламасы төмендегідей тапсырмаларды қамтиды, яғни болашақ магистранттардың білім алуы мен іскерлік талабын қамтамасыз етеді [1]:
- оқу ролінің негізінде сөйлеу əрекеттерінің барлық түрлерін қазақ тілінде іске асыру;
- келешектегі кəсіптік қызметті жетілдіру үшін жоғары оқу орнында, жоғары оқу орнынан кейінгі алған білімін жəне іскерлігін өз бетінше арттыру;
- тілді тұрмыстық, кəсіптік, іскерлік байланыс мақсатында пəнге берілген сағат бойынша лексика-грамматикалық, фонетикалық минимум (ең аз шама мөлшерінде) негізінде меңгеру жəне тұрмыстық, кəсіби жəне іскерлік қарым-қатынаста пайдалану.
Магистрант семестрдің соңында өзін таныстыруда, тұрғылықты орнын, айналасындағы адамдарды суреттеуде қолданатын белгілі фразалар мен ілікпе сөздерді күнделікті қарым-қатынас ситуацияларында пайдалана білуі керек жəне оқулықпен, анықтама материалымен, құжаттармен, мерзімді баспасөз, əдебиеттермен жұмыс істеуге дағдылану керек.
Аударма тілі ұлт əдеби тілі мен орыс тілін жақсы білуге, оның қағидаларын дұрыс қолдануға жəне ұлт терминологиясының дұрыс жасалып, дұрыс пайдаланылуына байланысты əдемі жəне айқын болмақ.
«Термин» деп танылған, қабылданған сөздің бір-ақ мағынасы болуы керек. Екіұшты мағына беретін сөз термин болып жарытпайды. Сондай термин сөз, əрине, кейде əр түрлі ғылым саласында қолданылуы мүмкін. Мысалы: «реакция» термині химияда, физиологияда, қоғамдық ғылымдарда бірдей қолданылады.
Кейбір аудармашылар белгілі терминдердің қазақ тілінде толық баламасы бола тұрса да, аударуға қолы батпайды. Қазақ тілі сөз байлығының асылдану жолы біржақты дамиды деп түсінеді. Бұлай етушілер орыс тіліндегі талай термин сөздер бұл күнде қазақ сөзімен алынып жүргенін, оның өте орынды екенін білмейді. Мысалы: пространство — кеңістік, полуостров — түбек, дельта — атырау, залив — шығанақ, подлинник — түпнұсқа. Бұлай аудару қандай тамаша!
Орыс тілінен термин дəрежесіне көтерілген сөздің бəрін аударуға болмайды. Олардың ішінде халықаралық-интернационалдық мəнге ие болғандарын аударудан бастарту жөн. Мысалы: совет деген сөздің бірінші мағынасы — басқару орны, мемлекеттің жаңа түрін бейнелейтін, мағынасы үлкен сөз. Бұл аударылмайды. Ал екіншісі — кəдімгі біздің кеңес, ақыл деген ұғымды білдіреді. Мұны аудару қажет.
Кейбір авторларымыз, аудармашыларымыз жалпы халыққа түсінікті болу дегенге мəн бермей, өзінің туған жерінің, аулының, ауданның я облысының адамдары ғана түсінетін, білетін сөздерін баспасөз бетіне орынсыз ендіріп, қолданып жүр. Мұндай сөздерді тіл ғылымында диалектизм, я провинциализм, дейді. Мысалы: облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде (1957 жыл 24 шілде)«Өсімдіктің біркелкі ызаланып суарылуын жүзеге асыру керек» деген. Бұл сөйлемдегі ызаланып деген сөзді басқа облыстың қазақтары түсінбейді. Оның орнына сіңіре суарылуын деген тіркесті қолданса, дұрыс жəне көпке түсінікті болар еді, ыза деген сөз қазақтың əдеби тілінде кек, ашу сөздерімен синонимдес екенін ескермей болмайды. Оңтүстікте ызаның негізгі мағынасы — дымқыл, сыздауыт деген ұғымға сай.
