Қазақстан Республикасының Гуманитарлық білім беру тұжырымдамасында «білім берудің гуманитарлық сипаты, онда адам тек зерттеу объектісі ретінде ғана емес, ең алдымен, шығармашылық пен таным субъектісі құдіретті мəдениет үлгілерін дүниеге əкелген, əрі өзінің шығармашылыққа деген құлшынысымен оқушыларды баурап əкететін субъектісі ретінде көрінуімен бедерленеді» делінген [1].
Оқыту екі жақтың да: мұғалім — оқушы бірдей еңбек етуін талап ететін үрдіс, сондықтан ұстаз өзінің іс-əрекетін ұйымдастырып тек оның орындалысымен ғана қанағаттанып қоймай, оқушының да белсенділігін, білім игерудегі əрекетін дамытуға ықпалын тигізуі керек.
Қазіргі қоғам шығармашылық қабілеті бар, талантты іскер де құзыретті мамандарға мұқтаж. Ал жалпы білім беретін мектептердегі пəндерде оқушыларға көп жағдайда дайын білім ұсынылады, оқыту əдістері оларды өздігінен жаңа ақпараттар іздестіруге, оқу тапсырмаларын өздігінен шешуге талпындырмайды, яғни оқыту əдістемесі, дайын нұсқауларды бұлжытпай атқаруға ғана бейім орындаушылар тəрбиелеуге бағдарланып құрылған.
IBM компаниясы мамандарының есептеуі бойынша, бүгінгі күнгі нарықтық еңбек заманында, өзінің еңбек мансабы мерзімінде көпшілік адам өз мамандығын ең азы жеті рет айырбастайды екен. Бұл оның біліктілік пен дағдысын дамыту қабілеттеріне немесе құзыреттілігіне байланысты [2].
Құзыреттілік — белгілі бір пəн шеңберінде пəрменді шешім қабылдау мүмкіндігін қамтамасыз ететін білімді көрсете алудың ерекшелігі.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ə.Назарбаевтың «Қазақстанның егеменді мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының стратегиясы» [3] деген еңбегінде де мемлекетіміздің егеменді, тəуелсіздігіне жеткізетін төрт күш аталған:
- біріншісі — жеріміздің қойнауындағы байлық;
- екіншісі — жеріміздің бетіндегі байлық;
- үшіншісі — өндіріс байлығы;
- төртіншісі — тапқырлардың ақыл-ой байлығы, тапқырлардың үйреншікті қалыпқа сыймайтын, бүкілəлемдік деңгейдегі жасалымдары. «Тапқырлардың үйреншікті қалыпқа сыймайтын» деген ерекше, дəстүрлі емес деген мағынаны береді. Ол шығармашыл ойлау, шығармашыл еңбек, жоғары құзыреттілік арқылы жететін дəреже.
Мектептегі оқыту үрдісінің негізгі мақсаттары — баланың білім игеру кезінде ойлау қабілетін қалыптастыру, сол арқылы таным əрекетін белсендіру. Бұл оқушының өзіндік əрекеттерін, дербес жұмыс жасау қабілеттерін дамытудың маңыздылығын айқындайды.
Бұл мəселе Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңындағы білім беру жүйесінің міндеттері туралы бабында: жеке адамның шығармашылық, рухани жəне жеке мүмкіндіктерін дамыту, адамгершілік пен салауатты өмір салтының берік негіздерін қалыптастыру, жеке басының дамуы үшін жағдай жасау арқылы интеллект байытумен қатар əлемдік жəне отандық мəдениеттің жетістіктеріне баулу, қазақ халқы мен республикасының басқа да халықтарының тарихын, əдет-ғұрпы мен дəстүрлерін зерделеу қажеттігі атап көрсетілген [4].
