Другие статьи

Цель нашей работы - изучение аминокислотного и минерального состава травы чертополоха поникшего
2010

Слово «этика» произошло от греческого «ethos», что в переводе означает обычай, нрав. Нравы и обычаи наших предков и составляли их нравственность, общепринятые нормы поведения.
2010

Артериальная гипертензия (АГ) является важнейшей медико-социальной проблемой. У 30% взрослого населения развитых стран мира определяется повышенный уровень артериального давления (АД) и у 12-15 % - наблюдается стойкая артериальная гипертензия
2010

Целью нашего исследования явилось определение эффективности применения препарата «Гинолакт» для лечения ВД у беременных.
2010

Целью нашего исследования явилось изучение эффективности и безопасности препарата лазолван 30мг у амбулаторных больных с ХОБЛ.
2010

Деформирующий остеоартроз (ДОА) в настоящее время является наиболее распространенным дегенеративно-дистрофическим заболеванием суставов, которым страдают не менее 20% населения земного шара.
2010

Целью работы явилась оценка анальгетической эффективности препарата Кетанов (кеторолак трометамин), у хирургических больных в послеоперационном периоде и возможности уменьшения использования наркотических анальгетиков.
2010

Для более объективного подтверждения мембранно-стабилизирующего влияния карбамезапина и ламиктала нами оценивались перекисная и механическая стойкости эритроцитов у больных эпилепсией
2010

Нами было проведено клинико-нейропсихологическое обследование 250 больных с ХИСФ (работающих в фосфорном производстве Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции)
2010


C использованием разработанных алгоритмов и моделей был произведен анализ ситуации в системе здравоохранения биогеохимической провинции. Рассчитаны интегрированные показатели здоровья
2010

Специфические особенности Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции связаны с производством фосфорных минеральных удобрений.
2010

Ресей империясындағы мемлекет пен діннің қарым-қатынасы тарихынан

Мақалада Ресейдегі патшалық билік кезеңіндегі мемлекет пен шіркеудің қарым-қатынасының аспектілері қарастырылған. Мәселенің жан-жақты, терең зерттелуі бүгінгі таңда өзін зайырлы деп таныған әрбір қоғам үшін теориялық тұрғыдан маңызды. Өйткені зайырлы мемлекеттің дамуы жағдайында мемлекет пен дін арасындағы қатынастардың реттелуі мәселесі, мемлекеттік- конфессиялық қатынастардың қажетті үлгісін таңдау тұрақтылықтың немесе, керісінше, қоғамды тұрақсыздандырудың кепілі бола алады. Осыған байланысты тарихи тәжірибені теориялық жалпылау мәселесі маңызды. Материалдарды зерттеу және талдау I Петрдің билігі кезінде мемлекет пен шіркеу арасындағы өзара қатынастардың сипаты өзгеретінін көрсетеді. Автономия белгілерін сақтаған шіркеу қайта құру нәтижесінде толық тәуелсіздіктен айырылады. Петр реформаларынан кейінгі екі ғасыр Орыс шіркеуінің тарихында синодтық кезең ретінде белгілі.

Кіріспе

Қазіргі постсекулярлық қоғамда діни құбылыстар тез қарқынмен дамып, жалпы діннің қоғамдағы орны мен рөлі мәселесі күннен-күнге өзектілігін арттыруда. Зерттеуші. Б. Сатершиновтың айтуынша, әлем елдеріндегі сияқты Қазақстан қоғамында да бүгінде кеңінен таралып келе жатқан мультикультурализм идеясы құқықтық мемлекет пен азаматтық қоғам орнатудың өзектілігін арттырып, бұл өз алдына мемлекеттік-конфессиялық қатынастар саласына да ықпалын тигізуде [1]. Көптеген діни ұйымдар мен бағыттардың іс-әрекетінің жандануы, діннің қоғамдық процестерге ықпалының өсуі мемлекеттік-конфессиялық қатынастардың неғұрлым тиімді үлгісін қалыптастыруды қажет етеді. Осыған байланысты бүгінгі әлемде қалыптасқан үлгілерді зерттеумен қатар осыған дейінгі тарихи кезеңдерде орын алған тарихи тәжірибені де жан-жақты зерттеп-зерделеу маңызды болып табылады.

Патшалық Ресей мемлекеті аумағында мемлекеттік-конфессиялық қатынастар тарихына қатысты бірқатар еңбектер белгілі. Олардың ішінде ресейлік зерттеушілер А.Н. Кашеваровтың [2], Ю.А. Бабиновтың [3], О.В. Попованың [4] ресейлік қоғамдағы мемлекет пен дін арасындағы өзара қатынас тарихының әр түрлі аспектілері қарастырылып, талданатын еңбектерін атап өтуге болады.

Д. Поспеловский және М.В. Шкаровский кітаптарында Орыс православие шіркеуінің тарихына арналған кең көлемді зерттеу материалдары қамтылады [5–6].

С.Л. Фирсовтың империялық кезеңдегі шіркеу тарихына байлынысты зерттеуінде II Николай патшаның дінге қатысты саясаты талданса [7], Р. Пайпс жалпы империя кезеңіндегі шіркеуді мемлекеттің қызметшісі ретінде көрсетеді [8].

Зерттеу барысында пайдаланылған маңызды дереккөздердің бірі — Ресей империясының заңдар жинағы болып табылады [9].

Зерттеу әдістері

Жұмыстың методологиялық негізі ретінде тарихилық, объективтілік принциптері және тарих- мәдени процестерді зерттеудің диалектикалық әдісі, сонымен бірге, М. Шкаровский, Д. Поспеловский, Ю. Бабинов, С. Фирсов, Р. Пайпс, Х. Дилип сынды зерттеушілердің еңбектеріндегі ғылыми тұжырымдар алынды. Тарихилық принципі мемлекет пен дін арасындағы қарым-қатынасты статикалық қалыпта емес, керісінше уақыт тұрғысынан өзгеруі, эволюциялық дамуы жағдайында қарастыруға мүмкіндік береді.

