Мақалада қазіргі кезде əлем назарында тұрған басты мəселе ашық білім беру ресурстары (АББР) қарастырылды жəне оны шет тілдік сөйлеу дағдыларын қалыптастыру үшін пайдаланудың маңыздылығы тұжырымдалды. Ашық білім беру ресурстары ұғымы алғаш 1990 жылдары пайда болды, алайда тек 2001 жылы ғана Массачусетс технологиялық институтының жобасы аясында алғаш рет білім беру ресурстары құрастырыла бастады. Аталмыш технологияның шетел тілін үйретуде бірқатар артықшылықтары бар. Алайда, тақырып аясында жүргізген талдаулар нəтижесінде бірқатар кемшіліктер бар екендігі айқындалды. АББР пайдалану оқулықтарға тегін қолжетімділікті қамтамасыз етеді, уақытты тиімді пайдалануға мүмкіндік береді, білім алушылардың қызығушылы мен ынтасын арттырады, сонымен қатар оқытушыларға сабақты түрлендіруге көмектеседі. Жетіспеушіліктеріне білім беру ресурсының сапасы жəне ғаламтордың əлемнің барлық аймақтарында болмауын жатқызуға болады. Бірақ бұл кедергілер уақытша мəселе болғандықтан, болашақта АББР əлемнің барлық елдерінде білім алушылар тарапынан көптеп қолданылады деген сеніміміз мол. Білім алушылардың шет тілдік сөйлеу дағдыларын АББР пайдалану арқылы дамыту айтарлықтай нəтижеге қол жеткізуге мүмкіндік береді, себебі АББР əлемдегі ғылым жəне білімге қатысты жаңашылдықтарды жылдам, əрі тиімді игеруге көмектеседі. Ал, шет тілдік дағдылардың дамуы тікелей тіл өкілдері ұсынған түрлі материалдарды үздіксіз пайдаланудың нəтижесінде қалыптасатыны сөзсіз. Сол материалдардың шетел тілі сабақтарында жиі пайдаланылуы көкейкесті мəселе болып отыр. Аталмыш мəселені шешу үшін АББР пайдалану бүгінде шарт болып табылады, яғни оқу үдерісінде түрлі құралдардың көп жəне тиімді пайдаланылуы оқытушыға білім алушылардың бойында қажетті дағдыларды қалыптастыруға жол ашады.
Кіріспе
Қазақстан Республикасында жəне əлемдік ақпараттық инфрақұрылымның түбегейлі өзгеруіне, заманауи ақпараттық-технологиялардың қарқынды дамуына байланысты қазіргі таңда адамзат өркениетінің дамуына керемет жаңа мүмкіндіктер ашылуда. Дəстүрлі ұлттық экономикалық, саяси, əлеуметтік стратегиялармен қатар «ақпараттандыру» үрдісі пайда болды [1]. Ақпараттандыру үрдісі қоғам саласының барлық түріне қатысты болғандықтан, əрбір тұлға оның тиімді тұстарын зерттеп, жетістікке жету үшін барынша қолдануда.
Қазіргі таңда білім беру жүйесі мазмұны жаһандық ақпараттандырудың дамуына байланысты көрініс табады. Ақпараттандыру дамыған сайын білім беру мазмұны да жыл сайын өзгеру үстінде. Себебі қоғамда пайда болған жаңашылдық, міндетті түрде білім беру саласына оң əсер ететіні сөзсіз. Нəтижесінде жан-жақты дамыған, заманауи біліммен қамтамасыз етілген, көптілді тұлғалар қалыптасады. Бүгінгі таңда ақпараттық технологиялардың жылдам дамуына барлық дүниежүзі елдері куə. Ақпараттық технологиялардың білім алудағы тиімділігі бұрыннан дəлелденген. Сол ақпараттық құралдар əлемдегі дамыған елдер тарапынан шығарылатын еңбектерді тануға мүмкіндік беріп отыр. Аталмыш құралды білім мен ғылымды меңгеру жəне онымен бөлісу үшін елімізде қолданбайтын тұлға жоқ шығар. Aқпараттық технoлoгияларды пaйдалану арқылы бiлiм бepу caлacының сапалық көрсеткішін жoғapылaту мен жeтiлдipу мəceлeлepiн шeшу еліміздегі мeмлeкeттiк құжaттap мeн мaңызды зaң aктiлepiндe көpiнic тaпты. Aтaп aйтқaндa, білім беруді ақпараттандыру бойынша ҚР-дың «Білім туралы» (2007 ж.) Заңында [2] мемлекеттік білімдік саясатты іске асырудың маңызды тетігі ретінде бекітілген болатын. Тең ақпараттандыру құқығы, қауіпсіздік, ақпараттың уақытылы жəне дұрыс болуы, орталықтандырылған басқару жүйесі осының барлығы аталмыш заңның негізгі қағидасына жатады.
