Қазақ тіл білімінде екпін жəне оның фонологиялық қызметі жөнінде ғалымдар арасында талас пікірлер мен əр түрлі көзқарастар бар. Екпін — тілдің дыбыс жүйесіндегі негізгі суперсегментті бірліктердің бірі. Сөз ішінде не сөз тіркесінде басқа буындарға қарағанда бір буынның ерекше күшпен айтылуын екпін деп білеміз. Екпін түскен буын дыбыстың күші, созылыңқылығы, негізгі тоны жағынан ерекшеленеді. Əрине, осы акустикалық үш компоненттің екпінді буынды танытудағы қатысымы əр тілдің өзіндік ерекшелігіне байланысты əр түрлі болатыны аян. Тіл-тілде негізінен екпіннің үш түрі кездеседі екен: бір буын ерекше күшпен, қарқынды айтылуы динамикалы (лебізді) екпін болса, айтылу тоны, əуені ырғағы арқылы ерекшеленуі музыкалды (тоникалық) екпін, ал бір буын өзгелерден дауысты дыбыстың созылыңқы айтылуына, санына қарай ерекшеленуі квантативті (сандық) екпін деп аталады [1]. Бұл екпіннің фонетикалық табиғатын танытатын ерекшелік болса, фонологиялық функциясы жағынан да бір тілдерде екпін орны тұрақсыз болып, сөздің мағынасы мен тұлғасын айқындаса, енді бір тілде екпін орны тұрақты болып, ол сөз бөлшектерін бір бүтін етіп, сөз бен сөздің шегін бөліп, жігін ажырату құралы болса, келесі бір тілдерде, сөз екпіні орнына фразалық екпін болып, ол мағыналық бірлікке енген бірнеше сөз тобын екіншісінен бөліп көрсетуге қызмет етеді [2; 108]. Динамикалық екпінді ғылымда экспирациялы, артикуляциялы, интенсив екпін деп, қазақ тілінде тегеурінді екпін деп атаса, музыкалық екпінді бірде мелодиялы, біресе тондық, əуездік екпін деп атайды, ол квантатив екпін — сандық екпін, мөлшерлері екпін деп аталып жүр. Ғылымда екпіннің қызметінің ең бастылары деп кульминатив (сөз ішіндегі буындар мен буын құрайтын дыбыстарды біріктіру), делимитатив (сөйлеу ағымындағы сөздер шегін ажырату), сигнификатив (грамматикалық формалар мен лексикалық мағынаны ажырату), экспрессив (сөздің көңіл-күй, эмоциялы өңмен айтылуы) екпіндерді атайды екен. Дегенмен, басқа тілдерге қарағанда, қазақ тілінде мəтіннен аулақ алынған бір сөз табына жататын омонимдердің лексикалық мəнін олардың екпініне қарап ажырату мүмкін емес. І.Кеңесбаев лебізді екпін мағына, сөз айқындаушы қызметін атқаратынын айта келіп: «Тілдердің көпшілігі лебізді (динамикалық) екпін тобына жатады. Бұл топқа қазақ жəне басқа түркі тілдері де жатады. Тілімізде тек лебізді екпін бар деп қойсақ, қателескен болар едік», — деп, кей уақытта ойды мəнерлі жеткізу үшін үнді екпін де пайдалатынын айтады [3; 270]. Ж.Аралбаев қазақ тілі мен орыс тілі екпіндері фонология жағынан екеуі екі түрлі болғанмен, фонетикалық ерекшелігі бойынша екеуі де динамикалық екпінге жатады. Бірақ екпінді буындағы фонациялық ауа күші екеуінде бірдей емес, екі түрлі модификацияда дейді [2; 110] Сөз екпіні бір буынның ерекше айтылуын қамтамасыз етеді. Сондықтан сөз екпінін таныту үшін үш фонетикалық компоненттің (сан, сапа, тон) бəрі қатысуы да, кейбір тілде біреуі ғана басты қызмет атқаруы мүмкін. Мысалы, орыс тілінде сөздік екпінді көрсетуде алғашқы маңыз берілетін сандық компонент екен [4]. Қазақ тілінде екпін негізінен сөздің соңғы буынына түседі деген көзқарас қалыптасқан. Сөз ішіндегі екпіннің орны туралы да əр түрлі пікір қалыптасқан. Екпіні тиянақты тілдерде екпін сөздің белгілі бір буынына түсетін болса, екпіні тиянақсыз тілдерде екпін арнаулы бір буынмен байланысуы шарт емес. Орыс тілінде екпін тиянақсыз болуы себепті, бірдей сөз екпіннің орнына қарай əр түрлі мағына береді. Мысалы, замок-за´ мок; мука-му´ка. Демек орыс тілінде екпін тиянақсыз болса, қазақ тілінде екпін тиянақты, сөздің соңғы буынына түседі, бұл екі тілдің өзіндік ерекшелігімен байланысты [3; 271]. Мұндай пікірді алғаш урянхай тілі екпіні туралы айта келіп, «урянхай тілінде, сондай-ақ басқа түркі тілдерінде екпін сөздің үнемі соңғы буынында болады», — деп Н.