- Мақалада теориялық талдау, жоғары білімнің тарихи дамуы жəне АҚШ-тың жоғары білім беру саласындағы неолиберализм идеясының қалыптасуы зерттелген. АҚШ-тың жоғары білім беру жүйесін тарихи тұрғыдан талдай отырып, мақала авторлары жоғары білімнің тарихи дамуының əр кезеңін жəне жаһанданудың жоғары білім саласындағы неолибералды идеялардың пайда болуына əсерін жан-жақты зерттеуге тырысқан. Жоғары білім беру саласындағы басқару жүйесіне қ
- атысты əртүрлі ғылыми жəне философиялық көзқарастар суреттелген. Атап айтқанда, АҚШ-тағы жоғары оқу орындарын басқарудың əртүрлі жүйелері қаралды. Басқару жүйесін зерделеу жұмыстың басты мақсаттарының бірі болып табылатынын ескере отырып, авторлар АҚШ-тың тəжірибесі қазақстандық жағдайда қалай көрініс табатынына талдау жүргізді. Жетекші əлем елдерінің неолиберализм идеясын қалыптастырудағы тиімді тəжірибесі қарастырылды. Жоғары білім сияқты неолиберализм идеясын қалыптастыруға ықпал ететін негізгі факторлар айқындалды, сондай-ақ ұлттық жоғары білім мен ғылымның өзекті проблемалары, атап айтқанда: жаһандану жəне интеграция кезеңіндегі ұлттық жоғары білім мəселелері; шетел тілін, университеттердегі жəне ғылыми-зерттеу институттарындағы ғылыми кадрларды қалыптастыру жəне дамыту мəселелері баяндалды. Сонымен қатар, мақалада Қазақстан Республикасында АҚШ тəжірибесін қолдану мəселелері талқыланды. ҚР Ұлттық ғылымын жетілдіру жəне бəсекеге қабілеттілігінің факторы ретінде неолиберализм идеясын дамыту бойынша нақты деректерге негізделген ұсынымдар ұсынылған.
Кіріспе
Бүгінгі таңда АҚШ-тың жоғары білім саласы əлемде көш бастап тұрғаны белгілі жəне оқу орындарының саны мен сапасы жағынан да əлем бойынша алғашқылардың қатарында. Тəжірибе көрсетіп отырғандай, Америкада оқитын шетелдік студенттердің жəне қызмет ететін атақты ғалымдардың саны мен олардың шығарған ғылыми жаңалықтары əлемді мойындатты. Американың жоғары білімін түсіну үшін оның тарихи тұрғыда қандай саяси-экономикалық жағдайда қалыптасқанын қарастырғанымыз жөн. Бұл тақырыпта жазған ғалымдардың еңбектері жеткілікті. Тарихшылар АҚШ-тың жоғары білімінің дамуын бірнеше кезеңге бөліп қарастырады: отарлық жəне ерте американдық колледждер кезеңі (1636–1800), өсу жəне өзгеру кезеңі (1800–1900), жоғары білімнің кеңінен таралу кезеңі (1900–1960) жəне қолжетімділік пен таңдау бар кезең (1960– ХХІ ғасыр) [1].
Хат-хабарларға арналған автор. e-mail: amandykova@mail.ru
Отарлық жəне ерте американдық колледждер кезеңі (1636–1800). Осы тарихи кезеңде американдық колонияларда алғаш рет 1636 жылы Гарвард колледжі жəне өзге де сегіз жоғары оқу орны құрылды. Ол кезде жаңа қалыптасып жатқан өркениетті қоғамға білімді жəне тəжірибелі көшбасшылар қажет болды жəне ол бастама жоғары оқу орындарының негізгі мақсаты ретінде танылды [1]. Қаржыландыру негізінен мемлекет қазынасынан жəне ішінара демеушілер тарапынан жүзеге асырылды. Бұл колледждерді басқарма кеңестері жəне сайланбалы президент басқарды. Ол кезде қара нəсілділер мен əйел адамдарға оқуға түсуге рұқсат етілмеді. Яғни, қоғамда адам құқықтарына қатысты теңсіздік кездесіп, жоғары білімге деген қолжетімділік мəселесі көрініс тапты.
Осы кезде колледждердің басқару кеңесінің құрамына мүдделі тараптар ретінде штаттардың үкіметінен өкілдер қатыса бастады. Яғни, жоғары оқу орнының корпоративтік басқару жүйесіндегі сырттан қатысатын мүдделі тұлғалардың басқаруға қатысуы сол заманда басталды деп айтуға болады. Бірақ сол кезеңде колледждер толығымен академиялық жəне өзге де қызметте автономияға ие болды деп саналады. Əрине, колледждердің басқару органына сырттан мүшелердің сайлануы немесе патшамен мүшелікке тағайындалуы Орта ғасырда Еуропа елдерінде көрініс тауып отырған құбылыс [2]. Тарихшылардың айтуынша XX ғасырдағы мемлекет пен жеке меншік арасындағы өзара қатынастар тиімділігі жағынан сол колониялық кездегі штаттар мен жоғары оқу орындарының арасындағы əріптестікке жетпейді.
