XXI ғасырдың басы ғылыми-техникалық прогреске негізделген елдегі əлеуметтік-экономикалық дамуымен сипатталады. Ғылыми-техникалық прогресс нəтижелерінің өнеркəсіпке енгізілуі білімі мен кəсіби біліктілігі ғылым мен техника дамуына сəйкес келетін мамандарды талап етіп отыр, сондықтан да əрбір мемлекет өзінің білім беру жүйесін жаңа əдістер мен технологияларды қолдана отыра жетілдіруге назар аударады. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында білім беру жүйесінің міндеттерінің бірі ретінде ұлттық жəне жалпыадамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға жəне кəсіптік шыңдауға бағытталған сапалы білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау анықталған [1]. Қазақстан Республикасының «Ақпараттандыру туралы» Заңы еліміздегі ақпараттандырудың құқықтық негіздерін белгілейді, электрондық ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелерді құру, пайдалану жəне қорғау кезінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді [2].
Білім — кез келген мықты мемлекеттің тірегі. Білімнің мемлекеттік саясаты стратегиялық мақсатқа бағытталған: болашақ маманды инновациялық жəне шығармашылық тұрғыдан ойлауға қабілетті етіп тəрбиелеу, оның жеке тұлға болып қалыптасуында адамның интеллектуалды мүмкіндіктерін алдыңғы орынға қоя отыра өсіру. Білім беру қоғамдық ұйымдастырылатын жəне реттелетін, бір ұрпақтан екінші ұрпаққа əлеуметтік маңызды тəжірибені тұрақты түрде беру процесі екені мəлім. Бүгінде ҚР-да білім беруді дамыту əлемдегі білім жүйесіндегі өзгерістерді, еліміздің əлеуметтік-экономикалық дамуын, əлемдік білім жүйесіне кіру мүмкіндіктерін ескере отырып, іске асырылмақшы [3]. Сонда бүгінгі жоғары мектеп техникалық дамудың үлкен қарқынмен даму ағысынан тыс қалмауы керек, оның ішінде ақпараттық технология бағытында оқытылатын студенттер жасанды интеллект жəне интеллектуалды жүйелер бойынша өзгерістерді, дамуларды оқытылатын пəндер мазмұнынан игеруі тиіс.
Бүгінде жоғары оқу орындарында оқытылып жүрген жасанды интеллект, интеллектуалды жүйелер мəселелеріне философия, химия, биология, есептеу ғылымдары тұрғысынан қарағанда əр түрлі ақпараттармен кездесеміз. Қазіргі заманғы философия саласы мамандары мен ғылым зерттеушілері пəнаралық ғылымдарды ХХ ғасырда қайта ашылған жетістік деп жиі қарайды, ал жа- санды интеллект жəне жасанды құбылыс көптеген ғылыми салалар интеграциясына тамаша мысал бола алады. Əрине, пəнаралық байланыс та өз мағынасына ие болады. Химия, биология жəне есептеу ғылымдарының мамандары өзара ұқсас əдістер қолдана, əрі тірі жүйе аспектілерін ажырата отыра оны меңгереді. Бір ғалым химия табиғатын зерттейді, екінші ғалым өзін-өзі танудың философиялық мəселесін шешуге талпынады. Жасанды интеллект бар болуының мүмкіндігін елестетіп көрсеңіз, ол ойлауға жəне өз əрекетін түсінуге қабілетті машина. Бұл машина жаңа өмірдің жаңа түрі болып табылмайды ма? Адамға қатысы бар, тамаққа деген қажеттілік, ауаға сұраныс, сонымен қатар адамзат баласына тəн теріс қылықтар ондай машина бойынан табылмайды. Жыл сайын техника дамуының қуаттылығы артып отырған бүгінгі таңда «машина адаммен бір деңгейге қалай қолданылады?» деген сұрақ туындайды. Бұл сауалды медицина саласымен байланыстырса, онда қазірдің өзінде ғалымдар арнайы кодты сан көмегімен тірі жан жасай алады емес пе? Олай болса, неге сондай сандар арқылы ойлай алатын, түйсігі бар компьютерлік жүйе құрмасқа? деген сауал орынды туындайды. Бұл салада барынша танымал философ Мартин Хайдеггер, Майкл Веллер еңбектері бар. Ол еңбектерде жасанды интеллект пен жасанды өмір байланысы қарастырылады. Жасанды интеллект жүйелерінің жетістіктері мен оның себептері туралы айтқанда экспертті жүйелер мен нейрондық желілерді қолдану экономика саласына көптеген пайда əкелетіндігін атауға болады. Мысалы, American Exspress компаниясы несие беру қажеттігін немесе құжаттарды кері қайтаруды шешуді анықтайтын эксперттік жүйе көмегімен өз шығынын 27 миллион долларға кеміткен. Қазіргі кездегі экспертті жүйелер білім қорынан, шығару машинасынан, модельдеудің жəне жоспарлаушы астыңғы жүйесінен бастартпайды [4].
