Аңдатпа
Бұл мақалада Елбасының 2014 жылдың 17 қаңтарындағы Қазақстан халқына арналған «Қазақстан жолы - 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты кезекті Жолдауындағы ұлттың тарихи санасын қалыптастыру, рухани жаңғыруымызға бастама болатын жайттар, осы мәселелерді жастар бойына дарыту, өткен тарихымызға құрметпен қарауда, әсіресе, көркем әдебиеттің, тарихи романдардың ролі баяндалады.
Бүгінгі таңда еліміздің өткені мен бүгінін жинақтап жаңа сапалық сатыға көтерілуіне Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың тікелей бағыт-бағдар беріп отырғаны баршамызға аян.
Ұлттық тарихты ұғыну бойынша стратегиялық мақсаттарды Мемлекет басшысы өзінің 1999 жылы жазған «Тарих толқынында» кітабында қамтыған.
Адамзат қоғамы жүріп өткен жол, жеткен жетістіктері туралы жазылған дүниелер қазіргі күнде де маңызын жойған жоқ. Соларға арқа сүйей отыра, оны жаңадан табылған деректермен толықтыру арқылы ғана заманауи ғылым талаптарына сай еңбектер дүниеге келеді.
Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы - ұлт тұтастығы мен ұлттар сабақтастығы, ел мүддесі мен ұлттық құндылықтар мәнін тереңдете түсетін, өткен тарихымызға зерделеп қарап, келер ұрпақ бойына патриоттық сезім тудыруда баға жетпес еңбек. Бүгінгі және келер буынның рухани тұрғыдан сусындар еңбектер жарық көреді, қайталанбас із қалған қалам қуатын зерделі көзбен таниды.
«Қазақтың асқақ өнері мен бай мұрасы әлем халқының рухани байлығына қосылды», - деп оның бәрі тәуелсіздіктің жемісі екенін айта келе, қандай ұлт болмасын тек тәуелсіздік жағдайында ғана өз мүддесіне жететіндігін атап өтті.
Тарих беттерін парақтайтын шығармалар өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының аяқ кезінде жазылуында да өзіндік себеп бар. Осы жылдардың бас кезінен бастап, кейінгі он жылдықтарда тарихи тақырып қазақ әдебиетінде үлкен бір толқынды кезең боп көзге түсті. Жазушылар аталмыш тақырыпты игеруге жұмыла кірісті. Осы бір бетбұрыс, рухани серпілістің өзі көп нәрседен хабар беретін сияқты. Өйткені мұның астарында халқымыздың елдікке, ерлікке толы осындай өткені бар деген үн жатыр. Кеңес өкіметі билігінің бұған дейінгі әр кезеңдерінде жазушылардың шығармашылық тәуелсіздігі, өткен тарихи дәуірлердің шындығын тайсалмай көрсетуге мүмкіндігі тым шектеулі болатын. Сондықтан қаламгерлер тарихты жеткізуде тың тәсілін ойлап тапты. Ол - тарихи тақырыпты аша білу шеберліктері. Сондай жазушылардың бірі, мемлекет және қоғам қайраткері, публицист, драматург, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі - Әбіш Кекілбаев. Кезінде қаламгер шығармаларына арқау еткен мәселелер қазіргі күні ұлттық құндылығымызға айналып отыр. Жазушының тарихи тақырыпта жазған шығармаларының тағы бір ерекшелігі ол кейіпкердің іс-әрекетін, оқиға желісін жалаң алмайды, автор өзіне тән байсалды баяндау, психологиялық, философиялық тереңдікті танытады. Жазушы тарихи тақырыптағы тарихи тұлғаларды бейнелеуде кейіпкерінің моральдық бейнесін жасауға, ел аузындағы аңыз-шежірелерден бүгінгі күннің көкейтесті мәселелерін көтеруге баса көңіл бөлді. Ә.Кекілбаевтың көркем тілінің қуаты мен қасиеті сол ол ежелгі аңыздар мен әңгімелерді бүгінгі күннің елегінен өткізе отырып, тарихи-философиялық тұрғыдан екшей алуында. Жазушы өз шығармашылығын қоғамдық өмірдің тыныс-тіршілігінен алыс ұстаған емес. «Шығармаларының негізгі фабуласы - халық тағдыры, оның жүздеген жылдар ішіндегі басынан өткерген алуан түрлі тауқыметі, сенімі, түсінігі, намысы, сезімі, тұтас бір кезендегі қоғамдық рухани өмірі»,-дейді жазушы М.Сқақбаев өз жазбаларында. [1]
Жазушы «Аңыздың ақыры», «Күй», «Үркер», «Елең-алаң» шығармаларында халықтың басынан кешкен бұралаң тағдырын суреттейді.
