Авторлар білім беру жүйесін цифрлық трансформациялаудың және бастауыш сынып оқушыларына шетел тілін үйрету үшін сапалы цифрлық контентті жасаудың өзекті мәселелерін зерттейді. Мақалада Macromedia Flash бағдарламасы негізінде жасалған оқушыларға арналған интерактивті тапсырмалардың авторлық жинағының үзіндісі келтірілген. Осы интерактивті жинақ бастауыш білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты және бастауыш білім берудің үлгілік оқу жоспары (жаңартылған мазмұн) негізінде жасалған. Аталмыш авторлық интерактивті тапсырмалардың жинағының өзектілігі — шетел тілдерін білу заманауи әлемнің ажырамас бөлігі болуымен түсіндіріледі. Бүгінгі таңда білім берудің барлық деңгейлерінде шетел тіліндегі коммуникативтік және цифрлық құзыреттіліктерді қалыптастыру педагогикадағы өзекті зерттеу нысаны болып табылады. Интерактивті жинақ жалпы білім беретін мектеп қызметкерлеріне, сондай-ақ бастауыш сынып оқушыларына, ағылшын тілі мамандықтары бойынша оқитын жоғары және орта арнаулы оқу орындарының студенттеріне арналған. Интерактивті тапсырмалар жинағын негізгі ағылшын тілі сабақтарында да, қосымша сабақтарда да қолдануға болады. Бұл интерактивті жинақ кіші мектеп жасындағы балаларды оқытуға қойылатын барлық заманауи талаптарға жауап береді және 6–7 жастағы балалардың ағылшын тіліндегі коммуникативті құзыреттіліктерін дамытып, сонымен қатар заманауи білім берудің ажырамас бөлігі болып табылатын цифрлық құзыреттіліктерді дамытады.
Кіріспе
Қазіргі уақытта қарқынды дамып келе жатқан жаһандану процесі әлемдік бәсекелестікті күшейтуде. Бүгінде елдердің бір-бірінен салыстырмалы артықшылығы, бәсекеге қабілеттілігі инновациялық, ақпараттық-технологиялық күштермен және адами капиталмен айқындалады. Бұл туралы Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында білім беру жүйесінің міндеттері — жеке тұлғаны қалыптастыру, дамыту және ғылым мен практика жетістіктері негізінде сапалы білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау, оқытудың, оның ішінде қашықтықтан оқытудың жаңа технологияларын дамыту және тиімді пайдалану делінген [1].
Қазақстанның Болон процесіне кіруі, әлемнің түрлі елдерінің жаһандану және экономикалық ықпалдасу процесі, педагогикалық теориялардың, тұжырымдамалардың және педагогикалық тәжірибені іс жүзінде іске асыру жолдарының өзара тәуелді дамуы, сондай-ақ қазақстандық білім де бір бөлігі болып табылатын әлемдік білім беру кеңістігінде цифрлық технологияларды енгізу шетелдік және қазақстандық педагогикалық ғылымда өзекті болып табылатын білім берудің жаңа моделіне ауқымды көшуге алып келді.
Бүгінгі таңда COVID-19 пандемиясы 190-нан астам елде және барлық континенттерде 1,6 миллиардқа жуық оқушыға әсер еткен білім беру жүйесінің жұмысындағы ең үлкен сәтсіздікке әкелді. Мектептер мен басқа да білім беру мекемелерінің жабылуы әлемдік оқушылар контингентінің 94 пайызын құрады, ал табысы төмен және орташа табысы төмен елдерде бұл көрсеткіш 99 пайызды құрайды.
Алайда, дағдарыс білім беру саласындағы инновацияны ынталандырғанын атап өткен жөн. Оқыту мен кәсіби даярлықтың үздіксіздігін қамтамасыз ету үшін радио және телетрансляциялардан бастап үйде зерделеу үшін материалдар жиынтығын ұсынуға дейінгі жаңашыл тәсілдер қолданылады. Бүкіл әлемдегі үкіметтер мен серіктестер, соның ішінде ЮНЕСКО қамқорлығындағы жаһандық білім беру коалициясы аясында үздіксіз оқу процесін ұйымдастыру үшін қабылданған жедел әрекет ету шараларының арқасында қашықтықтан оқыту шешімдері қабылданып, жүзеге асырылды.