Елбасы Н.Ə. Назарбаев 2014 жылдың қаңтар айындағы өзінің халыққа Жолдауында «Біздің болашаққа барар жолымыз қазақстандықтардың əлеуетін ашатын жаңа мүмкіндіктер жасауға байланысты. ХХІ ғасырдағы дамыған ел дегеніміз — белсенді, білімді жəне денсаулығы мықты азаматтар» деп атап өтті [3]. Бұл Жолдау арқылы Елбасы ұлттық білім берудің барлық буынының сапасын жақсарту жəне заманауи бағдарламалар мен оқыту əдістемелерін, білікті мамандарды даярлаудың еліміздің білім саласы үшін маңызын көрсетіп, оны жүзеге асыру үшін талмай еңбек ету қажет екенін тілге тиек етті. Осыдан жаңа технологиялар мен ақпараттандыру үрдісі білім беру жүйесінде жаңа оқыту жолдары мен бағыттарын қалыптастырады деп тұжырымдауға болады. Бұл еліміздің болашағы білімді жастарды тəрбиелеуде жəне сапалы біліммен қамтамасыз етуде айтарлықтай орын алады жəне еліміздің экономикалық тұрғыда дамуының бүгінде шарты болып табылады.
Қазіргі қоғамды ақпараттандыру үдерісі ақпараттық технологияларды дамытумен жəне жаппай таратумен сипатталады. Олар қазіргі білім беру жүйесінде ақпарат беру жəне оқытушы мен білім алушының өзара əрекеттесуін қамтамасыз ету үшін кеңінен қолданылады. Осыған байланысты қазіргі мұғалімдер ақпараттық технологиялар саласында білімге ие болып қана қоймай, сонымен қатар оларды өзінің кəсіби қызметінде қолдана білуі керек екенін түсіну қажет [4].
Əлемдік ақпараттандыру үрдісінің дамуы нəтижесінде қоғамда білімді сапалы игерудің жаңа құралы пайда болды. Ашық білім беру ресурстарын құрастыру жəне ашық қолданысқа ұсыну идеясы негізінен қосымша оқу ретінде немесе мұғалім болмаған жағдайда өздігінен білім алуға ниет білдірумен байланысты дүниеге келді. Ол дəстүрлі білім беру мазмұнынан тыс бағытта құрылады. АББР білім алуда мұғалімге көмекші құрал ретінде де пайдаланылады.
Негізгі бөлім
Ашық білім беру ресурстары дəстүрлі білім беру жүйесінің мақсат, міндеттері аясындағы сұрақтарға ұқсас мəселелерді көтереді. Алайда, цифрлық технологиялардың қолжетімділігі жəне ашық лицензиялануы АББР-ды жеке жəне институционалды білім беру тəжірибесінде кеңінен қолданылуына мүмкіндік береді. Сонымен авторлар тарапынан пайдалануға жəне қайта өңдеуге еркіндігі бар, оқыту процесінде қолдануға арналған, қолжетімді түрде ұсынылатын материалдарды қазіргі таңда біз ашық білім беру ресурстары деп қарастырамыз. «Ашық білім беру ресурстары» ұғымы 2002 жылы ЮНЕСКО-ның ұйымдастырылуымен өткен «UNESCО Forum on the Impact of Open Courseware for Higher Education in Developing Countries» атты конференциядан кейін кең тарала бастады [5]. Мұғалімдер мен студенттер АББР құрауға да жəне қолдануға қатысады, сондай-ақ ол осы салаға оқытушылар мен жаңа технологияларды тарту арқылы білім алу жəне оқыту мақсаттарының орындалуына себеп болуы мүмкін [6]. АББР қызметі жаһандық сипатқа ие болса да, ең ірі жəне ең көп қаржыландырылған бастамалар негізінен Солтүстік Америка мен Еуропаның дамыған елдерінде жүзеге асырылды. Нəтижесінде, дамушы елдерге тəн ресурстық шектеулердің неғұрлым өткір деңгейлері АББР сұранысына жəне оны қайта пайдалануға кері əсер ететіні сөзсіз.