Байқауымызша, аудармашылардың кейбірі іске творчестволық көзбен қарамайды, əр сөздің үйлесімін, орнын, синонимдік қатарлардың мəнін салмақтап, таңдап отырмайды. Кемшіліктердің бірсыпырасы осыларға да байланысты.
Диалектизмдерді орынсыз қолданудан авторлар сақтануы керек. Себебі олар көркем əдебиетте жергілікті халықтың əдет-ғұрпын, іс-əрекетін суреттеу үстінде белгілі персонаждың аузымен мөлшерлі түрде айтылуы ғана мүмкін. Автор өзінің суреттеуінде, топшылауында ондай сөздерден аулақ болуы шарт.
Қазақ халқы — ежелден ауыл шаруашылығымен шұғылданып келе жатқан халық. Ерте заманнан бері қазақтың ерекше көңіл аударғаны — мал өсіру, егін кəсібімен айналысты. Осыған лайық қазақ тілі ауылшаруашылық терминге, сөзге ерекше бай. Алайда сөздік жасауды қолдарына алған жоқ, екі- ақ адамның еңбегі бар. Аудармалардың тілінде тіл нормасында қайшылық көп. Аударудағы басты кемшіліктердің бірі — термин сөздердің тұрақты, дұрыс қолданылмауы. Мысалы: пруд деген термин су қоймасы деп аударылған. Оны не тоған, не бөгет деп аудару керек еді. Өйткені су қоймасы — водохранилище деген терминнің қазақшасы. Гречиханы бұршақ деп аударған. Шынында гречиха — қарақұмық. Бұршақтың орысшасы — горох. Плотник деген сөз бірде балташы, бірде ағаш шебері болып екі вариантта аударылған. Крупный рогатый скот деген сөз тіркесі сиыр малы деп аударылған. Оның дұрысы ірі қара мал болу керек. Бұл ауызекі тілде де, баспасөзде де қалыптасқан тіркес.
Бұндай кемістіктер мектеп оқулықтарында, саяси-көркем əдебиеттерде, классиктер шығармаларының аудармаларында бар. Қазақтың əдеби тілін бұдан былай да көркейту, байыту — баспасөз орындарының, ғылыми мекемелердің, жоғары оқу орындарының жəне ғалымдардың, ақын-жазушылардың міндеті. Бұлардың саналы түрде қазақ тілін байытуға атсалысуы төрт жолмен орындалады деп білеміз.
Оның бірі — өз шығармаларын əдеби тілдің арнасынан ауа жайылмай, əрбір сөзін, сөз тіркесін я сөйлемін сынап, қырнап, екшеп, белгілі нормада қолдануына байланысты.
Екіншісі — оқымысты ғалымдар, аудармашылар, баспа қызметкерлері өз тəжірибелерінде, күнделікті істерінде қазақ тілін ғылыми терминдермен байытуға атсалысуына байланысты. Мұның өзі, біріншіден, ғылымның əр саласына лайық орысша-қазақша термин сөздігін жасауды міндеттейді, екіншіден, қазақтың өз тілінен термин дəрежесіне көтерілетін я көтерілген сөздерді жинап, тəртіпке келтіруді міндеттейді, үшіншіден, қазақ тіліне енген интернационалдық терминдерге жəне қазақ сөзінен терминдік дəрежеге жеткен сөздерге терең талдау беретін түсіндірме сөздік жасауды міндеттейді.
Үшіншісі — институттың филология факультеттерінде аударманың теориясы мен тəжірибесі деген курс енгізіп, сол арқылы аудармашы маманын даярлау.
