Ұлт жоспары ¾ Н.Ə. Назарбаевтың бес институционалдық реформасын жүзеге асырудың 100 қадамы бойынша экономиканың алты негізгі саласы үшін он жоғарғы оқу орнында білікті кадрларды əзірлеу міндеті көтерілген. Аталған міндетті шешу үшін жоғарғы оқу орындарында студенттер білімдерін рейтингтік бағалау сапалы жүргізілуінің алатын орны ерекше.
Педагогика əдебиеттерінде білім сапасы ұғымы оқыту нəтижесінің негізгі сипаттамасы ретінде қарастырылады. Оқыту нəтижесінің сапасы деп меңгерудің толықтық, дұрыстық сияқты кейбір аспектілерін түсінеді. Əдетте, қандай да бір объект-нəрсенің жəне құбылыстың сапасы болып, оның осы нəрсе екенін көрсететін мəнді, орнықты қасиеттері, сипаттамалары саналады [1].
Білім сапасының сипаттамасы толықтық, тереңдік, шапшаңдық, бірізділік, нақтылық, жалпыламалық, орамдылық, тармақталғандық, жүйелілік, түсініктілік жəне тиімділік екендігі белгілі. Білімнің толықтылығы оқу бағдарламасында қарастырылатын объектілердің барлық белгілерін білумен сипатталады. Студенттер білімін бағалауда, алдымен, олардың объектілердің белгілерін бөліп көрсете алуы мен баяндап бере алуы тексеріледі.
«Бағалау» ұғымына Ұлттық энциклопедияда «оқыту нəтижесін анықтау үшін қолданылатын тəсіл, оқушының берілген тақырыпты меңгерудегі кемшіліктерін жоюда, оның үлгерімінің нəтижелі болуына ықпал ететін фактор. Бағалау, көбінесе, баға қоюдың синтездік түрі (1-ден 5-ке дейінгі ранг) арқылы жүзеге асады. Сондай-ақ мектеп тəжірибесіндегі бағалау баға қоюмен ғана шектелетін тəсіл емес, ол материалды меңгеру, меңгермеу фактісімен қатар, оның себептерін анықтауға мүмкіндік беретін оқытудың маңызды құрамды бөлігі болып табылады. Жоғарғы оқу орындарында бағалау рейтингтік əдіс арқылы жүргізіледі» деген анықтама берілген [2].
«Рейтинг» ұғымы болса нақты объектінің немесе құбылыстың мəні мен маңыздылығын көрсететін сандық немесе реттік индикатор деп түсіндіріледі.
Қазіргі таңда білімді тексеру мен бағалаудың рейтингтік жүйесі кең көлемде қолданыста, өйткені жүйе жоғарғы оқу орындарында меңгерілетін білімді жеке-даралық тексеру құрылымының негізін қалайды. Студенттердің білімін бақылаудың психологиялық жəне педагогикалық мəні студенттерге дер кезінде көмек көрсету, олардың шығармашылық ізденісіне, қабілетіне сенім білдіру, сонымен қатар бағдарламалық талаптарды нəтижелі етіп орындауға ынталандыру, сапалы еңбекке баулу болып табылады. Білімді бақылаудың рейтингтік жүйесіне Н.А. Васильева, В. Наделяев, Т.С. Куликова, Н.Ю. Коробова, С. Ершиков, В.Е. Сосенко, Г.Н. Юшко, Л.Г. Устинованың ізденістері арналған. Мұндай түбегейлі зерттеулерден қазақстандық əдіскер-ғалымдар да тыс қалған жоқ. Олар оқытудың нəтижелерін тексеруде əрбір студентке жекелеген тапсырмалар берудің барынша тиімді екенін өз еңбектерінде дəлелдеп отыр. Математиканы оқытуда білімді тексеру мен бағалауды тиімді ұйымдастыруды А.Е. Əбілқасымова, А.К. Көбесов, Д.Р. Рахымбек, И.Б. Бекбоев, Л.Т. Искакова,Е.Ж. Смағұлов, М. Есмұхан, Б.Б. Баймұханов, Е. Медеуов, Ə.К. Қағазбаева, Н.К. Ахметов, Ə.С. Кенеш, Ə.П. Мұстафаев, В.П. Добрица, Б.К. Өтеджанова, Е.А. Тұяқовтың кандидаттық зерттеу жұмыстары баяндаған. Онда білімді тексеру мен бағалаудың нақты тəсілдерін қарастырып қана қоймай, студенттердің педагогикалық ой-өрісін кеңейту, оқу қызметін ұйымдастыру түрлері мен əдістерінің жалпы қағидалары айқындалып көрсетілген [3].
