Қазақ мектебі халқымызды басқаларға сіңісіп кетуден сақтау, тіліміз бен ділімізді қорғап, дамытумен қатар жалпыадамзаттық құндылықтардың төл мəдениетімізден көрініс табуына, ұлттық асылдарымыздың əлемдік өркениетті байытып, оған ерекше қазақы рең қосуына қызмет етуі керек. Ендеше Қазақстан үшін білім мазмұнын жаһандану мен ақпараттық өркениеттің талаптарына лайықтап, жаңа педагогикалық технология мен инновациялық қызметтің əлемдік деңгейін қамтамасыз ете отырып, оны қазақ халқының ұлттық рухани құндылықтарымен үйлестіре оқытып, тəрбиелейтін этностық-мəдени білім жүйесін құру бүгінгі күннің келелі мəселесі екендігі түсінікті.
Этномəдени білім деп біз төл мəдениет пен ана тілін əлемдік жəне жалпы мемлекеттік құндылықтармен қоса игеру арқылы жеке тұлғаның, ұлт пен мемлекеттің этностық-мəдени сəйкестілігін (идентичность) сақтап, дамытуға бағытталған білімді айтамыз.
Этномəдени сəйкестілік жеке тұлғаның не əлеуметтік топтың тілдік, мəдени сипаттары бойынша өзін-өзі кедергісіз танып-білуі жəне қалыптастырып дамытуы, ұлттық болмысы ретінде ұғынылады. Этноссыз мəдениет болмайды. Адамзаттың көптеген ұрпағының шығармашылық еңбегімен жасалған материалдық жəне рухани байлықтың жиынтығы болып табылатын əлемдік құндылықтардың өзі əрдайым этностық мəдениет «киімінде» көрінуге мəжбүр, өйткені олардың да негізі — бір немесе бірнеше ұлттың асылдары, інжу-маржандары. Мəдениет те этноссыз өмір сүре алмайды. Мұны бір тілдің, не бір ұлттың өктемдігін жүргізгісі келгендер жақсы түсінген. Жойылып кеткісі келмеген қай этнос болмасын ең алдымен мəдениетін сақтап, дамытып, туындатып отыруы керек. Төл мəдениетін қорғамайтын ұлт — ертеңін ойламайтын ұлт.
Мəдениеттің де басты қызметі — этносты қорғау, сақтап қалу. Себебі мəдениет — этностың қуат өрісі, панасы, бар болмысы, тыныс-тіршілігі. Айналып келгенде, этносты қанша көп болса да адамдар емес, мəдениет қана сақтай алады. Мəдениет арқылы халық өзінің тарихи тағдырынан тамырын үзбейді. Ұлттық мəдениет — этностық құндылықтар, рəміздер мен наным-сенімдердің, мінез-құлық үлгілерінің құр əшейін жиынтығы емес, сол ұлттың рухани өмірінің басқаларға ұқсамайтын кескін- келбеті.
Білім беру — ұлттық сананы қалыптастыру мен дамытудың, мəдени-этностық, тілдік мүдделерді қанағаттандырудың бірден-бір құралы. Мектеп — қай халықтың болмасын ұлт ретінде жойылып кетуден қорғаны, төл мəдениеті, тілі мен салт-дəстүрін сақтап, одан əрі дамытудың алтын көпірі. Шынайы қазақ мектебі — халқымыздың ұлттық асылдары мен қазыналарын сақтау, дамыту мен болашаққа аманаттаудың кепілі.
Мұншалықты қасиетті де маңызды рөлді лайықты атқару үшін Қазақстан Республикасы білім беру жүйесі кем дегенде төрт қызметті толыққанды атқаруы қажет. Ол, ең алдымен, қазақтың ұлттық қоғамдастығының біріге түсуін, тұтастығы мен жаңғыруын қамтамасыз ететін таратушылық қызметі. Келесісі — жойылып кетудің аз-ақ алдында қалған ұлттық сана мен намысты қалыптастырып, одан əрі дамыту арқылы жаңа сатыға көтеретін дамытушылық қызметі. Алғашқы аталған екі қызметті сапалы атқару үшін білім беру жүйесі əрбір оқушының, этностық топ пен этностың ұлттық-мəдени жəне тілдік сұраныстарын айқындап алуы қажет. Бұл — білім берудің үшінші, саралаушылық, қызметі. Қандай дамыған мəдениет болмасын ол тек өз шеңберінде қалмауы тиіс, қала алмайды да. Əр адамды — бір-бір Ғарыш десек, əр мəдениет — бір-бір Галактика. Əрбір жеке тұлға əлемдік жəне ұлттық мəдениеттен сусындауы керек. Əрбір мəдениеттің де ұлттық құнардың уызына қанып, дүниежүзілік құндылықтардан нəр алуы аса маңызды. Осыдан барып білім беру жүйесінің мəдениеттердің өзара бірлігін, кірігуі мен бірін-бірі байытуын, жеке тұлғаның əлемдік жəне ұлттық мəдениет жүйесіне бойлауын қамтамасыз етуінің қажеттілігі туады. Бұл — оның төртінші, ынтымақтастырушылық, қызметі.
