Б.қорқытов драмаларының тіл көркемдігі

Аңдатпа

Мақалада Атырау өңірінің шежірешісі, әдебиет зерттеушісі Берік Қорқытовтың драмалық шығармалары тілінің бейнелілігі, көркемдік, стильдік ерекшелігі турасында талданылады. Сонымен бірге сөйлем құрау шеберлігі, диалог оның түрлері мен бейнені сомдаудағы қыры да талданылып беріледі.

Тіл - драмалық шығарманың басты қасиетін танытатын құрал. Драма тілі - характер табиғаты, көркем шығарма тілінің жоғарғы көркемдік сатысы. М.О.Әуезов: «Не халықтық, не көркем әдебиеттік тіл қазынасының шеберлік, шешендік үлгісін пьеса танытпаса, ол шығарма көркем шығарма емес, пьесалық материал ғана. Ол-драманың өзін емес, қаңқасын ғана, схемасын ғана берген еңбек болады»[1,91] ,- деп, пьеса тілі - өнер атаулының, оның ішінде көркем шығарма тілінің төресі деп есептеп, жоғары қойған. Академик З.Қабдолов: «...драмадағы ең басты, ең шешуші, ең негізгі нәрсе - тіл. Пьесаның күші де, әлсіздігі де тілде; пьесадағы әр сөз мірдің оғындай өткір, көздеген жерге дір етіп тиердей дәл, көкейге саулап құйылардай таза, мөлдір, сахнаға мықтап дарығандай мағыналы, түйінді болады. ... әр сөз,әр сөйлем шындықты ғана емес, сол мәнді болып келуге тиіс. Драма тілі тұжырымды, қысқа сөзді айтқан кейіпкердің мінезін аңғартуы керек; әр адамның сөзі өзін танытуы керек» [2, 340], -деп, профессор Р.Нұрғалиев: «Классика тәжірибесіне үңілгенде, драма тілі дегеніміз негізінен ауыз екі сөйлеу тілінің интонациясына, ырғағына бағынады ғой. Драма тілі - кейіпкердің жұрт алдында ойлануы, қателесуі, жеңуі, жеңілуі ғой. Ендеше, жып-жылмағай, жылтыраған, жұтынып тұрған судыр сөз ешқашан пьеса тілі бола алмайды» [3, 498] ,- деген пікірлері шығарма тілінің табиғатын танытады

Драмалық туындыларда кейіпкерлердің ішкі-сыртқы қарым-қатынасын, мінезін дәл басып, айқындайтын элемент - кейіпкер сөзі. Кейіпкер сөзі - драмалық шығармаларда бейне жасау амалын, қаһарманның сөз саптау салмағын, табиғатын танытады. Қазақ филология ғылымында прозалық шығармалардағы кейіпкер сөзіне байланысты әдеби және тілдік тұрғыдан қарастырылған зерттеу еңбектері бар. Көркем шығарманың табиғатын талдау барысында тілші немесе әдебиетші деп бөлініп келе жатқандығымыздан өрге баса алмай тұрғанымыз да шындық.

Берік Қорқытов драмалық шығармалары тілінің бейнелілігі, көркемдік, стильдік ерекшелігі турасында айтылған пікірелер жоқтың қасы.

Мысалы: «Махамбет» тарихи драмасындағы басты қаһарман Махамбеттің (Жәңгірге) Әріге кеттің-ау, Жәңгір, бірақ айтпасыма амал жоқ, бұл жерден жеті жұрт кетіп жол салған, талай қырғын соғыс болған, арғы атаң Шыңғыс та табан тіреп тұра алмаған, толарсақтан саз кешіп, қанжығадан қан кешіп, дұшпаныма көнбен деп, жерімді жауға бермен деп, түн қатып жүріп түс қашқан қарға бойлы Қазтуған, Мұсаның ұлы ер Орақ, Жаңбыршыдан жалғыз Телағыс, Нәріктің ұлы ер Шора, Қараның ұлы Сидақ, Күлектің ұлы Қартқожақ, Естерекұлы ер Тарғын, Қара Қыпшақ Қобыланды, Даттың ұлы Сырым семсерін сермеп, қанжарын қайрап, найзасын түйреп, қылышын қанға малдырған, қара басы кетсе де халқын да, жерін де азулыға алдырмаған, тағы да айтам, бұлар да төре емес еді, менің еркіндеп жүргенім, сенің қалтылдақ болсаң да хан болып отырғаның солардың арқасы, соларға ерген халықтың арқасы, жерің болмаса, халқың болмаса кімге хан болар едің, мұны неге ұмытасың? [«Махамбет»],- деген ашынған тілінен Махамбеттің қандай кейіпкер екенін болжауға болады. Немесе «Қазақ солдаты» пьесасындағы M и р о ш н и к. Біз мұнда бір сағатқа келгеніміз жоқ, бұл жердің иесі біз боламыз, төбесіне тігілген биік қорған мәңгі-бақи босатылды сендерден, ұзамай совет жері түгелдей босайды, басқа сөз жоқ бізде!», сол сияқты «Шойын қатын» пьесасындағы.