Білімнің тереңдігі студенттердің оқу объектісін тұтастай бейнелеуімен, білімдерін басқа білім- дермен мəнді байланыстыра білуімен белгілі болады. Байланыстардың анықталуы белгілі бір уақытты қажет етеді, тіптен кейде оқу курсын оқытудағы барлық уақытты қамтуы мүмкін. Білім бағалануының көрсеткіші 50-74 балл аралығында болатын студенттер, əдетте, білімдер арасындағы байланыстарды бірден байқай бермейтіні себепті болады, өйткені олар, біріншіден, параллель немесе тізбекті орналасқан байланыстарды түсіне алмай қалып жатады, екіншіден, ол байланыстарды түсіну үшін жаңа аралық байланыстың болуы қажет етілетіні себеп болады.
Сонымен қатар студенттердің білімін бағалау үшін білімінің тереңдігі, дағды жəне икемділік ұғымдарының да алатын орны ерекше жəне дағды ұғымы мен икемділік ұғымдарын ажырата білу маңызды. Білімінің тереңдігі студенттердің білімді, интеллектуалдық дəрежеде меңгерулеріне, практикада қолдана алу дағдылары мен икемділігіне қатысты сипатталады. Икемділік – белгілі бір дағдылар мен білім қорын практикада қолдана алудың көрінісі, білімнің амалға айналуы жəне амалды жүзеге асырудың де тəсілі. Білімнің икемділігі студенттердің тапсырмаларды орындаудың тиімді нұсқасын табудың жылдамдылығымен жəне де студенттердің бір тапсырманы бірнеше нұсқамен орындау қабілет-тілігіне де қатысты анықталады.
Білімнің жеделдете меңгерілуі нақты жағдайлар үшін білім мен дағдыны қолдану болса, ал білімнің икемділігі белгілі жағдайлардан ауытқып жаңа тəсілді бұрыннан белгілілері арқылы шығарып алуға қатысты жаңа білік пен дағдыны қалыптастыру болып табылады.
Білімді жалпылауда нақтылы көріністерді ашу мен жалпылама білімдерді нақтылау қабілеттілігі арқылы білімнің нақтылығы мен жалпыламалылығы сипатталады. Білімді жалпылау білімді нақтылау арқылы қарастырылады. Екеуін студенттер бір мезетте қолданған жағдайда нақтылы фактілерді жалпылау дағдысының қалыптасуына, жекеден жалпыға біртіндеп өтуге игі əсерін тигізеді.
Білімнің жалпыланған болуымен қатар жинақталған болуы да маңызды. Студенттерге кей жағдайда білімнің жинақталған түрін қолдану үшін жалпыланған білімді негізге алатын нақты білімдер қажет. Жалпыланған білімдерді нақтылап, оны негіздегеннен кейін студенттердің білімді тереңдете түсуі жеткілікті, ал ол білімді меңгеруді тексергеннен кейін нəтижелі болады.
Білімді тексеру — кең ауқымды ұғым. Оған білімді тексеру жүйесі тексерудің əдіс-тəсілдері, оған қойылатын талаптарды анықтау, ұйымдастыру мен мазмұндық құрылымы сияқты мəселелер қамтылады. Психологиялық-педагогикалық, əдістемелік əдебиеттерде жоғарғы оқу орындары студенттерінің білімдерін тексеру мен бағалаудың практикалық жағдайына талдау жасау білім сапасын бағалауды ұйымдастырудың инновациялық формасы теориялық тұрғыда жеткілікті баяндалғанымен, оны білімді үздіксіз бақылау жүйесінде қолдану деңгейінің практикалық қолданылуы айқындала түсуді қажет ететіні ақиқат.
