Ғылымның маңызды бағыттарының бірі және қазіргі қоғам дамуының көрсеткіші ретінде белгілі жаһандық ақпараттандыру үрдісінің дамуына байланысты тілдерді үйрену маңыздылығы бұрынғыдан да арта түсті, ал бұл тілдерді оқуға мультимедиялық ортаны құру мен оны жетілдіру мүмкіндігін жасайды. Осы орайда, мұғалімдер мен білім алушылардың сауаттылығын шетел тіліне үйрету мен оны үйрену тиімділігі тұрғысынан қарастырып, ондағы жаңа технологияның рөлін айқындау бүгінгі таңда ерекше маңызға ие. Мақалада қазіргі кезде әлем деңгейінде ақпараттандыру үрдісінің таралуына байланысты пайда болған ашық білім беру ресурстары (АББР) арқылы оқушылардың ағылшын тілінде сөйлеу дағдыларын дамытудың жолдары сараланды. Ондағы негізгі мақсат әрбір көрсетілген АББР аясындағы оқу құралдарының ағылшын тілінде оқушылардың сөйлеу дағдыларын дамытуға қаншалықты әсер ететінін бірқатар анықталған ерекшеліктерге, сонымен қатар көптеген зерттеушілердің сол құралдарға қатысты нақты тұжырымдамаларына сәйкес зерделеу болмақ. Авторлар мақала шеңберінде ашық білім беру ресурстарының бірқатар анықтамаларын, қазіргі қоғамдағы алатын орны мен маңыздылығын талқылаған. Қарастырылған АББР арқылы оқушылардың ағылшын тілінде сөйлеу дағдыларын дамытудың жолдары жекелей оқуда, сондай-ақ мұғалімдерге сабақ үдерісінде оқушылардың тілдік дағдыларын дамытуға байланысты туындаған мәселелерін шешуге көмекші құрал болмақ.
Кіріспе
Ақпараттық және телекомуникациялық технологиялар күн сайын білім берудің барлық саласына тереңірек еніп отыр. Бұған күнделікті ақпараттық қоғаммен және сәйкесінше мамандарды дайындаудың қажеттілігімен байланысты сыртқы факторлар, сонымен қатар оқу мекемелерінде қазіргі компьютерлік техника мен программалық қамтамасыз етудің кең таралуымен, мемлекеттік және мемлекетаралық білім беруді ақпараттандыру бағдарламаларының қабылдануымен, ақпараттандыру тәжірибесін қажет ететін педагогтер санының артуымен байланысты ішкі факторлар әсер етуде. Бірқатар жағдайда ақпараттандыру құралдарын қолдану мектеп мұғалімдерінің еңбек ынтасын арттыруға жағымды әсер етумен қатар, мектеп оқушыларының оқу тиімділігін арттыруға да ықпалын тигізеді [1].
Kinzer мен Людің Leu технологиясының жетістіктері мен үздіксіз дамуы білім алушыларды қазіргі және болашақ қоғам өміріне белсенді қатыса алатындай деңгейде оқыту қажеттілігін арттырды деп есептейді, сондай-ақ зерттеушілер қазіргі уақытта технологияны білім беру мақсатында, соның ішінде сауаттылықты қолдау құралы ретінде пайдалану керек екендігінде күмән жоқ деп тұжырымдайды [2].
ХХІ ғасыр қоғамы тұлғалардан мультимедиялық сауаттылықтан бөлек, шетел тілдерін жетік білу қабілетін де талап етеді. Ақпараттандыру үрдісінің қоғамда белең алуына байланысты тілдерді үйрену маңыздылығы одан ары арта түсті. Мәселен, ағылшын тілінің мәртебесі соңғы онжылдықтарда «Жаһандық тіл» ретінде бағаланды, өйткені ол қазіргі әлемде басым және кеңінен қолданылатын тіл болып саналады. Аталмыш тілді білудің маңыздылығы білім беру, технология, бизнес, саясат және т.б. салаларда келісім жүргізу үшін қажет болғандығында жатыр. Brown ауызекі сөйлеу, әсіресе шетел тілін үйренушілер меңгеруі керек негізгі тілдік дағдылардың бірі болып табылады деп тұжырымдайды, өйткені ол ақпаратты беруде, алуда және өңдеуде үлкен рөл атқарады
. Ал ақпараттандыру үрдісінің жаппай таралуы осы ағылшын тілін меңгеруде мультимедиялық ортаны құру мен оны жетілдіру мүмкіндігін жасайды. Осы орайда, мұғалімдер мен білім алушылардың сауаттылығын шетел тіліне үйрету мен үйрену тиімділігі тұрғысынан қарастырып, ондағы жаңа технологияның рөлін айқындау қазіргі кезде маңызға ие.
Негізгі бөлім
Компьютерлік технологиялардың білім беру кеңістігіне енуі оқу әрекеті мен электронды мазмұнның жаңа формаларын құруға әкелді. 1999 жылы жаһандық компьютерлік желінің дамуы Германиядағы Тюбинген университетіне видео дәрістер жариялауға мүмкіндік берді. Массачусетс технологиялық институты бұл бастаманы қолдап, 2002 жылы MIT OpenCourseWare жобасын жүзеге асырды. «Білім желісінің қол жетімділігі арқылы бүкіл әлемдегі адамдардың білімін жақсарту» MIT- тің ұстанымы болды. Массачусетс технологиялық институтының зерттеушілері ашық оқу материалдарының қол жетімділігі студенттерге сабаққа жақсы дайындалуға және оқуды белсенді етуге қосымша мүмкіндік болатынына сенімділік танытты, сонымен қатар 2002 жылы Хьюлет қорының қолдауымен сапалы білім беру мазмұнына қол жетімділікті арттыру үшін ақпараттық- коммуникациялық технологияларды қолдану мәселесі бойынша зерттеу басталды [4].
