Зерттеу мақсаты — азаматтық заңнама ережелерін қалыптастыру мен əрекет етуінде заң техникасы ережелерін сақтаудың маңыздылығын көрсетіп, шешу жолдарын ұсыну болып табылады. Зерттеу əдістері ретінде ғылыми-теориялық, нормативтік-құқықтық актілердегі, мемлекеттік бағдарламадағы құқықтық актілерді ресімдеу тəсілдерінің, талаптары мен қағидаларының жиынтығына қатысты талдау, топтау, жалпылау, жүйелеу, салыстыру, индукция жəне дедукция қолданылды. Қол жеткізген нəтиже негізінде қазақ тілінің беделін көтеру мақсатында мемлекеттік ұйымдарда жəне жергілікті өзін-өзі басқару органдарында заң қабылдау тəжірибесінде орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады деген ережені алып тастау керек деген ұсыныс жасалған. Сонымен қатар біріздендірілген заңдық терминологиялық сөздік енгізу ұсынылды. Сөздік арқылы заң саласындағы арнаулы анықтамалардың, ережелердің мағынасын, аудармасының түп нұсқасындағы мазмұнын көреміз. Терминологиялық сөздікте біздің заңдық актілерде көрсетілген негізгі терминдер қазақша нұсқада жазылуы керек. Орыс жəне қазақ тілінде жазылған құқықтық нормаларды салыстырмалы əдісте бақылау арқылы қателер мен қақтығыстарды анықтау жұмысы жүргізілді. Жұмысты зерттеу барысында авторлар азаматтық заңнама саласындағы нақты олқылықтар мен қайшылықтарды анықтаған, нормаларды қалыптастыруда заң техникасының ережелерін дұрыс қолданбау жағдайларын сипаттаған.
Кіріспе
Аталмыш зерттеу тақырыбының өзектілігі еліміз тəуелсіздік тізгінін ұстағаннан бері азаматтық заңнаманың қалыптасуында заң техникасы ережелерінің дұрыс қолданылмауы салдарынан тəжірибеде түсіну мен қолдануға қатысты қиындықтардың толастамауынан туындап отыр. Қазіргі жағдайда заң шығару жəне құқық қолдану қызметінде заңдық рəсімдер мен заң техникасының тəсілдерін білу өте маңызды. Бұл көбінесе адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын ең жоғары əлеуметтік құндылық деп тануға, оларды жүзеге асыру мен қамтамасыз етуге, халықаралық құқықтың ұлттық заңнамадан басымдығын тануға, құқық пен заңды ажыратумен байланысты құқықтық түсініктегі жаңа тəсілге байланысты.
Зерттеу мақсаты азаматтық заңнама ережелерін қалыптастыру мен əрекет етуінде заң техникасы ережелерін сақтаудың маңыздылығын көрсетіп, шешу жолдарын ұсыну болып табылады.
Қойылған мақсатқа жету үшін мына мəселелерді ашып, нақтылау жəне түсіндіру зерттеу міндеттері болып табылады. Қолданыстағы азаматтық заңдардың пəрменділігі көбінесе ондағы заң техникасының деңгейіне, заңдық актідегі нормативтік ұйғарымдардың нақтылығына байланысты. Құқықтық нормалардың тиімділігі қабылданған заңдық актілердің сапасына байланысты, ал оған заң техникасының тиісті ережелері мен əдістері арқылы қол жеткізіледі.
Теориядағы, əдіснамадағы, тəжірибедегі немесе зерттеу қорытындыларындағы қарама- қайшылықтар мен авторлардың əдебиеттерге шолу жасау кезіндегі көзқарасы. Заң техникасы бойынша талаптар құқық теориясы мен əдіснамалық, нормативтік-құқықтық негіздерімен бірауыздан бекітілген болса да, əрекеттегі ҚР Азаматтық кодексіндегі біраз ережелер мəтіндерінде олар сақталмаған. Бұл заң шығарушының ойы мен ереже адресаты түсінігіндегі қайшылықтарға алып келеді.
Зерттеудің əдіснамалық жəне материалдық негізі ретінде Ю.А. Тихомиров, Н.А. Власенко, В.Б. Исаков, С.В. Кузнецов, Р. Надеев, И.В. Гойман-Калинский, Г.И. Иванец, В.И. Червонюк, В.В. Наумкина, Қадыр Мырза Əли, Ахмет Байтұрсынұлы жəне Е. Нақтыбайұлының еңбектері, сонымен қатар шетелдік жəне отандық ғалымдардың, ізденушілер мен тəжірибе мамандарының, заң техникасы мен тіл мəселесіне арналған мемлекеттік бағдарлама мен əрекеттегі заңнама ережелеріндегі тұжырымдар алынды.
Зерттеу əдістері ретінде ғылыми-теориялық, нормативтік-құқықтық актілердегі, мемлекеттік бағдарламадағы құқықтық актілерді ресімдеу тəсілдерінің, талаптары мен қағидаларының жиынтығына қатысты талдау, топтау, жалпылау, жүйелеу, салыстыру, индукция жəне дедукция қолданылды.
