«Ар-ұят» ұғымы — жеке тұлғаның өзін-өзі танытудағы адамгершілік мәдени компоненттерінің бірі. Бұл құбылыс адамның әлемдегі экзистенциалдық жағдайының ерекшеліктерімен тығыз байланысты. Зерттеуде «ар-ұят» ұғымының адамзат өміріндегі ассоциативті үлгісі ұсыныла отырып, оның мағыналық компоненттері зерттелген. «Ар-ұят» ұғымын философиялық тұрғыдан қарастыра отырып, адамзат өміріндегі негізгі құндылық екендігі анықталған. Авторлар «ар-ұят» ұғымының философиялық мәнін талдаған.
Кіріспе
Жеке тұлға мен жалпы қоғам болмысының әмбебап категорияларының арасында моральдық- этикалық құндылықтар бар. Қоғамның рухани дамуын жетілдіру үшін моральдық-этикалық құндылықтардың адамзат өміріндегі рөлін түсіндіріп, одан әрі даму жолдарын жоспарлай білу шарт. Қандай кезеңде болмасын моральдық-этикалық тұжырымдамаларды зерттеу адамзат үшін маңызды. Моральдық-этикалық құндылықтардың ішінде айрықша орын алатын категориялардың бірі «ар-ұят». Ар-ұят дегеніміз не? Ол адам бойындағы жақсы қасиеттердің жиынтығы және адамға ғана қатысты құндылық.
Академик Ғарифолла Есім: «арлы адам, алдымен, құдайына қараған, құдай мақұлдамайтын іске бармайтын адам. Ар — әр адамның өз ісінің төрешісі» деген екен. Сондықтан, «ар-ұят» ұғымы кез келген ұлттың өмір сүру болмысында маңызды саналатын категориялардың бірі. «Ар-ұят» рухани құндылық ретінде адамдар арасындағы қарым-қатынастарды бағалауда жиі қолданылады және адам болмысының ең маңызды көрсеткіші, басты сипаттамасы. Осыған қарамастан, ар-ұят қоғамда тек белгілі бір ұғым ретінде ғана танылмай, оны әрбір адам өзінің тұлғалық бейнесін көрсететін категория ретінде мойындай білу шарт. Мақалада «ар-ұждан» адамның ойлау ерекшеліктерін, мінез- құлық стереотиптерін ашатын адамзат өміріндегі маңызды құбылыстардың бірі ретінде зерттеле отырып, адамзат қоғамында адамгершілік стереотиптерін бейнелейтін аскиосфераның ең ежелгі компоненттерінің бірі ретінде қарастырылады. Аталмыш мақаланың мақсаты «ар-ұждан» ұғымының ассоциативті моделін құру.
*Хат-хабарларға арналған автор. E-mail: rahimzhanova.82@mail.ru (С.К. Ракимжанова)
Зерттеу әдістері
Жұмыстың әдіснамалық негізі ретінде герменевтикалық, антропологиялық, теориялық зерттеу әдістері пайдаланылды. Зерттеу барысында сипаттау, баяндау, бақылау, жіктеу, салыстыру, индукция, дедукция әдістері қолданылды. Философиялық зерттеу әдістері арқылы объективті зерттеу жүргізілді. Зерттеу жұмысында салыстырмалы мәтіндік талдау, құрлымдық талдау, жүйелеу әдістері қолданылды.
Нәтижелер және оларды талқылау
Адамның санасы заттарды, құбылыстарды, процестерді ‒ прагматикалық, эстетикалық, адамгершілік және діни параметрлер бойынша бағалайды. Қоршаған әлемді бағалаудың стратегиялары өте алуан түрлі. Ал, адамды бағалауда айрықша орын алатын параметрлерінің бірі – адамгершілік, ар-ұяты. Адамның сапалық өлшемі – ол ар. Ардың дүниеде көріну формалары: ұят, ұждан, намыс, ынсап, мейірім, кісілік, жомарттық, ізгілік, парасаттылық ұғымдарымен байланысады.
