Жоғары оқу орнын тəмамдаған жас маманның теориялық білімін мамандығына қатысты іс- шараларды жүргізуде мүмкіндігінше тəжірибе жүзінде жалғастырып, жетілдіріп жатады. Болашақ мамандарды дайындауда берілетін білім мен мамандық арасындағы байланысты орнықтыру, маман сапасын жетілдіруде əр педагог оқытудың нəтиже беретін алдыңғы қатарлы дидактикалық негіздерге сүйене отырып, ғылым мен техниканың жетістіктерін пайдаланып, оқу үрдісіне ендіре отырып ұйымдастыруының берері мол. Сондай дидактикалық ұстанымдардың бірі ретінде біз ауылшаруашылық мамандарын дайындауда химия пəнін пəнаралық байланыста мамандықтарымен сабақтастықта оқыту деп қараймыз. Пəнаралық байланыс ғылыми-жаратылыстану пəндері негізінде жастарға болашақ мамандықтары бойынша білім беру үрдісінде еңбекке баулу мен тəрбиелеу арасындағы байланыстарды қамтамасыз етеді. Күнделікті оқыту үрдісінде пəнаралық байланысты оқу үрдісінде үнемі пайдалану біршама қиындықтарға соқтырады. Ол оқытушыдан теориялық жан- жақты білімнің тереңдігін, эрудициясын, іздемпаздығын талап етеді [1].
Педагогикалық тұрғыдан қарағанда оқыту дегеніміз — жеке адамның бойына ұжымдық тəжірибені сіңіру болса, дидактикалық тұрғыдан оқыту дегеніміз — білім берудің мазмұнын білім алушыға жеткізу оқыту (оқытушының қаракеті) мен оқудың (білім алушының таным əрекеті) бірлігі десек, ал əдістемелік тұрғыдан алғанда оқыту — нақтылы оқу пəнінің материалын білім алушыға жеткізу ісіндегі сабақ беру мен оқудың бірлігі делінеді. Жоғары оқу орындарында оқу əркетіне «оқытушы — студент», «студент — оқу пəні», «студент — студент» қатысады. Осының ішіндегі ең маңыздысы — оқытушы мен студент арасындағы қарым-қатынастың бірлігі мен шығармашылық үйлесімділігі, ол оқытудың айқын мақсаты мен міндеттері, мазмұны, ұйымдастыру формалары, қолданыс құралдары жəне оқыту əдістері арқылы жүзеге асырылады [2].
Қандай мемлекет болмасын, қай кезде де болмасын білім беру саласына жан-жақты көңіл бөліп, оның сапасы мен бағыты жайындағы мəселелерді жиі көтеріп, мектепке дейінгі тəрбиеден, бастауыш мектеп, орта мектеп жəне жоғары оқу орындарына дейінгі педагогикалық, психологиялық аспектілер терең қаралып отыратыны белгілі. Мұнда белгілі бір пəн бойынша білім беру жалпы дүниетанымдық ұғым қалыптастыру тұрғысынан, ал біраз оқытушылар жеке пəндердің өзара сабақтастығы, байланысы негізінде жүзеге асыруды қарастырады. Дегенмен, мұның қай-қайсысында да əлі де болса айқын жасалған жүйелілік байқалмайды. Жеке пəндер туралы білім беруде пəндік оқу-əдебиеттерінде берілген материалдардың, яғни мəтіндер, мазмұнындағы сабақтастықты қалыптастырудың маңызы ерекше.
Пəнаралық байланыста берілетін білім жүйесі жастардың төменгі курстардан бастап сатылай отырып, болашақ мамандықтарына кəсіби бейімделу деңгейіне дейін көтерілуге мүмкіндік туғыза алады. Бүгінде білім беру жүйесінде пəндерді өзара байланыстыра, кіріктіре, сабақтастыра оқыту арқылы білім беру жастардың бойында шығармашылық іс-əрекетті дағдыландыру, жекебас дербестігін дамыту, жауапкершілік, еркіндік, өзіне сенімділік т.б. қасиеттерді орнықтыру мəселелерін көздеп отыр.
Пəнаралық байланыс арқылы білім беруді шығармашылық деңгейде ұйымдастыру, ол жеке пəндер мазмұнының, мəтінінің бір-бірімен өзара сабақтаса жымдасуын қамтамасыз ететіндей белгілі бір жүйелілікті керек етеді. Пəнаралық байланыс арқылы оқытудағы білім берудің мазмұны, нақты пəндердегі білім → əлеуметтік экологиялық білім → мамандықтарымен байланыстырылған білім тізбегіндей бір-бірімен өзара ұштасып, сабақтасып жатса, студентте жоғары танымдық сана-сезімнің, яғни əрбір іс-əрекетінде, жауапкершілік қалыптасуына зор мүмкіндік ашылар еді.
