Мақала Таласбек Əсемқұловтың «Тəттімбет сері» романы жəне Тəкен Əлімқұловтың «Сарыжайлау» əңгімесін негізге ала отырып жазылған. Ғылыми мақалада көркем шығармалардағы Тəттімбет бейнесі жайлы айтылады. Ең алдымен, Тəттімбет əлеуметтік əділетсіздік, қоғамдық текетірес, ұлы жұттың қазақ даласына келуі, адамдар арасындағы тартыс шындығын арқау етеді. Есесі кеткен ел, көпе- көрнеу қиянаттан қанаты қайырылған өнерпаз тағдырын күй сарыны, күй мақамы айна қатесіз жеткізеді. Əлеуметтік əділетсіздік, қиянат жайлаған қоғамдық орта, заман қиындығы, барлығы күй астарында жатқандығы екі қаламгердің шығармаларында терең тебіреніспен суреттеледі. Тəттімбеттің келер ұрпаққа аманаттаған асыл, ардақты сəлеміндей сезілетін бір күйдің тарихы, оның туу тарихымен негізделеді. Тəттімбет романда тек күйші ғана емес, екі елді мəмілеге келістіруші ретінде де бейнеленеді. Əр ғасырда əртүрлі тағдыр кешіп, бірақ ұлтына өшпес, өлмес туындыларын қалдырған тарихи тұлғаларымыз жайлы ой толғайтын қаламгерлер, əсіресе өнерпаздарымыздың кесек тұлғасын көркем бейнелеуде үлкен табыстарға қолжеткізді. Т.Əсемқұлов пен Т.Əлімқұловтың Тəттімбеттей дəулеткер күйшінің тұтас тағдырын, өнерпаздық дарынын төгілтіп, тартымды жеткізген шығармалары қымбат дүние негізінде түйінделеді.
Өткен ғасырдың 60–80-жылдарындағы қазақ прозасына зер салып қарасақ, өнер адамының тұлғасы, оның ішінде əсіресе ақындар, күйшілер тағдырын арқау еткен көркем шығармалар едəуір баршылық. Осы дүниелердің көркемдік деңгейі, тақырыпты қамту тереңдігі, тілі мен жазылу стилі əркелкі бола тұра, барлығына ортақ бір сипат басым түсіп жатады. Ол – осынау туындылардың жақсы ма, жаман ба, əйтеуір түптеп келгенде қазақ өнеріне, қазақ мəдениетіне бір адамдай еңбегі сіңген, жалпы қазақ руханиятының ұлы тарихында үлкенді, кішілі өз орындарын айқындай алған, əр ғасырда əртүрлі тағдыр кешіп, сонысымен ел жадында қалған қайталанбас тұлғалардың туған əдебиетімізден орын алуы, төл əдебиетімізде бейнеленуі дер едік.
Міне, əдебиетімізде бейнеленген осынау тұлғалардың арасында, қазақ поэзиясының ұлт азаттығын ту етіп көтерген көптеген өнер тарландары əр соқпақта əртүрлі көрініп отырады. Бұл тақырыпта ат басын тіремей кеткен жазушыларымыз жоқтың қасы. Мысалы, М.Əуезов, Т.Əлімқұлов, Т.Əсемқұлов, Ə.Əлімжанов, Ə.Кекілбаев, І.Жақанов, С.Бақбергенов шығармаларында тарихи тұлғалар əркелкі деңгейде көрінеді. Ə.Кекілбаев пен І.Жақановта тарихи тұлғалар, Т.Əлімқұлов шығармаларындағыдай, ортақ кейіпкерлер деңгейіне көтерілсе, ал Ə.Əлімжановта өнер адамы тұтас шығарманың бас кейіпкері ретінде көрінеді.
Бұл қаламгерлеріміздің шығармаларындағы желісі үзілмей көзге түсіп отыратын ерекшелік — тарихи деректерді, тарих көздерін шығарма арқауына молынан кіргізгендігі.
Өнер тақырыбындағы жарық көрген прозалық шығармалардың барлығына ортақ, барлығына тəн көркемдік, сапалық сипатты қазақ жазушыларының əрқайсысының қаламгерлік қолтаңбасынан анық аңғарамыз. Бірінде ілгері, бірінде кейін көрініс берген көркемдік табыстар тұтаса келіп, осы соңғы жылдар аралығындағы жалпы қазақ əдебиетінің алған асуын, шыққан биігін, даму деңгейін танытты. Осы тұста əдеби процестің, шығармашылық өмірдің негізгі көркемдік арналарын таратып айтар болсақ, соны бағалап, бағамдасақ, жекелеген қаламгерлер үлесі, олардың шығармашылық тағдыры алдыңғы қатарға шығары анық.
«1849 жылы қаңтар айының басы, он күн қысқы шілде еді. Ойпаң жерде жатқан киіз қар сəл дегдіп сіреуге айналған, төбелердің басы еріп жаңалаштанып қалған. Сары аяздың алдындағы, қақтың суын ішіп мал көркейген, адам қуанған азғантай мереке күндер болатын. Осы күндері Нұрбике – Шаншар болысын басқарып отырған Тəттімбет, аға сұлтан Құнанбайдың шақыртуымен Қарқаралы қаласына аттанған», — деп басталады Таласбек Əсемқұловтың «Тəттімбет сері» атты романы [1; 35]. Себебі еш жерде жазылмаған Тəттімбет Қазанғапұлы жайлы жазып, күйлердің шығутарихын баян етумен қатар, түп-төркініне жеткізе білген. Романның өзі тұңған тарихи оқиғаларға толы десек те болады.
