Мақалада түркі тілдеріндегі есімдіктерге тарихи-салыстырмалы талдау жасалып, əрбір тілдің өзіндік ерекшеліктері көне жазба ескерткіштері материалдары арқылы салыстырылды. Септеу жүйесіне байланысты ұқсастық пен айырмашылықтар жеке септіктермен қатар, ерекшелік ретінде көрінетін ілік, барыс, табыс септіктердегі тəуелді септеуге тəн өзгешеліктер сараланды жəне аталған мəселенің түркі тілдеріндегі қалыптасу, даму тарихы қарастырылды. Есімдіктердің түркі тілдеріндегі ортақтықтары мен өзгешеліктері көне түркі жазба ескерткіштеріндегі қалыптасуы мен тарихи дамуы арқылы салыстырылды.
Көне түркі ескерткіштерінде есімдіктің алты түрі кездеседі. Демек, қазіргі түркі тілдерінде бар есімдіктердің саны да, қолданылу аясы да бірдей емес. Жіктеу, сілтеу, өздік есімдіктері беретін мағыналары жəне қолдану жиілігі жағынан қазіргі тілімізбен астарлас келеді. Сондай-ақ сұрау есімдігі де біршама жиі қолданылады. Осымен қатар бірер сөздер арқылы кездесетін, бірақ тұлғасы жағынан қазіргі тілімізге ешбір ұқсастығы жоқ есімдіктер де бар. Ол – жалпылауыш есімдіктер [1; 173–175].
Жіктеу есімдіктері қазіргі тілімізде тек фонетикалық құрылымы жағынан ғана елеусіз өзгерістермен қолданылады. Мысалы, І-жақ — мен, бен, біз, біздер; ІІ-жақ — сен, сін, сіздер; ІІІ-жақ — ол , олар, анлар.
Қазіргі түркі тілдеріндегі жіктеу есімдіктері көне түркі тілдеріндегі көріністеріне қарағанда, сəл өзгешелеу дамыған. Ф.И.Исхаковтың «Исследования по сравнительной грамматике тюркских языков» еңбегінде қазіргі түркі тілдеріндегі жіктеу есімдіктерін əр тілдегі көріністерін атап көрсетеді:
а) жіктеу есімдіктерінің І-жақ жекеше түрінде: мəн – əзербайжан, ұйғыр тілдерінде; мен – алтай, қазақ, қарақалпақ, қырғыз, құмық, ноғай, тува, татар, хақас, якут тілдерінде; вен (бен) – түрік тілінде; эпе (эбе) – чуваш тілінде (септелу негізі – ман);
ə) жіктеу есімдіктерінің І-жақ көпше түрінде: биз — əзербайжан, қарақалпақ, қырғыз, құмық, ноғай, түркімен, өзбек, ұйғыр, түрік тілдерінде; біз – қазақ; без – татар; бис – алтай, тува; пис – шор; піс (пес) – хақас; биһиги – якут; эпир – чуваш тілдерінде (бистер, біздер, биздер деп те қолданылады);
б) жіктеу есімдіктерінің ІІ-жақ жекеше түрінің өзгешеліктері де жоқ емес: сəн – əзербайжан, ұйғыр; сен – алтай, қазақ, қарақалпақ, қырғыз, құмық, ноғай, тува, түркімен, түрік, өзбек, шор тілдерінде; син – татар, хақас; һин – башқұрт; эн – якут; эсе (эзе) – чуваш тілінде (септелу негізі – сан);
в) жіктеу есімдіктерінің ІІ-жақ көпше түрінде: сиз – əзербайжан, қарақалпақ, қырғыз, құмық, ноғай, түркімен, өзбек, ұйғыр, түрік тілдерінде; сіз – қазақ; сез – татар; һез – башқұрт; силер – қырғыз, тува, шор тілдерінде; слер – алтай; сірер – хақас; эһиги – якут; эсир – чуваш тілдерінде (сіздер, сиздер, силəр деп те қолданылады);
г) жіктеу есімдіктерінің ІІ-жақ жекеше түрі мынандай: ал – қырғыз (септелу негізі – ан); ол – хақас, шор (септелу негізі – ан); ол – алтай, қазақ, қарақалпақ, ноғай, түркімен тілдерінде (септелунегізі – он); ол – тува (септелу негізі – он, ан, ын); о – түрік (септелу негізі – он, ан); о – əзербайжан, құмық тілдерінде (септелу негізі – он); ул – татар (септелу негізі – ан); ул – башқұрт (септелу негізі – ун); у – өзбек, ұйғыр (септелу негізі – ун); вал – чуваш (септелу негізі – ун, ан); кини – якут тілдерінде [2].
