Тіл — қарым-қатынас құралы. Бір тілдің сөздік қорының толысып, байып отыруы ішкі жəне сыртқы факторларға да байланысты. Қазіргі қазақ тілінің сөздік қоры мен сөздік құрамына қарап отырсақ, сөздердің синонимдік қатары, омонимдік қатарлары, диалект, кірме сөздер, ғылыми терминдер, жаңа сөздер қатары жылдар өткен сайын көбейіп, тіпті, мағыналары да өзгеріске түсіп, сөйлесу тілі қолданысында сан алуан құбылатынына көзіміз жетіп келеді.
Тіл білімінің лексика саласы, яғни, сөз мағыналарының өзгеруін тарихи тұрғыдан өткенге үңіліп зерттейтін лексикология ілімінің семасиология тармағы сөз мағыналарының құбылыстарын əр қырынан қарастырып келеді. Бір сөздің мағынасын ашу тек лексикология ілімінен шектеліп қалмай, тіл білімінің фонология, грамматика бөлімдерімен бірлесе отырып зерттейді. Өйткені кез келген сөздің өзгеруі, құбылуы грамматикалық формаға, категорияға, мағынаға тікелей тиесілі.
Қазақ тіліндегі конверсиялық құбылыс көп мағыналы сөздер /полисемия/ мен омонимдердің көлеңкесінде қалып келеді. Сөздерді мағыналық жағынан топтастырғанда, оларға ғылыми тұрғыдан берілген анықтамаларына сүйене отырып, өздеріне тиесілі сөздерді бөліп беретін уақыт жетті.
Қазіргі қазақ тілінде түбір күйінде, негіз қалпында ғана сөздер табылып қоймай, туынды түбір қалпында да /формасында/ сөздердің конверсиялық құбылысқа түскенін байқаймыз. Мысалы: түбір, негіз қалпында: көш — етістік, көш — зат есім. Екі түрлі сөз табынан болса да, арғы түпкі мағынасы қимыл-қозғалысқа тіреліп, көп мағыналы секілді ауыспалы мағынасы зат есімдік көрсеткішке ие болуда. Əмеди Хасеновтың «Тіл білімі» еңбегінде көш сөзін жартылай омонимдерге жатқызып, «...осы формада, атау тұлғада, бұл екеуі бір-бірімен омоним», — деп айтады да: «Қаратаудың басынан көш келеді,/ Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді» [1; 25], — деген мысалдағы «көш» пен «көшкен» сөздері бір-біріне омоним болудан қалады», — деп өз пікіріне өзі қарсы шығып, сөздердің мағыналық жағын ұмытып, сыртқы түрленген қалпына /формасына/ қарап, жартылай омоним деп қарап, орыс тіліндегі оқулықтар авторы В.Н.Петрухин дəл осындай омонимдерді омоформалар деп, Б.Н.Головин омонимдердің осы түрін — омоформаларды омоформы, омоморфемы деп атағанын, ал А.А.Реформатский дəл осындай құбылысты конверсия (лат. қарату, қаратпа) деп атағандарын айта келіп: «... олар белгілі бір формада ғана бірдей дыбысталады, ал əр сөз табынан жасалғандықтан, түрленгенде бір-бірімен омоним бола алмайды», — деп айтқанымен, сөздің арғы мағынасына, шығу тегіне қарамай, жаңсақ сыдырып өткен.
Сөздің сыртқы формасы түрленгенімен, ішкі мағынасы түрленбесе, ол сөздер омонимдігін жоғалта қоймайды. Сол себептен де полисемия, омонимдер (олардың түрлері), конверсиялық құбылыстарын салыстырмалы түрде қарастыралық.