Роман аға сұлтан Құнанбайдың Қозыке жəне Жаңбырбай есімді екі шабарманның Тəттімбетті Қарқаралы қаласына шақыртуымен басталады. Оқиға аға сұлтан Тəттімбетті кеңседе емес, өзінің қысы-жазы тігулі тұратын он екі қанат ақ ордасында қабылдауымен одан əрі өрбиді. Құнанбайдың Тəттімбетті шақыруындағы негізгі мəселесі, Кенесары ханға кісі жіберу, елшілікке ханменен екі арада жаулығы жоқ бейбіт рудың бір адамы бару керек жəне басқа емес, Құнанбай үшін сенімдісі Тəттімбеттің аттануы еді. Кенесарының қанжығасында баласының басы кетеме деп, Қазанғап пен Қалайының омыртқасы үзіліп, тəңірден бір үміт күтеді. Кенесарыдай ақ киізге салып көтерген қазақтың ханның алдынан екінің бірі аман шықпаған. Алайда Тəттімбеттің Кенесары ханның алдынан аман шығуының себебі қандай? «Басқа елдің адамы құсап маған елші болып келгенің үшін басыңды алуға болар еді. Бірақ аталарың менің Абылай атамның ақ туының астында тұрып еді ғой, соған қалтқысыз қызмет етіп еді ғой деп қана жазадан қолымды тарттым, Қаракесек», — дейді Кенесары. Жұмбақ шешіспей, Тəттімбет Қапалда орыстың əскері қыстап жатқанын, Ақмешіт жақтан тағы да орыстың ауыр қолы шығайын деп отырғанын баян етеді. Кенесары ханның «Жауабымды жазда естисіңдер» деген бір ғана сөзінен соң елге аттанады» [1; 38]. Қыс аяқталып, көктем өтіп жаз келгенде Ақтабан шұбырындының елесі оянған осы үрейлі күндердің бірінде, Алаш үшін отқа түсіп, айға басқан арыстандары Кенесарының мерт болуы қазақ үшін ауыр соққы еді. Орыс, ерлігімен емес, өнерімен жеңіп отырғанын, ондай өнерді Құдайдың біздің қолға бермегенін, кемшіліктің қоғамда болып жатқандығы жайлы, бəрінен де туған ел үшін өлудің өзі арман екендігін Қазанғап Құнанбайға айтып қайғыға батқан.
Өнер — биік қасірет болса, оған жету ауыр бейнет. Тəттімбет алғаш домбыраға қалай қол созады? Шешесінің кенже інісі Əли тəуір домбырашы болған. Əкесі Қазанғапқа осы баланың өнерлі болатынын айтып, əкесінің рұқсатымен кішкентай жиені Тəттімбетті ертіп, Қарқаралының қалың жыныс орманына келеді. Жорамалы қарағайға түсіп, ең шешен ағаштың осы екендігін, күй домбырадан емес, күйшінің саусағынан емес, ең əуелі осылайша жерден өсіп шығатынын көрсетеді. Бір аптадан кейін Үсен шебер күмбірлеп тұрған кішкентай домбыраны алтыдан жаңа асқан Тəттімбеттің қолына ұстатады. Тəттімбет сол домбырмен бірнеше күйді шертіп үйренеді. Он жасқа жетіп алғаш молланың алдын көрген ауыл арасындағы домбырашының дəрежесіне жеткен. Соқыр Мақу күйші бидің үйінде қонақтап отырып, Тəттімбеттің домбыра шалысын естіп, Қазанғапқа осы балаңды мен ертейін деп, домбырашылардың барлығына бозбала Тəттімбетті таныс қылған. Кейін атын аңыздан естіген Қызылмойын Қуандықтың шəкірті болады, Қуандықтың тəрбиесінде болып, сол үйде туып-өскендей сезіне бастайды. Түн келеді. Күйшінің жұпыны үйі нұрға толғанда, күй шертетін. Сондай күйлердің бірінің шығу тарихымен таныстырып, адами құндылықтарды да зерделеп отырған.
«Баяғыда Мүйізді Ескендір деген жиһангер болған. Күндердің күнінде дəмі таусылып ажалдың жастығына бас қойған шағында жанына уəзірлерін жинап, əлемді уысында ұстап, жер бетінде алмаған жер, бітірмеген даудың қалмағанын айтып, кеңес құрыпты. Өлерінде, жанының кеудесінен ұшып шығарында оң қолын аспанға көтеретінін, сол көтерілген күйде қалатынын айтады. «Қолымды мен неге көтердім, алақаным неге ашық, артымда қалған жұрт осы жұмбақты шешсін. Кімде-кім сол жұмбақты шешсе — сол адам, еркек болсын, əйел болсын, ата-тегіне қарамай, патша сайлап менің алтын тағыма отырғызыңдар», — деп өмірден өтеді. Күндердің күнінде, сегіз ұлдың ортасында өскен Шақыр Арай есімді кедейдің бір қызы болыпты. Кешкісін əкесі бір күлшені əкеліп, барлығы бөлісіп жеп отырғанда, базардың дəл ортасында оң қолы көтерулі, Ескендір Зұлқайнарұлының арбада жатқанын, жанында алтын мен гауһарға малынып киінген қырық уəзірінің бар екенін, əлі ешкім шешпеген жұмбақты айтады. Келесі күні қыз базарға барып, жауабын айтады: Ескендір падиша, мен əлемді жауладым, көз көрім, аттың тұяғы жететін жердің барлығын алдым, талай