Төртінші — жұмысшылар мен қызметкерлер арасында жақсылап қазақ тілінде техникалық оқу ұйымдастыру. Бұл күнге дейін өндірісте, өнеркəсіп орындарында мұндай оқу жоқтың қасы, қазақ жұмысшылары техникалық оқулықтарды, оның терминдерін жақсы білмейді, көбінесе терминдерді бүлдіріп қолданады. Мұны жақсы жолға қою үшін, қазақ тілінде «Техникалық оқу» атты журнал шығаратын уақыт жетті.
Тіл — қоғамдық қатынастың, дүние танудың, ақылға, миға əсер етудің ең мықты құралы. Бұлай құрал болудың өзі жеке бір я бірнеше байланысты сөздердің бірге айтылуы болып табылады. Бұлар ойдың топшылауымен айтылатын болғандықтан, белгілі айқын ойдың əсері, сəулесі деп айтуға болады. Ой дегеніміз — адамның керегіне, қажеттігіне қарай іс қылатын нəрсе; оның түрі көп. Бұл түрлер тұлға, мағына жағынан əлденешеге бөлінеді. Мазмұнына сəйкес емес тұлғалар да болады (идиомалар).
Осы күнге дейін жазылып келген грамматикалар адам ойының жүзеге асуы ретінде болған болмыстың бір жағын (тек сөзбен айтылуы) ғана алып, екінші жағын (ымдау, қол сілтеу, бас изеу) мүлде ескермеген. Бұл үлкен кемшілік, өйткені бұл қимылдар арқылы да осы күнгі адам баласы өзінің ойын білдіріп, керекті мүддесін орындап жүр. Ым тілі тек ым арқылы ғана болып қоятын көрінбейді, кейбір осы күнгі сөйлемдеріміздің өзі де нақты ым тілінің бір түрі деуге болады. Мысалы: Жылқың қайда? Онда; Кім айдап салады? Анау! Құрығың қайда? Міне! Осындағы жауап есебіндегі айтылған сөздер тек ым қосылып айтылғандықтан түсінікті. Егер ым жоқ болса, олай айтылмайды.
Сөйлемнің қай түрі болса да синтаксиске кіреді. Сөйлемді түсіну, оның синтаксистік қызметін айырып білу, оның мүшелерін тану, ондағы түр мен мазмұнның қарым-қатынасын білу мəселелері жалпы тіл біліміндік методологияға байланысты; осы күнге дейін бағыт əдісі əр түрлі болып келгендіктен, бұл мəселелерді түрлі грамматикалық ағымдар түрліше шешіп келді.
Логика грамматикасында ойлау мен сөйлем мүлде теңестірілген; оны «сөзбен айтылған ой» деп білген. Логика грамматикасы бойынша сөйлемде логика ойлауына лайық басты мүшелер бастауыш, баяндауыш болып, басқалардан жеке алынатын. Ал бұл «басты» мүшелердің өзі де «тұрлаусыздар» сияқты тек мағына беру жағынан тексерілген еді. Олардың түрі, тұлға жақтары мағынамен ешбір байланыстырылмаған. Бұдан барып түр-тұлға жағына толық көңіл бөлінбей, бір жақтылық шығады. Бейне бір сөйлемді екіншіге өзгертсе, бəрі бір мағына беретіндей. Бұдан барып сөйлем мүшелерінің орын-орнына, ондағы болатын мағына өзгерістеріне көңіл бөлмеу шығады. Түр мен мазмұнның қарым-қатынасында толып жатқан күрделі мəн бар екені ескерілмеген соң, ешбір білімнің шындығы жоқ. Сөйлем мүшелерін айырудың əдісі тек сұрауға ғана байланысты болған, кейбір сөздер сұрауға шылаумен қоса қабат тұрып та жауап беруі мүмкін, оны көзден таса қалдыруға тура келетін болған (қалаға бару үшін, үйде болған жоқ). Анықтауыш тек «қандай? кімнің? қайсы? кашан?» деген сұрауларға жауап беретін болады, олардың тұлғасы қандайында жұмысы жоқ, сипаттай, сынай, себеп түрін көрсете айтылатын, етістіктің есімше, көсемшелері анықтауышқа кірмей қалады. Қабаттасқан бірнеше сөздің жиылып бір сұрауға жауап беретіні ескерілмейді [2].