Өсу жəне өзгеру кезеңі (1800–1900). Осы кезеңде АҚШ-та халық саны айтарлықтай өсіп, Ұлыбританияның бодандығынан шығып, жоғары білім саласы кең тарай бастады. Ел көлемінде гуманитарлық бағытта 182 колледж ашылып, жеке меншік жоғары оқу орындарын ашуға рұқсат етілді. 1837 жылы қыздарға арналған «Seven Sisters» оқу орындары ашылды. 1890 жылға дейін АҚШ- тың аумағында қара нəсілділерге арналған 200-ден астам жоғары оқу орны ашылды. Алайда, əйел адамдарға оқуға түсуге қатысты кедергілер мен шектеулер XX ғасырдың екінші жартысына дейін сақталды [3].
1862 жылы АҚШ Үкіметі ғылымды дамытуды мемлекеттің негізгі мақсаттарының бірі ретінде танып, арнайы заң қабылдады (Morrill Federal Land Grant Act of 1862). Осы Заңға сəйкес, штаттарда жоғары оқу орындарын ашу үшін жергілікті жерлерді сату өкілеттігін федералдық деңгейден штаттардың өкілеттігіне берілді. Жер сатудан түскен қаржыны штаттар мемлекеттік университеттер ашуға жұмсады. Бұл Заңда инженерлік, жаратылыстану жəне ауылшаруашылық ғылымдарын дамыту мақсатында əр штатта кем дегенде бір колледж ашылу қажет деп көзделді. Алайда, бұл бастамалар 1890 жылы ғана Конгрестің екінші рет Morrill Act қабылдаған соң ғана іске аса бастады. Осы кездері жоғары оқу орындарының саны 563-тен 977-ке дейін өсті [4].
Жоғары білімнің кеңінен таралу кезеңі (1900–1960). ХХ ғасырда жоғары білім саласы күрделі модернизация жəне модификация негізінде өзінің «алтын ғасырын» бастан өткерді. Оған түрлі əлеуметтік жəне экономикалық күштер, соның ішінде дүниежүзілік соғыстар, экономикалық дағдарыс, ғарышты игеру жəне зерттеу сияқты факторлар ықпал етті. Əйелдерге білім алуға шектеулер алынып, олар ХХ ғасырда студенттердің жалпы санының жартысын құрады. Жоғары білім алудың басымдықтары мен мотивтері өзгерді, білім беру заманауи университеттің басты мақсатына айналды.
ХХ ғасырдың алғашқы жылдарында штаттардың басым көпшілігінде жоғары білімді басқару жəне ұйымдастыру саясатында ішкі мəселелер туындады. Осы кезде штаттың жоғары білім саласындағы мүдделері қайта қаралып, орталық басқару жүйесіне көшу саясаты қолға алынды. Осы орайда 1905 жылы Флорида штатында алғаш рет барлық жоғары оқу орындары келісе отырып, бірлескен басқарушы кеңестің құрамына біріктірілді. 1932 жылы АҚШ-тың 11 штатында бірлескен басқару жүйесі енгізілді. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін жоғары білім саясатына штаттардың араласуы күшейе түсті, қаржылық дағдарыс жəне басқа да көптеген мəселелер алаңдаушылық тудырды. Тиімді бақылау жəне реттеу үшін үйлестіруші жəне басқарушы құрылымдар құру талап етілді [3].
Қолжетімділік пен таңдау бар кезең (1960 — ХХІ ғасыр). Бұл кезеңде АҚШ қоғамында маңызды əлеуметтік, экономикалық жəне саяси өзгерістер орын алды, яғни адам құқықтары бойынша қозғалыстар, феминистік қозғалыстар, ғылыми жəне технологиялық революциялар жəне т.б. Жоғары білімнің қолжетімділігі мəселесін шешу мақсатында мемлекет тарапынан бірқатар заңнамалық актілер қабылданды. Əл-ауқаты нашар отбасылардың мүшелеріне арналған арнайы бағдарламалар енгізілді. Жоғары оқу орындарының ішкі басқару жүйесінде реформалар орын алды.
Əдістер мен материалдар
АҚШ-тың жоғары білім беру саласында неолиберализм идеясын қалыптастыру мəселесін зерттеу барысында статистикалық талдау əдістері, АҚШ-тың жоғары білім беруді басқару жүйесін формальды-құқықтық, аналитикалық-жүйелік талдау, ҚР жағдайында АҚШ тəжірибесін қолдану арқылы салыстыру жəне зерттеудің логикалық əдістері қолданылды. АҚШ ғалымдары мен мамандарының зерттеу материалдары талданды жəне зерттелді.
Нəтижелер жəне оларды талқылау
1960–1970 жылдары АҚШ-тың федералдық жəне штаттарының бюджетінен жоғары білім саласына үлкен көлемде қаржы бөлінді. Сондай-ақ, ақылы бөлімде оқитын студенттерден де қаражат көп түсті. Осы кездері жоғары білім кеңінен дамып, университеттердің басқару органдарында сырттан тартылатын мүшелер белсенді қызмет атқарды. Бірақ, 1970 жылдары мұнай өндіру саласындағы əлемдік экономикадағы дағдарыстан соң білім саласында нарықтық қатынастар жұмыс істеу керек деген идеялар пайда болды.
