«Сөйлеу этикеті» түсінігі «қатынас мəдениеті» түсінігімен тығыз байланысты. «Қатынас» феномені психология, философия, лингвистика, семиотика, педагогика, этика, эстетика жəне т.б. көптеген ғылымдардың негізінде дамып келеді. «Қатынас» феномені XX ғасырдың 60-шы жылдарынан бастап əлеуметтік-психологиялық теория деңгейіндегі барлық формадағы адамдардың психологиялық өзара əрекеттері ретінде зерттеле бастады. Қазіргі уақытта қатынас психологиясының қарқынды дамуына байланысты қатынас — адамның өзара қарым-қатынасының ерекше түрі ретінде анықталады. «Қатынас мəдениеті — көптеген қызметтер: педагогикалық, публицистикалық жəне т.б. саласындағы кəсіби құзырет белгісі болып табылады» [1; 106].
Қатынас мəдениеті адамдардың мыңдаған жылдар бойы қалыптастырған белгілі бір ережелері мен нормаларын сақтауға негізделген. Орта ғасырдан бастап адамдар арасындағы қатынастардың ережелері мен нормалары, соның ішінде «қоғамдағы адам əдептерінің əлеуметтік жинақталған нормалары» — этикет те жүйелене бастаған болатын [1; 270]. Этикет деп адамның рухани мəдениетімен, оның басқа адамдарға (айналасындағылармен тіл табысуы) жəне этикеттік маңызы бар заттарға (киімі, шаш үлгісі жəне т.б.) деген қатынасы айтылады. Адамдардың сөйлеу қатынасы тілдік əдептер деп аталуы қабылданған əдептің маңызды бөлігін құрайды. Н.И.Формановская жəне де басқа зерттеушілер «сөйлеу этикеті» түсінігін қалыптастырған болатын.
Сөйлеу этикеті — бұл əлеуметтік берілген жəне коммуниканттардың байланыстарын анықтау, қолдау мен аяқтау жағдаяттарындағы сөйлеу əдебін ресми жəне бейресми қатынас жағдайындағы олардың əлеуметтік жағдайлары мен рөлдеріне, рөлдік жəне тұлғалық қатынастарына сəйкес арнайы ұлттық реттеуші ереже [1; 12]. Сөйлеу этикеті коммуникативтік лингвистиканың, прагмалингвистиканың жəне де функционалдық стилистика, риторика, мəтін лингвистикасы, психолингвистика, когнитивтік лингвистика, əлеуметтік лингвистика, этнолингвистика мен паралингвистика сияқты бірқатар ғылыми бағыттардың да зерттеу нысаны болып табылады.
Қазіргі кездегі зерттеулер бізге сөйлеу этикетінің сипаттамалық негізгі ұстанымдарын айтуға мүмкіндік беріп отыр:
- Сөйлеу этикеті — қандай да бір қоғамда қабылданған адамдар айналасында жəне тиісті мəндермен жүзеге асырылатын сөйлеу əдебінің ережесі. Сөйлеу этикеті — бұл «қатынасты негіздейтін: тілдік, ұлттық, этникалық сияқты көптеген факторлардың түйісіп келетін, адамдар арасындағы қатынас саласы» [2]. Бір-біріне қарама-қарсы қойылған қандай да бір узустағы тыйым салу мен рұқсат ету, сөзсіз, осы қайшылықтардың мəдени құндылықтары тұрғысынан ғана беріледі. Жағдаятқа сəйкес емес сөйлеу этикеті формаларын қолдану қатынастың микроклиматының бұзылуына əкеліп соғады. Сөйлеу этикеті кез келген ұлттық мəдениеттің маңызды элементі де болып саналады. Оның мəдениетке екі жақты қатысы бар: 1) ол — қатынас, сөйлеу əдебі мəдениетінің элементі; 2) ол — тіл элементі, ал тіл болса — мəдениеттің туындауы мен өнімі, оның құралы мен оның сақтаушысы [1; 54]. Ұлттық мəдениет ерекшеліктері сыртқы белгілерде (мысалы, сəулет немесе киімі) ғана емес, сөйлеу əдебінің формаларында да көрініс береді. Мысалы, гректер: «Қуана бер!» деп амандасса, қытайлықтар ішінде ең алдымен: «Тамақ іштің бе?» сұрағынан басталады,ағылшындықтар: «Бүгін ауа райы жақсы» сұрағынан бастаса, қазақта амандасу: «Мал-жан аман ба? Үй-ішің аман ба?» сияқты сұрақтармен басталып жатады. Этнографиялық коммуникация мен басқа да ғылыми бағыттар сөйлеу əдебінің ұлттық-мəдени ерекшеліктеріне сүйенеді.