патшаның алтын тəжі басымен бірге домалап аяғымның астында қалды, бірақ осынша байлық, қазынадан о дүниеге ештеңе де алып кете алмадым, бұ дүниеге жалаңаш келдім, жалаңаш кетіп бара жатырмын деп тұр депті. Сол кезде неше жылдан бері қақайып тұрған қол сылқ етіп түсіпті, ашық қалған алақан шырт етіп жабылыпты. Осыдан кейін Шақыр Арай таққа отырыпты. Алтын сарайдың ішінде баяғы тақыр кедей кезіндегі мүліктері сақтаулы тұрған бір бөлме болады. Сол бөлмеге Шақыр Арай күнде кіріп шығады. Уəзірлері сұрапты, оның сыры неде деп? Сонда Шақыр Арай айтыпты, мен бөлмеге кірсем, бұрынғы жоқшылық кезімді еске түсірем, дүниеде кіріптарлық пен жоқшылықта жүрген қаншама адам бар, ей, Шалқар Арай, аспа, таспа, дəрежеңді артық қылса — Алла қылды, кімнен артық едіңдеп тəубама келем деп. Міне, сол кездің күйшілері шерткен «Қос мүйізді Ескендір» деген күй» [1; 48, 49]. Ойланып қарар болсақ, романның ішінде бірнеше күйлердің шығу төркіні баян етіледі. Бұл күйлердің таңдалып алынғаны бекер емес. Əрқайсысының берер тəрбиесі, оқырманға ой тастар жолы үлкен. Аталған тағылымға толы күйлердің бірнешеуіне тоқталар болсам, «Қотанның зары», кейде «Кештім» деп шертілетін күй. Бұл жерде Қобыланды батыр мен Арғынның Ақжол атты батыры керіске шығып, екішісі қапияда мерт болады. Керей мен Жəнібек хан бір түнде көшіп кетеді. Бар қазақ сенің бүлігіңнен кейін кетті дейді қаһарына мінген хандар. Қобыланды батыр көп ойланып, бүкіл алаштың көзінше Ақжол батырдың əкесі Қоданның алдына келіп, қынабынан қылышын суырып, алдыңа өзім келдім, балаңнын кегін ал, басымды шап дейді. Сонда Қодан қылышты тастап, қолына домбыра алыпты да осы күйді шертіпті [1; 51]. Сонымен қатар Байжігіттің «Қосайдар» күйі, Саймақ батырдың «Сары өзен» күйінің де шығу тарихы баяндалады [1; 52, 53]. Бірінде Қосайдар бидің екі жаққа да шығарған шешімінің əділеттілігі баяндалса, екіншісінде күзде қоңыр қаздар шығысқа қарай бет түзегенде қондыгердің батырлары қол бұлғап тұрып, жыр жырлайды екен. Міне, Саймақтың күйі осы Сары өзенге деген сағыныштан туған екен.
Кешке əдеттегідей жиналып отырған үшеуі Қуандықты қаумалаған. Қуандық бірнеше күйді шертеді, сəлден соң жаңа бір күйді шертеді. Аздан соң Тəттімбет өзінің күйін тыңдаған болып шығады. Тəттімбетке күйінің тамаша екендігін, бірақ бір ғана кемшілігі – қайғысы көп екенін айтады. Бұл күй «Қосбасар» еді. Тəттімбеттің шығарған алғашқы күйі [1; 61]. Одан соң кіші сұлтанның өтінішімен «Жантелім» деген кезекті шығарған күйін шертіп, отырған адамдарды таңдай қақтырады [2; 85]. Кейінірек Қанқожа қобызшының өтініші бойынша, дəл осы «Жантелімді» шертіп берген. Алайда «Жантелім» деген жақсы екен. Менің бойымдағы барлық шерім тарқады. Шешілмеген түйін қалмады. Қарағым, бұл күйіңнің аты «Көкейкесті» болсын деп аталып кеткен екен [2; 94]. Бұл күйді сазгер өмірінің соңғы жылдарында шығарған. Мұнда халық шежіресінің ұлылығы мен ұлағатты ақыл-ойдың парасаты толғанады. Домбыра орындаушылық шеберлігінде кездесе бермейтін екі қолға бірдей вибрациялық діріл толқынын түсіру арқылы жəне саусақтардың қарымен жоғары қарай орап қағу «Көкейкестінің» өте күрделі туынды екендігін көрсетеді. Күйдегі орындаушылықтың жаңа пошымы, яғни шерту тəсілдерінің сан қырлы өрнегі, — Тəттімбеттің күйшілік мектебін даралай түседі.
Күй шерткен, қыз ұзатқаннан да қиын [2; 110]. Естуші мен тыңдаушының құлағының құрышын қандырып, сол үшін үлкен еңбек жасап, домбыраның пернелеріне тиген əрбір саусақтардың қимылы, орындаушының ішкі сезімін жеткізері хақ. Сондай шертілген күйлердің бірі — «Шыңырау». Шыңырау құстың ұясына өрлеп бара жатқан жыланды, жол жүріп келе жатып, шаршап, бір теректің түбінде ұйықтаған жас жігіт, балапандардың шиқылдаған дауыстарын естіп, атып тұрып, қолындағы қылышымен жыланды ортасынан қақ бөліп, кішкентай ғана табиғат иесінен алғыс алып, артынша үлкен мал мен қазынаға кенеледі [2; 111]. Адам баласы шын, таза ниетпен көмек көрсетер болса, алдынан жақсылықтың шығары анық. Бір іс-əрекеттің, бір сөздің өзі адамның өмірін түбегейлі өзгертуі мүмкін.