АҚШ жоғары біліміндегі нарықтық тұжырымдамалардың ықпалын арттыру XX ғасырдың орта шенінде Чикаго университетінің экономистері Смиттің классикалық либералды экономикасына негізделіп жаңа экономикалық даму саясатын ұсынды. Экономикадан Нобель сыйлығының лауреаты Фридман өз еңбектерінде əлеуметтік мəселелерді шешуде мемлекеттік-құрылымдық басқаруға қарағанда нарықтық қатынастарды көтермелеу тиімді екенін ұсынды. Қайта құрылған либералды экономикалық қағида немесе неолиберализм идеялары қоғамдық мүдделерді нарықтық қатынастар арқылы қамтамасыз етуде ұтымды деп таныды [5].
Бұл саяси-экономикалық концепция «Жаңа мемлекеттік басқару» деген атпен белгілі болды. Осы кездері мемлекеттік сектордағы экономика тиімсіз жəне экономикалық дағдарысқа əкелуі мүмкін деген болжамдар жасалды. Неолиберализм американдық қоғамда гегемонияға айналды деуге болады, ал кейбір ғалымдардың пікірінше, ол біздің заманымыздың ең қауіпті идеологиясы болып отыр. Неолиберализм кең мағынада «идеялардың, тəжірибелердің, саясаттардың жəне дискурсивті көріністердің жиынтығы ретінде қаралып, үш негізгі қағидамен байланыстырылады: еркін нарықтың орын алуы, мемлекеттің экономикаға араласуы мен реттеуде рөлінің шектелуі жеке тұлғалардың тиімді экономикалық субъект ретінде танылуы».
Жаһанданудың негізінде жоғары білім саласында неолибералдық идеялардың пайда болуына ықпалы
1980 жылдары əлемдік экономикада жаһандану идеялары кең тарай бастады. Мұны Батыстың экономикалық саясатында Вашингтон келісімі жəне өзге де саяси бастамалардың негізінде жүргізгенін байқауға болады. Алғаш рет дамушы елдерде неолиберализм саясатының таралуына 1982 жылы Мексикада орын алған қаржылық дағдарыс басты себеп болды [5]. Сол кездері Мексика, Бразилия, Аргентина сияқты Латын Америка елдері өнеркəсіп пен инфрақұрылымды дамыту мақсатында Халықаралық қаржы институттарынан несие алған. Осы процестің барысында Мексика үлкен қаржылық қарызға түсіп, нəтижесінде шетелдік банктердің алдындағы қарызын жабуға қаржылық қабілеті жоқ болып шықты. Бұл жағдайдан соң Əлемдік банк пен Халықаралық валюталық қор тарапынан дамушы елдерге қатысты жаңа экономикалық құралдар механизмі, яғни неолиберализм концепциясына негізделген экономикалық саясат ұсынылды. Бұл саясат Жүйелі қайта құру саясаты (Structural Adjustment Polices) [6] деп аталды. Ғылыми əдебиетте осы саясаттың басталуына АҚШ пен Ұлыбританияның тікелей қатысы бар екені жəне сол кезде екі елдің экономикасында күрделі реформалар жүргізілуінен көрініс табады. Бұл саясат өз кезегінде Маргарет Тэтчер мен Рональд Рейганның аттарымен байланыстырылып, Вашингтон келісімі (Washington Consensus) деген атпен əдебиетте таралды [5].
АҚШ пен Ұлыбритания жаһанданумен байланысты саяси бастаманың басты авторлары екені анық. Сол себепті де, жаһандық өзгерістер барысында 1979 жылы билікке келген Маргарет Тэтчер басқарған консервативті үкімет Ұлыбританияда жоғары білім саласында күрделі нарықтық реформалар жүргізді. Жоғары білім саласына бөлінетін қаржының көлемі алғашқы төрт жылдың ішінде-ақ 15 %-ға қысқартылды. Англияда 1983 жылы алғаш рет жеке меншік университет ашылды [7]. Сол кездері Англияда шетелдік студенттерге оқу ақысын төлеу міндеті енгізіліп, келесі онжылдықтарда нарықтық бəсекелестік пен бизнестік тəсілмен басқару идеялары қолға алынды. Көріп отырғанымыздай, Ұлыбританияда жоғары білімінің нарық заңдарымен қатаң бəсекелестікте қызмет ету саясаты бүгін де жалғасуда.
