Халқымыздың бейнелеу өнері сан ғасырлар қойнауынан бастау алады. Бүгінгі таңда оның көркемдік, мəдени-рухани, əлеуметтік тарихын, заңдылығын, ерекшелігін танып-білуде шығармашылықтың маңызы зор. Қазіргі таңда бейнелеу өнер шығармаларын мəдениеттің құрамдас элементінің негізінде айқындап, танып-білу, өнер түрлерінің озық үлгілерінде жинақтау, зерделі зерттеу аса маңызы мəселе.
Қазақстандағы тұрмыстық жанрдың пайда болуы мен дами бастауының жалпы өткелдері мен сатыларын таразылай келе, ол кезеңдегі суретшілердің туындыларындағы тұтастық, көпқырлылық, тарихилық пен əлеуметтік болып құрылған екі арнаның кіріктірілгендігін, ұлттық сипаттың айқын көріністерін, шындық өмірдің көркемдік тұрғыдан сəйкестенген нышандарын ұғынуымызға болатындығын көрсеттік. Біз қарастырып отырған тұрмыстық жанрдың ерекшеліктерін тарихи тұрғыдан ашып көрсету — ұлттық рухты, мəдениетімізді қайта жандандыру мен нығайта түсудің шарты екендігін атап өттік.
Ғасырдан ғасырға ұласып, тұрмыс-тіршілігі, көркем өнері қолөнермен байланысты болған, оюмен ойын білдірген өнерінің күрделі философиялық жүйесі бар халқымыздың дүниетанымдық категориялары тұрғысынан сол кездегі өнердің жаңа түрі — кескіндеме өнері белгілі бір қиындықтар туғызып жатса да, қылқалам шеберлеріміз бұл өнердің жаңа түрін тез арада игеріп жəне онымен қоса өзіндік қайталанбас қолтаңбасы бар ұлттық мектеп қалыптастырды деуге толық негіз бар.
Қазақстанның кескіндеме өнерінің қалыптасуы мен дамуындағы басты екі факторды былайша ажыратып алуға болады: 1. Экзогенді-сыртқы: орыс реалистік мектебінің тікелей əсері, əлемдік бейнелеу өнерінің жанама ықпалы т.б. Мұнда əлеуметтік, саяси, идеологиялық, тарихи факторлар да басты рөл атқарады. 2. Эндогенді-ішкі: тарихи қалыптасқан дағдылар, байырғы нышандар, ұлттық бейімделушілік пен талант т.б. Бұл психологиялық, діндік, ішкі сана-сезімнің қуаты арқылы жүзеге асып отырады.
Сонымен қатар бұл салада Қазақстанға 1920–1930 жылдар аралығында Ресей жерінен келген В.Каптерев, С.Богданов, Ю.Зайцев, Л.Литвиненко, М.Гайдукевич, Н.Крутильников, Ф.Болкоев сынды суретшілердің өзіндік əсері болғандығы анық. Олар сол кездегі қазақ жерінде кеңестік уақыт талабына сай болып жатқан өзгерістерді өздерінің шығармаларында белгілеп кетеді.
Кескіндеме өнеріндегі тұрмыстық жанрдың қалыптасуы мен дамуының алғышарттарын таразылау үшін оған əсер еткен сыртқы факторлардың бірі — еліміздегі саяси-экономикалық жəне мəдени-əлеуметтік өзгерістерге шолу жасай отырып, осы ықпалдастықтың айқын мысалдарын атап өтуіміз қажет. 1930–1940 жылдары социалистік индустрияландырудың өркендей түсуі, ірі өндіріс орындары мен ауыл шарушылығы өнімдерін өңдейтін зауыттар мен фабрикалардың салынуы, жеңіл өнеркəсіптің дами бастауы, ғылым мен өнердің біржақты болса да дамуы, сауатсыздықты жоюдың жалғаса түсуі, темір жолдардың салынуы т.б. өзгерістер қазақ суретшілерінің тұрмыстық жанрдағы тақырып аясын кеңейтті.
