Сөйлем — белгілі бір мағыналық жəне интонациялық тұтастыққа ие, грамматикалық тəртіппен байланысқан сөздер тізбегі ретінде көрінетін адамдар тілінің кіші бөлшегі (единицасы). Сөйлем сонымен бірге қарым-қатынас бірлігі бола отырып, ойдың да қалыптасуы мен берілісінің единицасы ретінде ойлаудың бірлігін көрсетеді. Сөйлем логикалық пікірмен қатысты, бірақ онымен бара-бар емес: əрбір пікір сөйлем түрінде беріледі, бірақ кез келген сөйлем пікірді білдіре бермейді. Сөйлем адам əрекетін білдіре отырып, оның еркі мен сезіміне қатысты эмоциялық, сезімдік ұғымдарды білдіруге де қызмет етеді. Сөйлемнің грамматикалық негізін шақ, жақ, модальдік категорияларының жəне хабарлау интонациясының жиынтығынан тұратын предикативтілік құрайды...» [1].
«Бастауыш — сөйлемнің ең негізгі қазығы, өйткені сөйлемнің нақтылы иесі, субъектісі. Субъект ойдың, істің, қимылдың басы. Кей сөйлемдерде бастауыш болмаса, баяндауыш болмай қалады, бірақ бұл относительді түгелсіздік. Негізінде, бастауыш болған жерде баяндауыш болмай қалуы мүмкін емес», — деп жазады С.Аманжолов [2].
Бастауыш — субъектінің грамматикалық баламасы. Ол іс істеуші, қимыл иесі болатындықтан, сол қызметті өтей алатын заттардың аты арнаулы бастауыш болуға бейім болады [3; 107].
Бастауыш — сөйлемнің ең басты, негізгі мүшелерінің бірі. Оның қызметі, мағынасы өзінің баяндауышпен грамматикалық қатынасынан туындайды. Басқаша айтқанда, бастауыш сөйлемде баяндауыш болатын сөзбен тіркесу нəтижесінде мүшелік қатынаста жұмсалады. Бастауыш — сөйлемде айтылған қимылдың не басқа сапаның субъектісі болып табылады. Ол грамматикалық жағынан сөйлемнің басқа мүшелеріне бағынбайды. Бұл жағынан алғанда бастауыш — сөйлемдегі ең негізгі тұрлаулы мүше.
Баяндауыш сөйлем арқылы айтылған ойды тиянақтап, көптеген сөздерді ілестіріп барып, сөйлемді аяқтап тұрады. Бұл жағынан ол — сөйлемнің ең негізгі ұйымдастырушы мүшесі [3; 107].
Бастауыштың да, баяндауыштың да сөйлемнің тұрлаулы мүшесі екені белгілі. Осы мүшелердің сөйлемнің толымсыздығына қандай ықпалы бар екендігін қарастыру мақаламыздың мақсаты болып табылады.
Үнемдеу заңы адамға өз ойын көп сөйлемей-ақ, өз уақытын үнемдеу мақсатында аз ғана сөзбен білдіруге себепкер болады. Ал мұның өзі белгілі бір ойды білдіру үшін керекті сөйлем мүшелерінің сөйлем құрамында түгел болмауына əкеп соқтырады. Осыдан сөйлемнің грамматикалық жақтан толымсыздығы туындайды. Бірақ бұл құбылыс бір тілде сөйлеуші əлеуметтік жағынан, аялық білімі деңгейлес коммуниканттардың арасында ойды жеткізу мен қабылдауда қиыншылық немесе түсініксіздік тудыра қоймайды. Сондықтан, тілімізде коммуникациялық жағдайдың орнына қарай, толымды да, толымсыз да сөйлемдер қолданыла береді.
О.Төлегенов толымсыз сөйлемдер мəселесіне арнайы тоқталып, олар «жалпы сөйлем құрылымының толымсыздығы сөйлеу түрі мен стилінің өзгешелігіне байланысты болатындығын, сондықтан ол қосымша бір топтастыру принципі ретінде анықталатынын» айтады [4].