Педагогика ғылымы жəне мектеп практикасы баланың білім игеру кезінде ойлау қабілетін қалыптастырып, сол арқылы таным əрекетін белсендіру қажеттігін көрсетеді. Осы мəселелер оқушының шығармашылық қабілеттерін, шығармашылық əрекеттер қырларын дамытудың өзекті екенін анықтайды. Ол үшін не істеу керек, қандай шаралар ойластырылуы қажет? Оқуға деген қызығуы, өзінің білім алуға ұмтылысы керек. Ол ұстаз тарапынан сабақ өткізудің əр түрлі жолдарын қарастырып, əдіс-тəсілдерді жетілдіріп, дəстүрлі емес сабақтар түрлерін əдістемелік тұрғыда дұрыс ұйымдастыруды талап етеді. Осындай еңбек оқушының оқу əрекетін тиімді меңгеруіне, соның нəтижесінде оқуға деген ынта, құлшыныс, талап туып бұрынғы игерілген білім, білік, дағдыны пайдалана отырып бала əр түрлі оқу тапсырмаларын шешуде шығармашылықпен еңбек етіп өз əрекетін бақылауды, басқаруды жəне дамытуды үйренуіне себебін тигізеді. Бұл зерттеушілік құзыреттілікті көрсетеді. Осындай сабақтар өткізу ұстаздың да құзыреттілігі жоғары болуын талап ететіні сөзсіз.
Жас кезден игерілген ойдың оралымдылығы, ақылдың икемділігі дүниенің қыр-сырын меңгеруге шексіз мүмкіндік береді. Аталған проблеманың психологиялық жақтарын зерттеген Н.А. Лук, Л.С. Выготский, Я.А. Пономарев сияқты ғалымдардың еңбектері белгілі.
Осы уақытқа дейін сыныптағы сабақ — оқу жұмысын ұйымдастырудың негізгі формасы, себебі басқа да пəндер сияқты география, химия жəне биологиядан берілетін материалдардың көбі осы сабақтар түрінде өтеді.
Танымжорықтар мен сараман сабақтар, зертханалық жұмыстар, тəжірибелер сияқты аталған пəндердің негізгі сабақтарына бағдарламада аз сағат берілген. Осындай сабақтардың өзі əр түрлі себептермен өз мəнінде, тиімді өткізілмейді. Сондықтан осы пəндердің сабақтарының көпшілігін сыныпта өтуге тура келеді. Осындай жағдайлардың бəрі сабақтың тиімділігін, сапасын түбегейлі жақсартуды талап етеді. Сол себепті сабақты қалайда пəрменді, тиімді өткізу мақсатында белсенді оқытудағы əдіс-тəсілдердің түрлерінің де рөлі зор. Тəжірибе көрсеткендей, қазір көпшілік мұғалімдер ұстанып жүрген сабақ құрылымы — «үй тапсырмасын сұрау — жаңа сабақты түсіндіру — бекіту — үй тапсырмасы» түрін өзгертіп, сабақты жаңа əдістемемен біршама жетілдіруге болатыны дəлелденген.
Мектеп практикасында қазіргі уақытта педагогикалық мақсатқа сəйкес жаңалықтар көптеп енгізілуде. Соның бірі дəстүрден тыс сабақтар. Бұл сабақтарды өткізу барлық мектептерде кездеседі, бірақ осы сабақтардың оқу-тəрбие саласындағы орны, маңызы мен жүйесі теориялық тұрғыда негізделіп, толық зерттелмеген. Əрбір оқу пəні оқушылардың шығармашылық белсенділігін арттыруға əсерін тигізуі керек. Шығармашылық белсенділікті біз адамның жете түсінудегі талпынысынан туындайтын белгілі зерттеушілік жəне қоғамдық пайдалы маңызы бар міндеттерді шешуге жетудегі əрекетшіліктің жоғары сапалы деңгейі деп анықтай аламыз.
