Мақалада атмосфераны ластау деген ұғымға қылмыстық құқықтық сипаттама берілді. Сондай-ақ аталған қылмыстық норманың құрылысы, салалық заңнаманың ережелері талданды. Сот тəжірибесіне көз жүгіртсек, экологиялық талаптардың бұзылуымен сипатталатын қылмыстық құқықбұзушылықтардың, соның ішінде атмосфераны ластау жөніндегі қылмыстық істердің тіркелуі, ашылу деңгейінің төмендігін байқаймыз. Атмосфераны ластау жөніндегі қылмыстық істі ұқсас нормалардан ажыратуда қиындықтар жиі орын алады. Қылмыстық іс-əрекетке дұрыс қылмыстық баға беру қылмыстық құқықбұзушылық құрамын сипаттайтын белгілерді анықтау арқылы іске асырылатыны белгілі. Авторлар ұқсас қылмыстық нормаларды дұрыс саралауды қамтамасыз ету үшін тиісті нормада нақтыланған экологиялық талаптар түрін негізге алуды ұсынады. Дегенмен де, соңғы кездердегі кодификациялануға негізделген экологиялық заңнамалардың жүйелену процесінде кейбір экологиялық заңдар күшін жойды, нəтижесінде ҚР ЭК-де жекелеген табиғат ресурстарына қатысты экологиялық талаптар толық көлемде қарастырылмай қалғанына көзжеткіземіз, нақты айтсақ, атмосфералық ауаға қатысты. Сондықтан да ҚР ЭК-де қарастырылған экологиялық талаптар мəселесін əлі де жетілдірудің қажеттігін атап өтеді. Сондай-ақ соттардың экологиялық қылмыстық құқықбұзушылықтар үшін жауаптылық жөніндегі заңнаманы дұрыс жəне біркелкі қолдануы мақсатында ҚР Жоғары Сотының кейбір экологиялық қылмыстық құқықбұзушылықтар үшін жауаптылық жөніндегі заңнаманы қолдануы туралы нормативтік қаулысында қылмыстық нормалардағы бұзылған экологиялық талап түрлерінің қай экологиялық заңнамада берілгенін нақтылауды ұсынады.
Кіріспе
Атмосфераның ластануы — əлемдік проблемалардың бірі. Бүкілəлемдік денсаулық сақтау ұйымының (БДҰ) мəліметтеріне сүйенсек, ауаның ластануына байланысты жыл сайын шамамен 3,7 миллион адам өледі екен. Атмосфералық ауаның ластануы адамның орташа өмір сүру ұзақтығын орташа алғанда бір жылға азайтады, сондай-ақ адамдардың түрлі ауруларын тудырады.
Бұл мəселе Қазақстан үшін де маңызды. Заңшығарушы сол себепті қоршаған ортаны қорғау мақсатында отандық қылмыстық заңнамада атмосфераны ластау үшін қылмыстық жауапкершілікті белгілеген. Аталған нормаға талдау жүргізу барысында ғалымдардың «атмосфераны ластау» ұғымын түсінуге қатысты пікірлерінің қарама-қайшы екендігіне көзжеткіземіз. Олардың бірі «атмосфераны ластауды» қылмыстық іс-əрекет түсінсе, енді біреулері қарайды. Кейбір ресейлік ғалымдар мұны заң нормасында заң техникасының лингвистикалық ережелерінің сақталмауынан деп түсіндіреді.
Бұл жағдай саралау процесінде атмосфераны ластау жөніндегі қылмыстық құқықбұзушылықты өзара ұқсас экологиялық қылмыстық құқықбұзушылықтардан ажыратуда қиындықтардың пайда болуына себепші болады.
Экологиялық қылмыстық құқық бұзушылықтармен күресте заңнамаларды жетілдіре отырып, қылмыстық іс-əрекеттерді дұрыс саралауға мүмкіндіктер жасаудың маңызы зор. Аталған жағдай тақырыбымыздың өзектілігін айқындай түседі.
Зерттеудің мақсаты атмосфераны ластау жөніндегі қылмыстық құқықбұзушылықты дұрыс саралау мүмкіндігін қалыптастыру болып табылады. Аталған мақсатқа жету жолында атмосфераны ластағаны үшін заңды жауаптылықтың негізі қылмыстық құқық бұзушылықтың құрамын ашу міндеті жүктелді.
Əдістер жəне материалдар
Ғылыми мақаланың əдістемелік негiзiн материалистiк диалектиканың қағидалары құрайды. Жалпы диалектикалық зерттеулермен бiрге, зерттеудiң салыстырмалы-құқықтық, жүйелi- құрылымдық, формальды-логикалық жəне басқа да жаңа ғылыми жəне iшiнара ғылыми əдiстерi жатады.