- Сөйлеу этикеті — тарихи «əлеуметтік мұраға қалады».
Əрбір халықтың салт-дəстүрі, эстетикалық талғамы, əдеп нормалары уақыт бойынша өзгеріп отырған тарихи құбылыс. Олар тілде көрінеді жəне сөйлеу əдебінің арнайы ережелері ретінде сөйлеу этикетін анықтайды. Адам қатынасының əлеуметтік детерминациясы сөйлеу этикеті əр уақытта қайтадан пайда болады дегенді білдірмейді; олар «əлеуметтік мұраның» тəсілі ретінде мəдени дəстүр механизмі арқылы ұрпақтан ұрпаққа беріледі». Мысалы, қонақ күту, оны қарсы алу, дастархан басындағы əңгіме тақырыбы, тамақ беру (сыйлы қонаққа берілетін ас түрлері), тағы басқа дəстүрлі этикеттер. «Этикеттік белгілердің саны шексіз, ол консерватизм мен тұрақтылық белгісіне қарамастан, қоғаммен бірге дамиды, біреуінің орнына біреуі келіп қосылып жатады» [1;7].
Ауызекі қатысым, немесе тілдік қатынас, адамдардың қоғамдағы əдебін қалыптастыратын маңызды үрдіс болса, тіл олардың объективті дүниетанымының деңгейін көрсетеді. Осы тұста Л.П.Якубинский сипаттаған əңгіме тақырыбына қатысты, тұрмысқа байланысты, əдеттегі қатысым жағдаяттарында жиі қайталанатын типтік фразалар біздің жадымызда дайын тұрады. Мəселен, Мейрамыңыз құтты болсын! — Рахмет; Нəрестенің бауы берік болсын! — Айтқаныңыз келсін. Жалпы типтік фразалар стереотиптердің нақты тобын, тұрақты сөйлеу формулаларын құрай отырып, адамдар арасындағы қарым-қатынастың орнауына қызмет етеді. Коммуниканттар осы формулалардың көмегімен ынтымақтастықтың белгілі ережелеріне сүйенетін жоғары мəдени деңгейлі, сəтті қатысым қалыптастырады. Бұл тұрақты формулалар сөйлеу этикеті бірліктерінің микрожүйесін құрайды. Сөйлеу этикетін нақты тілдік құбылыс деп жүйелеп зерттеген еңбектердің бары сөзсіз. Қазақстандық ғалымдар мен зерттеушілер де бұл мəселені назардан тыс қалдырған емес. Отандық тіл білімінде біраз зерттеу жұмыстары қазақша сөйлеу тіліне тəн этикет формулаларының əмбебап табиғатын ашатын ерекшелігін əр түрлі бағытта қарастырған.
Бата-тілек сөздері сөйлесу этикеті ретінде жүріп, белгілі бір жағдайға байланысты шартты мағынаға ие болады. Олардың мағыналық тараулары сəлемдесу, қоштасу, құттықтау, алғыс білдіру сияқты адамдардың əр түрлі жағдайларында кездеседі. Семантикасынан бағалауыштық мəн байқалады. Мысалы: кездесу кезінде айтылатын тілектер: қайырлы таң, қайырлы күн, қайырлы кеш; қоштасу кезінде: жолың болсын, кездескенше күн жақсы болсын т.б. Құттықтау тілектері: аспаның ашық болсын, денің сау болсын т.б. Ал тілек-баталарды қолдануда сөйлесімге қатысатын тек айтушы, ол берілген тілегі арқылы өз мақсатының жүзеге асуын көздейді. Тілектер болған оқиғаға байланысты, қарым-қатынас түріне қарай, жасына, жынысына қарамай үлкен де, кішіге де беріледі. Сондықтан эмоциялық пен бағалауыштық қызмет диалог арқылы емес, монолог арқылы жүзеге асады. Осы орайда тілек-батаның əсер туғызушы қызметі де бүтіндей мəтін ретінде прагматикалық аспектіні құрастырады. Мысалы:
Е, құдайым оңдасын,
Қыдыр келіп қолдасын.
