Другие статьи

Цель нашей работы - изучение аминокислотного и минерального состава травы чертополоха поникшего
2010

Слово «этика» произошло от греческого «ethos», что в переводе означает обычай, нрав. Нравы и обычаи наших предков и составляли их нравственность, общепринятые нормы поведения.
2010

Артериальная гипертензия (АГ) является важнейшей медико-социальной проблемой. У 30% взрослого населения развитых стран мира определяется повышенный уровень артериального давления (АД) и у 12-15 % - наблюдается стойкая артериальная гипертензия
2010

Целью нашего исследования явилось определение эффективности применения препарата «Гинолакт» для лечения ВД у беременных.
2010

Целью нашего исследования явилось изучение эффективности и безопасности препарата лазолван 30мг у амбулаторных больных с ХОБЛ.
2010

Деформирующий остеоартроз (ДОА) в настоящее время является наиболее распространенным дегенеративно-дистрофическим заболеванием суставов, которым страдают не менее 20% населения земного шара.
2010

Целью работы явилась оценка анальгетической эффективности препарата Кетанов (кеторолак трометамин), у хирургических больных в послеоперационном периоде и возможности уменьшения использования наркотических анальгетиков.
2010

Для более объективного подтверждения мембранно-стабилизирующего влияния карбамезапина и ламиктала нами оценивались перекисная и механическая стойкости эритроцитов у больных эпилепсией
2010

Нами было проведено клинико-нейропсихологическое обследование 250 больных с ХИСФ (работающих в фосфорном производстве Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции)
2010


C использованием разработанных алгоритмов и моделей был произведен анализ ситуации в системе здравоохранения биогеохимической провинции. Рассчитаны интегрированные показатели здоровья
2010

Специфические особенности Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции связаны с производством фосфорных минеральных удобрений.
2010

«Тұлпардың ізі» фильмінің сценарийіндегі көркемдік детальдің рөлі

Мақалада 1964 жылы экранға шыққан «Тұлпардың ізі» фильмі (режиссері: Мəжит Бегалин) мен əдеби сценарийіндегі (авторы: Əкім Тарази) маңызды көркемдік детальдардың бірі — арқанның драматургиялық қызметі қарастырылған. Автор архив құжаттарына сүйене отырып, əдеби сценарийдің барлық нұсқасындағы («Жанарымда — Шолпан жұлдыз», «Жазира», «Тұлпар»), сондай- ақ режиссерлік сценарий мен фильмдегі арқанмен байланысты эпизодтарды сараптаған. Сонымен бірге, «Тұлпардың ізі» фильмінің режиссерлік сценарийіне қатысты «Қазақфильм» киностудиясының сценарий бөлімі мен көркемдік кеңесінде өткен талқылаулардан үзінділер келтірілген. Мақалада арқанның көркемдік деталь ретінде сценарий мен фильм оқиғасының өрбуіне, кейіпкерлер бейнесінің тереңірек ашылуына, олардың ішкі психологиялық күйін сезінуге тигізетін ықпалы дəлелденген. Сонымен қатар арқанның əдеби сценарий мен фильмде фабулалық, психологиялық, мазмұндық деталь ретіндегі драматургиялық қызметі айқындалған.

Кіріспе

«Тұлпардың ізі» (1964, сценарий авторы: Əкім Тарази, режиссері: Мəжит Бегалин) — қазақ киносының классикалық шығармаларының бірі. Қарапайым шопан отбасының өмірі туралы түсірілген бұл психологиялық драмадағы басты кейіпкерлердің бейнесін қазақ киносы мен театрының белгілі шеберлері Кəукен Кенжетаев, Хадиша Бөкеева, Фарида Шəріпова, Асанəлі Əшімовтер сомдайды. «Тұлпардың ізі» — кинематографиялық стилі, формасы, жанры, кейіпкерлерінің бейнесі ең алдымен əдеби сценарийінің негізінде дүниеге келген фильм. Жалпы сценарий авторы мен режиссердің ой-толғамдары, мүддесі, ниеті, идеясы үндестік тапқанда ғана талантты фильм дүниеге келері анық. Əлбетте бұл фильмді осындай шығармалардың қатарынан екенін айтуымыз керек.

Жалпы өнер мен əдебиеттің кез келген шығармасында көркемдік детальдің драматургиялық маңызы өте зор. Бұл қазақ киносы, оның ішінде «Тұлпардың ізі» фильмі мен сценарийіне де қатысты. Фильм мен əдеби сценарийінің барлық нұсқасының («Жанарымда — Шолпан жұлдыз», «Жазира», «Тұлпар») драматургиясында маңызды рөл атқаратын негізгі үш көркемдік деталь бар. Олар: Жазираның (фильмде — Жаухаздың) анасының фотосуреті, радиоқабылдағыш жəне арқан. Сценарий мен фильмнің композициялық құрылымында, фабуласында, мазмұнында, оқиғалардың дамуында, кейіпкерлер бейнесінің, идеясы мен тақырыбының ашылуында бұл детальдардың рөлі өте зор. Сценарийге əрбір өзгеріс енген сайын жоғарыда аталған көркемдік детальдардың, оның ішінде арқанның драматургиялық қызметіне мəн берудің қажеттілігі туындайды. Мақаламызда əдеби сценарийдің барлық нұсқасы мен фильмдегі маңызды детальдардың бірі — арқанға тоқталуды жөн көрдік.