Студенттердің кез келген оқыту курсындағы сияқты информатика курсында берілген материалдарды жалпылау қабілеттері əр деңгейлі тапсырмаларды орындауда ортақ тəсілді таба алуымен, сəйкесінше, ортақтан əр түрлі тəсілді байқау қабілеттерінен көрінеді.
Информатика курсында тапсырмаларды орындағанда тапсырмалардың типі басқа болса да, тұжырымдаудың жинақталуы арқылы студенттердің ойлау қабілеті қалыптастырылады. 50–74 балл жинаушы студенттер тапсырмаларды бірнеше рет орындағаннан кейін ғана, ол туралы білімін жалпылай алады. Сондықтан ол студенттерде тұжырымдау, тексеру, түзету əрекеті сирек байқалады. Информатикадан тапсырмаларды орындауда ойлау үдерістерінің жинақталуы бағытының айқындалуы:
- шапшаңдығы (тапсырма шартын оқығаннан кейін бірден жауап беріледі);
- ой қорыту үдерісінде бірнеше буындар қалып қойса да, ойлау үдерісін дұрыс бағытта жүргізе алуы (ойлаудың жоқ буындарында);
- қиындығы, студенттердің ойлау үдерісінің мүмкіндіктерінің толық ашылуын талап етеді.
Білімнің жүйелілігі оның жинақтылығымен анықталады. Студенттердің білімді жүйелі меңгеру деңгейі бағытының көрсеткіштері:
- оқу материалдарының мазмұнын білімдерді өзара байланыстыра меңгертетіндей айқындау;
- оқу материалдарын қайта өзгеше құрып, байланыстырып мазмұндау;
- қажетінше əрекеттерді тізбектей орындауы;
- жаңа байланыстарды өзінше орналастыру, атап айтқанда, біріншіден, меңгерілетін білімдер аралығы, екіншіден, жаңа білімдер мен меңгерілген білімдер аралығы.
Студенттерге білімді жүйелі меңгертуде оқытушыдан білімдерді меңгерту арасындағы байланыстарды біртіндеп жалпылау талап етіледі. Жалпыланған идеялар білімдерді меңгерту аймағында жинақталып жүйеленеді. Əрбір оқыту курсы үшін жүйелеу əр түрлі болады. Білімнің берілуі келесі тізбек бойынша: негізгі ұғым, негізгі ереже, салдар, қосымша анықтамалар берілсе, онда білімнің берілуі жүйеленген деп саналады.
Білімнің берілуінің жүйелілігіне келесі белгілер енеді: бір білімнен кейінгі жаңа білімнің туындауы, бірінің келесі білім үшін негіз болуы. Дегенмен, білім кей жағдайда жүйелі берілгенімен де, бір жүйеге келмеуі мүмкін. Білімнің берілу жүйелілігін анықтауда информатика курсын оқыту объектісі мазмұнының сипаты мен тəсілін, оны студенттердің меңгеру деңгейін ескеру қажет.
Білімнің сапалылығы білімдер арасындағы байланыстарды түсінуімен, елеулі жəне елеусіз байланыстарды ажырата білу біліктілігімен, осы байланыстардың байқалуы мен жүзеге асырылу механизмін түсінумен, білімдерді меңгеруде қолданатын тəсілі мен оны қолдану үшін негізге алатын принциптерді ұғыну аймағын анықтаумен сипатталады, осы білімнің сапалылығы белгілерін қалыптастыру біртіндеп жүзеге асады. Студенттердің информатикадан білімін бағалауда білімнің сапалылық белгілерінің көрсеткіштерін анықтай білу керек. Білімнің сапалылығының негізгі көрсеткіші критерийіне студенттердің берілген сұраққа оқулықтағы, оқу-əдістемелік кешендегі келтірілген дайын жауап бергені емес, сұраққа жауапты өздігінше тұжырымдап, ой қорытып беруі үшін білімдерді топтау мен жүйелей алуы енеді. Білімнің жүйелілігі мен тереңдігі білімдердің арасындағы байланысқа қатысты болғандықтан, сапалылықтың артуына əсерін тигізеді. Біртұтас теорияда жүйелілік білімнің орнықтылығын анықтайды.
