Другие статьи

Цель нашей работы - изучение аминокислотного и минерального состава травы чертополоха поникшего
2010

Слово «этика» произошло от греческого «ethos», что в переводе означает обычай, нрав. Нравы и обычаи наших предков и составляли их нравственность, общепринятые нормы поведения.
2010

Артериальная гипертензия (АГ) является важнейшей медико-социальной проблемой. У 30% взрослого населения развитых стран мира определяется повышенный уровень артериального давления (АД) и у 12-15 % - наблюдается стойкая артериальная гипертензия
2010

Целью нашего исследования явилось определение эффективности применения препарата «Гинолакт» для лечения ВД у беременных.
2010

Целью нашего исследования явилось изучение эффективности и безопасности препарата лазолван 30мг у амбулаторных больных с ХОБЛ.
2010

Деформирующий остеоартроз (ДОА) в настоящее время является наиболее распространенным дегенеративно-дистрофическим заболеванием суставов, которым страдают не менее 20% населения земного шара.
2010

Целью работы явилась оценка анальгетической эффективности препарата Кетанов (кеторолак трометамин), у хирургических больных в послеоперационном периоде и возможности уменьшения использования наркотических анальгетиков.
2010

Для более объективного подтверждения мембранно-стабилизирующего влияния карбамезапина и ламиктала нами оценивались перекисная и механическая стойкости эритроцитов у больных эпилепсией
2010

Нами было проведено клинико-нейропсихологическое обследование 250 больных с ХИСФ (работающих в фосфорном производстве Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции)
2010


C использованием разработанных алгоритмов и моделей был произведен анализ ситуации в системе здравоохранения биогеохимической провинции. Рассчитаны интегрированные показатели здоровья
2010

Специфические особенности Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции связаны с производством фосфорных минеральных удобрений.
2010

Коммерциялық емес ұйым түсінігі, оның азаматтық құқық жүйесіндегі орны

Мақалада «коммерциялық емес ұйымның» ғылыми-көпшілік ортада қалыптасқан түсінігі тəжірибелік мысалдармен, шетелдік теориялық ойлармен салыстырыла отырып зерттелген. «Коммерциялық емес ұйым» ұғымын дəл қазіргі уақытта қайта қарау аса маңызды болып отыр. Оның басты себебі, азаматтардың саяси-экономикалық, əлеуметтік белсенділіктерін арттыру арқылы жергілікті өзін-өзі басқарудың қазақстандық тəжірибесін қалыптастыру мен дамыту, нəтижесінде жергілікті мəселелерді тұрғындардың өз əлеуетін пайдалана отырып шешу болып отырғаны айқын. Алайда «коммерциялық емес ұйым» ұғымын оның негізгі мақсаттары тұрғысынан зерттеген ғылыми-теориялық ойлардың аздығы байқалады. Бұл өз кезегінде коммерциялық емес ұйымдар турасындағы отандық заңнаманы жетілдіруге мүмкіндік бермейтіні анық. Осы саладағы заңнаманың халықаралық жəне шетелдік ұйымдардың қатысынсыз дамымауының басты себептерінің бірі азаматтық қоғамды қалыптастыру мен дамытуға бағытталған мемлекеттік саясаттың жетілмеуінен байқауға болады. Бұл осы саланы дамытуға мүдделі мемлекеттік органдардың жұмысының нəтижесі деп білеміз. Зерттеудің мақсаты Қазақстан Республикасы азаматтық заңнамасы бойынша «коммерциялық емес ұйым» түсінігін айқындап, оның азаматтық құқық жəне де жалпы мемлекеттік-қоғамдық деңгейдегі орнын анықтау. Мақалада зерттеудің статистикалық, талдау, синтездеу, салыстырмалы-құқықтық, лингвистикалық əдістерімен қатар, олардың тəжірибелік дамуын зерттеуде нақты-əлеуметтік, құқықтық аудит жүргізу сияқты тəсілдер қолданылды. Ғылыми-зерттеулердің нəтижесінде коммерциялық жəне коммерциялық емес ұйымдарды ажыратудың қалыптасқан белгілерін қолданудың мүмкіндігі аз екендігі, осы себепті оларды өзара ажыратудың «қоғамдық пайдалылығы» сияқты т.б. жаңа өлшемдерін қалыптастыру қажеттігі негізделді.

Кіріспе

Əлемдік жаһандану процесінің күшеюі адамның бірлесу бостандығына құқығын жаңаша қырынан қарауды талап етеді. Осы себепті коммерциялық емес ұйымдардың (КЕҰ) қызметін құқықтық реттеудің халықаралық тəжірибесін қазақстандық ерекшеліктерді ескере отырып ендіру уақыт талабы. ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ə. Назарбаевтың «Ұлт жоспары — Қазақстандық арманға бастайтын жол» мақаласында жаһандық қарама-қайшы əлемде еліміз өзінің тұрақтылығын əрбір ішкі жəне сыртқы сын-тегеуріндерге лайықты əрекет жасай отырып сақтап қалатыны айтылған [1]. Сондықтан да тұрғындарды қоғамдық процестерге кеңінен тарту арқылы азаматтық қоғамды дамытып, демократиялық, саяси жəне экономикалық жаңғыртуларды тікелей іске асыратын коммерциялық емес ұйымдарды құқықтық қамтамасыз етуді зерттеу өзекті мəселе деп айта аламыз.

Елімізді үздік отыздыққа апарар «100 нақты қадамның» 97-қадамында коммерциялық емес ұйымдар (азаматтық қоғам институты ретінде) қызметін құқықтық реттеуді жетілдіру азаматтық белсенділікті жандандырып, өзін-өзі реттеу мен жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытатындығы, сол арқылы азаматтардың шешімдер қабылдау үдерісіне қатысу мүмкіндігін кеңейтуге мүмкіндік туғызатындығы айтылған [2]. Демек тұрғындардың өзіндік ұйымдасуына мүмкіндік беретін коммерциялық емес ұйымдардың қалыптасуы мен дамуына қажетті құқықтық орта қалыптастыру жергілікті өзін-өзі басқаруда маңызды орын алады. Ал, мемлекеттік құрылымы унитарлы болып келетін Қазақстан үшін жергілікті өзін-өзі басқаруды қалыптастыру əлі күнге дейін көкейтестігі жоғары мəселе.

Қазақстан Республикасы 2005 жылы Азаматтық жəне саяси құқықтар туралы халықаралық пактіні ратификациялау арқылы адамның негізгі құқықтары мен бостандықтарын сақтауда өз алдына

*Хат-хабарларға арналған автор. E-mail: bola_30081978@mail.ru

міндеттемелер қойған. Оған сəйкес адамның бірлесу бостандығы құқығын Конституция мен азаматтық заңнамада бекіту жеткіліксіз. Тəжірибеде байқағанымыз аталмыш құқықты қамтамасыз ету үшін оның заманауи түсінігін ұғыну, оны реттеу мен оған қойылатын шектеулердің заңдылығын, негізділігі мен өлшемге сəйкестігін зерттеуді қажет етеді. Осыған сəйкес коммерциялық емес ұйымдар қызметін реттеуге бағытталған құқықтық нормалар бірлесу бостандығын жүзеге асыруға кедергі жасауға емес, оны қамтамасыз ету мен шынайы іске асыруға бағытталуы тиіс деген пікірдеміз. Ал бұл өз кезегінде мемлекеттік деңгейде жаңаша заңнама қалыптастыруды талап етеді.