Сөз мағыналарының сан алуан түрге бөлінуі. Сөз — лингвистикалық, ұғым — логикалық категория. Сөз бен ұғым арасында белгілі бір қарым-қатынас болады. Бірақ ұғым мен сөз екеуі — бір нəрсе емес. Ұғым сөз негізінде туып, өмір сүреді. Сөз белгілі бір ұғымды білдіреді. Сөйтсе де бұндай тұжырым сөз атаулының бəріне бірдей тəн емес. Мəселен, шылау сөздер мен одағайларда белгілі бір мағына болады, бірақ олар ұғымды білдірмейді. Сөз алуан түрлі эмоциялық реңге ие бола алады. Ал ұғымда эмоциялық бояу болмайды. Ұғым зат пен құбылыстың ең жалпы, ең қажетті жақтарын білдіреді. Ұғым — жалпы адамзатқа тəн категория. Ал сөз мағынасы — нақты бір тілге тəн категория. Осыған орай, əр тілде бір ұғымды білдіретін сөздер түрлі-түрлі атала береді. Мысалы: қазақша жер, ал орысша — земля; ағылшынша — land, ал французша — terre т.б. Көп мағыналы бұл сөздің семантикасы (мағынасы) да түрлі-түрлі болып келеді екен. Мəселен, земля өзінің номинативті мағынасынан басқа — твердая поверхность; ағылшынша land — əрі мемлекет, əрі ұлт; французша terre — əрі меншік, əрі бір елдің, мемлекеттің халқы деген мағыналарды береді [2].
Тіл-тілге сөз атаулары, яғни, сөз негізін қалаған алғашқы бір бейнелер бірте-бірте ұмытылып, сол сөз келе-келе тілдегі нақты бір таңба ретінде ғана сақталып қалуы мүмкін. Тілдегі сөздер жалпы бола отырып, өмірдегі, айналадағы сан алуан құбылысты белгілейді, солардың атауы ретінде қызмет етеді, затты, сапаны, белгіні, іс-əрекетті т.б. білдіреді. Осындай ірі-ірі белгілеріне қарай тілдегі сөздерді, əдетте, 3 топқа (немесе типке) бөледі: атауыш сөздер, көмекші сөздер, аралық сөздер. Атауыш сөздерге зат есім, сын есім, етістік, үстеу сияқты топтарға қатыстылар жатқызылады да, бұлар əрі дербес, əрі толық мағыналы сөздер деп те аталады. Екінші тобы — тілде жеке тұрғанда дербес мағынасы жоқ, атауыш сөздердің жетегінде жүріп, грамматикалық мағына білдіретін көмекші сөздер. Бұлар сөз бен сөзді, сөз тіркестерін, сөйлем мен сөйлемді байланыстырып, дəнекерлеушілер: жалғаулықтар, септеуліктер, демеуліктер, көмекші есімдер, көмекші етістіктер. Үшінші — аралық, немесе орынбасар, сөздер. Бұл топқа, əдетте, есімдіктер, сан есімдер, одағайлар жатқызылады [3]. Бұлар заттың я құбылыстың тікелей атауы емес, олардың орынбасарлары ғана. Тілдің лексикасы үнемі даму, баю процесінде болады. Тіл өз дамуының заңдылықтары мен ішкі мүмкіндіктері арқылы лексикасын сан жағынан да, сапа жағынан да қорландырып, жаңа сөздермен толығып отырады. Тілдің сөздік құрамы, негізінен, 3 түрлі амал-тəсіл арқылы молаяды: лексикалық-семантикалық тəсілі арқылы қорлануы; лексиканың морфологиялық тəсіл арқылы қорлануы; лексиканың синтаксистік тəсіл арқылы қорлануы.
Лексикалық-семантикалық жақтан баюы. Тіл лексикасы ең алдымен сапа жағынан байып, дамиды. Байырғы бір сөз уақыт өте бірнеше мағынаға ие болуы, кейде жеке-жеке дербес сөзге айналып кетуі мүмкін. Мысалы: араб сөзі илм — ғылым-білім-ілім болып үш мағынаға ие болса; өкімет – үкімет; мəлімет – мағлұмат; уақиға – оқиға секілді варияциясынан да мағына пайда болған [4], бұрын тар мағынада қолданылса, кейін тіркесу арқылы кең мағынаға ауысуы мүмкін. Сөз мағынасын алмастыру амал-тəсілдері арқылы /метонимия, метафора, синекдоха, эвфемизм т.б./ бір сөз əлденеше экспрессивті-эмоционалды, стилистикалық реңктерге ие болуы мүмкін.
