1994 жылдың 19 шілдесінде Қазақстан Каспий теңізінің құқықтық мəртебесі туралы Конвенция жобасын ұсынды. Жоба Қазақстан Республикасы ресми биліктерінің Каспийдің болашақ мəртебесі туралы көзқарасын білдіреді. Жоба бойынша Каспий теңіз ретінде қарастырылып, 1982 жылдың 10 желтоқсанында қабылданған БҰҰ Конвенциясының негізгі нормативтерінің күші жүру керек. Жобада Каспий жағалауындағы елдердің мемлекеттік шекаралары көлемдік сулар бойынша, яғни жағалаудан 12 теңіздік мильмен бекітілуі қажет. Теңіз түбінің қалғаны ұлттық секторларға бөлінеді. Бөлінген бөліктер халықаралық теңіз құқығына сəйкес жағалау мемлекеттерінің ерекше экономикалық аймақтары болып табылады. Ал табиғи ресурстарды пайдалану, əсіресе ұлттық секторларда жатқан теңіз қойнауындағы байлықты қолдану жағалау мемлекеттерінің құқықтық құзыретіне бағынады. Осыған орай Қазақстан тарапы жағалау мемлекеттерінің табиғи ресурстарды пайдаланудағы мүдделерін қорғауға жəне экологиялық жүйені сақтауға шақырады [1]. 1996 жылдың наурызында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары В.Гиззатов: «Қазақстан Каспийдің түбі мен байлығын жағалау мемлекеттері өзара бөлісу керек. Əркім өзіне тиісті бөлікті ұлттық егемендігін жүргізе отырып, минералдық ресурстарды іздеу жəне қолдануда ерекше құқыққа ие болуы тиіс. Осы мəселеде біз тек халықаралық құқықты ғана емес, Кеңес Одағы мен Иранның тəжірибесін назарға алдық. Олар өзара кеңеспей-ақ, теңіз мұнайын өз еріктерімен өндіре білген. Демек, біз Кеңес Одағы мен Иранның теңіз мұнайын пайдалану бойынша құқықтық негізге айналған қарапайым құқыққа сүйеніп отырмыз» [2].
Назарға алынатын тағы да бір жағдай бар. Каспий теңізі мемлекеттері арасында ынтымақтастықты үйлестіру мəселелері бойынша шынайы шаралар қабылдау мақсатында 1994 жылдың 28 шілдесінде Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің өкімімен Каспий теңізіне қатысты түрлі мəселелерді шешу, оған қоса теңіздің мəртебесін анықтау бойынша келіссөздерге қатысу үшін үкіметтік делегацияның жəне сарапшылар тобының бірінші құрамы бекітілді. Өкімнің
«Каспий теңізі құқықтық мəртебесі бойынша нұсқаулар» атты № 2 қосымшасында Қазақстан делегациясына 1921 жылғы 26 ақпан, 1940 жылғы 25 наурыз КСРО мен Иран арасындағы келісімдер жаңа геополитикалық шындыққа жанаспайтынын негізге алу туралы тапсырма берілген. Делегация БҰҰ 1982 жылғы теңіз құқығы туралы Конвенциясының шарттары жүруін мақсат қою керек деген. Яғни БҰҰ Конвенциясы аймақтық сулар, ерекше экономикалық аймақтар, құрлықтық шельфтер, ашық теңізде еркін ұшу, балық аулау, қоршаған орта мен жағалауды қорғау мəселелерін реттейді. Өкім бойынша қазақстандық делегацияға Каспий теңізінің құқықтық мəртебесіне қоса, жағалау мемлекеттері арасында аймақтық ынтымақтастық туралы келісім-шарт бойынша келіссөздер жүргізу тапсырылған [3].
Тапсырманың мəні делегацияның келіссөздер кезінде Каспий теңізінің құқықтық мəртебесі бойынша бірнеше басымдықтарды басшылыққа алуында жатыр. Басымдықтарға: ұлттық əлеуметтік- экономикалық даму мақсатында Каспий теңізі қазақстандық бөлігінің шикізаты мен басқа да ресурстарын тиімді өндіру жəне пайдалану үшін Қазақстанға халықаралық деңгейде танылған құқықтық негіздер мен шынайы мүмкіндіктер беру, жағалаудағы мемлекеттердің ынтымақтастық рухында экологиялық проблемаларды шешу, республикаға теңіз көлігі мен балық аулауды қамтамасыз ету болып табылады. Тапсырмада Каспий теңізі мемлекеттерімен келіссөздер барысында мемлекеттің егемендік теңдігін, Қазақстан Республикасының танылған құқығы мен мүдделерін құрметтеу, Каспий теңізінің мəртебесі мəселелерін қарастырғанда тараптардың ұстамдары мен ерекшеліктерін өзара тəуелділікпен қарау тапсырылған.
