Ертеректегі аңыз-əңгімелердің бірінде егіз туған Қабыл (Каин) мен Ақлима, Абыл (Авель) мен Лабуда алғашқыда мейлінше түсіністікте тату-тəтті өмір сүріпті. Күндерде бір күн үй болу мəселесінің мезгілі жеткенде Қабыл өзінен бөлек туған Лабуданы емес, көркіне қызығып, өзімен бірге дүниеге келген Ақлимаға еріктен тыс үйленіпті. Бұрыннан мінезі кедір-бұдыр Қабылдың бұл əрекет ағайындылар арасына сызат түсірген. Екі жігіттің екеуі де қанша дегенмен ол үйленуден туған алакөздікті ұмытпапты. Əсіресе — Қабыл.
Жаратқан иенің əмірі бойынша, Қабыл жеміс-жидек, өсімдікті баптап күтуге, Абыл төрт түлік малды бағып-қағуға міндеттенген екен. Бірінде бір елеулі оқиғаға байланысты жоғары əміршіге екеуі, басқасы өз алдына, сый-сияпат жасауға тиіс болыпты. Аллатағала ақ көңіл Абылдың көрсеткен құрметіне ерекше разы болыпты да, Қабылдың сыйлығына онша мəн бермепті. Бұл ағайындар арасында бұрыннан бар жарықшақты одан əрмен ушықтырып, ақыры Қабылдың Абылды өлтіруімен тамамдалыпты. Сөйтіп бірінші рет жазықсыз, уақытынан бұрын қан төгілген...
Содан бері көптеген заман өтті. Жақсысы, жайдарлысы дəтке қуат, себепсіз жапа шеккендер мен ажалынан тыс өлгендер де есеп жоқ. Басқаны былай қойғанда, қан төгістің ең ірісі — Бірінші жəне Екінші дүние жүзілік соғыстар. Нəтижесінде талай жұрт жұтап қалды. Талай елдердің шекара сызығы қайта белгіленді, өмір өрнегі өзгерді. Қысқасы, бұл екі алмағайыптан қасірет, қайғы шекпеген отбасы жоқ. Əсіресе зілзаланың орасан ауырпалығын тартқан көп ұлтты Ресей. Соғыс ақ жағалыны да, жалғыз бен жартыны да жалмады. Қираған дүние-мүлік қаншама.
Фашистермен жүргізілген текетірестен соң біртіндеп оның салған зардаптарын жоюға, сөйтіп шаруашылықты қалпына келтіру жолына бет түзедік.
Бірақ шиеленіскен сыртқы жағдайлар өз алдына, ішкі тіршілік-тыныс та құлашты еркін жазуға ерік бермеді. Біреуі жетсе, біреуі жетпей жатты. Батыс аудандардағы өндіріс орындарын жаулар түгелдей дерлік жамсатып кеткен. Колхоз, совхоздар да сондай халде. 1947 жылы инфляцияны жою мақсатында ақша реформасы жүргізілді. Халықтың хал-ахуалы одан бетер төмендеді. Проблемадан проблема туған қауырт шақ...
Осындай тұста əрқайсысы адам түгелі атан түйені жыққандай БКП(б) Орталық Комитетінің идеология саласында қаулылары шықты. Онда, тұтастай алғанда, кейбір совет адамдары өздерінің ұстанған идеалынан жаңылып, шет елдердің əдебиеті мен мəдениетіне бас игені, еліктегені байқалады. Оған себеп, белгілі советолог А.Авторхановтың айтқанындай, И.Сталин бүкіл соғыстың барысында екі үлкен қате жіберді: бірі — Иванға Еуропаны көрсетті, екіншісі — Еуропаны Иванға таныстырды. Соғысушы совет азаматтары қанша дегенмен ауылдарына еркіндікті, əлеуметтік əділеттілікті ала келді. Германияда, мысалы, қарапайым өзекті жандардың қайсысы да біздегілерден жоғары бағаланады, американдық солдаттардың жейтін шоколады біздің солдаттардың жейтін картошкасынан əлдеқайда көп. Батысты президент пен министрлер — кəдімгі қарапайым ет пен сүйектен жаратылған қатардағы кісілер, ал біздегілер — құдайдан олай да емес, бұлай да емес, қателесуді білмейтін, ылғи періште сияқты кереметтер [1].
Жауынгерлік борышын өтеп қайтқан отандастарымыз кей уақыт тұрмыс-тіршілік жөніндегі кейбір байқағандары туралы ақырындап ойлана бастады. Шет елдегі жəне біздің елдегі жағдайларды қарапайым түрде салыстырылды. Соншама уақыт соғысқанда Еуропаның анандай цивилизациясын ойпан-тойпан еткендері ақылға симайды. Демократияға қарсы қару жұмсағаны ғой. Интеллигенттер түгелі шала сауаттылар арасында шет елдің салтына бой ұру белең алды. Жоғарыда отырғандар бұл сықылды санаға біте бастаған берекесіздікті тоқтатуды, тіптен оны жөргегінде тұншықтыруды қолға алды. Осыдан келіп 1946–1950 жылғы идеологияға байланысты сан-сала қаулы қабылдады. Оның зардабы оңай болған жоқ. Талайлар бірнеше жыл себепсіз Сибирьдің дəмін татты. Кейбіреу ол жақтан мүгедек, ауру болып оралды. Қайтпай қалғандары қаншама.
Сол нəубетке алғаш ұшыраған екі сериялы «Үлкен өмір» («Большая жизнь») кинофильмі.
Түсірілмей жатып зиянды, берер пайдасы жоқ деп есептеліп экраннан алынып тасталды.
Режиссер мұнда Донбасс сияқты алып кен орнының немістер қиратып кеткеннен кейін бүкіл еліміз боп зор күш жұмсауы арқасында қайтадан қалпына келгенін айтпақ болған. Алайда делінді қаулыда, көмір комбинатын жөндеу жұмыстары қуатты техникамен, жұмысшылардың саналылығы арқасында емес, жанкештілікпен, бірыңғай қол күшімен атқарылады. Бар құрал-саймандары: қайла, тачка, күректер. Адамдар жалаңаш-жалпы қара терге малшынып қызмет істейді. Жалпы бұл күйінде, əсіресе екінші серия шындықты елестете алмайды. Патриоттық сезімді үштай түсетін тұстары аз, оның есесіне жеңіл-желпі, кейбіреулердің қылықтары ақылға симайтындай сипаттан аспайды деп танылды [2; 195].
Ол шығарма таяуда телевизордан екі рет көрсетілді. Алғашқысында белгілі өнер қайраткерлерінің қатынасуымен көпшіліктің құзырына ұсынылды. Фильмге комментарий жасаған мамандар да, соны қараушы осы жолдардың авторы да советтік құрылысқа қарсы осы қалай дерлік ешнəрсе таппады. Кинокартина негізінде, жоғарыда айтылғандай, замана ауыртпалығын қамтиды. Ол
— тарихи шындық. Сонымен бірге суыртпақтап Алексей Стахановтың өмірінен мəліметтер бере кетеді. Көнекөз қариялар оның 1947 жылғы ақша реформасына дейін 3 сомдықтан көмір шабатын балғасын ұстап түскен суреті басылғанын ұмытпаған шығар. Бір сөзбен айтқанда, ол 30-шы жылдары Кривонос, Виноградовалармен қатарласа «стахановшылар қозғалысы» атты белгілі еңбек энтузиазмының бастаушысы, аты аңызға айналған атақты кенші болатын. Бір кездері бүтіндей бір ұрпақ
Спят курганы темные,
Солнцем опаленные,
И туманы белые
Ходят чередой.