Білім беру жүйесінен тікелей оқу орындарына көшетін болсақ, қазақ мектебі де аса маңызды төрт қызметті атқаруы керек:
- Дидактикалық қызмет. Халқымыздың мың жылдан асатын философиясын, тарихын, мəдениеті мен əдебиетін жас ұрпақ ең алдымен оқу процесінде игеруі керек, бұл мəселелерді үйірмелік не сыныптан тыс жұмысқа жүктеп қоюға болмайды. Бізге, ең алдымен, сапалы білім керек жəне аталмыш мəселелер бойынша білім стандарттары мен оқу жоспарларын байыта түсу, оқулықтар мен оқу құралдарының мазмұнын қайта қарау қажет. Əзірше мектеп оқулықтарында ата-бабамыздың ойлау тəсілдері, дүниетанымы, рухы, мінезі, құлқы, əдет-ғұрпы, салт-санасы мен өмір сүру ерекшеліктері қандай болғандығы толық əрі ұғынықты берілген деп айту қиын.
Білім беру бағдарламаларын сын көзбен қайта қарап шығатын уақыт жетті. Біздің ойымызша, қазақ мектептері үшін бұл бағдарлама туған халқымыздың, жалпы түрік этносының мəдени мұрасы мен бастауларын тереңдете оқытып, бізбен қатар өмір сүріп отырған ұлт өкілдерінің, Шығыс өркениеті мен əлемдік мəдениеттің інжу-маржандарын оқып-үйренуін көздеуі қажет. Орыс тіліндегі мектептерге орыс жəне қазақ халықтарының дəстүрлі құндылықтары мен асыл қазыналарын, еліміздің басқа тұрғындарының, славян этносының, батыс өркениетінің жəне жалпы адамзаттық мəдениеттің баға жетпес байлықтарын игеру мəселесі маңызды. Басқа тілде оқытатын мектептер үшін бағдарламада өз ұлты мен қазақ халқының мəдени құндылықтарын, əлемдік өркениет жетістіктерін беру мəселелері қарастырылғаны дұрыс.
- Тəрбиелік қызмет. Арнайы жүргізілмегеннің өзінде де жақсы тəрбие ұлттық тəлім береді. Дегенмен, ұлттық сана-сезім, қазақы мінез-құлық, діл мен рухты оқушылар бойына сіңіру, жүрегіне ұялату арнайы ұйымдастырылған, кешенді əрі жүйелі түрде жүретін тəрбие жұмысын қажет етеді. Бұл жердегі алтын арқау — мəдениеттің дəстүрлі құндылықтары. Көп жұрттан оқ бойы алда тұрған жапондықтардың өзі мектептеріне рухани биіктік пен мəдени тереңдік керек деп есептейді. Соңғы жылдары Қазақстан Республикасы білім беру жүйесінде де бұл мəселеге үлкен мəн беріле бастады. Бірақ «батпандап кірген аурудың мысқалдап шығатыны» белгілі, нағыз ұлттық тəлім-тəрбиенің ауылы əлі де тым алыс. Өз тілін, яғни ана тілін, білмейтін жастар мыңдап саналады жəне ең өкініштісі, олардың мұны қажетсінуі жоқ. Ұлтқа қауіп төндіріп тұрған жезөкшелік, ішімдікке салыну, шылым шегу, есірткі қолданудың да астарында ұлттық тəлімнің өскелең ұрпақтың жүрегінен орын ала алмағандығы болып тұр.
