Дидактиканың күрделі табиғаты оның негізгі қағидалары уақыт өзгеруімен жəне заман талабына сай дамып отырады. Дидактикалық қағидалар қазақ тілінің оқу пəні ретінде қазақстандық білім беру жүйесінде білім беру стандарттары бойынша міндетті пəн болып саналып, жалпы дидактикалық заңдарға бағынатыны ескеріле отырып айқындалып алынды.
Қазақ тілін жоғары оқу орындарында оқытудың мазмұнын таңдаудағы дидактикалық қағидалар мен ұстанымдарды тануда осы салада зерттеу жүргізген ғалымдардың еңбектері талданып, төмендегі (Ю.К.Бабанский, Г.И.Щукина, Н.П.Огородников, В.Т.Лихачев, В.А.Попков, А.В.Коржуев, Н.Д.Галь- скова, Н.И.Гез, Қ.Қадашева, Р.Шаханова, К.Жақсылықова, А.Е.Əбілқасымова, Н.Ж.Құрман, К.Мухлис) қағидалар айқындалды.
Оқытудың өмірмен байланыстылығы қағидасы. Қазақ тілін оқыту үдерісі студенттің болашақ маман ретінде өмірлік қызметіне, қажетіне жарайтын əдіс-тəсілдер мен білік-дағдыларды игеруі үдерісі ретінде ұйымдастыруда аталмыш қағиданың маңызы зор. Қазақ тілін білім алушы студенттерге тек қана пəн деп оқытпай, қазақ тілінің оның келешектегі қызметінің маңызды бөлшегі ретінде оқыту жəне танытуға байланысты болуын ескере отырып, ілім беру көзделеді.
Оқу-танымдық қызметтің жүйелілігі қағидасы. Жоғары мектеп дидактикасында жүйелілік дегенде белгілі бір пəннің не оның құрамдас бөліктеріндегі курстың біртұтастығы айтылады. Осыған қоса біз мақаламызда қозғалып отырған проблеманың мақсаты мен міндетіне байланысты мультимедиалық оқытудағы студенттің машық-дағдылары мен əдіс-тəсілдерінің біртұтастығы алынып отыр.
Оқу материалының ғылымилылығы мен түсініктілігі қағидасы. Ғылымилылық қағидасы студенттерге қазақ тілін оқытудағы білім мазмұнының дұрыс іріктелуі мен сұрыпталуына басшылық етеді. Сонымен қатар студенттерге қазақ тілін оқытуда мультимедиалық оқытудың орны мен функциясы, мультимедиалық оқытудағы таңдалалатын материалдардың енгізілу жолы да осы қағидаға сүйене отырып жасалады. Өйткені «қазақ тілін оқытуда көп жылдар бойы ұстанып келген «формадан мазмұнға» жолын енді «мазмұннан формаға» жолымен бірлікте қолдану қажет. Мұндай бағытты ұстану кезінде компоненттік талдау, трансформация, оппозициялық талдау сияқты əдістер үйретіліп, студенттің теориялық білімді меңгеруінде өзіндік үдерістер жүзеге асырыла бастайтыны белгілі. Бірақ бұлай жүргізудің өзінде студентке берілетін ғылыми материалды бейімдеу процедурасы дұрыс өткізілуі керек. Өйткені таңдалған оқу материалы мультимедиалық оқытудың барлық талаптарына сəйкес болуды қажет етеді.