Қазақстанның ресми ұстанымын салыстырар болсақ, Əзербайжанның ұстанымынан жұмсақтау болып келеді. Екі мемлекеттің Каспий теңізінің құқықтық мəртебесін анықтауда ұстанымдарында ұқсастық көп болғанымен, Қазақстанның пікірі бейімділеу. 1996 жылдың қыркүйегінде екі мемлекет Каспий теңізінің мəртебесін анықтау, суы мен түбінде ынтымақтастық құру принциптері туралы Ортақ баяндама жобасына өзара келісіп, президенттердің қол қоюына ұсынылды [4]. Баяндамада екі тарап теңіздің ұлттық секторларындағы минералдық жəне биологиялық ресурстарды пайдалану жұмыстарын жүргізу құқықтарын өзара жəне басқа жағалау мемлекеттерінің құқығын мойындайтынын білдірді. Бүгін Астана мен Баку өздерінің көмірсутегі ресурстарын іздеу жəне өндіруді еркін жүргізіп жатыр. Екі мемлекет те Каспий теңізінің шельфіндегі мұнай жəне газ қорын өндіру халықаралық келісім-шарттар жасау бойынша нақты шаралар қабылдауды жалғастырып келеді.
Мұнда 1995 жылы Қазақстанның өкілі В.Гиззатовтың ресми мемлекеттік ұстанымды білдіре отырып: «Қазақстан Республикасы Каспийге теңіз құқығын қолдану барлық жағалау мемлекеттерінің балық аулау жəне кеме қатынасы құқықтарын қамтамасыз етуде ыңғайлы шешім болып табылады. Біздің пікірімізше жəне халықаралық құқық нормаларына сəйкес, Каспий теңізі жағалау мемлекеттерінің егемендігіне тиесілі зоналарға (аймақтық зоналарға) бөлінуі қажет. Жағалау мемлекеттері Каспий теңізінің суында, теңіз түбінде жəне астында биологиялық жəне минералдық табиғи ресурстарды іздеуге, өңдеуге, сақтауға жəне пайдалануға егемендік құқыққа ие болу қажет»,деп ескертті.
Осы орайда БҰҰ Конвенциясының «тұйық жəне жартылай тұйық теңіздер» туралы IX тарауын қарастырған дұрыс. 122-бапта «тұйық жəне жартылай тұйық теңіздерге» шығанақ, бассейн немесе екі немесе одан көп мемлекеттермен қоршалған жəне басқа теңіздермен немесе мұхиттармен тар өткел
арқылы байланысы бар немесе көпшілік бөлігі екі немесе бірнеше жағалау мемлекеттерінің аймақтық сулары мен ерекше экономикалық зоналары болып табылатын теңіздер жатады деп жазылған. 122- баптан мынаны түсінуге болады. Тұйық немесе жартылай тұйық теңізді анықтауда екі критерий қолданылады. Бірінші критерий географиялық негіз болса, екіншісі құқықтық болып табылады. Яғни екінші критерий келешекте үлкен маңызға ие болады. Өйткені құқықтық критерий бойынша теңізде аймақтық сулар мен ерекше экономикалық зоналарды анықтау мəселелері көтеріледі. Қазақстан өзінің ұстанымын қорғауда екі критерий да құқықтық тіреу ретінде табатынын айтып өткен жөн [5; 421].
Көбінесе ұғымдар кең мағынаға ие болғандықтан, су объектілерін жабық теңізге жатқызуда практикалық тұрғыдан көптеген қиыншылықтар туындайды. Сонымен қатар қазіргі халықаралық теңіз құқығында белгілі бір су объектісін тұйық немесе жартылай тұйық теңізге жалпыға тəн анықтама, барша мойындаған қағида жоқ. Конвенцияны құрған мамандар құқықтық классификацияға жəне орағытуға көбірек мүмкіндік беруді ойлаған болуы мүмкін. Тұйық жəне жартылай тұйық теңіздер ретінде құқықтық мəртебесін даму тарихы бар теңіздерге Қара жəне Жерорта теңіздерін жатқызуға болады. Осы теңіздердің реттеуде мемлекеттердің түрлі қауіпсіздік, экономикалық жəне тағы басқа да салалардағы мүдделерін ескере отырып, сонымен қатар теңіз байланысы мен балық аулау шараларын есеп ала отырып жасасқан халықаралық келісімдер негіз болып келген. Су объектілерін тұйық немесе жартылай тұйық теңізге жатқызу жағалау мемлекеттері қатарына жатпайтын елдердің əскери кемелерінің жүзуіне толық тыйым салады. Балық аулау жəне теңіз жануарлары кəсіпшілігі мəселелері екі тараптық немесе көп тараптық келісім-шарттар арқылы шешіледі.
