Психологиялық ілімнің қайнар көздері жəне бүгінгі қоғамдағы қолданылу аясы

Мақалада тарихымыздағы түрлі кезеңдердің, отаршылдық пен бодандықтың, соғыстар мен төңкерістердің, қолдан жасалған саяси науқан-нəубеттердің қазақ халқының қазіргі психологиялық ахуалының қалыптасып дамуына тигізген əсері сөз етілді. Авторлар əр ұлттың өзіндік ерекшелігінің болуы, оның басынан өткергені мен тұрғылықты географиясына тəуелді болу мəселесі зерттеулерде елеп-ескерілмеуі мүмкін емес екендігіне тоқталады. Белгілі ғалым Л.Н. Гумилев, психолог-педагог С.Қалиев, ақын М.Жұмабаев еңбектері халықтың психологиялық ахуалы, оның философиялық ойлау жүйесінің негізі делінген пікірлерінен мысал келтіреді. Қазақтың ұлттық психологиясындағы моральдік, этикалық, тəлім-тəрбиеміздегі ар мен намысты қасықтай қаны қалғанша қорғай білу, дархан көңіл, ақжарқындылық пен адалдық, досқа деген мейірімділік, бойымызға сіңген қасиеттерден адасып қалмау мəселесі көтерілді. Авторлар ұрпақ санасына ұлттық мəдениет пен рухани құндылықтар туралы тұтас ұғым түзілуінде, бүгінде психологтардың маман ретіндегі еңбектерінің ерекше болу керектігіне тоқтам жасайды.

Ғасырлар бойы халық болып қалыптасу барысында талай тарихи кезеңдердің, отаршылдық пен бодандықтың, соғыстар мен төңкерістердің, қолдан жасалған саяси науқан-нəубеттердің қазақ халқының қазіргі психологиялық ахуалының қалыптасып дамуына тигізген əсерін талдау қажеттілігі туындайды. Əсіресе кейінгі төрт ғасырға жуық отаршылдық пен бодандықтың салдарынан қазақ халқының құлдық психологияға ие болып отыруы оның болмысында қазіргі таңдағы этногенезисінің түзілуіне, моральдік, этикалық, эстетикалық, тұрмыстық, кəсіптік, жалпы əлеуметтік жағдайларының бүлінуіне əкеліп соқты. Соның салдары халықтың қалыптасқан салт-дəстүрі мен əдет-ғұрпына, сол арқылы көнеден келе жатқан дəстүрлі тəлім-тəрбиесіне көптеген залалын тигізді.

Біріншіден — қазақ халқының қалыптасу құрылымының өте күрделі екендігі, ғасырлар бойы жүзден астам ірі рулар мен тайпалардан бірігіп, қазақ ұлтының дүниеге келуі. Ертедегі үйсіндердің, қаңлылардың, қыпшақтардың, наймандардың, керейлердің, тағы басқа ұлыстардың жеке-дара мемлекеттер ретінде тарихқа белгілі болғандығын білеміз. Қазақ халқының құрамындағы бұл рулар біртұтас халықтық болмысқа бірігуімен қатар, əлі де болса өзіндік қасиеттерін сақтап отыр. Ол əсіресе əр рудағы тіл диалектикасының, əдет-ғұрыптарының, салт-дəстүрлерінің кейбір түрлерінің ерекшеленетіндігінен байқалады. Халықтық педагогика дəстүрлерін зерттегенде бұларды елеп- ескермеу мүмкін емес. Қазақ халқына кіретін барлық ұлыстардың дара ерекшеліктерін қарай отырып, біртұтас халықтық тəрбие дəстүрін жасауға болады.