Зерттеу деректері

Əдебиеттану терминдері сөздігінде (құрастырушысы: С.П. Белокурова, 2005) былай делінген: «Көркемдік деталь — автордың ерекше назар аударатын көркем бейненің элементі, шығармада ол мазмұндық, эмоциялық тұрғыдан айтарлықтай қызмет атқарады» [1]. Ал 2006 жылы жарық көрген «Əдебиеттану. Терминдер сөздігі» жинағында (құрастырушылары: Зəки Ахметов, Тұрдықұл Шаңбай) көркемдік детальды «бөлшек», «бедер-белгі» деп қарастырады жəне оған былай деп анықтама береді: «Мағыналық, көркемдік мəні бар ұсақ ерекшелік, сөз болып отырған нəрсенің жекелеген сипат- белгілері. К. д-дар қолдану егжей-тегжейлікке елігіп, майда-шүйдені жіпке тізгендей тере беру емес, ол əншейінде оп-оңай көзге түсе бермейтін өзгешеліктерді байқағыштықтан, көрегендіктен туындайды, сондықтан ол өмір құбылысының, əр түрлі нəрсенің ерекшелігін, сондай-ақ адамның бойындағы қандай да бір қасиет сипатты дəл тауып, бейнелеп беру шеберлігін танытады» делінген [2; 195].

Ал кинематография шығармаларындағы көркемдік детальдың маңызы қандай? Жекелеген бөлшектер, бедер-белгілер, яғни көркемдік детальдар фильм кейіпкері бейнесінің, тақырып пен идеясының ашуылуына, мазмұнына, т.б. ықпалы бар ма? Жалпы «деталь» сөзінің өзі француздың «detail» сөзінен шыққан, «егжей-тегжей», «ұсақ-түйек» деген мағынаны білдіреді. Детальсыз бірде бір фильмнің кадры кездеспейді. Əрбір кадр детальдарға толы. Алайда олардың арасындағы ең маңыздысын қалай анықтауға болады? Белгілі кинодраматург Л.Н. Нехорошев «Драматургия фильма» атты еңбегінде кинодағы деталь ұғымына былай деп анықтама береді: «Деталь — бұл фильм авторларының көрермен назарын ерекше аудартатын белгілі бір зат немесе заттың (адам денесінің) бір бөлігі (бөлшегі)» [3; 31]. Сондай-ақ, ол детальдың фабулалық, мазмұндық, психологиялық, метафоралық, символдық, аллегориялық, бүтінді жеке бөлшегі арқылы көрсету секілді бірнеше драматургиялық қызметін атайды [3; 32]. Сонымен бірге бір ғана детальдың кейде бірнеше драматургиялық қызметі болуы мүмкін дейді.

Ал белгілі режиссер, сценарист Александр Митта өзінің «Кино между адом и раем. Кино по Эйзенштейну, Чехову, Шекспиру, Куросаве, Феллини, Хичкоку, Тарковскому» атты еңбегінде детальға қатысты «Энергия деталей» атты үлкен тарау арнайды. Осы тарауда ол кинодағы детальдың көптеген маңызды қырына назар аударады. А. Миттаның айтуынша: «Оқиғаның өрбуінде детальдардың өз орны болуы керек. Дұрысы, оларға актерлердің кəдуілгі əріптесі (партнері) деп қараған жөн. Детальдар өздігінен қозғалысқа түсіп, сөйлей алмайтын болғандықтан, олардың оқиға барысына ену (немесе араласу деуге де болады. — Н.М.) логикасын аса бақылаған жөн» [4; 31].

Олай болса, деталь — бұл жəй ғана ұсақ-түйек немесе белгілі бір зат, иə болмаса сол заттың бөлшегі ғана емес екенін көріп отырмыз. Егер деталь фильмнің композициялық құрылымында аса шеберлікпен қолданылса, онда ол тек тақырып пен идеяның ғана емес, кейіпкер бейнесінің ашылуына да тамаша қызмет етері сөзсіз. «Кейіпкердің мінезіндегі, кескін-келбетіндегі, іс-əрекеті мен сөйлеу мəнеріндегі немесе шығарманың сюжеттік желісіндегі, композициялық құрылысындағы жекелеген ерекшеліктер немесе суреттеменің, баяндаудың дəлдігін, нақтылығын арттыра түсетін əр түрлі бояу-нақыштар — міне, осылардың қай-қайсысын да К. д. (көркемдік деталь — Н.М.) ретінде алып қарауға болады», — дейді сөздікте [2; 195]. Ал Александр Миттаның айтуынша: «деталь сөз əрекетін күшейте түседі...», «фильмдегі деталь — кейіпкердің іс-əрекетінің құралы», «фильм оқиғасының өрбуіне ықпалы зор», «көрерменнің оқиға барысына деген қызығушылығын тудыратын қасиеті бар» [4; 352–353]. Яғни, барлық автордың пікірінше — деталь шығарманың құрылымында өте маңызды рөл атқарады.