1982 жылғы Конвенцияның 123-бабында тұйық немесе жартылай тұйық теңіздердің суымен шайылатын жері бар мемлекет тікелей немесе аймақтық ұйымдар арқылы басқа мүдделі мемлекетті немесе халықаралық ұйымды ынтымақтастыққа шақыруына болады [5]. Яғни Каспий жағалауындағы мемлекеттер саяси тұрғыдан қарамастан, шетелдік мұнай компанияларын ортақ шаруашылық құруға шақыруға болады. Иран мен Ресей Каспий теңізіне шетелдік шаруашылық субъектілерінің кіруін тосқауылдауға тырысады. БҰҰ Конвенциясының 123-бабында жағалау мемлекеттеріне ғылыми- зерттеу жұмыстары мен бағдарламаларын, теңіз ортасын қорғау, тірі ресурстарды игеру туралы іс- əрекеттерді үйлестіруге шақырады. Бұл нормалардың барлығы тұйық жəне жартылай тұйық теңіздердің мəселелері жағалау мемлекеттердің аймақтық деңгейде өзара шешіліп отырғанын дəлелдейді. 1982 жылғы БҰҰ Конвенциясы қабылданғанға дейін теңіз құқығы халықаралық заңгерлері mare clausum (тұйық теңіз) теориясын қалыптастырды [6]. Бұл теория бойынша тұйық теңіздер жағалау мемлекеттерінің егемендігіне кіріп, оларға транзит жолы ретінде қызмет етеді. Жағалау мемлекеттері өзара келісім-шартқа қол қоюы мүмкін, мұндай келісім болмаған жағдайда жағалау мемлекеттері аймақтық сулары шеңберінде өз егемендіктерін жүргізеді. Тұйық теңіздер доктринасы бойынша шекаралар орта сызықтан сызылып, ал теңіздің бөлінбеген орталық бөлігіне ашық теңіз құқығы жүреді.
Ресейдің көрнекті халықаралық құқықтанушысы Ф.Мартенстің Каспийді су жиынтығы емес, теңіз, нақты айтқанда, жабық теңізге жатқызғаны назар аудартқызады. Өзінің «Өркениетті халықтардың қазіргі заман халықаралық құқығы» атты еңбегінде Каспий теңізін «жабық» деп санайды, əрі бұл теңіз екі бірдей мемлекеттің жерлерін шайып отырса да орыс-парсы емес, орыс теңізі деп санау керек дейді [7]. Оның халықаралық саясат пен құқықтың дамуын болжай алмағанына қарамағанда, Каспийді «жабық теңіздер» қатарына кіргізіп отыр.
Ал кеңестік халықаралық құқықтанушылар Каспийді «жабық (тұйық) теңіз» ретінде қарастырған. Бірақ олар Каспийге кеңестік-ирандық теңіз деп қарап, əділетті түрде Иранның іс- əрекеттері кейбір балық шаруашылығымен шектелетінін, сауда, əскери жəне балық аулау флотының жоқ екенін мойындаған. Мұнда айта кететін нəрсе кеңестік құқық əдебиеті ғана емес, қазіргі заман ресей құқықшыларының, яғни Кеңес үкіметі ыдырағаннан кейінгі дəуір құқықтанушыларының еңбектерінде де Каспий жабық теңіз ретінде қарастырылады. Оған дəлел ретінде 2004 жылы К.Бекяшевтың редакциясымен жарық көрген «Халықаралық жалпы құқық» оқулығын келтіруге болады. Кітаптың «Жабық жəне жартылай жабық теңіздердің (тұйық жəне жартылай тұйық) халықаралық құқық жүйелері» атты бөлімінде мысал ретінде Қара, Балтық жəне Каспий теңіздері келтірілген [8]. Шетелдік əдебиетте «жабық» жəне «тұйық» теңіз деген ұғымдары айрықша қаралмай, олар «тұйық теңіз» «жабық теңіз» ұғымының сəл өзгертілген жалғасы ретінде қарастыралады. Бұрын«жабық» теңіз оған теңіз жолдарының жабық екенін білдіретін болса, ал қазір «жабық», немесе«тұйық», теңіз 1982 жылғы БҰҰ Конвенциясының 122, 123-баптары бойынша бекітіледі [9].