Зерттеуші Ж.Сəдуақасұлы толымсыз сөйлемдерге «контекст пен ситуациядан алғанда сөйлемнің мағыналық толымсыздығы байқалып, оны толықтыруға болатын сөзді контекстен табу мүмкіндігі болса жəне оны сөйлемге енгізгенде мағынасына нұқсан келтірмейтін болса ғана, ондай сөйлемдерді толымсыз сөйлемдер деп атаймыз» деген анықтама береді. Ғалым «Қазақ тіліндегі бірқұрамдық сөйлемдердің құрылымдық типтері» атты докторлық диссертациясында: «Толымсыз сөйлем жөніндегі Б.П.Ардентовтың «кейбір ұғымдар мен түсініктер ойда болғанымен, арнайы сөзбен беріле бермейді. Ойдың толықтығы үшін қажет болатын сөйлем мүшелері ойда бар деп есептеледі, олар алдыңғы ойдан белгілі болады немесе олар туралы сөз сөйлеу кездегі жағдайдан анық түсінуге болады» дейтін, В.В.Бабайцеваның «Толымсыздықтың негізгі критерийі — сөйлемде берілуге тиісті ойдың сипатын өзгертпей-ақ, оның құрамына ене алатын сөздің контексте болуы» дейтін пікірлері орыс тіл біліміндегі ғана емес, түркі тіл біліміндегі көптеген ғалымдардың көзқарастарымен сəйкес келіп жатады дей келе, осы пікірдің негізінде толымсыздықты айқындаудың басты белгісі — контекст пен ситуация екендігін айтады. Нақтырақ айтқанда, контекст пен ситуациядан тыс қалғанда, сөйлемнің мағыналық толымсыздығы байқалып, оны толықтыруға болатын сөзді контекстен табу мүмкіндігі болса жəне ол сөйлемге енгізгенде мағынасына нұқсан келмейтін болса ғана, ондай сөйлемдерді толымсыз деп атауға болады [5] деген тұжырым жасайды. Мəселен, 1. Дəулеткелдінің өзінен бұрын Абайға жеткен бір əзіл өлеңі болатын. 2. Ол — «Шешесіне айтты» деген өлеңі. 3. Абай қазір Дəулеткелді қасына кеп отырып, шай ішіп болған соң-ақ, оған өтініш айтты. 4. — Өзіңнен бұрын сөзің жетіп еді. 5. Əлі қоңыр тай жамандатып өлгенде, шешеңе не депең, соны айтшы? — деді (М.Ə.). Күрделі синтаксистік тұтастықтың 1-ші жəне 3-сөйлемдері — толымсыз. Себебі, 1- сөйлемдегі Абайға жеткен əзіл өлеңі қайсы екендігін 2-сөйлем арқылы білуге болады. Ол «Шешесіне айтты» деген өлеңі болып табылады. Ал 3-сөйлемдегі Абайдың Дəулеткелдіге қандай өтініш айтқаны өзінен кейінгі сөйлемнен байқалады. Дəулеткелдінің «шешесіне не деп айтқанын сұрауы» 5-сөйлем арқылы көрінеді. Бұдан толымсыз сөйлемнің мəтінмен байланысы бар екендігін аңғару қиын емес.
Субъектіні атау, оны білдіріп тұру — бастауыш мүшенің ең бастапқы əрі негізгі қызметі. Бірақ сөзді түрлендіру, сөйлемнің қатынас құралы ретінде мүмкіншілігін кеңейту үстінде бастауыш мүше ылғи субъектінің тілдік көрінісі бола бермейді. Бастауыш мүше кейде сөйлемнің тек құрылымдық құрылысының негізі болып қана жұмсалуы да мүмкін.
Бастауыштан гөрі баяндауыштың синтаксистік қызметінің басым екендігінің бір дəлелі бастауышсыз айтыла беретін сөйлемдердің көптігінен десе де болады. Мысалы: 1. Базаралы Ерболды тыңдап отырып, осы жиындар ортасында бірінші рет босағандық көрсетті. 2. Екі-үш тамшы жас та ағызып жіберді. 3. Сөзбен жауап қатқан жоқ, бірақ жаңағы қалпы үй ішіне байқалмай қалған жоқ (М.Ə.). Мəтіндегі 2-ші жəне 3-сөйлемдердің бастауышы 1-сөйлемдегі Базаралы екендігін контекстен байқауға болады.
Тіліміздегі толымсыз сөйлемдер сөздерді үнемдеп жұмсау, орынсыз бір сөзді қайталамау мақсатында, ойды ықшамды, тұжырымды етіп жеткізу мақсатында жұмсалатындығын ескере отырып, бастауыштың сөйлемде түсіп қалуының да өзіндік себептері бар екендігі белгілі.