Аталған сала ғалымдарының еңбектеріне талдау жасай отыра, біз жасанды интеллект жəне оның бағыттарының қазіргі уақытта жоғары оқу орындарында оқытылу жағдайын қарастырайық. Техника ғылымдарының докторы, профессор Қ.Шоланов өзінің «Қазақтың робот не теңі» атты мақаласында Қ.Сəтпаев атындағы Қазақ ұлттық техника университетінде «механика жəне робототехника» саласының, керісінше, жабылып қалғандығы жайлы айтады. 1991 жылдан жұмысын бастаған «Электроника, механотроника жəне робототехника» кафедрасы «Роботты техникалық жиынтық жəне жүйелер» мамандығы бойынша инженер-жүйе техниктерді даярлаған. Тəуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерімен қоса алыс шет елдермен ғылыми байланыста болған кафедра студенттері робот макетін дайындау, автоматикалық машина құрастыру секілді ғылыми жұмыстар орындаған [5]. Ал ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигi, ҚР Мемлекеттiк сыйлығының лауреаты М.Өтелбаев «Қазақстанда математика ғылымы тұйыққа тірелді...» мақаласында «математикада да əлi талай жаңалық келедi. Əсiресе робот жасауға қатысты көбiрек болады. Болашақта бiздiң ел қалайда «жасанды интеллект», яғни, робот жасау секiлдi математикалық проблемалармен айналыспаса, тағы да артта қалып отырамыз. Болашақта əрбiр отбасында, əр мекемеде, көшелерде роботтар пайда болады. Демек, сол салаға едел-жедел ұмтылуымыз керек», — деп жазады [6]. Осы мəселе төңірегінде А.Шөкіш «Нанотехнология: ертегі ме, əлде ХХI ғасыр ғажайыбы ма?» тақырыбына жазған мақаласында «адам ағзасы ішіндегі робот-дəрігер барлық «ақауды» емдеп, тұқымқуалаушылық зақымдарын түзетіп, тірліктен күдер үзген жандарды аяғынан тік тұрғызады. АҚШ-тың нанотехнологияға əлемдік инвестиция үлесінің үштен бірі тиеді. Еуроодақ — 15, Жапония 20 пайыз үлес салса, Ресей, Австралия, Канада, Қытай, Оңтүстік Корея, Израиль, Сингапур жаңа технологияға қаржы құяды. Көріп отырғанымыздай, ғылым мен өнеркəсіптің кез келген саласындағы инновацияны бүгінгі күні нанотехнологиясыз елестетуге болмайтын уақыт таяп келеді» деп аталған саланың қоғамдағы орнын тағы да бір айқындаған [7]. Аталған мақалалар мазмұнында өзге елдерде қарқыны жылдам саланың біздің елімізде даму күйі сипатталған.
Əлемдегі болып жатқан тарихи, экономикалық өзгерістер озық технологиялардағы даму құбылыстарына тəн. Жаңа технологияларды қолдануда алдыңғы қатарда саналатын Корея ақпараттық технологияларға бай жəне кедей елдердің, дамыған жəне артта қалған елдердің қол жеткізуінің теңсіздігін жою мақсатында Біріккен Ұлттар Ұйымымен бірлесе отырып, ақпараттық технологиялар орталығын ашуда. Қазақстанның да ақпараттық технологиялар жаңалығын енгізуде атқарып жатқан шаруасы жоқ емес. Десе де, осындағы бір ескеретін жайлар бар.
Біріншіден, ол — қазақ жастарының заманға сай технологияларды меңгеру деңгейі қай дəрежеде деген мəселе.