Через рощи шумные
И поля зеленые
Вышел в степь
Донецкую Парень молодой, —
деп əндеткені есімізде. Қазір ол ешбір репертуарда жоқ. Ашық-шашық, билеп шырқатушыларға, əрине, басы артық қолайсыздық туғызады.
А.Стаханов бір ауысымда 7 тонна көмір шабудың орнына көрсеткішті 102 тоннаға жеткізіп, əлем естімеген рекорд жасаған.
Фильмнің жоғарыдағыларға ұнамауы нақты айтылмаса да, «Да здравствуеттердің» жұтан- дығынан болса керек. Одан соң жаныңның жайлауына жарасарлықтай жалынды романтика онша ұшыраспайды. Басқа себептерді біз таба алмадық.
А.Стаханов соғыс жылдары Қарағандыға келіп, еңбек атқарды. Отын дайындауда үлкен табыстарға жетекшілік етті. Жеңістің төбесі көріне бастағанда Мəскеуге барып, Көмір өнеркəсіп министрлігінде қызмет істеді. Н.Хрущевқа жақпай қалды да, жұмыстан кетуге мəжбүр болды. Өйткені ол — өткен дəуірдің адамы, сталиндік заманның қайраткері. Сондықтан да Н.Хрущевке қалайда жақпады. Басқа айыбын байқамадық. Əңгімеленіп отырған қаулы-қарарларда Эйзенштейннің «Иван Грозный», Пудовкиннің «Адмирал Нахимов» атты фильмдері де қатал сынға ұшырады. Авторлар көпшілікке ұсынылған геройлары төңірегінде жөнді ізденбеген жəне оларды тебірендірген тарихи оқиғаларды жан-жақты зерделемеген деп тапты. Көпшілігі қатардағы біреулердің дəрежесінде қалғанда қойған. Осылай болуы мүмкін-ау деген жайттардан аяқ алып жүргісіз. Толып жатқан қимыл-əдеттері күмəнді. Орынды-орынсыз билер, жеңіл-желпі қыз-келіншектер, сығандар, маскүнем жігіт-желеңдер көп орын алып кеткен. «Иван Грозныйдың» екінші сериясында патшаның оң қолы болған опричиниктер, бас жоқ, көз жоқ, себепті-себепсіз ішкіш, төбелескіш маскүнемдер бейнесінде берілген, жасайтындары бұзықтық. Іскер басшы орыс қоғамын нығайту жолында еш кедергіден тайынбаған Иван Грозный былжыр, ішкі өкпеме деп қалғандайсың шығарманың оң бойында. Кино өнерінің халыққа тəрбие беретін айрықша құрал екенін режиссерлер түсінбеген немесе түсінгісі келмеген. Оған нақты шындықты көркем шындыққа айналдыруда ешқандай талпыныс, серпіліс байқалмайды, жай белгілі оңай соқпақпен тарта берген. Ол фильмдерді жұртшылыққа мына қайпында ұсынуға болмайды. Оларды қайтадан оң көзбен қарап, бастан-аяқ жөндеу керек [2; 197].
Қысқасы, табиғаты алғыр, қызу қанды, мінезі қиқы-жиқы Сталин (осы жиналысты жүргізіп отырған өзі еді) бұл фильмдердің ұстанған позициясын құптамады.
Одан соң БКП (б) Орталық Комитетінің енді бір қырына алғаны — «Драма театрларының репертуарлары жəне оны жақсарту шаралары туралы» атты 1946 жылғы 26-тамыздағы қаулысы. Мұнда талай сахналық шығармалар сыналды. Алдымен, əдеттегідей, театрларымыздың жұртшылық көңілінен шығатын, тəрбиелік маңызы зор бірнеше пьесалардың аттары айтылады да, бірақ деп бастап, бірнеше сахналық туындыларға қатты шүйлікті. Олар: «Хорезм» (Х.Шукуров), «Вынужденная посадка» (Водопьянов пен Лаптев), «Чрезвычайный закон» (ағайынды Турлар), тағы басқалар. Солардың қатарында Ə.Тəжібаевтың «Біз де қазақпыз» драмасы да бар.
Оны, əрине, Орталық Комитеттегілердің өздері көріп, біліп бағалағаны емес, қазақстан- дықтардан қандай шығарма іле кетуге лайық, қандай мін бар деп сұратып алғаны байқалып тұр.
«Қазақ совет əдебиеті тарихының очеркінде» (1949) «Біз де қазақпыз» драмасы туралы былай деп жазылды: «Əбділда пьесасында да, дəл солар үлгісінде, геройдың аты «Қазақ» аталып, тағы бір геройлар — «Балғашы», «Балташы», «Балалы əйел», «Ауру əйел», «Ауру еркек» деген сияқты бұлдыр болады. Кім екені белгісі геройлардың мəлімсіз, тұманды бір жол кешкен, ұғымсыз жұмбақты арман қуып жүргені суреттеледі. Өте шартты, күңгірт түрдегі тартыстарға түскен адамдар өмірден, тарихтан жырақ бір кейіпкер болып шығады. Пьесаның барлық саясаттық, идеялық қаталықтары жазушының іздену жолында социалистік реализм əдісін тастап, жалпы советтік əдебиет бағытына қарсы келетін бөтен тап жазушыларының үлгісіне зор қателік түрде еліктеуінен туған. «Біз де қазақпыз» пьесасында бірнеше қазақтар күн іздесе, оларға екінші бір қазақ күн əкеледі. Мұндағы көрсетілетін қараңғылық, ауыр хал — патшалық, феодалдық ескі өмірдің бейнесі де, күні — социалистік Ұлы Октябрь революциясының бейнесі десек, жазушы Октябрь революциясына қатысушы кейбір қазақтардың ролін суреттемек болады. Бірақ оны өз шындығында дұрыс шеше алмай, ұлтшылдыққа апарып соғатын саяси қате жібереді. Өйткені қазақты ауыр азаптан құтқарған да, оларға бостандық, теңдік əперіп, күн əкелген де социалистік Ұлы Октябрь революциясы, оның көсемдері кемеңгеріміз Ленин-Сталин. Жазушы пьесасында бұл жағдайларды ұмытып, буржуазиялық декадент кертартпа символистардың жолына түсіп, БКП (б) Орталық Комитетінің қаулысында көрсетілген саяси қатерге ұшыраған» [3].
Ə.Тəжібаевтың аталған шығармасы кемшіліктен ада деп айтпаспыз. Ауру-сырқауларды сахнаға қаптата шығаруда мəн аз, тарихи шындық та бұрмаланған. Əйткенмен оны Орталық Комитеттің қаулысында атап өткеннен не ұттық. Əдебиетіміздің өткен дəуіріне зер салсақ, талай нашар дүниелер бар екен. Олар бір-екі рет көрсетілген соң көрермендердің талғамына жауап бере алмай, репертуардан үнсіз-түнсіз шығып қалған. Бұл да соның кебін киген болар еді. Демек оны науқанға орай бүкілодақтық деңгейде ғайбаттау қажет болған. Басқаша түсініктеменің реті жоқ.
1946 жылы 14-тамызда БКП (б) Орталық Комитетінің хатшысы А.Ждановтың «Звезда» жəне «Ленинград» журналдары туралы баяндамасын тыңдап, қаулы қабылдайды. Ол өзінің жасаған баяндамасында кейбір ақын-жазушылардың аталған басылымдарда жарияланған идеясы күңгірт, көркемдік құны төмен шығармаларынан мысалдар келтіре отырып, қатты сынға алды. А.Хазиннің «Онегиннің қайтып оралуы» («Возвращение Онегина») деген поэмасында Ленинград қаласында советтік шындыққа көз көре жала жабылған деген пікір айтылды.