Қазақстан Республикасының бұрынғы қалыптасқан экономикалық қатынастардан нарықтық қатынастарды құруға көшуі азаматтық айналымдағы барлық ұйымдардың қызмет ету тəртібін елеулі өзгерістерге ұшыратты. Тауар өндіру, жұмыс атқару немесе қызмет көрсетумен бұрыннан айналысып келе жатқан коммерциялық емес ұйым нысандары қазақстандық экономикалық жүйеде өз орнын жоғалтқан жоқ. Сонымен бірге, жүргізіліп отырған реформалар коммерциялық емес ұйымдардың шаруашылық қызметке қатысуының мақсаттарын нақты анықтап беріп, осыған сəйкес оны реттеудің құқықтық тəсілдерін қалыптастырудың қажеттілігін тудырды. Əсіресе, коммерциялық емес ұйымдардың кəсіпкерлік қызметін реттеуде бұл мəселе аса өзектілігін байқатты. Оны жүзеге асырудың шарттары мен тəртібінің зерттелмеуі нəтижесінде тəжірибеде коммерциялық емес ұйымдардың кəсіпкерлік қызметінің ешқандай ерекшелігі жоқ деген түсінік қалыптасқан. Сонымен бірге, тəжірибе жүзінде көптеген коммерциялық емес ұйымдар өзінің құқықтық мəртебесін өзгертпестен өзіне тəн жеңілдіктерді негізсіз пайдалана отырып, коммерциялық ұйымдарға айналғандығын көру қиын емес. Бұл бағытта да зерттеудің өзектілігі нарықтық қатынастар тереңдеген сайын артып келеді.

Уақыт талабына сəйкес мемлекет жəне бизнес-құрылымдармен қатар «үшінші секторды» құрайтын коммерциялық емес ұйымдардың (үкіметтік емес ұйымдар, азаматтық қоғам ұйымдары) жүйесі өзіне ерекше көңіл бөлуді талап етеді. Себебі, соңғы жылдардағы тəжірибеге сүйенсек, бұл сектордың бақылаусыз қызмет атқаруы оның қатысушыларының құқықтары мен бостандықтарының бұзылуының потенциалды қаупін туындатып қана қоймайды, сонымен бірге азаматтық айналымның мемлекет, коммерциялық ұйымдар секілді өзге субъектілерінің де мүдделерінің қанағаттандырылмауына алып келеді. Коммерциялық емес заңды тұлғалар қызметін құқықтық реттеу, оның нысандарының құқықтық жағдайын жетілдіру мен құқықтық қамтамасыз етудің өзектілігін ресми статистиканы қарастыру арқылы байқауға болады. Оған сүйенсек, 2019 жылдың 1 қаңтарында КЕҰ-ның саны 59740-қа жеткен, оның ішінде 4446 жеке мекеме, 8810 қоғамдық бірлестік, 5327 қор, 1336 діни бірлестіктер, 1356 заңды тұлғалардың қауымдастығы, 5263 тұтыну кооперативтері, 362 тұрғын үй кооперативтері, 798 КЕ Акционерлік қоғамдар, 2542 пəтер иелерінің кооперативтері, 7726 өзге де ұйымдар (жалпы ҮЕҰ — 37986), ал 20754 мемлекеттік мекеме [3]. Осыған байланысты бұл саладағы қоғамдық қатынастарға мемлекет тарапынан тікелей немесе жанама түрде ықпалдың болуы заңдылық. Сонымен қатар, коммерциялық емес ұйымдар қызметінің нарықтық сипатын айта отырып, олардың жарғылық «ережелер» шеңберінде шектелгендігін айтпау мүмкін емес. Мұндай шектеу коммерциялық емес ұйымдар жүйесін құрайтын «үшінші сектордың» экономика мен əлеуметтік салаға мүмкін болатын тиімді ықпалын əлсіретуі немесе мүлдем жоғалтуы мүмкін. Ал бұл өз кезегінде коммерциялық емес ұйымдар қызметін реттеу үшін, осы нысандағы заңды тұлғалардың түсінігін қайта қарауды талап етері сөзсіз.

Əдістер мен қолданылған материалдар

Мақаланы жазуда ғылыми зерттеудің жалпы жəне жеке əдістері: диалектикалық, тарихи, формальды-логикалық, салыстырмалы-құқықтық, лингвистикалық, нақты-əлеуметтік əдістер қолданылған. Коммерциялық емес ұйымдар туралы заңнаманың дамуы мен одан əрі жетілуін қарастыруда жалпы танымдық диалектикалық əдіс, осы бағыттағы құқықтық нормалардың өзара жəне өмірмен байланысын зерттеуде формальды-логикалық, талдау, синтез жəне хронологиялық əдістері, коммерциялық емес ұйым заңнамасы дамуының шетелдік тəжірибесін зерделеуде салыстырмалы-құқықтық əдістер, «коммерциялық емес ұйым», «бірлестік (бірлесу)» терминдерін тереңірек қарауда лингвистикалық əдістер қолданылды.

Зерттеу негізінде коммерциялық емес ұйымдардың кəсіпкерлік қызметінің мемлекеттік маңызы, оларды мемлекеттік-құқықтық қолдау барысында жеткен нақты нəтижелерді анықтауда статистикалық əдістер пайдаланылған.

Сонымен қатар, тəжірибеде коммерциялық емес ұйымдарды құру, қызметін жүзеге асыру мен тоқтатудың құқықтық мəселелерін анықтау мақсатында Түркістан, Алматы, Қызылорда облыстарындағы қоғамдық бірлестік, қор, тұтыну кооперативтері, мекеме нысандарындағы коммерциялық емес ұйымдарда құқықтық аудиттер (нақты əлеуметтік) жүргізілді.

Нəтижелер

Қазақстанда коммерциялық емес ұйымдар ХХ ғасырдың 80-жылдары саясат пен экономика саласындағы реформаларға байланысты дами бастады. Бүгінгі күні олар біздің елде азаматтық қоғамды дамытудың негізі болып табылады жəне олардың өскелең рөлі əлеуметтік бағыттағы нарықтық экономиканың құрылуымен байланысты.

Коммерциялық емес ұйымдарды белгілеуде əлемдік тəжірибе қазақстандық тəжірибемен салыстырғанда біршама ерекшеленеді.