- Əлеуметтік-мəдени қызмет. Қазақ елінде қазақ мəдениетінің дамуына баса көңіл бөлінуі тиіс. Біздің қазақ мəдениеті — халқымыздың мыңдаған жылдар бойғы асыл қазынасы, тыныс-тіршілігінің жəне өмір нəрінің қайнары. Қазақ мəдениеті құрыса, жер бетінен қазақ деген ұлт та жоғалады. Қатты алаңдататыны — осы бір нəзік те шешуші салада көптеген мəселелердің қордаланып қалуы. Рухани жағынан азып-тозу, адамгершілік-имандылық тұрғысында азғындаушылық, əлеуметтік өмірдегі масылдық, өнердің саудагершілікпен бірігуі сияқты жағдайларды басынан кешкен (көп мəселеде əлі де кешіп отырған) халқымызды бұл проблемалардан қорғап, аман алып қалатын да қазақ мектебі. Əрине, оқыту мен тəрбиелеу сапасы ұлттық мəдениеттің даму дəрежесіне тəуелді, бірақ мектеп дидактикалық жəне тəрбиелік қызметтерін күшейте отырып, елдің əлеуметтік-мəдени өміріне де оң ықпал ете алады. Ол үшін ұзақ жылдар бойы идеологиялық құралға айналдырылған оқу-тəрбие орыны мəдениет құбылысына айналуы қажет. Бұл жерде сөз, ең алдымен, ұлтымыздың адамгершілік жəне өмір сүру негізін жаңғыртып, жаңартып отыратын, əрбір қандасымызды ұлттық жəне əлемдік құндылықтарды игерген өз жерінің патриоты əрі қожасы етіп тəрбиелеп шығаруға тиіс қазақ мектебі туралы болып отыр.
- Ағартушылық қызмет. Ұлтымыз бен жеке тұлғаның этностық-мəдени сұраныстарына педагогтік қолдау көрсету керек. Мектеп — əрбір ауыл, елді мекен мен қала ықшам аудандарының мəдениет ошағы. Ата-аналар да, басқа тұрғындар да өздерінің тілдік-мəдени мүдделеріне негізінен мектептің ағартушылық қызметі арқылы қол жеткізеді. Бұл жұмыстың Қазақстан халқы бірлігін, еліміздің гүлденуін қамтамасыз етуде де маңызы зор.
Бізге имандылық, адамгершілігі мол, ұлтымыздың төл мəдениеті мен рухани əлемін біліп, қастерлейтін ұстаздар керек. Бүгінгі мектеп мұғалімдерінің көпшілігі ұлттық ерекшеліктерді жоюға бағыт ұстаған кеңестік тоталитарлық жүйе кезінде білім алғандығын ескерсек, мұның оңай шаруа еместігі түсінікті.
Ұлттық этностық-мəдени сəйкестілік ұзаққа созылатын процесс, əрі оған жеке тұлғаның ұлттық болмысын қалыптастыру, жан-жақты мəдениетті жəне көп тілді азаматты тəрбиелеу арқылы ғана қол жеткіземіз. Бұл міндетті Елбасы Н.Ə.Назарбаевтың «Тілдердің үштұғырлылығы» мəдени жобасын іске асыру жөніндегі ұсынысына сəйкес орындау қажет.
Ұлттық мəдениетті сақтаудың кепілі ретінде қазақ мектебінің алдында тұрған аса зор жауапты міндет төл мəдениетіне уызынан қанған, өзге мəдениеттерді танып, əлемдік құндылықтарды игеру арқылы рухани баю мен дамуға бағыт ұстаған тұлғаны тəрбиелеу болып табылады. Мұндай жан- жақты мəдениетті, көп тілді тұлғаның өзінің төл мəдениетіне сай болатындай, халықтар мəдениетінің үндестігі мен өзара кірігуі процесіне өз үлесін қосуына мүмкіндік беретіндей білімі мен білігі болуы маңызды. Бұл ретте тұлға — біз үшін қоршаған ортаға ықпал ете алатын, өзін-өзі танып-біліп, дамытып, жетілдіруге қабілетті шығармашылық пен еркіндік субъектісі.