Екіншіден — еліміздің ұланбайтақ аймағының географиялық ендігі мен байлығының, табиғатының, климаттық ерекшеліктерінің, топырақ-өсімдік жамылғысының, жануарлар дүниесінің, жер асты — жер үсті суларының, рельефінің, тағы басқа табиғат факторларының əр қиырда тұратын, бір-бірімен кейде байланыса алмайтын қазақтардың психологиялық ахуалына, мінез-құлқының қалыптасуына тигізетін əсері əртүрлі екендігін ескерудің де мəні зор. Шығыста, батыста, солтүстікте жəне оңтүстікте, орталықта тұратын, таулы жерде немесе дала жазығында тұратын, шөлді аймақта не болмаса өзен-көлдің жағасында тұратын, адамдардың жаратылысы, табиғи болмысы əртүрлі екендігін ескеру қажет. Бұл фактор, ең алдымен, сол жердегі тұрғындардың психологиялық ахуалына, тіліне, салт-санасына, əлеуметтік ұстанымына, əрине, тəрбиелік дəстүріне өте зор əсер етіп, өзіндік мəн мен мазмұн қалыптастырды. Белгілі тарихшы-ғалым Л.Н. Гумилев: «Этностардың этногенездік айырмашылықтары, нəсіліне, тіліне, дініне, біліміне ғана байланысты емес, мінез-құлқы мен жер-қыртыс бедеріне, табиғатты игеруіне де байланысты...», — депті. Ал, Алаштың ақиық ақыны «...Жаратылыстың құшағында, меруерт себілген көк шатырдың астында, хош иісті жасыл кілем үстінде, күнмен бірге күліп, түнмен бірге түнеріп, желмен бірге жүгіріп, алдындағы малмен біргеөріп, сары сайран далада тұрып өсетін қазақ баласының қиялы жүйрік, терең болуға тиісті. Бірақ қазақ халқы тəрбие көрген жоқ, əлі тағы, əлі бала... жылдар, күндер өткен соң қазақ қиялы тəрбие алып, тереңдеп адамзат дүниесінің көгінде бір жарық жұлдыз болар деп, иманымыз кəміл»[1], — деп, қазақ халқының жарқын болашағын оның дархан даласына балап, көрегенділікпен үлкен үміт еткен. Халықтың өз туған даласының сипатындай сипатқа, туған табиғатының таң қаларлық құбылыстарындай мінез-құлыққа ие болатындығын айнытпай суреттеп берген.

Психолог-педагог ғалым С.Қалиев «Қазақ этнопедагогикасының теориялық негіздері мен тарихы» дейтін еңбегінде: «Қазақтарға тəн бауырмалдық, ақжарқындық, қонақжайлық мінез-құлық болса, өзбектерге тəн майда, сыпайы мінезділік, үнемшілдік, орыс халқына тəн қарапайымдылық пен кеңпейілдік т.б. ерекшеліктер байқалады», «... ар мен намысты қасықтай қаны қалғанша қорғай білу, дархан көңіл, ақжарқындылық пен адалдық, досқа деген мейірімділік қазақ халқының бойына туа біткен ұлттық психологиялық ерекшелік қасиеті, философиялық ойлау жүйесінің негізі», — деп түйінді ой-пікірін ортаға салады. Сонымен, бүкілхалықтық психологиялық ахуал сол халықтың барлық құрамдас бөліктерінің мінез-құлықтарының жиынтық формасы болып табылады.

Үшіншіден — Қазақ халқының тарихи-əлеуметтік қазіргі болмысында əртүрлі тарихи кезеңдердегі, атап айтқанда, араб-парсы, қытай, монғол, жоңғар шапқыншылықтарының, əсіресе Ресей империясының отарлауы салдарынан қалыптасқан психологиялық ахуалдың алатын орны бөлек. Бұған сол кезеңдерде тараған əртүрлі діндердің əсері, тіл ассимиляциясы жəне диссимиляциясы, бөтен ұлттардың қазақ арасында сіңісуі (қожалар мен төрелер, қытайлар мен жоңғарлар т.б.), жер-су атауларының өзгеруі (араб, парсы, қытай, монғол, жоңғар, орыс тіліндегі жер атаулары мен су атаулары), адамдардың ат-есімдерінің сол халықтардың тілінде қойылуы, бөтен тілдегі, бөтен діндегілермен некеге отыру, балаларын орысша, немісше, ағылшынша, тағы басқа тілдерде оқытуы, аралас (орыс-қазақ) мектептердің орнығуы, тағы басқа қоғамдық құбылыстар қазақтың ұлттық психологиялық ахуалына орасан зор залалын тигізіп, қатты ықпал етті. Тіптен, кейінгі ұрпақтың мəңгүрттену тенденциясына əкеліп тіреді.

