Мақалада Жамбыл облысының соғыс қарсаныңдағы экономикалық жағдайы, соғыс жылдарындағы өнеркәсіп, транспорт, байланыс салаларының қызметі тарихын зерттеудің нәтижелері баяндалған. Жамбыл облысының 1930–1980 жылдары Қазақстанның Ресей өнеркәсібіндегі жетекші орынға шығуы маңызға ие. Соғыстың алғашқы күндерінен бастап экономикалық маңызы арта түскен облы- стағы іргелі өнеркәсіп ошақтарының бірі — қант зауыттарының жұмысы, Түрксіб теміржолының бойында Жамбыл облысынан өтетін Жамбыл және Шу теміржол бөлімшелерінің қызметтері өзекті болып табылады. Соғыс жылдарындағы өнеркәсіп, транспорт және байланыс салаларының қызметін- де мамандарлардың жетіспеушілігі, жұмысшылардың әлеуметтік жағдайының нашарлап кетуі се- бептері де қамтылған. Мұрағаттық деректерді талдау негізінде соғыс жылдарындағы жұмыс күшінің жетіспеушілігі мен соғыс тудырған басқа да қиындықтардың болғандығына көз жеткізуге болады. Сондай-ақ машинист, слесарь, токарь, паровоз жуушы сияқты ауыр жұмыстарды атқарған тылдағы әйелдер еңбегінің басымдылығы да назардан тыс қалған жоқ.
Кіріспе
ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында Әулиеата Ресей империясының Түркістан гене- рал-губернаторлығының Сырдария облысына қарады. 1917 жылғы Қазан революциясынан кейін ба- стапқыда Түркістан АКСР-і, РСФСР содан кейін КСРО құрамындағы Қазақ АКСР-нің, одан кейін КСРО құрамындағы Қазақ КСР-нің қарамағында болды. Осыған байланысты оның атауы өзгерді. Сырдария облысы, одан әрі Оңтүстік Қазақстан облысы, одан кейін 1938 жылы Қызылорда облысы, 1939 жылы Жамбыл облысы деп аталды.
1939 жылы 14 қаңтарда КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының қаулысымен Жамбыл облысы құрылды. Облыс құрамына — Жамбыл, Тұрар Рысқұлов, Меркі, Сарысу, Талас, Свердлов, Қордай, Шу аудандары енді. 1951 жылы Оңтүстік Қазақстан облысына Жуалы ауданы берілді [1; 11]. Орта- лығы Жамбыл қаласы болды. 1939 жылы 1 қаңтарда қалада 63,7 мың адам тұрды, бұл 1917 жылмен салыстырғанда 3,4 есеге артық [2; 105].
Жамбыл облысының тарихы 1939 жылы 14 қазанда облыс құрылғаннан бастап қалыптасқан жоқ, оның тарихы тереңде жатыр. Тарихтан белгілі 1918 жылғы аштық пен 1928 жылғы тәркілеу, 1931 жылғы күштеп ұжымдастыру және 1932–1933 жылдардағы аштықтың қайғылы салдары аймақтың дамуына кері әсерін тигізді. Сонымен қатар, 1937–38 жылдардағы саяси қуғын-сүргін халықтың нағыз жанашырларын жазалағаны белгілі [3]. Облыс жаңадан құрылған кезеңде Жамбыл қала- сындағы коммуналдық шаруашылық органдарына тиесілі үйлердің саны 395-тен аспады, ал аудандар бойынша олардың саны 625-ке жетті. Жамбыл қаласындағы көптеген ғимараттар облыстық мекеме- лерді алып жатқанын ескере отырып, сол кезде тұрғын үй мәселесі өте күрделі екеніне көз жеткізуге болады. 1939 жылдың 1 қаңтарындағы деректер бойынша Жамбыл қаласында 62723 адам тұрған. Об- лысты абаттандыруға келетін болсақ, қалалар мен аудандардағы 3 электр станциясы және бірнеше жерде құрастырылған шағын электр станциялары негізінен өнеркәсіп кәсіпорындарының қажеттілігін жаба алмады. Жеке үйлерде ильич шамы жеткіліксіз болды. Көшелерді жарықтандыру өте нашар болды. Облыстық мәртебесі бар жалғыз қала — Жамбыл қаласында жол мәселесі шешілмеген бола- тын [4; 10]. Су құбыры бойынша іс-шаралар жүргізілмегендіктен, тұрғындардың көпшілігі арықтан су алған. Алайда, Кеңес Одағының I (1928–1932) және II (1933–1937) бесжылдығында Әулиеата
*Хат-хабарларға арналған автор. E-mail: gydita@mail.ru өлкесі үлкен жетістіктерге жетті. Осылайша, 1936 жылы Әулиеатада ірі артель «Металлист» құрыл- ды. Сол жылы кірпіш зауыты пайдалануға берілді, ал 1938 жылы жөндеу-механикалық зауыты өз жұмысын бастады. Жамбылда Кеңес Одағының ең ірі қант зауыты ашылды, ол күніне 12 мың центнер өнім өндірді [5, 106].
