Другие статьи

Цель нашей работы - изучение аминокислотного и минерального состава травы чертополоха поникшего
2010

Слово «этика» произошло от греческого «ethos», что в переводе означает обычай, нрав. Нравы и обычаи наших предков и составляли их нравственность, общепринятые нормы поведения.
2010

Артериальная гипертензия (АГ) является важнейшей медико-социальной проблемой. У 30% взрослого населения развитых стран мира определяется повышенный уровень артериального давления (АД) и у 12-15 % - наблюдается стойкая артериальная гипертензия
2010

Целью нашего исследования явилось определение эффективности применения препарата «Гинолакт» для лечения ВД у беременных.
2010

Целью нашего исследования явилось изучение эффективности и безопасности препарата лазолван 30мг у амбулаторных больных с ХОБЛ.
2010

Деформирующий остеоартроз (ДОА) в настоящее время является наиболее распространенным дегенеративно-дистрофическим заболеванием суставов, которым страдают не менее 20% населения земного шара.
2010

Целью работы явилась оценка анальгетической эффективности препарата Кетанов (кеторолак трометамин), у хирургических больных в послеоперационном периоде и возможности уменьшения использования наркотических анальгетиков.
2010

Для более объективного подтверждения мембранно-стабилизирующего влияния карбамезапина и ламиктала нами оценивались перекисная и механическая стойкости эритроцитов у больных эпилепсией
2010

Нами было проведено клинико-нейропсихологическое обследование 250 больных с ХИСФ (работающих в фосфорном производстве Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции)
2010


C использованием разработанных алгоритмов и моделей был произведен анализ ситуации в системе здравоохранения биогеохимической провинции. Рассчитаны интегрированные показатели здоровья
2010

Специфические особенности Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции связаны с производством фосфорных минеральных удобрений.
2010

Атаулы сөйлемдердің зерттелуінен

Атаулы сөйлемдерге байланысты пікірлер əлі күнге дейін өзінің шешімін тапқан жоқ, бір ғалымдар мұндай құрылымдарды сөйлем қатарына жатқызса, енді біреулері сөйлемдердің баламалары ретінде ғана қарастырады. Тіл білімінде атаулы сөйлемге ұқсас көптеген құрылымдар бар, оларды зерттеушілер əр түрлі атаулармен атаған: «түсінік атаулы» (именительный представления), «тақырып атаулы» (именительный темы), «вокативтер», «квалификативті сөйлемдер», «субстантивті толымсыз сөйлемдер», «релятивтер», «генитивтер», «дифференциалды емес сөйлемдер» (недифференцированные предложения), «оңашаланған номинатив» (изолированный номинатив), «оңашаланған түзілім» (изолированное образование), «сегмент», «фраза».

Түркі тілі грамматикасын зерттеген А.Н.Кононов атаулы сөйлемдерді бірқұрамды сөйлемдерге жатқызады [1]. А.Н.Кононов бойынша, атаулы сөйлемдегі бас мүше сөйлемнің бастауышына да, баяндауышына да теңестірілмейді. Ғалым атаулы сөйлемдегі тірек сөзді «потенциальное подлежащее» деген атпен берген. Ал ғалым Т.А.Бертагаев бас мүшені атау септігіндегі зат есімнен жасалған баяндауыш деп таниды да, бірқұрамды сөйлемдерге жатқызады [2; 49]. Осы ғалымдардың ізімен атаулы сөйлемді М.З.Закиев те, Б.Тойчубекова да, К.Аханов та, Ғ.Мадина да, Қ.Шəукенұлы да есімді бірқұрамды сөйлем қатарында қарастырады.

К.Ахановтың «...бірқұрамды сөйлемнің үлгісі бір ғана бас мүшеден құралады, мұндай бас мүше бір компонентті, екі компонентті де болуы мүмкін. Мысалы: 1) Түн. Вокзал. Өрт т.б.; 2) Мыңдаған жүргіншілер. Сіркіреген жауын» деген атаулы сөйлем жөніндегі пікірінен құрамы жағынан бір сөзден немесе сөз тіркесінен тұратындығына назар аударғанын көреміз [3].

Қ.Шəукенұлының пікірінше, «жалаң сөйлем атаулы сөйлемнен де болса керек. Мұндай сөйлемнің құрамы тіпті бір мүшеден тұратынын қайтерсің» [4].

Атаулы сөйлемнің қалыптасуын үнемдеу, ықшамдау процесінің жемісі деп танушы Ж.Сəдуақасұлы «...қазіргі атаулы сөйлемдерді де барлық сөйлем атаулының негізіне алынатын ата түркі дəуіріндегі сөйлем дегеннен гөрі, қос құрамды сөйлемдердің коммуникативтік-семантикалық ерекшеліктеріне байланысты ықшамдалуынан пайда болған сөйлем деп қараған орынды» дей келе, атаулы сөйлемді есімді бірқұрамды сөйлемге жатқызады [5; 107, 108]. Бұл — қазіргі таңда сөйлемдердің қалыптасуына айтылған жаңаша көзқарас.