Нəтижелер
Экологиялық талаптарды бұзумен сипатталатын қылмыстық құқықбұзушылықтарға ҚР ҚК-де бірнеше нормалар арналған: 324, 325, 326, 329, 330, 333. Бұл нормаларды кейбір ресейлік еңбектерде жалпы жəне арнайы нормалардың бəсекелестігі негізінде ажырату мүмкіндігі беріледі. Бұл пікірді Ю.А. Случевская «Конкуренция норм гл. 26 УК РФ, связанных с загрязнением водных объектов» атты мақаласында теріске шығарған.
Авторлар ұқсас нормаларды ажыратуда өзге бағытты ұстанады.
Зерттеу барысында аталған нормалардың мынадай ерекшеліктері мен ұқсастықтары анықталған:
- аталған нормалардың барлығының қылмыстық іс-əрекеттері экологиялық талаптарды бұзумен байланысты:
- ҚР ҚК-нің 324, 325, 326-баптарында экологиялық талаптарды бұзу қылмыстық іс-əрекетті құрайды, яғни қылмыстық іс-əрекет жай нысанды;
- ҚР ҚК-нің 329, 330, 333-баптарында қылмыстық іс-əрекет экологиялық талаптардың бұзу салдарынан (ескерту: мұнда экологиялық талап түрлері диспозицияда аталмаған) жекеленген табиғат ресурстарының (атмосфералық ауаның, теңіздің, жер қойнауының) ластануы нысанында жасалынады, яғни қылмыстық іс-əрекет нысаны күрделі;
- ҚР ҚК-нің 324, 325, 326-баптарының диспозициясында экологиялық талаптар түрлері көрсетілген, ал ҚР ҚК-нің 329, 330, 333-баптарының диспозициясында экологиялық талап түрлері атап көрсетілмейді;
- ҚР ЭК-нің ерекше бөлімінде бұл экологиялық талаптарға жеке тараулар арналған, тек атмосфераға арнайы тарау арналмаған;
- аталған нормалардың барлығында дерлік зардаптар ұқсас, яғни зиян қоршаған ортаға (табиғат ресурстарына), адамдардың денсаулығына, не өміріне келеді, не келуі мүмкін болады.
Іс-тəжірибеде қылмыстық факт зардап (формалды нормалардан басқа) бойынша құрықталып жатады. Байқап отырғанымыздай, зардаптары қылмыстық норманың диспозициясында бірыңғай нысанда көрінгендіктен де, іс-тəжірибеде бұл қылмыстық іс-əрекетті дұрыс саралай алу қиын. Сондықтан да саралау процесінде ұқсас нормаларды бұзылған экологиялық талаптардың көмегімен ажыратқан жөн.
Талқылау
Атмосфералық ауа — тіршілік көзі. Адам баласына атмосфераның маңызы ерекше. Ол əлемді таза ауамен қамтамасыз етіп, тіршілікке қажетті газ элементтерін (оттегі, азот, көміркышқыл газы, аргон т.б.) жеткізеді жəне Жерді зиянды сəулелерден қорғайды, зат жəне энергия алмасуларын, ауа райының қызметін ретке келтіріп, жалпы жер шарындағы тұрақтылықты үйлестіреді. Бірақ та соңғы жылдары атмосфераның сапасы сын көтерер емес күйде. Ең бастысы — ауаның ластануы. Өнеркəсіп, автокөліктер, зауыт, жылу энергетикасы, соғыс қаруларын сынау, космос кемелері мен ұшақтар т.б. ластанудың негізгі көздері болып табылады [1].
ҚР ҚК-нің 329-бабында атмосфераны ластағаны үшін қылмыстық жауаптылық көзделген.
Атмосфераны ластанудың қоғамдық қауіптілігі сол, ол елдің экологиялық қауіпсіздігіне нұқсан келтіріп, ластайды жəне де ауаның табиғи қасиеттерін басқа да өзгерістерге ұшыратады немесе адамның өмірі мен денсаулығына зиян тудырады, жаппай ауруға шалдығуына, аурудың көптеген түрлерінің өсуіне алып келе алады. Енді аталған норманы ұқсас нормалардан дұрыс ажырату негізі қылмыстық құқықбұзушылық құрамы болғандықтан да, оның жекеленген элементтеріне тоқталсақ.
Атмосфераны ластаудың объектісі — ауаға ластаушы заттарды тастау ережелерімен жəне тиісті қондырғыларды, құрылыстар мен өзге де объектілерді пайдалану ережелерімен реттелінетін, қоршаған ортаны қорғау жəне тиімді пайдалануды қамтамасыз ететін экологиялық қауіпсіздік. Бұл қылмыстың қосымша объектісі адамның өмірі мен денсаулығы болып табылады.