Адамның өмір сүру болмысы басқа тірі жандылармен салыстырғанда өте жоғары. Қоғамдық өмірде саналы адам тәндік қажеттіліктен әлдеқайда кең, әлдеқайда терең әлемде өмір сүруді аңсайды. Ол ‒ рухани әлем. Адамның өмір сүруінде екі әлем бар: биологиялық және рухани әлем. Биологиялық әлем адамның тәндік қажеттіліктерін ғана қанағаттандырса, рухани әлем ‒ адамды мәңгіліктің аясында өмір сүруге шақыратын әлем. Биологиялық жағдай ‒ ұрпақ жалғастыру, із-түссіз жоғалып кетпеудің кепілі. Өмір адам үшін белгілі бір мәнділікке ие болған кезде ғана өмір болып табылады. Адам күнделікті мұқтаждықпен ғана күн кеше алмайды, ол үнемі толғанады. Адам табиғаты шексіз, жан-жақты. Ол биологиялық дамуды ғана емес, қоғамдық, рухани дамуды да қажет етеді. Сондай адамның рухани дамуынан туған құндылықтардың бірі ‒ ар-ұят. Арлы адам биік құндылықтарға қол созады. Ар адамның адами болмысын сақтап қалатын және оны өзгелермен қатар өмір сүру құқығын дәлелдейтін императив. «Ар-ұят» мәселесі философиялық ойдың даму тарихындағы ойшылдарды да ойландырмай кетпегені анық. Ойшылдар өз дүниетанымында «ар-ұят» мәселесінің жеке адам мен тұлғаның, ұлт пен ұлыстың, қоғам мен мемлекеттің, жалпы, адамзат дамуындағы орны мен рөлі туралы, философиялық тұрғыдан жан-жақты ашып қарастыра отырып, адамзат өмірінде алатын орны мен маңызын айқындаған. Философиялық ойдың даму тарихында «ар-ұят» философиялық ұғым ретінде қалыптасып, оның болмыстық мәні жан-жақты таныла отырып, оны адамдықтың өлшемі, адам өміріндегі ең маңызды құндылық ретінде қарастырған. Сондықтан, ар-ұят философиялық зерттеу алаңында ұзақ жылдар бойы қарастырылып келе жатқан ұғым.
Ар-ұят жеке тұлғаның әлеуметтік ортасында, қоғамда іс-әрекетінің моральдық талаптарға сәйкестенуімен, адамгершілік нормаларымен, адами құндылықтардың салтанат құруымен байланысады [1; 620]. Қазіргі философиялық энциклопедияда осылай берілген анықтама ар-ұяттың адам өміріндегі қызметін айқындайды. Демек, ар адам баласының жақсылыққа ұмтылып, жамандықтан бойын аулақ ұстауы, адамгершілік ‒ адами құндылықтардың салтанат құруы.
Ежелгі Грекияның әлеуметтік-философиялық ойларында ар-ұят мәселесінің қоғамдық өмірде алатын орны туралы айтылған. Мысалы, Сократтың моральдық философиясындағы негізгі ұғымдардың бірі — ар-ұят. Ойшыл өз шығармаларында барлық адамға тән ізгі құндылықтар ар- ұяттан бастау алады деп қарастырады. Адамның жан дүниесін жетілдірудің басты жолы ретінде адамгершілікті, ар-ұятты бірінші орынға қояды. Жан дүниесі таза адам, өмірге басқа көзқараспен қарайды деп таниды. Ар Сократ философиясында адамгершілік, әділеттілік, қайырымдылық қатынастарын қуаттайтын идеялар жиынтығы ретінде қарастырылған. Сондықтан Сократ философиясында, адамның өз-өзін танып-білуі ‒ оның ең биік мұратына айналу керек деген идея қалдырады.
Аристотельдің пікірінше, адамның орны тіршілік әлемінде ерекше. Ол ақыл-ойдың иесі. Адамның бойында ізгі қасиеттер, ар, адамгершіліктер болмағанда, тіпті жануарлар деңгейіне дейін түсіп кетуі мүмкін [2; 103]. Адам болу мен адам болып қалудың басты кепілі ол — ар-ұят, ізгілік, адамгершілік, қайырымдылық, парасаттылық, кісілік, имандылық, әділеттілік қасиеттермен байланыстырған. Арға қарсы ұғым ретінде арсыздықты қарастырады. Арсыздық қасиеттердің адам бойында надандықтық пен пысықтықтан шығады. Ойшыл адам өз өмірінде жан дүниесі таза, ары биік болуы керек деп таныған. Адамзатқа ең құнды игілік ‒ адамгершілік, ар-ұятпен өмір сүру, яғни адам болу. Адамды өзге тіршілік иелерінен биік, бекзат ететін басты құндылық ‒ ар-ұят ретінде саралады.