Жаһандану процесі жəне неолиберализм концепциясының негізінде Ұлыбританияның жоғары оқу орындарына мемлекеттік бюджеттен бөлінетін қаржы жыл санап шектелуде. Осындай қаржылық дағдарыстардың салдарынан Ұлыбританияның жоғары білім саласында бірқатар күрделі реформалар орын алды. 1990-шы жылдардың басында жоғары оқу орындары дағдарыстан аман шығу жолдарын іздеді. Ұлыбританияның атақты жоғары оқу орындары басқа төмен денгейдегі оқу орындарына қарағанда ерекше мəртебеде болу мақсатында жəне ғасырлар бойы қалыптасып келген университеттік мəдениет пен ғылымның деңгейін сақтап қалу үшін үкіметпен келіссөздер жүргізіп, бірқатар ұсыныстар жасады. Осындай жұмыстардың нəтижесінде Оксфорд жəне Кембридж бастаған бірқатар университеттер 1994 жылы Russell Group қауымдастығын құрды. Бүгінгі таңда бұл қауымдастықтың құрамында Ұлыбританияның атақты 24 университеті кіреді [8]. Бұл қауымдастық қазіргі кезде Ұлыбританияны əлемдік деңгейде білім мен ғылымда көшбасшылар қатарына енуіне зор үлес қосып отырған ұйым. Əрине, мұнда біз Ұлыбританияның басқа да 138 жоғары оқу орындарының мемлекетке əкеліп жатқан кірісін кемітпеуіміз керек. Сондай-ақ, Ұлыбританияның бюджеті осы университеттердің қызметінен жыл сайын қыруар қаржы табыс алып отырғанын айта кеткен жөн.
Жүйелі қайта құру бағдарламасының негізінде экономикада неолибералдық идеология орын алып, Əлемдік банк пен Халықаралық валюта қоры қаржылық дағдарыстан шығуда экономикасы нашар жəне дамушы елдердің үкіметтеріне аталған бағдарламаны қабылдауға жəрдем беріп отырды. Бұл Бағдарламаға сəйкес, экономиканы қайта қалпына келтіру шаралары ретінде мемлекеттік меншіктегі мүлікті иеліктен шығару жəне ұлттық валютаны девальвация жасау ұсынылды. Ал реттеу құралдары ретінде шетелдік инвестиция тарту, жекешелендіру, салықтық реформа, қаржылық көмек көрсетуді жəне еңбек ақының төменгі мөлшерін бекітуді тоқтату, еркін сауда саясатына көшу қолға алынды.
Экономикадағы дағдарыстың салдарынан жəне 1973 жылғы мұнай өндірісі саласындағы тоқыраудың негізінде дамушы жəне экономикасы нашар елдер Халықаралық қаржы институттарының ұсынған бағдарламасын қабылдауға мəжбүр болды. Жалпы алғанда, 1980–1998 жылдар аралығында Əлемдік банк пен Халықаралық валюталық қор əлем бойынша 958 рет несие беріпті [9]. Яғни, жоғарыда аталған елдердің экономикасын қалпына келтіру мақсатында халықаралық қауымдастық тарапынан бірқатар жүйелі жұмыстар жүргізілгенін байқауға болады. Алайда, жүйелі қайта құру саясатының нəтижесінде аталған елдерде білім саласына бөлінетін мемлекеттік бюджет күрт қысқартылып, оқытушылардың жалақысын төлей алмау мен техникалық құрал жабдықтар алуға қаржының жетіспеушілігі жəне өзге де қаржымен байланысты мəселелер пайда болды.
Жаһандану барысында жүргізілген жүйелі қайта құру саясаты ғалымдар арасында көп сын тудырған соң Əлемдік банк, азаматтық қоғам өкілдері жəне жекелеген елдердің үкіметі бірігіп төрт жылдық зерттеу жүргізіп, аталмыш Бағдарламаның нəтижесі қандай болғаны туралы арнайы баяндама жасалды [10]. Бірлескен зерттеу жұмысына төрт құрлықтағы тоғыз елден мəліметтер жиналды. Баяндаманың қорытындысы бойынша жүйелі қайта құру бағдарламасы негізінде жасалған реформалар əсіресе білім мен денсаулық сақтау саласына тиімсіз жəне негативті салдар туғызды деп шешім шығарылды.
Жалпы алғанда, Халықаралық қаржы институттарының тарапынан жасалған аталмыш бағдарлама дамушы елдердің экономикасына өсім əкелмеді жəне білім саласындағы бюджеттің қысқаруына əкеп соқты деп саналады. Латын Америка жəне Африка елдерінде зерттеу жұмыстарын жүргізген ғалымдардың пікірінше аталған бағдарлама бойынша реформаны басынан кешірген елдерде басқа елдерге қарағанда білімге бөлінетін мемлекеттік қаржының көлемі күрт қысқартылған [11].
Осының нəтижесінде «тиімді басқару» концепциясы дамып, қалыптасты. Бұл концепция Вашингтон келісімі шеңберіндегі даму моделінің кемшіліктерін түсіндіруде жəне жаңаша шешім қабылдауда маңызды болды. 1990 жылдардың соңына қарай Вашингтоннан кейінгі консенсус деп аталатын əлдеқайда кең жəне тұрақты альтернативті модель пайда болып, «тиімді басқару» концепциясының көптеген мəселелерін одан əрі кеңейтіп, шоғырландырды.