Г.Темірбекова белгілі қазақ тілі синтаксисі мамандарының (С.Аманжолов, С.Жиенбаев, Ғ.Айдаров, А.Əбілқаев, М.Балақаев, Р.Əмір, М.Қараев, С.Исаев, Ш.Бектұров, М.Серғалиев) атаулы сөйлемдерге берген анықтамаларын салыстыра келіп, «...біріншіден, атаулы сөйлемдерге берген анықтамалар барлығында бірдей емес; екіншіден, атаулы сөйлемді бірқұрамды сөйлем ретінде танып, оның атауын айқындайтын басты белгі де, оның ғылыми негіздері де көрсетілмейді. Анықтамалардың берілу дəлділігі мен нақтылығы сол сөйлем түріне қажетті сипаттарды қамтуы да бірдей емес...» — деп, ойын төмендегідей тұжырымдайды: «Атаулы сөйлем — бірқұрамды сөйлемдердің негізгі түрі. Күнделікті тұрмыста кездесетін заттарды, бұйымдарды, оқиғаны жəне жаратылыс көріністерін арнайы белгілеп, олардың кейбір эмоциялық сипатталуын атап білдіру үшін атау септігіндегі сөздерден жəне сөз тіркестерінен жасалған, баяндау интонациясының жетегіндегі сөйлемді атаулы сөйлем дейміз» [6].

Бұл зерттеушілердің атаулы сөйлемдерді бірқұрамды сөйлемдерге жатқызуының негізгі себебі құрылымдық жағынан бір сөзден не сөз тіркесінен болғандығын басшылыққа алуында жатса керек. Əрине, бұлай қарау атаулы сөйлемнің функциясын жеріне жеткізе дəл көрсете алмаса керек деп ойлаймыз.

Ал орыс тіл білімінде бұл мəселеге  байланысты өз ішінде «бастауыштық»  жəне«баяндауыштық» деп атаулы сөйлемдерді екіге бөліп қарастыру орын алған. Мəселен, А.А.Потебня, Ф.Ф.Фортунатов, А.М.Пешковскийлер атаулы сөйлемнің тірек сөзін баяндауыш десе, Д.Овсянников- Куликовский, В.Богородицкий, Л.Булаховскийлер бастауыш деп таниды. Атаулы сөйлемдерді А.Шахматов, Е.Галкина-Федорук, тағы басқа ғалымдар бастауыштық жəне баяндауыштық деп екіге жіктеп бөледі. Енді біреулері тірек сөзді бастауыш деп те, баяндауыш деп те атамайды. Бұл жерде жоғарыдағы ғалымдар еңбектеріндегі «бас мүше» деген терминді «тірек сөз» деген атаумен алмастырғанды орынды деп ойлаймыз. Бізше, «бас мүше» деген терминнің мүшеленбейтін сөйлемнің деңгейін саралауда шартты екендігін есте сақтау керек сияқты. Қазіргі орыс тіліндегі атаулы сөйлемдерді зерттеген ғалымдар (М.П.Жоголева, А.С.Попов, П.Лекант, А.Г.Руднев) атаулы сөйлемдерді бірқұрамды сөйлемдерге жатқызуды жөн көреді. М.П.Жоголева бірқұрамды сөйлемнің тірек сөзін (авторша, бас мүшесін) екіқұрамды сөйлемдегі бастауыш, баяндауышпен ұқсастыру дұрыс еместігін айтады [7]. Осы көзқарасты Н.И.Тарабасова да құптайды. Зерттеушінің ойынша, атаулы сөйлемдегі тірек сөзді бастауыш немесе баяндауыш деп атау екіқұрамды сөйлемдегі бас мүшелерінің жəне бірқұрамды сөйлемдегі бас мүшенің ұқсастығына алып келеді, мұндай ұқсастыру бірқұрамды мен екіқұрамды сөйлемдердің арасындағы ерекшеліктердің жойылуына əкеп соғады [8].

«Баяндауышы болмайтын жəне оны контекстің де, жағдаяттың да негізінде анықтауға, толтыруға келмейтін жерде тек бастауыштық ыңғайдағы атаулы сөйлемдер пайда болады» деген А.Г.Рудневтің көзқарасы Ф.И.Буслаевтың «…бірақ тек бастауыштан ғана тұратын бірде-бір сөйлем болмайды» деген пікіріне қарама-қарсы [9].

Ал «субъект-предикаттық қатынастың негізінде ғана сөйлем бола алады» деген тұжырымды қолдаушы логикалық бағыттағы лингвистер мұндай құрылымдардың екіқұрамды сөйлемдерге ұқсастығын басып айтады. В.П.Проничевтің пікірінше, атаулы бірқұрамды сөйлемдердің жалғыз ғана бас мүшесі бар, сондықтан сырттай қарағанда бірқұрамды болып көрінеді. Негізінде олар семантикалық тұрғыдан екі компоненттен құрылғандығы айқын көрініп тұратын екіқұрамды сөйлем болып табылады [10].

Əзербайжан тіліндегі жай сөйлемдерді зерттеуші З.И.Будагова «атаулы сөйлемдегі атау септігінде тұрған бас мүшенің сыртқы көрінісі бойынша ғана баяндауыштың болуын талап ететін екіқұрамды сөйлемдердегі бастауышты еске түсіреді» деген пікір айтады [11].

Қазақ тіл білімінде ғалым Р.С.Əмір сөйлемді пікір білдіру үшін жұмсалатын бірлік жəне пікір үнемі екі мүшелі дейді. Ғалымның пікірінше, Түн. Жаз. Қалың мал деген мысалдар — атаулы сөйлемдер, бұл сөйлемдерде пікірді білдіру бар жəне олар екі мүшелі пікір, предикат та, субъект те сөйлемнің бір мүшесі арқылы көрінеді. Зерттеуші ойын əрі қарай былай дамытады: «Сөйлемдер ылғи бастауыш — баяндауыш қатынасты құрамнан құрала бермейді. Тілімізде бұлардан грамматикалық ерекшелігі бар атаулы сөйлем деп аталатындары да бар. Бұл сөйлемдер құбылыстың, заттың атауы ретінде жұмсалады. Атаулы сөйлемдер арнаулы коммуникативтік мақсаттың қажетімен қалыптасқан дейді. Бұл сөйлемдер төңіректі, жағдайды үнемді жолмен суреттеуге, пікірді эмоциялы етіп жеткізуге септігін тигізеді. Атаулы сөйлемдер мен екі бас мүшелі сөйлемдер функция жағынан да, құрылымы жағынан да тығыз байланысты. Функция жағынан тығыз байланысты дейтініміз — атаулы сөйлемдер мен екі бас мүшелі сөйлемдер мағына жағынан бірдей болып келе береді…Структура жағынан да байланысты дейтініміз — көп жағдайда бұл екі структуралық түрдегі сөйлемдерді бір түрден екінші түрге ауыстырып, құрылысын өзгертуге келеді» [12].