Қылмыстың заты — атмосфералық ауа. Атмосфералық ауа дегеніміз қоршаған ортаның атмосфера газдарының табиғи қоспасы болып табылатын компонентi танылады.
Қылмыстың объективті жағын қоршаған ортаға ірі залал келтіретін немесе адамның денсаулығына зиян келтіретін экологиялық талаптарды бұзу салдарынан атмосфералық ауаны ластау немесе оның табиғи қасиеттерін өзге де өзгерту түріндегі іс-əрекеттер құрайды.
ҚР ҚК-нің 329-бабының диспозициясында қылмыстық іс-əрекетке мыналар жатады [2]:
- экологиялық талаптарды бұзу салдарынан атмосфералық ауаны ластау;
- экологиялық талаптарды бұзу салдарынан атмосфералық ауаның табиғи қасиеттерін өзге де өзгерту.
Мұндағы экологиялық талаптар ұғымы қылмыстық заңнамада нақтыланбайды. ҚР ҚК-нің 324, 325, 326, 330, 333-баптарында да «экологиялық талаптарды бұзу» ұғымы кездеседі. Алайда бұл ұғымды түсіну үшін ҚР ЭК-не жүгінеміз. Онда атмосфералық ауаны қорғау жөніндегі талап басқа табиғат ресурстары (мысалы, жануарлар дүниесін (ҚР ЭК-нің 35-т.), суды (ҚР ҚК-нің 33-т.), жерді (ҚР ЭК-нің 31-т.), жер қойнауын пайдалану кезінде экологиялық талаптар (ҚР ЭК-нің 32-т.) жəне т.б.) сынды жеке норманы қарастырмайды. ҚР ЭК-нің 114-б. атмосфералық ауаны қорғауға қатысты мынадай талап түрлерін кездестіре аламыз:
- атмосфералық ауаны қорғаудың, оның iшiнде көлiк жəне басқа да жылжымалы құралдарды пайдалануға шығару жəне пайдалану кезiнде техникалық регламенттердiң, нормативтердiң, ережелер мен өзге де талаптар;
- қалдықтарды жинап қою мен жағу кезiнде атмосфералық ауаны қорғау жөнiндегi талаптар [3].
Ескі Қылмыстық кодекстің (1997 ж.) 282-б. ауаға ластаушы заттарды шығару ережелері жəне тиісті қондырғыларды, ғимараттарды мен өзге де объектілерді пайдалану ережелерін бұзу салдары- нан атмосфералық ауаны ластау немесе оның табиғи қасиеттерін өзге де өзгерту қылмыстық іс- əрекетті құраған [4]. Бұл ережелер қоршаған ортаны қорғау саласындағы басқа да нормативтік- құқықтық актілермен жəне нормативтік-техникалық құжаттармен реттеледі. Ескере кететін жай, қылмыстың объективті жағы сипатталатын ҚР ҚК-нің 329-б. диспозициясының (ҚР ҚК-нің 330, 333-б. да кездеседі) құрылымдық ерекшелігі іс-тəжірибеде аталған норманы қолдану барысында елеулі қиындықтар тудырады. Диспозициядағы «экологиялық талаптарды бұзу салдарынан атмосфералық ауаны ластау немесе оның табиғи қасиеттерін өзге де өзгерту» фразасы қылмыстық іс- əрекет пе, əлде зардап па деген сұрақ орынды туындайды. Норманы бағалай отырып, экологиялық талаптарды бұзу да, ауаны ластау немесе оның табиғи қасиеттерін өзге де өзгерту де қылмыстық іс- əрекетті құрайды деген тұжырымға келеміз. Атмосфералық ластаудың нəтижесі қылмыстық нормада «қоршаған ортаға ірі залал келтіруге əкеп соғу немесе адамның денсаулығына зиян келтіру» түрінде бейнеледі.
Атмосфералық ауаның ластану деп, əдетте, атмосфералық ауаға залалды заттарды шығару немесе онда залалды заттардың қалыптасуын айтамыз. Бұл ұғым ҚР Экологиялық кодексімен нақтыланған (ҚР ЭК-нің 1-б.) қоршаған ортаны ластау ұғымымен де түсіндіріледі. Яғни, қоршаған ортаны ластау дегеніміз — қоршаған ортаға ластаушы заттардың, радиоактивтi материалдардың, өндiрiс жəне тұтыну қалдықтарының түсуi, сондай-ақ шудың, тербелiстердiң, магнит өрiстерiнiң жəне өзге де зиянды физикалық əсерлердiң қоршаған ортаға əсері болып табылады.
