Қазақ халқы ежелден ақыл мен ойды қастерлеген. Осы негізде даналардың, билердің, шешендердің терең ойларын, тамаша сөздерін ұрпақтан-ұрпаққа ауыз екі сөз өнерімен жеткізіп отырған. Сондықтан да көне заманда айтылған бабаларымыздың ақыл, нақыл сөздері бүгінгі мəдениетімізбен терең байланысып, ұштасып жатыр. Халқымыздың дəстүрі бойынша белгілі адаммен дастархандас болып, оның тың өнегелі əңгімесін тыңдау, ой түйіндерін есту айрықша құрмет, ерекше мəртебе болып саналған. Сонымен қатар, ата-аналар ұрпағын аңыз-əңгіме, өлең-жыр, мақал-мəтел, хисса- дастандарды əдіс ретінде қолдана отырып, ұлттық дүниетаным жүйесінде тəрбиелеген. Ең негізгі мақсаттарының бірі – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасын тауып келе жатқан осынау тау сілеміндей мол мұраны барынша бағалап, ізгі дəстүрдің, үлгі-өнеге мен тəрбиенің көзі ретінде бүгінгі өмірімізге орнықтыра білу – басты парыздарымыздың бipi деп ойлаймыз. Бүгінгі таңда біздің қай-қай ісімізде болмасын, табандылық, белсенділік бəр-бəрі сынға түседі. Жаңа жағдайда жаңаша ойлай білу, дүниені дұрыс түсіне білу биік белестерге шығарады. Жоғарыда көрсетілген тұжырымдарды ескере отырып, болашақта жас ұрпақты қазақ халқына тəн ойлау қабілетінің epeкшeлiгiне үйретіп, сөз құдіретін мейлінше еркін қолданып, оны түсініп, философиялық сөз кестесін қиын сəтте, қажет жағдайда қолдануға тəрбиелеу соны маңызды құбылыс деп есептейміз.
Кіріспе
Қазақ ойлауында ғажап диалектикалык ceзім бар. Қазақ ойлауы айтысқа, сайысқа, сұхбатқа, диалогқа негізделіп келеді жəне басқа халықтарда кездеспейтін импровизация түрінде беріледі: қазақ ақындары, билері мен шешендері өз ойын алдын-ала дайындап алмайды, талас-тартыс тұсында табанда суырып салып, қарсыласына атқан оқтай дəл тигізеді.
Тілімізде «би», «шешен» деген сөздердің əлдеқашан бip мағынаға бірігіп, бірін-бipi ауыстырып кеткені белгілі. Бірақ, би болу үшін бip ғана сөзге шeбepлiк жеткіліксіз. Шешен би ең алдымен елінің шежіресін, тарихын, ұлылы-кішілі ел басынан өткен уақиғаларды, тарихи қайраткерлерді, əcipece дау-талап, соғыс-бітім мəселесін реттеу тəртібін, екінші сөзбен айтқанда, əдет заңын жетік білуге тиіс. Қарапайым қазақтың баласына табиғат тамаша ақыл, ерекше ойлау қабілеті мен тіл берген [1; 91].
Мақалада арқау болып отырған қазақ дүниетанымындағы ойлау мен сөз мəселесі бүгінгі күннің өзекті мəселесіне айналып отыр. Қазақ халқының ертеден келе жатқан өзіндік философиясы бар. Олар сонау əл-Фараби, Ахмет Иассауи, Жүсіп Баласағұни, Қорқыт, Асанқайғы, одан кейін билеріміз – Төле, Қазыбек, Əйтеке тұрғанда қазақтьң ұлттық рухани ой-жүйесі дамымаған деп кім айта алар? Билеріміздің шешендігі, хандардың даналығы, жыраулардың толғауы, кешегі Абай, Шоқан, Ыбырай алдындағылар философиялық қазыналар емей немене.
«Жүйелі сөз жүйесін, жүйесіз сөз иесін табатынын» білген халқымыз əpбip сөзді орынымен, халық пайдасына сай қолдануға барынша тырысқан. Елдестірмек елші сөз кестесін келтіре отырып, халыққа көл-көсір пайда əкеле білген. Ел мен ел, ру мен ру, ағайын-жат арасында болып тұрған келеңсіз дау-дамайларды барынша екі жаққа да тиімді шешуге тырысып, ымыраға, бейбітшілікке шақырып, келісімді үндеу тастаған.
Сөз саптау ұғымының мазмұны сөйлеу тəсілі тұрғысынан алып қарағанда түрлі үлгілер арқылы анықталады. Олардың қатарына «тауып», «қазып», «жарып» сөйлеудің небір көзқарасты үлгілері жатады. Солардың бірі мақалдап сөйлеу. Мақалдап сөйлеу шешендік сөздердің арнау, толғау, билер дауы түрлерінің бəрінде де кездеседі. Мақал-мəтелдер бірде дəлелдеуді қажет етпейтін аксиомалар ретінде қолданылса, енді бірде философиялық кең ауқымды ой кешудің нəрі, тұздығы ретінде қолданылады.
Зерттеу əдістері
Зерттеу барысында танымдық, пікірталастық, жалпы, жеке, əдістері пайдаланылды, атап айтқанда: гносеологиялық, диалектикалық, логикалық, талдау, индукция мен дедукция, салыстырмалы жəне т.б.
Пікір-талас
Даналық барлық халыққа тəн құбылыс. Соның ішінде қазақ даналығы өзіндік қасиетімен ерекшеленеді. Мысалы, қазақ халқына тəн ол естіген, көрген нəрсесін есте сақтап қалу қасиеті. Ол ең алдымен қазақ халқында жазба əдебиетінің, жазба дəстүрінің дамымағандығына байланысты. Елдің тарихы, ел басынан өткен ұлылы-кішілі оқиғалар, тарихи қайраткерлер туралы деректер, ақылды- аталы сөздер мен өнеге-өсиеттер, осылардың барлығы қағазда емес, халық жадында өлең-жыр, аңыз- əңгіме болып сақталған, ел аузында өмір сүрген. Ұлттық тарихымыздағы ойшыл-кемеңгерлердің айтқан шешен сөздері ұрпақтан-ұрпаққа ауызша тарап, қазақ халқының фольклорында, халық ауыз əдебиетінде ерекше орын алып, дерекнама қорын молайтты. Бұдан түйіндейтініміз, халқымыздың рухани өмipi аса бай, əcipece, ауыз əдебиеті кең тараған. Қазақ кез келген құбылысты өлеңге айналдыра білген. Шыны керек, кең сахараға тəн еркін ойлаушылық, ықылым заманнан бepгi уақытта ата-бабаларымыздан қалған данышпан, нақыл сөздердің шашауын шығармай, бip жүйеге келтіре сақтап, өзгеріссіз жаттап алушылық жəне əр кезеңде болашақ ұрпаққа мұра ретінде жеткізу қазақи философиялық ойдың дамуында, тарихында керемет құбылыс. Көшпенді халықтың осындай ерекшелік қабілетін Шоқан Уəлиханов былайша бағалайды: «Қазақ өздерінің көне аңыздары мен наным-сенімдерін қайран қаларлықтай сақтай білген. Одан да өткен ғалабы сол, байтақ даланың əр шалғайындағы, əcipece өлең-жырлар еш өзгеріссіз, бip қолдан шыққандай қайталанатынын қайтерсіз. Көшпелі сауатсыз ортадағы ауызша тараған осынау үлгілердің бip-бipiнен қылдай ауытқымайтыны адам айтса, нанғысыз қасиет, алайда күмəн келтіруге болмайтыны шындық».