А.Пушкиннің «Евгений Онегин» романының аяқталмаған сияқты тамамдалатыны белгілі. Бас кейіпкер ақсүйек зиялылар өмірінен жерініп, Бессарабияға қарай кетіп қалғаны суреттелетін. Поэманың сюжетінде соғыс уақытында эвакуациямен Алматыға келген Евгений Онегин соғыс аяқталғанда Ленинградқа қайтып оралады. Əр түрлі адамдардың өмір штрихтары шығармада қисынын тауып қиюластырылған. Евгений Онегин алғашқы əсерден тез арада арыла алмай, вокзалда біраз аялдайды. Кіндік қаны тамған сүйікті қаласын жаудың снарядтары қатты жаралапты. Оқтың ізі түспеген жер кемде-кем. Дəтке қуат, жау жеңілді. Тез арада айығып, сауығып кетуге тиісті. Осы оймен біраз тұрып қалған ол енді қозғалайын деп чемодандарын қараса, қойған орнында жоқ. Бұған не болғанын түсінбей, қалтасына қолын салса, биялайларын да біреулер олжалап кеткен.
– Е, Ленинград, жаңа түсіндім ғой, бұрын осылай едің, қазір де содан алыс кетпеген екенсің, —
деп, жастық шағы өткен қаласын бас кейіпкер енді шындап «танығандай» болады.
Сондай қалай? «Революцияның бесігі» деп мақтан ететін ұлы қала ұры-қарылардың мекен-жайы болғаны ма? деген заңды сұрақ туындайды. Бірен-саран алаяқтар қайда жоқ. Шын мəнінде, жаулардың қоршауында қалып, оның шабуылынан, оқ-дəрілерінен азап шеккенімен биік рухы бəсеңдемеген, интеллигенттер қаласы деп есептелінетін. Поэмада оған жала жауып отырғаны талассыз. Ақиқаты осы.
Журналдарда шығармалары жиі жарияланып жүрген авторлардың бірі, үлкен ақын А.Ахматова (1889–1966) болатын.
Бір кездегі акмеизмнің өкілі өзінің бірсыпыра еңбектерінде идеясы жұртшылыққа күмəнді, көз жұмбай ерліктер емес, күйректік сипатта болған-ды. Оның «Реквием» деп аталатын шығармасы:
Муж в могиле, сын в тюрьме Помолитесь обо мне, —
деп келетін өлең жолдары төзімділікті, қайрат, күш-жігерді үгіттеуді күтетіндерге ұнамаған-ды. 1941 жылы тамыз айында немістің жаудырған бомбаларынан қорғанып, подвалда тығылып отырғандардың ішінде А.Ахматова да сондай-ақ иесі жоқ бір ит те болыпты. Осы оқиғаларға байланысты «Қаңғыған ит» («Бродящая собака») деген өлең жазған [4].
Дəл сол мезет жан ұшырып, бас сауғалағандармен əлдеқалай біреулерге ілесіп осында келген бейсеуат иттің жұпыны тірлігінің арасында айырма шамалы деп түйеді ақын. Басқасы басқа, əркімнің кездейсоқтықтан шығынға ұшырауы қас қағым сəт. Соншама қысылтаяң тағдырдың безбенге тартылған ауыр тауқыметін айтып жеткізу қиын. Түсіністікпен салмақтау орнына кейбір сыншылар өлеңнің мазмұнын, идеясын сан саққа жүгіртті. Олар онда елін, жерін қорғауда совет адамдарының ерлік, патриоттық ісі бейнеленбей, оның есесіне, бірыңғай торығу, құлазу белең алған сияқтанды. Ақынның да бір сəт соншама зілзалаға қарсы қолданар амалдың жоқтығынан уайым-қайғыға берілуі мүмкін-ау деп ескермеді.
Орыстың солтүстік астанасының басы-қасында жүріп, бірге қорғасқан белгілі сөз зергері, Социалистік Еңбек Ері А.Прокофьев ол күндерді былайша еске алатын: «Бұл жақта, немістің қоршауында қалған Ленинградта, азық өте аз болды: күніне жұмыс адамы 250 грамм, жай адам 150 грамм нан алды. Ет, май дегенді халық өте аз жəне өте сирек көрді, басқа азықты көрген жоқ. Үйлерге кіретін су тоқтатылды, канализация істемеді, отын атымен болмады. Жау атқан снаряд пен бомбалардың салдарынан шынысы қирап, терезе біткен аңырайып ашық тұрды. Электр жарығы да нашар жанды, тіпті қаладағы үйлердің көбінде болған жоқ. Қалаға жаудың оғы үздіксіз жауып тұрды» [5]. Осы келтірілген деректерді «Известия» газеті (23.12.94) мынандай жолдармен толықтырады: «По неполным данным, на кладбище за период с 1 июля 1941 года по 1 июля 1942 года в городе (Ленинграде) захоронено 1 млн. 93 тыс. 695 покойников. А впереди еще было полтора года блокады».
Сəн-салтанаты əлемге əйгілі сүйікті қаласының фашистердің салған ойранынан аз ғана уақыттың мағдарында өліктерге толып, тау-тау үйіндіге айналғанына А.Ахматованың қалайша жаны күйінбес, қалайша өзегін өрт салмас!
Сондай-ақ А.Ахматованың «Қара мысық» («Черная кошка») деген өлеңі журналдардың бірінде жарияланды. Мұнда да ақын басқа төнген қиындықтардың бояуын қалындата, бір жақты суреттеген болып көрінді. Идеясы да күңгірт. Əркім əр түрлі түсінері хақ. Қаланың жағдайы ауыр. Пəтерлерде отын жағылмағалы қанша күн. Ас жоқ, су жоқ, суықтан бүрісіп, одеялдарды жамылып, жан сақтап қана отырған жайым бар. Жолдастар мен достар əлдеқашан эвакуациямен алысқа жол жүріп кеткен. Олардың хабар-ошар жоқ. Менің жалғыз алданышым — төсекте бірге жатып, бірге тұрған қара мысық қана дейді өлең жолдары.
Аталған шығармалары үшін А.Ахматова қатты қуғын көрді. Ақын Ленинградты қорғауда ерекше көзге түскен қала тұрғындарының, жауынгерлердің ерлік тұлғасын марапаттау орнына бар алданышты мысықтан тапқан болып шықты. Сол үшін творчествосы «поэзия — взвесившаяся барынька, мечущаяся между будуаром и молельной» деп аяусыз тілдеген. Осыдан кейін «бірде-бір шығармалары ешбір жерде басылмасын» деп қаулы қабылданған.
Михаил Зощенко (1895–1952) «пошляк», «пакостничество и ерничество», «пасквилянт», «беспринципный», «бессовестный литературный хулиган» деген сөздермен айыпталды. Бұларды кешегі символистердің, акмеистердің «желтые кофты», «бубновые валеты», «ничевочки» т.б. жұртында қалған қалдықтар деп сөкті. Орталық Комитеттің шешімінен «Ленинград» журналы жабылып, 400 шамалы қаламгер бір журналға, «Звездаға», телмірді.
А.Ахматова мен М.Зощенконы жазушылар қатарынан шығарды [2]. М.Зощенконың сынға іліккен бір шығармасы — «Маймылдың бастан кешкендері» («Приключения обезьяны»). Бұл алғаш «Мурзилка» журналында жарияланған болатын. Онда бір маймылдың қарауылдардың қырағылығынан ебін тауып зоопарктен қашып кеткені айтылады. Алғаш еркіндіктің, бостандықтың буымен ағаштан ағашқа секіріп, емін-еркін мауқын басады. Кешке таман маймыл қатты тоңады.