Ұлттық заңнамамызда да оларды сипаттау үшін пайдаланылатын терминдер əртүрлі болуы мүмкін: ол үкіметтік емес ұйымдар (ҮЕҰ), коммерциялық емес ұйымдар (КЕҰ), азаматтық қоғам ұйымдары (АҚҰ). Қатаң мағынада «үкіметтік емес ұйымдар» заңды термин емес, алайда, олардың іс жүзінде орнығуының себебі, олар Біріккен Ұлттар Ұйымының, Дүниежүзілік Банктің, сондай-ақ, бірқатар басқа халықаралық құрылымдардың құжаттарында үкіметтік емес ұйымдарды белгілеу үшін пайдаланылуында. Шындығында, Қазақстанда «үкіметтік емес ұйым» термині, «өзіндік ұйымдасқан» немесе «тəуелсіз қоғамдық бiрлестiк» сияқты отандық атауларды ауыстыруына халықаралық донорлардың ықпалы жоғары болғандығын осы тақырыптағы ғылыми мақалада қарастырған болатынбыз [4; 196–204].

«Үкіметтік емес ұйым» термині тəжірибеде жəне заңда пайдаланылатынын атап өткен жөн. «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік əлеуметтік тапсырыс, үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар жəне сыйлықақылар туралы» ҚР Заңының 1-бабының 7-тармағында берілген анықтамаға сəйкес, үкіметтік емес ұйымдарға Қазақстан Республикасының заңнамасына сəйкес өздерінің ортақ мақсаттарына қол жеткізу үшін ерікті негізде азаматтардың жəне (немесе) мемлекеттік емес заңды тұлғалардың күшімен құрылған коммерциялық емес ұйымдар (саяси партияларды, кəсiптiк одақтарды жəне діни ұйымдарды қоспағанда) жатады [5]. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының бірқатар заңдарында «үкіметтік емес ұйым» термині Қазақстанда жұмыс істейтін шетелдік жəне халықаралық үкіметтік емес ұйымдарды белгілеу үшін пайдаланылады. Мысалы, ҚР «Қоғамдық бірлестіктер туралы» Заңның 3-бабында «Осы Заңның күшi Қазақстан Республикасы аумағында құрылған жəне жұмыс iстейтiн шетелдiк жəне халықаралық коммерциялық емес үкiметтiк емес бiрлестiктердiң құрылымдық бөлiмшелерiнiң (филиалдары мен өкiлдiктерiнiң) қызметiне қолданылады, бұған дiни бiрлестiктер кiрмейдi» [6] деп көрсетіледі.

Арнайы мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру үшін мемлекеттік коммерциялық емес ұйым құрылып, ұйым ресми түрде үкіметтік емес деп аталған жағдай мəлім [7].

Іс жүзінде, Қазақстанда бұл термин көбіне коммерциялық емес ұйымдардың синонимі ретінде қолданылады. Алайда тəжірибе мен жоғарыдағы анықтама байқатқанындай, үкіметтік емес ұйым бұл саяси-экономикалық ұғым екенін аңғару қиын емес.

Американдық ғалымдар Леон Е.Айриш, Роберт Кушен, Карла В. Саймон түрлі елдерде үкіметтік емес ұйымдардың құрамына түрлі құрылымдар мен қоғамдық ұйымдар кіреді (жəне шығарылады). Біржақты мағынада — əрбір мемлекетке қатысты — «үкіметтік емес ұйым» термині құрылған құқықтық жүйенің заңды тұлға ретінде танылатын тек формальды түрде жəне де-юре құрылған мемлекеттік құрылымды білдіреді [8; 16] деп көрсеткен.

Отандық ғылымда үкіметтік емес ұйымдар — кəсіби ерекшелікпен шектелмейтін (сондықтан ҮЕҰ-ға кəсіподақтар жатпайды) жəне мемлекеттік билікті көздемейтін (осыған байланысты бұларға саяси партияларды қоспайды) ашық коммерциялық емес ұйымдар [9; 39] деген пікірді қолдайтындар да бар.

Электрондық сөздіктерді ескере отырып, ресейлік ғалым-терминологтардың көбісі Ресей Федерациясының Азаматтық кодексінде берілген анықтамаға сүйенетінін түсіндік.

Г. Литвинцева институционалдық экономика бойынша терминдер сөздігінде мынадай жолмен коммерциялық емес ұйымның мəнін былайша анықтайды: «Коммерциялық емес (түсімсіз) ұйым — бұл қызметі барысында табылатын кірістерден шығыстарды алып тастағандағы пайда ұйымның өзінде қалып, оның алдына қойған мақсаттарына пайдаланылуы тиіс ұйым» [10].

«Академик.ру» сөздігі де терминге дұрыс мағына бермейді, «үкіметтік емес ұйым — бұл пайда түсіруді көздемейтін ұйым, заңды тұлға. Коммерциялық емес ұйым жекелеген жағдайларда коммерциялық қызметпен айналысуға құқығы бар, бірақ тек коммерциялық емес бағыттағы мақсатқа жету үшін» [11]. «Жекелеген жағдайлар» деп автор нені меңзегені белгісіздеу.

Шетелдік немесе еуропалық əдебиет көздеріне сүйенсек, бұл ұйымдардың əртүрлі анықтамалары бар, бірақ негізінен олар «коммерциялық емес» деп аталатынын көруге болады. Ғылыми əдебиетте, əдетте, «үшінші сектор» немесе «пайда таппайтын ұйымдар» сияқты ұғымдар кездеседі, бірақ олар көпшілік мақұлдаған терминдер емес. Алайда, жоғарыда аталған терминдерге синоним ретінде пайдаланылуы екі талай бірқатар анықтамалар бар. Осылайша, экономикалық статистикада теріс шектейтін функционалдық аспектіні көрсететін «табыс алуды көздемейтін ұйым» деген анықтама қолданылады. Күнделікті тілде осындай үшінші сектор ұйымдарын таңбалау үшін «бірлестік», «одақ» белгілері пайдаланылады. «Ерікті бірлестік» ұғымының құрылымдық ерекшелігіне қоғамдық бастауларға қатысу назары топталған. Саясатта теріс жіктеуді білдіретін, не осындай ұйымдар мен мемлекет арасындағы қарым-қатынас белгілейтін, не экономикалық жəне экономикалық емес кəсіпорын бөлімшелерінің арасындағы айырмашылық орнататын «үкіметтік емес ұйым» жəне «коммерциялық емес ұйым» деген терминдер пайдаланылады. «Мемлекеттік емес ұйымдар» деп мемлекеттік секторға қатысы жоқ барлық ұйымдарды айтуға болады.

Американдық ғалымдар Salamon, Lester M., Anherer, Helmut K. «пайда таппайтын ұйымдар» азды көпті ашық, формальды құрылымы бар жəне мемлекеттің ықпалынан тікелей тəуелсіз, өздігінен қалыптасып белгілі бір мақсатқа жету үшін ерікті жұмыстар мен қызметтерді, түрлі материалдық жəне материалдық емес ресурстарды үйлестіретін социотехникалық құрылым деп түсіндіріледі [12; 384] деп көрсетеді. Ұлыбританияда барлық қоғамға пайдалы ұйымдарға «қайырымдылық ұйымдар» [13; 487] термині қолданылады.