Осы орайда мақаламызда қазақ киносының классикалық шығармаларының бірі — «Тұлпардың ізі» фильміндегі маңызды көркемдік детальдардың, оның ішінде арқанның драматургиялық қызметін қарастырғанды жөн көрдік. Мақала тақырыбын зерттеу барысында Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архивінің материалдарына жүгіндік.

Негізгі бөлім

Арқан — «Тұлпардың ізі» фильмінің де, əдеби сценарийінің де драматургиялық серіппесін ұстап тұрған өте маңызды əрі басты көркемдік деталь. Тұрар мен Танабай арасындағы арқанға қатысты оқиға — сценарийдегі, фильмдегі көркемдік тартыстың негізіне, кейіпкерлер ара-қатынасының шиеленісіне арқау болған, кейіпкерлердің болмысын айғақтайтын басты көрініс. Əрі сценарий мен фильм оқиғасының шиеленісіп барып, шарықтау шегіне, көркемдік шешіміне алып баратын негізгі эпизод. Себебі сол күнгі көріністен кейін өрбитін оқиғалар, кейіпкерлердің іс-əрекеті мен қойшы отбасының ішкі атмосферасы арқанның қалай үзілгеніне, кімнің үзгеніне байланысты еді. Ең бастысы, арқанмен болған оқиға — арқыраған боранды күні айнала əппақ жапан түзде жанындағы серігін жалғыз қалдырып кеткен Тұрардың қорқау болмысы (тіпті сатқындық əрекеті) əшкереленетін жəне Жаухаздың үйден кетуіне себеп болған ең бір маңызды сəт. Алдымен үйге жалғыз оралған Тұрарға қатысты Жаухаздың білінер-білінбес күдігі, арқанды тауып алатын сəттегі қатты ашуланатыны, оның соңы Тұрардың қорқаулығына деген ашу-ызасы мен оған ашық қарсы тұруы (іскірт үстіндегі көрініс), сонан соң əрине мүлдем түңілуі, Тұрардан кетуі осы арқанмен тығыз байланысты.

«Қазақфильм» киностудиясының көркемдік кеңесінде немесе сценарлық бөлімінде əдеби жəне режиссерлік сценарийді талқылағанда ылғи да аса назар аударылғаны — арқанды кімнің үзгені болды. «Жанарымда — Шолпан жұлдыздан» бастап (түпнұсқада «Вижу Венеру» деп аталады), əдеби сценарийдің келесі екі нұсқасын («Жазира-2», «Тұлпар») талқылағанда да осы жағдай қайталанып отырды.

1963 жылдың 29 маусым күні (29.06.1963) «Қазақфильм» киностудиясының көркемдік кеңесінің мəжілісінде «Тұлпар» сценарийінің режиссерлік нұсқасының соңғы талқылануы өткен. Талқылау кезінде, əсіресе боран күнгі адасып қалған қойларды іздеп шыққан Тұрар мен Танабайдың арасындағы арқанның үзілу сəтіне басымырақ назар аударылған. Себебі осы көріністегі арқанды Танабайдың немесе Тұрардың үзгені əлде өзі үзілгені фильмнің драматургиясында, кейіпкерлердің болмысын ашуда қажетті өте маңызды сəт болатын.

Талқылау кезінде арқанды кейіпкерлердің қайсысының үзгені туралы əрқилы даулы пікірлер айтылады. Енді осы талқылаудағы арқанға байланысты айтылған төмендегі пікірлерге назар аударайық:

«О. Бондаренко: Меніңше, Танабай мен Тұрардың белдеріне байланған арқанның созылып барып, үзілуі өте жақсы табылған көрініс. Басында осылай деп ойлағанмын. Бірақ мəн беріп қарасақ, Тұрардың үзгені туралы күмəн туып қалады. Сондықтан осы тұсты қайта қарап шықтық.

С. Қожықов: Екі кейіпкердің нақты біреуінің арқанды үзуі қылмыс па, жоқ па, ол жағы түсініксіз. Осы тұрғыдан алғанда эпизод аса анық емес. Танабай астындағы атының басын тартқанда, арқанның созыла түскенін, сонан соң оның үзілгенін мен қазір ғана түсініп отырмын. Сонда Танабай үзген болып шығады ғой. Мысалы, бір-біріне байланған екі ер адам келе жатыр делік. Бір кезде кішкентай баланың суға түсіп кеткенін көреді. Егер жаңағы байлаулы екеуінің бірі баланы құтқармақ болып, суға сүңгіп кетсе, онда міндетті түрде екеуінің біреуі арқанды үзуі керек. Сценарийдегі арқанның жағдайы да осыған ұқсас. Əрине дəл осы көрініс адами болмысы əртүрлі екі адамның нəзік психологиялық суреттемесі екенінде дау жоқ. Сондықтан, бұл жерде арқанды Танабайдың үзгені анық.

А. Хлынова: Егер арқанды міндетті түрде екеуінің біреуі үзуі керек болса, онда бұл əрекет Танабайдың емес, Тұрардың тарапынан болуы тиіс. Олай болмаған күнде, бұл драмалық оқиғаны енгізудің қандай қажеті бар?