Жалпы облыс құрылғаннан бері 20 өнеркәсіптік кәсіпорын құрылып, 3400 адам еңбек етті. Бұл революцияға дейінгі кезеңге қарағанда 12 есе көп. Өндірістің негізгі саласы азық-түлік, қант, май және нан пісіру болып табылды. Сондай-ақ, қалада кооперативтік колхоз мекемелері жұмыс жасады. Олар жылына 248 мың рубль өнім шығарды [6, 51].
Жамбыл облысы 1930–1980 жылдары кеңестік Қазақстанның өнеркәсібіндегі жетекші орынға шықты. Химия өнеркәсібінің өнімі кейіннен облыстың негізгі кіріс қорына айналды. Химия өнеркәсібінің пайда болу тарихы 1939 жылы Қаратау геологиялық жер қойнауын картаға түсіру кезінде Қазақ геологиялық барлау басқармасының қызметкері Иван Ильич Машкараның зерттеуінен бастау алады [7, 8 б.]. Содан кейін Қаратау өңірінен ауыл шаруашылығы өнімдерін өркендетуде және оны интенсивті түрде дамытуда фосфорит кен орындарының табылуына байланысты үкімет шұғыл шаралар қабылдай бастады. Тау-кен комбинаты және Жамбылдан 90 шақырымдық жердегі Жамбыл- Шолақтау темір жолының құрылысы жүргізілді. 1946 жылдың аяғына таман ең алғашқы кәсіпорны бой көтерді. 1937–1940 жылдары Қаратау өңіріне біраз ғалымдар мен геологтар келіп, фосфор кен- дерін іздестіріп, олардың көптеген кендерін тапты. Бұл топты басқарған П.Л. Безруков болды. Кейіннен оған екі мәрте Кеңес Одағының мемлекеттік сыйлығы атағы берілді [8, 73].
Талқылау
Соғыс жылдарындағы өнеркәсіп, транспорт және байланыс салаларының қызметіне және жеңіл өнеркәсіптің дамуына тоқталатын болсақ, 1942 жылы облыста темір ұстасы, қышпен жұмыс жасау, сабын қайнатушы, кірпіш күйдіруші, себет жасаушы, ағаш ұстасы, жіп дайындаушы сияқты маман- дар жетіспеді. Сондықтан облыстық өндірістік одағы 106, жергілікті өнеркәсіп басқармасы 58 маман дайындауға міндеттелді. 1942 жылдың 1 жарты жылдық жоспары толық орындалмады. Одақтық деңгейдегі өнеркәсіптер 83,3 %-ға, оның ішінде: «Главмука» (ұн тарту мекемесі) — 65,0 %; кірпіш зауыты — 26,3 %; жүн жуу өнеркәсібі — 67,0 %; спирт зауыты — 87,5 %; Жамбыл қант зауыты — 75,6 %-ға орындаған. Ал, республикалық деңгейдегі өнеркәсіп орындары — 93,2 %-ға орындады. Қосқұдық «Мехлесопункт» мекемесі — 50 %; май өндіру тресі — 79,6 %; цемент зауыты — 81,4 %-ға орындаған. Кірпіш зауыты да жоспарды орындамаған. Спирт зауытында өндіріс көлемі 1941 жылмен салыстырғанда 10 %-ға төмендеген, жанар-жағармай артық жағылған [9].
Жергілікті өнеркәсіп басқармасына қарасты кәсіпорындарда да өндіріс жоспары орындалмаған. Облыс бойынша өнеркәсіп жоспарларының орындалмауы тұрғындардың күнделікті тіршілігіне тіке- лей қажетті тауарлардың тапшылығына әкеліп соқты. Мысалы, сабын шығару бар болғаны — 29,9 %- ға, шаруашылық жіптері — 83,7 %-ға, қыш бұйымдар — 65 %-ға, балық аулау — 55,1 %-ға орын- далған. Оның себебін ресми құжаттарда көрсетілгендей жұмыс кестесінің енгізілмеуі, еңбек тәртібінің сақталмауы, жаңадан қосылған жұмысшылармен жұмыстың өз деңгейінде жүргізілмеуі және тағы басқа дәлелдермен түсіндіру сыңаржақтылық болар еді. Оның басты себебі — соғысқа дейін елдегі басты, әрі негізгі жұмыс күші болып саналған ер-азаматтардың жаппай әскерге алынуы, содан туындаған жұмыс күшінің, білікті мамандардың жетіспеушілігі проблемасымен қоса, соғыстың созылып кетуіне байланысты елді қажытып, еңсесін басқан ауырлық еді. Мемлекетке тапсыратын өнім көлемінің жыл сайын көтеріліп отыруы — соғыс уақытының заңы болғанымен, сол үстемелен- ген жоспарларды орындаудағы жұмысшылар мен еңбекшілердің физикалық мүмкіндіктері ескеріле бермеді [10].
Облыстық атқару комитетінің шешімімен 1942 жылдың ІІІ маусымына арналған жоспарлар қабылданып, оны орындау өнеркәсіп орындарына міндеттелді. Мысалы, Жамбыл балық зауыты ең кемінде 3,5 мың центнер балық өндіруі тиіс болса, сабын өндіру 300 центнерге, шаруашылық жіптерін 1000 центнерге, қамыстан мата тоқуды 150 мың шаршы метрге, қыш ыдыстар өндіруді 100 мың шаршы метрге дейін көтеруді, 300 арба жасауды міндеттеді [11, 2, 4 п.].