Тəттімбет романда тек күйші ғана емес, екі елді мəмілеге келістіруші ретінде де бейнеленеді. Бұл романда ол ғашық та болады, жақсы көреді. Майқының қызы — Күлшім. Жеңгелері кейін Ақсұңқар атандырып жіберген. Десе дегендей екен. Екеуінің бір-біріне деген ыстық сезімдері суреттеледі. Алайда бір кедергі бар. Ол кедергі — алпысты алқымдаған бір сасық бай. Атасымен жасты адамға атастырылған Ақсұңқардың күйі, Тəттімбеттен осы күйден «құтқарады-ау» деп үміт күтуі. Тəттімбет барлығын əкесіне айтып шешпекші болады, дегенмен, барлығы олар ойлағандай болып шықпайды. Қазанғап Ақбөпе екеуінің атастырылғандарын, осы уақытқа дейін айтылған сөзде, құдандалы елмен екі арадағы сыйластықта не мəн қалатынын түсіндіреді. Ақсұңқармен соңғы кездесуде тəкаппар басының қалай иілгенін көріп отырып, іші қан жылайды. Талай уақыт өткен соң, Тəттімбет Сыбан, Орыс–Медет арасындағы дауды шешіп болған соң, бесінші күні жолға шығарында бір бүкшиген əйелді көреді жəне сол сəтте өнебойы солқ ете қалады. Ол кезінде өзі ғашық болған — Ақсұңқары еді. Осыдан соң жоғарыда айтып өткен «Жантелімнің» əуені, сол бір Ақсұңқарды еске түсірердей, жүрегіне сыйып тұрған барлық бейбақ ғашықтардың қасіретінен қалқып шыққан күйі еді.
«Тəттімбет» романындағы айтылар тағы бір үлкен жайт — ұлы жұт. Қанай есепшінің келіп, екі заманда бір рет келетін ұлы жұт жайлы айтады. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деген кер замандағы халықтың тағдыры, сол оқиға қайта қайталана ма деп, Тəттімбет қапаланады. Кіші сұлтанға жұт соның ар жақ-бер жағы екендігін түсіндіреді. Қондыбай Тəттімбетке келіп: «Бүкіл Арқаның малы қырылып жатыр. Қар жауа-жауа екі құрықтың бойынан асып кетіпті. Ол аз болғандайБетпақтың киігі бері қарай ауыпты. Бүкіл дала қан сасып жатыр. Адам шығыны жоқ,» — дейді [2; 109]. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» — қазақ халқының тарихындағы ащы қасірет, Отан басына күн туған аса қайғылы кезең (1723–1725). «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаның» шырғалаңы мен аласапыраны қазақтардың еркіндік пен ерлік рухын шыңдады. Ұлт перзенттері бардың басын қосып, халық бірікпей тірлік болмайтынын түсінді [3]. Кейінірек Аягөзге жетпей-ақ жұттың ауыр көріністерін көреді. Əр жерде тау-тау болып үйіліп жатқан, еті ағып шіри бастаған малдың өлексесі. Бар малы шығын болған қара қазақтың кешкен күйі көрініс табады. Қазақ халқының есінде ұлы қасірет болып мəңгі тарихқа хатталды.
Тəттімбет жайлы жазған сөз зергері, стилист Тəкен Əлімқұлов шығармашылығында қазақ күй өнерінің дүлдүлдері – атақты күйшілер туынды туындылар айрықша орын алады. Бұл шығармаларды əр ғасырда əртүрлі тағдыр кешіп, бірақ ұлтына өшпес, өлмес туындыларын қалдырған тарихи тұлғаларымыз жайлы ой толғайтын қаламгер, əсіресе өнерпаздарымыздың кесек тұлғасын көркем бейнелеуде үлкен табыстарға қолжеткізді. Əсіресе жазушыны қазақ күй өнерінің тарихында шертпе күйдің шебері, жалпы қазақ өнерінің сүйріктей сұлу тұлпары Тəттімбет күйшінің тағдыры айрықша қызықтырған. Нəзік, сыршыл сазымен, əсерлі əуенімен жүрек қылын шертіп, адам жанын тербейтін күй тарихы Т.Əлімқұловтың атақты «Сарыжайлау» əңгімесінде Тəттімбет тағдырына құрылған тартымды оқиғалар арнасында ашылады.
Тəттімбет тағдыры, ол өмір сүрген кезең шындығы ел өмірімен, табиғат көріністерімен сабақтаса суреттеледі. Күйшінің сыртқы келбетін, жүріс-тұрысын, күнделікті күйбең тіршілігін баяндаудан басталатын əңгіме желісі тереңдей келе енді. Тəттімбеттің күйшілік өнерінің қыр- сырынан, жеке өмір тағдырынан оқырманын мол хабардар етеді.
Асау жылқыны омыраудан алып ұрып тырп еткізбейтін, ат ойнынан алдына жан салдырмайтын шалымды, тарамыс Тəттімбеттің бұл күнде денесі толығыңқы. Дімкəс көкірек деміксе, шермиген қарын бүлкілдеп, сүйкімсіз көрініспен шошытады. Майлы асқа тəбеті тартпайды. Қысқа жіп күрмеуге келмей, тіршілік түйтпегімен ашуланса, басына қаны теуіп, құлағы шуылдап кетеді. Əу дегеннен Тəттімбетпен осылай жүздесеміз.
Тəттімбеттің кешегісі мен бүгінгісін қаламгер тегін салыстырып отырған жоқ. Күйші де ет пен сүйектен жаратылған жұмыр басты пенде. Жер басып жүрген адам, көптің бірі. Автор əңгімені осылай бастайды. Тəттімбеттің дертті шағы тегін айтылмаған. Күйші жүрегінің дауасы, тəн мен жанның дерті тереңде жатқанын оқырман əңгіме соңында ғана барып ұғады.
Күйшінің ішкі жан дүниесін қаламгер ұзақтан қайырып, арна-арнамен, сатылап, бірте-бірте ашады. Ашқан сайын Тəттімбет тұлғасы ірілене, биіктей түседі. Күйші тағдырының күнгейі мен көлеңкесі, бақытты шақтары мен өкінішті кезеңдері көз алдымыздан өтеді.