И.Ш. Борчашвили атмосфералық ауаны ластау деп табиғи ортаға жат, оларға тəн емес жаңаша бір физикалық, химиялық, биологиялық жəне басқа да агенттерді шығару немесе қалыптастыруды қарайды [5; 722]. Атмосфераны ластау деп нəтижесінде атмосфералық ауаны табиғи қасиеті нашарлап өзгеретіндей, атмосфералық ауаға шекті рұқсат етілген концентрациядан жоғары мөлшерде зиянды заттарды шығару немесе басқа да əдістермен олардың түсуін айтамыз. Мұндағы шекті рұқсат етілген концентрация (ШРК) — бұл бекітілген санитарлық-гигиеналық мөлшерлеме. ШРК зиянды заттардың санына қарай есептелінеді, ол тұрақты түрде немесе белгілі бір уақыт аралығында қатынасқа түскенде ауру тудырмайтын жəне денсаулыққа зақым келтірмейтін шектеулі концентрация болып табылады.
Киотта хаттамасы ауаны ластауға шектеу қояды. Бұл Хаттамасына мүше-елдерде ауаға зиянды қалдық шығаруға квота беріледі [6; 63].
ҚР ЭК-нің 29-б. 6-т. сай, шығарылған газдардағы атмосфералық ауаны ластайтын негiзгi заттардың шектi концентрациялары Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасында айқындалады. Мысалы, «Шаруашылық жəне өзге де қызмет бойынша экологиялықнормативтер мен экологиялық талаптарды бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2014 жылғы 13 қазандағы № 57 бұйрығы [7].
Ауаның ластану мен табиғи қасиеттерінің өзгедей өзгеруіне Ж.С. Елубаев мыналарды жатқызған: жазатайым оқиғалар кезінде немесе штаттан тыс өндірістік жағдайда атмосфераға ластауыш заттартардың нақты шығарылуы; атмосфераға ластаушы заттардың шекті рұқсат етілген шығарындыларының (бұдан əрі – ШРК) нормативтерінен асып кетуі; атмосфераға шығарындыларды тазалауға жəне бақылауға арналған қолданыстағы қондырғыларды, жабдықтарды жəне жабдықтарды қолданбау жəне т.б. [8; 102].
И.Ш. Борчашвили жоғарыда аталған ауаның ластану мен табиғи қасиеттерінің өзгедей өзгеруіне ықпал ететін жағдайлардың қатарын келесілермен толықтырған:
- атмосфераға ластаушы заттарды шығару;
- атмосфералық ауаны қорғауға байланысты талаптарды қанағаттандырмайтын жаңа жəне реконструкцияланған кəсiпорындарды, құрылыстарды немесе өзге де объектiлердi пайдалануға беру.
Осы аталған ауаның ластану мен табиғи қасиеттерінің өзгедей өзгеруіне ықпал ететін жағдайларға ҚР ЭК-нің 114-б. қарастырылған мына жағдайларды қосқан жөн болады:
- атмосфералық ауаны қорғаудың, оның iшiнде көлiк жəне басқа да жылжымалы құралдарды пайдалануға шығару жəне пайдалану кезiнде техникалық регламенттер, нормативтер, ережелер мен өзге де талаптар;
- қалдықтарды жинап қою мен жағу кезiнде атмосфералық ауаны қорғау жөнiндегi талаптар.
Зардап. ҚР ҚК-нің 329-б. 1-т. қарастырылған қылмыстың зардабы қоршаған ортаға ірі залалдың немесе адамның денсаулығына зиянның келуі болып табылады. Мұндағы ірі залал деп қоршаған ортаны жəне табиғи ресурстардың тұтынушылық қасиеттерін қалпына келтіру үшін қажетті шығындардың бір мың айлық есептік көрсеткіштен асатын мөлшердегі құндық көрінісі танылады [2]. ҚР ҚК адамның денсаулығына зиян жеңіл, орташа жəне ауыр дəрежеде келеді.
Бұл нормадағы «атмосфераны ластау» мен «қоршаған ортаға залал келтіру» ұғымы өз алдына терминологиялық əрі қылмыстық құқықтық мəселе. Аталған ұғымның бірі — қылмыстық іс-əрекет, екіншісі зардап түрінде көрінеді. Десек те, жоғарыда айтылғандай, қоршаған ортаға зиянның келуі табиғат ресурстарының жекеленген элементтеріне ықпал етумен, яғни ауаның, жер, судың ластануы жəне т.б. сипатталады. Аталған жағдай қылмыстық сот өндірісінде қылмыстық нормаларды дұрыс саралауда қиындықтар тудырады. Ю.А. Тимошенко терминдердің бірыңғай түсінуіне қолжеткізетін қылмыстық-құқықтық тиымдардың қарама-қайшылықтары туралы заң техникасының лингвистикалық ережелерін сақтамау ұқсас нормаларды ажыратуда проблемалар тудыратындықтан, да аталған қылмыстық норманың құрылымын жетілдіру қажет деп есептеген [9; 105].