Екіншіден, «жалпы азаматтық қоғамымызда мəдени, ғылыми жəне іскерлік ортаның жаңа технологияға бетбұрысы артуда ма?» деген сұрақ.
Əрине, жоғары оқу орындары да шетелдіктердің назарынан тыс қалған жоқ. Оларға аутоматтандырылған оқу ісін жүргізумен бірге кейбір пəндердің аутоматтандырылған зертханалық жұмыстары ішінара таратылды. Осылайша елімізде Lotus Notes, Lotus Domіno, 1C жəне басқа да кешенді бағдарламалық қамдаулар пайда болды. «Ал, енді жағдайды түзеу үшін не істеу қажет?» деген заңды сұрақ туады. Оған жауап ретінде əлемдік озық тəжірибелер негізінде тиісті шараларды жүзеге асыру қажет екенін айтсақ болады. Ал, енді нақтылап келсек, елімізде ұлттық ақпараттық технологиялық дамуды жолға қою үшін əр түрлі салада тез арада шешуді талап ететін мынадай мəселелер бар:
- қазақ тіліндегі оқулықтар мен əдеби кітаптардың электрондық нұсқаларын жасауды жеделдетіп, оларды арнайы сайттарда орналастыру;
- жаңа технологиялар негізі болатын жаратылыстану ғылымдарының маңызын арттыру. Бұл орайда түрлі сатылардағы оқыту мекемелерінің қолданбалы математика, экспериментті физика жəне басқа пəндеріне арналған оқу-əдістемелік базаларын жетілдіру керек. Қолданбалы математика мен математикалық экономиканы ақпараттық технологиялар жетістіктерін пайдалана отырып оқытатын жаңа əдістемелер енгізу. Тез дамып келе жатқан бағдарламалық əдістерін меңгеруге арналған мамандықтар тізімін толықтыру;
- өндіріс салаларын ақпараттық технологиялар арқылы дамыту. Мысалы, бұл тұрғыда нысандар салушылар арасында бəсекелестікті арттыру мақсатында ұлттық «интеллектуалды үй» стандарттарын енгізу маңызды [8]. Яғни, аталған сала тек теориялық тұрғыдан ғана емес, практикалық тұрғыдан да көкейкесті мəселе етіп көтеріліп келеді.
Сондықтан да жапон елі келешегіміз деп таныған, көршілес Ресей мемлекеті арнайы орталық ашқан жасанды интеллект саласының Қазақстанда дамуы еліміз үшін қажет-ақ деп қорытынды жасауға болады. Жасанды интеллектіні іске қосу адам интеллектісінің айтарлықтай жеңісі деп саналатын болғандықтан, Қазақстанның жоғары оқу орындарында осы секілді мамандықтар ашу немесе жоғары оқу орнының мамандар даярлау процесінде пəн ретінде жетілдірілген түрде оқыту елдің өнеркəсібін, оның ішінде ақпараттандыру саласын дамытуға айтарлықтай ықпал еткен болар еді. Интеллектуалды бағдарламалар құру қарапайым бағдарламалар жазылуынан айтарлықтай ерекшеленіп, жасанды интеллект жүйелерін құру жолымен жүзеге асырылады. Жасанды интеллект жүйелерінің негізгі айырмашылық белгісі біліммен жұмыс істеу болып табылады. Егер өзге бағдарламалар үшін алгоритмнің берілгендерін сипаттау бағдарламалау тілі деңгейінде шешілсе, жасанды интеллект жүйелері үшін біліммен жұмыс жасау кешенді мəселелерге əкеледі: білім деген не, жүйеде база түрінде қандай білімдер сақталған, оларды қалай қолдану керек, қалай толықтыру керек т.б. [9].