Жаңа технологиялық сабақтардың (дəстүрден тыс сабақтардың) бір ерекшелігі — баланың ойлау еркіндігінің шексіздігінде, өзін танытуға, даралануға, қиялдауға, шығармашылық еңбекке мүмкіндігінің молдығында. Ғалымдардың пікірінше, шығармашылық ойлау жаңа пікірлер тудыруға жеткізеді. Қазіргі кезде шығармашылық ойлау аса маңызды, себебі авторитарлық шешім мезгілі өтті, вертикальдық ойлау, пікірлер мен міндеттер жоғарыдан берілу кезеңдері қалды, енді əркімнің еркін ойлауын, жеке шығармашылығын қажет ететін уақыт келді.
Оқу-шығармашылық іс-əрекетке сəйкес оқушы мен студенттің жекелік сапасының жүйеленуінің жəне шығармашылық қабілеттерінің төмендегіндей қатары бар:
- Жеке адамның мотивациялы-шығармашыл бағыттылығы жəне белсенділігі. Ол қызығушы- лықта, білуге құштарлықта, эмоционалдық серпілісте; шығармашылық табыстарға, жоғары баға алуға, шығармашылықтағы өзінің белсенділігіне, өз-өзін қалыптастыруға жəне тəрбиелеуге ұмытылыста көрінеді.
- Интеллектуалды-логикалық. Бұл талдау, салыстыра білу, құбылыстарды, үрдістерді бейнелеп, анықтама беріп, түсіндіріп, дəлелдеп, жүйелей, жіктей білу қабілеттерінде көрінеді.
- Интеллектуалды-эвристикалық. Болжам жасау, қиялдау, байланыстыру, кереғар жақтарын көру, білім мен қабілеттерін жаңа жағдайға ауыстыру, жалықтыратын ұсыныстан бас тарта білу, ойлау екпінін жеңу, пікірлерінің бағынышты болмауына жағдай жасау қабілеттерінен тұрады.
- Жеке адамның өзін-өзі басқаруы. Алға қойған мақсатқа ұмтылушылық, жоспарлай білу, өзін- өзі қадағалап, бақылап, кемшіліктерін жойып, ықыласты, ынталы болуда көрінеді.
- Коммуникативтік. Басқалардың тəжірибесін қолдану, ұйымдастыру, өзінің пікірін дəлелдеп, басқалардың көзін жеткізе білу, қақтығыстардың алдын алу қабілеттерінде беріледі [5].
Таным белсенділігі дəрежесі оқушының өзіне; тəрбиесіне, санасына, еркіне, қызығушылығына байланысты. Егер балада бұл қасиеттер əзірге жоқ болса, оны қалыптастыру — мұғалімнің кəсіби міндеті. Оқушының белсенділік дəрежесі оқытушының педагогтық шеберлігіне, қолданған əдіс, тəсілдеріне қайтарған жауабы тəрізді. Сондықтан оқытудың белсенді əдістері дегеніміз — оқушының таным белсенділігі дəрежесін барынша көтеретін, талпына оқуға жетелейтін əдістер. Осы əдістермен жүргізілген сабақтар кезінде сынып оқушылары түгел қарқынды, қызығушылық жəне ерікпен ойлана отырып тыңдайды, бақылайды, оқиды, еңбек етеді. Мысалы, үй тапсырмасын тексерумен басталатын сабақта 5-7 мин көлемінде оқушылар оқулықтан жəне дəптердегі жазғандарын қарап, үй тапсырмасы бойынша бес сұрақ дайындайды. Сабақты бұлай бастаудың тиімділігі сол, төмен үлгерімдегі оқушылар өтілген материалды тағы бір қайталап, қарап психологиялық тұрғыда қолайлы жағдайда болады. Мұғалім əрбір қатардан өзіне ассистент даярлап, олар өз қатарлары оқушыларын тізіп, олардың жауаптарын «қосу» жəне «алу» белгілерімен белгілеп отырады. Тақтаға шыққан алғашқы оқушыға ассистенттер бір-бірден сұрақтар қояды, басқа оқушылар жауапты толықтырады.
