Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін біз сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керек»деп айтқандай, шынымен қазір білімді де білікті, жан жақты жетілген жеке тұлғаны тәрбиелеу мемлекеттік маңызды іс болып табылады. Қазіргі жаңару кезеңінде біздің қоғамымыздың ілгерілеу процесінде адам факторы және оны жан-жақты жандандыру, ел өмірінің барлық жақтарын жаңарту бала тәрбиесінің мәнімен оның проблемаларын күрделендіріп отыр. Осыған байланысты білім берудің тиімділігі мен сапасын арттырудың негізгі бағыты барлық тәрбиелік істе әрбір баланы жеке тұлға деп танып біліп, жан жақты қалыптастыру.
Жеке тұлғаның қалыптасуы үздіксіз күрделі процесс. Әрбір балаға жеке тұлға ретінде қарап, оның өзіне тән санасы, еркі, өзіндік әрекет жасай алатын қабілеті бар екенін ескеріп, балалар мен жастардың білімге, ғылымға ықыласын арттыру, олардың ақыл ой қабілетін, жеке бас қасиеттерін дамытып, оны қоғам талабына сай іске асыруға көмектесу қажет.
Білім берудің қазіргі негізгі мақсаты білім алып, білік пен дағды – машыққа қол жеткізу ғана емес, солардың негізінде дербес, әлеуметтік және кәсіби біліктілікке ақпаратты өзі іздеп табу, талдау және ұтымды пайдалану, жылдам өзгеріп жатқан бүгінгі дүниеде лайықты өмір сүру және жұмыс істеу болып табылады.
Қазіргі заманғы сабаққа қойылатын негізгі талап – оқытылатын материалдың мазмұны өмірмен байланысты болуы, ғылыми шындықты көрсетуі және сол ғылымның қазіргі заманғы даму дәрежесіне, ал оқыту әдістері – дидактиканың ең жаңа жетістіктері дәрежесіне сәйкес болуы.
Қазақстан Республикасы 2010 жылға дейінгі білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасында «Орта білім берудің мақсаты – қарқынды өзгертіп отырған дүние жағдайында игерілген терең білімнің, кәсіби дағдылардың негізінде еркін бағдарлама алуға, өзінің іс әрекеттерін жұмылдыруға, өзін өзі дамытуға және өз бетінше дұрыс, адамгершілік тұрғысынан жауапты шешім қабылдауға қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыру» екендігі атап көрсетілген. Бұдан оқытудың мазмұны мен құралдарына, әдіс – тәсілдеріне ұйымдастыру формасына өзгерістер енгізу қажеттілігі туындайды. Ол үшін тиянақты, әрекетті және берік білім алуға мүмкіндік беретін тиімді оқыту құралдарының мазмұны қайта ой елегінен өткізілуі тиіс. Себебі, олар қоғамдағы ақпараттар ағымының жедел қарқынмен артуы жағдайында оқушының аз уақыт ішінде берік, әрі әрекетті сапалы біліммен қарулануына мүмкіндік береді.
Білім берудің қазіргі жаңа құрылымымен оқу әдістемелік мазмұнының өзгеруі мұғалімнің өз кәсіби шеберліктерін шыңдауды, жаңартуды талап етеді. Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Қазіргі заманда жастарға ақпаратты техникамен байланысты әлемдік стандартқа сай мүдделі жаңа білім беру өте қажет» деп атап көрсеткеніндей инновациялық әдіс-тәсілдерді кеңінен қолдану жаңаша білім берудің бір шарты. Тұлғаға бағытталған оқыту – бұл педагогикалық қызметтегі методологиялық бағдар, ол өзара байланысты түсініктер, идеялар мен тәсілдер арқылы өзіндік тануын, өзін-өзі қалыптасуын және бала тұлғасының қабілеттерінің жүзеге асуын,оның қайталанбас даралығының дамуын қамтамасыз етеді және қолдайды.