Жан-жақты мəдениетті тұлғада ең алдымен дамыған тілдік сана болуы керек. Тіл — дүниеде адамзатқа ғана тəн баға жетпес қасиет. Онсыз адам хайуанмен тең. Ана тілі — əр адамның өз ұлтының жан-дүниесі мен мəдениетінен, ғасырлар бойы жиған рухани азығынан нəр алатын кіндік тамыры. Онсыз адам — мəңгүрт. Өкінішке орай, көп қандастарымыз үшін ана тілі анасының тілі емес, дүниемен қатынас тілі де емес. Қазақ тілі сонымен қатар олар үшін тегімен, этносымен байланыс тілі де болмай отыр, олар үшін қызметтік бірінші тілдің орнын да бөтен тіл басып отыр. Бұл — жеке адам мен ұлт үшін зардабы ауыр процесс, ол өте күрделі əлеуметтік-мəдени проблемаларға əкеліп соғады əрі аса маңызды ізгілікті-өнегелілік жоғалтулармен бірге жүреді.
Ұлттық тіл — əр халықтың өзіндік ой-санасы мен парасатын, бүкіл болмыс-тіршілігі мен сезім- түсінігін ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін күретамыр. Онсыз халық — аты бар да, заты жоқ тобыр. Тілдік сана — негізінен сөз өнерінің жазба нысаны, жалпы өнердің қуатты түрі əдебиет арқылы қалыптасады. Сондықтан əуелі қазақ əдебиетін, сонымен қатар əлемдік əдебиетті білудің маңызы ерекше. Əлемдік əдебиет қазақ тіліне толық аударылып болмағаны белгілі. Ол қазынамен таныс болу үшін алдымен орыс тіліне жүгінетініміз сондықтан. Ендеше, классикалық əдебиетті, дəуір қаламгерлерінің шоқтығы биік шығармаларын ана тілімізде меңгеруімізге қажетті жағдайлар жасауымыз керек. Егер əлем əдебиетімен таныс болу парасатты, мəдениетті, тəлімді адамды тəрбиелеуге ықпал етсе, қазақ əдебиетін білу мұның сыртында ұлтжандылық пен ұлттық мақтаныш сезімін асқақтатады.
Анасының əлдиімен айтылған бесік жыры — жас сəбидің құлағына шалынатын алғашқы əдеби нұсқа. Əжесі айтатын ертегі арқылы балдырған ауыз əдебиетінің үлгілерін санасына сіңіреді. Сол бесік жыры, сол ғажайып ертегі ұл-қызымызға қай тілде жетті, өз ұлтының қазынасы ма мəселе осы арада. Ана тілінде бесік жырын естімей өскен адам этносының əдебиетіне де жете мəн бермейді. Бесік жыры ұлт əдебиетіне баспалдақ болса, ұлт əдебиеті — əлемдік əдебиетке бастар жол.
Қазақстандықтардың кез келгенінің ана тілі екінші бір отандасымыз үшін бөгде тіл. Сондықтан біздің елдегі қос тілділік екі жақты қозғалысты жол іспеттес. Əркім өзінің ана тілі мен мемлекеттік тілді білуге тиіс. Бұл, біздіңше, біздің қоғамды топтастыратын, халықтың өзара түсіністігін тереңдететін процесс.
Жан-жақты мəдениетті тұлға — бедерлі тарихи сана иесі. Нақ осы тарихи сана этностық та, жалпымемлекеттік те сананың негізі болып табылады. Айналып келгенде, тарихи жады бар халықтың ғана ертеңі бар. Ұлттық менталитетті, этностың мыңдаған жылдық тарихында қалыптасқан аңыздарды, нышандарды, бейнелерді, ұғымдарды тек халық тарихын білу арқылы ғана тануға болады. Елді қоныстанған халықтардың тарихын, мемлекет тарихын білу тарихи сабақтастықты, тарихи тамырларды, атамекен шежіресіне қатыстылықты, талай жылдар мен ғасырлардан бері қоян- қолтық өмір сүріп келе жатқан халықтар тағдырының ортақтығын тану сезімін туғызады.
Мұндай ауқымды сана əлемдік жəне отандық тарих үздіксіз соғыстардың, шапқыншылықтар мен жаугершіліктердің тарихы сипатында емес, сауда мен қолөнерінің, қалалар мен жолдар құрылыстарының тарихы, этносаралық байланыстардың, мəдениеттер алмасуының, əулетаралық некелер, тағы басқа тарихы сипатында оқытылса пайда болады. Мəселен, бұл тұрғыда «Ұлы Жібек жолының тарихы» барынша үлгі болар еді. Осындай өркениеттердің ізі болып табылатын төл тарихымызды оқығанда ең алдымен мəдениет тарихына ерекше маңыз берілуі тиіс. Бұл пəн əзірге орта мектеп бағдарламасынан орын ала алмай келеді. Жоғары оқу орындарына соңғы жылдары енгізіле бастаған ол көп мəдениетті тұлға қалыптастыру міндеттерін шешуге септігін тигізбек. Пəн мəдениеттер тарихын, əлемдік жəне ұлттық философия, дəстүрлер мен əдет-ғұрыптар тарихын оқытудан бағытын жазбаса, рухани дамыған, сан қырлы мəдениетті меңгерген, əрі бағалай білетін адамдарды тəрбиелеуге едəуір ықпал етпек.
