Қазіргі кезеңде жоғары оқу орнының мамандары алдында тұрған маңызды, жауапты міндеттің бірі — білім алушыға тиянақты білім беру. Ол үшін оқытушылар оқытудың тиімді əдіс-тəсілдерін өз тəжірибесінде қолдануды таңдап алады, үнемі ізденісте болады. Жаңа технологияларды күнделікті дəріс жəне тəжірибелік сабақ үрдісінде пайдалану, оқыту мақсатына жетудің тиімді жолдарын көрсетеді. Оқытудың жаңа əдістерін пайдалану арқылы оқытушы білім алушының белсенділігін, шығармашылық ізденісін арттырады, пəнге деген қызығушылығын оятады. Педагогикалық технологияның басты принциптерінің бірі:
- оқытудың тиімділігін арттыру;
- берілген материалдарды терең меңгерту;
- білім алушыны ойлату, ой салу;
- өзін-өзі оқытуға мүмкіндік беру;
- білім алушыны жеке тұлға ретінде қабылдау;
- оқытушы мен білім алушы арасында шығармашылық қатынастың болуы;
- білім алушының алдына мақсат қойғызып, оны міндетті түрде орындату.
Білім алушының пəнге қызығуын арттыру, қоршаған ортаны игеріп, сөйлесу, пікір алысу, сұраққа дұрыс жауап беру, əңгімелесу, т.б. тілді меңгерту жолында қазақ халқының ауыз əдебиетінен мысалдармен байытылған тапсырмаларды өз бетімен игеріп, шығармашылық деңгейге жетуі — технологияның тіл үйретудегі басты талаптары.
Мəселен, жоғары оқу орындарының бағытталған мамандық бөлімдерінде кəсіби қазақ тілін оқыту əдістемесі теориялық білім берумен қатар, болашақ мамандыққа баулиды. Осыған орай қазақ тілінен берілетін базалық білім таңдалады. Қажетті базалық білімде ерекше орынды жоспарлау мəселесі алады, себебі бүгінгі студент — ертеңгі маман.
Бүгінгі күн талабы — маманның кəсіби бағыттылығын, іскерлігін қалыптастыру. Жоғары оқу орнында білім беру — қоғам дамуының негізгі жолы. Сондықтан кəсіптік білім беруде өтілетін тақырыптар, соның ішінде жоспарлау мəселесі, ғылымның соңғы жетістіктеріне негізделуі тиіс. Білім беруде жаңа технологиялардың пайда болуы оқытушыдан əдістемелік-технологиялық біліктілікті талап етеді. Себебі мұғалім өз қызметінің негізгі субъектісі студенттің жеке басымен жұмыс істейді. Студенттердің мүмкіншілігіне, қажеттілігіне, білім берудің мақсаты мен міндеттеріне негізделмеген оқыту нəтиже бере алмайды. «Қазіргі кезде білім жүйелерін технологиялық негізде құру педагогикалық ғылым мен тəжірибенің жаңа бағыты болып отыр.