«Күй» атты тарихи шығармасында үш уақыт бейнеленеді. Мұнда бірінші - Әбіш Кекілбаев дәуірі, екінші Сырым мен Құрбан қарттың дәуірі және тарихи шығармадағы дәуір бейнеленіп тұр. Бұл шығарма кейіпкердің қатысуымен ішінара баяндау тәсіліне негізделген. Онда пейзаж, монолог, диалог, шебер қолданылған. Сол кездегі қазақ халқының басынан өткен жағдай, жаугершілік заман қазақ халқының тәуелсіздігінің құндылығын паш етеді. Ә.Кекілбаевтың «Куй» атты тарихи шығармасының негізгі идеясына баға берген жазушы М.Әуезов: «Бұл дәуірде тіл мен әдебиетті білмеген, қадірлемеген адам толық мәнді интеллигент емес. Оның қандай мамандық, білімі болса да, рухани ой тәрбиесінде сыңаржақ азамат болады»,-деп баға берген еді.[2]
Белгілі қаламгер Г.Бельгер Ә.Кекілбаевтың «Шыңырау» кітабына жазған алғы сөзінде шетел жазушыларының ой-пікірлерін келтіреді. Солардың бірі Л.Теракопян былай дейді: «Өткен өмірдің көне беттерін аша отырып тарихи шындықтан ауытқымаса да, Ә.Кекілбаевтың бұл повесі бүгінгі күннің көкейтесті мәселелеріне жауап береді».
Жазушы «Үркерді» жазғанда VIII ғасырдағы тарихи оқиғамен байланыстырады. Сол кездегі тарихи шығарманың шынайы болмысын бере алатын кейіпкер - Әбілхайыр хан - тарихи тұлға, олардың атқарған істері де шынайы. Кез- келген тарихи шығарма - сол елдің, сол кезеңнің тарихының куәсі. «Үркерде» тарихи дерекке сүйендім, тарихи сәтті, қоғамдағы құбылысты әсірелеусіз көрсетуге күш салдым»,-дейді жазушының өзі. [3]
Қаламгердің «Шандоз» атты тарихи-ғұмырнамалық баяны жалпы қазақ халқының тарихына арналған. Махамбет Өтемісұлының 200 жылдығына тарту етілген тарихи шығармада жалпы қазақ халқының өмірі бейнеленеді. Махамбет - ұлттық тарихымыздың ең күрделі жылдарындағы ерекше көзге түскен ерен тұлға. Баршамызға танымал жырларының жаңа қырлары ашыла түседі, ақын тағдырының жұмбақ тұстары айқындалады. Оның күрескерлік жігері мен суреткерлік шабытын сусындатқан елдік тарих пен әлеуметтік шындықтың ұлан-ғайыр жазиралары кеңінен қамтылып, жыл өткен сайын жақындай да, жарқырай да түсетін рухани портретін жасайды. Махамбеттің адамға деген рақымшылық қасиетінің молдығы, жанының жұмсақтығы, өнерге, күйге, сазға құштарлығы өте шебер суреттеледі. Сөйтіп күрескер ақынның біреуден кек алу сияқты қасиеттерден ада болғандығына оқырманын сендіре алады. Махамбеттің ақындық және азаматтық болмысын қысқа ғұмырының ауқымымен шектелмей, ол өмір сүрген отаршылдық дәуірдің шытырман шындығы мен жанын пида еткен ұлт-азаттық қозғалыстардың шежіресі арасында қарастырып, ел бірлігі мен тәуелсіздік баяндылығы сарынында толғайды. Жазушы тарихи фактілер арқылы бүтін ел мен ұлттың болмысын көркем шығарма негізінде суреттеп оқырманға ұсынды.
