Другие статьи

Цель нашей работы - изучение аминокислотного и минерального состава травы чертополоха поникшего
2010

Слово «этика» произошло от греческого «ethos», что в переводе означает обычай, нрав. Нравы и обычаи наших предков и составляли их нравственность, общепринятые нормы поведения.
2010

Артериальная гипертензия (АГ) является важнейшей медико-социальной проблемой. У 30% взрослого населения развитых стран мира определяется повышенный уровень артериального давления (АД) и у 12-15 % - наблюдается стойкая артериальная гипертензия
2010

Целью нашего исследования явилось определение эффективности применения препарата «Гинолакт» для лечения ВД у беременных.
2010

Целью нашего исследования явилось изучение эффективности и безопасности препарата лазолван 30мг у амбулаторных больных с ХОБЛ.
2010

Деформирующий остеоартроз (ДОА) в настоящее время является наиболее распространенным дегенеративно-дистрофическим заболеванием суставов, которым страдают не менее 20% населения земного шара.
2010

Целью работы явилась оценка анальгетической эффективности препарата Кетанов (кеторолак трометамин), у хирургических больных в послеоперационном периоде и возможности уменьшения использования наркотических анальгетиков.
2010

Для более объективного подтверждения мембранно-стабилизирующего влияния карбамезапина и ламиктала нами оценивались перекисная и механическая стойкости эритроцитов у больных эпилепсией
2010

Нами было проведено клинико-нейропсихологическое обследование 250 больных с ХИСФ (работающих в фосфорном производстве Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции)
2010


C использованием разработанных алгоритмов и моделей был произведен анализ ситуации в системе здравоохранения биогеохимической провинции. Рассчитаны интегрированные показатели здоровья
2010

Специфические особенности Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции связаны с производством фосфорных минеральных удобрений.
2010

Кеңестік Қазақстандағы дінге қарсы үгіт-насихат ұйымының қызметі (1929–1941 ж.ж.)

Кеңес үкіметінің дінге қатысты саясаты туралы сөз болғанда, қарапайым оқырмандардың ойына бірден кеңестік мемлекеттің атеистік саясаты пен дінге қарсы шабуылы түсетіні белгілі. Бірақ атеизм жалпы кеңестік мемлекеттің бүкіл тарихында коммунистердің негізгі идеологияларының бірі болса да, мемлекеттің дінге, оның ішінде исламға қатысты саясаты әр кезеңде әртүрлі болды деп айтуға болады. Кеңестік биліктің исламға қарсы ең қатал шабуылы 1929–1941 жылдары жасалды. Дәл осы кезеңдегідей исламға қарсы шабуыл кеңес тарихының бұған дейінгі кезеңінде де, одан кейінгі кезеңдерінде де жасалмады. Бұл кезеңде кеңестік билік исламға қарсы тікелей шабуыл жасаумен қатар, өзінің дінге қарсы жаппай үгіт-насихат жұмыстарын да күшейтті. «Жауынгер құдайсыздар одағы» атты дінге қарсы үгіт-насихат ұйымы жұмыс жасады. Оған қоса дінге қарсы музейлер де құрылып, дінге қарсы үгіт-насихат жұмысына қосылды. Мақала сол кезеңде өмір сүрген дінге қарсы ұйымның тарихына арналған. «Жауынгер Құдайсыздар одағының» қызметі Қазақстанда жасалған үгіт-насихаты негізінде көрсетіледі. Бұл тақырып Қазақстанда көп зерттелмеген тақырыптардың бірі деп айтуға болады. Сондықтан да тақырып өте өзекті. Мақалада кеңестік биліктің дінге қатысты алғашқы саясаты, ұстанымдары және алғашқы кезеңдегі исламға деген жұмсақтығының себептері көрсетілген. Кеңестік мемлекеттің дінге қатысты заңдары мен коммунистік партияның негізгі ұстанымдарына да тоқталған. Кеңестік Қазақстанда мемлекеттің исламға қарсы жасаған шабуылы мен үгіт-насихатының зардаптары көрсетілген.

Кіріспе

Кеңес үкіметінің діни саясаты, Кеңес Одағында өмір сүрген Орта Азиялықтардың, оның ішінде қазақтардың діни өмірі зерттеушілерді де, қарапайым оқырмандарды да қызықтырары сөзсіз. Кеңестік билік өзінің алғашқы он жылында саяси шарттарға байланысты исламға қатысты жұмсақ саясат ұстанды. Мысалы, ол кезеңде Орыс православ шіркеуіне қарағанда ислам дінінің жағдайы салыстырмалы түрде біршама жақсы болды. Бірақ он жылдай уақыт өткен соң исламға да, басқа діндегілерге де қарсы тікелей шабуыл басталды және дінге қарсы жаппай үгіт-насихат әрекеті күшейтілген болатын. Бұл ғылыми зерттеу жұмысында сол кезеңде Кеңестік Қазақстанда 1929–1941 жылдарда жүргізілген дінге қарсы саясат жөнінде, дінге қарсы ұйымдардың жұмысы мен дінге қарсы шабуылдар туралы баяндаймыз. Кезеңнің ерекшелігі, бұл жылдары Кеңес Одағында дінге қарсы шабуыл қатыгездікпен жасалды. Дінге қарсы ұйым мен баспасөздің қызметі күшейтілді. Дінге қарсы ұйым мен баспасөзге мемлекет пен партия барлық жағынан қолдау көрсетті. Осылайша, мемлекет пен партия дінге, оның ішінде исламға қарсы күш біріктіре отырып әрекет етті. Ол кезеңде дінге қарсы мұражай да жұмыс жасады. Діни қызметкерлердің көпшілігі қысым көріп, ғибадат орындары тәркіленді және жабылды.