Тарихи сананы қалыптастыру тарихи танымның дұрыс қалыптасуына тəуелді. Ал тарихты тану — тарихи оқиғалар мен деректерді білу ғана емес, сол тарихи оқиғалар мен деректерді талдау арқылы ақиқатқа жету. Үлкен мəселе — тарихи шындықты жазу. Тұлғаның тарихи санасын, ұлттың тарихи жадын қалыптастыру үшін бізге «соғыстар тарихынан» «мəдени қарым-қатынас тарихына», «деректер тарихынан» «ақиқат тарихына» бет бұруымыз керек. Осы тұрғыдан келгенде Отандық тарихтың əлі танылмай, зерттелмей жатқан тұстары көп десек, артық айтқандық болмаса керек. Бұған тарихты идеологияның құралына айналдырған кешегі кеңестік жүйенің негізгі себеп болғаны белгілі. Отандық тарих тарихи сананы этностық тұрғыда да, жалпы мемлекеттік тұрғыда да қалыптастыруға мүмкіндік беретіндігімен маңызды. Түптеп келгенде Қазақстан тарихын оқып, меңгермей қазақ халқының этностық-мəдени сəйкестілігіне, Қазақ елінің мемлекеттілігіне жету мүмкін емес.
Тарихты зерттеуде мəдениет тарихы айрықша орын алуға тиіс. Бұл пəн жан-жақты мəдениетті тұлғаны қалыптастыру міндеттеріне өте-мөте жоғары дəрежеде сай келеді. Егер ол өнер тарихы ретінде, дүниежүзілік жəне ұлттық философия тарихы, дəстүрлер мен ғұрыптар тарихы, ұлттық киім мен сəн-салтанат, тағы басқа тарихы ретінде оқытылса, онда ұлттық жəне дүниежүзілік мəдениетті қастерлейтін жəне білетін сан қырлы рухани жетілген тұлғаны тəрбиелеуге өріс ашады.
Жалпыадамзаттың асыл қазынаның ішінде ерекше мəн беріп, құрметпен аталуға тиісті — діни құндылықтар. Дін — халық рухының ажырамас бөлігі, этнос құраушы күретамыры, ұлттық мəдениеттің мəйекті бұтағы. Ол, сайып келгенде, ұлтжандылықты, ұлтішілік жəне елішілік бірлік пен ынтымақты уағыздайтын тəлім-тəрбие көзі. Дінге тек соқыр сенім немесе құлшылық ету түрінде қарау — үлкен қателік, себебі дін, ең алдымен, рухани құбылыс, адамгершілік-имандылық жəне эстетикалық тəрбиенің алып діңгегі. Діни құндылықтардан ажырап не айырылып қалған халықтың білімі шала, тəрбие ісі кемшін болады. Діни мəдениет інжу-маржандарын мансұқ еткен не олардан хабары болмаған адамның тұлға ретінде, ұлтжанды, өнегелі адам ретінде толыққанды өсіп, дамуы қиын. Дін, діни сенім мəселесінде талай жыл теперіш көріп, рухани жұтаңдыққа əбден бой алдырған қазақ халқы үшін мұны ескермей болмайды. Тəуелсіздікпен бірге дініміз де оралды, мұсылмандық парызын өтеуге ұмтылушылар саны күрт өсті, ислам дінінің имандылық-əдептілік, тəлім-тəрбиелік оң əсері күшейді. Əрине, Қазақстанда мектеп діннен бөлек, бірақ ол мейірбандық, кішіпейілдік, имандылық сияқты ізгі қасиеттердің өтпелі кезеңдегі қоғамымызда көбейіп кеткен адамзатқа жат қылықтардың жолын кесіп, ар-ұят, обал-сауап, адал-арам т.б. мұсылмандық нормалардың төрден орын алуына қызмет етуі, сөйтіп, өзіне тəн, əрі заңды жолдармен жеке тұлғаның діни санасының қалыптасуына өз үлесін қосуы — үлкен əлеуметтік-мəдени міндет.
