Мақалада қазақ халық поэзиясының бір түрі өтірік өлеңдердің поэтикасы қысқаша мағынада қарастырылды. Жанрлық атауына байланысты зерттеуші ғалымдар шолу түрінде ғана атап өтіп, ғылыми ой-пікірлер білдіргені болмаса, өтірік өлеңдер арнайы қарастырылған емес. Осы мəселеде қазақ халқының бірде айтылып, көбінесе ғылыми тұрғыдан зерттеуді қажет ететін өтірік өлеңдердің де табиғатын түсініп, тілдік тұрғыдан талдаудың маңызы зор. Ата-бабаларымыздың аманаты ретінде бізге жеткен өтірік өлеңдердің негізінде азаттық, бостандық ұғымдары көтеріледі. Оның сырын өтірік өлеңдердің тіліне терең үңіліп, өнердегі жəне өмірдегі атқарып тұратын қызметін түсіну арқылы көз жеткізуге болады. Өтірік өлеңдердегі айтылатын сын, əзіл–қалжыңның астарында қоғамға деген таным-түсініктің жатқаны оның поэтикасынан байқалады. Өтірік өлеңдердің құрылымынан ерекше көрінетін ажарлаудың үлгілері эпитет, теңеу, дыбыстық қайталаулардың басым екендігін аңғаруға болады. Ал өлең құрылымының буындық өлшемдері көбінесе он бір буынды қара өлең, балалардың өтірік өлеңдері жеті-сегіз буынды аралас ұйқастармен ерекшеленеді. Бұны өтірік өлеңдердің табиғи болмысын танытатын өзгешелік десе де болғандай. Шапшаң ойлау мен тапқырлықты өнеге тұтқан халқымыз сөз өнерінің бір түрі ретінде оны орынды қолдана алған.
Кіріспе
Өнердің сандаған салаларының ішіндегі қадір-қасиетінің күштісі — сөз өнері. Бұл тұжырымдар əлдеқашан қалыптасып, зерделі қауымға мойындалған мəселе. Өнерді жасайтын талант болса, оның шеберлігі қалдырған мұрасынан танылмақ. Ауыз əдебиетін жасаушылардың шығармашылығы да өз алдына өнер туралы мағлұматтарды молайтып, асыл сөздің арнасын кеңейтуге ықпал еткендігі мəлім. Халық мұрасын зерттеген ғалымдардың қай-қайсысы болсын, сөз өнерінің мəйегі фольклорда жатқанына екпін түсіре айтқан. Халық поэзиясының түрлері де мейлінше көп екендігі аян. Сол асыл сөздің бір парасы — өлең. Өмірі өлеңмен өткен қазақ халқы поэзиясының аса бай екендігін мойындасақ, соның жұмбақ сырларын көз алдыңызға əкеліп, ой-арман, сезім-қиялға мейлінше еркіндік беретіні — өтірік өлеңдер. «Ауыз əдебиетте өтірік өлеңдер халық драмасы сияқты көңілашу рөлін атқарған тəрізді, өтірік өлеңдер түгелінен комедия, күлкі дерлік.
Егер де күлкінің өзі қайшылықтан, яғни бір затты, оның əдеттегі қасиетіне үйлеспейтін жағдайлармен көрсетуден туды десек, өтірік өлеңдер осы тəсілдерге негізделген. Мұнда өз алдына, өзімен өзі болып жатқан əрі анайы, əрі жабайы, əрі түсінікті, əрі қызық, күлкілі жағдайлар көп-ақ» [1; 142], — дей отырып, жалпы өтірік өлеңдердің пішініне қатысты өз пікірін Ə. Марғұлан былайша білдіреді: «Өтірік өлеңдер бұрынғы заман жастарының арасында əзіл, сықақ ретінде айтылғаны сөзсіз жəне оның əлеуметтік, көркемдікі жөнінен туатын өзгеше, өзіне тəн ерекшелігі бар. Мəселен, жалпы өлең тəрізді, өтірік өлеңнің де шумағы төрт жолдан құралады. Берілетін мағыналық өзара қарама- қарсылық, шендестіру əдісімен келетіні, бұл жырдың ерекшелігі тəрізді» [1; 142], — дейді. Бұл пікірдің өтірік өлеңнің бастаулары мен өнерге қатыстылығына байланысты берілген анықтама екендігі талассыз. Ғұлама ғалымның айтқанындай, өтірік өлеңнің күлкіге қатысты туатындығын жəне онда драмаға тəн белгілердің көп екендігін біз алғашқы тарауларда мүмкіндігіміз жеткенше дəлелдеп, өтіріктің өзінде өмір үшін күрес тоқталмай жүріп жататындығын дəйектедік. Ендігі мəселе — өтірік өлеңнің өнер тілімен кестеленіп, көркемдік талғамға жауап беретіндігін түсіндірудің қажеттілігі. Ол үшін ел өтірігінің сөз көркемдігіне қатысты ажарлау, құбылту, айшықтау; өлең өрнегі: ырғақ, ұйқас т.б.; сюжет пен композиция, стиль мəселелерін қарастыру керек деген пікірге тоқталдық.