Құқық əдебиеттерінде «тұйық теңіз» жəне «жабық теңіз» ұғымдары тең-ауыспалы əрі бір санатта жиі қолданылады. «Жабық теңіз» ұғымы жағалау мемлекеттерінің қауіпсіздігі үшін тыс мемлекеттердің əскери-теңіз кемелерінің кіруіне шектеу немесе толық жабылуынан шығып отыр. Өзінің диссертациялық зерттеуін А.Сəлімгерей «тұйық теңіздер» халықаралық құқықтық ұғымын қарастыра отырып, былай дейді: «Халықаралық құқық ғылымында жабық теңіз кеңістігін иелену құқығын беретін «тұйық теңіз» ұғымы емес, жабық теңіз ұғымын білдіретін mare clausum жазудан аулақ болу керек». Бұл жайында 1934 жылы ағылшын заңгері Джон Сельден өзінің «Mare clausum» атты еңбегінде айтқан. Яғни «жабық теңіз» теориясы белгілі бір теңіздің географиялық ерекшеліктері мен оның оңашалануынан алынып, жағалау мемлекеттерінің ұлттық құқықтық құзыретін бірінші орынға қоймай, жабық теңізді барлық мемлекеттердің туларының астында сауда кемелерінің жүзу еркіндігін сақтай отырып жағалау мемлекеттерінің қауіпсіздігін сақтауда бірінші орынға қойып отыр. Каспийге «тұйық теңіз» мəртебесі берілгеніне дəлел ретінде өткен ғасырдың 50-жылдары Иран заңнамасын келтіруге болады. 1955 жылғы 19 шілдеде қабылданған «Континенттік шельф» туралы заңның 2-бабында «жабық теңіздерге қатысты халықаралық құқық Каспий теңізіне жүреді» делінген [10]. Ресейдің халықаралық құқықтанушыларының бірі Ю.Федеровтың пікірі қызықтырады. Ол Каспий жағалауы мемлекеттерінің Каспий мəртебесін БҰҰ Конвенциясы бойынша «тұйық теңіз» ретінде қарастырғаны дұрыс деп қарайды. Бұл кеме жүзуі еркіндігін қамтамасыз ете отырып,қайшылықтарды баршаға танылған БҰҰ теңіз құқығы Конвенциясымен шешуді белгілейді.
Халықаралық құқықта теңіз құқығы сияқты «көл құқығы» деген біртұтас жүйе қалыптаспаған. Халықаралық құқықта «шекаралық көл» деген дербес институт болмауы оның теориялық- доктриналық əлсіздігін ғана емес, əрбір көлдің ерекшеліктерін ескере отырып, қабылданатын нормативтік қағидалар жүйесін анықтауды қиынға соғатынын білдіреді. Ал ол іс жүзінде балық аулау, кеме қатынасы жəне басқа да су бассейні аймағына қатысты мемлекеттің іс-əрекетін реттейтін сəйкестендірілген ережелерді келістіру мүмкіндігін екіталай қылады. Теңізді «шекаралық көл» деп мойындаған жағдайда Каспий теңізіне қатысты басқа да қиындықтар туындауы мүмкін, себебі Ресей мен Иран сияқты анағұрлым қуатты мемлекеттер ортақ ережелер мен келісімдердің жоқ болуына байланысты, қандай да бір іс-əрекет түрлерін анықтау мен нормативті бекітуде өз мүдделеріне сəйкес келетін позициялар мен нормаларды қолдайтын болады.
Қазақстан жағалық мемлекеттермен бірқатар келісімдердің қатысушысы болып табылады. Мəселен, 10 маусым 1997 жылы Қазақстан Республикасы Əзербайжан Республикасымен Каспий теңізінің құқықтық мəртебесі туралы көпжақты Конвенция бекітілгенге дейін теңіздегі орта сызықтағы өздерінің ұлттық секторына тиесілі шекараларды ұстану мен өзара іс-əрекеттің түрлі салаларында ынтымақтастықты жандандыру туралы ұстанымдарын мəлімдейтін ынтымақтастықты одан əрі дамыту мен күшейту жөніндегі Декларацияға қол қойды [11]. Сонымен қатар Декларацияда келешекте өзінің мұнайын Каспий теңізі арқылы Əзербайжан мен Еуропаға тасымалдау жөніндегі қазақстандық тараптың ниеті бекітілді. 29 қараша 2001 жылы Қазақстан мен Əзербайжан екі мемлекет арасындағы Каспий теңіз түбі шекараларын бөлу туралы Келісімге қол қойып, аталмыш Келісім қазақстандық тараппен 2 шілде 2003 жылы ратификацияланды [12]. Осы Келісімге сəйкес тараптар Каспий теңіз түбі шекарасы мен ресурстарын, жағалау сызықтары мен аралдардағы бастапқы нүктеден тең қашықтату негізінде есептелетін, орта сызық бойынша бөледі. Қарама-қарсы орналасқан жəне іргелес жағалаулары бар мемлекеттер арасында су кеңістіктерін белгілеуде қолданылатын орта сызыққа осы мемлекеттердің теңіз жағалауларындағы тиісті ең жақын нүктесінен осы сызықтың тең қашықтықта орналасқан нүктелері бар сызық деген анықтама беруге болады. Каспий теңіз түбін бөлудегі орта сызықты өткізудің жоғарыда аталған тəсілін қолданған жағдайда, алдында көрсетілгендей, Қазақстан үлесіне — 29,6 %, Əзербайжанға — 19,5 %, Иранға — 13,8 %, Ресейге — 18,7 %, Түрікменстанға 18,4 % келеді [13]. Өз кезегінде, түрлендірілген орта сызық құрамына жағалаулардан бірдей қашықтықта емес жəне аралдар есебі, геологиялық құрылым, геологиялық шығындар мен басқа да ерекше жағдайлар негізінде анықталатын аймақтар кіреді.
