Белсенділік — бұл оқушының белгілі мақсатқа ұмтылған əрекеті, мазмұнды, көлемді оқу қолданылатын жəне қызығушылығын тудыратын, белсенділігін арттыратын, шығармашылықты арттыратын, білімді меңгерудегі оқушының өзіндік үйренуі, дағды мен шеберліктің қалыптасуы жəне оларды тəжірибеде қолдануға бағыттай білу. Бұл ой еңбегінің құлдырауы жəне тоқтап қалуынан сақтайтын, жігерлі, мақсатты бағытталған жүйелі іс-əрекет.
Оқушылардың оқу белсенділік мəселесі — педагогикалық терең зерттеулердің пəні. Бұны зерттеуге М.А.Данилов, Р.Г.Лемберг, И.Я.Лернер, М.И.Махмутов, М.Н.Скаткин, И.Ф.Харламов, Т.И.Шамова, Г.И.Шукина, А.Х.Аренова үлестерін қосты.
Мектептегі оқыту үдерісінің негізгі мақсаттары — баланың білім игеру кезінде ойлау қабілетін қалыптастыру, сол арқылы таным əрекетін белсендіру. Бұл оқушының өзіндік əрекеттерін, дербес жұмыс жасау қабілеттерін дамытудың маңыздылығын айқындайды.
Бұл мəселе Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңындағы білім беру жүйесінің міндеттері туралы бабында:
- жеке адамның шығармашылық, рухани жəне жеке мүмкіндіктерін дамыту, адамгершілік пен салауатты өмір салтының берік негіздерін қалыптастыру, жеке басының дамуы үшін жағдай жасау арқылы интеллектік байытумен қатар əлемдік жəне отандық мəдениеттің жетістіктеріне баулу, қазақ халқы мен республикасының басқа да халықтарының тарихын, əдет-ғұрпы мен дəстүрлерін зерделеу қажеттігі атап көрсетілген [1].
Педагогика ғылымы жəне мектеп практикасы баланың білім игеру кезінде ойлау қабілетін қалыптастырып сол арқылы таным əрекетін белсендіру қажеттігін көрсетеді. Осы мəселелер оқушының белсенділігін, шығармашылық əрекеттер қырларын дамытудың өзекті екенін анықтайды. Ол үшін не істеу керек, қандай шаралар ойластырылуы қажет? Оқуға деген қызығуы, өзінің білім алуға ұмтылысы керек. Ол ұстаз тарапынан сабақ өткізудің əр түрлі жолдарын қарастырып, əдіс- тəсілдерді жетілдіріп дəстүрлі емес сабақтар түрлерін əдістемелік тұрғыда дұрыс ұйымдастыруды талап етеді. Осындай еңбек оқушының оқу əрекетін тиімді меңгеруіне, соның нəтижесінде оқуға деген ынта, құлшыныс, талап туып бұрынғы игерілген білім, білік, дағдыны пайдалана отырып əр түрлі оқу тапсырмаларын шешуде шығармашылықпен еңбек етіп өз əрекетін бақылауды, басқаруды жəне дамытуды үйренуіне себебін тигізеді.
«Адам ұрпағымен мың жасайды», — дейді халқымыз. Ұрпақ жалғастығымен адамзат баласы мың емес миллиондаған жылдар жасап келеді. Жақсылыққа бастайтын жарық жұлдыз — оқу. «Надан жұрттың күні — қараң, келешегі тұман», — деп М.Дулатов айтқандай, егеменді еліміздің тірегі — білімді ұрпақ. Сусыз, құрғақ, таса көлеңке жерге дəн ексең өнбейтіні сияқты, жас ұрпақтарымызды тəрбиелемесек, өспейді, өнбейді. Қазіргі мектеп мұғалімдерінің алдында тұрған басты міндет — оқушылардың шығармашылық білім дағдыларын қалыптастыру. Міне, өз ұрпағының өнегелі, өнерлі, еңбексүйгіш, абзал азамат болып өсуі үшін халық педагогикасының негізгі мақсатын шығармашылықпен оқу-тəрбие үдерісіне тиімді пайдалану əрбір ұстаздың міндеті болып табылады.