Теориялық негіздер мен əдістер
Мақаламыздағы зерттеу бағытының əдістемесінің негізін салыстырмалық үрдістер тəжірибесіне сүйене отырып қарастыру барысында негізгі таным-тірек ретінде төмендегі ғалымдардың еңбектеріне сүйеніп, өтірік өлеңдердің поэтикалық болмыс–бітіміне назар аударылды. Зерттеудің теориялық негізіне Ш. Уəлиханов, А. Байтұрсынов, С. Сейфуллин, М. Əуезов, Ə. Марғұлан, Б. Уахатов, Е. Ысмаилов жəне т.б. ғалымдардың ғылыми еңбектері мен мақала авторының ғылыми жұмыстары алынды.
Нəтижелер
Қазақ халық поэзиясының қалыптасуы мен дамуы тұрғысынан сандаған сауалдарға жауап берерлік еңбектер жетерлік. Сол айтылған жайлардан ел өтірігі де қалыс қалмаған. Өтірік өлеңдердегі бейнелі сөз қолданыстары ғалымдар назарынан тыс қалмай, ондағы теңеу, эпитет, метафора, шендестіру, юмор мен сатира жəне т.б. тəптіштей айтылған. Солай десек те, өтірік өлеңдердің дыбыстық жүйесі, ондағы ырғақ, буын, бунақ, ұйқас т.б. ғылыми тұрғыдан арнайы түрде зерттелмеген еді. Өлеңмен өрнек салу оңай іс емес. Оның шын таланттың шеберлігі арқылы көрініп, халық арасынан бірден бағасын алатындығы белгілі жəйт. Бұл орайда, халық өлеңдерінің түрлері жəне пішіні туралы тұжырымдардың халқымыздың дарынды перзенті Ш. Уəлиханов еңбегінен басталғанын алдымен атар едік. Айтулы ғалым жыр, жылау өлеңдері, қара өлең, қайым өлеңдерге өзінше түсінік беруге тырысқан. Он бір буынды өлеңнің өзін үш түрге жіктеп, ойын-сауықпен той- думанда айтылатын, əр шумағы төрт тармақты əзіл, əжуа, жұмбақ, айтыс өлеңдерін — қайым өлең, «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» сияқты ұзақ дастандардың əуенін — қара өлең, өз тұсындағы ақындар қолданып жүрген өзге поэтикалық көркем дүниелердің бəрін — өлең» деп атағаны мəлім [2; 162– 169].
Халық өлеңдерінің тылсым сырларына бойлаудағы құнды еңбектің бірі — А. Байтұрсыновтың «Əдебиет танытқышы» екендігі айтылып келеді. Өлең жөніндегі ғылыми түсінік бұнда кеңірек баяндалып, ғалым ертеден қалыптасқан халық поэзиясының өзіндік дəстүрін дəлелді түсіндіреді. «Қазақтың қара өлең деп аталған ескі өлеңдерінің бəрінде де үш бунақты тармақ болады» [3; 162], — деген Ақаңның тұжырымы ғылымда орынды бағаланып келеді. Бір таласпайтын мəселе қара өлеңнің жеке дербес түр екендігі В.В. Радлов, И.Н. Березин пікірлерінде айтылған. Осы орайда бұл мəселеге қатысты М.О. Əуезов, Е.Ысмаилов, Қ. Жұмалиев, Б. Кенжебаев, Б. Уахатовтардың пікірлері барлығын ескерте кетейік. Қара өлеңдегі ұйқас пен ондағы бейнелі сөздерге үлкен мəн беріп, тұшымды пікірлер айткан ғалым З. Ахметов болатын [4]. Ежелден келе жатқан қара өлеңнің үзілмес қадір-қасиеті З. Қабдоловтың поэзияға қатысты ізденістерінде де түсінікті жазылған еді [5; 264–265]. Өлеңнің тақырып аясы, болмыс-бітімі, сазбен қалыпты байланысы А. Сейдімбектің арнайы зерттеуінде толық түсіндірілген [6]. Осы еңбектердегі айтылған дəйекті тұжырымдардың бір негізін өтірік өлеңдер де анықтай түседі. Ел өтірігінің үлкендер арасындағы айтылатын түрлері қара өлең табиғатына жауап береді. Өтірік өлеңнің классикалық үлгісі «Қырық өтіріктің» сөзімізге дəлел болатындығын төмендегі шумақтар бере алатындай.