«Тиімді басқару» термині алғаш рет 1989 жылы Дүниежүзілік банктің Африка туралы баяндамасында қолданылды (Дүниежүзілік банк, 1989). Баяндамада «нашар басқару» Африкадағы құрылымдық түзету бағдарламаларының сəтсіздігінің басты себебі жəне табысы төмен елдердегі, əсіресе Африка елдеріндегі экономикалық өсудің төмен деңгейінің себебі ретінде аталып көрсетілді. Бұл ретте атап өтерлік жайт, аталған бағдарламалардың сəтсіздікке ұшырауы бұл бағдарламалардың қандай да бір кемшіліктеріне байланысты болмады, керісінше, жекелеген елдердегі үкімет қызметіндегі кемшіліктер, жемқорлық, тиімсіз саясат жүргізу, есеп берушіліктің болмауы жəне заңға бағынбау кері əсерін тигізді. Осы орайда, жаңа «тиімді басқару» моделі аталған кемшіліктерді жоюдың құралы ретінде енгізілді [10].
Кейбір авторлар «тиімді басқару» моделін батыс идеологиясының жемісі мен құндылықтары ретінде қарастырады. Нəтижесінде, Батыс елдері белгілеген бағытты ұстанбайтын елдерге түрлі жазалау шаралары қолданылады, ал дұрыс саясатты ұстанған елдер марапатталады жəне тікелей шетелдік инвестицияларды тарту арқылы технологияларды дамытып, нарыққа белсенді түрде қатыса алады.
Байқағанымыздай, əлемдік деңгейде жаһандану процесінде білім саласына нарықтық бастамалар келген жəне ол əр елде түрліше сипатта болған. Əрине, Вашингтон келісімі жəне онымен байланысты саясат Батыс елдерінің мүддесінен шыққаны жəне ол дамушы елдерге айтарлықтай пайда əкелмегені байқалады. Дамыған, яғни капиталистік елдердің дамушы елдерде өз саясатын жүргізу Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталған соң басталды. Дамушы елдерді қаржыландыру жəне экономикалық тұрғыдан «жəрдем көрсету» деген идеялар 1960 жылдары АҚШ-тың Үкіметі тарапынан Латын Америкасында бастама алғанын білеміз. Неолиберализм концепциясының білім саласына енгізілуі жəне оның теориялық негізін дайындаған да АҚШ-тың Чикаго университетінің экономист ғалымдары екені ғылыми əдебиетте кеңінен айтылған.
АҚШ-тың жоғары білім саласының осы неолиберализм концепциясына қатысты ғылыми əдебиетте көп еңбектер бар. Бірқатар ғалымдардың пікірінше, жаңа мемлекеттік басқарудың қағидалары жоғары білімнің бас менеджерлері жəне басқару органдары тарапынан қолдау тапқанымен, бұл идеялар оқытушы-профессорлық құрамның көңілінен шықпады. Реформа барысында жоғары білімді басқару жүйесіне жеке меншік компанияларын басқарудың бизнестік басқару əдістерін тікелей қолдану орынсыз деп саналды. Бұл бастамалар бұдан əрі жоғары білімді қоғамдық игілік жəне мемлекеттің қызметінің бір түрі ретінде тануға сəйкес келмейді деп саналды. Себебі, жоғары білім саласына нарықтық қатынастардың келуі білімнің табиғатын өзгертті. Фридманның білімді нарықтық қатынастар тұрғысынан қарау теориясына дейін ағылшынның атақты экономисты Дж. Кейнстің теориясы, яғни білімді əлеуметтік игілік ретінде қарау жəне ол мүмкіндігінше тегін берілу керек деген концепция кеңінен танылған болатын [12]. Сондықтан да, білімнің ақылы болуы, білімге бөлінетін мемлекеттік қаржының қысқартылу идеялары көпшіліктің санасынан алыс болды.
Жоғары білім саласындағы заманауи өзгерістер жəне оның басқару жүйесіне ықпалы
Бүгінгі таңда жоғары білім саласы ұдайы даму жəне өзгеріс үстінде. Жаһандану үрдістері жаңа нарықтық қатынастар орнатып, жаңа мəселелер туындатып отыр. Көптеген елдерде жоғары білім саласында бірқатар қиындықтар орын алуда. Ол: мемлекеттік қаржыландырудың қысқаруы, жыл сайын саны өсіп келе жатқан студенттерді оқуға қабылдауға университеттердің мүмкіндігінің шектелуі, қолжетімділік пен теңдік, ортақ бірлесіп басқару, академиялық еркіндік, жекешелендіру, жауапкершіліктің жоғарылауы, жаһандану, интернационализация, əртараптандыру жəне т.б. [13].
Ньюман нарыққа бейімделген жүйенің негізінде жоғары білім жүйесінің тиімділігі мен жауапкершілігіне бағытталған төрт саяси бағытты анықтап көрсетті: (а) автономия, кəсіпкерлік жəне есеп берушілік қамтамасыз етілген жоғары оқу орындары; (б) студенттердің білім алуына қатысты жауапкершілікті жоғары оқу орындарының мойнына арту; (в) оқу үлгерімі мен білім бағдарламасын аяқтағандардың үлесін арттыру жəне (d) оқыту мен қызмет көрсетуді бəсекенің негізінде қаржыландыру [14].