Осы Келісімнің 3-бабына сəйкес, орта сызық бойынша перспективті құрылымдар мен кен орындары өткен жағдайда оларды зерттеу мен өңдеу сұрақтары жеке екіжақты келісімдер негізінде қарастырылатын болады. Өзінің ұлттық су түбіндегі секторлары шекарасында қос тарап «Каспий теңіз түбі мен жер асты байлықтарын зерттеу, өңдеу мен басқару, Каспий теңіз түбімен суасты шоғырсымдары мен құбырларды төсеу құқығын» жүзеге асырады [12]. Осыған орай атап кетерлік жай, келісімнің кіріспесінде Қазақстан мен Əзербайжан арасындағы биологиялық ресурстар мен Каспийді кеме қатынасы мақсатында пайдалануда Каспий теңіз түбі шекарасын анықтау таралмайтыны туралы бап бекітілген. Келісімнің 3-бабына сəйкес, қос тарап өздерінің ұлттық секторлары шегінде жасанды аралдар, бөгеттер, эстакадалар, платформалар мен басқа да инженерлік құрылыс, сонымен қатар теңіз түбіндегі өзге де шаруашылық-экономикалық заңды əрекеттерді іске асыруда егеменді құқығын жүзеге асырады.
1998 жылғы Қазақстан мен Ресей арасындағы келісім де ерекше мағынаға ие [14]. Қазақстан Республикасы 14 қараша 2002 жылы, Мəскеуде 6 шілде 1998 жылы қол қойылған, Ресей Федерациясымен жерасты байлықтарын қолдану егеменді құқығын жүзеге асыру мақсатында Каспий теңізінің солтүстік бөлігінің теңіз түбін анықтау туралы Келісімін ратификациялады. Осы келісімнің кіріспесінен бастап бүгінгі Каспийдің құқықтық режимінің заманауи талаптарға сай болмауы мен Каспий маңы мемлекеттері арасындағы құқықтық қатынастарды толық реттемеуі туралы айтылады. Атап өтетін жай, келісімнің кіріспе бөлігінде келешекте Каспий теңізінің мəртебесін анықтауда сол акваторияда кедендік, шекаралық жəне санитарлық бақылау аймақтарын, сонымен қоса балық шаруашылығы аймақтары мен ортақ пайдалану аймақтарын орналастыру мүмкіндігін қарастыру туралы қос тараптың ниеттері бекітілген. Аталмыш Келісімде биологиялық ресурстарды пайдаланумен байланысты шаруашылық қызметтер қамтылмаған. Келісімнің 1-бабына сəйкес, Каспийдің солтүстік бөлігінің теңіз түбі мен жерасты байлықтары Қазақстан мен Ресей арасында екіжақты келісімдер мен əділдік қағидасы негізінде модификацияланған орта сызық бойынша бөлінеді. Су үсті, кеме қатынасы еркіндігін, алдын ала келісілген балық шаруашылығы ережелері мен теңіз экологиясын қорғау ережелерін сақтаған жағдайда, ортақ қолдануда қалады. Осы құжаттың 2-бабында Каспийдің солтүстік бөлігінің теңіз түбі мен жерасты ресурстарын зерттеу, өңдеу мен басқарудағы егемен құқықтарды тараптар бөлгіш сызыққа дейін өздеріне тиесілі теңіз түбі бөлігінде жүзеге асыратындығы туралы баяндалады.
Əзербайжанның халықаралық құқық саласындағы заңгері Р.Мамедовтың əділ пікірінше, 6 шілде 1998 жылғы Қазақстан мен Ресей арасындағы келісімде алғаш рет қолдау тапқан шекараның модификацияланған орта сызығы «халықаралық құқықтың өзіндік новелласы» болып табылады [15]. Қазақстан мен Ресей арасындағы Каспийдің модификацияланған орта сызығы жағалау сызықтары бастапқы нүктеден тең қашық негізінде есептелетін жəне құрамына түрлендірілген орта сызық құрамына жағалаулардан бірдей қашықтықта емес жəне аралдар есебі, геологиялық құрылым, геологиялық шығындар мен басқа да ерекше жағдайлар негізінде анықталатын аймақтар бойымен өтеді. Көп жағдайларда мамандар орта сызықты, сызықтың ең жақын нүктесінен, сектор ені мен теңіз аумағы өлшенуге тиісті, барлық нүктелері тең қашықтықта орналасатын, тең қорғау сызығы деп атайды. Ресей тарабының суасты құбыры мен шоғырсымдарын төсеу мен пайдалану сұрағын қабыл алмауына байланысты, Келісімде арнайы бап келесідей мағынада — аталмыш қызмет түрлері кеме қатынасы мен ұшу сұрақтарын қоса қарастыра отырып, Каспий теңізінің құқықтық мəртебесі туралы Конвенцияның соңғы нұсқасына қол қойылғаннан кейін, өзінің құқықтың реттелуін жағалық мемлекеттер арасында жеке екіжақты жəне көпжақты келісімдерде табатынын баяндайды. Атап өтерлік жай, Қазақстан мен Əзербайжан арасындағы келісімге қарағанда, Қазақстан мен Ресей арасындағы келісімге сəйкес, егер модификациланған орта сызық перспективті құрылымдар мен кен орындарынан өткен жағдайда, тараптар оны зерттеу мен өңдеу жұмыстарымен бірігіп айналысатын болады.
