Пиджин жəне креол тілдері қарым-қатынас құралы ретінде

      Белгілі бір
      қоғамдық ортада өмір сүргеннен кейін қажеттіліктен тіл арқылы қарым-қатынас жасау туындайды. Ол табиғи я болмаса жасанды тілдердің негізінде жүзеге асырылады. Табиғи тілдердің де, жасанды тілдердің де негізгі мақсаты сөйлеушінің мүддесін қанағаттандыру, кері байланыс орнату, яғни тілдік коммуникацияны жүзеге асыру. Мақалада жасанды тілдер — пиджин жəне креол тілдерінің пайда болу негіздері, олардың қандай мақсатта қолданылатындығы, пиджиннің креол тілдеріне айналу үдерісі сөз болады. Сонымен қатар, креол тілдерінің саны, қанша адам сөйлейтіндігі, олардың қандай аймаққа таралып жатқандығы да қарастырылған. Пиджин мен креол тілдерінің ұқсас жақтары көрсетіліп, ерекшеліктері ажыратылған. Креол тілдерінің пайда болуына негіз болған тілдер қандай, олардың сөздік құрамы мен грамматикасының қалай əсер еткендігі көрсетілген. Пиджиннің қандай мақсатта қолданылатындығы, оның өміршең емес, уақытша қарым-қатынас жасау үшін ойластырылған тіл екендігі, сонымен қатар орыс жəне қытай арасындағы коммуникация үшін қолданылған кейбір тілдік қолданыстар сөз етілген. Бұл тілдердің пайда болуының себептері, ары қарайғы даму жағдайлары түсіндірілген. Кейбір аймақта таралған креол тілдерінің ерекшеліктеріне қатысты мысалдар берілген.

 

Қоғамды алға ілгерлететін, адам ойын жетілдіріп, ұжымдық сананың қалыптасуын қамтамасыз ететін құрал — ол тіл. Тілдік қарым-қатынас арқылы адамдар бір ортаға шоғырланады. Ұжым түрлі жағдайдан пайда болады. Ежелден бір географиялық өңірде ұзақ мекендеген орта болады немесе түрлі жағдайларға байланысты ортүрлі географиялық аймақтан құралған орта болады. Екінші жағдай көбіне тілдердің тоғысуына, жасанды бір тілдердің пайда болуына əсер етеді. Пиджин немесе креол тілдері көбіне бірнеше тілдік элементтердің (сөз, дыбыс, грамматикалық формалар) қосылып, ықшамдалып, бір-бірін оңай түсіну мақсатында жеңілдетілген түрде келеді. Яғни табиғи екі немесе бірнеше тілдің қосылып, жаңа бір жасанды тілдердің дүниеге келуіне əкеп соғады.

Пиджин — бұл көптілді аймақта қарым-қатынас жасау қажеттілігінен туындаған аралас тілдің бір түрі. Əртүрлі территориядан келген адамдардың түрлі тілде сөйлеуші халықтар арасында, Ямаика, Гаити аралдарында т.б. жерлерде пайда болған [1; 123]. Бастапқыда «pidgin инглиш» (ағылш. Pidgin English) «іскерлік тіл» деп аталды (pidgin from bisness — бизнес), оңайлатылған тіл Оңтүстік Қытайдың көптілді порттарында коммуникацияның қосалқы құралы ретінде өздігінен пайда болды. Оның сөздік қоры — ағылшын тілі, əдетте фонетикалық жəне семантикалық жағынан бұрмаланған: nusi-pepa — кітап, news-paper-дан алынған хат — газет, mary — əйел, pidjon — құс жəне т.б., ал грамматикасы — қытайша. Пиджиннің əлеуметтíк беделі жəне материалдық субстраты толыққанды (туған немесе импортталған жəне т.б.) тілдің беделімен жəне байлығымен салыстыруға келмейді. Пиджинді қысқартылған көмекші тіл деп атайды, ол жағдайға байланысты шектеулі коммуникативті функцияларды орындайды жəне осы тілде сөйлейтіндердің ешқайсына ана тілі бола алмайды.