Сонымен, әлемдік ақпараттандыру үрдісінің дамуы нәтижесінде қоғамда пайда болған білім алуды жүзеге асырудың жаңа түрі ретінде белгілі ашық білім беру ресурстары білім алушыларға қосымша оқу ретінде немесе өздігінен білім алуға мүмкіндік береді. Ашық білім беру ресурстарын пайдаланудың тағы бір ерекшелігі ретінде оның оқыту үдерісінде мұғалімге көмекші құрал болатынын да атап өткен жөн. Бір сөзбен айтқанда, ашық білім беру ресурстарын пайдалану сабақ барысында сапалы біліммен қамтамасыз ету үшін қолданылатын оқу материалдарының көлемін арттыруға ықпал етеді.
Ашық білім беру ресурстары — авторлар тарапынан пайдалануға және қайта өңдеуге еркіндігі бар, оқу үдерісінде қолдануға арналған, қол жетімді түрде ұсынылатын материалдар. «Ашық білім беру ресурстары» ұғымы 2002 жылы ЮНЕСКО-ның ұйымдастырылуымен өткен «UNESCО Forum on the Impact of Open Courseware for Higher Education in Developing Countries» атты конференциядан кейін кең тарала бастады [5]. Мұғалімдер мен студенттер АББР құрауға да және қолдануға қатысады, сондай-ақ ол осы салаға оқытушылар мен жаңа технологияларды тарту арқылы білім алу және оқыту мақсаттарының орындалуына себеп болуы мүмкін [6].
Ашық білім беру ресурстары — бүкіл әлемдегі білім мен білім беру мүмкіндіктеріне қол жетімділікті теңестіруге бағытталған халықаралық құрал [7]. Bissell-дің АББР-ға берген тағы бір анықтамасы, бұл қоғам меншігі немесе жеке тұлғаның лицензияланған ой еңбегі және оларды басқа адамдардың еркін пайдалануына немесе қайта өңдеуіне мүмкіндік беретін оқу және зерттеу құралы. Bissell сонымен қатар АББР — бұл оқытушыларға, студенттерге және жеке ізденушілерге оқу және зерттеуде пайдалану үшін еркін және ашық түрде ұсынылатын сандық материалдар деп те анықтама береді. Оларға оқу мазмұны, оны әзірлеуге, пайдалануға және таратуға арналған бағдарламалық құралдарды жатқызуға болады.
Ашық білім беру әртүрлі оқу материалдарына тегін қол жетімділікті ұсынумен ғана шектелмейді. Қазіргі заманғы білім беру үдерісі тек ақпаратты жариялау және сақтау үшін ғана емес, сонымен қатар оқу орындарында және одан тыс жерлерде де білім беру жүйесі аясында нақты белгіленген ұстанымдарға сәйкес әртүрлі материалдармен жұмыс істеуге арналған құралдардың күрделі жиынтығын қажет етеді. Пайдаланушыларға ақысыз қол жетімділікті ұсынумен қатар, материалдармен ұжымдық жұмыс жасау, оларды өзгерту және жеке оқу немесе оқыту қажеттіліктеріне бейімдеу мүмкіндігі берілуі керек [4].
Цифрландыру үрдісінің жаһандық дамуы нәтижесінде білім беру жүйесіне енгізілген басты өзгеріс ретінде біз электрондық оқыту үдерісін қарастырамыз. Аталмыш жаңа оқыту түрін нәтижелі жүргізу үшін жан-жақты зерттеу аясында білім беру ресурстарына еркін қол жетімділік пен оқу материалдарының көлемін арттыру мақсат етілді. Енді осы мақсатқа жету жолында дүниеге келген АББР аясында түрлі форматтағы білім беру ресурстары құрастырылып қоғамға ұсынылады. Жоғарыда аталғандай бұл жоба білім алушының өздігінен білім алуымен қатар, мұғалімдерге білім сапасын арттыру жолында қолдана алатын қосымша құрал ретінде қарастырылады. Өздігінен білім алу қазіргі кезде түрлі мектеп бағыттарының ішінде инновациялық мектептерге қойылатын негізгі талаптарға жатады. Қазіргі қоғамның жастар алдына қойған міндеті ретінде осы өздігінен білім алуды дамытуды атап өтсе болады, себебі технологиялардың мүмкіндігі білім алушыға ертеректе мүмкін болмайтын білім, білік, дағдыларды кеңінен дамытуға жол ашып отыр. Бұл бағытта қазіргі кезде аталмыш мектептердің жүйесіне еніп, осы бағытта орасан зор еңбектер атқарылып жатыр.
Жалпы, инновациялық мектептердің алдына білім алушылардың өздігінен білім алу деңгейін дамытумен қатар, цифрландыру үрдісінің аясында қойылатын басқа да талаптарын атап өтсек. Мәселен, жаңа технологияларды қолдану, оқушылардың сыни ойлау мен шығармашылық қабілетін ашу, басты назар тек білім беруге ғана емес, сонымен қатар тәрбиеге де ерекше көңіл бөлінеді, әрбір балаға тұлға ретінде қарап, жекелей қарым-қатынас жасалады, оқушылардың білім алу үдерісіне белсене араласуы. Осы аталған ерекшеліктердің барлығын жүзеге асыру қазіргі кезде Қазақстандағы инновациялық мектептердің алдына қойған мақсаты болып табылады.