Болашақтың бүгінгіден де нұрлы болуына ықпал етіп адамзат қоғамын алға апаратын күш тек білімде ғана. Қай елдің болмасын өсіп өркендеуі, өркениетті дүниеде өзіндік орын алуы оның ұлттық білім жүйесінің деңгейіне, дамыту бағытына байланысты. Біздің елімізде білім берудің жаңа жүйесі жасалып, әлемдік білім беру кеңістігіне енуге бағыт алуда. Бұл педагогика теориясы мен оқу тәрбие үрдісіндегі елеулі өзгерістерге байланысты болып отыр: білім беру парадигмасы өзгерді, білім берудің мазмұны жаңарып, жаңа көзқарас, басқаша қарым қатынас пайда болуда.
Қоғамымызда болып жатқан әлеуметтік – экономикалық және саяси өзгерістер білім беру саласын жетілдіруді талап етеді. Сондықтан қайта құрудың негізгі бастамасы мамандарды даярлаудан басталады.
Қазақстан Республикасы Конституциясы, «Білім беру туралы», «Жоғары білім туралы» заңдары болашақ мамандарды және оларды қазіргі заман талабына жауап бере алатындай етіп даярлауға аса ерекше көңіл бөлген. «Білім берудің гуманитарлық сипаты, онда адам тек жай зерттеу объектісі ретінде ғана емес, ең алдымен шығармашылық пен таным субъектісі құдіретті мәдениет үлгілерін дүниеге әкелген, әрі өзінің шығармашылыққа деген құлшынысымен оқушыларды баурап әкететін субъектісі ретінде көрінуімен бедерленеді» делінген Қазақстан Республикасы білім беру тұжырымдамасында.
Міне, мұндай мақсатқа жету – білім мазмұнын жаңартумен қатар, оқытудың әдіс – тәсілдері мен әр алуан құралдарын қолданудың тиімділігін арттыру міндетін жүзеге асыруды мақсат етеді.
Оқушыларға жүйелі білім беру және алған білімі негізінде іскерлігі мен дағдысын қалыптастыру сияқты оқу процессінің негізгі мәселелері сабақ беру арқылы жүзеге асады. Сондықтан да сабақ беру әдістеріне әрқашан да ерекше көңіл бөліп, оны жетілдіру өзекті мәселе. Сабақтың тиімді өтуі мұғалімнің шеберлігіне тікелей байланысты. Қазіргі заманғы сабаққа қойылатын негізгі талап – оқытылатын материалдың мазмұны өмірмен байланысты болуы, ғылыми шындықты көрсетуі және сол ғылымның қазіргі заманғы даму дәрежесіне, ал оқыту әдістері – дидактиканың ең жаңа жетістіктері дәрежесіне сәйкес болуы.
Бұрынғы әдетке айналған оқу үрдісінде мұғалімге басымдылық роль берілсе, ал қазіргі жаңа педагогикалық технологияларда оқушы белсенділік көрсетуі тиіс, оқушыны оқытпайды, ол өздігінен оқып білім алады. Сол арқылы оқушы өз қажеттігін біліп, өз жолын таңдап, жетістікке жетуге мүмкіндігі туындайды. Мұғалім өз кезегінде әрбір оқушыны жеке қызығуын және қабілеттерін ашуға көмектеседі.
Білім берудің қалыптасқан негізгі үш мақсаты бар екенін бәріміз білеміз. Олар, білімділік, дамытушылық және тәрбиелік. Мұғалім осы мақсаттарды әр сабақта белгілеп соларды жетілдіруге тырысады.
Жүсіпбек Аймаутов білім берудің мақсатын айқындауда былай деген екен: «мектеп бітіріп шыққан соң бала бүкіл әлемге, өзгенің және өзінің өміріне білім жүзімен ашылған саналы ақыл көзімен қарай білсе, міне, білім дендірудің көздейтін түпкі мақсаты – осы. Мектеп осы бағытта баланың келешекте жетілуіне мықты негіз салуы керек».
Білім беру – қоғамдық процесс, ол арқылы алдыңғы ұрпақтың әлеуметтік маңызды тәжірибесі кейінгі ұрпаққа беріледі.