Мысалы:
Сауысқан алып ұшты бөлтірікті,
Айтпаймын қыз берсең де өтірікті! Шіркіннің тепкісінің қаттысын-ай, Бір қызды шыбын теуіп өлтіріпті! Қоянның шаңырақтай омыртқасы, Көнектей көлбақаның жұмыртқасы. Болғандай енді өтірік несі қалды, Түбінен шау қияқтың ердің қасы [7; 99]. немесе:
Өтірікті айтпаймын ең басынан,
Арқан естім бозторғай шудасынан.
Алты инелік, бес торғай той қылыпты, Киіт кидік солардың құдасынан, —
дегендегі шумақтардың кəдімгі он бір буынды қара өлең екендігін аңғарамыз. Жоғарыдағы шумақтардың бəрі де 11 буыннан тұрып, үш бунақты тармақ құрайды. Дəлелді болу үшін былайша нақтылай көрсетейік:
Сауысқан // алып ұшты // бөлтірікті,
Айтпаймын // қыз берсең де // өтірікті! Шіркіннің // тепкісінің // қаттысын-ай, Бір қызды // шыбын теуіп // өлтіріпті!
Келесі шумақ:
Қоянның // шаңырақтай // омыртқасы,
Көнектей // көлбақаның // жұмыртқасы.
Болғандай // енді өтірік // несі қалды //, Түбінен // шау қияқтың // ердің қасы //.
Осылайша он бір буынды, үш бунақты, төрт тармақ арқылы берілген өтірік өлеңдердің қара өлең түріне жауап берудегі негізгі ерекшеліктері, біздіңше, мына жайларға байланысты болса керек. Біріншіден, өтірік өлеңнің белгілі бір əуенмен айтылу əуезділігі келісті болып, кең тынысты орындалу мəнерінен көрінеді. Екіншіден, ұйқастың мейлінше оралымды келіп, айтушыға алғашқы екі жолда белгілі ойды білдіріп, соңғы екі тармақта тұжырымдауға толық мүмкіндік беруінен дегеніміз дұрыс секілді. Оған жоғарыдағы шумақтардың а — а — б — а болып келуі дəлел болады.
Халық поэзиясындағы өтірік өлеңдердің табиғатындағы осы бір ерекшелік бізге өтірік өлеңдерді айтушылардың негізінен ақындар екендігін анықтап, ақындар шығармашылығының тақырыптық мүмкіншілігінің жоғары болғандығын тағы да дəлелдеп береді. Анықтай түссек, кəдімгі ақындар айтысындағы қара өлең өрнегінің өтірік өлеңде айрықша көрінуі, өнердегі қолтаңбаның иесі кім екендігін анықтай түсуге көмектеседі екен.
«Қазақ поэзиясында бұл ұйқастың жан-жақты орнығып, мол қанат жайғаны тегін емес. Ол қазақ тілінің табиғатына, сөйлем құру өзгешелігіне бірден-бір сəйкес келетін, нағыз төлтума ұйқас. Он бір буынды өлеңде де жиі кездесетін ұйқас өрнегі осы» [8; 128], — деген қара өлеңге қатысты ғалымның пікірінің дəлелді айтылғанына өтірік өлең ұйқасын қарастыру арқылы көз жеткіздік. Əрине, бұл пікір өтірік өлеңдердің ересектер арасындағы айтылу ерекшеліктеріне қатысты мəселе. Өтіріктің жас өспірімдер арасындағы өтірік бəс, өтірік мақтан, өтірік талас, өтірік ант түрлерінде өлең ұйқасы, буын, бунақ жəне тармақтардың өзгеше болып келетіндігін байқаймыз. Бұнда да өзіндік ерекшеліктер байқалады. Ол үшін бірнеше мысалдар келтірейік:
- Аяқтағы суға ағып өлейін, (11)
Көнектегі суға кеуіп өлейін. (11)
Екі елі жардан ұшайын, (8)
Иманым жанымды ұрсын. (7)
Екі қолым санымды ұрсын (8)
Желкем шұңқырын көрмейін (8)
(Өтірік ант)
- Алты ана қасқыр, (6)
Алты бала қасқыр (6)
Он екісі жиналып, (7)
Бір тырнаны жеген екен. (8)
Ол тырнадан бір жілік қалған екен. (11)
Ол жілікті кішкене дейін десем, (11)
Алты қанат ақ ордаға тіреу екен (12).
Ол ақ орданы кішкене дейін десем,
Алты ақ нарға, алты қара нарға жүк екен.
Ол нарларды нəзік дейін десем,
Аспанмен сөйлескен бəйтеректің басын шалған екен.
Ол бəйтеректі қысқа дейін десем,
Ертемен ұшқан тұрымтай,
Кешке басына жетпей қонған екен.
Ол уақытта күн қысқа ма дейін десем,
Таңертең қашқан сиыр кешке бұзаулаған екен.
- Бота отырып шіреніп, Борсық айдап кемені. Бытпылдықтап бір елік, Бура мініп келеді.