Қошқардың. «Нәсібіңіз мендей адамнан бұйырған! Мен осы ауылдағы атақгы адаммын, мені бәрі біледі, бірнеше жыл бойына суретім «құрмет тақтасында» ілулі тұрды, жақында жанынан өттім, қарадым, вай-ай- вай, өзімді-өзім танымай қалдым, сарғайып кетіпті. Мұнда да тұрған ештеңе жоқ, есімді білгелі трактор айдап келемін, жаман болғанымыз жоқ, біруден ілгері, біреуден кейін дегендей, бәрі де сыйлайды (ұялып) бір мәрте аудан орталығында өткен мейрамда басшылармен қатар трибунала тұрдым, айтуға ұялам.. екі мәрте Ташкентте де болдым! Қала десең қала деп міне соны айт! Тағы не керек? Жалпы алғанда, Ғаламатхон, менімен тұрсаңыз ешкімнен кем болмайсыз.. я, айтқандай молланың сауалына қалай жауап қайтаруды білесіз бе?» [«Шойын қатын»],- дегендерінен кейіпкер табиғатын тануға тұрады.

Қазақ драматургтері пьесадағы кейіпкерлерінің есімін бұрып, басқа тілде алулары - негізінен комедиялық шығармаларға тән процесс. Қазақ драматургтерінің кейбіреулерінен мысал келтіретін болсақ, Т.Ахтановтың «Күшік күйеу» атты комедиясындағы Ботка, Тфренчик, Кубиктер және Д.Исабековтың «Әпке» драмасында кейіпкерлерінің есімдерін қысқартып алу кездеседі. Мысалы: Кәмила-Кама, Омар-Ом, Темірбек-Тим, Назила-Наз т.б. соның айғағы. Б.Қорқытов пьесаларында кейіпкерлерінің есімдерін орыс тіліне икемдеп, қысқартып айтқызуы сирек. Атап айтсақ: Дэви, Кэт, Едик, Лис.

Драматург Б.Қорқытовтың сөйлем құрау шеберлігі де ерекше сипатта, яғни сөздің нәрлі реңімен беріп отырады.

Мысалы: « Қош қа р. Бүгінде қорасы толған мал, тасы өрге домалап, мұрнынан құрты түсіп тұрған әлгі, и-и, Әукен ғой қолайлысы» [«Шойын қатын»],- десе, Махамбет ақын аузымен сөздің тотияйындай тілінің ерекше тіліп түсер қылыштай зәре-құтты қашырардай реңімен беріп отыратын кездері де бар.

Махамбет. Әй, Баймағамбет, мен тартынайын деп отырғаным жоқ, түсінген кісіге біраз айтылды емес пе, өзің білесің, менің тілім екі айыр алмас қой, біреуі тіліп түссе ханмын деп қаһар қыларсың, мен жалғызбын деп қарап тұрмаспын, басыңды алармын, мен өлсем ештеңе етпес, өздеріңдей хан өлсе ел басының дауы бітпес, мен аспандағы жұлдызбын, оған сенің қолың жетпес, сен мені жолымнан қалдырма!» [«Махамбет»].

Драмалық шығармалар тілінің эмоциональді-экспрессивті лексикасын арнайы зерттеуші Х.Нұрмұқанов: «...драмалық шығармаларда сөздер, сөз тіркесі мен сөйлемдер эмоциональді-экспрессивті не экспрессивті ыңғайда көп жұмсалады» [4,25], - дейді. Драмалық шығарма диалогы турасында филология ғылымында зерттеуші-ғалымдардың пікірлері бір шама.