Ар-ұят мәселесін өз шығармаларында негізгі мәселелердің бірі ретінде қарастырған Аврелий Августин. Ойшыл өз еңбегінде былай дейді: «ар-ұяттың функционалдық мақсаты, адамның мінез- құлқын іштен басқару, демек, Құдай адамның жүрегіне сіңірген адамгершілік заңның бір түрі» [3; 118]. Ойшыл ар-ұяттың адамзат өміріндегі рөлін этикалық категорияларымен байланыстыра отырып, адам мен Құдай арасындағы адамгершілік заңы ретінде анықтайды. Арды адамның рухани тазару жолы ретінде қарастырады.
Мартин Лютердің дүниетанымында: «ар-ұят ақыл-ойға айтарлықтай әсер ететін, адамның Құдаймен қарым-қатынасының тасымалдаушысы адмшылдық негізі» [4; 82]. Ар адамның ісіне құдаймен бірге төреші болатын құндылық ретінде сараланған.
Иван Ильин арды адамның өмір сүру болымысындағы ең маңызды қасиет ретінде зерделейді: «ар-ұждан адамның адамгершілік өзін-өзі бақылауды жүзеге асыра білу қабілетін сипаттайды, адамды өзге тіршілік иелерінен биік, бекзат етіп, қоғамды құтты ететін моральдық құндылық» [5; 82]. Ойшыл арды адам бойындағы ең асыл құндылық ретінде қарастырды.
Философиядағы негізгі мәселелердің бірі, адам үшін ең қажетті, ең маңызды құндылық ‒ адамгершілік, ар-ұят, ізгілік құндылықтары емес пе еді?! Осы жерде В.Г. Белинский «Адамгершілік, ар-ұят, ізгілік адам үшін бірінші орында болуы шарт, өйткені кез келген ғылым адамды белгілі бір маман болуға үйретсе, ал адамгершілік, ар-ұят, ізгілік ілімдері сені адам болуға бастайды», ‒ деп ой тұжырымдайды [6; 51]. Адам үшін баға жетпес құндылықтардың бірі ар-ұят ретінде зерделенген.
Ал, Нина Арутюнованың ойы бойынша: «Ар-ұждан адам психикасының ең төменгі деңгейден жоғары деңгейге дейінгі барлық қабаттарын қамтиды. Ол адамның индивидуалды, орны толмас және қайталанбас жеке қасиетін қалыптастыратын адамның «Меніне» енеді. Онда ойлар, сезімдер, ұмтылыстар, сондай-ақ өмірлік маңызды шешімдер туады. Демек, ар-ұждан адамның адамгершілік әрекетті анықтайтын негізгі қасиеттерінің бірі» [7; 57]. Адам өмірінде, іс-әрекетінде басты орын алатын қасиет ретінде қарастырады. Л.С. Лихачева ар туралы: «жеке тұлғаның рухани және эмоционалды әлемінде ар-ұжданның болуы, адамгершілік қасиеттердің жоғары екендігін куәландырады» [8; 59]. Арды тек адамға қатысты түсінік ретінде анықтайды.
Игорь Кольной еңбегінде: «Ар-ұят адамның мәнін, адамдық болмысын сипаттайтын негізгі белгілердің бірі» [9; 59]. Яғни, адам болмысының ең маңызды көрсеткіштерінің бірі ретінде таныған.
Адамгершілік, ар-ұят ұғымын түркі әлемінде «жәуәнмәрттілік» мағынасында қарастырған ойшылдардың бірі Жүсіп Баласағұн. Ойшыл «Өр секілді ‒ ізгі іс, қиын шығуға, сұм нәрсе ‒ ылди, оңай құлап құруға». Ізгілік жүрегі кең, адамшылдығы мол, парасатты, иманды адамдардың әрекеті деп таниды. Кісіге екі дүниеде пайдалы нәрсе ізгі іс, мінезі түзулік. Екіншісі ‒ ұят. Үшіншісі ‒ әділдік. Бұл үшеуі арқылы адам шын бақыт табады» [10; 310]. Жүсіп Баласағұн адам болып қалыптасу үшін үлкен моральдық талаптар қойған. Олардың ең бастылары, яғни адамгершілік, ар- ұятын жоғалтпау екендігін өз шығармаларында дөп басып айтады. Ізгі кісі қандай қор болсын мен оның жолдасы болуға дайынмын деген ой айтады. Арды адамдықтың ең жоғарғы өлшемі ретінде тани отырып, адам бойындағы адамды адам етіп тұратын қасиеттердің бірі ретінде қарастырады. Ар адамның жүрегінде орныққан ең асыл қасиеті деп біледі. Ойшыл «жәуәнмәрттілік» сөзін жомарттық, қайырымдылық, кеңпейілділік, адамшылдық, ар деген қасиеттер жиынтығымен байланыстырады. Өз еңбектерінде адамның әділетті, ізгілікті, арлы болуын басты мәселе ретінде таниды. Ізгілік, ар құндылықтарын адам өмірінің түпқазығынан іздеді. Адамдықтың өлшемі ретінде ізгілік, ар-ұят, адамгершілік ұғымдарын қарастырды.