Беспальконың еңбегі бойынша, магистранттың білімді меңгеру сатысы төмендегідей үлгіде көрсетіледі:
- І-саты — магистрант деңгейі;
- ІІ — алгоритмдік;
- ІІІ — эвристикалық;
- ІV-саты шығармашылық.
Технологияның негізгі ерекшелігі де, тиімділігі де осында. Магистрант білімі ғылыми деңгейіне дамыта оқыту арқылы жоғарылайды.
Біз белгілі ғалымдар Эльконин мен Давыдовтың дидактикалық жүйесі дамыта оқыту бойынша ең алдымен «Нені дамыту керек?» деген сұраққа жауап іздейміз.
Магистранттың 1) сезімін, түйсігін; 2) қабылдауын, тұшынуын, ынтасын; 3) зейінін, еске ұстауын; 4) ұғынуын; 5) ойлауын, қиялдау, болжау қабілетін; 6) ерік-қайратын; 7) оқу іс-əрекеттерін, дағды, машықтарын; 8) жауапкершілігін, дербестігін, өз бетінше ізденісін (жеке адам қасиеттері) дамыту керек.
Бұл іс-əрекет ең алдымен өтілгелі отырған оқу материалының негізінде, оның басты ерекшелігіне байланысты жүзеге асырылады.
Екіншіден, оқу мақсатын шешу кезінде, яғни оқытушы мен магистрант іс-əрекетінің негізінде жүзеге асатынын, бұл процесте магистрант-субъект, ғылыми жетекші-ұйымдастырушы. (Мысалы: түсіндір, дəлелде, сарала, салыстыр, қорытынды жаса).
Осы реттегі тұжырым жинағы магистранттардың оқу, тындау, сөйлеу, жазу дағдыларын жүйелендіріледі.
Оқу:
- Оқу тəсілдерін меңгеру.
- Оқулық мəтіндерді, жарнамаларды, маңдайша жазуларды, нұсқауларды оқудың дыбыс- графемалық жəне дауыс ырғағы нормаларын ескеріп, дауыстап жəне ішінен оқу. Мəтіннің түпнұсқасын түсінуге тырысу.
- Таныса жəне зерттеп оқу элементтерін меңгеру.
- Анықтама əдебиетпен өз бетімен жұмыс істеу.
Жазу:
- Графика мен орфографияны меңгеру.
- Диктант, бланктарды, сауалнамаларды жəне декларацияларды жаза білу.
Тыңдау:
- Оқытушы мен магистранттың арасында қарым-қатынастың қарапайым деңгейін қамтамасыз ету үшін оқытушының нұсқауларын дұрыс түсіну.
- Оқылған тақырып көлемінде қазақ тілінде айтылған сөйлемдерді түсіну.
Сөйлеу:
- Диалог-сұраудың, ақпаратты алуға арналған диалогтің əр түрлі функцияларын меңгеру.
- Ілікпе фразаларды пайдаланып, əңгімені жалғастыра білу, ақпарат алуды, өзін-өзі таныстыруды, дəлелдеуді, бастартуды, алғыс айтуды, кешірім сұрауды, ақпаратты анықтауды, қарсы қойған сұрауды, байланыс аяқталғанын білдіретін іскерлік құрылымдарды меңгеру.
- Монологтық сөйлеуді меңгеру (сипаттау, хабарлау).
- Басты жəне жанама ақпаратты белгілеуді немесе мəтінді қысқартуды (компрестей) білу керек. Курстық сабақтар сіздің алдыңызға қойған мақсаттарға жетуге көмек ретінде жоспарланған:- қысқаша жазба жұмысы, яғни, үй тапсырмасын орындау, құжаттарды толтыруда жазу дағдыларын, мəтінді сыни талдау дағдысын, критикалық оқу жəне жетілдіруге көмектеседі.
