Другие статьи

Цель нашей работы - изучение аминокислотного и минерального состава травы чертополоха поникшего
2010

Слово «этика» произошло от греческого «ethos», что в переводе означает обычай, нрав. Нравы и обычаи наших предков и составляли их нравственность, общепринятые нормы поведения.
2010

Артериальная гипертензия (АГ) является важнейшей медико-социальной проблемой. У 30% взрослого населения развитых стран мира определяется повышенный уровень артериального давления (АД) и у 12-15 % - наблюдается стойкая артериальная гипертензия
2010

Целью нашего исследования явилось определение эффективности применения препарата «Гинолакт» для лечения ВД у беременных.
2010

Целью нашего исследования явилось изучение эффективности и безопасности препарата лазолван 30мг у амбулаторных больных с ХОБЛ.
2010

Деформирующий остеоартроз (ДОА) в настоящее время является наиболее распространенным дегенеративно-дистрофическим заболеванием суставов, которым страдают не менее 20% населения земного шара.
2010

Целью работы явилась оценка анальгетической эффективности препарата Кетанов (кеторолак трометамин), у хирургических больных в послеоперационном периоде и возможности уменьшения использования наркотических анальгетиков.
2010

Для более объективного подтверждения мембранно-стабилизирующего влияния карбамезапина и ламиктала нами оценивались перекисная и механическая стойкости эритроцитов у больных эпилепсией
2010

Нами было проведено клинико-нейропсихологическое обследование 250 больных с ХИСФ (работающих в фосфорном производстве Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции)
2010


C использованием разработанных алгоритмов и моделей был произведен анализ ситуации в системе здравоохранения биогеохимической провинции. Рассчитаны интегрированные показатели здоровья
2010

Специфические особенности Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции связаны с производством фосфорных минеральных удобрений.
2010

Геноцидті халықаралық қылмыс ретінде жасаудың заманауи нысандары (1948 жылғы БҰҰ Конвенциясының қолданылуы тәжірибесін талдау мысалы негізінде)

Мақалада 1998 жылғы БҰҰ арнайы Конвенциясы негізінде геноцидті адамзатқа қарсы бағытталған қылмыс ретінде жасау нысандарының құқықтық талдауы ұсынылған. Ең алдымен БҰҰ қарамағында қабылданған Конвенцияның нәтижесінде ғана «геноцид» ұғымының халықаралық-құқықтық мәртебесінің бекітілгендігі және алғашқы рет оның төрт, нақты анықталған адами топтарды қорғау мақсатында заңды мазмұны ашылғандығы ерекше атап өтілген. Қарастырылып отырған мәселенің өзектілігін айқындау тұрғысында геноцидтің әртүрлі демографиялық топтарға қатысты кең таралған зорлық оқиғаларына саяси және этикалық баға берілуінің өлшемі болып шектелмейтіндігі туралы тағы да маңызды қорытынды жасалған. Авторлардың басты мақсаты БҰҰ әмбебаптық халықаралық шартының нормаларын қолдану тәжірибесі контексінде доктриналық көзқарастар мен нақты фактілердің көмегімен геноцид жасаудың заманауи мысалдарына зерттеу жүргізу болып табылады. Сонымен қатар, геноцид тек жеке мемлекеттің немесе мемлекеттердің жеке тобының ғана емес, сондай-ақ халықаралық қауымдастықтың араласуына құқығы бар мәселе екендігіне назар аударылған. Қорытындыда авторлар геноцидтің дәстүрлі актілерімен қатар, оның жаңа көріністеріне де қарсы әрекет етудің құқықтық құралдарын, тәсілдерін және нысандарын күшейту қажеттігін атап өткен. Әсіресе бұл процесті жүзеге асыру үрдісінде аталған соңғы олқылықтың орнын толтыру Конвенцияға қатысушы мемлекеттердің міндеттемелерінде ерекше ескерілуі қажеттілігі негізделеді.

Кіріспе

Халықаралық құқық тарихында және тәжірибесінде, атап айтқанда алғаш рет БҰҰ шеңберінде 1948 жылдың 9 желтоқсанында геноцид қылмысының алдын алу және ол үшін жазалау туралы Конвенция қабылданды (ресми ағылшын мәтінінде – Convention on the Prevention and Punishment of the Crime of Genocide). 2015 жылдың қаңтар айының 12 жұлдызында қарастырылып отырған арнайы Халықаралық шарттың заңды күшіне енгеніне 65 жыл толды. 2021 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша 150 мемлекет оның қатысушысы болып табылады, оның ішінде посткеңестік мемлекеттердің басым көпшілігі бар. Конвенцияның басты артықшылығы – ол халықаралық қылмыс ретінде геноцид ұғымына жататын әртүрлі әрекеттер мен әрекетсіздіктердің тең, келісілген арақатынасын қамтамасыз етті және бірізділікке алып келді. Сонымен қатар, қолданыстағы Конвенцияның кемшіл тұстары да жоқ емес. Мәселен оның жекелеген нормалары қазіргі заманның шынайы болмысын көрсетпейтінін және қандай да бір ұлттық, этникалық, нәсілдік, діни топты немесе өзінің біртектілігі мен оқшаулануымен ерекшеленетін өзге де демографиялық қоғамдастықты толық немесе ішінара жою ниетімен іс-әрекеттер жасауға толық көлемде сақтандыруға кепілдік бермейтінін атап өткен жөн. Бұл жерде әсіресе әлі де өкініш тудырып отырған мына мемлекеттердің аумақтарында (мысалы, Ауғанстанда, Әзірбайжанның Таулы Қарабах өңірінде, Мьянмада, Суданда, Палестина автономиясының Газа секторында, Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында (ШҰАА) орын алып отырған Конвенциядан тыс геноцидтің жаңа нысандары мен түрлерін тілге тиек етуге болады.

Материалдар мен тәсілдер

Теориялық тұрғыдан алғанда бұл мақаланың маңыздылығы 1948 жылғы БҰҰ Конвенциясына қатысты ғылыми көзқарастардың спектрін және сараптамалық бағаларын, сондай-ақ, оның құқық

қолдану тәжірибесінің нәтижелерін зерттеу негізінде нормативтік мазмұнында ескерілмеген геноцид жасаудың заманауи нысандарының табиғатын ашуда және оны жетілдіруге бағытталған тұжырымдар мен ұсыныстар жасалуында. Тақырыпты зерттеуде А.Н. Трайнин, T.E. Sainati, Т.Т. Дадуани, В.М. Вартанян, Ж.П. Сартр, Р.М. Караев, L. Heckle және тағы да басқа түрлі мемлекеттердің құқықтық мектептерінің өкілдері болып табылатын ғалымдардың доктриналық әзірлемелері және де халықаралық қылмыстық трибуналдардың шешімдері басымырақ қолданылды. Мақаланың мақсатына және одан туындайтын міндеттерге қол жеткізу үшін авторлар мына әдістерді пайдаланған: олар синтез, ұқсастық, құрылымдық, салыстырмалы, формалды-логикалық әдістер, сонымен қатар модельдеу және жүйелік талдау тәсілдері.