Зерттеу барысында индукция мен дедукция, талдау мен синтездеу сынды жалпы ғылыми әдістер және мәселелік-хронологиялық, салыстырмалы талдау, тарихи-типологиялық сияқты арнайы тарихи әдістер қолданылды.

Талқылау

XYIII ғасырдың бірінші жартысында I Петр реформалары «Мәскеу — үшінші Рим» деген ескі идеологиядан арылып, шіркеуді мемлекет мүддесіне қызмет еткізуді көздеді [10]. I Петр патриаршылдықты жойып, оның орнына жаңа жоғарғы шіркеу мекемесі — синодты енгізді. Нәтижесінде шіркеу мемлекеттік билікке бағынып, мемлекеттік аппараттың идеологиялық құралына айналды. Дінбасылар мемлекет қазынасынан қаржыландырылып, діни лауазымдарды тағайындаудың дәстүрлі тәртібі жойылды, шіркеу тікелей мемлекеттік органдар тарапынан басқарылатын болды. Мемлекетке бағынған шіркеу жаңа міндеттерді атқарды. Ол билеуші билікке қатысты бағынушылық сананы тәрбиелеп, қоғамда қалыптасқан тәртіпті сақтауға және самодержавие идеяларын насихаттауға мәжбүр болды. Дінбасылар патша алдында ант беруге міндеттелді.

I Петр патшаның 1722 жылғы 28 сәуірдегі жарлығы бойынша дін қызметкерлері тәубе етуге келген адамдардың мемлекетке опасыздық жасау немесе бүлік ұйымдастыру ниеті байқалған жағдайда тәубе ету құпиялылығына қарамастан хабарлауға міндетті болды. Бұл талап басқа діндерге де қатысты болды [11: 5–6]. Архиерей кафедралары ішінде иерархтарды тағайындау мен орын ауыстыру ісіне мемлекет араласты. Шіркеу билеушіден айдауда жүрген дін қызметкерлері үшін кешірім сұрау құқығынан айырылды. Мемлекеттік жүйе тарапынан болған әділетсіздіктер үшін шіркеу де жауапты болды. Қарапайым халық шіркеуді мемлекеттік аппараттың бір бөлігі деп қарады [2. 67–68]. Шіркеудің институт ретінде беделі төмендеді. Приход, әсіресе, ауыл дінбасылары полицей рөлін атқарды, үкіметке әскерге қажетті рекруттар есімдері мен санын, үкіметке қарсы әрекеттер туралы хабарлауға міндетті болды [5: 16].

Дін қызметшілері кінәлі не қылмыскер болып табылғандарды хабардар етіп, куәгерлерді заң алдында куәлік беруге алып келуге міндеттелді. Сот шешімін жүзеге асыруға қатысты кейбір қызметтер де жүктелді. Олардың ішінде приходқа сот шешімін жариялау, монастырларға айдалып барғандарға қамқорлық ету болды. XIX ғасырдың бірінші жартысында шіркеуді мемлекеттендіру үдерісі аяқталды. 1882 жылы Ресей империясы Заңдар жинағына сәйкес православие діні мемлекеттегі үстем дін деп танылды. Шіркеудің жоғарғы билеушісі православие дінін ұстанған император болды.

Орыс православиесі және патшалық билік арасындағы тығыз байланыс бастаулары заң тұрғысынан бекітілген византиялық «симфония» идеясымен байланысты болды [3: 6]. Католицизм кең тараған батыс елдерінде билікті құдайдан деп түсіндіретін теократия идеясын ұсынса, православиелік Русь Византия тәжірибесін ескеріп, «симфония» идеясын қабылдады [4: 221].

«Симфония» шіркеу мен мемлекет арасындағы рухани одақ пен өзара үйлесімді әрекеттесуге негізделеді [3: 6–7], бірақ зайырлы және діни биліктің ықпал ету салалары ажыратылды. Константинопль құлағаннан кейін православие орталығына айналған Русь өз идеологиясын қалыптастырып, орыс православиесінің жоғарғы үстемдігі туралы идеяны негіздеді. Православиелік әлемде гректер емес, орыс халқы үстем орынды иеленіп, православиелік шіркеуді византиялық император емес, орыс билеушісі басқаруы тиіс деп танылды [4: 221]. Яғни шіркеу патша билігін құдайдан деп біліп, монархияны христиандық тұрғысынан мемлекеттік биліктің ең жақсы түрі деп таныды. Патшаны құрметтеу адамның саяси ниеттестігі екенін көрсетіп қана қоймай, православиеге беріктігін дәлелдеді.