Қазақ тілін жоғары оқу орындарында оқытудың маңызды қағидасы бүгінгі күнгі оқытудың маңызды бағыты болып табылатын тұлғалық-бағдарлық оқыту қағидасы. Аталмыш қағида белгілі бір мағынада тəрбиелеу арқылы жəне дамыта оқытумен қатар оқытуды жекелеу қағидасымен байланысты екені белгілі. Оқытудың тəрбиелеуші жəне дамыта оқыту қағидалары қазақ тілі пəнінің студенттерді дайындаудағы жалпы білім беру жəне дамыту компоненттері болып табылатындығында. Оны студенттердің қазақ тілі бойынша білім меңгеруі үдерісінде өздерінің ойлауын сезініп, ойларын жеткізу тəсілдерін терең түсініп, тілдің қарым-қатынас құралы ретіндегі функциясын таниды. Осы қызметтермен қатар студенттердің бойында сөйлеу мəдениеті қалыптасып жатады. Ал қазіргі кезде қазақ тілінің қоғамдық өмірдің барлық дерлік саласына еніп келе жатқандығына байланысты оның шынайы коммуникацияда қолданылуы қазақ тілі бойынша шынайы білімді, пікірді, ниетті де қалыптастыру мəселелерін де қарастыруды талап ететіні белгілі жəне де бұл жағдай белгілі бір əлеуметтік шарттардың орындалуын да талап етеді. Өйткені қазақ тілінде сөйлеу дегеніміз — тек қана «бару, келу, айту, жүру, тұру» емес, қазақ тілінде сөйлеу дегеніміз — тілдің барлық болмысын тану, сол тілде сөйлейтін халықтың жаны болып табылатындығын тану. Осыған байланысты тілді үйрету мен оқыту мазмұнында міндетті түрде қазаққа тəн сыпайылылық, рольдік қарым-қатынастардың да ескерілуі өте қажет деп ойлаймыз. Көрсетіліп отырған өлшемдер «когнитивті шартталған» [1; 14] деп аталады, яғни «коммуникацияға қатысушылар ол ережелерді біліп, сол ережелерді пайдалана алады жəне де өздерінің интерпретациясын коммуникацияда болып жатқан жағдаймен, сол контекстің «əлеуметтік» сипаттамасымен байланыстырады» [2]. Қазақ тілін мультимедиалық оқытудың дамыта оқыту қыры тілді үйренуші студенттің коммуникативтік жəне əлеуметтік-мəдени қалыптасуымен тығыз байланыста болады. Сонымен қатар студент интеллектуалды жəне дербес əрекет жасайтын индивид деп танылып, оның сөйлеу қызметі өзінің сөйлеу тəжірибесінің жəне тілді, мəдениетті, қарым-қатынасты меңгерудегі тəжірибелерінің өзгеруіне байланысты болады. Жоғарыда көрсетілген қағиданың мазмұны студенттердің бойында тек қана қазақ тілінде қарым-қатынас жасай білуді дамыту емес, сонымен қатар оның əлемді тануын қазақ тілінде сөйлеу арқылы жүзеге асыруды көздеу болып табылады. Осыған байланысты қазақ тілін қазақ халқының мəдениеті арқылы үйрету көзделеді. Сондықтан да, А.А.Леонтьевтің айтуы бойынша, тілді оқытудағы тұлғалық-бағдарлық қағида мыналарға негізделуі тиіс. Біз аталмыш тұжырымға қазақ тілін оқыту бойынша тұжырымдарымызды қосып отырмыз:
- студенттердің əлеуметтік тəжірибені игеруіне көмек көрсетіп отыру, яғни студенттің бойында болашақ маман болып ел экономикасын дамытушы субъект ретінде қоғамда қалыпты өмір сүруіне қажет қазақ тілінде білім, дағды, білік қалыптастырылуы керек;
- студенттің еркін жəне шығармашылық ойлау қабілетін ынталандыру, соның ішінде қазақ тілінде ойлай білу қабілетін дамыту;
- студенттің бойында əлемнің біртұтас суретін қалыптастыру жəне оның қазақ тілінде ойлау қабілетін аша отырып, əлемге деген көзқарасын қалыптастыру;
- студентті қазақ тілін оқуға жəне қазақ тілін əрі қарай игеруге бағдар беріп жоспар құруға үйрету, цифрлық технологияның жетістіктерін пайдалана отырып жасалған мультимедиалық оқу құралдарын студентке өзінің болашақ мамандығының бағыты мен мазмұнына сəйкес жасалған материалдарды, ақпараттарды қазақ тілінде ала білуге, оны өзінің қызметтік əрекетінде пайдалануға үйрету;
- студенттің бойында тұлғалық қасиеттерді қалыптастыру, соның ішінде өзінің мекен етіп отырған ортасының, мемлекетінің тілін игеруге, оны əрі қарай дамытуға бағыттау. Сонымен қатар студентті өзін-өзі дамытуға көмек беретін уəждемені, рефлексияны, жүйелі білімді əлем суретінің құруындағы бақылаудың құралы ретінде пайдалана алатын тұлға ретінде қалыптастыру.
Қазақ тілін жоғары оқу орындарында мультимедиалық оқытудың дидактикалық қағидалары, сонымен қатар жоғары мектепте оқытудың жалпы қағидалары негізінде мынадай етіп алынды. Қазақ тілін мультимедиалық оқытуда берілетін білімнің мазмұны қоғамның дамуының қажеттілігіне сай болу қағидасы. Бұл дегеніміз — қазақ тілінен берілетін білім мазмұнына тек қана тіл туралы білім беріп қоймай, сонымен қатар адамзаттың шығармашылық қызметін көрсететін жəне тұлғалық тəжірибелерді көрсетуді қамтамасыз ететін, олардың адамзаттың жасаған құндылықтар жүйесіне қатынасының фрагменттерін көрсете отырып таңдау.