В.В.Бабайцева, Л.Ю.Максимовтардың еңбегінде «атаулы сөйлем мүшеленбейтін сөйлемдерге қарағанда бас мүше мен тұрлаусыз мүшелерге айқын мүшеленеді» деген пікір орын алған [13].

Бұл жерде жалпы тіл білімінде атау тұлғалы құрылымдарды бірқұрамды мүшеленетін сөйлемдер мен мүшеленбейтін сөйлемдердің ортасындағы аралық категория деп қараған өзгеше бір көзқарастың да болғандығын айта кету керек. Орыс зерттеушісі А.С.Казакова «Пожар!» сияқты сөйлемдердің құрылымдық жəне семантикалық қасиеттерін анықтауда логикалық аспектіге сүйене келіп, əр түрлі мағыналық қатынаста түсінуге болатындығын айтады. Егер «Пожар!» құрылымын «Пожар начался» деген тұрғыда алсақ, онда бастауыштық мағынада, «Пожар!» — «Это пожар» десек, баяндауыштық мағынада тануға болады. Мұндай кезде «Пожар» деген сөйлемді бірде бастауышсыз, бірде баяндауышсыз бірқұрамды сөйлемдерге логикалық жақтан жатқыза аламыз. Екінші жағынан алғанда,«Пожар» дегенді нақты дəп басып, не бастауыш деп, не баяндауыш деп ажырата алмаймыз. Өйткені олар семантикалық жəне коммуникативтік жағынан бөлінбейді, актуальді мүшелену тұрғысынан бөлшектенбейді. Яғни мүшеленбейтін сөйлем деп ұғынуға болады. Бұдан шығатын қорытынды: кейде мүшеленетін бірқұрамды, кейде мүшеленбейтін сөйлемдер ретінде əр жақты түсінілетін сөйлемдерді екеуіне де жатқызбай, үшінші бір түр ретінде аралық құрылым деп қарастыру қажет [14]. Зерттеуші А.С.Казакованың көзқарасының сөйлемге трансформациялау тұрғысынан зерделеуден туындағаны көрініп тұр. Біздің ойымызша, бұл — мүшеленбейтін сөйлемге біржақты қарау. Өйткені кез келген сөйлемді трансформациялау арқылы, мына сызбада көрсеткендей, өзгерте беруге болады: мүшеленбейтін сөйлем — бірқұрамды сөйлем — екіқұрамды сөйлем немесе, керісінше, екіқұрамды сөйлем — бірқұрамды сөйлем — мүшеленбейтін сөйлем. Мұны мына сөйлемдермен өрнектеп беруге болады:

 - Найзағай! Дала астан-кестен. Тірі пенде көрінбейді (мүшеленбейтін сөйлем).

  — Әже, жарқылдап тұрған не? — деп сұрады немересі.

- Найзағай, құлыным (бірқұрамды сөйлем).

-  Жарқылдап тұрған найзағай. Найзағай жарқылдап тұрған (екіқұрамды сөйлемдер).

Біз атаулы сөйлемдерді орамды сөйлеуде əр түрлі қызмет атқаруына байланысты мүшеленетін екіқұрамды жəне бірқұрамды сөйлемге қарама-қарсы мүшеленбейтін сөйлемдердің бір түрі ретінде қарастырамыз, өйткені атаулы сөйлемнің тірек сөзін бастауыш деп те, баяндауыш деп те танымаймыз, яғни ол — мүшеге сараланбайтын құрылым.

Сонымен, атаулы сөйлемдер — қазіргі қазақ əдеби тілінде белсенді дамып келе жатқан, сөйлеу тілінде жиі кездесетін құрылымдардың бірі. Қазіргі қазақ əдеби тілі интонациясы тиянақталған, атау тұлғадағы зат есімдер немесе сөз тіркестерінен (оның ішінде сан есімді тіркестерден) құралған, өзінің синтаксистік табиғаты бойынша түрлі болып келетін құрылымдарға бай. Ғалымдардың атаулы сөйлем жайындағы пікірлеріне тоқталайық.

Түркі тілдерін зерттеген ғалымдар түркі ата тілінде есімді сөйлемдер қолданылғанын, оларды көне-түркі жазба ескерткіштері арқылы дəлелдеуге болатынын айтады. Осындай ойды Э.В.Севортянның еңбегінен де кездестіреміз: «Тюркские языки, начиная с древнейших, ныне вымерших языков или живых языков более архаической структуры и кончая наиболее развитыми современными языками с длительной письменной традицией, структурно относятся к языкам с номинативным строем предложения» [15].

Ғалым Қ.Жұбановтың бұл жөнінде «ойды бір сөзбен де, бірнеше сөзбен де түгел білдіруге болады. Қыс. Күн боран. Жердің үстін қар жапқан дегенде қыс деген жалғыз сөздің өзі де түгел бір ойды білдіріп тұр...» деген [16] пікірі ой-ақпарат беру сөздің құрамына байланысты емес екенін танытып, кейінгі тілшілердің сөйлемге байланысты жаңа көзқарастарының туындауына түрткі болды. С.Аманжолов атаулы сөйлемдердің қалыптасуы жағынан басқа сөйлемдерге қарағанда алғашқы екенін айта келіп, əуелде сөйлемнің бір сөзбен берілгенін «Торғауыт!» деген мысал арқылы түсіндіреді де, оны номинативтің негізгі белгісі деп таниды [17; 171].