Контекстік толымсыз сөйлемдер белгілі бір мүшенің я мүшелердің дəл осы сөйлемде қатыспай тұруымен, ол мүшенің басқа көршілес сөйлемдерден табылуымен сипатталады. Бұндай сөйлемдерде сөйлемнің қай мүшесі болсын толымсыздыққа себеп бола алады [6].
Толымсыз сөйлемдегі тиісті мүшенің я мүшелердің қатыспай тұруының екі себебі бар: контекст жəне ситуация. Түсірілген сөйлем мүшесін контекст пен ситуация арқылы тауып алуға болады.
Тілімізде мəтін белгілі бір тақырыпқа байланысты айтылып, онда айтушының ойы ашылатындығы, негізгі ойды білдіре алатындай ат қоюға лайық мазмұнды қамтып тұратындығы белгілі. Олай болса, тұрлаулы мүшелердің түсірілуі арқылы сөйлем толымсыздығы, ал толымсыздық нəтижесінде күрделі синтаксистік тұтастық, яғни мəтін, қалыптасады.
Бастауыштың түсірілу себептерін қарастырып, олардың мəтін түзуге атсалысатындығына назар аударып көрейік.
Ұ.Керімбекова бастауыштың төмендегідей жағдайда сөйлем құрамынан түсіп қалатындығын көрсетеді:
- Қатар айтылған сөйлемдер мағыналық байланыста келіп бір сөзге ортақтасқанда, бастауыш түсіп қалады. Белгілі бір контекстің алғашқы сөйлемінде айтылғандықтан, бір сөзді қайталай бермеу үшін бастауыш қатыспайды. Бұл бастауышсыз толымсыз сөйлемдер алдыңғы сөйлемдегі ойдың тікелей мағыналық жалғасы ретінде келіп, аталған субъектінің қосымша белгілері, іс-əрекет, қимылын көрсетеді. Мұндайда бірнеше сөйлемнің бір ғана бастауышы болады [7; 46]. Осындай бір бастауышқа ортақ толымсыз сөйлемдер молынан кездеседі. Мысалы: Іштей Мəніке Абайды ұнатпайды. 2. Оңашада Ысқаққа, малшы, көршіге Абай аулын, Абай балаларын, тіпті Абайдың өзінің кей мінезін де жақтырмай, сыртынан қыжырта сөйлеп отырады. 3. Өзі жəне Абай айтты деген күндегі сөзінің бəрін естіп, жадына сақтай біледі. 4. Бірақ оның жақсы сөзіне бір сүйсінген емес (М.Ə.). Күрделі синтаксистік тұтастықтағы төрт сөйлемге ортақ бастауыш — Мəніке. Жазушы бұл сөзді қайталай бермеу үшін түсіріп қолданып тұр.
Енді бір мысал келтірейік. 1. Зейнеп ескі шежірені де біледі екен. 2. Жоқтауының арасына Оспанның əкесі Құнанбай қажыны да қосады. 3. Енесі Ұлжанды да туған анасындай, ардақтап жоқтайды. 4. Оспанның үлкен əкесі Өскенбай биді де атап, мақтап кетеді. 5. Кейде ұзақ айтатын даусына бұл ауылдардың арғы атасы Ырғызбайды да қосады (М.Ə.). Мұнда 2–5-ші сөйлемдер — бастауыштары түсірілген толымсыз сөйлемдер. Түсірілген бастауыш — 1-сөйлемдегі Зейнеп.
- Бастауыш жақтық мағынаға байланысты І, ІІ, ІІІ-жақтарда баяндауышқа ой екпіні түспесе, айтылмайды [7; 46]. Көлігі қан сорпа болған көш ақ пен қызыл арасында бір шұңқырға кеп түйелерін шөгерді. 2. Қара терге малшынған аттардың арқасынан ер тоқымын алмай, ақ шоқалақтың тасасына тізгінін түйістіріп тастады. 3. Қаруын ер басына іле салды да, қолына күрек, кетпен алды. 4. Екі шоқалақ аралығындағы ойпаңдау жердің бір түп көк қияқ өскен тұсынан құдық қазды (Ə.Н.). Келтірілген мəтіндегі əрбір сөйлемде ол есімдігінің түсіріліп қалғандығы байқалады. Немесе: 1. Шырағым-ау, соғыс салмағы бізге батып тұрған жоқ па? 2. Азаматымызды қозыдай көгендеп əкетті. 3. Алым-салығы да жұтатып барады. 4. Үстінен жонып жеп отырған мал-тегенемізден ада болдық. 5. Қара азық емге жоқ. 6. Қаптың түбін қағып отырмыз. 7. Осының бəрі соғыстың лаңы емес пе? (Ə.Н.). Мұндағы 4-ші жəне 6-сөйлемдердегі біз есімдігінің түсірілгендігі баяндауыш формасынан белгілі болып тұр.