Императорды мадақтап, қоғамдық тәртіптің сақтаушысы болған дінбасылар қарапайым халыққа қарағанда бірқатар жеңілдіктерге ие болды. Ол алым беру мен әскери міндеткерліктен босатылды, оларға қатысты тән жазасы қолданылмады. Дін қызметшілері және дьякон балаларына азаматтық қызметке орналасу барысында артықшылықтар беріліп, басқа сословиеге өту құқығы болды. Мемлекет шіркеу органдарын едәуір қаржыландырып, құрылыс, жөндеу жұмыстары мен миссионерлердің ақысына, дінбасылар үшін ерекше белгілерді жасауға, басқа да шығындарға қаражат бөлетін. Ресейде 1649 жылы Собор жинағы заманынан дін бостандығы қағидасы толық жарияланған емес. Барлық діндер үстем, төзімді және қудаланған болып негізгі үш топқа жіктелді. Үстем дін болып православие саналды. Төзімді діндерге католик, протестанттық, армян-грегориан діндері, ескі дәстүрді ұстанушылар, әр түрлі христиандық секталар мен иудейлік, мұсылман, буддизм, пұтқа табыну жатқызылды. Көптеген ғасырлар бойы Ресейде халықтың басым бөлігі православие дінін ұстанған. 1897 жылғы мәлімет бойынша православие дінін ұстанушылар саны 87,3 млн. адам немесе империя халқының 69,5 пайызын құрады. Православие шіркеуінің ерекше рөлін ескере отырып, үкімет ғибадатхана, монастырлар және дінбасылар санын үнемі арттыруға мүдделі болды. Мысалы, XIX ғасырдың 60-жылдарының басында Ресейде 37 428 шіркеу, 12 392 кіші шіркеу мен 614 монастыр болса, 1905 жылы шіркеулер саны 48 375, кіші шіркеу — 20 583, ондағы діни қызметкерлер саны 103 970-ке жетті. Ал, 1912 жылы елде 53 902 шіркеу, 23 204 кіші шіркеу, 110 870 діни қызметкерлері бар 870985 монастыр есептелді [3: 6–8].

Заң тұрғысынан католик, протестанттық және басқа конфессия негіздерін насихаттауға тиым салынды, бірақ оларға жер бөліп, ғибадатхана салуға тиым салынбады. Ресей империясының Заңдар жинағына сәйкес бағынышты халыққа және Ресейде тұратын шет ел өкілдеріне, мұсылман не иудейлік болғандығына қарамастан, өз дінін ұстанып, құдайға құлшылық етуге рұқсат етілді. Тек әркімнің діни ғұрыпты орындау кезінде билеуші патшаны мадақтауы заңмен міндеттелді. Ресей империясында мемлекеттік мектептерде діни ілімді оқу міндетті болып саналды. Дінбасылар балалар тәрбиесін қадағалап, оқулықтарға шіркеу цензурасы орнады. Жастарға бағытталған діни әдебиет көптеп шығарылды. Ата-аналар балаларына діни тәрбие беруге міндеттелді [3: 8]. Дін мен шіркеу құқық қорғау органдарының қорғауында болды. Мысалы, құдайға құлшылық ету барысында тәртіп қадағалау, шіркеу ережелерінің орындалмағаны, православиеден бас тарту үшін ескерту айтып, жазалау міндеті полицияға жүктелді. Тәртіп бұзушылық қатаң жазаланды. Құдайға тіл тигізу үшін мал-мүліктен айырылып, ауыр жұмыстарға жер аударылатын болды.

Мәдени тұрғыдан қарағанда шіркеуге, оның зор ықпалында болған халықтың шаруалар, көпестер (негізінен ескі дәстүрлі), мещандар сынды бөлігіне тән теократиялық ойлау мен мәдениет I Петр және оның мирасқорларының батыстық-секулярлық абсолюттік империясымен толық диссонанс жағдайына түсті [5: 16]. Орыс шіркеуі мемлекеттік аппаратпен біте қайнасып, монархияға бағынса да, Ұлы Петрге дейін ол жеке институт пен автономияның кейбір белгілерін сақтап қалды. 1666 жылы шіркеу жиынында қайта бекітілген византиялық «симфония» қағидасы теориялық тұрғыдан өз күшін жоймаған. Шіркеу мемлекеттен бөлектеніп, оның өз патриархы, әкімшілік, сот, салық органдары және өз иеліктері болды. Шіркеуге қарасты болғандар алым төлеп, қажет жағдайда шіркеу сотымен жазаланатын болды. Петр патша кезінде шіркеу бар автономдығынан айырылды. Патриаршылдық жойылып, шіркеу қаражаты кәмпескеленді, шіркеу соты өз күшін жойды. Сөйтіп шіркеудің мемлекетке тәуелділігі артты [8].

Зерттеуші Р. Пайпс пікіріне сәйкес, орыс шіркеуі басқа христиандық шіркеулерге қарағанда секуляризацияға аса қарсылық танытпады. Петр православие шіркеуін жақтамады, өйткені дінбасылар орта ғасырларда иеленген артықшылықтардың арқасында алым төлемей, мемлекетке қызмет істемей, барщина мен алым-салық ретінде ел байлығының біраз бөлігін иеленіп алған. Салық мәселесі де Петр реформаларында маңызды болды. Петр таққа отырғанда шіркеуге жаңа жерлерді иеленуге тиым салынса да, шіркеу өз дәулетін сақтады. Жоғарғы сословие өкілдері ортасында өлім алды өсиетте шіркеуді елеу дәстүрі сақталып қалды. Ірі жер иелеріне тиым салынғанмен, патшалардың өздері монастырларға сыйлық тарту етіп отырған. Қарқынды жүргізілген орыс экспансиясы нәтижесінде дінбасылардың қолында шоғырланған ұлттық байлық қоры азайғанымен, салыстырмалы түрде қарағанда, әлі де айтарлықтай болды. Мысалы, Петр патшаның билік басына келген кезінде барлығы 12–13 миллион шаруа болса, соның 750 мыңы дінбасыларға қарасты болды. 1696 жылы Петр приход және монастыр дінбасыларына шіркеу мүлкінен түскен табысты өз еріктерімен пайдалануына шек қойды. Патриарх Адрианның өлімінен кейін, Петр шіркеу әкімшілігін таратуды көздеді. Патриарх ізбасарын тағайындаудың орнына ол ғалым, украиндық діни қызметкер Стефан Яворский кандидатурасын бекітті. Шіркеу мүлкі, басқа да істерді Монастыр Приказы қадағалайтын болды. Приказ, сонымен бірге, шіркеу вотчиналарында әкімшілік, сот, салық салу жүйесін де бақылады. Шіркеу мүлкі мемлекеттік меншікке өтпеді. Бірақ оның мемлекеттік құрылымға енгізілгені соншалық, жарты ғасырдан кейін шынайы түрде жүзеге асырылған секуляризация формальды болып көрінді. 1701 жылдан бастап монастырлар өз табыстарын мемлекет қазынасына беруге тиесілі болды. Оның орнына жалақы алатын. Бірақ бұл қағида үкімет тарапынан жүйелі түрде жүзеге асырылмады.