Тіл лексикасының сан жағынан да, сапасы жағынан да байытушы арнасы — синонимдер, антонимдер, фразеологиялық оралымдар болса, екінші бір арнасы — полисемия мен омонимдер, конверсиялық құбылыстар [5].
Мысалға қор сөзін алайық. Түбір күйінде: І. қор — зат есім: жинақ, байлық. Қымыздың қоры; шұбаттың қоры; ІІ. қор — сын есім: əуре болу, зардап шегу. Қор болу. ІІІ. қор — еліктеу сөз: дыбыстың қатты шығуы. Осылар бір-біріне омоним болып тұр. Зат есімдегі қор сөзі тұйық етістіктің -у жұрнағын тіркестіріп, қору сөзін əкеледі. Енді осы қору сөзі əрі зат есім болып (не?) деген сұраққа жауап берсе, əрі етістік болып /қайту? не істеу?/ деген сұраққа жауап береді. Бұл сөз екі бөлінгенімен, түбірі, түпкі мағынасы, тегі бір. Жəне бір-біріне полисемия мен омоним бола алмайды. Омоним болайын десе түбірі, түпкі мағынасы бір сөзден өрбіп тұр, ал басқа сөз табына өтіп, сұрақтары да бөлек болуы жағынан ғана омоним секілді. Полисемия болайын десе, əр түрлі сұрақтарға жауап беріп, жеке-жеке сөз табының иелігіне ауысқан. Мінеки, бұл құбылысты конверсиялық құбылыс дейміз.
Б.Сағындықұлының «Қазіргі қазақ тілінің сөзжасам жүйесі» атты еңбегінде: «Конверсияда ешқандай қосымшаның көмегінсіз-ақ түбірдің не негіздің басқа сөз табына алмасуы арқылы жаңа сөз жасалады. Конверсия қосымшасыз сөзжасам əдісі ретінде аффиксацияға қарсы қойылады...» делінген [6]. Осылай дей тұрса да, қазақ тілінің жалғамалы тілдер тобына жататынын ескеріп, осы тұжырымға қарсы уəж айтуға тура келетін секілді. Қазақ тілінің табиғаты мүлде бөлек. Қопарылмалы, түбір, құранды тілдерден ерекшелігі осында жатыр. Сондықтан да туынды сөздер арқылы жасалынған, бір түбірден өрбіп, басқа сөз таптарына ауысқан сөздерге, ат қойып, айдар тағып, грамматикалық конверсия деген терминді қиятын кез кеген сияқты. Дəлелін тауып, басқа атау берілсе де қарсы емеспіз, бірақ конверсия деген ұғымға сай аумағын кеңейту мəселесі жайында сөз қозғалмақ.
Осы туынды түбірлерден ары қарай сөздер қатарының молаюын қарастыратын болсақ:
Осы қор сөзінің ең түпкі үш мағынасы бір-біріне омоним болатынын дəлелдедік. Морфологиялық жəне синтаксистік тəсілдер арқылы қандай туынды сөз бен сөз тіркестерінің қай түбірінен өрбіп шыққанын да байқадық. Зат есім болып тұрған қор сөзінен туындаған сөздер мен сөз тіркестері басқа қор сөздерінен өрбіп шыққан сөздерге, сөз тіркестеріне қарағанда əлдеқайда көп екендігін байқатты.
Екінші бір байқалатын жайт: омонимдес сөздер мен сөз тіркестері бірден көзге түседі. Ə.Хасеновтың «Тіл білімі» еңбегінде қоршау сөзі бірінші зат есім, екінші етістік болады деп дұрыс айтқанымен, осы сөздерді мағыналық жағынан жақындастырғанда: «... зат есім қоршау сөзі мен етістіктің тұйық формасы қоршау — бір-бірімен грамматикалық омоним. Етістік қоршау сөзі де — полисемия...» депті. Екі бірдей қоршау сөзінің өз алдына көп мағыналы екенін айтқан [7].