Ф.Катанов айтқан еді [5]. Бұл пікірді басқа ғалымдар да осы кезге дейін қайталап келген-ді. Ж.Аралбаев қазақ тілінде екпіннің кейде сөздің соңғы буында болмауы жаңадан басқа тілден енген сөздерге, кейбір екпін алмайтын морфемаларға екпіннің соңғы буыннан бас буынға көшуі түрлі эмоциялық оттеноктарды білдіретін сөздерге байланысты, сөз лепті айтылғанда, мəнерленіп айтылғанда екпін сөздің басқа буынына ауысады деген еді [2; 111]. Ал Б.Я.Владимирцов түркі тілдеріндегі екпін о баста сөздің бас буынында деген пікір айтқанды [6]. Бұл пікірді А.Гебен, Ф.Е.Корш, М.Расянен, Е.Д.Поливанов, М.Черкасский, тағы басқа ғалымдар да қолдаған екен [7; 62]. Екпіннің кейінгі кезде сөздің соңғы буынына ауысуы, Ж.Аралбаевтың пікірі бойынша, «агглютинативтік құрылысқа байланысты жасалған тіліміздің соңғы бір тарихи кезеңінің жемісі болуы керек» [2; 112]. Екпін тек сөз түбірінде ғана емес, А.М.Мамедов сөзімен айтқанда, «большинство тюркологов считает, что ударение в тюркских языках двухполюсное, то есть тюркское слово имеет не одно, два ударения: главное, падающее на начальный слог, и побочное, падающее на конечный слог», — деген пікірлер де бар [7; 62]. В.Радлов көмекші екпін ең бас буында, негізгі екпін ең соңғы буында болады деп түсінген еді. Ол «қарындас» деген сөздің буындарын қосымша арқылы (қарындасларымнан) көбейтіп, көмекші екпін соңғы буында болатынын айтқан [8].
Сонымен, «қазақ тілінде екпін бар ма, оның осы тілдегі фонологиялық қызметі қандай?» деген мəселе жөнінде айтылғандарға назар аударсақ, ғалымдар арасында бірізді пікір жоқ екендігін байқаймыз. Соңғы кезеңге дейін ғылыми қауым түркі тілдерінің просодиялық доминантасы деп сингармонизмді емес, сөз екпінін (акцентті) ғана көрсетіп келді. Қазақ тілі ерекшелігі жағынан динамикалық екпінді тілдер тобына жатып, екпін сөздің соңғы буынына түседі деген пікір үстем болды. Тілімізді алғаш зерттеушілер еуропалықтар болғандықтан, олар түркі тілдерінде де сөз просодиясы өз тілдеріндегідей екпінге байланысты деп есептеді. Сондықтан түркі тілдерінің өзіне ғана тəн фонетикалық құбылыстары типологиясы басқа тілдердің заңдылықтары негізінде зерттелгендіктен, түркі тілдері дыбыс жүйесінің ішкі құрылымына жат теориялық байламдар жасалды. Олардың бірі сөз екпіні соңғы буынға түседі десе, енді бірі екпін барлық уақытта соңғы буынға түсе бермейді, орны əр түрлі болады деп, түркі тілдерінде екпін фонологиялық қызмет атқаратынын айтады. Ал ғалым Ə.Жүнісбеков қазақ тілінде сөздік екпін жоқ екендігін, оның қызметін сингармонизм атқаратынын айтады: «Словесное ударение и сингармонизм выполняют в языке одну и ту же функцию. Следовательно, их «сосуществование» в одном языке, на наш взгляд, неоправдано» [9; 62]. Сөз шегін ажырату қызметін қазақ тілінде екпін емес, сингармонизм атқарады. Н.С.