«Қазақстан-2030» атты еліміздің стратегиялық бағдарламасында ең негізділерінің бірі — жоғары интеллектуалды жастарды жан-жақтылыққа тəрбиелеу, олардың əлеуеттік деңгейінің көтерілуіне үлес қосу. Сондықтан ұстаз-мұғалімдер қауымының алдына өте үлкен міндет жүктелді. Бүгінгі таңда жас ұрпаққа пəнді тиімді ұғындырудың бірі жаңа технология негіздері болып табылады [2]. Елімізде жүріп жатқан саяси-əлеуметтік реформаларға байланысты жалпы білім беру салаларына қойылатын талаптар да өзгеруде. Себебі білім беру жүйесі қоғамның əлеуметтік-экономикалық дамуында жетекші роль атқарады.
ХХ ғасырдың 70–80-жылдарында оқыту үдерісін белсендіруге бағытталған, оның балаға арналғаны, оқушының оқытудың белсенді субъектісіне айналуына бағытталған əдістемелік зерттеулердің көлемі көбейді. Ж.Пиаженің айтуынша, мектептер «жаңашыл ойлайтын қабілетті адамдар дайындау керек; тек өткен ұрпақтың істегенін ғана қайталамау керек, шығармашылық жəне ойлап тапқыш адамды əзірлеу керек».
Жас кезден игерілген ойдың оралымдылығы, ақылдың икемділігі дүниенің қыр-сырын меңгеруге шексіз мүмкіндік береді. Аталған проблеманың психологиялық жақтарын зерттеген М.А.Блох, Н.А.Лук, Л.С.Выготский, Я.А.Пономарев, А.Н.Леонтьев, В.В.Давыдов сияқты ғалымдардың еңбектері белгілі.
Педагогикалық жəне əдістемелік тұрғысынан бала əрекетін белсендіру жөніндегі мəселелерді Т.И. Шамова, М.Н.Скаткин, жəне басқа ғалымдар еңбектерінде қарастырған.
Соңғы жылдары республикамызда оқушылардың оқу-таным əрекеттерін белсендіру, проблемалық оқыту, оны ұйымдастыру, əдіс-тəсілдерін жетілдіру жайында зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Осыған мына ғалымдар еңбектерін жатқызуға болады: И. Н. Нұғыманов, Т.С. Сабыров, Ғ.М. Құсайынов жəне басқалар.
Əрбір оқу пəні оқушылардың белсенділігін арттыруға əсерін тигізуі керек. Шығармашылық белсенділікті біз адамның жете түсінудегі талпынысынан туындайтын белгілі зерттеушілік жəне қоғамдық пайдалы маңызы бар міндеттерді шешуге жетудегі əрекетшіліктің жоғары сапалы деңгейі деп анықтай аламыз.
Өйткені осындай педагогикалық зерттеулерде жалпы оқушы белсенділігі, таным əрекетін белсендіру мəселелері тек шығармашылықтың қалыптасатынын жəне бала шығармашылығының дамуының маңызды екендігін атап өтумен шектеледі.
Ал оқыту мазмұнында сыныптан сыныпқа жоғарлаған сайын оқушы белсенділігінің, шығармашылығының қандай қырларының, қалай дамуының педагогикалық тұрғыда теориялық негізделуі жеткіліксіз.
Біз көтеріп отырған проблема жөнінде ғылыми материалдарға жүргізілген теориялық талдауларымыз оқушы белсенділігін дамытудың əдіс-тəсілдері жекелеген пəндер бойынша теориялық тұрғыда толық негізделмегенін, сөйтіп, бала белсенділігін дамытудың жүйесінің анықталмағанын көрсетті.