Ар-ұят, адамшылық ұғымдары қазақ халқының ғұлама ойшылы Абай Құнанбаевтың дүниетанымында ерекше орын алған.
Атымды адам қойған соң,
Қайтіп надан болайын [11; 89].
Міне, Абайдың шығармашылығындағы ізгілік, ар-ұят адамшылық мәселесінің алатын орнын осы ойдан-ақ байқауға болады: әрбір адам өзінің атына, адам деген болмысына сай әрекет ету қажет. Өмірде адам баласы адамшылық әрекеттермен қатар хайуандық әрекеттерге де баруы мүмкін. Ал, адамның хайуаннан айырмашылығы оның ақыл-ойы, санасы емес пе? Ендеше, адам осынау өткінші өмірде өз бойына адамға ғана тән, адам үшін маңызды құндылықтарды ғана жинай білуі шарт. Ал, бойында ізгілік, ар-ұят, адамшылық қасиеттер болмаса, от оттап, су сулаған хайуаннан несі артық?! Сенің барлық адамдығыңның өлшемі осы ізгілік, ар-ұят, адамшылық арқылы танылмай ма? Қарапайым адамдардың бәрі өздерінің адам екенін сезініп, адамшылық абыройын шын мәнісінде құрметтей білген кезде ғана оның болашақ өмірі бүгінге айналады. Бұл құндылықтарды өз бойыңнан жоғалтып алсаң, адам ретінде «өлгенмен бірдейсің». Қазақ дүниетанымында тірі жүріп арамдықпен бал жалағанша, адамшылықтың уын ішіп өлгенің артық демей ме?! Осыдан-ақ қазақ халқы үшін «адамшылық», «ар-ұят» адам өмірінде ең негізгі және ең маңызды орын алғандығын аңғаруымызға болады. Ар-ұят ‒ адамның адамшылық өлшемі. Адамшылығы бар адамға ең бірінші керегі ар-ұяты. Ұят деген ‒ адамның өз бойындағы адамшылығы, ізгілігі. Ал, ұялып-қызара білу адам бойындағы адамгершілік, ізгілік қасиетті білдіреді. Ұялу жақсы сезім, ең жақсысы ‒ адамның өзінен-өзінің ұялуы. Егер де, адам өзінен-өзі ұялса, жаман қарекетке бармайды, өсек, өтірік, мақтаншақтыққа салынып, адамшылдығын аяқ асты етпейді. Өмір өткінші, бәрі ұмыт болмақ, шындығына тоқталсақ, адамның ізгілігі, адамшылығы ‒ артына қалдырған асыл мұрасы. Өмірінің мәнділігі, оның жасаған және тындырған ісімен байланысты. Дүниеде жасаған ісіңді өзіңмен бірге ала кетесің демейді, істеген жақсы ісің ‒ артыңа қалдырған ізің. Ар-ұят адамның адамшылығы, ізгілігі. Ар-ұят сенің басқаның, алдындағы адамдық өлшемің. Егер адам ар-ұятын жоғалтатын болса, бұл оның өз болмысын жоғалтқандығы. Осы тұста бір нәрсені ескерте кету керек. «Табиғилық» деп тек жақсы қасиеттерді ғана тануды айтады. Пайдасынан зияны көп мақұлықтың табиғилығынан не пайда? Адамзат өз бойындағы жаман қасиеттерден арылып, адами болмысын сақтап қалу қажет. Табиғилығын сақтап қала алмаған кей адамдарға мысал да келтіруге болады. Олар ‒ белгілі бір себептермен ашкөз, озбыр, дүниқоңыз болып танылып, бүкіл жақын жандарынан айырылған жандар. Ондайлар ізгілік, ар-ұятын, адамшылық қасиеттерін де жоғалтқан [6; 55]. Ойшыл ар-ұят адамның рухани арқауы. Ол ‒ адамның тұлғалық жақсы қасиеттерін танытатын ұғым. Ойшыл, «тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. Одан басқа нәрсемен оздым ғой демектің бәрі де ақмақшылық». Өмірдегі барша іс-әрекет — ел билеу, білім, тәрбие, саясат ар-ұяттан айналып өтпейді. Ар-ұятты сақтай білу, өмірдің өзегіне айналдыру — өнегелі ердің, елдің ісі ретінде таниды. Абай адамгершілігі, ар-ұяты бар адамдарды толық адам деп айтады. Хакім Абай «Адам бол!» деп кеңес берді. Ойшыл негізі, ар, ұят, намыс — адамның иманының деңгейін көрсететін негізгі қасиеттер ретінде қарастырады.