Дəрісханадағы ситуацияларды дамытуда қойылған сұрақтар жəне алынған жауаптар:
- талдау дағдысына, сыни оқу дағдысына, сөйлеу дағдысына жəне құжаттарды толтыруға;
- талдау кейсі қазақ тілінде сөйлеу, ойлау əрекетін дамытуға, лексика-грамматикалық талдауға, сөйлеу үрдісінде өзінің пікірін жалғастыруға серіктесімен өзара талдауға;
- жеке жəне топтық жобаға қатысу зерттеу жұмысын жəне презентацияны жүргізу, сол сияқты талдау, дербес ойлау дағдыларын дамытуға көмектеседі.
Жұмыс түрлері жəне оларды орындаудың тізімі:
а) нақты оқу ситуациялары (Case study) — магистранттарға көптеген ситуацияларды ұсынады, оларды дамытып, сұрақтарға жауап беріп, мəселеге байланысты көзқарасын білдіру жəне өзінің кейсін жазу;
ə) жылдам оқу (Skim) — оқу бағдарламасына (Syllabus) байланысты берілген деректерді оқу;
б) тақырып бойынша шолу жасау (Review) — Интернет, ақпараттық қор жəне мерзімді баспасөз материалдарынан алынған қосымша деректер мен берілген тақырыпқа 1–2 бет қысқаша əдеби шолу жасау;
в) глоссарий (Glossary) жасау — орыс тіліндегі терминдер жəне түсініктемелердің қазақ тіліндегі аудармасы мен қысқаша түсіндірме тақырып бойынша орындалады;
г) таныстыру — өзін таныстыруда магистрант кез келген тақырыпты таңдауына болады жəне кез келген аспект бойынша өзінің түсінгенін немесе түсінбегенін білдіре алады. Таныстыру уақыты — 8– 10 мин. Таныстыру бойынша келесілер бағаланады: қаншалықты тақырып ашылғаны, аудиторияның көңілінен шығуы, магистранттың мəселені қаншалықты кəсіби қарастыруы;
д) аударма сайма-сай, толық, логикалық байланысты, мағынасы бойынша барабар болуы керек.
Талап жəне нəтиже.
Магистрант өз қызығушылығын жеткізе алу қажет. Барлық тапсырмалар берілген мерзімге дейін орындалуы тиіс.
- Мектепте, бакалавриатта алған тілдік білімдерінің негізінде ғылыми мəтіндерге ортақ кейбір лексика-грамматикалық заңдылықтарды қарастыра отырып, магистрантты өз бетімен ізденуге бағыттау.
- Мамандығына қатысты ғылым саласы бойынша мəтіндерді оқып, түсініп талдауға, ой қорытып, тұжырым жасауға, пікір алысып ойын ортаға салуға машықтандыру.
- Ғылыми ортада қарым-қатынас жасау, өз ойын жеткізу, сұхбат құрып, ғылыми стилінің мүмкіндігі мен ғылыми мақала жазуға дағдыландыру.
Оқытудың негізгі міндеттері:
- ғылыми сөйлесім үлгісін үйрету;
- ғылыми ой-пікірін ғылыми стильде жазып, грамматикалық формада меңгерту;
- ғылыми білімін тереңдету;
- ғылыми ой-пікір айта білуге үйрету;
- мамандық бойынша ғылыми материалдарды түсіну, баяндай білуге, түйін жасауға машықтандыру;
- кəсіби терминдермен жұмыс істеуге, кəсіби-ғылыми мақалаларға ғылыми талдау жасауға жаттықтыру.
Іскери қазақ тілі курсын магистратурада оқу үшін магистранттың қазақ тілі пəнінен бакалавриатта алған бағасы кем дегенде «жақсы» деген баға болуы керек.
Оқу курсының соңында магистранттар мына талаптарға сай болуы керек:
- Мамандыққа байланысты ғылыми терминдерді меңгеру.
