Другие статьи

Цель нашей работы - изучение аминокислотного и минерального состава травы чертополоха поникшего
2010

Слово «этика» произошло от греческого «ethos», что в переводе означает обычай, нрав. Нравы и обычаи наших предков и составляли их нравственность, общепринятые нормы поведения.
2010

Артериальная гипертензия (АГ) является важнейшей медико-социальной проблемой. У 30% взрослого населения развитых стран мира определяется повышенный уровень артериального давления (АД) и у 12-15 % - наблюдается стойкая артериальная гипертензия
2010

Целью нашего исследования явилось определение эффективности применения препарата «Гинолакт» для лечения ВД у беременных.
2010

Целью нашего исследования явилось изучение эффективности и безопасности препарата лазолван 30мг у амбулаторных больных с ХОБЛ.
2010

Деформирующий остеоартроз (ДОА) в настоящее время является наиболее распространенным дегенеративно-дистрофическим заболеванием суставов, которым страдают не менее 20% населения земного шара.
2010

Целью работы явилась оценка анальгетической эффективности препарата Кетанов (кеторолак трометамин), у хирургических больных в послеоперационном периоде и возможности уменьшения использования наркотических анальгетиков.
2010

Для более объективного подтверждения мембранно-стабилизирующего влияния карбамезапина и ламиктала нами оценивались перекисная и механическая стойкости эритроцитов у больных эпилепсией
2010

Нами было проведено клинико-нейропсихологическое обследование 250 больных с ХИСФ (работающих в фосфорном производстве Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции)
2010


C использованием разработанных алгоритмов и моделей был произведен анализ ситуации в системе здравоохранения биогеохимической провинции. Рассчитаны интегрированные показатели здоровья
2010

Специфические особенности Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции связаны с производством фосфорных минеральных удобрений.
2010

Азаматтық құқықтағы көліктік міндеттемелердің жіктелуі

Зерттеу жұмысының мақсаты азаматтық құқық бойынша көліктік міндеттемелердің жіктелуіне талдау жүргізе отырып, соның негізінде көліктік міндеттемелердің жекелеген түрлерін айқындау болып табылады. Аталмыш мақсатқа жету үшін көлікті қызмет көрсету туралы азаматтық-құқықтық шарттардың əр түрінің құқықтық табиғатын зерттеу міндеті алдыға қойылды. Көліктік шарттардың мəні мен құқықтық табиғаты көліктің əртүрлі саласындағы құқықтық қатынастарды реттейтін заңнамалық нормаларға құқықтық талдау жүргізу жолымен ашылады. Бұл зерттеудің теоретикалық негізі ретінде көліктік шарттардың ұғымы мен түрлеріне, көліктік міндеттемелердің құқықтық реттелуіне арналған ғалым-цивилисттердің ғылыми зерттеулері болады. Мақалада көліктік міндеттемелердің, соның ішінде тасымалдау шартының жіктелуі секілді мəселелер қамтылады, көліктік шарттың əрқайсысының құқықтық табиғатына талдау жүргізіледі, сондай-ақ көліктік қызметпен байланысты өтеулі қызмет көрсетулер туралы басқа да шарттардан туындайтын міндеттемелердің (мəселен, лоцмандық қызмет көрсету туралы шарт, құтқару туралы шарт, авиациялық жұмыстарды орындау шарты, теңіз агенттігі шарты т.б.) жеке тобын бөліп қарастыру мəселесі талқыға салынады. Ғылыми жаңалығы көліктік міндеттемелердің жекелеген түрлерін құқықтық реттеуге зерттеу жүргізу Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасын жетілдіруге бағытталған ұсыныстар əзірлеу болып табылады.

Кіріспе

Көліктік міндеттемелер азаматтық-құқықтық қызмет көрсету бойынша міндеттемелер жүйесін құрайды. Қызмет көрсету бойынша міндеттемелер көлік үрдісінің барлық сатысына əсер ететін міндеттеме — бұл материалдық құндылықтарды, жолаушыларды, олардың теңдеме жүктерін тасымалдау, көлік экспедициялық қызмет көрсетеу бойынша міндеттемелер.

Азаматтық құқықта көліктік шарттарды бірнеше топтарға жіктеуге болады. Көліктік шарттардың бірінші тобы тасымалдау шарттарынан тұрады, ал екінші топқа ұйымдастырушылық шарттар (тасымалдауды ұйымдастыру туралы шарттар, тораптық келісімдер, жүктерді орталықтандырылған тасымалдау); үшінші топқа экспедициялық (көлік экспедициясы шарты), төртінші топқа өтеулі көліктік қызмет көрсетулер туралы шарттар немесе көлік саласындағы басқа да қызмет көрсетулер туралы шарттар (вагондарды беру жəне жинау туралы шарт, кірме жолдарды пайдалану шарты, аэронавигациялық қызмет көрсету шарты, сүйретіп жүзу шарты, лоцмандық қызмет көрсету туралы шарт, теңіз агенттігін жүргізу шарты, теңіз делдалдығы шарты, құтқару туралы шарт т.б.) [1;

Қолданыстағы азаматтық заңнамамен көліктік шарттардың төмендегідей түрлері қарастырылған:

жүкті тасымалдау шарты; 2) жолаушыны, теңдеме жүкті тасымалдау шарты; 3) кеме жалдау (чартер) шарты; 4) тікелей аралас тасымалдау шарты; 5) тасымалдауды ұйымдастыру туралы шарттар; 6) көлік ұйымдары арасындағы шарттар; 7) жалпы пайдаланыстағы көлікпен тасымалдау шарты; 8) көлік экспедициясы шарты.

Сонымен қатар аталған шарттардың кейбіреулері тасымалдау қандай көлікпен жүзеге асыры- латынына қарай түрленетінін ескерсек, онда көліктік шарттардың құрылымы одан əрі кеңейе түседі.

