Другие статьи

Цель нашей работы - изучение аминокислотного и минерального состава травы чертополоха поникшего
2010

Слово «этика» произошло от греческого «ethos», что в переводе означает обычай, нрав. Нравы и обычаи наших предков и составляли их нравственность, общепринятые нормы поведения.
2010

Артериальная гипертензия (АГ) является важнейшей медико-социальной проблемой. У 30% взрослого населения развитых стран мира определяется повышенный уровень артериального давления (АД) и у 12-15 % - наблюдается стойкая артериальная гипертензия
2010

Целью нашего исследования явилось определение эффективности применения препарата «Гинолакт» для лечения ВД у беременных.
2010

Целью нашего исследования явилось изучение эффективности и безопасности препарата лазолван 30мг у амбулаторных больных с ХОБЛ.
2010

Деформирующий остеоартроз (ДОА) в настоящее время является наиболее распространенным дегенеративно-дистрофическим заболеванием суставов, которым страдают не менее 20% населения земного шара.
2010

Целью работы явилась оценка анальгетической эффективности препарата Кетанов (кеторолак трометамин), у хирургических больных в послеоперационном периоде и возможности уменьшения использования наркотических анальгетиков.
2010

Для более объективного подтверждения мембранно-стабилизирующего влияния карбамезапина и ламиктала нами оценивались перекисная и механическая стойкости эритроцитов у больных эпилепсией
2010

Нами было проведено клинико-нейропсихологическое обследование 250 больных с ХИСФ (работающих в фосфорном производстве Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции)
2010


C использованием разработанных алгоритмов и моделей был произведен анализ ситуации в системе здравоохранения биогеохимической провинции. Рассчитаны интегрированные показатели здоровья
2010

Специфические особенности Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции связаны с производством фосфорных минеральных удобрений.
2010

Психолингвистикадағы уəждеме мəселесі

Адамзат баласының болашақ үшін қоғамдық, мəдени-əлеуметтік, экономикалық, тағы басқа күресі, сан ғасырлық тарихы, рухани жаңғырулары ұрпақтан ұрпаққа сол ұлттың тілінде сақталуы арқылы жетеді. Ана тілінің өміршеңдік қызметінің қуаты мен құдіреті, негізінде, жаңа ұрпақтың ұлтымыздың көне тарихы мен мəдениетін дұрыс танып-білуінен бастау алады. Осы бастаулар кешенді тіл ғылымының көкжиегінде тағылымдық мəні зор ұлт тілінің өн бойынан ұлттық мəдениеттің көзі ретінде табылады. Осымен байланысты тіл табиғатының қыр-сыры өзге ғылым салаларымен (психология, антропология, этнография, мəдениеттану т.б.) тығыз қарым-қатынастың негізінде танылып, зерделеніп отыр. Өйткені ұлттық тілдің болмысын шынайы тану үшін тілдің өзіндік ішкі заңдылықтарын білу жеткіліксіз, оның түпкі тамыры сол тілде сөйлеуші этностың ғасырлар бойғы тарихымен, ділімен, дінімен, тұрмыс-салтымен, мəдениетімен тікелей байланысты екені сөзсіз. Сондықтан ұлттық тілді сол этностың ділімен, мəдениетімен, танымымен, тарихымен біріктіре қарау мəселесі тіл ғылымында өзіндік өріс алып келе жатқан антрополингвистика, психолингвистика, когнитивті лингвистика, əлеуметтік лингвистика сияқты жаңа бағыттардың тууына себепші болды.

Осыған орай, тілді дамытуға жəне тануға жан-жақты мəн беріліп отырған қазіргі кезеңде тіл антропоөзектік бағытында қарастыруымен сипатталады. Демек, бұл — тілді зерттеудің мүддесін нысаннан инсанға аудару, яғни адамды тіл арқылы жəне, керісінше, тілді адам арқылы анықтау. Сондықтан жаңа ғылыми парадигмаға сəйкес тілді зерттеуде негізгі назар тілдік жеке тұлғаға аударылады, сонымен байланысты тілді зерттеудің жаңа мақсаттары, маңызды ұғымдар мен тəсілдер, тіларалық теориялық негіздері қалыптаса бастады. Атап айтқанда, антропоөзектік парадигма бірінші орынға адамды шығарады да, тіл адам психикасын құрастырушы сипатта қарастырылады. Адамның сөзді қабылдауы, сөз талғауы, бірдейлестіруі, олардың қыр-сырын ой елегінен өткізе пайымдауы, соның салдарынан жинақталар ақпараттар мен мəліметтерді жадыда сақталар қор ретінде жүйелеу — барлығы тілдік бірліктердің болмысын ішкі жəне сыртқы əсерлер тұрғысынан талдауға жол ашады, ал құрылымдық принциптер психологиялық, философиялық, логикалық, танымдық қағидаларға ұласып, тіл білімі ғылымының өрісін кеңейте түсуге ықпал етеді.