Осындай республикамыздың жас индустриалды орталықтарына арналған тақырыптар Ю.Зайцевтің диптих түрінде кескінделген «Балқаштағы түнгі құрылыс» (1935) жəне «Балқаштағы құрылыс» (1936), Н.Крутильниковтың «Балқаш стахановшылары» (1940), Қ.Қожықовтың «Риддер көрінісі» (1936), «Шымкент зауыты» (1937), «Түрксіб құрылысы» (1937), Ə.Қастеевтің «Түрксіб» (1932), Ə.Ысмайыловтың «Балқаш. Құрылыстағы жастар бригадасы» (1938) атты туындыларында баяндалады [1].
Экзогенді факторларға, яғни сыртқы ықпалдарға, қарамастан, қазақ кəсіби суретшілеріміздің шығармашылықтарында негізінен эндогенді фактор, яғни, халықтық ішкі сана-сезім қуаты, дəстүрлі дағдылар, ұлттық дүниетаным басты орында тұрды. Өйткені сол кездегі суретшілердің шыққан түп тамырлары нағыз халық ортасы болып табылған жəне олар сол ортадан əлі де қол үзе қоймаған еді. Осы кезде қазақ бейнелеу өнерінде халық арасынан талантымен көзге түсіп алға шыққан жəне əрқайсысы өзіндік қолтаңбаларымен ерекшеленген ұлттық қылқалам шеберлерінің шағын ортасы қалыптасады.
Бұл өнер рухындағы ортаның негізін қалаған — Ə.Қастеев, Қ.Қожықов, Ə.Ысмайыловтар өздерінің халықтық сипаттағы туындыларымен көрерменге кеңінен танылған болатын. Сонымен бірге осы уақыт өнерінде есімдері ауызға көп іліге қоймаған А.Ташбаев, Б.Сəрсенбаев сынды суретшілерді атап өтуіміз керек.
Бұлардың ішінде өзінің аса дарындылығымен көзге түскен Қ.Қожықов шығармашылығы нағыз халық шаруашылығы өмірі мен өнерінен терең түсінік береді. Шебердің композицияларындағы қолданған өзіне ғана тəн декоративтік əдіс-тəсілі, түстік түзілімінің халықтық сипаты мен сол кездегі қоғамдық өмірде болып жатқан өзгерістер шындығын өткір қабылдап, өзінің қайталанбас туындыларында көрсете білуі оны нағыз халық суретшісі деңгейіне көтереді. Аталған қылқалам шеберлерінің шығармашылықтарындағы сол кездегі көркемөнер тізбегіндегі ұлттық дəстүр мен ұлттық мінез-құлық сипаты, оларды өз халқының сана сезімі мен дүниетанымының тікелей насихатшылары ретінде танытады.
Қазақ кескіндеме өнеріндегі тұрмыстық жанр аясында Ə.Қастеев шығармашылығы өзінің халықтық этномəдени сипатымен, ондағы ұлттық дүниетаным тəлім-тəрбиесі тұрғысынан болашақ ұрпаққа құнды мұралар қалдырған. Жалпы шебердің туындыларының ауқымдылығы мен шығармашылық ой ағымының кеңдігіне байланысты еліміздегі өнертанушы ғалымдар мен зерттеушілер арасында бүгінгі күнге дейін жалғасын тапқан танымдық дискурс алаңы қалыптасқаны белгілі.
Белгілі өнертанушы Р.Ерғалиеваның айтуынша: «Қ.Қожықов туындылары мен Ə.Қастеев, Ə.Ысмайылов шығармаларының өзіндік ерекше қасиеттерінің айқындалуы, тұтастай алғанда, бүкіл келер шақтағы қазақ бейнелеу өнерінің негізгі пішінін қалыптастыру сапасын анықтайды.
Қазақ суретшілерінің əр қырлы кескіндемелік туындыларындағы рəсімдік, салт-дəстүрлік ой- идеяларын кіріктіру ұмтылыстары көркем сөзде, ырғақта, əдет-ғұрыптарда, дəстүрлі ұлттық ойындарда, халық ауыз əдебиетінде мəнерленуі табылған тұрақты дəстүрлі стереотиптік дүниетанымға айналады». Мəселен, Ə.Қастеевтің «Киіз үйдің ішкі көрінісі» (1934) атты туындысында суретші сырттай бақылаушы ретінде қалмайды. Үй ішіндегі бұйымдармен жəне адам тұлғалары үлкен үйлесімдікте шешілген деп түсіндірген өнертанушы-философ Б.Байжігітов те оның ұлттық қолтаңбасын орынды байыптайды [2].