Трубецкойдың айтуынша, қатар тұрған сөздер əр түрлі буынды болса, екпіннің қажеттігі сезілмейді, ал олар бірдей буынды сөздер болса, сөз шегін ажыратуда екпін қызметі қажет болады екен [10]. Соңғы буын екпінді айтылады, соңғы буындағы дауысты екпінді, күшті жəне созылыңқы айтылады деген пікір қалыптасқан. Егер алғашқы буында ашық дауысты, ал келесі буында қысаң дауысты келсе, онда соңғы буын алғашқы буыннан үш параметр (күші, созылыңқылығы, негізгі тоны) бойынша да қалып қояды. Екпіннің фонетика-фонологиялық мəселелері жөнінде өз зерттеуінде маңызды-маңызды пікір айтып, екпін проблемасы жөнінде ғалымдар арасындағы пікір алшақтығы туралы айтып, осы мəселеге ерекше назар аударған белгілі ғалым Б.Қалиев деп білеміз. Оның екпін мəселесі туралы жазған мақаласында ғалымдардың əр түрлі көзқарасы жан-жақты сөз етілген. Біз де осы мақала бойынша көрсетілген пікір алшақтығын еске сала кеткенді жөн деп білеміз. Кезінде І.Кеңесбаев «қазақ тілінде екпінді дауысты күшті айтылып, созылыңқы дыбысталады» десе, М.Райымбекова «ол күшті айтылғанымен, созылыңқы дыбысталмайды», ал А.Есентемірова «Екпінді дыбыс созылыңқы дыбысталғанмен күшті айтылмайды» деген еді [11; 25]. Қ.Жұбанов: «Қазақ тілінде де түбір сөздің екпіні соңғы буынында болады. Бірақ қайсыбір қосымшалар екпінді өзіне жолатпайды да, сонан, екпін аяққа бара алмай, тоқтап қалады» деп, екпіннің тіліміздегі қызметін жоққа шығармаған [12; 191]. Түркі тілдеріндегі екпін туралы зерттеушілер пікірі осындай əр түрлі екендігін, тіпті, бір тіл бойынша жасалған тұжырымдар да бір-біріне қарама-қарсы айтылатынын кезінде А.М.Щербак та атап көрсетті [13]. Осы орайда Л.Р.Зиндер былай деген еді: «В русском количественный фактор имеет первостепенное значение в выделении ударения» [4; 297]. С.С.Татубаев екі буынды сөздердің құрамындағы əр буында ашық, қысаң дауыстылардың келуіне қарай екпіннің қызметі қандай дəрежеде көрінетіндігін байқау мақсатында аспапты құралдар арқылы тəжірибе жасаған [14]. Қорытындысында негізгі тон да, созылыңқылығы да, интенсивтілігі де сөздің екпінді буын екендігін көрсете алмайды деген пікір айтады [14; 87]. С.Жаңабаева дауыстың ұзақтығы мен интенсивтік ролін қазақ екпінінің доминантты сипаты деп есептеуге мүлдем жатпайтынын, қазақ тілінде сөйлемдегі сөздің орнына жəне сөйлемнің коммуникативтік типіне қарай сөздің бірінші буыны екпінді айтылғандай, соңғы буыны да екпінді айтылатынын атап көрсетеді [15; 64]. Сөйтіп, жүргізген тəжірибе қорытындысына қарағанда, қазақ тіліндегі сөз екпінін тіркестік немесе синтагматикалық екпін деп қабылдауға итермелейді деген тоқтамға келген [15; 64]. Қазақ тілінің екі жəне үш буынды сөздеріндегі əуезділік бедердің өзгерісі туралы С.Жаңабаева зерттеуінде баяндалды [15]. Ғалым қазақ тілінің 23 екі буынды, 6 үш буынды сөзін зерттеп, əр сөзді төрт тұрғыдан қарастырады (сөздің оқшау айтылуы хабарлы сөйлем басында, хабарлы сөйлем ортасында, сұраулы сөйлемдегі соңғы сөз алдында айтылуы). «Жүргізген жұмысты қорытындылай келіп, қазақ тілінде сөйлемдегі сөздің орнына жəне сөйлемнің коммуникативтік типіне қарай сөздің бірінші буыны екпінді айтылғандай, «соңғы буыны да екпінді айтылатынын атап көрсетеміз», — дейді С.Жаңабаева [15; 64]. Ол дауыстың ұзақтық жəне интенсивтік ролі туралы мəселеге де назар аударып, «қазақ тілінің дауысты дыбысының не көп, не аз созылуы ол дауыстың табиғи сапасына байланысты, интенсивтілік көпшілік жағдайда қазақ екпінінің фонетикалық корреляты ретінде қаралмайды», — дейді [15; 64]. Б.С.Жаңабаева зерттеуі қорытындысында қазақ сөзінде екпіннің жоқтығы, соңғы буында ритмикалық екпін бар екендігі, қазақ сөзінің просодиясы сингармонизмге байланыстылығы айтылған [16].