Зерттеу әдістері

Жұмыс барысында тарихи фактілерді, оқиғаларды және құбылыстарды жан-жақты талдауда тарихи объективтілік принципі басшылыққа алынды. Кеңестік биліктің алғашқы кезеңдегі дінге қатысты қадамдары, исламға қатысты жұмсақ саясатының себептері, одан кейінгі дінге қарсы үгіт- насихаттың алғышарттары мен барысы, дінге қарсы тікелей шабуыл және оның салдары Кеңестік Қазақстан тарихы мысалында шынайы түрде көрсетілді. Мешіттердің жаппай жабылуы мен дінбасыларға қарсы жасалған қысым да берілді. Жинақтау, салыстырмалы талдау және қорыту әдістері арқылы кеңестік діни саясаттың шынайы бейнесін көрсетуге тырыстық. Зерттеу жұмысының мақсатына сәйкес компаративтік талдау негізінде жинақтау, жүйелеу, бірізділік, сараптаумен қатар логикалық ой қорыту, тарихи салыстыру мен хронологиялық-проблемалық және нақтылық сияқты ғылыми танымның әдістері мен тәсілдері қолданылды.

Нәтижелері және оларды талқылау

Кеңестік кезеңде мемлекеттік тұрғыдан дін әрбір адамның жеке мәселесі болғанымен, коммунистік партия көзқарасы бойынша дін бір коммунистің тіпті бір адамның өмірінде орын алмауы қажет нәрсе болатын. Кеңес үкіметінің тарихында мемлекеттің діни саясатының әр кезеңінің өзіндік ерекшелігі болды. Мысалы, Қазан төңкерісінен кейін алғашқы он жыл ішінде мұсылмандардың жағдайы салыстырмалы түрде жаман болмады деуге болады. Мысалы, тарихшы S. Erşahin, большевик төңкерісінен Екінші дүниежүзілік соғысқа дейін Орта Азиядағы Исламмен күрес және аймақтағы дінге қарсы әрекетті екі кезеңге бөледі:

I-ші кезең 1917–1928 жылдар. Бұл кезең де өз ішінде үш кезеңге бөлінеді: 1. Соғыс коммунизмі кезеңі (1917–1920). 2. Бірқалыпты кезең (1920–1924). 3. Исламға қарсы күреске дайындық кезеңі (1924–1928).

II-ші кезең 1928–1941 жылдар. Исламға қарсы идеологиялық және нақты шабуыл ұйымдастырылған кезең [1: 103].

Алғашқы кезеңде большевиктер мұсылмандардың сеніміне кіруді, мұсылмандардың жақсы көзқарасына ие болуды көздеді. Дінге қарсы үгіт-насихат барысында мұсылмандардың діни сенімдеріне тіл тигізбеу, өте мұқият болу тапсырылды. Ленин коммунистерге мұсылмандармен өте сақ әрі барынша жақсы қарым-қатынаста болу қажет деп ескертті [2: 14–15].

1917 ж. 2 қарашадағы Сталин мен Лениннің «Ресей халықтарының құқығы жөніндегі Декларациясында» Ресей халықтарына теңдік пен егемендік, бөлініп өз мемлекеттерін құрғанға дейінгі таңдау еркіндігі, ұлттық және діни артықшылықтар мен шектеулердің барлығын алып тастау, Ресей территориясында өмір сүретін аз ұлттардың еркін дамуына уәде етілді [3: 15–16]. Бұнымен қоса, 1917 ж. 20 қарашадағы «Шығыс пен Ресейдің еңбекші мұсылмандарына арналған үндеуде», патшалық Ресей территориясында өмір сүрген, патша билігі тарапынан діндері мен дәстүрлері зардап шеккен бүкіл мұсылмандарға діни және ұлттық ерекшеліктерінің сақталуына еркіндік берілетіндігі айтылған. Соған байланысты осы революцияға және оның үкіметіне қолдау білдіруге шақырылған. Шығыс мұсылмандарының да қолдауын алу мақсатында, Константинопольдің түріктердің қолында қалуы керектігі, Европалықтардың Түркия мен Персияны бөлшектеуіне қарсы екендіктері білдірілген [4: 20–22].

1918 ж. 20 қаңтарда РСФСР ХКК-нің «Ар-ождан, шіркеу және діни бірлестіктер туралы» Жарлығында діннің мемлекеттен бөлінетіндігі, мемлекет территориясында сенім бостандығын шектейтін немесе белгілі бір діннің артықшылығына жол беретін заңдар мен ережелердің қабылдануына тиым салынатындығы, әрбір азаматтың кез келген дінді ұстану немесе ұстанбау еркіндігінің бар екендігі, діни ант берудің алынып тасталатындығы айтылған. Мектептің мемлекеттен бөлінетіндігі, жалпы білім беретін мемлекеттік, қоғамдық және жеке оқу орындарында діни білім беруге тиым салынатындығы, азаматтардың дінді жеке түрде үйрене немесе үйрете алатындығы, барлық шіркеу және діни бірлестіктердің жекеменшік иелену құқығының жоқ екендігі, Ресейдегі шіркеу және діни бірлестіктердің бүкіл мүліктері халықтық меншік болып жарияланатындығы көрсетілген [3: 18–20].

1918 жылдың 23 қаңтарында «Діннің мемлекеттен және мектептің діннен бөлінуі» жөніндегі декрет де қабылданды. Кеңес үкіметінің осы декреті мен 1929 жылдың 8 сәуірінде қабылданған «Діни бірлестіктер туралы» шешімі дінге қатысты Кеңес мемлекетінің негізгі заңнамалық қайнар көзі. 1929 жылдың 8 сәуірінде қабылданған құжат болса мемлекеттің дінге қарсы саясатының қатаюына негіз болды [5: 10].