«Коммерциялық емес ұйым» ұғымының анық болмауы жəне де оның коммерциялық ұйымдармен қатар азаматтық айналымға қатысуы «заң шығарушының заңды тұлғаларды түрлерге бөлудің салалық критерийлеріне нұқсан келтіреді» [14; 107] деген пікірмен толықтай келісеміз.

Заңда қабылданған заңды тұлғаларды коммерциялық жəне коммерциялық емес ұйымдарға бөлуді сақтап қалу туралы тұжырымдамалық тенденцияны ұстана келе, «коммерциялық емес ұйым» ұғымын түсінуге қатысты мəселеде нақтылыққа қол жеткізуді алға тарта отырып, ғалымдар коммерциялық емес ұйымдардың заңнамалық атауына ұқсас: «кəсіпкерлік емес» [15; 19], «əлеуметтік» [16; 176], «азаматтық ұйымдар» [17; 245] деген атауларды ұсына бастады.

Алғашқы рет заңды тұлғаларды коммерциялық жəне коммерциялық емес деп бөлу 1991 жылдың 31 мамырында КСРО жəне Одақтас республикалардың азаматтық заңнама Негіздерін 1991 жылы 18 бапта қабылдануымен жүргізілді [18]. Мұндай қадам қазақстандық заң шығарушы тарапынан 1994 жылы жүргізілген болатын.

Аса ауқымды емес тарихи көзқарастарды ескере отырып, қазақстандық заңнамада, сонымен қатар еуропалықта да [19; 147], коммерциялық емес заңды тұлғаның қазіргі мінсіз кейіпі қоғам мен өз мүшелерінің (қатысушыларының) игілігін қамтамасыз етуге бағытталып «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» ҚР Заңының 4-бабына сəйкес «əлеуметтiк, мəдени, ғылыми, бiлiм беру, қайырымдылық, басқару мақсаттарына қол жеткiзу; азаматтардың жəне ұйымдардың құқықтарын, заңды мүдделерiн қорғау; даулар мен жанжалдарды шешу; азаматтардың рухани жəне өзге қажеттiлiктерiн қанағаттандыру; азаматтардың денсаулығын сақтау, қоршаған ортаны қорғау, дене шынықтыру мен спортты дамыту заң көмегiн көрсету үшiн, сондай-ақ қоғамдық игiлiктердi жəне өз мүшелерiнiң (қатысушылардың) игiлiктерiн қамтамасыз етуге бағытталған басқа да мақсаттарда құрылуы мүмкiнкіндігімен» байланысты болған жəне байланысты болып келеді [20]. Заң шығарушы дəл осындай аса коммерциялық емес кейіпті жасауды көздеген болатын.

Қолданыстағы заңнамада коммерциялық емес ұйымдардың кейбір ұйымдық-құқықтық нысандарына алынған таза табысты қатысушылар (мүшелер, құрылтайшылар) арасында қалай да бөлуге мүмкіндік беретін жалпы ережеден бөлек көптеген ерекшеліктердің болуы «коммерциялық емес ұйым» ұғымының тұжырымдамалық жəне нақты мазмұнының арасындағы айырмашылықты көбейтеді. В.Ф. Яковлевтің пікірі бойынша, бұл олардың құқықтық пішіні «жұмбақ, бұлыңғыр жəне алуан жүзді» болып қалуына себепші болды [21; 147]. Бұл түсініктің тұжырымдамалық мазмұны ретінде зерттеу пəнін белгілі бір топтарға бөлетін не біріктіретін белгілер жүйесі болса, нақты мазмұны ретінде жекелеген нормативтік-құқықтық актілердегі осы түсінікті қолданудың прагматикалық қырлары танылады. Бұл екі арадағы айтарлықтай айырмашылықтың болуы ерте ме кеш пе жекелеген тұлғалардың бас пайдасына пайдалануға алып келеді. «Коммерциялық емес ұйым» түсінігінің тұжырымдамалық жəне нақты мазмұнының арасындағы айырмашылық теориялық жəне тəжірибелік тұрғыда жиі кездесетін жайт. Біздің айтпағымыз, ҚР Азаматтық кодексі мен ҚР «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» Заңындағы «коммерциялық емес ұйымның» заңды түсінігі қалыптасқанымен, шынайы тəжірибеде оның түрлі ұйымдық-құқықтық нысандары туралы заңды бастапқы мəнінде қолдану əртүрлі себептерге сəйкес мүмкін емес.

Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі коммерциялық емес ұйым қызметінің негізгі мақсаты ретінде пайда келтіре алмайтын жəне алынған таза табысын қатысушыларына үлестірмейтін деген анықтама береді. Жəне керісінше коммерциялық ұйымды қызметінің негізгі мақсаты ретінде табыс табу болып табылатын ұйым ретінде анықтайды [22].

Жоғарыдағы берілген анықтама заңды тұлғаның біз зерттеп отырған категориясына сипаттама беруге бағытталмағандығы байқалады. Бұл анықтама «коммерциялық ұйым» ұғымына теріс мағынадағы «болымсыз» түсінік беру жолымен берілген. ҚР Азаматтық кодексі 33-бабының 1- тармағына сəйкес «өз қызметiнiң негiзгi мақсаты ретiнде табысын келтiрудi көздейтiн» [22] болымды түсінік берілген «коммерциялық ұйым» бар.

Осылайша, заң шығарушы коммерциялық емес ұйымдардың заңдық маңызды белгілері ретінде төмендегідей оның екі «болымсыз» қасиеттерін атап көрсетеді: 1) пайда келтіру коммерциялық емес ұйым қызметінің негізгі мақсаты болмауы тиіс; 2) коммерциялық емес ұйым қатысушылары арасында таза табысты бөлуге тыйым салу.

Ендігі жерде коммерциялық емес ұйымның осы екі белгісін талдайық.

Талқылау

Коммерциялық емес ұйымның бірінші белгісі негізгі мақсат ретінде пайда келтіру болмауы тиіс деген талап. Егер де заң шығарушы тарапынан осы жерде нүкте қойылған болса, онда заңды тұлғаларды «коммерциялық» немесе «коммерциялық емес» түрлерге бөлу оңай болар еді. Демек коммерциялық ұйымдар бұл пайда келтіру негізгі мақсаты болып табылатын ұйымдар, ал өзге қоғамдық пайдалы мақсаттарды көздейтін ұйымдардың барлығы коммерциялық емес деп танылуы тиіс болатын. Ғылымда мұндай қарама-қарсы ұғымдар «сызықтық тəсіл» арқылы шешіліп отырады. Мұндай «сызықтық» əдіс «шындық-өтірік», «махаббат-жек көру» сияқты өзара оппозициялық ұғымдардың негізінде жатады. Тиісінше «коммерциялық емес» ұйымдардың өлшемдік қасиеттерінің максималды көрінісі кəсіпкерлік қызметпен айналысуына тыйым салу болуы тиіс. Алайда заң шығарушы толықтай сызықтық өлшемді басшылыққа алмастан, коммерциялық емес ұйымдарға кəсіпкерлік қызметпен айналысуына толықтай мүмкіндік берді. Осылайша, коммерциялық емес ұйымдардың екі тобы пайда болды: айталық, біріншісі қандай да бір қоғамдық мақсаттарды көздей отырып, табыс табумен де айналысатын ұйым болса, екінші топты қызметі тек қана қоғамдық игіліктерге жетуге ғана бағытталған ұйымдар құрады.