Петрдің дін саясатының шарықтауы 1721 жылы шыққан «Діни регламенттің» (бұдан былай Регламент — автор) қабылданумен байланысты болды. Регламентке сәйкес приход және монастыр дінбасыларының қызметіне шектеу қойылды. Регламент орыс шіркеуінің бюрократиялық конституциясы іспетті болды. Патриаршылдық жойылды. Оның орнына алғашқыда «Діни коллегия» құрылып, кейін оның орнын Қасиеті Басқарушы Синод (бұдан былай Синод — автор) алмастырды. Синод дін істері жөніндегі министрлік болатын. Оның басшысы обер-прокурор әдетте әскери шенеунік қатарынан тағайындалатын, ол үшін діни атақтың қажеті жоқ болатын. 1917 жылға дейін Синод орыс шіркеуін басқарып келді. Синодтың құрылғанынан бастап шіркеу жеке институт ретінде қызметін тоқтатып, ресми түрде мемлекеттік аппаратпен қосылды. «Регламенттің» дінбасыларға қатысты кейбір міндеттемелері Петр кезінде шіркеудің саясиландырылуы деңгейін анықтайды. Мысалы, діни қызметкерлер патша алдында адалдық антын беретін болды [9: 314–315]. Сонымен бірге, приход дін қызметшілері император немесе мемлекетке қауіптің төнуі туралы ақпарат білген жағдайда (ол тіпті тәубе ету кезінде алынған ақпарат болса да) бірден хабар беруге тиіс болды [9: 701].

Регламент жарияланғаннан кейін орыс дін қызметшілері жүйелі түрде полициямен бірге қызмет істеді. Мысалы, Петр билігінің соңғы жылдары, үкімет жан басына тиесілі алым-салықты енгізу мақсатында халық санағын өткізу үшін дін қызметшілеріне халық санағынан бас тартқандарды анықтап, табу міндеттелді. Әйтпесе, оларға дүре соғылып, Сібірге жер аударылатын болды. Сөйтіп XIX ғасырда саяси өзгеше ойды ұстанушылар туралы құпия хабар жеткізу дін қызметшілерінің қатардағы міндеті саналатын. Регламенттің жариялануына қатысты белсенді қарсылық көрсету туралы ақпарат жоқ. Бұдан шығатын қорытынды — орыс шіркеуі үшін ең маңыздысы оның сиқыршылық элементі болды. Петрдің литургия, құпияшылдықпен жұмысы болмады. Басқа қай жағынан болса да, шіркеу оған бағынуға дайын болды. Осыған байланысты 1762 жылы III Петрдің шіркеуді меншігінен айыру саясаты да қарсылыққа тап болмады. Барлық шіркеу және монастырь жерлері мемлекеттендірілді. Екі жылдан кейін II Екатерина патша кезінде бұл саясат жалғасын тапты. 1767 жылы шіркеу жеріне орналасқан миллионға жуық шаруа мемлекетке қарасты болды, ал приход пен монастыр дінбасылары жалақыны мемлекеттік қазына есебінен алатын болды. Мемлекет меншігіне өткен шіркеу мүлкінен жылына миллион рубль табыс алған монархия 400 мыңын ғана дінбасыларға қайтарды. Жері жоқ монастырлар мемлекетке табыс әкелмегендіктен жабылды. Нәтижесінде олардың саны екі есе қысқарды. Ресейде болған 954 монастырь ішінен 1764 жылы 569-ы жабылды. Қалған 385 монастырдың 161-іне ғана үкімет қаражат бөлді, ал қалған 224-і өз қаражаттарына өмір сүрді. Бұл шаралар да қарсылыққа тап болмады. Батыс Еуропада шіркеу жерлерінің мемлекет меншігіне өтуі Реформацияның қуатты қозғалтқышы болса, Ресейде ол байсалды сипатта жүзеге асты. Дін қызметшілерінің жалақысы мемлекеттік қазына есебінен берілетін болғандықтан үкімет тізімі бар шіркеу штатын жасады. I Петр бұйрығына сәйкес «артық» (яғни приходы жоқ) дін қызметшілері әскер қатарына шақырылды немесе алым төлейтін сословие қатарына өтетін болды. Бірақ XVIII ғасырда бұл қағида, қажетті мамандардың жетіспеушілігінен, қатаң түрде жүзеге аспады. Тек 1860 жылы діни тұлғалардың штаты жасалып, жалақы алатын дін қызметшілерінің саны приходтар санына сәйкес реттелді [8].