Бүгінгі күні жаңа технология бойынша оқытудың келесі түрлері белгілі: мəселелік оқыту, бағдарламаланған оқыту, саралап, жекелеп оқыту, дамыта оқыту, ұжымдық оқыту, деңгейлеп оқыту, қашықтық оқыту, модульдік оқыту. Қандай технология болмасын, оны оқытушы сабақтың жоспары арқылы іске асырады. Ал бүгінгі күні жоспарлау мəселесі əлі шешімін таппай отыр. Сондықтан технологиялық карта — əмбебап жоспар, оны барлық пəндерге бейімдеп қолдануға болады. Технологиялық карта арқылы оқытуды келесі үш бағытта жүргізген өте тиімді: білім мазмұны, құрылымы, əдіс-тəсіл арқылы (технология). Ал жаңа технологиялар қазіргі заман талабына сай жүйелі тұрғыдан оқытудың барлық кезеңін қамти отырып, оқытушының əрекетіне логикалық бірізділік, қисындылық, саналалық, болжалдық, мақсаттылық оқытуда мұғалімнің рөлін өзгертті. Оқытушы дайын білімді жоспарлап, жеткізуші рөлінен студенттерді білім алуға ұйымдастырушы, кеңесші қызметіне ауысты. Қалыптасқан жоспарлау аясында тақырыпты меңгерту нақты үлгерім деңгейіне (жақсы оқитындар, орташалар, нашарлар) негізделді. Ал технологиялық карта тақырыпты əрбір студенттің игеруіне (үлгеріміне байланысты емес) тиімді жағдай жасайды. Ондай жағдайлар: студенттің тақырып бойынша өз бетімен жұмысы, білім деңгейін стандарт деңгейінен жоғарылату. Бұлардың бəрі технологиялық картадағы мақсат пен міндеттерге байланысты жүргізіліп отырады.
Демек, қалыптасқан əдістеме бойынша жазылатын жоспар мен технологиялық карта бір-бірінен оқытуды ұйымдастыру, тақырыпты беру, оқушылардың білімін анықтау, білім деңгейін көтеру жағынан ерекшеленеді. Екі жоспардың ең негізгі айырмашылығы: оқытудың нəтижесінде. Технологиялық картаның басты сипаты — мақсатты нəтиже. Қоғам талабы да нəтижелі кəсіптік мамандарды даярлауда болып отыр. Осыған орай «жоспар» терминін «технологиялық карта» ұғымы ығыстырды. Технологиялық карта университетте білім алатын маманға: білім беру жəне оқу əрекетін жүйелі ұйымдастыру тұрғысынан қарастырылады.
Өйткені технологиялық карта арқылы оқыту студенттің жеке мүмкіндігіне қарай жұмыс істеуіне, мақсат қою, оны жоспарлау, ұйымдастыра білу, өзін-өзі бақылау, өзін-өзі бағалауға үйретеді. Бұл жағдай университет студенттінің оқу əрекетінде өзін-өзі жете түсінуіне, өз бетімен жұмысын дұрыс ұйымдастыруына, білім деңгейін анықтауына, жоғарылатуына мүмкіндік береді. Жаңаша кəсіби қазақ тілін оқыту — ол қазақ тілінің əр тақырыптарына жазылған сабақтар. Яғни қазақ тілін оқытудың негізгі құралы — технологиялық карталар. Технологиялық карта құрылымы келесі мəселелерді қамтиды:
- Тақырыптың жалпы мақсатын нақтылау.
- Міндеттерді жүйелеу.
- Студенттің тақырыпты меңгеру барысындағы өз бетімен жұмысын мөлшерлеу.
- Тақырып бойынша білім деңгейін анықтау.
- Тақырып бойынша білім деңгейін стандарт деңгейінен жоғарылату.