Жіктеу есімдіктері ретінде қолданылатын сөздердің көптеген түркі тілдерінде фонетикалық ерекшелігі көзге түссе, чуваш, якут сияқты тілдерде тілдің дамуына байланысты айырмашылық жіктеу есімдіктеріне де қатысты орын алған.
Сілтеу есімдіктері де, жіктеу есімдіктері сияқты туынды сөздердің қатарына жатады. Сілтеу есімдіктері сілтеу мəнін беретін тұлғаларға -н жəне -ы, -у тұлғалары жалғану арқылы (ан-у, бу-у, бу-н) арқылы жасалады: Ану йоғлатайун – соны жерлейтін; Бу өдме олуртым – бұл уақытта отырдым. Бұл сөйлемдердегі сілтеу есімдіктерінің тарихына талдау жасасақ, бəрінің түбірі жіктеу есімдіктеріне негіз болған сілтеу мəнді тұлғалар. Көне ескерткіштерде сілтеу есімдіктерінің ішінде ан есімдігі өте жиі қолданылады: ану (соны), аңар (оған), анта (сонда) т.б. [1; 178].
Зерттеушілер орхон-енисей жазбаларынан сілтеу мəнді сөздерге бу, ол; көне ұйғыр ескерткішінен бу, ол, булар, олар сөздерін жатқызады. Ал көне қыпшақ тілінде бұл есімдіктерге қосымша алар, анлар, ош (осы), ош ол (осы ол), тігі (сол), ол шол (сол) есімдіктері бар. Ол шол есімдігі армян колониясының тілінде жазылған ескерткіштерде кездеседі. Мысалдар: Бу сү елт – Бұл əскерді жүргіз. Бу үчегү қабысар – Бұл үшеуі қабысар, кездесер. Ол күнте тегті түрк будун Темір қапығқа – Сол күнде-ақ жетті түркі халқы Темір қақпаға. Би сорду кі о шол кімнің арабасыдыр? – Би сұрады: сол кімнің арбасы еді? Көне ескерткіштерде сілтеу есімдіктерінің ішінде ан есімдігі өте жиі қолданылады: ану (соны), аңар, анта т.б. Ол сабығ есідіп – Ол сөзді естіп; Бунта уртым – Мұнда бастым; Буны көрү білің – Бұны көріп біліңдер [3].
Қазіргі түркі тілдерінде қазақ тілімен салыстырғанда өзгешелігі бар сілтеу есімдіктері ретінде қарашай-балқар тіліндегі была (бұлар), ала (солар), қырғыз тіліндегі тиги/тигил (сол), тетиги (анау), береги (мынау), татар тіліндегі шушы (бұл), теге (сол), тува тіліндегі ол, боо, дөө (ол кижи – ол кісі, бо кижи – бұл кісі, дөө кижи – ана кісі) т.б. айтуға болады.