Ресей Федерациясының жоғары оқу орындарында осы бағытта бірнеше мамандықтар бар. Атап айтар болсақ, «Интеллектуальные системы принятия решений», «Искусственный интеллект» жəне т.б. мамандықтар бойынша оқытылатын пəндердің мақсаты студенттерге жасанды интеллектінің, ақпараттық жүйелердің, ақпараттық жүйелер үшін интеллектуалды интерфейстің жүйелері туралы негізгі түсініктер беру. Мамандықтардың түлектері жасанды интеллект мəселелері институттарында, басқа да ғылыми-зерттеу орындарында, өнеркəсіп орындарында, білім саласында, компьютерлік жүйелерге қатысты кəсіпорындар мен мекемелерде қызмет етеді. «Донецкий государственный институт искусственного интеллекта» институтындағы «Интеллектуальные системы принятия решений» атты мамандығында даярланатын студенттер Жасанды интеллект мəселелері институтында, өндіріс орындарында, ғылыми мекемелерде, математикалық модельдеу қолдану негізінде аутоматтандырылған шешімдер қабылдайтын салаларда т.б. жұмыс істеуге дайындалады [10]. Беларусь Республикасында 1995 жылы ашылған «Жасанды интеллект» мамандығы бойынша студенттер қабылдау жыл сайын артып келе жатқандығын бір орынға үш адамнан келетін конкурс болғанынан көреміз, яғни мамандарға деген сұраныс уақыт өткен сайын артып келе жатқандығын байқатады. Аталған мамандық түлектері бағдарламалау білімі мен білігі жоғары, математикалық əдістерге жетік жəне келесі есептерді шешуге қабілетті болып дайындалады:
- интеллектуалды жүйелер құру үшін бағдарламалық жəне аппараттық құралдар жасау;
- интеллектуалды интерфейстер құру;
- робототехникалық жүйелерді құру жəне интеллектуализаландыру;
- іс жүргізу жəне құжат айналымы жүйесін интеллектуализаландыру, ақпараттық іздеу жүйесін құру;
- байланыс пен телекоммуникацияны интеллектуалды қолдау;
- түрлі бағыттағы қолданбалы интеллектуалды жүйелер құру.
Одан басқа «Интеллектуальные системы в гуманитарной сфере», «Механотроника и робототех- ника», «Роботы и робототехнические системы» «Робототехнические системы авиационного вооружения» мамандықтары бойынша да мамандар даярлайды. Қарастырылып отырған мамандық түлектері ауыл шаруашылығының түрлі салаларында, ғылыми-зерттеу салаларында, өндіріс орындарында жəне т.б. жұмыс істей алады [11].
Интеллектуалды жүйелер, оның бағыттары біздің елде интеллектуалды жүйелер бағытында мамандар даярлауда пəн немесе арнайы курс болып отыр. Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің 050705 – «Математикалық жəне компьютерлік модельдеу» мамандығы бойынша таңдау пəні ретінде жүргізілетін «Эксперттік жүйелер» пəні тек үш тақырып ретінде берілумен шектелген («Пролог тілі», «Эксперттік жүйелер», «Жасанды интеллект жүйелерінің технологиясы»). Пəнді оқыту мақсаты — эксперттік жүйелерді ұйымдастыру жəне жұмыс істеуі принциптерін меңгеру, ал негізгі міндеті студенттерді эксперттік жүйелер жіктелуін, олардың қолданылу салаларын, білімді ұсыну моделін білуге үйрету болғандықтан да, курс соңында студенттер келесілерді білуі тиіс деп көрсетілген:
- эксперттік жүйелерді жобалау технологияларын жəне құралдарын қолдануды;
- эксперттік жүйелердің даму тенденциялары мен перспективалары туралы түсінікті [12].
050705 – «Математикалық жəне компьютерлік модельдеу» мамандығы бойынша Қазақстан Республикасы Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартында көрсетілген міндетті компоненттер қатарында жасанды интеллект, оның бағыттарына байланысты пəндер берілмегендіктен де, аталған пəн бойынша тақырыптар ең алдымен жасанды интеллект теориясына қатысты материалдармен басталса (жоспар бойынша ол тақырып соңында берілген), эксперттік жүйелер мен жасанды интеллект арасындағы байланыс студенттерге түсінікті болар еді. Мысалы, соңғы лекциялық сабақ тақырыбында «Жасанды интеллект жүйесін құру технологиясы» соңғы тақырып етіп қойылған жəне жоспар бойынша негізгі түсініктер, анықтамалар, қолданылу саласы, жасанды интеллект саласының дамуына тарихи шолу, жасанды интеллект жүйелерінің функционалды құрылымы беріледі [13].