Сондықтан педагогикалық үрдіс кезінде оқушы белсенділігін дамыту қажеттілігі мен оны дамытудың дидактикалық, əдістемелік жолдарының жасалу деңгейінің жеткіліксіздігі арасындағы қарама-қайшылық айқын көрінеді. Аталған қарама-қайшылықтарды шешу жолдарын іздестіру осы зерттеуіміздің проблемасын береді. Осының бəрі белсенді оқытудағы сабақтарды жəне тапсырмаларды ерекшеліктеріне байланысты ғылыми негіздеп, теориялық тұжырымға сүйене отырып, моделін құрып, оқушылардың белсенділігін дамытатын сабақ түрлерінің жүйелі ұйымдастырылуын қамтамасыз ететін əдістемесін жасау қажеттілігін көрсетеді. Себебі оқыту үздіксіз дамып отыратын үрдіс болғандықтан, оны дамыту «көзін» табу керек [3].
Жалпы белсенділік табиғатының педагогикалық тұрғыда зерттелуінің жеткіліксіздігі, ұстаздар еңбегіндегі белсенділікті дамытудағы кездесетін қиындықтар зерттеу тақырыбын таңдауға негіз болып, оның көкейкестілігіне көңіл аудартты. Сондықтан да осы айтылған қарама-қайшылықты ғылыми-теориялық тұрғыдан шешу, оның педагогикалық-əдістемелік мүмкіндігін ашу қажеттігі ғылыми зерттеуіміздің тақырыбын «Деңгейлік тапсырмалар арқылы биология сабақтарында оқушы белсенділігін арттыру» деп алуға себеп болды.
Зерттеу нысаны. Мектептегі биология сабағы.
Зерттеу пəні. Деңгейлік тапсырма арқылы баланың белсенділігін арттыру.
Зерттеу мақсаты. Биология сабағында деңгейлік тапсырмалар қолдану арқылы оқушылардың белсенділігін, ой-өрісін дамытудың дидактикалық шарттарын анықтау жəне əдістемесін жасау.
Зерттеудің міндеттері:
- биология сабағында деңгейлік тапсырмаларды қолданудың теориялық негізін қазіргі жағдайын анықтау;
- деңгейлік тапсырмалар арқылы оқушылар белсенділігін арттырудың əдістемесін жасап, оны психологиялық-педагогикалық тұрғыда негіздеу;
- деңгейлік тапсырмалардың тиімділігін тəжірибелік эксперимент арқылы тексеру.
Жұмыстың ғылыми болжамы: Егер зерттеу мақсатына сай орта мектептің биология пəні бойынша белсенділікті арттыруды деңгейлік тапсырмаларды пайдалану арқылы жүргізетін болсақ, онда:
- оқушылардың биологиялық ойлау қабілеті, оқушылардың пəнге деген қызығушылықтарымен оқу кезіндегі іс-əрекетінің белсенділіктері артып, биология пəнінен сапалы біліммен, тиянақты біліктілік жəне дағдылары жетіліп, əлемдік білім кеңістігіне ену талабына сай құзыреттілігі жетілген, ізденімпаз жеке тұлға қалыптасар еді.
Зерттеу əдістері:
- зерттеу проблемасы бойынша психологиялық, педагогикалық əдістемелік əдебиеттерге теориялық талдау жасау;
- педагогикалық бақылау;
- озық педагогикалық тəжірибелерді оқып-үйрену;
- сауалнама;
- педагогикалық тəжірибе.
Зерттеудiң ғылыми жаңалығы мен теориялық мəні:
- деңгейлік тапсырмаларды пайдалану негізінде жүргізілген сабақтар арқылы оқушының пəнге қызығушылығын арттырудың теориялық мəні айқындалды;
- деңгейлік тапсырмалар оқушылардың белсенділігін арттырып, білім сапасын көтеретіні дəлелденді, сол негізде қорытындылар жасалды.
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында «Білім берудегі мақсат — қоғам мүшелерінің жоғарғы деңгейдегі адамгершілік, интеллектуалдық, мəдени жəне тұлғалық дамуына əрі кəсіптік құзырлығына қол жеткізу болып саналады», — деп жазылған.