Тіл біліміндегі ат қою, ғылымиландырып атасақ, номинация теориясының да адамзат психикасымен, ойлауымен, таңбатануымен байланысы баршылық. Осы түйісте сөздің уəждемесі (мотивациясы) туралы мəселе келіп шығады.

Уəждеме құбылысына тіл білімі ғылымында тоқтамды, тұрақталып қалыптасқан анықтама берілмеді десе де болады. Бұған айқын дəлелдің бірегейі сол, бұл құбылыстың өзін əр түрлі терминдермен береді: мотивировка, мотивация, сөздің ішкі формасы, семантикалық форма, сөз образдылығы, сөздің мағыналық белгісі, сөздің этимологиялық құрылымы, негіздеме, уəждеме т.б.

Тіл — адам танымының айнасы болғандықтан, тілді таңбалық жүйе аясында қарасақ, уəждеме арқылы зат пен құбылыс атауының табиғатына бойлауға, қажеттілігін түсінуге, атаудың негізін түйсінуге, зат пен құбылыс жəне олардың атауларының арасындағы əлдебір байланысты айқын сезінуге, пайымдап байқауға болады. Қазақ тілінде уəждемеге берілген екі қысқаша анықтама қолымызда бар:

«Мотивация, уəждену (фр. motif — сылтау, дəйектеме; ағыл. motivation — уəждеме, дəлелдеме) — тіл арқылы аталған заттың немесе құбылыстың белгілерін бейнелеу актісі [1]. Əдетте, мотивация мəні диахрониялық тұрғыдан ашылады. Мысалы, тіліміздегі қабырғасымен кеңесу деген фразеологиялық тіркестің «үйдегі əйелімен, отбасымен кеңесу, ақылдасу» мəнінде қолданылатыны бəрімізге белгілі. Ал осы тіркестің шығу төркінін христиан дінінің қасиетті кітабы «Таураттан» іздеуге болады. «Жаратылыстың басталуы» тарауында құдай көк пен жерді жаратқан соң топырақтан еркек адамды жасап, оған жан бітіріп, «адамның жалғыз болғаны жараспас» деп, оның бір қабырғасынан əйел жасап берді. Осындай мотивация негізінде фразеологизм пайда болған.

Екінші бір «Лингвистикалық түсіндірме сөздікте» уəждемені «туынды жəне күрделі сөз мағыналарының, оларды құрайтын сөздердің мағыналарына тəуелді болуы» деп көрсетеді [2].

Көріп отырғанымыздай, назар күрделі сөздің, тіркестің мағыналық құрамына, таза экстралингвистикалық оқиғаларға аударылады екен. Ал жеке сөз мағынасының уəжіне бойлай қойған жоқпыз. Ал мұның адам психикасының даму үдерісімен қалай да бір байланыста екеніне күмəндануға болмайды.

Сөзжасам барысында сөз жасаушы бірліктер уəждемені тудыруға себепші болады да, ал оның нəтижесінде туған жаңа атау уəжделген таңба болып саналады. Демек, уəждеме номинациямен (затты сөзбен атаумен) байланысты қарастырылуы қажет.

Күнделікті тұрмыста уəжделмеген сөздер ішкі тұрпаты айқын сөздер сияқты белгілі бір заттың атауы қызметін атқарады. Дей тұрсақ та, мұндай уəжделмеген сөздермен салыстырғанда, уəжделген сөздер қолданылу аясы, таңбалық қасиеті тез қабылданып, санада, есте берік сақталады. Уəжделу байланысы — сөздік құрамдағы жүйелі қатынастардың маңызды түрі сөздік құрам болады.

