Аңдатпа
Мақалада Х.Есенжановтың «Ақ Жайық» трилогиясындағы шежірелі заман шындығын тарихпен бірлесе сипаттап, көркемдікпен берілуі талданылады. Сонымен қатар қаламгер Алаш қайраткерлерінің бейнелерін сомдаған - тарихи тұлғалар галареясы ұрпақтан-ұрпаққа өнеге тағылымымен қала бермек. Себебі олар - қаламгердің суреткерлік шешімінде өзінің тарихи шындық болмысынан ауытқымай сомдалған шынайы образдар .
Kipicne
Қазақ әдебиеті таланттарға кенде емес. XX ғасырдың екінші жартысынан бастап қазақ прозасында ұлттық құндылықтарымызды өз шығармаларына арқау еткен қаламгерлер туындылары жаңа белеске көтерілді. Әсіресе, соның ішінде, қазақ прозасында тарихи тұлғалар тағдырын суреттеу, сол арқылы өткен кезеңнің тарихи шындығын көркемдік тұрғыдан жинақтау белең алды. Бұрынғы ақтаңдақ тұстарымызға қайта оралып, тарихи тұлғалар болмысын ұлттық идеяны асқақтатуға, әспеттеуге бағытталған тың көркемдік ізденістерге толы соны шығармалар жарыққа шықты.
Ол шығармаларда бұрын еленбеген ұлттық құндылықтарымыз ескеріліп, өз бағасын алуға тиісті еді Қазақ қаламгерлерінің арасында жазушы Х.Есенжанов есімі жеке аталып, ал, туындылары ықтиятты өз зерттеушісін күтуде. Қазіргі кезеңдегі қазақ прозасының көркемдік жүйесінде тарихи дәуір шындығының алып отырған орны ерекше көңіл аударады. Тарихи дәуір шындығы тек тарихи шығармалар құрылымында ғана емес, бүгінгі күн тақырыбына жазылған туындылардың сюжеттік және композициялық желілерінде де кең көрініс тауып отыр.
Әдебиет әлемін бірде ашық, бірде бұлтты, бірде бұлыңғыр зеңгір аспан деп бейнелер болсақ, қаламгерді қанатты құсқа балар ек. Қанаттылардың бәрі қыран емес. Құстың да құсы, оның да ірісі мен ұсағы, әлсізі мен күштісі бар. Әр құс өзінің қанатының қуаты жеткен биікке дейін ұшады, әлсіздері шоқыға, мықтылары шыңға барып қонақтайды. Орал өңірі, жаңа өмірдің іргесін қалаған адамдардың ауыр да азапты тағдыры, олардың осы төңкеріске келу жолы жан-жақты бейнеленген Х.Есенжановтың «Ақ Жайық» трилогиясы сонау Азамат соғысының Батыс Қазақстандағы сұсты, сұрапыл жылдарының шындығын жеткізеді.
Негізгі
Х.Есенжанов «Ақ Жайық» трилогиясының жазылу тарихы туралы өз ойын бағамдай отырып, шығарманың жүгін көтеріп тұрған негізгі бейнелерді түсіндіруге талпыныс жасаған. Себебі, «Ақ Жайық» туындысының бастапқы түрі тек қана 1947 жылы «алты жүз беттік қолжазбаға айналды. Қолжазба Қазақстан Жазушылар ұйымының секретарына, секретарынан председателіне «сәлем» беріп жүргенде тағы да..он жыл өтті» [1,369].
Ұлт зиялыларын жазықсыз жапа шектірген жэне ел болашағы үшін жасаған жоспарларына өз өмірін беріп, өздерін ғана құрбандық еткен «ұлтшылдық» ылаңына бар-жоғы он-ақ жыл өткен заманда, Х.Есенжановтың айтайын деген ойын астарлап жеткізген «Ақ Жайық» трилогиясының бірінші кітабын бастыру ол өте қиын жұмыс еді. Осыдан кейін барып жазушыда «екінші бір күрделі ой туды». Ол Қазан төңкерісін дәріптеу, елді кеңестндіру кезеңіндегі ілгерінді үрдістердің сипаттай келіп, бетін боямалап Алаш қайраткерлерінің тағдырлы талайын көрсету еді.