Қазақ тіліндегі екпінді буын дыбыстың күші, созылыңқылығы, негізгі тоны, яғни осы акустикалық үш компоненттің қайсысымен ерекшеленеді деген мəселе жөнінде де ғалымдар пікірі əр түрлі екен. Атап көрсетсек, М.К.Исаев «үш компоненттің үшеуі арқылы ерекшеленеді» десе, С.Татубаев «ешқайсысымен ерекшеленбейді» дейді. М.Райымбекова өз зерттеуінде екпін созылыңқылығы жағынан емес, күші мен негізгі тоны жағынан ерекшеленеді деген еді [17; 80]. Қазақ тіліндегі дауысты дыбыстарға қатысты зерттеуінде М.Райымбекова да екпін мəселесіне ерекше назар аударады [17]. Ол техникалық құралдар арқылы жүргізген тəжірибе жұмысында 200 сөзді ферромагнитті таспаға жəне осциллограф арқылы үш диктордың айтуында 250 мм/с жылдамдықпен жаздырған. Ғалым зерттеу қорытындысында, салыстырмалы түрде алғанда, ашық дауыстының айтылу ұзақтығы көп те, қысаң дауыстылар айтылуы қысқа болады [17; 77]. М.Райымбекова зерттеуінің соңында: «Основными носителями ударения в казахском языке являются интенсивность и тон», — деп түйін жасаған [17; 80]. Ал А.Есентемірова жүргізген аспапты құралдар арқылы зерттеуінде екпін күші жағынан емес, негізгі тоны мен созылыңқылығы жағынан айрықшаланады дейді [18]. Ал осы мəселе жөнінде біз көрсетіп отырған мақаласында Б.Қалиұлы екпінді дауысты «күші мен созылыңқылығы жағынан ерекшеленетіндігін» айтады [11; 30]. Ол «редукция құбылысының характері мен түрі, оның редукциялану дəрежесі тілдегі екпіннің ерекшелігіне тікелей байланысты» дейді [11; 28]. Л.В.Щерба фонетикалық құбылыс ретінде редукцияны екпінсіз буынмен байланысты қарастырғаны мəлім. Егер екпінсіз буындағы дауыстыларды айтуға жұмсалатын күш- қуаттың азаюына байланысты олар əлсіз айтылып, сандық қасиеттері жағынан кемуін санды редукция деп танитын болсақ, сапалық редукция деп екпінсіз буындағы дауысты дыбыстардың сапа жағынан күшті редукцияланып, басқа дыбысқа ауысып кетуін айтамыз. Б.Қалиевтің екпін, редукция туралы айтқан пікірлері көңілге қонымды, жан-жақты зерттеліп, жүйелі баяндалған деп білеміз. Екпін — фонеманың əлденеше айтылым жəне фонетикалық ықпалдағы варианттарын туғызуға себепкер болатын категория. Екпінді буындағы дыбыстар екпінсіз буын дыбыстарынан гөрі, күшті, айқын айтылады. Сондықтан фонеманың саны мен сапасы да осы екпінді позицияда ғана анық байқалады. Екпінсіз буындағы дыбыстар күші əлсіреп, түрлі редукцияға бейім тұрады екен. Қазақ тіліндегі дауысты дыбыстар редукциясы Б.Қалиев зерттеуінде жан-жақты қарастырылды [19]. Осы мəселелер жөнінде М.Жүсіпұлы зерттеуіне көз жіберсек, ол тіліміздегі дауысты дыбыстардың редукциясы сөз екпініне байланысты болмайтынын айтып, «қазақ тілінде дауысты дыбыстардың сапалы редукциясы болмайды деген пікір, сингармониялық тұрғыдан зерттелгенде дəлелденбеді» дейді [20].