Өткен ғасырда бірнеше жылдар бойы білім беру процесі бірсарынды дамыды жəне адамның мектеп, орта кəсіби білім беру мекемесі мен жоғары оқу орындарында жинаған білімі интеллектуалды еңбек қызметі үшін жарамды болып табылатын. Алайда ғылыми-техникалық прогрестің даму қарқыны артуына байланысты білім берудің бұрынғы моделін сақтау техникалық жəне əлеуметтік дамудың одан əрі дамуына қауіп төндірді [14]. Сондықтан да жоғары оқу орындарында кейбір пəндер мазмұнындарын қайта қарау қажеттілігі туындады да, нəтижесінде студенттердің білім көрсеткіштері, потенциалдары да өзгерді. Жалпы студенттің білім потенциалы дегеніміз — студенттің білім жүйесін, шығармашылық қызмет тəжірибесін, тиімді кəсіби қызметін жүзеге асыруына қажетті нақты жəне болашақ жеке мүмкіндіктерінің жиынтығы десек те, сол білім потенциалына қол жеткізетін педагогикалық жүйе — адамды дамыту мақсатындағы жетістіктерге жеткізуші барлық факторлардың біртұтас бірлігі [15].
Адам қызметінің жартысын компьютерге жүктеуге болатын уақытта программистер қызметінің өнімділігі арта түседі. Осы салада максималды жетістікке қол жеткізу əдістерінің бірі — жасанды интеллект əдістерін дамыту. Сондықтан да жоғары оқу орындарында интеллектуалды жүйелер бойынша мамандар даярлау бойынша пəндерін оқыту мақсаты күрделі құрылымды есептерді аутоматтандыру саласында мамандар даярлау болып табылады да, пəнді оқу міндеттері — адамның ойлау əдістері жəне оны компьютер көмегімен жүзеге асыру əдістері туралы білім жинау. Сондықтан да негізгі мақсат — адамның ойлау қабілетін техникалық құралдар көмегімен жүзеге асыру. Интеллектуалды жүйелер бойынша пəндерге оқытуда студенттер арасында аутоматтандырылған жүйе мен интеллектуалды жүйелерге қатысты жиі туындайтын сауалдардың бірі — ол жүйелер арасындағы айырмашылықты түсіну. «Аутоматтандырылған жүйе» жəне «интеллектуалды жүйе» ұғымдарына сараптама жасай келе, біз өз ойымызды былайша тұжырымдаймыз: аутоматтандырылған жүйелерде компьютерлік жүйелерге біз сұраныстар жасағанда, базадағы бар деректерді экранға шығара аламыз. Ал интеллектуалды жүйелерде компьютердегі базада жоқ деректерді логикалық ережелер арқылы ұйымдастырып, жаңа деректер ала аламыз, яғни «жоқтан» «бар» ала аламыз.
«Жасанды интеллект жүйелері» пəні арқылы студенттер жасанды интеллект проблемаларымен жəне қолдану аумақтарымен танысады, идеялар құру қалыптастырылады, жасанды интеллектке сай компьютерлік жүйелерді жобалауда əдістерді, заңдылықтар мен түсініктерді қалыптастыруды қарастырады.
Мамандар даярлау процесін жоғары сатыға көтеруге арналған шаралар қазір практикалық жүзеге асырылуда. Есептеу техникасы мен оны қолдану əдістерінің дамуы білім мазмұнын ұсынудың жаңа мүмкіндіктерін беріп отырған бүгінгі таңда тек мəтіндік ақпаратты беру мүмкіндігі ғана емес, ол ақпаратты мазмұнына қарай дербес компьютерді қолдана отыра меңгеру ретін ұсынатын «электронды оқулық» ұғымы да бар. Электронды оқулықтардың артықшылығы да сол экранда тек мəтін ғана пайда болмай, сонымен қатар оқыту жүйесінің электронды моделі көрсетіледі. Осы мүмкіндіктермен қатар əр тарау бойынша білім бекітуге арналған практикалық тапсырмалар мен тесттерді қатар ашуға да жағдай бар. Осы мақсатта «Жасанды интеллект жəне интеллектуалды жүйелер негіздері» атты электрондық оқу құралы жасалды. Электрондық оқулық, Э.