Төртіншіден — тіл факторы этнопсихология мен этнопедагогика теориясы мен практикасындағы шешуші фактор болып табылады. Себебі тіл арқылы этнопедагогика мен этнопсихологияның дəстүрлі жағдайлары жасалып, ұрпақтан ұрпаққа жеткізіледі. «Өнер алды — қызыл тіл» деп халқымыз тіл өнеріне айрықша маңыз берген. Өз ұрпағын құйма құлақтыққа, сөз парқын ажырата алуға, сөз астарын аңғаруға, шешендік сөздің парқын бағалай білуге үйретіп, ой қорытып, сөз түйе білуге, шешен сөйлеп-шешімді уəж айтуға, «от ауызды, орақ тілді» азаматтарды тəрбиелеуге терең философиялық мəн берген.

«Тіл — адам жанының тілмашы. Тілсіз адамның жүрек түбіндегі бағасыз сезімдер, жан түкпіріндегі асыл ойлар жарық көрмей қор болып қалар еді. Адам тілі арқасында ғана жан сырын ұға алады... Тілі кем болса, адамның қор болғаны. Тілсіз ұлт ділінен айрылған ұлт, дүниеде ұлт болып жасай алған емес. Ондай ұлт құрымақ... Ұлттық тілінде сол ұлттың жері, тарихы, тұрмысы, мінезі айнадай ашық көрініп тұрады. Қазақ тілінде қазақтың сайран даласы, біресе желсіз түндей тымық, біресе құйындай екпінді тарихы, сары далада үдере көшкен тұрмысы, асықпайтын, аспайтын сабырлы мінезі бəрі-бəрі көрініп тұр. Қазақтың сары даласы кең, тілі де бай» [1], — деп тіл тағдыры мен ел тағдырын сипаттаған Мағжан Жұмабаевтың осынау терең тұжырымды пікіріне таң қаласыз. Сол заманның өзінде тілге жанашырлық танытып, ұрпақ тəрбиесіне ерекше алаңдаған ақынды көреміз.

Қазақ халқының өмірінде феодалдық қарым-қатынастардың, əсіресе феодалдық-патриархалдық қарым-қатынастардың орны бөлек. Патриархалдық қарым-қатынастың бейнесі қазақ халқының тұрмыстық, кəсіптік нысандарында əлі де көрініс береді.

  1. Қазақ халқының өз əулетінде, руда ақылшы ақсақалдарды пір тұтуы. Ақсақалды бабаның, атаның шешімі руластар мен əулеттегілер үшін, бұзылмас заңдылыққа айналуы. Ақсақалды бабаның құзырындағы жазылмаған «конституциялық», «заң-құқықтық» ережелерімен қатар, соттың, прокурордың, адвокаттың құқықтарын іске асырып отыруы, билік жүргізуі, шешім қабылдауы қазақ халқы үшін заңды құбылыс болып келеді. Қазіргі өркениетті жаңа заманның өзінде де бұл қоғамдық құбылыс əр жерде сақталып қалған. Психологиялық ахуал, ретінде байқалады. Бұл халқымыздың ардақтайтын Ата салты болып табылады.
  2. Қазақ отбасындағы басты тұлға — əке екендігі сөзсіз. Бұл да халқымыздың əлі де патриархалдық қарым-қатынасты ұстанатынын білдіреді. Əкенің қоғамдық, əлеуметтік, моральдік, этикалық, тұрмыстық, кəсіптік рөлі мен атқаратын қызметі, отбасындағы билік жүргізуі, оның беделімен қоғамдық орны əлі де болса жоғары тұр. Əкенің үмітін орындау, оның үлгі-өнегесін үйрену, қарсы келмеу, сайлауға міндеттілік мəселелері — əкенің қоғамдық орнын айқындап, əке салтын қалыптастырады.
  3. Қазақ отбасындағы ер баланы қыз баладан жоғары санаушылықтың бар екені рас. Қазақ халқы сан ғасырлар бойы мың өліп, мың тірілген өмірінде ер-азаматтардың басын қадірлеп, елін-жерін қорғайтын жігіттердің аманшылығын тілеп, Тəңірден ер баланы табына, жалына сұраған. Сөйтіп, қазақтың ұлттық ерекшелігі — ер азаматтың бағасы, отбасылық орны қалыптасқан. Бұл тенденция жаугершілігі жоқ бейбіт кезеңдерде де, тіпті қазіргі кездерде де сақталған. Халқымыздың патриархалдық бұл көрінісі жас ұрпақ психологиясында мықтап орын алған. Халықтың тəрбие дəстүрінде де бұл құбылыс ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан ең жақсы дəстүр болып табылады [2].