Адамның күнделікті тіршілігіне қажет сабынның жетіспеуі облыс халқының санитарлық- гигиеналық жағдайының нашарлап кетуіне тікелей әсер етті. Жоқшылық салдарынан бір үйдің адам- дарының киетін киімі де, жамылатын көрпесі де ортақ болған. Тазалық, жеке бас гигиенасы сақтал- мағандықтан тұрғындардың денесін бит басып, қотыр ауруы жайлаған. Халық сабын тапшылығын қолдан сабын қайнату арқылы шешуге тырысады. Халықтың күнделікті тұрмыста жаппай тұтынатын тауарларының жетіспеуі тек қана Жамбыл облысында ғана емес, республика бойынша орын алды. Сондықтан Қазақстан К(б)П Орталық Комитетінің хатшысы Н.А. Скворцов 1943 жылы 16 шілдеде жергілікті және кооперативтік өнеркәсіп қызметкерлерінің республикалық кеңесінде баяндама жаса- ды. Онда халықтың күнделікті тұтынатын тауарларын шығару жұмысын күшейту, өнім шығаруда материалды үнемдеп, бағаны арзандату, бұйымның сапасын арттыру және т.б. мәселелер қаралып, жоспарды орындау — әрбір кәсіпорын үшін бұлжымайтын заң деп атап көрсетеді. Осыдан кейін об- лыста жергілікті шикізаттан халықтың күнделікті тұрмыста жаппай тұтынатын заттарын шығару үшін 49 жаңа шеберхана ашу, азық-түлік (мысалы, тұз) өндіру, қыштан ыдыс (қасық) жасау, көң өндіру, дөңгелекке жағатын май шығару, известь алу, қамыстан мата тоқу, балық аулау сияқты жұмыстар қолға алынды [12, 10-п.].
1943 жылы облыс тұрғындарының киім, аяқ киімге деген мұқтаждығы қатты сезілді. Жергілікті өнеркәсіп ұйымдары жылдық жоспарларын толық орындай алмай, нәтижесінде тұрғындарды аталған киім түрлерімен қамтамасыз ете алмады. Мысалы: облыстық өндірістік одағы (Облпромсоюз) бала- лардың былғары аяқ киімін тігу жоспарын 91,9 %-ға, аяқ киім жөндеуді 87,1 %-ға, шұлық, ұйық тоқуды 35,5 %-ға орындаса, жергілікті өнеркәсіп басқармасы (Облместпром) балалар аяқ киімін тігуді 87,1 %-ға, аяқ киім жөндеуді 54,3 %-ға ғана орындаған. Мектеп жасындағы балалардың аяқ киімінің жетіспеушілігі қатты сезілді. Сондықтан облыс тұрғындарын, алдымен мектеп оқушылары мен әскери қызметкерлердің балаларын киім, аяқ киіммен қамтамасыз ету үшін облыстық атқару ко- митеті 1944 жылдың І кварталына арналған жоспар бекітті. Киімдер, қой терісінен тон тігетін, киізден, теріден аяқ киім, трикотаждан киім тігетін, жаңадан аяқ киім жөндейтін шеберханалар ашу жұмыстары жүзеге аса бастады [12, 4-п].
Соғыс кезінде Жамбыл облысының еңбекшілері мен жұмысшылары Қаратау кен-химия комби- натын салу жұмысына да ат салысты. Халық Комиссариатының Кеңесі 1941 жылы 27 тамызда Қа- ратауда кен-химия комбинатын салуға шешім шығарғанымен, қаржының, техниканың, жұмыс күші мен мамандардың жетіспеушілігі салдарынан жұмыс өте баяу жүргізілген. 1942 жылы құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілуі тиіс болғанымен, 1944 жылдың өзінде әлі жер қазу жұмы- стары жүргізіліп жатты. 1944 жылдың наурыз-мамыр айларында комбинаттың жер қазу жұмыстары- на Қазақстан үкіметінің тапсырмасы бойынша 400 жұмыс күшін беру керек болса, облыс 950 адам бөлді. Олар 35 мың куб метр емес, 66206 куб метр жердің қазу жұмыстарын жасады. Ал, осы жылдың маусым-тамыз айларында комбинаттың құрылыс жұмыстары үшін 319 колхозшы жіберілді. Қаратау кен-химия комбинатының құрылыс жұмыстарына қажетті материалдарды жергілікті өнеркәсіп артел- дері мен өнеркәсіп комбинаттары өндірді. Қаратау кен-химия комбинатының құрылысында облы- стың 120 комсомол жастары тұрақты жұмыс істеді [13, 3-п.].