Талқылаулар

Нюрнберг және Токио халықаралық әскери трибуналдары қабылдаған Жарғыларда да және шығарған үкімдерінде де геноцид атаулы қылмыстар тікелей аталмаған. Геноцидтің құқықтық тұжырымдамасы нақты әлеуметтік қауіпті әрекет ретінде Конвенцияның ІІ бабында анықталған. Аталмыш бап мазмұны: «... геноцид деп кез келген ұлттық, этникалық, нәсілдік немесе діни топты толықтай немесе ішінара жою пиғылымен жасалған келесі әрекеттерді қамтиды:

  1. осындай топ мүшелерін өлтіру;
  2. осындай топ мүшелерінің денесін жарақаттау немесе осындай топ мүшелерінің ақыл-ойына зиян келтіру;
  3. қандай да бір топ үшін оны толықтай немесе ішінара жоюға жағдай туғызу;
  4. осындай топ арасында бала тууды болдырмау шаралары;
  5. адами бір топтан екінші топқа балаларды күштеп беру» [1: 20].

Аталған әрекеттер бірігіп геноцидтің қылмыс құрамы элементтерінің бірі халықаралық құқықта actus reus түсінігімен қамтылған объектісін және объективтік жағын құрайды. Демек ол 1948 жылғы Конвенцияның ІІ бабында алғаш рет тұжырымдалған және оған бес «баламалы көзделген іс-әрекеттер жатады, ал олардың кез келгенін жасау аяқталған қылмыс құрамын құрайды» («а-е тармақтары») [2: 52]. Жеке авторлар бұл тұрғыда геноцидті құрайтын әрекеттердің өмірге қарсы ғана емес, физикалық зиян келтіруді білдіретінін («а», «с» тармақшалары), өлтіруді көздесе де денсаулыққа зиян келтірумен байланысты болатындығын («b» тармағы), сондай-ақ жалпы отбасының мүдделеріне қол сұғатындығымен ерекшеленетінін алға тартады [3].

Геноцид қылмыс құрамының екінші элементінің мазмұнын құрайтын әрекеттерге сүйене отырып, ғалымдар мен мамандар оның нысандарын ажыратады. Кеңес заңгерлері өздерінің ғылыми әзірлемелерінде 1948 жылғы Конвенцияда «геноцид қылмыстарының жолын кесуге және жазалауға ықпал ететін ережелер бар және тұтастай алғанда оның озық құжат ретінде қарастырылатынын» [4: 128], оның үш нысанына ерекше назар аудара отырып: физикалық геноцид, биологиялық геноцид және ұлттық-мәдени геноцид болып жіктелетінін бірнеше рет атап өткен [5: 410].

Дегенмен де олар бөлген мұндай нысандар Конвенцияда біржақты танылмаған [6: 25].

А.Н. Трайнин өзінің әйгілі жұмысында геноцидтің ең жойқын нысаны – физикалық геноцид болып табылады деп жазды, яғни оның пікірінше, бұл «белгілі бір нәсілге немесе ұлтқа жататын адамдардың тікелей физикалық жойылуын білдіреді [5: 410] және де жаналғыштық газ камералары, атып тастау геноцидтің осы нысанын жүзеге асыру құралдары деп түсіндірді» [5: 410]. Ол геноцидтің басқа да бір нысанын біршама өзгеше түрде жүзеге асырылатынын анықтады: ол «қудаланған ұлттың, нәсілдің жаңа мүшелерінің туылуына қарсы күрес; демек, биологиялық геноцид – бұл бала тууға қарсы күрес, зарарсыздандыру, некеге тұруға тыйым салу, жыныстардың толық бөлінуі, егер бала біткен болса мәжбүрлі түрде өлім қорқынышымен түсік түсірту» [5: 410]; оған сонымен қатар «қудаланушы нәсілдік және ұлттық топтарды жоюға бағытталған ауыр еңбек жағдайлары мен шыдамсыз тұрғын-үй жағдайларын жасау, медициналық көмектің болмауы да жатқызылуы тиіс» [5: 410]. Геноцидтің ерекше нысаны ретінде автор қудаланушы халықтардың ұлттық мәдениетін, оның жетістіктері мен байлықтарын жоюға бағытталған ұлттық-мәдени геноцидті де атап өткен [5: 410], алайда 1948 жылғы Конвенцияда бұл ұлттық-мәдени геноцид ұғымының тарылғанын мойындады [5: 410]. Осыған байланысты П.С. Ромашкин мұндай фактінің себебі ретінде

Конвенцияны әзірлеу және қабылдау кезінде «американдық-ағылшындық блоктың қарсы іс-қимылы» болғанын ескеріп өтті, атап айтқанда, онда «физикалық және биологиялық геноцид үшін жауапкершілік қарастырылған, бірақ ұлттық-мәдени геноцид үшін жазалау туралы ештеңе айтылмайды», – деп ойын түйіндеді [7: 268]. Қазақстандық ғалымдар – С.М. Рахметов пен С.А. Кременцов бірлескен жұмысында «геноцидтің осы түрі қаралып отырған қылмыстың диспозициясында өз көрінісін таппағанын» байқайды [8: 60] және олар «бұл геноцидтің осы нысаны Конвенцияда да арнайы бөлінбейтіндігіне» назар аударады [8: 60]. Алайда, айтпақшы, А.Н. Трайнин атап өткендей, «кеңес делегациясының геноцид туралы мәселе бойынша ұсыныстарының ІІІ тармағы ұлттық-мәдени геноцид ұғымымен қамтылатын қылмыстық іс-шаралардың тізбесін қамтыды» [5: 410]. Оның ішінде «сондай-ақ ұлттық тілді пайдалануға қарсы іс-шаралар мен іс-қимылдардың немесе ұлттық мәдениетке қарсы іс-қимылдардың жинағы ұлттық-мәдени геноцид деп аталатын ұғым тізімі берілді. Қалай болғанда да оған жататындары:

  1. қоғамдық және жеке өмірде ұлттық тілді пайдалануға тыйым салу немесе оны шектеу; мектептерде ұлттық тілдерде оқытуға тыйым салу;
  2. ұлттық тілдерде кітаптар мен өзге де баспа басылымдарын басып шығару мен таратуға тыйым салу немесе жою;
  3. тарихи немесе діни ескерткіштерді, мұражайларды, құжаттарды, кітапханаларды және басқа да ұлттық мәдени ескерткіштері мен заттарын (немесе діни ғибадатты) жою» [5: 410].