Дінді саясаттандыру — барып тұрған күнə. Біздің қоғамда ислам фундаментализмі, дегенмен діни экстремизмге берік тосқауыл қою аса маңызды, олардың нағыз ислам дініне үш қайнаса сорпасы қосылмайтындығын түсіндіре де, көрсете білу керек. Бұл істе де қазақ мектебінің рөлі зор. Ислам — кейбіреулер айтатындай құбыжық емес, ол — адамзат рухани əлемінің кəусар бұлағы.
Ерекше мəні бар тағы бір мəселе — жастардың əлемдік дін тарихын білуі. Ол елімізді мекен ететін көптеген халықтардың адамгершілік мүдде-мақсатының, рухани ұмтылыстарының, əдептік- əсемдік талғам-талаптарының ортақтығын көрсетеді. Өзара түсіністік пен төзімділік мəдениетін құқықтық жəне имандылық тұрғыдан қамтамасыз ету, қоғамда əр түрлі діни сенімді ұстанушыларға байсалды көзқарас қалыптастыру — білім беру саласы мен қазақ мектебінің маңызды ісі.
Əлемдік қоғамдастықтардың тұтастығы ұлғайып, жаһандану процесі бел алып, ұлттар мен этностардың əлеуметтік-мəдени өмірін үйлестіру процесі қарқынды жүріп отырған қазіргі таңда жан- жақты мəдениетті тұлға айқын географиялық санамен, ғаламдық, экологиялық санамен, сонымен бірге туған өлке, кіші отан, туған жер, туған шаңырақ санасымен қарулануы тиіс. Отбасы —этностың бірден-бір əлеуметтік тиянағы, туған ел — алтын бесігі, Отан — анасы.
Бұл сананы география ғана емес, сонымен қатар елтану, этнография, экологиялық пəндер де қалыптастырады, өйткені бұлар мағыналық бағыттылығы жағынан этнос пен мəдениет проблемаларымен, этностық-мəдени білімге тəн сақтау қорғау дəстүрімен өзектес болғандықтан да ерекше маңызға ие. Əңгіме ғылым мен білімнің мəдениет экологиясы, этнос экологиясы, адам экологиясы, жан дүние экологиясы, адамгершілік экологиясы, тағы сол сияқты жаңа бағыттары туралы болып отыр. Олар жан-жақты мəдениетті тұлғаның Жерді ортақ мекен, Қазақстанды ортақ отан есебінде жақсы көру сезімі, ортақ үй мен елдің табиғатына деген жауапкершілік сезімі секілді қасиеттерін айқындайды. Экологиялық сана өмірге, қоршаған орта мен табиғатқа, жалпы биосфераға құрметпен қарау, оларды қорғау арқылы қалыптасатын болса, тұлғаның этностық экологиялық санасы отбасының, қауымдастықтың, социумның, əсіресе мектептің əрбір ұлттың тілдік-мəдени ерекшеліктерін қастерлеп, сақтап, дамытуға бағытталған əрекеттері нəтижесінде тəрбиеленеді.
Экология — кеңінен алғанда тіршілік иелері мен əр түрлі қауымдастықтардың қоршаған ортамен қарым-қатынасы туралы ғылым, олар үшін залалы мол техникалық-техногендік процестерге қарсы ұстаным болса, этнос экологиясы — жеке тұлға мен біртұтас халықтың тілдік-мəдени ерекшеліктерін сақтап, дамыту туралы ғылым, халықтың бүгіні мен ертеңі үшін зардабы мол бір ұлттың басқа ұлттарға сіңісіп кетуі, мəңгүрттенуі немесе басқа əлеуметтік-мəдени ортадан оғаштануына жол бермеуге бағытталған іс-əрекет жиынтығы. Жан-жақты мəдениетті тұлғаны қалыптастыруға бұл арада аталмаған пəндер де үлес қосуға тиіс. Мысалы, жаратылыстану ғылымдарын оқытқанда Қазақстанға қатысты дəйектер мен құбылыстарға көңіл аудару қажет. Əсіресе бұл ғылымдарды дамытуға Қазақстан ғалымдарының қосқан үлесіне ерекше ден қойған лəзім. Бұл қазақстандық патриотизм сезімін де, халыққа, этносқа деген мақтаныш сезімін де қалыптастыруға мүмкіндік береді. Жеке тұлға өзін ең алдымен өз халқының бір бөлшегі, содан соң Қазақстан азаматы, бұдан кейін əлемнің азаматы ретінде сезінетін болуы тиіс.