Инелікке атастырып, Изенді жеді арыстан. Ителгіні састырып, Ит боп үрді сауысқан.
Буын сандары əртүрлі болып келген жоғарыдағы алғашқы шумақта негізінен екпін күшті, сол екпіннің күштілігінен өлеңге бəлендей нұқсан келіп тұрған жоқ. Кəдімгі ерікті ұйқас арқылы өрілген өлеңнің əртармағы белгілі ойды білдіріп, барлық тармақ сол ойды тиянақтай түсуге қызмет етеді екен. Көне дəуірлерден бізге жеткен халық поэзиясындағы дəстүрдің беріктігі өтірік өлеңдерде де көрініп, оның қай аймақтан жазылса да өзгермейтіндігін өтірік ант та көрсетіп тұр. Бұнда көне жыраулық поэзияға жақындық баршылық. Ақынның қайта-қайта ескі дəстүрге оралып отырғандығы зерттеушілер пікірінде айтылса, сол пікірдің дұрыс екендігін балаларға арналған өтірік өлеңдерден де көреміз. Жас өспірімдерге түсінікті болу үшін əрбір тармақта тиянақтылық сақталып, шумақтың бəрі айтылмақ ойды ерекшелей түсуге бағытталған. Өлеңнің барлық құрылымы ырғаққа құрылған. Мəселен, бірінші, өлеңнің басқы буындарында да, ортаңғы буыны мен соңғы буындарда да ұйқас сақталған. Оны былайша көрсетуге болады:
Басқы буындар: аяқтағы, көнектегі, екі елі, иманым, екі қолым, желкем.
Ортаңғы буындар: суға ағып, суға кеуіп, жардан, жанымды, санымды, шұңқырын.
Соңғы буындар: өлейін, өлейін, ұшайын, ұрсын, көрмейін.
Өлеңдегі ырғақтың күштілігі осында тұр. Себебі бұнда барлық тармақтардағы буындар ұйқасқа негізделіп, екпінді күшейте түскен. Ал бұл ерекшеліктің сөзсіз ырғаққа байланысты екендігі белгілі. Осы ант бүгінге дейін балалар арасында айтылып, ойын үстінде бір-бірін сендіруге септігін тигізіп келеді. Бұл орайда дарынды ғалым Ш. Уəлихановтың мына бір пікірі орынды айтылған: «Суырып салма ақындардың зерделілігі арқасында барлық көне жырлар тілінің ескілігіне, жаңа ұрпаққа түсініксіз сөздердің молынан ұшырасуына, кейіпкерлері жайлы айтылатын тарихи деректерге қарағанда бұлардың көпшілігі Алтын Орда заманында туған, бізге бұрмаланбаған, бұзылмаған қалпында жетті. Көне аңыздар мен хикаялардың саф таза күйінде сақталуы таң қаларлық жай, ал осы үлгілердің, əсіресе эпикалық шығармалардың Сахараның өзара шалғай шеттерінде де бірдей жырланатыны, салыстыра келгенде бұлардың бір нұсқасынан екінші нұсқасының ешқандай айырмашылығы болмауы тіпті ғажап құбылыс. Қанша таңқаларлық боп көрінгенімен де бұл — күмəнсіз факті» [2; 391]. Бұл тұжырымның негізгі түйіні дəстүрдің беріктігін аңғартады. Көлемді эпикалық шығармаларда түрлі қоспа, толықтырулар болатындығы анық. Əйтсе де шағын жанрлардың өзгеріссіз қалатындығын бесік жырлары, бақташылық өлеңдерден жəне т.б. аңғаратынымызды жарияланып жатқан мəтіндерден білуге болады. Соның бір көрінісі балаларға қатысты өтірік өлеңдерден аңғарылады екен.
Екіншіден, өлең тармақтарындағы буын сандары біркелкі емес. Бұл ерте дəуірдегі ерікті ұйқас түрін еске түсіреді. Көне бақсы сарыны, жырау толғауы мен термелеріндегі ұшырасатын ұйқас желісі көз алдыңа келеді. Бұндағы басты бір ерекшелік өлеңнің жыраулар туындысы секілді дидактикалық үлгіге құрылып, өтіріктің өзімен өсиет айтуында жатыр. Өлеңнің əрбір тармағының «а» əрпімен басталуының өзі де жыраулық поэзияға тəн екендігін дəлелдей түсетіндей. Мəселен, алты ана қасқыр, алты бала қасқыр, алты қанат ақ ордаға тіреу екен, алты ақ нарға, алты қара нарға жүк екен т.б. тармақтар бұны нақтылап тұр. Бұнда астарлы ұғым, тəрбиелік мəн-мағына жатқандығын аңғару қиын емес. Күштінің əлсізге жасаған қысастығының тұспалдай беріліп тұрғаны мəлім. Өлеңнің тақпаққа өрілуі жəне астарлай мəтелмен айтылуы шешендік толғаудың жұмбақ түрімен сəйкеседі. Бұл туынды жаңылтпаш секілді баланың тілін ұштауға да қызмет ете бермек.