Сауда саласында пайда болған жəне қолданылған пиджинді кяхтиндік немесе кяхтин пиджині деп атайды, (Кяхта — Ресей мен Қытай шекарасында орналасқан) немесе XIX ғасырдың ортасында С.И. Черепанов сипаттаған «орыс тілінің қытай есімдігі» деп аталды. Бұл «есімдіктің» негізін орыс тілі өте жеңілдетілген (қытай тілінде) грамматикамен — септеусіз жəне сөз тіркестерінсіз жасайды. Кяхтиндік пиджин тілін Маймачень қаласының саудагерлері (Кяхтаға жақын) жəне орыстар «өзара білместіктің кесірінен» қолданатын. Мұндай орысша — «тіл» «шала» болып көрінетін жəне оны қолдану «қытайша сөйлеу» дегенді білдірді. Мысалмен келтіретін болсақ, былайша көрсетуге болады:

  1. Қытайлықтарға қиын болатын дауыссыз дыбыстардың тіркесуінсіз келетін орыс сөздері бұрмаланбастан айтылады, бірақ буындарға бөлінеді: хорошо — хо-ро-шо, молоко — мо-ло-ко, т.б.
  2. Дауыссыз дыбыстардың тíркесуí бар сөздерде (буындарда) өзара аралас дауысты дыбыс пайда болады: прошу — порошу, два — дува, жарко — жареко, шампанское — шамапанесеки.
  3. -ся етíстíгí -иза болып өзгеріп қолданылады: бояться — боиза, дерутся подериза (-по сөз алдындағы қосымшасы көптеген етíстíктерге қосылып айтылады: гулять — погули, ходить — походи).
  4. Қалыптасуы бойынша қиын «ұзын» орыс сөздерінің орнына олар көбінесе жаңа ішкі формамен құралатын сөз тíркестерíне алмастырған: шешендíк сөзінің орнына — бал тілі, қолғап (перчатки) — қол етік.
  5. Зат есімдер, сын есімдер, сан есімдер, есімдіктер, əдетте, атау септігінде сəл өзгертіліп қолданылады: Семена — Семен, дома — дом, лошаки хвоса — лошадиный хвост, вчера день — вчерашний день, медведи коже — медвежья шкура.
  6. Сын есімдер мен сын есімдердің салыстырмалы дәрежесі лучше (лучеше) сөзінің қосылуы арқылы жасалады: лучеше беленьки — белее, ал күшейтпелі түрі шибко үстеуінің қосындысы көмегімен жасалады (шипики): шипики беленьки — белейший, самый белый.
  7. Реттік сан есімдер есептік сан есімдер жағынан ерекшеленбейді: одина — 1) «один», 2) «первый»; дува, тери, чотыре, пяти, шесети, сема, восема, девяти, десяти.
  8. Жіктеу есімдіктері тәуелдік есімдіктердің формасына ие (моя орн. я, твоя орн. ты, ево, он), олардың «септелуі» за сөзі (шылауы) арқылы жүзеге асады: за моя — 1) ко мне, 2) у меня, 3) мой.
  9. Етістіктердің уақыты было сөзінің көмегімен жүзеге асады: еса (есть), буду, погули было — гулял, гуляли; погули еса — гуляю, гуляем; погули буду — буду гулять.
  10. Фразалар (орыс саудагерінің әйелімен қытайдың диалогы):

Илисандера за тиби кака подумай за моя пришел еса? (Александра, как полагаешь, зачем я пришел?)

Погули еса, господине Далай. (В гости, господин Далай).

Осыған ұқсас пиджин басқа негізде болса да (орыс-норвегиялық) солтүстік поморлардың қолданысында болған, орыстар мен норвегиялықтар (оны «ruska-norsk» деп атайды), оның лексикасы орыс, норвег, неміс, ағылшын сөздерінің қосындысы [2; 58].

Этносаралық қарым-қатынастың қосалқы тілдері ретінде пиджин көбінесе Жерорта теңізінің ірі порт қалаларында, қалаларда (ескі жəне жаңа) жəне ауылдық жерлерде (әсіресе көп тілді маусымдық жұмысшылары бар плантацияларда) Африка, Америка жəне аралдарында (Ямайка, Гаити жəне т.б.) пайда болды. Пиджиннің негізгі тілдері көбіне ағылшын, француз, испан, португал жəне басқа да еуропалық тілдер, субстрат тілдері — жергілікті этностардың тілдері болды.

Креол тілдері пиджиннің дамуы негізінде пайда болады. Белгілі бір қоғамдық ортада уақыт өте келе пиджин отбасылық қарым-қатынас тілінен ұжымдық деңгейге дейін көтеріліп, коммуникативтік қажеттілікті толығымен өтейді де, қоғам мүшелерінің басын біріктіруші жалғыз тілге айналады. Өсіп келе жатқан жаңа буын бұл тілді ана тілі есебінде қабылдайды. Бұл үдерісті тіл білімінде пиджиннің креолденуі деп атайды.