Әдебиеттанушы ғалым Б.Майтанов: «Драмада диалог теңдесі жоқ қажеттіліктен туса, прозада оны түрлі авторлық баяндау тәсілдерімен алмастыруға болар еді. Драмадағы диалог адамдар ойы мен сезімінің мәңгі қозғалысы, өмір символы іспетті» [5,244], - деп, Р.Рүстембекова: «Драматургияда негізгі құрал - диалогтың әсерлі, орынды, ықшам болуының зор маңызы бар екені белгілі. Әр кейіпкер сөзінен оның жеке өзіне тән ерекшелігі, мінезі пьесада көрініп тұруы шарт» [6,18],- деген пікірлерінен драма диалогының тереңдігін, сан алуан қырынан танимыз.

Драмалық шығармадағы негізгі қолданылатын құрал - диалог. Драмалық шығармадағы диалогтың басты қызметтерінің бірі - адам бейнесін жасау болып табылады.

Б.Қорқытовтың пьесаларында диалогтың бірнеше түрі кездеседі: диалог-айтыс, кекесін-диалог, диалог-тартыс, астарлы диалог, ұйқасқа құрылған диалог т.б.

Б.Қорқытовтың диалог құра білу өнерінің жоғары деңгейлігін аңғартады. Біріншіден, астарлы, қалжыңы өткір, күлкі тудыратын элементтерге толы болса, екіншіден, терең философиялы, қаһармандар қақтығысы, персонаждар мінез-құлқы, қарама-қарсы кейіпкерлер жауаптасуы кезіндегі диалогты көруге болады.

Жауаптасу кезінде кейіпкерлерінің әр сөздерінен адамның өмірін, бейнесін, әрекет сол кезең дәуірі толығымен елестейді. «Ақылшы аға» пьеса-инсценировкасында Молдабек пен оның құрдасы Абдолла Молдабекті диалогтерден кейіпкер тілінің ерекшелігін көреміз.

Мысалды, біріншіден, кекесіндиалогқа келтіреміз:

«М а х а м б е т. Ассалаумағалейкум, игі жақсылар (ешкім үндемейді).

Ш о м б а л. Әй,Махамбет, хан ордасына лұқсатсыз, сұраусыз кіріп кететін сен төремісің, әлде қожамысың, құлақ кесті құл, келімсек емеспісің, қолы көтере алмайтын шоқпарды беліне байлайды дегендей мына келісің қай келіс? (өзінше мұқатқандай болып бәлсінеді)

Махамбет. Әй, Шобал, жәйіне жатқан шоттың сабын бастың, өз обалың өзіңе, мен құлақ кесті құл, келімсек болайын, сен өзің кімсің, білмесең айтайын...

Ш о м б а л. Қимаң қышып, сөз естиін деп келген боларсың, білсең айта ғой, біз де қара жаяу емеспіз.

Махамбет. Әй, Шомбал, сен алысқа бара алмай, орта жолда шошаң ете түсетін Шомбалсың ғой, дым білмейтін домбалсың ғой, арғы нәсілін Орауыл, Орауылдан қашқан он ауыл, арбасының ізі осы күнге дейін жосылған, байұлына келіп қосылған кірмесің ғой, атаңды сенің білемін, біреудің қойып баққан құл еді, анаңды сенің білемін, тезек терген күң еді, солардан туған Шомбалды, хан құйрығын иіскелеп, биі болды деп еді, құдай бақ берген соң, ханның жанына жақындап, асыранды иттей сарқытын ішіп отырсың, ана отырған Жәңгір хан нәсілін оның сұрасаң қарағаш, қарағаштан келген жалаңаш, құдай қалап бақ берген, астына отырар тақ берген, анау отырған Баймағамбет, түп қазығы төбет, табанға салатын ұлтанға жарамайтын неме қара қазақты сағалап султан болып отыр, естиін дегенің осы ма еді?