Геноцид актілерінің заңдық табиғатын заманауи зерттеушілердің ішінен Т.И. Саинати де «мәдени геноцид» «мәдениетке, әсіресе тілге, діни және мәдени ескерткіштер мен мекемелерге шабуыл жасау» мақсатын көздеуші нысан ретінде Конвенциядағы «геноцид» ұғымынан тыс қалғаны жағдайымен келіседі [9]. Оған қарағанда Т.Г. Дадуани «мәдени геноцид» ұғымы (оның сыйымды түрлендірілген түсінігінде): «1948 жылғы Конвенцияда толық емес, бірақ ішінара біліктілік тапқанын» [10: 12] және тағы да қайталап «тек ішінара» бекітілгендігін нақтылайды. Сондай-ақ аталмыш жағдай бүгін де осындай күйінде, мысалы, 1998 жылғы Халықаралық қылмыстық соттың Рим статутының 6-бабының (с) тармақшасы аясында қала беретінін қоса айтады [10: 12]. Бұл орайда ол «Конвенция қорғайтын топты жою тек физикалық жою жолымен ғана жүзеге асырылмайтыны туралы бұрынғы Югославия бойынша Халықаралық қылмыстық трибуналдың қорытындысын маңызды деп санайды [10: 12], сонымен қатар топтың бірегейлігін жою арқылы да» нәтижесінде геноцидтің осы нысанымен байланысты елеулі дербес қырларды одан әрі пысықтау қажеттілігіне шақырады [10:12].

Өз тарапымыздан атап өтер болсақ, қарастырып отырған геноцидтің үш нысандарын кеңестік халықаралық-заңгерлер Конвенцияның барлық мазмұнын мұқият талдау арқылы емес, оның мәтінін кеңейтулі талқылау нәтижесінде бөліп шығарған. Бұл ретте осындай мәндік айқындаудың мақсаттары үшін кеңестік ғалымдар мен мамандар ұсынылып отырған жіктеменің негіздемесі ретінде оның кіріспесін айтарлықтай дәрежеде пайдаланды деп ойлаймыз. Онда БҰҰ Бас Ассамблеясының 1946 жылғы 11 желтоқсанында қабылданған қарарына (96 (1) тікелей сілтеме жасалған және осы орайда бұл құжат «геноцид халықаралық құқық нормаларын бұзатын және Біріккен Ұлттар Ұйымының рухы мен мақсаттарына қайшы келетін қылмыс болып табылады және өркениетті әлем оны айыптайды» деп жариялайды [11: 98–99]. Осы арада 1969 жылдың 23 мамыры күні қол қойылған Халықаралық шарттар құқығы туралы Вена конвенциясының 31-бабына сілтеме жасамай кетпесе болмайды. Бапта бекітілген нормаға сәйкес «келісімшарт оның терминдерінің контексінде, сондай-ақ шарттың объектісі мен мақсаттары тұрғысынан әдеттегі мәнге сай адал түсіндірілуі тиіс» [12: 353]. «Геноцид» терминіне оның барлық нысандарын тұспалдау арқылы Конвенцияны әзірлеуші барлық мемлекеттердің өкілдері арнайы мән бермеді, себебі жоғарыда атап өтілгендей, АҚШ пен Ұлыбританияның ұстанымдарына байланысты олардың ондай айқын көрінген және жалпы бірдей келісілген ниеті болмады. Өз кезегінде біз үшін келесі жағдай да анық. Кеңестік заңгерлер белгілі үш нысанды бөліп алу кезінде ондай жіктеу өз пайымдауларынша «геноцид» ұғымының шынайы мағынасы мен мәнінен туындайды деп болжалдаған және бұл ретте тағы да сол 1969 жылғы Халықаралық шарттар құқығы туралы Вена конвенциясының 32-бабы шеңберінде жүгіну мүмкіндігі қарастырылған талқылаудың қосымша әдістеріне, олардың ішінде 1948 жылғы Конвенцияны жасаудың дайындық материалдары мен мән-жайларына сүйенген. Осылайша ұлттық-мәдени геноцидті (қазіргі заманғы түсіндіруде – мәдени геноцидті) қоса алғанда, геноцидтің үш нысанға бөлінетін кеңестік жіктелуін (немесе айырмашылығын) соңғы әмбебап халықаралық шарттың 32-бабына сілтеме жасап растауға болады. Сондықтан біз «Конвенциядағы геноцид нысандарының тізбесі толық болып табылады» [13: 59], яғни «оны кеңейтілген талқылауға жол берілмейді» [13: 59], заң әдебиетінде кездесетін «мәдени» кемсітушіліктің санамаланған нысандары геноцид ретінде саралана алмайды» [13: 59]; геноцидтің оның объективті жағынан екі нысаны ғана: физикалық геноцид және биологиялық геноцид туындайды [2: 46], бұл ретте геноцидті анықтауда көрсетілген алғашқы үш әрекет оның бірінші нысанын, ал соңғы екеуі – екінші нысанын құрайды» [2: 46]; «осылайша, геноцид туралы сөз болғанда, белгілі бір топтың мәдени, діни, тілдік және т.б. өзіндік ерекшеліктерін жою емес, оны физикалық қырып-жою ғана тілге тиек етіледі» [2: 46] деген бір мағыналы және үзілді-кесілді айтатын кейбір авторлардың пікірлерімен келіспейміз.

Керісінше, геноцид анықтамасының мәнін зерттеу барысында кеңестік заңгерлер жинақтаған геноцидтің осы нысандары немесе олардың жекелеген әрекеттері елеулі мәнге ие болып қана қоймай, ақиқатында мәдени геноцидтің – белгілі бір демографиялық топтардың мәдени және рухани құндылықтарын жоюға бағытталған жеке нысанын мойындау қажет деп есептейміз. Бұдан басқа қаралып отырған контексте Конвенцияның ІІ–бабының «с» тармағын объективті түсіндіруді негізге ала отырып, қарастырылып жатқан қылмыстың төртінші нысаны – әлеуметтік-экономикалық геноцид [14] туралы да айтуға болатынын ұсынған А. Батырьдың көзқарасымен келісеміз. Айтылғандар өз кезегінде геноцидтің басқа да нысандарын, атап өтер болсақ, ХІХ ғасырда тараған, сондай-ақ 1948 жылғы Конвенцияны қолданудың тәжірибесі аясында ХХ-ХХІ ғасырларда пайда болған және пайда болып жатқан мүлдем өзгеше, тікелей геноцидтің жаңа «дәстүрлі емес» өре нысандарын есепке алу керектілігін болжайды. Олар толық түсінікті объективті себептерге байланысты жекеше де, жиынтығында да осы Конвенцияда заңды түрде бекітілмеген.

Осы орайда Ұлы Отан соғысы кезеңінде орын алған КСРО тәжірибесіне назар аударудың маңызы зор. Кәріс, неміс, шешен, балқар, поляк секілді тұтас бір ұлт жау саналып сталиндік режимнің құрбандарына айналды. Оларды ресми түрде «сенімсіз» деп танып этникалық депортацияға (латынның «deportatio» – қуу, жер аудару) ұшыратты. Әдетте шетелдік азаматтар мен азаматтығы жоқ адамдарға қатысты ел аумағынан мәжбүрлеп шығаруды білдіретін «сыртқы» депортациядан айырмашылығы, КСРО–да бұл «ішкі» депортациялаудың мақсаты әртүрлі ұлт өкілдерін тұрақты тұратын жерлерінен мәжбүрлеп шығаруға бағытталған болатын. Осылайша, біртұтас үлкен мемлекет шегінде қандай да бір ұлттық, этникалық, діни немесе нәсілдік топ мүшелерін белгілі бір өңірлерден тыс жерлерге және негізінен Қазақстанға әдейі мәжбүрлеп көшіру жүзеге асырылды.