Шебердің туындыларында қарапайым еңбек адамдары, олардың күнделікті тұрмыс-тіршілігі мен алаңсыз бір сарындағы қалыптасқан бақытты өмір жайындағы көріністер анық айшықталады.
Шығармаларында бүгінгі күннің қаталдығы мен шым-шытырық қайшылықтары жоқ. Ондағының бəрі меймандос, жайбарақат кейіпте беріледі. Суретші сонымен қатар қазақ халқының дəстүрлі əдет-ғұрпы мен туған өлкесінің бейнесіне сол уақыттағы социалистік қоғамның ықпалымен енген өзгерістерді бейнелейді. Жалпы алғанда, осы кезеңнің қылқалам шеберлеріне ұлттық мектептің негізін қалаушылары ретінде үлкен саяси салмақ түскені де рас. Өйткені олардың алдарында, біріншіден, өнердегі өз орнын табу міндеті тұрды, яғни, ол қазақ халқының ұлттық дүниетанымын, дəстүрлі сана-сезімін бейнелеу арқылы, оның қайталанбастығын айқындау болса, екіншіден, социалистік қоғамның, сол кездегі өнердің өзіне қойылған «социалистік реализм» əдістерінің қатаң талаптарын орындау үлкен сын болды.
Ə.Қастеев өзінің шығармашылығында осы екі міндетті еш ауыртпалықсыз орындап өзінің қайталанбас халықтық арнадағы қолтаңбасын таба білді. Қылқалам шеберінің шығармашылығы хақында өнертанушы Д.Шəріпова: «Ə.Қастеев қазақ кескіндеме өнерінің майталманы болғанда да, өзінің терең тамырлы өнеріне негізделген көркемдік ойлау логикасының халықтық қасиетін сақтайды» деп атап өтеді [2].
Қылқалам шеберінің алғашқы шығармаларынан бастап-ақ туған жер табиғаты мен қарапайым халық өмірінің көріністері жайлы сүйіспеншілікпен асықпай, толыққанды баяндау сипаты өмірінің соңғы күніне дейін өзінің өзектілігін жоғалтқан емес.
Ə.Ысмайыловты қазақ кескіндемесіндегі тұңғыш кəсіби суретшілердің ішіндегі романтикалық тақырыптардың алғашқы қарлығашы десе де болады. Қылқалам шебері жайлы өнертанушы Қ.Болатбаев: «Халық суретшісі Əубəкір Ысмайылов көлемдік көркем туынды жазуда дəуір мен дəстүрге, түр мен мазмұнға толы тұжырымды ойларын ортаға сала білді», — деп баға береді. Суретші шығармашылығының негізі лирикалық-романтикалық сарындағы табиғат көрінісі мен халық эпостары тақырыптары аясын қамтиды.
Халық өмірі мен дəстүрінің түп тамырынан нəр алған шебердің шығармашылығында орын алған халық ауыз əдебиеті кейіпкерлері мен халқымыздың əдет-ғұрыптары, ұлттық ойындары мен мереке- мейрамдары ғасырдан ғасырға сабақтасқан ұлт дəстүрлерінің философиялық жəне дүниетанымдық маңызын көркемдік таным тұрғысынан ашып көрсетеді.
Еліміздегі ұлы үдерістерден, əрине, қазақ кескіндеме өнері ешбір шет қалған емес. Ұлы Отан соғысы жылдары еліміздің өнеріндегі ортақ тақырып — майдангерлер ерлігі мен отансүйгіштігі, жеңіс жолындағы халқымыздың тылдағы тынбай жасаған ерен еңбегі туралы болды.