Нəтижелер
Авторлардың пайымдарын сипаттау жəне нəтижелер. Заң техникасының жетілген тетігі болмаса, қолданыстағы ережелердің объективтілігі мен тұрақтылығын, олардың қоғамдық құндылығын қамтамасыз ету қиын. Зерттеудің нақты нəтижелері заңдық қызметтің бүкіл жүйесінің ішкі үйлесімділігін қамтамасыз ету үшін заңдық шешімдер қабылдаудың барлық кезеңдерін реттейтін жақсы дамыған құқықтық тетік қажеттігін көрсету болып табылады. Зерттеу нəтижелерінде оның мақсаттары мен мəселелері барынша ашып көрсетілді.
Қолжеткізілген нəтижелердің жаңашылдығы. Зерттеудің қолжеткізілген ғылыми жаңалығы мен теориялық маңыздылығы қарастырылған мəселе бойынша материалдар мен дəйектерді жинақтап, жүйелеп жəне Азаматтық кодекстегі ережелердің сапасы мен заң техникасы талаптарына сəйкестігін бірнеше баптардың мысалында тыңғылықты қарастырылуына байланысты болып отыр.
Идеяның, тұжырымның қолданысқа ие болғандығын сипаттау (нақтылау). Өкінішке орай, зерттеуде көрсетілген тұжырымдар, яғни əрекеттегі Азаматтық кодекстің ережелеріндегі заң техникасының нормаларының сапасын қамтамасыз ету жəне терминдер түсінігінің қазақ тіліндегі бірізділігі бойынша сəйкес ескертпелер мен ұсынымдар тəжірибеде қолданысқа ие болмаған.
Талқылау
Зерттеу нəтижелерін басқа жұмыстардағы ұқсас нəтижелермен салыстыру. Заң əдебиеттерінде жəне ұлттық заңнамада заң техникасы ережелеріне қатысты əртараптылық байқалмайды жəне теорияда заң техникасын жан-жақты қолданудың бірнеше бағыттары көрсетіледі: а) құқықшығармашылыққа жүйелі əрі жоспарлы түрде ықпал ету. Бұл арқылы заң жобасын сауатты, мұқият қалыптастыруға, заң техникасы ережелерін сақтай отырып, заңдық олқылықтардың орын алмауына мүмкіндік береді; ə) заң техникасы құқық қолдану қызметіне оң əсер етеді, яғни, оның көмегімен құқықтық ережелердің мəні мен мазмұнын дұрыс түсініп, оларға сəйкес келетін, қайшы келмейтін заңға тəуелді актілер шығаруға, оларды заңдық іс-əрекеттерді жүзеге асыруға, азаматтар мен заңды тұлғаларды құқықтық қорғау тетігін пайдалану үшін негіз ретінде қолдануға болады; б) заң техникасы халықаралық деңгейде əртүрлі елдердің заңнамаларын жақындастыру жəне ортақ, келісілген құқықтық тəртіптерді енгізу тəсілі, халықаралық құқықтық ақпарат алмасу құралы ретінде қолданылады; в) заң техникасы құқықшығармашылық пен құқық қолдану негіздерін үйрету құралы ретінде қолданылады [1; 9].
Айырмашылықтар мен ұқсастықтар туралы жазба. Заңнаманы қалыптастыру кезінде орын алатын қателіктердің объективті жəне субъективті себептері болуы мүмкін. Соңғы жылдары қазақстандық құқықтық жүйеде болған елеулі өзгерістерді жəне солардың салдарынан орын алған ұлттық мемлекеттік-құқықтық теориясындағы олқылықтарды, тұтастай ұлттық құқықтық жүйені аз уақыт аралығында қайта қамдап, жаңғырту қажеттілігін, еліміздегі құқықтық сауаттылық пен мəдениеттің төмен деңгейін жəне заң шығару үрдісіндегі жетіспеушіліктерді объективті себептерге, заңдарды қарау мен қабылдау кезінде тым асығыстық жасауды, заң технологиясының бұзылуын жəне заң шығару үрдісін жеткіліксіз реттеуді қолданыстағы заң жобасын əзірлеудің заң шығару əдістемесін, заң шығару техникасы мен қазақ əдеби тілінің ережелерін білмеуін, заң шығару үрдісіне қатысқандардың кейбіреулерінің тəжірибеде қалыптасқан заңдарды құру рəсімдерін сақтамауын немесе елемеуін, басшылық қызметтегі адамдардың мақсатты орындау үшін жағдай мен оның себеп- салдарын зерделеместен атүсті шешімдер қабылдауын субъективті себептерге жатқызуға болады [2; 20].
Азаматтық заңнама мəтіндерінің мағынасында «заң» жəне «құқық» ұғымдарын теңдестіруге жол бермеу керек. Өйткені, құқықтың заңға сəйкес келмеуі — бұл оны білдіру нысандарының əртүрлілігін, құқықтық нысанның мемлекетке қатысты салыстырмалы тəуелсіздігін куəландыратын құқық ерекшелігі. Заңнама — бұл құқықты білдірудің бір түрі. Құқық идеяларына, оның табиғатына, құндылықтары мен жеке басының басымдықтарына сай келмейтін заң (мемлекеттің өзге де нормативтік құқықтық актісі) белгіленген тəртіппен жарамсыз деп танылуы мүмкін, демек, бұл жағдайда ол құқық болып табылмайды [3].
