Другие статьи

Цель нашей работы - изучение аминокислотного и минерального состава травы чертополоха поникшего
2010

Слово «этика» произошло от греческого «ethos», что в переводе означает обычай, нрав. Нравы и обычаи наших предков и составляли их нравственность, общепринятые нормы поведения.
2010

Артериальная гипертензия (АГ) является важнейшей медико-социальной проблемой. У 30% взрослого населения развитых стран мира определяется повышенный уровень артериального давления (АД) и у 12-15 % - наблюдается стойкая артериальная гипертензия
2010

Целью нашего исследования явилось определение эффективности применения препарата «Гинолакт» для лечения ВД у беременных.
2010

Целью нашего исследования явилось изучение эффективности и безопасности препарата лазолван 30мг у амбулаторных больных с ХОБЛ.
2010

Деформирующий остеоартроз (ДОА) в настоящее время является наиболее распространенным дегенеративно-дистрофическим заболеванием суставов, которым страдают не менее 20% населения земного шара.
2010

Целью работы явилась оценка анальгетической эффективности препарата Кетанов (кеторолак трометамин), у хирургических больных в послеоперационном периоде и возможности уменьшения использования наркотических анальгетиков.
2010

Для более объективного подтверждения мембранно-стабилизирующего влияния карбамезапина и ламиктала нами оценивались перекисная и механическая стойкости эритроцитов у больных эпилепсией
2010

Нами было проведено клинико-нейропсихологическое обследование 250 больных с ХИСФ (работающих в фосфорном производстве Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции)
2010


C использованием разработанных алгоритмов и моделей был произведен анализ ситуации в системе здравоохранения биогеохимической провинции. Рассчитаны интегрированные показатели здоровья
2010

Специфические особенности Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции связаны с производством фосфорных минеральных удобрений.
2010

Қазақстан Республикасының инновациялық инфрақұрылымы: ғылыми əзірлемелерді коммерцияландыруды дамыту негізі

 Инновациялық инфрақұрылым түсінігі мен объектілері

Қазақстанда инновациялық инфрақұрылымды қалыптастыра отырып, экономиканы инновациялық жолмен дамыту мəселесіне нарықтық экономикаға өткен кезеңнен кейін аса үлкен мəн беріле бастады. Қазіргі таңда еліміздегі ғылыми-техникалық сала мен инновациялық қызметте мемлекет саясатының басты бағыттарының бірі болып аймақтық, салааралық, мемлекеттік сипаттағы арнайы инновациялық субъектілерден тұратын тиімді инновациялық инфрақұрылымды қалыптастыру табылады.

Ресми жəне заңнамалық құжаттарда «инновациялық инфрақұрылым — инновациялардың өндірісіне жан-жақты қолдау көрсетуді мақсат еткен түрлі мекемелердің жиынтығы» деп түсіндіріледі. Алайда мұндай анықтама уақыт өткен сайын үнемі түзетіліп əрі толықтырылып тұруды қажет етеді. Себебі инновациялық инфрақұрылым құрамына кіретін ұйымдардың саны үнемі артып, инновациялық қызметті ұйымдастыру мен қолдаудың жаңа формалары пайда болуда.

Инновациялық инфрақұрылымға кіретін барлық ұйымдар инновациялық қызметтің біртұтастығын білдіретін белгілі бір технологиялық жəне экономикалық байланыста болады. Осы сипаттамаларды ескере отырып, инновациялық инфрақұрылым ұйымдарын 1-кестеде көрсетілгендей түрде жіктеуге болады.

Инновациялық инфрақұрылым объектілерінің жіктелуі    

Коммерцияландыру — нарыққа жаңа жəне жақсартылған өнімдер, қызметтер шығару мақсатында ғылыми зерттеулер мен əзірленімдер нəтижелерін немесе коммерциялық нəтижеге қол жеткізетін үдерістерді практикалық пайдаланумен байланысты үдеріс. Ғылымның нəтижелері болып табылатын инновациялық жобаларды, жоғары оқу орындарының ғылыми-зерттеу жұмыстарының нəтижелерін коммерцияландыруды табысты жүргізу үшін жоғарыда көрсетілген инновациялық инфрақұрылым объектілерінің жүйелі, тиімді қызмет етуі аса маңызды болып табылады.

Дамыған елдердегі инновациялық инфрақұрылымды қалыптастыру ерекшеліктері

Əлеуметтік-экономикалық даму деңгейі мен ұлттық мəдени ерекшеліктеріне қарай əлем елдерінің инновациялық даму жолы əр түрлі болып келеді. Қазіргі таңда бойынша қалыптасқан модельдерді 4 топқа жіктеп қарастырады:

  1. Ғылым саласында көшбасшылыққа бағытталған, ірі мақсатты жобаларды жүзеге асырып, ғылыми-өндірістік циклдың барлық кезеңдерін қамти алатын, əскери саладағы инновациялық əлеуеті жоғары мемлекеттер (АҚШ, Англия, Франция).
  2. Жаңашылдықтарды енгізуге   бағытталған,   инновациялардың   дамуына   жағымды   орта қалыптастырған,  экономиканың (Германия, Швеция, Швейцария).
  1. Инновациялық инфрақұрылымды дамыту арқылы жаңашылдықтарды енгізуді ынталандыратын, əлемдік ғылыми-техникалық прогрестің жетістіктерін игеруге бейім, ғылым мен технология саласындағы əр түрлі секторларды ұтымды үйлестіре алатын мемлекеттер (Жапония, Оңтүстік Корея).
  1. Инновациялық факторларды   қолдана    отырып,   индустриялық бағытталған мемлекеттер. Бұл топтағы елдер экономиканы əлемдегі ҒТП арқылы жаңғыртады (Қытай, Үндістан).