Оқушыларға жүйелі білім беру және алған білімі негізінде іскерлігі мен дағдысын қалыптастыру сияқты оқу процессінің негізгі мәселелері сабақ беру арқылы жүзеге асатындығы баршамызға мәлім. Сабақ – оқытудағы ең негізгі үрдіс. Оқушы санасына тақырыпты терең сіңіру оны есте қалдыру, әрине әрбір пән мұғалімінің өзіндік шеберлігі, шығармашылық еңбегі мен талабын қажет етеді. Сабақты өткізуде жаңа технологиялардың тиімді әдістерін қолдану сабақ барысының сапалы болуына ықпал етеді. Оқушылар белгілі бір іскерлік және дағдыларды меңгеру үстінде төтесінен жұмыс жасайды.
Жалпы технология дегеніміздің өзі не деген сұраққа жауап іздесек. Технология бұл қандай да болсын істегі, шеберліктегі, өнердегі амалдардың жиынтығы. Ал педагогикалық технология оқу-тәрбие үдерісінің шығармашылықпен терең ойластырылған көптеген факторлардың үйлесімділігі, оқыту мен тәрбиенің тиімділігін қамтамасыз ететін жанды құрамдас бөлігі. Яғни осындай анықтамаларды біз педагогикалық сөздіктерде кездестіреміз.
«Жүз рет естігеннен, бір рет көрген артық» дегендей оқу процессінде жаңа педагогикалық технологияларды тиімді қолдана білсек біз көптеген жетістіктерге қол жеткіземіз. Тиімділігі неде десек, ол: 1. Оқушының пәнге деген жеке қызығушылығын оятады; Танымдық қабілеттілігін қалыптастырады; Әлеуметтік мәдени тәрбие қалыптастырады; Оқушыны шығармашылық жұмысқа баулиды; Оқытушының уақытын үнемдейді. Қосымша мәліметтер береді.
Ұстаздар қауымы қандай болмасын жаңалыққа құштар екеніміз айқын. Мен де жас маман ретінде әрқашан жаңашыл идеяларға жақынмын. Жалпы қазіргі кездегі білім беру үрдісіндегі көптеген жаңа технологияларды тиімді қолданып келемін деп айта аламын. Атап айтсам, модульдік технология, проблемалық оқыту, дамыта оқыту, сын тұрғысынан ойлау технологиясының стратегиялары.
Жаңа педагогикалық технологиялардың тиімділігі ол бұрын оқу үрдісінде мұғалімге басымдылық роль берілсе, ал қазір оқушы белсенділік көрсетеді. Яғни сабақ барысында оқытушы 30 пайыз жұмыс атқарса, оқушы 70 пайызын атқарады деуге болады. Оның артықшылығы оқушы өзі ізденеді. Оқытушы жай ғана бағыт бағдар беруші рөлін атқарады.
Біз қазір орта кәсіптік және жоғары оқу орындарында бәсекеге қабілетті, жаңашыл, кәсіби мамандар даярлап шығаруымыз керек. Яғни аталмыш технологиялар тұлғаны қоғамда қалыптасуына көмектеседі, өз ойын ашық, еркін айтуға, пікір алмасуға дағдыланады.
Гуманитарлық пәндердің, соның ішінде тарих сабағының тиімділігін арттыру мақсатында қолданылатын әдістердің арасында проблемалық оқыту әдісінің алатын орны ерекше деп өз басым ұлы педагогтардың пікірімен толықтай келісемін. Өйткені тарих пәнінде проблемалық оқыту және оны шешу жолдарын іздестіру – оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттырып, таным белсенділігінің қалыптасуына жәрдемдеседі. Аз да болса өздері шешкен сұрақтары оқушылардың ой өрісінің дамуына ықпал етеді.
Проблемалық оқыту мәні проблемалық ситуация туғызу мен оқушылардың оқу проблемасын дербес шешулері бойынша іс-әрекеттерін басқару болып табылатын оқыту түрі. Проблема деп шешілуі оқушылардан білім алу үшін белгілі әрекеттерді талап егетін есептердің, тапсырмаларын, теориялық немесе тәжірибелік мәселелердің әртүрлілігі деп педагогикалық сөздіктерде анықтама берілген.