Жоғары білім саласындағы заманауи мəселелер экономикасы нашар деп саналатын Африка елдерінен бастап дамыған Батыстың АҚШ, Ұлыбритания жəне өзге де елдерінің бəрінде кездеседі. Дамыған Батыс елдері жоғары білім саласын ондаған жəне жүздеген жылдар бойы ірі көлемде қаржыландырып, бүгінгі таңда өзін-өзі қаржыландыратындай деңгейге жеткізді. Сондықтан да, Батыстың жоғары оқу орындарының басты мақсаты мен мəселесі — білім нарығында бəсекеге төтеп беру, яғни шетелдік студенттерді тарту мен пайда табу. Əрине, сонымен қатар, мықты ғалымдарды өздеріне тарту, сапалы адами капитал қалыптастыру, ғылым мен инновацияны дамыту саясаттары да жүзеге асуда. Дегенмен, жаһандану барысында жоғары білім саласына кері ықпал болуы да мүмкін деген пікірлер бар. Мысалы, əлемге танымал жаһандық жоғары білім саясатының маманы профессор Альтбахтың пікірінше, Батыстың жоғары оқу орындары ашық нарықтық қатынастарға түскен соң жоғары білімді алуда массификация жəне макдональдизация орын алады, соның салдарынан білімнің сапасы түсіп, білім саласында теңсіздік туындады [15]. Альтбахтың айтуынша, жаһандану барысында дамыған елдер мен дамушы елдердің арасында теңсіз қатынастар көрініс тауып отыр, яғни дамушы елдерден сапалы адами капиталдың кетуі, батыс елдерінде дамушы елдердің студенттеріне оқу ақысының анағұрлым жоғары болуы, ғылыми материалдар мен оқу құралдарын сатып алуда үлкен көлемде қаражат төлеу қажеттігі жəне тағы басқа теңсіз қатынастар.
Ал дамушы жəне экономикасы нашар елдердің жоғары білім саласында елдің экономикалық жəне əлеуметтік жағдайына байланысты келесідей мəселелерді байқауға болады: тұрақты қаржылық дефицит, білім сапасының төмен болуы, басқару жүйесіндегі ұдайы реформалар, оқытушы- профессорлық құрамның əлеуметтік мəртебесінің төмен болуы, басқарудағы жəне білім берудегі сыбайлас жемқорлық жəне т.б. Əрине, бұл елдер үшін басты жəне шешімін таппай отырған мəселе қаржылық дефицит екені анық. Алайда, мемлекеттің жүргізіп отырған саясатына университет қабырғасында орын алып жатқан ішкі реформалар да маңызды болып отыр.
АҚШ-тың жоғары білім жүйесін тарихи тұрғыдан талдау арқылы олардың қандай саяси- экономикалық жолмен дамып келгенін көріп отырмыз. Соның ішінде, АҚШ-тың жоғары оқу орындарын басқару жүйесін де қарастырып өттік. Басқару жүйесін зерттеу осы жұмыстың басты мақсаттарының бірі болғандықтан АҚШ тəжірибесі қазақстандық жағдайда қалай көрініс табатынын қарастырсақ. Алдымен басқару жүйесіне жəне оның бүгінгі таңда жоғары білім саласында қалай көрініс тауып отырғанына қысқаша тоқталайық. Басқару ұғымын білім саласындағы саясатты халықаралық жəне ұлттық деңгейде қалыптастыру, жүзеге асыру жəне реттеуге қатысты қарым қатынастар жиынтығы, күрделі жүйе жəне процесс ретінде таныды. Оның мағынасына білім саласындағы заңнамалық база, институционалдық сипаты, қаржыландыру механизмі мен жауапкершілік ұғымдары кіреді [16]. Mortimer жəне Sathre жоғары білім басқаруына əсер ететін жеті негізгі факторды атап көрсетті: нарықтық күштердің маңыздылығының өсуі; есеп берушілікке қойылатын талаптар; мемлекеттік жəне жүйелік деңгейдегі іс-əрекеттің жоғарылауы; университет пен қоғам арасында тығыз байланыстың болуы; студенттік қоғамның табиғатының өзгеруі; ғылым мен техниканың жаһандануы; білім беру технологиясының маңыздылығын арттыру [17].