Заң мен құқықты, тиісінше, «заң үстемдігі» жəне «құқық үстемдігі» ұғымдарын теңдестіру елдің құқықтық жүйесін дамыту жөніндегі міндеттерді заң шығару үрдісі саласына қатысты ағымдағы ұсыныстармен алмастыруға алып келеді. Заң техникасы туралы заңды қабылдау елдің құқықтық жүйесі даму серпінін жүйесіздіктен сақтап, заң шығарушы іс-əрекетінің болжамдылығын қамтамасыз етеді жəне ол болашақта құқықтың тұрлаусыздығын барынша азайтуға бағытталады. Мемлекет осы мақсаттарға қол жеткізуі үшін құқық ережелерінде тұлға іс-əрекетінің болашақ бейнесін ұсынуы, оған азаматтардың көзқарасын анықтауы жəне қажет болған жағдайда оны дер кезінде түзетуі керек. Сол арқылы құқықтық реттеудің тұрақтылығын арттыруға болады. Заң шығарушы өзі қабылдаған құқықтық ережелердің жүзеге асырылу салдарын болжауға міндетті. Құқықтық қатынастарды құқықтық реттеудің тұрақтылығы субъектілерінің өз мінез-құлқының салдарын болжап, құқықтық мəртебесінің өзгермейтініне сенімді болуымен байланысты.
Нəтижелерді талдау жəне түсіндіру. Əлеуметтік нормалардың негізгі мақсаты — əлеуметтік қатынастарды реттеу [4]. Азаматтық заңнаманың реттеуші əлеуетін күшейту үшін жəне ол əділдіктің нормативтік көрінісі болуы үшін заң мəтіні барлығымен бірдей түсінілуі керек. Осы жағдайда ғана азаматтар мемлекеттің азаматтық-құқықтық бағытын мақұлдайды, саналы түрде қабылдайды жəне жүзеге асырады. Осыған байланысты, азаматтық заңдарды шығару технологиясын жетілдіру жөніндегі жұмысты жалғастыру маңызды мəселе.
Қоғамды құқықтық мемлекетке айналдыруға қабылданған заңдардың санымен анықталмағаны белгілі. Ең бастысы олардың сапасы жəне оларға тиісті көзқарас. Осыған байланысты заң техникасы туралы құжат заң шығарушының қолданыстағы заңдарды қайта қарау, жетілдіру, сапалы жаңарту жəне оңтайландыру жөніндегі жұмысы үшін негіз болады. Ол сондай-ақ құқықтық ережелерді қалыптастыруға жəне іске асыруға қатысатын тұлғалар үшін бағдар, заңдық нормаларды түсіндіру мен құқықтық қайшылықтарды шешу үшін база болуға тиіс.
Нəтижелерге түсініктеме беретін ғылыми тұжырымдамалар. Заң техникасы жинақталған тəжірибеге жəне ғылыми негізделген ережелерге негізделуге тиіс. Озық тəжірибені де, заң шығару үрдісі мен құқық қолданудың жүйелі кемшіліктерін де бөліп көрсете отырып, құқықтық болмыстың жай-күйіне егжей-тегжейлі талдау қажет. Өкінішке орай, құқықтық ғылымның заңнаманы дамыту саласына назары жеткіліксіз. Отандық ғылыми əзірлемелер, əдетте, заңнаманың жекелеген мəселелеріне немесе заң шығару тетіктеріне байланысты жасалады. Сонымен қатар, зерттеушілер қолданыстағы заңға оның дамуы үшін толыққанды ғылыми негіз қалыптастыруға үлес қосудан гөрі түсініктеме береді немесе сынайды. Сонымен бірге, заң ғылымының ғылыми ортада жалпыға белгілі бірінші кезектегі міндеттерін шешу талап етіледі. Жаңа бағыттардың пайда болуын, салааралық институттардың дамуын, заң ғылымының болжамдық функциясын күшейтуді, құқықтағы сабақтастықты зерттеуді жəне т.б. ескере отырып, заңнама жүйесі туралы тұжырымдамаларды жетілдіру бағыттарындағы іргелі зерттеулер қолға алыну керек.
Мемлекеттік билік тармақтарының өкілдері де, азаматтық қоғам да құқықтық ережелерді қалыптастырудың, одан кейін оны іске асыру субъектілері болуға тиіс. Бұл ретте аталған саладағы мониторинг пен бақылау үрдістерінде қоғамдық құрылымдардың рөлі күшейтілуі керек. Бұл үрдістегі конституциялық реформалар тұрғысынан ең белсенді рөл Қазақстан Республикасының Парламентіне тиесілі. Жоғары заң шығарушы орган заңдық ережелерді қалыптастыру жөніндегі ұсыныстарды олардың орындылығы мен басымдылығы тұрғысынан енгізуге жəне бағалауға, содан кейін қабылданған заңдардың елдің əлеуметтік-экономикалық жəне қоғамдық-саяси даму мақсаттарына қол жеткізуге əсер ету дəрежесіне мониторинг жүргізуі керек. Бұл ретте заң ережелері сапасының өлшемдері ретінде оны қоғамның қолдау, түсіну деңгейі жəне іске асырудың тиімділігі алынғаны жөн.
