Аталған мақала мемлекеттік жеке серіктестіктің Қазақстандағы даму тенденциясының жағдайын, мемлекеттік жеке серіктестік механизмін қолдану бағыттарын қарастырады. Мақалада мемлекет пен бизнес қарым-қатынасына негізделіп жүзеге асырылған жобалар, оларды жүзеге асыру барысында туындаған мәселелер сипатталады, сонымен қатар Қазақстан Республикасында мемлекеттік жеке серіктестіктің дамуының болашақ тенденциялары қарастырылады.
Мемлекеттік ресурстардың шектеулі болуы жағдайында мемлекеттік-жеке серіктестік механизмінің қолданылуы түрлі өндірістік, инфрақұрылымдық және әлеуметтік маңызды нысандарды құру, модернизациялау және пайдалануға беру үшін қажетті қаржы базасын қамтамасыз ететін басты альтернативті құрал болып табылады. МЖС механизмін қолдану бірінші кезекте мемлекет пен жеке сектордың өзара қарым- қатынасының тиімділігін арттыруға бағытталады.
Мемлекеттік-жеке серіктестіктің түрлерінің классификациясы ынтымақтастықтың көптеген түрлерін (әкімшілік келісім, жалға беру, өнімді бөлу келісімі, бірлескен кәсіпорын құру т.б.) сыйдырады, алайда аталған МЖС түрлерінің Қазақстанда даму деңгейі ерекшеленеді. Сол себепті, мемлекеттік-жеке серіктестіктің дамуының негізгі тенденцияларын мемлекет пен жеке сектордың серіктестігінің әр түрінің кескінінде қарастырайық.
Концессия мемлекет пен жеке серіктестік арасындағы ынтымақтастықтың ерекше түрінің жарқын мысалы болып табылып, әлемде көптеп таралып, Қазақстан үшін мемлекеттік-жеке серіктестіктің актуалды механизмі болып табылады. Мемлекет пен жеке сектордың өзара қатынасындағы концессия механизмінің танымалдығы басқа МЖС түрлерімен салыстырғанда тәуекелділіктің балансты түрде бөлінуімен түсіндіріледі. Онымен қоса серіктестіктің бұл түрінде мемлекет келісім бойынша меншіктің толыққанды иесі болып табылады әрі жеке секторды келісімшартта көрсетілген қызметтермен және концессиялық объектінің дамуына қажетті құқықтармен өкілеттендіреді. Концессия механизмінің Қазақстанда пайдаланылуы жеке инвестициялардың ағылуы мен сапалы басқаруды қажет ететін инфрақұрылымдық салалардың дамуымен байланысты.
Концессия құралының Қазақстанда алғаш пайдаланылуы 2005 жылы басталды, сол жылы "Шар- Өскемен станциясы жаңа теміржол желісінің құрылысы мен пайдалануға берілуі" жобасын жүзеге асыру бойынша алғашқы концессиялық шарт жасалды. Жоба бойынша концессионер ретінде "Досжан темір жолы" АҚ танылды.
Жалпы тізбесі жарияланған концессиялық жобалар саны бастапқыда алты жобаны құрады. Олардың әрқайсысын жеке-жеке қарастырып көрейік.
"Шар-Өскемен станциясы жаңа теміржол желісінің құрылысы мен пайдалануға берілуі" концессиялық жобасының жүзеге асырылуын егжей- тегжейлі талдаса, оның оң және теріс жақтарын анықтауға болады. "Шар-Өскемен станциясы" жаңа теміржол желісінің құрылысы мен пайдаланылуы бойынша алғашқы концессиялық жобаны жүзеге асыру ҚР көлік инфрақұрылымындағы бірнеше тар орындарды кеңейтуге мүмкіндік берді. Ірі Кен Алтай теміржол торабын қысқа жолмен "Түрксиб" магистралімен Шар станциясы аумағында байланыстырып, Шығыс Қазақстанның елдің басқа аумақтарына шығуын қамтамасыз етті. Жобаның жүзеге асуы тасымал алыстығын бұрынғыға қарағанда оңтүстік бағытта 328 шақырымға, ал батыстан 92 шақырымға азайтты және екі кеден бақылауы мен Ресей аумағы арқылы жүру қажеттілігін жойды. Жолаушылар мен жүктерді жеткізу 12-14 сағатқа жылдамдатылды. Бұл жобаның жолаушылар тасымалы көлемінің өсуі сияқты әлеуметтік тиімділігі де зор. Жобаны жүзеге асыру, сөзсіз, ел инфрақұрылымы мен оның экономикалық әлеуетінің дамуына жағымды әсер етті, бірақ жүзеге асыру үрдісінің өзі көп қиыншылыққа тап болды. Жоба бағасы бірнеше рет өзгеріп отырды, ал қолданылып отырған қаржыландыру механизмі тиімсіз болып, бірнеше рет өзгерді. Бастапқыда, "Досман теміржолы" облигациялары бойынша мемлекеттік кепілдік тек құрылыс жасау мерзіміне ғана берілді. Нәтижесінде, облигация ұстаушылар дефолт тәуекелінен қорғалмаған болды, бұл жоба шеңберінде шығарылған облигациялардың тартымдылығын төмендетті. Тек 2007 ж бастап, келісімшартқа қол қойылғаннан екі жыл өткен соң, үкімет концессионердің облигациялық займдары бойынша концессия мерзімі аяқталғанға дейін ( 2028 жылға дейін ) шарттарды өзгертті [1, 17 б].