Осыдан соң екінші оқушы дəптерін ала шығады да өзі құрған сұрақтарын қояды. Мұғалім рөліндегі ол жауаптардың дұрыстығын бағалайды. Енді сынып оқушылары «жас мұғалімнің» құрған сұрақтарының сапасын бағалап, сұрау кезіндегі жағымды, жағымсыз қылықтарын сынап, жалпы дауыспен оған журналға баға қояды. Келесі кезекте бір оқушы шығып өзіне кезекпен кезек қойылған 5 сұраққа жауап береді, тиісті бағасын алады. Жақсы қойылған сұрақ авторлары бағаланады. Осы əдістер балалардың таным əрекеттеріне, ойлау қабілеттеріне тиімді əсер етеді. Сынып оқушылары түгелге дерлік сабаққа тартылады.
Оқу үрдісі кезінде проблемалық жағдай туғызу пəрменді оқу еңбегін ұйымдастыруда оқушылардың таным белсенділігін арттыруда тиімді. Проблемалық сұрақтар ойластыру кезінде оқушылардың білім негізі, ойлау дəрежесі, салыстыру, талдау, қорытындылау қабілеттері ескерілуі тиіс. Осыған қосымша оларды ізденуге əрқайсысын жекелей жұмылдыруға, шығармашылық жұмыс істеуін қамтамасыз ететін бағыттаушы сұрақтар белгіленуі керек. Проблемалық сұрақтармен алған ақпараттарын саналы практикалық ізденісте қолдануларын талап етеді. Мысалы, «Табиғаттағы маусымдық өзгерістерге бейімделу» тақырыбын өткенде «неге жылыжайларда қыс мезгілінде көкөніс дақылдары су мен жылылық жеткілікті болса да жеміс бермейді» деген сұрақ оқушыларды ойландырып, себебін табуға жетелейді [5].
Проблемалық сұрақтарды жоспарлау кезінде, бұл тəжірибеде жаңа материалды мазмұндау сипатын ойластыру ерекше. Тақырып толық айтылмай, сұрақ қоюға тиімді жерлерін балалардың өздері оған жауап берген кезде табуы. Негізгі ойды қалыптастырып 2–3 дерекпен дəлелдеп, проблемалық сұрақ беру арқылы оқытылған заңдылықты нақты жағдайда көрсетулерін талап етеді. Табиғи сұрыпталу заңдылықтарын оқыған кезде: «Ауылшаруашылығы дақылдары зиянкестеріне қарсы неге үнемі улы химикаттарды жаңартып отыру қажет?». Бірқатар деректерді келтіріп, негізгі ойды айқындай отырып, білімді қорытындылайтын тұжырым жасауды қажет ететін проблемалық сұрақтар тірі табиғаттың көптүрлілігі жайлы, мысалы: «Неге табиғатта тірі ағзалардың көп түрлілігіне қарамастан, бүкіл органикалық дүниенің біртұтастығы жайлы айтылады?», мысалы, «Тыңайтқыштардың өсімдік тіршілігіндегі маңызы».
Осы сабақта «органикалық» жəне «минералдық тыңайтқыштар» ұғымдары қалыптастырылады. Өсімдік үшін шешуші фактор–топырақта судың болуы. Топырақ түйіршіктері өз беттерінде жəне пораларында (аралық қуыстарында) суды ұстайды. Неғұрлым түйіршіктер ұсақ болса, соғұрлым олардың жалпы бет көлемі көп болып, көбірек су ұстайды.
«Жақсы — жаман» деген ойын түрі негізінде сазды жəне құмдақ топырақтар қасиеттерін салыстырамыз. Сазды топырақ көптеген ұсақ түйіршіктерден құралғандықтан, ылғалды жақсы ұстайды. Бұл — жақсы. Ал өсімдік үшін бұл жақсылық — зиянды, өйткені осы топырақ түйіршіктерімен су өте жақсы ұсталғандықтан, тамыр оны пайдалана алмайды. Бұл — жаман. Құмдақ топырақ бұған қарама-қарсы қасиеттермен белгілі.