«Тəттімбет сері» романындағы оқиғаның өрісі, бір жылы қыркүйек айының басында Құнанбай Қарқаралы округіндегі бірнеше ірі байды үйіне шақыртады. «Келісіп пішкен тон келте болмас» деп, сауданың ретін айтады. Көпес Варнава Ботовты шақыртып, сауда жайын əңгімелесіп, жəрмеңке ұйымдастыратын болып, ол жəрмеңке Қоянды жерінде өтетіндігі мақұлданып, қыс бойы жəрмеңке туралы жұртқа хабар тарататын болып аяқталады.
Романда ойға түйетін дүние өте көп. Қазақтың қандай жағдай болмасын, жұмған жұдырықтай бірігіп, талай дүниеге төтеп бергендігі. Адамдардың арасындағы бір-біріне деген сенім, сол кездегі əділеттіліктің, тəртіптің қатаңдығы. Тəттімбет Қазанғапұлының ел ішіндегі түйткілдерді астары терең сөздерімен шешуі. Бұл дүниенің ат ауыстырып мініп шапқан бəйге сияқты екендігін түйеді. Ішкі жан дүниесінің сыршылдығы, күйшілік өнердің нағыз майталманы екендігі, жүректің иіріміндей пернелерді ішкі жан дүниесімен орындап, көпшіліктің көңілінен шығуы. Жазушы Таласбек Əсемқұлов осы роман арқылы, біздің тарихымыз, біздің санамыз, біздің рухымыздың өлмеуін, Тəттімбеттей күйшіміздің барын, қазақ халқының жай-күйін барлығын келістіре келіп, осындай туындыны жарыққа əкелді. Романды оқып отырған сəтте, аталмыш күйлерді тыңдап отырғандай күйге бөленесің. Тарихи оқиғалардың ішіне кіріп, əр күйдің шығу тарихының ерекше екеніне тағы бір мəрте көзіміз жетеді. Бұл жазушының еңбегі. Оқырман үшін шынайы, əдемі суреттелуінде. Оқырманды қызықтырып, артында бір түйінді, қорытындыны шығаруға деген көзқарастың қалыптасуына үлкен жол ашып беріп, Тəттімбет Қазанғапұлын тағы бір мəрте жақынырақ тануға мүмкіндік туғызады.
Сары төсін сан ғасыр арманға бөлеп мекендеген қалың елдің тыныс-тіргілігін суреттеген тұстарда қаламгер құлашын кеңге сермейді. Тəттімбеттің бір кезеңдегі қайратты, қызығы мен қызуы мол өмір асуы артта қалса да, күйші өнерге деген құштарынан жаңылмайды. Жер, су, тау, көл,орман, тоғай көрінісі тұтаса келе керіліп жатқан кербез даланың бар сұлулығы мен сəулетін көз алдымызға алып келеді. Авторлық баяндау əдісін, лирикалық шегіністерді, кейіпкердің «сана ағымын» қаламгер сəтімен, ұтымды пайдаланған. Осының барлығы тұтаса келіп, Тəттімбеттің күллі күйшілік бітім-болмысын іштен ашады. Жалпылама ашпайды, бейнелі, тартымды көрсетеді.
Жылдың төрт мезгілін табиғи бояуымен дəл тауып, өрнектегенде қарапайым қазақ даласы көз тартып, қазақ сахарасы қалай құлпыратынын көреміз. Бірақ үзіндіге көз тоқтатайық: «Жер көктемде, ел жазда түлейді. Кəрі мен жасты теңестірген жомарт жазға не жетсін! Сары жаздың сəніндей Сарыжайлауда қымызға мас болып асыр салған бозбастардың ішінде Тəттімбет те өмір сүрді. Етегі бүрмелі ақ көйлек, белі қынамалы көк масаты, қызыл масаты бешпент киген қыздар, қара мақпал камзолды келіншектер айт күндері дүркірей қыдырғанда, мамырдың қырмызы гүліндей құлпырып, қызыл-жасылданып, бал-бұл жанып тұратын сиқыр шақ Тəттімбеттің көз алдында!». Қаймағы бұзылмаған дəстүрдің, дала қызығының дүрілдеп тұрған шағындағы ел өмірінің суретін қаламгер кейінгі беттерде де сан қайталайды.
Қайталанған сайын өтіп кеткен өмір қызығы жаңа бір қырынан, бұрын айтылмаған тың қырынан көз тарта береді. Тəттімбет үшін қазақ даласының өтіп кеткен қызығының өзі аса қымбат, аса қадірлі. Енді осындай сұлу далада тəтті, бейбіт, мамыражай өмірмен қатар қатыгез, қаралы оқиғалардың да қатар жарысы орын тепкенін қаламгер айтып өтеді. Халық тағдырындағы тарихи белестер, ұлттық дамуымыздағы қиын-қыстау кезеңдер, барлығы ақын тағдырымен сабақтасып жатады.
Соғыс, қырғын, қантөгіс, шетел шапқыншыларының қылышының астында қан қақсаған халық, азып-тозған, арып-ашқан ел, туған жердің бір сүйем топырағы үшін жан қиған қазақ батырларының тарихы да Тəттімбет ойы арқылы беріледі. Енді осының барлығы күйшіге əсер етеді. Толғандырады. Жан дүниесін қозғайды, тебірентеді. Жүректің түбінен бастау алған осы көңіл толқындары, енді киелі домбырадан күй болып төгіледі. Осы суреттерде оның аңғарылып отыратын ұлттық болмыс-бітімі, жан-дүниесі, арман-аңсары барлығы жиылып келгенде Тəттімбет күйшінің образын даралап, ірілендіріп көрсетеді.