Көмекші тіл ретінде пиджиннің шағын сөздігі мен жеңілдетілген грамматикасы бар. Сөйлеушілер арасында бірізділік жоқ, дыбыстарында, сөздерінде айырмашылықтары болады, грамматикасы тұрақталмаған, этникалық диалектілер есебінде жұмсалады. Креолдену үдерісінде сөздік қоры ұлғайып, фонетикалық жəне грамматикалық құрылымдары күрделене түседі, бірте-бірте қалыптана бастайды. Алайда табиғи тілдермен салыстырғанда қарапайым болып табылады. Креолдену үдерісінің бастапқы кезеңінде пиджин немесе креол бірден ажыратылмайды, ол ұзақ уақытты қажет етеді. Себебі креолдену үдерісінің өзі тұрақты емес, ол сөйлеушілердің сол тілді қаншалықты ана тілі есебінде әрі қарай пайдаланатындығына байланысты. Қазіргі уақытта креолдің 60-тан астам тілі бар. Бұл тілдерде жалпы 30 миллионнан астам сөйлеушілер бар. Креол тілдерінің көпшілігі батыс Еуропалық тілдер негізіндегі пиджиндердің дамуы нәтижесінде пайда болған. Еуропалық емес негіздегі креол тілдері де бар, мəселен, Заирдегі китуба тілінде 5 млн. сөйлеуші, Конго Халық Республикасындағы мунуктубаның 1, 5 млн. сөйлеушісі бар.

Пиджиннің креолденуі түрлі әлеуметтік жағдайларға байланысты болған. Әртүрлі ұлт өкілдерінің отбасын құруы, бір жерде (плантацияларда т.б.) жұмыс істеуі немесе африкалық құлдардың, босқындардың бір жерге жиналып ортақ тіл табысуы нәтижесінде жүзеге асқан. Олардың сөздік қоры пиджин есебінен толығып отырған. Өз жерінен зорлықпен көшіріліп алып келген адамдардың сол орта тілін үйреніп (ағылшын не болмаса француз т.б.), уақыт өте келе бейімделмеуінің бір себебі олардың жергілікті адамдарға деген (қожайындары күштеп əкелген адамдар) жиіркеніш сезімі еді. Сондықтан олар бір-бірімен тілдік қарым-қатынас жасау үшін өз тілдік кеңістігін тудырған. Бұл олардың (құлдар мен қоныс аударушылардың) басқа тілді үйренуге деген қабілетінің болмауы дегенді білдірмейді. Креол тілінің пайда болуының бір себебі демографиялық өсімге жəне адамдардың санына да байланысты. Мəселен, креолденудің бастапқы кезеңінде (сөздік қоры мен грамматикасы бола тұрса да) мұны қайта меңгерген (егер де саны көп болса) адамдар өз тараптарынан грамматикасы мен лексикасына өзгерістер енгізіп, дамыта алған. Яғни, бұл тілде (креол) бастапқы сөйлеушілерден туған балалары өздерінің ата-аналары жасап берген тілдің құрылымымен ғана сөйлеп қоймаған, өз тараптарынан бірнеше өзгерістер енгізген.

Креол тілдері құл саудалаудың қызған кезінде XVII-XVIII ғасырда пайда болды. Ұзақ уақытқа ХІХ ғасырдың соңына дейін креол тілінде сөйлемейтіндердің бэрі оны ағылшын (немесе француз, португал жəне басқа тілдер) тілдерінде таза сөйлей алмау деп түсінді. Мұны жүйелі түрде зерттеу, арнайы жеке тіл ретінде қарастыру тек 1960 жылдардан бастау алды [3; 158]. Бұл мәселені арнайы зерттеген лингвистер елу-алпыс шақты креол тілі бар деп есептейді. Бұл тілдердің әрқайсысының бір еуропалық (көбіне ағылшын, француз, португал) тілге негізделген сөздік қоры, біршама грамматикасы бар.

Креол тілдерінің ішіндегі ең танымалы — гаити тілі. Гаити аралының 9 миллион адамы оны өз ана тілі есебінде қабылдап, сол тілде сөйлейді. Тағы бір үлкен топ — папьяменто тілі. Бұл тілде Кюрасао аралының бірнеше мың тұрғыны мен Венесуэла төңірегіндегі аралдардың тұрғындары сөйлейді. Тарихи жағдайларға байланысты папьяменто тілі испан, португал жəне голланд тілдерінен құралған [3; 159].