Сұрақ: Практикада осы екі түрлі топырақтың кемшіліктерін болдырмай артықшылықтарын қалай біріктіруге болады?
- -ұсыныс: екі топырақты араластырса, қарама-қайшылық шешіледі.
- -ұсыныс: топыраққа суды жақсы ұстап, керек кезінде босата алатын губка тəрізді бірдеңе қосу. Ол ағаш кескеннен қалған үгінді (опилка), торф, қарашірік, шіріген жапырақтар, компост, көң болуы мүмкін.
Екінші ұсыныстың артықшылығы ескеріледі, себебі бұл кезде топырақ қасиеттерінің жақсаруынан басқа аталған қоспалар шіру кезінде минералды заттар түзеді, осы кезде өсімдіктердің дамуына қажетті жылу бөлінеді. Осымен біз «органикалық тыңайтқыш» деген ұғым бердік. Тағы да бір қарсы сауал туындайды. Органикалық тыңайтқыштар бірнеше жылдар бойы ыдырап шіриді, ал өсімдіктер минералдық заттарды үнемі қажет етеді.
Ұсыныс: бұл қарама-қайшылықты топыраққа минералды заттарды дайын күйінде қосу арқылы шешуге болады. (Бұл «минералды тыңайтқыштар» деген ұғым береді).
Қарсы: минералды тыңайтқыштар жылу бермейді жəне топырақтан оңай шайылып кетеді. Органикалық тыңайтқыштар шіруі барысында минералды тұздардың бөлінуі баяу жүреді де, өсімдіктер тұздармен қамтамасыз етіледі. Ендеше органикалық тыңайтқыштардың кемшілігінің өзі минералды тыңайтқыштар алдында ілгері болып тұр. Сабақ соңында топыраққа əрі органикалық, əрі минералдық тыңайтқыштарды бірге қосу керектігі жайлы тұжырым жасалады. Осындай сабақтар барысында мұғалім əңгімелесу-логикалық тəсілімен оқушыларға «ұғымды тудырады, ол өз бетімен немесе механикалық түрде алмайды, дəлелдеу нəтижесінде туындайды» (Гегель).
Оқушылардың шығармашылық ойлауын табысты дамыту - тек оқу-тəрбие үрдісі кезінде баланың жүйелі түрде белсенді интеллектуалды ізденіске тартылуы арқылы ғана мүмкін. «Ойлану — өз-өзімен сөйлесу, ендеше, альтернативтік ойлаусыз ізденіс жəне жаңалық ашу мүмкін емес» (Сократ). Оқушы осы кезде туындаған оқу проблемасын салмақтап, негізделген жəне жан-жақты тексерілген шешім қабылдайды, оны практикада жүзеге асырады. Сөйтіп, оқушы «жаңа» ғылыми білімді игеруші «пионер» жағдаятына қойылады да, шығармашыл-зерттеушілік тəсілдерін үйренеді.
«Жануартану» пəні сабақтарында зерттеушілік сипатта болатын тапсырмалар беру осы мақсатта болады [6].
Мысалы: Биолог-ғалым күнде бір уақытта құмырсқалар соқпағынан өтіп жататын құмырсқалар санын санап, олардың əрқайсысының ауыздарына нені қысып əкетіп бара жатқандарын жазып отырған.
Сұрақ: Зерттеуші-ғалым бұл бақылауды қандай нақтылы мақсаттармен жүргізген? (Мұғалімге оқушылармен эвристикалық əңгіме жүргізіп шешуге бағыттаушы сұрақтар: зерттеуші құмырсқалардың қорек құрамын, күннің сол мезгіліндегі қоректену белсенділігін, тасымалданып жатқан құрылыс материалдары түрлерін бақылап білуіне болады. Алынған нəтижелерді құмырсқалардың орман тіршілігіндегі маңызын қорытындылауға пайдалануға болады).