«Этникалық тазартудың» мақсаты депортацияға жақын келгенімен, оның салдары ауқымды, ұжымдық үрей тудыруымен ерекшеленеді. ХХ-ХХІ ғасырда орын алған оқиғалардан байқайтынымыз этникалық тазартудың – кісі өлтіру, зорлау, жарақаттау, азаптау сияқты қылмыстық әрекеттермен қатар жүретіндігін көреміз. Мысалы, бір кездері Рассел әскери қылмыс трибуналына қатысты белгілі философ Ж.П. Сартр былай деген болатын «француздар Алжирдегі соғыста алжир халқын жоя алмағаны үшін жеңілді...» [15: 15–16]. Сондай-ақ, Америка Құрама Штаттарының Вьетнамдағы

саясаты көбінесе Вьетнам халқына қарсы геноцид (этникалық тазарту) жүргізу ретінде айыпталғандығы жайдан-жай емес [16: 35]. Ж.П. Сартрдың сөйлеуінен тағы бір дәйексөз келтірейік: «жақсы вьетнамдық – ол өлі вьетнамдық» деген сөз тіркесі кең таралды... Вьетнамда орналасқан АҚШ әскери күштері бейбіт тұрғындарды, әйелдер мен балаларды, олар вьетнамдық болғаны үшін ғана азаптап, өлтіруде. Қанша жерден үкімет бүркемелеп, көрсеткісі келмесе де, геноцид лебі сарбаздардың санасында желдей есіп жүрді. Осылайша, олар өздерінің Үкіметі жасаған геноцид жағдайын ушықтыра түсті...» [15: 17-19]. Вьетнамдықтардың пікірі бойынша, «Америка Құрама Штаттары «үлгілі» соғысты саналы түрде жүргізгені үшін кінәлі, олар геноцидті барлық халықтарға қауіп-қатер төндіруші қылды» [17: 54, 55].

Әзірбайжандық заңгер Р.М. Караев ХХ ғасырдың 80-ші жылдарының аяғы мен 90-шы жылдарының ортасында орын алған қарулы қақтығыстардың нәтижесін былай деп баяндайды: «Таулы Қарабақта Арменияның этникалық тазарту жүргізуіне байланысты әзірбайжан тұрғындары қалмады, ал аймақты Армения билігі орнатқан сепаратистік қуыршақ режимі басқарды... Армения қарулы күштері Ходжалы қаласының әзірбайжан тұрғындарына қарсы геноцидті жүзеге асырды... Қаланың өзі жер бетінен жоғалды. 1992 жылдың 25-26 ақпанына қараған түні армян қарулы күштері жүздеген бейбіт тұрғындарды аяусыз қырып тастады. Қаза тапқан 613 адамның 106-сы – әйел, 83-і – бала және 70-і – қарттар, 8 отбасы толығымен жойылды, 25 бала екі ата-анасынан толығымен айырылды, 130 бала ата-анасының біреуінен айырылды, 76 баланы қоса алғанда, 150 адам жарақат алып мүгедек болды, 1275-тен астам адам тұтқынға алынды (олардың көпшілігі қаза тапты)» [18: 70]. Осыған байланысты тіпті Приднестровье сепаратистерінің «қорғаушылары» деп танылғандардың ішінен А.А. Мережко Таулы Қарабақ қақтығысына қатысты «өзін-өзі анықтау құқығын іс жүзінде жүзеге асыру теріс пайдаланушылыққа апаруы мүмкін және «этникалық тазарту» арқылы адам құқықтарын жаппай бұзу бірге жүруі мүмкін» деп жазды [19]. Басқа «жаңа» мысалдар ретінде Халықаралық қылмыстық трибуналдардың қорытындылары бойынша Руандадағы тутси ұлтының өкілдерін жою, онда 1994 жылдың сәуір–шілде айларында шамамен 500 мыңнан бір миллионға дейін немесе одан да көп адам қаза табу фактілерін [20], 1995 жылдың шілдесінде Босниялық сербтердің күшімен бірнеше кісі өлтіру оқиғаларын, әсіресе Сребреница анклавы мұсылмандары ішінен 7-8 мың ер адамдары мен ұлдарына қарсы жасалған геноцид (этникалық тазарту) актісінің шынымен де орын алғаны күмән тудырмайтындығын айтқан жөн [21].

Геноцидтің тағы бір танылмаған нысаны – гуманитарлық трагедия. Оның құрамын көбінесе халықаралық ұйымдардың мамандары мен органдары «этникалық тазарту» контексінде анықтайды. Мысалы, «БҰҰ адам құқықтары жөніндегі Комиссияның мәліметтері бойынша, адам құқықтарының өрескел бұзылуы салдарынан НАТО операциясы басталған сәттен Косоводан бір миллионнан астам босқындар жаппай кетуге мәжбүр болды» [22]. Сонымен, «тек Приштина мен Подуеводан Албания шекарасына 100 мыңнан астам албандық–косоварлар қуылды. Нәтижесінде сербтердің этникалық тазартулары Митровицада және басқа да көрші ауылдарда жүргізілді. Осы аумақтардан Албания шекарасына 70 мыңға косовар жер аударылды. Албан тұрғындарын қуып шығарған сербиялық қауіпсіздік күштері бос үйлер мен албандардың бүкіл ауылдарын өртеп жіберді» [23: 14]. БҰҰ-ның Косоводағы миссиясының мәліметтеріне сәйкес, НАТО-ның Косоводағы «Одақтық күш» операциясы аяқталғанға дейін Белградтың қуғын–сүргінінен 10 мың албандықтар қаза тауып, бірнеше мың адам «хабарсыз кетті» [24: 37]. Бұл жерде сөз іс жүзінде гуманитарлық трагедия туралы болып отыр. 1999 жылғы 10 маусымдағы 1244 қарарында БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Ұйымның Бас хатшысының 1999 жылғы 9 сәуірдегі мәлімдемесіне сілтеме жасап, Косоводағы гуманитарлық қайғылы жағдайға алаңдаушылық білдірді және осыған байланысты аймақтағы жағдай халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке қауіп төндірді деп бағалады [18: 67]. Жоғарыда келтірілген фактілер мен сандар Югославия Одақтық Республикасы басшылығының қылмыстық қолдауымен Косовоның албандық халқына қарсы этникалық тазарту жүргізілгенін және бұл халықтың өміріне нақты қауіп төндіретін жағдайларға тап болғанын дәлелдейді.