- Ғылыми тілді сөйлесім үрдісінде қолдану.
- Зерттелім тақырыбы бойынша ғылыми мақала жаза білу.
- Ғылыми мəтінді аудара білу.
- Еркін ғылыми талдау жасай білу, өзіндік ғылыми пікір айта білу.
Мамандыққа байланысты мəтіндердің төмендегідей тілдік ерекшеліктерін атауға болады:
- əдеби тіл нормасына сəйкестігі;
- мəтіндер мазмұны нақты, түсінікті, анық болуы;
- мəтінде мамандыққа байланысты терминдердің молдығы;
- мəтіндерде атаулар (номинациялар) кең қолданылып, етістіктерден есімдердің басымдығы;
- мəтіндердің ойды монолог түрінде білдіруі басым келуі;
- мамандыққа байланысты мəтіндерде қорытынды болумен бірге, баяндаудың толық түрі орын алады;
- баяндаудың жеке бөліктері тығыз байланыста беріледі;
- шартты белгілер мен символдар пайдаланылады.
Қазақ тілін оқытуда мамандыққа байланысты мəтіндердің тəрбиелік, ғылымилық, танымдық мəні ерекше күшті болумен қатар қазақша сөйлеуге жаттығуда атқарған қызметі зор болады.
Магистранттар өз мамандығына қатысты ғылыми əдебиеттерді, мақалаларды талдап, мазмұндауды ұнатады. Өзара тілдескен кезде ғылыми сараптау, талдау жұмыстары дұрыс жүріп, орынды қолдана білгенде ғана өз мамандығының мазмұнын түсінуге мүмкіндік алады. Сондықтан магистрант тілін дамытудың бұл жолы тілді оқыту кезінде кең қолданылды.
Əдістемелік тұрғыдан келгенде белгілі ғалым туралы бірнеше мəтінді жаңа сөздердің соңғы мəтіндерде қайталануына жағдай туғызады. Ол қайталанудың бір себебі болады. Ортақ мағыналы əр жұмыстың түрі өзгеріп, бəріне ортақ сөздер сөйлесуге, əңгімелесуге, пікірлесуге мүмкіндікті арттырады, сонымен бірге магистранттарға əр мəтінде ғылым туралы түрлі мағлұмат беріледі де, магистранттар келесі мəтіндегі мəліметті білуге асығады. Сүйікті ғылым жүйесі бойынша көп білуге қызығушылығы мəтінді оқуға итермелейді. Сол арқылы магистранттың сабаққа деген ынтасын арттырады.
Мамандыққа байланысты мəтіндерге деген талаптар біркелкі, бірақ олардың нақты түрде жүзеге асып, меңгерілуі үшін мамандық иелерінің кəсіби дайындығын ескеру керек.
Мамандыққа қатысты мəтіндердің ерекшелігі — ақпараттың мол болуында. Ғылымилық принципіне сəйкес мəтін тек тексерілген деректерді қамтығаны орынды. Ол деректер ғылымның іргелі жəне басты жақтарынан, тарихынан мəлімет беруге тиісті. Ол мəліметтердің қоғамдық маңызы зор болуы қажет.
Мамандыққа қатысты оқу мəтіндерінің мынадай жалпы ерекшеліктері бар:
- ақпараттық;
- қажеттілік;
- мазмұндылық;
- түсініктілік;
- заман талабына сəйкестілік;
- пайдалылық.
Мəтіндерді іріктеу принциптері дұрыс сөйлеуді жетілдіруге, тілді дамытуға қызмет ететін болуы керек. Атап айтқанда:
- Мəтіндер мазмұндық, тақырыптық тартымдылығымен ерекшеленгені жөн.
- Мəтіндер тіл үйренушілердің өз бетімен жұмыс істеуіне ынталандыруы тиіс.
- Мəтіннің қатысымдық (коммуникативтік) қасиеті басым болғаны тиімді.