Заң техникасының негізгі əдістері мен құралдарына құқықтық құрылымдар мен фикциялар, сілтемелер мен ескертпелер, құқықтық анықтамалар мен ұғымдар жатады. Заң ережелерін қалыптастыруда олардың заң мəтінінде дұрыс жазылуы өте маңызды. Құқықтық ұғымдар мен терминдер нақты жəне анық болуы, сөздің шынайы мағынасы мəтіндік қалпына қайшы келмеуі тиіс.
Заң техникасы құқықшығармашылықтың барлық сатыларында: заң жобасының бастапқы нұсқасын əзірлеу үрдісінде, оны талқылау жəне қарау барысында, заңды рəсімдеу жəне қабылдау кезінде, оны түсіндіру жəне іске асыру үрдісінде пайдаланылуы керек.
Құқық жүйесін құрайтын құқықтық нормалардың бүкіл жиынтығы олардың біртұтастығын, үйлесімін жəне логикалық дəйектілігін талап етеді. Бұл нормативтік құқықтық актілерді қабылдаудың барлық кезеңдерін реттейтін заң техникасының тиімді құқықтық тетігі болған жағдайда ғана мүмкін болады. Сондықтан заң жобаларын дайындайтын жəне бекітетін мемлекеттік органдардың жұмысында бірыңғай тəртіп пен қажетті біркелкілікті айқындайтын заң техникасы туралы арнайы заң қабылдау орынды болып көрінеді. Мұндай заң нормативтік-құқықтық актілердің мазмұны мен негізділігіне қойылатын ең жоғары талаптарды қамтамасыз етеді. Көрсетілген құжатты қалыптастыруды жоспарлай отырып, оның мақсаты мен міндеттерін айқындау қажет. Оларға:
- мемлекет пен қоғамды дамытуды құқықтық қамтамасыз ету жүйесінің жаңа кезеңін дамыту;
ə) заңнаманы жəне оны іске асыру практикасын жаңғырту;
- құқықтық кеңістіктің бірлігі мен тұтастығын қамтамасыз ету;
- мемлекеттілік институттарын нығайту;
- субъектілердің құқықтық ұстанымдарының ортақтығын қалыптастыруға жəрдемдесу;
- оларды реформалау жағдайында қоғамдық өмірдің барлық салаларына құқықтық ықпал етудің тиімділігін арттыру үшін негіздер қалыптастыру жатады.
Алынған нəтижелердің шынайылығын бағалау. Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тілге байланысты мəселелерінің шешілуі, заңдық актілерінін жалпыға тең, түсінікті ұғымға толы болуы елімізді биікке көтеретін бастамалар деп айта аламыз. Қазақстан Республикасы дамыған, құқықтық мемлекет ретінде танылғанымен, əлі күнге дейін мемлекеттік тіл мəселесі дұрыс реттелмей келе жатыр. Заңгерлердің негізгі айналысатын мəселесі заңды түсіну мен түсіндіру қиындықтарымен арпалысу сияқты болып қалды. Ал арнайы құқықтық сауаты жоқ халыққа заң мəтінін түсінудің қолжетімділігі, оңтайлығы туралы айтпасақ та болады.
Ата заңымыздың 1-бабына сəйкес, Қазақстан Республикасы өзін демократиялы, зайырлы жəне əлеуметтік мемлекет ретінде жариялайды [5]. Құқықтық мемлекет құруды мақсат еткенімізбен, əзірше еліміздегі құқықтық сана мен мəдениет, құқық түсінушілік деңгейі жеткілікті дəрежеде деп айту қиын. Адам өзін сақтай білуі үшін, өз құқықтарын білуі керек деп жар саламыз. Тек, осы құқықты үйренуге, жеңіл түсінуге жағдай толық көлемде жасалып отыр ма деген сұрақ ешкімді толғандырмайды. Құқықтану секілді пəндерді мектеп қабырғасында, мекемелерде өткізілуі талап етіледі, бірақ заңдардың мəтіндеріндегі олқылықтар сабақ жүргізетін оқытушылар үшін құқықты түсіндіру тұрғысында тығырыққа тірейді. Бұдан соң оқушылар мен студенттерде заң шығарушылардың сауаттылығы мен беделіне қатысты қандай пікірлер қалыптасатыны айтпаса да түсінікті. Бұл өскелең ұрпақтың билік басындағы аға буынға, заңға деген сеніміне сызат салары сөзсіз.