Қазіргі қоғамда болып жатқан əлеуметтік-экономикалық өзгерістер мағлұматтарды қарапайым беруге негізделген жеткілікті дəрежеде айқын қалыптасқан білім беру моделінің тоқырауын айқын көрсетіп береді. Жеке тұлғаға деген талаптың күшейе түсуі қазір дүние жүзінде білім беру саласында жобалы өзгерістер жасау тенденциясының үдей түсуіне себеп болып отыр:
- білім берудің статистикалық моделінен оқушылардың ақыл-ой əрекетінің көп сырлы құрылымын қалыптастыруға көшу;
- оқытуда оқушылардың танымдық іс-əрекеттер құралын белсенді меңгеруге бағыттау;
- оқыту процесін жеке тұлғаның мүдесі мен қажеттілігіне бейімдеп, болашақта өзгермелі қазіргі замандағы қоғамға толық мүмкіндігінше өзін-өзі жүзеге асыру.
Оқушының белсенділігінің табиғатын тани білу, еңбек жəне моральдік белсенділік дəрежесі бойынша адамның қоғам мен ұжым үшін жарамдылығын жете анықтау — мұғалімінің басты міндеті.
Белсенділік деп адамның іс-əрекеті үстіндегі жағдайын айтады. Ф.Энгельстің айтуынша, «белсенділік — тіршілік иесінің бəріне тəн өз бетімен жауап қайтару қабілеті». Тіршілік жəне іс- əрекеттері барысында адамның қарым-қатынас жасау, таным жəне өзін-өзі тəрбиелеу белсенділігі дамиды.
Бала белсенділігінің ең алғашқы формасының бірі — қарым-қатынас жасау белсенділігі. Бұл адамның бүкіл өмірінде дамитын белсенділік. Балалардың жас ерекшеліктеріне сəйкес басқа адамдар мен қарым-қатынас жасау белсенділігінің мазмұны өзгеріп отырады. Мектеп жасына дейінгі балалар ересек адамдардың əрекеттеріне үңіле қарап, үйренеді, оларға еліктейді. Балалардың саналы түрде істейтін мұндай əрекеттерін ырықты немесе ерікті белсенділік дейді. Бұл жастағы балалардың үлкендердің əрекеттеріне жəне олармен өзара қатынас жасауға еліктеу рөлді ойындарды атқару барысында байқалады. Көбінесе балалардың ойындарда адамдардың іс-əрекеттері, тұрмысы, өзара қатынасы қамтылып көрсетіледі, ұжымдық өмір дағдылары қалыптаса бастайды. Ойын барысында балалардың құрдастарымен де өзара қатынасы өзгереді. Баланың даму барысында таным белсенділігі артады. Мектеп жасына дейінгі (5–6 жас) балалар заттарды түсіне, формасына қарап ажырата бастайды, олардың құрылысын, пайдалану тəсілдерін білгісі келеді. Балалардың бір нəрсені құмартып, білуге талаптануын таным ынтасы дейді. Балалар өте байқағыш, əр нəрсеге үңіле қарайды, кейде терең ойға шомады [4].
Білім сапасы маңызды мəселе болғандықтан, оқу-тəрбие жұмысын ұйымдастыратын мұғалімнің оқыту əдістерін таңдауына, шығармашылығына, талабына жəне жаңашыл идеяларына байланысты. Оқыту түрлерін, оның ішінде əрбір нақты жағдайларға байланысты тиімді жолдарын жетілдіру жетекші рөл атқарады. Оқушылардың сұранысы мен бейімін, талабын дамыту бағытталған жалпысыныптық, топтық жұмыстарын тиімді ұйымдастырумен байланысты.
Жеке адамның санасының қалыптасу барысында өзін-өзі тəрбиелеу белсенділігі ерекше орын алады. Бала даму барысында өзін-өзі жетілдіру мақсатын көздей талаптанып əр түрлі əрекет жасайды. Кеңес педагогикасында адамның қоғамдық-саяси белсенділігі күрделі моральдық-еріктік сана ретінде қаралады. Онда қоғамдық жұмысқа деген ынтасы, тапсырманы орындаудағы жауапкершілігі, орындаушылығы мен инициативтілігі, өзіне жəне жолдастарына талап қойғыштығы, қоғамдық тапсырмаларды орындаған кезде басқаларға көмектесуге əзір тұруы, ұйымдастырушылық іскерлігінің болуы осылардың барлығы бірінен-бірі ажырамастай ұштасып жатады. Осылайша адам белсенділі өз қажетін қанағаттандыру үрдісінде кезінде көрінеді [5].