Суретшілердің шығармашылығындағы үлкен орын алған майдан тақырыбы жайлы туындылар төңірегінде өнертанушы И.Рыбакова, М.Лизогубтың «Майдангерлерге сыйлық» (1942), «Тыл — майданға», «Жаңа отбасында» (1945), Л.Леонтьевтің «Майданға аттандыру» (1956), Б.Урманченің
«Жеңіспен оралыңдар», О.Кужеленконың «Алматы соғыс күндері», «Майдангер əңгімесі» атты туындыларында ел басына түскен ауыр жылдар тыныс-тіршілігі бейнесін үлкен сезіммен бейнелейтінін атап өтеді [3; 45, 46]. Сол сияқты суретшілердің қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін өз пайымдауындарынан өткізіп бейнелеген туындыларында қазақ халқының дарқандығы мен меймандостығы, олардың тұрмысындағы қарапайым көріністер жылылыққа толы.
Айта кететін болсақ, ол Л.Леонтьевтің «Колхоз базары» (1940), М.Лизогубтың «Ертегі» (1958), «Халық шебері» (1961), А.Черкасскийдің «Жамбыл Жабаев пен Дина Нұрпейісова» (1955) атты туындылары қазақ халқына деген алғыс сезімінен туындаған шығармалар болып табылады [3; 45, 46].
Қазақстандағы тұрмыстық жанрдың қалыптасуындағы алғашқы қылқалам шеберлерінің шығармашылығын таразылап, олардың өз алдына бір кəсіби мектеп болып өркендей түсуі үшін əсер еткен ықпалдарды сыртқы жəне ішкі факторларға ажыратып көрсеттік. Сол кезеңдегі мəдени- əлеуметтік өмір шындығының суретшілер назарынан тыс қалмауы, ұлттық болмыс нақыштарының да айшықталуы, кеңес заманындағы идеологиялық талаптардың да орындалуын өнер иелерінің туындылары арқылы дəйектеп көрсеттік.
Кеңес заманының өнерге қойған талабы бойынша, «пішіні ұлттық, мазмұны социалистік» деп аталған құбылыс шеңберінде ұлттық кескіндемешілеріміз халықтың рухани дəстүрлерін, ондағы рəсімдер, əдет-ғұрыптар мен салт-жоралардың дүниетанымдық маңызын барынша сюжетке салып бейнелей білді. Яғни, нақты тұрмыстық жанр көлемінде уақыт пен кеңістік аумағындағы халық өмірінің күнделікті тіршілігі мен оның ғасырлар бойы жинаған əр қырлы тəжірибесін тұтастай қамтып, осы мəселелердің астарлы мағынасы мен түйткілді тұстарын да белгілі бір деңгейде көркемдік таным құралдарымен ашып көрсетуге тырысты. Олай болса тұрмыстың кең ауқымды, əр салалы екендігіне байланысты, оны бейнелеу сəтінде де сан алуан образдар мен оқиғалардың көрініс табатындығына сай тұрмыстық жанрда нақышталған туындыларды жинақтай отыра, біз ұлттық жəне елімізге келген суретшілердің өзіндік көркемдік тіл ерекшелігіне əсер еткен тақырыптар мазмұны аясын шартты түрде былайша жіктеп, топтастырып көрсеттік:
- ұлттық жəне халқымыздың тұрмыс-тіршілігінің сəттері;
- қоғам мен адам мəнін ашып көрсету;
- идеологиялық жəне оның əр түрлі мазмұндағы көріністері.
Өнер иелерінің шығармашылығында өмір шындығымен тікелей астасып жатқан тұрмыстық жанрдың аясында, шеберлеріміздің бейнелеу көркемдік тіл ерекшелігінің қалыптасуына ықпал жасаған факторларды зерделеп өттік. Ондағы халықтық мінез-құлық жəне ұлттық түстік ерекшеліктерін, сол кездегі уақыт талабындағы социалистік реалистік тіл шеңберінде өзіндік ұлттық ішкі мазмұны мен сыртқы формасын анықтаған кескіндеме өнеріндегі бейнелеу көркемдік тілінің қалыптасуында тұрмыстық жанр аясындағы еңбек еткен суретшілердің де үлесі болғанын пайымдадық.
Бейнелеу өнерінде осы уақыттан бастап саяси «жылымық» кезеңінің əсері тиген, жаңа жəне өте маңызды кезең басталады. Қазақ өнерінің дамуының өн бойында тақырыптық туындылар кеңістігі үшін өзара үзіліссіз жүріп отырған күрес жалғаса түседі. Алайда нақты осы бір уақыт — жанрлық кескіндеме өнерін дамытушы өкілдердің өмір шындығына, тұрмыс-тіршілікті бейнелеуге аса қызығушылық танытып, заманауи тақырыптар төңірегін кеңінен тарқатып, өзінің өрістеуі бойынша сан алуандылық бағыттарымен ерекшеленген кезең болатын.