Тасымалдау шартын жасасудың экономикалық мақсаты, əдетте, жүктерді жəне жолаушыларды бір жерден екінші жерге тасу, яғни тасымалдап жеткізу қажеттігі болып табылады. Көліктік қызмет көрсетулер келесідей түрлерге жіктеледі: жүк тасымалдау; стивидорлық — жүктерді тиеу, түсіру бойынша қызмет көрсету; тальмандық — жүктері санау, өлшеу бойынша қызмет көрсету; қоймалық — жүктерді сақтау бойынша қызмет көрсету; басқа да ұсақ, ілеспе қызметтерді көрсету (мəселен, жүктер салынған ыдыстарды жөндеу, жүктерді сорттау, таңбалау т.б.) [2; 7].

Тасымалдау кезінде қалыптасатын көлік ұйымдарының, жүк жөнелтуші, жүкті қабылдаушылардың арақатынасы тасымалдау шартына негізделіп, реттеледі. Тасымалдау шартыжүктерді, жолаушыларды жəне қол жүктерін кеңістікте ауыстырудың құқықтық негізі болып табылады.

Əдістер мен материалдар

Зерттеу жұмысының əдістемелік негіздерін жеке ғылыми жəне жалпы ғылыми таным əдістері: нормативтік-логикалық, тарихи, салыстырмалы құқықтану, талдау, синтез, жүйелі-құқықтық жəне т.б. құрайды. Зерттеу жұмысын жүргізу барысында көліктік міндеттемелердің теориялық тұжырым- дарын қарастыратын теориялық материалдарға талдаулар жүргізілді.

Нəтижелер

Тасымалдау шарты — азаматтық құқықтағы ең маңызды шарттардың бірі, ол ұзақ уақыт бойы мердігерлік шартының жеке түрі ретінде қарастырылып келген болатын. Қазақстандық азаматтық құқықтың аумағында тасымалдау шартын дербес түрге бөліп қарастыру кеңестік мемлекеттің қалыптасу кезеңінде аяқталған ұзақ та қиын үрдістен өтті.

Кеңестік дəуірге дейінгі Ресей азаматтық заңнамасында тасымалдау шарты мердігерлік шарттың бір түрі ретінде қарастырылғанымен, азаматтық құқық ілімінде тасымалдау шартының дербестігі танылып, оны жан-жақты реттеу қажеттігі аталып өткен болатын. Мəселен, Г.Ф. Шершеневич азаматтық-құқықтық шарттарды жіктей отырып, қызмет көрсету туралы шарттардың қатарында тасымалдау шартын дербес көрсетеді жəне оған келесідей анықтама берген: «Тасымалдау шарты — бір тарапты, тасымалдаушыны, сыйақы үшін басқа тараптан, жөнелтушіден, қабылдап алынған заттарды құрлық жолымен немесе су жолымен, өзінің жалжымалы құралымен белгіленген жерге дейін жеткізуге жəне белгілі бір тұлғаға — қабылдап алушыға табыстауға міндеттейтін келісім» [3; 209].

Кеңестік кезеңде тасымалдау бойынша туындайтын қатынастарды шарттық деп тану біртіндеп жүзеге асырылды. Өткен ғасырдың 20–50-жж. аралығында социализм дəуіріндегі жоспарлау жүйесіне сай тасымалдау əкімшілік сипатқа ие болғандықтан, тасымалдау бойынша қатынастардың шарттық табиғатына күмəн келтірілді. Цивилист-ғалымдар жүктерді тасымалдау жоспарлау актілерінің негізінде туындайтын болғандықтан, жүкті тасымалдауға табыстау жəне қабылдау темір жол ұйымы мен жүк жөнелтуші үшін жоспарды орындау міндетті болып табылады, сондықтан оны шартпен рəсімдеудің қажеті жоқ деп пайымдады. Осыған байланысты тасымалдау қызметі біржақты мəміле деген ұғым қалыптасты.

1961 ж. КСРО жəне одақтас республикалардың азаматтық заңнамаларының негіздерінің қабыл- дануына орай жүктерді, жолаушыларды, қол жүктерін тасымалдау шарттары бекітілді (72–77-бб.). Сөйтіп, заң əдебиетінде тасымалдаудың шарттық табиғаты анықталды. Одақтас республикалардың, соның ішінде Қазақ КСР-ның 1964 жылғы Азаматтық кодексінің 34-т. «Тасымалдау» деген атаумен көлік ұйымдары мен клиенттердің арасындағы қатынастарды реттейтін тасымалдау шартының құқықтық негіздері тыңғылықты бекітілді (363–376-бб.). Аталған заңнамалардың негізінде тасымалдау ережелері КСРО темір жолдарының Жарғысында (1964), КСРО Сауда мақсатында теңізде жүзу кодексінде (1968), Қазақ КСР-ның Автомобиль көлігінің Жарғысында (1970) нақтыланып, жан-жақты реттелді.

Қазақстан егемендігі мен тəуелсіздігінің орнығуымен, нарықтық экономикаға жасалған бетбұрыстардың негізінде шарт жасасу еркіндігі қағидасына негізделген қолданыстағы ҚР АК-нің 688-б. бекітілген нормалар тасымалдау қатынастарының шарттық табиғатына қатысты пікірталастар- дың толастауына негіз болды.

Тасымалдаушылар мен оның қызметін тұтынушылардың арасындағы қатынастарды құқықтық реттейтін негізгі ережелер дəстүрлі ҚР АК-де бекітілген, ал көліктің əр түріне байланысты тасымалдаудың ерекшелігі арнайы көліктік заңдармен, заңға бағынышты актілермен анықталады. ҚР АК-нің 688-б. 2-б. сəйкес, тасымалдаудың жалпы талаптары көлік туралы заң актiлерiмен, өзге де заң актiлерiмен жəне оларға сəйкес шығарылған ережелермен белгiленедi.

Арнайы көліктік заңнамалар тасымалдаудың негізгі жағдайларын, тасымалдаушы мен жүк жөнелтушілердің, басқа да көлік түрлерінің арасындағы қатынастарды айқындайды, олардың құқықтары мен міндеттерін, жауапкершілігін орнатады.

«Тасымалдау» деп аталатын ҚР АК-нің 34-б. тасымалдауды реттейтін шарттар жүйесі жинақталған: жүктерді тасымалдау; жолаушыларды тасымалдау; кеме жалдау (чартер) шарты; тасымалдауды ұйымдастыру туралы шарттар; көлік ұйымдары арасындағы шарттар (тораптықкелісімдер, жүктерді орталықтандырылған түрде тасымалдау жəне т.б.); тікелей аралас қатынас; жалпы пайдаланыстағы көлікпен тасымалдау шарты [4].