Бас аман, мал түгел болып,
Береке, бірлік орнасын!
Алғыстарды, немесе баталарды, естігенде, олар жағымды сезімнің əсерінен туындағанын аңғарамыз. Тілек білдіру кезінде ішкі эмоция арқылы дауыс ырғағы реттеледі. «Баталардың прагматикалық бағыты риза болу, сүйіну, көңіл білдіру, ықылас таныту, қуану сияқты көңіл- күйлермен ұштасып жатса, қарғыстарда табалау, сөгіс білдіру, жақтырмау, мұқату сезімдері қабат келіп жатады. Мұндай эмоцияға толы сөздердің адам психикасына əсері мол» [3;85].
Батаның ғибратты-дидактикалық жəне коммуникативті қызметін басқа да тілдік бірліктердің бойынан байқауға болады. «Бата сөзі, бір жағынан, халық шығармаларына жататын тілі көркем, мазмұны келісті сөз үлгісі болса, екіншіден, тəлім-тəрбиелік мəні айрықша байырғы мұрағаттардың бірі. Халқымыздың бата беру, ізгі тілек айту салты, үшіншіден, сөз əдебі немесе, ғылым тілімен айтқанда, сөз этикеті деген аса мəнді «ережеге жатады»» [4]. Осы тұста, белгілі бір коммуникативті интенциямен жұмсалатын кез келген тілдік бірліктердің пресуппозициясына, фатикалық компонентіне, иллокутивті қызметіне бағытталған дайын жауаптардың да бар екенін айта кеткен жөн. Мысалы: Ораза қабыл болсын! — Айтқаныңыз келсін!; Сапарыңыз сəтті болсын! — Айтсын!; Жолың болсын! –Аумин!; Үй-іші тегіс аман ба? — (Құдайға) шүкір; Ертең кездесеміз ғой. — (Құдай) бұйыртса (қаласа).
Келтірілген мысалдардан байқағанымыздай, кез келген қазақ тілінде сөйлеуші бұл жауаптардың түпкі семантикалық пресуппозициясын айқындай алады. Қазақ сөйлеу тіліне тəн импликатуралар арқылы адресат стимулдың иллокуциясын қалай қабылдағанын, яғни, стимул бойындағы реактивті тапсырмамен келісетінін не келіспейтінін, болмаса оны растайтынын не қарсы келетінін көрсетеді. Мұндай жауаптар стимул интенциясымен ұтымды үйлесіп, коммуниканттар арасында түсіністік орнатуға қызмет етеді. Өйткені олар тыңдаушы санасында орныққан. Осындай тілде бар дайын жауаптар қандай сөйлеу жағдаятында жұмсалса да, өздерінің иллокутивті қызметін орындайды. Мысалы, төмендегі стимул-репликаларға бағытталатын дайын жауаптардың ерекше түрлері бар:
- Армысыз, əз аға! Асыл аға! — Бар бол, немен жүрсің, жарқыным? [5;11].
- Ассалаумағалайкум, Балта аға! Келдіңдер ме кешікпей... — Ақанбысың, əліксалам... Аманбысың, жарқыным (Құшақтасып амандасады) [5;103].
- Күйлі, қуаттымысыңдар, шешелерім! — Шүкір, қарағым... [5;181].
- Көбеймісің, жарқыным? Аз ауыл Тобықтың не күйде? Елің, ерің аман ба, ұлдарым? — Ел тыныш, ер аман, баба! [5;8].
Адресаттың бұл тіл бірліктерін қолдана алуы, яғни, белгілі халықтың мұндай тілдік ерекшелігін білгені оның дүниетанымы, тəрбиесі, білім қоры деңгейінің көрінісі. «Қазақ баталары халық дүниетанымына сай негізделген рухани байытушы мəтін болғандықтан, бата деп аталғаннан-ақ не айтылатыны жəне қалай айтылатыны нақты болмаса да əр қазақтың ұғымында бата мəтіннің прагматикалық формасы қалыптасады. «Бата» атауынан-ақ жақсылықтың нышаны елес беріп, жүрекке жылылық ұялатады» [3;81].