9 қазан 2000 жылы Астанада Қазақстан мен Ресей Каспий теңізіндегі ынтымақтастық жөніндегі Декларацияға қол қойып, 26 ақпан 1921 жылғы жəне 25 наурыз 1940 жылғы келісімдерде көрсетілген кеме қатынасының еркіндігі, балық шаруашылығы еркіндігі мен Каспий маңы елдеріне тиесілі емес теңіз кемелерінің қатынасына тыйым салу сұрақтарының күшінде қалатынын баяндайды. Тараптар осы Декларацияда ымыра келісімге негізделген іргелес жəне қарама-қарсы орналасқан мемлекеттер арасындағы теңіз түбі шекарасын модификацияланған орта сызық бойынша бөлу тəсілі Каспийдің құқықтық мəртебесін анықтаудағы келіссөздер процесінде оң үлесін қосатынын атап көрсетеді. Осыған қарамастан, теңіз су кеңістігінің ортақ қолдануда болуымен қатар кеме қатынасы еркіндігі, қоршаған ортаны қорғау мен балық шаруашылығының бекітілген ережелері өз күшінде болады.
14 мамыр 2003 жылы Алматыда Қазақстан, Əзербайжан мен Ресей арасында Каспий теңіз түбі іргелес аумақтарын бөлу сызығының түйісу нүктесі туралы үшжақты Келісімге қол қойылды. Қазақстан бұл Келісімді 4 желтоқсан 2003 жылы ратификациялады. Жалпы 2 баптан тұратын бұл Келісімде тараптар, бұған дейін тараптардың жеке өзара жасалған келісімдерін ескере отырып, Каспий теңіз түбі іргелес аумақтарын бөлу сызығының түйісу нүктесін бекітеді.
Барлық бес Каспий маңы мемлекеттердің Сыртқы істер министрлерінің орынбасарларынан тұратын Арнайы жұмыс тобы Каспий теңізінің құқықтық мəртебесін анықтаудағы көпжақты келіссөз механизмі болып табылады. Бұл жұмыс тобы Каспий маңы мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері Кеңесінің шешіміне сəйкес 1996 жылы Ашхабадта құрылды [16]. Жұмыс тобының басты мақсаты — осы мемлекеттердің Каспийдегі негізгі іс-əрекеттерін реттейтін бесжақты келісімді талқылау жəне құрастыру. Осы себепті жұмыс тобы кеме қатынасы, балық шаруашылығы, Каспийдің табиғи ортасын қорғау жəне ең күрделісі Каспий теңіз түбі мен су қабатын ұлттық секторларға бөлу сияқты көптеген сұрақтарды қарастырады. Осылайша Каспий маңы мемлекеттері арасында Каспий теңізінің мəртебесіне тиісті позициясы мен келешегіне қатысты келіспеушіліктер орын алуда. Бұл құқықтық проблеманы шешудегі мемлекеттердің негізгі үш позициясын атап өтуге болады: Каспийге шекаралық көл статусын беру; 1982 жылғы Теңіз құқығы бойынша Конвенцияның мазмұнына сəйкес Каспий «тұйық теңіз» ретінде; теңіз жəне оның қорына ортақ иелік ету (кондоминиум режимі). Көпжақты келіссөз механизмі болып табылатын арнайы жұмыс тобы өз қызметіндегі объективті қиындықтар мен жағалаудағы мемлекеттер позициясының қарамақайшылығына қарамастан, өз жұмысын жалғастыруда. Кеме қатынасы мен балық шаруашылығының құқықтық режимі сияқты бірталай сұрақтар бүгінгі күні келісілгенімен, Каспий теңізінің қоры, теңіз түбі, су қабаты мен əуе кеңістігіне қатысты Каспий маңы мемлекеттерінің ұлттық юрисдикциясын анықтаудың басқа да маңызды аспектілері күн тəртібінде талқылануда. Кеңестік жəне Иран арасындағы келісім тəжірибесінің талдауы көрсеткендей, Каспий теңізін пайдалану режимінің негіздері қаланғанымен, оның халықаралық-құқықтық статусы соңына дейін рəсімделмеген болатын. Осыған орай, Кеңестік жəне Иран арасындағы келісім тəжірибесімен шектеле отырып, жаңа келісімдерге қол қоюдың қажеттілігін жоққа шығаратындардың мəлімдемесі күдік тудырады. Иран зерттеушілерінің пікірінше де, Каспийдің теңіз ретінде анықталуы географиялық тұрғыдан да орынды болып табылады. Себебі оның алып жатқан аумағы əлемдегі көлемі бойынша екінші орынға ие ұқсас бассейн Жоғары көлінің аумағынан 5 есе асады жəне Парсы мен Оман шығанақтарының қоса алып жатқан аймағын алып жатады [17]. 1981 жылы шыққан Энциклопедиялық сөздіктегі «теңіз» ұғымы — «ол құрлықпен немесе суасты бедері үстірттерімен оқшауланған жəне мұхиттың ашық бөлігінен гидрологиялық жəне метеорологиялық режиммен ерекшеленетін Əлемдік мұхиттың бөлігі» деп беріледі. Бұл анықтама өз кезегінде Каспийдің геологиялық сипаттамаларына толық сəйкес келеді [18].