І. қоршау: /не? зат есім/ — ағаштан, кірпіштен, темірден, қамыстан т.б. заттардан жасалған бекініс, бөгет, қорғау, жау əскерлерінің айнала қоршауында, ортасында қалып қою, қоршаушы айнала, саяси құрылыс жүйесі /капиталистік қоршау/, орта, қамау /қоршауды бұзып өту/ т.б. зат есімді қоршаудың көп мағыналылығы осындай.
ІІ. қоршау: /қайту? етістік/ жауды, қаланы немесе басқа бірдемелерді айнала қоршау; тасалау, бүркемелеу, көзге көрсетпеу, айнала алқа-қотан отыру, ортаға алу, затты денемен жабу, тосқауылдау; ауысп. қаптау, айнала төну, шырмау, шеңгелге алу, қыспаққа алу т.б.
Тұйық етістіктің -у жұрнағы арқылы жасалған сөздер екі түрлі бөлініп, өз алдына сан алуан мағынада жұмсалғанымен, бəрібір түбірі бір сөзге сайып келеді. Ендеше, қоршау сөздері /зат есім, етістік/ бір-біріне грамматикалық омоним емес, грамматикалық конверсия болмақ. Сонымен қоса
«қазақ тілінің жалғамалы тілдер тобына» жататындығын ескеріп, басқа ағылшын, орыс т.б. «үнді- еуропа тілдер тобымен» салыстырып, қажеті жоқ. Қазақ тіліндегі сөзжасамда қосымшалар тек түбірден кейін ғана жалғанатындығын ескіру керек сияқты. Сол себептен де, «конверсиялық құбылыс тек түбір күйінде тұрып қана пайда болады» дейтін қағидаға қоса жалғамалы тілдер тобындағы қазақ тілінің лексикасы түрленіп барып, грамматикалық формада да бір-біріне конверсия болатынына зерттеу барысында көзімізді жеткіздік.
Лексикалық-морфологиялық тəсіл мен синтаксистік тəсіл арқылы баюы. Қазақ тілі көбінесе морфологиялық жəне синтаксистік тəсіл арқылы қатар көбейіп, толысып, қорланып отырады. Яғни, синтетикалық аналитикалық жолмен жасалған сөздер өте көп. Жалғамалы тілдерге тəн бұл қасиет түбірден кейін қосымшалардың бірінен соң бірі тіркесе беруі — морфологиялық (синтетикалық), ал сөздердің бірігуі, қосарлануы, тіркесуі, кейде қысқару арқылы да жаңа мағынаға ие болуы — синтаксистік (аналитикалық) жолмен дамып отыруы. Бір сөздің өзінен сөзжасамдық тəсілмен өрбітіп мыңға тарта, тіпті, одан да көп грамматикалық форма жасауға болады. Өкінішке орай, əрбір сөзге жеке зерттеу жүргізіп тілдік құбылу жағынан сандық əрі сапалық мүмкіндіктерінің көрсеткішін білдіретін еңбектерді көп кездестіре қойған жоқпыз. Жоғарыдағы мысалға келтірілген қоршау сөздері бір-біріне конверсия болса, енді омонимдік қатарын басқа қор сөзінен туындаған сөздермен байқастап көрелік. Олар грамматикалық омоним болады.
Осындағы қор қылды тіркесі сөйлем ішінде, сұрақ қою арқылы сөйлем мүшелеріне талдағанда, қызметтеріне қарай зат есім қор — бастауыш, сын есім қор анықтауыш болып тұр. Демек, тіркескен күйде грамматикалық омоним екендіктерін айқындап тұр.