Бірінші кезекте суретшілердің кəсіби шеберліктері деңгейінің жоғарылауымен қатар сол шеберлікке деген талаптың күшейтілуіне жəне оның заманауи түсініктегі кескіндеме өнерінің тек қана кəсіби-техникалық жақтарын меңгеруімен ғана емес, сонымен бірге көркемдік таным көзқарасын, эстетикалық ойдың күш-қуатын туындыдағы əлем бейнесімен бірегейлендіре білуіне байланысты болды. Яғни, ең алдымен туындылырының мазмұнында ұлттық өнердің өзіндік ерекшелігінің нышандарымен айқындалған осы кезеңнің жанрлық кескіндемесі халық өмірі мен дүниетанымын, дəстүрлі ұлттық тағылымдарды түбегейлі, əрі тереңінен зерттеуге негізделеді.
Алайда суретшілер сюжеттік-тақырыптық туындылар жасау жолына бірден-ақ қол жеткізген жоқ, тарихи-əлеуметтік жағдайларды ескере отырып, бұл үрдіс «алғышарт — ізденіс — басталу — даму — өркендеу» тəрізді сатыларды бастан өткерді деп айта аламыз.
Сол бір тарихи кезеңде шопандардың тұрмысы, ұлттық дəстүр, олардың тіршілік əрекеті мен өмірінің қаймағы бұзылмай сақталғандықтан, бұл тақырып С.Мəмбеев шығармашылығының өзегіне айналды. Бірақ суретшіні қызықтыратын нəрсе — жай тұрмыс салты емес, сол əдет-ғұрыптың сабақтасуы, дəлірек айтсақ, соның сақталу себептері, түпкі тамыры болып табылады. Суретшіні адамдардың қарым-қатынасы мен халықтық мінез-құлықтың уақыт пен кеңістік ықпалынан тəуелсіз сұлулығы тебірентеді. Сондықтан суретшіге жанрлық шеңбер тарлық етіп, оны ұлттық нақышпен тұтас өрнектейді. «Киіз үй алдында» (1958) картинасында ол осы жанрлық меймандостық ниетті көз алдыңа əкеліп адамгершілік жарастылығынан ажырағысыз екендігін атап өткен көзқарастар да оның өзіндік шеберлігін толық түсінгендіктен берілген баға деп айта аламыз.
Суретшінің тұрмыстық жанр бойынша тарқатқан негізгі жұмыстары: «Тауда» (1957), «Көктем» (1964), «Киіз үйде» (1958), «Терезе алдындағы қыз» (1958), «Менің қаламда» (1960), «Шопан қызы» (1971) [3; 52, 53]. Суретшінің шығармашылығы бұл жылдарда өз заманының, халық өміріндегі өзгерістердің шежіресі қызметін атқарды. Шебердің туындыларындағы дəстүрлі қолөнермен бір əуен құратын ою-өрнекке жақын пішін құрылымы мен түстік түзілім ізденістері ешкімге ұқсамаған өзіндік стильдік шешімімен айқындалады. Оның тұрмыстық жанр саласындағы мазмұндық ерекшеліктері көңілділік пен оптимизмнің, жайма-шуақтық пен жоғары сезімділіктің, адам мұраттары мен армандарының тұңғиық түйткілдерін таба білу, əсемдік идеалды толық түсіну, əлем мен қоғамның көркемдігін тереңірек ұғынумен танылады.
1950–1960 жылдар аралығындағы өзіндік эпикалық-романтикалық сарынымен жəне ұлттық нақышты бейнелеуімен ерекшеленген суретшілердің бірі — М.Кенбаев тарихи сюжеттерге ден қоя отырып, ең бір тыныш, бейбіт шешімдерді таңдайды. Мысалға, «Шопан əні» (1955) шығармасында кəдімгі дағдылы көрініс табиғатпен үйлесімді бірлікте тіршілік ететін жер иесінің даңқын асырған ғажайып гимнге айналса, «Асауға құрық салу» (1957) адамның еркін өмірін, оның күш-қуаты мен ептілігін суреттейді. Суретшіні адамдардың қарым-қатынасы мен халықтық мінез-құлықтың уақыт пен кеңістік ықпалынан тəуелсіз рухы тебірентеді.