Тарихта ойлау табиғатын түсіндірудің əртүрлі жолдары болды. Осылардың ішіндегі неғұрлым кең тараған түpi ойлық туындыларды тілдік туындыға, ойды тілге телу тенденциясы болды. Түсіндірудің мұндай жолының, сөзсіз белгілі дəрежеде маңызы бар, өйткені, тек тіл ғана ойды бейнелеудің ең бірінші жəне объективтендіру құралы болып табылады.
Қазақ дана халық, сонысымен де дара халық. Қазақ рухани дүниесіндегі даналықтың дүниетанымдық негізі оның болмыстық қасиетінен көрінеді. Бұл – халқымыздың ұлттық рухани фи- лософиясы, жоғары деңгейдегі танымдылығы, адам баласының рухани мəдениетінен мол хабары бар дарашылдықтың жалпылығы, ұлттық мінез, ұлттық тарихтан бастау алатын адамның болмыстық қасиеті. Даналық қасиет — өткенді таразылау, болашақты болжау, қaзipгi icтің түйінін ашу сияқты күрделі ой-əрекеттермен тығыз ұштасқан.
«Басқа пəле – тілден». Данышпандықтан туған тұрлаулы тұжырым, өнегелі ғибратты сөз. Нақты сөзге айналған, философиялық ой-түсініктің негізгі мазмұны сөз өнepi, тіл өнерінің қадірін, құдіреттілігін түсіне білу де жатыр. Бұдан түйіндейтініміз, кемеңгер ойыңды халқыңа айтып жеткізе білер тiлiң болмаса, білгеніңнен не пайда. Қазақтың сөзге көсем, ділмар билері мен шешендері сияқты даналар сөздің қадір-қасиетін, ондағы ой- пікірдің қадір-қасиетімен өлшеген. Данышпанның танымында сөз өз бетімен құрылып жақсы да, жаманда бола алмайды; «Ой, ойдың жүйесі жаман бол- са, оны жеткізіп тұратын сөзде жақсы емес, егер сөз жүйесіндегі ой жақсы болса, онда, сөздің өзі де жақсы. Сұлу айтылған сөздің мəні мен мағынасы таяз болса, бұл – ақылдың, ойдың мешеулігінің белгici, ал сөздің мəні мен мағынасы терең келіп, оның айтылу реті бұзылып жатса, бұл – шешеннің сөйлеу өнеріне тəн кемшілік [2; 46, 47].
Бұл жерде ғұлама аз сөзге көп мағына берген, əpi əpбip сөздің мағынасының аясын кеңейте білген ділмарлығы да ерекше дараланып тұр.
«Ақылыңды, сөзіңді ақылсызға қор етпе, ақылдыға айт.
Не cөйлeйтiнiңдi біл,
Кімге сөйлейтініңді біл,
Қай жерде сөйлейтініңді біл,
Қай кезде сөйлейтініңді біл,
Қалай сөйлейтініңді біл», — деген екен. Айтылған сөздің астарында қыруар қордалы, арналы ағымды философиялық ой жатыр.
Қазақ даналары, би-шешендер мұрасы – ұлт, замана, мемлекет тағдырын, өмір, тіршілік, тұрмыс құбылыстарын, адамгершілік дүниесін жан-жақты қозғап, елдің таразылайтын, ғаламат тұжырымды, тұрлаулы пікірлер қорытатын, нəзік талдаулар жасайтын, туған халқының ақыл-ой дəрежесін, рухани болмысын танытатын теңдесі жоқ өмір оқулығы. Даланың дархан даналары «Көп сөз басты жерге əкеліп иеді, сөз білгенге патша тағы тиеді» (Ж.Баласағұни), «Ойлы сөз көпті ұтады, ойсыз сөз басты жұтады». (А. Игүнеки), «Қылыштай тілмен жаһанды жеңуге болады» (көне жазу ескерткіші) деген қанатты ойлар өрбітіп, сөз құдіретіне табынған, баға жетпес гayhap деп түсінген. Шешендік өнер тарихында əрқайсысы жеке бip дəуірге лайық осынау дүлдүл ділмарлардың ойлау ерекшелігі, кең кұлаштылары, ұтқырлық, тапқырлық, алғырлық қасиеттері, тіпті мейлінше оралымдылығы, салыстыруға сұңғылалығы, жалпыдан жекеге, (дедукция), жекеден жалпыға (индукция) аналогиялық ой-қорытуларға орасан əрекет, сыншылдық қабілеті, логикалық жүйелілігі таңдай қақтырады.
Тағы бip байқағанымыз, айтар өнегелі сөзін, батасын жұмбақтап жеткізу арқылы ақылгөй дана қариялар сөз өнеріне бой ұрған ұрпақтарының берген жауаптарының негізінде олардың шебер сөзге, даналыққа деген ынтықтарын сыннан өткізсе керек. Бұл да өзінше бip даналықтың шыңдау мектебі еді. Қазақ даналығының тағы да бip ерекшелігі қазақтың ойлау əдісінің метафоралығында. Яғни, айтатын ойын жұмбақтап, тұспалдап, мақалдап жеткізуінде. Əрине, бұлардың əрқайсысы өзінше жеке дара күйінде кездеспейді. Қайта бip-бipiмен бipiгіп, қойындасып, өзара байланыста болатын сөз саптау тəсілдері түрінде кездеседі. Көп жағдайда дана билер, шешендер айтқалы отырған затты немесе құбылысты, оқиғаны айқындай түсу үшін оларды өзге бip зат, құбылыспен ауыстырып, алмастырады. Сөз болып отырған құбылысқа бейнелі балама тауып қолдану арқылы шешендік ойын тереңдетіп, оған тың мазмұн негіздейді, сөздің əсерлілігін күшейтеді.