Тəттімбеттің атақты «Қосбасар», «Сылқылдақ», «Сарыжайлау», «Былқылдақ» күйлерінің əрқайсысының өз тарихы бар. Өз тағдыры бар. Осы тарих пен тағдырға қаламгер терең бойлайды.
«Талай жиында топ жарып көзге түскен, жуандарды жырмен қағытқан, қарапайым халықты күймен сусындатқан» Тəттімбеттің досы да, дұшпаны да көп. Тəуелсіз дəулеті бар əкенін арқасында Тəттімбет еркін, бой бағып, бұлаңдап өседі. Тік те шалқақ денесіне қонымды сəнді киім киініп «кербез бала» да атанады.
Тарихқа бай, əн мен жырдың құтты мекені болған, құнарлы өлке Қарқаралы төсінде өнер қуып, ой бағып, тұстастарынан ерте есейген Тəттімбет əр елді аралап, жер сұлуын көп көреді. Ертеден ел аузында аңыз болған Көкшетау, Баянауылдарды, жер жаннаты Жетісуды көзбен көріп, көңілге тоқыған сəттер күйші көңілінде жатталып қалады.
Орынбор, Мəскеу, Петербор сияқты үлкен қалаларға сапар шеккенде жол-жөнекей сыңсыған орманға, жайқалған шалғынға сүйсінеді. Таныс емес елдің, бұрын көрмеген жаңа жердің табиғаты өз сұлулығымен күйші жүрегіне от тастайды. Бірақ осының барлығы жиылып келгенде туған жердің табиғатына, ғажап суретіне теңдесер дүние емес екендігіне күйші жүрегі сенеді. Осы тұста қаламгер: «Тəттімбет алақанның астына қарап, жосалы жаққа көз тастады. Ақыраптың ақырамаш шуағы ойпаңда сағымданып алдамшы көлге айналып, көз ұшын бұлдыратып жіберді. Сары аурудың сандырағындай соңғы сағым толқынданып, күйшіге шəйі орамал бұлғады. Тəттімбет: «Қазақтың жаннаты жайлау екен ғой. Бұрын неғып байқамадым?!» — деп таңырқады.
... Құбыладағы қаз бауыр қоңыр бұлттар қоюланып, біріне-бірі міңгесіп, түсін суыта бастапты. «Өкінішті өмір осы! Ендігі тіршілігім мынау миқы-сиқы көлеңкеге, анау сұрланған бұлтқа ұқсас. Қой, дүниеден көшпей тұрғанда Сарыжайлау туралы күй шығарайын. Қазақтың ертегі-аңызын əуенге қосқанша өзі басымның кешкенін сыр ғып шертейін», — деген, жолдау арқылы кең толғап, тереңнен тартып Тəттімбеттің «Сарыжайлау» күйіне келу жолын, осы жолдағы ішкі тебіреніс, күйшінің көңіл ауанын айна қатесіз жеткізді. «Сарыжайлау» күйінің өмірге келу тарихы осылай бастау алады.
Осындай жанның енді өнердегі жолы да бұралаң, бұлтарысы қалың. Бұралаң болатын себебі қоғам қатыгез, ортасы опасыз болды. Тəттімбетке опық жегізіп, бармағын шайнатқан кезеңдер шығармада кең қамтылады. Осының барлығын жазушы нақты оқиғаларды көлденең тарта отырып, соларды терең бейнелей отырып жеткізеді. Əсіресе Сарыжайлау сияқты жер жаннатынан айырылғанТəттімбет ауылының іштегі шер болып қатқан азасы, жуан, өктемшіл төре əулетіне кеткен есесі күйші ойымен, күйші толғанысымен тартымды өрнектеледі.
Жуан ауылдың, төре тұқымының тізесі момын елге батқанда осыдан теперіш көріп, жаны күйзелген алдымен күйші Тəттімбет болды. Себебі ол ел еркесі еді. Тұтас бір ағайынды ауылдың бас көтерер серкесі, сойыл соғар жалғыз жанашыры еді. Бірақ қиянатшыл орта оған қарамады, мойын бұрғызбады. Осылай, бастаушысы дуанбасы Құсбек болып, ақсүйектік намыс үшін кіжінген төренің иықтылары бірте-бірте Тəттімбеттің жеке басына жарамсып, күйші жүрегіне жара салады. Ымырасыз жауыққан қиянатшыл орта осынысымен де тоқтамай, енді Тəттімбетті істі етуге дейін барады. Шабындығына таласып, малын тонайды.
«Сарыжайлау» күйінде ең алдымен Тəттімбет осы əлеуметтік əділетсіздік, қоғамдық теңсіздік, адамдар арасындағы тартыс шындығын арқау етеді. Есесі кеткен ел, көпе-көрнеу қиянаттан қанаты қайырылған өнерпаз тағдырын күй сарыны, күй мақамы айна қатесіз жеткізеді. Күйші азабы осымен аяқталмайды. Алдында Сарықызға ғашық болған күйші арманы Тəттімбетке күйік болып бір жабысқан. Төреден қараға қыз беруге тыйым салатын керітартпа ата салты, азат ойға құрсау болған қараңғылық күйшінің жолын кесті. Бақытсыз етті. Көз алдында көңіл түкпіріне қонған тəтті арман қас-қағым сəтте сағымға айналды. Сүйгеніне қосыла алмаған Сарықыз да құсалықтан көз жұмды. Бұл да Тəттімбет жүрегіне жара салған бір кезең.