Тіл үйрену ол зорлықсыз, иландыру арқылы жүргізілетін жұмыс екендігі белгілі. Алайда, қандай да бір құбылыс болмасын оның қажеттілігі байқалмайынша, жүзеге аспайтыны анық. Олай болса, мемлекеттік тіл қазақстандық басқа ұлт өкілдерінің қажеттіліктеріне айналмайынша, олардың тілді үйренуі кешеуілдеуі ықтимал. Сол себепті мемлекеттік тілді жедел əрі тиімді оқытудың жолдары мен түрлерін тілші-мамандар мен ғалымдар əр түрлі əдістемелер арқылы оқытуды ұсынуда. Соңғы жылда білім беруде жаңа технологиялар əдісі бойынша қазақ тілін басқа ұлт өкілдеріне үйрету тиімді екенін өмір өзі дəлелдеп келеді. Елбасы Н.Ə.Назарбаевтың «Қазақстан – 2030» бағдарламасында жан-жақты дамыған, дүние жүзіне əйгілі жəне сыйлы мемлекеттің патриоттарын тəрбиелеу ұстаздар қауымының басты міндеті екендігі баса айтылған [1]. Оқытушы əрдайым ізденісте болса ғана, шəкірт жанына нұр құя алады демекші, əр сабақтың қызықты өтуі тікелей оқытушыға байланысты. Осы орайда өзге ұлт өкілдеріне мемлекеттік тілдің қадірін сезіндіріп жүрген тіл мамандарының көтерген жүгі ауыр-ақ десек те, мемлекетіміздің кез келген оқу орнында қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде оқытылады. Оқыту технологиясы мен əдістеме ғылымы бір-бірімен тығыз байланысты. Əдістеме ғылымы «Нені оқыту керек?», «Не үшін оқыту керек?», «Қалай оқыту керек?» деген сұрақтарға жауап іздесе, оқыту технологиясы «Қалай нəтижелі оқытуға болады?» деген мəселенің шешімін іздейді. Олардың мақсаты бір, яғни, оқытудың тиімді жолдарын қарастыру. Оқытудың тиімді жолдары əр түрлі əдістер арқылы анықталады.
Орыс дəрісханасында қазақ тілін меңгертуде инновациялық технология əдіс-тəсілдері студенттердің мемлекеттік тілге деген қызығушылығын, талпынысын арттырып, өз ізденістері мен шығармашылық деңгейлерін дамытуға жол ашу болып табылады. Орыс дəрісханасында қазақ тілін оқытуда жəне тəрбиелеу үрдісінде педагогикалық жаңалықтарды енгізу IV кезеңнен тұрады:
І. Тілге қатысты жаңа идеяны іздеу. ІІ. Жаңалықтарды ұйымдастыру.
ІІІ. Жаңалықтарды енгізу.
- Жаңалықтарды бекіту.
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында оқыту формасын, əдістерін, технологияларын таңдауда көпнұсқалық қағидасы бекітілген, білім мекемелерінің педагогтарына өзіне оңтайлы нұсқаны тиімділігіне қарай пайдалану оқытушыдан үлкен шеберлікті талап етеді.
Жоо-да инновациялық технологияларды қолдану арқылы тілдік білім сапасын арттырып, қарым- қатынаста еркін қолдана алу мүмкіндіктеріне жол ашу — ол:
- əр сабақта қазақ тілін игертуге қатысты интерактивті əдістерін қолдану;
- əр студенттің психологиялық ерекшеліктерін ескеру;
- мемлекеттік тілді үйренуге деген ынтасы, зейіні, қызығушылығына көңіл аудару;
- міндетті деңгейдегі білімді қалыптастыра отырып, мүмкіндік деңгейлерін ашу;
- инновациялық технологияларды сынау арқылы тиімділігін арттыру;
- жоо жағдайына бейімдеу;
- жоо студенттеріне деңгейлік, қатысымдық, сын тұрғысынан ойлау инновациялық технологиялар элементерінмен тілді игерту арқылы ұтымды тұстарына басты көңіл бөлу;
- болашақ маман проблемалық-ситуациялық жағдайларда ойын нақты жеткізе алуына бағыттау мақсатында инновациялық технологияларды қолдану.
Жоо-ның студенттері сабақтарда оқытушының көмегімен жетік сөйлей білуге, өз дағдыларын қалыптастыруда, өз бетінше тұжырым жасай алу тапсырмаларын орындайды. Əрине, заман талабына сай технологияларды қолдану ауқымы, түрлері, тəсілдері өзгеріп отырады. Бірақ ең бастысы бұл технологияларды тиімді, жүйелі қолдану қажет.
Осы міндеттерді төмендегідей тапсырма түрлері арқылы шешуге болады:
- Тілдік шеберліктерін дамыту тапсырмасы.
- Тыңдалым мен оқылым шеберліктерін дамыту жəне бақылау тапсырмасы.