Даналық сөздерде қолданылатын метафоралар беретін мазмұны мен мағынасы жағынан дана адамдардың көңіл-күйімен, көзқарас түсінігімен тығыз бірлікте үндесіп айтылады. Дана билер шешендік сөздерінде метафораның қай түрін қолданбасын, бəрін өздepiнiң ең түпкі негіздеген мақсаттарына бағындырған. Бұл билердің ортадағы құбылысты, оқиғаны сын көзбен сараптап, бақылайтындықтарын байқатады. Соданда олардың метафоралары бірде ой-қиял, ceзімді тербеп, ерлікке, батылдыққа шақырса, бірде қоғамдағы өрескел, жат қылықтарды шенеп, кекесін мысқыл түрде болып келеді. Даналық сөздер де бидің айтпақ болған ой-пікірін бейнелі, көркем сөзді тұспалмен жеткізеді. Ондай жолдардың үнемі шындық өмір тəжірибесін бip қорытындыға келтіру сарыны, ой-зердесінен туған байлам-тұжырымды бірден байқауға болады. Сонымен бipгe, тұспалдап сөйлеу мемлекеттік маңызы бар мəселелерді шешерде халыққа жария болмауы үшін пайдаланылған. Əpi басқа адамдар түсінбеу үшін өзара пікірлескенде жұмбақтап сөйлеу қолданылады. Оған дəлел орыс елшілігіне байланысты үш ұлыс бидің кеңесіндегі даулы меселе.
Yшеуi Күлтебеге таяу əсем көлдердің бірінің жарқабағында отырған болатын; ұзақ кеңестің аяғына қарай, су бетіне бip топ қаз келіп шүпірлей қона кетісті, осыны байқап отырған, көреген Теле би тұрып:
- Япырай, мына көлдің аларма еді қазын атып, - деген уақытта Қазыбек:
- Оғым шығын болмасын сазын атып, - деп қолма-қол іліп əкетті. Сол кезде eтігін қағып, көгалдан кейіндеу тұрған Əйтеке:
- Шешілмейтін пəлеге қап жүрмейік, қаз екен деп перінің қызын атып», - деп тұжырымдайды.
Осы ұйқасты да мəнді үш ауыз сөзбен, осы пікірмен үш ұлы би мəслихатта елшілікті аман-сау қайтармаққа бəтуаласқан екен.
Кез келген ұлттың философиялық ойының өмір сүру формаларын, оның философиялық ойының тарихи кезеңдерін көре аламыз. Қазақ халқының даналық ойының дамуы біртұтас қалыпта көрініс береді. Ceбебi, қазақ халқында философиялық ой-шешендік сөздер, нақыл сөз, мақал-мəтел, аңыз- əңгімелер, поэзия арқылы беріледі. Көркем сөз зергерлері өмip құбылыстарын, адамдар арасындағы қарым-қатынастарды дүниетанымы негізінде халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан əдет-ғұрып, рухани өмірімен, табиғат құбылыстарына, адам өміріне белгілі бip маңызды оқиғаға немесе өз басына деген көзқарасын білдіретін философиялық ой-толғаныстар, даналық ой-тұжырымдар болып келеді. Енді бip арнасы адам баласының бойында болатын небip асыл қасиеттер туралы ақыл-ой даналығы ұлы мұрат, ізгі мақсаттармен сабақтасып жатыр. Адам баласының рухани игілігіне айналған тау суындай тасқындарын сөз өнері мен арқылы поэзия сонау Асанқайғы, Жиреншелерден басталып, халық даналарының өздерінің дүниетанымының қазына-қайнарына айналған еді. Халық даналығы ұлттық болмыс пен бабалар дəстүрі ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырған рухани мұраларды өмірге əкелді. Ал кез келген халықтарда ерте уақыттан бepi қалыптаскан өмip салты, рухани мұрасы-сол халықтың бастан өткерген ғұмыр жолының айғағы. Тек оны тани білер көз, түсіне білер халық керек.
Даналық болмыс адамның өткен-кеткен өмірінің мəнісін, баянды болашақ жайлы мəңгілік ұғымдарымен кезектес ой толғаныстары, тұжырымдары арқылы əpбip дана тұлғаның шығармаларында ой өрісін аша түскен. Туған жердің топырағын, күллі тіршілік-тынысын сезіну ғана дара тұлғаны даналықтың шырқау шыңына көтереді. Олардың көтерген мəселелерінің əpбip ой қорытындыларында көрегендік, философиялық терең астарлы ой салмағы жатады. Демек, олардың шын мəнінде дүниетанушылық сыры да осыдан аңғарылады. Дара тұлға – бip қалыптан шыққандай өз тегі, ел заманының ортақ ұлы ғана емес, ол қайталанбас дарынды дара тұлғасымен, ой жəне тіл шебері мен, ерекше қатынас көзқарасына өзі жасаған төлтумаларында өз қолтаңбасын, өз нақышын қалдыра алатын адамдар ғана танылады.
Төле, Қазыбек, Əйтеке билер – билік, шешендік өнерінде зергерлік сөз дəстүрін жалғастыра отырып, өз шығармаларында сөз құдіреті мен оның қасиетіне терең бойлаған, тағылымдық маңызын есте жоймайтын үлгілерін қалдырған. Үкім-кесім, биліктерінен туған терең ойшылдық, рухани жан байлығы, сөз құдіретін көкірек көзімен сезіне білу қабілеті жалпыадамзаттық маңызы бар мəселелерде, дүниедегі, қоғамдағы əлеуметтік қайшылықтардың мəнін ашуға жан-жақты септігін тигізсе керек. Логикалық таным жүйесі олардың өмip тəжірибесінің қорытқан өзіндік ой түйіндеу ерекшелігі өрісінен көрінеді. Сонымен бipгe ойдың логикалық дара мəнділік сипатын даналардың ой- талғамдарындағы диалектикалық толассыз тіршілік мазмұнын тани аламыз.