Жоғарыда аталған ҚР АК-де қарастырылған шарттардың барлығы бір-бірінен келесі белгілері бойынша ажыратылады: шарттың құқықтық мəнісі, субъективтік құрамы, шарттың құқықтық табиғаты, пəні, мазмұны, тараптардың жауапкершілігі. Осы шарттарға қысқаша сипаттама беруді жөн көрдік.

Жүктi тасымалдау шарты бойынша бiр тарап (тасымалдаушы) өзiне басқа тараптың (жүк жөнелтушiнiң) сенiп тапсырған жүгiн белгiленген мекенге жеткiзуге жəне жүктi алуға уəкiлеттi адамға (алушыға) оны беруге міндеттенеді, ал жүк жөнелтуші жүкті тасымалдағаны үшiн шартқа немесе тарифке сəйкес ақы төлеуге мiндеттенедi. Жүк тасымалдау шарты көліктiк құжатын, коносаменттi, тауар-көлік құжатын немесе жүк тасымалдаудың көлік туралы заң актiлерiнде көзделген өзге құжатын толтыру арқылы рəсiмделедi (ҚР АК-нің 689-б.) [4].

Аталмыш шарт нақты шарт ретінде сараланады, себебі міндеттеме жүк жөнелтуші жүкті табыстаған жəне оны тасымалдаушы қабылдаған сəтте туындайды. Шарттың анықтамасынан байқалып тұрғандай, ол екі жақты шарттарға жатады, себебі міндеттеме тасымалдаушы жағында да, жүк жөнелтуші жағында да болады: тасымалдаушының қызметіне тиісінше ақы төленуі тиіс. Тасымалдау шартына тасымалдаушы мен жүк жөнелтушіден басқа, жүк қабылдаушы да қатысып, құқықтар мен міндеттерге ие болады.

Жолаушыларды тасымалдау шарты бойынша тасымалдаушы жолаушыны баратын мекенiне, ал жолаушы теңдеме жүктi тапсырған жағдайда теңдеме жүктi де апаратын мекенге жеткiзудi жəне оны теңдеме жүктi алуға құқық берiлген адамға беруге мiндеттенедi; жолаушы жолына, ал теңдеме жүгiн тапсырған кезде — теңдеме жүгiн алып баруға ақы төлеуге мiндеттенедi. Жолаушы мен теңдеме жүктi тасымалдау шарты тиiсiнше жол жүру билетiмен жəне теңдеме жүк түбiртегiмен рəсiмделедi. Жол жүру билетi мен теңдеме жүк түбiртегiнiң нысаны көлік туралы заң актiлерiнде көзделген тəртiппен белгiленедi (ҚР АК-нің 690-б.) [4].

Жоғарыда берілген анықтамадан бұл шарт екі жақты, өтеулі шарт болып табылатындығы айқындалып тұр. Сонымен қатар ол консенсуалдық сипатқа ие, себебі жолаушы жол жүру билетін сатып алған сəттен бастап тасымалдаушының көлік құралын жол жүру кестесіне сəйкес ұсыну жəне жолаушыға орын беру, теңдеме жүкті қабылдап алу міндеті туындайды.

Кеме жалдау (чартер) шарты бойынша бiр тарап (кемемен жалданушы) басқа тарапқа (кеме жалдаушы) жолаушыларды, теңдеме жүктi жəне жүктердi тасымалдау үшiн бiр немесе бiрнеше көлік құралын толық немесе оның сыйымдылығының бiр бөлiгiн бiр немесе бiрнеше рейске ақы төлеттiрiп беруге мiндеттенедi. Кеме жалдау шартын жасасу тəртiбi, сондай-ақ оның нысаны мен түрлерi көлік туралы заң актiлерiмен белгiленедi (ҚР АК-нің 691-б.) [4].

Аталған шарт екі жақты, өтеулі, консенсуалды болып табылады. Алдыңғы қарастырылған екі шарттар пəні бойынша ажыратылады: чартер шарты бойынша тасымалдаушы жеке жүк жөнелтушіден белгілі бір орынға жүкті қабылдап алмайды немесе нақты жолаушыға алған билетіне сəйкес көлік құралында белгілі бір орындарды беруге міндеттенбейді, керісінше, тасымалдаушы бір немесе бірнеше рейске көлік құралының түгелдей немесе бір бөлігін беру бойынша əрекет етеді.

Қазақстандық азаматтық құқық «кеме жалдау шарты» ұғымын тек қана жүктерді, жолаушыны, теңдеме жүкті теңіз көлігімен тасымалдау шартына қолданады. ҚР Сауда мақсатында теңізде жүзу туралы Заңының 54-б. 2-б. бойынша жүкті теңіз арқылы тасымалдау шарты:

  •  бүкiл кеменi, оның бiр бөлiгiн немесе кемедегi белгiлi бiр жайларды (чартер) беру талабымен;
  •  мұндай талап қойылмай жасалуы мүмкiн.

Бірінші түрінің міндетті белгісі — жүкті орналастыру үшін кеме тұтастай немесе бір бөлігі, кемедегі жайлары беріледі. Бұндай шарт ҚР Сауда мақсатында теңізде жүзу туралы Заңының 54-б. 2-б. чартер деп аталған. Себебі бұл шарт чартермен рəсімделеді. Ол тəжірибеде өте үлкен көлемде жүктерді (ағаштар, бидай, мұнай, көмірді жəне т.б.) тасымалдауды реттейді. Жүкті теңіз көлігімен тасымалдаудың екінші түрі бүкіл кемені, оның бiр бөлiгiн немесе кемедегi белгiлi бiр жайларды беру жағдайларын қарастырмай, кəдімгі жүк тасымалдау шартымен жасалады. Мұндай шарт тасымалдаушының коносамент беру жолымен жасалады. Сондықтан оны коносамент бойынша тасымалдау шарты деп атауға да болады [5; 85].