Азимов анықтағандай, аудио-, видео-, мəтіндік жəне графикалық ақпараттардың компьютерлік дискіде сақталған əрі оқушы өзі таңдаған танысу жылдамдығы мен түріне ерік беретін оқытудың жаңа құралы [16]. Қазіргі уақытта оқыту процесінде электронды оқу құралдары оқу-əдістемелік құжаттардың бір түрі ретінде қолдану дəстүрге айналған деп айтуға болады. Бүгінгі техникалық даму ғасырында барлық заттарға деген талаптар өзгеріп жатқанда оқулықтарға деген де талап өзгерген, оқулық тек тұрақты болып қана қоймай, сонымен бірге ұтқыр (мобильді) болуы тиіс. Нақты осы оқулыққа деген мобильділік талабын электронды оқулықтар мен оқу құралдары орындайды. Электрондық оқу құралын оқыту процесінде қолдану тек теориялық материалдарды меңгеруде ғана емес, сонымен қатар студенттердің өздік жұмыстарын ұйымдастыруда пайдалы. Электронды оқу құралының тиімділігіне қатысты мынадай фактiлердi атап кетуге болады: адам тек есту арқылы тыңдаған ақпараттық 15 %-ын, ал көру арқылы 25 %-ын, ал естiп жəне көрiп 75 %-ын қабылдайды екен, одан есте сақтау жақсы қалыптасады. Компьютермен жұмыс iстеу осыған бiрден-бiр дəлел. Бiрiншiден, бұрын жадыңда қалғанның барлығы естiң кейiнгi жұмысының негiзi болады — адам неғұрлым көп бiлсе, оның алдағы уақытта есте сақтауы да оңай болады. Адам есінің көлемi iс жүзiнде шексiз деуге болады. Екiншiден, адамның есте сақтауы қаншалықты жақсы болғанымен, бəрiбiр ұмытатындығы, сондықтан қайталауға тура келетiнiн ескеру қажет. Ұмытудың да бұрыннан белгiлi заңдылығы бар, оның өзi материалды қабылдаудың алғашқы уақытында (əсiресе алғашқы сағатында, алғашқы күнiнде) күштiрек болып, кейiннен ұмыту қарқыны бəсеңдейдi. Демек, уақыт ұмытпау үшiн материалды қайталау қажет [17].
Қоғамның ақпараттануы бүкіл дүние жүзінде шексіз ақпараттық кеңістік қалыптастыра отырып, өндірісті, білім беруді жəне адамдардың тұрмыс тіршілігін түбегейлі өзгертуде. Ақпараттық- коммуникациялық технологиялардың жəне Internet желісінің дамуы еліміздің барлық салаларының қызметін тиімділігі бойынша арттыруға мүмкіндік беріп отыр. Internet миллиондаған компьютерлерді бір алып желіге біріктіретін, ақпаратқа шексіз қол жеткізу жəне түрлі амалдармен қатынас жасау мүмкіндігін ұсынатын дүние жүзіндегі ең үлкен жəне ең танымал желі болғандықтан, əрі дүние жүзінде ғаламдық Internet желісі барлық салалар үшін қолданысқа енгізілгендіктен де бүгінде жоғары оқу орындарының студенттері үшін де ондай мүмкіндік қол жетімді болып отыр. Осы орайда тіпті арнайы қабылданған «Қазақстан Республикасында ақпараттық теңсіздікті төмендетудің 2007–2009 жылдарға арналған бағдарламасы» да бар. Бұл бағдарламаның мақсаты 2007–2009 жылдар аралығында Қазақстанда халықтың жəне Internet желісін пайдаланушылардың 20 % компьютерлік сауаттылығына қол жеткізу болып табылады. Осындай мүмкіндіктерді студенттер де пайдалана алатындығын, əрі студенттердің аудиториядан тыс жұмыстарын белсендіре түсу мақсатында құрылған www.ai.nxt.kz/lectures адресі бойынша Интернет бетіндегі материалдарды студенттер интеллектуалды жүйелер бойынша оқытылатын пəндерге қосымша əдебиет ретінде қолдана алады. Оқу процесінде ақпараттық-телекоммуникациялық құралдарды енгізу үлкен нəтиже беретіндігі əлдеқашан айтылып келеді. Интернет ресурстарды белсенді түрде қолдану студенттік компьютердегі сауаттылығын арттырады, жеке жұмыстар орындауға қабілетін дамытады. Қазақстан Республикасының «Ақпараттандыру туралы» Заңында веб-сайт — ақпараттық-телекоммуникациялық желіде бір домендік атаумен біріктірілген жəне ортақ навигациясы бар деректер мен бағдарламалық- техникалық құралдардың жиынтығы деп көрсетілген. Осы орайда қазақ тілінде оқытылатын топтарға арналған оқулықтар мен баспа беттеріндегі материалдардың аз екендігін ескере отыра, Интернет беттеріне пəн мазмұны бойынша зерттеу пəніне байланысты материалдарды орналастырдық. Бұл теориялық материалдар Интернет желісіне қосылған барлық қолданушылар үшін қол жетімді болғандықтан, барлық жоғары оқу орындарынның студенттері мен интеллектуалды жүйелер саласына қызығушылық танытатындар да қолдана алады. Құрылған сайт тек студенттердің міндетті компоненттер құрамына енетін пəндер бойынша ғана емес, біздің арнайы курстар бойынша да материалдар табуына көмектеседі.