Дəлел ретінде тағы бір мысал келтіреміз. 1. Дос-жар, қонағуар үйдің іші əзірлігін жасай бастаса да, Əбіштің бұларды шығындатқысы келмеді. 2. — Жоқ, Дəке!.. 3. Жоқ, жеңеше! 4. Малды ауызға алмаңыз. 5. Малды қойыңыз. 6. Біз қайтамыз. 7. Тек шай-пай ауыз тисек болды. 8. Тіпті болмаса, əдемілеп сүт пісіріп беріңіз. 9. Мен еттен де, кейде оның сүтін артық көрем! — деді (М.Ə.). Бұл мəтінде 4-ші, 5, 8-ші сөйлемдердегі «алмаңыз», «қойыңыз», «пісіріп беріңіз» баяндауыштарынан «сіз» есімдігінің түсірілгенін көреміз. Ал 7-сөйлемде бастауыш орнына «біз» есімдігі болу керек.
- Бастауыштың түсіп қалуы жалпы толымсыз сөйлемнің мағынасынан белгілі болады [7]. Оны төмендегі үзіндіден аңғаруға болады: Аздан соң Əйгерім «Татьяна əнін» айтып жөнелді. 2. Əлі де сонау бір күндердей барынша сырлы нəзік, терең толқумен айтады екен. 3. Үй іші жым-жырт қатып, ұйып тыңдады. 4. Базаралы Абайдың бұл айтылған өлеңінің бəрін де білмеуші еді. 5. Ол шетке кеткен соң туған əндер екен. 6. Қасындағы Көкбайдан жабыса сұрап, əр өлеңнің əнінің мəнін, жөнін ұғынып отыр (М.Ə.). 6-сөйлемнің бастауышы 4-сөйлемдегі Базаралы екендігі мəтін мазмұнынан аңғарылып тұр.
Қай сөздің болса да сөйлемде баяндауыш қызметінде тұруы сол сөйлемдегі субъектілік, предикаттық қатынастан көрінеді. Сондықтан баяндауыштың қызметі басқа мүшелермен, əсіресе бастауышпен қатар қойып айтқанда айқын болады [3; 115].
Ауызекі сөйлеу ерекшелігінің көрінісі саналатын баяндауышсыз толымсыз сөйлемдерде тілдік элементтер белгілі бір сөйлеу жағдаятына қарай жұмсалады. Түсірілген баяндауыштың қызметін өзге объектілік мағынадағы мүше қоса атқарып тұрады. Ал ондай мүшелер белгілі бір септік жалғауында тұрады. Мысалы: 1. Бұл кезде Ақылбай бөлек қыстау иесі болатын. 2. Оның отауы Байғабылдағы жатақтарға жақын Аралтөбе, Миялы деген жерде. 3. Ақшоқыдан жарым күндік жер (М.Ə.). 2-сөйлемнің баяндауышы жатыс септік тұлғасындағы сөз, ол еді немесе болатын көмекшілерінің түсірілуі арқылы жасалған.
- Əбіштің айтуынша, бұл зорлықтың бір шеті елдегі бүліктерде жатса, ел дұшпандарында жатса, екінші жағы патшалықтың ұлықтарында. 2. Осындай зорлық бар Россияның көп миллион крестьянының басында да дəл осылайша. 3. Сондықтан да жыл сайын крестьян ереуілі, тартысы болады (М.Ə.).Мəтіннің 2-сөйлемінде тұрған ұлықтарында баяндауышы жатыс етістігінің түсірілуі арқылы беріліп тұр. Себебі құрмалас сөйлемнің бірінші сыңарындағы жатса етістігін қайталай бермеу мақсатында жатыс септіктігіндегі сөз актуалданып тұр.
- Тайлақпай құдығы — мол ауылға қоныс болғандай алқабы кең, ойдым-ойдым көгалы көп жəне суы да, құдықтары да жеткілікті қоныс. 2. Алпыс үйлі кедейлер бəрі бұл құдықта болмаса да, жарымынан артығы осында. 3.Бұлар он екі, он бес үйлерден үш жерге бөлініп отырған жатақ, егінші ауылдар еді (М.Ə.). Бұл мысалдың 2-сөйлеміндегі жатыс септік формасында тұрған «осында» сөзі өзінен кейін «отыр» модаль етістігін қажет етіп, сөйлемді баяндауышсыз толымсыз сөйлем етіп тұр.