Əлемдегі мемлекеттердің инновациялық даму бойынша қай деңгейде екендігін мұқият зерттеп, 80 түрлі көрсеткіштердің негізінде есептелетін индекс — «жаһандық инновациялық индекс».

Бұл индексті есептеу бойынша жұмыстар 2007 жылдан бастап жүргізіледі. 2014 жылы зерттеу əлемдік ЖІӨ-нің 99,5%-ын өндіретін жəне əлем халқының    95%-ы өмір сүретін 143 мемлекетті қамтиды.

2013 жылмен салыстырғанда 2014 жылғы тізім көп өзгеріске ұшырамаған. Инновациялық мүмкіндіктер мен нəтижелер рейтингінде Швейцария көш бастап тұр. Одан кейін Ұлыбритания, Швеция, Финляндия, Нидерланды, АҚШ, Сингапур, Дания, Люксембург жəне Гонконг орналасқан. Қазақстан бұл тізімде 2013 жылғы 84 орыннан 79 орынға көтерілген [2].

Ғылыми-зерттеу мен тəжірибелік-конструкторлық əзірлемеге бөлінетін, əлемдік қаржы дағдарысына қарамастан, тұрақты түрде өсіп отыр. Əлем бойынша əр аймақтағы нақты қаражат мөлшері 1-суретте көрсетілген.

1-сурет. Əлем бойынша ҒЗТКƏ-ге бөлінетін қаражаттың аймақтар бойынша шоғырлануы


АҚШ-тың Ұлттық ғылым қорының ұйымдастыруымен жүргізілетін «Ғылым мен техника көрсеткіштері» атты рейтингтің 2012 жылы жарық көрген санында да əлем бойынша ҒЗТКƏ ахуалы да қарастырылған. Бұл есеп бойынша 2009 жылы əлемдегі ҒЗТКƏ-ге бөлінген қаржы — 1,276 млрд долл. құраған. Осыдан 5 жыл бұрын, яғни 2004 жылы — 873 млрд долл., он жыл бұрын, 1999 жылы, — 641 млрд долл. болған екен. Осы көрсеткіштерден байқайтынымыз, ҒЗТКƏ-ге бөлінетін қаражат əлем бойынша жыл сайын 8%-ға өсіп отырған [3].

Көбінесе инновациялық қызметті дамытуға ұзақ уақыт қажет деген пікір қалыптасқан. Ендеше, бүгінгі күні инновация саласында ерекше серпіліс жасап, жетістікке жеткен мемлекеттердің тарихына көз жүгіртіп көрейік. Мысалға, АҚШ-та инновацияларды дамыту туралы үкіметтің алғашқы саналы қадамдары 1960-жылдардың басында орын алды. 25 жылдың ішінде АҚШ инновациялардың орталығы мен ошағына айналды десек те болады.

Тайваньнің инновациялық саясатты жүргізудің алғашқы кезеңі 1970 жылдардың басына тұспа-тұс келді, шарықтау деңгейіне 25 жыл ішінде қол жеткізді. Израиль мен Оңтүстік Корея 1980-жылдардың басында инновациялардың маңыздылығына көз жеткізіп, алғашқы қадамдарын жасады. Небəрі 20 жылдың ішінде аталмыш мемлекеттер үлкен серпіліс жасап, жаһандық нарықты жаулап отыр.

Финляндияны да ерекше атап өтсе болады. Себебі 1990-жылдардың басында бұл мемлекеттің экономикасы инновацияларды енгізуге мүлдем қабілетсіз деп танылып, үлкен дағдарыстық жағдайда тұрған болатын. Алайда, осындай қиын жайттарға қарамастан, Финляндия 20 жылдың ішінде инновациялық даму жөнінен көшбасшы мемлекеттер қатарына қосылды. Яғни, осыдан шығатын қорытынды — қазіргі инновациялық дамудағы алпауыт мемлекеттер көші орта есеппен 1980–1990 жылдары қалыптасып, айрықша жетістікке жетулеріне 10–25 жыл жеткілікті болды.

Қазақстандағы инновациялық инфрақұрылымның ағымдағы жағдайы мен мəселелері

Қазіргі уақытта Қазақстан шикізатқа бағытталған экономикадан инновациялық даму жолына, индустриялық-инновациялық экономика қалыптастыру кезеңіне қадам басты. Əлемдік экономиканың алдыңғы қатарлы озық тəжірибелерін игеруге жəне оны ұтымды пайдалана білуге талпынған мемлекеттер үшін бүгінгі уақыттағы басты мəселе индустриялық-инновациялық экономиканы қалыптастыру болып отыр.

2014 жылғы «Қазақстан жолы–2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» ҚР Президенті Н.Ə.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің əлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына кіру үшін қажетті ұзақмерзімді басымдықтар белгіленген. Осы орайда бірнеше басым бағыттар бойынша бірқатар мəселелерді шешу көзделген. Ең алдымен, елдегі инновациялық индустрияландыру трендін түзеу жəне күшейте түсу маңыздылығы атап көрсетілді.