Жасанды интеллект, интеллектуалды жүйелер жəне оның басқа да бағыттарының дамуы осы күрделі мəселелер қатарын азайтуға көмегін тигізеді. Қоғам дамуы күрделі жүйелерді басқаруынсыз мүмкін емес болып отырған қазіргі уақытта интеллектуалды жүйелер бағдарламаларын құру — маңызды шара. Қоғамның барлық салаларында компьютерлік техниканың, компьютерлік бағдарламалардың тереңінен енгізілуі, қиял ғажайып шығармалардан бастауын алып бүгінде адам еңбегінің жеңілдеуіне өз үлесін тигізуі қолданыс аймағы мен мүмкіндіктері уақыт өткен сайын артып келе жатқан интеллектуалды жүйелер бойынша кəсіби мамандардың жоғары даярлығы болуының маңыздылығын көрсетіп отыр. Осындай шарттардың барлығы жоғары оқу орындарында мамандар даярлау процесіне сапа жəне деңгей бойынша қойылатын талаптарға ықпалын тигізді. Зерттеу жұмысымыздың барысында жүзеге асырылды:
- жоғары оқу орындарында студенттерді интеллектуалды жүйелер бойынша даярлаудың негіздері анықталды жəне оқыту жағдайы талданды;
- интеллектуалды жүйелер бойынша даярлауды жетілдірудің моделі, компоненттері, критерийлері жəне көрсеткіштері анықталды;
- интеллектуалды жүйелер бойынша даярлауды жетілдірудің моделін жүзеге асыратын педагогикалық жүйе жасалды жəне ол Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, «Балқаш гуманитарлық техникалық институты» Акционерлік қоғамы жоғары оқу орындарына ұсынылды: арнайы курстар бойынша оқу жұмыс бағдарламалары, оқу-əдістемелік кешендер, тест жəне практикалық тапсырмалары, электронды оқу құралдары, оқу құралы, Интернет-сайт (ai.nxt.kz/lectures адресі бойынша), «Ai– интеллектуалды жүйелер» тақырыбындағы Интернет-форум (www.ai.nxt.kz адресінде);
- студенттерді интеллектуалды жүйелер бойынша даярлауды жетілдіру оқу-əдістемелік тұрғыдан қамсыздандырылды: жасалған талдаулар негізінде оқу жоспарларын толықтыру ұсынылды; арнайы курс мазмұндарын құруда мамандықтар бойынша ҚР МЖМБС-тағы міндетті компоненттер құрамындағы пəндер мазмұны қосымша арнайы пəндер енгізу арқылы толықтырылды;
- студенттерді интеллектуалды жүйелер бойынша даярлауды жетілдірудің педагогикалық жүйесінің тиімділігі тəжірибелік-эксперименттік жұмыстар жүргізу арқылы жүзеге асырылды, зерттеу барысында алынған нəтижелер болашақ мамандарды кəсіби даярлау жүйесінде, сонымен қатар білімі мен біліктілігін арттыруға жасалған жүйе мен қолданылған əдістердің оңтайлығын дəлелдеді.