Гаити тілі (креол) XVIII ғасырдағы француз тілінің өзгертілген нұсқасы негізінде жасалған. Лексикасын француз тілінен басқа, Батыс жəне Орталық Африка тілдерінің, сонымен қоса, араб, испан, португал, ағылшын тілдерінің сөздері құрайды. Мысалы: bagay — үлкен, lalin — ай, sis — күн, moun — аяз, zero — қолшатыр т.б. Грамматикасы жеңілдетілген, сөздер қалай айтылады (дыбысталады) солай жазылады. Бұл тілдің Fablas жəне Plateau деп аталатын екі диалектісі бар. Осы тілдің пайда болуына құл саудасы эсер еткен. Африкадан Америкаға әкелінген құлдар ойластырған тіл болып есептелінеді. Гаитилік креол тілінде 32 дыбыс бар: aanb ch, d, e, è, en, f g, h, i, j, k, l, m, n, ng, o, ò, on, ou, oun, p, r, s, t, ui, vwyz. Мұнда c, q, u, x дыбыстарының болмауына байланысты c, q орнына ku орнына ou, oun, ui қолданылса, x орнына k мен sk мен z дыбыстарының комбинациясы қолданылады.

Папьяменто тілінің екі негізгі диалектісі бар. Олар: Аруба жəне Кюрасао. Бұл екі диалект бір- бірінен дыбысталу ерекшелігі арқылы ажыратылады. Мəселен, Аруба диалектісінде сөздер «о» дыбысына аяқталып дыбысталса, Кюрасауо диалектісінде «u» дыбысына аяқталады: Palo/Palu. Сонымен қатар кейбір лексикалық жəне интонациялық ерекшеліктері де бар. Бұл тілдің негізгі сөздік құрамының 60 %-ын роман тілінің, 25 %-ын голланд тілінің сөздері құрайды. Бұдан бөлек, лексикасында португал, испан, ағылшын, аравак, кейбір африка тілдерінің де сөздері кездеседі. Мысалы:

Роман тілдерінен алынған сөздер:

1<.иá? (порт. qual?, исп. cual?) — қай? қандай?

Barbulet (порт. Borboleta) — көбелек

Sapatu (порт. Sapato, исп. Zapato) — туфли (аяқ киім)

Kacho (порт. жəне исп. Cachorro) — ит

Galrna (исп. Gallina, порт. galinha) — тауық

Siudat (исп. Ciudad, порт. cidade) — қала.

Голланд тілінен алынған сөздер:

Blou (нид. Blauw) — көк

Buki (нид. Boekje) — кітап

Lesa (нид. Lezen) — оқу

Apel/aplo (нид. Appel) — алма.

Ағылшын тілінен алынған сөздер:

B0ter (ағыл. Bottle) — шөлмек.

Креол тілдерінің кең өріс алуы Атлант мұхитының жағалауына байланысты. Мұның себебі тарихтағы ірі географиялық жаңалықтар осы мұхит тарихымен байланысты. Бір елден бір елге теңіз жолдары арқылы шығу, мұхит арқылы қатынау сол заманның көптеген жаңалықтарының шығуына, мэдени, тілдік қарым-қатынасының артуына экелді. Осының негізінде ағылшын, француз, португал, испан, голланд тілдерінің негізіндегі пиджиндер пайда болды. Бұған Батыс-Үнді (Вест-Индия), Оңтүстік Америка жəне Африканың батыс жағалауында қолданылатын 30-дан астам жаңа креол тілдері жатады.

Тілдің социолингвистикалық сипаттамалары тұрғысынан креол тілі — тіршіліктің ерекше формасы. Креол тілдерінде шамамен 30 миллиондай адам сөйлейді дедік. Олардың әлеуметтік жəне тілдік ерекшелігі неде? Креол тілі пиджинге ұқсас. Бірақ креол мен пиджин тілдерінің арасында айтарлықтай айырмашылықтар бар. Пиджиннің тек «әлеуметтік субстраты» (сауда, урбанизация, көші-қонға байланысты) бар, бірақ оның этникалық құрамы жоқ, яғни ол ешбір халық үшін ана тілі болып есептелмейді, тек белгілі бір уақытша тілдік қарым-қатынасты жүзеге асыру, өзара түсінісу үшін ғана қажет. Креол тілі, керісінше, ең алдымен, белгілі бір этникалық үдерістің — интеграцияның, этно-трансформациялық консолидацияның немесе араласудың нәтижесінде пайда болған жаңа этностар тұлғасындағы этникалық субстрат (кеңестік этнограф Ю.В. Бромли ұсынған бұл терминдер біріктіру процесінің этникалық топтарын білдіреді) [2; 60].