Жоғарыдағы жағдайдан қалыптасқан логикаға сəйкес пайда келтіру қызметінің болу не болмауы қасиеті негізінде заңды тұлғаларды «коммерциялық» жəне «коммерциялық емес» деп бөлудің аса қиын екені байқалады. Біздің ойымызша, осының негізінде «коммерциялық емес ұйым» категориясы қазақстандық заңнамада біржақты коммерциялық та емес, немесе толықтай коммерциялық та емес «орталық позицияда» қалып қойған.

Құқық қолдану тəжірибесінде бірден-бір өзекті мəселелердің бірі коммерциялық емес ұйым қызметінің негізгі мақсатын анықтау қажеттігінің қиындығы. Яғни, көптеген мақсаттарының ішінде коммерциялық емес ұйым үшін «іс жүзінде» («де-факто») қайсысы «аса маңызды, негізгісі» болып табылады? Нəтижесінде ұйым мақсаттарының «негізгісін» табу үшін қандай өлшемдердің көмегімен саралауға болады? Қазіргі заң ғылымы мен тəжірибесі коммерциялық емес ұйымның негізгі мақсатын анықтау үшін қажетті тиімді тəсілдермен жабдықталған ба? Міне күнделікті тəжірибеде кездесетін сауалдардың тізімінің негізгілері осындай. Осы сұрақтарға жауап табуға тырыссақ.

Алғашқыда коммериялық емес ұйымның қоғамдық игіліктерге бағытталған негізгі мақсатын, екінші кезектегі пайда келтіретін кəсіпкерлік қызметінен ажырата алуға болады деген жағдайды қарастырайық. Мұндай мүмкіндік екі жағдайда туындайды: біріншісі, коммерциялық емес ұйым кəсіпкерлік қызметпен мүлдем айналыспағанда, екіншісі, коммерциялық емес ұйымның қызметі мүлдем пайда келтірмеген жағдайда. Мысал ретінде бір жағынан қайырымдылықпен айналысатын, екінші жағынан сауда-саттықты жүзеге асыратын ұйымның жағдайын айтуға болар еді. Қайырымдылық қызметі коммерциялық емес ұйым үшін негізгі жəне ол пайда келтірмейді де, ал сауда-саттық коммерциялық емес ұйымның негізгі қызметін қаржыландыруға қажетті қаражатпен қамтамасыз ету үшін қажетті пайда келтіретін жəне бірыңғай екінші кезектегі қызметі ретінде танылады. Жалпы мұндай ұйымда барлығы қисынға сай, түсінікті.

Негізгі қызмет коммерциялық емес ұйым үшін пайда келтірмеуі тиіс деген пікір ресей ғалымдарының еңбектерінде В.В. Залесский, Р.Ф. Калистратова [23, 93], О.П. Кашковский [24, 13] толықтай негізделіп қолданылады.

Ал өзге пікірлердің барлығы бұл өлшем мүлдем тəжірибеге сəйкес келмейді деп есептейді. Қазақстандық заң шығарушының коммерциялық емес ұйымдардың негізгі жəне екінші кезектегі қызметін қатар қолдануға көптеген мүмкіндік бергендігі туралы алдын ала жаңсақ пікір қалыптастырмас үшін, мысалдар келтірейік. Негізгі қызметі ретінде білім беруді мақсат тұтқан мекеме ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған КЕҰ-ның өз оқушылары мен тыңдаушыларынан өз қызметін көрсеткені үшін ақы алуға құқығы бар. Алайда, білім беру қызметі мекеменің негізгі мақсаты емес пе еді? Міне, заң шығарушы бұл жағдайда коммерциялық емес ұйымға негізгі қызметінде қоғамдық пайдалы қызмет пен кəсіпкерлік қызметті қатар атқаруға мүмкіндік беріп отыр.

Кейбір ресейлік авторлар коммерциялық емес ұйымның қызметін негізгі жəне негізгі емес деп ажыратудың талпынысын нəтижесіздігін танып, оны шешудің жаңаша жолдарын ұсынады. Мысалы, ресейлік автор О.Е. Чернега ұйымдарды «коммерциялық» жəне «коммерциялық емес» деп бөлудің базалық өлшемі ретінде «қызмет мақсаты» мен «құрылу мақсатын» бөліп қарастыруды ұсынады [25; 135, 136].

Біздің ойымызша, ең бірінші КЕҰ-ның өзге де коммерциялық заңды тұлғалармен қатар мақсаты мен қызметі ҚР Конституциясына жəне де қолданыстағы заңнамаға сəйкес болуы қажет. Коммерциялық емес заңды тұлғалардың «қызметінің» «негізгі мақсатын» ҚР АК-нің 34-бабының өзі анықтап беріп тұр деп ойлаймыз. Оған сəйкес КЕҰ-ның «қызметінің» «негізгі мақсаты» пайда келтіруді келтіруді көздемеу жəне таза табыс болған жағдайда да оны қатысушылары арасында үлестірмеу болып табылады. Ал, «құрылуының мақсаттарын» жоғарыда Қазақстан Республикасының «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» Заңының 4-бабында айқындалғандығын айтқан болатынбыз.

Сондықтан да ҚР Азаматтық кодексінің 34-бабының 3-тармағында көрсетілген «Коммерциялық емес ұйым кəсiпкерлiк қызметпен өзiнiң жарғылық мақсаттарына сай келуiне қарай ғана айналыса алады» деген құқықтық шарты «Коммерциялық емес ұйым кəсіпкерлік қызметпен өзінің құрылу мақсатына жету үшін ғана айналыса алады» деген тұжырымда берілуі тиіс.

КЕҰ-лар қызметінің «қоғамдық пайдалылығы» мен «коммерциялық емес бағытқа бағытталғандығын» анықтау бұл басқа мəселе. Мұндай өлшемдер мен тетіктер коммерциялық емес ұйымның кəсіпкерлікпен айналысуының мөлшерін анықтап береді. Яғни ұйымның негізгі қызметі мен шығыстары жарғыда көрсетілген «коммерциялық емес қызметінің мақсаттарына» бағытталған ба əлде жоқ па осыны көрсетіп береді. Нəтижесінде өз қаражаттарының көпшілігін кəсіпкерлік бағытта жұмсап отырса, мұнда ұйым коммерциялық емес ұйым ретінде қызметін тоқтатуы қажет. Мысалы, АҚШ-да «айрықша мақсат» деп аталатын тест түріндегі қатал өлшемдер бар. Осы стандартқа сəйкес, егер ұйымның қоғамдық пайдалылығы оның жалпы мақсаттарының маңызды бөлігі болып табылмаса, ұйым КЕҰ деп танылмайды [26; 93].

