Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасында:қазіргі білім беру жүйесіндегі негізгі мәселе білім мазмұнына жаңалық негіздің тиімді де жаңа әдістерін іздестіру мен оларды жүзеге асыра алатын болашақ мамандарды даярлау деп айтылған. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңында «Білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және жалпы азаматтық құндылықтардың, ғылым мен практика жетістіктерінің негізінде жеке адамды қалыптастыру және дамыту, оның кәсіби шеберлігін шыңдауға бағытталған білім алуға қажетті жағдайлар жасау» деп көрсетілген. Қазіргі заманда ғылым мен техника жедел дамыған, ақпараттық мағлұматтар ағымы күшейген кезеңде қазіргі замандағы өмірге бейімделген, бәсекелестікке қабілетті, шығармашылықпен ойлайтын азаматты қалыптастыру қажет.
Тарих ғылым және пән ретінде аса маңызды білім саласына жатады. Ол адамзат тарихын, жинаған тәжірибесін баяндайды, тарихи оқиғаларды, құбылыстарды талдай отырып, олардың біртұтас тарихи қозғалысқа жататынын түсіндіруге көмектеседі және де өз халқы мен өзге халықтардың тарихы мен мәдениетін құрметтей білу сезімін қалыптастырып, мәдени мұраны сақтауға және байытуға үлес қосуға тәрбиелейді, сонымен қатар дүниеге деген көзқарас қалыптастырып, адамзат жинаған әлеуметтік, рухани, адамгершілік тәжірибесін меңгереді.
Қазіргі таңда сабақта жаңа технологияларды тиімді пайдалану оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттырып, шығармашылық қабілеттілігін арттыратыны сөзсіз.
Оқу – тәрбие үрдісінде жаңа технологияларды енгізу мынадай кезеңдер енеді:
- жаңа идеяны енгізу,ақпаратты іздеу;
- жаңалықтарды ұйымдастыру, оқутәрбие үрдісінде жаналық енгізулерді алғашқы байқаудан өткізу;
- жаңалықтарды енгізу, оқу тәрбие үрдісінде инновациялық әдіс-тәсілдерді қолдану;
- жаңалықтарды бекіту, оқу-тәрбие үрдісінде енгізілген жаңалықтардың нәтижесін бағалау.
Осы жаңа технологиялардың педагогикалық негізі қағидаларды:
- оқушыға ізгілік тұрғысынан қарау;
- оқушының танымдық күшін қалыптастыру және дамыту;
- оқу мен тәрбие бірлігі;
- оқушыны өз бетімен әрекет жасауын меңгерту;
- оқушының танымдық және шығармашылық икемділігін дамыту;
- барлық оқушылардың дамуы үшін жүйелі жұмыс істеу.
Оқушыларда тарихи жаңа білім біліктілік, дағдыларды қалыптастыру үшін кіріспе лекциялар, оқу семинарлары, қайталау сабақтары, оқулықпен жұмыс, өзіндік жұмыстар арқылы оқу құралдары, электрондық оқулықтарын, көрнекіліктерді, техникалық жабдықтарды пайдалана отырып, тәжірибелік, зерттеу әдістері арқылы жүзеге асады.
Қазіргі нарықтық экономикада қазіргі жастардың бәсекелестік қабілеттерін қалыптастыру үшін, бүгінде «Пікірсайыс» бағдарламасы оқытудың басқа түрлерімен қатар қанат жайды. Пікірсайыс арқылы оқушылардың білім деңгейін жоғарлату, сөз байлығын молайту, сауатты сөйлеу, шыншылдықпен қарау және сын көзбен қарау т.б. мақсаттарға жетуге болады. Пікір сайыста оқушының тәртібіне, ынтасына, оқу іс – әрекетіне игі әсер береді.
«Пікірсайыс» технологиясы арқылы мынадай жетістіктерге жетуге болады:
- шешендік дағдыны қалыптастырады;
- қоршаған ортаға сын көзбен қарауға үйретеді;
- бір уақытта жазу және ойлау, айту қабілетін жетілдіреді;
- пікір сыйлау, сыйластық, достық, жылылық танытып, пікір таластыруға үйретеді;
- нақты, әсерлі сөйлесуге баулиды.