Жолдаудың үшінші бағыты бойынша ғылыми қамтылған экономика құрып, Қазақстан ғылымының əлеуетін арттыру керек. Бұл бағыт бойынша венчурлік қаржыландыру, зияткерлік меншікті қорғау, зерттеулер мен инновацияларды қолдау, сондай-ақ ғылыми əзірлемелерді коммерцияландыру жөніндегі заңнаманы жетілдіру қажеттігі көрсетілді [4].

Мемлекеттің инновациялық саясаты қаншалықты табысты екендігін анықтау үшін бірнеше сандық жəне сапалық көрсеткіштерге сүйенеміз. Қазақстанның жаһандық инновациялық- технологиялық саладағы бүгінгі деңгейін сипаттайтын көрсеткіштер еліміздің əлемдік деңгейден көп төмен екенімізді көрсетіп отыр. Алайда Қазақстанның инновациялық даму жолына салыстырмалы түрде кейін келгенін ескере отырып, бұл сандарды болашаққа бағдар етіп алу керек (2-кесте).

Қазақстан жəне əлем елдерінің инновациялық-технологиялық саладағы салыстырмалы деңгейі

 ҚР «Индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау туралы» 2012 жылғы 9 қаңтардағы № 534-IV Заңына сəйкес Қазақстандағы индустриялық-инновациялық инфрақұрылым элементтері келесідей:

  • арнайы экономикалық аймақтар;
  • индустриялық аймақтар;
  • технопарктер;
  • тəуекелдік инвестициялаудың акционерлік инвестициялық қорлары;
  • технологияларды коммерцияландыру орталықтары;
  • салалық конструкторлық бюролар;
  • технологиялар трансфертінің халықаралық орталықтары;
  • инновациялық кластерлер [7].

Инновациялық инфрақұрылымның негізгі элементтері болып табылатын институционалдық құрамына келетін болсақ, Қазақстанда қазіргі таңда 8 аймақтық технопарк, 9 арнайы экономикалық аймақ, 4 салалық конструкторлық бюро, 4 халықаралық технологиялар трансферті орталығы, 21 коммерцияландыру кеңсесі, 18 халықаралық жəне 4 отандық венчурлық қор бар.

Қазақстанда технологиялар коммерцияландыру жүйесін қалыптастыру қолға алынған кезде 2012 жылы ғылыми-зерттеу институттары мен университеттер арасында конкурстық негізде 6 коммерцияландыру кеңсесі мен 4 аймақтық технологияларды коммерцияландыру орталығы ашылған болатын. Қазіргі таңда «ТДҰА» АҚ құруымен елімізде 21 коммерцияландыру кеңсесі, 5 аймақтық технологияларды коммерцияландыру орталығы жұмыс істейді. Олардың қызметінің негізгі мақсаты ғалымдар мен инноваторларға инновациялық əзірлемелерді коммерцияландыруға жан-жақты қолдау көрсету.

Бұл бастама қолға алынғаннан бері коммерцияландыру кеңселері арқылы тұжырымдаманы бекітуге 222 өтінім келіп түскен, оның ішінде 56 жоба іріктеліп алынды (2012 жылы — 38 жоба). 56 жобаның ішінде жалпы қаржыландыру сомасы 56 млн теңгені құрайтын 27 жоба таңдап алынды (2012 жылы — 20). 2013 жылы коммерцияландыру кеңселері арқылы 184 жоба қаржыландыруға өтініш берген, оның ішінде 66 жобаның тұжырымдамасы жасалып қарастырылған. Осылардың арасынан 28 жоба коммерцияландырылуға таңдап алынды [8].

Қазіргі кезде «Инжиниринг жəне технологиялар трансферті орталығы» АҚ-ның төленген жарғылық капиталы 9,7 млрд теңгені құрады. Атап айтқанда, бұл қаржы технопарктерді құруға жəне жабдықтауға, салалық конструкторлық бюроларды құруға, шетелдік жоғары технологиялық компаниялардың акцияларын алуға жəне басқа да маңызды жобаларға бағытталмақ. Негізгі қызмет бағыттары — жаңа технологиялар инжинирингісін, бизнес инкубациялау, технологиялар трансферті жəне инновациялық инфрақұрылымды дамыту.

Бүгінгі күні Қазақстанда 4 салалық конструкторлық бюро бар. Қызмет ету барысында салалық конструкторлық бюролар 64 конструкторлық-технологиялық құжат сатып алып (оның ішінде 2012 ж.) жəне 362 КТҚ əзірлеп шығарған (оның ішінде 2012 ж. — 212). СҚБ көмегімен отандық кəсіпорындар 177 жаңа тауар өнімдерінің өндірісін меңгерген.

Қазақстанның инновациялық инфрақұрылымын қалыптастыру мен инновациялық қызметке институционалдық тұрғыдан қолдау көрсетуші тағы бір ұйым — «Бəйтерек» ұлттық басқарушы холдингі». Оның құрамына кіретін ұйымдарды қызмет ету бағытына қарай 3 топқа бөлуге болады:

  1. Қаржылық-инвестициялық бағыт — Қазақстан Даму Банкі, Қазақстанның инвестициялық қоры, «Стрестік активтер қоры» АҚ жəне «Қазына-капитал менеджмент» АҚ.
  2. Кəсіпкерлік пен инновацияларды қолдау — «Даму» кəсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ, «ҚазЭкспортГарант» экспорттық-несиелік сақтандыру корпорациясы» АҚ  жəне «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ.
  1. Тұрғын-үй құрылысы — «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ, «Қазақстандық ипотекалық компания» АҚ жəне «Қазақстандық ипотекалық несиелерге кепілдік беру қоры» АҚ.

«Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» алдағы уақытта 120-ға тарта инновациялық жобаны қаржыландыруды жоспарлап отыр. «ТДҰА» АҚ-на 2013 жылы старт-ап құрушы кəсіпкерлерден 140 өтінім келіп түскен, оның 27-не жалпы құны 733,8 млн теңгені құрайтын гранттық қаржыландыру берілді. Соңғы 3 жылда қазақстандық жаңашыл кəсіпкерлер тарапынан 865 өтінім беріліп, олардың 173-іне жалпы құны 7,9 млрд теңге құрайтын қаржы бөлінген [8].

 Ағымдағы ахуалды талдай келе, Қазақстанның ішкі экономикасында өндірістік жəне кəсіпкерлік инновацияларды дамытуға кедергі болатын барынша маңызды факторлар анықталып, ұлттық модельді негіздеуде қолданылды.

Қазақстан Республикасының инновациялық инфрақұрылымын дамытудың ұлттық моделі

Қазақстан Республикасындағы инновациялық саясатты нəтижелі жүзеге асыру үшін бірнеше факторлардың үйлесім тауып, инновациялық қызметті жүзеге асырушы институттардың бірізді жұмыс істеуі өте маңызды. Бұл ретте мемлекеттің рөлі ғылым мен білімді дамытуға, жүйелі инновациялық инфрақұрылымды құруға, стратегиялық сипаттағы технологиялық кешенді құрастыруға жəне инновациялық қызметті жүзеге асыру үшін институционалдық қолайлы шарттар жасауға көмектесуді білдіреді.

Қазақстан экономикасының технологиялық құрылыcындағы кері кетулер мен деиндустрияланудың себебі экономикадағы құрылымдық өзгерістермен байланысты. Атап айтқанда, 2000 жылдары шикізат факторының əсерінен экономиканың күрт өсуі нəтижесінде ІV технологиялық құрылыс салаларына жататын мұнай өндірісі, түсті жəне қара металды өңдеу сияқты салалар айқын басымдыққа ие болды. Дамыған елдерде 1980 жылдардан бастап V технологиялық құрылыс салалары экономиканың қозғаушы күшіне айналған, ал Қазақстан бұл үдерістен кем дегенде 10 жылға жəне 1 технологиялық құрылыc кезеңіне қалып келеді. Мысалы, статистикалық мəліметтерге жүгінсек, келесідей мəліметтерді көруге болады:

  • V технологиялық құрылыстың үлесі — 1%-дан кем;
  • IV технологиялық құрылыстың үлесі — шамамен 35%;
  • III технологиялық құрылыстың үлесі — шамамен 65%.

Осыған ұқсас жағдай ТМД мемлекеттерінде де байқалады. Мысалға, Украинада ІІІ ТҚ үлесі — 58%, IV ТҚ — 38 %, V жəне VI ТҚ — 4 %. Беларусь Республикасында III жəне IV ТҚ үлесі — 79 %, V ТҚ — 5,2 %. Ресей Федерациясында V ТҚ — 3 %, IV ТҚ — 48 % III ТҚ — 49 % [9].

Бұл жерде ІІІ ТҚ салаларына агроөнеркəсіптік кешен, үй шаруашылығы, қызмет көрсету саласы, болат, электр энергиясы, ауыр машина жасау, органикалық емес химия өңдеу жатады. IV ТҚ — автомобиль жəне трактор жасау, түсті металлургия, ұзақ мерзімді қолданатын тауарлар, синтетикалық материалдар, органикалық химия, мұнай өндіру мен өңдеу. V ТҚ — электрондық өнəркəсіптік өндіріс, есептеуіш техника, бағдарламалық қамтамасыз ету, авиаөнеркəсіп, телекоммуникация, оптикалық талшықтар, робот жасау, газ өндіру мен тұтыну, ақпараттық қызметтер.

Бұл үдерісті түсіну өте маңызды, себебі инновациялық инфрақұрылымды дамытудан бұрын елдегі өндірісті əртараптандырып, инновациялық қызметтің дамуына технологиялық алғышарт жасау керек. 2-суретте дамыған елдер мен Қазақстанның технологиялық даму траекториясы салыстырмалы түрде көрсетілген.

2-сурет. Қазақстанның технологиялық даму траекториясы [9]

Бұл технологиялық айырылымдарды жою үшін 2010–2014 жылдарға арналған үдемелі индустриялық-инновациялық даму стратегиясын қолдануға болар еді. Алайда басым бағыттар IV технологиялық құрылыс салалары болып табылатын капитал сыйымдылығы жоғары металлургия, химия, мұнай өңдеу, энергетика сияқты салалар болып белгіленді. Ендігі кезекте бұл олқылықтың орнын Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың 2015–2019 жылдарға арналған бағдарламасында толтыруға болады [10].