Кемелерді пайдаланудың басқа нысандары көлік құралы ретінде кемені жалдау шарты болып табылады. Бірақ заң əдебиетінде тасымалдау шарты мен кеме жалдау шартының заңдық табиғатына қатысты біртекті пікір қалыптаспаған. Бір топ авторлар аталған шарттарды бір шарттың екі түрі дептанитын болса, келесі авторлар құқықтық табиғаты бойынша дербес екі түрлі шарт деген пікірді айтады. Аталған екі пікір де дұрыс деп айтуға болады. Коносамент бойынша жүк тасымалдау шарты мен кеме жалдау шарты (чартер) екі дербес шарт болып табылады. Коносамент бойынша жүк тасымалдау шарты тасымалдау шартының дəстүрлі түрі болып табылса, кеме жалдау (чартер) шарты кемені жалдау шарты мен жүкті тасымалдау шартының элементтерін біріктіретін ерекше күрделі шарт деген қорытындыға келеміз.

Чартерлік тасымалдаудың ерекшелігі тасымалдаушы жолаушыдан (жүк жөнелтушіден) ешқандай сыйақы алмайды. Чартерлік рейске тасымалдау құжатын беру онда ақы төленгені туралы белгілеумен жүзеге асырылады. Бұл жағдайда жолаушы (жүк жөнелтуші) кеме жалдаушыға барлық қызмет көрсетулер жиынтығы үшін ақы төлейді. Оларға тасымалдау, басқа да қызмет көрсетулер (мəселен, қонақ үйлерге орналастыру, тамақтандыру т.б.) кіреді [6; 238].

Жүйелi түрде тасымалдауларды жүзеге асыру қажет болған кезде тасымалдаушы мен жүк жөнелтушi тасымалдауларды ұйымдастыру туралы ұзақмерзімді шарттар жасаса алады. Жүктердi тасымалдауларды ұйымдастыру туралы шарт бойынша тасымалдаушы белгiленген мерзiмде жүктi қабылдауға, ал жүк жөнелтушi — келiсiлген көлемде тасымалдауға жүк берiп тұруға мiндеттенедi. Тасымалдауды ұйымдастыру туралы шартта тасымалдау көлемдерi, мерзiмдерi, сапасы жəне көлік құралдарын беру мен тасымалдауға жүктердi берудiң басқа да жағдайлары, сондай-ақ тасымалдауды ұйымдастырудың заң актiлерiнде көзделмеген өзге де жағдайлары белгiленедi (ҚР АК- нің 692-б.) [4].

Бұл шарт екіжақты, өтеулі жəне консенсуалды шарт болып табылады. Аталған шартты қолдану саласы ұзақмерзімді сипатқа ие тасымалдаушы мен жүк иесінің арасында жүйелі жүк тасымалдау қатынастарымен шектеледі. Осының негізінде бұл шарт нақты жүкті тасымалдау шарты болып табылмайды деген қорытынды жасауға болады.

Əртүрлi көлік ұйымдары арасында жүктердi тасымалдауды қамтамасыз ету жөнiндегi жұмысты ұйымдастыру туралы шарттар (тораптық келiсiмдер, жүктердi орталықтандырылған түрде əкелу (əкету) шарты жəне басқалары) жасалуы мүмкiн. Мұндай шарттарды жасасу тəртiбi көлік туралы заң актiлерiмен белгiленедi (ҚР АК-нің 693-б.).

Қарастырылып отырған шарттың пəні болып жүктерді жөнелту жеріне жеткізген көлік ұйымдарынан жүктерді қабылдап алуды; жүктерді көліктің бір түрінен екінші түріне тиеуді; жүктерді қабылдап алушыға жеткізуші көлік ұйымдарына табыстауды қамтамасыз ету бойынша əрекеттер табылады. Аталмыш шартпен жүктерді тасымалдау үрдісінде қалыптасатын көлік ұйымдарының өзара қатынастары реттеледі.

Тораптық келісімдерден тікелей аралас қатынаста əртүрлі көлік ұйымдарының жүк құжатында көрсетілген жүкті тиеу үшін немесе түсіру үшін көлік құралдарын беру, жүкті қабылдап алу, көліктің екінші түріне ауыстыру жұмыстарын ұйымдастыру міндеттемелері туындайды. Бұндай міндеттемелерді орындау тəртібі көліктік заңнамаларда нақты реттелген.

Көлік ұйымдарының жүктердi, жолаушыларды, теңдеме жүктi əртүрлi көлік түрлерiмен бiрыңғай көлік құжаты бойынша (аралас тасымалдар) тасымалдау кезіндегі өзара қарым- қатынастары, сондай-ақ осындай тасымалдауларды ұйымдастыру тəртiбi аралас тасымалдар туралы заң актiлерiне сəйкес тиiстi көлік түрлерi ұйымдарының арасындағы жасалатын келiсiмдермен белгiленедi.

ҚР АК «аралас тасымалдар» деген ұғымды бекітеді: «Екі немесе одан да көп көлiк түрлерiмен бірыңғай тауар-көлiк жүкқұжаты (бірыңғай коносамент) бойынша тасымалдау (аралас тасымалдар) кезіндегі өзара қарым-қатынастар, сондай-ақ осындай тасымалдарды ұйымдастыру тəртiбi Қазақстан Республикасының көлік туралы заңнамалық актiлеріне сəйкес аралас тасымалдар қатысушыларының арасындағы жасалатын шарттармен айқындалады» (694-б.) [4]. Соның негізінде «Аралас тасымалдар қағидасы» бекітілді. Ереже аралас тасымалдарды жүзеге асыру тəртібі мен талаптарын, аралас тасымалдың шарттарын жасасудың жəне аралас тасымалдар кезіндегі өзара іс-қимылдың негізгі ережелері мен тəртібін, бірыңғай тауар-көлік жүк құжатының (бірыңғай коносаменттің) нысанын жəне оны толтыру тəртібін айқындайды [7].

Аралас тасымалдар шарты нақты, өзара, өтеулі шарт болып табылады. Аталған шарттың ерекшелігі жүктерді, жолаушыларды, теңдеме жүктерді көліктің əр түрімен ортақ бір құжат бойынша тасымалдауда. Сол себепті аралас тасымалдау деп атайды. Шарттың тараптары: жүк жөнелтуші — жүкті тасымалдауға жөнелтуші, оператор — өз атынан аралас тасымалдауды ұйымдастырушы [8; 63].