Қазақ халқы үшін діни наным-сенімнің де орны ерекше. Ежелден Тəңірге табынушылығы басым болған қазақ үшін ислам дінінің қағидалары мен шариғатын орындау, басқа мұсылман халықтарына қарағанда, əлдеқайда басқа мағына екендігі белгілі. Мұсылмандық парызын өтеу, ғибадат қылу, шариғат қағидаларын орындау тəрізді киелі істерді атқаруға келгенде көбінесе Тəңірге табынушылық нанымның үстем болып тұратындығы қазақ үшін басты психологиялық жағдай. Алла тағаладан қорыққанымен, аруаққа табынушылық басым. Мəселен, «Аруақ қолдасын», «Аруақ жарылқасын», «Аруақ желеп-жебеп жүрсін», «Аруағыңнан айналайын» сөздерінің шығуы, соған илануы ислам дінін мойындағандықтан емес, керісінше, Тəңірге табынушылықтан туған деп ұғу керек.

Жалпы Тəңірге табынушылық табиғат аясында көшіп-қонып жүрген халықтарға тəн құбылыс. Табиғатты Тəңірге балап өскен дала көшпенділері жанды-жансыз дүниенің барлығын да біртұтас Тəңірге балаған.

Қазақ халқында жас нəрестені, бесікті, үй ішін, жас отауды, тағы басқа жағдайларда отпен, сумен, қамшымен, өсімдікпен, топырақпен аластаушылық, ырымшылдық, көріпкелдік, бақсылық пен балгерлік, кітап ашу, бұлт шақыру, күн жайлату, тасаттық беру, құрмалдық шалу, ақсарбас айту, қырық бір құмалақ, түс жору, қобыз ойнату, зікір салу, т.б. наным-сенім əрекеттері əлі күнге дейін ел арасында сақталып келеді. Аналық дəуірден бері келе жатқан наным-сенімнің бірі — Ұмай анаға табынушылық. «Қорқыт ата кітабы», «Оғызнама», «Өсиет кітабы», «Құтты білік» секілді көне түркі мұраларының қазақ халқының мəдени келбетін, ұлттық психологиясын қалыптастыруда елеулі орны болғандығын айту қажет. Бұл мұралардың басты мақсаты — қазақ халқының тəңірлік таным- нанымын, сенім-ұғымын дəріптеу болғандығын ескерген жөн.

Міне, осындай қарапайым да табиғи жағдайлар — қоғамдық-əлеуметтік, тарихи-этнографиялық, табиғат-климат факторлары бірігіп, тұтаса келе, мыңдаған жылдар аумағында қазақ халқының — қоғамдық психологиясын, ру-тайпалық жəне əлеуметтік психологиясын, тұрмыстық жəне кəсіптік психологиясын, отбасы мен жеке тұлға психологиясын, қалыптастырып, ұлттық мінез сомдады. Ұлттық психология топырағынан көктеп шыққан халықтық педагогика дəстүрлері қазақ халқының бұлжымас тəрбие жолына айналды. Демек, ұлттық психологияның терең тамырларын зерттеп білмейінше, халықтық педагогиканың қағидаларына терең бойлау мүмкін емес.