Сол секілді, қарап отырсақ, көбінесе зат есімді қор сөзінен өрбіген сөздер мен сөз тіркестері жəне сын есімді қор сөзінен өрбіген сөздер ешбір дау-дамайсыз грамматикалық формасы да, мағынасы да, категориясы да болып сөз байлығына өз үлестерін қосып тұр.
Конверсиялық жолмен жасалған сөздер. Полисемия /көп мағыналы сөз/, омонимдер, конверсия сөздерге сырттай шолу жасап, атүсті қараған адамдар бір-бірінен əрең ажыратуы мүмкін. Сондықтан да олардың анықтамаларына үңілелік:
Полисемия сөздің көп мағыналығын айтады. Бір сөздің əр түрлі контексте əр түрлі мағынаға ие болуын полисемия деп атайды. Мысалы, «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» [1; 15] бас деген зат есімнің бірнеше мағынаға ие болатынын келтірген:
- Адам мен жануар дүниесінің көз, мұрын, құлақ, ауыз т.б. орналасқан тұсын.
- Шөптің, ағаштың, түрлі өсімдіктің ең жоғарғы жағы, төбесі, ұшы, ең үсті.
- Таудың, қырдың, мұнараның т.б. төбесі, биік жері, ұшы, ең үсті.
- Өзеннің, бұлақтың басталатын жері, жоғарғы жағы.
- Таяқтың, тағы басқа сондай нəрселердің жуандау, жұмырлау жағы /таяқтың басы/.
- Балтаның, шоттың т.б. саймандардың жүзі бар жағы /айбалтаның басы/.
- Бір нəрсенің айналасы, қасы /от басы, ток басы/.
- Кісінің жеке дара өзі, адам /Басы аманның — малы түгел/.
- Сан мөлшерін өсейту амалы, дана /Қой саны — бір мың бас/.
- Қызметі жоғары адам, басқару ісін жүргізуші.
- Негізгі, үлкен /Азаттық қозғалысының бас жауы — буржуазия/.
- Бір нəрсенің бастамасы, алғашқы көзі /істің басы, қыстың басы/.
- Басқарушы, жетекші /Бұл іске Мейрам бас болып келді/.
Полисемиядағы басты шарт — мағыналық жақындық жəне бір сөз табынан ғана болып, бір-ақ сұраққа жауап беру, басқа сөздердің синонимдік қатарларын байытып, дамытады. Ауыспалы мағынада қолданады.
Омонимдер. Бір сөздің түрлі мағынаға ие болуы тек көп мағыналы сөздер ғана болмайды. Тілімізде дыбысталуы да, жазылуы да бірдей бола тұра бір-бірімен мағыналық қатынасы жоқ сөздер кездеседі. Оларды омоним сөздер деп қабылдаймыз. Мысалы: І. бас /не? зат есім/ — бұл өз алдына көп мағыналы болады. ІІ. бас /қайт? етістік/ Осы екі сөз бір-біріне толық омоним бола алады. Зат есімді бас сөзінің көп мағыналы бола алатынына «Түсіндірме сөздіктен» мысалдар келтірілді. Енді етістік бас сөзі қаншалықты деңгейде лексика-семантикалық, лексика-грамматикалық түрленуге түсе алатынына қарайық.
Бас сөздері омоним екендері белгілі. Енді олардың түрленгендегі грамматикалық формада омоним бола алатынына көңіл аударсақ: зат есім: бас-тық /кім?/ етістік: бас-ты-қ /қайттік?/ бұлар бір-біріне грамматикалық омоним. Ал зат есім: бас-шы /кім?/ мен етістік: бас-шы /не істеші? қайтші?/жəне де етістік: бас-па-қ /ж.ж. ІІІ жақ көпше түрі/ пен зат есім: бас-пақ (сиырдың төлі, жас тайынша)ол да грамматикалық омоним. Осы зат есім баспақ сөзінің қай бас сөзінен өрбігені белгісіз, мүмкін, түбір күйінде солай баспақ болып айтылатын шығар. Əлі де зерттеуді қажет етеді. Ал баспа сөздері екіге бөлініп: бірі — зат есім, екіншісі сол етістік болып қалып тұр. Бұлар бір-біріне омоним емес, көп мағыналы да емес, грамматикалық конверсия. Өйткені етістік бас сөзінен туындап тұр жəне омоним аффикстерінің арқасында сөз мағынасы пайда болды десек те, бұл жерде туынды сөздер омонимдес бола алмайды, дегенмен өте ұқсас.