- Айтылым жəне жазылым шеберліктерін дамыту тапсырмасы.
- Тілдік шеберліктерін дамыту тапсырмасы — сөйлесім əрекетінде грамматика жəне лексикалық дағдыларын қалыптастыруда мамандықтарға қатысты кəсіби сөздерде кездесетін мақал-мəтелдерді қолдану.
Жаңа заманның талаптарына орай, интеллектуалдық қабілеті мол мамандарды даярлау міндеті бүгінгі білім жүйесінің басты да негізгі мақсаты екені даусыз. Осы мақсатты іске асыруда студенттерге іскерлік қарым-қатынасты дұрыс оқыту қажеттігі күннен күнге айқын сезілуде. Сол себепті оқыту əдістемесінде жəне тіл үйретуде, ақпараттың көлемді бөлігін тиімді түрде ұсынатын, сол ақпаратты жоғарғы деңгейде игеретін жəне өмірде, тəжірибеде бекіте алатын əдістерді қолдануды талап етеді.
Тілші-əдіскер ғалымдар тілді үйретуде жаңаша бағыттарда жұмыс істеп, жаңа ізденістер тұрғысынан қоғамдық сұраныстарға назар аударуда. Озық тəжірибелер мен əдістемелерді ортаға салып, кəсіби бағытта жұмыс жүргізуде. Əрине, бұл жерде кешенді мəселе бар: ол тілді үйретудегі бірізділік жүйесі.
Бұған, біріншіден, «Мемлекеттік тіл» Заңы қабылданып, толыққанды жұмыс жасауы, ол Елбасының «Қазақстанның болашағы — қазақ тілінде» деген тұжырымдамасымен үндес келуі, яғни Қазақстан халқының болашақ өмірінің кепілі болуы.
Екіншіден, қазақ тілі коммуникативтік қарым-қатынас, ресми қатынас тілі ретінде жұмыс жасауы.
Мамандыққа сай қазақ тілін сапалы оқыту қазіргі уақыт сұранысынан туындап отырған өзекті мəселелердің бірі болып табылады. Осы тұрғыдан келгенде Б.Қасым аталым немесе сөздің лексикалық мағынасы мен семантикасы жайлы: «Сөздің лексикалық мағынасы таным теориясымен тікелей байланысты. Яғни адам затты қаншалықты жақсы таныса, затты белгілейтін сөздің мағынасын соншалықты анық, айқын біле алады. Себебі сөз мағынасы — белгілі бір заттың не құбылыстың адам санасындағы жалпыланған бейне. Зат бейнесі сөз мағынасының негізін құрайды, яғни жалпыланған бейне арқылы сөз мағынасын түсініледі жəне мағына арқылы келесі тыңдаушыға жеткізіледі. Сөз мағынасын қалыптастыру үшін сөздің мағынасын сөйлеуші ғана емес, қоғамдағы басқа адамдар да солай түсінуі, солай ұғынуы керек. Сонда ғана адамдар бірін-бірі түсінеді, бірімен бірі қарым-қатынас жасай алады» дей келе, мамандыққа қатысты тілді меңгертуде мынандай талаптар қою керек деп есептейді:
- студенттерді кəсіби мамандығы бойынша тілдесуге үйрету;
- мамандыққа байланысты тілдік қатынасқа түсу үшін əр түрлі жағдаяттар құру арқылы тілдік қатынастың қажеттілігін түсіндіру;
- дұрыс сөйлеу қатысымның түрлерін үйрету.
Сонымен қатар мамандыққа байланысты мəтіндерді меңгерту арқылы студентті болашақ мамандығымен кеңірек таныстыруға мүмкіндік туады.