Қазақ тіл білімін зерттеуші профессор Қ.Жұбанов толымды жəне толымсыз сөйлемдерді «толық сөйлем» жəне «олқы сөйлем» деген атаулармен атайды да, «негізгі мүшелері түгел (бастауышы да, баяндауышы да бар) сөйлемді толық сөйлем дейміз», ал «негізгі мүшелерінің (бастауышының немесе баяндауышының) біреуі не екеуі де жоқ болса, сөйлес олқы сөйлем деп аталады» деген анықтама береді. Автор мысал ретінде мына өлең жолдарын келтіреді: Қартайды. Қайғы ойлады. Ұлғайды арман (Абай). Берілген өлең жолының соңғы сөйлемін толық сөйлем деп, алдыңғы екі сөйлемді олқы сөйлем деп көрсетеді [8].
Сөйлемнің толымсыздығын анықтау барысында сөйлемнің мағыналық жақтан толымсыздығын алатын болсақ, онда біздің ауызекі сөйлеу тіліміз, оның ішінде, əсіресе диалогтар толымсыз сөйлемдерден тұрар еді. Өйткені ауызекі сөйлеу тілінде сөйлемдер контекстен тыс тұрып еш мағынасыз, түсініксіз болып қалады.
Ал толымсыз сөйлемдердің толымсыздығы бас мүшесінің ғана емес, кез келген мүшесінің түсірілуінен де көрінеді, сондай-ақ сөйлем мүшесінің түсірілуі контекске, жағдаятқа жəне стильдік мақсаттарға байланысты болады. Мысалы:
Əбіш өз ішіндегі байлауын таласқа салғысы келмейді. Сондықтан кесіп айтты.
- Мені өз байлауымнан ойыстырам деме, Дəрмен.
- Əлде, Мағрипаға көңілің…
- Жо… жоқ!.. — деп Əбіш жауап қатты да: — Егер жар алатын болсам, жер жүзінде Мағрипадан басқаны тілемес едім, бəлки! Бірақ айттым ғой, оқу бітіріп болмай, шешпеймін. Кешеден менен жауап күтіп жүрген шығарсыңдар. Менің сөзім осы. Бұдан соң қайталап қажамаңдар! — деді (М.Ə.). Берілген мысалдағы Мағрипаға көңілің…деген сөйлемнің баяндауышы жағдаятқа байланысты түсіп қалғандығы аңғарылып тұр. Мұны Мағрипаға көңілің кетті ме? деп толықтыруға болады.
- — Рас. 2.Əке-шеше, аға-туыстары Мағрипаның жіпсіз тұсалғандай болғанына қосылатын болса керек. 3.Бірақ біздің ауылдар кеңшілік береміз деп жүрген жоқ. 4.Былтыр болмаса биыл… 5.Тіпті болмаса, өзің айтқан ендігі жыл, əйтеуір батаны бекітеміз деп жүр. 6.Ал Мағышқа осы жазда үміт беріп, серт байласып кетпесең, ұзақ қинауға салған боларсың (М.Ə.). Бұл мысалда 3- сөйлемде баяндауыш жоқ, ол ситуацияға байланысты түсіріліп, сөйлемді толымсыз етіп тұр. Баяндауыш ретінде батаны бекітеміз деп жүр дегенді алуға болады.
А.Атажанова өзінің «Эллипсистенген сөйлемдер» атты мақаласында: «Құрамында кейбір сөздер айтылмай, түсіп қалу нəтижесінде сыйыстыра қалыптасқан сөйлемдерді эллипсистенген сөйлем», — деп таниды [9]. Автордың пікірінен түсірілген мүшенің тек баяндауышқа қатысты еместігін, басқа мүшелердің де түсірілуі эллипсис құбылысы болатындығын мысалдарынан аңғаруға болады.
Тілдің құрылымдық нормасына жатқызылмай, ауызекі сөйлеу ерекшелігінің көрінісі саналып жүрген баяндауышсыз толымсыз сөйлемдерден тілдік элементтердің потенциалдық мүмкіндігінің жүзеге асатынын, белгілі бір сөйлеу ситуациясына икемделуін көруге болады. Ондай актуализаторларды біз баяндауыштың жүгін қоса атқарып тұратын объектілік мағынадағы мүшеден табуымызға болады. Бұндай мүшелер белгілі бір септік жалғауында тұратыны белгілі.