Аралас тасымалдар бойынша жүктерді тасымалдаудың негізгі белгісі болып оған əртүрлі көлікпен кем дегенде екі тасымалдаушының қатысуы табылады. Жүк жөнелтуші көліктің бір түрінен екінші түріне жүкті табыстау жəне оны құжатпен рəсімдеу міндетінен босатылады [9; 113]. Əрбір тасымалдаушы алдыңғы тасымалдаушыдан жүкті қабылдай отырып, жүкті тасудың өзіне тиесілі бөлігінде тасымалдау міндетін орындайды.

Аралас тасымалдар бойынша жүктерді тасымалдаумен байланысты қатынастар шарттың екі түрімен реттеледі: аралас тасымалдау бойынша жүкті тасымалдау шартымен жəне əртүрлі көлік ұйымдарының арасында мұндай тасымалдауды ұйымдастыру бойынша олардың жұмыс істеу тəртібін реттейтін келісімдермен. Сондықтан əртүрлі көлік ұйымдарымен, əрқайсысының көлік құжаты бойынша жүктерді тасымалдауды қамтамасыз ету бойынша міндеттемелерді жəне тікелей аралас қатынас бойынша жүктерді тасымалдауды ұйымдастырумен байланысты міндеттемелерді де қарастыратын аралас шарт жасалуы мүмкін. Осындай үлгіде жүктерді түсіру-тиеу жерлерінде көлік ұйымдарының ара қатынасын реттейтін тораптық келісімдер жасалады [10; 257].

Коммерциялық ұйым жүзеге асыратын тасымалдау, егер заң актiлерiнен, өзге нормативтiк құқықтық актiлерден немесе осы ұйымға берiлген лицензиядан (патенттен) бұл ұйым жолаушыларды, жүктердi жəне (немесе) теңдеме жүктi кез келген азаматтың немесе заңды тұлғаның өтiнiшi бойынша тасымалдауды жүзеге асыруға мiндеттi екенi туындайтын болса, жалпы пайдаланыстағы көлікпен тасымалдау болып танылады. Жалпы пайдаланыстағы көлікпен тасымалдау шарты жария шарт болып табылады (ҚР АК-нің 695-б.).

Жалпы пайдаланыстағы көлікпен тасымалдаудың ерекшеліктері келесідей: көлік туралы заңнамалармен қарастырылған негіздерден басқа жағдайларда, коммерциялық ұйым ретінде тасымалдаушының заңды жəне жеке тұлғаларға тасымалдаудан бастартуға құқығы жоқ; тасымалдау бағасы, азаматтардың жекелеген санататтары үшін заңды актілермен қарастырылған жеңілдіктерді қоса алғанда, тасымалдау шартының басқа да жағдайлары барлығы үшін бірдей болуы тиіс; мұндай шартты жасасудан бастартқан жағдайда ҚР АК-нің 399-б. 4-б. ережелері қолданылады, яғни шарт жасасуға мəжбүрлеу немесе шарт жасасудан бастартудан келтірілген залалды өтеп алуы мүмкін; көлік туралы заңнамамен қарастырылған жағдайларда жалпы пайдаланыстағы көлікпен тасымалдау шартын жасасу жəне орындауда тараптар үшін міндетті ережелерді (үлгі шарттарды, ережелерді) қабылдау [6; 240].

Тасымалдау шартының түрлерін көліктің түрлеріне қарай жіктеу заң əдебиетінде кеңінен орын алады. Соның ішінде теңіз көлігінде мемлекеттің теңіз порттары арасындағы қатынаста тасымалдауды каботаж деп атайды. Оның өзі кіші каботаж (бір теңіз бассейніндегі порттар арасындағы тасымалдау) жəне үлкен каботаж (бірнеше теңіз бассейні порттары арасындағы тасымалдау) деп бөлінеді [11; 379].

Заң əдебиетінде тасымалдаудың жергілікті, тікелей жəне тікелей аралас қатынас бойынша жүзеге асырылатын дəстүрлі түрлерін ажыратады. Жергілікті тасымалдау деп көліктің бір түрімен ғана тасымадауды айтады. Тікелей деп бір құжат бойынша көліктің бір түрімен бірнеше көлік ұйымдары қатысатын тасымалдау танылады. Тікелей аралас қатынас бойынша тасымалдау деп бір құжаттың негізінде жүкті əртүрлі көлік түрлерімен тасымалдау есептеледі [9; 39, 40].

Автомобиль көлігінде тасымалдаудың келесідей түрлері қарастырылады: Автомобильмен тасымалдау:

  1. жолаушылар мен багажды тасымалдау;
  2. жүк тасымалдау;
  3. пошта жөнелтілімдерін тасымалдау болып бөлiнедi («Автомобиль көлігі туралы» ҚР Заңының 8-б.) [12].

Талқылау

Көліктік міндеттемелерді жіктей отырып, Д.А. Медведев пен В.Г. Смирнов тасымалдауды көліктік міндеттемелердің негізі деп, одан басқа да көліктік қызмет көрсетулерді (ұйымдастыру- тасымалдаушылық, экспедициялық, жалға беру, сақтау т.б.) атап көрсетеді [13; 374].

Бұдан басқа заң əдебиетінде кəсіпкерлік көліктік шарттарды бөліп қарастырады. Бұндай бөлуді көліктің кез келген түрінде тасымалдаушы ретінде тек қана кəсіпкердің қатысуымен негіздейді. Сондай-ақ «əдетте, жүктерді тасымалдау шарты басқа да тасымалдауға қатысушылардың: жүк жөнелтуші мен жүкті қабылдаушының кəсіпкерлік қызметі саласында болады, өйткені тасымалдау тауар жеткізілімі міндеттемелерін орындау үшін қажет» [14; 308].

Заң əдебиеттерінде орын алған жіктеулерге сəйкес, тасымалдау шартының жасалу сəтіне қарай екі түрге бөлінеді: нақты тасымалдау шарты (жүкті тасымалдау) жəне консенсуалды (жолаушыларды тасымалдау шарты, жүк тасымалдауды ұйымдастыру туралы шарт т.б.).