1918 жылғы РСФСР конституциясының дін мәселесіне қатысты баптарына сәйкес діннің мемлекеттен бөлінуі бекітіліп, ол жерде азаматтардың дін ұстау еркіндігі мен дінге қарсы насихат жасау бостандығы көрсетілді. Дін қызметкерлері қанаушы тапқа жатқызылып, сайлау құқығынан айырылды. 1919 жылдың наурызында өткен РКП-ның VIII съезінде қабылданған бағдарламада, партияның еңбекші бұқараның діни көз соқырлықтан арылуына, терең ғылыми-ағарту және дінге қарсы насихатты ұйымдастыруына жәрдемдесетіндігі, діншілдердің сезімдеріне нұсқан келтіруден алыс болу қажеттігі, өйткені бұның діни фанатизмнің орнығуына алып келетіндігі айтылған [6: 48–51]. Ленин 1905 ж. 8 желтоқсанда «Новая жизнь» газетіне берген мақаласының өзінде мемлекетке қатысы жағынан алғанда дін әркімнің жеке басының ісі болуын талап ететінін, бірақ дінді коммунистік партияға қатысы жағынан алғанда әркімнің жеке басының ісі деп еш санай алмайтындығын ашық мәлімдеген болатын. Партия программасында өздерінің атеист екендігін айтпауға тиісті екендіктерін, соқыр сенімнің қалдықтарын сақтап қалған пролетарлардың партиямен жақындасуына тиым салмаулары қажет екендігін ашық айтқан [7: 4–6].

Исламның тотальды (барлығын жаппай қамтушылық) ерекшеліктері болғандықтан, Ислам дінінің күнделікті тұрмыстағы отбасы–некелік қарым-қатынастармен, білім беру жүйесімен біртұтас болып кетуі себепті, дінді мектептен бөліп тастау секілді шаралар, әсіресе мұсылмандар үшін құртып-жоюшылық зардаптарын тудыруы мүмкін еді. Мұсылман коммунистерінің жетекшісі М. Сұлтанғалиев және кейбір дінбасылар, 1918 жылдың 23 қаңтарында шыққан декреттің мұсылмандарға қатысты қолданылуы мүмкін емес деп бірден-ақ мәлімдеді [6: 89].

1917–1936 жылдары мұсылмандардың ісімен әртүрлі партиялық–мемлекеттік және чекистік құрылымдар айналысты. Бұл мәселеде шешуші рөлді коммунистік партия алды. «Мұсылмандар ісіне» қатысты мәселелерде шешім қабылдау тек жоғары саяси басшылыққа тиесілі болды. 1920-шы жылдардың соңында ол Сталин еді. 1920-шы жылдары партияның төменгі ұйымдары арасында мұсылмандар ісіне Орталық комитет жанындағы дінді мемлекеттен бөлу ісі жөніндегі комиссия және мемлекеттің «дінсіздік» саясатын басқарған ОК-нің үгіт-насихат бөлімі жанындағы дінге қарсы комиссия жауапты болды. Ал, 1920–1930 жылдары ислам ісімен айналысқан кеңестік ұйымдар мыналар еді: ұлттар ісі Халық комиссариаты және БОАК жанындағы дін істері жөніндегі Тұрақты комиссия. Бірақ бүкіл кеңес тарихында дінді, оның ішінде исламды «мемлекеттік бақылаумен» айналысқан ұйымдар ішінде маңызды орынды арнайы органдар иеленді. Мысалы, ВЧК (1917–1922 жж.), ОГПУ (1922–1934 жж.) және НКВД (1934 жылдан) құрылымдарын атап өтуге болады [4: 13– 14].

Алғашқы кезде кеңес билігі ықпалды ислам улемасын, мұсылман ғалымдарын өз жағына тартуға тырысты, тіпті коммунистік партия қатарында молдалар аз болмады, шариғат соттары өмір сүре берді [8: 13–14]. Большевиктер соғыс жағдайында мұсылмандардың қолдауын алу үшін оларға әртүрлі уәделер де берді. Патшалық Ресей кезеңінде тәркіленген Осман кезінде басылған Құранның көшірмесі және Қазан мен Орынборда тартып алынған мешіттер мұсылмандарға қайтарылды [9: 5–6].

Мұсылман мектептері алғашқы жылдары жабылмады. Кей жерлерде тіпті медреселер де ашылды. 1918 ж. Түркістан АКСР-і діннің мемлекеттен және мектептің діннен бөлінуі туралы декрет қабылдаса да, ол жергілікті халықтың тіліне аударылмай, орыс тілді ұлт өкілдеріне қатысты ғана жүзеге асырылды. Орта Азияның Бұхара, Хорезм республикаларында бұл декрет тіпті мүлдем қабылданбады. 1920 ж. ақпанда РКП ОК-нің партиялық комитеттерге жіберген хатында Шығыс халықтары арасында мұсылмандармен ерекше қатынас орнатып, діни және ұлттық факторды ескеруді талап етті. Осыған орай исламға қатысты саясат дінді терістеу арқылы емес, сауаттылық деңгейін көтеру, мектеп ашу, ең бастысы мұсылман дінбасыларының таптық сипатын ашып көрсетіп, кедей шаруаларға қарсы олардың қанаушы пиғылдарын әшкерелеу көзделді. 1919 ж. Қазақ ОАК Қазақстанда Құрбан айт мейрамын тойлауға рұқсат берді. 1920 ж. 12 тамызда Қырғыз (қазақ) облыстық бюро қаулысына сәйкес Құрбан айт мейрамында 25 тамыз күні мұсылман қызметкерлер сабақтан босатылса, мұсылман әскерилер 25–28 тамыз аралығында жұмыстан босатылды. Кейбір партиялық және кеңестік іс-шаралар барысында намаз оқу мақсатында үзілістер жарияланды (мысалы, Түркістан кеңестерінің III съезінде). Қазақ мұсылмандары үшін Ораза айты, Құрбан айты және Наурыз діни мейрамдар болып жарияланды [6: 101].

1920 ж. Уфада Оренбург мүфтиятының орнына Мұсылмандардың орталық діни басқармасы (ЦДУМ) құрылды. Бұл мүфтиятқа Ішкі Ресей, Сібір және Қазақстан мұсылмандары бағынатын болды [4: 11–13]. 1920-шы жылдардың саяси шарттарына байланысты кеңестер 1922 ж. мамырында

Түркістан, Бұхара республикалары аймағында діни ұйымдардың кейбір вакыфтық жерлерін де кері қайтарды, жергілікті қази, би соттарын қалпына келтірді және діни мектептерді заңдастырды. Діни ұйымдарға вакыфтық жерлерді қайтару ісі оңтүстік Қазақстан территориясында да жүрді [10: 59].