Студенттердің білімді меңгеру орнықтылығы деп ойында ұмытпай сақтау ұзақтығы мен есінде сақтап алуы, білімді толық жүйелілігімен қайталай алуын айтамыз. Білімнің меңгеру орнықтылығы елеулі білімдер жүйесін есте сақтау мен оны қолдану тəсілдерін білуден тұрады. Ұзақ уақыт бойы жоғарғы оқу орындарының оқыту тарихында студенттерге білімді меңгерту орнықтылығы білімді бір немесе бірнеше формада бір мазмұнды қайталап айтқызу арқылы қамтамасыз етіліп келді.
Зерттеу жұмыстарынан қайталап айтқызу білімнің сапалы меңгерілуін барлық уақытта қамтамасыз ете бермейтіндігін, керісінше, білімді жүйелі ұғынып меңгерту, оны талдауға үйрену білімді орнықты меңгеруге септігін тигізетіні белгілі болды жəне білімнің орнықты меңгерілуін іске асыру арқылы оқытудың тиімділігін арттыруға болады [2].
Дəстүрлі педагогикада студенттер практикалық сабақтарда оқулықтар немесе оқу құралдарда берілген жатығулар арқылы білім алушылардың жаңа ақпаратты қалай меңгергенін анықтау мақсатында жеке студенттермен тақтада алған білімді пысықтау мен бекіту түріндегі жұмыстар жүргізілетін де, меңгерілген тақырыптың мазмұнына үңілдіртіп, тереңірек ойлануды оқытушыдан да, студенттерден де талап етілмейтін. Осының салдары студенттердің өз ісіне сын көзбен қарап, өздеріне талап қою, өз ісіне баға бере алу сияқты қабілеттерінің төмендеуіне əкелді. Олай болса, білімнің орнықты болуы үшін, келешекте нəтижелерге жету үшін кепіл болатын, болашақтағы педагогикалық əрекеттеріне қызмет ететін біліммен қарулану үшін шығармашылықпен немесе инновациялық тұрғыда өздігінен жұмыс жасап, əрекетінің мəнін мейлінше терең ойлануының маңызы зор. Əрекетті орындау алдында ойлану немесе орындалған соң толғану, ой қорыту дұрыс па, əлде, керісінше, алдымен пайымдап алып, содан соң іске асыру дұрыс па, қайсысы тиімді деген сұрақты да туындары сөзсіз. Біздің зерттеулеріміз бойынша, ойлану əрекеттің барлық кезеңдерінде жүзеге асырылуы тиіс. Сол уақытта шешілетін мəселенің мақсат-міндеттеріне сəйкес ойлау жүйесінің деңгейлері де əр түрлі болады. Адамның ойлау жүйесінің деңгейлері көптеген ғалымдарды ойландырғаны анық, солардың бірі – əлемдік деңгейде танымал болған Б. Блум таксономиясы.
Блум таксономиясында білім алу үдерісінің əрекеттер жүйесі қарапайым деңгейден бастап бірте- бірте күрделенетін 6 категорияға жіктелетінін ескерсек, онда қарапайым деңгейде есте сақтау, жаттау, танып білу, еске түсіру əрекеттері, ал одан кейінгі түсіну деңгейінде сол ақпаратты өз сөзімен жеткізе алу сияқты əрекеттермен жалғастырылады. Жаңа ақпаратты бөліктерге бөліп зерттеуден кейін оны өз тəжірибесіне қолдана алу, 1-кестеде көрсетілгендей, күрделі əрекетке ұласады.