Білім беруді цифрландыру білім беру бағдарламаларының қоғам мен еңбек нарығының өзгеріп отыратын қажеттіліктеріне тез бейімделуіне ықпал ететіні құпия емес, сондай–ақ, аталмыш процесс мұғалімдерге де жоғары талаптар қояды, атап айтқанда оқытудың әдістері мен тәсілдерін үнемі жетілдіріп, жаңа педагогикалық технологияларды меңгерулерін талап етеді.
Ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуын және соның салдарынан оқыту процестерінің күрделенуін ескере отырып, оқушылардың бастауыш мектептен бастап аталмыш технологиялармен танысуы, яғни электронды оқулықтар, интерактивті оқу материалдары және т.б. сияқты цифрлық білім беру ресурстарын белсенді қолдануды үйренуі шарт. Ақпараттық технологиялар саласындағы зерттеулерінде Б.Г. Ананьев, А.Н. Леонтьев, А.А. Бодалев сияқты ғалым-зерттеушілер қарым- қатынас және қызмет теориясына, Ю.А. Бабанский, М.А. Данилов бірыңғай педагогикалық процесс теориясына, В.А. Сластенин, Л.С. Подымова инновациялық педагогикалық қызмет теориясына, А.М. Матюшкин, М.И. Махмутов, В. Оконь проблемалық оқыту теориясына және ақпараттық оқытудағы жеке даму ерекшеліктеріне негізделген.
Пандемия жағдайында онлайн оқыту форматына көшу отандық білім беру жүйесі үшін үлкен сынақ болды. Техникалық проблемалар, электронды оқулықтар мен интерактивті оқу материалдарының болмауы оқушылардың үйде білім алуын ұйымдастырудағы қиындықтарды ғана емес, жалпы білім беру сапасының нашарлауына әкелді. Пандемия онлайн білім беру сапасын жақсарту уақыты келгенін, оны сапалы электронды оқулықтарсыз, онлайн форматтағы дидактикалық материалдарсыз, сондай-ақ интерактивті оқу материалдарынсыз жасау мүмкін еместігін айқын көрсетті.
Негізгі бөлім
Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында: «Коронавирус пандемиясына байланысты әлемдегі оқушылар мен студенттердің басым көпшілігі қашықтықтан оқытуға көшті. Бұл білім беру үдерісінің мүлдем басқа стилі мен мазмұнын талап етеді. Болашақта мұндай дағдарыстар қайталануы мүмкін. Қашықтықтан оқыту мәселесін заңнамалық, сондай-ақ әдіснамалық, ұйымдастырушылық деңгейлерде де жедел түрде реттеу қажет» — деген [1: 2].
Сондықтан, бастауыш мектептің оқу-тәрбие үрдісінде оқушылардың білімін заманауи цифрлық технологияларды, компьютерлік технологияларды, электронды оқулықтарды, интерактивті құралдарды, сондай-ақ оқытудың мобильді технологияларын пайдалана отырып, жетілдіру көзделуі тиіс [2].
«Қашықтықтан оқытуға көшу кезіндегі ең маңызды құралдардың бірі — электрондық оқулықтар болып табылады», – деп жалғастырды мемлекет басшысы [1: 3].
Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, біз Macromedia Flash бағдарламасы негізінде 1-сынып оқушыларына арналған ағылшын тіліндегі интерактивті тапсырмалардың жиынтығын құрастырдық (сурет 1).
Аталмыш интерактивті тапсырмалар жинағын жасай отырып, біз бірнеше міндеттерді алдымызға қойдық, атап айтқанда:
- ақпаратты есте сақтау (кодтау) тәсілдерін игеру арқылы балалардың есте сақтау көлемін арттыру;
- өз бетінше шешу дағдылары мен біліктерін, ауызша сөйлеудегі қарапайым — коммуникативтік–танымдық міндеттерді қалыптастыру;
- заманауи цифрлық технологияларды пайдалана отырып, оқушылардың білімін жетілдіру;
- ағылшын тілінің көмегімен баланың қоршаған әлем туралы және тіл туралы таным мен түсініктерін кеңейту;
- балалардың қабылдауын, зейінін, тілдік жадын, қиялын, интуитивті және логикалық ойлауын, қолдың ұсақ моторикасын дамыту;
- балалардың жаңа тілді үйренуге деген тұрақты қызығушылығын тәрбиелеу;
- мектеп жасына дейінгі балалардың басқа мәдениет әлеміне енуге деген ынтасы мен қабілетін, басқа ұлт адамдарына деген толерантты көзқарасын тәрбиелеу [3: 5].