Сондай-ақ, этноцид (этногеноцид) туралы да айта кету қажет. Оны жүзеге асыру барысында физикалық жою мақсаты көзделмейді, бірақ көбінесе халықтың мәдениетін (өзіндік ерекшелігін, ділін, діни негіздерін) жоюға, нәтижесінде ассимиляция арқылы толық немесе ішінара жоюға бағытталады. Ресейлік саясаттанушы А. Самеонов көптеген мемлекеттермен танылмаған Оңтүстік Кавказ республикалары – Абхазия мен Оңтүстік Осетияны (белгілі болғандай, оларды Ресейден басқа, тек Никарагуа, Венесуэла және Науру ғана толық заңды түрде таныған) тілге тиек ете отырып, және де Грузиялық бұрынғы басшылықтың моноэтникалық мемлекет құруға ниеті болғанын алға тартып Ресейдің қолдауынсыз абхаздар мен осетиндер жеңіл немесе қатаң түрде этногеноцидке ұшырар еді деп пікірін білдірді [25]. Қарастырылып отырған контексте БҰҰ зерттеу тобының 2018 жылғы тамыздағы есебінде және сол жылдың желтоқсан айында Human Rights Watch халықаралық адам құқықтарын қорғау ұйымының деректерінде келтірілген фактілерді өзге де мысалдар ретінде айтуға болады. 2017 жылдың тамыз айының соңынан бастап Мьянманың батысында орын алған қақтығыстың себептері мен салдарын зерттей отырып, осы мемлекеттің полициясы мен әскері полиция қызметкерлеріне шабуыл жасағаны үшін деген айыппен «жазалау әрекеті» аясында рохинджа этникалық азшылығының бірнеше жүздеген өкілдерін өлтірді, олар негізінен ислам дінін ұстанушылар және осы демографиялық топтың 700 мыңға жуық адамы көрші Бангладешке немесе Бенгал шығанағындағы тұрғынсыз аралдарға қашып кеткенін, олар әлі күнге дейін антисанитарлық жағдайда босқындар лагерьлерінде тұратындығын айта келе, БҰҰ сарапшылары елдің әскери қолбасшылығының геноцидті жүзеге асыруға арнайы ниеттерінің болғандығын ресми түрде жариялады [26]. Дүниежүзілік Ұйымның есебінде Мин Аунг Хлаин (Min Aung Hlaing) бастаған жоғары лауазымды әскери қызметкерлерге ең ауыр баптар бойынша, соның ішінде геноцид жасады деп айып тағып, оларды Халықаралық қылмыстық сотта немесе осы үшін арнайы құрылған трибуналда жауапқа тарту қажет деп баса айтылған [26]. 2018 жылғы 10 қыркүйекте жарияланған Human Rights Watch ұйымының арнайы баяндамасында Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының (ШҰАА) түркітілдес мұсылман халқы – шамамен 13 миллион адам – Қытай билігінің ресми тілінде «саяси қайта тәрбиелеу орталықтарында» мәжбүрлі саяси, идеологиялық өңдеуге, ұжымдық жазалануға, ал іс жүзінде концентрациялық лагерьлерде – жағдайлары адамгершілікке жатпайтын қамау орындарында қозғалыс пен байланыс шектеулеріне, күшейтілген діни шектеулерге ұшырауда деп айтылады [27]. Осыған орай, 2018 жылғы 23 желтоқсандағы Барлық татарлар қоғамдық орталығының мәлімдемесінде «ұйғырлар, қазақтар, қырғыздар, дүнгендер және басқа да азшылық геноцидке ұшырауда», ал «Қытай өз аумағында ислам мен түркі халықтарына ашық соғыс жариялады» деп атап өтілген [28]. Сол жылдың 12 желтоқсанында мәлімдеме жарияланғанға дейін ҚХР Мемлекеттік Кеңесі «Қытайдағы 40 жылдық реформалар мен ашықтықтан кейінгі адам құқықтары саласындағы прогресс» атты ресми есепті жария етті. Онда «Қытай адам құқықтарын құрметтейді және халықаралық міндеттемелерді орындайды» делінген [29]. Бұған дейін Қытайдың батысындағы жағдайға байланысты Еуропалық Одақ пен БҰҰ алаңдаушылық білдірді. 2018 жылғы 5 желтоқсанда БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі комиссары М. Башле ұйым сарапшылары қайта тәрбиелеу лагерьлері туралы «мазасыз хабарламаларды» тексеру үшін ШҰАА аумағына кіруге «жол» іздеп жатқанын айтты. Алайда, қытай билігі осы уақытқа дейін халықаралық ұйымдардың, соның ішінде гуманитарлық және құқық қорғау құрылымдарының өкілдеріне мұндай мүмкіндік бермей жатыр.

Руанда бойынша халықаралық трибуналдың және Бұрынғы Югославия бойынша халықаралық трибуналдың (БЮХТ) сот палаталары өз шешімдерінде «геноцид жасау ниеті барлық жағдайда тұтас бір елді қамти бермейді, кейбір жағдайларда локальды географиялық аймақтарда да орын алатындығын ескеру керек» [20] дейді. Бұл 1999 жылғы 14 желтоқсандағы «Елисич ісі» бойынша БЮХТ сот палатасы қабылдаған шешімінде арнайы атап көрсетілгендей, «облыстың немесе муниципалитеттің мөлшерімен шектелуі мүмкін» [30]. 2014 жылдың сәуір айынан бастап бүгінгі күнге дейін жалғасып келе жатқан Украинаның оңтүстік-шығысындағы оқиғалардан геноцид пиғылы ел аумағының едәуір бөлігіне де таралатындығын көруге болады (бұл арада «Донецк және Луганск халық республикалары» деп аталатын кеңістіктер сөз болып отыр). Аталып өткен жәйттар өз кезегінде бізге геноцидтің жаңаша нысаны (немесе әдісі) - аумақтық геноцид туралы айтуға негіз бар екенін айқыштайды.

Бүгінгі таңда жаппай кісі өлтіру арқылы жүргізілетін геноцидтің әртүрлі нысандарына да ерекше назар аудару қажет. Олардың ішінде қырғынды – бұрын кемсітілмеген «белгілі бір уақытта белгілі бір жерде әдейі жиналған қарусыз адамдарды жаппай өлтіруді, сондай-ақ демоцид және политицидті бөле жарып атап өтуге болады» [31: 166]. Батыс авторлары, соның ішінде Ж. Котек пен П. Ригуло, демоцидті Үкіметтің басқаруымен жүргізілетін және әдетте қарусыз бейбіт тұрғындарға қарсы бағытталған қырғынның әртүрлі тәсілдерін қамтитын қылмыс деп түсіндіреді [32: 356]. Л. Хеккл, шамасы, дәл осы мағынада 1979-1989 жылдары Ауғанстандағы соғыс қимылдары кезінде Кеңес әскерлерінің бейбіт тұрғындарды өлтіруі туралы КСРО басшылығы санкциялаған (рұқсат берген) фактілерін демоцид ретінде қарастыруы негізсіз болмауы керек [33: 147-149]. Біздің

ойымызша, демоцидтің айқын және сөзсіз көрінісі болып Израильдің 2014 жылдың маусымынан бастап Палестина автономиясының Газа секторының бейбіт тұрғындарына қарсы жасалған «қорғаныс шекарасы» және «Бұзылмайтын тау жынысы» атты әскери операциялары болып табылады. 2014 жылдың 3 тамызына дейін орын алған жағдай бойынша еврей мемлекетінің ЦАХАЛ атты әскери күштік құрылымы (Израильдің қорғаныс армиясы) мыңнан астам араб ұлтының өкілдерін, соның ішінде балалар мен әйелдерді өлтіруге қатысы болған. Геноцидтің ғылымда қалыптасқан түсінігімен бұл айтылған жағдайды саралау мазмұны бойынша тура келмегенімен, бүтін бір ұлттың тұтастығын мақсатты түрде жоюға бағытталған қоғамға қауіпті әрекет екендігі дау тудырмайды. Политицид жоғарыда айтып кеткеніміздей, жаппай қырып-жою сипатында көрініс тапқанымен қандай да бір ұлтқа немесе этникалық топқа қарсы бағытталмайды, керісінше мемлекет ішіндегі саяси күштер арасындағы текетірестен туындайды.