Жұмысшылардың тынбай еңбек етіп, жоспарларын артығымен орындап, жекелеген көрсет- кіштерге жеткендеріне қарамай, Одақтық деңгейдегі өндіріс орындарының бірі болып саналған кірпіш зауыты, жүн жуу өнеркәсібі, ұн тарту, спирт, Жамбыл қант зауыттарының соғыс жылда- рындағы өнім шығару қарқыны 1940 жылмен салыстырғанда жылдан-жылға төмендеп, өңдіріс жо- спарларын 54–75 % арасында ғана орындап отырған. Сол сияқты қант зауыты мен спирт зауытының өнім шығару қарқыны да 1940 жылмен салыстырғанда әр жыл сайын төмендеп отырған. 1944 жылы Одақтық деңгейде өнім шығаруға міндетті 13 кәсіпорынның 5-еуі өндірістік жоспарын орындамаса, 1945 жылдың І жартысында 7 кәсіпорын жоспарларын орындай алмаған.
Республикалық деңгейдегі өндіріс орындарында да 1941 жылмен салыстырғанда өндіріс көлемі 13 %-ға қысқарып кеткен. 1944 жылғы өндіріс жоспары 98,8 %-ға орындалса, 1945 жылдың І жартысындағы өндіріс көрсеткішінің өзі 90,1 %-ды құраған. Жергілікті кәсіпорындарда өндіріс жо- спары орындалмауымен қатар, өнім түрлері де аз болған және қымбат бағамен сапасыз өнімдер шығарылған [13, 48 — п.].
Деректерге қарап отырсақ, жылдан-жылға өндірістің жалпы көлемі кеми бастағанын көреміз. Бірақ, бұл соғыс жылдарындағы халықтың еңбегін жоққа шығармайды. Тұрғындардың жанкешті еңбегінің арқасында жұмыс күшінің жетіспеушілігі мен соғыс тудырған басқа да қиындықтарға қара- май, облыс өнеркәсібі өзінің өміршеңдігін көрсетті. Облыс халқы Отан үшін, жеңіс үшін тыл жұмы- старында да майданда да соңғы күші қалғанша күресіп, соғыс заманының төтенше қатаң талаптарына толықтай жауап берді.
1930–жылдары үкімет пен партия қант өнеркәсібіне үлкен көңіл бөле бастады. Тек бірінші бесжылдық жылдарында ғана 10 қант зауыты тұрғызылды. Бірақ 1932 жылы қант өндіру көлемі 1913 жылғыдан төмен болды, яғни 1347 мың тоннаның орнына 828 мың тонна ғана өнім алынды. Осы кездегі қант өнеркәсібін дамытуға кедергі болып отырған, оның шикізат базасының әлсіздігі еді. 1932 жылы болған БК(б)П XVII конференциясында «... жаңа аудандарда, соның ішінде ауылшаруашылығы шикізатын өндіретін аудандарда жеңіл және тағам өнеркәсібін жедел дамытудың» маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар 1934 жылы өткен партияның XVII съезінде де мемлекетке қызылша тапсы- руды күшейту туралы айтылды.
Еліміз бойынша жаңа аудандарда, соның ішінде Қазақстанда қызылша егу мен қант өндірісін дамытудың өзіндік маңызы болды. 1932 жылдың 1 тамызында Жамбыл қант зауытының өндірістік корпусы іске қосылуы керек болған, бірақ материалдың жетіспеушілігінен құрылыс 1933 жылдың наурызында басталды. Сонымен, 1932 жылдың мамыр айында Жамбыл зауытының құрылысында зауыт құрылысына қажетті темір конструкциялар, еге, сым темірлер жасалса, Меркі қант зауытының құрылысында — құрал-саймандар, мен арнайы киімдер дайындалды. Жамбыл қант зауытының құры- лысының жанынан кірпіш зауыты ұйымдастырылды. Кірпіш күйдіруде отын орнына сексеуіл, шөп, қурай пайдаланылды. Осылайша, зауыт құрылысына қажетті материалдарды өз күштерімен жасауға тура келді. Құрылыс жұмысына жұмылдырылғандардың 60 %-дан астамы осындай қосалқы жұмы- стар атқарды. Жұмыс күшінің жетіспеушілігі құрылыс жұмыстарында үлкен қиындықтар туғызды [14, 48 б.].
1933 жылдың наурыз айында Меркі және Талдықорған қант зауыттарының бас корпусының құрылысы басталды. Осы зауыттарды құрылыс материалдарымен, жұмыс күшімен қамтамасыз етуге республиканың басқа да қант зауыттары жұмылдырылды.