Концессия механизмі бойынша жүзеге асырылған әрі пайдалануға берілген келесі жоба - Солтүстік Қазақстан - Ақтөбе облысы аралығындағы электртасымалдау желісінің құрылысы. Жобаның концессионері ретінде "Батыс Транзит" АҚ танылды. Жобаның күрделілігі мен әр түрлі қиындықтардан өзге, бұл жоба көптеген кедергілерден (оның ішінде дүниежүзілік қаржы дағдарысы) өтті. Солтүстік Қазақстан - Ақтөбе облысы электрэнергиясы желісін салудың бірден-бір мақсаты Ақтөбе облысының Ресей Федерациясынан электрэнергиясын тасымалдауына тәуелділіктен арылу болды. Бұл жоба бірқатар ішкі кедергілерге тап болды. Атап айтсақ, Ақтөбе облысына электрэнергиясын жеткізуші біреу ғана, ол Ресей Федерациясы болды. Ал "Батыс транзит" АҚ электрэнергиясы генераторын пайдалануға беру барысында, ТМРА (Табиғи монополияларды реттеу агенттігі) пікірі бойынша нарықтағы монополистке айналды және оған қатысты тариф қалыптастыруды басқару шараларының толық жиыны қолданылды. Осылайша, аталған концессионер облыста электрэнергия тарифин төмендетуге мәжбүр болды. Ал Қазақстандық реттеуші қазақстандық концессионер мүддесін қорғамады, ал ресейлік жеткізуші электрэнергиясын түнде қолдану тариф бағасы демпингін жүргізді. Ал қазақстандық концессионер жоба дефолтын болдырмау үшін күресін жалғастырды. Бұл жағдай өз кезегінде МЖС нарығының дамуына тосқауыл келтіргені анық. Дегенмен, бұл жоба дұрыс дамуын тапты, нәтижесінде концессионер үшін жобаны дамытудың жаңа бағыттары пайда болды.
Концессия механизмі бойынша жүзеге асырылып пайдалануға берілген тағы бір жоба - халықаралық Ақтау әуежайындағы жолаушылар терминалы. ҚР -ң 2003-2015 жылдарға арналған индустриалды-инновациялық даму бағдарламасына сәйкес 2007 жылы Маңғыстау облысының инфрақұрылымын дамыту шеңберінде " ATM Grup Uluslararasi Havalimani Yapim Yatirim Ve Isletme Ltd.Sti " компаниясымен концессиялық келісімге қол қойылды. Қазіргі таңда объекті пайдалануға берілді, келісімге сәйкес мерзімі 30 жыл.
Аталған концессиялық жобалардан өзге инфрақұрылым саласында "Ералиево-Құрық" теміржол торабының құрылысы мен Ақтөбе облысы Қандыағаш қаласында газтурбина электростанциясының құрылысы мен пайдалануға берілуі сынды концессиялық жобалар тізбесі мәлімделген болатын.
"Ералиево-Құрық" теміржол торабының құрылысы бойынша 2009 жылдың сәуірінде теміржол желісінің 14,4 шақырым болатын бірінші жол торларын төсеу рәсімі орындалды. Жоба құны 8,142 млрд тг. бағаланды. Жобаның концессионері "Астана - АРЭК" компаниясы. 2010 жылдың екінші жартысында теміржол желісінің бір бөлігі пайдалануға беру жоспарланған болатын. Жоспарланатын жүк тасымалдау көлемі жылына 5,5 млн тонна. Бұл жобаның құрылысы "Құрық" теңіз портының, теңіз көлігін дамытуды жүзеге асырумен байланысты кейінге шегерілді.Бірінші кезеңде Ақтау қаласынан оңтүстікте 60 шақырым жерде орналасқан "Құрық" портының құрылысына қажет жүк тасымалданады, ал болашақта теңіздік мұнай операцияларын қамтамасыз ететін жүктер тасымалдау жоспарлануда. 2014 жылдың 1 қазанында "Боржақты - Ерсай" теміржол желісінің құрылыс басталды, ол өз кезегінде "Құрық" портын салуға қажетті жүкті тасымалдады. Аталған желі мен порттық кешен Каспий порты арқылы Қазақстанның батыстық бағытында транзиттік және экспорттық потенциалын нығайтатын ірі жобалардың бірі болмақ. Бұл паромдық кешеннің құрылысын аяқтау мен пайдалануға беру 2016 жылдың аяғына жоспарланып отыр.