Балаларға қатысты үшінші өлең жеті-сегіз буынды шалыс ұйқасқа құрылған. Мысалы:
Инелікке атастырып (8), Изенді жеді арыстан (8) Ителгіні састырып (7), Ит боп үрді сауысқан (7).
Мұндағы ұйқас түзілісі б, б, а, а болып шыққан. Балалардың мазақтама түрінде айтылатын өтірік өлеңдердің негізгі дені осы пішінді қабылдаған. Айталық:
Нəйім — нəйім бауырсақ (7), б
Бауырсақты қуырсақ (7). б
Жақсы бала малсақ (6), а
Жаман бала ауылсақ (7). б
Кей өлең тармақтары шұбыртпалы ұйқасқа құрылған. Мұндай ұйқас арқылы жасалған төмендегі өлеңде балалардың əзіл-қалжыңы бірден дараланады. Мысалы:
Торғай жасап көмірден (7), а
Торғай шықты жекпе-жек (7). а
Топырақты кемірген (7), а
Тоты қалды өкпелеп (7). а
Күйкентай мен кекілік (7), а
Көкекті ертіп қасына (7). а
Келіп жетті секіріп (7), а
Күркетауық қасына (7). а
Бұл өлеңдердің айналадағы жұмбақ дүниені түйсініп, өмір жайындағы түсінік қалыптасқанда шығарылғаны талассыз.
Бүгінгі ғылыммен техника жаңалықтары да өтірік өлең тақырыбына айналып, балаларға соны біліп, үйрену керектігін ескертеді. Мəселен:
Поезға арттым жалғыз қауырсынды, Тарта алмай тепловоз ауырсынды. Тышқанға коса тіркеп беріп едім, Жүйткіді əлгі поезд дауыл сынды.
немесе:
Бір күні, күн шыққан соң, таңда тұрып,
Ойыншық — резинка шарға мініп,
Жөнелдім қуып екі жер серігін,
Дем алдым ай қасында жолда отырып [9].
Сонымен, белгілі ақындардың ойын-сауық кезіндегі айтқан үлкендер арасындағы өтірік өлеңдерден балалардың мазақтама, əзіл-күлкі ретіндегі айтылатын өтірік өлеңдері арасындағы айырмашылық өлеңнің поэтикалық болмысынан да көрінеді екен. Ересектер арасындағы өтірік өлеңдер негізінен 11 буынды қара өлең ұйқасына құрылса, балалардың өтірік өлеңдері 7–8 буынды шалыс ұйқас, шұбыртпалы ұйқасқа негізделетіндігіне көз жеткіздік. Кейде буын саны одан да көп өлең өлшемі балалар өлеңінде ұшырасып жатады. Бұның негізгі қисынын өлеңдердің тақпақтап айтылып, балалардың психологиясына сай дəлдікпен жеткізілуінде деп түсінген жөн. Балаларға қатысты айтылатын жоғарыдағы талданған өлеңдердің бəрінде теңеу мен шендестіру бар. Буын саны соншалық көп болып жатса да, өлең сөзі түсінікті, барынша əсерлі көрінеді. Өзінің баласы Тиланшахқа арнайы жазған туындысында Қайқаус былай депті: «Мəселен, ақындыққа қажетті тəсілдерге мына төмендегілерді жатқызуға болады: сөздегі үндестік, теңеу, пішіндеу, қайталау, дамыту, ұлғайту, теңдестіру, құбылту, астарлау, ажарлау, айшықтау, шендестіру, үзінділеу, асқақтату, жұптау, түйдектеу, баяулату, перделеу, қалыптау, кейіптеу, мегзеу, ырғақтау, бейнелеу, табу, бұрмалау, егіз ұйқас пен мадақтау сияқтылар.
Жалпы сөзің өрелі əсерлі болсын десең, қыздырма қызыл сөзді қыстыра бермей, мүмкіндігінше жақсы теңеулер мен балама сөздерді барынша көп пайдалан» [10; 117], — деген кеңес айтады. Айтылған жайлардың бəрі де өлеңнің өнерлік болмысына қатысты екендігі дау туғызбайды.
Талқылау
Қазақтың өтірік өлеңдері де алғашқыда ауызша тарап, ұрпақтар зердесіне айтушылар арқылы тоқылып қалды. Ел өтірігі жай көңіл көтеру үшін емес, «мұның түп нұсқасы əзіл-оспаққа, өткір сынға құрылған. Сонымен қатар мұнда қиыннан қиыстырылған тапқырлық, ойдың өткірлігі мен логикалық күштілігі сарапқа түседі» [11; 362], — деген тұжырымға ден қойғанымыз жөн.