Əр халықтың өзін іздеуі мен тануы — оның өркениетті елдер арасында тең дəрежеде болуының кепілі. Осы орайда түркі əлеміне ортақ ежелгі əдеби мұралармен (VI–VIII ғғ — Орхон Енисей жазба ескерткіштері, Қорқыт ата, Əл-Фараби), түркі ғұламаларының (ХІ–ХІVғғ. — Жүсіп Баласағұни, Махмұт Қашқари, Ахмет Жүйнеки, Қожа Ахмет Иассауи т.б.), психологиялық идеяларымен, қазақ ақын-жырауларының (XV–XIX ғғ. — Асанқайғы, Қ.Жалайри, М.Дулати, Шалкиіз, Жиембет, Ақтамберді, Бұқар, Шал ақын, Дулат, Махамбет т.б.) этнопсихологиялық ой-пікірлермен танысуда біз бала санасының ұлттық рухта қалыптасып, оларда ұлттық мəдениет пен рухани құндылықтар туралы тұтас ұғым түзілуін басты мақсат еткенін аңғарамыз.

Ал ХІХ ғ. екінші жартысы мен ХХ ғ. бірінші жартысында өмір сүрген белгілі қазақ ағартушы- ғалымдары мен қоғам қайраткерлерінің, психолог жəне педагог-ғалымдарының (Шоқан Уəлиханов, Абай Құнанбаев, Ыбырай Алтынсарин, Шəкəрім Құдайбердиев, Ахмет Байтұрсынов, Халел Досмұхамедов, Міржақып Дулатов, Назипа Құлжанова, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев т.б.) еңбектеріне шолу жасау — олардың халықты ағарту мүдделерінде, ұлттық мектептің тұжырымдамасын жасауда жəне балаларды оқыту мен тəрбиелеудің мазмұнын анықтауда халықтық принципті ұстанғанын аңғарамыз. Олар тұлғаның қалануын оның ұлттық өзіндік санасының қалыптасуымен бірлікте іске асыруды көздеп, мұнда баланың жас ерекшеліктерін ескеруге жəне əдіс- тəсілдерге үлкен көңіл бөлген. Ағартушы-ғалымдар халықтың ұлттық өзіндік санасының оянуы —өзге халықтар арасында қорланбай тең дəрежеде өмір сүрудің бірден бір мүмкіндігі, ал оның жолы — өз халқының ана тілін, əдебиеті мен мəдениетін меңгеріп қана қоймай, əлемдік мəдениетпен танысып, өзін солармен салыстыру арқылы білімге, ғылымға, тіл үйренбекке ұмтылу деп білді. Осы тұрғыдан келгенде, əрбір ұлттың алға ұмтылуына, басқалар мен терезесін тең қылуға, дəрежесін қатар ұстауға ең бірінші ұлттық мінез қажет екен. Енді осы мінез-құлық жөнінде азырақ тоқталсақ.

Қожа Ахмет Яссауи «Диуани хикметінде» жалпы мұсылмандар үшін қажетті ислам дінінің парыздарына жан-жақты тоқталған. Осы діни тəрбиелік еңбегінде ол:

  1. тəубашылдық;
  2. ғибадатшылдық;
  3. махаббат;
  4. сабырлылық;
  5. шүкіршілік;
  6. ризашылдық;
  7. заһидшілдік (анықтық);
  8. ғаріптік (мүсəпір, бишара) [3] жүйесімен саралаған.

Бұлардың барлығы адам бойындағы жағымды мінез-құлықты айғақтайды. Əл-Фараби: «Жақсы мінез-құлықпен ақыл-күш болып біріккенде, бұлар адамның қасиеті болып табылады», — деп баға береді.

Мінез — адамның генетикалық ерекшеліктеріне байланысты, өмір жағдайларына сəйкес жəне солардың ықпалымен байқалып отыратын, оның тұрақты психикалық ерекшеліктерінің жиынтығы. Мінездің қоғамдық психологиялық табиғаты болады, яғни адамның дүниетанымына білімі мен өрісі, тəжірибесі бойынша сіңірген моральдік ұстанымдарына, басқа адамдар тарапынан басшылық жасалуына жəне олармен белсене араласуына байланысты.