Ашық білім беру ресурстарына байланысты алғашқы ой ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың қарқынды дамуына байланысты 1990-шы жылдардың ортасында пайда болды. Бірнеше жылдарды артқа тастап, 2001 жылы Массачусетс технологиялық институты MIT OpenCourseWare (OCW) жобасы аясында алғашқы ашық білім беру ресурстарының ірі репозиторийін құруға кірісті. «William and Flora Hewlett Foundation» коммерциялық емес ұйымның қаржылық қолдауымен Интернет желісінде университетте оқытылатын пəндер бойынша 9000-нан астам оқу жəне əдістемелік материалдар жарияланды. Осы орайда, жобаға арналған материалдарды көшіруге, таратуға жəне түрлендіруге жəне басқа тілдерге аударуға, сондай-ақ жаңа білім беру ресурстарын дамытуға мүмкіндік беретін ашық лицензияны пайдалану маңызды қадам болды.
Ашық білім беру ресурстарына қарапайым əріптестер тарапынан жасалған жəне өңделген мəтіндер мен электронды кітаптардан бастап, еркін пайдалануға жəне қайта өңдеуге лицензияланған жазбалар мен бейнелерге дейінгі барлық материалдарды жатқызуға болады. Баспагерлер əдетте өз өнімдері мен қызметтерін пайдаланғаны үшін үлкен ақы алады, сонымен қатар авторлардың еңбектерін пайдалануға шектеулер қояды, керісінше ашық білім беру ресурстарын қолдаушылардың негізгі мақсаты — материалды барынша тарату, оны барлығына бірдей қолжетімді ету [7].
Оқыту құралдары мен ашық білім беру ресурстары тұжырымдамалары кейінгі уақытта пайда болды жəне олар өзара байланысты екені баршаға мəлім. Интернет пайда болғанға дейін 1980 жылдары университеттерде цифрлық технологиялар мен сандық мазмұнның қолданысқа көптеп енуі оқу материалын барынша көбейтуге жəне оқытушылар арасында таратуға болатындығы туралы мəселені қарастыруға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, оқыту құралдарына бағытталған бағдарламалаудың сəтті шығуы мұғалімдердің жеке немесе топта тиімді пайдалануға болатын көптеген оқу құралдарының бірегей жүйесін құруға ықпал етті.
Осыған орай, ғылыми əдебиеттерді зерделей келе, ашық білім беру ресурстары туралы алғаш рет 1990 жылдары зерттеушілер Д. Аткинсон, Дж. Браун мен А.Хаммонд тарапынан қолданыс тапқанын байқауға болады жəне осындай технологияларға келесі сипаттаманы берді: «АББР — бұл еркін қол жеткізуге болатын немесе оларды еркін пайдалануға немесе қайта өңдеуге рұқсат беретін лицензиямен шығарылған оқыту немесе ғылыми ресурстар. АББР — толық курстарды, оқу материалдарын, модульдерді, оқулықтарды, бейнелерді, тестілерді, бағдарламалық қамтамасыз етуді, сондай-ақ білімге қол жеткізуді қамтамасыз ету үшін пайдаланылған құралдарды, материалдарды немесе технологияларды қамтиды» [8].
Уайли (Wiley) оқыту құралдарының тұжырымдамасы бойынша жұмысты жинақтады, бұл педагог технологтар мен инженер-бағдарламашылардың оқыту объектілерін жобалауға, бірлесіп пайдалануға мүмкіндік беретін жүйелерді, процестер мен модельдерді əзірлеу бойынша елеулі еңбек етуіне ықпал етті [9].