Тілек-бата туралы С.Негимов «Ақ бата» (1992), М.Еламжанов «Баталар» (1998), Қ.Ысқақов «Ақ бата» (2000), Н.Уəлиұлы «Бата-тілектер» (2003) өз еңбектерінде талдап айтқан. З.Б.Үмбеталина, Г.Смағұлова, С.Төлекова, С.Кенжеахметұлы, Н.Өсерұлы жəне т.б. этнограф-ғалымдар еңбектерінде бата мен қарғыс мəнді сөздердің топталуы туралы ой қорытқан болатын. Қазақ қауымында өмір сүрген би-шешендердің философиялық ой туғызатын бата, тілектерінің атқаратын қызметі зор. Əр əлеуметтік топтың өз тілі болады дейтін əлеуметтік лингвистикалық қағидаға сүйенетін болсақ, шешендік тіл — зиялы қауымның даналар тілі. Бата адам санасына айрықша формасымен əсер етеді, əрі оның негізгі мағынасы ойлау нəтижесінде аңғарылады. Ол бата берушінің өз басынан өткен, өмірдегі оқиғалардан алынған, алайда дəлелдеуді қажет етпейтін шындықты рухани қорытып шығаруы нəтижесінде пайда болады. Бата ықшам жəне жинақы берілген ойды көрсетумен қатар қысқа сөзбен түйінделіп отыратын тиянақты, бейнелі ой, оның əр тармағы жеке нақыл ретінде қолданылады. Баталар ұлттық-танымдық құрылым негізінде қалыптасатындықтан, қазақ болмысының, мəдениетінің рухани дүниетанымының көріністерін бейнелейді. «Бата-тілек айту жағдайындағы сөйлеу актісінде суггестор суггерендтен басым түсе отырып, белгілі бір мақсатқа сай əрекет етеді. Суггестиялау арқылы прагматикалық дəрежеге жету қатысымға қатысушылардың коммуникативтік жағдаятты психологиялық қабылдай алумен қатар, олардың арасында өзара түсінушілік, коммуникативті жəне лингвистикалық құзыреті мен тілдік қатынас ұғымдарын ұға алатын қазақ ұлты өкілі болуы қажет. Бұл тілек-батаның əрекет уақытында пайда болатын сөйлеу түрі емес, жағдаят кезінде тек дайын түрде қолданысқа түсетін сөйлеу түрі екендігін танытады» [3;41].
Тілек-бата сөздері ауызша сөйлеу үлгілеріне жатады, бата беруде эмоция мен сезім қатар жүреді. Сондықтан да бата беру кезеңіндегі психологиялық жағдайды ғалым А.Ж.Машимбаева бірнеше топқа бөліп қарастырған. «Олар:
а) бата беруге дайындық. Мұнда батагөй жалпы ортамен ықпал күшін арттыру үшін коммуникативтік қатынасқа түседі, бата берушінің ең алдымен ойлау қабілетінің жылдамдығы жоғары болу қажет;
ə) сөйлесімді қалыптастыру. Бата беру үшін əр түрлі əдіспен қатесіз, дəл мағынада, анық етіп, керекті батаға тəн тіркестерді қолдану қажет;
б) батаның тұтастықта сыртқа шығуы. Сөздің дыбыстық жағынан анық болып, интонация бірліктері арқылы ойлаудың сөйлеуге айналуы, бата беру сəтіндегі ортаны ұйытуы немесе эмоцияға берілуі;
в) батаның қабылдануы;
г) түсінісу. Бұл жағдай батагөйде вербалды, бата алушыда бейвербалды көрініс табады. Негізгі мақсаты — бата алушының ойына кей жағдайда əсер етуі» [3;81].
Бата-тілек, өсиет айту даналардың мəндік-мағыналық ерекше стильдік сөйлеу дəстүрі болып табылады. «Бата — біреуге алғыс бергенде айтылатын сөз. Батаны ақсақал адамдар айтады. Батагөй шалдар — басы бар табақты тартуға алып келгенде, жеп болғанда бата қылады», — деп айтқан болатын Ахмет Байтұрсынұлы [6]. Яғни батаны тек парасатты, данышпан, дана адам ғана айта алған. Келтірілген мысалда даланың батыл да батыр ұлы Кебекке Абыз бабаның берген батасы:
Кебек: Бағымды ашсын, батаңды бер, əз аға...
Ақбас құндыз алдымды ашсын, бата бер.
Абыз:
Адалдан бер, ақтан бер!
Бəлекетін жатқа бер,
Ер маңдайын баққа бер!
Абырой асар жаққа бер!
Қара түндей қазаны
Қас ойлаған жаққа бер!
Сөнбес күндей шат көңіл
Жазығы жоқ жасқа бер!