Тақырып бойынша зерттеу нəтижелерінің дəлдігі мен негізділігі талапқа сай теориялық жəне əдіснамалық қағидалармен, зерттеу тақырыбына сəйкес əдістерді қолданумен, тəжірибелік- педагогикалық зерттеу бағдарламаларының педагогикалық мақсатқа сəйкестілігімен, бастапқы жəне соңғы көрсеткіштердің нəтижелерін қорытындылаумен, ұсынылған əдістеменің тиімділігімен, жоғары оқу орны оқу тəрбие процесіне ендірілуімен қамтамасыз етілді. Нормативті құжаттарды, ғылыми əдебиеттерді, ағымдық басылымдар материалдарын жəне қарастырылып отырған мəселе бойынша қоғамдағы орын алып келе жатқан ілгерілеушіліктерді педагогикалық тұрғыда талдау, интеллектуалды жүйелер бойынша пəндер мазмұнына өзгерістер енгізуге негіз болды.
Интеллектуалды жүйелер бойынша жоғары оқу орнында студенттерді даярлауды жетілдіру үшін төмендегідей ұсыныстар жасауға болады:
- ақпараттық технологиялар, оның ішінде интеллектуалды жүйелерге қатысты ағымдық материалдар жиі ауысып отыратындығын жəне жоғары оқу орнында алған білімдерін мамандар өндірісте тиімді қолдану қажеттілігін ескере отыра, əрбір келесі жаңа оқу жылдарында оқу жоспарын қайта талдап, қарастыру;
- интеллектуалды жүйелер бойынша арнайы семинарлар, конференциялар, форумдар ұйымдастырып, осы саладағы алдыңғы қатарлы ұжымдарда қызмет атқарушы кəсіби мамандарды студенттермен пікір алмасуға тарту, практикада кездесетін жағдайлармен таныстыра отыра жоғары оқу орнының маман даярлау процесінде орын алған кемшіліктерді толықтыру;
- «Студенттерді интеллектуалды жүйелер бойынша даярлауды жетілдіру» атты педагогикалық жүйені еліміздің басқа да жоғары оқу орындарында қолдануға ұсыну.
Əдебиеттер тізімі
- Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы. — № 319. — 2007. — 27 шілде // www.zakon.kz
- Қазақстан Республикасының «Ақпараттандыру туралы» Заңы. — № 217. — 2007. — 11 қаңтар // Егемен Қазақстан. —№ 28–29. — 2007. — 2 ақп.
- Омаров С.Қ., Мұқатаев А.А., Сəрсекеева Ж.Е. Педагогика. Оқытудың несиелік жүйесіндегі сабақтар: Оқу құралы. —Қарағанды: Гласир, 2007. — 220 б.
- Философские проблемы искусственной жизни и искусственного интеллекта // http://naru/509750–4
- Шоланов Қ. Қазақтың робот не теңі / Жас Алаш. — № 20. — 2006. — 10 наур. — 1-б.
- ҚР ҰҒА академигi, ҚР Мемлекеттiк сыйлығының лауреаты М.Өтелбаев: Мемлекет шара қолданбаса, математика одан əрi құлдырай бередi // www.astana-akshamy.kz
- Шөкіш А. Нанотехнология: ертегі ме, əлде ХХI ғасыр ғажайыбы ма? // Алтын Орда. — 2009. — № 6. — 5-б.
- Сұраншиев А. Ит-ке темір неге керек деген ойдан арылар уақыт жетті // — Егемен Қазақстан. — № 327, 328 (25725). — 2009.
- Рыжиков Ю.И. Информатика. — СПб.: КОРОНА принт, 2000. — 255 с.
- Донецкий государственный институт искусственного интеллекта ... университет информатики и искусственного интеллекта // www.iai.donetsk.ru
- Отделение интеллектуальных систем в гуманитарной сфере // www.businesspravo.ru
- Предмет «Экспертные системы» // http://www.ektu.kz/media /24492/ pdf
- ГОСО Республики Казахстан 050705 – Математическое и компьютерное моделирование // http: www.portal.edu.kz/index.php
- Назарбаев Н.А. К экономике знаний через инновации и образование // Информационные технологии в высшем образовании. — 2006. — № 2. — С. 3–15.
- Педагогика / Авт. ұжымы. — Алматы: ҚазҰУ,
- Азимов Э. Электронный учебник иностранного языка // Высшее образование в России. — — № 1. — С. 133–136.
- Əбдікəрімұлы Б., Андасова Б.З. Кредиттік оқыту жүйесі бойынша болашақ экономистердің өздік жұмысының педагогикалық шарттары. — Астана: Ақмола ғылыми-техникалық ақпарат орталығы, 2007. — 258 б.