Хатака АББР материалдары ресми де, бейресми де, курстарға тіпті қатысы жоқ материалдар түрінде де ғаламторда ұсынылу белең алып жатқанын байқауға болады деп тұжырымдайды. Уайлидің пікірінше ашық білім беру мазмұнының басым көпшілігі дамыған елдерде жасалады, ал дамушы елдерде ашық білім беру мазмұнын құрастыру бойынша бастамаларда шектеулер бар. Хатака, сондай-ақ дамушы елдердің оқу орындарында ашық жəне ақысыз білім беру мазмұнын қолдануы өте төмен екендігін мəлімдейді. Олбрайт АББР əлеуетін толық ашу үшін АББР қолданыста жаһандық тепе-теңдік қажет деп тұжырымдайды, яғни онда дамушы елдер тек АББР-ның тұтынушылары ғана емес, сонымен қатар өндірушілер ретінде де қалыптасуы қажет. АББР-ды барынша қолдану үшін осы сала бойынша мұғалімдердің жəне студенттердің білімін арттыру шарт болып табылады [9].
Бірқатар отандық ғалымдар да осы тақырып төңірегінде біраз зерттеулер жүргізген. Мəселен, профессор Г.К Нургалиева, Е.В. Артыкбаева еңбектерінде «Қазақстан Республикасы үшін ашық білім беру ресурстарын дамытудың ерекше əлеуметтік маңызы бар, өйткені халықтың тығыздығы төмен республиканың бүкіл аумағында, оның ішінде шағын жинақталған мектептерде сапалы жалпы жəне кəсіптік білім алуға қол жеткізуді қамтамасыз ету, қарқынды өзгеретін экономикалық жағдайда кəсіптік даярлау жəне қайта даярлау, мүмкіндіктері шектеулі адамдарға білім беру сияқты мəселелерді шешуге көмектеседі» деп көрсетеді [10].
Сонымен қатар, профессор Рахман Алшанов АББР мəселесі төңірегінде «Осы мəселелердің барлығын шешуде, біздің ойымызша, «ашық кафедра», ал кейіннен «ашық университет» құру оң рөл атқарады. Мақсаты — ақпараттық технологиялардың, кредиттік оқыту жүйесінің мүмкіндіктерін пайдалана отырып, кез келген жоғары оқу орнының ғалымдарын жалпы республикалық педагогикалық қызметке тарту, сондай-ақ жоғары оқу орнының студенттеріне кез келген оқытушының дəріс курсын таңдау мүмкіндігінің болуы. Бұл міндетті шешуде ЖОО қауымдастығы Британдық ЖОО түлектері қауымдастығы тарапынан көмек алады. Жақсы білім алған, ал кейбіреулері Ұлыбританияда жұмыс өтілі бар жас мамандар өз білімдерін отандық студент жастарға беруге тырысады» деп тұжырымдама жасайды [11].
Қазіргі таңда ашық білім беру ресурстары ағылшын тілінде көп таралғандықтан, өзге тілдердегі аталмыш құралдың дамуы маңызды мəселе болып отыр. Мұндағы басты мақсат білім беру мүмкіндіктеріне қолжетімділікті арттыру болмақ. Көптеген тұлғалар дəстүрлі білім алуға қол жеткізе алмайды, алайда бұл білімдер азаматтар үшін өте маңызды жəне отандық экономиканы дамыту үшін қажет. Инклюзивті жəне жалпыға міндетті білім алуды қамтамасыз ету үшін барлық мүмкіндіктер мен инновациялық құралдарды қолдану маңызды. Ашық білім беру ресурстары кез келген тұлғаға, кез келген жерде жəне уақытта оқу материалына қол жеткізуге мүмкіндік береді. Ол білім алуға байланысты материалдардың тапшылығы мəселесін шешуге көмектеседі. Студенттер ашық білім беру ресурстарын, əсіресе ашық қолданыстағы оқулықтарды тиімді санайды, себебі бұл оқулықтардың электрондық нұсқасы баршаға тегін болады, сонымен қатар басып шығарылған көшірмелері өте төмен бағада ұсынылады.