Меркі қант зауытының құрылысы басталғасын бір айдан кейін жұмысшылардың жартысынан астамы екпінділер қатарынан табылды. Бригадалар мен бөлімшелер арасында социалистік жарыс ұйымдастырылып, нәтижесінде еңбек нормасы 170–180 %-ға көтерілді. Осылайша, Меркі қант за- уыты бір маусымда (1933 жылдың наурызы мен желтоқсан айларының арасында) тұрғызылды. Об- лыс шаруашылығы үшін таңсық қант қызылшасын өсіруді жетістікке меңгеру оңай болған жоқ, өнім өндіруге алғашқы 1934 жылы жетті. 1934–1935 жылдары Меркі және Талдықорған қант зауыттары бірге 16 мың тонна өнім берді. Осыдан кейін қант қызылшасын егетін аймақтар кеңейтіліп, өндіріс қарқынды дами бастады. Республика қызылшашылары қатарында 1936 жылы Жамбыл облысының қызылшашылары да көршілес Қырғыз КСР-інің қызылшашыларымен социалистік жарысқа түсті. Ауа-райының қолайсыздығына қарамай 1935 жылға қарағанда өнімді жоғары алды. Свердлов ауда- нының Ленин колхозының звеновойы гектарынан 5410 центнер өнім алып, әлемдік рекорд орнатты. Осы колхоздың қызылшашысы Б. Саурықов гектарынан 1000 центнер өнім алды. Қызылша тарихын- да тұңғыш рет Қазақстанда бір гектардан 1000 центнерден өнім алынды. Соғысқа дейінгі жылдардағы ең жоғарғы өнім республикада 1939 жылы алынды — орта есеппен гектарынан 280 центнер болды. Оған жамбылдық қызылшашылар да елеулі үлес қосты. Сондықтан 1939 жылғы бүкілодақтық ауылшарушылық көрмесіне қызылшаның әр гектарынан 1000 центнерден жоғары өнім алған кол- хозшылар қатысты. Атап айтсақ, Меркі ауданынан А. Рыспаева, А. Жұматова, Мирзоян қызылша совхозынан К. Естемірова және М. Бекмұратовалар қатысты.
1934 жылдың соңынан бастап Жамбыл қант зауытының құрылысы қайта басталды. Құрылыс- шылар белсенді жұмыс жасай бастады. Механикалық шеберхананың темір ұсталары Б. Левко, Н. Романчук, тас қалаушы А. Шальков, ағаш ұсталары А. Гончаров, И. Пашков еңбек өнімділігін 250– 300 %-дан асыра бастады. 1937 жылы 9 ақпанда зауыт алғашқы қант қайнату мерзімін бастады. 1938– 1939 жж. Жамбыл және Меркі қант зауыттары Талдықорған қант зауытымен қоса есептегенде 64 мың тонна қант өндірген.
Кеңес Одағы 1936 жылы 2,3 млн тонна қант шығарып, дүниежүзінде қант өндіруден бірінші орын алған болса, 1938 жылы 2,7 млн тонна қант өндірген. Бұл Кеңес Одағының Ұлы Отан соғысына дейінгі қант өндірісі бойынша ең үлкен көрсеткіші еді [15, 50]. Соғыстың алғашқы күндерінен бастап экономикалық маңызы арта түскен облыстағы іргелі өнеркәсіп ошақтарының бірі — қант зауыттары еді. Шикізаттың, жанар-жағармайдың, электр энергиясының, материалдың тапшылығына қарамай соғыстың алғашқы жылында зауытта бірнеше тиімді жобалар жүзеге асырылып, нәтижесінде өндіріс шығыны азайып, еңбек өнімділігі артты.
Соғыстың ауыртпалығы барлық өнеркәсіп орындарымен бірге облыстағы ірі өндіріс ошағы бо- лып саналатын қант зауытына да түсті. Соғысы басталысымен Германия басып алған жерлерде Кеңес Одағының көптеген өнеркәсіп орындары, соның ішінде 199 қант зауыты қалып қойған болатын. Оның 167-сі қиратылып, 56-сы талқандалып, іске жарамсыз күйге түскен еді. Сондықтан осы шыққан шығынның орнын толтыру үшін шығыстағы өндіріс базасы ретінде Қазақстан таңдап алынады. Еліміздің алдына қант өндірісін күрт арттыру міндеті қойылды. Облыстағы Жамбыл және Меркі қант зауыттарында социалистік жарыстарды өркендету ісі қолға алынды. Қазақстан КП(б) Облыстық ко- митетінің VІ Пленумы Жамбыл қант зауытының алдына қызылша өңдеуден күндік норманы 15 мың центнерге жеткізу керек деген міндет қойды [16; 105].
Сондықтан Жамбыл қант зауыты да өндіріс орнын соғысқа бейімдеп қайта құру үшін зауытты өз күштерімен жөндеуден өткізіп, іске қосқан және сонымен бірге 40 мың сом үнемдеген. Жөндеу жұмыстарын іске асыру барысында зауыттың жұмыс істеу тиімділігін арттыратын 142 жоба ұсыны- лып, оның 107-і іске қосылған. Солардың кейбіреуіне тоқталып кетсек, мысалы, жылына 2314 сом пайда түсіріп қана қоймай, қанттың шығынын төмендететін материалдармен бірге жұмыс күшін де үнемдейтін әдіс ұсынылды. Ол әдіс қант шығаратын қондырғының диффузиялық сеткасын бекітуді өзгерту әдісі еді. Оны Симак ұсынды. Келесі бір әдіс — буды және қанттың шаңын сорып алатын «Фальцман» барабанының мойынын кеңейту әдісі еді. Бұл әдіс жылына 1234 сом үнемдеуге мүмкіндік берген. Қант зауытының жөндеу жұмыстары кезінде стахановшылар: слесарлар Гребенюк пен Костылев нормаларын 151 %-ға, токарь Морозов 130 %-ға, электрик Прасолов 233 %-ға, мысшы (медник) Горобцов 175 %-ға, құюшылар (лигенцик) Беднев 162 %-ға, Шинкарена 200 %-ға, ұста Макаров 202 %-ға орындап жоғары көрсеткіштерге жетсе, құюшы (литейщик) Боднев 162-га орындаған [15; 22].