Ш. Құсаинов: Ол (Танабай) арқанды үзді ме, əлде жоқ па, бұл жағы түсініксіз. Мүмкін, арқанның өзі үзілуі де ғажап емес.

Х. Абылғазин: Сіздер арқанды үзген Тұрар деп отырсыздар. Егер олай болса, онда ол қылмыскер жəне заң алдында жауап беруі тиіс. Бірақ Тұрар соншалықты оңбаған адам емес қой. Арқанды үзген — Танабай.

В. Пястолов: Онда Танабайды да жексұрын адам деп қабылдауымызға тура келеді.

Х. Абылғазин: Тек Тұрар арқанды үзе көрмесін. Онда бұл шатақ болады. Сондықтан идеяға қатысты мəселеге күмəн тудырудың қажеті жоқ.

В. Пястолов: Арқанмен байланысты эпизодты əрқайсысымыз əртүрлі көріп отырмыз. Біреуі Танабай үзді дейді. Мейлі, солай болсын делік. Бірақ бұдан қандай нəтиже шығады? Онда Танабай жанындағы адамды тастап, қойды іздеп кеткен болып шығады ғой. Ал екінші жағдайда арқанды Тұрардың өзі үзуі мүмкін. Ол жоғалған қойды іздегісі келмей, Танабайды тастағысы келеді. Егер олай болса, онда Тұрар нағыз оңбаған адам болып шығады. Оның психологиясы — кəдуілгі саудагердің психологиясы. Сондықтан ол халықтың малын құтқарғысы келмейді. Өйткені оның ақыл-санасы «бəрі менікі» деген ұғымға ғана келіп тіреледі. Тағы бір жағдай — мүмкін арқанның өзі үзілген шығар? Олай болса, бұл тұста нақтылық қажет жəне екеуінің де бейнесін ашатын шарықтау шегі көрсетілуі тиіс. Егер арқанды үзген Тұрар болып шықса, онда бұл өте қорқынышты жағдай. Мысалы, əскерде командирлер сəйгүлікті құтқару үшін, адамдардың басын өлімге тіккен оқиғалар болған. Мүмкін, арқанмен байланысты көрініс осыған ұқсайтын шығар? Сондықтан арқанның үзілу сəтінің кейіпкерлердің мінез-құлқының ашылуына көмек беретіндей жолдарын қарастыруымыз керек» [5; 128–129, 133–135, 138, 142, 151, 165].

Біз жоғарыда сценарийдегі арқанға қатысты эпизод туралы əртүрлі көзқарасты мүмкіндігінше толығымен, өз қалпында беруге тырыстық. Талқылауда əрқилы пікір тудырған арқанның үзілу эпизоды алдымен «Жанарымда — Шолпан жұлдыз», сонан соң «Жазира-2» жəне ең соңғы «Тұлпар» атты нұсқаларында қалай суреттелетініне назар аударайық.

«Жанарымда — Шолпан жұлдыз» сценарийі:

«Атқа мінген екеу жүріп келеді. Қорбиған екі сұлба. Арқыраған əппақ əлемде. Аспан да, жер де көрінбейді. Қимылдары кəдімгі альпинистердікіндей. Бірінің соңынан бірі ілбіп, əрең келеді. Қорбиған екі сұлба. Алдында — Тұрар, соңында — Танабай.

Арқыраған əппақ əлем. Олар жүріп келеді. Əрең-əрең. Омбы қар. Терең. Жел.

– Əй! — деп айғайлады Тұрар. — Тоқта.

Қатарласты. Екеуі де тоқтады.

– О не, маңырай ма? — деп сұрады Танабай.

– Жоқ, — деді Тұрар. — Қайту керек. Бəрібір таппаймыз. Оларды енді қуып жете алмаймыз, мына аязда қырылып қалды немесе қасқыр жеп қойды.

Танабай ештеңе демеді. Тек Тұрарға жақтырмай қарады. Тағы да жүріп кетті. Алдында. Олар ұзақ жүрді. Арқыраған, ысқырған, шегі жоқ əппақ түтек құрдымда.

– Əй, тоқта деймін! — деді Тұрар.

Танабай жүрісін тоқтатпады.

– Əй, тоқта! — деп айқай салды Тұрар. — Кеш болмай тұрғанда, қайту керек.

Танабай тоқтамай жүре берді. Осы жерде əлдене болды. Ішігінің биік жағасына бетін тығып алып, еңкейіп келе жатқан Тұрар кенет тұра қалды. Алдына қарады. Танабай көрінбейді. Із-түзсіз жоғалған. Тұрар айналасына қарады. Танабай көрінбейді. Осылай біраз тұрды. Ұзақ тұрды. Сонан соң, тамағы қарлығып, неге екені белгісіз, ақырын айғайлағандай болды.

– Танабай!

– Танабай!

Жауап болмады. Ол тағы да біраз тұрды. Сонан соң атының басын кері бұрып, кете барды. Камера сол орнында қалып қойды. Бейнебір таңғалғандай. Арқыраған əппақ əлемде Тұрардың қорбиған сұлбасы да көрінбейді. Камера айналасына «қарады». Аспан да, жер де, адам да көрінбейді. Айнала əппақ түтек құрдым еңірейді, жылайды, ашуланады, қарқылдайды» [6; 29–30].