Пікірсайыс технологиясын оқу үрдісінде қолданудың пайдасы зор, өйткені «пікірсайыс» философиялық, психологиялық, саяси, лингвистикалық ғылым; «пікірсайыс» пікірталас, шешендік өнер. Тарих сабағының педагогикалық түрлеріне жататын, жиі қолданатын бұл мәселелік оқыту, жобалау, сын тұрғысынан ойлауды дамыту т.б. әдістер жатады. Жоба әдісіне ізденіс, мәселелік әдістер, зерттеу және шығармашылық жұмыстарды жатқызамыз. Жобалау әдісінде оқушылардың үнемі жеке іс-әрекетіне бағытталып – жеке дара, жұптық және топтық болып іс-әрекет етеді. Жобалау әдісінің негізіне – мәселенің нәтижесіне болжау бағыттылығы жатады. Нәтижеге теориялық және тәжірибелік шешім арқылы қалыптасады және сол нәтижеге жету үшін оқушылар жеке ойланып, берілген мәселенің шешімін табуға үйренеді.
Жобалау әдісінің негізгі талаптарына мыналарды жатқызамыз, олар біріншіден, мәселе мәнді болуы тиіс, оны шешу үшін зерттеу ізденісі жөнінде оқушылардың біліктілігі; екіншіден, ұсынылған нәтиженің тәжірибелі, теориялық және танымдылық маңыздылығы болып табылады. Мынадай зерттеу әдістерін пайдалануға болады, мысалы «ми шабуылы», «дөңгелек стол» арқылы мәселені, зерттеу міндетін анықтау; шешу жолдарын болжау; зерттеу әдістерін (статистик, бақылау, эксперимент т.б.) талқылау; презентация, қорғау, шығармашылық есептер, көріністер арқылы нәтижелерін рәсімдеу әдістерін талқылау; алған мәліметтерді талдау және жүйелеу, жинау; қорытындылау және зерттеудің жаңа мәселелерін шығару болып табылады.
Жобалау әдісінің тақырыптары оқытылатын пән бойынша немесе сабақтан тыс іс-шараларға байланысты беріліп, оқу бағдарламасы бойынша оқушылардың білімділігін тереңдетеді және де пәнге деген қызығушылығын аттыратыны сөзсіз.
Тарих сабағында ақпараттық – коммуникациялық интерактивтік технологияларды қолдану – жеке тұлғаның ақпараттық – коммуникативтік құзырлығын қалыптастырудың негізі болып табылады, сонымен қатар, ақпараттық технология – қазіргі компьютерлік техника негіздерінде ақпараттарды жинау сақтау өндеу және тасымалдайтын математикалық және кибернетикалық тәсілдер мен техникалық құралдар жиынтығы.
Ақпараттық – коммуникативтік технологияның оқу үрдісіндегі функцияларына оқыту, тәрбиелеу, дамыту, ақпараттық болжамдау және шығармашылық қабілеттерді дамыту болып табылады. Оқытудың ақпараттық – коммуникативтік және интерактивтік технологияларының бағыттарын 4 бөлікке бөлуге болады: а) электрондық оқулықтар; ә) телекоммуникациялық технологиялар; б) мультимедиялық және гипермәтіндік технологиялар; в) қашықтан оқыту (басқару) Интернет.
Сабақта ақпараттық технологияны пайдалану сабақтың тиімділігі мен сапасын арттырып, білім берудің табысты болуын ықпал етеді. Ақпараттық – коммуникативтік технологияны барлық деңгейде жүйелі пайдалану арқылы оқушы сабақтарда алған білімге талдау жасай білегі. Ақпаратты дұрыс таңдау жауапкершілігін қалыптастырып және өз бетінше жұмыс істеуге дағдыландырады. Оқушының компьютерде жұмысты салауатты орындауы ақпарат көздерін ала білуі жеке тұлғаның қалыптасуына әсер етеді. Ақпараттық – коммуникативтік технологияларды пайдаланып өткізілетін сабақтарды жоспарлаудың талаптары: ақпараттық – коммуникативтік технологиялармен жұмыс істей білуге үйрету, тарих пәніне деген қызығушылығын туғызу, өз бетінше орындалатын жұмыстарға жауапкершілікпен қарауға, шығармашылықпен жұмыс істеуге, үйрету. Өзіндік пікір, тұжырым келтіру, салыстырмалы жұмыс істеу, тұжырымын дәлелдей және қорғай білуге дағдыландыру болып табылады.