Жалпы 1950–1960 жылдар аралығындағы қылқалам шеберлерінің шығармашылықтарында алғашқы кəсіби суретшілеріміз салып кеткен дəстүр жалғасын көреміз. Ондағы шеберлеріміздің эстетикалық құндылығы жоғары деген көркем шығармаларындағы табиғат бейнесі туындының көркемдік образының шешімін поэтикаландырудың ең бір күшті құралы ретінде қолданылады. Көптеген қылқалам шеберлеріміздің шығармашылықтарында тұрмыстық жанр мен табиғат көріністерінің тығыз байланысы өнердің қайталанбас қолтаңбаларының нышаны болды.
Табиғат бейнесін мұндай кең түрде қолдану, шын мəнісінде жанрлық кескіндеменің мақсаты мен көкжиегін кеңейте түсті. Суретшілеріміз табиғат бейнесі арқылы ұлттық кескіндемеміздің негізгі тұрақты көріністерін айқындай отырып, халқының туған жер табиғаты жайлы күрделі дүниетанымдық көзқарасы мен оның күнделікті тұрмыс-тіршілігіндегі атқаратын рөлін анықтайды.
Тұрмыстық жанр аясындағы туындыларымен осы жылдар көлемінде танылған қылқалам шебері Н.Нұрмұхамедовтің шығармашылығы қазақ кескіндеме өнерінде үлкен орын алды. Суретшінің «Қазақстан Магниткасында» (1961), «Əкем келе жатыр» (1960), «Қопабақандағы кездесу» (1963) жəне т.б. көптеген туындылары өз уақытының тыныс-тіршілігінен хабар береді. Оның «Əкем келе жатыр» туындысында бейнелердің нанымдылығы мен қарапайым күнделікті өмірдің лирикалық көңіл-күйі дəл көрсетіледі. Н.Нұрмұхамедовтың шығармалары нақтылығымен, байытылған түстік түзілімімен, бейнелерінің нанымдылығымен айқындалады. Ə.Жүсіповтің «Ардақты біздің аналар» (1961) деген шығармасында əр түрлі жастағы əйел кейіпкерлері бейнелеріне Отан аналары ұғымын сыйдырады.
Композицияның негізгі монументалды шешімінен қасиетті ұғым Отан-Ана бейнесіне жасалған ескерткіш ретінде қабылданады. Шебердің шығармашылығындағы негізгі орын алған қастерлі ұғымдар, ұстамды суық түстік түзілім мен байыпты, тұтас шешілген пішін құрылымдары арқылы биік мұраттардың мəңгілігін еске салады [4; 37, 38].
С.Айтбаевтың шығармашылығы тұрмыстық жанр аясында айтулы еңбектерін дүниеге əкелген болатын. Осы пікірлерімізді дəйектеу үшін С.Айтбаевтың «Бақыт» (1966), «Шопандар демалысы» (1962), «Қонақ келді» (1969) атты туындыларын талдап көрсетіп, ондағы мазмұндық жəне шығыс миниатюраларымен үндес жаңа пішін құрылымы мен бояу шешімінің ұлттық ерекшеліктерін сараптауға болады [4; 42].
Ш.Сариевтің туындыларындағы бүкпесіз көрінетін бір айқындық — өзі бейнелеп отырған кейіпкеріне деген суретшінің кіршіксіз сезімі. Ал суретші үшін өзі жақсы көрген қоршаған орта мен туған жердің əр қурайы ыстық. Ш.Сариевтің туындыларындағы монументалдық тұтастық суретшінің еш өлшемге сыймайтын далалықтарға тəн мінезін айтып тұрғандай. «Шопан отбасы» (1969), «Балықшылар» (1971) жəне т.б. көптеген туындылары суретшінің шығармашылығының негізгі сипаттамасын дəлелдейді [4; 42].