Қазақстан Республикасының Конституциясының 7-бабында атап көрсетілгендей «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл — қазақ тілі» [5]. Біз нормативтік құқықтық актілердің бірінші кезекте мемлекеттік тілде жазылуын қолдаймыз. Қазіргі заманда тілдің мемлекеттік мəртебені алып жүруі, оның толыққанды тəуелсіздігіне тікелей байланысты. Ал, тілдің тəуелсіздігі оның заман талабына сай тіршілік етудің құралы бола алатындай қабілеті мен мүмкіндіктеріне тікелей байланысты. Ал, «Қазақстан Республикасындағы тiл туралы» Заңның 5-бабын қарастырсақ, «мемлекеттік ұйымдарда жəне жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» [6] делінген. Үш тағанды тілдік жүйені дамытамыз деп жүргенімізде, тəжірибе көрсетіп отырғандай, ана тіліміздің дамуы тежеліп жатыр. Басшы бастаушы болса, халық қостаушы болады. «Қазақ қазақпен қазақша сөйлесуі керек», — деп, бар жүкті елге арта салмай, қолына заң шығару тізгінін ұстағандар қазақ тілінің мəртебесін көтеріп, оны барынша міндеттеп əрі қорғайтын заң шығарса, көпшілік қолдауына ие болар еді. Жалпы, тіл ғана емес, басқа да ұлттық құндылықтарымызды жаһанданудың теріс əсерлерінен қорғайтын біртұтас конституциялық мəртебесі бар заңды қабылдау сəті келген сияқты деген ойға қаласың. «Өзге тілдің бəрін біл, өз тіліңді құрметте» [7], – деп ақын Қадыр Мырза Əли бекер айтпаған. Əрине тіл еркіндігі бар, адам құқықтары да қорғалады, бірақ «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нəрсенің ең қуаттысы — тілі. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» [8], – деген Ахмет Байтұрсыновтың сөзін алға тарта отырып, тілімізді мықты заң аясында қорғамасақ, ақырын тосып отыра берсек, онсыз да аз халқымыз саны мен ақпараттық-технологиялық кеңістігі басым өзге тілдердің ықпалына төтеп бере алмай қала ма деп уайым етеміз.
Енді, ең басты мəселе — заң тілінің сауаттылығы, заң техникасы мəселесі туралы айтсақ, заң жобаларының басым бөлігі əуелі ресми тіл болып танылған орыс тілінде жазылып, сосын ғана қазақ тіліне аударылатыны жасырын емес. Сол себепті қарапайым адамдардың, тіпті заңгерлердің даулы істер бойынша ақиқатты орнату барысында қиыншылыққа ұшырауы жиі кездеседі. Бұл мəселе түйткілді мəселе болып табылады. Бұл мəселенің бір ұшы заң жобаларының ең алдымен орыс тілінде жазылып, сосын қазақ тіліне аударылуында жатыр.
Қазақстан Республикасы көптен күткен тəуелсіздікті алған сəтінен бастап мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілін бекіту үшін бірқатар заңдар мен реформалар қабылдады. Олардың ішінде «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңы, «Тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы» [9] қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде қалыптасуына жəне ресми орындарды іс жүргізу үрдістерінің қазақ тілінде атқарылуына біршама үлес қосты. «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңының 4-бабында «Мемлекеттік тіл — мемлекеттің бүкіл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жəне іс қағаздарын жүргізу тілі» [6], — деп жазылғандығын атап өтеміз. Оcы жepдe тaғы бip тoқтaлa кeтeтiн мaңызды мəceлeнің бірі — pecми aудapмa iciнің бірінші мамандығы филoлoг, екінші мамандығы заңгер мамандарға жүктeлуі. Зaң мəтiнiмeн жұмыc icтeйтiн aдaмның мiндeттi түpдe бірінші меңгерген мамандығы заңгер бoлуы кepeк. Өйткeнi, тəжірибе көрсетіп отырғандай, заң ережелерін арнайы заңды түсініктегі тілге аударуға келгенде білікті қазақ тілі маманының өзi coл зaңның тaбиғaтын түciнe aлмaй қинaлaды. Бұл жүйенің əлі де болса өзгеріске ұшырамауы өкінішті жайт. Зaң тexникaсынан xaбapы жoқ aдaм қaзaқшaғa epкiн aудapып нeмece peдaкциялaп қoйғaнымeн, opыc тiлiндeгi түпнұcқaмeн caлыcтыpып, зaң шығapушының нe aйтпaқ бoлғaнын зepдeлeгeндe, зaң шығapушының oйын, яғни ереженің мəнісін бұрмалағандығы тайға таңба басқандай көрініп тұрады. Coндықтaн, зaң мəтiнiмeн жұмыc icтeйтiн aудapмaшы заң ережесінің мəнісін түciнeтiн aдaм, яғни зaңгep бoлуы кepeк. Сонымен қатар, заң ережелерін, сөздерін түсінуде бірізділікті толық қамтамасыз ету үшін заңдардың əуелі қазақ тілінде шығарылуын жəне оның басқа тілдерге аударылуы кезінде ең əуелі ресми мемлекеттік тілде аудармалар жасалуын, аудармалардың түсінілуіне байланысты дау туған жағдайда, мемлекеттік тілдегі түпнұсқаға басымдық берілуін қамтамасыз ететін ережелерді заңдық тұрғыда бекіту қажет. Онда аудармашыға қойылатын талаптар мен қатаң жауапкершілігі туралы ережелер болса, бұл да заң сапаларының жақсаруына септігін тигізер еді.