1919 жылдан бастап орталықтан «Революция и церковь» журналы мен «Безбожник» газеті шыға бастаған еді. 1925 ж. «Безбожник» газетінің достары қоғамы құрылды. Осылайша ССРО-да атеистік қозғалыстың ұйымдық құрылымдары қалыптасты. Сол жылы «Безбожник» газетінің достары қоғамы ССРО Құдайсыздары одағы болып қайта құрылды. Оның құрамына елдің барлық дінге қарсы ұйымдары кірді. Құдайсыздар қоғамының жұмысына танымал ғылым және мәдениет қайраткерлері тартылды. Олардың ішінде Н.К. Крупская да бар еді. Е.М. Ярославский «Безбожник» газеті мен «Антирелигиозник» журналының редакторы және Құдайсыздар одағы орталық кеңесінің тұрақты мүшесі болды [11: 14–15]. 1929 жылы Кеңес Одағы Құдайсыздар одағының ІІ-ші съезінің шешімімен бұл ұйым Жауынгер құдайсыздар одағы (ЖҚО) деп аталды [6: 125]. Дінге қарсы үгіт-насихат жұмыстарында Жауынгер құдайсыздар одағы маңызды рөл атқарды.

Жоғарыда айтылғандай, коммунистік партия үшін дін жеке адамның жеке мәселесі бола алмайтын. 1919 жылы наурызда РКП-ның сегізінші съезінің партиялық бағдарламасындағы дінге қатысты шешімде, РКП-ны дінді мемлекеттен және мектепті діннен бөлу туралы декреттің қанағаттандырмайтындығы және жоспарлы түрде әрекет ету арқылы діни түсініктердің толығымен жойылатындығына сенетіндіктері білдірілген. Сонымен қатар, партия қанаушы таптар мен дінге қарсы насихат ұйымдары арасындағы қарым-қатынасты толығымен жоюға, кең көлемде ғылыми- ағартушылық және дінге қарсы үгіт-насихатты ұйымдастыру арқылы еңбекші бұқараны діни соқыр сенімдерден нақты түрді арашалап алуға үлес қосуға тырысатығын білдірді. Оған қоса дінге сенушілердің сенімдеріне тіл тигізуден аулақ болу керектігі, себебі мұндай әрекеттің діни фанатизмнің күшеюіне себеп болатындығы айтылған [3: 27].

1923 жылғы маусымдағы РКП Қазақ өлкелік комитетінің хатында, қазақ халқы арасында дінге қарсы үгіт-насихат жүргізуде өте абай болу керектігі және егер бұл жұмысты атқаруға қазақтардың арасынан жақсы дайындалған коммунистер болмаса, егер дінге қарсы пропаганда жұмысын басқаруда біліксіздік жасалатын болса, ол халықтың қарсы реакциясы мен діни фанатизміне жол ашатындығы көрсетілген. Партия қазақ халқының арасында дінге қарсы жұмыста бірінші кезекте жасалатын нәрсе мамандардың санын көбейту керек деп түсінді. Олардың көмегімен халық арасында діни түсініктердің, батыл, соқыр сенімдер мен сол секілді діни ілімдердің қалдықтары жойыла бастайтындығы білдірілген. Партия атынан сөйлейтін баяндамашылардың пікірталас жасауға мұқият дайындалуы керектігі және тексерілмеген баяндамашыларға партия атынан сөйлеуге рұқсат берілмеуі керектігі баса айтылған. Жақсы дайындалған пікірталастарды жұмысшылары көп ұйымдарда және оқу орындарында ұйымдастыру қажет екендігі көрсетілген. Сонымен қатар, табиғат туралы тақырыптарда сабақтардың қазақ тілінде жүргізілуі қажеттігі және қазақша жаратылыстану саласы бойынша брошюралар шығару керек екендігі баса жазылған [3: 69–70].

Осылайша 1920 жылдардың аяғы мен 1930 жылдардың басында дінге қарсы мазмұндағы көптеген кітаптар жарық көрді. Мысалы, «Атеист» баспасы 1922–1929 жылдары 270 кітап, 1930 жылы әртүрлі 418 кітап жариялаған. «Безбожник» баспасынан 1927–1928 жылдары дін мен атеизм туралы 79 кітап, 1929 жылы 137, 1930 жылы әртүрлі 244 кітап жарияланған. 1920-жылдары ССРО- ның атеистік бағыттағы журналдары мен газеттерінің ішінде ең көп тарағандары арасында «Революция и церков» журналы, «Наука и религия» газеті мен журналы, «Безбожник» газеті, «Безбожник у станка» және «Антирелиогозник» журналдары еді. ССРО-дағы басқа да ұлттардың тілдерінде атеистік басылымдар болды. Олардың саны да көбейтілді. 1917–1941 жылдары ССРО-да атеистік бағыттағы 40-қа жуық журнал мен 35 газет жарияланып тұрған. Олардың ішінде, әсіресе «Антирелигиозник», «Безбожник» және «Воинствующий атеизм» журналдары көп данамен басылды. 1930 жылдары дінге қарсы мазмұндағы кітаптар да көбейді. Олар орыс тілімен қатар ССРО-ның басқа халықтарының тілдерінде де көп тиражбен жарық көрді [6: 126–127].

Қазақстанда 1926–1927 жылдары Құдайсыздар ұйымының бөлімшелері мен үйірмелері пайда бола бастады. Одан соң Құдайсыздардың қалалық және аудандық кеңестері де ортаға шықты. Қазақстан қалаларында Құдайсыздар бөлімшелерінің құрылуын жеңілдету және ССРО Құдайсыздар одағы Орталық кеңесімен байланыс жасау үшін Қазақстан қалаларында Құдайсыздар одағының ұйымдастыру кеңселері құрылды [10: 120–121].