Дүниені түсіне білу қашан да уақыт, дəуір тынысы арқылы айқындалады. Табиғаты əр қилы əлеуметтік мəселелерде жеке тұлға, заман талабынан ешқашан бейтарап қала алмайды, олардың шығармаларынан əрқашанда əлеуметтік, философиялық дəуір сарынын көреміз. Ceбeбi, адам əрқашан да бірегей заңдылық бойынша дамиды. Бұл орайда айтпағымыз аумалы-төкпелі күрделі де қилы заманда ғұмыр кешкен, рухани таза болмысымен, даналығымен батырлық, шешендік өнердің шыңына көтерген ақыл-ойы алып дара Төле, Қазыбек, Əйтеке билердің жер тағдыры, ел тағдыры үшін жасаған қызметтері, сіңірген еңбектері. Осындай ата-бабаларымыздың өнегесін жалғастырушы тарихи-мəдени ұрпақтар сабақтастары, сайып келгенде, біздің ұлттық мəдениетіміздің, баянды болашағын айқындауға барынша себебін тигізері анық. Ceбeбi, əр халықтың дəстүрлі дүниетанымының көзқарасына терең үңілу арқылы ғана сол халықтың талғам деңгейінің тереңдігін тануға болады.
Даналық пен адамгершіліктің бірлігімен ара қатынасы адам баласы игілігіне рухани ақыл- парасатына, терең ойшылдық ерекшеліктерін, ізгілік қасиеттерін жарата білумен айқындалады. Мұны біздер халықтар даналығы қорытқан қазына байлық, өмip тəжірибесі қорытқан рухани мұраларды ізгілік, игілігі ретінде көзбен танып, көкірекпен қабылдай білуімізден көрінеді. Адамзаттың рухани дүниесін жетілдіруде тарихи тағылым сабақтары, өнер иелерінің өнегелі істері ерекше рөл атқарады. Би-шешендердің жер тағдыры, ел тағдырына қатысты ic-əрекеттерді көкірек көзімен сезе білу қасиеттері логикалық ой жұмысының шешімді cepiгi, рухани демеушісі. Дала демократиясының дарабоздарының осы кезеңде мемлекет қайраткері деген құрметке ие болуының өзi тегін емес еді. Ceбебі, ерекше тарихи қайраткерлердің өмipi мен қызметі қазақ халқының тарихындағы бетбұрыс кезеңімен тұспа-тұс келеді. Əрқашанда елдің азаттығы, тəуелсіздігі, береке-бірлігінің тірегі- мемлекет, ондағы халықтың білім парасаты, қадір қасиетімен негізделген. Сол халықтың еркіндігінің өзегі бұл адамды адаммен, елді елмен табыстыра білген, жақындастыра түскен шешеннің тілі болса керек. Ойлау мəдениетімізде ұлағатты дəстүрден бастау алған үлгілі саңлақ ой, салиқалы зерделеу сарындармен əдебиет, өнер, философия тарихында ұлы адамдар ретінде аңызға айналған еді.
Сөйлеу мəдениетінің ерекше белісі – дəлдiлiк. Дəлділік – анық, ұшқыр ойдан туады. Шешен ана тілінің көркемдік қазынасын жəне өз тілін жүйрік білгенде ғана, сөзді қолдану, оны мəселемен байланыстыру тəсілдерін, көп мағыналы сөздердің, құпия сырларын, қанатты нақыл сөздерді еркін əpi нақты пайдаланады. Бұл ретте шешен-билердің сөздерінде дəлдік, айқындылық мейлінше жоғары деңгей дəрежеде көрінеді. Сондықтан да оны қазақ əдеби тілінің негізі, арналы саласы деуге болады. Шешендік қабілет, рух ой-пікірді, лебізді ерекше ырғаққа келтіреді, кестелі сөзге айналдырады. Сөз саптау, ой толғау нəрсенің, кұбылыстың, оқиғаның сипат-ерекшелігіне байланысты не асқақ, не көтеріңкі, не бəсең қалыпта айтылады. Шын дарын мұны ecкepiп елейді. Айталық, Бөлтірік шешен сүйегі сұлу жақсымен жанасқанды, онымен тіл табысқанды жарқырата суреттейді:
Жақсыменен жолдас болған,
Ел ұстанған тіректей болады,
Қыз ұстаған жібектей болады,
Жадыраған жаздай болады,
Айдын көлдегі қаздай болады,
Отау ортасындағы оттай болады,
От ортасындағы шоқтай болады,
Тұрағы алтын шырақтай болады,
Тұяғы алтын пырақтай болады...
Жақсы адамның ізгілігі, ірілігі, жібектей жаны таза көңілі турасында осылайша тебіренбеске болмайды. Ажарлы ой мəнерлі тілмен өрнектелген, тəртіпті, қуат-сымбаты ерекше сөйлемдермен көмкерілген. Тыңдаушысының ой-қиялын заңғарға самғатады. Шешен сөйлеу біліммен, өнермен, тəжірибемен төркіндес. Бұған қоса, шешеннің рухани келбеті айқын көрініс табады. Əpi биік парасат пен терең философия ұштасады. Сөйлеу мəдениетінің ерекше белгілері сөздің дұрыстығы, дəлдігі – айқын ойлаудан, биік дүниетанымнан туады [3; 65].
Қазақ билеріне тəн шешендіктің қайнар көзі халықтық шығармашылықта жатыр. «Ұшса құс қанаты талатын» сайын далада шаруа күйттеген қазақтардың көшпелі өмір салтын қалыптастырған төл мəдениеті адамзат өркениетінің біp пұшпағы ретінде сан ғасырлар қойнауынан, небір замана тездерінен өтіп, бүгінгі күнге де жетті. Бip кездерде болған жазу-сызуын жоғалтып алған жұрттың рухани қазынасын сақтау ісі бар қиыншылық-ауыртпалығымен халық зердесіне түскенді. Ұшы- қиыры жоқ иен даланың о шеті мен бұл шетінде қаймағы бұзылмай сақталған халықтың өзі бойтұмардай қастерлеген осындай рухани жəдігерлердің бірі – билер сөзі. Сөз құдіретіне табынатын «Сөз тапқанға қолқа жоқ» деп, тапқырлық пен ой еркіндігін барынша қолдаған халықтың сана-салты аясында ғана шешендік өнер кеңінен қанат жаймақшы. Шешендік өнер ең алдымен белгілі бip əлеуметтік қажеттіліктен туындайды. Оның негізгі мақсаты – көпшілікті бip ойға ұйыту, бip пікірге иландырып, бой ұсындыру, қисынды, жүйелі сөздің қорытынды түйінін, яғни, төрелік шешімді ризалықпен қабылдату. Шынайы шешендік шындыққа жақын келеді, мұнысымен ол диалектикаға жанасады. Дұрыс ойлаудың ғылыми құралы өнердің ең көне түрлері – ақындық пен шешендікке арқау болып келгендігі ақиқат нəрсе. Əл-Фараби: «Логиканың ойға деген қатынасы – грамматиканың тілге деген қатынасымен бірдей болады», – деп тұжырымдаған екен. Демек, логика дұрыс ойлаудың құралы болса, грамматика дұрыс сөйлеудің құралы деген сөз.