Аграрлық-техникалық жоғары оқу орындарында химияны пəнаралық байланыста оқыту арқылы студенттерге болашақ мамандықтарына бағыт беру мəселесіне, яғни жалпы жаратылыстану пəндерінің мазмұнын типтік бағдарламаға енгізгенде болашақ мамандықтарымен, айнала қоршаған ортамен байланыстыра білім беру жайы сараланып, оларды белгілі бір жүйеге келтіру жағына көп көңіл бөлуді қажет етеді.
Пəнаралық байланыс арқылы студенттерге білім мен тəрбие беру барысында тақырыпқа қажетті материалдарды сұрыптағанда, мамандыққа қатысты қоршаған ортадағы болып жатқан түрлі құбылыстарды (табиғи немесе жасанды), жалпы жəне жеке заңдар мен ережелер негізінде түсіндіруге көңіл бөлінсе, онда айнала қоршаған орта жүйесіндегі түрлі үрдістерге танымдық көзқарас жетіліп, ол жалпы білімнен мамандық бағыттарына қатысты кəсіби білімге ұласа алады. Сондықтан осы білім беру жүйесін іске асыру үшін, ең алдымен пəнаралық байланыста оқытылатын əрбір пəннің мазмұны оқытудың мақсатын, мазмұнын жалпы нəтижесін анықтайтындай типтік оқу бағдарламаларында көрініс табуы қажет.
Психологиялық тұрғыдан алғанда оқу əрекеттерінің бір-бірімен ұқсастығы (ойын, бақылау, тəжірибе), адамның физиологиялық тұрғыдан даму қарқынының тездігі, оқу үрдісінде берілген білімді игеруге ынталылық, мақсатқа жетуге қызығушылық, білімді қабылдағыштық пен беріктік сияқты аса қажет қасиеттердің пəндерді өзара сабақтастықта берілуін құптайды [3].
Бүгінде республикамыздың мектептеріне бастауыш сыныпқа арналған жаңа буын оқулықтарының енуі — еліміздің болашағын анықтайтын білікті жастарды тəрбиелеу міндеттерін шешудің алғы қадамының бірі. Себебі еліміздің төл оқулықтары оқу-ағарту саласындағы соңғы кездегі болып жатқан ғылыми жаңалықтарды, өскелең ұрпаққа қойып отырған бүгінгі талап ескеріліп құрылған. Оқулықтың қайсы бірін алып қарасаңыз да жастарға экономикалық, құқықтық, экологиялық, психологиялық, тағы басқа ұғым қалыптастыру мəселелеріне көңіл аударылған. Адам баласының табиғатқа қарым-қатынасы, оның байлығын пайдалану арқылы қоршаған ортаға тікелей əсер ететінін, оның бір затты өзгерту арқылы екінші затқа əсер етуге немесе басқа жаңа зат алуға болатындығын, ол үшін адам бүкіл күш-жігерін, білімін білгірлікпен, біліктілікпен жұмсап, соның оң нəтижесінде ғана өз мақсатына жететінін түсіндіретін мəтіндер қатысында құрылғанын байқауға болады. Оқулықтардың мұндай мазмұнда құрылуы адам баласының табиғаттағы заттарға ғана емес, ондағы болып жатқан сансыз құбылыстарды да ой елегінен өткізіп, мүмкін болса, оны өзінің қажеттілігін қамтамасыз ететіндей бағытқа қарай икемдеп пайдаланатынын жəне оларды бақылау немесе тəжірибе жасау, сол бақылап-байқағандарын ой елегінен өткізіп қорытындылауда ондағы ұғымдарды пəнаралық байланыста, сабақтастықта қолдануды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Мамандық саласында жиі қолданылатын арнайы ұғымдарды химияның тақырыптары мен ондағы материалдары бойынша пəнаралық байланыста кіріктіре беруге болатын жəне оларды тиімді пайдалану мүмкіншіліктеріне баса көңіл бөліп, жүйелеуді қарастырайық. Мəселен, химияны оқытуда табиғаттағы заттар мен құбылыстарды талдай қалсаңыз, онда барлық химиялық элементтер мен олардың қасиеттерін, заңдылықтарды міндетті түрде қозғайсыз. Кез келген элементтің түр ерекшелігі, қасиеті, биохимиялық əсері туралы берілетін білім физика, биология, экология, экономика, тағы басқа ғылымдардың ұғымдарымен байланыстырылады, яғни дүниедегі бүкіл заттар мен құбылыстардың өзгерістері, заттардың (жай жəне радиоактивті) биосферада таралуы, ол заттардың таралуына əсер ететін физикалық, химиялық жəне табиғи факторлар мен заңдылықтар, олардың ауыл шаруашылығындағы маңызы, тағы басқа туралы мəлімет беріледі. Міне, осы мазмұнға назар аударсақ, əр пəннің қарастыратын ортақ мəселесінің негізіне қоршаған дүние заттары мен құбылыстары енеді. Ал, болашақ ауылшаруашылық мамандары өздерінің білім алу жолдарында табиғатпен, қоршаған ортамен тығыз байланыста қызмет жасауға дайындалатынын ескерсек, біз бүкіл əлемдік био-, геожүйелерін, биосфера кешендерін сақтауда, оны тиімді пайдалануда іскерлікпен əрекет жасайтын білімді, ғылыми көзқарас қалыптасқан маман дайындау міндетін шешуге тиіспіз. Өйткені келешек қоғам дамуының ұйтқысы болатын да табиғи орта тепе-теңдігін сақтап, тазалығын қорғауға белсенді араласатын да сол ауылшаруашылық мамандары [4].