Қaзaқстaндa ІІІ жəне IV технoлoгиялық құрылыс сaлaлaры əлі бірaз жылдaр бoйы бaсым бoлуы зaңды. Қaзaқстaндa иннoвaциялық инфрaқұрылымның жəне жaлпы иннoвaциялық сaясaттың қaлыптaсa бaстaғaнынa небəрі 10 жылдaн жaңa aсты. Aлaйдa иннoвaция деңгейі біз мaқсaт еткендей жoғaры қaрқынмен дaмығaнын қaлaсaқ, тек иннoвaциялық сaясaтты ғaнa қaрaстырмaй, oның қaлыптaсуынa негіз бoлaтын өндіріс пен өнеркəсіпті де қaтaр қoлғa aлу керек. Себебі өндіріс бoлмaсa, қoлдaнбaлы ғылыми зерттеуді жүргізетін кəсіпoрын бoлмaйды, aл зертхaнaлaрдa oйлaп тaбылғaн иннoвaциялaрды іс жүзінде қoлдaнып, кoммерциялaндырмaсaқ, мұндaй жaңaшылдықтaн пaйдa бoлмaйды.

Сонымен қатар өндірісті индустрияландыру маңыздылығына назар аударған жөн. Инновациялық инфрақұрылым ретінде ұйымдар мен институттар, холдингтер мен қорларды көптеп құра бергенмен, егер елде өндіріс пен өнеркəсіп ошақтары болмаса, инновациялық дамудың қарқынды жүзеге асуы күмəнді. Мысалы, атом электр станциясын көрмеген жəне онымен тығыз байланыста болмаған ғалымнан атом энергетикасын дамыту туралы инновациялық жаңалықтарды күте алмаймыз.

Зерттеу нəтижесінде жоғарыда көрсетілген мəселелерді ескере отырып, 3-суретте көрсетілгендей, Қазақстан Республикасының инновациялық инфрақұрылымын дамытудың ұлттық моделін ұсынамыз.

Сурет 3. Қазақстанның инновациялық инфрақұрылымын дамытудың ұлттық моделі

Ескерту. Зерттеу нəтижесінде автормен құрастырылған.

Сурет 3. Қазақстанның инновациялық инфрақұрылымын дамытудың ұлттық моделі

 Ұсынылған модель еліміздің экономикалық дамуындағы қалыптасқан жағдай мен көптеген факторларды ескере отырып, инновациялық инфрақұрылым элементтерін белсендіру мен оңтайландырудың кешенді шараларын тереңнен қарастырады. Көрсетілген бағыттарға толығырақ тоқталып, олардың өзектілігі мен дұрыстығын негіздеп өтейік.

  1. Экономиканы технологиялық жаңғырту.

V технологиялық құрылыс салаларын, ақпараттық жəне «ақылды» экономиканы дамытып, инновациялық қызметтің постиндустриалды дамуы индустрияландыру сатысынан аттап өте алмайтынын түсіну керек. Осыған орай, əлем елдерінің даму кезеңін жіктеуге болатын «индустрияландыруға дейінгі — индустрияландыру — постиндустриалды» жіктемесін басшылыққа алу қажет. Негізінен инновациялық даму жолына түскен мемлекеттер құрылымдық-технологиялық өзгерістерге қол жеткізу үшін келесідей сатыларды бастан өткізеді: шикізат өндіру мен өңдеу, материал жəне еңбек сыйымдылығы жоғары тауарлар өндіру, осыдан кейін кезекпен капитал сыйымдылығы, технология сыйымдылығы жəне ғылыми сыйымдылығы жоғары тауарлар өндіру, ең соңында, инновациялық зерттеулер мен əзірлемелер. Алайда Қазақстан үшін бұл сатылардың барлығын қайталаудың қажеттілігі төмен. Себебі жаңа технологияларды трансферттеу арқылы бірден капитал жəне ғылыми сыйымдылығы жоғары тауарлар өндірісін ұйымдастыруға болады. Яғни өндірістің технологиялық жаңғыруы отандық қолданбалы ғылымды, ҒЗТКƏ мен пайдалы жаңалықтардың ашылуына негіз болатын «құнарлы топырақ» болып табылады.

Еліміздегі негізгі қорлардың кейбір салаларында технологиялық тозу деңгейі 60–70 %-дан асып кеткендігі жасырын емес. Ендеше, ескі жəне əбден тозған құрал-жабдықтарда ғалымдар инновациялық өнім ойлап табу ықтималдығы жоқтың қасы. Сондықтан негізгі қорларды, өндіріс орындарындағы технологияларды барынша заманға сай етіп жаңғыртқан жөн. Осылайша, елімізде IV технологиялық құрылыс салаларын жан-жақты игеріп, V технологиялық құрылыс салаларының дамуына берік іргетас қалаймыз.

  1. Ғылыми зерттеуді жаңғырту.

Өндірісті технологиялық жаңғырту арқылы олармен тығыз байланыста жұмыс істейтін ҒЗИ мен жоо-дағы ғылыми зерттеулердің қолданбалы сипат алары сөзсіз. Себебі ендігі кезекте ғалымдар нақты өндіріс үшін нақты технологиялар мен əзірлемелер жасауға ұмтылады жəне оларды қолданысқа енгізуге болатын кəсіпорындардың бар болуы бұл үдерісті жеделдетеді.