Ендігі жерде коммерциялық емес ұйымның «өз қызметінің негізгі мақсаты ретінде пайда келтіре алмайтын» қасиетін оның «қызмет мақсаты» мен «құрылу мақсатын» ажырату арқылы шешу туралы мəселеге оралайық. Кəсіпкерлік қызметпен айналысуға рұқсат берілген күнде де коммерциялық емес ұйым өз алдына əртүрлі мақсаттар қоя алмайды, оның ішінде пайда келтіру мақсатында. Яғни, КЕҰ- ның «қызмет мақсаттары» оның «құрылу мақсатына» не керісінше сəйкес келуі заң талабы.

Бір қарағанда ресейлік ғалым О.П. Кашковскийдің [24; 13] «құрылу мақсаттары» мен «қызмет мақсаттарының» əрқашан біртектес бола бермейді деген пікірімен келісіп, «коммерциялық емес ұйым» түсінігін қалыптастыруда, оның қызмет мақсаттарына сүйеніп, ҚР АК-нің 34-бабының 1- тармағын «коммерциялық емес ұйымдар əлеуметтiк, мəдени, ғылыми, бiлiм беру, қайырымдылық, басқару мақсаттарына қол жеткiзу... басқа да мақсатта» құрылады деп көрсету де шындыққа бір жақындайтын секілді. Алайда, коммерциялық емес ұйымдардың, барлық ықтимал мақсаттарын заңнамалық актіде қамту мүмкін емес, себебі, олардың негізінде қоғамда қазіргі уақытта бар жəне қайта орын алатын əлеуметтік қажеттіліктер мен коммерциялық емес мүдделердің алуан түрі жатыр. Сол себепті «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» Заңда жоғарыда келтірілген тізім түбегейлі болып табылмайды жəне коммерциялық емес ұйымдардың «қоғам игілігі мен өз мүшелерінің (қатысушыларының) игілігіне бағытталған басқа мақсаттарда да» ашылу мүмкіндігі бар. Сондықтан да, «коммерциялық емес ұйым» түсінігін айқындауда бұл ұйымдардың «өз қызметінің негізгі мақсаты ретінде пайда келтіре алмау» қасиетінің тиімділігі төмен.

Енді «алынған таза табысты қатысушылар арасында үлестірмейтін» қасиетіне келсек.

Ресейлік И.В. Елисеев, В.В. Рахмилович, М.Ю. Тихомиров [27; 18–19]) жəне отандық ғалымдар М.К. Сулейменов [28; 171–176], Ю.Г. Басин [29; 95] таза табысты үлестірмеуді коммерциялық емес ұйымдардың жалғыз ғана тиімді əрі сенімді белгісі ретінде бағалайды. Шындығында шетелдік құқықшығармашылық пен құқық қолдану тəжірибесі көрсеткеніндей осы белгі əзірге КЕҰ-ны коммерциялық заңды тұлғалардан ажыратудың тиімді өлшемі ретінде көрінеді.

Өкінішке орай, отандық жəне көршілес елдердің заңнамалары тəжірибеде бұл өлшемнің де дəйекті түрде қолданыла бермейтінін көрсетеді. Жалпы ережеден бөлек көптеген ерекшеліктердің болуы КЕҰ-ның кейбір ұйымдық-құқықтық нысандарына алынған табысты қандай да болмасын тəсілмен қатысушылары (мүшелері, құрылтайшылары) арасында бөлуге мүмкіндік беріп отыр. Бұған мысал ретінде, тұтыну кооперативтерін айтуға болады. «Тұтыну кооперативі туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылы 8 мамырдағы Заңының 14-бабының 8-тармақшасына сəйкес «тұтыну кооперативi таратылған жағдайда кредиторлармен есеп айырысқаннан кейiн қалған мүлiктiң бiр бөлiгiнiң құнын немесе тұтыну кооперативi мүшелерiнiң келiсiмi бойынша мүлiктiк (пайлық) жарнасына бара-бар заттай түрде осы мүлiктiң бiр бөлiгін алуға» мүшелер құқылы.

Көрсетілген нормаға сəйкес кооператив мүшелері арасында алынған табысты бөле алу мүмкіндігі коммерциялық емес ұйым ретіндегі тұтыну кооперативінің құқықтық табиғатына сай келмейтінін байқау қиын емес. Бұл жағдайда заң шығарушы тарапынан ескерту енгізіліп, оның мүмкіндіктерін тарылту немесе тұтыну кооперативтерін коммерциялық емес ұйымдар қатарынан алып тастау қажет.

Сонымен коммерциялық емес ұйымның жоғарыда талданған екінші белгісі де көптеген цивилистердің сенімді жəне абсолютті жеткілікті белгісі ретінде оны коммерциялық заңды тұлғадан ажырататын деп сенімді айтқанына қарамастан, бұл белгінің де «коммерциялық емес ұйым» түсінігінің құқықтық табиғатын толық ашпайтындығына көзіміз жетті. КЕҰ-ның кейбір ұйымдық- құқықтық нысандары үшін жалпы ережеден бөлек ерекшеліктердің көп болуы, ол ережені одан əрі дамытпайды, керісінше оны жоққа шығарады. Бұл жағдай өз кезегінде коммерциялық емес нысанда құрылған ұйымды коммерциялық мақсатта теріс пайдалануға мүмкіндік берері сөзсіз.

Кейбір авторлар бұл жағдайдан шығудың бірден-бір жолы ретінде коммерциялық емес ұйымдардың мəндік белгілерінен гөрі оның алдыңғы белгілері ретінде нысандық өлшемдерді есептеуді жөн көреді [29; 35–41].

Қазақстанның азаматтық заңнамасына сəйкес коммерциялық заңды тұлғалар мемлекеттік кəсіпорын, акционерлік қоғам мен өндірістік кооператив жəне де шаруашылық серіктестік нысандарында құрылса, КЕҰ мекеме, акционерлік қоғам, тұтыну кооперативтері, діни бірлестіктер, қор, қоғамдық бірлестіктер мен өзге де нысанда құрылуы мүмкін.

Нысандық белгісіне сəйкес ұйым не коммерциялық заңды тұлғаның жоғарыда көрсетілген нысандарында не КЕҰ-ның нысандарында ғана құрылуы тиіс. Бұл бағытта əрине, нысандық белгі жоғарыда талданған КЕҰ-ның белгілеріне қарағанда шартсыз сипатқа ие. Яғни кез келген құрылған ұйым ең алғаш өзінің құрылу нысанын таңдайтыны белгілі. Басқаша айтар болсақ, өзінің мəні жағынан коммерциялық ұйым болып табылатын заңды тұлға нысандық белгілеріне сəйкес коммерциялық емес ұйымға жатқызылса, онда ол КЕҰ ретінде саналып, өзінің заңдық салдарларына ие болады. Мысалға, жоғарыда айтқан тұтыну кооперативтерін немесе мекеме нысанындағы коммерциялық емес ұйымды алайық, қызметінің ішкі мəніне сəйкес олар коммерциялық ұйым болғанымен, ұйымдық-құқықтық нысанына сəйкес коммерциялық емес заңды тұлға саналып, тиісті құқықтық мəртебеге ие болады.