Басқа жобаларды жүзеге асыруда да ұқсас мәселлелер туындап отырды. Қандыағаш қаласындағы газтурбинды электрстанциясының құрылысы жобасын жүзеге асырудың негізгі бөлігі 2011 жылдың аяғына жоспарланған болатын, бірақ бірқатар қаржы және әкімшілік келелі мәселелеріне байланысты құрылыс әлі басталған жоқ.
Әрине, сөзсіз, бұл жобалар жүзеге асырылады, бірақ бірқатар келелі мәселелердің болуы олардың дамуын тежейді, бұл концессия механизмінің дамуына және халық пен бизнес-ортаның мұндай ынтымақтастыққа сенім білдіру дәрежесіне кері әсерін тигізеді.
Қазақстан тәжірибесінде МЖС портфелі әзірге алты жобадан тұрады, оның ішінде тек үш жоба ғана жүзеге асырылу сатысына сәтті жетті. Қалған үш жобаның сәтсіздігіне себеп жетерлік, оның негізгісінің бірі 2008 жылы болған дүниежүзілік қаржылық дағдарыс. Макроэкономикалық талдау көрсеткендей, Қазақстанда МЖС нарығында белсенділіктің төмендегені осы уақыттан басталады. Аталған келеңсіздіктердің алдын алу мен МЖС жобаларының тартымдылығын арттыру мен кең қолдану мақсатында мемлекет түрғысынан "МЖС туралы" Заңнамаға концептуалды өзгерістер енгізілді. Біріншіден, жобалардың неғұрлым икемді құрылымдалуы мақсатында МЖС келісімдерінің тізбесі кеңейтілді. Келісімдердің бестен астам жаңа түрі, оның ішінде аралас түрі де бар енгізілді. Екіншіден, МЖС қолданылу аясы кеңейтілді. Осыған дейін медициналық объектілердің, жалпы орта білім беру, халықты әлеуметтік қорғау, сумен қамтамасыз ету сынды салалар объектілерін концессияға беру тосқауылы алынып тасталды [2].
Жоғарыда қарастырылған инфрақұрылымдық жобалардан өзге, әлеуметтік саладағы бір жоба бар, бұл - "Қарағанды қаласында бала-бақшалар кешенінің құрылысы мен пайдалануға берілуі" атты жоба. Концессиялық жобалар тізіміне бұл жобаны енгізу 2010 жылы Үкімет қаулысында қарастырылып, құрылысын бастауға шетел инвесторларымен 2011 жылдың қараша айында келісімге отырылған болатын. Ол бойынша Қарағанды қаласында 11 бала- бақша, ал Теміртау қаласында 4 бала-бақша салу көзделді. Айта кететіні, бұл аталған бала-бақшалар кешенін салу жобасы әлеуметтік саладағы пилоттық жоба болғандықтан, жүзеге асырылуында бірталай келеңсіздіктреге тап болды.
Әлеуметтік сала жобасын қарастыру барысында келесі қарастыратын мәселе бұл - әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялар.
"Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар (ӘКК) бұл-өндірістен және тауарлар мен қызметтерді сатудан табыс табу мақсатымен өз қызметін жүзеге асырып отырған тұрақты бизнес-құрылымдар. ӘКК- тің коммерциялық корпорациялардан негізгі ерекшелігі табылған табыстың ӘКК құрылған аумақтардағы халықтың әлеуметтік, экономикалық немесе мәдени мақсаттарын жүзеге асыру үшін реинвистициялануы". Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2006 жылғы халыққа жолданған үндеуінде алғаш рет ӘКК құру ойы туралы айтқанда, дәл осы анықтама берілген болатын. Елбасының түпкі ойы бойынша, әр ӘКК дамудың аумақтық институты бола алады және елдің тиісті аумағында мемлекеттік активтерді басқарып отырған холдинг компания болып табыла алады.
Жалпы әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялар - бұл мемлекеттік-жеке серіктестік негізінде жұмыс атқаратын аумақтық даму институттары немесе мемлекет пен бизнес құрылымдарының өзара әрекеттестігі жолымен МЖС идеясын жүзеге асыратын ұлттық компания.