Осы талаптарды орындай алатын сабақтар кезінде оқушы субъект ретінде болып өз əрекетін өзі толығынан басқарып, ұйымдастыру, іздену тұрғысында өтеді. Осы кезде таным қызығушылығының механизмі əр жақты, күрделі, оқушының тұлға ретінде қалыптасуына негіз болады. Өйткені ойлау үрдісі күрделі тізбектен құралып, жорамалдау, қажетті əдісті таңдау, білім-біліктің түрлерінің сыналуы жəне əр түрлі шешімдердің саралануынан ең қажеттісі таңдап алынады. Бұл жағдайда оқушының барлық əрекеті өзі үшін маңызды болып, шығармашылығы зор қуаныш əкеледі, «ашқан жаңалығына» [7] таңдану, өз бетімен қиындықты жеңгеніне, басқаға көмектескеніне, тапқырлығына, білім игеруде алға жылжығандығына рахаттанады.
Белсенді оқыту жəне жаңа технологиялық сабақтар түрлері жас жеткіншекті оқытуда, тəрбиелеуде оның кəсіби əлем бейнесін қалыптастыру (ФПОМ) арқылы, оның бойына ақпараттар сіңіру емес, қабілетіне негіздей отырып, «əлем бейнесінің мəнін бар болмысымен қабылдайтын» жəне «беймəлім, өзгергіш ортаға қорықпай, батыл қадам басатындай» [8] негізде болуы керек. Бұл олардың құзыреттілігін көрсетеді.
Білім берудің қазіргі заманғы талаптарына сай негізгі құзыреттіліктер: жалпы мəдени, ақпараттық, қарым-қатынастық, ұйымдастырушылық, құндылық-мағыналылық жəне зерттеушілік деп бөлінеді. Осылардың ішінде біз үшін маңызды болып табылатыны – зерттеушілік құзыреттілік, өйткені осы ұғымда бала тұлғасын дамытуға қатысты мектептік білім беруінің қазіргі заманғы талаптары толық көрінеді.
Зерттеушілік құзыреттілікті Е.В. Феськова былай анықтайды: «...сыртқы қоршаған ортаға қатысты кез келген проблемалық жағдаятты байқау жəне шешуге деген білім, білік дағды жəне əрекеттер тəсілдерінің жиынтығының адамды зерттеушілік тұрғыда болуына мүмкіндік жасайтын түрлі теориялық жəне эмпирикалық ақпараттарды пайдалана алу мүмкіндігі» [9].
Репродуктивтік деңгейде таным əрекеті дайын білім мен үлгі арқылы жүзеге асырылады. Түсіндірмелі-иллюстративтік оқыту əдістерінде білім алу осы тұрғыда ақпаратты қабылдау жағдайында болады.
Зерттеушілік — нағыз шығармашылық сипатта жүретін əдіс. Оның шығармашылық тұрғыда болуы балаларда білімді игеру əрекет түрлерімен жүзеге асырылып, оны əрқилы жағдайларда қолдана білуінде. Мысалы: «Бунақденелілер түрінің сан алуандығы» тақырыбында шығармашылық қалай қалыптасты?
Оқушыларға берілетін жұмыстың алғашқы кезеңі кітапты, суреттерді, модельдерді пайдалана отырып, шаянтəрізділер, өрмекшітəрізділер, бунақденелілер құрылыстарын салыстырып, тек бунақденелілерге тəн құрылыс белгілерін ажырату. Осыдан соң тақтаға сызылған мына кестенің бірінші бағанын толтыру жүргізіледі. Осы тапсырманы орындау репродуктивтік сипатта болады. Себебі оқулықта бунақденелілер класы өкілдеріне тəн қасиеттер берілген, балалар соны қайта қарап естеріне түсіреді.