II Екатерина 1790 жылы епархия шекараларын губерниялық әкімшілік шекараларымен біріктіру арқасында шіркеуді бақылауды жеңілдетті. Сөйтіп, жоғарыда аталған шаралар нәтижесінде XVIII ғасырда орыс дінбасылары шенеуніктерге ұқсайтын болды. Р. Пайпс шіркеу әрекетін сынға алады. Оның пікірінше, шіркеу консервативті философия мен мемлекетке дәстүрлі бағынушылықтың кесірінен либералдық күш ретінде өзін көрсете алмады. Бірақ ол екі істі жүзеге асыруға міндетті болатын. Ең алдымен, ол Матвей Евангелиесінде айтылып (22: 16–22), Византиялық шіркеу теориясында нақты негізделген зайырлық пен діни биліктің қатар өмір сүруі қағидасының орнығуын талап етуі тиіс еді. Бұның нәтижесінде ол елдің рухани өміріне үстемдік етіп, зайырлы билікті шектеген болар еді. Бірақ, ол, керісінше, сол кезде Ресейде зайырлы биліктің шектен тыс орнығуына жол беріп, бұның салдары кейінгі дәуірлерден де көрініс тапты. Екіншіден, шіркеу қарапайым христиандық құндылықтар үшін күреспеді. Ол христиандық әдепке қарама-қайшы келетін басыбайлық құқыққа қарсы шығуы тиіс еді. Христиандықтың бірде-бір тармағы әлеуметтік және саяси әділетсіздікке бұндай немқұрайлықпен қараған емес. Александр Солженицын пікірімен қосылар болсақ, егер орыс шіркеуі Польшада сияқты, өз тәуелсіздігі үшін күресіп, халыққа үндеу тастаған болса, соңғы бірнеше жүз жылдық орыс тарихы анағұрлым адами әрі үйлесімді болар еді. Әлеуметтік және саяси әділетсіздік үшін күрескен халық үшін орыс православие шіркеуінің беделі төмендеді. Пайда болған рухани бос кеңістік зайырлы идеологтар үшін қолайлы болды. Христиандық бойынша бақилықта нәсіп ететін жұмақты олар жер бетінде орнатуға тырысты [8].

Ортағасырларда Ресейдегі дін жағдайы Еуропа елдерімен ұқсас, яғни діннің рөлі үстем болды. Жаңа дәуірде Еуропада модернизация үдерісінің маңызды бір бөлігі болып саналған діннің мемлекеттен бөлінуі үдерісі нәтижесінде зайырлы мемлекет қалыптасты. Дін және мемлекет әрқайсысы автономды болып, бір-бірінің ісіне араласпады. Ал, I Петр реформалары шіркеуді мемлекетке бағындырды, демек зайырлы мемлекет идеясына қайшы келді. Патша I Николай билігі кезінде қалыптасқан шіркеуді басқару жүйесі 1917 жылға дейін сақталды. Православтық шіркеуді патша басқарды. Оған обер-прокурор мен Синод пленумы бағынды. Обер-прокурор және Синодтың жеке кеңселері болды. Обер-прокурор қызметкерлері ішінде кеңсе хатшысының рөлі басым болды. Обер-прокурор кеңсесіне шіркеу, діни қызметкер мен шіркеу қызметкерлерін басқарған діни консисториялар тәуелді болды. Синод кеңсесіне епархиалдық епископтар, викарий, епархиялық үйлер бағынды. Дінбасылар монахтық және ақ деп екі топқа бөлінді. Біріншісіне митрополит, архиепископ, епископтар, монастырларда архимандрит, игумен, иеромонах, монах, иеродиакон, послушник жатқызылды. Екінші топқа протопресвитер, протоирей, иерей, дьякон cынды діни қызметкерлер мен пономарь, причетник, псаломщик, дьячок сияқты шіркеу қызметкерлері енді. Патша үйі, әскер және флот қажеттіліктеріне қызмет ететін діни қызметкерлер шіркеу басқару жүйесінде маңызды орын алды. Патша үйі үшін діни қызметкерді патша өзі тағайындады. Шіркеуді басқару жүйесінде ол епископтан кейін екінші орында болды. Бас штаб пен әскер обер дін қызметшісі әскери горнизон дінбасылары мен шіркеулерді және әкери бөлім, бірлестіктерге қарасты жорық шіркеулерін басқарды. Обердің қызметшісі, бір жағынан, әскери министрлікке бағынса, екінші жағынан Синодқа бағынды. Әскер және флот дінбасыларына әскерде моральдық жағдайды реттеу және приход дінбасылары атқарған бірқатар қызметтер міндеттелді. Мысалы, полктағы дін қызметшісі тәубе ету мекемелерін, азаматтық хал-ахуал актілері бойынша жазбалар, т.с.с. жүргізді [3: 9–10]. Сөйтіп I Петр енгізген синодтық жүйе патша I Николай билігі кезінде обер-прокурор бейнесіндегі азаматтық шенеуніктің Синод пен дінбасыларға қатысты деспоттық диктатура ретінде толығымен қалыптасты [5: 19]. Православие Ресейде өзіне тән діни рөлінен айырылып, көп жағдайда, ұлтшылдық және саяси қызмет атқарды, сенім дағдарысқа ұшырады.

Синодтың обер-прокуроры Константин Петрович Победоносцев (1880–1905 жж.) пікіріне сәйкес, шіркеуді басқару құрылымын өзгерту туралы қандай да бір әңгімелер мемлекеттік өмірдің «қалыпты» ағымына кедергі жасады, өйткені шіркеу және патшалық билік біртұтас еді. Сол себепті обер-прокурор петрлық синодтық жүйені өзгертуге қарсы болды. К. Победоносцев православие дін қызметкерлерін заманның өзекті мәселелеріне жақындатпай, олардың интеллектуалдық деңгейінің төмендеуі мен клирдің әлемнен ажырауын көздеді [7: 13–14] Сол кездегі жағдайды митрополит Арсений Киевский «шіркеуге қамқорлық жасалып жатқандай көрінгенімен, шын мәнінде, біздер дін қатал қуғынға ұшыраған заманда өмір сүріп жатырмыз» деп бағалаған [5: 20]. Патшалық кезеңдегі орыс православие шіркеуінің жағдайына қатысты ХIX ғасырдың соңында өмір сүрген көптеген шіркеу қайраткерлері симфония идеясының тарихи тұрғыдан өз мәнін толығымен жойғандығын мойындады [12: 147].