Қазақ дүниетанымында Шәкәрім өз шығармаларында «ар білімі» деген терминді қолданған. Ол «ар» сөзін «совесть» деп тәржімалаған. Ойшыл ар дегеніміз, ол тек адамға ғана қатысты түсінік ретінде саралай отырып, адам бойындағы жақсы қасиеттердің өлшемі ретінде таныған. Ар адам бойындағы тұлғалық қасиетінің көрінісі ретінде тани отырып, оған адам өз тағдырында көлеңке түсірмей, таза ұстауға шақырады. Арлы адамның әр ісі ізгілікке бағытталмақ. Ғарифолла Есім Шәкәрімнің «ар білімін» өзінше талдай келе, оны «ар жүйесі» деп атайды. Оны төмендегіше негіздейді: «Адамзат жаратылғалы алдымен заттық табиғатқа ие болған, яғни басқы мақсат — ішіп, жеу, қарынды тойындыру. Мұны философ ғалым бірінші жүйе — тән жүйесі деген. Екінші болып жан жүйесі айтылады. Үшіншісі — адамның санасы. Төртінші — нәпсі жүйесі, ол тек ішіп-жеу емес, артына ұрпақ қалдыру ниеті. Бесінші — көңіл жүйесі, яғни көңіл азығын іздеу. Алтыншы жүйе — рух жүйесі, яғни адамның рухани мәдениеті. Жетінші жүйе — ар жүйесі, ол Жаратушыға барар соңғы баспалдақ». Шәкәрімнің «Бәйшешек бақшасы» деп аталатын шағын миниатюралардан тұратын топтамасындағы бір шағын эссесінде жан мақсұты мен тән мақсұты туралы айтқан: «Адамда екі түрлі мақсұт бар, оның бірін тән мақсұты, екіншісін жан мақсұты дейміз. Қара басының қамын ойлап, өзімшілдік, мақтан көксейтін — тән мақсұты. Адамшылық ар мен адал еңбек іздейтін — жан мақсұты. Бастапқыны көксеген адам зұлымдық қиянатпен болса да, мал, мансап, мақтан табуға құмар болады. Соңғыны көксеген адамның адал еңбек, ақ ниеттен басқа басқа іздейтіні жоқ, ол адам баласын ала көруді, қиянат қылуды тіпті ұнатпайды». Ойшыл ақынның «Үш анық» атты философиялық еңбегінде де осы «жан мақсұты» негіз етіп алынған. «Үш анықтың» негізінде келіп ар ілімі қалыптасады. Ар ілімі — ол рухани тазару жолы. Шәкәрім арлы адам дегенге, бойында ұят, қайрат, жігер, жауапкершілік, кісілік, намыс, талап, ерлік секілді асыл қасиеттері бар адамды айтады. Өлімнен соң бір түрлі тіршілік бар. Екі өмірге де керекті іс ұждан. Ұждан дегеніміз — ынсап, әділет, мейірім». Ал бұл қасиеттер адам өмірінде жоғалатын болса, өмір сүрудің түкке тұрғысыз екендігін баяндайды. Оған мына өлең жолдары дәлел болмақ:
Сабыр сақтық ой, талап болмаған жан, Анық төмен болмай ма хайуаннан.
Ынсап, рахым, ар, ұят табылмаса, Өлген артық дүниені былғағаннан [6; 54].