Ақпараттық технологияларды пайдаланып оқытудың артықшылықтары:
- оқу үрдісіндегі тақырып шеңберіндегі мәліметтер көлемі кеңейеді;
- білімге қашықтықта орналасқан әр түрлі оқу орындарында отырып қол жеткізуге болатындығы;
- оқу жүйесіндегі көп деңгейді жетілдіруі олардың оқу сапасын арттыратындығы;
- білім алушының өз бетінше және топпен жұмыс істеуіне мүмкіндік алатындығында;
- білім алушының танымдық іс-әрекетінің күшеюі, өздік жұмыстарды тез орындау мүмкіндіктерінің артуы болып табылады.
Жалпы оқу процесінде компьютерлік технологияны қолдану оқушы шығармашылығын арттыра отырып, ақпарат көздерін ала білуі дара тұлғаның қалыптасуына зор үлес қосады. Компьютер оқушы үшін қоғамды, қоршаған ортаны танудың табиғи құралы болып табылады.
Сонымен қатар оқыту құралдарының бір түріне электрондық оқулықты жатқызамыз. Білім беруде электрондық оқулықты пайдалана отырып, үлкен жетістікке жетуге болады. Электрондық оқулықты пайдалана отырып екі жақты білім алады: пәндік және компьютерлік білім. Осылайша оқушы өз бетінше шығармашылық жұмыс жасап, теориялық білімін практикамен ұштастырады. Сонымен қоса қосымша мәліметтер алып,алған мәліметтерін есіне жақсы сақтайды (компьютерден көргендіктен), өз бетімен жұмыс жасауға ынтасы артады.
Электрондық оқытудың нәтижесі: алған білімін өзі тексереді; түрлі ақпараттық анықтамалар; сараманды тапсырмалар орындайды; көрнекілік, сурет, сызбалар, компьютермен іске асырылады; тест тапсырмаларын орындайды; ойлау қабілетін дамытады; пәнге деген қызығушылығы артады; оқу бағдарламасы тез меңгеріледі.
Сонымен қатар тарих пәнінде оқушылардың танымдық қызығушылығын, белсенділігін арттыру мақсатында ойын сабақтар, сын тұрғысынан дамыту, ұжымдық оқыту, тірек сызбалар, хронологиялық таблицалар құрастыру, тірек конспектілер тәсілдері, Венн диаграммасы арқылы жұмыс істеу әдістерін қолдану арқылы оқушылар тарихи оқиғалар мен құбылыстарды өз бетінше талдап, салыстырып, қорытынды жасап баға береді.
«Сыни тұрғысынан ойлау» жобасын пайдалану жаңа оқу мағлұматтарындағы негізгі тарихи оқиғалар мен құбылыстарды оқушылар өздері байқап, талдау жасауына мүмкіндік алады. Яғни оқушыға білім дайын күйінде берілмей, оқушылар әртүрлі тапсырмалар арқылы қол жеткізе алады.
Сыни тұрғысынан ойлау арқылы оқушылар мынадай мүмкіндік алады:
- оқытушыдан тәуелсіз өзінің білім беру қызметін өздері басқаруға;
- білім алуда қажетті іс-әрекетті белсене және өз бетінше орындауға;
- жеке ерекшеліктері мен қабілеттеріне сәйкес тапсырмаларды өзі таңдап, іздестіріп, белсене орындауға;
- тек мағлұмат алумен шектелмей, сабақ барысында өз пікірін ашық айтып, сұхбат жүргізуге;
- ой-өрісімен қатар рухани және әлеуметтік жағынан өздерін – өздері дамытып, тәрбиелеуге.