Еліміздің ұлттық, экономикалық, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бірнеше стратегиялық маңызды салаларда ҒЗИ-не қажетті инновациялық əзірлеме жасап шығару үшін мемлекеттік тапсырыс беру қажет. Себебі ғалымдар агроөнеркəсіп немесе ғарыш саласында Қазақстан экономикасын бəсекеге қабілетті ете алатын жаңалық қашан ашады деп күтіп отыруға болмайды, керісінше, ғалымның алдына нақты мақсат пен тапсырма беріп, оның орындалуы үшін барлық жағдайлар жасау керек. Осыған орай, «Sony» компаниясының негізін қалаушы Акио Моританың сөзін келтіруге болады: «Егер инженер немесе ғалымның алдына нақты мақсат қойса, ол оған жету үшін барлығын жасайды. Бірақ мақсат қоймай, бір уыс ақша беріп, бір зат ойлап тап десе, табыс күтуге болмайды» [11]. Яғни заманауи зертханалар мен инновациялық орталықтар құрып, барлық материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етіп, еңбек өнімділігін арттыратын ынталандырушы шараларды жүзеге асыру қажет. Жаңартылған технологиялармен жұмыс істеп, айтарлықтай табысқа қол жеткізген кəсіпорындар ҒЗТКƏ жұмысын жалғастыруға мүдделі болады. Осындай сатыларды қамти отырып, бұл кезеңде инновациялық идеялар мен жаңашыл бастамалар көптеп туындайды.

  1. Инновациялық инфрақұрылым элементтерінің мультипликативтік дамуы.

Осы кезеңнен бастап Ұлттық инновациялық жүйеге кіретін барлық элементтердің қарқынды жұмысы жүзеге асады.

Алдыңғы екі кезеңді жүзеге асыру барысында туындаған инновациялық бастамалар мен ғылыми-зерттеу жұмыстарының нəтижелерін өндіріске енгізіп, коммерцияландыру үшін технопарктер, технологиялық бизнес-инкубаторлар, коммерцияландыру орталықтары мен өзге құрылымдық элементтердің рөлі ерекше. Қазіргі кезде технопарктердің идеяның тапшылығы мен қаржыландыруға берілген өтінімдердің өндірісте қолдануға келмейтіні сияқты мəселелерін шешу үшін жоғарыда көрсетілген 2 кезеңнің дұрыс жүзеге асырылуы маңызды. Осылайша өміршең инновациялық идеяларды генерациялау арқылы оларды жүзеге асыруды қамтамасыз ететін барлық құрылымдық элементтер мультипликативтік түрде дамиды жəне маманданады. Мысалға, инновациялық жобаларды сүйемелдеу, ақпараттық көмек, инкубаторлық қызмет көрсету жəне т.б.

Аймақтардағы инновациялық қызметті дамыту үшін əр өңірде ғылыми-инновациялық кешендер құру қажеттілігі басым. Мұндай кешендер жоғары оқу орындарынан, ҒЗИ-нан, ғылыми орталықтардан, бiлiктi жұмыс күшiн даярлауға жəне жаңа идеялар мен əзiрлемелердi генерациялауға бағдарланған консалтингтiк жəне бiлiм беретiн компаниялардан, технологиялық парктер мен технологиялық бизнес-инкубаторлардан, инновациялық қызметтi қолдауға бағдарланған жəне қаржыландыру, маркетинг, жарнама-көрме қызметi, патенттеу-лицензиялау жұмысы мен зияткерлiк меншiктi қорғау мəселелерiмен айналысатын құрылымдардан жасақталуы тиіс.

  1. Кадрмен қамтамасыз ету.

Кез келген саланы дамыту үшін адам ресурстарының маңызды екені анық. Əсіресе интеллектуалдық меншік пен ұшқыр ой, кəсіби білім мен жоғары біліктілікті талап ететін инновациялық қызметте кадр мəселесі өте өзекті болып табылады. Бірінші кезекте жоо білімгерлеріне 3–4 курстан бастап өндіріс орындарымен тығыз байланыста жұмыс істеп, тəжірибе өтуді көздейтін дуальдік оқыту жүйесін қолға алу қажет. Бұл кəсіби, білікті жəне, ең бастысы, өндіріске шынымен қажетті маман даярлаудың бірден бір жолы болып табылады.

Қазіргі таңда Қазақстандағы ғылымды дамытудың əлеуеті жоғары деп айта аламыз. Себебі елімізде 300-ге жуық түрлі меншік формасындағы ғылыми мекемелер мен ұйымдар жұмыс істейді. Оларды 18 мыңнан астам қызметкер, 1000-нан астам ғылым докторлары мен 3000-ға жуық ғылым кандидаттары еңбек етуде. ҚР Білім жəне ғылым министрлігі 40-қа жуық ғылыми ұйымның жұмысын үйлестіріп қадағалайды. Ендеше осы орасан зор əлеуетті тиімді пайдалану қажет.

Статистикалық деректерге жүгінсек, 1990 жылдан 2000 жылға дейінгі аралықта ғылыми- техникалық қызметпен айналысатын қызметкерлер саны 3 есеге, ал ҒЗТКƏ-ге бөлінетін қаржы көлемі 6,6 есеге азайған. Бұл кезеңде мемлекет жаңа мамандарды даярлаудан гөрі, бұрынғы кадрларды, яғни ғылым докторлары мен кандидаттарының əлеуетін, сақтап қалуға баса назар аударды. Бұған қарамастан, ғылыми-техникалық қызмет саласындағы ғылым кандидаттары тағы 2 есеге азайды. Ал 2000 жылдардан бері экономикалық жағдай тұрақталған соң ғылымды қаржыландыру мəселесін қолға алуға мүмкіндік туды. Дегенмен, ғылыми-зерттеу жұмыстарына қаржы бөлуде үлкен тепе-теңсіздігі байқалады, яғни қолданбалы зерттеулерге 71 %-ы бөлінсе, тек 8 %-ы ғана тəжірибелік-конструкторлық жұмыстарға бөлінеді [12]. Бұл көрсеткіш конструкторлық бюролар мен өндіріспен байланысқа негізделген ғылымды дамыту жайлы ұсыныстарымыздың орындылығын дəлелдейді.