Ғалым Е.Ағмановтың ойынша, сөйлемнің ең алғашқы құрылымдық үлгісі — атаулы сөйлем де, сөйлемнің қалған құрылымдық түрлері кейінірек пайда болған [18].

Е.Ағмановтың пікіріне сыни көзбен қараған Ж.Сəдуақасұлының көзқарасы мүлде басқа. Ол атаулы сөйлемнің қос құрамды сөйлемдердің коммуникативтік-семантикалық ерекшеліктеріне байланысты ықшамдалуынан пайда болғандығын атап көрсетеді. Мысалы: Мезгіл жаз ортасы болатын. –Жаз ортасы... Бұл — Қызылорда. –Қызылорда. Қазақстанның алғашқы астанасы осы қала болған т.б. [5; 107, 108]. Бұл жағынан Ж.Сəдуақасұлының пікірі ғалым Ғ.Айдаровтың пікірімен үндесіп жатыр. Ғ.Айдаров көне түркі жазбаларындағы Түн-Түн, Күн –Күн, Йағы –Жау сияқтылардың қазіргі атаулы сөйлемдердің пайда болуының басы деп таниды. Ғалымның пікірінше, бұл сөйлемдер тек бастауыштан ғана құрылады да, баяндауыштары болмайды [19].

М.Балақаев болса: «Енді бірқатар сөйлемдер сараланған бастауыш пен баяндауыштан құралмай, тек бастауыш ыңғайындағы сөзден не сөз тіркесінен құралады. Мысалы: Түн. Клуб толы адам. Музыка», дейді [20; 190]. Яғни ғалым пікірінен атаулы сөйлемнің мүлде сөйлем мүшесіне ажыратылмайды деген ойын аңғарамыз. Бұл ой атаулы сөйлемдерге беріліп жүрген анықтамаларға негіз болды.

«Құрылысы жағынан тұрлаулы мүшеге талданбайтын, мағынасы жағынан оқиғаны, құбылысты, болмысты тек атап қана көрсетіп, ол туралы баяндамайтын, өзіне тəн айырым интонациясы бар жай сөйлемнің түрін атаулы сөйлем дейміз», — [21; 131] деген А.Əбілқаевтың анықтамасы басқа сөйлем түрлерінен өзіндік ерекшелігімен ажыратылатын атаулы сөйлемнің тілімізде кездесетін құбылыс екенін дəлелдей түседі.

М.Қараевтың да, С.Исаевтың да атаулы сөйлемді «мүшеленбейтін сөйлем» деген терминмен атамаса да, осы қатарға жатқызатындықтарын келесі анықтамаларынан көруге болады: «Бастауыш тұлғалы сөздер мен сөз тіркестері кейде арнайы ой екпінімен, дауыс ырғағымен айтылады да, сөйлем ыңғайында қолданылады. Айтылған ой бір сөз не сөз тіркесі арқылы аталып, бірақ тұрлаулы мүшелерге саралана алмайтын сөйлемді атаулы сөйлем дейміз» [22]. «Ойды білдірмей, тек соған байланысты заттың, құбылыстың, мезгілдің, мерекенің, мекеннің аты аталып көрсетілгендей, жай сөйлемнің ерекше түрін атаулы сөйлем дейді. Атаулы сөйлем өз ішінде сөйлем мүшелеріне жіктелмейді» [23].

Осы анықтамалар атаулы сөйлемдердің ең басты белгілерін нақтылай көрсетіп, оның мүшеленбейтін сөйлем болып табылатынын айқындайды.

Біз осы жоғарыда айтылған қазақ ғалымдарының ой-тұжырымдарын басшылыққа ала отырып, жалпы тіл біліміндегі ғалымдардың да пікірлерін салыстырмалы түрде беруді жөн көріп отырмыз. Өйткені жалпы лингвистикалық еңбектерде біршама зерттелген атаулы сөйлемнің функциялық қасиеті, мағыналық шеңбері, стильдік бояуы салыстырма тіл дерегіне сүйенгенде ғана ашыла түседі деп ойлаймыз.

А.Н.Кононов атаулы сөйлемдерді үш топқа жіктейді: а) жалқы атаулы сөйлемдер (собственно- назывные): кітап, мекеме атаулары, объектінің маңдайшаларындағы жазулар; ə) экзистенциалды (болмыстық) атаулы сөйлемдер: бірінен кейін бірі өзгеретін, алмасатын оқиғаларды бейнелейтін сөйлемдер; б) сілтеме атаулы сөйлемдер: біреуді біреуге таныстыру кезінде қолданалатын сөйлемдер [24; 512, 513].

М.З.Закиев атаулы сөйлемдерді бірқұрамды сөйлем ретінде тани отыра, тірек мүшесінің қай сөз табынан жасалатынына қарай зат есімдік жəне сын есімдік, үстеулік деп үлкен екі топқа бөліп қарастырады. Əрине, екіншісі мүшеленетін бірқұрамды сөйлемдер екеніне дау жоқ. Ал зат есімнен жасалған атаулы сөйлемдері негізінен А.Н.Кононовтың жіктеуіне сəйкес, сонымен бірге ғалым өз тарапынан лептік интонациямен айтылатын сөйлемдер жəне вокативті сөйлемдерді қосады. Бұның алғашқысы біздің топтауымызда «түсінік атаулы» деп берілген, соңғысы мүшеленбейтін сөйлемдердің жеке бір түрі ретінде зерттелді [25].