Осыған байланысты ашық білім беру ресурстарын пайдалану көптеген пəндерді еркін меңгеруде таптырмас көмекші құрал екенін айқын аңғаруға болады. Соның ішінде шетел тілдерін меңгеруде аталмыш əдістің ерекшеліктерін анықтау негізгі мақсат болып отыр.
Педагог оқыту үдерісінде АББР-ды тақырыпты түсіндіруде қосымша тəсіл ретінде пайдалана алады. Бұл грамматикалық ережелерді жəне жаңа лексикалық материалмен таныстыруда балама құрал болуы мүмкін.
Бұл жағдайда студенттер келесі жұмыс түрлерін атқарады:
- сабақ басталардан бұрын топ студенттері оқытушы көрсеткен материалды өз бетінше оқып- үйренеді жəне оны аудиторияда талқылайды;
- топ студенттерінің бірі материалды өз бетінше меңгереді жəне оны қалған білім алушыларға түсіндіреді;
- қосымша білім беру мазмұнын зерттейді жəне оны аудиторияда бірге талқылайды, зерттелетін тақырып бойынша ең маңызды ақпаратты бөліп көрсетеді [12].
АББР білім алушыға шетел тілі сабақтарында көптеген дағдыларды меңгеруге ықпал етеді. Мəселен, жаттығуларды бірнеше рет орындау арқылы білім алушылар белгілі бір грамматикалық тақырыпты жаттығуларды тиімді жəне қайта орындау негізінде меңгереді, яғни жаттығады. Сонымен қатар түрлі лексикалық жəне грамматикалық тесттер арқылы білім алушы өзінің қателерін анықтап, олармен жұмыс істеуге тырысады. Үй тапсырмасының орнына тақырып бойынша электронды түрде эссе жазу да осы АББР-дың тағы бір артықшылығы болып табылады. Өз қатесін түзету мүмкіндігімен қатар, осындай бағыттағы жұмыстарды орындау арқылы білім алушылардың пəнге деген қызығушылығы артады.
Шетел тілі сабағында білім алушылардың сөйлеу дағдыларын дамыту мəселесі қазіргі таңда маңызды болып отыр. Мəселен, мектеп қабырғасында ұзақ жылдар бойы шетел тілін оқып, алайда сол тілде ойын жеткізе алмайтын тұлғалар бүгінде өте көп. Оған себеп білікті жəне білімді мамандардың тапшылығы емес, тілді үйретуде білім алушылар тарапынан қызығушылықтың болуына оң ықпал ететін құралдардың жеткілікті деңгейде қолданылмауы. Жоғарыда атап өткендей, білім алуға ең алдымен ынта болу қажет. Қызығушылық болмаған кезде, сапалы білім алу мүмкіндігі төмендейді. Осыған орай, қарым-қатынастық дағдыларды қалыптастыруға əсер ететін құралдардың бірі ретінде АББР-ды қарастырамыз. Мəселен, тілдік дағдыларды дамыту үшін сабақта орындалатын грамматикалық жəне лексикалық жаттығулар кешені жеткіліксіз. Сөйлеу дағдылары сол үйренген грамматикалық жəне лексикалық тақырыптар негізінде тыңдау мен сөйлеу (практика) арқылы қалыптасады. Осыған байланысты видео жəне аудио материалдардың тиімділігін атап өтуге болады. Аталмыш құралдардың шет тілдік сөйлеу дағдыларын дамытуда маңызды орын алатындығы ешқандай дəлелсіз-ақ белгілі. Видео материалдардың аудио материалдардан басты айырмашылығы көру жəне есту процесі бір мезетте болуында. Мəселен, қысқа бейне фильм ретіндегі берілген материал арқылы ақпарат тез қабылданады. Себебі адам табиғаты кез келген затты көру арқылы ақпаратты тез қабылдайды. Ал енді сол көру үдерісіне естуді қосқанда ақпаратты қабылдау мүмкіндігі екі есе артады. Сондықтан сабақта үнемі видео материалды қолдану болашақта тұлғаның кез келген жағдайда шетел тілінде еркін сөйлеуіне ықпал етеді жəне өзіне сенімділікті қалыптастырады. Мысалы, бала туғаннан ана тілін ата-анасының сөйлегеніне қарап үйренеді. Ана тілінде кішкентай балаға грамматиканы ешкім үйретпейді. Уақыт өте келе, бала ата-анасының сөздеріне қарап сол грамматиканы автоматты түрде үйреніп алады. Сол секілді шетел тілін меңгеру де грамматиканы жəне лексиканы үйренуден кейін тек үнемі тыңдау арқылы қалыптасады. Сонымен қатар, тыңдау білім алушыларда болатын фонетикалық білім мəселесін де шешуге көмектеседі.