Баяндауышсыз толымсыз сөйлемдердің қазіргі тіліміздегі көрінісіне тоқталып өтейік.
- Оспан аулына тағы бір оқыршы келіп, алғашқы бір жұма, он күн ұдайы қонақ күтумен өтті.
- Бұл ауыл қазір Ойқұдықта. 3. Осы қоныста Тəкежан, Абай, Ақберді, Майбасар ауылдары да бар.
- Бар ауылдардың бойдақ жылқысы бөлек жайылады (М.Ə.). Бұл жерде 2-сөйлем баяндауышсыз беріліп тұр. Жатыс септігімен келген эллипсистенген сөйлем «тұр» немесе «отыр» сөзінің түсірілуімен мекендік мағынада жұмсалған.
Жатыс септікті сөз өзі тіркескен сөздің қалып-күйін білдіретініне мысалдар арқылы көз жеткіздік. Сонда жатыс септігі актуалдандырушы қызметке ие болып тұрса, эллипсистенген сөйлемдерде көбіне қалып етістіктері (отыр, тұр, жүр, жатыр) ықшамдалады екен. Қалып етістіктерінің қайсысы түсіп қалса да, бастауыштың не басқа мүшенің мағыналық валенттілігіне сүйеніп анықтауға болады.
Шығыс жалғаулы есім сөздің бастауышпен қиысып баяндауыш болып келетіні бар, ол бұл қызметте, негізінен, мекендік, заттың шығу тегін білдіру мағынасында болады. Мысалы: 1. Оразбай осыған таңырқап, біраздан соң өзі де күле сөйлейтін болды. 2. Оспан: –Оразеке! 3. Ашу ағадан, айып ініден! 4. Маған томырылып кетіпті депестіп ем! 5. Мен, өзің білесің, қазақ баласына жалынып, жорғалап көргем жоқ-ты. 6. Сенен қорқып отырғам жоқ. 7. Қойның толы арыз болғанымен, одан шошиын деп отырған Оспан жоқ (М.Ə.). Ашу ағадан, айып ініден! деген сөйлем шығыс септігі арқылы актуалданған, іс-əрекеттің шығу тегін білдіріп тұр. Түсірілген мүшені сөйлеу жағдаяты немесе контекст арқылы толықтырып, түсінікті етуге болады. Ондай жағдайда сөйлем мазмұнына да көп нұқсан келе қоймайды.
Тілімізде көмектес септігіндегі сөздің актуалдану жолымен эллипсистенген сөйлемдер де кездеседі. Бұл жағдайда сол сөйлем ішіндегі контекст, ситуация арқылы баяндауышты анықтауға болады. Мысалы: 1. Сүйеу қарт етреден бері бұлардың əңгімесіне араласпай, үлкен үйдің оң жағына салған төсекте тіп-тік боп қазықтай шаншылып отырған-ды. 2. Ол осы тұста ғана жүзін Еламанға шұғыл бұрды:
- Кіммен келдің?
- Жолдасыммен.
- Е, ол қай жолдасың?... (Ə.Н.).
Жолдасыммен деген толымсыз сөйлем көмектес септігі арқылы актуалданып «келдім» етістігінің түсірілуі арқылы жасалып тұр.
Тілімізде заттың əр түрлі күйін білдіретін есімдерден болған баяндауышы қатыспай тұрған сөйлемдер көп кездеседі. Мысалы: Сол елдің дəл ортасында Оспан ауылы немесе: Дəркембайдың өзінен жасы көп кіші əйелі, Рахымның шешесі — Жаңыл (М.Ə.).
Бұл жерде «тұр» қалып етістігі түсіп қалса, Оспан əйелдерінің үлкені — Еркежан (М.Ə.) дегенде «бар» модаль сөзі болмаса «еді» көмекшісі түсіріліп тұр. Қалып етістіктері де, «бар» есімі де заттың хал-күйін білдіретіндіктен, кейде түсіп қалған баяндауыштың орнына қатар үйлесіп келе береді.
- Ағылшын генералы аттанған бойда бұл бір топ кісімен алдыңғы шепке барды. Қасына ерген құрама командирлері. 3. Ішінде Тəңірберген де бар (Ə.Н.). 2-сөйлемдегі «бар» сөзінің түсіп қалғандығын өзінен кейінгі сөйлем аңғартып тұрғаны белгілі.