Қазақстанда концессия механизмін қолдану аталған алты жобаны жүзеге асырумен шектелмейді. Концессия сызбасы бойынша 2016 жылдың қаңтар айында МЖС Орталығының мәліметтеріне сәйкес жоспарлау сатысында инвестиция көлемі шамамен 1 164 млрд. теңгені құрайтын 102 жоба тұр:
- 8 жоба - мемлекеттік деңгейдегі жобалар. Жалпы сомасы 290 млрд.тг.құрайды
- 94 жоба - жергілікті деңгейдегі жобалар. Жалпы сомасы 873 млдрд.тг. құрайды [3, 13 б].
Республикалық деңгейдегі жобалардың жіктемесі төмендегідей:
- ҚР Инвестиция және даму министрлігі - 3 жоба (2 автожол, 1 темір жол);
- ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі - 2 жоба (ауруханалар);
- ҚР Білім және ғылым министрлігі - 1 жоба (ҚазҰУ);
- ҚР Ішкі істер министрлігі - 2 жоба (пенитенциарлық жүйе)
Республикалық деңгейдегі жүзеге асырылатын жобаларды толығырақ қарастыратын болсақ, көріп отырғанымыздай жобалар дәстүрлі инфрақұрылымдық жобалар мен әлеуметтік саладағы жобаларды құрайды. Жалпы қазіргі уақыттағы МЖС механизмінің дамуы мынадай экономикалық секторларды қамтып отыр, сурет -1.
Өз кезегінде ел экономикасының әртүрлі секторларындағы концессия механизмі дамуының өзіндік ерекшелігі бар.
Көлік инфрақұрылымы. Жоғарыда айтып өткендей, концессия шеңберінде жүзеге асырылған және жүзеге асырылуы жоспарланып отырған жобалардың басым бөлігі елдің көлік инфрақұрылымының дамуына бағытталған.
Авто жолдарды мемлекеттік басқару бастау алған жылдарды қарастырсақ, жол секторларына салынатын инвестицияның өзін-өзі ақтауы жайлы алғашқы сұрақтар ҚР автожол саласын 2001-2008 жылдар аралығында дамыту Концепциясында қарастырылған болатын. Осы құжаттамада мемлекет банк, сақтандыру секторы қаражаттарын, қаржылық институттар мен пайдаланушылар қаражаттарын тарту арқылы ақылы жол учаскелерін, көпірлер мен жолжелілерін салуға деген қызығушылығын білдірген болатын. Өз кезегінде ол уақытта аталғандарды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін құқықтық және нормалық база қалыптаспаған еді.
Жалпы, автожол саласындағы концессияның өмірлік жолын 2007-2014 жылдар аралығында орта мерзімді кезеңге беруді ұсынатын жобалардыңжағдайынан көруге болады [4]. 2009-2013 жылдар аралығында шын мәнінде үлкен жұмыстар жасалды, концессионерлерді анықтау үшін көптеген конкуртар өткізілді. Дегенмен концессионерді анықтау оңайға түскен жоқ.
Концессионерді тарту қиындығының негізгі себебі трафиктің төмендігі мен автомобильді жолдың ұзақтығына байланысты капитал сыйымдылығының жоғары болу және климаттық жағдайларды ескере отырып оларды ұстауға жұмсалатын шығындарға қатысты инвестициялық тәуекелдің жоғары болуы. 2007 жылы басталған дүниежүзілік қаржылық дағдарыстың инвесторлардың ұзақ мерзімді қаржыландыруды азайтуға алып келуі келесі себеп. Қымбат қарыздар мен ұлттық валютаның тұрақсыздығы себептерінен потенциалды инвесторлар конкурстық құжаттаманы қарастыруда мемлекеттік қолдау деңгейін аса көтеруді талап етті. Осындай себептерге байланысты концессияға берілуге тиіс көптеген жобалар ішкі ресурстар мен сыртқы мемлекеттік қарыздар есебінен жүзеге асырылған болатын (кесте - 1).
"Үлкен Алматы айналмалы автокөлік жолы (БАКАД)" жобасы - Қазақстандағы мемлекеттік-жеке серіктестік механизмін қолдана отырып жеке қаражаттарды тарту арқылы автокөлік жолдарын салуды жүзеге асырудағы алғашқы жоба. Осыған дейін ВТО схемасы бойынша: build-transfer-operate (салу -беру - басқару) концессиялық жобаларды жүзеге асыру тәжірибесі болмаған еді. Бұл жоба Қазақстандағы МЖС жобаларының тек көлік саласында ғана емес, экономиканың басқа да басым салаларында дамуының мықты бастамасы болмақ.
"Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде БАКАД құрылысының қажеттігі Алматы транспорттық жүйесінің лық толуы мен автокөлік парктерінің тез өсуіне байланысты туындады [5]. Сонымен қатар Алматы қаласы мен Алматы облысының демографиялық ерекшелігіне қарай авто жолдарға деген болашақта тұтынушылардың сұранымының өсуі мүмкіндігі тағы бар. Автожолдың жалпы қашықтығы 66 шақырымды құрайды. Жоспар бойынша қозғалыс төрт, кей жерлерде алты жүру жолағынан тұрады, күніне 38 мың автокөлік өте алады деп болжануда. Жобаның жүзеге асырылуының экономикалық тиімділігі болып жолға кететін уақыттың азаюы есебінен автокөлікпен жүк тасымалдау құнының төмендеуі табылады.
Қазақстандық МЖС Орталығының мәліметтеріне сай 2016-2018 жылдар аралығында көліктік инфрақұрылым саласында жүзеге асырылуы жоспарланып отырған концессиялық обектілер болып "Үлкен Алматы айналмалы автокөлік жолының (БАКАД) құрылысы мен пайдалануға берілуі" жобасы, Алматы станциясы теміржол жол торабын айналып өтетін айналмалы теміржол желісінің құрылысы, Шымкент қаласын айналып өтетін автомобиль жолын салу және пайдалануға беру, Алматы қаласында жеңіл рельсті көліктің (жылдам трамвай)салынуы мен пайдалануға берілуі, ШҚО Күршім ауданында Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпірді салу және пайдалануға беру жобалары табылады.
Әлеуметтік сала. Қазақстанда мемлекет пен жеке бизнестің серіктестігі бастапқыда көлік және энергетика салаларында ғана концессиондық механизмді қолдану арқылы жүзеге асырылса, қазіргі таңда экономиканың барлық салалрында қолдану мүмкіншілігіне ие болып отыр. Әсіресе әлеуметтік салада қолдану аясы кеңейіп, жобалардың кең
Кесте - 1. 2007-2014 жылдарға арналған концессияға беруге ұсынылған объектілер тізімі
1. Мемлекет меншігіндегі объектілерді жақсарту мен пайдалануға беру концессия келісімі негізінде жүзеге асырылады |
||||
2007-2009 жж.аралығы |
2010-2012 жж.аралығы |
2012-2014 жж.аралығы |
2014 ж сәуір айына жобаның жүзеге асырылуы |
|
«Алматы-Өскемен» автокөлік жолының «Алматы-Қапшағай» жол учаскесін салу (қайта жаңарту) мен пайдалануға берілуі |
Жобалар «Орталық-Оңт.» жоба шеңберінде «Самрұқ-Қазына» Ұлтгық әл ауқаты қоры есебінен жүзеге асырылуда |
|||
«РФ шекарасы (Екатеринбург) – Алматы (Қостанай, Астана, Алматы арқылы)» автожолының «Астана-Қарағанды» жол учаскесінің қайта жаңарту мен пайдалануға берілуі |
||||
«Өзбекстан шекарасы (Ташкент)- Шымкент- Тараз- Алматы-Хоргос» (Кокпекті, Көктал, Благовещенск арқылы Қырғызстан шекарасы) автожолының «Адматы-Хоргос» жол учаскесінің қайта жаңаруы мен пайдалануға берілуі |
Тізімнен шығарылған |
Жоба Халықаралық Қайта құру мен даму банкі шеңберінде сыртқы мемл. қарыз есебінен жүзеге асырылады |
||
Тізімге кіргізілмеген |
«Өзбекстан шекарасы (Ташкент)- Шымкент- Тараз- Алматы-Хоргос» (Кокпекті, Көктал, Благовещенск арқылы Қырғызстан шекарасы) автожолының «Ташкент-Шымкент» жол учаскесін қайта жанạрту |
Жоба Еуропалық қайта құру мен даму банкі қарыз шеңберінде жүзеге асырылуда |
||
Тізімге кіргізілмеген |
«Астана-Петропавловск» автожолының (Көкшетау қ. арқылы) «Астана Шучинск» жол учаскесіне зияткерлі к-көліктік және төлем жүйесін енгізу мен пайдалануға берілуі |
Жоба Руспубликалық бюджет есебінен жүзеге асырылды. 2013 жылдың маусымынан ақылы түрде |
||
2. Құрылысы мен пайдалануға берілуімконцессиялық келісім бойынша жүзеге асырылатын объектілер |
||||
Үлкен Алматы айналмалы автокөлік жолының (БАКАД) құрылысы мен пайдалануға берілуі |
Концессионерді таңдау мақсатында байқау ұйымдастыру жұмысы жүргізілуде |
|||
Ескерту - [4] әдебиет көзі негізінде құрастырылған |
ауқымы жүзеге асырылып жатыр. Айта кететіні, әлемнің экономикасы дамыған көптеген елдерінде мемлекет пен бизнестің серіктестігінде көшбасшылық тұтқаны осы әлеуметтік саладағы инфрақұрылымдар, атап айтсақ, білім беру мен денсаулық сақтау салаларындағы жобалар иеленеді.