Ұсынылатын аудио жəне видео материалдарды оқытушы əртүрлі тапсырмаларды қосу арқылы оларды толықтыра алады. Аталмыш материалдарды білім алушылар назарына ұсынғаннан кейін келесі тапсырмалар түрін орындауға тапсырма беруге болады:
- Білім алушының ұсынылған аудио жəне видео материалды қаншалықты түсінгенін тексеру мақсатында ауызша сұрақтардың қойылуы;
- True/False сұрақтар түрі;
- Тест тапсырмалары;
- Сөйлемді қажетті сөздермен толықтыру;
- Видеоны қалаған жерден тоқтатып, оқушыларға шетел тілінде сол оқиғаның жалғасын баяндауды сұрау жəне т.б.
Аталған жұмыс түрлерін қолданудың нəтижелігі ашық қолданыста ұсынылатын оқу материалдарын мұқият таңдап, оны оқу үдерісінде тиімді пайдалануға байланысты. Жалпы шетел тілін оқуда үздіксіздік жəне жүйелілік ұғымдары өте маңызды. Мəселен, үзбей тілді қайталап, оқу нəтижесінде білім алушы үлкен жетістікке жетуі мүмкін. Күнделікті немесе жүйелі түрде материалды қайталау тілге деген бейімділікті қалыптастырады жəне кейінгі тақырыптарды меңгеру жəне сол тілде сөйлеу біртіндеп оңайға түседі.
Оқу мазмұнына сəйкес ғаламторда ашық қолданысқа ұсынылатын əртүрлі фото немесе видео материалда берілген ақпараттарға байланысты тұлғалар өз ойларын, пікірлерін білдіру арқылы білім алушыларда өзара ақпарат алмасуға мүмкіндік туындайды. Бұл оқытушылар тарапынан АББР ресурстарын қолданушылардың пікірін жəне білімін де бағалауға көмектеседі.
Қазіргі кезде білім алушылардың барлығы ғаламторды қолданады. Бұл оқытушылар тарапынан түрлі курстар, электронды оқулықтар, жаттығулар кешені, əртүрлі тақырыптар бойынша презентацияларды ғаламторға жүктеп, білім алушылар еркін қолдана алатындай ашық қолданысқа қою мүмкіндігі бар. Осы арқылы қазіргі таңда АББР тапшылы мəселесін шешуге болады.
Тұжырым
АББР бүгінгі таңда білім алушыларға білім ошағында немесе өздігінен білім алу барысында көмекші құрал болып табылады. Қазіргі технологияның дамыған заманында тұлғалар үшін өздігінен білім алуға барлық мүмкіндіктер жасалған. Сол технологияның бір көрінісі ретінде қарастырылатын АББР шетел тілін үйрену үшін айтарлықтай маңызды, себебі шетел тілін меңгеру қарапайым кітапты қолданумен ғана шектелмейді. Шетел тілін меңгеру өзге елдің мəдениетіне көз жүгірту, онымен танысумен сипатталады. Ал АББР-дың басты артықшылығы, сол тіл əлемін тануға үлкен жол ашуы, яғни шет тілдік сөйлеу дағдыларын дамытуға қажетті ақпаратты тіл иелерінің ашық қолданысқа ұсынған жобаларынан табамыз. Сондықтан тіл үйренушілерге ақпараттандыру үдерісі мақсатқа жетудің негізгі амалы деп қарастырылады.