Адамзаттың қоғамдық тəжірибесін меңгеруге баланың əрекеті мен мінез-қылығын бағыттайтын белсенді үрдіс оқыту деп аталады. Оқыту белсенділігі жағдайлары дидактиктер — В.Ф.Шмаргун, Л.П.Аристова, Н.А.Плотникова, Р.А.Низамовтың еңбектерінде түрлі-түрлі бағытта түсіндіріледі.
Таным белсенділік проблемасы — педагогиканың мəңгілік проблемасы. Бұрынғы жəне қазіргі педагогтар мен психологтар: баланың оқығысы келуі үшін қалай, не істеу керек? деген сұраққа үнемі жауап іздейді. Өзінің əлеуметтік, мəдени ерекшеліктеріне қарай əр кезең осы мəселенің шешу жолдарын ұсынып отырған [5].
Əлеуметтік тұрғыда адамның белсенділігі оның еңбегінің жемістілігін айқындайды жəне тапқырлығының мəнін құрайды. Сондықтан оқушыларда осы қасиеттін пайда болуын тудыру — əрбір ұстаздың негізгі міндеттерінің бірі. Белсенділік принципі оқушылардың оқу əрекетінде жоғары деңгейдегі дербестігін талап етеді. Оқу-тəрбие үрдісіндегі мұғалім мен оқушы арақатынасы жүйесіндегі ұстаздың белсенділігі тек сонда ғана ақталады, егер ол жауап ретінде оқушылардың белсенді реакциясын, шығармашалық ізденіске деген талпынысын тудырса. Оқыту əдістемесінде жəне дидактикада оқушылардың таным əрекетін белсендірітін жағдайлар мен əдіс-тəсілдер жасалған. Оның көрсеткіші оқу пəніне қызығушылық, көбірек білгісі келуге ұмтылу, білімді қолдана алу біліктілігі, оқу міндетін өздігінен шеше алу қабілеті болып табылады. Оқыту тиімділігін жəне сапасын арттыруда маңызды болып оқушыларды белсендіретін əдістемелік тəсілдерді қолдану: берілген оқу тапсырмасын жете түсіндіру; деректерді талдау жəне қорытындылайтын тұжырымдардың негізделуі; шығармашылық сипаттағы дербес жұмыс; сабақтардағы жекелеген, топтық жəне жаппай жұмыстардың үйлесімділігі; жеткен нəтиженің педагогикалық жəне өздік бағалануы жаңа білім игерудің болашағын алдан ала көру [6].
Психологияда белсенділікті іс-əрекет деп атайды. Жеке тұлғаның белсенділігі оның қажеттіліктерінен туады (материалдық жəне рухани, жеке немесе қоғамдық қажеттіліктер). Жануарлардан айырмашылығы адамның қажеттіліктері сəби жасынан бастап-ақ қоғамдық қажеттіліктермен реттелінеді. Адамның белсендігі (немесе оның əрекеті) оның себептеріне, мақсат пен міндеттерін дұрыс қоя алуына, оларды орындау тəсілдерін дұрыс таңдай алуына байланысты.
Белсенділіктің өзіне жəне жеке тұлғаның қоршаған ортамен тəрбиелік (сыртқы) əсерлерге қатысты ішкі ұстанымдарына байланысты ол əр түрлі бағыттарда қалыптасуы мүмкін. Егер оқушының осы əсерлерге деген көзқарасы теріс болса, ол тəрбиешісі қалағанынан қайшы бағытта дамиды. Мысалы, мұғалім оқушылардың білімін тексеру кезінде оқушының бағасын төмендетіп қояды да, оқушы оған ренжіп қалады. Мұндай жағдайда мұғалімнің үлгерімді жақсартуға шақырған əрбір сөзі оқушыда жасырын, кейде тіптен ашық қарсы əрекет тудырады. Тəрбиеші, оның педагогикалық əсері ішкі өрісте, яғни тəрбиеленушінің санасы мен сезіміне, оң əсерін тигізбесе, барлық жағдайларда əрдайым осылай болып отырады.