Түнімен суыққа қақталып өле жаздаған ол таң атып, күннің көзі шыққаннан кейін қайтадан жылынады. Күн ұясына батқан соң ол қайыра қол-аяғы мұздап, жанын қоярға жер таппайды. Оның үстіне қарны аш. Сөйтіп өлесі болып, өзінің бұрынғы отырған орнын сағына еске алады. Зоопарктегі кісілер де оны іздеулі екен. Ақыры əлдекімдер арқылы маймыл бұрынғы мекеніне барып жан шақырады. Əңгімеде айтылатын оқиғалардың бас-аяғы осы.
Бұл шығармада қандай қателік бар? Негізінде бұл қаулылырдың шығуына себепкер — И.В.Сталин. Ол маймылдың басынан өткен хикаяларды өзінің жүргізіп отырған саясатына байланысты қабылдаған. Оның ойынша, түрмеге қамау, қуғын-сүргін қажеттіліктен туған жағдай. Оғаш еш нəрсе жоқ. Жазушы əдейі осыны, барлық адамның барар жері сол дегенді жұмбақтап жеткізген болып көрінді. Ал, шынында, балалардың журналына басылып шыққанына қарағанда, жаппай қараңғы үйге отырғызуға қатынасты емес шығар. Əлде бір маймылдың басынан өткен əлгіндей шырғалаң оқиғаның болса болуы да мүмкін. Автор жасөспірімдерге берер тəрбиелік мəн- мағынасын ескерген. Ата-ананың қамқорлығын ардақтаған. Ал жоғарыдағылар оны басқаша түсінді, басқаша жорыды. Шынында астарлы, мағынасы екі-ұшты шығармалар ол кез үшін аса қауіпті болған. М.Зощенконың сынға ұшыраған тағы бір дүниесі — «Күн шығар алдында» («Перед восходом солнца»). Ол, өзінің айтуы бойынша, отызыншы жылдардың бас кезінен бастап жазылып, 1943 жылы аяқталған. Повесть сол жылы «Октябрь» журналының 6–9 сандарында жарияланыпты. Кітаптың алғашқы аты «Бақыт кілті» («Ключи счастья») екен. Кейін оның есімін əлгіндей деп өзгерткен.
Мүмкін, мұнысы Г.Гауптманның «Перед восходом солнца», «Перед заходом солнца» деген драмаларының атына еліктегені шығар. Шығармада өмірбаяндық сипат басым. Жазушы өзінің кішкене кезіне біраз тоқталады.
Алғаш гимназияда білім алған. Одан соң жүйке тамырлары жөнді істемей, көп азап көрген. 1914 жылы күзде дүниежүзілік соғыс басталады да, университетті тастап (үлгірмегендіктен соның алдында оқудан шығып қалған), армияға алынған. Кавказдың гренадер дивизиясының Мингрель полкында əскери борышын өтеген. 1919 жылы поручик атанған. 1920 жылы бес орденді жауынгер екен. Көптеген соғыс операцияларына қатысқан, газбен уланған. Жүрегін зақымдап алған. Демек, ол майдан даласында өзінің Отаны үшін ерлік күресті бəрінен жоғары қояды. Соғыстың соңында Петроградқа қайтқан. Ескі қоғамға ешбір іш тартпаған, қайта жаңарған Ресейді көргісі келген. Бірақ денсаулығы үздіксіз мазалап, көңілінің қошы болмаған. Дұрыс ұйықтап, дұрыс дем алмауы салдарынан үнемі мең-зең күй кешкен. Денсаулығы жөнделе ме деп тұрағын, жұмыстарын жиі-жиі өзгерткен. Аз ғана уақыттың ішінде 12 қала мен 10 қызметті ауыстырыпты. Талай-талай курорттарға да барған. Бірақ ешқандай ем дарымаған, дəрі-дəрмектер қонбаған. Содан кейін 3 жасынан бермен қандай жағдайға ұшырағанын термелеп, мүмкін, жүйке ауруы солардан тамыр тартты ма деп ойлайды.
Бір уақыт ақырындап ұлы адамдардың өмір жолымен танысады. Олардың кейбір тұстарындағы жүйке тамырларынан пайда болған сырқаудың залалын тексереді. Түс көруге, жоғарғы нерв жүйесінің жұмысына назар аударады. Оның бұдан бұрын жазылған «Возвращенная молодость»,
«Голубая книга» атты кітаптарында да физиология, анатомияға қатысты мəселелер баршылық болатын. Оны осы ғылымдар саласындағы кейбір жорамалдарына қарапайым адамдар, ғалымдар көңіл аударады екен. Тіптен Иван Петрович Павлов та М.Зощенкомен арнайы танысып əңгімелеседі.
Кітаптың 1946 жылы партияның қаулысында сыналуы көтеріңкі романтизмнің болмауы, бірыңғай дерлік ауру-сырқаудың, уаым-қайғының дендеп кетуінен бе дейміз. Əйтпесе Кеңес өкіметін, кеңес адамдарын ғайбаттау жоқ.
«Возвращенная молодость», «Голубая книга» жəне «Перед восходом солнца» түгелдей кішкене- кішкене тараулардан тұрады. Əрбір тарау өз алдына жеке-жеке новелла түрінде өмір сүре алатындай. Сондықтан да олар алғаш «Красный ворон», «Чудак», «Бегемот», «Крокодил», «Ревизор», «Красная новь», «Смехач», «Прожектор», «Огонек», «Дрезина», тағы басқа газет-журналдарда өз алдына əңгіме күйінде жарық көрген. Демек олар бірыңғай қайғы-қасіреттің сипаттамасы бола тұра сатира, юморға толы болып келеді.
«Возвращенная молодость» деген еңбегінде автор ара-тұра мынаны тізбелейді: Моцарт 36 жыл өмір сүрген, Шуберт — 31, Шопен — 39, Мендельсон — 37, Бизе — 37, Рафаэль — 37, Ватто — 37, Ван Гог — 37, Корреджио — 39, Эдгар По — 40, Пушкин — 38, Гоголь — 42, Белинский — 37, Добролюбов — 27, Байрон — 37, Рембо — 37, Лермонтов — 26, Надсон — 24, Маяковский — 36, Грибоедов — 34, Есенин — 30, Гаршин — 34, Джек Лондон — 40, Блок — 40, Мопассан — 43, Чехов — 43, Мусоргский — 42, Скрябин — 43, Ван Дейк — 42, Бодлер — 45.
Аталған өнегелі адамдардың бірқатары өзін-өзі жазым еткен. Кейбіреуі туберкулезден, кейбіреуі кездейсоқ аурудан қайтыс болған. Бірақ, автордың ойынша, кездейсоқ өлім деген бос мылжың. Бəрі де заңды түрде маңдайға жазылған жазмыштар. Тіпті эпидемиялық сырқатқа ұшыраған жағдайда да денсаулығы мықты адамның организмі оған тиісінше қарсылық жасауға тиіс. Бұл — аяқ асты өлім болмайды деген сөз. Тіптен Лермонтовтың жекпе-жекте өлуі де өзіне-өзі қол салғанмен бірдей деп қараған дұрыс. Ол кездейсоқ оқиғаға симайды дейді автор. Пушкиннің өлімі де соған ұқсас. Соңғы бір жарым жылда ол қарсыластарын үш рет дуэльге шақырған. Алдыңғылары: Соллогуб, Репнин жекпе-жектен бастартқан да, соңғысы ақынның тілегін қабыл алған. 1830 жылы қараша айында Пушкиннің Н.Гончаровамен некелесу тойы болмақ. Ол əкесінен Болдино имениесін мұрагерлік жолымен алады да құжаттарын реттеу мақсатымен сонда барады. Сол екі ортада холера ауруы шығып, Москваға да, Петроградқа да жол жабылып қалған. Амал жоқ, ақын соңғы үш айды сонда өткізуге тиіс болған. Осында ол «Евгений Онегин» романын түгел аяқтайды, «Белкин повестерін» жазады. «Каменный гость», «Пир во время чумы», «Домик в Коломне», «Скупой рыцарь», «Моцарт и Сальери», «История села Горюхино» жəне жеке-жеке кішкене өлеңдерін қағазға түсіреді. Ақын шабытты шағында еді.