З.С.Күзекова «Екінші тіл ретіндегі қазақ тілі оқулығы теориясының лингвистикалық негіздері» деп аталатын ғылыми еңбегінде: «Сөйлеу үшін ең басты материал — сөз. … сөзді жүйесіз меңгеру қазақша сөйлетуге де қазақша түсінуге де мүмкіндік бермейді. Барлық тіл үшін осылай. Өз ойын жеткізу үшін қазақ сөздерінің үш сатылы топтастырылуын ұсынамыз», — дей отырып, сөздерді мағыналық топтарға, əрбір мағыналық топтың сөздер блогын бөліп көрсетеді [2].
Ш.Құрманбайұлы, М.Мамаева, А.Сыбанбаеваның «Қазақ тілі» [3] болашақ заңгерлердің кəсіби тілін қалыптастыруда олардың келешек қызметінде қолданатын сөздер мен сөз тіркестерін, заң терминдерін меңгеру басты мақсат етілген алғашқы мамандыққа арналған оқулық жарық көрген. Аталған еңбекте көркем шығармалар мен ғылыми еңбектер бойынша іріктеліп алынған мəтіндер жəне оларға қатысты құрастырылған əр түрлі тапсырмалар жүйесі модульдік технологияға сəйкестендірілген. Сонымен қатар студенттердің өзіндік жұмысы түсіндірме, фразеологиялық, аударма сөздіктер арқылы іске асады. Шағын хабарлама жасау, жоспар құру, белгілі бір тақырыпқа шығарма, баяндама, тезис, реферат, конспект жазу тапсырмалары болашақ мамандардың жазбаша тілін дамытуда, өз ойын, пікірін жеткізуде басты орын алады. Студенттердің өз бетімен ізденіп, кəсіби шеберлігін жетілдіруі кітап соңындағы заң терминдерінің қазақша-орысша қысқаша сөздігі арқылы жүзеге асады.
Əрине, оқу үрдісінде жаңа технологиямен жұмыс істеу үшін алғышарттар қажет: ғылыми- əдістемелік, оқыту-əдістемелік, оқу-əдістемелік кешендерді үнемі талдау жасап, назарда ұстау, жаңа оқулықтардың мазмұнын зерттеп білу, пəндік білім стандартымен танысу, білімді деңгейлеп, кəсіби бағытта беру технологиясын игеру арқылы студенттерге білімді стандарт деңгейінде игертуге қол жеткізу, оқу үрдісін ізгілендіру жəне т.б.
Білім алушылардың коммуникативтік құзыреттілігін дамыту үшін жүргізілетін жұмыс түрлері бар, олар:
- сұрақ-жауап (оқытушы мен студент);
- диалог;
- ауызша қарым-қатынас, жазбаша қарым-қатынас (түрлі əдіс-тəсілді қолдануға болады). Бұл жұмыс түрлері коммуникативтік құзыреттіліктің алғышарттары болып келеді.
Коммуникативтік құзырет — өз бетімен білім алуға, оның барысында пайда болатын танымдық проблемаларды өз бетімен шешуге, өзінің позициясын белгілеуге жеткілікті білімділік деңгейі.
Соңғы жылдары əдіскер-ғалымдар қазақ тілін қарым-қатынас құралы ретінде меңгертумен қатар, студенттердің кəсіптік мамандығын ескере отырып игертудің тиімді жақтарын қарастыруда.
Тілді мамандыққа қатысты оқытудың тиімді тұстары:
- білім алушылар қазақ тілін меңгеру арқылы кəсіби қатынас құралы ретінде қолдана алуы;
- кəсібіне байланысты жинақталған сөздік қорды мамандығына қатысты ой-пікірлерін нақты жеткізу дағдысын қалыптастыру.
Ол үшін сөздік-минимумды таңдауда басшылыққа алынатын ұстанымдар:
- сөздің сөзжасамдық қабілеті;
- сөздің көпмағыналық омонимділігі, синонимдік;
- сөздің мамандыққа байланысты қатысым-прагматикалық мақсатын ескеру.