Ескерткіштерде кем (кім) қанқа (қайда) қантан (қайдан) қач (қанша), нең, не (не), антег (қандай), нече (неше), қану (қай), қачан (қашан) сияқты сұрау есімдіктері кездессе, қазіргі əзербайжан тілінде сұрау есімдігі һансы (қайсы), нече (қалай), нечə (неше), һара (қайда), һачан (қашан), башқұрт тілінде ниндəй (қандай), кайһы (қайсы), нисек (қалай), гагауз тілінде нашей (не), несой (қандай), ангы (қайсы), насы (қалай), кач (қанша), качар (қаншадан), қарашай-балқар тілінде ненча (қанша), ненчашар (қаншадан), татар тілінде нинди (қандай), ничек (қалай), кайчан (қашан) сөздері арқылы берілсе, тофалар тілінде қанша сөзінің мағынасында қаъш, чеъһе, чү һире сөздері қолданылады [4].
Өздік есімдігі ескерткіштерде өз, өзүм, кентү түрлерінде кездесіп, қазіргі түркі тілдерінің барлығына ортақ өз сөзінен басқа башқұрт тілінде үзем, үзең, қарашай-балқар тілінде кесим (өзім), кесинг (өзі), кесибиз (өзіміз), кеслери (өздері) сияқты фонетикалық варианттарында кездеседі.
Жалпылау есімдігі көне жазбаларында бары, үкүл, қамуғ, барча сөздері арқылы, ал қазіргі түркі тілдеріндегі ерекше қолданыс ретінде алтай тіліндегі бəрі, барлығы сөздерінің мағынасын беретін ончозы, бастыра есімдіктерін айтуға болады.
Белгісіздік есімдігі туралы мəлімет көне қыпшақ тілі ескерткішінде кездесіп, кейбір сұрау есімдіктерінің өзінің негізгі мағынасынан ажырап, белгісіздік есімдіктерінің қызметін атқаратындығын көруге болады. Кім, не түбірлерінен кімсе (біреу), нема (бір нəрсе) деген сөздер жасалады. Белгісіздік есімдіктерінің басқа түрлері – фалан (пəлен), бір (белгісіз нəрсе), тегме, тійме (əркім, əрбіреу). Мысалы: Араларыңызда кімсе бар еділер? – Араларыңызда біреу бар ма еді? Мұндағы фалан, һар сөздері араб-парсы тілдерінен ауысқан [3].
Қазіргі түркі тілдерінің барлығында да орын алатын белгісіздік есімдігінің өзгеше қолданысы əзербайжан тілінде нə исə (бірдеңе), ким исə (біреу), қырым татарлары тілінде кимсе, биркимсе (біреу), алтай тілінде кажы бир (кейбіреу), кем де эмес (ешкім), не де емес (ештеңе), качан да эмес (ешқашан), башқұрт тілінде һис кем, бер кем (ешкім), тофалар тілінде қум та йоқ (ешкім жоқ), қум та эмес (ешкім) түрінде кездессе, қарашай-балқар тілінде белгісіздік есімдігі сұрау есімдіктеріне «эсе да» демеулігінің тіркесуі арқылы жасалады: ким эсе да (біреу), не эсе да (бірдеңе), ненча эсе да (бірнеше) [4].
Түркітануда жіктеу есімдіктерін туынды сөздер қатарына жатқызады: Менің сабымын сымады – Менің сөзімді өзгертпеді; Сіні табғачуғ өлүртечі тірмен – Сені табғаш өлтіреді деймін; Аны іртіміз – Оны (оларды) қудық. Бен, мен, сін, ан жіктеу есімдіктерінің екі элементтен тұратындығын тұңғышрет В.В.Радлов көрсеткен. Жіктеу есімдігін жасап тұрған -н дыбысының шыққан тегі жайында көптеген пікірталасты келе, Əрсен Ибатов өзінің «Қазақ тіліндегі есімдіктер тарихынан» деген еңбегінде -н дыбысын ілік септігінен пайда болған деген қорытындыға келеді [5].