Қылмыстың құрамы — материалдық. Яғни қылмыстың аяқталуы үшін зардаптың туындауы міндетті болып табылады. Атмосфераны ластаудың субъективті жағы жөнінде де пікірлер бірыңғай емес. А.Н. Ағыбаев ҚР ҚК-не берген түсіндірмеде аталған норманың субъективті жағы қасақаналықпен де, абайсыздықпен де істеледі [10; 567].
И.Ш. Борчашвили болса, атмосфералық ластаудың субъективті жағын жанама қасақаналық нысандағы кінə құрайды деп есептейді. Тұлға мұнда атмосфералық ауаны ластау немесе ауаның табиғи қасиетінің өзге де өзгеруі түріндегі экологиялық талаптарды бұзғанын сезінеді, адамдардың денсаулығына кері əсер ететіндігін немесе атмосфералық ауаның күйіне кері зардабының туындау мүмкіндігін алдын ала біле алады жəне зардаптың туындауына саналы түрде жол береді немесе оған немқұрайлық танытады.
Қарастырылып отырған норманың диспозициясында қылмыстық іс-əрекеттің абайсызда жасалуы арнайы көрсетілмегендіктен де, ҚР ҚК-нің 19-б. сəйкес, атмосфераны ластау тек қасақаналықпен жасалынған ретте қылмыс танылатынын білеміз. Дегенмен де іс-тəжірибеде атмосфералық ауаның ластануы деңгейінің артып келетіндігін ескеріп, кейбір ғалымдар осы іс-əрекет үшін қылмыстық жауаптылықты күшейтуді, абайсыздық нысанында да жауаптылықты көздеуді ұсынады.
Қылмыс субъектісі. З.О. Ашитов оқулығында атмосфераны ластаудың субъектісі арнайы субъект, яғни қондырғыларды, ғимараттарды мен өзге де пайдалануды іске асыратын, сондай-ақ атмосфераға ластаушы заттарды шығару ережесін сақтауға жауапты тұлға деп көрсеткен [11; 403].
Ауаны ластаудың субъектілерінің қатарын кəсіпорын басшылары, олардың орынбасарлары, бас инженерлер, бас технологтар жəне басқа да бас мамандар, цех, ауысым басшылары, технологиялық үдерістің дұрыс жүргізілуі жəне қоршаған ортаны қорғау туралы заңды сақтау үшін, яғниатмосфералық ауаға қалдық тастаудың нормативінің сақталуына жəне құрылғылардың дұрыс тазартылуы, өндіріс қалдықтарын тазарту үшін тікелей жауап беретін шеберлер жəне басқа да адамдар танылады. Сонымен қатар тазартушы құрылғылары жоқ немесе пайдасыз тазартушы құрылғылары бар объектіні, агрегатты, цехты, кəсіпорынды эксплуатацияға қабылдаған адамдар қылмыс субъектісі бола алады.
Қылмыстық іс-əрекет қасақанылық нысанда жасалған деп қарастыру үшін қылмыс субъектісінің экологиялық талаптармен таныс жəне де оларды сақтау жауаптылығы жүктелген тұлғаның болатындығы түсінікті.
ҚР ҚК-нің 329-б. 2-т., қоршаған ортаға аса ірі залал келтіруге не адам өліміне не адамдардың жаппай сырқаттануына əкеп соққан экологиялық талаптарды бұзу салдарынан атмосфералық ауаны ластау немесе оның табиғи қасиеттерін өзге де өзгерту қылмыстық іс-əрекеті үшін жауаптылық бар. Мұндағы қоршаған ортаға келген аса ірі залал деп қоршаған ортаны жəне табиғи ресурстардың тұтынушылық қасиеттерін қалпына келтіру үшін қажетті шығындардың жиырма мың айлық есептік көрсеткіштен асатын мөлшердегі құндық көрінісі танылады.
Іс-тəжірбие материалдырына сүйенсек, əдетте, атмофералық ауаны ластау кəсіпорын, өндіріс ұйымдарының жауапты тұлғаларымен жасалынады. Бұл қылмыстық іс-əрекетті жасау барысында қылмыс субъектілерінің, мысалы, атмосфераға шекті рұқсат етілген концентрациясынан жоғары зиянды заттарды атмосфераға шығарғанда, не атмосфералық ауаны қорғауға байланысты талаптарды қанағаттандырмайтын жаңа жəне реконструкцияланған кəсiпорындарды, құрылыстарды немесе өзге де объектiлердi пайдалануға бергенде өз кəсіпорындарының, өндірістік орындарының пайдасына артық шығын шығармауды көздеп, аталған қылмыстық іс-əрекеттерге баратынын жиі кездестіреміз. Атмосфералық ауаны ластау іс-əрекетінің қайсысы болмасын пайдакүнемдік сипат алатындығын терістеу қиын. Сондықтан да аталған нормамен қарастырылған қылмыстың ауырлататын мəн-жайы ретінде пайдакүнемдік, не бұзақылық ниетпен жасауын қарауға негіз жоқ сияқты.