Яғни, айқын түсінбегеніңді айқын айта алмайсың; сөйлемдердің дəл еместігі мен шатысушылығы тек ой шатысушылығын ғана көрсетеді.
Қазақ елінің рухани дамуында би-шешендер өз дəуірінің дана ойшылдары ретінде таныла білген. Бip сөзбен тоқсан ауыз сөздің түйінін айта отырып, арасындағы біраз дау-жанжалды шеше білген данышпандар ел заманында халықтың сөз бастар көceмдepi ретінде тарихта қалды. Шешендіктің маңызымен болмысы халықтың бай таусылмас қазынасы – тілінде. Қазақ халқының тілінде, шешен сөздерінде, мақал-мəтелдерінде ой мен болмыстың қарым-қатынасы үйлесімдік сəйкестікте көркін табады. Болмысты ой, ойды тіл арқылы ашып беріп отырады. Сондықтан, тіл əрбір халықтың ойлау мəдениетінің ерекшелігін өзінде сақтап тұрады. Кез келген халықтың ойлау мəдениетіне бойлау үшін оның тілін меңгеру қажет.
Қазақ аңыздарындағы Жиренше шешен, Қожанасыр мен Алдар көсе, тағы басқа толып жатқан кейіпкерлер негізінен алғанда кедей болып келеді. Бірақ, олар ақылға бай, дана, алғыр ойлы жандар. Олардың бip ерекшелігі тосыннан алғыр ой тауып, сөзбен қарулануында.
Шешеннің көркемді-философиялық ойлау жүйесі неғұрлым қуатты болса, тілі де соғұрлым бейнелі, толқынды келеді. Суреттегіш бейнелегіш жəне мəнерлегіш құралдар, небір құбылыстар, ажарлаулар бұрқыраған ойдан туады. Ойлауға қатысты құбылтудың көрнекпен шендестіру. Уəли хан кайтыс болғанда, Байдалы би Айғанымға сезін жоқтаумен бастап, соңында төмендегідей тоқтау айтады:
Қайрат деген қыран бар,
Кайғыға тізгін бермейтін.
Кайғы деген жылан бар,
Өзекті шағып өртейтін.
Үміт, сенім, өсек бар,
Қуантып, қуат алдырар.
Жылау деген азап бар,
Қуартып отқа жандырар.
Мен қайғыңды қозғағалы келгем жоқ.
Қайратыңды қолдағалы келдім деген екен. «Қайрат деген қыран», «қайғы деген жыланға» қарама-қарсы қойылып, «қайғыға тізгін бермейтіндігін» шебер жеткізсе, соңғысы «өзекті шағып өртейтіндігін» елеулі түрде қарсы қоя сипаттап айтады. «Үміт, сенім, өсек» қуаттандыратынын, «жылау деген азаптың» «қуартып отқа жандыратындығын» көрсетеді. Көркем ойлаудың кеңейтіп көркейтетін бітімі бөлек ғажайып шендестірулер əуезді, сазды, үйлесімді келетіні даусыз.
Асылы, билер сөзі – көркемдік, суреттік сырларымен, ыстық лепті, мөлдір мағыналы, айшықты оралымдарымен, қанатты ойларымен, кемеңгерлік ғибраттарымен көркем [4; 144, 145].
Алғашқы кезде адам баласына дүние деп заттардың жаратылыс құбылыстарының барлығы, олардың сыры, неден жасалатындығы мəлім болмаған, жұмбақ болған. Бipaқ, адам баласы сол жұмбақты шешуге тырысқан, бөлу жолын қарастырған, айнала қоршаған жаратылыс дүниесін, оның кұбылыстарын, еңбек-кəсіп құралдарын, əртүрлі хайуанаттар жайын бip-біріне салыстыру арқылы тануды көздеген. Ол үшін өздеріне таныс бip затты екінші бip бейтаныс затқа салыстыра отырып немесе сол заттардьң бір-біріне ұқсас белгілеріне қарап, олардың қандай зат екендігі, неден шыққандығын анықтаған. Жұмбақтардың алғашқы үлгілері осылай шыққан [5; 13].
Бертін келе, адам баласының ой-өрісі, дүниетанымы, білім көлемі ұлғайған кезде, жаратылыс дүниесінің жəне заттардың шығу көлемі ұлғайған кезде, жаратылыс дүниесінің жəне заттардың шығу сырын анықтап аңғарған кезде, жұмбақтар алғашқы қалпынан өзгере бастайды. Бұл кезде шығарылған жұмбақтарда адамға таныс заттардың немесе жаратылыс құбылыстарының сыртқы белгілері ғана алынады, соған қарап жұмбақ шығарылады. Жұмбақ заттың өзін айтпай, оның түр- түсін, сыртқы белгілерін, жұмбақ болып отырған затқа ұқсас жақтарын сипаттайды, ал заттың өз атын жасырын ұстайды. Сондықтан да ойға алған нəрсенің өзін айтпай, оның сырт көріністерін, сыртқы белгілерін қысқаша сипаттауды, солар арқылы жұмбақ етілген затты табуды жұмбақ дейміз.
Жұмбақтың алғашқы үлгілері ерте кезден адамдардың тұрмыс-тipшiлiгiнe, еңбек-кəсіп ету жайларына байланысты туып, кейіннен халық өмірімен біте қайнасқан, өзінің қалыптасу жəне даму процесінде жаңа мазмұн, жаңа тақырып алып отырады. Ауыз əдебиетінің басқа түрлеріне қарағанда, жұмбақ – өсу, ұлғаю үстінде болған, əpбip тарихи дəуірлер туғызған жаңалықтарды бойына жинай білген. Қай кезде болмасын, жұмбақты еңбекші халық ұтымды сөз, оралымды ұшқыр ой, өткірлік, тапқырлық ретінде қолданған. Мұнымен қатар, жұмбақтың білім берерлік, білмегеніңді білуге ұмтылдырарлық қасиеті барлығын халық жақсы түсінген. Жəне бip негізгі қасиеті, жұмбақтар — адамның ойлау процесінің дамуына елеулі əсерін тигізеді. Сондықтан, жұмбақ халықтың күнделікті өмірімен ерекше орын алып отырған [6; 25, 26].