Осының нəтижесінде, жеке тұланың дамуы мен қалыптасуында көрініс табатын барлық əсерлер мен ықпалдар екі топқа — ішкі жəне сыртқы болып бөлінетін болды. Қоршаған ортаның əсері мен тəрбие жеке тұлғаның дамуының сыртқы факторларына жатады. Табиғи əсерлер — бейімділік пен əуестік, сонымен қатар адамның сезімдері мен күйзелістері, оның сыртқы əсерлердің ықпалымен пайда болатын сылтаулары мен қажеттіліктері — барлығы ішкі факторларға жатады. Жеке тұлғаның дамуы мен қалыптасуы осы екі фактордың өзара байланысының нəтижесі болып табылады.
Егер тəрбие жеке тұлғаның өз-өзімен жұмысы кезіндегі белсенділігіне деген іштей ықпалына əсер ететін болса, онда оның жеке тұлғаның дамуында шешуші рөл атқара алатыны түсінікті. Осы бейімділік пен өсіп келе жатқан адамның жеке тұлға ретінде жетілуіне деген өзіндік ынтасы ғана түбінде оның дамығанын анықтайды. Осылайша бұл процесс, шын мəнісінде, өзін-өзі дамыту, өзін- өзі тəрбиелеу сипатына ие болады. Л.Н.Толстойдың адамның дамуын жеміс ағашының өсуімен салыстыруы тегін емес. Өйткені сөздің тура мағынасында оны ешкім өсірмейді, ол өздігінен өседі. Адам тек қана топырағын қопсытады, тыңайтқыштар себеді, артық бұтақтарын кеседі, яғни оның өзіндік мүмкіндік беретін қажетті сыртқы жағдайларын жасайды, оған дем береді. Ал өзіндік даму өзінің ішкі заңдары бойынша жүреді.
Баланың, оқушының белсенділігі іс-əрекеттің əр алуан түрлерінде көрінетіні психологияда дəлелденген, өмір барысында қарым-қатынас, таным белсенділіктері, өзін-өзі жетілдіру мен қоршаған өмірді түрлендіру, өзгерту белсенділіктері дамиды. Кішкентай баланың өзі де пассивті емес түрде өмірдің жадайларына бағынады. Ол өзінің талаптарын орындатқанда (үлкендерге) белсенді, ол қоршаған адамдарға қатысты өз түзетулерін енгізеді. Ол адамға деген (ұнату, ұнатпау) жəне заттарға деген (керек, керек емес, жақсы көретін, жақсы көрмейтін) өзіндік жеке тұлғалық қатынасын көрсетеді. Бұл қатынастар оның іс-əрекетінде жеке тұлғаның өзгешелігін жасай отырып, пайда болады [5].
Қарым-қатынас-генетикалық түрде баланың белсенділігінің ең ерте белгісі. Адамның əлеуметтік тіршілік иесі ретіндегі ерекшеліктері осы қарым-қатынаста көрінеді. Онда адамдарға деген қатынастың көптеген алуан түрлі реңктері бар: ата-анаға, мұғалімдерге, таныстарына, таныс емес адамдарға, құрдастарына, өзінен кішкентайларға, достарына. Бала өзіне дос таңдайды, ол адамдардың белгілі бір шеңберімен қарым-қатынас іздейді, ол басқаларға ықпал етеді. Ұжымда ол кейде ұйымдастырушы, кейде орындаушы болады. Қарым-қатынас белсенділігі жеке тұлғаның ең маңызды жақтарының дамуына жағдай жасайды, олар — адамгершілік, қайырымдылық, қамқорлық, өз өзі үшін, адамдар алдындағы өз істері үшін жауапкершілігі.