Христиандықты, сонымен бірге діни-саяси концепцияларды Византиядан қабылдаған Русь кезеңінде православие шіркеуі ерекше мәртебеге ие болды. Бұл концепциялар ХIX–XX ғасырларда православие дінінің дағдарысқа ұшырауына ықпал етті. Константиннен бастап византиялық императорлар шіркеуді толық бақылауға алып, патриархтарды тағайындайтын болды. Заң тұрғысынан билік шектелмеді. Симфония идеясы негізінде шіркеудің қоғамды біріктіру мен тұрақтандыру қабілетін іске асыруға мүмкіндігі болып, оның рухани-өнегелік, діни-ағартушылық қызмет мінездің жұмсаруына, отбасы өмірінің тұрақты болуына, мемлекеттік заңнамаға христиандық қағидалардың енгізілуіне септігін тигізетін. Бірақ, ХV ғасырдың соңы — XYI ғасырда шіркеу қоғамдық институт ретінде мемлекетке бағындырыла бастап, күнделікті өмірді формальды реттеумен шектелді [6: 13–14]. I Петр заманынан 1917 жылға дейін уақыт аралығын қамтыған шіркеу тарихындағы синодтық кезең шіркеудің азаматтық шенеуніктік диктатура тарапынан бағындырылуымен сипатталған. Кейбір зерттеушілер бұл жүйені «полицейлік» деп атады. Протоиерей Флоровский полицейлік жүйенің шіркеуге теріс ықпалын атап өтіп, мемлекеттің шіркеуге қамқорлық көрсетіп қана қоймай, оның міндеттерін өзіне алып, халықтың діни және рухани өміріне қатысты мәселелерді өзі шешеді деп тұжырымдайды [13: 83]. Яғни, шіркеу мемлекеттік мекемеге айналып, халық санасында оның қызметкерлері билік өкілдерімен теңесіп, билік саясаты үшін жауапты болды. Әлеуметтік қарсылық нәтижесінде сенім және шіркеу әлсіреді. Он жылдықтар бойы Синодты бір жақты көзқарасты, шіркеу өмірі мен қажеттіліктерімен санаспаған, шіркеудің мемлекет мүддесіне, билеушіге сөзсіз бағынуын талап еткен адамдар басқарды. Шіркеудің бейімделгіштік себебін осыдан іздеу қажет. Себебі, жүз жылдықтар бойы билікке жағымды қатынас, кез келген жағдайда оған толық бағынушылық дәстүрі қалыптастырылды. Православиеде билікті құдайдан деп білген идея онымен күресу мүмкіндігін жоққа шығарды (мәселе күрес жолына түскен әр түрлі еретик пен сектанттық ағымдар туралы емес, ресми шіркеу ұстанымы туралы болып отыр). Тіпті, XIX ғасырдың басында шіркеу елде жанданып жатқан қоғамдық өмірден тыс қалды. Реформалардың оған ықпалы болмады. 1890 жылы Земство ережесі мен 1692 жылғы қалалық ережеге сәйкес православие дінбасыларына губерниялық, уездік мекемелерге және қалалық думаға сайланып, сайлауға қатысуға тиым салынды. Сөйтіп, шіркеу қоғамдық қозғалыстардан алыстатылды [4: 222– 223]. Патшалық билік шіркеу ісіне барынша араласып, нәтижесінде шіркеу мен дінбасылар беделі төмендеді [3: 10].

Синодтық кезеңнің жағымсыз жақтары орыс православие шіркеуінің ішкі жағдайына теріс ықпалын тигізді. 1917 жылға қарай шіркеу басқару құрылымындағы төменгі буын — приходтар дербестігінен айырылып, қарапайым сенуші адамдардың шіркеу өміріне толық араласуға мүмкіндігі болмады. Аталғандардың барлығы шіркеу беделін төмендетіп қана қоймай, оны халыққа өнегелі ықпал ету мүмкіндігінен айырды. Шіркеу Ресей үшін өтпелі кезеңде ұлт пен ел бірлігінің ұйытқысы болудың орнына өзін-өзі қайта қалпына келтірумен айналысуға мәжбүр болды [2: 68].

XX ғасырдың басында Ресей қоғамында күрделі жағдайға байланысты зерттеуші Ю.А. Бабинов шіркеудің патшалық билікпен одағы, шіркеудің әлеуметтік доктринасының өзектілігін жоюы, әлеуметтік-экономикалық мәселелердің шешілмеуі, дінбасылардың билік басындағылармен жымдасуы — барлығы шіркеу дағдарысын тудырды деп ой қорытады. Діни құндылықтардың қоғамдық мәні жоғала бастады. Шіркеудің басқа қоғамдық институттар арасында беделі төмендеді. Осыған байланысты православие шіркеуінің көрнекті қайраткері архиепископ Никон Ресей жерін сенімсіздік, құдайсыздық, қандай болмасын терістеу дауылы шарпып өткенін айтып, сенушілер сенімінің әлсіреп, діни өмір құлдырап, қарапайым адамдар, діни тұлғалардың өмірді ұғынудан қалып бара жатқандарына алаңдаушылық танытты [3; 11].