Қазақ тілін оқытудың мазмұндық жəне процессуалды қырларының бірдей болуы қағидасы қазақ тілінің пəндік мазмұны мен оны меңгерілуінің тығыз бірлікте болуын қамтамасыз етеді. Осыған байланысты қазақ тілін үйренуші студенттің білім мазмұнын меңгеру тəсілдерін игеруі тілді үйрету мен оқытудағы діңгек болуы тиіс.
Жалпы мультимедиалық оқытудың өзі оқыту жəне оқу үдерісіне экранда немесе мониторда бейнеқатарлардың көрінуін қамтамасыз ететін бағдарламалық, аппараттық құралдардың қолданылуы арқылы іске асатын үдеріс болып табылады. Мультимедиалық кешендердің оқытуда пайдаланылуы, жоғарыда атап өткендей, оқыту мазмұнының жəне оқу материалдарымен жұмыс істеуді толықтай өзгертіп отыр. Оқу материалының репродуктивті меңгерілуінің орнына жеке студенттің ішкі əлеуетін ояту мен іске қосуға бағытталған жобалау, зерттеу, проблемалық оқыту əдістері өмірге келіп отыр. ХХ ғасырдың 70-жылдары басталған бұл үдеріс жалпы оқытудың бағдарын да үнемі өзгертіп отырды. Осыған да байланысты болар негізгі акцент сабақ беру қызметіне емес, сабақ оқу қызметіне ауысты. Бұл жерде компьютерді меңгерген студенттің тек қана сабақ уақытында емес, кез келген уақытта ақпаратқа қолы жететіні оның өз бетінше жұмыс істеуіне зор мүмкіншіктер беріп отырғаны тағы бар. Сондықтан да компьютермен жұмыс істей білу студентке оқытуда жəне оқуда еркіндік береді, студенттің оқу қызметі мен мүмкіншіліктері тек қана сабақтармен шектеліп қалып қоймайды. Қазіргі цифрлық технологияның жетістіктері студенттің шығармашылық əлеуетін ашуға жəне оның табиғи икемділіктерін толықтай дамытуға үлкен мүмкіншілктер беріп отырғаны белгілі. Ескере кететіні, мультимедиалық оқыту жəне мультимедиалық құралдар студенттің ғана тұлғасына əсер етіп қоймайды, сонымен қатар олар оқытушының да тұлғасына əсер етуде.
Осыған байланысты жалпы мультимедиалық оқыту құралдарының өзі барлық білім беру үдерісіне əсер ететін маңызды күш деп қарастырылуы керек. Бұл үлкен маңызды педагогикалық мəні бар мəселенің зерттелуі де бүгінгі білім берудегі алдыңғы қатарлы цифрлық технологиялардың қарқынды енгізілуінің жəне оның студенттің игілікті білім алуына жұмсалуын қамтамасыз етуші құрал деп қарастырып, оның құрылымы мен мазмұнының студенттің алған ақпаратты дұрыс бағытта игеруін жəне өзінің өмірлік тəжірибесінде дұрыс қолдануына жол ашатындай бағдар беруі тиіс деп айта аламыз.