Қазіргі монғол тілі синтаксисін салыстырма түрде зерттеген ғалым Т.А.Бертагаевтың атаулы сөйлемдерді өз ішінде үш түрге бөлгені белгілі: 1) аффективті емес атаулы сөйлемдер; 2) аффективті атаулы сөйлемдер; 3) атауыштық тұрғыдағы сөйлемдер. Аффективті емес сөйлемдер деп ғалым эмоциясы жоқ хабарлы сөйлемдер тəріздес құрылымдарды таныса, аффективтіге кенеттен туындаған оқиғаның негізінде пайда болатын қорқыныш, қуаныш, таңғалу, тағы басқа сезімдермен ұштасқан эмоциялы сөйлемдерді жатқызады. Аффективті атаулы сөйлемдердің эмоциялық реңкінің көрінісі одағайлы сөз арқылы берілетін сөйлемдердегідей деп таниды. Алайда олардың өзара тең емес екендігіне де назар аударады. Өйткені одағайлы сөз эмоцияның тікелей көрінісі болса, аффективті атаулы сөйлемдерде эмоциялық сезімнің үстіне атауыштық мəн қосылады. Сонымен бірге ғалым қаратпалы сөйлемдерді атаулы сөйлемдердің ерекше бір үшінші түрі ретінде түсінеді [2; 51–56]. Біз аффективті емес атаулы сөйлемдерін дəстүрлі атаулы сөйлемдер деп, аффективті атаулы сөйлемдерін «түсінік атаулы» деп қарастырамыз. Ал соңғысын вокативті сөйлемдер ретінде атаулы сөйлемдерден ажыратамыз.

З.Будагова атаулы сөйлемдерді жасауда контекст пен интонацияның ролінің маңызды екенін көрсете келе, олардың келесі жағдайда кездесетініне көңіл бөледі: а) белгілі бір жағдайды суреттеу барысында, портреттік мінездеме беруде, тағы басқа əр түрлі авторлық ремаркаларда; ə) мезгіл, мекен атауларын белгілеу кезінде; б) еске алу немесе ойша көз алдына елестету кезінде; в) той немесе қаза, қайғылы кездегі біреуді қаратып айту үшін атаулы сөйлемдер ойды бейнелі, дəл, нақты əрі үнемдеп беру мақсатында қолданылады [26].

Орыс тіл білімінде атаулы сөйлемдер жөнінде пікір айтқан ғалымдардың «квалификативті сөйлемдер», «бағалау сөйлемдері», «атаулық тіркестер», «генитивтер», «вокативтер», «түсінік атаулы», «тақырып атаулы», тағы басқа əр түрлі терминдермен зерделегенін жоғарыда атап өткенбіз. Атаулы сөйлемдердің ішінде қарастырылып жүрген тұлғасы атаулы сөйлемдерге ұқсас дифференциалды емес сөйлемдердің бір түрін А.С.Попов «квалификативті толымсыз сөйлемдер» деген термин қолданып, мұндай құрылымдардың қатарына біреуді басқа біреуге таныстырғанда айтылатын кісінің аты, атағы, мамандығы, кəсібі т.с.с. жатқызады. Мысалы: Новиков, — назвался пришелец (В.Гроссман); Вошла смуглая женщина в пестром халате. — Моя жена, — сказал Бадейкин и улыбнулся (Э.Казакевич) [27]. Ғалым атаулы сөйлемді бірқұрамды сөйлем ретінде танығандықтан, бұл сияқты құрылымдарды екіқұрамды сөйлем ретінде қарастырған.

Қазақ көркем шығармаларында мұндай толымсыз сөйлемдер молынан кездеседі. Мысалы: 1. — Шəмсия! — деді Мəнсия құрбысын алға итеріп (Д.И.); 2. — Ал, танысып қоялық, — келген кісінің мығым уысы менің кішкене қолымды көміп кетті. — Носовец Степан Петрович (Т.А.); 3. — Бұл кісі Шура. Біздің санитарка. Сізге жəрдем етеді, — деді доктор. — Ал, қалай, халіңіз жақсы ма? (Т.А.).

  1. Əлгі бір əзірде сұр шинельді бір адам кірген еді. Поздняк Махмұтқа соны енді таныстырды. — Язенко. Чекист! — деді. — Сіздің Шідертіге барып қайтпақ (Д.Ə.).

Біз ғалым А.С.Поповтың бұл сөйлемдерді атаулы сөйлемнен бөлек дегеніне келісеміз, алайда бұлар біз үшін мүшеленетін бірқұрамды сөйлемдер (екіқұрамды сөйлемдер жасасақ, былай болады: Бұл — Шəмсия; Мен Носовец Степан Петровичпін; Бұл — біздің санитарка; Мынау — Язенко; Ол чекист).