1833 жылдан Пушкиннің өмірінде зор өзгеріс байқалады. Бұл жөнінде ақынның өзі де мойындаған. Надеждин, Булгарин, Граббе, Осипова, Павлищева, Верейская, осылардың бірқатары Пушкиннің ет жақын туыстары, егер ол дуэльден аман қалғанында, бəрібір əрі кеткенде 3–4 жыл өмір сүрер еді. Бұрынғы жігері жалындап, көзі от шашып тұратын ақын жоқ. Оның орнында əр нəрседен секем алып шошынған, жүйкесі тозған адамның көлеңкесі қалған дейді [6; 81].
Атақты композитор Глинканың ғұмыры да осыған ұқсас. Ол 54 жыл жасады. 38 жасынан бастап еңбекті тоқтатқан. Екі опера жазбаққа талаптанған, бастай беріп тастаған.
Буало 75 жыл өмір сүрген, 40-тан былай творчествоны тоқтатқан.
Фонвизин 37 жасқа дейін еңбектенген, 40-қа келгенде паралич соғып, 48-де қайтыс болған.
Атақты шешен Цицерон қуғындалып, оның басына 50 мың динар ақша тіккен. Кесілген басты салтанатты түрде столға қойған соң Марк Антонийдың кесірлі əйелі өлген шешенің тіліне түйреуіш қадап: енді айта берсін, айтатынын, — деген [6; 183].
Испан драматургі Антонио Сильва Отта 1737 жылы 19-шы қарашада өртелген. Сол күні театрда оның «Гибель Фаэтона» деген пьесасы жүріп жатқан [6; 348].
Сондай-ақ автор көп жасаған бірнеше адамды келтіреді де олардың денсаулықтары əркімнің өз қолдарымен жасалған, мұқият бағу-бақылаудың нəтижесі екенін айтады. Кант 81 жыл өмір сүрген, Толстой — 82, Галилей — 79, Гоббс — 92, Шеллинг — 80, Пифагор — 76, Сенека — 70, Гете — 82,Ньютон — 84, Фарадей — 77, Пастер — 74, Гарвей — 80, Дарвин — 73, Спенсер — 83, Смайлс — 90,Платон — 81, Сен-Симон — 80, Эдисон — 82, Павлов — 85.
Міне, сөйтіп М.Зощенко жекелеген кісілердің өмір жолын қарастырып, оқырмандарға мол мəлімет береді. Осы сияқты деректерден тұратын дүниенің жоғарыдағыларға жақпауы — таңқаларлық оқиға.
Əрине, кейде болмашы кінəраттың тұтас шығарманы танып-білуде шешуші кедергі келтіретіні бар. Осы еңбекте Сенека Рим императоры Неронның ұстазы бола тұра, атақты диктаторға қарсы құрылған қастандыққа қатынасыпты. Сол үшін өлім жазасына кесіледі. Соны білген ол қолының тамырын ашып жіберіп, өзін-өзі жазым етеді. Немесе бір дастархан басындағы отырыста Рим императоры Калигула бір уақыт қасында отырған екі сенаторға қарап, дауыстап қатты күледі. Сенаторлар ол тиышталғаннан кейін жаңа неге күлдіңіз? — дегенде жоғарғы билеуші ешбір шімірікпестен: — Сіздердің бастарыңды жұлып түсіруге менің жай ғана ишарамның өзі жетіп жатыр. Соған күлдім, — депті [6; 295].
Рим консулы Марк Антоний Ю.Цезарьдың қазасына байланысты 300 сенаторды, 2000 атты солдатты өлім жазасына кесіп, оны дереу орындаған. Мұндай фактілер «Перед восходом солнца» да көп. Осындай жағдайлар шығармаға енгені үшін көсемдерге ұнамауы ғажап емес. Əлгі оқиғалар жанамалап, Үлкен кісінің жанды жеріне тиюі мүмкін ғой.
Осы материалдар негізінде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің (1947 жылғы 21- қаңтар) «Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл жəне əдебиет институтының жұмысындағы саяси өрескел қателер туралы» қаулысы жарияланды. Онда Қазақстан Орталық Комитеті Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл жəне əдебиет институтының жұмысы қанағаттанғысыз екенін, қазақ тілі мен қазақ əдебиетінің мəселелерін ғылыми жолмен шешу жөнінде алдына қойылған міндеттерді институт атқара алмай отырғанын атап көрсетті. Институттың ғылыми жұмыстарының жоспарлары үнемі орындалмай келеді.
БКП (б) Орталық Комитетінің «ХVІІІ ғасырдың аяқ шеніндегі жəне ХІХ ғасырдың бас кезіндегі неміс философиясының тарихын баяндаудағы көпшіліктер мен қателер туралы», «Татар партия ұйымындағы көпшілік саяси жəне идеологиялық жұмыстың жайы жəне оны жақсарту шаралары туралы», «Башқұрт партия ұйымындағы үгіт-насихат жұмысының жайы жəне оны жақсарту шаралары туралы», «Украин партия ұйымындағы кадрлар арасындағы жұмыс туралы» қаулыларынан, сол сияқты «Қазақстан ССР тарихының мəселелерін баяндау жөніндегі идеологиялық, ұлтшылдық елеулі қателерді айқын көрсеткен ККП (б) Орталық Комитетінің «Қазақ ССР тарихын» екінші рет бастыруға дайындау туралы» қаулысынан Тіл жəне əдебиет институты тиісті қорытынды шығармады.
Тіл жəне əдебиет институты өзінің күнбе-күнгі жұмысында, өзі шешетін мəселелердің көбінің тақырыбында республиканың саяси жəне мəдени өркендеуінің маңызды міндеттерінен қол үзді. Институт көбінесе өткен заманға көңіл бөлді, ал қазіргі тақырыптағы жұмыс шын мəнінде жүргізілмей келеді.
Институттың өткен заман мəселелеріне арнаған ғылыми-зерттеу еңбектерінде саяси қателерге, ұлтшылдық бұрмалаушылықтарға жол берілді.
Тіл жəне əдебиет институты қазақ халқының əдебиет мұрасынан едəуір көп материал жинай тұрса да, қазақ əдебиетінің туу жəне даму тарихына ғылыми жолмен дəлелденген материалистік түсінік бере білмеді, қазақ əдебиетінің əлеуметтік негізін жəне Қазақстанда қоғамдық ой-пікірді өрістетудегі маңызын, қазақ əдебиетінің жəне оның қайраткерлерінің құралуына, қалыптасуына КСРО-дағы басқа халықтардың əдебиетінің, ең алдымен алдыңғы қатарлы орыс əдебиетінің əсерін ашып көрсете білмеді. Институттың еңбектерінде, мəселен, «Батырлар жырларының» төрт томдығында жəне баспаға даярланған «Қазақ əдебиеті тарихының» бірінші томының қолжазбасында, сол сияқты Ə.Қоңыратбаевтың, Б.Кенжебаевтың, Ə.Мəметованың, Т.Нұртазиннің диссертация қорғаған еңбектерінде əдебиетті қоғамның заттық тіршілігінен көріне бөле қарағандық, қазақ аулында тап күресі болғандығын танымағандық немесе оны бүркемелегендік бұрынғы феодалдық- рушылық құрылысты дəріптегендік бар.