Оқушылардың оқу белсенділігін қалыптастырудың бір көзі — сабақта жаңа технологиялар қолдану арқылы түрлендіріп өткізу. Көптеген инновациялар арасында оқушылардың оқу белсенділігін қалыптастыруға аса қолайлы технология — сын тұрғысынан ойлау жобасы. Сын тұрғысынан ойлау — ашық қоғам негізі. Ол — өз алдына сұрақтар қойып жəне үнемі оларға жауап іздеу, əр мəселеге байланысты өз пікірін айтып, оны дəлелдей алу, сонымен қатар басқалардың пікірлерін дəлірек қарастыруды жəне сол дəлелдемелердің қисынын зерттеу дегенді білдіреді. Бұл оқыту «қарапайымнан күрделіге» деп аталады [6].
Бағдарлама құрылымы үш деңгейден тұрады:
- Қызығушылықты ояту. Оқушының тақырып туралы не білетіндігі анықталынады, белсенділігі артады.
- Мағынаны ажырату. Оқушы жаңа ақпаратты бұрынғы білімімен ұштастыра түседі.
- Ой толғаныс. Оқушылар өз ойлары мен байқаған ақпаратарды өз сөздерімен айта біліп, өзара алмасады. Өзгелердің ой кестесін үйренеді.
Осы бағдарламаның стратегияларын меңгеріп, тəжірибе жүзінде қолданса, оқушылардың оқу белсенділіктері, сабаққа деген қызығушылықтары артып, олардың бір-бірімен пікір таластырып ашық сөйлеу, еркін сөйлеу дағдылары қалыптасады. Өздеріне сенімсіздік білдіріп, бұйығып отыратын оқушылар да өз ойларын аз да болса жүйелеп еркін айтатын болады.
Ұстаз тұлғасы — баланың жаны мен ойына əсер ететін негізгі тəрбиелеуші күш, сондықтан оның кəсіби шеберлігі бірден-бір маңызды мəселе. Биология пəні мұғалімінің тұлғасы, эрудициясы, өз ісіне берілгендігі мен дарыны шəкірттеріне белгілі бір із қалдырады, өмір жолдарына əсер етеді. Ұстаздың шығармашылық даралығы, шығармашылық белсенділігі өз еңбегінің жемісінің нəтижесінің мəнділігінен туындайды. Даралық барлық адамға тəн, бірақ, ол əркімде негізгі қасиет бола бермейді, кез келген адамды айқын көрінетін дара деп айта алмайсың. Даралық, біріншіден, тек жекелеген адамның өзіне ғана тəн, қайталанбас бірегей қасиет, екіншіден, тұлғаның өзіндік дамуын көрсететін жинақы қасиет [7].
Қазіргі кезеңдегі түпкілікті өзгеріп отырған жағдайға байланысты, биологиялық білім берудің басты мақсатымен міндеттерінің бірі — оқушыларда биологиялық ойлауды, қарапайым болса да ғылыми болжам құру мен оны тексеруге дəлелдер іздеуді, жоспарлай білуді дамыту [8].
Биологияны оқытуда соңғы кездегі журнал беттерінде көптеп беріліп жүрген сабақ түрлері заман талабының көріністері. Толық мəнді жаңаша білім беру — бала мүмкіндіктерін барынша пайдалануға жағдай жасау. Оның басты əдіснамалық білім беру міндеті — бала қабілетін дамыту, тəрбиелеу.
Ғалымдар білім беру саласында негізді өзгеріс қажет екенін мəлімдейді. Оны əр түрлі дəлелдейді: дағдарыстан шығу жолын іздестіру деп, жаңаша білім беруге «бұзып жара өту» қажеттігі, тіпті, білім берудің классикалық негізі мен идеяларына қайта келу мүмкіндігі деп [9]. Дидактика классигі И.Г. Песталлоцций шығармашылығында тəрбиелеу өзінің индивидуалдық ерекшеліктерін сезіне отырып, өзін-өзі тудырушы балаға көмек көрсету деген пікір-түсінік айқын байқалған.