Креол тілі кез-келген табиғи тіл сияқты, өзінің ішкі заңдылықтарына сəйкес дамуға қабілетті, кеңейтілген сөздік қоры жəне дербес дамыған грамматикасы бар толыққанды тіл деп айтуға болады.

Креол тілі өз жолын пиджиннен бастайды жəне біртіндеп дербес, құрылымдық тұрғыдан екінші тілге айналады. Пиджин ешқашан ана тілі бола алмайды, ол әрқашан оған қажетті қосымша болып қала береді. Креол ана тілі бола алады (көбінесе пиджин қолданған адамдардың екінші буынында) жəне этникалық әртүрлілік пен көптілділік жағдайында жалпы, ұлтаралық тіпті этносаралық тілдің функцияларын орындайды.

Қазіргі уақытта креол тілдерінде сөйлейтіндердің жалпы саны өсуде. Негізгі тілдер — ағылшын, француз, испан жəне португал тілінде сөйлейтін пиджин тілдерінен құралған креол. Бұл тілдердің грамматикасы еуропалық тілдердің грамматикасына мүлде ұқсамайды.

Креол тілдерінің үлкен аумақтық бөлінбеуіне қарамастан, олардың пиджиннен қалыптасу механизміне жəне одан əрí қарай жеке тіл санатына айналу механизміне байланысты құрылымдық ұқсастықтары бар. Р.У.Томпсон «Ескі жəне жаңа əлемдердщ диалектілерін жақындастыратын кейбір ерекшеліктер» мақаласында, жаңа əлемнщ әртүрлі еуропалық тілдер негізінде пайда болған креолизацияланған диалектілері «бірнеше ортақ құрылымдық ерекшеліктерге» ие екенін айтып, мұндай ұқсастық кездейсоқ емес, олар «генезис пен дамудың бірыңғай моделіне» бағынатынын айтқан болатын [2; 60].

Осылайша, ол Жаңа əлемнщ ағылшын жəне француз креол тілдерінде (Кариб теңізінде) байқалатын белгілер Ескі əлемнщ қалыптасқан португал диалектілерінде (Африканың жағалауындағы, Үнді субконтинентінде, Малайзия архипелагында жəне Шығыс Үндістанда, Макао, Гонконг жəне Шанхай аралдарында), сондай-ақ Филиппин аралдарының креол-испан диалектілерінде кездеседі. Олар мынандай айқын белгілерді құрайды: а) олардың етістік жүйесінің біркелкілігі: бір өзгермейтін негіз тиісті бөлшектерді қосумен мезгілді, форманы, көңіл-күйді білдіру үшін қолданылады: mwe te maze — Мен жедім (te — өткен шақ көрсеткіші), mwe ke maze — Мен жеймін (ke — келер шақтың көрсеткіші); б) қарқындылықты немесе көптілікті білдіру үшін қайталауды кеңінен қолдану: pedra-pedra — тастар, amigo-amigo — достар, grande-grande — өте үлкен, dulce-dulse

  • өте тәтті, china-china — қытай халқы; im taak, im taak, im taak — bot im no se notin — Ол көп сөйлейді, бірақ ештеңе айтпайды (соңғы мысал Ямайка аралының креол тілінде келтірілген); в) зат есімнің мағынасын білдіретін «зат» есімдіктің «не?» деген сұрағына жауап беріп қолданылады; г) ортақ лексикалық-семантикалық заңдылықтар, атап айтқанда маңызды омонимия: бастапқы тілдің фонологиялық жүйесін жеңілдету нəтижесíнде (крио тілінде): 1. at — heart (ағылш. heart [ha: t]), 2. at
  • қалпақ (ағылш. haet [haet]), 3. at — зақымдау (ағылш. hurt [ha: t] сөзінен) жəне толық мағыналы жəне қызметтік сөздердің мағынасының кеңеюі нəтижесíнде (сол крио: dem — 1) 3-ші жақтағы көптік жалғаумен қолданылған өздік есімдігі; 2) көпше түрдегі сілтеу есімдігі 3) позитивті плюративті шығарудан кейінгі формант (ағылшын. them [dem]) [2; 61].