Егерде МЖС Заңнамасы алғашқыда әлеуметтік саладағы бірталай жобаларды концессияға беруді шектеген болса, қазірде Заңнамаға толықтырулар мен өзгертулер енгізу нәтижесінде экономиканың барлық салаларында қолданылуына жол ашып отыр.
Қазақстанда мемлекет пен бизнестің серіктестігі әлеуметтік саладағы жобаларда, атап айтсақ білім беру мен денсаулық сақтау салаларында жақсы қарқынмен жүргізіліп келеді. Аталаған салалардағы жүзеге асырылған әлі жоспарда бар жобаларды қарастырып өтейік.
Білім беру саласы жобаларын қарастыратын болсақ, республиканың барлық облыстарында дерлік мектепке дейін білім беру мекемелері бала- бақшалар құрылысы, ауылды жерлерде мәдениет үйлерінің құрылысы жобалары жүзеге асырылды. Онымен қатар, университет жанында студенттерге жатақханалар құрылысы жобалары тағы бар. Бюджеттік инвестициялар мен МЖС департаментінің мәлімдемесі бойынша егер бұрын мемлекет жобаларға өзі бастамашылық етсе, қазір МЖС бизнестен бастау ала бастады, яғни мемлекеттік мекемелермен бірге, бизнес өкілдіктерінен ұсыныс көптеп түсуде.
Жобалар ВТО (салу-табыстау-пайдалануға беру) схемасы бойынша жүзеге асырылады. Концессионер концессия объектісін құрылыс аяқталған соң конденцатқа (мемлекетке) табыстайды, сосын объекті концессионерге пайдалануға беріледі және ол бойынша концессионер түсім алады. Айта кететіні, концессионер түсімдері келісімшартта көрсетілген уақытта мемлекеттің инвестициялық шығындарды өтеуінен, қосымша қызмет көрсетуінен қалыптасады. Жобаның әлеуметтік бағыттылығын ескере отырып, мемлекеттік қолдау көрсету шаралары болып: тұтыну кепілдігі (мемлекеттік тапсырыс), объектілердің толыққанды жұмыс істеуі үшін инженерлік коммуникациялық жабдықталған жер учаскелерімен қамтамасыз ету жатады.
Қазіргі таңда экономиканың басым секторларында концессиялық жобаларды жүзеге асыруды дамыту және қолдау мақсатында өңірлік МЖС орталықтары мен өңірлік кәсіпкерлікті дамыту "Даму" АҚ қорымен екінші деңгейлі банкерді тарту арқылы тараптардың өзара серкітестігін нығайту мен дамыту жұмыстары жүргізіліп жатыр. "Бизнестің жол картасы 2020" бағдарламасы аясында концессионерге жеңілдіктер беру (сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау, екінші деңгейлі банктерге кредиттер бойынша кепілдіктер беру) сұрақтары бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Әлеуметтік саладағы мемлекеттің назарындағы келесі мәселе - бұл МЖС механизмін денсаулық сақтау саласына енгізу және дамыту болып табылады.
МЖС-ң денсаулық сақтау саласындағы мақсаты болып денсаулық сақтау саласы инфрақұрылымын дамыту үшін жеке капиталды тарту және медициналық қызметтің сапасын жоғарылату табылады. Мемлекеттік-жеке серіктестікті денсаулық сақтау саласында дамыту бұл 2011-2015 жылдарға арналған "Саламатты Қазақстан" бағдарламысын жүзеге асырудың бірден бір индикаторы.
2011-2015 жылдарға арналған "Салматты Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасы аясында денсаулық сақтау саласындағы МЖС механизмін кеңейтудің нақты шаралары қарастырылған болатын. Бұл серіктестіктің жаңа түрлері мен қаржыландырудың жаңа түрлерін енгізу, мемлекеттік медицина объектілерін басқаруға жеке инвесторларды тарту, әлемдік стандарттарға сай заманауи технологияларды енгізу, тәуекелдерді өзара бөлісу, өзара тәжірибе алмасу және мекемелерді сенімгерлік басқаруға беру. Осы мақсатта 2013 жылдың шілдесінде мемлекет басшысының бұйрығымен МЖС жөніндегі заңнамаларға өзгертулер мен толықтырулар енгізілгеннен кейін, оның қолданылу аясы кеңейген болатын. Денсаулық сақтау саласында МЖС- ті қолдану схемасы құрастырылып, "100 мектеп, 100 аурухана" бағдарламасы бойынша жаңа объектілердің құрылысы басталған болатын. Бұл өз кезегінде құрылыстың сапасын жақсартуға, инновацияларды тартуға, бәсекелестікті арттыруға және халықтың сапалы да жоғары маманданған медициналық көмекті алуына қол жеткізді.