Сонымен, сценарийдегі арқанның үзілу эпизоды драматургиялық, тіпті кинематографиялық бейнелеу қатары тұрғысынан өте нақты əрі анық құрылғанын көріп отырмыз. Эпизод «аспан да, жер де көрінбейтін», «арқыраған» ақ боранда кетіп бара жатқан ат үстіндегі екі адамның қорбиған сұлбасымен басталады. Сонан соң, алдында — Тұрар, соңында — Танабай екенін жақынырақ көреміз. Эпизодтың экспозициясы қызметін атқарып тұрған осы көріністердегі əрбір іс-əрекет пен қимыл-қозғалыстың өзі көз алдыңыздан бірінен кейін бірі өтіп жатқан нақты кинематографиялық пландардың тізбегімен берілетініне назар аудару қажет. Сценарий авторы режиссер үшін тіпті, əрбір кадрдың дыбысына, бейнелеу қатарының пластикасына, ырғағына, мизансценаға, актерлердің сыртқы қимыл-əрекетіне дейін нақты ұсынады.

Тұрар Танабайды алғаш тоқтатып, сөйлескеннен соң, екеуінің орны ауысады. Енді алдында — Танабай, соңында — Тұрар кетіп барады. Оқиғаның əрі қарайғы өрбуінде олардың қайсысы алда, қайсысы артта келе жатқаны өте маңызды. Драматургиялық тартыс Тұрардың алға қарай жүруден бас тартып, бір орында тапжылмай тұрып қалуымен, ал алда кетіп бара жатқан Танабайдың жүрісін жалғастыра беруімен басталады. Эпизодтың шарықтау шегі — Тұрардың қолдарымен түсініксіз бір қимылдар жасауы. Ал оқиғаның түйіні — Тұрардың аттың басын кері бұруы. Эпизод бір орында қалып, əлдекімді іздегендей, жан-жағына «үңіле қараған» кинокамерамен аяқталады. Камера қанша «үңілсе де», «аспан да, адам да көрінбейді».

Автор эпизодтың соңында «Камера сол орында қалып қойды» деп жазады. Кинокамера мұнда бейнебір жанды кейіпкер іспетті. «Көз алдында» өткен бүкіл оқиға мен Тұрардың іс-əрекетінің жалғыз «куəгері» де, «бақылаушысы» да — сол камера. Сондықтан ол айналасына «таңырқай қарайды». Эпизодтың соңында «айнала əппақ түпсіз шыңырау еңірейді, жылайды, ашуланады, қарқылдайды» дейді. Қазір ғана бүкіл оқиғаның «жалғыз куəсі» — камераның алдында Тұрар қылмысқа барды, дала заңы бұзылды. Табиғаттың өзі осыған бейнебір қарсылық білдіргендей, «еңірейді», «жылайды», «ашуланады», «қарқылдайды». Бұл «қарсылықтың» да жалғыз «куəсі» — айналасына «таңырқай қараған» камера.

Эпизодта боранның атқаратын қызметі өте маңызды. Ең алдымен ол — кейіпкерлердің физикалық кеңістігі, екіншіден — тартыстың негізі (бораннан қаймыққан Тұрар жоғалған қойды əрі қарай іздегісі келмейді, ал Танабай онымен келіспейді), үшіншіден — камерамен бірге бір уақытта Тұрардың іс-əрекетінің «куəсі» болды. Сондықтан да ол «еңірейді», «жылайды», «ашуланады», «қарқылдайды».

Сонымен, арқыраған боран. Айнала ештеңе көрінбейді. Екі кейіпкердің бірі кері қайтқысы келеді, екіншісі жүрісті тоқтатпай, жоғалған қойды тапқысы келеді. Олардың арасын жалғап тұрған арқан бар. Арқан эпизодтың, жалпы сценарийдің драматургиялық тартысын анықтайтын өте маңызды детальге айналады. Жəне арқанды Тұрар мен Танабайдың қайсысының үзгені — сценарийдің, болашақ фильмнің драматургиялық барысын жəне кейіпкерлердің бейнесін анықтайтын өте маңызды сəт.

Сценарийдің «Жазира» нұсқасында бұл эпизод өзгертілмей, сол күйінде қалады. «Тек Тұрарға «жақтырмай қарады» деген жеріндегі «жақтырмай» сөзі алынып тасталады. «Жанарымда — Шолпан жұлдызда» Тұрар «Əй, тоқта деймін» деп екі рет айғайлайды, Танабай жүрісін тоқтатпай алға қарай жүре береді. «Жазира» сценарийінде алдыңғы нұсқадағы Тұрардың осы екінші рет айғайлауы мен атының басын кері бұрып, кете баратын тұсының арасына мынандай өзгеріс енеді:

«...Тұрар атын тоқтатты да, ызалана айғай салды:

– Ақымақ, тоқта деймін! Қайт!

Танабай тоқтамай жүре берді.

– Қайт деймін саған! Енді үміт жоқ, білем ғой. Таба алмаймыз. Өзіміз адасып кетеміз. Қайт!