Объективті жағдайлар бойынша КСРО-ның əрекет етуінің тоқтауы мен жаңа Каспий маңы тəуелсіз мемлекеттердің құрылуын есепке алмауы бір бөлек, сонымен қоса Кеңестік жəне Иран арасындағы келісімдерді жандандыру жəне оларды жағалық мемлекеттердің пікірі мен мүдделерін ескерусіз автоматты түрде қолдану аталмыш аймақтағы келешектегі ұзақ мерзімді тұрақтылықтың орнауына əкелмейтініне орай, 1921 жəне 1940-жылдардағы шарттардың бүгінгі күнгі саяси, экономикалық жəне құқықтық мəселелерге сай келмейтіні ресей ғылымының өкілдеріне де айқын болуда.
Каспий теңізінің мəртебесі туралы Конвенцияны анықтау, келісу жəне одан да кейін жеке екіжақты немесе көпжақты келісімдер негізінде өзінің географиялық орналасуына байланысты қолайсыз жағдайдағы жағалық мемлекеттердің, əділдіктің ex aequo et bono қағидасына сəйкес, Қара жəне Балтық теңіздеріне шығу құқығына ие болуы қажет. Себебі бүгінгі күні əрекет етуші каналды- өзендік жүйелер Каспий теңізінің Балтық теңізімен (Волга өзені — Марьин каналы жүйесі) жəне Қара теңізбен (Волга өзені — Волго-Дон каналы — Азов теңізі жүйесі) кеме қатынасы жолдарын жалғастыруға мүмкіндік тудырады.
Осыған дейін Қазақстан негізгі келісімнің, яғни көпжақты Каспийдің құқықтық мəртебесі туралы Конвенцияның, заңды күшіне енуінен кейін салалық келісімдерді құрудың жақтасы болып келсе, қазір экологиялық жүйенің біршама нашарлауы жəне келіссөздер процесінің созылуы жағдайында қазақстандық тарап жедел шешімді талап ететін жекелей сұрақтар бойынша арнайы келісімдер құруды қолдауы Қазақстан ұстанымының икемділігін байқатады.
Қазақстан өкілдерінің пікірінше, теңіздегі тіршілік əрекетінің аса маңызды аспектілерін реттеу, ең алдымен, қоршаған ортаның экологиялық балансын сақтау мақсатындағы Каспийдің құқықтық мəртебесі туралы бесжақты келісімге қол қойғанға дейін, түрлі ұстанымдардың келісілуі кезең- кезеңімен орындалуы керек. Сонымен қатар мемлекеттік тəуелсіздігін орнатқан Каспий маңы мемлекеттерінің де көзқарастары ескерілуін талап ететін жаңа геосаяси жағдайды ескере отырып, Кеңестік жəне Иран арасындағы 1921 жəне 1940-жылдардағы келісімдердің кейбір баптарының қолданылуы мүмкін болып табылады.
Айтылғанды түйіндей отырып, əр жағалық мемлекет теңіз бен оның ресурстарына егемен құқықтарға ие деген қорытындыға келуге болады. Мемлекеттің құрлықтық территориясы қандай да бір мемлекеттің іргелес орналасқан су кеңістіктеріне құқық көлемін анықтаудағы негіз жəне басты фактор болып табылатынын білдіретін халықаралық теңіз құқығының кең тараған land dominates the sea қағидасы Каспий теңізімен шекаралас мемлекеттермен қолданылуы мүмкін жəне толық көлемде қолданылуы тиіс.
References
- Kasenov U. The Caspian Sea: legal status, oil and international security (Kaspiyskoe more: pravovoy status, neft i mezhdu- narodnaya bezopasnost) // Business week. — 1997. — August,
- Gizzatov V.K. Legal status of the Caspian Sea and the issues related to the pipelines. (Pravovoy status Kaspiskogo moray b voprosi sviazannie s trubapravodami) // Policy. — 1999. — № 4. — P.