Революция қарсаңында көптеген дінбасылар діни реформаларды жүзеге асырып, I Петр билігі тұсында орныққан шіркеудің басқару құрылымына өзгерістер енгізу қажеттігін түсінді. Шіркеу ішінде өзіндік «революциялық жағдай» қалыптасты. 1905 жылдан бастап дінбасылардың негізгі бөлігі Синод саясатына наразылық білдірді. Синод мүшелері де обер-прокурор К.П. Победоносцев ұстанымымен келіспей, 1905 жылы наурызда өзгерістерді мойындап, тез арада Бүкілресейлік Шіркеу дінбасыларының жиналысын (Поместный Собор — автор) шақыруды көздеді. 15, 17 және

22 наурызда болған Синод отырыстарынан кейін II Николай патшаға Ресейдегі шіркеудің мемлекеттік жағдайын қайта қарап, патриаршылдықты қалпына келтіру және аталған мәселелерді талқылау мақсатында Шіркеу дінбасыларының жиналысын шақыруды ұсынған баяндама жіберілді. II Николай патша ұсынысты мақұлдағанмен, жиналыс шақыруды кейінге қалдырды [6: 47]. Дегенмен, 1905–1907 жылдары бірінші орыс революциясы патшалық биліктің дін саясатын қайта қарауға себеп болды. Революцияның алғашқы жылында дін істеріне қатысты 15 заң мен жарлықтар қабылданды [3: 11]. 1905 жылы 17 сәуірде «Діни шыдамдылық негіздерінің нығаюы туралы» жарлығының

қабылдануы қоғам өмірінде маңызды оқиға болды. Жарлықта «православие дінінен шығып, басқа христиандық дінді не діни ілімді қабылдағандар қуғынға ұшырамайды, кәмелетке толғандар өздері таңдаған дінді тұтуға ерікті деп танылсын» деп бекітілді [6: 50]. Яғни, дінді қуғындау тоқтатылып [3: 11], ескі дәстүрді ұстанушылар мен діни секта мүшелері шіркеу, мектеп, арнайы зираттар салу құқығын иеленсе, католиктер мен мұсылмандарға діни ғимараттарды салу мен жөндеуден өткізуге жеңілдік жасалды; құдайға құлшылық етуге және діни мектептерде туған тілде оқытуға рұқсат берілді. Православиеден басқа дінге өтуге мүмкіндік туды. Нәтижесінде 1905–1907 жылдары 170 мыңнан аса адам католик дініне өтсе, 36 мың — ислам, 10 мыңға жуық адам протестанттыққа, т.б. ауысты [6: 50]. Бірақ, қылмыстық статистикаға сәйкес, жарлықтан кейін діни тұрғыдан «теріс» ойлайтындарды қудалау тоқтатылған жоқ [3: 12].

II Николай патша алғашында берген уәдеде тұрмай, шіркеу дінбасыларының жиналысын шақырып, патриарх сайлауға рұқсат бермей, шіркеудің мемлекетке тәуелділігін сақтап қалды [5: 17]. Ол және жақтастары қоғамда қалыптасқан жағдайда православиелік шіркеуге дербестік беру дін және зайырлы билік арасындағы қайшылыққа алып келуі мүмкін деп санады. Ал, шіркеу дінбасыларының жиналысы «бүліншілікті шықпырту», ресейлік қоғамда алауыздық тудырып, саяси күн тәртібіне дінтұту еркіндігі туралы мәселенің көтерілуіне апарып соғатын еді [6: 51]. Патшалық биліктің дағдарысы епархия өкілдері мен епископаттың шіркеу және мемлекет арасындағы қатынастардың өзгеруіне деген үміттерін жандандырды.

М.М. Пришвин өз күнделігінде 1917 жылы 13 наурызда кездестірген орыс қариясымен болған әңгімесі барысында республика не монархия екеуінің қайсысын таңдар едіңіз деген сұраққа қарияның республиканы таңдағанын жазады. «Маңдайы майланған патша (құдайдың нұры түскен — автор) ше?» деген сұраққа қария «Жазбаға сәйкес (Қасиетті жазбаға — автор) маңдайы майланған патшалар Михаилден басталып, Михаилмен аяқталады. Михаил соңғы, басқасы жоқ. Енді басқа уақыт келді, адам адамға жақындай түсуі тиіс, мүмкін Құдайды да танитын болар, әйтпесе оны да ұмытты ғой...» [14: 13] деген қарияның жауабы сол кездегі қоғамда орын алған діни хал-ахуалды көрсететінін атап өтеді.

Қорытынды

I Петрдің билік басына келгенге дейін мемлекет пен православие шіркеуі арасындағы өзара қатынас Ресей мемлекетінің саяси жүйесінің басты құрамдас бөлігі болып саналды. Қоғамда мемлекет пен дін арасындағы қатынастың византиялық үлгісі қалыптасты. Князьдік, патшалық билік дәстүрлі құқықтың сақталуымен шектеліп қана қоймай, шіркеудің жоғарғы билігі патшаға тәуелді болмады. I Петр реформалары нәтижесінде мемлекет пен шіркеу қатынастары византиялық симфония үлгісінен мемлекеттік шіркеу жүйесіне ауысты. Империя заңдарына сәйкес, шіркеудің қоғамдағы «үстем» дін ретіндегі мәртебесі патша және оның қол астындағы халықтың діні болуымен анықталды. Заңдық және құқықтық тұрғыдан шіркеу мемлекетке бағынды. I Петр кезеңінен ХХ ғасырдың басына дейінгі уақыт аралығы шіркеу тарихында синодтық кезеңнің орнауымен ерекшеленеді.