Шарттың пəні бойынша жолаушыны тасымалдау шарты (шарттың пəні — жолаушы мен теңдеме жүгін белгіленген мекенге жеткізу); жүктерді тасымалдау шарты (шарттың пəні — жүкті тасу); кеме жалдау (чартер) шарты (шарттың пəні — көлік құралының сыйымдылығын түгелдей немесе бір бөлігін беру).

Субъективтік құрамы бойынша келесі түрлерге ажыратылады: жолаушыны тасымалдау шарты, тасымалдаушымен келісуші екінші тарабы — жолаушы; жүкті тасымалдау шарты, екінші тарабы — жүк жөнелтуші; тасымалдауды ұйымдастыру шарты, екінші тарабы — көлік ұйымдары [15; 294].

Тасымалдау шартының мақсатына сəйкес үш топқа бөлінеді: тасымалдауды ұйымдастыруға бағытталған шарттар, мақсаты болып тасымалданатын жүктердің көлемін жəне көлік құралдарының санын, тасымалдаушы мен жүк жөнелтушілердің жұмыстарының тəртібін айқындау табылады (тасымалдауды ұйымдастыру туралы шарт, темір жол көлігі саласында кірме жолдар қызметтерін көрсетуге жасалатын шарт; вагондарды беруге-алып кетуге шарт жасасу); жүктерді, жолаушыларды, теңдеме жүктерін тасу мен белгіленген мекенге жеткізуді қамтамасыз етуге бағытталған шарттар (тікелей аралас қатынас бойынша жүк тасымалдауды ұйымдастыру туралы көлік ұйымдарының арасында жасалатын келісім, тораптық келісімдер); жүктерді, жолаушыларды, теңдеме жүктерін белгіленген мекенге жеткізуге бағытталған шарттар (жүкті тасымалдау шарты, жолаушыларды тасымалдау шарты) [16; 107].

Тасымалдаушының құқықтық жағдайына (мəртебесіне) байланысты жалпы көлікпен жүзеге асырылатын жəне басқа да көлік құралдарымен жүзеге асырылатын тасымалдау шарттары деп бөлінеді. Жалпы пайдаланыстағы көлікпен тасымалдау дегеніміз — заңның, рұқсат құжатының талабы бойынша, тасымалдауды кез келген азамат немесе заңды тұлғаның жолдануы жағдайында жүзеге асыру міндеті жүктелген коммерциялық ұйымның тасымалдауы. ҚР АК-нің 695-б. сəйкес, жалпы пайдаланыстағы көлікпен тасымалдау шарты жария шарт болып табылады.

Нысаны бойынша тасымалдау шарттарының келесі түрлерін бөліп көрсетуге болады: көлік жүк құжатымен немесе коносаментпен рəсімделетін шарттар (темір жол көлігімен жүк тасымалдау; теңіз көлігімен жүк тасымалдау); конклюдентті əрекеттер түрінде жасалатын шарттар (көлік ұйымының жүк жөнелтуші тапсырысын қабылдауы; жолаушының билет сатып алуы); жалпы тəртіп бойынша жасалатын шарттар.

ҚР-ның көліктік заңнамасы бойынша көліктік міндетемелердің тағы да бір тобын құрауға болады, олар көлік саласындағы өзге де қызмет көрсетулер туралы шарттардан туындайтын міндеттемелер. Жүктерді тасымалдаумен байланысты жəне оны қамтамасыз етуге бағытталған түрлі қызмет көрсетулерді жүк жөнелтішілер мен жүк қабылдаушыларға көрсету пəні болып табылатын көлік экспедициясы шартынан басқа, көліктік құқық қатынастары саласында басқа да өтеулі қызмет көрсету туралы шарттардың кең ауқымы жүзеге асырылады. Олар көліктік үрдіспен байланысты болып, бірақ жүктерді тасымалдауды қамтамасыз етуді мақсат етпейді. Мұндай шарттардың кең таралуы тəжірибемен жəне арнайы көліктік заңнамаларда бекітілген құқықтық нормалардың болуымен расталады. Мəселен, «Темір жол көлігі туралы» ҚР Заңында «локомотивтiк тартқыш операторы шарттар негiзiнде жəне уəкiлеттi орган белгiлеген тəртiппен локомотивтiк тартқыш қызметтерiн көрсетедi» (8-б., 5-б.); жүк тасымалдау ережелерi жалпы ережелердi, сондай-ақ мыналарды: вагондарды беруге-алып кетуге шарттар жасасу, вагондар мен контейнерлердi жүк түсiрiлгеннен кейiн тазалау жəне жуу шарттары мен тəртiбiн қамтиды (40-б.); жүктi тиеудi жəне түсiрудi (жүктен босатуды) тасымалдаушы немесе жүк жөнелтушi (жүк алушы) тасымалдау ережелерiнде немесе шарттарында көзделген тəртiппен жəне мерзiмде жүзеге асырады (41-б.); тасымалдаушы жүк жөнелтушiге вагондарды, контейнерлердi қабылданған өтiнiмде жəне (немесе) шартта белгiленген мерзiмдерде жүк тиеуге беруге жəне оларды алып кетуге мiндеттi (45-б.); тасымалдау процесiне қатысушылардың кiрме жолдар қызметтерiн көрсету жөнiндегi өзара қатынастары шартпен айқындалады (60-б.) деп атап көрсетілген [17].

Жоғарыда аталған темір жол көлігі саласында өтеулі қызмет көрсету туралы шарттар тиісінше жүк тасымалдау ережелерінде нақтыланған. Мəселен, Темір жол көлігімен жүк тасымалдау ережелерінде вагондарды беру-əкету шарты (11-т.).

Əуе көлігінде шартық негізде авиациялық жұмыстар орындалады. «Əуе кеңiстiгiн пайдалану жəне авиация қызметi туралы» ҚР Заңның 20-б. «Қазақстан Республикасының əуе кеңiстiгiн пайда-ланушылар үшiн аэронавигациялық ұйым ұсынатын əуе қозғалысына қызмет көрсету олардың мемлекеттiк тиесiлiгiне, ведомстволық бағыныстылығына жəне меншiк нысандарына қарамастан, шарттардың (жария шарттардың) негiзiнде жүзеге асырылады» делінген.