Жан-жақты мəдениетті тұлға барынша айқын көркемдік-эстетикалық сананың иесі де болғаны абзал. Оған ұшқыр қиял мен нəзік сезімнің, əсемдікке құштарлық пен əдемілікті бағалай білетін қасиет, шығармашылық қабілет жат болмауы керек. Тұлғаның сондай-ақ дүниені көркемдікпен танып, игеріп, дамытуға бағытталған рухани-тəжірибелік қызметінің ерекше санасы болып табылатын өнерге бейімделуінің маңызы зор. Оның ішінде халықтың танымын, мінез-құлқын, салт- дəстүрін, жан дүниесі мен тұрмысын бейнелейтін ұлттық өнерге құрсақтағы кезінен бастап қанығып, терең бойлауы қажет. Қазақтың ұлттық мəдениеті мен өнерін терең ұғыну, қадірлеп-қастерлеу тұлғаның əлемдік құндылықтарды игеруіне, рухани баюына жол ашуы өте маңызды. Мектеп оқушының көркем талғамын, өнер туындыларын түсіне алатын қабілетін тəрбиелеуі керек. Олар бірінші кезекте əдебиет, саз, кескіндеме сабақтары, көркемөнерпаздар үйірмелері арқылы дариды.
Көркемдік-эстетикалық сананың ерекшелігі оның өз болмысын əдетте көркем шығармашылық дағдыда: саз аспаптарында ойнағанда, əн салғанда, сурет салғанда, т.б. сəттерде айқын көрсетуінде. Сондықтан ол этностық-мəдени білім мақсаттарына барынша сай келеді. Оның қалыптасуы тұлғаға өз халқының мəдениетіне тікелей қатыстығын сезінуге мүмкіндік береді, ұлттық сəйкестілікке ерекше рең қосады.
Қазақ мектебі жан-жақты мəдениетті тұлғаны кемелдендіруші сананың бірі — оқушының құқықтық санасын қалыптастыруға тиіс. Оның негізгі бастауы Қазақстан Республикасының Конституциясының əлеуетін барынша пайдалана білу аса маңызды. Тұлғаның құқықтық санасы Қазақстан заңдарын, сонымен қатар басқа нормативтік-құқықтық актілерін сақтау мен қолданудың бүкіл тəжірибесінен, сол секілді азаматтардың осы негізде бекітілген құқықтары мен бостандықтары сақталуының нақты жағдайынан туындайтынын да естен шығармау керек.
Оқыту мен тəрбиелеу процесінде Конституциямыздағы құқық, əділеттілік жəне гуманизм идеялары кеңінен қолданылуы шарт. Көпұлтты, көпконфессиялы елімізде жеткіншек ұрпақ ұлтжанды, отансүйгіш болып өсуі, мемлекеттің зайырлылығын жете ұғынып, оны қорғай білуіне қол жеткізген абзал. Олардың əр түрлі діни секталар мен діни экстремизмге заңды түрде қарсы тұра алатындай құқықтық даярлығы болуы қажет.
Мектеп оқушыны қандай шиеленісті, күрделі мəселе болмасын конституциялық тəртіп шегінде, демократиялық жолмен шешуге тəрбиелеуге тиіс. Мұның əсіресе Қазақстан халқының достығын нығайту мен мемлекеттің тəуелсіздігін бекітуде, патриотизмге тəрбиелеуде маңызы зор.
Тұлғаның өзінің этностық-мəдени мүддесін іске асыруы тал бесіктен басталып, мектеп, басқа да оқу орындарында жалғасып, жер бесікке дейін созылатын құбылыс. Этностық-мəдени білімнің алғашқы сатысы — отбасы тəрбиесі. Екінші сатысы — оқыту. Үшінші сатысы — өмірге бойлау.
Этностық-мəдени білім беру жүйесіне көшу де бір сəттік шара емес, өзіндік кезеңі бар ұзаққа созылатын процесс. Оны да шартты түрде үш кезеңге бөлуге болады. Бірінші, дайындық, кезеңінде этностық-мəдени білім беру кеңістігін қалыптастыру үшін барлық алдын ала ұйымдастырылатын жағдайларды жасау қажет болады.