Ескерткіштерде жіктеу есімдіктерінің көпше түрі біз, сіз есімдіктері қолданылады: Сізіме алтмыш йашымда адырылтым – сізден алпыс жасымда айрылдым; Бізің сү ату туруқ – біздің əскердің аты арық. Түркітануда сіз жəне біз сөздері де екі элементтен тұрады деген пікір бар: бі+з, сі+з. Түбірге жұптық немесе көптік мағынаның көрсеткіші -з жұрнағы жалғанып көптік мəн үстеген [5; 178].
Есімдіктердің септелуіндегі, əсіресе жіктеу есімдіктеріндегі ерекшелік басқа сөз таптарымен салыстырғанда айқын байқалып, бұл қазақ немесе басқа түркі тілдерінде, сондай-ақ көне жазба ескерткіштерінде де орын алған. Оған төмендегідей мəселелерді жатқызуға болады:
- Мен, сен, ол сөздерінің ілік септіктегі тұлғасы.
- Мен, сен, ол сөздерінің барыс септіктегі тұлғасы.
- Мен, сен, ол сөздерінің табыс септіктегі тұлғасы.
- Мен, сен, ол сөздерінің шығыс септіктегі тұлғасы.
- Көмектес септігіндегі ы, і дыбыстарының пайда болуы.
- Кей тілдердегі сілтеу есімдіктерінің септелуіндегі ерекшеліктер.
Түркітануда мен, сен, ол, сіз, біз т.б. есімдіктерінің тарихына қатысты бұлардың екі компонентке ажырайтындығы туралы пікір бар: ме+н, се+н, сі+з, бі+з т.б. Бұл жерде сіз, біз есімдіктеріндегі -з көптік ұғымды білдіретін қосымша ретінде танылса, мен, сен сөздеріндегі шн дыбысы туралы бірізді пікір жоқ. Ол пікірлер, біріншіден, -н дыбысын қыстырма дыбыс немесе жалғастырушы дауыссыз деп тану, екіншіден, -н дыбысын «факультатив» көрсеткіш деп тану, үшіншіден, шн дыбысын ілік септігінің қысқарған түрі деп қарау сияқты болып келеді [5; 12, 13].
Мен, сен, ол сөздерінің ілік, табыс, шығыс септіктеріндегі тұлғасы қазақ тілінде -н дыбысының түсіп қалуымен байланысты: менің, мені, менен. Осы қолданыстың басқа түркі тілдеріндегі көрінісін айтпас бұрын көне жазбалардағы қолданысқа зер салсақ, көне ескерткіштерде мен, сен есімдіктерінің септелу үлгісі бенің, менің, бені, мені, минітен (менен), синітен (сенен) түрінде кездесетіндігін көруге болады.
Орхон-енисей жазбаларында жіктеу есімдіктерінің септелу үлгісі ретінде: бенің, менің (ілік); баңа, маңа, саңа (барыс); бені, бізні, сені (табас); анта, бізінде (жатыс) мысалдары көрсетілсе, көне ұйғыр жазбаларында жіктеу есімдіктерінің септелуін төмендегідей көрсеткен:
Жекеше:
Атау Ілік |
мен менің |
сен сенің |
ол оның |
|
Барыс |
маңа |
саңа |
аңа, аңар |
|
Табыс |
мені |
сені |
аны |
|
Жатыс |
менте |
синте |
анта |
|
Шығыс |
минітен |
синітен |
анынтын |
|
Көпше: |
||||
Атау |
біз |
сіз |
олар |
|
Ілік |
бізнің |
сізнің |
оларның |
|
Барыс |
бізке |
сізлеріңе |
оларқа |
|
Табыс |
бізні |
сізні, сізлеріңі |
оларны |
|
Жатыс |
бізте |
сізлерте |
оларда |
|
Шығыс |
бізніден |
сізнідін |
олардың |