Азаматтық авиацияның қызмет көрсетулеріне жатқызылады: авиациялық жұмыстарды орындау; əуе кемесiн пайдаланушының жеке қажеттiлiктерiн қанағаттандыру; аэронавигациялық қызмет көрсету; əуе кемелерiне техникалық қызмет көрсету жəне оларды жөндеу; əуежай қызметiн жəне (немесе) əуеайлақ (тiкұшақ айлағы) қызметiн көрсетудi жүзеге асыру. Осы аталған қызмет көрсетулер де шарттық негізде жүзеге асырылады (6-б., 3-б.) [18].

Теңіз көлігінде көліктік қызмет көрсету туралы көптеген шарттар тəжірибеде орындалады, солардың көпшілігі «Сауда мақсатында теңiзде жүзу туралы» ҚР Заңымен реттеледі. Атап айтқанда, жүзу қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жəне кемелердiң оқиғаларға ұшырауын болдырмау, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтетiн ережелерге сəйкес қоршаған ортаны қорғау мақсатында кемелерді лоцмандық алып өтуге байланысты шарттық қатынастар нақтылы реттелген (45–49-б.) [19].

Аталмыш Заңда сүйретіп жүзу шарты (14-т.), теңіз агенттігі, теңіз делдалдығы (15-т.) жеке реттеледі. Сонымен қатар Заңда теңiз сақтандыру шартына арналған ережелер де бекітілген (7-б.).

Сондай-ақ ішкі су көлігінде де «Ішкі су көлігі туралы» ҚР Заңға сəйкес, өз алдына дербес кемелердi, салдарды жəне өзге де жүзу объектiлерiн тiркеп сүйреу шарты (12-т.), iшкi су жолдарында кемелердi лоцмандық алып өту (20-б.) ережелері қарастырылған. Бұдан басқа өзен порттарында шарттармен реттелетін жекелеген өтеулі қызметтер көрсетіледі: кемелерге жүк тиеу (түсiру); жүктермен көлiк-экспедиторлық жəне қоймалық операциялар; көлiктiң басқа түрлерiнен iшкi су көлiгiне жəне, керiсiнше, жүктердi ауыстырып тиеу; кемелер жолаушыларына қызмет көрсету; порт кемелерi мен көлiктiң басқа түрлерiнде жолаушыларды, багажды жəне жүктердi тасымалдауды жүзеге асыру (48-б.) [20].

Жоғарыда аталған шарттарды біріктіретін жалпы ортақ белгісі болып олардың өтеулі қызмет көрсету туралы шарттардың тобына жататындығы табылады, себебі олардың пəні пайдалы нəтижеге қолжеткізетін əрекет (қызмет) болып табылады. Келесі ұқсату белгісі ретінде көліктік қызметпен байланысты болуы жəне осы қызметке көмекші сипатқа ие болуы бола алады.

Қорытынды

Азаматтық құқықта көліктік міндеттемелер тасымалдау жəне көмекші міндеттемелер болып табылатын белгілі бір көліктік шарттар жүйесін құрайды. Тасымалдау міндеттемелері жүктерді кеңістікте көлікпен жеткізуді мақсат ететін негізгі міндеттеме болса, ал көмекші міндеттемелер осы тасымалдау үрдісінің ойдағыдай орындалуын қамтамасыз етеді. Оларды келесідей жіктеуге болады:

  1. ұйымдастырушылық міндеттемелер (тасымалдауды ұйымдастыру туралы шарт);
  2. экспедициялық міндеттемелер (көлік экспедициясы туралы шарт, жүкті тиеу-түсіру жұмыстары туралы шарт);
  3. көліктік міндеттемелер (вагондарды беру жəне жинау туралы шарт, темір жолмен тасымалдау жолдарын пайдалану туралы шарт, темір жол қызмет көрсетулері туралы шарт);
  4. жалдау туралы міндеттемелер (қоймаларды жəне жүктерді жинау алаңдарын жалдау, вагондарды жəне басқа да жылжымалы құрамды жалдау).

 