Сонымен қатар студенттердің лексикалық жəне терминологиялық түсіндірмелері фразеологиялық аударма сөздіктер арқылы жүзеге асады. Шағын хабарлама жасау, жоспар құру, белгілі бір тақырыпқа шығарма, баяндама, тезис, реферат, конспект жазу тапсырмалары болашақ мамандардың жазбаша тілін дамытуда, сауаттылығын арттыруда, өз ойын, пікірін жеткізуде басты орын алады. Студенттердің өз бетімен ізденіп, кəсіби шеберлігін жетілдіру мақсаты лексикалық минимумы мен терминдерінің қазақша-орысша түсіндірме сөздігі арқылы жүзеге асады.
Кəсіби салада оқыту негізінен сұхбат түрінде жүргізіледі, яғни студент курс соңында өз саласына қатысты сұрақ-жауапты игеруі, сала терминдерін пайдаланып сөйлей білуі, өз саласына қатысты туындаған мəселелер бойынша сұрақтар қою жəне өз саласындағы барлық құжаттарды қазақ тілінде жүргізе білуге үйренеді. Студент кəсіби сөйлеу бағытында оқу-түсіну, ойын түсінікті етіп жаза білу, мəселеге қатысты өз ойын дұрыс жеткізу, өз саласына қатысты құжатты дұрыс түсіне білу, ол туралы өз ойын айту, сөйлеу барысында өз саласына қатысты күрделі сөзді қолдану арқылы ойын толық жеткізу бағытында білімін толықтырады. Аталған құжаттарды дайындай білумен қатар, оларды белгілі бір дауыс ырғағымен оқи білуге жаттықтыру жұмыстары да қатар жүргізіледі.
Кəсіби сөйлеуге үйрету барысында қазақ тілін ауызекі сөйлеу тілі ғана емес, сонымен қатар жұмыс барысында кəсіби тілде сөйлеу, кəсіби тілде сөйлейтін ортаны қалыптастыру жұмыстары туындайды.
Тіл үйренушінің тілін дамыту екі бағытта жүргізіледі: ауызша жəне жазбаша. Жалпы алғанда тілді оқытуда бұл екі бағыт қатар байланыста жүргізіледі. Бірақ қазақ тілін оқытудың ең алғашқы кезеңінде ауызша тіл дамыту басымырақ болған жөн. Өйткені сөйлеу тілі кейінірек жазба тілді дамытуға негіз болады. Осыған орай кəсіби лексиканы меңгертуге тиімді тақырыптарды, жаттығулар жүйесін, тапсырмаларды іріктеп қолдану қажет. Жаттығулар жүйесі — кəсіби ұғымдардың мəні мен мағынасын түсіндіре отырып, тілді мамандыққа сай үйрететін, алған тілдік білімді тəжірибемен ұштастырып, шеберлік пен дағдыны қалыптастыру мақсатында орындалатын жұмыс кешені.
Жаттығулар түрлері: машықтандыру жаттығулары, шығармашылық жаттығулар, кəсіби- жағдаяттық жаттығулар. Мəселен, машықтандыру жаттығулары — студент үйренген сөздік қорын ұтымды пайдаланып, оны кəсіби тілдік қатынаста шеберлікпен қолданудың амал-тəсілдерін берік меңгеруін қалыптастыру мақсатында орындалатын жұмыс.
Бұл жұмыс кəсіби лексиканы, ұғымдарды, олардың табиғаты туралы мəліметте меңгеруден басталады. Нақтылы мамандыққа байланысты таңдап алынған лексиканы меңгерту үшін, біріншіден, тіл үйренушіге жаңа сөзді қолдануға жағдай туғызу; екіншіден, сөздің мағынасын айқындап, оны дұрыс қолдану амалдарын игерту; үшіншіден, сөздер мен сөз тіркестеріне қатысты грамматикалық ережелерді байланыстыра үйрету; төртіншіден, сөздердің қатысымдық бағыттылығын ескеру қажет.