2013–2017 жж. статистикалық деректерге көз жүгіртсек, атмосфералық ауаны ластау жөніндегі қылмыстық істердің ашылу деңгейі төмен екендігін байқаймыз. Қылмыстық істердің ашылмауының ұйымдастырушылық себептерімен қатар құқықтық та себептері бар.
ҚР ҚК-нің 324-б. (Шаруашылық немесе өзге де қызметке қойылатын экологиялық талаптарды бұзу), 325-б. (Экологиялық тұрғыдан əлеуетті қауіпті химиялық немесе биологиялық заттармен жұмыс істеу кезінде экологиялық талаптарды бұзу), 326-б. (Микробиологиялық немесе басқа да биологиялық агенттермен немесе уытты заттармен жұмыс iстеу кезінде экологиялық талаптарды бұзу) қарастырылған қылмыстық құқықбұзушылықтар да экологиялық талаптарды бұзу арқылы жасалынады. Бұл нормаларда белгіленген қызмет түрлерін жасау кезінде экологиялық талаптардың бұзылуы қоршаған ортаға, адамның денсаулығына зиян алып келеді. Сол сияқты, ҚР ҚК-нің арнайы нормаларында, мысалы, суларды ластау, теңіз ортасын ластау, жерді бүлдіру, жер қойнауын қорғау жəне пайдалану қағидаларын бұзу, атмосфераны ластауда экологиялық талаптар, қағидалар бұзылып, нақты қылмыстық іс-əрекеттерден қоршаған ортаға, адамдардың денсаулығы мен өміріне зиян туады. Бұл арнайы нормаларды ҚР ҚК-нің 324, 325, 326-баптарынан зардабы бойынша ажырата алмаймыз. Себебі табиғат ресурсының біріне зиян келсе, ол екіншісіне де əсер етеді. Зиянның алғашқыда нақты қай табиғат ресурсына келгенін анықтау қиын, оның үстіне, мамандардың айтуынша, табиғаттың ластануы уақыт өте анықталып жатады. Іс-тəжірибеде арнайы нормамен қаралған атмосфераны, жерді, не суларды ластау фактілерінің қай жағдайда іс-əрекет, ал қай кезде зардап болатынын анықтау қиындықтар тудырады. Ұқсас нормаларды бұзылатын экологиялық талап түрлерімен де ажыратқан жөн.
Атмосфераның ластану көздерін жалпы негізге ала отырып, бұзылатын экологиялық талаптарды жіктеп көрсек. Соңғы кезде қоршаған ортаны ластаушы көздерді төмендегідей топтау жиі орын алып отыр: физикалық ластану, химиялық ластану, биологиялық ластану, механикалық ластану [12].
Аталып кеткен ластану көздерінің тобы бойынша химиялық ластану — ҚР ҚК-нің 325-б., биологиялық ластану — ҚР ҚК-нің 326-б., ал физикалық ластанудың көзі радиациялық заттармен байланысты нормалар ҚК-тің 10-тарауында (қоғамдық қауіпсіздік пен қоғамдық тəртіпке қарсы қылмыстық құқықбұзушылықтар) орналасқан ғарыш қызметiн жүзеге асыру кезiнде қауiпсiздiк қағидаларын бұзу (282-б.); радиоактивтi заттармен, радиоактивті қалдықтармен, ядролық материалдармен заңсыз жұмыс істеу (283-б.); радиоактивтi заттармен, радиоактивті қалдықтармен, ядролық материалдармен жұмыс iстеу қағидаларын бұзу (285-б.) нормалармен қарастырылған.
Сондай-ақ ҚР ҚК-нің 325, 326-бб. қарастырылған қоршаған ортаны ластаудан бөлек, жекеленген табиғат ресурстарының (жер, жер қойнауы, су, теңіз ортасы, атмосфералық ауа жəне т.б.) қауіпті химиялық немесе биологиялық заттармен жұмыс істеу кезінде, не микробиологиялық немесе басқа да биологиялық агенттермен немесе уытты заттармен жұмыс iстеу кезінде экологиялық талаптарды бұзу салдарынан да ластануы мүмкін жай. Бұл жағдай да қылмыстық құқықбұзушылықтарды саралауда қиындықтар тудырары анық.