1941–1942 жж. барлық өнеркәсіп орындары сияқты қант зауытыда да қиындықтарды бастан кешірді. Зауыттағы негізгі жұмыс күші болып есептелген ер-азаматтар майданға кеткендіктен әйел- дер мен жасөспірім балалардан білікті маман дайындау да оңай шаруа болмады. Сондықтан қалалық комитеттің барлық өнеркәсіп орындары мен мекемелері әйелдер мен қыз-келіншектердің біліктілігін арттыру үшін оларды өндірістен қол үзіп және қол үзбей жаңа мамандықтарға оқыта бастады. Осы бағытта аз ғана уақыттың ішінде қант зауытында 10 әйел әртүрлі кәсіпке маманданып, жұмысқа кіріссе, 15 әйел оқуын аяқтауға таяу болды.
Жанар-жағармайдың жетіспеушілігі салдарынан зауыттардың жұмысы жиі тұралап қалып отыр- ды. Оның үстіне зауыттың негізгі шикізаты болып табылатын қызылша да транспорттың жетіспе- ушілігі салдарынан жиналмай, қыстың ортасына дейін егіс алқаптарында жататын. Сол себепті олар- дың едәуір бөлігін үсік шалған. Бұндай үсік шалып, қайта еріген өнімді өңдеу де үлкен шығынға ұшырататын. Шикізат тапшылығы туындап, зауыттың жұмысына кедергі келтірген. Соған қарама- стан жұмысшылар шикізат пен қант, жанар-жағармайдың, электр энергиясының, материалдың шығынын азайту жолында жан аямай еңбек еткен. Нәтижесінде, 1941 жылдың соңында 935 тонна қант үнемделген. Меркі қант зауытының жұмысшысы, шебер А. Мороздың ұсынысы бойынша қы- зылшаның қалдығы қайта өңделе бастады. Бұл жылына қосымша 180 тонна қант шығаруға мүмкіндік берген [16; 42].
1942 жылдың өндіріс мезгілі аяқталған соң қант зауытының ұжымы зауытты түпкілікті қайта жөндеу мен қайта жабдықтауға кіріседі. Барлық керекті құрал-жабдықтар мен қосымша бөлшектер облысқа эвакуацияланған қант зауыттарынан алынды. Жөндеу жұмыстары басталысымен Меркі қант зауытында 1 сағаттық жұмыс күні енгізілді. Жұмыс күні 5 күн болды. Тапсырмалардың орындалуы әр бес күннің соңында тексеріліп, 10 күнде бір жиналыста айтылып отырған. Жөндеу жұмыстары бойынша бірінші айдың өзінде еңбек өнімділігі 147, 3 %-ға көтеріліп, 50-ден аса адам жоспарларын 200–300 %-ға орындаған.
1943 жылдың 12 ақпанында Жамбыл облыстық комитеті «Жамбыл және Меркі қант зауытта- рында ауылшаруашылық машиналарына арнап қосымша бөлшектер шығару» туралы мәселе көте- реді. Осыны басшылыққа алған Жамбыл рафинад зауыты 1944 жылы қосымша бөлшектер дайындау бойынша жылдық жоспарды 4162 сомға артық орындады, яғни еңбек өнімділігі 105,9 % болды. Ал, 1945 жылы қант қайнату мерзімі аяқталысымен қосымша бөлшектер жасауға кірісіп, 67 мың сомның бөлшектерін жасаған. Мысалы: 52 жер қопсытатын қондырғы, 137 соқа, әртүрлі механизмдер мен машина жөндеуге арналған 2543 құрал-сайман шығарған. Сонымен бірге 3 комбайн, 35 шөп шабатын машина, 13 тырма, т.б. зауыт жұмысшыларының күшімен жөндеуден өткен [15, 46–47].
Байқап отырғанымыздай, Жамбыл облысының қант зауыттары соғыс жылдарында қант шығарып қана қоймай, облыстағы өнеркәсіптің басқа салаларының және ауылшаруашылығының да үздіксіз жұмыс жасауына ат салысқан. Жеңіске орасан зор үлес қосты. Өйткені, жөндеуге қажетті құрал-саймандардың жетіспеушілігінен, қосымша бөлшектерінің сынып, жарамсыз болып қала- тындығынан машиналар тұрып қалатын. Бұл — ауылшарушылығы жұмыстарына кедергі келтіретін еді.
Теміржол қызметі. 1941 жылы Түрксіб транзиттік транспортының пайдалану ұзындығы 2088,4 шақырымды құрады. Жамбыл—Қаратау, Көксу—Текелі жаңа желілері салынды. Бекеттік жолдардың толық ұзындығы 557 шақырымға тең болды. Соғыс жылдарында Қазақстан майданның қуатты арсе- налына айналды. Соғыс еліміздің бүкіл теміржолдарының, соның ішінде Түркістан — Сібір маги- стралінің алдына әскери жүктердің үздіксіз тасымалдарын, майданға әскери эшелондарды, әскери техниканы, ал қорғаныс өнеркәсібі үшін көмір, металл және басқа да маңызды жүктерді уақытында жеткізуді ұйымдастыру бойынша жауапкершілігі мол міндеттер қойылды.