Ақын Мағжан Жұмабаевтың «Педагогика» оқулығында мінез туралы былай дейді: «Бір адамның барлық ісін басқа адамдардың істерінен айыратын сипаттар мінез деп аталады. Сондықтан мінез ақылға, яки сезімге байлаулы нəрсе емес, қайратқа байлаулы һəм мінез қайрат күшті болса, сөзінен ісі айырылмайтын, екеуі екі бөлек жайылмайтын болса, ондай адамның мінезі қайратты, күшті, берік мінез деп аталады. Егер де сөз бен ой жəне ісі қабыспайтын болса, ауыз айтқанды қол істей алмаса, ондай адамның мінезі жұмсақ мінез деп аталады. Мінез адамның жаратылысына қарай тума болады һəм басқа сыртқы себептермен тұрмыс түрі, жаратылыс, жолдас, тəрбие сықылды жүре пайда болады. Тума мінез көбінесе тұқым қуалап келеді.

...Адамның өмірлік бет алысын білдіретін, оның бір сыдырғы тұрақты жəне жеке-дара тұрлаулы қасиет мінезінің екі сипаты бар: бірі — адамның ақиқат дүниеге қатынасы жəне оны жүзеге асырудың өзіндік амалдары. Екіншісі — өз əрекетін тəртіпке келтіре алатын өзіндік еріктері. Адам ғұмырының барлық жасындағы мінезіне тəрбиенің ықпалы зор» [1], — делінген.

Жақсы мінез — адамдық қасиетті айқындайтын басты көрсеткіш. Ұлттық психикалық құрылым үш бөліктен тұрады, деп айтады осы саланың мамандары. Ол — ұлттық сезім, салт-дəстүр жəне ұлттық мінез. Осы үш бірлестік — ұлттық мəдени ерекшеліктің шартты белгілері. Көркем мінез дегеніміз — қалыптасқан жеке тұлғаның бойынан кездесетін адами жағымды қасиеттердің жиынтығы. Адам баласы адамзаттық құндылықтарды игеру үшін мынадай көркем мінездерді жинақтаған болуы керек:

  1. аллаға илану;
  2. тəуекел қылу;
  3. уəдеде тұру;
  4. сабырлы болу;
  5. мəрт болу, таза болу;
  6. ұятты болу;
  7. шын сөзді болу.

Енді адамның болмысы, табиғаты жайлы бірер сөз. Адам — биоəлеуметтік тіршілік иесі, қажеттіліктің екі негізгі түрін бөліп көрсетеді: биологиялық (тамаққа, жылылыққа т.б.) жəне əлеуметтік (материалдық жəне рухани) [4].

Адамдар арасындағы айырмашылық биологиялық қажеттілік жинағында, олардың сандық жəне сапалық көрінісінде аз көрінеді. Белсенділік адамға табиғатынан берілген, ал оған объективтілік тəн. Адам белсенді болса, онда ол өмір сүруде дегенді білдіреді. Адам белсенділігінің бағыттылығы белгілі бір шынайылыққа (объектіге) бағытталған. Қажеттілік, адамның дəл сол мезетте өмір сүруі,дамуы үшін қажетті, мұқтаждық күйі. Осы «мұқтаждық күйі» үнемі белсенділіктің қайнар көзі, оның «ішкі қозғаушысы». Адамда қанша қажеттілік бар? Оның қоршаған əлеммен байланысты, өзара əрекеті қаншалықты, қажеттілік те соншалықты.

Адамның өмірінде құқықтық сананың алар орны ерекше. Құқықтық сананың дамуы — адамның барлық өмірін дерлік қамтитын ұзақ, күрделі жəне қарама-қайшылықты үрдіс.

Ұлттық психологияның мектептегі көріністеріне шолу.

Мектеп психологтары оқушылардың жас ерекшелігіне қарай түрлі міндеттер атқарады. Мектепке дейінгі жəне бастауыш мектеп жасындағылардың эмоцияларын тəрбиелеуге, тұлғалық қасиеттерін қалыптастыруға, ақыл-ой жұмысының негізгі тəсілдерін үйретуге қолдау көрсету. Жеткіншек жасындағыларға психологиялық қызмет негізінен екі міндетті жүзеге асырады:

1. Қарым-қатынаста қиындықтары бар балаларды анықтау.

2. Мұғалімдердің нұсқаулығын қабылдауда, мектеп өмір-тіршілігінде оқушылардың эмоционалдық реакцияларына зейін бөлуі.