 

Әдебиеттер тізімі

  1. Сатершинов Б. Мемлекет пен дін арақатынасының өзекті мәселелері [Электрондық ресурс] / Б. Сатершинов // Адам әлемі. — 2012. — № 1 (51). — Б. 87–93. — Қол жеткізу режимі: https://ehistory.kz/me-dia/upload/54/2013/08/31/c5ca78192ea2995c8f770d42df843f3a.pdf.
  2. Кашеваров А.Н. Православная российская церковь и советское государство. 1917–1922 / А.Н. Кашеваров. — М.: «Крутицкое Патриаршее Подворье», 2005. — 440 с.
  3. Бабинов Ю.А. Государственно-церковные отношения в СССР: история и современность / Ю.А. Бабинов. — Симферополь: Таврия, 1991. — 123 с.
  4. Попова О.В. Взаимоотношения церкви и государства в СССР: традиции и опыт / О.В. Попова // Метаморфозы истории. — № 2. — 2002. — С. 219–245.
  5. Поспеловский Д. Русская православная церковь в ХХ веке / Д. Поспеловский. — М., 1995. — 511 c.
  6. Шкаровский М.В. Русская православная церковь в ХХ веке / М.В. Шкаровский. — М.: Вече; Лепта, 2010. — 480 с.
  7. Фирсов С.Л. Церковь в Империи. Очерки из церковной истории эпохи Императора Николая II / С.Л. Фирсов. —СПб.: Сатисъ, 2007. — 460 с.
  8. Пайпс Р. Россия при старом режиме [Электронный ресурс] / Р. Пайпс. — Режим доступа: https://www.e-reading.life /chapter.php/43363/13/richard-payps-rossiya-pri-starom-rezhime.html.
  9. Полное собрание законов Российской империи с 1649 г. — Т. VI. — СПб.: Типогр. Второго отделения Собственной его императорского величества канцелярии, 1830. — 815 с.
  10. Сталин И.В. Первые итоги заготовительной кампании и дальнейшие задачи партии: Ко всем организациям ВКП (б): Сочинения : [В 18-и т.]. — Т.11 / И.В. Сталин. — М.: ОГИЗ; Гос. изд-во полит. лит-ры, 1949. — 420 с.
  11. Dilip H. Between Man and Muhammad: The Changing Face of Central Asia / H. Dilip. — London: Harper Collins, 1994. — 402 p. Ма
  12. Фурман Д. На пути к свободе совести / Д. Фурман, О. Марк. — М.: Прогресс, 1989. — 496 с.
  13. Флоровский Г.В. Пути русского богословия / Г.В. Флоровский. — Вильнюс: ВПЕУ, 1991. — 602 с.
  14. Главацкий М.Е. Хрестоматия по истории России. 1917–1940. – 2-е изд., перераб. и доп. / М.Е. Главацкий.— М.: Аспект Пресс, 1995. — 448 с.

Разделы знаний

Биология

Биология бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  ғылыми және тәжірибелі биология бойынша көптеген мақалалар мен баяндамаларды таба аласыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында қазіргі билогияның негіздері, тарихы,  зерттеу бағыттары мен ғылыми зерттеулердің нәтжелері және биология ғылымының басқа да бөлімдері жайлы толық анықтама береді.

Медицина

Совокупность наук о болезнях, их лечении и предупреждении.

Педагогика

Бұл бөлімде сіздер педагогика пәні бойынша көптеген тақырыптарға арналған мақалалар мен баяндамаларды таба аласыз. Бұл мақалалар сіздерге түрлі педагогика жайлы ғылыми жұмыстарды жазуға бағыт-бағдар бере отырып, жаңа ғылыми ашылымдар мен тәжірибелік зерттеулердің нәтижелерін танып-білуге көмектеседі.

Психология

Психология бөлімінде психология пәні, міндеттері мен мақсаттары, психикалық құбылыстардың пайда болу заңдылықтары, психология бөлімінің тармақтары, психология ғылымының пайда болу тарихы, қалыптасуы және психологияның басқа да тақырыбындағы қызықты мақалаларды таба аласыздар. 

Социология

 Бұл бөлімде социология немесе әлеуметтану ғылымы жайлы, қоғамның қалыптасуы, жұмыс істеуі және даму заңдылықтары туралы мақалалар қарастырылған. 

Тарих

Бұл бөлімде сіздер тарих ғылымының түрлі тақырыбына жазылған көптеген ғылыми мақалаларды таба аласыздар. Бұл мақалалар сіздерге рефераттар мен баяндамаларды жазуға көмектеседі.

Техникалық ғылымдар

Мұнда келесідей ғылыми мақалалар жарияланады: физика-математикалық , химиялық, гелогия-минерология, техникалық және гуманитарлық ғылымдардың өзекті  мәселелері, ғылыми конференциялардың, семинарлардың материалдары, ғылыми-техникалық комиссияның қағидалары, техникалық білімнің мәселелері.

Филология

 Бұл бөлімде филология пәні жайлы, филологияның түрлі тақырыбына жазылған мақалалардың жиынтығы қарастырылған. 

Философия

Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  философия пәні бойынша ғылыми мақалалар. Бұл бөлімде қоғам тану жайлы көзқарастар, сонымен қатар қазақ халқының ұлы тұлғаларының философиялық көзқарастары келтірілген.

Халықаралық қатынастар

Халықаралық  қатынастар  бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында халықаралық қатынастарды дамытудың жолдары мен оларды дамытудағы негізгі алғышарттарды қарастырады. Халықаралық экономикалық қатынастардың мемлекетті дамытудағы ролі мен маңызын ашып көрсетеді.  Мұнда сіздер халықаралық қатынастар, сыртқы экономикалық саясат тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Экология

Экология

Экономика

Экономика бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында материалдық игіліктерді өндіру, айырбастау, бөлу және тұтыну үрдісі кезінде адамдар арасында пайда болатын өндірістік қатынастарды дамытудың жолдарын қарастырады.  Мұнда сіздер экономика, экономикалық теория тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Құқық

Құқық бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында құқық туралы жалпы түсінікті ашады, құқықтық қоғамның қалыптасып дамуы жайлы және оның маңызын қарастырады. Мұнда сіздер құқық пәні тақырыбында жазылған көптеген материалдарды таба аласыздар.