1926 жылдан бастап ресми құжаттарда алғаш рет мұсылмандықтың «Кеңестерге қарсы» сипаты туралы сөз пайда болды және 1927 жылдан кейін «дінге қарсы үгіт-насихат» туралы ғана емес, «жұмысшы табының жауы» статусы берілген «исламмен күресу шаралары» туралы әңгіме болып жатты. Дінге қарсы үгіт мектептерде де жүргізіле бастады, ал 1929 жылы арнайы қаулымен исламды оқытуға барлық деңгейде тиым салынды [12: 50–51].

Дінге қарсы қозғалыстың ұраны: «Дінге қарсы күрес — социализм үшін күрес» еді. 1929 жылы мамырда ССРО конституциясының 4-ші бабына өзгерістер енгізілді. Егер бұрынғы конституция азаматтарға «діни үгіт-насихат жүргізуге және дінге қарсы насихат жасауға» құқық берсе, түзетулер енгізілгеннен кейін діни насихат жасауға тиым салынды, тек «діни сенім бостандығы мен дінге қарсы үгіт жасау бостандығы» берілді. Басқаша айтқанда, бастапқыда азаматтарға діни үгіт-насихат жасауға рұқсат берілгенімен, одан кейін тек дінге сенуге ғана бостандық берілген. 1929 жылдың жазында жағдай күрт өзгерді. Дінге сенушілердің көңіл-күйі мен тілектерін елемей, діни сезімдерін келеке етіп және олардың ғибадат орындарына қиянат жасауға рұқсат етілді, тіпті жаңадан қабылданған заңдарды бұза отырып, діни ғимараттардың жаппай жабылуы басталды. Дінбасыларға қарсы қысым пайда болды, тіпті қарапайым сенушілер де қысымнан құтыла алмады. ССРО мұсылмандарының басқа мұсылман әлемінен байланысы үзілді. Дінге сенушілердің қаржылай көмегімен өмір сүрген барлық мешіттер мен діни мектептер жабылды. Адамдарға мешітке бару қорқынышты жағдайға айналды. Көбісі қазақ мәдениеті мен сәулет өнерінің ескерткіштері болған көше мешіттерінің іші бос қалды немесе мемлекеттің әр түрлі қажеттіліктері үшін пайдаланылды (мәдени-ағарту клубтары, қоймалар және т.б. үшін) [10: 147–148].

ЦДУМ құрамында 153 мухтасиб бар еді. Дінге шабуыл басталғаннан кейін 1931 жылдың қараша айындағы мәлімет бойынша, мухтасибтердің 34-і жер аударылған, 23-і қамауда болған, 24-і болса өз қызметінен кеткен, 8-і қайтыс болса, 57-сі өз қызметінде болмаған. Көріп отырғанымыздай, 153 мухтасибтің 7-і ғана жұмыс істеп жатты. Бұл мүфтиатқа қарасты Башқұрт, Татар және Қазақ республикаларында көптеген мешіттер жабылды. Діни қызметкерлер, имамдар мен азаншылар жер аударылды, түрмеге қамалды, жұмысқа жегілді немесе қорлық көрді. Мысалы, Қазақстанның Өскемен аймағының 50 ауылында 50 мешіт пен 88 діни қызметші (50 имам мен 38 азаншы) болған, ал, 1931 жылдың аяғында олардан тек 2 діни қызметкер ғана қалған. ЦДУМ дінге сенушілердің ерікті садақаларымен күн көретін, діни қысымға байланысты мешіттерге садақа беру де тоқтатылды [4: 159–164].

1930 жылы 20 наурызда Ақмолада бір мешіт жергілікті биліктің талабы бойынша қоғамдық ұйымдар мен еңбекші бұқараның қажеттілігіне сәйкес делініп мәдени-ағарту мақсатында қолдануға берілген, яғни жабылған. 1931 жылы Көкшетаудағы бір мешіт пен 1933 жылы Балқаштағы бір мешіт жабылып, бұл екі қалада құлшылық жасайтын ешқандай мешіт қалмаған. Қазан төңкерісіне дейін Қарағанды облысының Айыртау ауданында жұмыс жасаған 18 мешіттің 1932 жылға дейін барлығы жабылып, әр түрлі мақсатта қолданыла бастаған. 1932 жылы жергілікті билік Шалқар қаласындағы мешітті «жергілікті мұсылмандардың оны діни мақсатта пайдаланғысы келмейтінін» айтып, Қызылордадағы мешіттің де «діни мақсатта қолданғысы келетіндердің болмауына байланысты» деп оларды арнайы түрде жапқан және ол мешіттер мәдени-ағарту мақсатында қолданыла бастаған [13: 539].

Түрлі дереккөздерден алынған мәліметтерге қарағанда, коммунистендіру науқаны кезінде ислам дініне үлкен зиян тигізілді. Кеңес Одағында 1929–1939 жылдар аралығында жабылған мешіттердің саны 26 000 шамасында. Шейхтар, имамдар, уағызшылар сияқты барлық дінбасылар азапқа душар болды, кейбірі өлтірілді, ал кейбіреулері алыс аймақтардағы лагерьлерге айдалды. Қолданыстағы қасиетті орындар мен діни зиярат орындары тәркіленіп жатты. Мұсылмандарға қажылық парызын орындауға тиым салынды. Исламдық парыздарды орындау (намаз, ораза, зекет және діни мерекелер) қауіп–қатерге толы бір батылдыққа айналды [9: 5–6].

1930 жылдың қаңтарында Құдайсыздар бес жылдық жұмыс жоспарын қабылдады. Бастапқыда ЖҚО-ға қазақ мамандар жетіспеді. 1930 жылдары Қазақстанда, Кеңес Одағының басқа жерлеріндегідей, Құдайсыздар қозғалысында формальдылық пен жүйесіздік көп болды. 1932 жылдың ортасына қарай Құдайсыздардың Бірінші бесжылдық жоспарының сәтсіз аяқталғаны белгілі болды. ЖҚО басшысы Е.Ярославскийдің жоспарлағанындай Құдайсыздардың Бірінші бесжылдығының соңында 10 миллион адамдық шекке жеткен жоқ [10: 177–183].