«Интенсивность гласного зависит прежде всего от уровня громкости речи в целом, а также и от его положения относительно словесного и фразового ударения. При динамическом характере ударения ударный гласный будет интенсивнее, и наоборот», — дейді Л.Р.Зиндер [4; 185]. Қазақ тіліндегі екпін сөздің соңғы буынына түседі деген заңдылықты сөйлеу ағымындағы сөзден байқау мүмкін болмай қалады. Белгілі ғалым Ə.Жүнісбеков қазақ тілінде сөз екпіні жоқ екендігін айтып: «Если в русском языке словесное ударение объединяет звуки в слово, цементируя их, то такой же фонетической силой в казахском языке обладает сингармонизм», — деген тұжырым жасайды [9; 61].
Түркі тілдеріндегі екпін, оның орны мен табиғаты жөнінде бірізді пікір жоқ екендігі айтылды. Осы мəселе жөнінде А.А.Есентемірова зерттеуінің маңызы зор [18]. Түркі тілдерінде дауыстылардың екі тобы айтылу күші жағынан ашық жəне қысаң болып бөлінеді дейді [18; 14]. Ғалым айтылған сөзді құралды аспаптар арқылы зерттеуге алып, айтылу ұзақтығына қарай дауысты дыбыстардың үш тобы ерекше көзге түсетінін айтады: «Эти гласные о, ө, е, которые имеют наибольшую длительность, гласные ы, і, ұ, ү, которые имеют наименьшую длительность, и, наконец, гласные а, ə, которые занимают среднее положение», — дейді [18; 8]. Ашық дауыстылардың айтылу ұзақтығы қысаң дауыстыларға қарағанда 2,4 есе артық болатынын, сондықтан түркі тілдеріндегі дауыстылардың ашық, қысаң қасиеті қабылдану ерекшелігі жағынан бірдей болмайтынын айтады. Зерттеу деректері бойынша, сөздің соңғы буынындағы дауысты күшті айтылатындығын, егер сөз екі жəне одан да көп буынды болса, онда екінші орында бірінші буындағы дауысты күштірек, қалғандары одан əлсіздеу айтылады [18; 14]. «Анализ спектрограмм показал, что гласные, в зависимости от позиции, в слове подвергаются некоторой качественной модификации», — дейді [18; 15]. Қысаң дауыстылардың сапалы өзгерісі қатаңдану арқылы көрінетінін жəне дауыстылардың сапалы өзгерісі екі жəне одан да көп буынды сөздерде болатынын айтады [18; 16]. Бұл жағдай дауыстының жасалымының ауысуына, оның қарқындылығына, орнына, дауыссыздармен қоршалуына, тағы басқа мəселелерге байланысты дейді [18; 16]. Фразадағы сөздің айтылымына талдау жасап, бір сөздің əр түрлі жағдайда бірнеше сөйлем құрамында келуіне қарай тəжірибе жүргізген. Ғалым зерттеу қорытындысында:
«Следовательно, та или иная выделенность того или иного слога в слове не является результатом влияния ударения. Следовательно, случаи же выделенности того или иного слога в слове являются результатом интонации высказывания в целом», — дейді [18; 20]. Əр түрлі дауыстылардан құралған көп буынды сөздердегі ашық дауыстысы бар буынның қабылданымы қысаң дауыстыдан гөрі, екпінділеу болатындығын айтады. І.Кеңесбаев тұлғасы бір, қызметі бөлек гармоникалық форманттардың-морфемалардың екпін арқылы ажыратылуын дəлелдеу үшін 8 түрлі жағдайды, Ж.Аралбаев 9 түрлі жағдайды мысалдар арқылы көрсеткен. Мысал ретінде І.Кеңесбаев төмендегі сөздерді келтірген:
- Біздің оқушымыз — біз оқушымыз.