Нәтижелер

Сонымен, осы заманғы халықаралық қатынастардың тәжірибесі мен ғылымында, сондай-ақ халықаралық құқықта геноцидтің қылмыс ретіндегі түсінігі едәуір кеңейіп отырғандығын атап көрсетеміз. Сол себепті де мамандар мен сарапшылар бұрын-соңды белгілі болмаған қатынастарға түрлі атаулар мен баға беріп, ғылыми айналымға жаңа терминдерді енгізуде. Жоғарыда атап өткен геноцидтің барлық нысандарына тән ортақ белгілер бар. Соның ең біріншісі және осы қылмыс құрамын саралауда фундаменталды сипат иеленетіні, бұл – толықтай немесе ішінара жойып жіберуді көздейтін айрықша мақсатының міндетті түрде болуы (түсіндіру: жоғалу – тікелей мағынасындағы физикалық жоюға алып келмегенімен, тарихи қалыптасқан мәдениетті жою салдарын тудырады). Сондай-ақ жойып жіберу әрекеті дегенімізде, оның 1948 жылғы Конвенцияның ІІ–бабында көрсетілгендей тек қана ұлттық, этникалық, нәсілдік немесе діни топтарға ғана бағытталуымен шектелмейтіндігін түсінуге тиіспіз. Сондықтанда, жоғарыда айтып өткен мақсаттың болмауы іс- әрекетті геноцид ретінде анықтау мүмкіндігінен айырады деген тұжырымға тоқтаймыз [34: 70]. БЮХТ Сот камерасы «Елисич ісі» бойынша шешімінде барлық қатыгездікке қарамастан, егер кінәлінің топты жою мақсаты болмаса (to destroy the group in question) мұндай әрекетті геноцид деп санауға болмайды деп атап өтті [30]. Осы тұрғыда Дарфур бойынша халықаралық тергеу комиссиясының (2004 ж.) есебі де ескеруге тұрарлық. Аталған құжатқа сәйкес бұл орган Судан аумағында орын алған геноцид жасау фактілерін анықтай алмады: комиссия «Джанджавид» тобының әскерилерінің көшпелі араб тайпаларына қарсы шабуылдарының мақсаты геноцид болмаған деп тұжырымдады; керісінше, олардың мақсаты жаппай өлтіру... Дарфурдың құрғақ емес аумағынан халықты жағдайлары нашар, бірақ әлі де өмір сүруге болатын арнайы лагерьге қуу болды; осылайша комиссия топ мүшелерінің іс-әрекеттерін адамгершілікке қарсы қылмыстар деп таныды [35]. Екіншіден, аталған мақсат геноцидтің басқа да белгілі нысандары сияқты екі жолмен көрінуі мүмкін: «бір жағынан – демографиялық топ мүшелерінің мүмкіндігінше көп санын жою ниеті арқылы; екінші жағынан – оның таңдаулы өкілдерін (саяси, діни, зияткер элиталарды) жою ниеті арқылы» [34; 70]. Үшіншіден, осы мақсаттың міндетті түрде кездесетіндігі себепті, біз геноцидтің жаңа нысандары да абайсыздықта емес, тек қана қасақана жасалатындығын көреміз. Төртіншіден, қарастырылып отырған нысандардың барлығы да «классикалық» геноцид секілді жаппай сипатта орын алады. Бұл арада, таңдау жасап, іріктеп отырмайтындығын, арнайы бөліп-жарып қарамайтындығын айтқымыз келеді. Тұтас ұлт, тұрғындар мен этностар тегістей «құрбандыққа» шалынады. Сол себепті де бұл қылмыс түрлерін адамзатқа қарсы бағытталған және әскери қылмыстардан ажырату маңызды.

Осыған байланысты мынадай заңды сұрақ туындайды: демоцид, этноцид (этногеноцид), политицид, гуманитарлық трагедия, этникалық тазарту және геноцидтің басқа да жоғарыда аталған жаңа нысандары, егер олар 1948 жылғы Конвенция бойынша жаза тартатын әрекеттер ретінде қарастырылмаған болса, мұндай жағдайда қылымысты қалай саралаймыз? Рас, бұл функцияны бүгінгі таңда халықаралық сот органдары мен мекемелер өз өкілеттігі аясында атқара алады. Осы орайда, мысалы, БҰҰ Халықаралық сотының «этникалық тазартуды» қылмыстық әрекет деп тануы қылмыстық-құқықтық бағалауға қосқан елеулі үлесі деп атап өткен жөн.

Сот 1948 жылғы Конвенцияға сәйкес этникалық тазартудың геноцид құрамының белгісіне жататындығын анықтау барысында келесі мән-жайларды ашып көрсетті: «этникалық тазарту» геноцид қылмыстарының формасы ретінде саралануы ықтимал, егер де ол 1948 жылы қабылданған Конвенцияның ІІ–бабындағы жазаланатын әрекеттер санатына жатқызылса. Бұл орайда, Конвеция қорғауындағы этникалық топты қандай да бір аумақтан күштеп қоныс аудартудың түбінде оны физикалық тұрғыда жоқ ету ниеті болуы тиіс [10: 10]. Біздің ойымызша, қарастырылып отырған контексте БҰҰ-ның басты сот органының тұжырымына Таулы Қарабақтағы әзірбайжан тұрғындарының өлімдерінің оқиғалары толығымен сәйкес келеді. Бұл автономиялық ауданда қарулы қақтығыстар 2014 жылдың 1 және 3 тамыз күндері аралығында қайта жалғасын тапты және соңғы уақытта 2021 жылдың қазан айына дейін созылды. Тараптар арасындағы бітімгершілік шарттары 100- ден астам рет бұзылды.