Жұмыстың екінші жəне үшінші кезеңдерін бағыттаушы сұрақтармен, жаппай пікір алмасу ретінде ұйымдастырып, оқушыларға өз болжамдарын ұсынып оны талдауға мүмкіндік туғызу керек. Осындай əрекеттен шығармашылық ойлау қалыптасады. Себебі толтырған кестедегі деректерге сүйене отырып (бірінші бағандағы) ойланып, талдау үрдісі кезінде балалар бунақденелілердің қанаттарының, үш жұп аяқтарының болуының ауада жəне басқа əр түрлі жазықтықтарда еркін қозғала алулары қоректену мен көбеюлеріне үлкен мүмкіндік туғызып, басқа буынаяқтылармен салыстырғанда артықшылығы екені жайлы қорытындыға келеді. Келесі белгіні талдай келе, буынаяқтыларда ауыз мүшелерінің əр түрлі болуының түрлі қоректі пайдалануға мүмкіндік беріп, тіршілік ортасында тірі қалуға себебін тигізеді деген ойға келеді [10].
Сөйтіп, демеу ізденушілік жəне зерттеушілік əрекеттерінің арқасында сатылай отырып бунақденелілер жануарлар əлемінде жоғары дəрежеде дамыған класс өкілдері екендігіне көздері жетеді, себебі дене бөліктерінің əр түрлі қызмет атқаруы, орталық жүйке жүйесінің, сезім мүшелерінің дамуы, күрделі мінез-құлықтың жетілуі олардың даму шегіне жетіп, сан түрлі формаларының пайда болып табиғатта кеңінен таралуынан көрінеді деген тұжырым жасалады. Осыдан соң мынадай шығармашылық тапсырмалар беріледі: Үй шыбыны алты ұрпақ бере алады, немесе 5 триллион шыбын, жалпы массасы 500 мың т. Бірақ осы бунақденелілер табиғатта көбею кезіндегі пайда болғанынан аз кездеседі. Неге? Осы тапсырманы шешу барысында балалар дербестік танытып бұрын игерілген білімдерін пайдаланады. Əрбір оқушының əр түрлі ойлары дұрыс жауапқа бағыттаушы ретінде əсер етеді.
Екінші тапсырма: Биылғы жылы Қазақстанда шегіртке өте көп болып, əр түрлі аудандарда шалғындықтарға, егістікке аса үлкен зиян келтірді. Күрес дер кезінде жүргізілмегендіктен, оларды жою аса қиын болды. Сұрақ: былтырғы жылы кейбір мамандар шегіртке көп болатынын ескерткен, енді келесі жылы да көп болады деген болжам бар. Неге? Бұл сұрақтың жауабын іздеген кезде оқушылар шегірткелердің тіршілігін, көбею ерекшеліктерін саралай отырып əр түрлі жауаптар беріп, соңында шешімін табады.
Шығармашылық қабілеттерді тəрбиелеудің негізі — өз бетімен, дербес еңбек етуге үйрету. Дербес еңбекке баулу, оны дамыту ұстаздың қолданған əдістері мен педагогтық шеберлігіне тиесілі. Себебі, оқушылардың шығармашылық қабілеттері темпераментке, қызығуы мен икеміне жəне ойлау қабілетіне байланысты [10].
Брейнсторминг (мозговой штурм) — əр түрлі мəселелерді шешуде шығармашылық ойлауды белсендіретін əдіс. Осы əдіспен оқу кезінде оқушыларға бір тапсырма беріледі де əрбір бала өз ойына не келсе, соны (тіпті бұл мəселеге қатысы жоқ сияқты болса да) ортаға салады. Шығармашылық белсенділікті ынталандыру, бұл кезде төрт ережені сақтау арқылы болады, олар:
- пікір айтушыға басқалар тарапынан сын болмауы керек, өйткені оның кез келген ойды жарамсыз деп табады деп сескенуі болмауы шарт;
- қалыпқа симайтын ең ерсі, неғұрлым «жабайы» көрінген пікір соғұрлым жақсы, ол қолдау табады, себебі ол дəстүрден тыс ойлай алу мүмкіндігін көрсетеді;
- айтылған пікірлер иесі қалай тұжырымдаса, солай жазылып алынғаны дұрыс, осы пікірлерді басқалардың қалай болса да «өңдеуіне» рұқсат;
- пікірлер санының неғұрлым көп болғаны дұрыс, себебі дұрыс, қажеттісін таңдап алуға мүмкіндік болады.