Осы жерде əлдене болды. Тұрар кері қайту керек екенін дəлелдеп тұрғанда, Танабайды көз алдынан жоғалтып алды. Əппақ түтек құрдым оны жұтып қойды.

Тұрар абыржыған күйі біраз тұрды. Ұзақ тұрды. Сонан соң қарлыққан даусымен, неге екені белгісіз ақырын айғайлады:

– Танабай!

Жауап жоқ.

– Танабай!

Жауап жоқ...» (əрі қарай «Жанарымда — Шолпан жұлдыз» сценарийін сөзбе сөз қайталайды) [7; 34].

Көріп отырғанымыздай, диалогтарға аздаған өзгеріс енгенімен, эпизод тұтасымен кейіпкерлердің іс-əрекеті, қимыл-қозғалысы, мазмұны, интонация тұрғысынан сол күйі сақталып қалады. «Жазира» сценарийіндегі бұл эпизод кейін өндіріске жіберілген «Тұлпар» атты нұсқасында да өзгертілмейді. Əдеби сценарийде, фильмде өте маңызды орын алатын арқанның үзілетін эпизоды режиссерлік сценарийде де өзгермейді. Тек екі кейіпкердің арасын жалғап тұрған арқанды былай деп анық суреттейді:

«...Орта план. — Əй, тоқта деймін! — айғайлады Тұрар. Танабай жүрісін жалғастыра берді.

– Əй, тоқта деймін! — айғай салды Тұрар.

– Кеш болмай тұрғанда, қайту керек...

Екеуінің арасында бос жатқан арқан созыла бастады.

Ірі план. — Əй, тоқта деймін, жындымысың!.. Қайт кері! — деп айғайлады Тұрар, созыла бастаған арқанды өзіне тартып, артқа қарай шалқая түсті.

Орта план. Ішек секілді созылған арқан.

Ірі план. Танабай жүріп барады, алға қарай еңкейіп алған.

Орта план. Арқан сəл болмағанда Тұрарды аттың үстінен аударып түсіре жаздады.

– Қайт деймін саған! — деп айғайлады Тұрар.

Ірі план. Көзін зорлана қысып, қолдарымен түсініксіз бір қимылдар жасады. Дəл осы сəтте ол өзін сондай еркін сезініп, көздерін айқара ашты. Көз алдында — əппақ тұман. Танабай көрінбейді...» [8; 44-45].

Режиссерлік сценарийде де əдеби сценарийдегідей Тұрар екінші, үшінші рет айғайлағанда, Танабай тоқтамай, жүрісін жалғастыра береді. Осы тұста араларындағы арқан созыла бастайды. Себебі соңында келе жатқан Тұрар бір орында тұрып қалады. Осы сəтте Танабайды тоқтатпақ болып, тағы да айғайлағанда, созыла түскен арқанды өзіне тартып, артқа қарай шалқаяды. Танабай алға қарай жүрген сайын, арқан да тартыла түседі, Тұрар аттан төңкеріліп түсіп қала жаздайды. Тағы да айғайлайды. Əдеби сценарийде көрсетілгендей, Тұрар қолдарымен белгісіз бір қимылдар жасайды. Осы кезде ол өзін еркін сезініп, арқа-басы кеңіп сала берді. Ендігі жерде арқанды нақты Тұрардың үзгеніне күмəн қалмайды.

Əдеби жəне режиссерлік сценарийдегі арқанмен байланысты осы эпизод қазақ жəне орыс тілдеріндегі «Тұлпардың ізі» мен «Следы уходят за горизонт» фильмдерінде қалай көрсетіледі, енді соған назар аударайық («Тұлпардың ізі» жəне «Следы уходят за горизонт» фильмдерінің монтаждық қағазынан):

«Жалпы план. Боран. Ат үстінде келе жатқан Тұрар мен жас Танабай.

Жалпы план. Боран. Ат үстінде келе жатқан Тұрар мен жас Танабай.

Орта план. Боран. Ат үстінде келе жатқан Тұрар мен жас Танабай.

Ірі план. Тұрар /айғайлайды/: — Танабай, тоқта! Қасқыр, нетіп... (орыс тіліндегі нұсқасында: — Танабай, подожди! Волк, там это!..)

Ірі план. Танабай: — О не, маңырай ма?! (орыс тіліндегі нұсқасында: — Что? Слышно что- нибудь?)

Ірі план. Тұрар /айғайлайды/:...Мұздап, қайтайық! (орыс тіліндегі нұсқасында: — Замерзнем! Вернемся!)

Орта план. Жас Танабай Тұрардың сөздеріне назар аудармай, жүрісін жалғастыра береді.

Жалпы план. Боран. Екі салт атты кетіп барады.

Жалпы план. Бөлмеде қарт Танабай, Алтынай отыр. Жаухаз шырақты алып кіреді, терезенің алдына жақындайды.

Алтынай: — Алла-ай!

Орта план. Жаухаз шырақты терезенің алдына қояды.

Жалпы план. Боран. Екі салт атты.

Орта план. Жаухаз терезенің алдында отыр.

Ірі план. Жаухаз əйнекке қолын қояды. Саусақтарының ізі қалады.

Жалпы план. Боран. Екі салт атты.

Жалпы план. Боран. Екі салт атты кетіп барады. Біреуі аттың үстінен құлай жаздайды.