Әдетте дәстүрлі сабақ педагогикалық тәжірибеде аралас сабақ кең орын алған. Аралас сабақ негізінен төрт кезеңнен тұрады: сұрақ – жауап арқылы оқушылардың өткен материалдарды игеру деңгейін тексеру, жаңа материалдарды түсіндіру, хабарланған білімді бекіту, үйге орындауға тапсырма беру. Сабақты осылайша бір үлгіде жүргізілуі көп жағдайда оқытудың маңызын түсіріп, оқушылардың белсенділігін төмендетеді.
Дәстүрлі сабақтарға кеңінен қолданылып жүрген оқыту әдісіне түсіндіру – көрсету арқылы мәлімет беру жатады. Бұл әдісті қолдану кезінде:
- оқытушы қажетті білімді дайын түрде береді де, оқушылардың іс – әрекетін белгілі бір шеңберде тежей отырып, оларды берілген материалды және оған байланысты іскерлікті жаңғыртуға жетелейді;
- оқушылар оқу материалын жадына сақтап, ойлау арқылы ғана меңгереді де, бағдарлама материалдарын игеруде белсенділік көрсетпейді, оқу кезінде шешу жолы қарастырылған мәселелерді шешуге ғана үйренеді де, келешекте мәселені өз бетімен шешуге қабілеті нашар болады.
Проблемалық оқыту технологиясын қолданғанда сабақты 6 кезеңге бөледі. Олар:
- Өткен материалдарды пысықтау. Бұл кезеңде алға қойылатын мақсат – меңгерілген білімді реттей отырып, оны қолдана білуге үйрету және де сабаққа қажетті білімді жинақтап дайындау. Алға қойған мақсаттарға жету үшін барлық оқушыларға қысқа ғана жұмыс жаздырып немесе 2-3 оқушымен пікірлесіп білімін ауызша да тексеруге болады;
- Пысықтауды қорытындылау. Өтілген материалдың қажеттілері жинақтап, оларды байланыстыра отырып келесі тақырыпқа көшу мақсатын көздейміз және оқушылардың жеке жұмыстарына қысқаша шолу жасауға тырысамыз;
- Проблемалы жағдай туғызып оның негізгі мәселелерін ашып көрсету. Негізгі мақсат – оқушыларды ойлауға, талдауға, ізденіске ынталандыру;
- Проблеманы шешу жолдарын қарастырып, болжам жасау;
- Болжамды дәлелдеу;
- Проблема шешімінің дұрыстығын тексеру.
Проблемалық оқыту сабағының құрылымының тиімділігі:
- оқушылар түгелдей өз білімін көрсетеді;
- оқушылар өз жұмысының нәтижесін көре отырып, келесі тақырыпқа ынталы болады;
- сабаққа деген ынта артылып, ойлау қабілеттері дамиды;
- мәселеге сын көзбен қарауға, талдау жасай білуге дағдыланады;
- оқушылардың өз біліміне, іскерлігіне деген сенімін нығайтады.
Проблемалық оқытудың әдеттегі негізгі айырмашылығы оқушының дайын мәліметтерді қолданудан сол мәселелерді қажет ететін, ізденуші адамға айналуында.
Оқушы проблемалық мәселені қою арқылы оқушыларды проблемалық жағдайға алып келеді. Бұл жерде бұрынғы меңгерілген білім мен жаңадан пайда болған мәселе арасында қарама – қайшылық пайда болады да, оқушы оқытушының көмегімен осы мәселеге байланысты пайда болатын құбылыс немесе процеске талдау жасау арқылы оны түсінуге, игеруге тырысады. Бір сөзбен айтқанда, ойлау қабілетінің белсенділігі артады. Сондықтан да проблемалы оқытудың дүниетанымдық маңызы зор, өйткені ол құбылыстар мен процестердің бір – бірімен байланысын көре білуге үйретеді, жеке тұлғада диалектикалық ойлау қабілетінің қалыптасуына әсер етеді.