Мысалы: таңғажайып болжамды жағдайларды қарастыру: Егер климат өзгерсе не болар еді, өсімдіктер əлеміне қалай əсер етер еді? Осы сұраққа жауап іздеуде оқушылар бар білімдерін пайдалана отырып, бейімделгіштік жайында, өсімдіктердің вегетациялық кезеңдері, тозаңдану, қорек тізбегіндегі продуценттік орны түгел сараланып, көз алдарына елестетіп болжам жасап, ауа райының өзгеруінен қандай проблемалар туындайтынын өздері табады. Бұл кезде шығармашылық оқу еңбегі қандай негізде жүреді?
- Топтық талдау нəтижесінде орта деңгейде қабілетті оқушының өзі жеке жұмыс жасаған кезіндегіден екі есе көп ой, шешім ойлап таба алады.
- Топтық жағдай əрбір баланы бір-бірімен жарыс, бəсекеге түсіріп шығармашыл ойлауды ынталандырады.
- Пікірлер көбейген сайын, олардың сапасы арта түседі.
Психологтардың зерттеуінше, шығармашылыққа кедергі болатын:
- қорқыныш (бұл тек қана «жетістікке жету» деген ойдың саналарында орнығып алғандарда кездеседі);
- шамадан тыс өзін-өзі сынау (аса міншілдікпен өзін бағалау шығармашылық мешеулікке соқтырады);
- конформизм (басқаларға ұқсағысы келу ықыласының, ерекшеленбеудің жоғары болуынан, күлкілі немесе аса ақылды болып көрінгісі келмегендіктен, бала ерекше пікір айтуға батылы бармайды);
- шаблондық, ойдың оралымсыздығы, ақылдың икемсіздігі (мектептерде жиі кездесетін көрініс, себебі оқыту əдістері проблемаларды шешу, тапсырмаларды орындаудың жаңа тəсілдерін игеруге емес, нақты білім алуға бағытталады);
- жалқаулық, өйткені бұл шығармашылық əрекетке ешқандай мүмкіндік бермейді.
Ғалымдардың пікірінше, шығармашылық шешім əдістерді өзгертеді, дəстүрлерді сирек өзгертеді, негізгі принциптерді одан да сирек өзгертеді, адамның өмірге көзқарасын аса сирек өзгертеді. Осы тұрғысында түйіндейтін болсақ, бала шығармашылығын дамыту оның кəсіби əлем бейнесін қалыптастырып, даралығын жетілдіреді де зерттеушілік құзыреттілігін қалыптастырады.
Əдебиеттер тізімі
- Қазақстан Республикасында Гуманитарлық білім беру тұжырымдамасы. — Алматы, 1994. — 40-б.
- Хуторской А.В. Ключевые компетенции: технология конструирования // Народное образование. — 2003. — №
- Қазақстанның егеменді мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының стратегиясы.— Алматы: Қазақстан,
- Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы // Егеменді Қазақстан. — 1999. — № 115,
- Андреев В.И. Диалектика воспитания и самовоспитания творческой личности. — Казань, 1998. — 238 с.
- Кулев А.В. Биологические задачи исследовательского характера // Биология в школе. — 2009. — № 6. — С.
- Выготский Л.С. Воображение и творчество в детском возрасте. — СПб.,
- Арынгазин К. Становление новой образовательной парадигмы // Вестник КарГУ. — 1997. — №
- Фескова Е.В. Становление исследовательской компетентности учащихся в дополнительном образовании и профильном обучении: Дис. ... канд. пед. наук. — Красноярск,
- Мырзабаев А.Б. Биологияны оқыту əдістемесі: Оқу құралы. — Қарағанды: «Санат-Полиграфия» ЖШС, 2006. — 344-б.