De Boer жəне Huisman айтып кеткендей, бүгінгі таңда əлемдік тəжірибеде жоғары білімді басқарудың дəстүрлі жүйесінен жаңа басқару жүйесіне ауысуына бірнеше себептер негіз болды. Біріншіден, жоғары білімге деген сұраныстың өсуі мен экономикалық дағдарыста мемлекет халықтың мүддесін қорғауда шешуші роль атқаруы бұдан əрі мүмкін емес болды. Екіншіден, мемлекеттің əлеуметтік мəселелерді шешу қабілетіне деген сенім жоғалып, нарықтық қатынастар күшейе түсті. Нəтижесінде, неолибералдық құндылықтар басымдыққа ие болып, жаңа мемлекеттік менеджмент саясаты енгізілді. Үшіншіден, жаһандану нəтижесінде жоғары білім саласы жаһандық индустрияға айналды жəне бұл жағдай мемлекет пен өзге де стейкхолдерлердің рөлі мен функцияларын қайта қарастыруға əкеп соқты. Төртіншіден, қоғамда сапалы жəне бəсекеге қабілетті жоғары білім саласын дамытудың маңыздылығы туралы пікір қалыптасты [18].
Көріп отырғанымыздай, Батыс елдерінде жоғары білім саласында неолиберализм идеялары үстемдік етіп, университеттер бизнес компаниялар нысанында қаржы табудың құралына айналған. Мемлекеттік бюджеттен бөлінетін қаржының жыл санап шектелуі университеттердің өзін-өзі қаржыландыру режимінде жұмыс істеуіне жағдай жасап, нарықтық қатынастардың субъектісіне айналдырған.
Қорытынды
Жоғарыда АҚШ-тың жоғары білім саласындағы басқару жүйесіне қарасақ, оның əр кезеңде түрліше дамығанын жəне əр штатта өзіндік ерекшеліктері бар екенін көріп отырмыз. Сондықтан да, АҚШ-тағы басқарудың қазақстандық жүйеге жақын жəне қолдануға болады деген келесідей тұстарын атап кетуге болады:
Біріншіден, АҚШ мемлекетінің жəне штаттарының басшылықтары мен өкілдік органдары жоғары білім саласын стратегиялық тұрғыдан маңызды сала ретінде таниды. Яғни, АҚШ-тың экономикасы — білімге негізделген инновациялық идеяларды қажет ететін экономика. Штат губернаторлары мен университет басшылығы тығыз жұмыс істеп жергілікті əлеуметтік, экономикалық, мəдени жəне өзге де мəселелерді бірлесе шешеді. Университеттердің басқаратын үйлестіруші жəне басқарушы кеңестер де штаттардың биліктің өкілеттігінде. АҚШ-тың заңдарына сəйкес, Бас прокуратура тіпті кез келген жеке меншік университет пен колледждің қызметінде заңсыздық бар деп тапса, тексеріп, жауып тастауға құқылы. Жоғары оқу орындарының қызметіндегі жариялылық пен ашықтық мемлекет үшін маңызды екенін АҚШ-тың басқару саясатынан көруге болады.
АҚШ-тың мемлекеттік университеттері 1960-шы жылдары үлкен көлемде федералдық жəне штаттардың бюджетінен қаржыландырылған. АҚШ-тың əр штатында үйлестіруші жəне басқарушы ортақ кеңестердің болуы жəне оның құрамында штаттардың өкілдері қатысуы қолдайтын жағдай. Қазақстандық мемлекеттік университеттерде 2016 жылдан бастап Байқау кеңестері жұмыс істейді жəне ол басқару органына облыстық əкімдіктердің басшылары мүше болып жатқанын көріп отырмыз. Ендігі кезде осы əкімдіктердің жоғары оқу орындарын дамытуға қаншалықты мүдделі жəне қандай деңгейде ықпал ете алады деген сұрақтар туындайды. Мұнда, облыстық немесе қалалық əкімдіктердің Байқау кеңесінің мүшесі, яғни мүдделі тарап ретінде қатысып, олардың мүддесі нақты белгісіз болып отыр. Сондықтан да, Байқау кеңесіне қандай органдар мен ұйымдардан мүшелер тартылу қажеттігі анықталуы қажет.
Екіншіден, Байқау кеңестері жекелеген университеттердің құрамындағы басқарушы орган, ал АҚШ-та бір штатта орналасқан бірнеше университеттер мен колледждердің ортақ басқару органы бар. Əрине, АҚШ студенттері мен жоғары оқу орындары бойынша біздің жүйеден 40 есе көп жəне қаржының бөліну механизмінде де айырмашылықтар көп. АҚШ-тың мемлекеттік басқару жүйесі мейлінше жария жəне ашық, сондықтан да, сыбайлас-жемқорлық əрекеттері кездесуі өте сирек. Алайда, АҚШ-ың жоғары білім саласындағы басқару жүйесін біздің елге ендіру үшін бірқатар саяси, экономикалық, құқықтық жəне əлеуметтік мəселелер шешімін табу керек жəне үлкен көлемдегі мемлекеттік қаржыландыру мен басқару саласында реформаларды қажет етеді.