- Ағашты жарма — тəтті жарма.
- Сен мынаны көрші — ол бізге көрші.
- Сіздің қалыңыз — сіз қалыңыз.
- Сіз баласыз — ол кісі баласыз.
- Ол үйде — үй де.
- Атты кісі — ол мылтық атты.
- Біз осында қалалық — қалалық совет [3; 273].
Қ.Жұбанов болса: «Екпін бір сөздегі буындарды тарқатпай матастырып ұстау үшін керек» — деп, «суалмаған» деген сөзді мысалға келтіреді. Екпіннің сөз жігін, шекарасын ажыратудағы қызметін түсіндіру үшін -су, -ал, -ма, -ған деген қатар тұрған буынды мысал етеді: суалмаған (сиыр), су алмаған (құдық), су ал маған [12; 208]. Ғалым қазақ тілі екпіні фонологиялық жағынан бір сөздегі буындарды тарқатпай матастырып, шегін ажытарып, сөз айқындаушы қызмет атқарып тұрады деп есептеген. Кезінде екпін мəселесі жөнінде бірігіп жүргізген зерттеулерінде Ж.Аралбаев пен Ə.Жүнісбеков төмендегідей қорытынды жасады: «Таким образом, говорить о каких-то устойчивых явлениях в изменениях гласных внутри слов не следует, так как эти изменения весьма разнообразны и зависят от конкретного случая. Поэтому говорить о словесном ударении в казахском языке, как самостоятельно существующем явлении, преждевременно» [21]. Сонымен, түркі тілдеріндегі екпін, оның орны, фонетикалық табиғаты мен фонологиялық қызметі деген мəселе төңірегіндегі əр түрлі пікірлер соңғы кезеңде бір арнаға түсіп, Ə.Жүнісбеков зерттеулеріндегі «сингармонизм» теориясына негізделген тың тұжырымдар тек қазақ тілінің ғана емес, басқа түркі тілдерінің дыбыс жүйесін жаңа қырынан зерттеуге жол ашып отыр. Қазақ тілінің фонологиялық ерекшелігі сингармонизм заңдылығымен тікелей байланысты. Сөз құрамындағы, сөз бен сөз, қосымша аралығындағы дыбыстар өзара үндесіп, үйлесіп айтылады. Ал жазу ыңғайына қарай сөйлеуге болмайды, тіліміздің фонологиялық ерекшелігіне сай орфоэпиялық норманы сақтау қажет. Орыс тілінде негізгі фонологиялық қызметті екпін атқаратын болса, қазақ тілінде бұл қызметті сингармонизм атқаратындығы дəлелденді [22]. Мысалы, орыс тілінде угол-уголь, мел-мель т.б. сөздер мағынасы бір- бірінен сөз екпініне қарай ажыратылатын болса, қазақ тілінде мұндай ерекшелік (сөз екпіні) жоқ.
Сондықтан «алма» сөзі етістік не зат есім мағынасында жұмсалғанын жеке тұрғанда байқай алмаймыз. Оны басқа сөзбен тіркесуі кезінде ғана анықтауға болады. Мысалы, кітапты алма, қызыл алма; Демек, қазақ тілінде сөйлем ішіндегі сөздер сингармонизмге арқа сүйеп, бунақ арқылы (ритмическое членение) ажыратылады. Мысалы, Ат /қора маңында/ жүр. Ат қора /маңында/ жүр [9; 65]. Осы тіркес екпіні шекарасын дұрыс таба білу сөз мағынасын дəл беруге көмектеседі. Ə.Жүнісбеков осы мəселеге қатысты былай дейді: «В заключение можно сказать, что в казахском языке существует ритмическое ударение» [9; 71]. Ғалым қазақ тілінде сөз екпіні жоқ деген пікірді ұстана келіп, «... в казахском языке существует ритмическое ударение, основные компоненты которого длительность, интенсивность и движение основного тона не существенны, хотя и они в какой-то мере меняются вместе с длительностью», — дейді [22; 71]. Оның соңынан Ж.Əбуов зерттеуінде «словесное ударение вряд ли может служить в казахском языке фонологической меткой словоопознания и словоразличения» деген пікір айтылды [23; 24] Осы мəселе жөнінде М.И.Трофимов: «В тюркских же языках оно не является самостоятельным средством смыслоразличия, в большинстве случаев это, видимо, лишь сопровождающий признак позиции слова в предложении» дейді [24]. Қазақ тілінде ғана емес, бүкіл түркі тілдеріндегі екпін мəселесі, оның орны, сипаты деген мəселе өткен ғасырдан бері əлі шешімін таппай келеді деген пікірді Н.А.Баскаков та айтқан еді.