Екінші, негізгі кезеңнің мазмұны мектептерде, оқу орындарынан тысқары тəлім-тəрбие орындарында үш (көп) тілде білім беруді енгізу болуға тиіс.
Қазақстан азаматының этностық-мəдени білім жүйесіндегі жеке құқықтық санасының басты мақсаттағы сипатының бірі əрбір тұлғаның белгілі бір ұлтқа қатыстылығы оған ешқандай айрықша құқық пен бостандық қосып-алмайтыны жөніндегі Қазақстан мемлекеттігінің объективті факторын жете ұғынуы болып табылады. Шын мəніндегі Қазақстан патриоты қай ұлттың болсын азаматынан өзіне тең тұлғаны көреді.
Үшінші, қорытынды, кезеңде тəжірибелік жəне үлгілік оқулықтарды, оқу құралдары мен анықтамаларды, ұлттық тілдегі терминдер сөздігін əзірлеу жөніндегі жұмысты, тағы басқа маңызды шараларды аяқтау көзделеді («Оқушыларға этномəдени білім берудің» жəне «Оқушыларға этномəдени білім берудің пəндік-мазмұндық үлгісі» қоса беріліп отыр).
Ұсынылған жəне басқа толып жатқан аса маңызды шараларды атқара отырып, қазақ мектебі ұлттық мəдениетті сақтау кепілі ретінде Қазақстан Республикасындағы этномəдени сəйкестілікке қол жеткізуге қызмет етуі тиіс.
Білім беру саласында мемлекет үшін жеке адамның, əрбір азаматтың мүддесін жоғары қою идеясы іргелі қағида болуы тиіс. Бұл аса қажет. Өйткені əрбір есті адам өзін белгілі бір этноспен тектестіреді. Мемлекет білім беру қызметін ұсынады, бірақ зорлап таңбайды. Бұл тұжырым мемлекет қандай да болмасын бір ғана идеологияны емес, қайта өзі басшылыққа алатын құндылық, идеялар мен басымдықтар жүйесін ұсынатыны туралы ұйғарым сияқты күнделікті қағидаға айналуы тиіс. Бұл жерде мұғалім мемлекеттің алдында емес, халықтың алдында жауапты екенін айрықша атап өту қажет.
Мəдени-тілдік мүдделерді қалыптастырып, жүзеге асыруға ықпал ететін үздіксіздік пен ізгілендіру ұстанымдары білім беру жүйесінің, қазіргі қазақ мектебінің негізгі ұстанымдары болып табылады.
Бұл мектепте тəрбие берудің өзегі — əрбір ұлттың сəйкестілігіне, халықтар мəдениетінің үндестігі мен өзара кірігуіне негізделген қазақстандық ұлтжандылық (патриотизм).
Бұл мектеп — «əрбір адамның біздің мемлекетімізге, бай да даңқты тарихына, оның болашағына ортақ екендігіне деген мақтаныш сезіміне көмектесе алатын іс-қимылдар жүйесіндегі» шешуші буын (Н.Ə.Назарбаев).
Бұл мектептің аса маңызды қызметтерінің бірі — ол ұлтаралық қатынастар мəдениетін қалыптастыру, сондай-ақ ұлттық мəдениетті, халық зердесін, əлемді ұлттық тұрғыдан қабылдауды қайта түлету мен дамыту.
Қандай озық болмасын, ешқандай мəдениет адамға оның төл мəдениетін алмастыра алмайды. Қазақ мəдениеті — бірегей, қайталанбас, ғажайып құбылыс. Оның уызына жарымаған, тұнығына қанбаған қандасымыз — рухани жарымжан. Сонымен қатар өз ұлтының парасатты, білікті де білімді өкілі болу үшін адамға əлемдік мəдениетке деген кең көзқарас қажет екенін де естен шығармаған жөн. Көне заманның, ежелгі Шығыстың, Қайта өрлеу дəуірінің өркениетінен, əлемдік мəдениет маржандарынан сүзілген жалпыадамзаттық құндылықтардан мағлұматы бар тұлға ғана өзінің жан дүниесінде жұмыр жердегі мəдени бауырластықтың бəйтерегін жайқалта алады. Ұлттық мектептің ұлы мұраты осыған қол жеткізу болмақ.