Сын тұрғысынан ойдау бағдарламасының әдістері арқылы оқушылардың ой пікірлері, дүниетанымы, көзқарасы қалыптасады.
Ж. Қараевтың технологиясына келсек, оқушыны мәжбүрлеп оқыту емес, оқушы өз бетінше ақпаратты іздеп, жеке өзі шешім қабылдауға дағдыланады. Тақырып бойынша деңгейлік тапсырмалар беріліп, оқушының өзіндік даму динамикасы, пәнге деген ынтасы, ойы, еске сақтау қабілеті, оқу сапасы арта түседі. Деңгейлік оқытудың ерекшелігі оқушылар бірнеше деңгейде жұмыс істей алады.
Бірінші деңгейде тапсырмалар сабақта алған білімге, оқулықтағы мәселерге байланысты құрылады, сондықтан бұл сұрақтар көп ойлануды қажет етпейді, оқушылар тез арада орындай алады. Екінші деңгей жаңа қабылданған білімді пайдалана отырып, өз бетімен жұмыс жасау. Бұл оқушының ойлау, таным дағдыларын қалыптастырады. Үшінші деңгей оқушы талдау, жинақтау, салыстыру жұмыстарын атқарады. Яғни бұл деңгейде қосымша әдебиеттерді пайдалана отырып, дұрыс жауап табуға дағдыланады. Төртінші деңгейде оқушы шығармашылығымен байланысты, жаңа тақырыпты оқушылар шығармашылық ізденіс үстінде түрлі тапсырмалар орындайды.
Деңгейлік тапсырмалар бере отырып, оқушылардың ақыл-ойы дамыды, өзіндік дүниетанымы қалыптасады, сабаққа деген ынтасы артады.
Қазіргі оқыту үрдісінде оқушыны пәнге қызықтыру қатар, саналы ойлауға тәрбиелейтін, қоғамда өз көзқарасын қалыптастыра алатын, өзінің жеке пікірі бар, еркін сөйлеп, пікірін ашық айта алатын саналы ұрпақ тәрбиелеуде сабақтың маңызы зор. Әрбір ұстаз өз сабақтарын тартымды өткізіп, түрлендіріп отырып, жаңа технологияларды өз ыңғайына, пәніне лайықтап қолданып отырса,сонда ғана ұстаз өз мақсаттарына жете алады. Мұғалімнің шебер сабақ беруі ізденіс нәтижесі болып табылады.
Қорыта келгенде оқу сапасын арттыру үшін, оқу үрдісінде жаңа технологияларды пайдалану қажет. Сабақ беру барысында тек білім беру, дамытушылық мақсат қана емес, тәрбиеге зор мән беру керек, өйткені тәрбиесіз берген білімнің зияны туралы ұлы ғұламалар айтып кеткені баршамызға белгілі. Оқушының санасына, сезіміне әсер етпей, оған терең білім мүмкін емес, сондықтан да ұлттық тарихымызды оқыта отырып, рухы таза, өз халқының тарихын қастерлей білетін тұлғаны тәрбиелеу және білім беру қажет деп түсінемін.
Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Біздің міндетіміз бәсекелестікке лайық ұрпақ тәрбиелеу», деген ойын басшылыққа ала отырып, ұстаздар міндеті қазіргі заманға сай бәсекелестікке қабілетті, білімді, құзіретті тұлғаны тәрбиелеу керек.
ӘДЕБИЕТТЕР
- Қазақстан Республикасының 2015 ж. дейінгі білім беруді дамыту Тұжырымдамасы. Егемен Қазақстан, 23 желтоқсан, 2003 ж.
- Мұхамеджанова С.Т., Жартынова Ж.Ә. Интерактивті жабдықтармен жұмыс жасаудың әдіс-тәсілдері. Алматы, 2008.
- Бөрібаев Б, Балапанов Е. Жаңа ақпараттық технологиялар. Алматы, 2003.
- Ахметова С.Р. Пікірсайыс технологиясын педогогикалық үрдісте пайдалану. Семей, 2005.