Бүгінгі таңда осы өңірдің шамшырағы болған «Ақ Жайық» аты әдеби- көркем қоғамдық саяси журналының (Бас редакторы - Рахымжан Отарбаев) 2014 жылғы №4 санында әдебиетші-ғалым Мақсат Тәж-Мұраттың «Күнбатыс Алаш-Орда және рух сыны» ғылыми мақаласына тоқталайық. Бір жарым жыл дәуірлегеннен кейін батыс Алаш-Орда өкіметі өмір сүруін тоқтатты. «Ал Алаш қайраткерлері 37-нің зұлматында түгелдей ғайып болды. Түгел-толайым орылды, бірақ соңдарына өз рухтарының мұрагері, мирасқоры ретінде идеяларын, шығармашылық энергияларын тастап кетті. Ұстазға рух жағынан жақын, тұрғылас Шәкірт дүниеге келмей тұрмайтыны белгілі болатын» [2,98].
Шынында да «Шәкірт» атына лайық Х.Есенжанов «Ақ Жайық» трилогиясы арқылы рух мұрагерінің қайраткерлікпен орындады. Өзі де талай түрменің есігін тоздырып жүріп, соншама «қылмысты» болып танылған ұлт зиялыларының қаһарман бейнесін тұңғыш рет туындысында сомдады. Сол себепті бүгінгі ұрпақ зерттеушілері «Батыс Алаш-Орданың тарихы бойынша жүйелі, кешенді зерттеу қолға алынбай отырғанын ашып айтуға тиіспіз. Жаңа дәуірдегі тарихымыздың мөрі өшіп, малталанып барады. Бұл дәуір тұтас тұрқымен зерттелсін десек, оның қатардағы қаһармандары жөнінде де мәлімет-деректер жиналуы жөн. Филологиялық тұрғыдан бұл істі «Ақ Жайық» трилогиясындағы тарихи шындық және көркемдік шешім проблемасын зерттеу арқылы да кеңейте түсуге болады» [2,102].
«Ақ Жайық» трилогиясында әлеуметтік таптар тастысы әр қилы мінез, көзқарас тартысы бірте-бірте қомданып, шығармаға бойлап енген сайын қоюлана береді. Жазушының бейнелеу жүйесінен өз мәнерін, қолтаңбасын айдай анық танытар талай-талай шеберлік үлгілерін аңғарамыз.
Тартыс таразысында - бір-бірімен кереғар екі өмір: Ұлттың болашағын ойлап, тәуелсіздік таңымен қауышуға асық Алаш қайраткерлері, Кеңес үкіметінің жолында қасық қанын қиюға дайын революционерлер (Әйтиев, Ипмағамбетов), жаңа өмірге бетбұрыс жасаған халық, қалың бұқара (Мәмбет, Қажымұхан), әділет жақтастары (Жүніс қажы) және олардың жолына тосқауыл, ескілік сойылын соғушы ақ қазақтар, генерал Михеев, революцияның қас жауларының бірі, қайырымсыз, қатігез Шұғыл бай.
Контро революциялық бүліктен кейін жасырын атпен, құпия ел аралай жүріп дала қазақтарына ауылдағы тап тартысының сырын түсіндіретін, адамдар санасында әлеуметтік үлкен өзгерістерді дайындаған Әбдірахман Әйтиевтің астыртын істері мен Шұғыл тұқымының озбырлығына қарсы бас көтеріп, әділет жолын құптайтын ақылды, ойлы Жүніс қажы, дүние жайлы түсінігі бірте-бірте қалыптасып, кейін революцияның мықты бір тірек, сүйенішіне айналып кететін Хакім Жүнісов характерлері арқылы жазушы адам мен қоғам қатынасының кейбір құбылыстарын оқушыға қаз қалпында жеткізген.
Қажылық жолын мүлтіксіз өткергенімен, өмірге көзқарасы, принципі, әрекет- қимылы жағынан Жүніс - кереғар характер. Күндерінің күнінде ата дәстүрінен аттап, дін ұясының өзінде, мешіт ішінде де Шұғыл баймен сілкілесіп қалады. Оның табынатын бір-ақ «тәңірі» бар: Ол - әділет жолы.