Тіл жəне əдебиет институтының ғылыми еңбектерінде, орта мектептерге арналған əдебиет оқулықтарында қазақтың ХІХ жəне ХХ ғасырлардағы көп ақындары мен жазушыларының творчестволық қызметіне біржақтылықпен, тек жақсы жағынан баға берілген. Өткендегі əдебиет өкілдері жалпы халық қайраткерлері болды деп көрсетіледі, ал олардың творчествосы тап күресіне байланыстырылмай, онан тыс тексеріледі. Сөйтіп, олардың шығармаларындағы феодалдық, реакциялық, буржуазиялық-ұлтшылдық сарындар бүркеуде қалдырылды (Базар, Мұрат, Шортанбай, Шəңгерей, О.Қарашев, С.Торайғыров жəне басқа ақындар).
Ғылымға жат зиянды концепцияны негізге ала отырып, институттың басшы қызметкерлері Ысмайылов пен Жұмалиев реакцияшыл романтиканың, совет халқына əдебиеттегі жат, зиянды бағыт— қазақ əдебиетіндегі декадентствоның өкілі ақын Ш.Бөкеевті жəне революцияға дұшпан буржуазиялық-ұлтшылдық Алашорда партиясының қайраткерінің бірі — ақын Омар Қарашевті орта мектептерге арналған əдебиет оқу кітаптарына енгізген.
Бұл айтылғандардың салдарынан көптеген əдебиет жəне тіл зерттеушілер бұрыннан қалған мұраға сын көзімен қарауды қойды, сондықтан кейбір əлеуметтік жағынан жат адамдар əдебиетке идеясыздық жəне саясаттан тысқары көзқарасты өткізіп жіберді.
Қазақстан КП (б) Орталық Комитеті Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл жəне əдебиет институтының жұмысындағы аса маңызды мəселелер жөнінде марксизм-ленинизмнен алыстағандығын сипаттайтынын атап көрсетті.
Бұған себеп Қазақ ССР Ғылым академиясы мен Тіл жəне əдебиет институтының басшылығы кадрларды іріктеп алудың большевиктік принципін бұзды, мұның нəтижесінде институтқа, ғылыми жұмыспен ешқандай байланысы жоқ, əлеуметтік жағынан жат адамдар жəне кездейсоқ адамдар өтіп алды.
Тіл жəне əдебиет институтында большевиктік сын мен өзара сынға тиісті жағдай туғызылмады. Институтта тамыр-таныстық, бір-бірінің жұмысындағы қателері мен кемшіліктерін кешірушілік кең өріс алды. Институттың бастауыш партия ұйымы ғылыми өндіріс жұмысынан іргесін аулақ салды, институттың бірсыпыра қызметкерлерінің жұмысындағы идеясыздық, саясаттан тысқары қалушылық белгілерін көрсетті.
Қазақстан КП (б) Орталық Комитеті Қазақ ССР Ғылым академиясының президиумына Тіл жəне əдебиет институтының жұмысындағы жоғарыда көрсетілген саяси өрескел қателерді жоюға батыл шаралар қолдануды, БКП (б) Орталық Комитетінің идеология мəселелері жөніндегі қаулыларына жəне Жданов жолдастың «Звезда», «Ленинград» журналдары туралы баяндамасына сəйкес институттың жұмысын тез арада негізінен қайта құруды міндет етті.
Орталық Комитет Тіл жəне əдебиет институтына өткен замандағы алдыңғы қатарлы, прогресшіл əдебиет қайраткерлерін зерттеу жұмысын күшейтуді, маркстік-лениндік методология негізінде солардың қазақ халқын ағарту, орыс халқымен жəне Совет Одағының басқа халықтарымен екі арадағы достықты нығайту ісіндегі ролін тереңнен толық ашып көрсетуді ұсынды.
Қаулыда көрсетілгеніндей, Базар жырау, Мұрат, Шортанбай, Шəңгерей, О.Қарашев, С.Торайғыровтардың көптеген шығармалары қайтадан қаралды. Ə.Қоныратбаев, Б.Кенжебаев, Ə.Мəметова, Т.Нұртазин сынды əдебиетшілерді зерттеу еңбектерінен ұлтшылдық сарын байқалады деп атап айтылды.
Əлбетте, Мəскеуден бір сыбыс шыға қалса, шет аймақтарды қиқуға толтырып жіберетін дағды Алматыда өткен ғылым, əдебиет жəне көркем өнер қайраткерлерінің жиналысында ҚКП Орталық партия Комитетінің хатшысы Ж.Шаяхметовтің «Идеология майданындағы қызметкерлердің айбынды міндеттері» (1947 жылғы наурыз айы) деген баяндамасында сол жағдай айқын дəлелденді.
«Академияның Тіл жəне əдебиет институтының жұмысындағы саяси өрескел қателер» мұнда кеңінен қайталанды. Е.Ысмайлов, Х.Жұмалиев, Б.Кенжебаевтар ұлтшыл, феодалшыл Шортанбай, Мұраттарды оқу бағдарламасына əдейі енгізіп, көз көре ұлтшылдықтың туын көтерді делінді. Қырағылық жөніндегі көзқарас одан əрі тереңдей түсті.
1950 жылғы 26-желтоқсанда əйгілі үшеудің, Т.Шойынбаев, Қ.Айдарова жəне А.Якуниннің,«Правда» газетінде: «Қазақстан тарихының мəселелері марксистік-лениндік тұрғыда баяндалсын» деген сұмдық мазмұнға құрылған мақаласы жарық көрді. Авторлар мұнда Абылай, Кенесары жəне оның төңірегіндегілерді халықтың қас жауы, қазақты орыстардан бөліп алып, жеке хандық құруды армандаған карьеристер деп сөкті. Не керек, Махамбет, Шоқан, Ыбырай, Абайдан басқа революциядан бұрын өмір сүргендер шетінен бұзық, теріс ойлылар болып шықты. Кейбір зерттеулер талдауда қырағылық принципін ұмытып, олардың бəрін демократияшыл-ағартушылар деңгейіне көтергенін атап көрсетті.
Оған себеп 1941 жылы қарашаның алтысы күні Қызыл алаңда əскери парад өткізіліп, онда И.В.Сталин сөз сөйледі. Ол соғыстың ең қатал, ең жексұрын жауымен болып отырғанын айта келіп, сөзінің соңын «сіздерді Невский мен Донскойдың, Минин мен Пожарскийдің, Макаров пен Ушаковтың, Суворов пен Кутузовтың ерлік дəстүрі, аруағы қолдасын!» — деп аяқтады. Майданнан бұрын бірде сыналып, бірде мадақталып келген Абылай мен Кенесарылар енді азаттық күрестің көрнекті өкілдері ретінде дəріптелді. Соғыс аяқтала салысымен метрополия аз ғана ұлттар мен ұлыстардың өткендегі тарихын қайта қарады. Күні кеше талайы ел тізгінін ұстаған ерлер енді ұлтшыл феодализмнің жалғаса беруі үшін алысқандар болып шыға келді.