Əлемдік білім кеңістігіне ену міндеттеріне қарай болашақ педагогтардың мəдениеттілік құндылықтарын арттырып, өздігінше əрекет ету қабілеттіліктерінің мүмкіндіктерін мейлінше кеңейту қажеттілігін бүгінгі күннің талабымен сəйкестендіру мəселесін шешу тəсілдерін анықтау үшін ол
«білім, білік, дағды» қалыптастыру парадигмасының орнына «білім арқылы тұлғаны дамыту» парадигмасын таңдауға əкеледі. Олай болса, жаңа қоғамдық қатынаста құзыреттілігі жоғары, сын тұрғысынан ойлайтын, өзін-өзі жетілдіруге қабілетті, кəсіби біліктілігі жетілген педагог дайындау қажеттігілігінен білім беру тұжырымдамасын түбегейлі өзгерту талап етеді.
Қазіргі кезеңдегі оқытудың педагогикалық жаңа үдерісіндегі оқыту тəсілдері студенттердің білімді меңгеру əрекеттерін белсенді етудің, олардың кəсіби мүмкіндіктерін ашып, жеке кəсіби тұлғалық қабілетін жетілдіруді жəне оны болашақта жүзеге асыруға дайындықты қамтамасыз етеді. Біздің зерттеуіміз бойынша, білімді меңгеру əрекеттерін белсендендіру үшін оқытудың формасы мен студенттердің өзіндік іс-əрекетін ұйымдастырудың маңызы зор. Оқытудың формасы мен студенттердің өзіндік іс-əрекетін ұйымдастырудың белсендендіруді қалай жүзеге асыруға болады? деген сұраққа жауап беру үшін студенттердің білімдерінің сапасын жəне білімінің деңгейін олардың білімді қаншалықты меңгергенін анықтайтын индикаторларды анықтау жеткілікті дер едік.
Оқыту үдерісінде білімнің сапалылығын жүзеге асыратын барлық элементтері бір мезгілде кейде қабаттасып жатады. Студенттердің білімдерінің сапасын жəне білімінің деңгейін олардың білімді қаншалықты меңгергенін алған білімдерін əр түрлі типтегі тапсырмаларды орындауда қолдана алатындығын тексермей білу мүмкін еместігі айқын.
Мысалы, «Ақпарат жəне информатика. Информатиканың негізгі мəселелері. Санау жүйелері» тақырыбы бойынша тапсырмалар түрлерінің жеке студент үшін нұсқалары мен оның рейтинг балл көрсеткішіне сəйкес топтастырылуы 2, 3-кестелерде келтірілген.
Осы уақытқа дейін оқу бағдарламасына сəйкес нақты оқулықтар, тапсырмалар жинағы, əдістемелік құралдар қарастырылғанмен де, студенттердің информатика курсынан білім алу қабілеті- не қарай баллдық бағалау бойынша нені меңгеру қажеттілігі, білімі мен икемділігіне қойылатын талаптарды анықтау əлі де жетілдіре түсуді талап етеді.
Осы мəселелердің ерекшеліктері тапсырмалардың қиындығына байланысты студенттердің қабілетіне қарай жіктеп ұсыну критерийлерін анықтау болып табылады. Тапсырмалардың қиындығына байланысты студенттердің қабілетіне қарай жіктеп ұсыну нəтижесін объективті тексеру мен бағалау тек талап етілетін білім сапасы мен оны меңгерудің деңгейін анықтауға мүмкіндік береді. Объективті түрде студенттер білімін тексеру мен бағалағанда білім сапасы мен оны меңгерудің деңгейі дəл анықталады.
Оқытуды студенттер білімін бағалау үшін оларға берілетін тапсырма рейтинг балл көрсеткішіне сəйкес топтастырылады:
- міндетті тапсырма (50–74 балл);
- шығармашылық зерттеу жұмыстарына дайындық деңгейіндегі тапсырма, бағдарламадағы міндетті білімді толық меңгертетін, жоғары деңгейге жетуге жағдай туғызатын тапсырма (75–89 балл);
- шығармашылық зерттеу жұмыстары тапсырмасы, студенттердің қызығушылық пен танымдық қажеттілігіне, қабілетіне байланысты білімін тереңдететін, оперативтік өзіндік ойлау іс- əрекетін орындауды талап ететін тапсырма (90–100 балл).