Адал жолды аққа бер
Мерейі асқан өренім
Кебек сынды таққа бер! [5; 13].
Байқап отырғанымыздай, бата атауының өзінен-ақ прагматикалық құбылысты байқаймыз. Өйткені бата қарым-қатынастың түрлі бағыттарын айқындайды. Оң бата, тілек жəне қарғыс болып бөлінетіндіктен, қуаныш пен реніштің түрлі жағдайлары жағдаят кезінде айқындалады. Ниеті түзу, жасы үлкен, рухани бай адам ғана бата бере алады. Осы орайда тілек-баталар сөйлеу түрінің үлгісі болғанымен де, жеке субъектілердің əрекет үстіндегі ойының көрінісі емес, тілдік қолданыста дайын күйінде сақталған халықтың рухани мұрасы. Ол айтушының ойын жеткізуде нақтылау мақсатында жеке пікіріне үстеме ретінде жұмсалады, «...бұл да қазақтың ескілікті əдет-ғұрпынан туған, батагөй қариялар айтатын сөз өнерінің бір түрі. Адам бойына жабысқан əр түрлі ауру-сырқауды сиқырлы сөзбен қуы, аластауға болады деп сенген халық, бір замандарда, бақ пен дəулетті де, бас амандығы мен байлықты да ақ тілеу айтып, бата беру арқылы дарытуға болады деп түсінген. Жарылқаймын десе де, жабырқаймын десе де Қыдыр атаның еркі біледі деп есептеген. Бата қалың нөпір ел бас қосқан жиындардың, тойлардың, астардың соңында айтылады» [7].
«Тілімізде алғыс мəніндегі бата-тілектермен қатар қарғыс мəнін білдіретін сөздер мен сөз тіркестерінің де молынан кездесетіні байқалады. Қарғыстардың да шығу тарихы алғыстар секілді көнеден келе жатқандығы тілдік деректерде байқалады. Мұның себебін адам психологиясының қуану мен ренжу сияқты көңіл-күйлері кезектесіп отыратындықтан, алғыс пен қарғыс, оң бата мен теріс бата да жағдаятқа байланысты айтылып отырған» [8]. Қазақ тілінің лексика-семантикалық жүйесінде құрылымдық жəне мағыналық тұрғыда ерекше лексикалық топ құрайтын тілдік таңбалардың бірі — қазақ тіліндегі алғыс жəне қарғыс мəнді сөздер. Қарғыс пен алғыстың шығу тегінің өте ертеде екенін айта келіп, Ə.Болғанбаев былай дейді: «Бұлардың негізгі идеялары көбіне діни ұғымдармен тығыз байланысты. Кісінің аузынан шыққан алғысы мен қарғысы арқылы адам баласының, жан- жануарлардың өмір тіршілігін оңайлатуға немесе қиындатуға, ұзартуға болады деген теріс ұғымнан келіп туған» [9]. Сөздерді мұндай тобы мазмұны жағынан этностың менталді дүниесіне тəн тілдік жəне тілден тысқары білімдер жүйесінің бар екенін көрсетеді. Бұл қазақ тіліндегі тілек атауына қатысты ассоциациялық өрістің мəнін ашып береді. Мұндай сөздерді ұғыну үшін тек қана белгілі бір дəрежедегі аялық білімі ғана емес, қазақи ұғымы да болу керек. Белгілі ғалым Н.Уəлиев: «Сөз шеберлігі тек нормаға тəн дұрыстықты көздемейді, сонымен қатар толып жатқан тілдік амал- тəсілдердің ішінен мағына, стильдік жағынан аса дəл, бедерлі, ұтымды түрін талғау дегенге саяды»,— деген пікір айтады [10; 362].
Тілдік норма — тіл мəдениетінің қарастыратын мəселесі. «Сөйлеу мəдениетіне жетілу, тілді тиімді пайдалана білу талабы арғы көне замандардың өзінде болған. Адам баласы өзінің өмірлік серігі, бүкіл тіршілігінің құралы, рухани айнасы — тіліне, оның тағдырына бейтарап қарамаған, оны қызғыштай қорып, мəпелеген. Қоғамның мəдени дəрежесін көтеру бағытындағы əрбір қадам алдымен тіл мəдениетін, жазу өнерін дұрыс жолға қою, жетілдіру талабынан бастап отырған» [10;118]. Тіл мəдениеті тілдік норманың 3 түрін қамтиды, олар: тілдік норма (лексикалық, сөзжасамдық, грамматикалық, дыбыстану нормасы); этика — сөз нормалары (сөйлеу этикасының ережелері); коммуникативті норма (сөйлеу қарым-қатынастың тиімділік қағидалары).