Белгілі ғалым А.Панкратова сол тұста Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы І.Омаровқа арнайы жолдаған хатында (1949 жылы, 11-қазан) мұндай ақиқаттан ауа жайылушылықтық жайсыздықтан өзгеге апармайтын арнайы мəлімдей келіп, былай деп жазды:
«...Среди ряда историков существует непременное стремление ухудшить историю казахского народа, вопреки исторической правде. Я совершенно не понимаю, почему грузинские цари или узбекские ханы могут считаться при аналогических исторических условиях прогрессивными деятелями, а казахи должны чернить Аблая и Кенесары Касымова? Я ни в коем случае не могу стать на антиисторический путь оценки этих виднейших деятелей казахской истории, тем более, что наши критики не подтверждают своих выводов решительно никакими документами и историческими фактами».
Амал не, мəскеулік ғұламаның жаңашырлық жан айғайы əсіре саясатшыл атқа мінерлер мен солақай «білімпаздардың» қиқуының астында тұншықты. Ғылым, өнер қайраткерлерінің тағдыры безбенге тартылды. Қосақ арасында босқа кеткендер қаншама. Ал 1950 жылдың 26-желтоқсанында «Правда» газетінде үшеудің аты шулы мақаласы жарияланғаннан кейін қараңғы үйдің айы оңынан туды. Даңғаза дауыл қайыра азынады. Тартқан қасіретте шек жоқ...
Осыдан кейін жандайшаптар тарихи, əдеби мұраларға жорық бастады. Е.Бекмаханов бастаған бір топ ғалымдар əшкереленді. Əрісі ит жеккенге айдалды, берісі он жылға сотталды. Ауыз əдебиетінің кейбір үлгілеріне шейін ұлтшылдықты насихаттау құралы деп айыпталды. Мəселен, 8- сыныптың оқулығынан «Қозы Көрпеш — Баян Сұлу», «Қамбар батырдан» басқасы зиянды деп танылып, алынып тасталды.
1948 жылы 18-ақпанда В.Мураделидің «Ұлы достық» («Великая дружба») операсы туралы қаулы қабылданды. Онда сонымен бірге жіберілген қате-кемшіліктерге бұл шығармалар да ортақ делініп, К.Данькевичтің «Богдан Хмельницкий», Г.Жуковскийдің «Шын жүректен» («От всего сердца») опералары да қамтыла кетті.
«Ұлы достықта» орыстардың Солтүстік Кавказ халықтарының арасындағы достық, ынтымақтастық қарым-қатынастың өрістеуіне ықпалы мардымсыз көрсетілген, оның есесіне шешендердің тұрақтылықты, бір-біріне сенім көзқарасын жоққа шығаруға тырысқаны аз айтылады делінді. Сонымен бірге операда оркестровқа ойдағыдай емес, тамылжыған мелодиялардың орнына қайдағы бір шуылдақтарға көп орын берілген деп сыналды. Кейін 1958 жылы аздаған түзетулермен шығарма қайтадан сахнаға шықты. Сөйтіп мұнда да əділеттілік орнады.
Бір-екі ауыз сөз В.Мураделидің əрмен қарайғы тағдыры туралы. Сібірдегі қайнаған өмірді, салынып жатқан алып құрылыстарды, совет адамдарының ұлан-байтақ өлкені игерудегі ерліктерін баяндайтын жаңа шығарма жазу ниетімен сонда творчестволық жолдамамен кеткен болатын. Сол сапарының бірінде Енисей өзенінде, жолдастарымен кемеде жүзіп келе жатқанында, күн бұлтты екен, ойламаған жерден жасыл түсіп, қазаға ұшырады. Сөйтіп көрнекті композитордың өмірі осылайша трагедиямен аяқталды.
30-шы жылдардан бермен, кейбір мəліметтерге қарағанда, шет елдердің дүние-мүліктерін, тауарларын, өзен-көлдерін, тауларын көтермелей сөйлеу қауіпті бола бастаған. Н.Бухариннің соңғы əйелі — Анна Михайловна Ларинаның айтуы бойынша, Якирдің жұбайы Сарра Лазаревна (халық жауларының отбасы ретінде 8 жылға сотталған) бірінде түрмеде отырып, Жерорта теңізінің көріністері Қара теңізден қалыспайды екен, Италияда əйелдердің кофтасын біздегіден тəуірлеу тігеді екен, мұны күйеуіміз екеуіміз кемемен круиз жасағанда анық байқадық депті. Тыңдап отырғанның біреуі ептеп бастықтарға жеткізе қойған. Сөйтіп сол үшін соттың үкімі тағы он жылға ұзартылған [7]. Мəскеуге Воронежден бір айлық курсқа барған бір инженер вагонда қайтып келе жатып, американдардың станоктарымен таныстық, олар көп ретте біздікінен асып түспесе, кем соқпайды екен депті. Осыны естіп отырған біреу «үш əріптің» құлағына салған. Аты-жөні белгісіз ол инженерді іздеп жүріп, ақыры тауыпты да 10 жылға соттап жіберген.
Жасырын хабарлаушыдан Н.И.Покрышкин де азап тартқан. Соғыс жылдары Кеңес Одағының Батыры атағын екі рет алып үлгірген жаны жайсаң жігіт асханада тамақ ішіп отырып, мен білсем, немістердің мессершмидтің кейбір тетіктері біздікінен тəуір ме қалай? Бақылап, басқаруға қолайлы сияқты депті. Жолдас болып жүргендердің біреуі тиісті органдардың біреуіне жеткізеді де, ұшқышты түрмеде қаматқан. Жаздым, жаңылдым, қатемді қаныммен жуайын деп ант-су ішкен атақты летчикті ақыры уəдесі бойынша тұтқаннан босатқан екен. Азаттыққа шыққан ол жан аямай соғысып, үшінші алтын медальға қол жеткізіпті.
50-ші жылдардың басында «Комсомольская правда» газетінде жарияланған кейбір спорттық хабарларға К.Ворошилов қатты ашуланыпты. Онда канадалық хоккей емес, шайбалы хоккей деген дұрыс, ол бір елдің меншігіне жатпайды, жалпы адамзаттық маңызы бар деп долданыпты. Содан былай шайбалы хоккей деп атап келеміз.
Бұл айтылғандар елімізде орын алған күштеудің, тізеге салудың мыңнан бірі ғана.
Аталған қаулылар жəне оларды орындаудағы əрекеттер 40-шы жылдардың соңына таман 37-ші жыл қайталанғандай көрінді. Халықты үрей биледі. Екі елі ауызға төрт елі қақпақ қою, ақырын ауызды бағу əдетке айналды.
Еврейлерге қарсы айрықша күрес басталды. Гитлер 6 млн. еврейлерді құртты. Осының өзі антисемитизмді күшейтті.