Кез келген тілдің фонетикалық жүйесі оның сегменттік бөлшектерінен (сөздердің дыбыстарынан) ғана тұрмайды, ол тілдің күрделі суперсегменттік деңгейінен, яғни сөйлемдердің, текстің жалпы интонациялық сипатын да қамтиды. Интонация мен сөйлеу дыбыстарының адамның пікір алысып, қатынас жасауында атқаратын ролі ерекше. Интонация дыбыстан бұрын пайда болған деп есептеледі. Бұған дəлел ретінде дамуы жоғары саналатын хайуанаттардың түрлі сазды дыбыс шығару арқылы өзара сигнал қабылдайтыны айтылады. Сондай-ақ бесіктегі сəбилер алдымен уілдеп, сөз мағынасын түсінбесе де, анасының дауыс ырғағын, сөзінің интонациясын ұға бастайды [25; 3]. Қ.Жұбанов сөйлем сазының (интонациясының) сөйлеу тіліндегі функциясына ерекше маңыз берген:
«Адам көңілінің түрлі күйіне сөздің түрлі əні сəйкес келеді. Сондықтан, сөздің əнінің арқасында хабардың өзін ғана емес, сөйлеушінің көңіліне сол хабардың қалай тигенін, немесе қалай тиген етіп көрсеткісі келетінін білеміз. Адамның көңілі қобалжуының түрі көп, тіпті ұшы қиыры жоқ десек те болады. Бұларды білдіруге арналған амалдық — дауыс сазының да түрі көп», — деп, «дауыс сазы», «сөздің əні» деген терминдер арқылы интонацияның да түрлері, өзіндік зерттеу нысаны бар екендігін көрсетеді [12; 201]. Əр түрлі тілдердегі зерттеу деректерін талдай келіп, қазақ тілі сөз просодиясы, интонациялық жүйесі жөніндегі зерттеуінде аталған мəселеге байланысты З.М.Базарбаева: «Түркі тілдерінен, оның ішінде қазақ тілінен орыс тіліндегі сияқты жеке сөздерге түсетін жылжымалы екпінге байланысты интонацияны, оның единицаларын іздеу орынсыз», — деп, оның орнына фразалық, ритмикалық-синтагматикалық екпінге байланысты интонацияны зерттеу қажеттігін ұсынады [25; 34]. Ə.Жүнісбеков зерттеулерінің қорытындысы бойынша, қазақ тілі фонологиясы сингармонизммен байланысты қарастырылады. Жалпы айтқанда, екпінге қатысты қорытынды сөзді біз Ж.Əбуовтың сөзімен түйіндегенді жөн санаймыз: «Таким образом, подтверждается исключительная, на наш взгляд, обусловленность фонетической (акцентной) структуры слова от общей интонационной конструкции фразы и отсутствие непосредственной связи между ней и смыслом слова» [23; 25]. Сондықтан екпіннің қызметі жөнінде тек басқа тілдегі сөздерді ғана қарастыруға болатын сияқты.