М.Қашқаридің сөздігінде жіктеу есімдіктерінің жекеше тұлғалары ілік септікте менің, сенің, оның болып айтылып, ілік жалғауы -ың түрінде жалғанса, көпше тұлғалары бізнің, сізнің, яғни ілік жалғауы -ның түрінде жалғанады. Бірақ біз есімдігінің ілік септікте бізің (-ің) сипатында тұлғалануы да кездеседі. Соған қарағанда, сіз есімдігінің ілік тұлғасы сізің түрінде де қолданылуы да ықтимал. Сондай-ақ табыс септік жалғауы жекешеде -і түрінде жалғанса, көпшеде -ні түрінде жалғанған (мені, бізні). Барыс жалғауы жекешеде -е, -на, (-ғар), -ға түрінде (мене, аңар, анға) жалғанса, көпше тұлғаларға -ге (бізге, сізге) болып жалғанған. Шығыс жалғауының ашық, қысаң дауыстылармен келетін варианттары алмасып та қолданылып отырады (менден, мендің). ІІІ-жақта айтылатын ол есімдігінің басқы о- дыбысы септелген уақытта а-ға айналады да, соңғы -л дыбысы н-ға айналады.Мысалы: Аның үзə йоғұрқан йапылды – Оның үстіне көрпе жабылды; Ол маңа сув іштүрді – Ол маған су ішкізді; Ол аңар қапұғ йаптұрды – Ол оған қақпаны жаптырды [3].
Қазіргі түркі тілдерінде мен, сен, ол сөздеріне ілік, табыс қосымшалары жалғанғандағы негізгі формасы менің, сенің, оның, мені, сені, оны (фонетикалық өзгерістерімен) тұлғасына келіп саяды: мəн-мəним, мəни, сəн-сəнин, сəни, о-онун, ону (əзербайжан); мин-минем, мине, син-синең, сине, ул- аның, аны (татар); мен-мээң, мени, сен-сээң, сени, ол-ооң, ону (тува), мен-мениң, мени, сен-сениң, сени, ол-оның, оны (түркімен); мен-меним, мени, сен-сенинъ, сени, ол-онынъ, оны (ноғай) т.б. [2].
Ілік, табыс септіктеріндегі жіктеу есімдіктерінің тұлғасы көне жазбалармен сай келіп жатса, шығыс септік тұлғасын қазіргі түркі тілдерінде екі топқа бөлуге болады: түбір құрамдағы -н дыбысының сақталуы жəне -н дыбысынсыз қолданылуы. Бірінші топқа қазақ (менен, сенен, онан), башқұрт (минəн, һинəн, унан), алтай (менең, сенең, оноң), шор (мененъ, сененъ, ананъ) сияқты тілдерді, екінші топқа əзербайжан (мəндəн, сəндəн, ондан), түркімен (менден, сенден, ондан), ноғай (меннен, сеннен, оннон), татар (миннəн, синнəн, аннан) [2] сияқты тілдерді жатқызуға болады. Бұл жерде шығыс септігіне байланысты қазіргі тілдердегі əрқилылық аталған септіктің тарихына байланысты, яғни оның кейіннен пайда болғандығына қатысты болса керек.
Жіктеу есімдіктерінің барыс септігіндегі формасы көне жазбалар тілінде де, қазіргі түркі тілдерінде де ерекшелігімен көзге түседі. Қазіргі қазақ тіліндегі маған, саған түріндегі қолданыс көне мұраларда баңа, маңа, саңа, маа, мана, маға, манға, маға, саһа, санға, саа [3] сипатында болып келсе, қазіргі түркі тілдеріндегі қолданысты төрт топқа ажыратуға болатын сияқты:
- Маңа, саңа түріндегі қолданыс (фонетикалық варианттарымен): əзербайжан – мəнə, сəнə; чуваш – мана, сана; түркімен, ұйғыр – маңа, саңа; татар – миңа, сиңа; тува – меңээ.