Үшіншіден, АҚШ-тың жоғары білім саласындағы басқару жүйесі нарыққа бейімделген модельге негізделеді, яғни неолиберализм идеяларына сүйенетін ашық саясат. Ал қазақстандық университеттер əлі де кеңестік жүйеден қалған мемлекетпен немесе университет жетекшілігімен басқарылатын модельді ұстанады. АҚШ-та жоғары білім саласынан мемлекеттік бюджетке миллиардтаған қаржы түседі, яғни ол мемлекеттің экспорттық қызметінің негізгі түрі жəне бүгінде əлемдік білім кеңістігіндегі негізгі білім мен ғылым шоғырланған хаб. Осы тұрғыдан қарағанда, қазақстандық жоғары білім саласын халықаралық деңгейде бəсекеге қабілетті нарыққа айналдыру мүмкін үлкен іс-шараларды қажет етеді.
Төртіншіден, АҚШ-тың жоғары білім саласының үлкен артықшылығы бар — ағылшын тілі. Ол бүгінгі таңда əлемнің басым көпшілік елінде білім мен ғылымның негізгі тілі. Сондықтан да, барлық дамушы елдер тек ағылшын тілін үйрену арқылы халықаралық аренаға шығуға болатынын мойындады. Тіпті кезінде əлемді колонизация жасаған Франция, Германия, Италия, Нидерланды елдері де ағылшын тілінде университеттер ашып, ғылыми орталықтар ашу үстінде. Тек ағылшын тілінде ғылыми жұмыстар жариялау арқылы университеттің рейтингін көтеруге жəне халықаралық əріптестік орнатуға болады. Сонда ғана басқа отандық жоғары оқу орындарынан артықшылығы болып, басқа ұйымдарға үлгі болуға болады. Оның куəсі ретінде Назарбаев университеті жəне КИМЭП-тің жетістіктерін мысалға келтіруге болады. Мемлекеттік тіл ұлттың мəдениеті мен салт- дəстүрін сақтап қалудың кепілдігі, алайда жаһандық жағдайда ағылшын тілін игермей сапалы білім мен ғылыми-технологиялық жетістіктерге жету мүмкін емес екенін өмір көрсетті. Осы жəне басқа да факторларды ескере отырып, Қытай жəне Араб елдерінің тəжірибесіне қарап, ағылшын тілінде білім беру мен ғылыми зерттеу жұмыстарын белсенді жүргізу саясатын ұстану керек.
Əдебиеттер тізімі
- Cowley, W.H., & Williams, D. (1991). International and historical roots of American higher education. New York: Garland Publishing, Inc.
- McLendon, M. K. (2003). State governance reforms of higher education: Patterns, trends, and theories of the public policy process. In J. C. Smart (Ed.), Higher education: Handbook of theory and research (Vol. 18, pp. 57–144). Boston: Kluwer Academic Publishers.
- Thelin, J.R. (1982). Higher education and its useful past: Applied history in research and planning. Cambridge, MA: Schenkman Publishing Company
- Douglas M. Priest and Edward P. St. John. (Eds.). Privatisation and Public universities / Indiana University press
- Branford, S. and Kucinski B. (1988) The Debt Squads: The US, the Banks and Latin America, London: Zed Books.
- Berg, E. (1994). Poverty and Structural Adjustment in the 1980s: Trends in Welfare Indicators in Latin America and Africa, Bethesda, Md., DAI.
- Shattock, M. (2012). Making policy in British higher education 1945–2011. Maidenhead: Open University Press.
- The economic impact of Russell Group universities. russellgroup.ac.uk. Retrieved from https://russellgroup.ac.uk/about/the- economic-impact-of-our-universities/
- Streeten, P. (1988). ‘Beyond adjustment: the Asian experience’, Paper for seminar on ‘Adjustment and Economic Growth: the Asian Experience’, Washington, DC.: IMF.
- SAPRIN (2002). The Policy Roots of Economic Crisis and Poverty: A Multi-Country Participatory Assessment of Structural Adjustment, Washington, DC: SAPRIN.
- Reimers, F. (1994). ‘Education and structural adjustment in Latin-America and sub-Saharan Africa’, International Journal of Educational Development, 14(2): 119–129.
- Deem, R., Hillyard, S. and Reed, M. (2007). Knowledge, Higher Education, and the New Managerialism. The Changing Management of UK Universities. Oxford University Press, Oxford.
- Vidovich, L., & Currie, J. (2011). Governance and trust in higher education. Studies in Higher Education, 36(1), 43–56.
- Newman, F., Couturier, L, & Scurry, J. (2004). The future of higher education: Rhetoric, reality, and the risks of the market. San Francisco: Jossey-Bass Publishers.
- Altbach P. G. (2004). Globalisation and the university: Myths and realities in an unequal world. Tertiary Education and Management, 10(1), 3–25.
- Organization for Economic Cooperation and Development (OECD). (2008). Tertiary educationfor a knowledge society (Volume 1 & 2). Paris: OECD. Retrieved from http://www.oecd.org/education/skills-beyond-school/41314497.pdf
- Mortimer, K.P., & Sathre, C.O. (2007). The art and politics o f academic governance: Relations among boards, presidents, andfaculty. Westport, CT: Praeger Publishers.
- De Boer, H. & Huisman J. (2019). Governance trends in European higher education. In: D. Jarvis & G. Capano (eds), Convergence and diversity in the governance of higher education: Comparative Perspectives. Cambridge: Cambridge University Press.