Омонимдерді өз ішінде толық омонимдер, жартылай омонимдер, көп компонентті немесе аралас омонимдер деп бөлгендерін К.Ахановтың «Тіл біліміне кіріспе» еңбегінде, Ə.Хасеновтің «Тіл білімі» еңбектерінен оқи аламыз. Омонимдерге ұқсас омофон жəне омографтар да бар. Ə.Хасеновтің еңбегінде фонетикалық омонимдер — омофон, орфографиялық омонимдер омографтар делініпті. Омофон — біркелкі айтылып, бірақ түрліше жазылатын, мағынасы мен сыртқы тұлғасы /формасы/ басқа-басқа болып келетін сөздер. Мысалы: қарала /етістік/ — қара ала /сын есім/; қара ат /сын есім/қарат /етістік/. Омограф — біркелкі жазылып, екпіннің əр түрлі түсуіне байланысты түрліше айтылатын сөздер Ə.Хасеновтің «Тіл білімі» еңбегінде алма (зат есім), алма (болымсыз етістік) айтылғанда екпін түсу арқылы байқалады делініпті [8]. Ал қазақ тілінде екпін сөздің соңғы буынына түседі жəне екпін тұрақты десек, онда бұл екі сөз омографқа жатпайды. Тек қана болымсыз етістікті айтқанда, дауыс ырғағы көтеріңкі болып, сөйлемнің ішіндегі мазмұн-мақсатын білдірерде, жеке тұлғаның сөйлеуіне байланысты болып барып омограф болмаса, басқа шет тілдердегідей екпін түсіру арқылы қолма-қол мəн-мағынасын бере қою — қиын-ақ. Орыс тілінде айқын білінеді. Мысалы, áтлас- атлáс /карталар жинағы — жібек мата түрі/, зáмок- замóк /бекініс — құлып, мýка- мукá /ұн — азап/. Басқа тілмен салыстырар болсақ, қазақ тілінде омографтың бары да білінбейді. Мағынасына қарап түсінбесек, айтылу жағынан ажырату өте қиын. Бір түбірден болмай жəне əр түрлі мағына көрсеткіші болса, жартылай омонимге немесе грамматикалық омонимдерге жатқызуға болады. Алма (зат есім) — бұл тұтас түбір, ал ал-ма (етістік) — түбірі ал-ма — болымсыз етістік жұрнағы, туынды сөзге ұласып, басқа сөздің омонимдік қатарын тудырып тұр. Бағанағы баспақ /не?/, бас-пақ/қайтпек?/ сөздері сияқты. Осы «Тіл білімі» еңбегінде алмадан басқа болымсыз етістік, əрі зат есім болатын сөздерді мысалға келтіріпті. Олар: тарт-па, кес-пе, бөл-ме, сал-ма. Бұл сөздердің бəрі — конверсия, бір түбірден шыққан сөздер. Бұлардың ішінде тұтас негізгі түбір зат есім жоқ. -ма,-ме,-ба,-бе,-па,-пе жұрнақтарының қасиеті тура тұйық етістіктің -у жұрнағы арқылы сияқты. Жəне де ортақ етістіктің -ыс, -іс жұрнағы да осыларға ұқсас. І. кес-пе /не? зат есім/ Кеспе көже істеді; ІІ. кес- пе /қайтпе? етістік/ Жіптерді кеспе! /қима/. І. оқ-у /не? зат есім/ Оқу — білім бұлағы. ІІ. оқ-у /қайту? етістік/ Кітап оқу керек. І. айт-ыс /не? зат есім/ Жақында айтыс болады. ІІ. айт-ыс /қайт? етістік/ Екі ақын айтысты.