Инновациялық мектептердің пайда болуына XXI ғасыр оқушыларының технологияның қарқынды дамуы нәтижесінде түрлі смартфондарды пайдалануы әсерінен олардың дәстүрлі мектеп қабырғасында алатын біліммен шектелмейтіні себеп болып отыр. Ақпараттың ғаламтор желісінде көптеп таралуы және оларға оңай қол жетімділік бүгінгі таңда ешбір тұлғаны кітап бетіндегі материалмен шектелмейтініне дәлел болмақ. Сондықтан оқушылардың білімге қатысты бар қызығушылығын қанағаттандыру мақсатында мұғалімдер түрлі ресурстарды оңай қол жетімділікпен сабақта пайдалануы қажет.
Зерттеулер мультимедиа-ресурстарды оқыту үдерісінде қолдану оқушылардың мотивациясын арттыратындығын дәлелдеп отыр. Мультимедиа құралдары оқушылардың оқуға деген қызығушылықтарын арттыруы мүмкін, сонымен қатар ойша бейнелер мен модельдерді қалыптастыруға көмектеседі. Көптеген жағдайда мультимедианы қолдану оқушыларды мотивациялауға оң әсер етеді. Алайда, мультимедиа құралдары панацея емес, сондықтан да кез келген оқу-әдістемелік аппарат сияқты бір уақытта барлық оқушылар үшін тиімді бола бермейді [1].
Қоғамда ақпараттандыру үрдісінің дамуы аясында ақпарат көлемін арттыру мақсатында пайда болған АББР оқушылардың ағылшын тілінде сөйлеу дағдыларына берер әсері ретінде келесі артықшылықтар қарастырылады. Біріншіден, түпнұсқа материалдарға (кітаптар, бейнелер, фильмдер) қол жеткізу, екіншіден, тіл өкілдерімен қатысым жасау мүмкіндігі пайда болды. Үшіншіден, оқушылар ақпараттың өзгертілмеген бастапқы қалпына қысқа уақыт аралығында қол жеткізе алады. Сондай-ақ, интернет-ресурстар студентті ақпараттық мәдениет пен компьютерлік сауаттылыққа тәрбиелейді, ал оқу процесінің өзі пайдалы және қызықты болады.
Мақалада АББР тиімді қолдану арқылы білім алушылардың сабақта тілдік дағдыларын дамытуға, атап айтсақ ағылшын тілінде еркін сөйлеу дағдыларын қалыптастыру мүмкіндігі қарастырылады. Цифрлық технологияның дамуына байланысты оның бірқатар артықшылықтарын талғампаздықпен қолдана білу қазіргі жас ұрпақтан талап етілетін қасиет, яғни бұл жаппай интернет көзін мақсатсыз пайдаланудан алыс болу қажет деген ойды білдіреді. Əрбір ақпаратты сын тұрғысынан зерттеп, тиімділігін саралай білу шарт. Осы орайда интернет желісінде бүгінде орналастырылған түрлі АББР-ді қарастырып, оқушылардың ағылшын тілінде сөйлеу дағдыларын дамытудың келесі жолдарын ұсынамыз.
- YouTube арнасындағы видео көрсетілімдерді пайдалану;
- Тіл үйренуге арналған электрондық оқулықтар тізбегі;
- BBC News қосымшасы арқылы соңғы жаңалықтарды оқу;
- BBC News радиохабарын үнемі тыңдау;
Енді осы аталғандардың ағылшын тілінде оқушылардың сөйлеу дағдыларды дамытудың тиімді жолдарына жекелей тоқталып, олардың ерекшелігін айқындап өтсек.
YouTube арқылы видео көрсетілімдерді пайдалану әдісі. Clement есептеуінше, YouTube шамамен 2 миллиард қолданушысы бар әлемдегі ең ірі медиа алмасу сайты, ол 2005 жылы алғаш рет іске қосылды және 2006 жылы Google компаниясымен сатып алынған болатын [8]. Ағылшын тілін үйренуге арналған түрлі видеолар дереккөзі де осы YouTube арналарында орналастырылған. Ондағы барлық студенттер үшін әмбебап әрі еркін қол жетімді онлайн оқыту видеолары ашық білім беру ресурстары болып саналады. Бұл арналар арқылы білім алушылар тек кез келген тақырыпқа сай видео-сабақтарды көрумен ғана шектелмейді, сонымен қатар видеолар тізбегін жүргізетін оқытушылармен де кері байланысқа түсу мүмкіндігі бар. Мәселен, видео соңындағы комментарийлер арқылы көпшілік қауым өздерінің сұрақтарына жауап алуларына болады. Бұл білім алушыда пайда болған сұрақтарға қатысты мәселенің шешімі ретінде қарастырылады. Жалпы, YouTube арналары Mayer бойынша мультимедиялық оқытудың танымдық теориясына негізделген және есту мен көру мүмкіндіктерін қолдану арқылы тілді меңгеру үдерісін жеңілдетеді [8]. Mayora және Barbeau YouTube-тің мультимедиялық видеолары студенттерге көбірек хабардар болуға, мұғалім мен білім алушының арасындағы алшақтықты азайтуға және жазу қабілетін дамытуға қолайлы болатындығын анықтады. Сонымен қатар, аталмыш платформаның болуы студенттерге білім мен тәжірибе түрінде өз бетінше ақпарат іздеуге және онымен бөлісуге мүмкіндік береді.