«Ақ Жайық» трилогиясы арқылы біз әр қилы көзқарастағы талай ондаған адамдар тағдырымен табысамыз: Бақытжан Қаратаев, Сұлтан Қаратаев, генерал Мартынов, Ғұбайдолла, жасақшы Мәмбет, Нұрым, Жолмұқан, офицер Абылаев, шабарман Маймақов т.б.
Ізгілік атаулының әрдайым тілегіне болып, дегендері орындалып жатқан жоқ-ты. Шығармадан талай ауыр, қиыншылық суретін көргенбіз. Бір бет өліп-тіріліп, ақыры Абылаев айуандықпен айдалада атып кеткен, бетін бүркер бір уыс топырақ бұйырмаған Меңдігерейдің қайғылы қазасы, опасыздықпен сол суық қолдан қыршын қиылған Сәлмен мен Жанғожаның ажалы ұнамды кейіпкерлер алдынан ешқандай тосқауылдың кездеспегені емес-ті. Үкім орындалатын түні камерада у ішіп өлетін Дмитриев те тілегенім осы дей алмас еді. Tac қамауда Бақытжан Қаратаев бар еді, топ революционерлер «Алланың» рақымымен кіріптарлық жұмыр қойқаның жиегін жастанбаған.
Адамдарды мінезі іс-әрекеті, арман-үміті, пиғыл-ниетіне қарай жіктеген меже уақыт. Халық санасындағы өзгерісті, халық мінезіндегі бар құбылысты қадағалағанда да біз осы заман тынысынан бағдарлаймыз. Қоғамдық сілкініс тұсында, тарихтың сын сағатында бір-бірімен жарыса өрбитін қос желінің - жаңа туып келе жатқан азын-аулақ қазақ интеллигент! мен негізі халық өкілдерінің тоғысқан арнасынан Х.Есенжанов шығармаларының идеялық мәні ашылады. Бұл - мүдде мен мүдденің табысуы.
Өмір қозғалысы, өмірдің даму спиралы, тарихи өзгеріс «Ақ Жайық» трилогиясында кең көрінген. Көркем келісім келбеті, характер құбылысы - халқымыз тарихының асқар бір белесін әр қырынан көз алдымызға алып келеді.
«Төңкеріс үстінде», «Шыңдалу», «Тар кезең» романдарының табиғатын тану, ең алдымен, ондағы халықтық характерлер құбылысын саралап ел, жер, заман өзгерісінің адамдар санына әсерін жете түсінуден басталады. Біз халқымыздың әр қилы халықтық характерлердің даму логикасын «Ақ Жайық» романына көркемдік талдау арқылы ұғынуымыз керек» [3,62].
Тарихи сананы қалыптастыру ұлт үшін нөмірі бірінші мәселе екенін қоғам қайраткерлері де, саясаткерлер де, ғалымдар да бір ауыздан қолдады. Оның қиындығы да қатар өріліп жүрді. М.Әуезов «Абай жолы» біткен соң «Абай жолы қалай жазылды» деген мақаласында «Тарихи роман жазу деген көшіп кеткен елдің жұртына келіп жерошақтан құрттай шоқты тауып алып, соны қайта үрлеу» [4,88] деген тағылымы мол тіркес кездеседі. Х.Есенжанов та сонау жас кезінде көзі көрген қайраткер ағаларының бейнесін сомдау үшін «Ақ Жайық» туындысын жазған кезде олардың есімін атаудың өзі қорқынышты болды.
Дей тұрғанмен, жағымсыз бейне формасында келтіргенімен, Жанша Досмұхамедұлының, Халел Досмұхамедұлының, Бақытжан Қаратаев, Жолдыбай Молдағалиевтің тарихи бейнелерін саф алтындай жарқыратып көрсете білді.
«Ғұбайдолла ойланып сөйледі.