Мұндай сыртқы нысаны мен ішкі мазмұны арасындағы қарама-қайшылық заңның əрпін бұлжытпай орындаудан туған құқықтағы «таза құқықтық құндылықтар» қалыптастыруға бағытталған нысандық тəсілдің артықшылығы болып табылады. Алайда, сыртқы нысан мен ішкі мазмұн бір- бірімен үйлеспейтінін тəжірибеде анық байқауға болады. Сондықтан да бұл екі категорияның арақатынасы өзара байланыстарды есептей отырып жасалуы қажет.

Қорытынды

Талданған əдістемелік тəсілдер біз қарастырып отырған «коммерциялық емес ұйым» құбылысының түсінігін одан əрі қарастыруда жол сілтеуші белгілер ретінде қолдануға болады дей отырып, мынадай қорытынды жасауға болады:

  1. Қазіргі таңда заңды тұлғаларды коммерциялық жəне коммерциялық емес ұйымдарға ажыратудың «өз қызметінің негізгі мақсаты ретінде пайда келтіре алмау» сияқты белгісін коммерциялық емес ұйымдардың басым көпшілігіне тəн дей отырып қолдану өзінің тиімділігін жоғалтты. Яғни бұл белгіні қолданудың аясы тарылып, универсалдық мəнін жоғалды деп есептейміз. Заң шығарушының алдында оны ажыратудың жаңа белгілері мен өлшемдерін ойлап табу емес, осыған дейін қалыптасқан өлшемдерді өз ретімен қолдану мақсаты тұр. Бүгінгі қазақстандық заңнамада «коммерциялық емес ұйым» жалпы түсінігін КЕҰ-ның жекелеген ұйымдық-құқықтық нысандарында қолданудың реттілігі (последователность) сақталмаған.
  2. КЕҰ-лар қызметінің «қоғамдық пайдалылығы» мен «коммерциялық емес бағытқа бағытталғандығын» (яғни «негізгі» жəне «екінші кезектегі» қызметін ажырату) анықтаудың өлшемдері мен тетіктерін жасақтап, ҚР АК-нің 34-бабына сəйкестендіру мақсатында қазіргі қолданыстағы құқықтық актілерге тексеру жүргізу қажет.
  3. «Алынған таза табысты қатысушылар арасында үлестірмеу» белгісіне байланысты ұйымдарды коммерциялық емес жəне коммерциялық деп бөлудің де тиімділігі де бұл ережені өз ретімен (последовательно) қолданбау салдарынан тиімділігі төмендеуде. Яғни, «коммерциялық емес ұйым» туралы жалпы ережелерден бөлек ерекшеліктердің (исключение из общих правил) болуы кейбір ұйымдық-құқықтық нысандағы КЕҰ-ға қатысушылар (мүшелер, құрылтайшылар) арасында пайданы бөлуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде «коммерциялық емес ұйым» түсінігінің тұжырымдамалық мазмұны мен нақты тəжірибелік мазмұны арасындағы арақашықтықтың ұлғаюына жəне оның азаматтардың бас пайдасына пайдалануына алып келеді.
  4. Ұйымдық-құқықтық нысан мен заңды тұлғаға тəн сипаттық қасиеттер арасындағы қарым- қатынас сыртқы нысан мен оның мазмұны арасындағы өзара байланысты ескере отырып жасалуы жəне одан əрі жетілдірілуі қажет. Мұндағы ажыратудың басты белгісі ретінде ішкі мазмұны танылуы тиіс. Ұйымдық-құқықтық нысанның ішкі мазмұнына емес, сыртқы пішініне көбірек мəн беру азаматтық құқықтық əлеуметтік белсенділігін төмендетіп қана қоймайды, сондай-ақ оның реттеушілік құнын жояды.