Білікті мамандар даярлау ісін инновация жүйесіндегі басымды мақсат деп тауып, инфрақұрылым шеңберіндегі басқа элементтер оған жан-жақты қолдау жасаулары керек. Атап айтсақ, өз есептерінен білікті жастарға оқу гранттарын беру; білім жүйесіне қажетті ғылыми-зерттеу жəне тəжірибе- конструкторлық орталықтарын ашып, оған дарынды жастар мен ғылыми кадрларды тарту; жоғары жəне орта арнаулы оқу орындары білімгерлерінің оқу-өндірістік тəжірибелерін ұйымдастырып, олардың арасынан біліктілерін жұмысқа қабылдау; арнайы конкурстар ұйымдастыру арқылы жастардың инновацияларға құлшынысын арттыру жəне т.б.

Ғылыми-зерттеу мекемелерінің белсенділігін арттыру үшін оларды шетелдің осы саладағы озық ғылыми орталықтарымен байланыстыру. Ол үшін отандық ғылыми-зерттеу орталықтарына біріккен жобаларды орындауларына мүмкіндік ашу керек. Бастысы, қоғамдағы ғалым мəртебесін көтеріп, бұл саладағы қызметкерлердің жалақысын көтеріп, əлеуметтік жеңілдіктер жасау арқылы жастарды ғылымға тартуға серпін беру қажет. Тіпті, мектеп кезінен шығармашылық жəне креативтік ойлауды дамыту үшін дарынды оқушыларға конструкторлық бюролардың бейімделген орталықтарында қабілеттерін дамытуға жағдай жасаған жөн.

  1. Қаржылық қатынастар ерекшелігі.

Алдағы онжылдықтарда инновациялық қызметті дамытудың басты инвесторы мемлекет болатыны сөзсіз. Себебі экономиканың сапалық бағытта дамуына, ең алдымен, мемлекет мүдделі жəне кешенді ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу қайтарылмайтын қомақты қаражатты талап етеді. Алайда инновациялық инфрақұрылымның негізі қаланған соң, жеке сектордағы инновацияға деген қызығушылықты арттырып, кəсіпкерлердің де ҒЗТКƏ мен инновациялық өнім шығаруға мүмкіндік беретін зерттеулерді қаржыландыруына жол ашу керек. Бұл инновациялық кəсіпкерлік мəдениет қалыптастырып, əр бизнес субъектісі табысын барынша көбейту үшін инновациялық технологияларды пайдаланудың қаншалықты қажетті екенін түсіну арқылы жүзеге асады.

Ғылыми жəне инновациялық жобаларды қаржыландыру 2 нысанда жүзеге асырылады:

  • жоғарыдан төмен қарай — мемлекетке қажетті əзірлемелерге тапсырыс беру арқылы;
  • төменнен жоғары қарай — ғалымдар мен зерттеушілер арасында іріктеу мен конкурстар өткізу арқылы үздік идеяларға қолдау көрсету. Мемлекет инновациялық зерттеулер мен жобаларды ынталандырып, бюджет есебінен қаржылық қолдаудан еш ұтылмайды, себебі ең бастысы инновациялық қызметті қолдау сапалы экономикалық өсуге əкеледі.

Инфрақұрылым шеңберіндегі элементтердің қызмет ету тиімділігін арттыру олардың өзара байланысын жетілдіру арқылы жүзеге аспақ. Инновациялық инфрақұрылымның əрбір субъектісінің дамуы басқа элементтердің дамуымен тығыз байланысты екенін ескерсек, онда оларды кешенді түрде қолдау арқылы ғана оң өзгерістерге жетуге болады. Бұған қоса, инфрақұрылымның əрбір элементі өз тарапынан бастама көтеріп, басқа элементтермен байланысын арттыруға ұмтылуы тиіс. Қорыта айтқанда, Қазақстанның болашақтағы стратегиялық мақсаттарына қол жеткізу үшін интеллектуалдық меншік пен заманауи технологияларға негізделген өндіріс арқылы əртараптандырылған бəсекеге қабілетті экономика құру аса маңызды болып табылады.

 

 