Қазіргі уақытта креолизацияланған тілдердің классификациясы жүргізілуде (олардың генетикалық бастауын ғана емес, сонымен қатар құрылымдық ерекшеліктерін ескере отырып), күн тәртібінде «жалпы креол грамматикасын» құрастыру бар. КСРО Ғылым Академиясының коресспондент-мүшесі В.Н.Ярцеваның жауапты редакторлығымен шыққан еңбекте креол тілдерінің типологиясына қатысты зерттеулер келтіріледі [4; 158]. Генеологиялық жіктелім бойынша пиджин не креол тілдерінің бір семьяға не топқа жатуы мүмкін емес. Себебі олар әртүрлі тілдер тобына жататын тілдерден құралған. Сол себепті аталмыш тілдердің типологиялық классификациясы генеологиялық классификациямен сəйкес келе бермейді. Айта кететін бір ерекшелік, креол тілдерінде сөйлейтін халықтар бір-біріне жақын орналаспаса да, бірі жердің бір шетінде, екіншісі арғы шетінде бола тұрса да, тілдерінде ұқсастықтар бар. Мысалы: сранан (Суринам) — borcotigri, джагва-таак (Ямаика) — broshtaiga, крио (Сьерра-Леоне) — brohshtaiga, ағылшын — brush (щетка), tiger (тигр). Бұл тілдердің пайда болуының мерзімі де əртурлí. Мұны ғалымдар бірнеше себеппен түсіндіреді. Олар мыналар: универсалды грамматика əсерíнен; креол тілдерінің бəрí португал тілінен бастау алады; ана тілі есебінде қолданған Африка тілдерінің ықпалының болуы; еуропалық диалектілер мен тілдердің əсерí. Алайда бұл аталғандар кейбір тілдік деректерді түсіндіріп бере алса, ал кейбіреулеріне мүлде жауап бере алмайды, əлí де болса терең зерттеуді қажет етеді. Бар тілдердің фонетикалық, лексикалық, грамматикалық негіздерін басшылыққа ала отырып, жаңадан басқа бір тіл жасап шығару қиындық тудырмайды. Әсіресе тілдердің тоғысуы жағдайында, әртүрлі тілде сөйлеуші адамдардың бір жерге шоғырлануы кезінде түрлі тілдік элементтерді араластыра отырып жүзеге асыруға болады. Дыбыстарды ойната, құбылта отырып, сөздердегі дыбыстарды алмастыра отырып, өз тілінде бар я болмаса жоқ ережеге сай жаңадан сөздер жасап шығаруға болады. Мысалы, орыс тілінің богатство сөзін гбвотсато деп берген сияқты. Орыс тілінің ережесінде гбв-дан басталатын буын болмағанымен, кейбір африка тілдері үшін бұлай келуі таңсық жағдай емес [5; 95].

Қорыта айтқанда, тіл — адам қатынасының, ойлаудың, мздениеттің аса маңызды құралы. Қарым-қатынас майданына түскен сайын бұл құралдың икемділігі артып, шыңдала береді. Бірақ тілдің мұндай қасиеті оның қызмет етуіне, жетілуі мен дамуына айырықша көңіл бөліп, шынайы қамқорлыққа алып отырудың барысында ерекше жандана түседі. Белгілі бір тілдің пайда болып, оның өміршеңдік сипат алуы сол қоғамдық ортаға, əлеуметтíк жағдайды қанағаттандыруға байланысты болмақ.

 

Əдебиеттер тізімі

  1. Хасенов Ə. Тіл білімі / Ə.Хасенов. — Алматы: ЖШС «Санат» баспасы, 2003. — 416 б.
  2. Бондалетов В.Д. Социальная лингвистика / В.Д. Бондалетов. — М.: Просвещение, 1987.
  3. Янсон Т. Тіл тарихы / Т. Янсон. — Алматы: «Ұлттық аударма бюросы» ҚҚ, 2019. — 244 б.
  4. Теоретические основы классификации языков мира / под. ред. В.Н. Ярцева. — М.: Наука, 1980.
  5. Фолсом Ф. Книга о языке / Ф. Фолсом. — М.: Прогресс, 1977. — 155 с.
Тег: Сауда
Жыл: 2020
Категория: Филология