Шәкәрімнің ар ілімінің мақсаты ішкі тазалыққа жету арқылы хақты тануға жол ашу. Ойшыл өз дүниетанымында аp-ұятты жоғарғы адамгершілік заңы, өмірлік норма, адамның моральдық өзін-өзі бағалауы ретінде таныды. Шәкәрімнің ар біліміне байланысты концептуалды көзқарастарының бірі «өлген жан өміріне нана алмай ұждан, жанға екі өміргеде бірдей керек таяныш екеніне нана алмаған кісінің жүрегін ешбір ғылым, өнер, ешбір жол, заң тазарта алмайды», – деген ойында жатыр. Адам жүрегін тазалауда ешбір ғылым саласының, өнердің, заңның дәрменсіз екендігі, тек ар ілімінің орны айрықша екендігін көрсетеді. Ар өнер, білімнен де жоғары тұратын құндылық ретінде айқындайды. Адам бойында ар болмаса әр ісі зұлымдыққа бастап, адамшылыққа бастайтын әрекеттерді аяқ асты етпек. Ар адам өмірінде жанына мәңгі азық болатын, екі дүниегеде қажетті іс ретінде таниды. Жанның екі өмірдегі азығы ол — ұждан. Адамдар арасындағы күншілдік, адамға жат әрекеттердің туындауы оның бойындағы арсыздық қасиеттердің басым болуымен тікелей байланысты. Адамның ар тазалығы оның өмірінде айрықша орын алмақ. Қазақ дүниетанымында Аяз би ізгілік, ар жолындағы адам деп қарастырылады. Мына үзіндіге назар аударайық: «...Баяғы өзінің жыртық тонымен жаман тымағын ордасының маңдайшасына шегелеп қойды. Кейде хандықпен көңілі ауытқып, тура жолдан таяйын десе, тоны мен тымағына қарап: «Әй, Аяз, баймын деп аспа, ханмын деп таспа! Аяз, әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл!» деп көңілін басушы еді». Аяз бидің тура жолдан таймағаны үшін оны ізгілік, ар жолындағы адам ретінде таниды. Оның ізгілігі, ар сақтауы шүкір, қанағат, тәуба секілді ұғымдар аясында анықталды [12; 18]. Ардың бір күштілігі адамды тура жолға салып, тура жолдан тайдырмайды. Философия тарихындағы ойшылдар ар ұғымын жақсы қасиеттердің өлшемі ретінде саралайды. Адамды хайуандардан өзгешелендіретін басты қасиеті ретінде қарастырады. Ар ұғымының мәнін қарама-қарсы арсыздық ұғымын қолдану арқылы ашуға болады.
Ар адам бойындағы айрықша орын алатын құндылық. Оны жетілдіріп өсіре түсу де, құртып, жоғалтып алу да адамның тағдырына, өзіне қатысты болады.
Адамның өміріндегі жақсылық та, жамандық та адамның бойындағы ардан бастау алады, ардан аттап кету, адамның өз болмысын жоғалтуға апаратын әрекет. Сондықтан адамзат өз болмысынан айырылмау үшін, арына кір келтірмей оны таза ұстау қажет. Ар сенің басқа адамдардың алдындағы адамдық болмысыңды айқындайтын, өзіндік дараша бейнең болып табылмақ. Ары жоғалған адам бет әлпетсіз, бейнесіз, мүсінсіз қалған бейне ретінде ғана қалмақ және адамдықтан, тыныш өмір сүру мүмкіндігінен де айырылмақ. Сондықтан, адамзат өз өмірінде арына көлеңке түсірмеуі қажет. Арлы адамның әр ісі ізгілікке бастайды. Адам дегенде халық арасында кімдерді айтамыз, бойында ұят, ізгілік, адамгершілік, парасаттылық, қайрат, жігер, жауапкершілік, кісілік, намыс, талап, ерлік секілді асыл қасиеттері бар адамдарды жатқызамыз. Арлы адам өз бойына жақсылыққа бастар қасиеттерді қалыптастыруға тырысып, жер бетіндегі адамзат баласына көмек қылуға әзір тұрады, әр ісі мейірім мен шапағатқа бастайды, зұлымдық атаулы ауыздықталып, қиянатсыздық, адамсүйгіштік әрекеттер көбейеді, сол арқылы бақытқа қол жеткізеді. Философия тарихындағы ойшылдардың дүниетанымына философиялық анализ жасау арқылы, ар адам бойындағы ең басты адамшылыққа бастайтын, жақсылыққа жетелейтін қасиеті ретінде таниды. Қазақ та «малым ‒ жанымның садағасы, жаным‒ арымның садағасы» деп ар-ұятты, береке-бірлікті жоғары қойған халық. Өткен тарихымызға жүгінсек бабаларымыздың өмірінде ар-ұят категориялардың негізі болып табылған, оны жоғалтса кісіліктен айырып, адами құндылықтары арзандап, рухымыз тапталады деген идеяға сәйкес өмір сүрген. Сондықтан, әр істі ар мен ұятқа жеңдіріп отырған. Сол арқылы өз өмірлерінде жамандыққа жол бермей, жақсылыққа жанашыр бола білген. Ар адам ісінің төрешісі, адамның өз соты екі дүниегеде керекті іс. Философия тарихында адам өз болмысына сәйкес өмір сүру үшін, көптеген моральдық талаптар қойған. Солардың ең бастысы — ар-ұят. Адамды басқа тіршілік иелерінен сапалық айырманы көрсететін, адам болып қалудың басты кепілі-ар-ұятын сақтау. Бірақ адам бойында арды қалыптастыруда тәрбие, білім қажет. Ар-ұят адамның ең кемел қасиеті.