1941 жылдың 24 маусымында 18 сағатта еліміздің, соның ішінде Қазақстанның теміржолда- рындағы пойыздар қозғалысы айрықша әскери жұмыс кестесіне ауыстырылды. Онда бірінші кезекте әскери эшелондармен, әсіресе, мобилизациялық іс-шараларымен байланысты жүктердің өте жылдам қозғалысы қарастырылды. Жолаушы пойыздарының, сол сияқты қорғаныстық мәні жоқ тасымалдар- дың қозғалысы едәуір қысқарды. Соғыстың алғашқы жылдарында Түрксіб арқылы адамдар мен ма- териалдық ресурстарды үсті-үстіне жөнелту болды. Қазақстанға көшірілген кәсіпорындар мен адам- дарды түсіру кезінде қиындықтар болды, тасымалдар мен вагондарға деген сұраныс нормадағыдан үш есе асып түсті. Қазақстанның теміржолшылары орасан зор тасымалдар көлемін бұлжытпай орындады. Елімізге бірнеше айлардың ішінде елдің орталығынан 220 өнеркәсіптік кәсіпорындар және 550 мың адам көшірілді [15; 68]. Түрксіб теміржолының бойында Жамбыл облысынан өтетін Жам- был және Шу теміржол бөлімшелері қызмет етті. Соғыстың алғашқы күндерінен бастап-ақ, облыс өңірінің барлық саласындағы сияқты теміржол станциясының жұмысшылары да соғыс жағдайына жұмылдырылды: кадр мәселесін шешу, теміржолшылар арасында социалистік жарыс ұйымдастыру, алдын-ала социалистік міндеттемелер қабылдау және тағы мәселелер баса назарға алынды.
1943 жылы 1071 маман даярлау қажет болса, оның 980-і орындалған, ал 1944 жылы 380-нен 276 маман даярланған. Бұдан байқайтынымыз, 1943 жылы жұмыс күшін күшейтудің тым үлкен қажеттілікке айналғандығы, себебі бұл уақытта соғыс өзінің шырқау шегіне жеткен мезгіл еді. 1944 жылы кадр даярлау көрсеткіші орташа сипат алады деуге болады. Себебі, бұл уақытта ел соғыс жағдайына бейімделу процесі толығымен орын алған уақыт еді [16; 125].
Өйткені, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы тек соғыс қажеттілігі үшiн жұмыс істеп отырған жағдайда жаңа маман даярлау ісі материалдық және финанстық тұрғыдан аса тапшылық көрді. Тылда әйелдер еңбегінің басымдылық алғаны белгілі. Теміржол қызметінде 1944 жылы 2763 әйел қызмет еткен. Жамбыл бөлімшесі бойынша 764 әйелдің 450-і машинист, слесарь, токарь, паровоз жуушы сияқты ауыр жұмыстарды атқарған. Соған қарамастан олардың 350-і стахановшы болып табылады [16; 85].
Сол сияқты теміржолшылардың жанармайды үнемдегені, пойыз қозғалысының графигін дұрыс орындағаны, паравоздарды луниндік күтіммен қарағаны, пойыздардың қозғалысын реттеп отырудағы диспетчерлік жұмыстары, слесарьлық жұмыстар үшін, кезекшілік және қоғамдық үгіт-насихат жұмы- стары үшін марапаттаулар мен қаржылай сыйлықтар берілді.
Социалистік жарыстарда екпінді жұмыскерлермен қатар, жұмыста ақау жіберген жұмыскерлер де болды. Мұндай жағдайда, әсіресе, коммунистерге «кешірім» болған жоқ. Ал жекелеген командир- коммунистер авангардтық белсенділік танытпағаны үшін жаза алды. Жалпы тылдағы еңбек салала- рының әрқайсысының өзіндік ауыртпалықтары болды, теміржол бөлімшелеріндегі әбден істен шыққан техникалық күштерге тәуелділікте қалуы да жұмысшылар үшін қиындықтар туғызды.
Облыстағы теміржолдың тасымалдау қызметінде 1940 жылы 165 вагон жұмыс жасап тұрған болса, 1945 жылға қарай ол 48 вагонға кеміген. Облыстық партия комитетінің хатшысы Ткаченко 1945 жылғы есеп материалында депо қызметіне талдау жасай отырып: «пойыз қозғалысының гра- фигі, вагондарды жөндеуден өткізу, паровоз паркін эксплотациялау ісінің аса ауыр жағдайда» екенін айтқан [16; 102]. Депода жұмыс сапасының құлдырап кетуінің бірден-бір себебі еңбек тәртібінің нашарлауы, паровоз жөндеудегі орын алған технологиялық ережелерді бұзу — депо жұмысындағы жауапкершіліктің болмауынан деп көрсетіледі.