Кез келген тақырыпты өту барысында берілген сөздерді мұқият тыңдатып, қайталатқызу арқылы тіл үйренушілер жаңа кəсіби лексиканың айтылуы мен оқылу ерекшеліктерін, тілдесімде дұрыс қолдануға машықтанады. Əр сабақта үйретілетін жаңа кəсіби лексиканы олар өздерінің жұмыс жағдайында күнделікті қарым-қатынаста белсенді қолдануға үйренеді, кəсіби сөздік қорын байытады.
Қазақ тілін мамандықтарына орай оқыту ғылым тілімен, оның терминдерімен тығыз байланысты. Сондықтан да тіл үйренушілердің мамандықтарына қатысты арнаулы мəтіндер арқылы кəсіби лексиканы өз саласының терминдері мен мамандар тілінде жиі қолданылатын оралымдарды білу керектігі көзделеді. Мəтінмен жұмыс жасау барысында лексика-грамматикалық тапсырмалар жүйелі болу керек. Мамандықтарына байланысты мəтіндерді іріктеп алған соң, сол мəтінді меңгертуде тек жалаң сөздер тізбегін беріп, оларды көшірумен я болмаса жаттаумен шектелуге болмайды. Сондықтан қай мамандықтың болмасын мамандығына байланысты терминді түсіндіруде сол саланың маманымен ақылдаса отырып, ой бөлісіп, оның глоссарийін жасау қажет. Өйткені белгілі бір ғылымды зерттеуші сол ғылымдағы ғылыми ұғымдарды ғылыми терминдер арқылы жүйелеп, түсіндіріп береді. Оның қыр-сырын айқындайды. Терминдерді қазақша түсіндіруде оның этимологиясына үңіліп, грамматикалық құрылысына тоқталады. Себебі қазақ тілінде кейбір сөздер бірнеше мағына беруі мүмкін. Мұндай жағдайлар мəтінмен жұмыс істеу барысында көптеп кездеседі.
Қазақ тілінің кəсіби мамандыққа бағытталған лексикасы мен терминологиясын оқыту əдістемесі сала мамандықтарына байланысты таңдап алынған лексиканы үйрету үшін, біріншіден, тіл үйренушіге жаңа сөзді қолдануға жағдай туғызу; екіншіден, сөздің мағынасын айқындап, дұрыс қолдану амал-тəсілдерін игерту (сөз→сөз тіркестері→сөйлем→мəтін); үшіншіден, сөздер мен сөз тіркестеріне қатысты грамматикалық тұлғаларды функционалды мақсатта байланыстыра үйрету; төртіншіден, сөздердің қатысым-прагматикалық мақсатын ескеру қажет.
Қорыта айтсақ, кəсіби қазақ тілін оқыту əдістемесі теориялық білім берумен қатар, болашақ мамандыққа баулиды. Білікті маман дайындау — қоғам дамуының негізгі жолы. Бүгінгі күн талабы — маманның кəсіби бағыттылығын, іскерлігін қалыптастыру. Сондықтан кəсіптік білім беруде өтілетін дəрістер ғылымның соңғы жетістіктеріне негізделуі тиіс.
Əдебиеттер тізімі
- Елбасы Н.Ə.Назарбаевтың «Қазақстан 2030» бағдарламасы. — [ЭР]. Қолжетімділік тəртібі: http://www.akorda.kz/kz.
- Күзекова З.С. Екінші тіл ретіндегі қазақ тілі оқулығы теориясының лингвистикалық негіздері. — Алматы: Қазақ ун-ті баспасы, 2005. — 18-б.
- Құрманбайұлы Ш., Мамаева М., Сыбанбаева А. Қазақ тілі: жоғары оқу орындары заң факульт. студентт. арн. оқу құралы. — Астана: Бiлiм, 2001. — 205 б.