Құбылыс немесе зат атауының түп-төркініндегі бастапқы негіз оның субъектіге қалай əсер етуінде жатады. Əрбір зат пен құбылыс табиғи жəне табиғи емес қасиеттерден, белгілерден тұрады. Олардың бəрі бірдей бір мезгілде адам психикасында, санасында орнығуы қиын. Сондықтан солардың ішіндегі біреуі я бірнешеуі ғана іріктеліп, екшеліп шығады да, адам жадынан ерекше орын алады. Нысанды бейнелеу үшін тілдік жүйе іске қосылады да, түйсікпен қабылданған алғашқы белгі (қасиет, сипат) кеңейіп, өрістей түседі. Осылайша таңдап алынған қасиет барлық физиологиялық қатынастарға тəуелді емес. Əсер етуші қозғаушы күштің қайсысы неғұрлым басым болса, адам санасына тек сол ғана ерекше əсер етеді деген түсінік тумаса керек. Себебі осының нəтижесінде ұғынылмақ мағынасы бар сөздің я басқа тілдік таңбаның бəрі бірдей қалыпты нормаға айналып кете бермейді. Ми қабатының қызметі арқылы заттың немесе құбылыстың тек бір ғана қасиеті сүзіліп шығып, оны субъект берік қабылдайды. Сүзуден өткен санадағы осындай құбылыс тілде дұрыс əрі жиі пайдаланылады. Мысалы, сағақ деген сөздің жалпы қасиеті (мағынасы) бір нəрсенің төменгі жіңішке, қылта жағын таңбалайды. Алайда қазақ əдеби тілінде бұл малдың мойыны мен иегінің арасын білдірсе, оңтүстік өңірде оның «төменгі жақ» мағынасы басым болып қабылданудың нəтижесінде жəне тұрмыс-тіршіліктің ерекшелігіне орай «ағаштың ең төменгі бұтағын» таңбалайды.

Құбылыстың не заттың белгілі бір бастапқы қасиет, сипатын белгілеуге арналған сөздің тілдік даму жолында алғашқы мағынасының көмескі тартып кетуі де тіл тарихына белгілі үдеріс. Мəселен, «тон» сөзі алғашқыда киім атаулыны белгілеуге бағытталса, қазір ол жалпы тектік сипаттан айырылып, киімнің бір ғана түрін таңбалайды. Кейбір сөздің аталуы сол құбылыстың я заттың адам психикасында қалай қабылданып, оған қай жағынан əсер еткендігімен байланысты болады.

Сондықтан кез келген сөз белгілі бір нысан арқылы уəжделеді. Тілдік таңбаның таңбаланушымен арасындағы байланыстың еркін болуы нəтижесінде келе-келе сөз бен оның түпкі уəжі арасындағы байланыс алшақ тартады, сөз өзінің «тегін жатсынады». Осының нəтижесінде лексикалық бірлік деэтимологияланып, уəжі күңгірттенеді. Тілдік таңбалау еркін құбылыс болып шыға келеді. Сонымен қатар адам психикасының табиғаты, қызметінің икемділігі сондай, түсініксіз деген сөздерді қайта өңдеп, оның тағы бір жаңа баламасын тауып, соған қайтадан уəждеме жасай алады.

«... мотивацияның көптеген біржақты анықтамалары зат атауының тек экстралингвистикалық немесе тілдің ішкі ерекшелігіне көңіл бөлумен шектеледі. Ойдың мазмұнын жеткізу жолы бір ғана тіл арқылы іске асқанымен, оның өзі түрлі физикалық жақтан қабылданып, түрлі физикалық жағынан беріледі» [3].

Себебі əрбір құбылыс адамның сезім ағзаларының бəріне бірдей əсер етпейді, біреуін ерекше қабылдайды. Мысалы, көзбен көру арқылы қабылданған сезімді адамның дыбыстық тілі тек сол көрініс ұғымында ғана, тыңдау арқылы қабылданған сезімді тек сол дыбыс күйінде жеткізе алады. Бастапқы атауға негіз болатын алғашқы импульсті беретін тіл емес, керісінше, адам сол құбылысты таныту үшін тілдік құралды талап ететін заттың өзі психикаға əсер ету арқылы нұсқау береді.