Айша Ғалымбаева кескіндеме өнеріндегі декоративтік-сəнді шешімге бағытталған шығармаларымен танылады. Тұрмыстық жанр саласында, əсіресе ұлттың қонақжайлылығы мен əйелге тəн нəзіктікті дүниенің тылсымдығымен, өмірдің сұлулығымен ұштастыра білген. Сондықтан оның көрсеткен шынайы өмірі бейнелеу өнерінің көркемдік таным мүмкіндігін биік шыңына дейін пайдалана білумен үйлескен деп айта аламыз. Шебердің «Дəмді шай» (1966) туындысы да ұлттық нақыштармен көмкерілген.
Композициядағы орталық жоспардағы əйел бейнесі мен ашық көкшіл жəне ашық жұмсақ түстік түзілім сабырлылық пен ойлылықты, тыныштық пен мейірімділікті, алаңсыздық пен адалдықты айшықтай түскенін байқай отырып, керемет үйлесімдігін көреміз.
«Дəмді шай» атты поэтикалық суретінде данагөй кейуананың бейнесі еріксіз сабырлылыққа шақырады. Оны төзім мен парасаттылықтың белгісіндей монументтік шығарма десек те болады», — деп байыптаған өнертанушылар да осындай психологизмдерді дəл аңғарғанын байқатады.
Қазақ кəсіби бейнелеу өнерінің пайда болған кезеңінен бастап ұлттық болмыс пен дүниетанымды нақыштаған кескіндеме өнеріндегі тұрмыстық жанр негізгі орын алып жəне бастапқы буын тұңғыш қазақ кəсіби суретшілеріміздің шығармашылығынан бастап, кейінгі буын жетпісінші жылдардағы суретшілеріміздің шығармашылығына дейін ерекше рөл атқарды.
Сондықтан тұрмыстық жанр қазақ бейнелеу өнерінде көркемдік жүйе жəне пішін құру мəселелерінің қалыптасып, дамуына ықпал жасаған негізгі факторладың бірі болды.
ХХ ғасырдың қазақ кескіндеме өнерінде өз кескін-келбетін іздену жолдары, суретшілердің табиғат пен адам үйлесімдігіне, адам мен қоғамға деген қатынасына дəстүрлі өмірлік көзқарас негізгі тақырыптық бағыт жүйесін құруға түрткі болды. Ондағы тұрмыстық жанрда дамуын тапқан уақыт пен кеңістік аясындағы өмірлік мағлұматтарды тұтастандыру мен сараптау ұстанымдары дəстүрлі мəдениет пен халықтық дүниетанымға келіп саяды.
Осындай əлемді халықтық, ұлттық дəстүрлер тұрғысынан пайымдау кəсіби қазақ кескіндеме мектебінің негізін қалаушы қылқалам шеберлеріміз Ə.Қастеев, Қ.Қожықов, Ə.Ысмайылов шығармашылықтарынан басталады.
Ұлттық қылқалам шеберлеріміздің туындыларындағы негізгі көркемдік бейнелеу тілі орыс реалистік мектебінің ықпалымен келген реалистік бейнелеу тілі болып есептеледі. Бұл ұлттық мектептің қалыптасуындағы негізгі сыртқы факторлардың бірі болып табылады.
Қазақ кескіндеме өнеріндегі тұрмыстық жанрдың берілген жылдар (1930–1970) аралығындағы дамуы мен қалыптасуын зерттеудің түпкі мақсаттарының бірі — осы саланың əр тарихи кезеңдерде қазақ кескіндеме өнеріндегі негізгі орны мен мəн-маңызын анықтап, ұлттық мектептің қалыптасуындағы басты рөл атқарғанын айқындау болды.
Əдебиеттер тізімі
- Ергалиева Р.А. Этнокультурные традиции в современном искусстве Казахстана. Живопись. Скульптура. — Алматы: НИЦ «Ғылым», 2002. — С. 111,
- Байжігітов Б. Бейнелеу өнерінің теориялық мəселелері. — Ақтөбе: А-Полиграфия, 2003. — 45-б.
- Шарипова Д.С. Очерки казахского изобразительного искусства. Период становления (1930–50-е годы). — Алматы: Арда, 2008. — 120 с.
- Болатбаев К.К. Көкжиек пен кеңістік. — Алматы: «Алматы баспа үйі» ЖШС, 2008. — 192 б.