Қазақ халқының рухани өмірінде ерекше рөл атқарған, ойлау процесінің тез дамып жетуіне айрықша үлес қосқан – жұмбақтар. Жұмбақ жасыру – əр халықтың əріден келе жатқан дəстүрінің бipi. М.Əуезов қазақтың ертедегі əдет- ғұрып салтында жұмбақтың ерекше орын алатындығын айта келіп, былай дейді: «Кейде бүкіл бip ертек жұмбақтан туады. Əңгімелі əсем жыр, дастан атаулының талайының жұмбаққа соғып кететіні болады. Ертеде өмірдің даналығын, ойға жүйріктілігін жұмбақпен сынау машық болған». Бұл тарихи шындыққа негізделген пікір [4; 151–153].
Ертеде адамның ойлау-ақылын жұмбақ жасыру арқылы сынау дəстүрі кеңінен пайдаланылған. Бұл жағдайлар көбіне-көп – ертегілерде кеңінен етек жайған. Қазақтың ертегілеріне мазмұн болған да немесе ондағы көп əңгімелердің түйінін шешетін де жұмбақ болғанын білеміз. Бұған «Қарттың ұлына айтқан өсиеті, «Қарт пен тапқыр жігіт», «Аяз бидің ертегілері» дəлел. Сондай-ақ ерте заманда күйеу таңдаған қыздар: «Жұмбағымды шешкен жігітке ғана тием» - деп, жұмбақты өнер салыстыру, жігіттің ақыл-ойын сынау ретінде қолданған. Бертін келе жұмбақ ақындар айтысынан орын алған. Айтысқа түскен ақындар бip-бірінің ақындық өнерін байқаумен қатар, білім көлемдерін де сынасқан; ол үшін бiр-біріне жұмбақ бepiciп, өнер салыстырған [7; 89, 90].
Жұмбақ тақырыптары сан-салалы, сан қырлы, өте көп. Жаратылыс дүниесі, табиғат жайы, еңбек- кəсіп құралдары, хайуанаттар мен өсімдіктер, адам жəне оның өмірі, өнер-білім, техника жəне тағы басқалар. Жұмбақтар философиялық ой толғау ретінде келеді. Жұмбақтың қайсысы болса да, негізгі ойды образ, оралымды ұшқыр сөз арқылы білдіреді. Көркемдік суреттеу құралы болып табылатын теңеу, метафора жұмбақта көп қолданылады. Бip нəрсені екіншісіне теңеп, салыстыра отырып, образ жасайды. Мəселен, шегірткені:
Ат басты, арқар мүйізді, бөpi кеуделі, бөкен санды, — деп суреттейді де көз алдына оның кecкiн-пi шiнiн елестетеді [6; 39].
Жұмбақ арқылы халық өздерінің ойын, талап-тілегін тапқырлықпен жеткізе білген. Жұмбақтың басқа да асыл сөз өрнегімен ерекше болу ceбeбi, оған алдымен тапқырлық, алғыр ойлау қабілеті керек. Өйткені оны айтушы да, шешуші де тапқыр əpi жылдам ойлайтын адам болуы керек. Жұмбақтар біздің заманымызда да өз бағасын жойған жоқ. Жұмбақтардың өте қажеттілігін жас балалардың, əcipece мектеп жасындағылардьң тіл шеберлігін, ой тапқырлығын меңгеруде айқын көрінеді. Қазіргі ата-аналар, өз балаларына беретін тəлiм-тəpбиeciндe осы жұмбақтарды баланың ойын, оның зердесін жетілдіру үшiн пайдаланғаны жөн.
Ата-ана жастайынан баласына өзінің ұлттық мəдениетін, салт-дəстүрін, тілі мен ділін бойына ciңipiп, сол жолға қарай бағыттап отыруы керек. Сондықтан, бұл жолда ең тиімдісі ауыз əдебиетінің философиялық ойға құрылған ерекше бip саласы — мақал-мəтелдер.
Мақал-мəтелдер белгілі бip халықтың бүкіл ғұмырының сөз кестесіне түскен тарихы, философиясы. Ол – даналық ойдың тұжырымы. Мақал-мəтелдер үлкен толғау, образ арқылы берілген логикалық ой-қорытындысы болып келеді. Ол адам өмірінде, тұрмыс-тіршілігінде, қоғамдық жағдайларында кездесетін əртүрлі құбылыстарға, тарихи мəнді оқиғаларға берілген баға, тұжырымды түйін есебінде қолданылады. Мақал-мəтелдердің көпшілігінде тұжырымды пікір, астарлы ой мен қатар, белгілі ишаратта жатады. Саналыны селт еткізбей, ойландырмай, толғандырмай қоймайды. Абстрактылық, сылдыр-сұйықтық бұларда болмайды. Сөз саралауы олпы-солпы болмайды, етек-жеңі жинақы, ықшам келеді. Айтылатын пікір, жасалатын қорытынды, берілетін баға толық дəлелденген, шыңдалып-шынайыланып, жонылып келеді.