Геноцидтің өзге нысандарына, мәселен, депортацияға келетін болсақ, оны Конвенцияның ІІ– бабының қарамағына немесе «с» тармағы шеңберінде қамтылған әрекетке, не «f» жеке дербес тармағы ретінде енгізу керек. Мәдени геноцидке объективті талқылау және сәйкесінше тану жолымен этноцидті (этногеноцидті) жатқызуға болады. Геноцидтің аталмыш нысаны бұл тұрғыда кез келген басқа қылмыс актісі сияқты белгілі бір демографиялық топтың жойылуына алып келуі мүмкіндігіне сай Конвенцияның ІІ–бабында «д» қосымша тармағымен белгіленеді. Конвенцияның ІІ–бабының «а» тармағымен қырғын, демоцид және политицид толығымен қамтылған десек болады. Себебі олардың жасалуы оқшауланған жағдайларды емес, репрессиялардың (қуғын-сүргіндердің) ауқымдарын жүйелі әрекеттер ретінде көрсетеді. Сонымен қатар, бұл қылмыстар құрамында – бейбіт тұрғындардың өкілдерін жоюды көздейтін нақты айқындалған мақсаты бар. Дегенмен де бір маңызды ескере кететін жағдай – политицид жаппай кісі өлтірудің аталған басқа нысандарына қарағанда адамдар тобының мүшелеріне олардың саяси сенімдеріне байланысты физикалық зорлық-зомбылықты жасау белгісін қамтитын айырмашылыққа ие. Сондықтан оны Конвенцияның ІІ–бабының шеңберінде геноцидтің тәуелсіз нысаны ретінде де қарастыруға болады.

Қорытынды

Зерттеу барысында Конвенцияда формальды түрде көзделген геноцид нысандарының тізбесі дегенмен түпкілікті болып табылмайтыны дәлелденді. Бұл физикалық геноцидті, биологиялық геноцидті қоспағанда, ұлттық–мәдени геноцид (қазіргі түсінікте мәдени геноцид) туралы, сондай-ақ төртінші дербес нысан – әлеуметтік-экономикалық геноцид туралы да айтуға болатынын білдіреді. Геноцид объектісін кеңінен талқылаудың орындылығын ескере отырып, Конвенцияның ІІ–бабында санамаланған әрекеттер, демек, Конвенцияда қарастырылмаған басқа да демографиялық топтарға қатысты да қолданылуы тиіс екендігі тұжырымдалды.

Конвенцияны құрастырушы мемлекеттердің көпшілігі «геноцид» терминіне арнайы мән бермегені расталды. Осыған байланысты геноцидтің қандай да бір нақты нысандарын бөлу кезінде жекелеген қатысушы мемлекеттер түсіндірудің қосымша құралдарына, оның ішінде дайындық материалдарына және 1948 жылғы Конвенцияны жасасудың мән-жайларына жүгінгені анықталды. Мұндай әрекеттерге 1969 жылғы Халықаралық шарттардың құқығы туралы Вена конвенциясының 32-бабына сәйкес жол берілетіні негізделген.

Жоғарыда көрсетілген мән-жайлар Конвенцияның осы бөлігіндегі ережелерін кеңінен талқылауға мүмкіндік беріп қана қоймай, сонымен қатар оның шеңберінде оларды қолданудың келесі тәжірибесін: яғни депортация, этникалық тазарту, гуманитарлық трагедия, этноцид, демоцид, политицид сияқты тікелей геноцидтің бұрын «белгісіз» болып келген нысандарын жеке-жеке де, жиынтығында да ескеруге көмектеседі. Бұдан басқа, Конвенцияның реттеуші ықпалынан тыс барлық нысандардың заманауи халықаралық құқықтағы геноцид қылмысы құрамының құрылымын қосымша анықтауға тікелей әсері бар екендігі түйінделді.

 

Әдебиеттер тізімі

  1. Конвенция о предупреждении преступления геноцида и наказании за него от 9 декабря 1948 года [Электронный ресурс]. — Режим доступа: https://www.un.org/ru/documents/decl_conv/conventions/genocide.shtml
  2. Панкратова Е.Д. Уголовно-правовая характеристика геноцида: дис. … канд. юрид. наук: 12.00.08 — «Уголовное право и криминология; уголовно-исполнительное право» / Екатерина Дмитриевна Панкратова. — М.: МГЮА им. О.Е. Кутафина, 2010. — 200 с.
  3. Мошенская Н.В. Юридический анализ преступления геноцида [Электронный ресурс] / Н.В. Мошенская. — Режим доступа // www.genocide.ru/lib/moshenskaya/1
  4. Володин С. Конвенция о предупреждении преступления геноцида и наказании за него / С. Володин // Сов. государство и право. — 1954. — № 7. — C. 120–129.
  5. Трайнин А.Н. Избранные произведения. Защита мира и уголовный закон / А.Н. Трайнин. — М.: Наука, 1969. — 454 с.
  6. Забих Қ.Ж. Геноцид адам құқықтары мен бостандықтарына қарсы халықаралық қылмыс ретінде: заң ғыл. канд дис. автореф.: 12.00.10 – «Халықаралық құқық; Европалық құқық» / Қ.Ж. Забих. — Алматы, 2010. — 25 б.
  7. Ромашкин П.С. Преступления против мира и человечества / П.С. Ромашкин. — М.: Наука, 1967. — 357 с.
  8. Рахметов С.М. Преступления против мира и безопасности человечества / С.М. Рахметов, С.А. Кременцов. —Алматы: Жеті жарғы, 1998. — 103 с.
  9. Sainati T.E. Toward a comparative approach to the crime of genocide / T.E. Sainati // Dure Law Journal, 2013. — No. 62(161). — P. 161–179.
  10. Дадуани Т.Г. Проблемы совершенствования международно-правовых средств борьбы с актами геноцида: автореф канд. юрид. наук: 12.00.10 – «Международное право. Европейское право» / Т.Г. Дадуани. — М., 2012. — 35 с.
  11. Международная защита прав и свобод человека: сб. док. — М.: Юрид. лит.., 1990. — 672 с.
  12. Действующее международное право. Документы: [В 2-х т.]. Т. 1. Сост. Ю.М. Колосов, Э.С. Кривчикова. — М.: Международные отношения; Юрайт-Издат, 2007. — 768 с.
  13. Панов В.П. Международное уголовное право: учеб. пос. / В.П. Панов. — М.: ИНФРА-М, 1997. — 320 c.
  14. Батырь В.А. Международное гуманитарное право: учеб. для вузов / В.А. Батырь. — М.: Юстицинформ, 2011. — 688 с.
  15. Сартр Ж.П. О геноциде / Ж.П. Сартр // Материалы Расселовского трибунала по военным преступлениям (1968 г.). — М., 1990. — С. 14–24.
  16. Вартанян В.М. Уголовная ответственность за геноцид: дис. … канд. юрид. наук: 12.00.08 — «Уголовное право и криминология; уголовно-исполнительное право» / Вартан Мартиросович Вартанян. — Ставрополь: Ставропол. гос. ун-т, 2000. — 166 с.
  17. Фан В.В. Война во Вьетнаме и международно-правовая ответственность американских агрессоров / В.В. Фан // Советское государство и право. — 1972. — № 1. — С. 54–56.
  18. Караев Р.М. Консультативное заключение Международного суда ООН по Косово и международное право / Р.М. Караев // Baki universitetinin xәвәrlәri — 2010. — № 3. — C. 188–193.
  19. Мережко А. Равноправие и самоопределение народов в контексте проблемы «непризнанных» государств [Электронный ресурс] / А. Мережко. — Режим доступа: //http//www.regnum.ru/news/941586.html
  20. International Tribunal for Rwanda. Judgment of the Trial Chamber in the Akaezu Case of September 2, 1998 [Электронный ресурс]. — Режим доступа: https://unictr.irmct.org/sites/unictr.org/files/case-documents/ictr-96–4/trialjudgements/en/980902.pdf
  21. Международный трибунал по бывшей Югославии. Решение судебной камеры по делу Кристича от 2 августа 2001 г., пар. 541 со ссылкой на: Reservations to the Convention on the Prevention and Punishment of enocide // Advisory Opinion. ISJ Reports. — 1951. — P. 23.
  22. Документ ООН. Е /CN.4/ 10. 29 сентября 1997 г. [Электронный ресурс]. — Режим доступа:https://undocs.org/ru/E/CN.4/1997/21 12.12.2019.
  23. Алиев О.А. Роль НАТО в антикризисном урегулировании в Косово (1999–2000) / О.А. Алиев // Diplomatiyavә huquq. — 2008. — № 2. — С. 13–21.
  24. Мусаев Т.Ф. Правовые рамки урегулирования конфликтов на примере территориальных притязаний Армении к Азербайджану / Т.Ф. Мусаев // Diplomatiya alәmi. — 2002. — № 1. — С. 37–42.
  25. Самеонов А. Возможные союзники и враги России [Электронный ресурс] / А. Самеонов. — Режим доступа: http://www.csef.ru/studies/politics/materials/2125
  26. ООН: убийства мусульман-рохинджа в Мьянме по природе сходны с геноцидом [Электронный ресурс]. — Режим доступа: // https: www.acrenttime.tv/a/ 29455422.html
  27. Доклад Human Rights Watch [Электронный ресурс]. — Режим доступа: https://www.hrw.org
  28. Новости ООН [Электронный ресурс]. — Режим доступа: https://news.un.org/ru/story/2019/01/1316842 10.04.2019.62 112 62 6262 104 6272714 45 1321
  29. ИА REGNUM [Электронный ресурс]. — Режим доступа: https://regnum.ru/news/society/2541226.html
  30. Международный уголовный трибунал по бывшей Югославии. Решение судебной камеры «по делу Елисича» от 14 декабря 1999 года, пар.70 [Электронный ресурс]. — Режим доступа: https://undocs.org/pdf? symbol=ru/S/2001/865
  31. Черновицкая Ю.В. «Косвенный» геноцид в современном обществе (социально-философские аспекты) / Ю.В. Черновицкая // Вопросы философии. — 2008. — № 10. — С. 165–171.
  32. Котек Ж. Век лагерей: лишение свободы, концентрация, уничтожения. Сто лет злодеяний / Ж. Котек, П. Ригуло; пер. с фр. Е. Мурашкинцевой, Н. Мальхиной, Ю. Розенберг. — М.: Текст, 2003. — 688 c.
  33. Heckle L. Wars in Аfganistan: A tragedy of Afghan People / L. Heckle. London, 1984. — P. 147–149.
  34. Волеводз А.Г. Геноцид в контексте территориальной юрисдикции / А.Г. Волеводз // Геноцид в современном мире: юридические и исторические аспекты: материалы науч. конф. — М.: ВУ, 2006. — С. 69–81.
  35. Report of International Commission of Inquiry on Darfur to the United Nations Secretary-General, 2004 [Электронный ресурс]. — Режим доступа: URL://http://www.un.org/news/dh/sudan/ com_inq_darfur.pdf.