Тіл мəдениеті, тілдік норма туралы Р.Сыздықова, М.Балақаев, М.Серғалиев, Н.Уəлиев өз еңбектерінде жан-жақты қарастырған болатын. Қазіргі уақыт талабына сай, сондай-ақ, əлемдік тіл ғылымында тіл мəдениеті «сөйлеудің тиімділік теориясы» ретінде аталып, əрекеттестік (яғни, екі жақтың өзара қатынасының) бағытында зерттеліп жатыр. Осы əлемдік тіл мəдениеті көтерген мəселелерін қазақ тілі ғылымында жан-жақты зерттеудің прагматикалық аспекті арқылы шешу міндеті алға қоюлуда. «Тіл мəдениетінің басты мəселесі — тілдік құралдардың көмегімен қарым- қатынас жасау барысында адамға ықпал ету. Əрине, мұндайда тілдің эстетикалық, əдемілік жағынан əсер етуі басты назарға алынады. Демек, əркімнің жүріс-тұрысында, жалпы болмысында мəдениетті болуының қажеттілігі сияқты, сөйлеу, жазу үстінде де адамның, əр сөзді, сөз тіркесі мен сөйлемді тиісті мағынасында емес, соған қоса, тартымды, əсерлі қолдана білуі кең мағынадағы рухани мəдениеттіліктің бір саласы ретінде қаралуы тиіс. Тіл мəдениетінің ерекшелігін айқындайтын негізгі белгілер мен сапалар болады. Олардың бастылары мыналар: дұрыстық, дəлдік, логика, тазалық, мəнерлілік, сөздің байлығы жəне қисындылық» [11].
Тіл мəдениеті сөзді дұрыс, тəртібімен ғана пайдалану болып саналмайды, тіл мəдениеті эстетикалық бағдарды қамтамасыз етеді. Ол өзінің ең жоғары деңгейінде стилистикамен түйіседі, оның мəселелеріне игі ықпал етіп, стилистикалық норманың қалыптасуына толық мүмкіндік жасап береді. Стилистикалық нормадан тілдік норманың өзгешелігі мынада: əдеби тілдің тілдік нормасын қолдану аясы шектеулі емес. Тілдік норма жалпы қолданыстың дұрыстық сапаларын игеріп отырады. Тілдік норманың функционалдық табиғаты варианттылықтың бар болуымен байланысты. Тілдік тəсілдердің варианттылығы əдеби тілдің функционалды-стилистикалық жіктелуін қамтамасыз етеді. Тіл нормасы белгілі жүйелілік пен бірізділікке бағынады. Əр халықта бір-біріне ортақ болып келетін лексикалық мағынасымен бірге сыпайылық мағына білдіретін сөздер көп екенін байқауға болады.
Сөйлеу этикетінің табиғатына келсек, сөйлеу этикетінің микрожүйесі — тілдік қатынас барысында əлеуметтік-реттеу қызметін атқаратын тілдік амалдардың жиынтығы. Бұл жүйенің екі жақты бағыты бар, біріншіден, сөйлеу этикеті тілдік жүйеге жатады, оның бірліктері тілдік нормаға тəуелді. Ал, екіншіден, сөйлеу этикеті жалпы этикеттің құрамдас бөлшегі ретінде адамның тəртібін басқаратын басқа формалармен тығыз байланысты. Объективті шарттар адамдардың əрекетін реттейтін болғандықтан, мұндай əрекетті өзіне сай ережелер, нормативтер бақылайды. Сондықтан да əлеуметтік нормалар əлеуметтік келісімнің маңызды механизмі қызметін атқарады. Демек сөйлеу тілінің қозғалысты, субъективті сипатымен байланысты сөйлеу нормасы болады. Ал сөйлеу нормасын «тілдік қолданыста таңдап, белгілеп пайдаланатын тұрақты, дəстүрлі тілдік құрылымның элементтерін сыртқа шығару» деп анықтайтын болсақ, онда бұл дегеніміз, нені айтуға болмайды, белгілі қоғамдағы дəстүр бойынша қалай айтуға болатынына көңіл бөлу керек.