Əр тақырыпты оқытқанда тақырып мазмұны бұл мақсаттардың жігін біріктіреді. Бұл жағдайда болашақ мамандардың мамандықтарына бағыттала қалыптасуына жағдай туады. Осы жүйені бекітілген, алдын ала дайындалған бағдарлама негізінде, зерттеулердегі жəне оқулықтағы материалдар мен оқу құралдарының көмегімен оқытуды ұйымдастырудың формалары, əдістері нəтижесінде химияның пəнаралық байланыстағы тиімді тақырыптарын таңдап алып, сол тақырыптардың пəнаралық мазмұнын ашып, жетілдіруді жүзеге асыруға толық мүмкіндік бар. Оқу құралдарының мазмұны, оқытудың формалары, педагогтың оқыту үрдісіндегі іс-əрекеті мен студентте оқу əрекетінің қабысуы негізінде теориялық біліммен қатар адамгершілікті, инабаттылықты тəрбиені жоғары деңгейге көтеру мақсаты жүзеге асырылады. Айтылып өткендей, бағдарлама мен оқулықтардың мəтіні, біздің қалағанымыздай, болашақ мамандықтарымен байланыстырылған білімнің теориялық жəне практикалық тұстарын ашуға сəйкес келе бермейді. Сондықтан пəнді оқыту барысында пəнаралық байланысты тудыра отырып, керекті қосымша əдебиеттер жəне күнделікті ақпарат құралдарынан (теледидар, радио, газет, журнал, арнаулы плакаттар т.б.) алынатын ғылыми мəліметтер мен мағлұматтар, ғылыми-экологиялық материалдар негізінде дайындалады. Ал, оқулық ішінен оның тиімді тұстарын анықтап, таңдап алуы білім берушінің шеберлігіне байланысты. Зерттеу жұмыстары барысында пəнаралық байланыс негізінде білім беруді нəтижелі жүргізу үшін:
- пəнаралық байланыс негізінде берілетін білімнің қажеттігін дəлелдеу;
- мамандыққа бағытталған жүйелі білім беруде химиядан нені, қалай оқыту керек;
- пəндер арасындағы байланыс қандай бағытта жүзеге асады жəне қандай тақырыптарды мамандық саласымен өзара байланыстыруға, кіріктіруге, сабақтастыруға болады;
- пəнаралық байланысты қай формада жəне қандай əдіспен оқыту керек;
- пəнаралық байланыс негізінде болашақ мамандықпен байланыстырыла берілетін білім, сол бағытталған білім берудің нəтижесі қандай болмақ деген мəселелер толықтай қамтылуы тиіс.
Бүгінгі заманға сай бастамашыға айналу мүмкіндігі мол болашақ мамандарды тəрбиелеуде жоғарыда көрсетілген мəселелер біз педагогика саласында кеңінен қолданылып жүрген оқытудың озық технологияларын пайдалануды жетілдіру бағытында тəжірибе жинақтауымыз қажет. Өйткені нарықтық қатынастар заңымен өмір сүріп жатқан елімізде бүгінде ауылшаруашылық өндірістің материалдық, қалдықсыз технологиялық жүйелер мен үрдістерді енгізу, ауылшаруашылық өнімдерінің сапасын, өсімділігін арттыру, шығынын азайтудың тиімді əдістерін енгізу осы ауылшаруашылық мамандарының іскерлігіне байланысты. Сондықтан болашақ мамандарды дайындауда белгілі бір пəн бойынша білім беру, оқыту жұмыстарын пəнаралық байланыста, болашақ мамандықтарымен, түрлі мекемелермен, өндіріс орындарымен серіктесе отырып ұйымдастыру үлкен нəтиже бермек.
Əдебиеттер тізімі
- Қоянбаев Ж.Б., Қоянбаев Р.М. Педагогика. — Алматы,
- Галиев Т.Т. Системный подход к интенсификации учебного процесса. — Алматы: Ғылым,
- Кларин М.В. Инновационные модели обучения в зарубежных педагогических поисках. — М.: Арена,
- Кушербаев К.Е., Ахметов А.К. и др. Стратегия развития высшего образования в Республике Казахстан. — Алматы: Білім,