Өз жұмысына қызығушылық танытқан әр мұғалім балаларға лексикалық қорды кеңейтуге, ауызекі тілдесімді естіп, түсінуге ғана емес, сонымен бірге сөйлесуге, яғни шағын сипаттамалық және танымдық әңгімелер құруға, қарым-қатынастың табиғи жағдайында бір-бірімен сөйлесуге көмектесетін тиімді және нәтижелі оқыту тәсілдерін тапқысы келетіні белгілі [4: 65].
Сондай-ақ заманауи білім берудің маңызды құрамдас бөлігі ақпараттық технологияларды пайдалану болып табылады. Бұл факторды біз интерактивті тапсырмалар жиынтығын құрастыру кезінде де ескердік.
Зерттеу нәтижелері
1-сынып оқушыларына арналған интерактивті тапсырмалар жинағының мазмұны «Коммуникация» білім беру саласына негізделген. Негізгі іс–әрекет түрі — ағылшын тілі. Бағдарлама жылына 18 сағаттық оқуға есептелген. Бір жыл ішінде балаларға мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына сәйкес тақырыптар бойынша лексикалық және грамматикалық материалды оқып-үйрену және бекітуге бағытталған сабақтар жүргізіледі [2].
Осы интерактивті тапсырмалар жинағын бастауыш сыныптардың ағылшын тілі мұғалімдері негізгі сабақтар үшін де, элективті сабақтар үшін де қолдана алады. Жинақ Macromedia Flash бағдарламасы негізінде жасалған. Бұл жинақтың интерфейсі өте жарқын, бұл біздің ойымызша балалардың назарын аулауға себебін тигізеді. Интерактивті тапсырмалар жинағының басты кейіпкері оқушылардың ынтасы мен қызығушылығын арттыру мақсатында мультипликациялық кейіпкер болып табылады. Интерактивті ойындардың көмегімен оқушының АКТ-құзыреттілігі артады, сондай-ақ өткен материалды ойын түрінде бекіту жүргізіледі. Бұл интерактивті жинақты іске қосу үшін Интернетке қосылудың қажеті жоқ, әр оқушы кез келген гаджеттен осы интерактивті жинақты оңай іске қоса алады. Қазіргі уақытта Интернет жылдамдығы проблемасы елдің шалғай өңірлері үшін өзекті болып қалуда және кейбір қазақстандық білім беру ұйымдары Интернеттің төмен жылдамдығынан, цифрлық инфрақұрылымның жетіспеушілігінен немесе сәйкессіздігінен қиындықтарды бастан кешуде. Сондықтан, біз Интернетке қол жеткізусіз пайдалануға болатын интерактивті оқу материалын құру туралы шешім қабылдадық [5].
Жаңа тақырыптарды зерттеуге және өткен материалды бекітуге арналған тапсырмалар толығымен қамтылған. «Есеп» және «Түстер» тақырыптары жыл бойы бағдарламаның негізгі тақырыптарымен қатар оқытылады. Әр тақырыпта логикалық ойлауды, есте сақтауды, зейінді, қолдың ұсақ моторикасын дамытуға арналған тапсырмалар бар. Сондай-ақ өлеңдер, жаңылтпаштар, жұмбақтар мен сөздер де беріледі.
Өткен лексикалық материалды жандандыру, шоғырландыру және баланың ағылшын тіліндегі сөйлеуін дамыту үшін суреттермен әңгімелер мен мнемотаблицалар құрастырылды. Сабақ барысында балалар сұрақтарға жауап береді және суреттерді үш тілде сипаттайды. Интерактиті тапсырмалар жиынтығы оқылатын тілге деген қызығушылықты арттыру үшін және зейінді шоғырландыру үшін түрлі-түсті безендірілген.
Интерактивті жаттығулар жинағының басты кейіпкері — Даша саяхатшы, балаларға анимациялық сериялдан жақсы танымал кейіпкер (сурет 2).
153
Бұл анимациялық сериялдың кейіпкері ағылшын, орыс және қазақ тілдерінде сөйлейді, бұл біздің ойымызша, балалардың тек ағылшын тілін ғана емес, ана тілін (қазақ немесе орыс тілін) үйренуге деген қызығушылығын арттырады [6]. Осы мақсатта интерактивті тапсырмалар жиынтығындағы барлық тапсырмалар үш тілде берілген. Интерактивті тапсырмалар жиынтығы Интернетке қосылусыз, кез келген гаджеттен іске қосылады.