И.Сталин Л.Берияның көзін құрту операциясын соғыстан бұрындары бастаған екен. Бұл шара қатал жауға қарсы күрестің салдарынан ептеп бəсеңдеген-ді. Соғыс сəтті аяқталғаннан кейін ол күн тəртібіне қайыра көтерілді. Л.Берия бұл кезде өзге жұмыстармен қоса атом бомбасын жасау жөніндегі комиссияны басқарған жəне бұл салада айтарлықтай нəтижеге жеткен. Дегенмен бұл Л.Берияны жою науқанына кедергі келтірмегені талассыз жайт. Алдымен соғыстан кейін пайда болған Халық Демократиялық елдерінің басшылығы түгелдей дерлік еврей ұлтынан-ды жəне олар Л.Берияның қойған адамдары болатын. Енді біртіндеп олар: Рудольф Сланский, Бедржих Геминдер, Рудольф Морголюс, Андре Симон, Артур Лондон, тағы басқалар тарих сахнасынан кете бастады. 1953 жылы 13-қаңтарда врачтар-кісі өлтіргіштерге үлкен айып тағылды. Олар: М.Вовси, В.Вино- градов, Б.Коган, М.Коган, П.Егоров, А.Фельдман, Я.Этингер, А.Гринштейн, Г.Майоров дегендер-ді. Осылардың В.Виноградов пен П.Егоровтан басқасы еврейлер. Бұларды əшкерелеуші Л.Тимощук деген қатардағы дəрігер болатын. Аталған дəрігерлер В.Василевский, И.Конев, С.Штеменко жəне адмирал Левченконы теріс емдеді деп айыптады. 30-шы жылдары Плетнев, Левин, Максимов, Казаков деген атақты дəрігерлер Рыковтың, Бухариннің, Ягоданың қолдауымен Менжинскийді,Куйбышевті, Горькийді əдейі өлтірді деп ғайбатталған. Партияның 1952 жылы ХІХ съезі жүріп жатқанында Ворошиловтың, Молотовтың, Андреевтің əйелдері түрмеде отырған-ды. Өйткені олар да еврей жұртынан еді [8].
1948 жылы Сталиндік сыйлыққа ұсынылған спектакльді көріп қайтуға Минскіге жіберілген Мəскеудегі еврей театрының режиссері Соломон Михаэлс жұмбақ жағдайда өліп кеткен. Мəскеуден өзімен бірге барған кісі екеуі қонақтан қайтып келе жатқанында машина қағып кетіпті. Оның өлімін Бериядан көріп, кейін шу көтерілді. Егер Берия оның көзін жойғысы келсе, соншама алысқа жібермей, осында да құртар еді ғой. Дегенмен оның қазасы əдейі ұйымдастырылуы да ықтимал. Берияны халық жауы ретінде əшкерелеу жұмысы Сталин қайтыс болған соң жедел қолға алынып, 1953 жылы шілде айында толық жүзеге асты.
Ескерте кетейік, И.Сталиннің қайшылығы көп тұлға екеніне бір дерек, көптеген əріптестеріне қарағанда көркем əдебиетті көп оқыған жəне спектакль мен кинофильмнің Мəскеудегі қойылымын алдымен өзі көрген. Соның талғамына төтеп берген дүниелер ғана көпшілікке ұсынылған, басқалары алынып тасталған.
К.Симонов өзінің естелігінде мынаны жазады: «Сталиндік сыйлыққа ұсынылған шығармалар ең соңғы айналымында Сталиннің кабинетінде талқыланады екен. Соның бірінде Э.Казакевичтің «Одердағы көктем» романы бірінші дəрежелі сыйлыққа лайық деген тізімде болған. Сонда Сталин оны ондай атаққа жауап бере алмайды, екінші не үшінші дəреженің берілуіне қарсы емеспін депті. Неге десең, ол роман жалпы жаман емес. Талай соғыс операциялары ауқымды да тартымды бейнеленген. Бірақ онда майданды талантымен танылған И.Конев, К.Рокоссовскийлер сияқты əскери қолбасшылар емес, соғыс советінің мүшесі Сизокрыловтың басқарғаны көп айтылады. Ол — жай кеңесші ғана. Соғысты жүргізу білікті мамандарға тапсырылса керек. Тарихи шындықтан алшақтағанымыз жарамайды деген тұжырым айтқан. Мұны алғаш комитет мүшелері де байқамаған. Тағы басқа шығармалар жөнінде де ол осындай біліктілік көрсеткен.
Бұл мəселенің бірінші жағы, ал екінші жағына келсек, сыналған кісілер қатты қуғындалған. Мəселен, шығармалары күмəнді көзқарастары теріс авторларды оқу бағдарламасына енгізді деген желеумен Е.Ысмайылов, Х.Жұмалиев, Қ.Мұхаметханов, Е.Бекмахановтар 25 жылға сотталып, адам айтқысыз азап шекті. Былайғылар түрлі мерзімге айыпталып жаза тартты.
50-ші жылдары бір топ лингвист-ғалымдар тілдің кейбір мəселелері жөнінде: тіл базис па, қондырма ма, тіл таптық па немесе халықтық па, орыстың əдеби тіліне қай облыстың тілі жатады т.б. өзара пікір таластырып, бір тоқтамға келе алмаған соң И.Сталинге жүгінді. Соның бірінде сол кезге дейін тіл ғылымында үстем болып келген академик Н.Я.Маррдың ілімі күн тəртібіне қойылды. Н.Я.Маррдың көзқарасы бойынша, қандай тіл болмасын, оның кез келгені міндетті түрде: сал-, бер-, ион-, рож- деген түбірден тұратыны «дəлелденген». Мұндай «теорияның» қате-кемшілігі ашылған соң ол пікірді белсене жақтап келгендерге сын тағылды, ашық шеттетушілікке ұшырады [9].
Қысқасы, 1925 жылғы 18-ші маусымдағы «Партияның көркем əдебиет саласындағы саясаты туралы» жəне 1932 жылғы 23-наурыздағы «Көркем əдебиет ұйымдарын қайта құру туралы» қаулылары əдебиеттің өзіндік қолтаңбасын, адам қоғамын зерттеудегі дербес тəуелсіздіктерін саясатқа бұрып, жаңа арнаға икемдесе, 1946–1950 жылғы қаулылар оны партия қалай айтса солай жырлайтын, соның нұсқаған бағытынан табан аудармайтын бұйдалы ботасына айналдырды. Өмір шындығын өзінше байқау, өзінші өрнектеу алыстап кетті. Автордың еркіндігіне тыйым салынды. Бірақ бір ғажабы, тұтастай алғанда, ол қаулылар көркем ойды, творчествоны тұмшалай алмады. Осы жылдары ең озық еңбектер көптеп жазылды, əдебиетіміз бен мəдениетіміз бүкіл дүниежүзілік аренаға шықты. Қаламгерлеріміз қатал қыспаққа қарсы күресте шынығып, ер жетті. Лев Толстой нағыз жазушылық өнер жөнінде былай дейді: «Все эти Граковские, Белинские, Чернышевские, Добролюбовы, произведенные великие люди, должны благодарить правительство и цензуру, без которых они бы были самыми незаметными фельетонистами» дей келіп, «свойство истинно духовной деятельности таково, что ее нельзя задержать. Если она задерживается, то это значит только то, что она не настоящая».
1946–1950 жылдары идеология саласында қабылданған қаулы-қарарлар кейін Орталық Комитет комиссиясының шешімімен əр кез 1989 жылға дейін күштерін толығымен жойды.
Əдебиеттер тізімі
- Авторханов А. Историческое поражение Сталина // Новый мир. — 1991. — № 5.
- Левановский Д. История «большого блокнота» // Звезда. — 1988. — №
- Қазақ совет əдебиеті тарихының очеркі. — Алматы: Қазмембас, 1947. — 274-б.
- Тименчик Р. Неизвестное стихотворение А.Ахматовой // Октябрь. — 1989. — № 10.
- Мұқанов С. Өсу жолдарымыз. — Алматы: Қазмембас, 1960. — 480-б.
- Зощенко М. Собрание сочинений: В 3-т. — Т. 3. — М., 1987.
- Ларина А. Незабываемое // Знамя. — 1988. — № 11. — С.
- Жигулин А. Черные камни // Знамя. — 1988. — № 6. — С.
- Аджубей А. Те десять лет // Знамя. — 1988. — № 7. — С.