Мультимедиалық оқыту оқу, тəрбие, даму рөлін атқаратын құралға айналуына байланысты оның мазмұнының адамзаттың игілікті ісіне жаратуға арналған материалдармен қамтамасыз етілуі тиіс деп ойлаймыз. Өйткені «мультимедиа ақпараттық-коммуникациялық технология болып табылып, физикалық кеңістіктен жылдам өтуге мүмкіндік береді жəне де жеделдету арқылы ақпарат алмасуда орталық пен шеттің арасындағы алшақтықты ақырын азайтуға көмектеседі. Нəтижесінде мультимедиалық технология кез келген тұтынушыға тіпті біртұтас қауымдастыққа əлемдік мəдени үдерістерге тартылуына жəне қосылуына мүмкіндік береді. Мультимедиалық құралдар адамның өз мүкіншгіліктерін өзі іске асыра алудың əр түрлі жəне үлкен əсер беретін формалар мен əдістерді табуға мүмкіндік беруші үнемі дамып отыратын шығармашылық потенциалға ие. Толықтай технологизациялау қазіргі қоғам өмірінің барлық саласын қамтып отыр. Технология дамуының логикасында бар прогресс пен инновацияға бет бұрыс жасау мəдениет пен өнерге, білімге де оң жəне ынталандырушы əсер етуі керек. Өйткені аталып отырған салалар осы мультимедиалық технологиялардың қызметін белсенді қолданатындар болып табылады. Осыған байланысты мультимедиа жалпы мəдениеттің құбылысы ретінде танылып, оның өнімдерінің игілікке жұмсалуын қамтамасыз етуі қажет» деп санайды осы саладағы зерттеушілер [3]. Қазіргі жағдайдағы оқытудың өзінің интеллекттенуі жəне оны интеллекттің дамуы үшін оңтайлы қолдануға бағытталуы ақпараттық технологияның жетістігі мультимедиалық оқыту құралдарын білім алушы студенттің тек қана оңтайлы қызметтерді меңгеруі ғана емес, сонымен қатар сол құралды қолдана отырып, ойлау арқылы сəйкес əрекет түрін табуға бағыштау қажет. Студенттің өрелік деңгейінің машинаға тəуелді болмай, берілген ақпаратты меңгеріп қана қоймай, оқу ақпаратының бірнеше рет қайталанып отыруы нəтижесінде жəне ол ақпаратқа студенттің өз бетінше қайта оралып, игере алатын мүмкіншілігіне орай сол ақпаратты өз бойында шығармашылық əрекет тудыруға əкелетін қабілетті тудыратын құрал ретінде пайдалана алуға əкелуі қажет. Осы жерден қазақ тілінің жоғары оқу орнында оқытылуының саналылық қағидасы туындайды. Қазақ тілін жоғары оқу орындарында оқытудың саналылық қағидасының мазмұны студенттің тілдік материалмен жұмысты жəне тілдік материалмен операцияларды саналы түрде жасауы болып табылады. Басқаша айтсақ, тілдік материалды меңгеру дағдылары мен біліктері саналы негізде қалыптасады. Өзара байланысқан коммуникативтік, əлеуметтік, мəдени жəне когнитивтік дамудың терең негізі оқылып жатқан тілдің қарым-қатынас құралы ретінде, игерілетін білім, өзін-өзі таныту құралы ретінде саналы түрде пайдаланылуын талап етеді. Тілдік құралдарды саналы түрде игеру қарым-қатынас кезінде тілді жеке меңгерудегі үдерістерді саналы басқаруға қызмет етеді. Сонымен қатар саналылық қағидасы оқу жағдайында бүгінгі күні жаңа мазмұнға ие болып отырғаны ескерілгені дұрыс. Ол жаңа мазмұн «тілді оқыту когнитивтік үдеріс ретінде құрылуы тиіс. Когнитивтілік тілді үйренушінің тілдік жүйені қарым- қатынас құралы ретінде ғана игеруі емес, сонымен қатар тілді оқыту мен меңгеру студенттің əлем суретін қалыптастыру» болып табылатындығында болып отыр жəне де бұл əлем суреті вербалды жəне тақырыптық, заттық мағынадан құралады. Осыған байланысты шетел тілін оқыту əдістемесін зерттеуші-ғалымдар оның «формалды түрде» берілмей, тілді тасымалдаушы халықтың мəдениетін қоса оқыту арқылы меңгеру керектігін айтады. Жоғарыда көрсетілген қағиданың туындысы ретінде тілді үйренушіні уəждемелеуге деген көзқарас оның бойында мыналарды қалыптастыруды көздеуі керек екен:
- өзге ментальділік пен өзге мəдениетке деген қызығушылық пен сыйластық қалыптастыру;
- сол феномендерді қабылдау жəне түсіну, оларды өзінің əлемді тануы жəне мəдени тəжірибесімен салыстыру, олардың арасында ерекшеліктер мен ұқсастықтарды таба білуді қалыптастыру;
- өзге өмір феномендерінде өзінің бағдарын таба білу жəне олармен қатынасқа түсіне білуді қалыптастыру;
- осылардың негізінде өзінің əлемдік суретін сыни тұрғыдан түсіну жəне оны байыту [1; 14].