Қолданыстағы заңдардың қазақша нұсқасын зер сала оқысақ, оған негізінен мағыналық аударма емес, сөзбе-сөз аударма, ресми тіл емес, көркем əдебиет тілі тəн екеніне көзіміз жетеді. Соның салдарынан заңның тілі əркелкі, терминдерді қолдануда бірізділік жоқ. Шынын айтқанда, қазіргі кезде заңдардың орысша нұсқасынсыз оның қазақша нұсқасын толық мəнінде дұрыс түсініп, дұрыс қолдану мүмкін емес. Кейбір сөздердің баламасының дұрыстығы күмəн туғызса, кейбір сөздердің аудармасы, тіпті құлаққа оғаш естіледі. Мəселен, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің қазақ тіліндегі нұсқасын зер сала оқысақ, онда сөздердің қазіргі жазылу емлесін ескермеу, құқықтық мағынасынан гөрі көркем əдебиеттік сипаты басым сөздерді қолдану, стильдік үйлесімділіктің болмауы орын алған. ҚР Азаматтық кодексінің ерекше бөлімінде «интеллектуальная собственность» термині үш түрлі аударылған: «интеллектуалдық меншік», «санаткерлік меншік», «зияткерлік меншік» — бұл орысша мəтіндегі бір сөздің екі, үш сөзбен аударылуы.
ҚР Азаматтық кодексіндегі (Ерекше бөлім) 406-баптың 2, 3-тармақтарына сəйкес, орысша мəтіндегі «законодательные акты» деген сөздер түрліше аударылған, бір жерде «заң актілері», ал екінші бір жерде «заңдық актілер» деп берілген. Осы сөздердің мағынасы бірдей болғанымен, бірізділікті сақтау мақсатында Кодекстің толық мəтіні бойынша «Құқықтық актiлер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 1-бабы 7-тармақшасына сəйкес «заңдық акт» деп қолданылған орынды болар еді деп санайды мамандар. Сондай-ақ, «положения» жəне «правила» деген сөздер қазақ тіліндегі редакциясында «ережелер» деп бір сөзбен берілген. Алайда, «Құқықтық актiлер туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 7-бабына сəйкес «положение» — «ереже», ал «правила» — «қағида» деп аударылады [10].
«Құқықтық актілер туралы» 2016 жылдың 6 сəуірдегі Заңының 24-бабында нормативтiк құқықтық акт мəтiнiнiң мазмұнына жəне жазылу стилiне қойылатын талаптар көрсетілген, ал сол баптың 3-тармақшасында «Қазақ жəне орыс тілдеріндегі нормативтік құқықтық актілердің мəтіндері теңтүпнұсқалы болуға тиіс» [11] делінген. Ал, бұл талаптардың қолданыстағы заңдарда сақталмауына көптеген дəйектер бар. ҚР Азаматтық кодексінің 236-бабы «Жаңадан жасалып жатқан қозғалмайтын мүлiкке меншiк құқығының пайда болуы» [12] деп аталған. Ал, кодекстің орысша мəтінінде «Возникновение права собственности на вновь создаваемое недвижимое имущество» [13] делінген. Бұл жердегі «жасалып» деген сөз тіркесін орынсыз деп санаймыз, себебі орыс тілінен «вновь создаваемое» сөзі «қайта жасалынған» немесе «қайтадан жаңадан жасалған» деп аударылуы тиіс, ал сол баптың ішінде бұл түсінік «тұрғызылған» деп тағы басқа сөзбен жазылады. Бұл жерде заңшығарушы жаңадан жасалған мен қайтадан жаңартылып жасалғанның айырмашылығын ажырата алмағаны ма?
Бұл жерде айта кететін болсақ, Азаматтық Кодекстің 117, 216, 236, 240, 242, 247, 249, 255, 281, 299, 309 жəне 319-баптарының мəтіндеріне назар аударсақ, «недвижимое имущество», «движимое имущество» сөздері біресе «жылжымайтын» жəне «жылжымалы мүлік», біресе «қозғалмайтын мүлік», «қозғалмалы мүлік» деп аударылады.
Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 125-бабында «ерекше құқығы» деп аударылыпты, оны «айрықша құқық» деп ауыстыру мəні жағынан дұрыс болар еді. Сонымен қатар, 516-бап. «Қайырмалдық» [12] деген атаумен орналасқан, ал орысша нұсқасында «Пожертвования» [13] деп жазылған. «Қайырмалдық» сөзінің орнына «қайырымдылық» деп ауыстырса, айтуға да, түсінуге де ыңғайлы болар еді.