Жалпы басқа оқу материалдарымен салыстырғанда сабақта қолданылатын аудиовизуалды материалдардың сипаттамасы ондағы дыбысталатын ақпарат пен визуалды кескіндердің үйлесімі болып табылады. Мультимедиялық оқыту теориясында Mayer «Адамдар үшін тек сөзден гөрі сөздер мен суреттерді пайдалану оқытуды тиімдірек етеді», – дейді [8].
Оқу материалдарымен бөлісетін веб-платформалардың көп болғанына қарамастан, YouTube білім беру мақсатындағы жасалған видеоларды қоғамға ұсынудың ең қол жетімді платформаларының бірі болып қала бермек [8]. Ондағы материалдарды қолданудың ағылшын тілінде оқушылардың сөйлеу дағдыларына қаншалықты әсер ететінін анықтау өзекті болып табылады. Ең алдымен ондағы ұсынылатын тілдерді оқуға қатысты видеолар тізбегін бірнеше топқа бөліп қарастырайық:
- Ақпараттық мазмұндағы видеолар (видео-сабақтар). Бұл көбінесе тіл өкілдерінің немесе өзге ағылшын тілін жетік меңгерген тұлғалардың түрлі тақырыпта ұсынатын видео-сабақтары, яғни ақпараттық мазмұндағы ұсынылатын видеолар тізбегі көп жағдайда грамматикалық, лексикалық дағдыларды дамытуға арналған сабақтарды құрайды. Онда оқушылар тек жаңа ақпаратпен танысып қана қоймай, сонымен қатар сол тақырыпқа сәйкес тапсырмаларды орындап, өзін қаншалықты ақпаратты меңгергенін тексеру мүмкіндігіне де ие болады. Мысал ретінде «Let’s Learn English!», «English lessons with Adam», «MMMEnglish», «Learn English with EnglishClass101.com» т.б. әлем бойынша айтарлықтай танымалдыққа ие YouTube каналдарын атауға болады. Əрбір каналдың ағылшын тілін үйретуде өзіндік ерекшеліктері бар.
Mario Rajas-Fernández жаппай ашық білім ресурстары аясында жүргізген зерттеу жұмысының нәтижесінде интернет желісінде қолданылатын білім беру форматтарының ішінде ең көп қолданылатыны видео-дәрістер болып анықталды (88,57 %). Аудиовизуалды материалдар түрінің дизайны негізінен мұғалімді тікелей камераға бағыттау арқылы экранда бейнелейтіндігімен сипатталады. Екінші орында телевизиялық мазмұндағы форматтар (13,8 %), яғни оған түрлі репортаждар, роликтер, сахналауды жатқызуға болады. Ал үшінші орында анимациялық формат (5 %) анықталды. Ондағы 2D және 3D анимация білім алушыларға ақпаратты бейне арқылы нақтылықпен жеткізуге мүмкіндік береді [9]. Жүргізілген зерттеу жұмысының нәтижесі видео-сабақ форматының басқа оқу форматтарына қарағанда біршама артықшылықтары барын дәлелдеп отыр.
Алайда аталмыш бейнероликтер жақсы ойластырылған, қысқа, нақты ұсынылған, ғылыми тұрғыдан дұрыс болған жағдайда ғана білім алушыларға тиімді болмақ [8]. Видео-сабақтардың сапалық жағы төменде берілетін комментарийлердің, сонымен қатар көрсетілім және «Like» белгісінің санымен де сараланады.
- Тақырыптық қысқа видеолар. Жоғарыда білім алушыларға сөздердің өзін ғана емес суреттермен бірге ұсынған кезде оқыту тиімдірек болуы мүмкін деп тұжырым көрсетілді. Алайда, «мультимедиа» термині визуалды (мысалы, фотосуреттер, диаграммалар, суреттер, графиктер, иллюстрациялар және әсіресе анимациялар мен бейнелер) және ауызша (айтылған сөздер/дыбыстар мен мәтіндер) ұсынылған көріністерді қамтиды [10].
Қысқа видеолар түрлі тақырыптарда түсіріледі. Онда оқушылар жаңа сөздер, сөз тіркестерімен танысып қана қоймай, ондағы орын алып жатқан оқиғаны да зерделейді, яғни тіл үйренумен қатар оқиға сюжетін де тамашалауға мүмкіндік алады. Бұл видеолардың қарапайым фильмдерден айырмашылығы әрбір видео ұзақтығы 5–10 мин аралығында және видеолар белгілі бір жағдаятқа (тақырыпқа) негізделеді. Мәселен «Hobbies», «Asking information on the phone», «Why do you have a headache?», «Where do you come from?», «Returning a shirt to the store» сияқты тақырыптарда түрлі оқиғаны адамдар арасындағы орын алған диалогты көрсету арқылы бейнелейді. Мысал ретінде «English Conversation» YouTube каналын қарастыруға болады. Ондағы ұсынылатын тақырыптар аясында ағылшын тілінде сөйлеуге қажет дейтін маңызды сөздерді үйренуге болады. Сол тақырыптардың бірі ретінде «How was your vacation?» атты қысқа видеоның мазмұнын ұсынамыз.
Unit 1 «How was your vacation?»
Speaker 1: Hey! How was your vacation?
Speaker 2: It was very fun.
Speaker 1: Where did you go?
Speaker 2: I went to the beach
Speaker 1: Who did you go with?
Speaker 2: I went with my father, mother and older sister.
Speaker 1: Do you have house at the beach?
Speaker 2: No, we stayed at a hotel.
Speaker 1: Which hotel did you stay at?
Speaker 2: It’s called the Imperial.