Сөздің уəжделуі уəждеменің ең өзекті, басты теориясының бірі ретінде саналады. Бұл ұғымға берілетін анықтамалардың түрлі варианттары қолданылып жүр. Мысалы, заттың атау алу заңдылығы принциптеріне сүйенетін тілдегі ономосиология ғылымы уəжделуді былайша түсіндіреді: Уəжделу үдерісі — тілді ономосиологиялық жағынан ыңғайластыратын, атаудың негізінде себеп болатын, белгілі бір уəждің барысында шығатын атаудың формасы. Уəжделудің анықтамасын іздегенде басты рөлді тілдік қатынастар атқаратынын ұмытпаған жөн. Себебі əрбір ой, əрбір лексикалық бірлік əр ұғымда əр түрлі болып қалыптасады.

Уəжделуді қарастырғанда лексикалық материалды лексикологияның аспектісінен іздестіру жиі кездеседі: сөз мағынасының уəжделуі оның құрылымы мен тілдік жүйедегі сөйлеу элементтерінің тірі санамен болатын семантикалық қарым-қатынасынан көрінеді.

Уəжделу — күрделі бүтіннің мағынасынан сол бүтіннің бөлшектерінің мағынасын алып шығу, сөздің семантикасы мен айтылуының, дыбысталу мен мағынаның арасындағы байланыстың негізгі себепкері.

Уəждемелік мағына синхронды түрдегі сөз өндіру факторы ретінде психолингвистикалық тұрғыдан егжей-тегжейлі, өте ұқыпты зерттеуді қажет етеді.

Психолингвистиканың пəнін айқындауда даулы мəселелер баршылық, қазіргі психолингвистикадағы бірқатар қағидалар нақты емес, зерттеуге алынған мəселелерде айқын меже жоқ десе де болады. Бұл жайттан психолингвистика осы күнге дейін арыла алмай отыр. Себебі оның қамтып отырған проблемалар аясы өте кең, əр алуан, əр текті. Басқа сала өрістеріне жиі жайылып кетеді. Мұның өзі біздің зерттеуімізді бұлдыр шексіздікке апарып соғардай əсер етеді. Сондықтан ділдік лексиконға қатысты айқын деген құбылыстарды негізгі нысанаға алуға тура келеді.

Психолингвистика аясында тіл білімінің философиялық аспектісі мен психологияға арналған зерттеулер баршылық. Бұлардың қатарына тіл мен ойлау, тіл мен сананың өзара ықпалы мəселесіне арналған, онтогенездік жəне филогенездік тұрғыдан адам санасының қалыптасуына бағытталған еңбектер жатады. Ойлаудың таңбалық сипаты проблемасы да осы тұрғыдан зерттеліп жүр. Мəселен, неогумбольдтшіл Лео Вайсгербердің «Ана тілі жəне рухтың қалыптасуы» атты еңбегі тіл философиясы тұрғысынан жазылған. Солай бола тұра бұл ғалымның осы еңбектегі пікірлеріне психолингвистер дəйек ретінде жиі назар аударып отырады. Вайсгербердің психолингвистикаға сүйеніш болып жүрген кең тараған бір пікірі мынадай [4]. Ғалым таңбаның мүмкіндігін саралай келе, таңбаның мынадай қызметтерін көрсетеді:

  • оқиғалар легіндегі бір сəтті белгілейді, ол сəтті басқа сəттерден өзгешелейді де сол арқылы оған жаңа айқындық, анықтық қосады;
  • тəжірибе арқылы сезінуді еркін түрде қайта қайталауға мүмкіндік береді жəне оны жеңілдетеді;
  • түрлі сезім толқыныстарының арасын байланыстыруға көмектеседі де, соның арқасында нақты бір сезім толқынысынан көптеген басқа құбылыстарды жалпылап ойлап қорытып шығаруға болады.

Ділдік лексиконның түзілуінде бұл қызметтер белсенді əрекеттерге жатады.

Мəтінді ұғыну-ұғындыру туралы ғылым ретінде герменевтика да психолингвистикамен жақын, шектес. Герменевтикада сөз (сөйлеу іс-əрекеті) мəтіннің өзі мен оның қабылдануы, болмысты адамның түсіндіруі мен түсінуінің тұрғысынан қарастырылады. Герменевтикада да, психолингвистикадағы сияқты, мəтінді интерпретациялаудың көп түрлілігі, көп нұсқалы болатыны туралы қағида бар. Бұл жайт ділдік лексикондағы сөз ұғыным үдерісінде де кездеседі.