Қорытындылай келе, шет тілдік сөйлеу дағдыларын дамытуда ашық білім беру ресурстарын қолданудың тиімділігі мұғалім жəне білім алушы тарапынан тиянақты таңдалған оқу материалдарына байланысты. Бірақ АББР білімді арттыруда қолданылатын автономды, жеке, тиімді ресурс болғандықтан, ол тұлғаларға білім жолында өздігінен ізденуге, жаңа ақпарат алуға мүмкіндік беретін, ал ұстаздар қауымына сабақта тілдік дағдыларды дамытуда қолданатын қосымша құрал ретінде баршаға белгілі. Қазіргі таңда педагогтарға аталмыш құралды сабақтарда қолдануды арттыру өзекті мəселе болып отыр, бұл мəселені шешу арқылы біз білім алушылардың бойында тілдік дағдыларды, оның ішінде ең маңызды сөйлеу дағдыларының қалыптасуына қол жеткіземіз.
Əдебиеттер тізімі
- Үмбетов Ө. Цифрлық білім берудегі бірлескен бастама [Электрондық ресурс] / Ө.Үмбетов // Сыр бойы. — 2018. — № 46–47. — 4 б. — Қолжетімділік тəртібі: https://syrboyi.kz/wp-content/uploads/files/2018–03/1522422029_46–47–19529– 19530.pdf.
- Қазақстан Республикасының Білім туралы 2007 жылғы 27 шілдегі 319-шы Заңы [Электрондық ресурс]. — Қолжетімділік тəртібі: http://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z070000319_.
- Қазақстан Республикасы Президентінің сайты [Электрондық ресурс]. — Қолжетімділік тəртібі: https://www.akorda.kz/kz/addresses/addresses_of_president/kazakstan-respublikasynyn-prezidenti-nenazarbaevtyn-kazakstan- halkyna-zholdauy-2014-zhylgy-17-kantar.
- Tleuzhanova G.K. The role of it technologies in the formation of students leadership / G.K. Tleuzhanova, G.B.Sarzhanova, D.K.Zholdanova, Z.A.Eskzinova, D.N. Assanova // Journal of Advanced Pharmacy Education and Research. — 2019. — Vol. 9, No. 2. — P. 89–94.
- Brown J.S. Creating a culture of learning [Электронный ресурс] / J.S.Brawn. — London: The MIT Press, 2008. — 18, 19 c. — Режим доступа: http://mitpress.mit.edu/books/chapters/0262033712pref1.pdf [Google Scholar].
- Институт ЮНЕСКО по информационным технологиям в образовании. СНГ на пути к образовательным ресурсам. Аналитический обзор [Электронный ресурс]. — Режим доступа: https://iite.unesco.org/pics/publications/ru/files/3214683.pdf.
- Wiley D. On the Sustainability of Open Educational Resource Initiatives in Higher Education [Электронный ресурс] / D.Wiley // OECD. — Режим доступа: https://www.oecd.org/education/ceri/38645447.pdf.
- Корнилов Ю.В. Перспективы внедрения открытых образовательных ресурсов: электронное обучение [Электронный ресурс] / Ю.В. Корнилов // SWorld. — 2012. — Т. 2, № 12. — С. 3, 4. — Режим доступа: https://sworld.education/konfer28/786.pdf.
- McGreal R. Online Education Using Learning Objects [Electronic resource] / R. McGreal // Routledge Falmer. — 2004. — Vol. 6, No. 1. — P. 16–17. — Access mode: https://doi.org/10.4324/9780203964538.
- Нургалиева Г.К. Контентное обеспечение информационно-образовательной среды в Республике Казахстан [Электронный ресурс] / Г.К. Нургалиева, Е.В. Артыкбаева // ЮНЕСКО. — 2010. — Режим доступа: https://www.iite.unesco.org/files/conference2010 /Artykbaeva.
- Алшанов Р. Виртуальные университеты Казахстана: состояние и перспективы, или как повысить эффективность высшего образования [Электронный ресурс] / Р. Алшанов // Казахстанская правда. — 2009. — C. 5. — Режим доступа: https://profit.kz/articles/1028/Virtualnie-universiteti-Kazahstana-sostoyanie-i-perspektivi-ili-kak-povisit-effektivnost-visshego- obrazovaniya/.
- Бородич С.А. Использование открытых образовательных ресурсов при обучении иностранному языку / С.А. Бородич, А.Н. Тепляковская // cб. тр. Междунар. конф. «Проблемы и перспективы развития образования». — 2006. — Т. 1, № 9. — С. 235–237.