ЖҚО-ның өз Жарғысы болды, ол жерде бұл ұйымның жалпы ережелері көрсетілді. ЖҚО Жарғысының бірінші абзацында былай делінген: Жауынгер құдайсыздар одағы — бұл социалистік құрылым және мәдени революцияға жол бермейтін, діннің әртүрлі сипаты мен формаларына қарсы тиімді, жүйелі және дәйекті түрде күресу үшін ССРО-ның еңбекші бұқарасын біріктіруді көздейтін ерікті пролетарлық үкіметтік емес ұйым. ЖҚО-ның жалпы ережесінде бұл ұйымға мүшелікке өту жасы 14 жастан төмен болмауы тиіс деп көрсетілген. 14 жасқа дейінгі балалар арасында дінге қарсы үгіт-насихат жұмыстарының мектептерде және пионерлік топтарда жүргізілетіні, оларға ЖҚО-ға мүшелік билеттері берілмейтіні және жарналық төлем алынбайтыны жазылған. ЖҚО-ның жалпы ережесінде бұл ұйымның бөлімшелерін құру мен ресімдеу ережелері, ЖҚО бөлімшесінің мүмкіндіктері мен міндеттері, оның құрылымы мен негізгі іскерлік әдістері, құдайсыз журналистердің міндеттері және т.б. ережелер көрсетілген [13: 540–541].

Партия басшылығы мен Сталиннің қатты сынына ұшыраған ЖҚО басшылығы 1932 жылы Екінші Құдайсыз бесжылдық жоспарын жасап, дінге қарсы жаңа шабуыл ұйымдастырды. ЖҚО-ның жұмыс өнімділігінің төмен болуының бір себебі, оның көптеген белсенділерінің мәдени және білім деңгейінің төмендігі еді. Мәжбүрлеу және әкімшілік шаралар да өте сәтті болмады, өйткені мұндай шаралар қоғамда дін қызметкерлеріне деген жанашырлыққа себеп болды және артында қуатты жазалау машинасы бар ЖҚО-ның жұмысын әлсіретті. Билік тарапынан ЖҚО басшылығы мен оның жергілікті ұйымдары нашар жұмыс жасады деп айыпталды. Екінші Құдайсыздар бесжылдығының соңына қарай, Жауынгер құдайсыздар одағы барлығына белгілі қоғамдық дағдарысты бастан кешірген тиімсіз бір ұйымға айналды [14: 21–22].

Қазақстанда 1934 жылдың маусымында облыстық және аудандық партия ұйымдары, комсомол және еңбекшілердің ұйымдары дінге қарсы нәтижесіз жұмыстарына байланысты Коммунистік партияның өлкелік комитеті тарапынан қатты сынға ұшырады. Мұндай тиімсіз әдістердің Жауынгер құдайсыздар одағы ұйымының ыдырауына, аймақтағы дінге қарсы жұмыстардың күрт әлсіреуіне әкеліп соқтырғандығы және бұл жағдайдың мұсылмандардың белсенділігінің белгілі бір деңгейде артуына, жандануына жол ашқандығы айтылған. Сосын Қазақстандағы ЖҚО-ның жаңа басшысы болып С.Асфендияров сайланған [13: 541].

1934–1940 жылдар аралығында Қазақстанда ЖҚО басшысы төрт рет ауыстырылды. Асфендияров басқаратын ЖҚО ұйымдастыру бюросы 1935 жылы шілдеде таратылды. Лекеров басшылығындағы келесі ЖҚО ұйымдастыру бюросы болса, 1937 жылғы 20 наурыздағы Қазақстан компартиясы өлкелік комитеті бюросының шешімімен таратылған. ЖҚО ұйымдастыру бюросының Шустров басшылығындағы үшінші құрамы 1939 жылдың қаңтарына дейін өмір сүрді. ЖҚО-ның төртінші ұйымдастыру бюросы Құдайсыздардың бірінші съезіне дейін жұмыс жасады (1939 ж. сәуір), кейінірек Қазақстан ЖҚО жұмысына Ибрагимовтың төрағалығындағы ЖҚО республикалық кеңесі басшылық етті (оған қоса төртінші Ұйымдық бюроны да Ибрагимов басқарған еді) [10: 190].

Жалпы, ЖҚО-ның көптеген мүшелері мен басшылары да қуғын-сүргін көрді. Мысалы, белгілі қазақ тарихшысы, ЖҚО аймақтық ұйымдастыру бюросының бұрынғы басшысы С. Асфендияровтың өзі кейін «халық жауы» ретінде атылып кетті. Халық жауы деп айыпталған ЖҚО аймақтық ұйымдастыру бюросының одан кейінгі басшысы Лекеров те саяси қысым көрді. Қуғынға ұшырағандардың арасында ЖҚО-ның облыстық басшылары да болды. Осылайша, тоталитарлық жүйенің құрбандары арасында тек дінге сенушілер мен дін қызметкерлері ғана емес, атеисттер де болды [10: 184–186].

1937 жылғы Қазақ ССР-і Конституциясының 102-ші бабында: «Азаматтардың ар-ождан бостандығын қамтамасыз ету үшін Қазақ ССР-де мешіт пен шіркеу мемлекеттен бөлінген және мектеп болса мешіт пен шіркеуден бөлінген. Барлық азаматтарға құлшылық қылу мен дінге қарсы насихат жасау бостандығы берілген» делінген [15: 31].

1938 жылы ЖҚО-ның бүкіл Қазақстан бойынша 760 бөлімшесі мен 25 916 мүшесі болған. Жасалған сұқбаттардың саны — 803, баяндамалар мен дәрістердің саны — 1228, үйірмелердің саны — 13, ұйымдастырылған курстардың саны — 11, семинарлардың саны — 31, орыс тілінде шыққан кітаптардың саны — 5, қазақ тілінде жарияланған кітаптардың саны — 2, қазақша жарияланғалы жатқан кітаптардың саны 8 деп көрсетілген [13: 543–544].