- Мамандыққа байланысты ғылыми мəтіндер магистранттарда қажеттілік сезімін туғызып, білім беруде магистрантты сенімін күшейтетін болуы қажет.
Мамандыққа байланысты мəтіндер іргелі ғылыми түсініктерден тұрады. Олар оқу пəнін игеруге септігін тигізеді. Сонымен қатар толыққанды оқу мəтіні жаңа ғылыми бағыттар, олардың болашақта дамуы туралы мəліметтерді қамтиды. Бұл магистранттарды өзінің мамандығы бойынша жазылып жатқан магистрлік ғылыми жұмысының жан-жақты ғылыми қалыптасуына негіз жасайды.
Мəтіннің ғылыми-түсініктемелік ақпараты ғылыми тұжырымдама негізінде толық, қарама- қайшылығы жоқ, біртіндеп дамитын ақпарат болуы тиіс. Ақпараттық көзқарас бойынша практикалық курсқа арналған мамандық мəтіннің мазмұны мамандыққа байланысты білімді неғұрлым көп қамтуы керек. Мəтіннің мазмұны нақты мəселеге арналған болады, өйткені онда болашақ маман өз мамандығы бойынша пайдалы түсінік алады. Оқу мəтіні бойынша білім алу əрекетін ұйымдастырамыз жəне мамандықтың ақпаратын қамтамасыз етеміз.
Мамандыққа байланысты мəтіндерді аударуда əр түрлі əдіс-амалдарды қолдануға болады. Қазақшадан орысшаға аудару, бұл магистрантқа мамандық бойынша берілген мəтіннің мазмұнын түсіну үшін қажет. Мəтінді аударудың бұл тəсілі қазақ тілді ұғымды тез қабылдауға, сөйлесім барысында жиі пайдалануға мүмкіндік жасайды.
Орысша мəтінді қазақшаға аудару, əр уақытта білімді бекіту үшін, түсінікті қалыптастыру үшін пайдасы зор. Себебі жұмыстың бұл түрі қазақша білуді қажет етеді. Осы ретте айтатынымыз орысша мəтінді қазақшаға аудару екі тілді жетік білетін топтарда жүргізген дұрыс [3].
Мамандыққа қатысты ғылыми мəтіндерді қазақ тілінде аударумен бірге, онымен байланысты көптеген тіл дамыту жұмыстары жүргізілді. Олардың ішінде мəтіннің мазмұнын қазақ тілінде баяндау, əңгімелеу, мəтін мазмұны бойынша сұрақ-жауап сияқты толып жатқан т.б. жұмыстар жүргізіледі. Атап айтсақ: сөйлемдердің ақпараттық ортасын табу, негізгі ұғымдар арқылы, негізгі фразаны құрастыру, негізгі тақырыптық ұғымды анықтау, мамандыққа байланысты сөздік жиілігін жасау, сөйлемдерге қажетті сегменттерді қою, мəтінге конспект жасау, мəтіннің тірек ойларын жазу сияқты жұмыстар атқарылса, мамандықтың мазмұнын, сипаттамасын ажыратуға мүмкіндік туғызамыз.
Ойымызды түйіндей келе, мамандық тақырыбындағы мəтін формуласы дұрыс құрастырылса, оған қажетті морфологиялық, синтаксистік, лексикалық тіл процедурасы толығымен дұрыс жұмыс істейтін болады. Осы мақсат орындалған жағдайда ғана мамандықтың кəсібилік жəне ғылымилык тіл презентациясының талаптары орындалады.
Əдебиеттер тізімі
- Рамазанова Ш., Мұхадиева Қ.М. Қазақ тілі. — Алматы,
- Ишмұхамедов Ə. Қызықты грамматика. — Алматы: Рауан,
- Əбілқасымов Б. Тілдескіш. Орысша-қазақша. — Алматы: Фирма «ИНБ» ЛТД., Рауан,