Ғалым Р.С.Əмірдің сөгіс мағыналы («Қаңғыған неме!») атаулы сөйлемдер деп берген құрылымдары орыс тіл білімінде «обзывные предложения» деген терминмен атаулы сөйлемдерден бөлек алынып, предикаттық қатынастағы мүшеленетін толымсыз сөйлем ретінде қарастырылған. Н.Арутюнованың пікірінше, Мошенник! Плут! Прохвост! сияқты құрылымдар атаулы сөйлемдерден «обзывные» (мазақтау мəніндегі бірдеме деп ат тағу, жаман атпен атау) қатарына ауысқан сөйлемдер

[28]. Ғалым Д.Н.Шмелев те осындай пікірде: «...вообще оценочные существительные (не только«обзывные») обычно употребляются именно в предикативной роли («она красавица», «она умница», «он лентяй» и т.п.)» [29]. Ал Н.Ю.Шведова бұл пікірлерге қосылмайды. «Ах, она змея!», «Ах ты мошенник!» [30] деген құрылымдарды жеке мүшелерге бөлінбейтін құрылымдар деп таниды. Н.Ю.Шведованың бұл пікірін құптай отырып, атаулы сөйлемдерге ұқсас, жағымсыз сипаттағы Ай, сорлы! Ай, бишара-ай! Ақымақ! Жынды! Есалаң! Есерсоқ!, Маубас! Суайт! Байғұс! Ұятсыз! Албасты! Жалмауыз! Мешкей! Мыстан! т.с.с. баға беруге байланысты қолданылатын сөйлемдерді эмоциялық-экспрессивті реңктегі ақпарат жүгін арқалаған коммуникемдер деп қарастырамыз.

Қазақ жəне орыс тіл білімінде «атаулық тіркес» («надписи-ярлыки») деген терминмен берілген құрылымдарды (газет-журнал аттарын, мекеменің маңдайшасында жазылған атауларды, мақаланың бас тақырыбы) бір ғалымдар олардың сөйлемдік қасиеті жоқ деген пікір білдірсе, енді бір ғалымдар атаулы сөйлем деп таниды. Бұл құрылымдарды сөйлем деп танымайтын ғалымдардың қатарында А.Əбілқаев, М.Балақаев, Л.А.Булаховскийлерді атауға болады.

А.Əбілқаевтың «... мекеменің маңдайшасына жазылған атаулар, газет-журнал, кітап аттары атаулы сөйлем бола алмайды, өйткені бұларда хабарлау мақсаты көзделмейді, оқиғаға қатысты жағдай көрсетілмейді» [21; 131] деген пікірімен М.Балақаевтың мына тұжырымы үндес жатыр:

«Кейбір авторлар атаулы сөйлемдер қатарына кітаптың, мақаланың, өлеңнің, əңгіме, романның тақырыптарын да, кітаптың, мекеменің, колхоз-совхоздың, завод-фабрикалардың аттарын да жатқызады. Ол дұрыс емес, олар көбінесе жалқы есім, сөз тіркесі болады» [20; 190].

2005 жылы жарық көрген «Қазіргі қазақ тілі» оқулығында да осындай ой-тұжырым қайталанған: атаулы сөйлем болу үшін оның айтатын ойға қатысы болу — шарт. Өзінен кейін келетін атаулы емес сөйлеммен мезгілдес, сабақтас болуы шарт. Сондықтан газет-журналдың, мекеменің маңдайшасына жазылған атаулар атаулы сөйлем бола алмайды. Мұндай тіркестерді кейінгі кезде ғалымдар «атаулық тіркестер» деп атап жүр. Осы айтылған пікірлер орыс тіл білімінде Л.А.Булаховскийдің еңбегінде де орын алған. Əрине, газет-журнал, кітап аттарының сөйлемдік мағынасы жоқ екені даусыз. Ал енді мекеме аттары жөнінде өзгеше көзқарастар да баршылық.

С.Аманжолов, А.Кононов, Ж.Жақыпов, В.В.Бабайцева, Н.В.Петрова сияқты ғалымдар мұндай құрылымдарды сөйлем деп таниды. С.Аманжолов жай сөйлемдерді 1. Хабарлы. 2. Сұраулы. 3. Лепті. 4. Атаулы деп топтастырады да, атаулы сөйлемдерге байланысты былай дейді: «Кейбіреулері атаулы сөйлемді жай сөйлемге қоспай, жеке қарайды, əрине, дұрыс емес. Шынында, нақты жай сөйлем осы». Ғалым Касса. Мектеп. № 1 магазин деген бір сөзден құрылған құрылымдарды атаулы сөйлемдер деп, көпшілікке белгілі орынның аты болып кездесетінін айтады [17; 163–171]. Бұл мəселе жөніндегі ғалым А.Н.Кононовтың пікірі де осы жерден түйіседі [24; 512].

Ғалым Ж.А.Жақыповтың анықтауынша, əрине, бұндай атауларды өз нысанынан абстракциялап алсақ, олардың сөз тіркесі я сөз болуында дау жоқ. Алайда нақты ситуацияға байланысты қарасақ, бұндай атаулардың қарым-қатынас құралы — сөйлем қызметін атқарып тұратын жайттары бар. Айталық, ғимараттың жанынан өтіп бара жатқан адам ғимаратты жəне оның маңдайшасындағы атауды көріп, іштей: «Мына үй — дүкен» деген сөйлем құрайды. Ғимараттағылардың да айтпағы — осы хабар [31; 132].

Ал В.В.Бабайцева бұларды «разновидность «собственно-назывных» номинативных предложений» деген атаумен атап, бұл құрылымдардың ерекшелігі ретінде олардың жазбаша қарым- қатынас жасаудың құралы болып танылуында деп түсіндіреді [32].

«Текст и дискурс» атты еңбегінде Н.В.Петрова мынандай ой айтады: «Видим перед собой табличку «Выход». Казалось бы — одно слово, а содержит всю необходимую нам для данной ситуации информацию. Это — текст, как и многие другие тексты: «Осторожно!», «Продовольственный магазин», «Цветы», «Зоопарк». Тілші көлемі жағынан тəуелсіз кез келген сөйлеу айтылысын коммуникативтік жағынан тиянақты мəтін түрінде танып, зерттеуші И.В.Арнольдтің «... сөз бір ғана морфемадан, сөйлем бір ғана сөзден, ал мəтін бір ғана сөйлемнен тұруы мүмкін» [33] деген пікірін келтіреді. Бұл жерде автордың «Выход» деген құрылымды мəтін деуі «Тек осы жерден шығасыз», «Басқа жерден шығуға болмайды» деген екі ойды жинақтап беруіне байланысты туындаған шығар деп ойлаймыз. Біз де соңғы топтағы ғалымдардың ізімен бұларды атаулы сөйлем ретінде қарастырамыз.