Жауынгер құдайсыздар одағының барлық даму кезеңіндегі жұмыстарына коммунистік партия басшылық етіп, бағыт берді. Дінге қарсы күрес коммунистік партияның бағдарламалық шарттарының бірі еді. ЖҚО мәліметтері бойынша 1939 жылы ССРО ЖҚО ұйымдарында 90 мың бөлімше, 3 миллионнан астам мүше болған. ЖҚО-ның облыстық кеңестерінің курстық топтарында 1500-ден астам лектор болды. 1939 жылы ЖҚО лекторлары 200 000-ға жуық дәріс оқып, оған 6 миллионнан астам тыңдаушы қатысқан. 250000-нан астам әртүрлі оқулары мен сұқбаттары ұйымдастырылған. Шамамен 10 000-ға жуық көркем қойылымдар қойылған. Сол жылы таралымы 500 мыңнан асатын 200-ге жуық дінге қарсы кітап жарияланған. 12 мың тыңдаушыдан тұратын шамамен 500 курс және шамамен 100 мың тыңдаушыға арналған 4 мыңнан астам семинар ұйымдастырылған [16: 11, 15–16].

Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі фашистік басқыншылық қаупіне қарсы Кеңестік қоғамның барлық күштерін жұмылдыру қажеттілігі, соғыс кезіндегі дін қызметкерлерінің патриотизмі мен одақтас елдер басшыларының ССРО-дағы дінге қарсы күреске деген теріс реакциясы, 1941 жылдың екінші жартысында ЖҚО-ның дінге қарсы іс-әрекеттерінің толықтай дерлік аяқталуына себеп болды. 1941 жылдың қыркүйегінде дінге қарсы «Антирелиогозник» және «Безбожник» журналдары жабылды, ал басқа басылымдар болса өз басылымдарының тақырыбын өзгертті. ЖҚО бөлімшелеріне қабылдау тоқтатылды және көптеген белсенділері соғысқа кетті. ЖҚО-ны басқаратын партиялық үгіт-насихат бөлімдері, ЖҚО лекторларынан антифашистік тақырыптарға көшу керектігін тапсырды [14: 24–25].

Тағы бір айта кетерлігі, дінге қарсы үгіт-насихат жұмыстары үшін Жауынгер құдайсыздар одағынан бөлек тәуелсіз Дінге қарсы музейлер де құрылды. Олардың ең үлкені Мәскеу мен Ленинградта еді [14: 32]. Қазақ ССР-нің Республикалық дінге қарсы музейі Қазақ Орталық атқару комитетінің шешімімен 1935 жылы қаңтарда құрылған еді. Музей 1935 жылы мамырда Алматы қаласының Фурманов көшесіндегі ескі шіркеуде ашылды [17; 1].

1943 жылдан кейін Дінге қарсы орталық музей өз ғимараттарынан айырылса, ССРО Ғылым академиясы Философия институтының дінге қарсы бөлімі таратылды. Соғыс аяқталғаннан кейін 1946 жылдың қазанында ЖҚО-ны жандандыру әрекеті болды, бірақ бұл сәтсіз аяқталды. Ақырында, 1947 жылы ақпанда Коммунистік партия ЖҚО қызметін тоқтату туралы шешім қабылдады, оның қаржылық ресурстары мен атеистік үгіт-насихат жүргізу функциясы Кеңес Одағының Саяси және ғылыми білімдерді тарату қоғамына берілді (ол кейін «Знание» қоғамы деп аталды) [14; 25–32].

Қорытынды

Мақалада Кеңес үкіметінің алғашқы жылдардағы діни саясатын, аталған кезеңдегі ислам мен мұсылмандардың діни жағдайын, кеңестердің мемлекет және партия тұрғысынан дінге деген ұстанымдарын, дінге қарсы шабуыл мен дінге қарсы үгіт-насихат әрекетін қысқаша көрсетуге тырыстық. Кеңестердің коммунистік, атеистік қоғам құру үшін жасаған осынша дінге қарсы шабуылы мен үгіт-насихатынан түк шықпады, яғни олар халықтың дінін, діни дәстүрі мен мәдениетін толықтай жойып жібере алмады. Көздеген түпкі мақсаты орындалмады. Бірақ зардабы көп болды.

Аталған кезеңде мешіт-медреселер жабылып, дін қызметкерлері жаппай қуғын-сүргін көрді. Тіпті большевиктер азаматтардың діни сеніміне қатысты мемлекеттің заңдарына да қайшы әрекет етті. Мемлекеттің конституциясы мен басқа да дінге қатысты шешімдері азаматтарға дінге сенуге, ғибадат жасауға еркіндік берсе де, 1930 жылдардағы саяси жүйенің жаппай репрессиялау саясаты кезінде дінге сенушілердің құқықтары аяққа тапталды. Дінге қарсы жұмыс барлық саланы қамтыды. Тіпті бұл қуғын-сүргіннен дінге қарсы жұмыстарда белсенділік көрсеткен большевиктердің өзі қашып құтыла алмады. Осылайша 1930 жылдарда кеңес тарихында дінге қарсы ең аяусыз шабуылдар жасалды. Бірақ Кеңестер өзінің алғашқы кезеңіндегідей Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында да дінге қатысты жұмсақ саясат ұстануға мәжбүр болды. Өйткені сол кезеңнің саяси шарттары сондай еді. Кеңес тарихында мемлекеттің діни саясаты әр кезеңде әртүрлі болып, саяси жағдайларға байланысты өзгеріп отырды.