Жалпы план. Екі салт атты. Тұрар. Артта қалыңқырап, айғайлайды.

Тұрар: — Тоқта! Тоқта енді! (орыс тіліндегі нұсқасында: — Стой! Стой, говорю!)

Орта план. Боран. Ат үстіндегі жас Танабай артына қарайды да, əрі қарай жүріп кетеді.

Тұрар /дауыс кадр сыртынан естіледі/: — Ой, ақымақ, нетіп!.. (орыс тіліндегі нұсқасында: — Эй, остановись! Там это!..).

Жалпы план. Боран. Екі салт атты кетіп барады. Тұрар. Үйге қайтқысы келеді.

Тұрар /айғайлайды/: — Ой, аузыңды нетіп!.. (орыс тіліндегі нұсқасында: — Стой! Ты что! Дурак, что ли! Стой!).

Тұрар /айғайлайды/: — Ай, тоқта деймін, жындымысың нетіп! Тоқта! (орыс тіліндегі нұсқасында: — Стой! Ты что, с ума сошел! Стой!).

Ірі план. Жылқының аяқтары.

Орта план. Жас Танабай кадрдан көрінбей кетеді.

Ірі план. Тұрар арқанды ұстап тұрып, тартады.

Ірі план. Жылқының аяқтары.

Ірі план. Тұрар арқанды шешеді.

Ірі план. Жылқының аяқтары.

Ірі план. Жас Танабай жүрісін тоқтатпайды.

Ірі план. Тұрар пимасынан пышақ суырып алады.

Ірі план. Созылған арқан.

Ірі план. Тұрар арқанды кеседі.

Тұрар /айғайлайды/: — Танабай, Танабай!» [9; 20–22].

Əдеби, режиссерлік сценарийлерде жəне фильмнің қазақ, орыс тілдеріндегі нұсқаларындағы арқанның үзілу эпизодына қандай өзгерістер енді, енді соған назар аударайық. Əдеби сценарийдің барлық нұсқаларында жəне режиссерлік сценарийде арқанның үзілетін сəті туралы: «Ол (Тұрар. — Н.М.) қолымен түсініксіз бір қимылдар жасады...», — деп жазылады. Ал фильмде пимасынан пышақты алып, арқанды үзгені анық көрсетіледі. Екінші енген өзгеріс — эпизод көріністері үйдің ішіндегі көріністермен (жоқ іздеушілерді күтіп отырған қарт Танабай, Алтынай, Жаухаз; Жаухаздың шырақпен терезенің алдына келуі, қолын əйнектің бетіне қоюы, ондағы қалған саусақтарының іздері) алма-кезек ауысып отырады. Үй ішіндегі көріністердің əдеби жəне режиссерлік сценарийлерде арқанмен байланысты эпизодтан кейін берілгенін білеміз. Алайда олардың фильмде арқан үзілетін кездегі көріністермен алма-кезек беріліп отыруы, керісінше эпизодтың драматургиялық тартысын, оқиғаның ширығуын күшейте түседі, көріністердің ішкі жəне сыртқы ритмін қалыптастырады. Жаухаздың шырақпен терезенің алдына келуі, əйнектің бетіндегі қолдың іздері т.б. боранды даладағы арқанмен байланысты драмалық сəттерге жəне эпизодтың көркемдік шешіміне өзгеше бояу береді. Сондай-ақ, фильмдегі эпизодтың эмоциялық əсері дыбыстық қатар (уілдеген жел, арқыраған боран) жəне музыканың көмегімен еселене түседі. Үрей мен үмітке толы үйде күтіп отырғандардың, əсіресе Жазираның ішкі күйін сездіретін де осы дыбыстық қатар мен музыка. Мұнда табиғаттың өзі де жанды кейіпкерге, тіпті басты кейіпкерге айналады. Тіпті арқан үзілген сəтте Тұрардың астындағы аты да кісінеп сала береді. Осының барлығы арқанның үзілуіне бейнебір айнала түгел қарсылық білдіргендей оқылады.

Зерттеу нəтижелері

Сонымен мақаламызда қарастырылған арқан — 1964 жылы экранға шыққан «Тұлпардың ізі» фильмі мен оның əдеби, режиссерлік сценарийлеріндегі маңызды көркемдік детальдардың бірі. Арқан белгілі жазушы, драматург, кинодраматург Əкім Таразидің «Жанарымда — Шолпан жұлдыз» («Вижу Венеру»), «Жазира-2» («Жазира») сценарийлері жəне олардың өндіріске жіберілген соңғы нұсқасы — «Тұлпарда», сондай-ақ фильмнің драматургиясында өте маңызды рөл атқарады. Арқан көркемдік деталь ретінде сценарий мен фильм оқиғасының өрбуіне, кейіпкерлер бейнесінің тереңірек ашылуына, олардың ішкі психологиялық күйін сезінуге тигізетін ықпалы өте зор. Олай болса, əдеби сценарийде де, фильмде де арқан фабулалық, психологиялық жəне мазмұндық деталь ретінде драматургиялық қызмет атқарады.