Ұстаз бен оқушының субъект-субъектілік қатынасы негізіндегі оқу үрдісінде бірін-бірі толықтыру, қолдау жағдайында өтеді. Жаңашыл педагогтардың тəжірибелерінде бұл айқын көрініп тұрады. Бұл кезде ұстаз оқушылардың белсенділігі мен өз бетімен талаптануына, шығармашылық мүмкіндіктеріне сүйеніп, нəтижесін болжайды. Мысалы, Н.П.Гузиктің көзқарасында, білім шығармашылық арқылы жүзеге асырылады [10], ал В.Ф.Шаталовта əуелі білім, сонан соң шығармашылық [11], Е.Н.Ильин сыныпта барлық ұжымның шығармашылықпен жұмыс жасауына қолайлы атмосфера тудырып, əр баланың пікірін тыңдауға көңіл бөледі [12]. Оқытудың белсенді əдістері дегеніміз — оқушының таным белсенділігі дəрежесін барынша көтеретін, талпына оқуға жетелейтін əдістер. Осы əдістермен жүргізілген сабақтар кезінде сынып оқушылары түгел қарқынды, қызығушылық жəне ерікпен ойлана отырып тыңдайды, бақылайды, оқиды, еңбек етеді.
Оқытуға қойылатын талаптардың бірі — білім беру мен тəрбиенің біртұтас үрдіс ретінде іске асырылуы. Білім бере отырып тəрбиелеу дегенді, екінші сөзбен айтқанда, оқушының ой белсенділігін, жұмыс істеу дағдысын, шығармашылық қабілетін дамыту деген сөз.
Қазіргі кезеңдегі түпкілікті өзгеріп отырған жағдайға байланысты, биологиялық білім берудің басты мақсаты мен міндеттерінің бірі — оқушыларда биологиялық ойлауды, қарапайым болса да, ғылыми болжам құру мен оны тексеруге дəлелдер іздеуді, жоспарлай білуді дамыту.
Қабілеттің дамуы, дағдының қалыптасуы оқушының нақты іс-əрекеті арқылы орындалады.
Кейбір əдістемешілер мен мұғалімдер оқушылардың өздігінен істейтін жұмыстарын проблемалық тапсырмалардан, шығармашылық жұмыстардан өзгеше, бөлек дүние деп қарайды. Бұл дұрыс емес, шынында, проблемалық тапсырма жұмыстар да, шығармашылық жұмыстар да — оқушылардың өздігінен істейтін жұмыстары, оның түрлері, мазмұны сатылап күрделеніп отырады. Мəселе — бұл жұмыстарды мұғалімнің білім бере отырып дамыта тəрбиелеудің құралы етіп ұйымдастыра білуінде.
Əдебиеттер тізімі
- «Білім туралы» Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 28 шілдедегі Заңы. — Астана,
- Білім берудің жаңа көкжиегі // Егемен Қазақстан. — 2011. — № 52. — 19 ақп.
- Мырзабаев А.Б. Биологияны оқыту əдістемесі. — Қарағанды: ҚарМУ баспасы,
- Выготский А.С. Игра и ее роль в психическом развитии ребенка // Вопросы психологии. — 1966. — №
- Саданова Ж.К., Макшиева Г.К., Сейтахметова Ж.М. Оқу үдерісіндегі дамыта оқытудың мəселелері // Вестник КАСУ.— 2006. — № 1.
- Жаңабаева Р.А., Шалғынбаева Қ.Қ. Қазіргі жағдайда оқушының танымдық əрекетін белсендірудің əдіс-тəсілдері. —Алматы, 2003.
- Гильманов С. Творческая индивидуальность педагога // Народное образование. — 1999. — № 1, 2. — С.
- Реброва Л. Время ставит проблемы. Решать их нам // Биология в школе. — 1991. — №
- Кавтарадзе Д.Н. Обучение и игра. — М.: Просвещение,
- Гузик Н.П. Учись учиться. — М.: Просвещение,
- Шаталов В.Ф. Куда и как исчезли тройки. — М.: Педагогика.
- Ильин Е.Н. Герой нашего урока. — М.: Педагогика.