Психолингвистикада мəдениеттану мен ұлттық психологияға, ұлттық танымға шектесетін бірқатар ортақ проблемалар бар. Атап айтсақ, тіл-тілдегі əлем бейнелерінің арасында айырмашылықтың болуы тілдердің құрылымымен ғана емес, сол тілде сөйлеушілердің дүниені өзінше, сол тілдің «көзімен» көруімен де байланысты екендігі туралы ойлар. Дəйек ретінде мына бір қағидаларға ой жіберіп көріңіз. Данышпан қазақ шығарған мақал: «Сөзіне қарай кісіні ал, — Кісіге қарап сөз алма». В. фон Гумбольдт: «Тіл — халықтың рухы, мəні». Л.Вайсгербер: «Тілде халықтың тəжірибесі, сол тілдің өкілдеріне маңызды дегеннің бəрі сақталады». Ділдік лексиконның түзіліп, қалыптасуындағы ұлттық факторлар үлкен-үлкен зерттеулерді күтіп тұр.

Қазақ тіл білімінде психолингвистика дербес сала болып қалыптасқан жоқ. Жоспарлы түрде зерттеу мен оқытудың өзі санаулы ғана уақыттың еншісінде. Оның бір айқын дəлелі — қазақ тілінде атап көрсетерліктей іргелі арнайы зерттеу еңбегі немесе оқулықтың қолда жоқтығы. Бізде тіл құбылыстарының психикамен байланысы модальділік шеңбері көбіне мағынадағы эмоционалдық-экспрессивтілік аясынан аспайды десек, асырып айтқан бола қоймайды. Себебі қазақ тіл білімінде сөйлеу үдерісі емес, тіл зерттеледі. Көп тұста тіл мен сөйлеудің ара жігі ажыратылмай талданады. Бір дəйек келтірейік: «Психолингвистикалық құбылыстар (түйсік, қабылдау, сезім т.б.) сөйлеу үдерісіне тікелей қатысады. Адам ауызекі немесе жазба тіл арқылы қатынас жасағанда, белгілі бір ұғымды білдірумен бірге, сол ұғымға деген өзінің көзқарасын да қоса аңғартады. Демек, тіл ойды ғана емес, сонымен қатар адамның сезімін, жан дүниесін де білдіреді. Мысалы, оңбаған, қаныпезер, жауыз немесе сұлу, əдемі, көрікті, керім сияқты синонимдік қатардың құрамындағы сөздер бір-бірінен тек лексикалық мағынасымен ғана емес, сонымен қатар эмоциялық бояу-реңкімен де ажыратылады. Айтылу мақсатына қарай хабарлы, лепті, бұйрықты, сұраулы болып келетін сөйлемдерде адам психологиясына, ішкі дүниесіне əр түрлі əсер етеді». Бұл «Қазақ тілі» энциклопедиясының алынған дəйексөз қазақ сөйленісінің психологиялық қыры тың жатқанын көрсетеді [5].

Əрине, бұл — қазақ тіл біліміндегі психологизмді тақыр жерге орнату деген сөз емес. Оның нышандарын сөзтануға қатысты əдебиеттерден кездестіруге болады. Тіптен, Абайдың өзінің: «Естіген нəрсені ұмытпастыққа төрт түрлі себеп бар»:

  • əуелі, көкірегі байлаулы берік болмақ керек;
  • екінші, сол нəрсені естігенде я көргенде ғибратлану керек, көңілденіп, тұшынып, ынтамен ұғу керек;
  • үшінші, сол нəрсені ішінен бірнеше уақыт қайтарып, ойланып, көңілге бекіту керек;
  • төртінші, сол кеселді нəрселерден қашық болу керек. Егер кез болып қалса, салынбау керек.