Ал осы қасиеттер мен біліктердің барлығын дамыту мына үдерісте іске асады:
- өздері мекен етіп отырған қазақ елінің жағдайын таныстыру жəне олардың өзіндік ұлттық ерекшелігі бар қарым-қатынастарын үйретуде;
- қазақ халқының əдет-ғұрпымен таныстыруда, қазақ халқында қабылданған өмірлік этикалық қағидаларды үйретуде;
- қазақ халқының тұрмыстық, күнделікті мəдениеті туралы ақпарат беру жəне оларды оқытып үйретуде;
- елде болып жатқан əлеуметтік проблемаларды жəне тенденцияларды сыни тұрғыдан түсінуге үйретуде;
- қазақ халқының жоғары мəдениеті үлгілері мен интеллектуалды еңбектің эмоционалды түйісуі туралы айтуда, үйретуде.
Сонымен тілді тасымалдаушы халықтың мəдениеті арқылы тілді игерту үдерісі өз ретінде білім алушының тілдік тұлғасын дамытуда мəдениетаралық құзыреттілігін қалыптастыруды да көздейтінін атап өткен дұрыс. Қазақ тілін үйренуші студент бірігу, өзара сыйластық, мəдениетаралық айырмашылықтарға төзімділік таныту, мəдениетаралық кедергілерді жеңу ұстанымдары негізінде мəдениет диалогтарына қатыса алатын субъект болуы керек. Тіл үйренушінің сөйлеу аясындағы маңызды болып табылатыны — оның коммуникативтік құрамдас бөлігі. Тұлғалық аяның құрылымындағы биологиялықты, психологиялықты, əлеуметтікті тани отырып, осылардың барлығының коммуникативтік компонентке бағынатынын жəне тұлғаның доминантты сызығын қалыптастыратынын айтуға болады. Сондықтан да В.фон Гумбольдтың əрбір адамның айналасында тіл жəне мəдениет шеңберінің болатынын ескерсек, тіл мен мəдениеттің тұлғаның өзін-өзі іске асыруының жəне өмір сүруінің коммуникативтік кеңістігін құраушылары екендігін көруге болады. Қазақ тілін оқығанда, мысалы, өзге тілді студенттің тұлғасының коммуникативтік құрамдас бөлігінің ішінде когнитивтік, эмоционалдық, мəдени жəне тілдік деңгейінде өзгерістер болады. Қазақ тілінде қарым-қатынас жасауда студент тілдік кодты ауыстырып қана қоймайды, сонымен қатар сөйлеуші ретінде қарым-қатынасқа түсіп, эмоционалдық жəне мағыналық доминанталарды ауыстырып, коммуникативтік мінез-құлықтың басқа паттерндерін іске асырады жəне басқа когнитивтік кеңістікке кіреді. Сондықтан да қазақ тілін оқу барысында синергия феномені орын алады. Өйткені екі тіл, екі мəдениет түйісу үдерісінде өмір сүру мен коммуникативтік тұлғаның іске асуының өзінің икемділігімен, кеңдігімен, əрі қарай трансформациялануымен ерекшеленетін жаңа когнитивті- эмоционалды, лингво-мəдени кеңістік пайда болады. Осындай тіларалық жəне мəдениетаралық коммуникация үдерісінде адам мүлдем өзге дискурсқа кіреді, ал тілді оқыту тек қана тілдік кодты беруге, узусқа ғана бағдарланады, ал дискурсивтік ойлау қалыптастыру кенже қалып отыратын үдеріс болып қалады. Осының негізінде қазақ тілін мультимедиалық оқытудағы ұстанатын тағы бір қағида тіл мен мəдениеттің біріге қаралуындағы мазмұнда болуы. Осыған байланысты келесі дидактикалық қағида мəдениетаралық қатынас құру қабілеттілігін арттыруға бағытталған тілдік білім беруде қарым-қатынас жасауға үйрету əрекеті шығармашылық үдеріс ретінде құрылуы керек. Əрбір тіл үйренушіге кең мүмкіншілік беретін бұл үдерісте тұлғаның эмоционалды, коммуникативік, интеллектуалды салаларына көп көңіл бөлінеді. Тілді оқытудың шығармашылық сипаты əрбір тілді үйренушінің дербес пікірін іске асырады. Сондықтан да меңгерілген материал, қалыптастырылған дағды мен білік міндетті түрде іске асырылуы тиіс. Оған толық мүмкіншілік беретін мультимедиалық оқытуда студент өзінің оқу қызметін дербес жасай алады жəне білімнің