Разделы знаний

Биология

Биология бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  ғылыми және тәжірибелі биология бойынша көптеген мақалалар мен баяндамаларды таба аласыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында қазіргі билогияның негіздері, тарихы,  зерттеу бағыттары мен ғылыми зерттеулердің нәтжелері және биология ғылымының басқа да бөлімдері жайлы толық анықтама береді.

Медицина

Совокупность наук о болезнях, их лечении и предупреждении.

Педагогика

Бұл бөлімде сіздер педагогика пәні бойынша көптеген тақырыптарға арналған мақалалар мен баяндамаларды таба аласыз. Бұл мақалалар сіздерге түрлі педагогика жайлы ғылыми жұмыстарды жазуға бағыт-бағдар бере отырып, жаңа ғылыми ашылымдар мен тәжірибелік зерттеулердің нәтижелерін танып-білуге көмектеседі.

Психология

Психология бөлімінде психология пәні, міндеттері мен мақсаттары, психикалық құбылыстардың пайда болу заңдылықтары, психология бөлімінің тармақтары, психология ғылымының пайда болу тарихы, қалыптасуы және психологияның басқа да тақырыбындағы қызықты мақалаларды таба аласыздар. 

Социология

 Бұл бөлімде социология немесе әлеуметтану ғылымы жайлы, қоғамның қалыптасуы, жұмыс істеуі және даму заңдылықтары туралы мақалалар қарастырылған. 

Тарих

Бұл бөлімде сіздер тарих ғылымының түрлі тақырыбына жазылған көптеген ғылыми мақалаларды таба аласыздар. Бұл мақалалар сіздерге рефераттар мен баяндамаларды жазуға көмектеседі.

Техникалық ғылымдар

Мұнда келесідей ғылыми мақалалар жарияланады: физика-математикалық , химиялық, гелогия-минерология, техникалық және гуманитарлық ғылымдардың өзекті  мәселелері, ғылыми конференциялардың, семинарлардың материалдары, ғылыми-техникалық комиссияның қағидалары, техникалық білімнің мәселелері.

Филология

 Бұл бөлімде филология пәні жайлы, филологияның түрлі тақырыбына жазылған мақалалардың жиынтығы қарастырылған. 

Философия

Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  философия пәні бойынша ғылыми мақалалар. Бұл бөлімде қоғам тану жайлы көзқарастар, сонымен қатар қазақ халқының ұлы тұлғаларының философиялық көзқарастары келтірілген.

Халықаралық қатынастар

Халықаралық  қатынастар  бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында халықаралық қатынастарды дамытудың жолдары мен оларды дамытудағы негізгі алғышарттарды қарастырады. Халықаралық экономикалық қатынастардың мемлекетті дамытудағы ролі мен маңызын ашып көрсетеді.  Мұнда сіздер халықаралық қатынастар, сыртқы экономикалық саясат тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Экология

Экология

Экономика

Экономика бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында материалдық игіліктерді өндіру, айырбастау, бөлу және тұтыну үрдісі кезінде адамдар арасында пайда болатын өндірістік қатынастарды дамытудың жолдарын қарастырады.  Мұнда сіздер экономика, экономикалық теория тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Құқық

Құқық бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында құқық туралы жалпы түсінікті ашады, құқықтық қоғамның қалыптасып дамуы жайлы және оның маңызын қарастырады. Мұнда сіздер құқық пәні тақырыбында жазылған көптеген материалдарды таба аласыздар.