Көмектес септігіндегі сөздің актуалдануы арқылы жасалған эллипсистенген сөйлемдер тілімізде сирек кездеседі. Бұл жағдайда да баяндауышты контекст немесе жағдаят арқылы анықтауға болады. Тағы бір айта кететін жайт, актуализатор қызметін сирек те болса септеулік шылауларда атқара алады. Мысалы: Түсім — күзге қарсы, Бəрі — сен үшін, Алдымен — өзің туралы сияқты сөйлемдерде болады, істеледі, айт етістіктерінің түсіріліп тұрғандығы көрінеді.
Баяндауышсыз толымсыз сөйлемдерде контекст қызметінің зор екеніне, оның (контекстің) қызметін сол сөйлем ішіндегі актуалдандырушы мүшелер атқаратындығына көз жеткіздік.
П.А.Лекант бастауышқа қарағанда баяндауыш сирек түсіріледі. Біріншіден, баяндауыш сөйлемде хабарланатын жаңа ойды өзіне қорытады. Екіншіден, баяндауыштың көмегімен көп жағдайда сөйлемнің негізгі мағынасы предикативтілігі айтылады. Баяндауыштың түсірілу көрсеткіші толымсыз сөйлемдегі баяндауышқа қатысты тұрлаусыз мүшелердің тəуелді формасын көрсететін контекст болып табылатынын айтады [10]. Осы еңбегінде ғалым эллипсистенген сөйлемдерді толымсыз сөйлемдердің қатарына жатқызбайды. Біріншіден, оларға мағыналық толымдылық тəн жəне контекске тəуелсіз. Екіншіден, оның құрамындағы сөйлем мүшелері контекстегі қандай да бір сөздермен грамматикалық жағынан байланыссыз болып келеді. Үшіншіден, көрсетілген конструкцияларды кейбір етістіксіз сөйлемдермен тікелей салыстыруға келмейді дей келе, я — домой тəріздес мысалдар береді. Эллипсис — сөйлемдерде етістікті сөз тіркесінің қысқартылуы, етістікті компоненттердің түсірілуі. Əдетте, жалпы семантикалық жəне формалдық белгілері бар сөз тіркесі топтары түсіріледі [10; 143] деген. Зерттеушінің ойынша, баяндауышсыз толымсыз сөйлемдерді контекске тəуелді деп, эллипсистенген сөйлемді контекске тəуелсіз деп, екеуін екі құбылыс ретінде қарастыру қажет деп түйеді.
Баяндауышы түсірілген контекстік толымсыз сөйлемдер тек құрмалас сөйлем мен диалогтарда ғана кездеспейді де, синтаксистік тұтастықты қалыптастыратын келесі сөйлемдерде де кездеседі. Бұл синтаксистік бірлік құрамындағы бірінші бөлігі толымды, екіншісі толымсыз болады, түсірілген баяндауыш толық сөйлеммен толығады [11; 23–24].
Толымсыз сөйлеу үнемі синсемантикалы болып келеді. Синсемантикалық — толымсыз сөйлеудің негізгі функционалды қасиеті дей келе, А.Э.Гатина да жоғарыдағы ғалымдардың пікірімен үндес толымды-толымсыз айтылымның басты критерийі мəтіндік деңгейде көрінетіндігін айтады [12]. Жоғарыда келтірілген пікірлерді саралай келгенде, ғалымдардың көзқарастарында көп алшақтық жоқ. Көпшілігінде толымсыз сөйлемдердің контекст пен ситуацияға байланыстылығы айтылады. Эллипсистенген сөйлем мен толымсыз сөйлемдерді бір-біріне синоним ретінде қарастырады. Ал біз эллипсистенген сөйлемді баяндауышсыз толымсыз сөйлем деп қарастырдық.
Себебі эллипсиске ықшамдалу тəн, көбіне ықшамдалып қолданылатын — сөйлемнің баяндауыш мүшесі.
«Эллипсистік сөйлемдер толымсыз сөйлемдердің шегенделіп қалыптасқан түрі сияқты. Эллипсистік сөйлемдердің «түсіріп тастау» сияқты толымсыздығы жалпы контекспен «толығатын» жəне түсірілген сөздің контексте болуымен толымсыз сөйлемдерден елеулі айырмашылығы бар. Эллипсистенген сөйлемдердің бəріне тəн ортақ жайт — баяндауыштың қатыспауы. Мұндайда сөйлем негізін жасайтын мүшеге айрықша мəн беріледі» деп, З.И.Будагова эллипсистенген сөйлемдерді баяндауышсыз сөйлеммен пара-пар қарастырады [11]. Біз де осы көзқарасты құптайтындығымызды жоғарыда айтып кеткенбіз.