Ж ә ң г і р. Эй, Шомбал, өлер жеріңді білмейсің, кім саған сөз берді, орақ тілді Махамбет саған шаужайынан шалдырып, алқымынан алдырып, жалынан шайнатады деп пе едің, өзіңмен қоймай, бізді де ілдіріп кеттің, жайыңа қарап отыр, Махамбет, қош келдің, қалаған жеріңе отыр.

Махамбет. Хан елмен кісі, қатын ермен кісі, былай отыр, әкең салған үй емес, халықтың салған үйі (Шомбалды ығыстырып, ханның жанына отырады).

Ж ә ң г і р. Махамбет, қатулысың ғой, ақынға қатулық жараса ма?

Махамбет. Келмей жатып айбаты бар төбет емес, есігіңнің алдындағы қыңсылаған күшігіңе балағымнан тарттырып қатулы еткен өзіңіз, хан ием.

Ж а н к і с і. Айналайын, Махамбет, үй-ішің, ауыл-аймағың аман ба?

Махамбет. (жалт қарап) А, Жәкеңбісіз, келмей жатып, дау- далабайға түсіп, байқамай қалыппын, кешіріңіз, ел іші, ауыл аймақ аман, өзіңіз де аман-сау жүрсіз бе?

Баймағамбет. Эй, Махамбет, осы сенің әкең кім болған, қай жақта қаңғырып өлді?

Махамбет. Әй, Баймағамбет,

Өзен, өзен, өзен су,

Өзенді тастап көшкен ит.

Өзі болған жігіттің

Түп атасын сұраған ит.

Қырда құрақ, ойда бұлақ тұрғанда

Құба жоннан құдық қазған ит.

Алдымнан келсең оғымды,

Артымнан келсең боғымды жеген ит, - деп кім айтқан? Мұны сенің әкең Айшуақ емес, менің әкем Өгеміс айтқан, сенің әкең мұны айта алмайды, өйткені, ол от басында, ошақ қасында қатынетек, үйкүшік болып өлген, менің әкем Өтеміс халқын қамдаймын деп қамауға түсіп қапыда кетті, атамның құлдығын не қыласың, өзіңнен өзім артық туғасын. [«Махамбет»].

Екіншіден, астарлы диалог көрінісі:

Ш о л а қ. Дәрігерге бардың ба?

C а м а т. Жоқ, аналарды босатып жібереме деп сізді күтіп жүргенім.

Ш о л а қ. Ісігі, қаны кетпей тұрғанда тез дәрігерге барып, қағазыңды ал (Самат шыға бергенде) тоқтай тұр, (телефонды бұрап) Тоқтармыысың? ..Аман ба? Түнде бір хулигандар постыда тұрған бір жігітімізді сабап, жағын қиратып, тісін сындырып кетіпті..я..я өлтіруге әрекет жасаған деуге болады. Қазір өзі саған барады..справкасын қатыр...жатады...жатады...Тіпті керек десең жарақаты ауыр деп больницаға жатқызып тастауға да болады. Солай бір мықты шара қолданбасақ, бұл хулигандар бара-бара өзімізді өлтіріп кетуі мүмкін.. жарайды (телефонды қояды) бар, керек десе жат (Самат кете бергенде тоқтатып), бала қайда жұмыс істейді екен?

C а м а т. Кімді айтасыз?

Ш о л а қ. Миғұламысың, сені соққан баланы айтам.

C а м а т. Студент көрінеді, Алматыда оқиды.

Ш о л а қ. Сутдент..әкесі редакцияда істейді, енді ол да қарап жатпайды, баласын босатуға әрекет етеді, араға кісі салуы да мүмкін. Сен былай істе, мамаңа айт - шалым ауру, жалғыз баламды хулигандар соғып, өлімші етіп кетті деп біздің үлкен бастыққа арыз беріп қойсын.

C а м а т. Папама айтсам қайтеді?

Ш о л а қ. Папам..қайбір сенің оңған папаң бар, неде болса мамаңнан шығады, бар айтқанды істе (Самат кетеді) осы жерден қақпанды бір салып қалу керек көрсетейін милицияның туыстары қылмыс істейді, оларға жеңіл қарап болдың ғой, қалай келмес екенсің, қалай мойындамас екенсің...е..есіме енді түсті. Өткенде оның да бір туысың жазып еді - ау, есіне салып қояйын, екі жақтап кіріссек, қалай бұлтарып кетер адамы жоқ (телефонды орнына қойып, қайта бұрап) Дежурный ма? Не болып жатыр, тыныштық па? Түндегі біздің жігітті сабайтын хулигандар жатыр ма? Жатсын». [«Соқырішек»].