- Мага, сага түріндегі қолданыс (фонетикалық варианттарымен): ноғай, құмық, қырғыз, шор – мага, сага; хақас – маға, саға; алтай – меге, сеге.
- Маған, саған түріндегі қолданыс: қазақ, қарақалпақ – маған, саған.
- Менга, сенга түріндегі қолданыс: өзбек – менга, сенга [6].
Осыларды топтай келгенде байқалатын басты ерекшелік мен, сен сөздерінің кейбір тілдерде түбір күйін сақтаса, кей тілдерде ма, са ретінде өзгеруі. Бұл жіктеу есімдіктерінің шығу төркінімен байланысты екені белгілі. Себебі жазба мұралар арқылы, зерттеушілердің еңбектері арқылы мен, сен сөздерінің ма-, се- тұлғаларында болғандығы бізге мəлім. Маңа, саңа түріндегі қолданыстар көне жазбаларда кездесетінін жоғарыда айттық, ал мана, сана сипатын фонетикалық сəйкестікке, яғни түркі тілдерінде орын алған н-ң алмасуларына жатқызуға болатын сияқты. Бірен-саран болса да, қырғыз, өзбек тілдерінде қазақ тілімен салыстырғанда, ң - н сəйкестігі байқалады. Бұған өзбек тіліндегі қалин (қалың), қайин (қайың), танлаш (таңдау) сөздері мен қырғыз тілінің ілік септігінің жалғауын айтуға болады. Қырғыз тілінде ілік септігі жалғаулары -нын /-нин, -нун, -нүн/, -дын /-дин, -дун, - дүн/, -тын /-тин, -түн, -тун/ варианттары басқа түркі тілдеріндегідей ң арқылы емес, н-мен беріледі. Мысалы: аттың – аттин, судың – сунун, досыңның – досуңдун т.б.
Мен, сен жіктеу есімдіктерінің барыс септіктегі мага, сага, меге, сеге сипаты ма-, ме-, са-, се- түбірлеріне жалғанған барыс септігінің нақты көрсеткіші. Бұл, əсіресе, өзбек тілінде анық көрінеді. Аталған тілде ешбір өзгеріссіз мен, сен есімдіктеріне -га барыс септігінің қосымшасы жалғанып тұр: менга, сенга.
Қазақ, қарақалпақ тілдеріндегі қолданыс өзіндік ерекшелігімен көзге түседі жəне бұл туралы зерттеушілер пікірлері əртүрлі. Бұл туралы Ə.Ибатов өзінің «Қазақ тіліндегі есімдіктердің тарихынан» деген еңбегінде мынандай түсінік береді: «... Бұл келтірілген пікірлерді жүйелей келгенде, негізінде үш салаға топтауға болатын сияқты: 1. Барыс септік жалғауы басында -ғару болған да, кейіннен -ғар формасына түсіп, одан -ған түріне ауысқан. Сонда -ғару>-ғар> -ған боп қалыптасқан. 2. Барыс септік жалғауының соңғы н дыбысын ингредиент деп тану, бұл негізінде оғар>оға>оған дегенге тура келеді. 3. Шалғай метотезис арқылы н жəне ғ дыбыстарының орын алмасуы, яғни онға>оған боп қалыптасу» [5; 69]. Айта кететін бір жайт, Ə.Ибатов осы пікірлердің əрқайсысына талдау жасай отырып: «... қазіргі қолда бар материалдарда кездесетін жəне барлық ғалымдардың ең көне форма деп жүрген -ғару//-ғары формасының бір кездерде -ғану//-ғаны сияқты варианттарының болуы да мүмкін. Бұл варианттар бертін келе екі түрлі бағытта ықшамдалып, -ғару//- ғары>-ғар; -ғану//-ғаны>-ған деген сияқты қатар формалар тудыруы да ықтимал. Олай болса, -ғар сияқты -ған формасы да барыс септігінің көне жалғауларының бір түрі есебінде танылуы шарт», — деп қорытындылайды [5; 70].