МЖС-ң мынадай түрлерін: Build-Own-Operate (BOO) - Құрылыс- Иелену - Пайдалануға беру; Build - Transfer - Operate (ВТО) - Құрылыс - Тапсыру - Пайдалануға беру; Build - Operate - Transfer (BOT) - Құрылыс -Пайдалануға беру - Тапсыру және жеке компаниялармен сенімгерлік басқаруды қолдану көзделген болатын. Және де барлық әкімшілік кедергілердің алдын алу жұмыстары кеңінен жүргізілген болатын.
Елбасының бес институционалдық реформаны жүзеге асырудың 100 нақты қадамының бірі - МЖС аясында пенитенциарлық инфрақұрылымның жаңғыртылуы болып табылады [6]. Себебі Қазақстандағы қазіргі жұмыс істеп жатқан қылмыстық-атқару жүйесі - түзеу мекемелерінің құрылысы сонау Кеңес Үкіметі кезінде салынған ғимараттар мен құрылстардан тұратындықтан, қазіргі заман талаптарына сай сотталғандарды ұстауға сәйкес келмейді. Сол себепті пенитенциарлық инфрақұрылымды жақсарту ең алдымен арнайы жаңа түзеу мекемесінің құрылысы негізінде шешімін табады.
Қазақстанда қылмыстық - түзеу мекемелері үшін Франция мысалындағы концессия ұтымды. Жоспарда ВТО (Салу - Табыстау - Пайдалануға беру) моделін қолдану көзделіп отыр. Концессионерге келісімге сай кезең кезеңімен инвестициялық шығын өтеледі. Концессионер өз кезегінде концессия мерзімі аяқталғанға дейін объектіде өндірістік-шаруашылық қызметті жалғастырады. Концессионердің пайдасы болып жобаны тәуекелсіз жүзеге асыру кепілдемесі, жаңа мекемелер базасында бәсекеге қабілетті жаңа өнімнің өндірісі, өндірістік алаңдарды ұсынғаны үшін арендалық төлемнің алынуы, өндірілетін өнімге (төсек-орын, киім-кешек) мемлекеттік тапсырысты алу табылады. Мемлекеттің пайдасы болып бюджеттік жүктемені уақыт бойынша бөлу, сотталғандарды халықаралық стандарттарға сай ұстау, оларды еңбекпен қамтамасыз ету, жеке капиталды қолдану үшін жаңа саланы қолдану мен жаңа бизнес түрін енгізу табылады.
Бұл аталған идея елімізде нақты нысандық түрге келіп отыр. Қазіргі таңда әкімдіктермен олардың құрылысы үшін Астанада тергеу изоляторы; Оңтүстік Қазақстан, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарында түзеу мекемелерінің құрылысы үшін жер учаскелері бөлінген. Қазақстандық МЖС орталығының мәліметтері бойынша Шымкент қаласында 1500 орындық түзеу мекемесінің құрылысы жобасы жайлы концессиялық ұсыныс әзірлену кезеңінде.
Коммуналдық сектор. МЖС механизмін қолдана отырып еліміздің су тапшылығы мәселесін шешуге потенциал жоғары. Әлемнің көптеген елдерінде бұл механизм сәтті жүзеге асырылуда. Елбасының "Қазақстан 2050 Стратегиясында" XXI ғасырдың он жаhандыĸ мәселесі көрсетіліп, оның бірі ретінде судың тапшылығы мәселесі қаралған еді. Еліміздің көптеген өңірлерінде сапалы ауыз су тапшылығы және оған деген қажеттілік көкейкесті мәселе болып табылады. Одан бөлек еліміздің жер үсті суының жартысы көршілес мемлекеттерден келетіні мәлім. Сондықтан МЖС механизмін қолдана отырып халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ететін инфрақұрылымдық жобаларды салу бұл мәселенің бірден бір шешімі болмақ.