Əдебиеттер тізімі

  1. Ильясова Г. А. Система транспортных договоров по законодательству Республики Казахстан / Г.А. Ильясова // Вестн. Караганд. ун-та. Сер. Право. — 2012. — № 2 (66). — С. 39–44.
  2. Брагин С.В. Экспедирование, экономика, транспорт: учеб. пос. / С. В. Брагин, А. Сабетов. — Алматы: Glory, 2002. — 397 с
  3. Шершеневич Г.Ф. Курс торгового права: по изд. 1908 г. / Г.Ф. Шершеневич. — Т. 2. Классика российской цивилистики. — М.: Статут, 2003. — 544 с.
  4. Қазақстан Республикасының 1 шілде 1999 жылғы № 4091 Азаматтық кодексі. Ерекше бөлім [Электрондық ресурс]. — Қолжетімділік тəртібі: http://adilet.zan.kz/kaz/docs/K990000409_
  5. Ильясова Г.А. Понятие и правовая природа договора фрахтования (чартера) по законодательству Республики Казахстан и Украины / Г.А. Ильясова, Е.Н. Клюева // Вестн. Караганд. ун-та. Сер. Право. — 2016. — № 3 (83). — С. 85–93.
  6. Тулеугалиев Г.И. Избранные труды по транспортному праву / Г. И. Тулеугалиев . Предисл. М. К. Сулейменов, Е. У. Ихсанов; Сост. М.К. Сулейменов. Сер. «Классика казахстанской цивилистики». — Алматы: НИИ частного права КазГЮУ, 2003. — 506 c.
  7. «Аралас тасымалдар қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Инвестициялар жəне даму министрінің м.а. 2015 жылғы 26 қарашадағы № 1104 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Əділет министрлігінде 2015 жылы 28 желтоқсанда № 12569 болып тіркелді // http://adilet.zan.kz/kaz/docs/V1500012569
  8. Ильясова Г. А. Правовое регулирование договора прямой смешанной перевозки грузов по законодательствам Республики Казахстан и Украины: сравнительно-правовой анализ / Г.А. Ильясова// Вестн. Караганд. ун-та. Сер. Право. — 2016. — № 2 (82). — С. 59–68.
  9. Егиазаров В.А. Транспортное право: учебник для вузов / В.А. Егиазаров. — М.: Юстицинформ, 2005. — 544 с.
  10. Брагинский М.И. Договорное право. Кн. 4: Договоры о перевозке, буксировке, транспортной экспедиции и иных услугах в сфере транспорта / М.И. Брагинский, В.В. Витрянский. — 4-е изд., стер. — М.: Статут, 2007. — 940 с.
  11. Гражданское право России. Часть вторая: Обязательственное право. Курс лекций / отв. ред. О.Н. Садиков. — М.: Юрист, 2004. — 845 с.
  12. «Автомобиль көлiгi туралы» Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 4 шілдедегі N 476 Заңы [Электрондық ресурс]. — Қолжетімділік тəртібі: http://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z030000476_#z144
  13. Медведев Д.А. Гражданское право: учебник / Д.А. Медведев, В.Т. Смирнов; под ред. А.П. Сергеева, Ю.К. Толстого. — Ч . II. — М .: ПРОСПЕКТ, 1998. — С . 373–419.
  14. Ковалевская Н.С. Коммерческое право: учеб. / Н.С. Ковалевская; под ред. В.Ф. Попондопуло, В.Ф. Яковлевой. — СПб.: Изд-во СПб., 1997. — 518 с.
  15. Тулеугалиев Г.И. Глава 35. Перевозка. Гражданский кодекс Республики Казахстан. (Особенная часть). Комментарий / Г.И. Тулеугалиев; отв. ред. М.К. Сулейменов, Ю.Г. Басин. — 2-е изд., испр. и доп., с использованием судебной практики. — Алматы: Жеті жарғы, 2003. — С. 284–338.
  16. Ильясова Г.А. Қазақстан Республикасының көлік құқығы: оқу құралы / Г.А. Ильясова. — 2-ші бас., өзгерт. жəне толықт. — Қарағанды: ҚарМУ баспасы, 2013. — 366 б.
  17. «Теміржол көлігі туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 8 желтоқсандағы N 266 Заңы [Электрондық ресурс]. — Қолжетімділік тəртібі: http://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z010000266_#z6
  18. Қазақстан Республикасының «Əуе кеңiстiгiн пайдалану жəне авиация қызметi туралы» 2010 жылғы 15 шiлдедегi № 339-IV Заңы [Электрондық ресурс]. — Қолжетімділік тəртібі: http://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z100000339_#z1011
  19. «Сауда мақсатында теңізде жүзу туралы» Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 17 қаңтардағы N 284 Заңы [Электрондық ресурс]. — Қолжетімділік тəртібі: http://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z020000284_
  20. Қазақстан Республикасының «Ішкі су көлігі туралы» 2004 жылғы 6 шiлдедегi № 574 Заңы [Электрондық ресурс]. — Қолжетімділік тəртібі: http://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z040000574_#z219.

Разделы знаний

Биология

Биология бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  ғылыми және тәжірибелі биология бойынша көптеген мақалалар мен баяндамаларды таба аласыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында қазіргі билогияның негіздері, тарихы,  зерттеу бағыттары мен ғылыми зерттеулердің нәтжелері және биология ғылымының басқа да бөлімдері жайлы толық анықтама береді.

Медицина

Совокупность наук о болезнях, их лечении и предупреждении.

Педагогика

Бұл бөлімде сіздер педагогика пәні бойынша көптеген тақырыптарға арналған мақалалар мен баяндамаларды таба аласыз. Бұл мақалалар сіздерге түрлі педагогика жайлы ғылыми жұмыстарды жазуға бағыт-бағдар бере отырып, жаңа ғылыми ашылымдар мен тәжірибелік зерттеулердің нәтижелерін танып-білуге көмектеседі.

Психология

Психология бөлімінде психология пәні, міндеттері мен мақсаттары, психикалық құбылыстардың пайда болу заңдылықтары, психология бөлімінің тармақтары, психология ғылымының пайда болу тарихы, қалыптасуы және психологияның басқа да тақырыбындағы қызықты мақалаларды таба аласыздар. 

Социология

 Бұл бөлімде социология немесе әлеуметтану ғылымы жайлы, қоғамның қалыптасуы, жұмыс істеуі және даму заңдылықтары туралы мақалалар қарастырылған. 

Тарих

Бұл бөлімде сіздер тарих ғылымының түрлі тақырыбына жазылған көптеген ғылыми мақалаларды таба аласыздар. Бұл мақалалар сіздерге рефераттар мен баяндамаларды жазуға көмектеседі.

Техникалық ғылымдар

Мұнда келесідей ғылыми мақалалар жарияланады: физика-математикалық , химиялық, гелогия-минерология, техникалық және гуманитарлық ғылымдардың өзекті  мәселелері, ғылыми конференциялардың, семинарлардың материалдары, ғылыми-техникалық комиссияның қағидалары, техникалық білімнің мәселелері.

Филология

 Бұл бөлімде филология пәні жайлы, филологияның түрлі тақырыбына жазылған мақалалардың жиынтығы қарастырылған. 

Философия

Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  философия пәні бойынша ғылыми мақалалар. Бұл бөлімде қоғам тану жайлы көзқарастар, сонымен қатар қазақ халқының ұлы тұлғаларының философиялық көзқарастары келтірілген.

Халықаралық қатынастар

Халықаралық  қатынастар  бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында халықаралық қатынастарды дамытудың жолдары мен оларды дамытудағы негізгі алғышарттарды қарастырады. Халықаралық экономикалық қатынастардың мемлекетті дамытудағы ролі мен маңызын ашып көрсетеді.  Мұнда сіздер халықаралық қатынастар, сыртқы экономикалық саясат тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Экология

Экология

Экономика

Экономика бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында материалдық игіліктерді өндіру, айырбастау, бөлу және тұтыну үрдісі кезінде адамдар арасында пайда болатын өндірістік қатынастарды дамытудың жолдарын қарастырады.  Мұнда сіздер экономика, экономикалық теория тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Құқық

Құқық бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында құқық туралы жалпы түсінікті ашады, құқықтық қоғамның қалыптасып дамуы жайлы және оның маңызын қарастырады. Мұнда сіздер құқық пәні тақырыбында жазылған көптеген материалдарды таба аласыздар.