Speaker 1: Have you stayed there before?
Speaker 2: Yes, we’ve been going there for years.
Speaker 1: It must be very nice!
Speaker 2: Yes, it’s very nice and not too expensive.
Speaker 1: Did you play in the water?
Speaker 2: Yes, I went swimming and rowed the banana boat.
Speaker 1: How about your older sister?
Speaker 2: She does not like the water. She likes to sit on the beach and reads a book.
Speaker 1: What do your mother and father like to do?
Speaker 2: They like to eat in the restaurant.
Speaker 1: How long was your vacation?
Speaker 2: Three or four days.
Speaker 1: And will you go there again next year?
Speaker 2: Of course.
- Аудио-кітаптар. YouTube-тің әртүрлі арналары арқылы аудио-оқиғалар, аудио-кітаптарды тыңдау мүкіндігі бар. Қызықтыратын кітапты тауып алып тыңдау тұлғаның сөйлеу дағдысын дамытуға оң әсерін тигізеді. Экранда көрсетілген мәтінді оқып отырған адамның дауысы оқушылардың ағылшын тілінде сөйлеу әрекетіне ықпал ететін фонетикалық дағдыларды жақсартуға, сонымен қатар лексикалық дағдыларды дамытуға мүмкіндік береді. Тілдік дағдыларды дамытудан бөлек, оқушылар сол кітаптың мазмұнымен танысады. Аудио-оқиғаларды ұсынатын «Learn English Through Story», «Learn English Through Story For Free», «Dose of English», «Lovely English stories» т.б. каналдарын атап өтуге болады. Онда «Coco Chanel», «Madonna», «Martin Luther King», «Leonardo da Vinci» сияқты атақты адамдардың өмірдегі болған оқиғалары жайлы баяндалады. Аудио-кітаптарды ауызша тасымалдайтын «Audio libre library», «Steven Red Fox Garnett», «Learn English Free», «Do you want to be free?» т.б. каналдарды оқушыларға жиі пайдалану тиімді болмақ.
В.Ю. Баль, Е.Е. Гуткевичтің пікірі бойынша қазіргі аудиокітап жанрының стильдік ерекшеліктерін оқырманның дауысы, дыбыстық шу эффектілері және музыка құрайды. Олар жанрлық және стилистикалық ерекшеліктеріне сүйене отырып, редакциялық-баспа дайындығынан өткен аудиокітап сөзсіз баспа және сандық кітаптың аудио аналогына ғана емес, эстетикалық құндылығы бар өзіндік баспа өніміне айналады деп тұжырымдайды [11].
- TEDx Talks. Əлемге әйгілі YouTube каналдарының бірі болып саналатын TEDx Talks-тың пайдасы тек ағылшын тілін меңгеруде көмекші құрал ретінде ғана емес, ол сонымен қатар әртүрлі салаға қатысты адамдардың ғылыми жаңалығымен, тәжірибесімен танысу үшін таптырмас мүмкіндік. Бұл видеолардың мақсаты адамдардың басынан өткен түрлі оқиғаларын немесе тәжірибелерін көрсету арқылы тыңдаушылардың өз ісіне деген ынтасын арттыру болып табылады. Бұл әдіс сөйлеу дағдыларын шынайы өмірлік оқиға, тәжірибені ағылшын тілінде тыңдап, түсінумен дамытуды көздейді. «TEDx Talks» каналында тілді үйренуге қатысты «How language shapes the way we think», «The secrets of learning a new language», «Learning a language? Speak it like you’re playing a video game», «How to Talk like a native Speaker», «5 techniques to speak any language», «Breaking the language barrier», «How to learn languages effectively» атты тақырыптарда қызықты баяндамаларды тыңдауға болады. Аталмыш тақырыптағы баяндамаларды тыңдау арқылы тілдерді тиімді меңгеруге қатысты көп жаңа ақпаратты алу мүмкіндігі бар.
Бағдарламалар мен сұхбаттар. Көптеген зерттеушілердің тұжырымдамасына сай шетел тілдерін дамыту үшін, оның ішінде сөздік қорды молайту мақсатында шетел тілінде түрлі қысқа видеолар, толық метражды телевизиялық бағдарламалар және телешоуларды тамашалау білім алушылар үшін ұтымды әдіс болмақ [10]. Ағылшын тілінде жүргізілетін бағдарламалардың бірегейі тілдік дағдыларды дамытумен қатар, білім алушыларға түрлі эмоциялар мен көңіл-күй сыйлайды. Бағдарламалар арқылы өзге елдің ауыз-екі сөйлеу мәнері мен мәдениетін, сонымен қатар тіл өкілдерінің өзге де ерекшеліктерін тануға мүмкіндік бар. Бағдарламалардың түрлеріне сәйкес жаңа сөздер мен фразалар тізбегін меңгеруге болады. Ағылшын тілінде жүргізілетін бірқатар бағдарламалардың ішінде ең танымалы ретінде «TheEllenShow»- ды ұсынамыз. Аталмыш бағдарлама өзінің әзілдерімен ерекше. Онда Голливудтың түрлі атақты тұлғалары шақырылып, олармен әзіл негізіндегі сұхбаттар жүргізіледі. Осыған сәйкес тілдерді әзіл арқылы үйрену тиімді екенін атап өткен жөн. Сондай-ақ ағылшын тіліндегі бағдарламалардың келесі тізбегін ұсынамыз: «Late Show with Stephen Colbert», «Magician’s Got Talent» т.б.