Ой кеселдері: уайымсыз, салғырттық, ойыншы-күлкішілдік я бір қайғыға салынып, я бір нəрсеге құмарлық пайда болу. Бұл төрт нəрсе — күллі ақыл мен ғылымды тоздыратұғын нəрселер», ал «Он тоғызыншы қара сөзінде»: «Адам ата-анадан туғанда есті болып тумайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе,... білгені, көргені көп болған адам білімді болады» [6], — деген сөздерін психолингвистикалық санаттар тұрғысынан қарастыруға əбден болады. Сөз арасында айырықша атайтын бір тарихи идея бар. Өкінішке қарай, идеологиялық субъективизм кесірінен жанданып, дамытылмай қалды. Ол — Ахмет Байтұрсынұлының: «... ауыздан шыққан сөздің бəрі сөйлем бола бермейді, айтушының ойын тыңдаушы ұғарлық дəрежеде түсінікті болып айтылған сөздер ғана сөйлем болады», — деп сөйлемге тауып белгілеген талабы. Психология мен тіл білімінен хабардар адам мұндағы «ауыздан шыққан сөз», «айтушы», «ой», «тыңдаушы», «ұғарлық», «түсінікті болып айтылған» деген ұғымдарды сөйлеу іс-əрекетінің психологиясынан да кезіктірер еді. Бірақ қазақ кеңес тіл білімі мұны «жылы жауып» қойды да, «сөйлем дегеніміз — аяқталған ойды білдіретін синтаксистік тіркес» деген анықтаманы дəлелдеуді, өзгертуді қажет етпейтін қасаң қағидаға (аксиомаға) айналдырды [7; 264].

А.Байтұрсынұлы «Əдебиет танытқыш» атты еңбегінде əдебиетті сөзді іске жарату тұрғысынан қарайды. Сол себепті де оның пікірлері психолингвистиканың, оның келелі мəселесі ділдік лексиконның қазақ филологиясындағы бағдарламасындай əсер етеді:

«Сөз өнері адам санасының үш негізіне тіреледі: 1) ақылға; 2) қиялға; 3) көңілге.

Ақыл ісі — аңдау, яғни нəрселердің жайын ұғыну, тану, ақылға салып ойлау, қиял ісі — меңзеу, яғни ондағы нəрселерді белгілі нəрселердің тұрпатына, бейнесіне ұқсату, бейнелеу, суреттеп ойлау; көңіл ісі — түю, талғау.

Тілдің міндеті — ақылдың аңдауын аңдағанынша, қиялдың меңзеуін меңзегенше, көңілдің түюін түйгенінше айтуға жарау». Мұнан соң ғалым ділдік лексиконның тұғырлы нысандарын айқындайды:

«... жұмсай білетін адамы табылса, тіл шама-қадірынша жарайды. Бірақ тілді жұмсай білетін адам табылуы қиын. Ойын ойлаған қалпында, қиялын меңзеген түрінде, көңілдің түйгенін түйген күйінде тілмен айтып, басқаларға айтпай білдіруге көп шеберлік керек. Мүддесін тілмен айтып жеткізу қиын екендігін, оған өте шеберлік керек екендігін мынадан байқауға болады... Əркімнің өз салты болғанымен, ол салттар жалпы сөз тізу шарттарынан аса алмайды. Сөз шығарушылар, əуелі сөз ұнасымына керек жалпы шарттарды орнына келтіріп, өзінің өзгеше əдісі болса, соның үстіне ғана қосады. Сондықтан сөз шығарушылар бəрінен бұрын лебіз заңынан шыққан сөздің асыл болуының жалпы шарттарын білу қажет.

... Бір нəрсе турасындағы пікірімізді, яки қиялымызды, яки көңіліміздің күйін сөз арқылы жақсылап айта білсек, сол сөз өнері болады. Ішіндегі пікірді, қиялды, көңілдің күйін тəртіптеп, қисынын, қырын, кестесін келтіріп сөз арқылы тысқа шығару — сөз шығару болады» [8; 10–17]. Көріп отырғанымыздай, жеке адамның тілді жаратуы психолингвистиканың бір саласы сөз саптау (производство речи) мəселесімен ұласып жатады.

А.Байтұрсынұлы мұрасында ділдік лексиконның нақты негіздерін көрсетіп беретін пайымдамалар баршылық. Мына бір пайымдаманы ділдік лексиконның қазақ тіл біліміндегі алғашқы ғылыми түсіндірмесі деуге əбден болады: «Біз қазақ тіліндегі сөздің бəрін білгеніміз қазақ тілін қолдана білу болып табылмайды. Тілді қолдана білу деп айтатын ойға сəйкес келетін сөздерді таңдап ала білуді айтамыз. Қазақ тілі қазақ ортасындағы бəріне бірдей ортақ мүлік болғанмен, бəрі бірдей пайдаланбай ды. Əркім əр сөзді өзінше қолданады, өзінше тұтынады. Бүтін пікірін айтып шығатын əңгіме ішінде түгіл, жалғыз ауыз амандасу жүзінде де əркім əр түрлі сөз қолданады. Мəселен, біреу «амансыз ба?» деп, біреу «есенсіз бе?» деп, біреу «сəлемет жүрсіз бе?» деп, біреу «күйлі, қуатты барсыз ба?» деп амандасады. Сол сияқты, əркім пікірін сөз қылып шығарғанда да ана тіліндегі сөздерді əрқайсысы əр түрлі қолданады. Қысқасынан айтқанда, əркім сөзді өз қалауынша алып, өз оңтайлы көруінше тұтынады. Əркім өз қалауынша алып, өз оңтайынша алып тұтынған сөздер сол адамның тілі болады» [8; 18–19].