-Шырағым Қаржауов, әр сөзге ақылды адам жауапты қарайды. Мен Мәмбет емеспін, Мәмбет мен емес. Әркімнің өз төбесі бар шығатын, өз орны бар отыратын. Түсінікті дейсің, Ғалиасқар Әлібековтің де кім екенін білемін дейсің. Бұл сөздер ойланып айтуды керек ететін сөздер. Менің кім екенімді Жанша мырзаның өзі де жақсы біледі. Пікір таласы о бастан бар бізде. Бірақ бұл қолға қару алып жауласуды керексітпейді.
-Жауласпаса Ғалиасқар мен Әйтиев неге құрал жинап, жасақ құрып жатыр? Әлде Ғалиасқар Сізге іні емес пе? Мұны қалай дәлелдейсіз?
Ғұбайдолла сәл ойлана түсті де, дәлелді жауап тапты.
-Ағайынды адам бір пікірде, бір ойда, бір мақсатта қала береді деген заң жоқ. Тіпті әке мен бала да кей кезде бір-біріне бейтарап қала береді. Бұған дәлелді алыстан іздемей-ақ табуға болады. Бақытжан да Қаратаев, Арон да Қаратаев. Екеуі де султан, екеуі де оқымысты, алайда осы екеуі екі идеяның адамы екені баршаға аян. Тіпті Арон төре Бақытжан төренің өз қолымен атаманның қолына ұстап берді деседі. Осыған қарағанда Ғалиасқардың өз пікірі, өз мақсаты, өз идеясы болуы әбден мүмкін нәрсе. Ал оның жолын қуу, қумау менің де өз билігімде. Мүмкін, мен оны жақтармын да, жақтамаспын да. Мұны бірақ мен ешкімнің төрелігіне салмаймын, өз ожданымның төрелігіне ғана сала аламын. Сондықтан саналы, оқымысты, ойшыл адамға «інің анадай еді» деп табалау орынсыз.
-Қойыңыз, сіз де, сіз де қойыңыз. Рақмет, мырза, отырыңыз. Шай суып қалды, - деді Хамидолла араға түсе сөйлеп.
Бірақ Қаржауов енді қайтып отырмады. Ол Ғұбайдолланың «абыройын айрандай төгемін қазір» деген оймен түксиіп отырды да:
-Маған көп нәрсе жұмбақ. Әсіресе Жанша сияқты оқымысты, тарих сырына жетік азаматтардың ісі жұмбақ. Жұмбақ демей не дерсің..Өзіндей жандарды - ой таласы, пікір таласы тең түсетін жандарды қудалаудан адамшылық арға жатпайтын қылық. Атаман Мартынов монархияшыл адам. Сондықтан оның бостандық көксегендерді атуы, асуы табиғи. Ал, өзімен бірге ұлт теңдігін көксеген, қазаққа азаттық әперемін деген Бақытжан Қаратаев пен Меңдігерей Епмағамбетовты қудалаудың мәнісі не? Қалың қазақты жақтайды, жетім мен жесірді қолдайды деп қуғындай ма?» [5,116].
Ақтың әскерінің басшыларының бірі Қаржауов мырзаның сөзімен келтірген бұл пікір де Х.Есенжановтың сол заман билеушілеріне қояр сұрағы сынды. Қаламгер туындысында жау адамның, ақтың қолшоқпарының аузымен айтқызып тұрғаны да заманның дүлейлі дауылынан хабар бергізгендей. Жазушы өмір шындығын белгілі бір уақыт және кеңістік аясында суреттейді. Шығарманың тарихи болуы, айналып келгенде, онда суреттелетін уақыт пен кеңістіктің аясындағы өмір шындығының тарихи сипаты мен суреттілігінде.
Тағы да туындыдан үзінді келтірейік.