Байланыс жүйесіндегі өз дәрежесінде қызмет көрсетілуі соғыс жағдайындағы өмір үшін аса маңызды қажеттілік еді. Бұл біріншіден, «халықтың көзі мен құлағы» болып табылатын газеттерді мезгілінде алып тұруды қамтамасыз етсе, екінші жағынан күйзелген халықтың майдангер азаматта- рымен өзара байланысын орнатып, елде психологиялық тұрақтылықты ұстап тұру үшін аса қажет болатын. Алайда, архив материалдары бұл саладағы жұмыстардың әбден құлдырап жатқан көрінісінен хабардар етеді. Сонымен қатар соғыс жағдайындағы почта байланысының нашар болуы аудан мен колхоз-совхоз арасындағы көліктің тапшылығынан да еді. Ол заманның басты көлігі, ат жегілген арба болатын. Ал мұның өзі шаруашылық саласындағы ең басты құндылықтар еді. Сондықтан ол тапшы болатын. Көліктің жетімсіздігі әсіресе, почта қызметіндегілер үшін қиынның- қиыны болды. Ол бір жағынан, ал екінші жағынан күн сайын соғыстан хабар күтіп, елеңдеп отырған халықтың көңілінен үнемі шығып, әрдайым абырой әпере бермейтін бұл жұмысқа әркім ынталы емес еді. Сондықтан почташы азаматтардың қызметін мерзімді баспаларда ұмытпай ерекше мадақпен атап, көрсетіп отыру редакцияның назарынан түскен жоқ. Мысалы, «Социалистік шаруа» газетінде «Исабеков үлгілі хат тасушы» делінген мақала жарық көрді. Онда ауыл-ауылды аралап, күннің ыстығына да, суығына да шыдап жүрген почташы аға сержант Ағабеков Ақжолдың қызметі баян етіледі. Соғыс жағдайында астында көлігі жоқ, халық көңіліне түрліше тиетін хабарларды жеткізу, расында оңай емес-тін.
Қорытынды
Майдан қажетін қанағаттандыру үшін Жамбыл облысы барлық қажетті материалдық және адами ресурстары жұмылдырылды. Қазақстанның партиялық және кеңестік органдары БК(б)П ОК мен КСРО үкіметі көрсетіп берген әскери шаруашылық міндеттерді сәтті шешу мақсатында еңбек- шілердің өндірістік және саяси белсенділіктерін дамытуда өз міндеттерін көрді. Майданға және қорғаныс кәсіпорындарындағы жұмысқа ауылдық жерлердегі еңбекке қабілеттілердің көп бөлігінің кетуі, соның ішінде механизаторлық мамандардың аз жұмыс күшімен және пайдалану мерзімінен асып кеткен тракторлар мен комбаиндар паркінің болуы, бейбіт өмірге қарағанда жұмыстың үлкен көлемін орындай алуды көздеген колхоз өндірісіндегі еңбекті ұйымдастыруды талап етті. Комму- нистік партия және кеңес үкіметі аз уақыт ішінде соғыс жағдайында әйелдерді, сонымен қатар жасөспірімдерді, қарттарды еңбекке тарту арқылы саяси және еңбектегі белсенді мамандардың жетіспеушілік мәселесін шешіп берді.
Әдебиеттер тізімі
- Серубаева А.Т. Жамбыл облысы тарихының очерктері: оқу құр. / А.Т. Серубаева, Г.Т. Толегенова — Тараз: ТарМ- ПУ, 2017. — 231 б.
- Тараз. Жамбыл облысы энциклопедиясы. — Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2003. — 576 б.
- Жамбыл облыстық Мемлекеттік мұрағаты. Қ. — 399. Іс. — 116. П. — 12.
- Рыспаев К. Древний Тараз / К. Рыспаев. — Тараз, 2002. — 176 с.
- Жамбыл облысы Ұлы Отан соғысы жылдарында (1941–1945 жж.) / бас редакторы М.Қ. Қойгелдиев. — Алматы: «Арыс», 2015. — 584 б.
- История Жамбылской области. Документы и материалы (1939–1945 гг.): [В 2-х т.]. — Т. 1 / под. ред. Д.П. Кожамжа- ровой. — Тараз: Формат-Принт, 2017. — 394 с.
- Бибатырова Г. Годы рассвета / Г. Бибатырова. — Алма-Ата, 1979. — 119 с.
- Жамбыл облыстық Мемлекеттік мұрағаты (әрі қарай ЖОММ). Қ. — 271. Т — 1. Іс — 13. П. — 73.
- ЖОММ. Қ. — 399. Т. — 2. Іс — 4. Б. — 14. П. — 161.
- ЖОММ. Қ. — 282. Т. — 1. Іс — 548. П. — 89.
- ЖОММ. Қ. — 282. Т. — 1. Іс — 339. П. — 28.
- ЖОММ. Қ. — 282. Т. — 1. Іс — 453. П. — 10.
- ЖОММ. Қ. — 282. Т. — 1. Іс — 656. П. — 66.
- Сапарбаев К. Коммунистическая партия Казахстана в борьбе за создание машиностроительной промышленности в республике в годы Великой Отечественной войны / К. Сапарбаев. — Алматы: Наука, 1947. — 173 с.
- Садықов Т.С. Тарих тағылымы / Садықов Т.С. — Алматы, 1992. — 173 б.
- Козыбаев М.К. Труд во имя Победы / М.К. Козыбаев, Н.Е. Едигенов. — Алма-Ата, 1995. — 210 с.