Ғалым ділдік лексикондағы сөзді тану үдерісінің жалпы сипатын беруде айтушының айтатын нəрсені жетік білуі керектігін, себебі адамның мұндайда «ашық» сөйлейтінін, ал толық таныс емес сөзді «көмескі, күңгірт» баяндайтынын басшылыққа алады [8; 20].

А.Байтұрсынұлы сөзді қолданудағы инсанның психикасында болатын объективті үдеріс өзектендіруді анық байқаған: «Сөздің дұрыс, таза, анық, дəл айтылуының үстінде талғау сөздің көрнекі болуын да керек қылады. Адамға дерексіз заттан гөрі деректі зат түсініктірек, жансыз заттың күйінен жанды заттың күйі танысырақ. Сондықтан адам сөйлегенде, сөзі толық түсінікті болу үшін, дерексіз заттарды деректі затша, пернесіз заттарды пернелі затша қалыптайды. Жансыз затты жанды заттай ғамалдайды» [8; 23].

Ойды сөзбен хабарлаудың алгоритмдік өңделуі туралы алғашқы бастау пікірді де А.Байтұрсынұлынан табуға болады. Бір дəлел: «Сөз дұрыс айтылуы деп əр сөздің, əр сөйлемнің дұрыс күйінде жұмсалуы айтылады. Олай болу үшін керек:

  • сөздердің тұлғасын, мағынасын өзгертетін түрлі жалғау, жұрнақ, жалғаулық сияқты нəрселерді жақсы біліп, əрқайсысын өз орнына тұтыну;
  • сөйлем ішіндегі сөзді дұрыс септеп, дұрыс көптеп, дұрыс ымыраластыру;
  • сөйлемдерді бір-біріне дұрыс орайластырып, дұрыс құрмаластырып, дұрыс орындастыру» [8; 19].

Сондай-ақ психолингвистикадағы гештальт мəселесінің алғашқы ұшқындары А.Байтұрсынұлының əдістемелік еңбектерінен орын алған [7; 335–336, 364–366].

Инсанның сөзді танып-білу үдерісінде сөзді көру, есту арқылы графикалық-фонемалық деңгейде танудың маңызы зор екені — қазіргі психолингвистика теориясында дəлелденген жайт. Мұның маңызын А.Байтұрсынұлы да тілді оқыту əдістемесіне арналған еңбектерінде айырықша атап көрсетеді [7; 324, 357–363, 368–372].

Қазіргі этнопсихолингвистикадағы өзекті мəселенің бірі белгілі бір тіл əлеміне еңбек инсанның мəдени-психологиялық толқыныстарының себебін А.Байтұрсынұлы мынадай жайттардан көреді:

«Современная культура не есть создание одной какой-нибудь нации или расы, а результат совокупных усилий и навыков всего человечества. В культуре каждой нации, кроме собственного творения, имеются заимствования, и на смешение их культуры влияют их отношения, которые различаются с точки зрения дружественного и неприязненного. Заимствования бывают и при покорении одной наций другой, и при мирном общении народов друг с другом. При этом сходные формы религии, обычаев, нравственности, общественной организации, сродность наклонностей, инстинктов, психологии и т.д. облегчают процесс заимствований и смешения культур» [7; 419–420].

Сөйтіп, қазақ ғылымында психолингвистиканың аты аталып, арнайы зерттелмегенмен, сөйлеу мен психиканың ықпалдастығы туралы, жеке инсанның сөз саптауы туралы зерттеуге азық болар пайымдар бар екеніне көз жеткізуге болады. Əрине, зерттеуімізде бұларды тұғырламасақ та, тұрғы ретінде ескеріп отырамыз.