Проблемалы оқытудың теориялық мәселелерін М.И. Махмудов, Т.В. Кудрявцев, А.М. Матюшкин, И.Я. Лернер, Д.В. Вильнеев және тағы да басқалар кең зерттеген.
Проблемалық оқыту әдісі күрделілігімен өздігінше орындайтын тапсырмалардың көлеміне қарай үш топқа бөлінеді. Олар: проблемалық баяндау, ішінара – іздену, зерттеу. Бұл әдіспен оқытудың алғашқысы – проблемалық баяндау болып табылады. Оны жүзеге асыру үшін алғашқы кезде мұғалімнің сабақты түсіндіруі проблемалық жағдай туындайтындай болуы қажет. Жалпы проблемалық баяндау кезінде оқушылар тыңдаушы ретінде байқалғанмен, олардың белсенділігі мен ғылыми дәлелденетін ізденістерге ұмтылуы байқалады. Сондай – ақ тарих сабағын оқыту кезінде ішінара – іздену әдісін қолданудың орны ерекше. Себебі бұл әдіспен сабақ өткізу кезінде оқушылардың өздігінен жұмыс қабілеттері арта түседі.
Проблемалық баяндау және ішінара – іздену сатыларын өткеннен кейін ғана тарих сабағында зерттеу әдісі қолданылады. Зерттеу әдісі барысында шәкірттердің ізденісі мен өздігінен жұмыс атқару қабілеттері анағұрлым жоғары сатыға көтеріледі.
Тарих пәнін проблемалық оқыту әдісі оқушылардың өздігінен жұмыс атқаруына өте зор ықпал етеді деген тұжырымға келеміз.
Білім берудің қалыптасқан әдістемесіне оқытудың жаңа технологиясы тұрғысынан өзгерістер енгізілсе, білім сапасы арта түспек деп ойлаймын.
Жаңа педагогикалық технологияның әдістерін тиімді пайдалану арқылы «Білімді адам» парадигмасын, «өзін өзі дамытатын және әрекетшіл адам» парадигмасына өзгертуге болады.
Өз ойымды орыстың ұлы педагогі, ғылыми педагогиканың негізін салған Константин Дмитрьевич Ушинскийдің мына сөздерімен аяқтасам деймін: «Мұғалім өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, ал оқуды, ізденуді тоқтатқанмен оның мұғалімдігі де жойылады». Яғни шынында біз ұстаздар қауымы әрқашанда ізденіс үстінде болуымыз керек, инновациялық жаңа педагогикалық технологияларды меңгеріп, оларды әрбір сабақтарымызда тиімді қолдана білуіміз керек деп ойлаймын. Сонда ғана еңбегіміздің жемісін көреміз.
ӘДЕБИЕТТЕР
- Білім беру мекемелері қызметкерлерін ақпараттық – коммуникацикалық технология саласы бойынша біліктілігін көтерудің ғылыми әдістемелік негіздері. – Алматы, 2006.
- Аймауытов Ж. Тәрбиеге жетекші. Қазақстан мектебі, 1991, №6, 71 б.
- Байсеркеев Л. Формирование нравственно – правовой культуры у учащихся. // Поиск. Сер. гум. наук, 1997, №4. – С. 116 – 119.
- Газизова Н.С. Азаматтық білім – құқықтық мемлекет болудың кепілі. // Қазақстан мектебі, №3, 2004.
- Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасы. Астана. 26 желтоқсан, 2003.
- Назарбаев Н.Ә. Қазақстан 2030 (Ел Президентінің Қазақстан халқына Жолдауы). Алматы, 1998.
- Кривонос Г.А.Теоретические основы проблемного обучения. Проблемное учение. Проблемная Ситуация. – М., 2001.
- Кудрявцев В. Т. Проблемное обучение: истоки, сущность, перспективы. — М.: «Знание», 1991. 80 с.
- Хуторской А. В. Дидактическая эВристика. Теория и технология креативного обучения. М.: Изд-во МГУ, 2003. 416 с.