Халық поэзиясының бір саласы болып табылатын өтірік өлеңдердегі негізгі басты белгі — ақылды жəне ақылсыз адамдардың мінез-құлқын жұртқа жария етіп, оны əзіл-оспақ арқылы сынау болып келеді. Өтірік өлеңдегі осындай ерекшелік оны айтушылардың стильдік қолтаңбасын анықтап бере алатындай. Өтірікті айтушы Тазшаға тəкаппар ханды жеңгізуі, «Кірпік шешен» атты өлеңде
кедейдің бəйге алуы, «Бүркітте» бүкіл елді аңшылықпен асырау, «Кер бие, торы құлын» атты өтірік жырда алаяқ, алыпсатар саудагерді Мейірманның ақылы асып алдап соғып, кер биені қолға түсіруі, «Шыбын» атты жырдағы бүкіл ауылды қарық қылған аңшының жомарт пейілі т.б. ақыл мен ақымақтың тайталасына, адамдық пен адалдықтың күресіне құрылғаны — барлығы да өтірік өлеңнің мұрат-мақсатын көрсетіп бере алатындай. Қажет десеңіз, балалардың мақтаны, алдап түсіретін өтірік анты да осы бір мақсатқа бағынған демекпіз. Өтірікті айтушы осыны жеткізуде шындық пен өтірікті тайталастырады. Ол үшін шендестіру басты орынға шыққан. Өтірік өнер жасаушының өнерінің өзі осы бір тұжырымға тіреледі. Алайда заман өзгереді, қоғамдық болмыс жаңаша сипат алғанда да өтірік өлеңдегі ең басты ерекшеліктің өзгермейтінін түсінуге əбден болатындай. Тек жаңаша теңеу, кейіптеу, əсірелеу, айшықтау жəне т.б. өзгеріп отыратындығына құлақ асқан жөн. Бұл, əсіресе, балалар арасындағы өтірік өнер бəсекесінде айрықша анықтала түседі.
Жағымсыз əдет-ғұрып өтірікке айналғанда, оның қаһармандары сүйкімсіз жəндіктер əрекетімен ауыстырылып барып, өткір сынға ілігеді. Мысалы:
Шымшықтың күмбез еттік қу басынан,
Масаның арқан естім шудасынан.
Қырық қарға, отыз сона құда түсіп, Инелік киіт киді құдасынан.
Беріпті бақа қызын көбелекке,
Жүріпті қара шыбын жеңгелікке.
Бір туын құмырсқаның ұстап сойып, Той қыпты, ат шаптырып төңірекке. Бай болдым төрт түлікке тумай жатып, Бабама қалың бердім бəрін сатып.
Білімін мал жиюдың ерте біліп,
Сондықтан кедейлікке қалдым батып.
Қайныма қарға мініп ұрын бардым, Күйеуден өзім қатар бұрын бардым. Айғырын шегірткенің ұстап мініп, Алдына қайын атамның қырындадым.
(Қырық өтірік) [12; 84]
Осындағы аталатын шымшық, маса, қарға, сона, инелік, көбелек, шыбын, шегіртке — бəрі де ұнамды іс-əрекеттің белгісін жасай алмайды. Ақын теңеу, көріктеу, шендестіру (антитеза), əсірелеу негізінде сын садағын «күнде ойын, күнде той» арқылы өтіп жатқан тірлікті өтірікпен əдемі үйлестіреді. Бұнда «отыз күн ойын, қырық күн тойын» қылатын, сонымен бар уақытты өткізетін өмір бір сыналса, екінші, ата дəстүрімен жасы келгенге берілетін киіт кигізу, үшінші, қыздың жеңгелерінің арадағы делдалдығы шыбынның іс-əрекетіндей екендігі жеріне жеткізіле сыналады. Əрине, той болған соң мал сойылады, момын қойдың көндім байлығы құмырысқаға ауыстырылып, барлық жиған-тергеннен бір-ақ күнде айрылып қалудың келекеге айналғанын өлеңнен тану қиын емес. Күйеудің де ептісі мен есері бар. Астына ат мінген соң, желік бітетін тірлік шегірткенің айғырына мініп, қайын атаға қырындаудан танылмақ. Сөйтіп, елді күлкімен кенелтудің түп төркіні масқаралау, келекелеу екендігі өтірік өлеңнің дəстүрлік белгісін толық таныта түседі. Осы бір дəстүр көрінісінен өтірік өнер бəсекесінің ауытқымай, даму үстінде болғанын тануға əбден болады. Сөзіміз дəлелдірек болу үшін төмендегі өлең шумақтарына жүгінейік:
Шымшықтың шылым қылдым қу басынан, Бозторғай шідер түйдім шудасынан.
Бір өзіме қарайтын мың торғай бар, Ешкім менің бай емес бір басымнан. Бозторғайдың жүзі жүр жұлмасынан, Тоқитұғын қап, шапан шудасынан. Торғай тұрып қатыным түйе іздейді, Болады екен олағы ұрғашыдан.