 

Əдебиеттер тізімі

  1. Словарь литературоведческих терминов / Сост. С.П. Белокурова, 2005. [Электронный ресурс]. — Режим доступа: https://slovar.cc/lit/term/2145112.html.
  2. Əдебиеттану. Терминдер сөздігі / Құраст.: З. Ахметов, Т. Шаңбай. — Семей-Новосибирск: Талер-Пресс, 2006. — 398 б.
  3. Нехорошев Л.Н. Драматургия фильма / Л.Н. Нехорошев. — М.: ВГИК, 2009. — 344 с.
  4. Митта А. Кино между адом и раем. Кино по Эйзенштейну, Чехову, Шекспиру, Куросаве, Феллини, Хичкоку, Тарковскому / А. Митта. — М.: Подкова, 1999. — 480 с.
  5. Стенограммы заседаний Художественного совета киностудии, 1962–1963 гг. Т. III // Центральный государственный архив Республики Казахстан. — Ф. 1708. — Оп. 2. — Д. 1261.
  6. Сценарий художественного кинофильма «Следы уходят за горизонт» (второй вариант) // Центральный государственный архив Республики Казахстан. — Ф. 1708. — Оп. 2. — Д. 1223.
  7. Сценарий художественного кинофильма «Следы уходят за горизонт» (третий вариант) // Центральный государственный архив Республики Казахстан. — Ф. 1708. — Оп. 2. — Д. 1224.
  8. Режиссерский сценарий художественного кинофильма «Следы уходят за горизонт» («Тулпар») // Центральный государственный архив Республики Казахстан. — Ф. 1708. — Оп. 2. — Д. 1390.
  9. Монтажный лист художественного кинофильма «Следы уходят за горизонт» // Центральный государственный архив Республики Казахстан. — Ф. 1708. — Оп. 2. — Д. 1625.

Разделы знаний

Биология

Биология бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  ғылыми және тәжірибелі биология бойынша көптеген мақалалар мен баяндамаларды таба аласыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында қазіргі билогияның негіздері, тарихы,  зерттеу бағыттары мен ғылыми зерттеулердің нәтжелері және биология ғылымының басқа да бөлімдері жайлы толық анықтама береді.

Медицина

Совокупность наук о болезнях, их лечении и предупреждении.

Педагогика

Бұл бөлімде сіздер педагогика пәні бойынша көптеген тақырыптарға арналған мақалалар мен баяндамаларды таба аласыз. Бұл мақалалар сіздерге түрлі педагогика жайлы ғылыми жұмыстарды жазуға бағыт-бағдар бере отырып, жаңа ғылыми ашылымдар мен тәжірибелік зерттеулердің нәтижелерін танып-білуге көмектеседі.

Психология

Психология бөлімінде психология пәні, міндеттері мен мақсаттары, психикалық құбылыстардың пайда болу заңдылықтары, психология бөлімінің тармақтары, психология ғылымының пайда болу тарихы, қалыптасуы және психологияның басқа да тақырыбындағы қызықты мақалаларды таба аласыздар. 

Социология

 Бұл бөлімде социология немесе әлеуметтану ғылымы жайлы, қоғамның қалыптасуы, жұмыс істеуі және даму заңдылықтары туралы мақалалар қарастырылған. 

Тарих

Бұл бөлімде сіздер тарих ғылымының түрлі тақырыбына жазылған көптеген ғылыми мақалаларды таба аласыздар. Бұл мақалалар сіздерге рефераттар мен баяндамаларды жазуға көмектеседі.

Техникалық ғылымдар

Мұнда келесідей ғылыми мақалалар жарияланады: физика-математикалық , химиялық, гелогия-минерология, техникалық және гуманитарлық ғылымдардың өзекті  мәселелері, ғылыми конференциялардың, семинарлардың материалдары, ғылыми-техникалық комиссияның қағидалары, техникалық білімнің мәселелері.

Филология

 Бұл бөлімде филология пәні жайлы, филологияның түрлі тақырыбына жазылған мақалалардың жиынтығы қарастырылған. 

Философия

Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  философия пәні бойынша ғылыми мақалалар. Бұл бөлімде қоғам тану жайлы көзқарастар, сонымен қатар қазақ халқының ұлы тұлғаларының философиялық көзқарастары келтірілген.

Халықаралық қатынастар

Халықаралық  қатынастар  бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында халықаралық қатынастарды дамытудың жолдары мен оларды дамытудағы негізгі алғышарттарды қарастырады. Халықаралық экономикалық қатынастардың мемлекетті дамытудағы ролі мен маңызын ашып көрсетеді.  Мұнда сіздер халықаралық қатынастар, сыртқы экономикалық саясат тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Экология

Экология

Экономика

Экономика бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында материалдық игіліктерді өндіру, айырбастау, бөлу және тұтыну үрдісі кезінде адамдар арасында пайда болатын өндірістік қатынастарды дамытудың жолдарын қарастырады.  Мұнда сіздер экономика, экономикалық теория тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Құқық

Құқық бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында құқық туралы жалпы түсінікті ашады, құқықтық қоғамның қалыптасып дамуы жайлы және оның маңызын қарастырады. Мұнда сіздер құқық пәні тақырыбында жазылған көптеген материалдарды таба аласыздар.