Қазірде елімізде Манғышлақ өңірінде Каспий теңізі суын тұщыландыратын мекеме жұмыс атқарады. Бұл Маңғыстау облысында оның тұрғындары үшін электр энергиясын, жылу мен тұщы суды өндіретін Маңғыстау атамдық энергокомбинаты. Қазақстанның көптеген өңірлерінде ауыз суына деген сұраныстың өсуіне байланысты МЖС механизмін қолдана отырып(әсіресе Каспий теңізі жағалауында орналасқан өңірлер потенциалын қолдана отырып), тұщы су зауыттарын салу жоспарлануда. Осындай жобалардың бірі Кендірлі өңірінде суды тұщыландыратын зауытты салу. Бұл жоба стратегиялық тұрғыдан маңыздылығына қарамастан, әлі де мердігерді белгілей алмай отыр. "Өзенмұнайгаз" АҚ өзінің өндірістік және тұрмыстық қажеттілігіне суды сатып алуға кепілгер ретінде танылып отыр. Қазірде аталған суды тұщыландыратын зауыттың құрылысы жобасы Жаңаөзен қаласын сумен қамтамасыз етуді жақсартатын потенциалды жоба ретінде үлкен маңызға ие болып отыр.
Жалпы Қазақстанда коммуналдық шаруашылық саласындағы концессиялық келісімдер осыған дейін тек энергетика саласын қамтыса, заңнамаларға енгізілген өзгертулерден кейін концессиялық механизмді инфрақұрылымның барлық салаларында қолдану мүмкіндігі туды. Осыған орай МЖС тұрғын- үй-коммуналдық шаруашылығында дамытуды белсенді жүргізу жоспарлануда, атап айтсақ, жоғарыда қарастырған сумен қамтамасыз ету, одан өзге газбен, жылумен қамтамасыз ету, содан соң қоқыс пен қатты тұрмыстық қалдықтарды шығаруда.
2014 жылдың 30 мамырында ҚР Президентінің қаулысымен қабылданған елдің "жасыл" экономикаға өтуі Концепциясында қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару саласын жетілдіру негізгі бағыттардың бірі болған еді.
Бүгінде Қазақстанда қоқысты өңдейтін екі зауыт іске қосылған, Алматы және Астана қалаларында. Шымкент пен Ақтауда іске қосу жоспарланып отыр. Дегенмен, көптеген өңірлер ауа мен жерге қауіпті заттар бөлетін полигондағы тонна қоқыспен қалып отыр. Бұл жағдайдан шығатын жол болып МЖС механизмінің ВОТ моделін қолдана отырып, қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеуді басқаруды жеке секторға беру. Жеке кәсіпкердің пайдасы болып ластаушы заттардан тариф негізінде және мемлекеттен концессиялық міндеттемелері бойынша тұрақты ақша ағынын алып отырады.
Болашақта қала және агломерацияларда қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару бойынша жобаларды жүзеге асыру қолға алынады. Қалдықтарды жинайтын және тасымалдайтын жүйенің жаңартылуы, қоқысты өңдейтін зауыт пен жаңа полигонның салынуы жоспарланып отыр. Әрбір өңірде ҚТҚ-ң жаңартылуына жауапкершілікте болатын бірыңғай оператор құрылады.
Жоғарыда қарастырып өткен Қазақстанда республикалық және аймақтық деңгейдегі барлық салалардағы жобалардан өзге, МЖС механизмін қолдана отырып өңірлік деңгейде автокөлік тұрақтарын салу, көшелерді жарықтандыру, автовокзалдар мен тұрғын үй алаптарында дәрігерлік амбулаторияларды салу мен пайдалану жобалары бойынша концессионерді тағайындау байқаулары жарияланды, әзірше Астана қаласы бойынша.
Қорытындылай келе, Қазақстанда мемлекеттік- жеке серіктестік механизмін экономиканың барлық саласында кеңінен қолданылуына барлық мүмкіншілік жасалып, белсенді түрде жүргізіліп жатыр деп айтуға толық негіз барына көз жеткіздік.
Әдебиеттер тізімі:
- Вестник ГЧП № 2. Казахстанский Центр Государственно-частного партнерства. - 2009.
- ГЧП по-новому. - Режим доступа: http:// forbes.kz/archive/21/
- Презентация Закона о ГЧП. - 2016. - Режим доступа: http://kzppp.kz
- Почему не создан рай для инвесторов: причины отсутствия концессии в дорожном секторе. - 2014. - Режим доступа: http://www.zakon.kz/4621519- pochemu-ne-sozdan-rajj-dlja-investorov.html
- Послание Президента Послание Главы государства народу Казахстана "Нұрлы жол - Путь в будущее" от 11 ноября 2014. - Режим доступа: http:/ /www.akorda.kz/ru
- "План нации - 100 конкретных шагов по реализации пяти институциональных реформ". - Режим доступа: http://www.akorda.kz/ru/events/ akorda_news/