 

Әдебиеттер тізімі

  1. Erşahin S. Türkistan’da İslam ve Müslümanlar / S. Erşahin. — Ankara: Türkiye Diyanet Vakfı Yayınları, 2007. — 342 s.
  2. Аширов Н. Эволюция ислама в СССР / Н. Аширов. — М.: Политиздат, 1973. — 152 с.
  3. Преодолевая религиозное влияние ислама: сб. док. и матер. / сост. И.Н. Бухонова, Е.М. Грибанова, Н.Р. Джагфаров, М.К. Кайргалиев, К.С. Мурзанов. — Алматы: Казахстан, 1990. — 254 с.
  4. Арапов Д.Ю. Ислам и советское государство (1917–1936) / Д.Ю. Арапов. — М.: Марджани, 2010. — 204 с.
  5. Мухтарова Г.Д. Ислам в Советском Казахстане: проблемы изучения источников / Г.Д. Мухтарова // Вестн. Казах. нац. ун-та. Сер. История. — 2006. — № 2. — С. 10–14.
  6. Садыкова А.М. Кеңес өкіметінің дін саласындағы саясаты (1918–1953 жж.): филос. докт. (PhD) ... дис. / А.М. Садыкова. — Алматы, 2015. — 201 б.
  7. Ленин В.И. Социализм және дін / В.И. Ленин. — Алматы: Қазақстан, 1980. — 10 б.
  8. Нурманова А.Ш. Мусульманское образование в Казахстане. (Советский период). Учение Ходжи Ахмеда Яссауи и проблемы религиозного образования в Казахстане: сб. матер. Междунар. симпоз. — Туркестан, 2011. — С. 166–183.
  9. Sovyet Rusya’da Bugünkü İslamiyet (İslam today in the Soviet Union) / I. Gacaoğlu. — München: Biblos Matbaası, 1963. — 37 s.
  10. Тасмагамбетов А.С. Политика Советской власти в Казахстане в отношении ислама в 1917–1940 гг.: дис канд. ист. наук / А.С. Тасмагамбетов. — Уральск, 1998. — 220 с.
  11. Сәтбай Т. Кеңес билігі кезіндегі діни саясат / Т. Сәтбай, Г. Біләлова // Қазақ тарихы. — 2017. — № 2. — Б. 14–15.
  12. Султангалиева А.К. Ислам в Казахстане: история, этничность и общество / А.К. Султангалиева. — Алматы, 1998. — 173 с.
  13. Zholdassuly T. Sovyet Kazakistan’ında İslama Yönelik Bir Uygulama: Militan Tanrısızlar Birliği / ред. A.Taşkın // Türk Kültürü ve Hacı Bektaş Veli Araştırma Dergisi. — 2020, Aralık, Sayı: 96. — 531–556 s.
  14. Покровская С.В. Союз воинствующих безбожников СССР: организация и деятельность (1925–1947) /С.В. Покровская. — М., 2007. — 38 с.
  15. Конституция Казахской Советской Социалистической Республики. — Алматы, 1937. — 38 с.
  16. Материалы в помощь докладчикам (к 15-летию Союза воинствующих безбожников) / отв. по вып. Г. Штейнбук. — Ворошиловск, 1940. — 20 с.
  17. Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архиві. — Қ. 2051. — Т. 1. — І. 32.

Разделы знаний

Биология

Биология бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  ғылыми және тәжірибелі биология бойынша көптеген мақалалар мен баяндамаларды таба аласыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында қазіргі билогияның негіздері, тарихы,  зерттеу бағыттары мен ғылыми зерттеулердің нәтжелері және биология ғылымының басқа да бөлімдері жайлы толық анықтама береді.

Медицина

Совокупность наук о болезнях, их лечении и предупреждении.

Педагогика

Бұл бөлімде сіздер педагогика пәні бойынша көптеген тақырыптарға арналған мақалалар мен баяндамаларды таба аласыз. Бұл мақалалар сіздерге түрлі педагогика жайлы ғылыми жұмыстарды жазуға бағыт-бағдар бере отырып, жаңа ғылыми ашылымдар мен тәжірибелік зерттеулердің нәтижелерін танып-білуге көмектеседі.

Психология

Психология бөлімінде психология пәні, міндеттері мен мақсаттары, психикалық құбылыстардың пайда болу заңдылықтары, психология бөлімінің тармақтары, психология ғылымының пайда болу тарихы, қалыптасуы және психологияның басқа да тақырыбындағы қызықты мақалаларды таба аласыздар. 

Социология

 Бұл бөлімде социология немесе әлеуметтану ғылымы жайлы, қоғамның қалыптасуы, жұмыс істеуі және даму заңдылықтары туралы мақалалар қарастырылған. 

Тарих

Бұл бөлімде сіздер тарих ғылымының түрлі тақырыбына жазылған көптеген ғылыми мақалаларды таба аласыздар. Бұл мақалалар сіздерге рефераттар мен баяндамаларды жазуға көмектеседі.

Техникалық ғылымдар

Мұнда келесідей ғылыми мақалалар жарияланады: физика-математикалық , химиялық, гелогия-минерология, техникалық және гуманитарлық ғылымдардың өзекті  мәселелері, ғылыми конференциялардың, семинарлардың материалдары, ғылыми-техникалық комиссияның қағидалары, техникалық білімнің мәселелері.

Филология

 Бұл бөлімде филология пәні жайлы, филологияның түрлі тақырыбына жазылған мақалалардың жиынтығы қарастырылған. 

Философия

Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  философия пәні бойынша ғылыми мақалалар. Бұл бөлімде қоғам тану жайлы көзқарастар, сонымен қатар қазақ халқының ұлы тұлғаларының философиялық көзқарастары келтірілген.

Халықаралық қатынастар

Халықаралық  қатынастар  бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында халықаралық қатынастарды дамытудың жолдары мен оларды дамытудағы негізгі алғышарттарды қарастырады. Халықаралық экономикалық қатынастардың мемлекетті дамытудағы ролі мен маңызын ашып көрсетеді.  Мұнда сіздер халықаралық қатынастар, сыртқы экономикалық саясат тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Экология

Экология

Экономика

Экономика бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында материалдық игіліктерді өндіру, айырбастау, бөлу және тұтыну үрдісі кезінде адамдар арасында пайда болатын өндірістік қатынастарды дамытудың жолдарын қарастырады.  Мұнда сіздер экономика, экономикалық теория тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Құқық

Құқық бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында құқық туралы жалпы түсінікті ашады, құқықтық қоғамның қалыптасып дамуы жайлы және оның маңызын қарастырады. Мұнда сіздер құқық пәні тақырыбында жазылған көптеген материалдарды таба аласыздар.