Интерактивті тапсырмалар жиынтығын пайдаланғаннан кейін біз мына нәтижелерді күтеміз:
- мектеп жасына дейінгі бала педагогтің ағылшын тілінде бір рет айтқан сөйлемін түсіне алады;
- педагогтің ағылшын тілінде қолжетімді өтініштерін орындау; ағылшын тілінде қысқа фразаларды айту және белсенді сөздіктің 100–120 сөзін, пассивті сөздіктің 90–110 сөзін білу және зат есімдерді жекеше және көпше түрде қолдана білу;
- тілдесімде «I’ve got…», «I haven’t got…», «I can…», «I can’t…», «I like…», «I don’t like…» сияқты конструкцияларды қолдану; сондай–ақ, «Yes, I have», «No, I haven’t», «Yes, I can», «No, I can’t», «Yes, I do», «No, I don’t» қысқа жауаптарын қолдану.
- жеке, индикативті, иелік етуші, белгісіз және сұраулы есімдіктерін қолдану;
- 10–ға дейін реттік сандарды қолдану;
- мнемотаблицалардың, әңгіме–шарттардың көмегімен шағын сипаттамалық әңгімелер құрастыру;
- ата-аналармен бірге ұсынылған тақырыптар бойынша үй тапсырмасын орындау;
- Macromedia Flash компьютерлік бағдарламасын қолдану және интерактивті тапсырмаларды орындау.
Қорытынды
Білім беруді цифрлық трансформациялау жағдайында бастауыш сынып оқушыларына шетел тілдерін оқыту процесі оқушылардың жас, рухани, адамгершілік және психологиялық– педагогикалық ерекшеліктерін ескеретін сапалы цифрлық контентсіз мүмкін емес. 1-сынып оқушыларының цифрлық және шетел тіліндегі коммуникативтік құзыреттілігін қалыптастыру үшін құрылған авторлық интерактивті тапсырмалар жиынтығы олардың білімінің, сондай-ақ тиісті саладағы цифрлық және коммуникативтік дағдыларының өсуін қамтамасыз ете отырып, өзінің тиімділігін дәлелдеді. Оқу аяқталғаннан кейін оқушылар эксперименттік топ балаларының ағылшын тілі білімінің қалыптасу деңгейінің сапалық және сандық көрсеткіштерін тұрақты жақсарып, олардың ағылшын тілін үйренуге деген ынтасын арттыруға және оқыту процесінде АКТ-ны пайдалану дағдыларындағы оң өзгерістерге қол жеткіздік.
Қорытындылай келе, теориялық және практикалық зерттеулердің нәтижесінде біз 6–7 жастағы балалардың педагогикалық және психологиялық талаптарына толық жауап беретін интерактивті тапсырмалар жинағын жасадық. Интерактивті тапсырмалар жинағы 1-сынып оқушыларының коммуникативтік құзыреттілігін, шетел тілін үйренуге тұрақты қызығушылығын қалыптастыруға, сондай-ақ оқушылардың цифрлық құзыреттілігін арттыруға көмектеседі. Бұл жинақ жас мамандардың болашақ жоспарларын құрастыруда және жалпы білім беретін мектепте 6–7 жастағы балаларға ағылшын тілін оқытуда қосымша және негізгі құрал болып табылады.
Әдебиеттер тізімі
- Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020–2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын бекіту туралы [Электрондық ресурс]. — Қолжетімділік тәртібі: https://adilet.zan.kz/kaz/docs/P1900001045.
- Бастауыш білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты [Электрондық ресурс]. — Қолжетімділік тәртібі: https://online.zakon.kz/Document/? doc_id=36966825.
- Жетписбаева Б.А. «От идеи «триединство языков» Н.А.Назарбаева до полиязычного образования в Казахстане» / Б.А. Жетписбаева, О.Т. Аринова // Вестн. Караганд. ун-та. Сер. Педагогика. — 2012. — Вып. 4 (68). — С. 19–25.
- «Білім беру объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» [Электрондық ресурс]. — Қолжетімділік тәртібі: https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V1700015681.
- Қазақстан Республикасындағы бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім берудің үлгілік оқу жоспарларын бекіту туралы [Электрондық ресурс]. — Қолжетімділік тәртібі: https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V1200008170.
- 2020–2021 оқу жылында Қазақстан Республикасының білім беру ұйымдарында оқу процесін ұйымдастырудың ерекшеліктері туралы [Электрондық ресурс]. — Қолжетімділік тәртібі: https://drive.google.com/file/d/1Tm25cdU- 5hepf5zncJHoiFlR7znK3jEH/view.