Бит айтады сіркені қатыным — деп,
Сірке айтады жейдені шатырым — деп.
Бит өлгенде бұл сірке не деп жоқтар,
Ақ тырнақпен алысқан батырым деп [7; 34].
Дəстүрдің өзіндік қалыптасу сыры деген — осы. Бұл заңдылықтың бүгінде толысып жатқандығы ақиқат. Осы орайда М. Тілеужановтың мына бір пікірі дəлелді айтылған: «Əдетте стиль мəселелері жанрға, образ жасауға да, кейіпкерлерді сөйлетуге де байланысты, күлкі де, уақыт та стиль құрайды», — дей отырып: «Халық əдебиеті стилі əлі баянды зерттелген жоқ. Ертегі стилі дегенде, бір ертекші қаһармандық образдар жүйесін жасаған, ал енді бір ертекші ойлы, дана адамдар образын жасаған, үшіншісі ылғи да тапқырлық, шешендікке құрылған образдар жүйесін жасаған ертегілерді көбірек айтады, жақсылап айтады, ертекші оған өз мінезін де қосуы мүмкін, ол ылғи да топастықты, сараңдықты сынаған ертегілерден де айтушының кім екендігі не ойлы сөздерінен, не қуақы сөйлемдерінен байқалып отырылады. Тазша туралы, бай қыздары туралы ертегілерде де күлкі реңктері алуан түрлі. Оларда да айту мəнері, тыңдаушылардың əсері мықты стиль қалыптастырады» [13; 59]. Бұл пікірдің өтірік өлеңге де қатысы бар екендігі талас тудырмайды.
Қазақ эпосындағы батырға лайықты тұлпар бейнесі өтірік өлеңде де жасалған. Өтірік өлеңдегі тұлпарлар «Кірпік шешен», «Торы құлын», «Торы тай», «Жасыл қоңыз», «Борсық» болып кете береді. Мəселен, Тайбурыл Қобыландыны қырық күншілік Қазанға бір күнде жеткізуге уəде береді. Құртқа Қобыландыға атының қырық бес күндік кемдігі барлығын айтады. Өтірік өлеңнің жырдағы осы бір сəтті дəл тауып, былайша бергендігін көреміз:
Керала кірпік шешен мініп алдым,
Бүлдірге, қамшымды іліп алдым.
Қырық бес тақта қағаздан киім жасап, Қырық түйме тақтырып киіп алдым. А құдайлап, мал айтып, шықтым жолға, Өтірік жоқ жамағат, таза тыңда.
Мінгенім кірпік шешен болғаннан соң, Ер жігітке қырық күндік жол қиын ба? Құбыланы бетке алдым қисақтанып, Кірпік шешен жорғалайды қипақтатып. Етігіммен омбы қар сауылдатып, Шауып кетіп барамын бұрқыратып. Шауып келем дауылдай дəуірлетіп, Əр ауылдың иттерін шəуілдетіп.
Қырық бес күндік ұдайы ұзақ жолға,
Қырық бес сағат ішінде бардым жетіп.
Ол жерде ұлы жиын той бар екен, Бəйгесіне жеті мың қой бар екен. Кераланы қосуға осы тойға, Жəкеңде де аз ғана ой бар екен.
Бұдан өтірік өлең айтушы ақынның батырлық жырларды жақсы білетіндігін көреміз. Өтірік өлеңді айтушының бірі — Мейірман ақын. Ойын-сауық кезінде елді күлкіге кенелту үшін эпикалық өтірік жыр туғызып, оны айтуда дəстүрлі эпос үлгілерін қажетіне жаратуды өтірік жыр үзінділері толық дəйектей түседі.
Өтірік өлеңдердегі ендігі бір мəселе сауда-саттыққа байланысты. Ақылын асыру үшін түрлі айлакерлік, қулық істер арқылы елді алдап, сүліктей соратын саудагерлердің іс-əрекеттерін аша отырып, өтірікші оларды тақырға отырғызады. Сөйтіп, ел алдында мерейі өсіп, жұрттың ықыласына бөленеді. Мысалы:
Серік боп құрылтаймен қылдым сауда,
Айналды бұл саудамның арты дауға. Борсыққа жарап жүрген міне шауып, Ұрандап бір бүйірден тидім жауға. Үш жаста мергеншілік кəсіп қылдым, Ши оқпен мың құланды атып қырдым. Ауынан өрмекшінің кілем тоқып, Ұялмай 190-ға сатып тұрдым.
Шендестіру арқылы антонимдермен берілетін өтірікшінің сөз түйіні мынадай:
Сарт кеткен соң саудамды есептеймін,
Тотияйын, ашудас кесектеймін.