Əдебиеттер тізімі

  1. Райхлина А.В. О сущности понятия «инновационная инфраструктура» // Молодежь. Образование. Экономика: сб. науч. тр. — Т. 2. — Ярославль, 2009. — С. 54–56.
  2. Корнель университеті, INSEAD, WIPO. С.Дутта, Б.Ланвин, С.Винсент. Жаһандық инновациялық индекс — 2014: инновациялардағы адам факторы // эксперттік-аналитикалық зерттеу. — Фонтенбло, Итака, Женева, 2014. — 29–31-б.
  3. Ұлттық ғылыми кеңес. — 4-б. Зерттеулер мен əзірлемелер: ұлттық үрдістер мен халықаралық салыстырулар // Ғылым мен техника көрсеткіштері. — 2012. — Арлингтон, 2012. — 196–201-б.
  4. «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» ҚР Президенті Н.Ə.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. 2014 жылғы 17 қаңтар. — [ЭР]. Қолжетімділік тəртібі: http://www.akorda.kz/kz/page/page_215751_kazakstan- respublikasynyn-prezidenti-n-a-nazarbaevtyn-kazakstan-khalkyna-zholdauy-2014-zhylhy-17-kantar
  5. Сəбден О. Инновациялық экономика: монография. — Т. — Алматы: ҚР БҒМ ҒК ЭИ, 2011. — 38–41-б.
  6. ЮНЕСКО жанындағы Статистика институты. Зерттеулер мен əзірлемелерге жұмсалатын шығындар (ЖІӨ, %) // Бүкілəлемдік банктің индикаторлар каталогы. — [ЭР]. Қолжетімділік тəртібі: data.worldbank.org/indicator/ GB.XPD.RSDV.GD.ZS/countries.
  7. «Индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау туралы» Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 9 қаңтардағы № 534-IV Заңы. — [ЭР]. Қолжетімділік тəртібі: http://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z1200000534
  8. Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ қызметінің негізгі бағыттары. Жылдық есеп — 2013 ж. — [ЭР].Қолжетімділік тəртібі: http://www.natd.gov.kz/pdf/ann_report_2013_rus.pdf
  9. Коллективная монография. Технологическое развитие экономики Казахстана в условиях глобализации: приоритеты и механизмы. — Алматы: ИЭ КН МОН РК, 2012. — 322 с.
  10. «Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың 2015–2019 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 31 желтоқсандағы № 1497 Қаулысы. — [ЭР] Қолжетімділік тəртібі: http://adilet.zan.kz/kaz/docs/P1300001497
  11. Кyпeшoвa C.Т. Иннoвaциялық мeнeджмeнт. — Aлмaты, 2011. — 67–68-б.
  12. Еспаев С.С. Инновационная экономика Казахстана и Китая: опыт и перспективы. — Астана: Фолиант, — С. 624.

Разделы знаний

Биология

Биология бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  ғылыми және тәжірибелі биология бойынша көптеген мақалалар мен баяндамаларды таба аласыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында қазіргі билогияның негіздері, тарихы,  зерттеу бағыттары мен ғылыми зерттеулердің нәтжелері және биология ғылымының басқа да бөлімдері жайлы толық анықтама береді.

Медицина

Совокупность наук о болезнях, их лечении и предупреждении.

Педагогика

Бұл бөлімде сіздер педагогика пәні бойынша көптеген тақырыптарға арналған мақалалар мен баяндамаларды таба аласыз. Бұл мақалалар сіздерге түрлі педагогика жайлы ғылыми жұмыстарды жазуға бағыт-бағдар бере отырып, жаңа ғылыми ашылымдар мен тәжірибелік зерттеулердің нәтижелерін танып-білуге көмектеседі.

Психология

Психология бөлімінде психология пәні, міндеттері мен мақсаттары, психикалық құбылыстардың пайда болу заңдылықтары, психология бөлімінің тармақтары, психология ғылымының пайда болу тарихы, қалыптасуы және психологияның басқа да тақырыбындағы қызықты мақалаларды таба аласыздар. 

Социология

 Бұл бөлімде социология немесе әлеуметтану ғылымы жайлы, қоғамның қалыптасуы, жұмыс істеуі және даму заңдылықтары туралы мақалалар қарастырылған. 

Тарих

Бұл бөлімде сіздер тарих ғылымының түрлі тақырыбына жазылған көптеген ғылыми мақалаларды таба аласыздар. Бұл мақалалар сіздерге рефераттар мен баяндамаларды жазуға көмектеседі.

Техникалық ғылымдар

Мұнда келесідей ғылыми мақалалар жарияланады: физика-математикалық , химиялық, гелогия-минерология, техникалық және гуманитарлық ғылымдардың өзекті  мәселелері, ғылыми конференциялардың, семинарлардың материалдары, ғылыми-техникалық комиссияның қағидалары, техникалық білімнің мәселелері.

Филология

 Бұл бөлімде филология пәні жайлы, филологияның түрлі тақырыбына жазылған мақалалардың жиынтығы қарастырылған. 

Философия

Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  философия пәні бойынша ғылыми мақалалар. Бұл бөлімде қоғам тану жайлы көзқарастар, сонымен қатар қазақ халқының ұлы тұлғаларының философиялық көзқарастары келтірілген.

Халықаралық қатынастар

Халықаралық  қатынастар  бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында халықаралық қатынастарды дамытудың жолдары мен оларды дамытудағы негізгі алғышарттарды қарастырады. Халықаралық экономикалық қатынастардың мемлекетті дамытудағы ролі мен маңызын ашып көрсетеді.  Мұнда сіздер халықаралық қатынастар, сыртқы экономикалық саясат тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Экология

Экология

Экономика

Экономика бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында материалдық игіліктерді өндіру, айырбастау, бөлу және тұтыну үрдісі кезінде адамдар арасында пайда болатын өндірістік қатынастарды дамытудың жолдарын қарастырады.  Мұнда сіздер экономика, экономикалық теория тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Құқық

Құқық бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында құқық туралы жалпы түсінікті ашады, құқықтық қоғамның қалыптасып дамуы жайлы және оның маңызын қарастырады. Мұнда сіздер құқық пәні тақырыбында жазылған көптеген материалдарды таба аласыздар.