Үшіншіден, у й к а с к а қурылған диалог көрінісі:

Махамбет. О, қара шаңырақ, бірақ сенде үн де жоқ, тіл де жоқ, баяғы күйің бір күйің, хан отырса да, қара отырса да өзгермейсің,сенде жазық жоқ, түбінде хан тұқымына емес, қара халыққа шаңырақ болатыныңды ұмытпа! [«Махамбет»]

Төртіншіден, диалог-тартыс көрінісі:

C а м а т. Мені соғып кеткен жігіттің мамасы.

Б а л қ и я. Мында неғып жүр?

C а м а т. Менен кешірім сұрап келіпті.

Б а л қ и я. Неғылған кешірім, кетіңіз, бұл жерден (жер тебініп), кетіңіз.

Қ а т и м а. Айналайын, өйтіп аптықпа, сәлем оқ, сауап жоқ, бұл не қылғаның, менде өзіңдей анамын.

Б а л қ и я. Ана болмай а дыра қал, біреудің жалғыз баласын өлімші қылып, не бетіңмен келіп тұрсың, жүзіқара. [«Соқырішек»]

Бесіншіден, диалог-юмор:

A б ы л. «Мысыққа да бір күн той» дейді. Мә іш, іш! Әлгі құда мұны адам санатына қоспайды. Әгтең менің қолымда болсаң, қонақ атаулыдан қалдырмай, қасыма алып жүрер ем. ... Әйел неге алмайсың?

C а б ы р. Ағатайым әперем деген. Сіздерде басы бос әйелдер көп пе?

А б ы л . ... Қатран дегеннің қырыққа келген қызы бар. Бес байға тиіп шықты. Соны әперем, егер мен барғанша біреуге кетіп қалмаса. Әй, бәрібір ол кеудесінде жаны болса қайтып келеді, қорықпа» [«Жарайсың, бажа»]

Сонымен қатар Б.Қорқытов - монолог құрудың да шебері. Монолог - кейіпкердің ішкі жан дүниесін ашуда қызметі зор көркемдік құрал. Прозадағы монолог пен драмадағы монологтың айырмашылығы бары белгілі. Орыс филологиясының ғалымдары Г.Винокур монологтың үш түрін [таза драмалық, эпикалық сипатты, лирикалық], ал, В.Виноградов терт түрін [сендірмелі реңктегі, шешендік сөздің жұпыны формасындағы, лирикалық, драмалық, хабарлаушы сипаттағы] деп ажыратады.

Драмалық туындыдағы монолог-пьесаға қатысушы орталық қаһармандарының ішкі-сыртқы жағдайынан хабар бергізетін, кейіпкерлерді толғанту амалы. Сахнадағы монолог көпшілік алдында орындалады, бірақ жанындағы кейіпкер есгімегендей жауап қатпайды. Кейіпкерлері өзді-өзімен толғанып күй кешеді. Монолог - үлкен мағына беретін амалдардың бірі, кейіпкерді сөйлету тәсілі.

Ақ өлең-поэзиялық, прозалық, драмалық шығармалардың табиғатына тән құбылыс, түр. А.Ысмақова: «Ақ өлең - яғни, тармақтардың соңындағы сөздердің дыбыстық тұрғыда үйлеспеуі, қабыспауы, ұйқастың белгісіз қалыпта [«ақ» күйінде қалуы] бұл өлең үлгісін «ақ өлең» атауға себеп болған. Әуелде драмалық, эпикалық жанрларда пайдаланылған ақ өлең, У.Шекспирдің, Дж.Мильтонның туындылары, кейіннен романтикалық эллегияның, лирикалық еркін өлеңнің өлшеміне айналады. А.С.Пушкин «Борис Годунов», «Кішкентай трагедиялар» сынды драмалық шығармаларында ақ өлең формасын пайдаланды» [7, 36],- дейді. Б.Қорқытов пьесаларында ақ өлең формасына салу, ырғақ түзу, ұйқасқа құру, шешендікпен төгілту, тақпақтата жөнелту орнымен, қисынды жерінде кездесіп отырады. Мысалы: «...түйедей бақырып//, аруағын шақырып//, он екі терін төгіп//,..", "қол ұстасқан,// жүрек қосқан, // білек қосқан..//» [«Махамбет, «БізЖетібайданбыз»] т.б...жолдар келтіруге болады.