Мотивациялық лекциялар. Ағылшындықтардың арасында елге танымал тұлғалардың қоғаммен бөліскен ақыл-кеңестерін оқушылар өздеріне мотивация алу үшін тыңдау мүмкіндігі бар. Бұл үшін оқушылардың тілді білу деңгейі орта немесе жоғары болуы қажет. Көп жағдайда ұсынылатын баяндама мазмұны күрделі болады. Алайда әрбір сөзді аударып отырудың еш қажеті жоқ. Видеолар деңгейге сәйкес көрілсе сөздікке үнемі үңілуге еш себеп болмайды. Онда көбінесе Steve Jobs, Oprah Winfrey, Jack Ma, Nick Vujicic сияқты атақты адамдардың өмір жолы мен ақыл-кеңестерін тыңдауға болады. Бұл лекциялар адамның жетістікке жетуіне талпындырады. Осы аталған тұлғалардың дәрістерін «Motivation ARK», «Motiversity», «SA E SPEECH», «English Speeches» т.б. YouTube каналдарынан тыңдауға болады.
Диалогтар. YouTube арқылы әртүрлі тақырыпта диалогтарды тыңдау мүмкіндігі түрлі жағдаяттарға байланысты қолданылатын сөздер, сөз тіркестерін анықтауға мүмкіндік береді.
Шетел тілдерін оқытуда сөйлеу дағдыларын дамыту мен қалыптастырудың тиімді құралдарының бірі диалог болып саналады. Осы орайда диалогтың бірқатар ерекшеліктерін атап өтуге болады. Мысалы, сөйлеудің қысқалығы; ым-ишара, іс-қимылдың, интонацияның қолданылуы; кітапта кездестіретін сөйлем құрылымдарының қатаң сақталмауы және сөйлемдердің әртүрлілігі; қарапайым сөйлемдердің басым болуы. Диалогтік қатысымға оқыту кезінде диалогтардың түрлерін барынша қолдану қажет және олармен жұмыс істеу формаларын өзгерту ұсынылады. Мысалы, диалог-әңгіме, диалог-драматизация, студенттер мен мұғалім арасындағы диалог, жұптық және топтық тілдесім. Диалогтік қатысымға оқытудың негізгі құралы ретінде жаттығулар қарастырылады. Оларды орындау барысында ақпарат сұрау, әңгімелесушінің ескертуіне барабар жауап беру, диалогтік сөйлеу мәнерін қолдану, диалог құру кезінде репликаларды біріктіру сияқты дағдылар қалыптасады. Ал монологтік қатысымға үйретуде тілдік автоматизмдер, яғни фонетикалық, лексикалық, грамматикалық материалдарды тез және қатесіз қолдану дағдылары қалыптасады. Сондай-ақ, сөйлеу барысында тиісті лексикалық және құрылымдық материалдарды қолдана отырып, белсенді сөйлеу дағдыларын дамытуға баса назар аударылады [12].
АББР арқылы диалогтық оқытудың ерекшелігі ақпаратты аудиовизуалды әдіс арқылы қабылдау мүмкіндігі. Қазіргі кезде интернет желісінде, әсіресе YouTube арналарындағы ұсынылатын диалогтардың барлығы арнайы анимациялық түрде немесе шынайы адамдардың қатысумен түрлі оқиғаларды баяндайды. Бұл диалогтағы болатын жағдаятты тыңдау мүмкіндігімен қатар, ондағы ақпаратты визуалды түрде қабылдауға жағдай жасайды. Ағылшын тіліндегі түрлі жағдаятқа байланысты жасалған диалогтар тобын «Easy English», «Boston English Centre», «English Speaking Course» сияқты YouTube каналдарынан көруге болады.
Жалпы жоғарыда ұсынылған каналдардың барлығын ағылшын тілінде сөйлеу дағдыларын дамыту үшін қолданудың тиімділігі зор. Мәселен ұзақ ағылшын тіліндегі сөйлесімді тыңдау оқушының бойында кейбір сөйлемдерді құрау қабілетін қалыптастырады. Ағылшын тілінде білім алушы өз ойын тиянақты құрылған сөйлемдер арқылы сауатты жеткізуге дағдыланады. Қазіргі ағылшын тілін оқыту тәжірибесінде грамматикалық дағдыларды қалыптастыру үшін және лексиканы меңгеру жолында көп жаттығулар орындалады, алайда ағылшын тілінде сөйлеуге келгенде біршама қиындықтар туындайтыны белгілі. Оның себебі үйретілген барлық грамматикалық және лексикалық құрылымдардың қолданылуы ауызша тілдесім арқылы тәжірибеде көптеп қолданылмағандықтан оқушының сөйлеу дағдысы жазбаша орындалған тапсырмалардан кейін айтарлықтай өзгеріске ұшырамайды.
Тіл үйренуге арналған түрлі электрондық оқулықтар. Doll мен Rehfnger тұжырымдамасына сәйкес бүгінгі таңда мұғалімдер үшін түрлі білім беру құралдарына оңай қол жетімділіктің болуына қарамастан, мектептегі оқыту үдерісінде қолданылатын оқулықтар әлі де сұранысқа ие. Көптеген зерттеулер нәтижелері мектептегі қолданылатын оқулықтар мұғалім үшін маңызды, сондай-ақ білім беру үдерісінде жоғары нәтижелерге жетуге көмектесетінін дәлелдеп отыр [13].