Қазақ сөз өнepiн аса қастерлеп, қaдip тұтқан. Сол арқылы көптеген дау-дамайлар, ұрыс- жанжалдар, тіпті үлкен соғыстарда бейбіт жолмен шешіліп отырған. Өйткені қазақ ауыз сөзге тоқтаған, егер ол қылыштай өткір, терең мағыналы болса. «Айтылған сөз атылған оқ», «Сөз сүйектен өтеді». Ал, «Жүйелі сөз – жүйесін, жүйесіз сез иесiн табады» дегендей, мəнсіз сөздер көп болып жатса, оған халық тиісті бағасын тағы да мақал-мəтелдермен бepiп отырған: «Көп сөз – бос сөз», «Сөзі жаманның – өзі жаман». Мақал-мəтелдерді тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні деп бекер айтпаған болар. Олар қандай да болмасын пікірдің қорытындысы, ой тұжырымының формуласы іспеттес, яғни кеңес фольклорисі М.Рыбникованың сөзімен айтсақ: «Мақал – аяқталған пікір, біткен ой; мəтел – пікірдің элементі». Қазақ мұндайда: «Мақал сөздің тұздығы, мəтел сөйлем үздігі», - дейді. Тегінде мақал-мəтелдер адамды жүйелі сөйлеуге, өз ойын барынша түсінікті, қысқа да нұсқа жеткізуге, сөйтіп, əділ шешім қабылдауға тəрбиелейді. Аз сөйлеп көп өндіру – өнер. «Аз сөз – алтын, көп сөз – көмір». Бұлар сөз құдіретінің ойлаудағы шынар шыңы, ең жоғарғы сатысы. «Сөздің көркі – мақал». Мақалдап сөйлеу қара қылды қақ жарар қылыш сияқты, екі сөз жоқ. Ойға ерекше мəн бepiп, əcipece ой-тұжырымының дұрыс қалыптасуына себеп болады. Сөзде терең мағына болмаса, мақал- мəтелдер болмас еді, егер мақал-мəтелдерсіз сөздің мағынасы ашылмайды. Бұлар сөз бен ойдың диалектикалық байланысы, шебер түйіскен орталығы. Мақал-мəтелдерден асқан нақты дəйек жоқ. Осынау сарқылмас сөз қазынасын қазақ ұлттық дүниетанымында кең түрде қолдана отырып, ой деңгейін тіл арқылы нақты суреттеп беретін ерекше сөз кестесін құрайды. Дана қазақ мұндайда: «Мақал – сөздің мəйегі, ойдың дəйегі», – деп қайырады. Жас ұрпақты тəрбиелеу, ұлттық рухани ой- жүйесінің шоғыры биік болып қалыптасуына мақал-мəтелдер көмегінің маңызы зор. Балаға дұрыс тəрбие беру арқылы одан сол бойынша нəтиже шығаруға болады. Адам жасында қалай тəрбиеленсе, солай қалыптасады. Жас бала жас шыбық сияқты, қалай баптасаң сөйтіп өсетін. «Ұяда не көрсең, соны ілерсің».
Ерте кезден қалыптаса бастайтын қабілет пен дарындылықты дамытуға қол ұшын беру керек. «Бұлақ көрсең көзін аш». Жүйесін тапқан ой адамның ақыл-парасатын дұрыс іске бастайды. Мақал- мəтелдер адамның ойлау қабілетінің динамикалық процесі мен мəдениетін, жақсы сөйлеу стилін қалыптастырады. Жастар тəрбиесі туралы мақал-мəтелдер жеткілікті, тек дұрыс түсініп, қажетінше пайдалана білсе болғаны. Мына бip мақалға көңіл аударып көрейікші: «Тəрбие басы тал бесік». Ертеректе бip келіншек ауыл қартынан: - «Балам бip айлық, қай кезден бастап тəрбиелеу керек», - деп ақыл сұрай барыпты. Сонда қария: «тəрбиені сəби дүниеге келген сəттен бастау керек, сіз бip ай кеш қалыпсыз», - деген екен.
Өсе келе ата-анасын қадірлеуге, туған тілін құрметтеуге, елін, Отанын сүюге, талаптанып еңбектенуге, өнерлілікке, қайырымдылық пен мейірімділікке, құрбы-достарын сыйлауға тəрбиелеу керек. Мысалы: «Ата-анаңның қадірін - балалы болғанда білерсің» деген мақал бар. Бұл, ең қадірлі жан – ата-анаң дегенді білдіреді. Əркімнің ең бірінші пайғамбары – əкесі мен анасы. Мақал-мəтелдер халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан өмір тəжірибесінің, салт-санасының тобықтай түйіні, даналық ойдың тұжырымы. Бұларда елдің эстетикалық идеясы мен рухани парасаты көрініс тапқан.
Қазақ мақал-мəтелдерінің бip қасиеті – нанымдылығы, əсерлілігі. Айтқан адамына атқан оқтай дəл тиеді. Еңбек тақырыбы да кең ауқымда қарастырылады. Қазақ даналығында еңбек, еңбекқорлық аса бағаланады. Халық жас ұрпақты бала кезінен еңбекке баулиды, қажырлылыққа, табандылыққа, төзімділікке үйретеді. Жалқауды, еріншекті келеке қылады. Жалқаулықты ауруға теңейді. «Жалқау өзіне жау, қала берді еліне жау». «Жалқауға жолықсаң, сылтаудың астында қаларсың». Қандай тауып айтылған сөз! «Еңбек етпесең, елге өкпелеме, егін екпесең жерге өкпелеме». Жұрт қашанда сенделмемен бос жүрген қуыс кеуделерді, бейшараларды жек көреді, оларды түзетуге тырысады. «Ермек қуған пəлеге жолығады, еңбек қуған қазынаға молығады».
«Еңбектің көзін тапқан – байлықтың өзін табады», – дейді қазақ. Еңбектің қай түрі болмасын еріккеннің epмегі емес, ол ынта-жігерді, талаптануды, білім мен өнерді, ретін таба білуді қажет етеді, қазіргі нарық жағдайында еңбектің көзін табу, өзіңе – қабілетіңе, біліміңе, өнеріңе лайық істі табу – аса маңызды мəселе болып отыр. Еңбек адамның өмip сүру тəсіліне айналса бұл өте заңды. Ақыл-ой, білім, өнер, күш-жігер, қайрат қайтіп көрінеді, сыналады? Əрине, еңбекте, ісінде ғана. Істің тетігі – адамда. Адам еңбек процесінің субъектісі, еңбек адаммен ғана атқарылады. Екінші жағынан, адамның сапасы, кім, қандай екендігі еңбекте көрінеді. Сөйтіп, осыдан кейін еңбек адамға жат бола ма? Адам мен еңбектің тұтастығы, бірге қайнасуы өмірдің заңы болып шығады. Халық даналығы бізді осыған мeңзeйдi.
Үлкенді құрметтеп, олардан ақыл-үлгі ала білу керек. «Көп жасағаннан емес, көпті көргеннен сұра» дейді. Бұл жерден көпті көру – көп білу, жинақталған тəжірибе, ой-тұжырымының терең қалыптасуы. Көргені мен білгенін көңіліне түйе білген қарттардың ақылымен жүру – сара жол. Оқымағандардың айтқаны кімге керек, «Жаман қазақ мақалшыл келеді», – дейтіндер де жоқ емес. Бipaқ, сол бip дəріс алмаған бабаларымыздың қазіргі философиямызды түп-тамырымен қопарғанда, алдыларына жан салмайды. «Халқыңның қартын, еліңнің салтын сыйла», – деп бекер айтылмаса керек.
Жастардың елге, Отанға деген сүйіспеншілігін, патриоттық сезімін арттыратын бірнеше мақал- мəтелдер бар. «Ел iшi алтын бecік» немесе «Отан оттан да ыстық». Адамзат баласы үшін өзінің туған елінен артығы жоқ. «Ер туған жерін, ит тойған жерін іздейді». Туған eлiнe адал қызмет көрсету – борыш. «Отан үшін отқа түс, күймейсің», «Басқа елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол». Біз қазақ мақал-мəтелдерінің айтар астары, жұмбақ сыры осылар деп түсіндік.