Атмосфералық ауаны ластауға қатысты экологиялық талаптарға мыналар жатады:
- атмосфераға ластаушы заттарды шығару;
- атмосфералық ауаны қорғауға байланысты талаптарды қанағаттандырмайтын жаңа жəне реконструкцияланған кəсiпорындарды, құрылыстарды немесе өзге де объектiлердi пайдалануға беру (ҚР ЭК-нің 202-б.);
- атмосфералық ауаны қорғаудың, оның iшiнде көлiк жəне басқа да жылжымалы құралдарды пайдалануға шығару жəне пайдалану кезiнде техникалық регламенттер, нормативтер, ережелер мен өзге де талаптар (ҚР ЭК-нің 203, 204-бб.);
- қалдықтарды жинап қою мен жағу кезiнде атмосфералық ауаны қорғау жөнiндегi талаптар (ҚР ЭК-нің 42-т.).
Ал ҚР ҚК-нің 324-б. (Шаруашылық немесе өзге де қызметке қойылатын экологиялық талаптарды бұзу) қарастырылған қылмыстық іс-əрекеттерге келсек, олар:
- табиғи ресурстарды пайдалануға қойылатын экологиялық талаптарды (ҚР ЭК-нің 207-б. қарастырылған) бұзу;
- кəсiпорындарды, құрылыстарды немесе өзге де объектiлердi жобалауға қойылатын экологиялық талаптарды (ҚР ЭК-нің 202-б. қарастырылған) бұзу;
- кəсiпорындарды, құрылыстарды немесе өзге де объектiлердi орналастыруға қойылатын экологиялық талаптарды (ҚР ЭК-нің 201-б. қарастырылған) бұзу;
- кəсiпорындарды, құрылыстарды немесе өзге де объектiлердi салуға қойылатын экологиялық талаптарды (ҚР ЭК-нің 202-б. қарастырылған) бұзу;
- кəсiпорындарды, құрылыстарды немесе өзге де объектiлердi реконструкциялауға қойылатын экологиялық талаптарды (ҚР ЭК-нің 202-б. қарастырылған) бұзу;
- кəсiпорындарды, құрылыстарды немесе өзге де объектiлердi пайдалануға беруге қойылатын экологиялық талаптар (ҚР ЭК-нің 202-б. қарастырылған);
- кəсiпорындарды, құрылыстарды немесе өзге де объектiлердi пайдалануға қойылатын экологиялық талаптарды (ҚР ҚК-нің 202-б. қарастырылған) бұзу;
- өнеркəсiп, энергетика, көлiк немесе байланыс объектiлерiн пайдалануға қойылатын экологиялық талаптарды (ҚР ЭК-нің 203-б. қарастырылған) бұзу;
- ауылшаруашылық мақсатындағы жəне мелиорация нысадарын пайдалануға қойылатын экологиялық талаптар (ҚР ЭК-нің 203-б. қарастырылған);
- қалаларды не басқа да елдi мекендердi салу кезiнде қойылатын экологиялық талаптарды (ҚР ЭК-нің 200-б. қарастырылған) бұзу;
- əскери немесе қорғаныс объектiлерi не қойылатын экологиялық талаптарды (ҚР ЭК-нің 206-б . қарастырылған) бұзу;
- əскери немесе ғарыш қызметiне қойылатын экологиялық талаптарды (ҚР ЭК-нің 206-б. қарастырылған) бұзу.
Екі нормада қарастырылатын экологиялық талаптарды бұзу іс-əрекеттерін салыстыра отырып, «кəсiпорындарды, құрылыстарды немесе өзге де объектiлердi салуға қойылатын экологиялық талаптарды (ҚР ЭК-нің 202-б. қарастырылған) бұзу» мен «өнеркəсiп, энергетика, көлiк немесе байланыс объектiлерiн пайдалануға қойылатын экологиялық талаптарды (ҚР ЭК-нің 203-б. қарастырылған) бұзудың» екеуінде кездестіретіндігіне көзжеткіземіз. Осы орайда ҚР ҚК-нің 329-б. қарастырылған қылмыс түрінде экологиялық талаптарды бұзумен сипатталатын атмосфераны ластау (бұл ҚР ҚК-нің 328, 330, 332, 333-бб. да қатысты) қылмыстық іс-əрекеті басқа экологиялық қылмыстық нормаларда (ҚР ҚК-нің 324, 325, 326-бб.) көзделген экологиялық талаптарды қайталамағаны орынды болар еді. Мысалы, суларға, теңіз ортасына қатысты экологиялық талаптарды бұзғаны үшін ҚР ҚК-нің 328 не 330-бб.; ал атмосфералық ауаға қатысты экологиялық талаптарды бұзғаны үшін ҚР ҚК-нің 329-б.; жерге не жер қойнауына қатысты экологиялық талаптарды бұзғаны үшін ҚР ҚК-нің 332, 333-бб. жауаптылық көздегенде.