Ағылшын тілінде сөйлеу дағдыларын дамыту үшін көптеген отандық, жақын және шалғай шет елдердің авторлары ұсынған оқулықтарды қолданудың тиімділігі ондағы берілетін жаттығулар арқылы сөйлеуге қажетті дағдыларды дамытуға зор мүмкіндіктің болуында жатыр. Мәселен, қарапайым ағылшын тілінің оқулығын фонетикалық, грамматикалық, лексикалық тапсырмалар құрайды. Барлық тапсырмалар жиынтығы оқу, тыңдау, сөйлеу, жазу дағдыларын бірдей дамытуға арналған.
Қазіргі кезде «Macmillan», «Oxford University Press», «Cambridge University Press» сияқты атақты баспалардың ағылшын тілін оқуға арналған оқулықтарын білім алушылар пайдалануда.
BBC News жаңалықтары. Күнделікті ағылшын тілінде жаңалықтарды оқу білім алушылардың оқу дағдыларын ғана дамытып қоймай, сонымен қатар сөйлеу дағдыларын дамытуға да ықпал етеді. Жаңалықтарды ағылшын тілінде түсініп-оқу әлемдегі түрлі болып жатқан оқиғаларды білуге, қай салада болсын орын алып жатқан өзгешіліктер мен жаңашылдықтармен танысуға мүмкіндік береді. Аталмыш жаңалықтарды жиі оқу келешекте шетел университеттеріне оқуға түсуге немесе шетелде өмір сүру үшін қажетті арнайы тілді меңгеру деңгейін тексеруге мүмкіндік беретін емтихан IELTS-ты сәтті тапсыру үшін зор көмек болмақ.
BBC News хабарламалары. BBC News жаңалықтар тізбегі сөйлеу дағдыларын дамытуды жиі оқу арқылы жүзеге асырса, BBC News хабарламасы күнделікті 24 сағат жаңалықтар тобын тыңдау арқылы қалыптастыруға мүмкіндік береді. Тыңдау арқылы тұлғаның фонетикалық, лексикалық, грамматикалық дағдылары жақсара түседі. Масалимова, Пореску, Лиахнович жүргізген зерттеулер көрсеткендей, тыңдау басқа дағдыларға қарағанда басымдыққа ие болуы қажет, себебі ол басқа тілдік дағдыларды жетілдіруде аса маңызды рөл атқарады [14]. BBC қосымшасы жаңалықтардан бөлек Words in the News, 6 Minute English, Lingo Hack, The English We Speak, News Report, English at University сияқты бөлімдерді де оқуға мүмкіндік береді. Мұндағы күнделікті жаңалықтар технологиялар, тұрмыс, білім беру т.б. сияқты тақырыптарды құрайды. Бұл қосымша білім алушылардың сөздік қорын жақсартуға, сөйлеу, оқу, тыңдау дағдыларын дамытуға бағытталған [14].
Көптеген қосымшалар (мысалы, Dulingo, Memrise, Magoosh, Mosalingua және т.б.) ағылшын тілін үйрену саласында барлық негізгі тілдік дағдыларға баса назар аудара отырып жасалды. Hasan тұжырымдамасы бойынша тыңдау және сөйлеу дағдыларына дамытуға арналған подкасттар көптеген студенттер мен оқытушылардың қызығушылығын тудырады, өйткені бұл екі дағды да тілдік қатысым жасаудың негізгі құралы ретінде қарастырылды [14].
Сонымен АББР аясында оқушылардың ағылшын тілінде сөйлеу дағдыларын дамыту мақсатында кейбір құралдарды пайдалану келесі нәтижелерді береді:
- Ашық білім беру ресурстары ақпаратқа оңай қол жетімділікті қамтамасыз еткендіктен, оларды оқу мақсатында қолдану білім алушылардың пәнге деген қызығушылығы мен ынтасын арттырады;
- BBC News қосымшасы арқылы оқушылардың ағылшын тілінде сөйлеу дағдыларын дамыту ондағы ұсынылатын ақпарат аудиовизуалды қабылдау негізінде жүзеге асқандықтан, білім алушыға осы жолда бірқатар артықшылықтар береді;
- АББР аясында қолданылатын құралдардың көбісі аудиовизуалды қабылдауға бағытталғандықтан оларды пайдалану білім алушылардың аталмыш тілде еркін сөйлеу дағдыларын дамыту үдерісін біршама тездетеді және нәтижесі қысқа уақыт аралығында көріне бастайды;
- Ұзақ уақыт сөйлеу дағдыларын дамытуға бағытталған тапсырмаларды орындау арқылы оқушылардың бойында тілдік дағдылардың дамуымен қатар, көпшілік алдында өз ойын тиянақты әрі түсінікті жеткізу мен өзіне сенімділік сияқты қасиеттер қалыптасады.
Тұжырым
АББР бүгінгі таңда білім алушыларға білім алу ошағында немесе өздігінен білім алу барысында көмекші құрал болып табылады. Сапалы білім алуға қазір барлық мүмкіндіктер бар. Шетел тілін үйрену үшін аталмыш құралдардың маңызы жоғары, себебі шетел тілін меңгеру бүгінгі ақпараттандыру үрдісінің дамуы аясында тек қарапайым кітапты қолданумен шектелмеуі тиіс. Осы орайда бүгінгі қоғамда адам баласына кең мүмкіндіктерге жол ашатын ағылшын тілінде қатысым жасау дағдыларын дамытуға ашық білім беру ресурстарының ықпалын айқындау маңызға ие. Қазіргі кезде тілдерді үйренуге арналған білім беру ресурстарының саны көп. Алайда олардың барлығын дерлік қолдану жоғары нәтижені көрсете бермейді. АББР-дың көптігі білім алушыларға сапалы оқу материалдар көзін таңдауда біршама қиындықтар туғызады. Осы орайда, қазіргі қоғам ұсынылатын білім беру ресурстарына байланысты түрлі зерттеушілердің саралау жұмыстарына ерекше мұқтаж.