Тапсырмалардың қиындығына байланысты студенттердің қабілетіне қарай жіктеп ұсыну нəтижесінің жеке студент үшін жетістіктері:
- ақпаратты терең игереді, өйткені оны ой елегінен өткізеді;
- тыңдау дағдысын қалыптастырып, өзгені тыңдай алады;
- ойлауды белсендіреді;
- əлеуметтік қарым-қатынас тəжірибесін қалыптастырады;
- өз іс-əрекетін талдайды;
- ынтымақтастықпен əрекет етуге үйренеді.
Ескеретін ерекшелік: жеке бастық «Мендерінің» қақтығысу қауіпі.
Оқытушы үшін жетістік: студенттердің санының көп болғанында да тиімді болады.
Қиындықтары:
- əрбір жеке студент үшін тапсырма дайындау ұзақ уақытты қажет етеді;
- əрбір жеке студенттің орындаған жұмысын тексеру де уақытты қажет етеді.
Дегенмен де, одан шығудың жолдары студенттерге бір-бірлерін бағалау əрекеттерін орындату мəселесін де іске қосу болып табылады. Білімді меңгеру əрекеттерінің нəтижелі болу өлшемдері:
- «білім жəне түсінік» (қандай да болмасын ғылым саласындағы теориялық білім, білу жəне түсіну);
- «қалайша əрекет жасау керектігін білу» білімі (нақты ситуацияларда білімді практикалық жəне оперативтік тұрғыдан қолдана білу);
- «қалайша болу керек» білімі (əлеуметтік контексте түйсіну мен басқа адамдармен өмір сүрудің ажырамас бөлігі болып табылатын құндылықтар).
Білімді меңгеру үдерісінің нəтижесі кəсіби мүмкіндіктерін мен жеке кəсіби тұлғалық қабілетін жетілдіруге бағытталады. Ал ол қабілеттер өз кезегінде білім алушыларға техникалық, экономикалық жəне мəдени өзгерістерді саналы түрде түйсініп, əлеуметтік тəртіп пен топ ішінде жұмыс жасай білу, бастамашылдық пен жауапкершілік, шығармашылық пен конструктивтік көзқарас, икемділік пен бейімшілдік сынды қасиеттерді өз бойына сіңіруге жəне дамытуға мүмкіндік береді.
Білімдарлық студентті өзін-өзі ұйымдастыру, басқару, бағалау, қадағалау, түзету əрекеттеріне ниеттейді, оны масылдық пен бəлсенділіктен арылтып, белсенді жəне өмірінің қалайша өтетіндігіне деген жауапкершілікті толық өз мойнына артуға негізделген өмір сүру қағидасына бағыттайды.
Қорыта келгенде, жүйелі бақылау жүргізілу барысында студенттердің алған білімінің сандық сипатын ғана емес, сапалық көрсеткішін де толық алуға мүмкіндік туады жəне де оқытудың жəне студент білімін бағалаудың жариялылығы білім беруді ізгілендіру мен білім берудің мазмұны мен əдістерін жаңарту жəне мамандар даярлаудың сапасын жетілдіру мəселелерін шешудің тəсілі екендігі ақиқат.
Əдебиеттер тізімі
- Қадырбаева Б.А. Оқытудағы басты тұлға – студент: сб. матер. междунар. науч.-практ. конф. «Непрерывное пед. образование в контексте современнности: теории, концепции, опыт» // СГПИ, Московский ГПИ, Новосибирский ГПИ, Респ. ИПК рук. и науч. пед. кадров системы образования. — Семей, 2008. ¾ С.
- Tulbassova K., Kadyrbayeva B.A., Tekesbaeva N.A. Information and Communication Technologies (ICT) in the Higher Education System of Kazakhstan, New Directions in Multidisciplinary Research & Practice (NDMRP-May, 12-13, 2015), Istanbul, Turkey, NDMRP-2015. ¾ Р. 298–302.
- Қадырбаева Б.А., Белғожаева Ш.Д., Унайбаева Р.К., Тохтаметова А.А. Информатика пəнінен зертханалық жұмыста: əдіст.-оқу құралы. ¾ Алматы: Tandem-2, 2010. — 89-б.