Егер біз өз пікірімізді білдіретін болсақ, ма-, са- түбіріне өзімізге белгілі -ға барыс септігі жалғанған, ал -н дыбысы біздің сөйлеу тілімізге байланысты орнығып қалған сияқты. Маға деп қолданғанның өзінде дəнекер -н дыбысы естіледі. Осыған ұқсас құбылыс тəуелді септеуде де орын алған. Жатыс септігінде жай септеуде -да, -де қосымшасы, тəуелді септеуде -нда, -нде болатыны белгілі. Бұндағы -н да дəнекер дыбыс болса керек, олай дейтініміз, «баласыда, əкесіде» деп айтқанның өзінде -н дыбысы естіліп тұрады. Маған, саған сөздеріндегі -н дыбысын дəнекер дыбыс деп жəне оны жатыс септігінің тəуелді септеуімен байланыстыруымыз соған байланысты.
Түркі тілдерінде жіктеу есімдіктерінің ерекше көзге түсетін сипаты чуваш тілі болып табылса, септелуінде де басқа түркі тілдерінен өзгешеленіп тұрады. Атау септігіндегі эпе (мен), эсе (сен), вал (ол), эпир (біз), эсир (сендер), весем (олар) сөздері септелгенде басқа түркі тілдеріне ұқсас нұсқаға түсіп, ілік септігінде манан, санан, унан, пире, сире, весене, барыс септігінде мана, сана, ана, пире, сире, весене, жатыс септігінде манра, санра, унра, пиренте, сиренте, весенче сипатында септелдеді.
Қазақ тіліндегі септеу үлгісіндегі бір ерекшелік ретінде көмектес септігінде -ы, -і дыбыстарының пайда болуы айтылады. Бұл туралы «Қазақ грамматикасында»: «Көмектес септігінің тұлғалық құрамы ме-ні-мен деген сияқты жеке бөлшектерден тұрады. Сонда ме- деген түбір морфема да, -ні деген бір кездерде дербес мағыналы сөз болған нəң («вещь») дегеннен шыққан -нің морфемасының фонетикалық өзгеріске түсе ықшамдалу дəрежесінің бір көрінісі болып саналады. Ал, соңғы -мен тұлғасы көмектес септік жалғауы. Бұл тұлға – ертеде толық мағыналы шылау сөздерден мынан//менен>ман//мен деген сияқты жолдармен пайда болған қосымша», — делінген [7; 484].
Осы қолданыстың басқа түркі тілдеріндегі сипатына назар салып көрейік. Біріншіден, көмектес септігі қазіргі түркі тілдерінің көбінде жоқ. Бұл септік қазақ, қарақалпақ, қарайым, тува, тофалар, хақас, чуваш, якут сияқты тілдерде ғана орын алған. Екіншіден, қазақ тіліндегідей, көрініс қарақалпақ тілінде ғана бар: менименен, сенименен, оныменен. Көмектес септік қолданылатын басқа тілдерде қосымшаның (көмектес септік қосымшасының) басқа формада болуына байланысты қазақ, қарақалпақ тілдеріндегідей ерекшелік жоқ: тува – менче, сенче (менімен, сенімен); хақас – миннең, синнең (менімен, сенімен); чуваш – манпа, санпа (менімен, сенімен).