Дегенмен, қазақ тіл білімінде екпін қызметіне байланысты əр түрлі көзқарастар жалғасып келеді. Əңгіме тек екпіннің бар-жоқтығы емес, түркі тіліндегі екпіннің табиғаты, оның қызметі, қандай түрі ерекше мəнге ие деген т.б. мəселелер жөнінде əлі де пікір алшақтық бар. Қорыта айтқанда, орыс тілінде сөз екпіні дыбыстарды бір сөзге біріктіріп, дұрыс қолданылуын қамтып тұратын болса, қазақ тілінде бұл фонологиялық қызметті стнгармонизм атқарады. Сол себепті сингармонизмнің фонологиялық қызметін жан-жақты зерттеу барысында ғана тіліміздің өзіндік табиғатын терең тануға қол жеткіземіз.
Əдебиеттер тізімі
- Хасенов Ə. Тіл білімі. — Алматы: Санат, 1996. — 252-б.
- Аралбаев Ж. Қазақ фонетикасы бойынша этюдтер. — Алматы: Ғылым, 1998. — 144 б.
- Кеңесбаев І., Мұсабаев Ғ. Қазіргі қазақ тілі. Лексика, фонетика. — Алматы: Мектеп, 1975. — 304 б.
- Зиндер Л.Р. Общая фонетика. — Л.: ЛГУ, 1960 — 336 с.
- Катанов Н.Ф. Опыт исследования урянхайского языка. — Казань, 1903.
- Владимирцов Б.Я. Сравнительная грамматика монгольского письменного языка и хакасского наречия. — Л., —С. 97.
- Мамедов А.М. Древнетюркская и некоторые вопросы развития фонологических систем тюркских языков // Советская тюркология. — № 5. — Баку, 1970. — С. 58–69.
- Радлов В.В. Солтүстік түркі тілдерінің фонетикасы. — Лейпциг, 1882. — 34-б
- Джунисбеков А. Сингармонизм в казахском языке. — Алматы: Наука, 1980. — 78 с.
- Трубецкой Н.С. Основы фонологии. — М.: ИЛ., 1960. — С.
- Қалиев Б. Тағы да қазақ тілінің екпіні туралы // Қазақ тілінің көкейтесті мəселелері. — Алматы: Дайк-пресс, 1997. — 4– 33-б.
- Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. — Алматы: Ғылым, 1999. — 581 б.
- Щербак А.М. Сравнительная фонетика тюркских языков. — Л.: Наука, 1970. — С.
- Татубаев С.С. Об ударении в двусложных словах // Советская тюркология. — № 3. — Баку, 1973. — С. 81–87.
- Жаңабаева С. Қазақ сөзіндегі буынның фонетикалық оқшаулануы туралы // Қазақ ССР ҒА хабарлары. — Тіл, əдебиет сер. — № 2. — Алматы, 1985. — 59–64-б.
- Жанабаева С.Б. Сингармонизм и слова во фразе (экспериментально-фонетическое исследование на материале казахского языка): Автореф... канд. дис... — Л., 1985. — 26 с.
- Райымбекова М. Об ударении в казахском языке // Изв. АН КазССР. — Сер. общ. — № — Алма-Ата, 1971. — С. 7– 80.
- Есентемирова А.А. Проблемы ударения в изолированных словах и во фразе в казахском языке (экспериментально-фонетическое исследование): Автореф... канд. дис. — Алматы, 1987. — 20 с.
- Қалиев Б. Қазақ тіліндегі дауысты дыбыстардың редукциясы. — Алматы: Ғылым, 1984. — 11-б.
- Жүсіпұлы М. Ахмет Байтұрсынов жəне қазіргі қазақ тілі фонологиясы. — Алматы: Ғылым, 1998. — 148–150-б.
- Аралбаев Ж., Джунисбеков А. Об ударении в казахском языке // Изв. АНКазССР. — Сер. общ. — № — Алма-Ата: Наука, 1968. — С. 69.
- Жунисбек А. Проблемы сингармонической фонологии и фонетики // Тілдік жүйе жəне құрылым: Ғыл. мақалалар жин.— Алматы: Ғылым, 1997. — С. 12–16.
- Абуов Ж. Перцептивная фонетика. — Алматы: Ғылым, 1999. — 225 с.
- Трофимов М.И. О смыслоразличительной функции ударения в узбекском языке // Советская тюркология. — № —Баку, 1983. — С. 71.
- Базарбаева З.М. Қазақ тілінің интонациялық жүйесі. — Алматы: Ғылым, 1996. — 225 б.