Əр заманда əр халыққа тəн əдептер мен дəстүрлер өмірге келіп, соларға сай сыпайылық қағидалар туындап, ғасырлардан ғасырларға жалғасып, ұласып жатады. Тыңдаушының сөйлесім мазмұнын дұрыс қабылдауы пікірлесімге қатысушылардың сөйлесу тəжірибесінің ортақ сипатына тікелей байланысты. Осы тұста П.Грайстың атақты ынтымақтастық қағидасы да адресаттың коммуникативті қызығушылығын есепке алу керектігін көздейтінін айта кеткіміз келеді. Басқаша айтқанда, бұл қағиданың негізінде қатысымның сəтті жүзеге асуы алдымен тыңдаушыға тікелей байланысты екендігі жатыр. Сонымен, П.Грайс ұсынған ынтымақтастық қағидасы: «1) белгілі хабарды айт; 2) тек қана шындықты айт; 3) тақырыптан ауытқыма; 4) анық сөйле; 5) сыпайы бол», — дейді. Бұл адресатқа қарағанда сөйлеушіге қойылатын коммуникативті міндеттердің талабы. Сонымен, адресаттың ролін сөйлеудің тек əлеуметтік этикет формасы қана белгілемейді. Ол сөйлеушіні өз сөйлеу əрекетін дұрыс ұйымдастыруға итермелейді. Демек кез келген ауытқу тыңдаушының қайта сұрауларымен əшкереленуі мүмкін, себебі «сөйлеуге өңдеу жасау адресат факторының қысымымен жүзеге асады [12].
Сөйлеу актілері арқылы тыңдаушыға əсер ету үшін сөйлеуші белгілі тіл бірліктерін қолданады. Кез келген перлокутивті қызмет негізінде сөйлесімнің үш салаға: əрекетке, ойға, эмоцияға бағытталған перлокутивті мақсаты жатыр. Сөйлеу актілерінің прагматикалық типтерінде (констатив, квеситив, директив, менасив жəне т.б.) тілдік бірліктермен берілген авторлық интенция перлокуцияны да болжайды.
Сөйлеу əрекетін жоспарлап, оны жүзеге асыру кезінде коммуникант қатысымға қатысушының əлеуметтік сипатын, соның ішінде рольдік сипатын есепке алады. Себебі сөйлесу барысында адамдар не тыңдаушы, не сөйлеушінің ролін қабылдайды да, əрекетке қатысты өз бағаларын береді. Қарым- қатынас үрдісін əлеуметтік тұрғыдан бақылау қатысымдағы адамдардың рольдік репертуарына сай жүргізіледі. Психологияда роль дегеніміз — əркімнің əр түрлі əлеуметтік позицияда өзіне тағайындалған, белгіленген əдебі. Əрине, бір адам жағдаят түріне қарай əр түрлі роль (əке, отбасының мүшесі, маман, тұтынушы, жолаушы т.с.) орындайды. Бұл жерде оның əлеуметтік ролінің алатын орны ерекше. Себебі əлеуметтік рольдер қатысымға қатысушылардың сөйлеу əдебін анықтайды. Жағдаят кез келген коммуникативтік актіге əсер ету есебімен қатысушылардың əлеуметтік рольдерінің, олардың психологиялық күйін толық қарастырады. Сөйлеуші де, тыңдаушы да өз ниеттерін сөйлеу қадамы арқылы білдіруі вербалды жəне əрекет түрінде жүзеге асатыны белгілі. Қатысымға қатысушылардың мақсаты мен уəжі коммуникативтік жағдаяттың компоненттерімен тығыз байланысты. Қатысымға қатысушылардың қоғамның мүшесі ретінде, сол қоғам белгілеген əлеуметтік нормалар мен ережелерді қолдануын, сөйлеу этикетімен есептесуін қадағалайтын — уəж. Мақсат — мүмкін нұсқалардың қолайлысын дұрыстап таңдау. Сөйлеу əдебінің нормасы əлеуметтік жəне мəдени мəнбірлерге сүйенеді де, ұлттық ерекшелікпен ерекшеленеді. Сонымен осы сипатталған мəселелерді ескере отырып, прагматикаға қайта оралсақ.