Кəрі атыма жас бие, бұйым алып,
Сауда сайын сартты өстіп жесек деймін.
Ойласам бес қаламы о да бір қой,
Қырық күшəла, тамыр дəрі бір қой боп,
Бұл былай тұр.
Айна-тарақ, ине-жіп, қалампырды,
Жігіттер, о не болар есептей ғой.
Өтірік өлеңдердегі кейіпкерлер арасындағы қарым-қатынастардың күлкіге құрылып, тұрмыс- тіршіліктегі іс-əрекеттердің үнемі сабақтасып келетіндігі бұдан өз дəлелін тауып тұр.
Қорытынды
Сөйтіп, тексерудің қорытындысында өтірік өлеңге қатысты мынадай басты тұжырымдарға тоқталдық:
- қазақ фольклорында «өтірік өлең» жөне «өтірік əңгіме» атты екі жанрдың болғандығы талас тудырмайды. Бүгінге дейінгі жинақталған ел өтірігі бұны сөзсіз дəлелдейді. Ел өтірігіне назар аудару XIX ғасырдан басталып, XX ғасырда жүйелеу мəселелері қолға алынған. Қолдағы бар ел өтірігі ішіндегі қомақтысы — өтірік өлеңдер.
- Өтірік өлеңдер өз бастауын тұрмыс-салт өлеңдерінен алып, елдің ойын-сауық кезеңдерінде қалыптасып отырған. Көпшілікке керемет əсер еткен өтірік өлеңдер өзінің қалыптасу барысында, ең алдымен, жастардың арасында жылдам дамыған. Балалардың түрлі ойындары кезінде айтылып, дəстүрге айналып үлгерген.
- Өтірік өлеңдер тек қана балалар шығармашылығының нəтижесі деген тұжырым бір жақты айтылған. Сөз өнеріне толық жауап беретін өтірік өлеңдер алдымен үлкендер арасында туындап, жеткіншектер арасына ауызша тез тарап отырған. Шапшаң ойлау, тапқырлықты өнеге тұтқан халқымыз сөз өнерінің сандаған түрін түлетіп, кəдесіне жарата білген. Соның бір дəлелі ел өтірігінен көрінеді.
- Қазақ ауыз əдебиетіндегі жаңылтпаш, бесік жыры, ертегі, шешендік жұмбақ, жауап сөздер, айтыс үлгілері, мақал-мəтел, жұмбақтардың өтірік өлеңдермен байланысы бар. Сөзді астарлап, ащы мысқыл, əжуа-кекесінмен берудегі өтірік өлеңдердің болмысы мен бітімі бұны толық айқындай түседі.
- Өтірік өлеңнің ең басты белгісі — өлеңге бір ауыз шындық қоспай, ақиқат шындықты негізге ала отырып, болмысты керісінше түсіндіру арқылы жаман əдеттен арылту. Бұл мақсатты жүзеге асыру үшін өтірікші өлеңде үнемі шендестіру, теңеу, көріктеу, əсірелеу арқылы елді күлкіге кенелтеді.
Əдебиеттер тізімі
- Қазақ əдебиетінің тарихы. I том, 1 кітап. — Алматы: Ғылым, 1960. — 740 б.
- Уəлиханов Ш. Таңдамалы. / Ш. Уəлиханов. — Алматы: Жазушы, 1985. — 560 б.
- Байтұрсынов А. Шығармалары: өлеңдер, аудармалар, зерттеулер / Құраст.: Ə. Шəріпов, С. Дəуітов. — Алматы: Жазушы, 1989. — 320 б.
- Ахметов З. Казахское стихосложение / З. Ахметов. — Алма-Ата: Наука, 1964. — 128 с.
- Қабдолов З. Сөз өнері / З. Қабдолов. — Алматы: Қазақ университеті, 1992. — 352 б.
- Сейдимбеков А. «Қара өлең» как жанр в традиционной лирике / А. Сейдимбеков. — Алматы, 1972. — 119 с.
- Жансүгірұлы I. Өтірік. (Ел əдебиетінен жинақ) / Баспаға əзірлеген Т. Əлібек, С. Шахина. — Қарағанды: ҚарМУ баспасы, 2001. — 63 б.
- Ахметов З. Өтірік өлеңдер / З. Ахметов. — Алматы: Ана тілі, 1996. — 240 б.
- // «Балдырған» журналы. 1958. № 2.
- Уəлиханов Ш. Таңдамалы / Ш. Уəлиханов. — Алматы: Жазушы, 1985. — 720 б.
- Қабуснама. — Алматы: Балауса, 1992. — 60 б.
- Шахина С.Ж. Қазақтың өтірік өлеңдері / С.Ж. Шахина. — Қарағанды: ҚарМУ баспасы, 2004. — 98 б.
- Тілеужанов М. Ел əдебиеті / М.Тілеужанов. — Алматы: Ана тілі, 1992. — 176 б.