Көптеген зерттеушілердің ілік септігі мен тəуелдік жалғаулы сөз тіркесінен болған сөйлемді атаулы сөйлем аясында қарастырып келгені белгілі. Р.Əмір бұларды өз ішінде «номинативтік» жəне «объектілік» атаулы сөйлемдер деп бөледі. Осы ғалымның ізімен біраз зерттеушілер мұндай құрылымдарды атаулы сөйлемдерден ажыратпаған. Мысалы: А.Ш.Сарбалада Күннің ыстығын-ай!; Күні бойы сарылып үйде отырғаны! [34], Ф.Ш.Оразбаеваның редакциялауымен шыққан «Қазіргі қазақ тілі» оқулығында Тоба-ай, сенің түсінбейтінің-ай [35]; Т.Н.Ермековада Ə, бəлем, қытығыңа тидім-ау деймін, қызараңдауын! [36].

Мұндай сөйлемдерді «генитив» деген терминмен атай отырып, Ж.Жақыпов предикаттық қатынасы айқын көрініп тұрғандықтан, жақсыз сөйлем аясында қарау ұтымды деп есептейді [31; 146]. Яғни автор мүшеленетін сөйлем ретінде танып отыр. Дегенмен, тұлға жағынан не бастауыш деп, не баяндауыш деп нақты саралай алмайтындықтан, оларды мүшеленбейтін сөйлемнің жеке бір түрі ретінде қарастырғанды дұрыс деп ойлаймыз.

Ал вокативті сөйлемдердің атаулы сөйлемдердің ішінде қарастырылуының (А.Г.Руднев) сыртқы тұлғаларының ұқсастығынан (атау тұлғада) жəне вокативті сөйлемдердің бойында атауыштық мағынаның да қабаттаса жүретінінен болса керек. Бұдан атаулы сөйлемдерге қандай сөйлемдер жататындығы жөнінде ғалымдар арасында пікір алшақтығы бар екеніне көз жеткізіп отырмыз. Біз үшін бұлар (атаулы, генитив, вокативті сөйлемдер) мүшеленбейтін сөйлемнің жеке-жеке түрлері болып табылады.

 

 

Əдебиеттер тізімі

 

  1. Кононов А.Н. Грамматика современного узбекского литературного языка. — М.-Л.: Изд-во АН СССР, 1960. — С. 400, 401.
  2. Бертагаев Т.А. Синтаксис современного монгольского языка в сравнительном освещении. Простое предложение. —М.: Наука, 1964. — 280 с.
  3. Аханов К. Тіл білімінің негіздері. — Алматы, 2002. — 537-б.
  4. Шəукенұлы Қ. Синтаксис. — Алматы: Арыс, 2004. — 71-б.
  5. Сəдуақасұлы Ж. Қазақ тіліндегі бір құрамды сөйлемдердің құрылымдық типтері (етістік бас мүшелі сөйлемдер): Филол. ғыл. док.... дис. — Алматы, 1997. — 305 б.
  6. Темірбекова Г.Қ. Қазіргі қазақ тіліндегі бірқұрамды есімді сөйлемдер мен сөз-сөйлемдер: Филол. ғыл. канд.... дис. —Алматы, 2004. — 40-б.
  7. Жоголева М.П. Номинативные предложения в современном русском языке: Автореф. дис... канд. филол. наук. — М., 1954. — С.
  8. Тарабасова Н.И. Номинативные предложения в современном русском языке: Автореф. дис... канд. филол. наук. — М., — С. 5.
  9. Руднев А.Г. Синтаксис современного русского языка. — М.: Высш. шк., 1968. — С.
  10. Проничев В.П. Типы и модели именных односоставных предложений в современном русском языке. — Л., —С. 85.
  11. Будагова З.И. Простое предложение в современном азербайджанском литературном языке: Автореф. дис... канд. филол. наук. — Баку, 1963. — С. 39, 40.
  12. Əміров Р.С. Жай сөйлем синтаксисі. — Алматы: Мектеп, 1983. — 57–90-б.
  13. Бабайцева В.В., Максимов Л.Ю. Синтаксис. Пунктуация. — М.: Просвещение, 1981. — С.
  14. Казакова А.С. Структурно-семантические свойства предложений типа «Пожар!» в современном русском языке: Автореф. дис.... канд. филол. наук. — М., 1984. — С.
  15. О некоторых вопросах структуры предложения в тюркских языках: Сб. исследования по сравнительной грамматике тюркских языков. Синтаксис. — М.: Просвещение, 1961. — С.
  16. Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. — Алматы: Ғылым, 1966. — 140-б.
  17. Аманжолов С. Қазақ əдеби тілі синтаксисінің қысқаша курсы. –Алматы: Санат, 1994. — 320 б.
  18. Ағманов Е. Қазақ тілінің тарихи синтаксисі. Сөз тіркесі мен жай сөйлемнің дамуы. — Алматы: Рауан, 1991. — 209-б.
  19. Айдаров Ғ. Көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі. — Алматы: Мектеп, 1986. — 117-б.
  20. Балақаев М., Қордабаев Т. Қазіргі қазақ тілі. Синтаксис. — Алматы: Мектеп, 1966. — 340 б.
  21. Қазақ тілінің грамматикасы. Синтаксис. — Алматы: Ғылым, 1967. — 236 б.
  22. Қараев М.Ə. Қазақ тілі. — Алматы: Ана тілі, 1993. — 187-б.
  23. Исаев С.М. Қазақ тілі. — Алматы: Қайнар, 1993. — 124-б.
  24. Кононов А.Н. Грамматика современного турецкого литературного языка. — М.: Изд-во АН СССР, 1956. — 569 с.
  25. Закиев М.З. Синтаксический строй татарского языка. — Казань: Изд-во Казан. ун-та, 1963. — С. 48–51.
  26. Будагова З. Азербайджанский язык. — Баку: Изд-во «Элм», 1982. — С.
  27. Попов А.С. Номинативные предложения и сходные с ними по форме синтаксические конструкции в современном русском литературном языке: Автореф. дис.... канд. филол. наук. — М., 1960. — С.
  28. Арутюнова Н.Д. О номинативной и коммуникативной моделях предложения // Изв. АН СССР. — Сер. литературы и языка. — Т. 31. — М., 1972. Вып. І. — С. 6.
  29. Шмелев Д.Н. Синтаксическая членимость высказывания в современном русском языке. — М.: Наука, 1976. — С.
  30. Шведова Н.Ю. Очерки по синтаксису русской разговорной речи. — М.: Изд. АН СССР, 1960. — С.
  31. Жақыпов Ж.А. Сөйлеу синтаксисінің сипаттары. — Қарағанды, 1998. — 159 б.
  32. Бабайцева В.В. Односоставные предложения в русском языке. — М., 1968. — С.
  33. Петрова Н.В. Текст и дискурс //Вопросы языкознания. — 2003. — № 6. — С. 123–131.
  34. Сарбала А.Ш. Атаулы сөйлемнің жасалуы //ҚазҰУ хабаршысы. — Филол. сер. — 2003. — № 5(67). — 42–43-б.
  35. Қазіргі қазақ тілі: Оқулық / Оразбаева Ф.Ш., Сағидолда Г. т.б. — Алматы: Print-S, 2005. — 457-б.
  36. Ермекова Т.Н. Компонент құрамындағы жай сөйлемдердің жұмсалым ерекшеліктері // ҚазҰУ хабаршысы. — Филол. сер. — 2006. — № 4(94). — 40, 41-б.