 

 

Əдебиеттер тізімі

  1. Тіл білімі сөздігі / Жалпы ред. басқ. Э.Д.Сүлейменова. — Алматы: Ғылым, 1998. — 232-б.
  2. Салқынбай А., Абақан Е. Лингвистикалық түсіндірме сөздік. — Алматы: Сөздік-Словарь, 1998. — 151-б.
  3. Гинатулин М.М. К исследованию лексических единиц. — Алматы: Наука, 1973. — С.
  4. Белянин В.П. Психолингвистика. — М.: Флинта, 2003. — С.
  5. Арын Е.М. Қазақ тілі: Энциклопедия. — Алматы: IDK-TIPO, 1998. — 321-б.
  6. Құнанбаев А. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. — ІІ-т. — Алматы: Ғылым, 1977. — 173-б.
  7. Байтұрсынов А. Тіл тағылымы. — Алматы: Ана тілі, 1992. — 264 б.
  8. Байтұрсынов А. Əдебиет танытқыш. Зерттеу мен өлеңдер. — Алматы: Атамұра, 2003. — 208 б.

Разделы знаний

Биология

Биология бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  ғылыми және тәжірибелі биология бойынша көптеген мақалалар мен баяндамаларды таба аласыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында қазіргі билогияның негіздері, тарихы,  зерттеу бағыттары мен ғылыми зерттеулердің нәтжелері және биология ғылымының басқа да бөлімдері жайлы толық анықтама береді.

Медицина

Совокупность наук о болезнях, их лечении и предупреждении.

Педагогика

Бұл бөлімде сіздер педагогика пәні бойынша көптеген тақырыптарға арналған мақалалар мен баяндамаларды таба аласыз. Бұл мақалалар сіздерге түрлі педагогика жайлы ғылыми жұмыстарды жазуға бағыт-бағдар бере отырып, жаңа ғылыми ашылымдар мен тәжірибелік зерттеулердің нәтижелерін танып-білуге көмектеседі.

Психология

Психология бөлімінде психология пәні, міндеттері мен мақсаттары, психикалық құбылыстардың пайда болу заңдылықтары, психология бөлімінің тармақтары, психология ғылымының пайда болу тарихы, қалыптасуы және психологияның басқа да тақырыбындағы қызықты мақалаларды таба аласыздар. 

Социология

 Бұл бөлімде социология немесе әлеуметтану ғылымы жайлы, қоғамның қалыптасуы, жұмыс істеуі және даму заңдылықтары туралы мақалалар қарастырылған. 

Тарих

Бұл бөлімде сіздер тарих ғылымының түрлі тақырыбына жазылған көптеген ғылыми мақалаларды таба аласыздар. Бұл мақалалар сіздерге рефераттар мен баяндамаларды жазуға көмектеседі.

Техникалық ғылымдар

Мұнда келесідей ғылыми мақалалар жарияланады: физика-математикалық , химиялық, гелогия-минерология, техникалық және гуманитарлық ғылымдардың өзекті  мәселелері, ғылыми конференциялардың, семинарлардың материалдары, ғылыми-техникалық комиссияның қағидалары, техникалық білімнің мәселелері.

Филология

 Бұл бөлімде филология пәні жайлы, филологияның түрлі тақырыбына жазылған мақалалардың жиынтығы қарастырылған. 

Философия

Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  философия пәні бойынша ғылыми мақалалар. Бұл бөлімде қоғам тану жайлы көзқарастар, сонымен қатар қазақ халқының ұлы тұлғаларының философиялық көзқарастары келтірілген.

Халықаралық қатынастар

Халықаралық  қатынастар  бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында халықаралық қатынастарды дамытудың жолдары мен оларды дамытудағы негізгі алғышарттарды қарастырады. Халықаралық экономикалық қатынастардың мемлекетті дамытудағы ролі мен маңызын ашып көрсетеді.  Мұнда сіздер халықаралық қатынастар, сыртқы экономикалық саясат тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Экология

Экология

Экономика

Экономика бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында материалдық игіліктерді өндіру, айырбастау, бөлу және тұтыну үрдісі кезінде адамдар арасында пайда болатын өндірістік қатынастарды дамытудың жолдарын қарастырады.  Мұнда сіздер экономика, экономикалық теория тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Құқық

Құқық бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында құқық туралы жалпы түсінікті ашады, құқықтық қоғамның қалыптасып дамуы жайлы және оның маңызын қарастырады. Мұнда сіздер құқық пәні тақырыбында жазылған көптеген материалдарды таба аласыздар.