Əдебиеттер тізімі

  1. Назарбаев Н. Ұлт жоспары — Қазақстандық арманға бастайтын жол / Н. Назарбаев // Егемен Қазақстан. — 2016, 6 қаңтар.
  2. Назарбаев Н.Ə. «100 нақты қадам» — бұл жаһандық жəне ішкі сын-қатерлерге жауап жəне сонымен бір мезгілде, жаңа тарихи жағдайларда ұлттың дамыған мемлекеттердің отыздығына кіруі жөніндегі жоспары / Н. Назарбаев // Егемен Қазақстан. — 2015, 20 мамыр.
  3. База данных юридических лиц [Электронный ресурс]. — Режим доступа: http://www.adilet.gov.kz.
  4. Айтимов Б.Ж. Теоретико-правовые подходы к определению понятия «некоммерческая организация» / Б.Ж. Айтимов // Вестн. Казах. нац. ун-та им. аль-Фараби. Cер. юрид. — 2015. — № 3 (75). — C.196–204.
  5. Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік əлеуметтік тапсырыс, үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар жəне сыйлықақылар туралы 2005 жылғы 12 сəуірдегі № 36-III Қазақстан Республикасының Заңы [Электрондық ресурс]. — Қолжетімділік тəртібі:http://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z050000036_
  6. «Қоғамдық бiрлестiктер туралы» Қазақстан Республикасының 1996 жылғы 31 мамырдағы № 3 Заңы [Электрондық ресурс]. — Қолжетімділік тəртібі: http://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z960000003_
  7. Постановление Правительства Республики Казахстан от 12 февраля 1998 г. № 103 «О Программе микрокредитования наименее обеспеченных граждан Республики Казахстан на 1998–2000 годы» (с изм., внесенными постановлением Правительства РК № 730 от 1.08.98 г.) [Электронный ресурс]. — Режим доступа: www.online.zakon.kz.
  8. Леон Е.Айриш. Руководство по разработке и применению законов, регулирующих деятельность неправительственных организаций / Леон Е.Айриш, Роберт Кушен, Карла В. Саймон. — Алматы: Изд-во «LEM», 2006. — 172 с.
  9. НПО: решение проблем бедности / под ред. А. Ильясовой, С. Исламовой. — Алматы: UNDP «Kazakhstan», 2004. — С. 39.
  10. Словарь терминов по институциональной экономике [Электронный ресурс] / сост. Г.А. Литвинцева. — М., 2001. — Режим доступа: http://vocable.ru/dictionary/96.
  11. Словарь бизнес-терминов «Академик.ру» [Электронный ресурс]. — Режим доступа: http:www.dic.academic.ru.
  12. Salamon Lester M., Anherer Helmut K. In Search of the Nonprofit Sector / Salamon Lester M., Anherer Helmut K. // The Question of Definitions In Voluntas. — 1992. -№ 2. — Р.384.
  13. Helmut K., Anheier Gabriel Rudney, Lester M.Salamon. Non-profit institutions in the United Nations System of National Accounts: country applications of SNA guidelines // International Journal of Voluntary and Nonprofit Organizations. — 1994. — Vol. 4, issue 4. — P. 487.
  14. Десятов И.Н. О праве некоммерческих организаций на деятельность, приносящую доход / И.Н. Десятов // Вестн. Перм. ун-та. — 2011. — № 1. — С. 107.
  15. Серова О.А. Законодательство о юридических лицах: возможные пути совершенствования / О.А. Серова // Гражданское право. — 2009. — № 4. — С. 19.
  16. Грешников И.П. Субъекты гражданского права: юридическое лицо в праве и законодательстве / И.П. Грешников. — СПб., 2002. — С. 176.
  17. Фролова Н.К. Коммерческая деятельность: понятие и признаки. Актуальные вопросы частного права / Н.К. Фролова. — Самара, 2004. — 245 с.
  18. Основы Гражданского законодательства Союза ССР и республик (утверждены Постановлением Верховного Совета СССР 31 мая 1991 года № 2211-I) (утратил силу) [Электронный ресурс]. — Режим доступа: http:www.online.zakon.kz.
  19. Латурнеги Мари-Эме. Некоммерческие организации в российском праве / Латурнеги Мари-Эме // Закон. — 2009. — № 5. — С. 147.
  20. «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 қаңтардағы № 142-ІІ Заңы [Электрондық ресурс]. — Қолжетімділік тəртібі:http://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z010000142_
  21. Яковлев В.Ф. Некоммерческие организации: теоретические и практические проблемы / В.Ф. Яковлев // Журн. росс. права. — 2009. — № 1. — С. 147.
  22. Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексі (Жалпы бөлім). Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің 1994 жылғы 27 желтоқсандағы қаулысымен қолданысқа енгізілді [Электрондық ресурс]. — Қолжетімділік тəртібі: http://adilet.zan.kz/kaz/docs/K940001000
  23. Залесский В.В. Комментарий к Федеральному закону «О некоммерческих организациях» / В.В. Залесский, Р.Ф. Калистратова. — 3-е изд., доп. и перераб. — М.: Юрайт, 2000. — С. 93.
  24. Кашковский О.П. Правовое регулирование предпринимательской деятельности некоммерческих организаций: дис. … канд. юрид. наук: 12.00.03 / О.П. Кашковский. — М., 2000. — С. 13.
  25. Чернега O.E. Правовая модель благотворительности и благотворительных организаций: гражданско-правовой и социологический аспекты: дис. … канд. юрид. наук: 12.00.03 / O.E. Чернега. — М., 1998. — С. 135–136.
  26. Защита общественных интересов: курс лекций. Школа управления НКО. — Кн. V / под ред. Центра поддержки НКО. — М.: ЦПНКО, 2002. — С. 93.
  27. Комментарий к Федеральному закону «О некоммерческих организациях» / под ред. М.Ю. Тихомирова. — 2-е изд. перераб. и доп. — М.: Юринформцентр, 2000. — С. 18, 19.
  28. Гражданский кодекс Республики Казахстан. (Общая часть). Комментарий (постатейный): [В 2 кн.] — 3-изд., испр. и доп. с использованием судебной практики / отв. ред. М.К. Сулейменов. — Алматы, 2007. — Кн. 1. — С. 171–176.
  29. Костенко Н.В. Гражданско-правовое регулирование деятельности некоммерческих организаций в Российской Федерации: автореф канд. юрид. наук / Н.В. Костенко. — Екатеринбург, 2004. — С. 35–41.

Разделы знаний

Биология

Биология бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  ғылыми және тәжірибелі биология бойынша көптеген мақалалар мен баяндамаларды таба аласыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында қазіргі билогияның негіздері, тарихы,  зерттеу бағыттары мен ғылыми зерттеулердің нәтжелері және биология ғылымының басқа да бөлімдері жайлы толық анықтама береді.

Медицина

Совокупность наук о болезнях, их лечении и предупреждении.

Педагогика

Бұл бөлімде сіздер педагогика пәні бойынша көптеген тақырыптарға арналған мақалалар мен баяндамаларды таба аласыз. Бұл мақалалар сіздерге түрлі педагогика жайлы ғылыми жұмыстарды жазуға бағыт-бағдар бере отырып, жаңа ғылыми ашылымдар мен тәжірибелік зерттеулердің нәтижелерін танып-білуге көмектеседі.

Психология

Психология бөлімінде психология пәні, міндеттері мен мақсаттары, психикалық құбылыстардың пайда болу заңдылықтары, психология бөлімінің тармақтары, психология ғылымының пайда болу тарихы, қалыптасуы және психологияның басқа да тақырыбындағы қызықты мақалаларды таба аласыздар. 

Социология

 Бұл бөлімде социология немесе әлеуметтану ғылымы жайлы, қоғамның қалыптасуы, жұмыс істеуі және даму заңдылықтары туралы мақалалар қарастырылған. 

Тарих

Бұл бөлімде сіздер тарих ғылымының түрлі тақырыбына жазылған көптеген ғылыми мақалаларды таба аласыздар. Бұл мақалалар сіздерге рефераттар мен баяндамаларды жазуға көмектеседі.

Техникалық ғылымдар

Мұнда келесідей ғылыми мақалалар жарияланады: физика-математикалық , химиялық, гелогия-минерология, техникалық және гуманитарлық ғылымдардың өзекті  мәселелері, ғылыми конференциялардың, семинарлардың материалдары, ғылыми-техникалық комиссияның қағидалары, техникалық білімнің мәселелері.

Филология

 Бұл бөлімде филология пәні жайлы, филологияның түрлі тақырыбына жазылған мақалалардың жиынтығы қарастырылған. 

Философия

Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  философия пәні бойынша ғылыми мақалалар. Бұл бөлімде қоғам тану жайлы көзқарастар, сонымен қатар қазақ халқының ұлы тұлғаларының философиялық көзқарастары келтірілген.

Халықаралық қатынастар

Халықаралық  қатынастар  бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында халықаралық қатынастарды дамытудың жолдары мен оларды дамытудағы негізгі алғышарттарды қарастырады. Халықаралық экономикалық қатынастардың мемлекетті дамытудағы ролі мен маңызын ашып көрсетеді.  Мұнда сіздер халықаралық қатынастар, сыртқы экономикалық саясат тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Экология

Экология

Экономика

Экономика бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында материалдық игіліктерді өндіру, айырбастау, бөлу және тұтыну үрдісі кезінде адамдар арасында пайда болатын өндірістік қатынастарды дамытудың жолдарын қарастырады.  Мұнда сіздер экономика, экономикалық теория тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Құқық

Құқық бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында құқық туралы жалпы түсінікті ашады, құқықтық қоғамның қалыптасып дамуы жайлы және оның маңызын қарастырады. Мұнда сіздер құқық пәні тақырыбында жазылған көптеген материалдарды таба аласыздар.