- Order of the Prime Minister of the Republic of Kazakhstan «On the issue of the Caspian sea» from August, 28, 1994 (Raspo- riajenie Premier ministra Respubliki Kazakhstan «Po probleme Kaspiskogo morya» ot 28 iulya 1994 goda) Legal system reference«Lawyer». Local version. ITS: InfoTech&Service. August, 19. 2010.
- Abishev A.E. The Caspian Sea: oil and policy. Second edition. — Astana: Free Society, 2004. — 380 p. (Kaspi: neft i politika. Vtoroe — Astana: «KI Svobodnoe obshestvo», 2004. — 380 р.)
- Current international law. Vol. two (Deistvuiushee mejdunarodnoe pravo. Tom vtoroy) Compilers are Kolosov U.V. and Krivchikova S. — Moscow: Publ. House of the Moscow independent institute of international law, 1997. — 832 p.
- Salimgerey A.A. Legal status of the Caspian Sea (problems of theory and practice). (Pravovoy status Kaspiskogo morya (problemi teori i praktiki)). — Almaty: KazUHL, 2003. — 208
- Martens F. Modern international law of civilized nations. (Sovremennoe mejdunarodnoe pravo civilizovannikh narodov).
- 1. — St. Petersburg: LAGOON, 1998. — P. 250.
- Public international law. (Mejdunarodnoe publichnoe pravo) / Edit. by A.Bekyasheva. — Moscow: Avenue, 2004. — Р. 619.
- Sarsenbayev B. The position of Kazakhstan in regard to the legal status of the Caspian Sea and the perspective of economic development of the Caspian Sea region. (Pozitsya Kazakhstana v otnoshenii pravovovo statusa Kaspia i perspektiv ekonomicheskogo razvitya Kaspiskogo regiona) // Environment and stable — 2003. — № 2. — P. 14.
- Brazhnikov The Caspian Sea «Northern alliance». (Kaspiskii «Severnyi alians») // Continent. — 2002. — October, 15. — P. 9.
- Declaration between the Republic of Kazakhstan and Azerbaijan on the future development and deepening the cooperation from June 10, 1997 (Deklaratsya mejdu Respublikoy Kazakhstan i Azerbajanskoi Respublikoi o dalneishem razvitii i uglublenii sotrudnichestva ot 10 iunya 1997 goda). Legal system reference «Lawyer». Local ITS: InfoTech&Service. August, 19. — 2010.
- Law of the Republic of Kazakhstan «On ratification of the Agreement between the Republic of Kazakhstan and Azerbaijan about the delimitation of the seabed of the Caspian Sea between the Republic of Kazakhstan and Azerbaijan and the protocol to the Agreement between the Republic of Kazakhstan and Azerbaijan about the delimitation of the seabed of the Caspian Sea between the Republic of Kazakhstan and Azerbaijan». (Zakon Respubliki Kazakhstan «O ratifikacii Soglashenia mejdu Respublikoi Kazakhstan i Azerbaijanskoi Respublikoi o razgranichenii dna Kaspiskogo morya mejdu Respublikoi Kazakhstan i Azerbaijanskoi Respublikoi i Prtokola k Soglasheniu mejdu Respublikoi Kazakhstan i Azerbaijanskoi Respublikoi o razgranichenii dna Kaspiskogo morya mejdu Respublikoi Kazakhstan i Azerbaijanskoi Respubliko») from July 2, 2003. Legal system reference «Lawyer» Local version. 2010. ITS: InfoTech&Service. August,
- Syroejkin The role of Kazakhstan in the Caspian Sea region. (Rol Kazakhstana v Kaspiskom regione) // Policy. — 2001.— June. — P. 68.
- Agreement between the Republic of Kazakhstan and the Russian Federation on the delimitation of the seabed of northern part of the Caspian Sea to implement sovereign rights for subsoil use (Soglashenie mejdu Respublikoi Kazakhstan i Rossiiskoi Federaciei o razgranichenii dna severnoi chasti Kaspiskogo morya v celiakh osushestvlenia suverennikh prav na nedropolzovanie) from July 6, 1998. Legal system reference «Lawyer» Local version. 2010. ITS: InfoTech&Service. August,
- Mamedov R. International-legal delimitation of the Caspian Sea (Mejdunarodno-pravovaia delimitatsya Kaspiyskogo morya)// International law. — 2001. — Vol. 14. — № 5. — P. 48.
- Gromyko The new «Big game» (Novaya «Velikaya igra») // Newspaper. — 1998. — August, 20.
- Saffari Phenomenon of Islamic democracy (Fenomen islamskoi demokratii) // Continent. — 2003. — February, 12–25. — P. 15.
- Soviet encyclopaedic dictionary (Sovetskiy entsiklopedicheskii slovar). Chairman of the scientific-editorial board A.M.Prokhorov. — Moscow: Soviet encyclopedia publishing house, — 842 p.