Осы грамматикалық конверсия жасауға себеп болған жұрнақтарды да бөліп қарастырып -ма, -ме,-ба, -бе, -па, -пе, -ыс, -іс жұрнақтарын етістіктен зат есім тудырушы жəне етістіктен етістік тудырушы жұрнақ деп қарастырып жүрміз. Əрі бұларды омонимдес қосымшалар, немесе омоморфемалар, деп те атау беріп жүрміз. Оның өзінде де омонимдес қосымша болуы үшін əр түрлі тұлғада болуы шарт сияқты. Мысалы: -ды, -ді, -ты, -ті қосымшасын алайық: жедел өткен шақты білдіреді. Мысалы: мен бардым, көрдім, айттым, кеттім т.б. Зат есімнен қатыстық сын есім тудырушы жұрнақ болады. Мысалы: малды ауыл, кенді өлке, атты кісі, етті сиыр т.б. Жіктік жалғауының ІІІ-жағы. Мысалы: ол барады, келеді. Мұнда -ды, -ді ғана, өйткені көсемшенің -а, -е, -й жұрнағынан кейін келеді. Табыс септігінің жалғауы. Мысалы: адамды көрді, жерді жыртты, атты ерттеді, етті турады. Демеулік шылау. Өткен шақ формасынан кейін келіп, істің болған-болмағанынга күдікпен қаратады. Мысалы: барып-ты, келіп-ті, барған-ды, келген-ді т.б. Мінеки, толығымен бір-біріне омонимдес қосымшалар бола алтынына көз жеткізгендей болдық. Түбір күйінде омоним болып тұрған сөздер осы омонимдес қосымшаларды бірдей қабылдап тұрса, ары қарай грамматикалық омоним бола береді. Мысалы: І. Ат-ты адам /сын есім/. ІІ. Мылтықпен ат-ты /етістік/. Осы екі ат сөзінің мағыналары да екі түрлі, қосымшалары да екі түрлі, толығымен омоним бола алады. Енді үшінші атты сөзін тіркесімен алайық, осы екі сөздің қайсысына омоним бола алмайды? Мысалы: ат-ты ерттеді /табыс септігінде тұр, -ты жалғау/. Алғашқы сын есім аттыға омоним бола алмайды, себебі бір түбірден болып тұр. Ал екінші жедел өткен шақ жіктік жалғауының ІІІ жақ тұлғасындағы атты сөзімен септік жалғаулы атты сөзі омоним бола алады. Өйткені екі түрлі мағынада болып тұр. Бір ескеретін жайт, -ды, -ді, -ты, -ті демеулік шылаулары арқылы болған сөздер тек естілу жағынан ғана омоним болады. Оның қатарына ма?, ме?, ба?, бе?, па?, пе? сұрау шылауларын да жатқызуға болады.
Мысалы: І. Ол бізге көп рет келген-ді /шылау/. ІІ. Кешігіп келгенді қашан қоясың, ə?! /-ді — септік жалғауы/; І. Мына жатқан бас па?! Қай жəндіктікі? ІІ. Мынау тұрған баспа. Түнімен газет басады. ІІІ. Біздің жаққа аяғыңды аттап баспа! Бостан-босқа арам таяқ жейсің! Алғашқы мысалдардағы келген-ді, келгенді сөздері бір-біріне омофондар. Екінші кезектегі мысалдардың бірінші сөйлеміндегі сұраулы бас па? Қалған екі сөйлемдегі баспа сөздеріне омофон. Ал соңғы екі баспа сөздері бір-біріне грамматикалық конверсия болып тұр.
Конверсиялық құбылыс омонимдерден гөрі көп мағыналы сөздерге өте жақын. Олай дейтін себебіміз бір түбірден пайда болуы. Мағыналық жағынан конверсия екендігі көмескілеу, бірақ бір жерден шыққандығы байқалып тұратын сөздер де жетерлік. Ондай сөздердің қатарына: І. той /зат есім/: Той жасады. ІІ. той /етістік/: Тойда жақсылап той.