нəтижесін бірден көре алатын жағдайы да болады. Сондықтан да берілетін оқу материалының құрылымы мен мазмұны студенттің когнитивтік дамуына бағытталуы тиіс. Өйткені тілді меңгеру тек қана концептілерді кодтау болып қана қоймайды, тілді меңгеру сол тілді оның тасымалдаушысының бойындағыдай əлем суретін қалыптастыруды да көздейді. Мультимедиалық оқу материалдарымен жұмыс істей отырып, студент оқу процесіне тікелей қатысушы жəне сол ел туралы алған ақпаратын өңдеуші, таратушы сияқты қызметке түрлерін игереді жəне оған ие болады. Кез келген тілді оқытуда мəдениеттану тұрғысы аясында мəдениетаралық құзыреттілік қалыптастыру дұрыс болып табылады. Өйткені тілді оқытуды мəдениеттану тұрғысынан қарастыру коммуникативтік, когнитивтік, құзыреттілік-қызметтік,тұлғалық-қызметтік жəне социомəдениеттік сияқты бағыттардың басын қосады. Осыған байланысты жалпы дидактикалық қағидалар негізінде мына əдістемелік қағидаларды да айжыратуға болады:
- оқыту үдерісінің сөйлеуге бағытталуы;
- оқыту үдерісіндегі мəдениетаралық қарым-қатынас жағдайларын модельдеу;
- саналылық;
- модульдік;
- мəдениетаралық құзыреттілікті қалыптастырудағы оқу материалының жүйелілік, толықтық;
- студенттің тұлғалық қажеттілігін есепке алу.
Мұның ішіндегі сөйлеуге бағыттау қағидасы жалпы дидактикалық болып табылады. Сөйлеуге бағыттау қағидасын ұстануда оқыту үдерісінде сөйлеуге бағытталған жəне сөйлеу сипатындағы жаттығуларға аса зейін қойылады. Оқыту үдерісіндегі мəдениетаралық қарым-қатынас жағдайларын модельдеу қағидасы қазақ мəдениетімен танысуда жəне онымен қатынасқа түскендегі сөйлеу қызметі жағдайларының параметрлерін модельдеу болып табылады. Бұл параметрлер қарым-қатынасқа қатысушылар, олардың құндылық бағдарлары, коммуникативтік күтілулер мен нысандар, мəдениетаралық қарым-қатынасқа қатысушылардың рольдері, олардың фондық білімдері, қарым- қатынастың кеңістіктік жəне уақыттық шарттары мен жағдайлары болып табылады. Мəдениетаралық құзыреттілік қалыптастырудағы саналылық қағидасы аналитикалық сипаттағы жаттығуларға сүйенеді. Модульдік қағидасы оқыту үдерісінің модульдер арқылы іске асуы негізіне байланысты. Модульдерді игеру барысында студенттердің бойында қазақ мəдениеті туралы білім қалыптастырылады. Мəдениетаралық құзыреттілікті қалыптастырудағы оқу материалының жүйелілік, толықтық қағидасы оқу материалының минимизациялануымен жəне оның əр түрлі жаттығуларда мəдениетаралық қарым-қатынасқа түскенде сөйлеу қызметінде қолданылуын қамтамасыз ететін максималды қайталануымен іске асады.
Студенттің тұлғалық қажеттілігін есепке алу қағидасы тіл үйренуші студентті уəждемелік салаға бағдарлаумен көрінеді. Бұл жердегі барлық психологиялық уəждемелер үш топқа бөлінеді: интеллектуалды, моралдық, эмоционалдық-эстетикалық. Моралдық жəне эмоционалдық-эстетикалық уəждемелер арнайы таңдалған жəне ұйымдастырылған оқу мазмұнымен іске асырылса, интеллектуалды уəждемелер өз кезегінде коммуникативтік жəне танымдық болып екіге бөлініп, тапсырмалардың жағдайлық жəне таңдауда сөйлеуге бағытталған жағдайда іске асады. Сонымен қатар студенттің тұлғалық қажеттілігін есепке алу қағидасы салыстыру-лингвистикалық жəне салғастыру-мəдени бағыттағы жаттығулардың проблемалық бағытын қамтамасыз етуде іске асады.
Əдебиеттер тізімі
- Гальскова Н.Д., Гез Н.И. Теория обучения иностранным языкам. Лингводидактика и методика. — М.: Академия,
- Дейк ван Т.А. Язык. Познание. Коммуникация. — М., 1987. — С.
- Шлыкова О.В. Культура мультимедиа. — М., 2004. — С. 16,