«Эллипсистену критерийі — оның құрастырушы сыңарларының бəрі бірдей есепке алынғанда ықпал ететін кешенді критерий. Эллипсисті тек осылай кешенді тұрғыдан қарастырғанда ғана, белгілердің тұтас шоғырын есепке алғанда ғана, біріншіден, «эллипсис» ұғымын контексті «нольдік қайталаудан» алшақ болуға, екіншіден, эллипсис пен тілдік көмескіліктердің түрлерінің ара жігін айқын ажыратуға болады» [13].
Қорыта айтқанда, сөйлемдегі түсірілген бастауыштың орнын контекст арқылы толықтыруға болады. Бірақ бұл үнемі сөйлем құрамынан бастауышты түсіріп тастай беруге болады деген сөз емес. Оның (бастауыштың) түсірілуі немесе, керісінше, түсірілмей айтылуының өзі стилистикалық талаптарға байланысты жүзеге асады. Осыған орай, тілімізде бастауышсыз толымсыз сөйлемдерді немесе толымды сөйлемдерді қолдану əр түрлі жағдайларға байланысты болып келеді. Белгілі бір ойды кейде толымды сөйлеммен жеткізу дұрыс болса, кейде толымсыз сөйлемдермен берген жөн. Белгілі бір мүшенің сөйлем құрылымында болмай қалуы берілетін хабардың, мəліметтің қабылдаушы санасына дұрыс жетпеуі не дұрыс түсінілмей қалуына ықпал етеді. Бұл жағдай, яғни бастауыштың түсірілуі, ауызекі сөйлеу тілінде кең таралған, ал автор тілінде мұндай жағдай автор тілінің ауызекі сөйлеу тіліне жақындаған сəтінде байқалады.
Баяндауышсыз толымсыз сөйлемдер контекст арқылы жасалатынын жəне оны жасауға белгілі бір септік жалғауында тұрған сөз, кейде аз да болса шылаулар актуалдандырушы қызмет атқаратындығын аңғардық. Тілімізде контекст пен ситуация арқылы баяндауышсыз толымсыз сөйлемдер кездесетіні көрініс береді.
Сонымен, контекстік толымсыз сөйлемдер дербес сөйлемдерді синтаксистік күрделі бірлікке біріктірудің бір жолы болып табылады. Мұны қазіргі қазақ тілінің фактілерінен байқадық.
Əдебиеттер тізімі
- Розенталь Э.Д., Теленкова М.А. Словарь-справочник лингвистических терминов. — М.: Просвещение, — С. 227.
- Аманжолов С. Қазақ əдеби тілінің қысқаша курсы. — Алматы: Санат, 1994. — 96-б.
- Балақаев М. Қазіргі қазақ тілі. — Астана, 2006. — 235 б.
- Төлегенов О. Жалпы модальды жəне мақсат мəнді жай сөйлем типтері. — Алматы: Мектеп, 1968. — 44-б.
- Сəдуақасұлы Ж. Қазақ тіліндегі бір құрамдық сөйлемдердің құрылымдық типтері: Филол. ғыл. д-ры …дис. автореф.— Алматы: Ғылым, 1997. — 26-б.
- Жақыпов Ж.А. Сөйлеу синтаксисінің сипаттары. — Қарағанды: ҚарМУ баспасы, 1999. — 67-б.
- Керімбекова Ұ. Бастауышсыз толымсыз сөйлем // Қазақстан мектебі. — 1973. — № 5. — 47-б.
- Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. — Алматы: Ғылым, 1966. — 146-б.
- Атажанова А. Эллипсистенген сөйлемдер // Қазақстан мектебі. — 1981. — № 7. — 81-б.
- Лекант П.А. Синтаксис простого предложения в современном русском языке. — М.: Высш. шк., 1974. — С.
- Будагова З.И. Эллиптические предложения в современном азербайджанском языке // Советская тюркология. —— № 5. — С. 10–16.
- Гатина А.Э. Неполное высказывание как строевая единица связного текста: Автореф. дис. ... канд. филол. наук. —М.: Высш. шк., 1989. — 28 с.
- Сковородников А.А. О критерии эллиптичности в русском синтаксисе // Вопросы языкознания. — — № 3. —С. 23.