Осы екі сөз де бір-бірінен аса алшақ кетпей бір нысананың маңайында тұр. Салт-дəстүр бойынша тойда тамақ, ас көп болып, əркім қалағанынша ішіп-жейді. Осы екі бірдей той сөзінің қолданысқа бірінші қайсысы түскені белгісіз, дегенмен де болжау жасап көрсек, етістік той өмірге келген сияқты. Ас мəзірі, оны əзірлеу, жасау, жеу — барлығы қимылға құрылады емес пе? Қуаныш, сүйінші, пайда, ырзық, байлық барлығы «ас та төк» болып жағдай оңдалмай ма? Міне, осының бəрінде қимыл-əрекет жатыр. Сол сияқты «тамақ» сөзі: І. тамақ /не? зат есім/ Адам мүшесі. Əрі астың асқазанға өтетін тұсы. ІІ. тамақ (не? зат есім) Ішетін ас. Ол өңеш, яғни, ауыз қуысы, жұтқыншақ, тамақ арқылы ішке барады. Осы екі сөз де бір-бірінен онша алыс кетпей, шыққан тегінде бір байланыстың, жақындықтың бар екенін байқатады. Етістік іш сөзі мен зат есім іш сөзі де бір бағытқа қарай бұрылып тұр. Сын есім мен зат есімді алар болсақ, сөз мағынасының қай сөз табынан болғандығы айқындау көрініп тұрады. Мысалы: І. көк /қандай? сын есім/ көк түс. ІІ. көк /не? зат есім/ көкке өрледі /аспанға ұшты/: ІІІ. көк /не? зат есім / Көк шықты /Шөп шықты/. Ол баста көк сөзі түске байланысты ұқсатудан келіп, ауыспалы мағынаға ие болғаннан кейін, көп мағыналы қалыптан конверсияға ауысып кеткендігін аңғартады. Бір ғана көк түс аспанның, шөптің екіншісі бір атауына, яғни, синонимдік қатарына еніп тұр. Көк сөзі адамға да қолданылып, оның мінез-құлқынан хабардар етеді. Мысалы: көк долы, көк қатын деген тіркестер пайда болған. Өз дегені, айтқаны болмаса көнбейтін, ашушаң, бірбеткей адам мінезін айтса керек. Осы секілді ақ, қара, қоңыр, сары сөздері əрі көп мағыналы, əрі конверсиялы сөздердің тууына себепші болған. Кейбір сөздердің мағынасы тарылса, пассив лексикаға айналса, ал кейбір сөздердің мағынасы ұлғайып, актив лексикаға айналғандарын лингвист-ғалымдардың барлығы да тілге тиек еткен. Ендеше, уақыт өте келе, талай сөздердің өзгеріске ұшырап мағыналарының тарылуы мен кеңеюін байқай аламыз. Салыстырмалы түрде зерттеудің нəтижесінде полисемия, омонимдер жəне конверсия құбылысы айрықша өзіндік ерекшеліктерін көрсетті.
Əдебиеттер тізімі
- Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. — 1-т. — Алматы: Ғылым, 1974.
- Бесбаева М. Омонимдер сөздігі. — Алматы: Мектеп, 1988. — 40-б.
- Аханов К. Тіл біліміне кіріспе. — Алматы: Қазмемоқупедбас, 1962. —60-б.
- Бизақов С. Синонимдер сөздігі. — Алматы: Арыс, 2007. — 43-б.
- Смағұлова Г. Фразеологиялық сөздік. — Алматы: Ғылыми əдебиеті, 2001. — 27-б.
- Сағындықұлы Б. Қазіргі қазақ тілінің сөзжасам жүйесі. — Алматы: Рауан, 2004. — 37-б.
- Хасенов Ə. Тіл білімі. — Алматы: Рауан, 1990. — 75-б.
- Аханов К. Грамматика теориясының негіздері. — Алматы: Өлке, 2010. — 113-б.