Себебі егжей-тегжейлі қарастырылған білім беру көздері қазіргі жас ұрпаққа сапалы білім алуға септігін тигізеді. Сонымен қатар, оқуға арналған АББР-дың көптігі білім алушылардың бойында ұсынылған білім беру материалдарын өз бетінше және сыни тұрғыда қарастырып, тек тиімдісін ғана таңдап алу қасиетін қалыптастыруды талап етеді. Қорытындылай келе, тілді үйренуге арналған кейбір ашық білім беру ресурстарының тиімділігі мен ерекшеліктеріне сәйкес және көптеген зерттеушілердің еңбегін саралау негізінде инновациялық мектеп оқушыларының ағылшын тілінде сөйлеу дағдыларын дамытудың жолдары анықталды. Ол ұстаздар қауымына сабақта тілге қатысты кейбір мәселелерді шешуге және өздігінен үйренушілерге көмекші құрал болатынына сенеміз.
- Бидайбеков Е.Ы. Білімді ақпараттандыру және оқыту мәселелері: оқулық / Е.Ы. Бидайбеков, В.В. Гриншкун, Г.Б. Камалова, Д.Н. Исабаева, Б.Ғ. Бостанов. — Алматы: 2014. — 15 б.
- Cristina, A. Developing Speaking with 21st Century Digital Tools in the English as a Foreign Language Classroom: New Literacies and Oral Skills in Primary Education / A. Cristina, Huertas-Abril. Aula Abierta, 2021. — Vol. 50. — No. 2. — P. 625–634. Retrieved from https://doi.org/10.17811/rifie.50.2.2021.625–634.
- Henry Yuh Anchunda. Instructional model development based on collaborative and communicative approaches to enhance lower secondary students’ English-speaking skills in Thailand. Kasetsart Journal of Social Sciences, 2021. — Vol. 42. — No. 2. — P. 278–292. Retrieved from https://so04.tci-thaijo.org/index.php/kjss/article/view/250923.
- Velychko V. Developing and Using Open Electronic Educational Resources in Educational Activities / V. Velychko, S. Omelchenko, I. Khyzhniak, I. Fedorenko. Journal of Physics: Conference Series, 2021. — Vol.1840. 012063. Retrieved from https://iopscience.iop.org/article/10.1088/1742–6596/1840/1/012063/meta.
- Toru Iiyoshi. Opening Up Education The Collective Advancement of Education through Open Technology, Open Content, and Open Knowledge. London: The MIT Press, 2008. Retrieved from http://mitp-content server.mit.edu:18180/books/content /sectbyfn? collid=books_pres_0&fn=9780262515016_pre_0001.pdf&id=7641.
- Институт ЮНЕСКО по информационным технологиям в образовании. СНГ на пути к образовательным ресурсам. Аналитический обзор [Электронный ресурс] ЮНЕСКО. — 2011. — 25 с. — Режим доступа: https://iite.unesco.org/pics/ publications/ru/files/3214683.pdf.
- Bissell A.N. Permission granted: open licensing for educational resources / A.N. Bissell. Journal of Open, Distance and eLearning, 2009. — Vol.24, 1. Retrieved from https://www.tandfonline.com/doi/pdf/10.1080/02680510802627886? needAccess=true.
- Rahman, NA, Ng HJH, Rajaratnam, V.(2021). Big Data Analysis of a Dedicated YouTube Channel as an Open Educational Resource in Hand Surgery. Frontiers in Applied Mathematics and Statistics, Vol.7:593205. — Retrieved from: 10.3389/fams.2021.593205.
- Rajas-Fernández M. Knowledge in Images and Sounds: Informative, Narrative and Aesthetic Analysis of the Video for MOOC / M. Rajas-Fernández, M. Gértrudix-Barrio, M. Baños-González. Publications, 2021. — Vol. 9, — 32. Retrieved from https://www.mdpi.com/2304–6775/9/3/32/htm.
- Elke Peters. The effect of imagery and on-screen text on foreign language vocabulary learning from audio-visual input / Elke Peters. TESOL Quarterly, 2019. — Vol. 53. — 1. Retrieved from 10.1002/tesq.531.
- Баль В.Ю. Жанрово-стилистические особенности современной аудиокниги [Электронный ресурс] / В.Ю. Баль, Е.Е. Гуткевич. — 2021. — Режим доступа: 10.17223/23062061/25/9.
- Сенькова Т.А. Методика формирования речевых навыков и основные принципы обучения говорению на иностранном языке [Электронный ресурс] / Т.А. Сенькова // Тр. БГТУ. История, философия, филология. — 2014. — № 5. — Режим доступа: https://cyberleninka.ru/article/n/zhanrovo-stilisticheskie-osobennosti-sovremennoy-audioknigi.
- Susanne Seifert. Is Reading Comprehension Taken for Granted? An Analysis of Austrian Textbooks in Fourth and Sixth Grade. Technology, Knowledge and Learning, 2019. — Vol. 26:383–405. Retrieved from https://doi.org/10.1007/s10758–021– 09490-w.
- Samaneh Abdi, Hossein Makiabadi. (2019). Learning English listening and speaking through BBC VOA podcasts: an app review. Teaching English with Technology, Vol.19, 2. Retrieved from https://www.researchgate.net/publication/332726803_ Learn- ing_English_listening_and_speaking_through_BBC_VOA_podcasts_An_app_review.