«-Ғұбеке, - дедеі ол сабырлы үнмен, - сіздің өткен кездегі бір сөзіңіз әлі есімде. «Біз халқымызды іштей түлетіп, ой-санасын жаңартып шығаруымыз керек, ол үшін жасты жаппай оқыту, оған білім мен тәлім-тәрбиені қоса беру шарт» дедіңіз. Бұл сөз есте тұтып қана қоймай, өмір бойы алға нысана етіп ұстайтын түпкі мұрат болып келеді. Сол мұратқа жету үшін мына жаңа оқу инспекторының алдына: Жымпиты мен Қарасу, Қараоба мектептерін жоғары дәрежелі бастауыш мектебіне айналдыру, сіздің және Үйректікөл бастауыш мектептерін алты жылдық етуге, келесі жылдан бастап гимназия ашуға, бастауыш арнаулы қыздар мектебін ашуға жоба тапсырдым. Бұл жоба іске асса жыл сайын, жүздеген орта дәрежелі білімі бар жастар ел-елге таралуы хақ, болашақ семинарияға ірге тас қаланбақшы. Бұл игілікті істің басы болады деп шамалаймын. Жалғыз-ақ есіңізге салатыным, кішкене аузымен тамшылап су тасыған қарлығаштай біз де әділетсіздікке қарсы қолдан келген амалды істеген болып жатырмыз.
Анау Орал түрмесіндегі аяулы Бақытжанды босатыңыз деп атамандар хұкіметінде билердің, халық учительдерінің атынан приговор тапсырдық. Бұл алыстағы кіріптар азаматқа созған елдік қол. Ақтың әскері қызылдармен шайқасып, ел азаматтарын қырып-ақ бара жатыр. Ақтың әскері кеше арбада екі шалажансар адамды әкелді. Біреуі Әбдрахман Әйтиев те, арбада сұлап жатқан екіншісі Меңдігерей Епмағамбетов болып шықты. Мен бірден Жанша мырзаға барып «мына сұмдықты тыюға көмектесіңіз» деп сұрадым. Сол менің сөзім сеп болды ма, Жанша уалаят басшысын босатуға, ал Меңдігерейді дәрігерге жіберткізді. Бірнеше күннен бері ойланып осындағы бар учитель болып Жаншаның атына өтініші жазбақшымыз. Көмек болса ел үшін, сол Жаншадан шығады» [5,126].
Ел арасындағы оқыған азаматтар, мұғалімдер ел болашағын түсініп, Жаншамен мақұлдас болғанын байқаймыз. Қаламгер Алаш қайраткерлерінің бейнесін осылай кейіпкер аузымен суыртпақтай таратып, тарихи тұлғаның сом образын беруге күш салған. Айтылған жайлар туындының басты кейіпкерлерінің образын, Жаншаның жан шындығын, оның тоқырау, даму сипатын, сондай-ақ Бақытжанның характерін неғұрлым шынайы ашып көрсетуді қамтамасыз еткен көркемдік-бейнелеуіш құралдардың тұтастай бір жүйесін ашудың ерекшелігін танытады. Жазушы кейіпкерлердің өміріндегі ең бір шешуші сәтті таңдап алады да, оның өзінде қайшылықты, даму жағдайындағы характер шындығын жеке дара алмай, оны белгілі дәрежеде даму сатысынан өтіп болған, қалыптасқан характер шындығымен шарпылыстырып, оларды кей тұстарда бір-біріне қарама-қайшы бағытта қақтығыстырып, бірде өзара өзектес мүдде аясында табыстырып отырады.
«Әдеби шығармада ойдан шығару мен ойдан қосуға жазушы екі түрлі себепке байланысты қол артуы мүмкін: а) қаламгердің қолында жеткілікті тарихи деректер болмаған жағдайда; б) жазушы өз қолында бар белгілі деректі пайдаланудан әдейі бас тартқанда» [6,57]. Аталған екі жағдайда да Х.Есенжановтың ойдан шығаруы мен ойдан қосуы суреттелініп отырған өмір шындығының табиғаты мен тарихи даму сатыларына негізделіп отырғаны да тарихи шындық. Заманына сай шындықты айта алмай, Алаш қайраткерлерін жақша ішіндегі жағымсыз бейнеде ұсынды. Қаламгердің бұл арадағы бар ойы - жағымсыз қаһарман болса да, ертеңгі ұрпақ өзі аршып алар деген үмітпен, бар құжаты, тіпті бүгінге дейін денесінің қайда қалғаны белгісіз сол Алаш қайраткерлерінің тұлғасын көркем шығарма арқылы ел жадында қалдыру мұраты болған сияқты.