Мектеп психологының басты міндеті ретінде оқушылардың мамандықты таңдауларына байланысты көмек көрсету де бар. Бірақ бұл міндеттерді атқаруда ХХ ғасыр ортасына қарай еуропалық елдердегі мектептегі психологиялық қызмет жеткілікті дəрежеде дамымаған еді. Шынайы практикада мектеп психологы мұғалімге күнделікті көмек, педагогтың жұмысын түзетуші жəне бағыттаушы болып кеңесшінің рөлін орындады.

1950–60 жж. мектеп психологының қажеттілігі арта бастады, əсіресе ақыл-ойы тежелген жəне де басқа ауытқушылықтары бар балалар санының өсуіне байланысты. Бұл көптеген елдерде мектептегі психологиялық қызметтің дамуына демеуші болды. Білім беру жүйесінде практикалық психологтар қауымдастығының құрылуы, олардың кəсіби кездесулері жəне пікір-сайыстары мектеп психологиясын дамытуда маңызды рөл атқарды. ХХ ғасырдың 60-жж. АҚШ-та бірінші мектеп психологтарының кəсіби ұйымы құрылған. 80-жж. АҚШ-та мектеп психологтарының Ұлттық ассоциациясы ұйымдастырылған (NASP). Англияда мектептегі психологиялық қызметті дамытуға 1973 ж. Уэльсте өткен конференцияның маңызы зор болды. Онда мектептегі психологиялық қызметтің рөлі, мақсаттары, əдептік жəне құқықтық іс-əрекеттердің негізі т.б. мəселелер талқыланған [5].

Адамзат қоғамында жалпы адам өмірінде əлеуметтік жағдайлар зор рөл атқарады. Өмір сүру барысында күнделікті тіршілік заңында осы əлеуметтік жайлардың жақсы болуы, дұрыс жүруі — əрбір жанның жүріс-тұрысына, көңіл-күйіне, жан дүниесіне көп əсер етеді. Адамның көңіл-күйі сынаптай сырғиды, теңіздей толқиды. Адам жаны өте нəзік клеткалардан құралған. Қатты сөздің, қорқынышты ойдың өзі оны үзіп жіберуі мүмкін.

Əр адамның саналы ғұмыры — оның жан дүниесіне, көтеріңкі көңіл-күйіне байланысты. Жақсы өмір, ғажайып ғұмыр кешу үшін үнемі көңілді, сергек, салауатты жүру қажет. Бірақ бүгінгі алмағайып та қиын заманда олай болуы мүмкін емес. Айналаның бəрі кредит, бір-біріне қарыз, жұмыссыздық, қаражат тапшылығы, экологиялық апаттар, басқа да түрлі келеңсіз жайттар — адам ғұмырын қысқартып, кейде жойып та жатыр. Бүгінгі технология дамыған заманда адамның миы өз мəнінде жұмыс істемей, тек дайын нəрсеге үйреніп, дағдыланып жатыр. Көркем кітаптар оқылмайды, жақсы сөздер тыңдалмайды. Бұл — замана дерті. Қазіргі ұрпақ еңбек дегеннің не екенін ұмытып барады. Бұрынғы еңбекқор, еңбекшіл деген ұғымдар естілмейді. Осы тұрғыдан келгенде біздің қоғамға психологтар, осы саланың мамандары аса қажет.

Адамдарға бақыт сыйлау — дүниедегі ең басты, ең қастерлі қасиеттің бірі.

 

Əдебиеттер тізімі

  1. Жұмабаев М. Педагогика / М. Жұмабаев. — Алматы: Рауан, 1995. — 112 б.
  2. Тілеужанов М. Халық тағылымы / М. Тілеужанов. — Алматы: Рауан, 1996. — 299 б.
  3. Қожа Ахмет Иассауи / бас ред. Е .М . Арын. — Павлодар: Кереку- Баян, 2003. — 204 б.
  4. Əлеуметтік философия: хрест. — Алматы: Ақыл кітабы, 1997. — 226 б.
  5. Педагогика жəне психология сөздігі. — Алматы: Мектеп, 2002. — 251 б.
Жыл: 2019
Категория: Филология