Кең тараған көзқарас бойынша, «прагматика» ұғымы — адамның тіл бірліктеріне деген қатынасын зерттейтін сала. Ал тіл бірліктерін де адам қолданатын болғандықтан, қатысым прагматикасын тіл бірліктерінің өзара қарым-қатынасынан іздемеу керек, оны коммуникацияға қатысушы адамдардың қарым-қатынасынан іздеген жөн. Себебі прагматиканың орталық категориясы — субъект категориясы, əлеуметтік жағдаят категориясы, яғни, адресат факторы. Əрине, бұл сөйлеу əдебінің қоғамдық белгіленген, дағдылы тəртібі екені рас, жəне сол қоғам мүшелері ұлттық ерекшеліктің осындай сөйлеу формулаларында бекітілгенін біледі. Дей тұрғанмен, сөйлеу формулалары тарихи құбылысқа, оқиғаға байланысты өзгермелі болады.
Бұл мысалдардың біріншісінде қазақ тілінде сөйлеуші реципиент үшін ақсақалдың батасын алу, сыпайы сөйлесу, алғыс алу — мерейлі, мəртебелі іс, қоғамда белгілі бір қалыптасқан дəстүріміздегі үлкенді сыйлау, кішіге құрмет жасау, қонаққа шақыру, бата алу сияқты əдеп ережелері тұрғанын бірден түсінеді. Сонымен, сөйлеуші де, тыңдаушы да немесе адресант пен адресаттар — белгілі бір əлеуметтік жіктің өкілдері. Адамның дағдылы іс-əрекеті немесе əлеуметтік əдебі, оның ішінде сөз əдебі, сол əлеуметтік қоғамға, ортаға лайық болады. Қатынасқа қатысушылардың жас ерекшелігі, жынысы, мекені, кəсібі, жұмысы, отбасындағы орны оның əлеуметтік белгілері болып табылады. Кез келген қатынасқа қатысушы адам өзінің əлеуметтік белгілеріне қарай, рөліне қарай сөйлейді.
Коммуникативтік тұлғалардың сөйлеуі тек жасына ғана емес, алған білім деңгейіне, өскен ортасына, қызметі мен кəсібіне, бір сөзбен айтқанда, əлеуметтік мəртебесіне байланысты болып келеді. Əдетте коммуникативтік тұлғаның жүріс-тұрысы, əлеуметтік əдебі сол ортада қалыптасқан нормаға сай болады. Сол нормаға сай тілдік қатынас жасайды. Алайда сол қоғамда қалыптасқан нормадан, ұстанымдардан ауытқыса, қатынас бұзылады. Сондықтан əрбір сөйлеуші сөйлеу барысында барынша сыпайылық сақтап, бірлестік, ынтымақтастық ұстанымын орынды қолдануға əрекеттенеді. Сондықтан, тілде бар айла-тəсілдерді, тактикаларды ұтымды қолдану арқасында сəтсіз коммуникативтік жағдаятты болдыртпауға тырысу керек.
Əдебиеттер тізімі
- Формановская Н.И. Речевой этикет и культура общения. — М.: Высш. шк., 2002. — 456 с.
- Клюев Е.В. Речевая коммуникация. — М.: Рипол Классик, 2002. — С.
- Машимбаева А.Ж. Тілек-бата сөздерінің суггестиясы мен прагматикасы. — Алматы: Арда, 2009. — 124 б.
- Қобланова А. Қазақ сөз этикеті: Канд. дис. ... автореф. — Алматы, 1998. — 108-б.
- Қазақ пьесалары. — Алматы: Өнер, 1957. — 256 б.
- Байтұрсынұлы А. Тіл тағылымы. — Алматы: Білім, 1992. — 28-б.
- Уахатов Б. Қазақтың халық өлеңдері. — Алматы: Ғылым, 1974. — 131-б.
- Смағұлова Г. Мəтін лингвистикасы. — Алматы: Қазақ ун-ті, 2002. — 36-б.
- Болғанбаев Ə. Қазақ тіліндегі алғыс жəне қарғыс мəнді тұрақты тіркестер. Қазақ тілі тарихы мен диалектологиясы мəселелері. — Алматы: Өнер, 1960. — 117–121-б.
- Уəлиев Н. Қазақ тіліндегі фразеологизмдер жəне тілдік норма. — Алматы: Ғылым,
- Балақаев М., Серғалиев М. Қазақ тілінің мəдениеті. — Алматы: Зият-Пресс, 2004. — 114-б.
- Арутюнова Н.Д. Фактор адресата // Изв. АН СССР. (Сер. литературы и языка). — 1981. — Т. 40. — № 4.