«Тарихи кезең, тарихи тұлғалардың сыр-сипатына үңіліп, тағылым аларлық сәттерге назар аудару, жас ұрпақты отаншылдық тәрбие беруге ұмтылдыру - біздің басты мақсатымыз» [7, 122], сол тұрғыдан келгенде, қаламгердің «Ақ Жайық» туындысы оған толық жауап береді.
Қазақ әдебиетінен берік орын алған шешендік сөздер үдерісі де роман- трилогияда өзінің заңды жалғастығын, сабақтастығын тапқан. Мысал келтірелік: « ...Ия, жігіттің әкесі өлсе не болар» дегенде, Жиренше шешен: «Жігіттің әкесі өлсе, асқар тауының құлағаны!» -депті... бірақ, Әміржан, әке түрлі-түрлі. Өзі өлсе де, аты мәңгі өшпейтін әке бар. Өмірі мен ісі өз баласы түгіл өзгеге үлгі болатын әке бар. Жер бітіп, су аққалы адам баласының қарай-қарай көз талған әділдік заманына қол созған кемеңгердің бірі - Меңдікерей еді, ол сол жарық дүниенің біліне бастаған таңында жазым болып кетті... Ол менің жолдасым, әрі ақылгөй ағам еді, сенің әкең еді, мына мерейі уақытша үстем болып тұрған жаудың әлегінен ол күннің шыққанын көре алмай кетті, көп үшін көксеген күнді көре алмай кетті... Тұр жасыма! - деді [8,146].
XX ғасырдың басында қазақ даласында ағартушылық идеясының басыңдыққа ие болуы - өмір шындығы. Білім алу, кәсіп иесі атану елді, халықты өркениетке бастайтынын қазақтың сол кездегі қолына қалам ұстаған айтулы ақындары мен жазушылары, бәрі-бәрі де өз шығармаларына арқау еткендігі белгілі. Көзіқарақты ел жақсылары, отбасы иелері өз ұрпақтарының оқыған, тоқыған әрі білімді болып өсуі мәселелеріне үлкен мән бере бастады. Өткен ғасырдың бас кезінде қоғам екіге бөлінгелі тұрғанда, Жүніс қажы балаларына білім беруді басты мақсат етеді. Білім ғана олардың болашағына бағдаршам болатындығын жете түсінеді. Оның үстіне жастарға үлгі боларлық білімді адвокат Бақытжан Қа ратаев пен ақылды да алымды оқытушы Қаленжас ұрпаққа өнеге боларлық жандар. Екеуін де Жүніс қажы жақсы көреді. Оларды құрмет тұтады. Айтқандарына құлақ асады. Ақылдылығы мен білімділігі, келешек тек білім мен өнерде деген сөздеріне имандай ұйыйды. Баланың бағы білім мен ашылады дегеніне құлай сенген. Өйткені, екеуінің жеке өмірлері соның дәлелі екендігіне Жүніс қажының ешбір күмәні қалмайды.
Роман-трилогияда аласапыран кезеңдегі адамдардың қоғамдық-саяси көзқарасының орнықты бола алмауының хал-ахуалы айқын көрінеді. Жайық өңірінде билік үшін күресте бірде казак үкіметі, бірде Алашорда үкіметі, бірде кеңес үкіметі бітіспес шайқас жүргізіп жатқанда, Ресейден көшіп келген шаруалар мекендейтін Богдановка селосының тұрғындары олардың ешқайсысына да болысуды ұйғармайды. Тек өздерін тыныш қоюды талап етеді. Бұл, әрине, теориялық тұрғыда мүмкін-ді. Әйтпесе, олардың қай-қайсысы болсын, майдан үшін өз мүдделеріне сай астық та, қару да, адам да, ат та алуға құмбыл еді. Сондықтан да белгілі бір билік иелерінің үкімет басына келмеуі, бірін-бірі алма-кезек алмастыруы қарапайым тұрғындардың өзіне де, тұрмыс ахуалына да қолайсыз тиді. Ел басындағы қиын-қыстау осынау шақ жазушы шығармасында ашық әрі шынайы суреттелген. Кеңестік жүйенің бастапқы кезеңіндегі сүреңсіз өмір, адам тағдыры, жазушылық лабороторияның көркем де, тағылымды елегінен аса жоғары шығармашылық деңгейде жүзеге асқан.