Разделы знаний

Биология

Биология бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  ғылыми және тәжірибелі биология бойынша көптеген мақалалар мен баяндамаларды таба аласыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында қазіргі билогияның негіздері, тарихы,  зерттеу бағыттары мен ғылыми зерттеулердің нәтжелері және биология ғылымының басқа да бөлімдері жайлы толық анықтама береді.

Медицина

Совокупность наук о болезнях, их лечении и предупреждении.

Педагогика

Бұл бөлімде сіздер педагогика пәні бойынша көптеген тақырыптарға арналған мақалалар мен баяндамаларды таба аласыз. Бұл мақалалар сіздерге түрлі педагогика жайлы ғылыми жұмыстарды жазуға бағыт-бағдар бере отырып, жаңа ғылыми ашылымдар мен тәжірибелік зерттеулердің нәтижелерін танып-білуге көмектеседі.

Психология

Психология бөлімінде психология пәні, міндеттері мен мақсаттары, психикалық құбылыстардың пайда болу заңдылықтары, психология бөлімінің тармақтары, психология ғылымының пайда болу тарихы, қалыптасуы және психологияның басқа да тақырыбындағы қызықты мақалаларды таба аласыздар. 

Социология

 Бұл бөлімде социология немесе әлеуметтану ғылымы жайлы, қоғамның қалыптасуы, жұмыс істеуі және даму заңдылықтары туралы мақалалар қарастырылған. 

Тарих

Бұл бөлімде сіздер тарих ғылымының түрлі тақырыбына жазылған көптеген ғылыми мақалаларды таба аласыздар. Бұл мақалалар сіздерге рефераттар мен баяндамаларды жазуға көмектеседі.

Техникалық ғылымдар

Мұнда келесідей ғылыми мақалалар жарияланады: физика-математикалық , химиялық, гелогия-минерология, техникалық және гуманитарлық ғылымдардың өзекті  мәселелері, ғылыми конференциялардың, семинарлардың материалдары, ғылыми-техникалық комиссияның қағидалары, техникалық білімнің мәселелері.

Филология

 Бұл бөлімде филология пәні жайлы, филологияның түрлі тақырыбына жазылған мақалалардың жиынтығы қарастырылған. 

Философия

Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  философия пәні бойынша ғылыми мақалалар. Бұл бөлімде қоғам тану жайлы көзқарастар, сонымен қатар қазақ халқының ұлы тұлғаларының философиялық көзқарастары келтірілген.

Халықаралық қатынастар

Халықаралық  қатынастар  бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында халықаралық қатынастарды дамытудың жолдары мен оларды дамытудағы негізгі алғышарттарды қарастырады. Халықаралық экономикалық қатынастардың мемлекетті дамытудағы ролі мен маңызын ашып көрсетеді.  Мұнда сіздер халықаралық қатынастар, сыртқы экономикалық саясат тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Экология

Экология

Экономика

Экономика бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында материалдық игіліктерді өндіру, айырбастау, бөлу және тұтыну үрдісі кезінде адамдар арасында пайда болатын өндірістік қатынастарды дамытудың жолдарын қарастырады.  Мұнда сіздер экономика, экономикалық теория тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Құқық

Құқық бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында құқық туралы жалпы түсінікті ашады, құқықтық қоғамның қалыптасып дамуы жайлы және оның маңызын қарастырады. Мұнда сіздер құқық пәні тақырыбында жазылған көптеген материалдарды таба аласыздар.