Енді, құқықтық қатынастың бірден бір маңызды деген терминіне келер болсақ, Азаматтық кодекстің 39-бабы «Заңды тұлғаның тұрған жерi» [12] «Место нахождения юридического лица» [13] деп айтылған. «Заңды тұлғаның орналасқан жері» сөйлем толыққанды баптың мəнін ашатындықтан, бапты қарастыру барысында əр адам əр қилы ойға берілмес үшін бұл баптың мəтінін сəйкесінше өзгерткен жөн.
Қорытынды
Талқылауда түсіндірілген нəтижелерді жүйелеу. Бұл жерде біріздендіру мəселесі, яғни ресми түрде қабылданған бірыңғай терминологиялық сөздікпен нақты аудармаларды бекіту жолымен бұл мəселелерді шешуге болады. Сондықтан да, нақты ресми біріздендірілген (унификацияланған) заң терминдерінің сөздігін құрастырып, заңдық күші бар нормативтік құқықтық акт формасында бекіту мəселесі өзекті болып тұр.
Елімізде орыс тілінің ресми тіл ретінде бекітілуіне байланысты, заңдар да екі тілде шығарылады. Олардың өз ішіндегі сөз ұғымдарының əртүрлі түсінуге болатындығын былай қойғанда, екі тілдегі нұсқаларының қайшы келуі жағдайында қайсы басым тұратындығы анық көрсетілуі маңызды. Мұндай ереже, ҚР Азаматтық кодексінде де жоқ. Тіптен мемлекеттік тілде жазылған нұсқасының басым болатындығы жайында бір де бір сөз айтылмаған. Бірақ, соттық істердің елеулі бөлігі осы азаматтық заңнама ережелерін өмірде жүзеге асыруға байланысты өтетіндігін ескерсек, төмендегі жайтты айта кетуге болады.
Осы күнге дейін заң жобаларының 90 %-ан астамын əзірлейтін Үкімет бір де бір жобаны ана тілімізде дайындамапты. Бүкіл күш пен қаржы қолында десек те, Үкіметтің осы күнге дейін аталмыш мəселеге жеткілікті көңіл бөлмеуі түсінбестік туғызады. Сондықтан да Үкіметіміз бұл мəселені алдағы уақытта мықтап ойлануға тиіс. Жалпы тəуелсіздіктің жиырма тоғыз жылында екі заң ғана қазақ тілінде дайындалған. Олар — 1997 жылғы «Халықтың көші-қоны туралы» жəне 2002 жылғы «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» заңы. Əрине бұған жыл сайын жаңадан заң жазылып жатпағанын, қабылданған заң жобаларының тек өзгерістер мен толықтырулар екенін алға тартып, уəж айтуға болар. Дегенмен, түзетулер енгізіліп жатқан заң жобаларының өзі əлі күнге дейін орыс тілінде дайындалуда [14].
Нəтижелерді қысқаша сипаттау (ең бастысы). Қорытып айтар болсақ, жоғарыда атап өткендей қазақ тілінің беделін көтере отырып, Азаматтық кодекстің сапасын заң техникасына сай қамтамасыз ету керек. Бұл үшін ең алдымен Қазақстан Республикасы Конституциясының 7-бабының 2-тармақшасында көрсетілген: «Мемлекеттік ұйымдарда жəне жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген ережені алып тастау керек деп ұсыныс жасағымыз келеді. Себебі, екі тілдің теңдігі қазақ тілін кең қолдануға қайшылық келтіреді, қазақ тілі басым болмай, жоғарыда көрсеткен мəселелер өзгермейді. Мысалы, мемлекеттік мекемелердің, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының құжаттары орыс тілінде жазылып, жұмыс барысы орыс тілінде өткізіледі. Біздің ойымызша, бұл бап қажет болған жағдайда орыс тілінің қолдану аясын бекітетін бап. Бірақ қазіргі таңда бəрі керісінше орын алып жатыр. Сондықтан бұл баптағы 2-тармақшаны алып тастауға негіздер бар деп ойлаймыз. Егер мұндай мəселенің шешілу ауылы алыс болса заңды қабылдаушы, қалыптастырушы мемлекеттік органдарға жұмысқа қабылдау барысында мамандардың қазақ тілін жетік меңгерген мамандарды қабылдайтын нақты құқықтық акт əзірлеу керек.
Сонымен қатар, біріздендірілген заңдық терминологиялық сөздік енгізуді ұсынамыз. Бұл сөздік арқылы заң саласындағы арнаулы анықтамалардың, ережелердің мағынасын, аудармасының түп нұсқасындағы мазмұнын қарай аламыз. Терминологиялық сөздікке біздің заңдық актілерде көрсетілген негізгі терминдерді қазақша нұсқада жаза аламыз. Əрине, заңдық терминологиялық сөздіктер өте көп, бірақ Қазақстан Республикасының заңнамаларына сəйкес сөздіктер жоқтың қасы. Бұл сөздікті құра отырып, қарым-қатынасқа түсіп отырған тұлғалар, лауазымды адамдар, оқытушылар мен оқушылар өзіне қажетті ақпаратты тез, əрі түсінікті формада қабылдайтындығына толықтай сенімдіміз. Мысалы, қатынасқа түсіп отырған тұлғалар арасында заңдық актілерді түсінбеуі жағдайында, қалай жəне қайдан ақпарат аламыз деген сұрақтар жиі кездеседі. Біріздендірілген терминологиялық сөздікті өзіне қажетті ақпаратты таба алатындай деңгейде ұйымдастыруымыз қажет.