Өмірдің қия белінде осылайша күйші тағдыры сан қайтара сынға түседі. Бір тұста Тəттімбет былайшы толғанады: «Тəттімбеттің көз алдынан бүкіл өмірі шұбырып өтті. Жиырма жасында «Сылқылдақты» сылқылдатып, ақбоз жорғасына би билетіп, жандаралдан мақтау қағаз алғанда, одан бері азуы алты қарыс аға сұлтан Құнанбайды басынып, əкесінің асына тасырлатып нөкермен барғанда, Қарқаралы, Семейде талай азаматты тордан құтқарғанда, жазықсыз жапа көрген жетім- жесірге болысқанда, ел ішінде қара қылды қақ жарар қазы атанғанда, күндердің күнінде кемшілікті ат төбеліндей төреден көрермін, самалды Сарыжайлаудан қуылам деп, жорыған ба еді?».
Сарыжайлау тақырыбы — əңгіме ішінде сөз болатын барлық оқиғалардың түп қазығы. Күйші осындай жерорта жасына келгенде өзін терең тебіреніске түсірген, күндіз-түні ой-санасынан бір сəтке де кетпей қойған толғақты күйін аса бір терең шабытпен дүниеге əкеледі. Домбыраның қос ішегінен төгілген күй Тəттімбеттің көз алдына Сарыжайлау атты құтты мекеннің көрінісін бар бояуымен қайта тірілтеді. Құтты мекеннің аясында армансыз өткен қызық шақ, бозбалалық, жігіттік кезең күйші жадында қайта жаңғырады.
Күй ырғағына ерекше екпін дарытып, сазды əуеннің ішіне бітімі бөлек, болмысы асыл мазмұн сыйғыза алған күйші дарынына, күйші талантына қаламгер кең тоқталады. Аса күрделі, теңіз тынысындай толқын-толқын құйылып келіп отыратын күй тарауларының əрқайсысының домбыра шегіне түсуінің өзін жазушы аса бір нəзік, оралымды тілмен оқырманына жеткізген. Күй сырын, күйші тағдырын терең түсінген автор «Сарыжайлау» күйінің тағылымды тарихын осылайша таратып, өте тартымды суреттейді.
Күй туар сəттегі күйші сезіміне, ішкі жан дүниесіне жазушы терең бойлайды. Жайшылықта əлденеше күнді ұтатын сыршыл, күрделі күй осылайша бір кеште дүниеге келеді. Күні бойғы сейіл, сүйсініс, күйініш, тартыс, үміт, наз, нала домбыра тілінің түйіскішіл шежіресіне айналады. Тəттімбет күй шежіресін аяқтай алмай қатты күйзеледі. Күздің ұзақ түнін дөңбекшумен өткізеді. Баяғыдан бері шығарған күйлерін місе тұтпай осы күйге, «Сарыжайлауға» ынтығады. Бұған дейінгі көңіліне тоқ санап, өзіне жұбаныш етіп жүрген «төреге, тотайға, жорғаға арнаған күйлері – баянсыз дүниедей» көрінеді. Осыған дейінгі төккен күйлерінің бір төбе, ал мына жаратылысы дара, болмысы бөлек «Сарыжайлауы» бір төбе болатынына көзі жетпесе де, көңілі сенеді. Күй толғағының осылай ұзақ, созымды, титығына жеткен өнер дүниесі болғандығына Тəттімбет іштен сүйсінеді.
Бірақ күйшінің айызы əлі қанар емес. «Жайлаудың кеңдігімен, жаздың ұзақтығымен салыстырғандай күй əлі де келте жатыр. Тəттімбет: «Негізгі тарауды қайталар алдында тыңнан қысқа бір тармақ қосу жөн екен», — деген байламға келді.
... Екі шек егіз лебіз қосты. Жуан дыбыстар мен жіңішке дыбыстар жымдасып, дүрліге құлдилағанда, көкей қажар кербез оралым пайда болды. Қанша тыңдасаң, құлақ құрышың қанбайтын, қанша қауышсаң, мауқың басылмайтын оралым еді. Шерліге шаттық, шадыманға мұң бітіретін назды да налалы тармақты пысықтағанда, күйші: «Кейінгілер нəшін келтіре алар ма екен!», — деп күдіктенеді. Əңгіме соңын осылай аяқталғанда жазушы күйшінің ішінде айтылмай қалған арман-мұң барын аңғартады.
Əлеуметтік əділетсіздік, қиянат жайлаған қоғамдық орта, заман теперіші, барлығы күй астарында жатқанын қаламгер терең тебіреніспен жеткізеді. Тəттімбеттің келер ұрпаққа аманаттаған асыл, ардақты сəлеміндей сезілетін бір күйдің тарихы осылай сан-сала заман суретін тұтастай көз алдына əкеледі. Əңгіменің өте тартымды, əсерлі оқырманын бірден баурап алатын сыры да осында жатыр.
«Сарыжайлау» əңгімесіндегі Сарыжайлау сөзі алдымен жер атауын білдіреді. Əңгімеде осы жердің, яғни қазақтың кең мағынадағы сары жайлауының, оның көз тоятын көрінісінің, туған табиғат сұлулығының күйші домбырасына қалайша күй болып құйылғаны шығармашылық процесс деңгейінде суреттеледі. «Тəттімбеттің көзіне тағы да Сарыжайлау елестеді. Қанша жұтсаң да, тойғызбайтын қоңыр самал, шалғайда ойнаған көк сағым, сылқылдаған бұлақ, сыбдырлаған құрақ, тəжікелескен жігіт-желең мен қыз-келіншек жүйрік көңілде сиқырлы суреттер туғызады. Тəттімбет «Дариға» деп тұншыға күрсінді», — деп суреттейді күйшінің осы тұстағы сəтін. Осындағы қоңыр самал, көк сағым, сылқылдаған бұлақ, сыбдырлаған құрақ, тəжікелескен жігіт-желең мен қыз- келіншек — бəрі күйшінің өзі ойша тапқан, қиялмен ғана көрген өмір құбылыстары емес, оның өткен өмірінің қызықты, қуаныш-шаттығына негіз, бесік болған, куə болған шындықшыл жайлар.