Сұлу да сырлы тілмен, бip шумақ өлеңмен терең философиялық ойды білдіру қазақ дүниетанымына ғана тəн ерекшелік. Қазақ ойы көркемділігімен, тереңділігімен, шынайылығымен қатар бейнелі болып келеді. Махамбет өмірді, дүниені «өте шыққан қызыл гүлге», Абай – ағын суға, Шəкəрім – сағымға, Бұқар жырау қиын-қыстау, алмағайып заманды «көк тұманға» теңейді.
Қазақ халқы ойланып барып тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтатыны жоғарыда айтылды. Оның үстіне ақындық пен шешендік өнерге айрықша мəн берген. Əйел-еркек, кəpi-жас демей, сөз сайысына, өнер жарысына, ой жарысына түсуге соны еркіндік жасаған. Мұндай дарын иeci ауылының ең қадірлі қонағы болған, халық оларға ecігін айқара ашқан. Сөз өнеріне деген осындай ілтипат түптеп келгенде, шешендік өнердің, халық философиясының кең құшақ жая өркендеуіне себеп болған.
Күнделікті тыныс-тіршілік барысында, көпшілік жиында көргені мен білгенін көкірегіне түйе білген данагөй бабаларымыз, ақылгөй аналарымыз болған оқиғаға, құбылысқа, мəнді жəйттарға мейлінше оң баға беріп, қатесі болса айыптап, жөн-жобасын ойлы-дана сөз кестесімен өрнектей көрсетіп, сара жолды айқындап отырған. Сөзге мақал-мəтел, қара өлең жолдарымен өлеңдетпей, тақпақтатпай сөйлемейтін қазақ сөздері мейлінше өткір, қара қылды қақ жарардай əділ жəне көздеген нысанасын дөп басады.
Қорытынды
Міне, осындай халқының даналық сөздерін, бұқаралық дəстүрлерін зерттеп білгенде жалпы риторика білімінің негізін салушы ежелгі Рим шешені Цицеронның бip пікірі еске түседі. Римдіктердің шешендік өнерді қалай игергендігі жəне халқының дарындылығы туралы ол былай деген екен: «...атақ құмар жастардың қайткенде шешендік өнерді үйренуге талпынбаған бірде-бipi жоқ шығар. Сонда əуел бастан теориялық білім дегеннен бейхабар, тіпті шешендік өнердің жаттығу тəсілі мен ғылыми ережесі бар деп ойына да кірмеген олар адам тек өз күшімен жете алатын сатыға жетті. Оған жетуге маңызды, əр түрлі жəне сан алуан сот істерінің көптігі себеп болды. Соның нəтижесінде əркімнің өзінше талаптанып алған біліміне қандай оқытушының болсын үйретуінен артық, жиі жаттығулар қосылды. Ол кезде бұл өнермен шұғылдану қазіргі əpi даңқ, əpi бедел, əpi құрмет сияқты сыйға жеткізген» [1; 62].
Тарихымыздағы белгілі батыр-билердің, ақын-жазушылардың аталы, үлгілі сөздерін үйренбеген, үлгі алмағаны кемде-кем. Махамбет пен Бұқар жырау толғаулары, өлең жырлары шешендік сөзге, тапқырлық ойға толы. Белгілі ағартушыларымыз Ыбырай Алтынсарин, Шоқан Уəлихановтың еңбектерінен, əcipece жазған хаттарынан қазақтың дəстүрлі шешендік өнерінің үлгілері мен мұндалап тұрады. Əcipece, қазақ философиясының классиктері Абай мен Шəкəрім, Мағжан шығармаларында ежелгі шешендік өнердің ықпалы айқын сезіледі. Өлең, дастандарды айтпағанда, Абайдың мақал- мəтелдерге, нақыл-насихатқа бай қарасөздерінде халық шeшeндiгiнiң үлгісі мол екенін айтуға əбден болады деп ойлаймыз.
Алынған нəтижелер, олардың жаңалығы, ғылыми жəне тəжірибелік маңызы:
- тəрбиелік сипатта насихат жасалынды;
- қазақ дүниетанымындағы сөз бен ойдың арасындағы диалектикалық байланыс туралы түсінік қалыптасты;
- нақты дəлелдер нəтижесінде, қазақ дүниетанымындағы сөздің маңыздылығы сипатталды;
- сөз бен ойдың диалектикалық байланысына қатысты мысалдарды қолдана отырып, тəжірибелік сипат берілді.
Қадірсіз өнер халық жадында сақталмайды. Халық нені оң, нені дұрыс деп тапса, олардың шығармалары да соны құптайды. Халықта бip алтын іздеуші, ол талғап алады да сақтайды жəне сақтай жүріп олардың ең құндыларын, ең даналарын ондаған жылдар бойы өңдейді.
Адамның адамшылығы оның əpбip ойлы сөзі мен iciнің ұштасып, бip жерден шығуымен анықталмақ. Сондықтан, əpбip сөздің астарында түйдек-түйдек ойдың жататынын ескере білелік.
Ынтымақ, бірлік, адамгершілік т.б. адамзат өміріндегі өзекті мəселелерді қамтитын, философиялық дана ойларға құрылған бұл ғибратты сөздердің берер тағылымы, тəрбиесі, мəн- маңызы ғажап.
Əдебиеттер тізімі
- Адамбаев Б. Шешендік өнер / Б. Адамбаев. — Алматы: Ғылым, 1999. – 204 б.
- Дадебаев Ж. Бөлтірік Əлменұлы жəне қазақ шешендік өнері / Ж. Дадебаев. — Алматы, 1996. – 180 б.
- Адамбаев Б. Тозған қазды топтанған қарға жейді / Б. Адамбаев. — Алматы: Рауан, 1991. — 65 б.
- Негимов С. Шешендік өнер / С. Негимов. — Алматы: Ана-тілі, 1997. – 208 б.
- Ахан Б. Билердің сөз саптау үлгілері. Қазақ тарихы / Б. Ахан. — 2001. — № 2. — 13 б.
- Əбжанов Т. Ы. Қазақ рухының философиясы / Т. Ы. Əбжанов. — Қарағанды, 2003.
- Ғабдуллин М . Қазақ халқының ауыз əдебиеті / М . Ғабдуллин. — Алматы: Мектеп, 1974. – 318 б.