Зерттеудің қолдану аумақтарын, тəжірибелік жəне ғылыми құндылығын сипаттау. Заң техникасы құқықтық актілерді ішінара дамытудың жəне олардың ресми қасиеттеріне ие болуының маңызды факторы болып табылады. Оның бұл маңызы ұлттық заңнамамызды уақыт сайын жаңғыртып, жетілдіре түсу талаптарын орындау жағдайындағы құқықшығармашылық қарқынының үдеуінен арта түспесе, кемімек емес. Зерттеудің тəжірибелік маңыздылығы бұл зерттеудің материалдарын заңгер оқытушылар, студенттер мен ізденушілер, тікелей тəжірибиемен айналысатын заң аясы мамандары өз тəжірибелерінде қолдана алатындығында. Сонымен қатар, зерттеу дəйектері мен нəтижелері, ұсыныстары заң шығармашылығын жетілдіру тəжірибесіне де оң үлесін қосары сөзсіз.
Бұл зерттеуді Қазақстан Республикасы Білім жəне ғылым министрлігінің Ғылым комитеті қаржыландырды (Грант № АР09259787).
- Апт Л.Ф. Законодательная техника: науч.-практ. пос. / Л.Ф. Апт, Н.А. Власенко, В.Б. Исаков, С.В. Кузнецов и др.; под ред. Ю.А. Тихомирова. — М.: Городец, 2000. — 272 c.
- Надеев Р. Законотворческие ошибки / Р. Надеев // Российская юстиция. — 2001. — № 5. — С. 20–22.
- Гойман-Калинский И.В. Элементарные начала общей теории права: учеб. пос. / И.В. Гойман-Калинский, Г.И.. Иванец, В.И. Червонюк; под общ. ред. В.И. Червонюка. — М.: Колос, 2003. — 544 c. [Электронный ресурс] URL: http://lib.lawinstitut.ru/ru/virtualexposition/newbooks/59–075896.pdf.
- Наумкина В.В. Обычай как источник права / В.В Наумкина. — Красноярск: Изд-во Краснояр. гос. аграр. ун-та, 2006. — 136 с. — [Электронный ресурс] URL: https://sci-lib.biz/gosudarstva-prava-teoriya/sotsialnyie-regulyatoryi-71879.html.
- Қазақстан Республикасының Конституциясы. Конституция 1995 жылы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданды [Электрондық ресурс]. Қолжетімділік тəртібі URL: http://adilet.zan.kz/kaz/docs/K950001000_.
- «Қазақстан Республикасындағы тiл туралы» Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 11 шiлдедегі № 151 Заңы [Электрондық ресурс]. Қолжетімділік тəртібі URL: http://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z970000151_.
- Қадыр Мырза Əли. Ана тілің — арың бұл [Электрондық ресурс] / Қадыр Мырза Əли. Қолжетімділік тəртібі: URL: https://www.zharar.com/kz/olen/8733-ana_til.html.
- Ахмет Байтұрсынұлы. [Электрондық ресурс]. Қолжетімділік тəртібі: URL: https://www.zharar.com/kz/quote/35320- ahmet.html.
- «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011—2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 2 шілдедегі № 401 қаулысы. [Электрондық ресурс]. Қолжетімділік тəртібі URL: http://adilet.zan.kz/kaz/docs/P1800000401.
- Заңдарды мемлекеттік тілге аудару сапасына қатысты өзекті мəселелер. [Электрондық ресурс]. Қолжетімділік тəртібі URL: https://www.zakon.kz/4622235-za1187dardy-memlekettk-tlge-audaru.html.
- «Құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасының Заңы. 2016 жылғы 6 сəуірдегі № 480-V ҚРЗ. [Электрондық ресурс]. Қолжетімділік тəртібі URL: http://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z1600000480/480_1.htm.
- Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі. Қазақстан Республикасының Кодексі. 1994 жылғы 27 желтоқсандағы № 268-ХIII [Электрондық ресурс]. Қолжетімділік тəртібі: URL: http://adilet.zan.kz/kaz/docs/K940001000_.
- Гражданский кодекс Республики Казахстан. Кодекс Республики Казахстан от 27 декабря 1994 г. № 268-XIII. — [Электронный ресурс]. Режим доступа URL: http://adilet.zan.kz/rus/docs/K940001000_.
- Нақтыбайұлы Е. Мемлекеттік органдар рейтингіне қазақ тілінде құжат дайындау сапасы кіруі мүмкін [Электрондық ресурс] / Е. Нақтыбайұлы. Қолжетімділік тəртібі: URL: https://inbusiness.kz/kz/news/ukimet-28-zhylda-bir-de-bir-zandy- kazaksha-dajyndamagan.