Ендігі тұста сол қоңыр самал, көк сағым, сылқылдаған бұлақ, сыбдырлаған құрақ сол қалпында көз алдынан, көңіл көзінен өткенде, оның осы сурет, осы көріністермен бірге, солардың аясында тапқан қуаныш-шаттығы, бақытты күйі еміс-еміс елес беріп, қайта ғайып болады. Күйші көңілін күрсінтіп, терең толғанысқа салатын — осындай жайлар.
Жалпы, Тəттімбеттің «Сарыжайлау» күйінің өмірге келуіне себеп болған оқиғалар да бізге жеткен жоқ. Алайда ел арасында, қариялар жадында жатталып қалған əңгімелер ізі болуы ықтимал. Бұл туралы тасқа басылған жазба деректер жоқ. Күйдің сазына байланысты аса дарынды сазгер, зерттеуші А.Жұбанов төмендегідей болжам айтады: «Күйде жаратылыстың не бір əдемі суретін бейнелеу бар. Сонымен қатар сол əсем суретті көріп, үлкен эстетикалық рахат тауып тұрған адамның жан қылының үні бардай. Мүмкін, бұл сурет кəдімгі өзіміз білетін жайлау болар деген де ойға келесің. Сылдырап ағып жатқан бұлақ, асыр салып, асық ойнап жүрген балалар, қосылып əндеткен қыздардың да үні бар. Күйде кешкі ауылдың баяу үнде берілген симфониясы, күндізгі күннің сəулесімен, енді, міне, адамның мұрнын жарғандай келіп тұрған көкорай шөптің исі барда»...» [4].
Қазақ прозасындағы əдеби шығарманың сюжеттік желісінің күйге, сазға негізделуін қазақ əдебиетінде Тəкен Əлімқұловтың шығармашылық ізденістері қалыптастырды. Күй сазынан, үн жүйесінен мəн мағына табу, оған нақты мазмұн дарыту немес оны белгілі мазмұнмен нақтыландыру, сөйтіп əдеби шығарманың оқиғалық желісіне, адам образын жасаудың, кейіпкер характерін жасаудың басты құралына айналдыру – Тəкен Əлімқұловтың жазушылық даралығын белгілейтін көркемдік фактордың бастысы. Ал осы прозада Т.Əлімқұлов бұл дəстүрді жалғастырып, оған жаңа бағыт, жаңа арна берді, өзіне дейін қалыптасқан көркемдік үрдісті өзінше, жаңаша жалғастыра отырып, қазақ прозасын, əсіресе əңгіме жанрын тақырып, идея, образ жасау жəне стильдік тұрғыда жаңа көркемдік жетістіктермен байытты.
«Сарыжайлау» əңгімесін жазудан бұрын Тəттімбеттің көзі тірі немересі Шайхы деген кəриямен хат жазысқанмын. Сексеннен асқан шалдың бір дəптер жазбасы – деректің куəлігіне барабар еді. Əңгіме жазарда менің «Сарыжайлау» күйін үйренуіме тура келді. Оны күйсандықта Ахмет Жұбановтан, домбыраны Баймұқан Тоқтаровтан үйрендім. Неге? Меніңше, «күй əсем», «күй ғажап» деген тəрізді эпитет – мазмұнсыз желсөз! Мен күйдің ырғағын, суретін бейнелеуді ұнатамын», — дейді жазушы.
Жазушы өз əңгімесінің жазылу тарихы туралы құнды ойларын, қымбат суреткерлік сырларын айтып отыр. Тəттімбеттің немересі Шайхы қарттың бір дəптер жазбасында жазушының өмір шындығынан өнер шындығын жасау процесіндегі толып жатқан шеберлік қырларын ашуға септігін тигізетін деректер жатуы анық.
Қаламгер ол дəптердің мазмұны жайында ашып айтпайды. Қаламгердің суреткерлік даралығын аша түсуге қажетті деректер табылар ме деген оймен біз сол дəптерді көп іздедік. Өкінішке орай, жазба дəптерді қолымызға түсіре алмадық. Дегенмен, жазушының осы айтқан аз мəліметінің өзі нақты сурткерлік тұрғысынан шығармашылық тəжірибесімен сабақтастыра отырып, едəуір анық тануға жол ашады [5; 89].
Түйіндей айтқанда, Таласбек Əсемқұлов пен Тəкен Əлімқұловтың жазылған шығармаларының желісі осындай. Т.Əлімқұловтың аталған көлемді əңгімесін бір күйдің тарихын суреттеу арқылыТəттімбеттей дəулеткер күйшінің тұтас тағдырын, өнерпаздық дарынын төгілтіп, тартымды жеткізген қымбат дүниесі деп қабылдауымыз қажет.
Əдебиеттер тізімі
- Əсемқұлов Т. Тəттімбет сері / Т. Əсемқұлов // Жұлдыз. — 2012. — № 4. — 35–74-б.
- Əсемқұлов Т. Тəттімбет сері / Т. Əсемқұлов // Жұлдыз. — 2012. — № 5. — 80–124-б.
- Қарағанды. Қарағанды облысы: энциклопедия / А. Абдулин ред. — Алматы: Атамұра, 2006. — 399 б.
- Жұбанов А. Ғасырлар пернесі / А. Жұбанов. — Алматы: Дайк-Пресс, 2002. — 203 б.
- Əбдезұлы Қ. Таным көкжиегі / Қ. Əбдезұлы. — Алматы: Қазақ ун-ті, 2007. — 270 б.