«Қаншама еріктіміз десек те, өз билігіміз өзімізде емес қой. Біреу ескі әдет пен ғұрыптың құлдығында, біреу өмірдің шыңырау түбінде, біреу өз басын қорғай алмай, басқа жанның жетегінде жүр. Енді біреулер дегеніне жете алмай, талпынып келеді... Талай апа мен қарындас, аға мен іні елден еріксіз, тар қапаста жатыр: надандық, қараңғылық, әділсіздік, қаталдық, жоқтық, жетімдік, тағы да осы сияқты бастан асып жатқан «дық» пен «діктер» тұншықтырып бітті» [9,275-276]. Мінеки, көркем шығармадағы кейіпкерлер тағдыры осы секілді саналуан, әртүрлі. Бірінің тағдыры екіншісіне мүлдем сай келмейді. Ұқсамайды да. Соның нәтижесінде роман- трилогияны тұтастай оқып шыққанда, адамдар өмірінің қазандай қайнаған, күрделі қым-қуат тіршілігіне толық қаныға түсесің. XX ғасыр басында ел өмірінде елеулі орын алған, талай-талай тағдырларды тарих толқынына салып, күрт өзгертіп жіберген кейіпкерлер әлемі өз оқырманын бейжай қалдырмайды.
ҚОРЫТЫНДЫ Жазушы тарих бетінде сақталған белгілі оқиғаның болған жағдайын, оның басты қозғаушы күштерін саралап талдай отырып, соның бәрінің логикалық және психологиялық дәлелін, жүйесін көркемдік заңдылықтарына орай анықтайды. Белгілі құбылыстарды жеке-дара алмай, оларды өзара және басқа тектес құбылыстармен байланыста, сабақтастықта суреттеу қазақ тарихи романын бірқатар басты және мәнді көркемдік ақиқаттарға жеткізеді. Тарихи деректің дәлдігін сақтай отырып, оған белгілі бір ой, мағына жарығын терең әрі шебер екшеп түсіру өмірлік құбылысты терең және жан-жақты ғана емес, сонымен бірге мүлде жаңа қырынан тануды қамтамасыз етті.
Х.Есенжановтың өмірде болған, нақты ақиқат құбылыстарды ғана суреттеп қоймай, қажет болған жағдайда, құбылыстың мәніне тереңдеп барып, оны жан- жақты ашып көрсету мақсатында, ақиқат деректер беретін шындықты өз мұратына орай елеулі табыстарға жеткізді. Жазушының ойлау парасаты мен шеберлігі жоғары суреткерлік тұрғы биігінде тоғысып, парасаттылық шеберлікпен, шеберлік парасат байлығымен ұштасқанда, тарихи трилогияға қойылар басты шарт - тарихи шындық пен жазушы қиялдауы арасында әсем келісім, көркемдік жарасым - салтанат құрған.
Әдебиеттер тізімі:
- Есенжанов X. Көп томдықшығармалар жинағы\\ 7 том, A., Мерекенің баспалар үйі, 2014.-392.
- Ақ Жайық Әдеби-көркем қоғамдық-саяси журнал, 2014, №4
- Майтанов Б. Қазақ романы және психологиялық талдау A., Санат, 1996.- 336.
- Қабдолов 3. Сөз өнері A., Қазақ университет!, 1992.-304.
- Есенжанов X. Тар кезең. 3-кітап. А., Жазушы, 1968.-368.
- Бердібаев Р. Қазақ тарихи романы A., Ғылым, 1979.-181.
- Алпысбаев Қ. Тарихи шығарма: таным және көркемдік. Алматы: Ғылым, 1999-281.
- Есенжанов X. Төңкеріс үстінде. l-кітап. А., Жазушы, 1968.-352.
- Есенжанов X. Шыңдалу. 2-кітап. А., Жазушы, 1988.-336.