Қорытынды
Ар-ұят ұғымы адамдық қасиеттің жоғарғы нормаларының өлшемін білдіреді. Ар — адамның адамдық болмысына сай өмір сүруі, өзінің адамдық қасиетін жоғалтпауы. Арлы адам өзінің ішкі болмысын, құлқын түзейді. Ардың кілті жүректе. Жүректі тазарту, иманды берік ұстау ар-ұятқа барудың басты жолы. Адам арлы іске ең бірінші көңілін, жүрегін тазартып барып аяқ басады. Ар- ұятыңды таза ұстағың келсе, тәкаппарлықтан, өзімшілдіктен алыс жүру қажет. Арлы адам үшін ең басты құндылық көңілінің, жүрегінің, жанның тазалығы. Арлы адам жалған дүниенің қызығына салынбай, жүрекпен көңілдің тазалығын сақтауды өмірінің мұратына айналдырмақ. Адам үшін оның өміріне мән беріп, мағыналы ететін ар-ұят, адамгершілік, ізгілік қатынастары, бұл қасиеттер арқылы адамзат адамға лайықты өмір сүре біледі.
Әдебиеттер тізімі
- Философский энциклопедический словарь. — М.: Сов. энцикл., 1983. — 840 с.
- Аристотель философиясы [20 т.]. 3-т. / құраст. Қ.Ә. Әбішев, Т.Ы. Әбжанов. – Алматы: Жазушы, 2005. — 568 б.
- Августин Аврели. Исповедь / А. Августин. — М.: Азбука, 2014. — 400 с.
- Лютер М. Избранные произведения / М. Лютер / пер. с нем. СПБ.; М.: Андреев и согласие, 1994. — 432 с.
- Ильин И.А. Путь к очевидности / И.А. Ильин. — М.: Республика, 1993. — 431 с.
- Ракимжанова С.К. Дәстүрдің философиялық мәні / С.К. Ракимжанова // ҚазҰУхабаршысы. — 2017. — № 3(61). — Б. 49–57.
- Арутюнова Н.Д. О стыде и совести / Н.Д. Арутюнова // Логический анализ языка: Языки этики. — М.: Языки русской культуры, 2000. — С. 54–58.
- Лихачева Л.С. Этика: теория и практика: учеб. пос. / Л.С. Лихачева. — Екатеринбург: Изд-во Урал. ун-та, 2019. — 190 с.
- Кальной И.И. Человек и его метафизика / И.И. Кальной // Credo New. — 2009. — № 4. [Электронный ресурс]. — Режим доступа: http://www.intelros.ru/readroom/credo_new/credo_04_2009/4325-chelovek-i-ego-metafizika.html.
- Баласағұн Ж. Құтты білік / көне түркі тіл. ауд. / Ж. Баласағұн. — Алматы: Жазушы, 1986. — 616 б.
- Құнанбаев А. Шығармаларының толық жинағы: [2 т.]. 1-ші т. / А. Құнанбаев. — Алматы: Көркем әдебиет баспасы, 1961. — 677 б.
- Есім Ғ. Қазақ философиясының тарихы / Ғ. Есім. — Алматы: Қазақ университеті, 2006. — 214 б.