Қорытынды
Қылмыстық заңнамада кейбір нормалар экологиялық талаптарды бұзумен сипатталынатын қылмыстық құқықбұзушылықтар бар. Бұл қылмыстық құқықбұзушылықтарды дұрыс саралау үшін тиісті қылмыстық нормадағы бұзылған экологиялық талап түрін, яғни қылмыстық зардаптың аталған экологиялық талап түрін, сақтамау салдарынан туындауын анықтап алу қажет.
ҚР ЭК-нің Ерекше бөлімі қоршаған ортаның жекеленген компоненттеріне арнайы дара экологиялық талаптарды жеке тарауларда қарастырады. Тек атмосфералық ауаға арналған экологиялық талаптар дараланбаған. Сондықтан да өзара ұқсас экологиялық қылмыстық құқық бұзушылықтарды саралау процесін тиімділеу мақсатында қылмыстық жəне экологиялық заңнамалардың сəйкестігін, байланысын сақтай отырып, соңғы кезде кодификацияланған ҚР ЭК-н əлі де жетілдірген орынды болар еді деп есептейміз.
Экологиялық талаптарды бұзумен сипатталынатын қылмыстық құқықбұзушылықтарды саралау процесін жетілдіру жолында қылмыстық нормада, не ҚР Жоғары Сотының Қаулысында əр қылмыстық нормаға қатысты экологиялық талаптар қарастырылған, экологиялық заңнамалардың атын, бабын нақтылап көрсеткен орынды еді.
Əдебиеттер тізімі
- Атмосфералық ауаның ластануы. Атмосфераға жасалған антропогендiк ықпал. Озон қабатының бұзылуы. Жылыжай эффектiсi [Электронды ресурс]. — Қолжетімділік режимі: https://studopedia.org/13–25781.html
- Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі. 2014 жылы 3 шiлде № 226-V [Электронды ресурс]. — Қолжетімділік режимі: http://adilet.zan.kz/kaz/docs/K1400000226#z1686
- Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексі. 2009 ж. 9 қаңтардағы № 212-III (2018 жылғы өзгерістер мен толықтырулармен) [Электронды ресурс]. — Қолжетімділік тəртібі: http://online.zakon.kz.
- Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі. 1997 жылғы 16 шілде № 167-I (2014.10.06. берілген өзгерістер мен толықтырулармен) [Электронды ресурс]. — Қолжетімділік тəртібі: http://online.zakon.kz.
- Борчашвили И.Ш. Комментарий к Уголовному кодексу Республики Казахстан / И.Ш. Борчашвили. Особенная часть — Т. 2. — Алматы: Жеті жарғы, 2015. — 1120 с.
- Хасанова А. И. Дəрістер жинағы. Əлеуметтік экология жəне тұрақты даму / А. И. Хасанова. — Костанай: А. Байтұрсынов атындағы ҚМУ, 2011. — 112 б.
- Шаруашылық жəне өзге де қызмет бойынша экологиялық нормативтер мен экологиялық талаптарды бекіту туралы Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2014 жылғы 13 қазандағы № 57 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Əділет министрлігінде 2014 жылы 16 қазанда № 9805 тіркелді [Электронды ресурс]. — Қолжетімділік тəртібі: http:// adilet.zan.kz/kaz/docs/V1400009805.
- Елюбаев Ж.С. Комментарии к статьям 277, 278, 282 и 222 Уголовного кодекса Республики Казахстан и к статье 243 Кодекса Республики Казахстан об административных правонарушениях (в редакция норм, по состоянию на 17 марта 2008 года) // Недропользование и право в Республике Казахстан: науч.-практ. пос. / Ж.С. Елюбаев. — Алматы: Юрист, 2009. — С. 99–107.
- Тимошенко Ю. А. Уголовно- наказуемое загрязнение вод: деяние или последствие? / Ю. А. Тимошенко // Российский журнал правовых исследований. — 2015. — № 4 (5). — С. 101–106.
- Ағыбаев А.Н. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне түсіндірме: Жалпы жəне Ерекше бөлімдер / А.Н. Ағыбаев. — Алматы: Жеті жарғы, 2015. — 768 с.
- Ашитов З.О. Уголовное право Республики Казахстан: учеб. пос. / З.О. Ашитов. — Алматы: Жеті жарғы, 2013. — 592 с.
- Қатты əсер ететін уландырғыш заттар жəне олардың сипаттамасы [Электронды ресурс]. — Қолжетімділік тəртібі: http://bigox.kz/katty-aser-etetin-ulandyrgysh-zattar-zhane-olardyn-sipattamasy.