Көзі ашық, көкірегі ояу жұрт шығармаларды іздеп оқиды. Әдебиет - өмір айнасы ғана емес, ол өз тарапынан жаңа әлемнің жазушысы да. Көрнекті ғалым Ш.Елеукенов «Тарихи роман жанрының бір құндылығы - ол әрдайым халықтың өткен тарихы мен қазіргі өмірінің арасына салынған рухани өткел тәрізді. Ол халықтың өткен тәжірибесін бүгінгі өмірге алып келеді, бойымызға ата ұрпақтың рухани күшін дарытады»,-деп жазады. [4]
Ұлттық әдебиетіміздің игерілмей жатқан тарихи тақырып тереңіне жол салып, қазақ халқы бастан өткен ұзақ жолдың күрделі тұстарына шығармалар жазу үрдісін бастаған ұлтжанды, тарихшы-жазушы Ілияс Есенберлин еді. Жазушының «Көшпенділер», «Алтын Орда» трилогиялары өз дәуіріндегі үлкен де тың жаңалық болды. С.Сматаевтың «Елім-ай», М.Мағауиннің «Аласапыран», Ә.Әлімжановтың «Жаушы», Ә.Кекілбаевтың «Үркер», «Елең-алаң», Қ.Салғариннің «Алтын тамыр», Б.Алдамжаровтың «Ұлы сел» кейінірек жазылған Ш.Мұртазаның «Қызыл жебе» романдарында XV-XIX ғ. аралығындағы халық тарихының нәубет кезеңі, қанды топалаңдар ащы шындықпен жазылды. [5]
Елдің еркіндігі, халықтың мәдениет пен ғылымға ұмтылуы прогресс жолымен дамуы үшін күрескен XX ғасырдың басынан-ақ тарих сахнасына шыққан қай қайраткері болмасын халық санасын оятудағы әдебиет пен мәдениеттің ролі орасан зор екенін жақсы түсінеді. Әдебиетіміздің аса дарынды өкілдері қазақ халқының рухани тәуелсіздігін сақтап қалудың сара жолы туған тілімізді, бай әдебиетімізді, сөз өнерімізді қастерлеу екенін тамаша көркем шығармалары арқылы насихаттады.
Рухани байлығымыздың сарқылмас кені - ақын-жазушыларымыз бүгінгі таңда да өмір шындығын табиғи шынайылығымен беріп, тоталитарлық жүйе мансұқтаған ұлттық мінез, діл мен дін, дарқандық пен жайсаңдық, жасампаздық, ірілік пен кісілік, ғасырлар сынынан өткен үздік үдерістер, риясыз ерлік, даналық пен парасаттылық, рухани жаңғырумызды төл әдебиетімізге арқау етіп келеді.
Тарихи тағылымы мол көркем шығармалармен сусындаған ұрпақ қана өркениетті елдің болашағы бола алады.
Әдебиеттер тізімі:
- М.Сқақбаев. Кеңтыныс. Жұлдыз журналы №4,1975 ж.
- М.Әуезов. 20 томдық шығармалар жинағы. 20-т. Алматы, 1985.
- Ә.Кекілбаев. Шығармалар жинағы. Алматы, 1999 ж.
- Ш.Елеукенов. Замандас парасаты. 102 б. Алматы,1977 ж.
- Қазақ әдебиетінің тарихы. 8-9 том. Алматы, 2005 ж.