Б.Қорқытовтың драмалық шығармаларында шешендік өнердің кейбір өрнектері орынды қолданыс тапқан. Сонымен бірге «автордың өмірде болған, нақты ақиқат құбылыстарды ғана суреттеп қана қоймай, қажет болған жағдайда, құбылыстың мәніне тереңдеп барып, оны жан - жақты ашып көрсету мақсатында, ақиқаттар деректер беретін шындықты өз мұратына орай өзгерген немесе толықтырылған түрде пайдалануы елеулі табыстарға жеткізд» [8, 85].

Махамбет. Арамға қол салма, ортадан пара алма, құдайдың елден жинап берген дәулеті жетеді, ханды құртқан, елді жұтқан сол пара болатын, пара жүрген жерде елдік болмайды, елдік болмаған жерде теңдік болмайды, құдайдың да, халықтың да қарғысына қаласың, осыған сақ бол [«Махамбет»],

Ж ұ м а қ ы з. Тереңдеп қарайсың, телміріп тұрмайсың, бейхабар жүргенсіп, бек қатты сынайсың [«Асыл жандар»].

Б.Қорқытовтың драмалық шығармаларында психологиялық хал-жағдай, әрекет, қарым-қатынас терең мағынада суреттеледі. «Махамбет» пьеса- инсценировка - тарихи-төңкеріске арналған психологиялық туынды болғандықтан Б.Қорқытов кейіпкерлерінің басым бөлігінің характерларын психологиялық жағынан ашуды көздегенін көреміз.

Пьесадағы басты бейнелері Махамбет пен Жәңгір ханды арасындағы қақтығыс, жер үшін болған қақтығыс салдарының екі ұлы азаматтың басы бірікпеуін трагедиялық сипатта бағамдайды. Драмада Махамбет пен Жәңгір, Жанкісі мен Баймағамбет арасындағы диалогтар - күшті психологиялық ахуалға құрылған. Б.Қорқытов инсценировка-пьесалары мен төл пьесаларында психологизм мәселесін ұтымды қолданысқа айналдырған. Көркем шығармадағы психологизм - кейіпкер мінез-құлқын, шығарманың қат-қабат көркемдік шеберлігі жағынан таныту амалдарының бірі екенін дәлелдей түскен. Ал, композициялық ерекшелігі - оқиға арқауын шегініске құрып, кешегі мен бүгінгі күннің оқиғасымен байланыстыруынан көрінеді.

Қорыта келгенде, драмада образ жасау мәнерін Берік Қорқытов шебер меңгерген жазушы екеніне көз жеткізуге болады. Сонымен қатар драматургтің пьесаларының тартысы өте күрделі. Сомдаған характерлары шығарма композициясындағы әрекеттеріне байланысты мінез танытады.

 

Әдебиеттер тізімі:

  1. Әуезов М. Жиырма томдық шығармалар жинағы 16 том. А., Жазушы. 1985.-400 б.
  2. Қабдолов 3. Сөз өнері A., Санат, 2002.-360 б.
  3. Нұрғалиев Р. Арқау Екі томдық шығармалар жинағы A., Жазушы, 1991.-585 б.
  4. Нұрмұқанов X. М.Әуезов драмалық шығармаларының эмоциональды-эксперссивті лексикасы Филология ғылымдарының кандидаты автореферат, 1969.-25.
  5. Майтанов Б. Қазақ романы және психологиялық талдау A., Санат, 1996.-336 б.
  6. Рүстембекова Р. Бейімбет Майлиннің драматургиясы A., Жазушы,1969.-120 б.
  7. Әдебиеттану, Терминдер сөздігі. A., Ана тілі, 1998. 2026.
  8. Аяпова Г. Абылай ханның тарихи тұлғасын танудың эволюциялық сипаты. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің Хабаршысы №2 (29) 2013, маусым 77-79 бб
Жыл: 2019
Қала: Атырау
Категория: Философия