Мысалдар: Анын жоругу баарыбызга маалим. – Оның жорығы бəрімізге мəлім. Менин жээним он беште. – Менің жиенім он бесте (қырғыз); Менинг халқим ор ва номусни билади. – Менің халқым ар мен намысты біледі (өзбек), Мен сеге торко тон кийдирем, чыйрак jакшы атка миндирем. – Мен саған жібек шапан кигіземін, ең жақсы атқа мінгіземін. Карындажым меге айтты: «Мен сен ле кожо бараттым». – Қарындасым маған «Мен де сенімен барамын» – деді (алтай); Анламым, не сайа болду. – Саған не болғанын түсінбедім (қарайым); Каһ о мəнə гулаг асды, каһ мəн ону динлəдим. – Бірде ол мені тыңдады, бірде мен оны тыңдадым. Китабы мəнə вер! – Кітапты маған бер! (əзербайжан); Буъгуън оглым мени сага ийберди. – Бүгін ұлым мені саған жіберді (ноғай); Ме сана пашал! – Міне, саған мылтық (чуваш); Исемең нисек һинең? – Сенің есімің кім? (башқұрт); Мен, əлбетде, эртир сизе гелерин – Мен, əлбетте, ертең сізге келемін (түркімен).
Сілтеу есімдіктерінің септелуіндегі ерекшеліктерге кей тілдерде түбір мен қосымша аралығында пайда болатын немесе түбір құрамындағы дыбыстың қосымша жалғанғанда түсіп қалатындығын айтуға болады. Қазақ тілінде ол, бұл, сол есімдіктеріндегі л дыбысы септелген жағдайда н дыбысына айналуы не түсіп қалуы (бұның, соның, оның, бұған, соған, оған) аталған сөздердің түптөркінімен байланыстырылады. Осыған ұқсас қолданыс қарақалпақ (бул-буның), башқұрт (был-бының), қырғыз (бул-мунун) тілдерінде де бар. Ал басқа тілдерде л дыбысынсыз қолданылғанымен (əзербайжан, ноғай, құмық, татар, өзбек, ұйғыр, түрік, түркімен т.б. – бу, хақас – пу, чуваш – ку, шор – по т.б.), өзбек, ұйғыр тілдерінде бу (бұл), шу (сол), у (ол), уша (осы) сөздеріне барыс, жатыс, шығыс септіктерінде н дыбысы қосылады. Мысалы: бу+н+га (бунга-бұған), шу+н+га (шунга-соған), у+н+да (унда-онда), уша+н+дан (ушандан-осыдан).
Есімдіктердің септелуіндегі ерекшеліктер қазіргі қазақ тілінде басқа сөз таптарынан ерекшеленіп тұрады, жəне ол ерекшеліктер көне жазбалар тілінде де, басқа түркі тілдерінде де орын алған. Салыстырмалы-тарихи зерттеу ол ерекшеліктердің болуының себебін тілдің дамуына, жеке тілдің өзіндік ерекшеліктеріне жəне көне сипатын сақтауымен байланысты екенін көрсетеді.
Əдебиеттер тізімі
- Есенқұлов А. Көне түркі жазба ескерткіштеріндегі қосымшалар / А. Есенқұлов. — Алматы: Ғылым, 1976. — 239 б.
- Исследования по сравнительной грамматике тюркских языков: морфология / Под ред. Н.К. Дмитриева. — М.: Изд. АН СССР, 1956. — 334 с.
- Айдаров Ғ. Көне түркi жазба ескерткiштерiнiң тiлi / Ғ. Айдаров, М. Томанов, Ə. Құрышжанов. — Алматы: Мектеп, 1971. — 272 б.
- Языки мира. Тюркские языки. — Бишкек: Кыргызстан, 1997. — 342 с.
- Ибатов Ə. Қазақ тіліндегі есімдіктердің тарихынан / Ə. Ибатов. — Алматы: Ғылым, 1966. — 71 б.
- Tursunova M. About system of cases in Turkic languages: synchronic and diachronic aspects [Electronic resource] / M. Tursunova, Sh. Mazhitayeva, Zh. Smagulov // Life Science Journal 2014. — 11 (7 р.). — Access mode: http://www.lifesciencesite.com lifesciencej@gmail.com 251.
- Қазақ грамматикасы. Фонетика, сөзжасам, морфология, синтаксис / Ред. Е. Жанпейісов. — Астана: Астана- Полиграфия, 2002. — 783 б.